Сәкен Сейфуллин поэмаларындағы табиғат көрінісінің сұлу кестеленуі
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТУҒАН ЖЕР ТАБИҒАТЫНЫҢ ТІЛДІК БЕЙНЕСІ
Иса Дана Сансызбайқызы
Мамандығы: 5В011700 - Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., профессор Бердібай Шалабай
Көкшетау 2020
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
1. Сәкен Сейфуллин өлеңдеріндегі табиғат көрінісінің жырлануы және көркемдегіш ерекшеліктері
1.1 Сәкен Сейфуллин өмірі, шығармашылығы және зерттеушілер пікірі
1.2 Сәкен Сейфуллин өлеңдеріндегі табиғат көрінісінің бейнеленуі
2. Сәкен Сейфуллин поэмаларындағы табиғат көрінісінің сұлу кестеленуі
2.1 Көкшетау поэмасының табиғатты жырлаудағы көркемдегіш ерекшелігі
2.2 Аққудың айырылуы поэмасындағы табиғат көріністері
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының сипаттамасы.
Зерттеу жұмысың өзектілігі.
Зерттеу нысаны. Сәкен Сейфуллиннің поэзиясы мен поэмасын көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан талдау зерттеу нысаны болып табылады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Сәкен Сейфуллиннің Көкшетау поэмасындағы табиғат суреттерінің өмірімен байланыстылығы, бейнелі сөз сұлулығы зерттеу нысаны болып табылады.
Осы мақсаттарды орындау барысында төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
oo Сәкен Сейфуллин поэзиясының табиғатын таныту және ғылыми тұжырымдарға сүйене отырып, жеке автор қолданысындағы сөздердің ұлттық танымдық, көркемдік ерекшелігін сипаттау;
oo Шығармаларындағы көркемдегіш құралдар: теңеу мен эпитеттердің, троп пен фигура түрлерінің көркем бейне, образ жасауда қолданылуынан нақты мысалдар келтіре отырып, ана тіліміздің сөздік қорының мол байлығын, бейнелілік, нақыштылық сипатын көрсету.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы -
Зерттеу дереккөздері. Сәкен Сейфуллиннің шығармалары алынды.
Зерттеудің әдіснамалық материалдары. Жұмыстың ғылыми негіздері ретінде С.Мұқановтың, С.Қирабаевтың, М.Қаратаевтың, З.Қабдоловтың т.б. зерттеушілердің еңбектері басшылыққа алынды.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттен тұрады.

Қазақтың ақын-жазушылары туған тіліміздің ғажаптығын, сөз құдіретінің қандай болатынын қарға тамырлы қазаққа дәлелдеп кетті. Жиырмасыншы ғасырда қазақ әдебиеті әлемдік деңгеймен салыстырғанда кенже қалмай, керісінше жаңа қырларымен дамыды. Дүние есігін халықтың еркесі, қамқоршысы болып ашатын, халықтың жүгін көтеретін дара, дана жандар аз-ақ. Соның бірі, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, әдебиетіміздің алып тұлғасы, майталманы, суреткер, сыршыл да сезімтал қаламгер-ақын - С.Сейфуллин.
Сәкен (Садуақас) Сейфуллин 1894 жылы он бесінші қазанда (жиырма үшінші мамырда) Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Қарашілік қыстағында (бұрыңғы Ақмола уезі, Нілді болысы, бірінші ауылда) дүниеге келген. Ақын өзі туған май (мамыр) айы туралы былай дейді:
Май айында керемет,
Бұлттанды аспан күркіреп.
Рахман жаңбыр құйып тұр,
Басыла қалды сіркіреп.
Жерге түсіп қызыл күн,
Жайнады дүние рух кіріп.
Май айында тамаша
Тау, тас, орман жаңғырды.
Қаһарлы қыста рух кеткен
Жер жүзіне жан кірді.
Жапырақ гүлге оранып,
Ағашқа көрік - сән кірді.
Сансыз құс жырлап ерте-кеш,
Орманға шаттық ән кірді.
Жапырақ, балау қызғалдақ
Құлпырды жұтып жаңбырды [1.78] - деп, өзінің өлеңге, өмірге деген сүйіспеншілігі мен махаббатын осындай тамаша өлең жолдарымен жеткізеді. Ақын жан мен рухты осылай суреттеп, мәңгілік адамның рухы мен жанының бірігуін аңсаған.
Қазыналы өлке Сарыарқаның мөлдір суы, сағымды даласы, толқыған Есіл-Нұра өзендерінің бойы, Ор, Аба тауларының баурайы - Сәкен ақынның бақытты балалық шағы өткен, таңғажайып сұлу жаздың жайлау рахатын көріп, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған, қыстың боранды ұзақ түндерінде қиял-ғажайып, ерлік оқиғаларға толы батырлар жыры мен ертегілерін естіп, адам жанын тебірентіп, еліктірер ән мен күй тыңдаған, айтыс пен көкпарды қызықтап, айт пен тойдың қызығын көрген алтын бесігі мен ыстық ұясы.
Әкесі Сейфолла мен анасы Жамал табиғатынан дана, дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қырмұрын, қайратты, қажырлы ұлдарын азан айтып қойған Садуақас деген есімнің орнына, еркелетіп Сәкен деп атап кеткен. Сәкен шығармаларының зерттеушісі, академик С.Қирабаев: Сәкеннің әкесі Сейфолла домбырашы, әңгімеші, саятшы, ақжарқын, мейірімді адам болған. Анасы Жамал да ел әдебиетін жақсы біліп, Сәкеннің халық өнеріне деген сезімінің оянуына көмектескен [2.170], - деген. Ақын әке мінезін, өнерін бойға жұқтырып, ана әңгімелерін жалықпай тыңдап, зердесіне түйіп өседі.
Сәкен Сейфуллиннің балдырған-балалық шағы киелі ауылында өтеді. Ж.Аймауытұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаевтар сияқты Сәкен де ауылдағы Ағаш аяқ дейтін молдадан діни білім алып, сауатын ашқан [3.6].
Ақын өзінің осы балалық шағын есіне түсіргенде: Нілді зауытында үш жыл оқып, білім алдым. Алғаш өлең жазуды да осы жерден бастадым. Сол үш жылда, бір сабақ - орысша әліпби кітапшасын оқып, алған білімім болса, екінші сабақ - ұсталардың аласұрып жұлқынған машина әрекетінен жер астында жұмыс істеп шығатын кең жұмыскерлерінің тіршілік-тұрмыс күйінен алған сабақ көңілге орнаған тоқу болды... [4.21], - деп жазады. Еңбек адамдарының ортасында жүріп, ұлтты қанаумен, отаршылдық езгімен ерте танысқан болашақ ақынның өлең жазбауы мүмкін емес еді. Тергеген болсаң айтайын атты өлең жолдарында ақын былай деген:
Кейде толып көкірекке, кектер толып кернеген.
Жігер қайнап зұлматқа, дүниеден шындық көрмеген.
Көз жасын көріп сорлының, екпінді қызу өлеңді,
Көкірегім жылап еңіреген, айтпауға ерік бермеген [3.96].
Сәкен Сейфуллин 1902-1912 жылдары Ақмола қаласында әуелі Приходская школада, одан кейін екі класты училищеде оқиды. Білімі жетіле түскен ақын орыс тіліндегі әдебиет кітаптарын көп оқып, алыс-жақын ауылдардан оқу-білім іздеп келген бірталай қазақ балаларына орысша сабақ береді [5.10].
Суреткер ақын өмір жолының өзі - тұнып тұрған тарих. Ол өз шығармаларымен үлкен бір дәуірдің дауылпазына айналды. Оны ақын шығармашылығымен тереңірек танысқан сайын көз жеткізесің.
М.Қаратаев: Халқы сүйген, халқын сүйген Сәкен аға. Ол өзгеше жан еді. Бір көрген адам оны ұмыту мүмкін емес. Атақты сыршыл да сұңқар ақын өзінің даңқымен де, ажар-көркімен де, әділ, адал, адамгершілік қасиеттерімен де ерітіп, еліктіріп әкететін. Әу бастан суретін Тар жол, тайғақ кешу кітабының бетінен көргенде, есімде, жазық маңдай, қыр мұрынды, сылау мұрт, ашаң жүзді сұлу, сұрша жігіттің бейнесі қалып қойған-ды [6.55], - деген.
Ал Ғ.Мұстафин: Есіме түскен сайын орта бойлы, толқынды қара шашты, өткір ойлы көзді, сымбатты, көрікті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қоңырқай кісі көз алдыма келеді. Қадала қарағанда сыртыңды түгіл, ішіңді көріп тұрғандай. Ал, оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты өте сұлу, кербез, тәкаппар, іші өте қарапайым, кішіпейіл еді - деген.
Ал Е.Ысмайылов 1959 жылы жазылған мақаласында былай деген: Сәкен өзінен оқып, білім алған жастарды қазақ әдебиетінің тарихын, көркем поэзияны терең зерттеу, сүю, білу рухында тәрбиеледі. Егер көптеген ақын-жазушыларымыз Сәкеннің шығармашылық ықпалымен әдебиет майданына араласқан болса, бірталай жас таланттар Сәкеннің оқушы шәкірті есебінде араласып, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік алды. Сәкен Сейфуллин - қатал күрес үстінде өмірдің қанша теперішін басынан өткеріп, сан қилы соқпағына түссе де, мойымай шынығып өскен ақын азамат [1. 29].
Зерттеуші А.Кәкен: Сәкен жүрген із сайрап жатыр. Оның әдеби мұрасы рухани қазынамыздың алтын қорынан орын алды, келешекте де тарих төрінде тұра бермек. Өзіме тағдырлас, мұңдас, поэзия құлагері атанған Ілияс Жансүгіров Сәкенді тұлпарға теңеді, жүректен шыққан жыр жолдарын арнады [7.43] - деп жазады.
Сәкен Сейфуллин тірісінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп Сәкен сері атанған. Алла бойына сезім мен сұлулықты қосып берген ақын шығармашылығы да тұнып тұрған махаббат пен көркемдік. Ақынның сұлу жанынан өріліп ғажайып туындылар өмірге келді.
Кіндігін Сарыарқа кескен, қаймағы бұзылмаған қасиетті ортада өскен, бесігінен өнеге көрген, өнердің уызын емген сұлу Сәкен, сырбаз Сәкен, сырлы Сәкен, сұңқар Сәкен, ақын әрі композитор Сәкен Сейфуллиннің небәрі қырық төрт жылдық ғұмырында биікке самғап ұшып, биіктің ұшар шыңына шығып, әдебиет пен өнерде өлшеусіз із қалдырған аса ірі тарихи тұлға.
М.Әуезов: Сәкен еңбегіне тарихшы да, сыншы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберсек, өзгеде жоқ екі түрлі қасиеті басым айқын көрінеді. Біріншісі - жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі - ақындық тәкәппарлығы - деген.
Ал Ғабит Мүсірепов: Сәкеннің тұла бойы тұнып тұрған ақындық еді, қара тырнағына шейін ақындық үшін жаратылған. Сәкен қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы, көшбасшысы. Тарих оған жүктеген міндетті ешқайсымыз атқарған жоқпыз. Тарихқа зорлық жүрмейді [8.2] - деп жазады.
Р.Нұрғали өз еңбегінде Қазақстан қоғамдық тарихында көрнекті орын алатын қайраткер, ХХ ғасырдағы жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі - Сәкен Сейфуллин аз ғана ғұмырында найзағайдай жарқырап өтті. Жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің өзекті, көкейкесті тақырыптарын аша көрсетті. Сонымен қатар, ұлттық әдебиетке жаңа мазмұн, жаңа идея, жаңа түр әкелген, эстетикалық игіліктер жасаған жазушы туындылары халқымыздың қымбат рухани қазыналарының қатарына жатады [9] - деп Сәкенге жоғары баға берген.
Сәкен Сейфуллин шығармашылығын зерттеуде әдебиеттанушы, ғалым М.Қаратаевтың орны ерекше. Ол өзінің әдебиеттану мен фольклорының өзекті мәселелері туралы зерттеулерінде Сәкеннің қазақ кеңес әдебиетінің негізін салудағы зор еңбегіне орынды баға берген. Оның Әдебиет және сын мәселелері, Сейфуллин туралы жаңа еңбек мақалалары да Сәкеннің өткені мен бүгінін, алда тұрған өзекті мәселелерін қозғауымен құнды. Ақынның ақындық, қайраткерлік тұлғасы туралы Азамат тұлғасы, Ақын туралы айтарым, Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті мақалаларында жан-жақты қарастырылып айтылған. М.Қаратаев ҚазПИ-де оқыған жылдары Сәкеннің тәлім-тәрбиесін көріп, кейін ұстаздың жарқын бейнесін есте қалдыруда елеулі еңбек сіңірген. 1933 жылы Лениншіл жас газетінің бірнеше сандарында Қызыл ат және Социалистік реализм атты мақала жазып, Сәкеннің Қызыл ат поэмасы [10] төңірегінде туындаған дау-дамайға араласып, поэмаға шынайы баға беріп, Сәкентануға дұрыс ғылыми бағыт берді. Кейін Қызыл сұңқарлар туралы (1936) мақаласымен Сәкен шығармашылығы туралы болашақ әділ сынның негізін қалыптастырды. Сонымен қатар, ғалымның Сәкен Сейфуллин (1964) атты кітапшасы, Тар жол, тайғақ кешудің орысша басылуына жазылған кіріспе мақаласы (1964), Сәкеннің 70 жылдығына байланысты Дружба народов (№5, 1964), Простор (№5, 1964) журналдары мен Комсомольская правда (23 мамыр, 1964) газетінде басылған мақалалары, Асау тұлпар атты монографиялық очеркі Эпостан эпопеяға кітабында - 1969) және де Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы (1965), Әдебиет және эстетика (1970) атты монографиялық зерттеу еңбектерінде Тар жол, тайғақ кешу романының жанры, мазмұны мен формасын анықтай отырып, жаңашылдық сипатын ашады. Соңғы еңбегінде Сәкенге Асқақ аға деген бөлімін арнап, Сәкенннің ұстаздық үлгісін, азаматтық болмысын жоғары бағалаған.
Сондай-ақ, С.Сейфуллиннің шығармашылық тәжірибесіне көбірек сүйеніп, Сейфуллин дәстүрін молырақ зерттеген ғалымдардың бірі - М.Базарбаев. Оның Қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық жайында (1960), Қазақ поэзиясындағы еңбек адамының бейнесі (1961), Өлмес дәстүрлер (1962), Әдебиет және дәуір (1966) атты зерттеулерінде ақынның поэзия саласындағы жаңашылдық қызметін, оның жаңа адымды жырлаудағы өнегесін сөз етеді [11]. Әдеби байланыс, әдеби дәстүр, оның жалғастығы, әдебиеттер туысқандығы - Мүсілім Базарбаев зерттеулерінің өзекті проблемалары. Осы проблемалар тұрғысынан Сейфуллин шығармашылығына әрдайым үңіле қарап, содан үлгілі өнеге табады. Оның Теңдік, бақыт, әділдік орнаталық мақаласы (Өркен, 23 желтоқсан, 1989) ақын шығармашылығына қайта құру дәуірінің талаптары тұрғысынан қарауда, жалпы 20-30 жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы жағдайларына жаңаша көзқарас туғызуда қызықты ойлар айта білуімен бағалы.
Т.Қожакеев Сәкеннің журналистік қызметіне зор баға берген. Ол өзінің еңбегінде [12] Сәкен Сейфуллиннің Ұлы Қазан революциясының жеңуіне, Совет үкіметінің орнап, нығаюына журналистік қызметімен зор үлес қосқандығын айтады.
Сәкен шығармаларының алғашқы библиографиясын жасаушылардың бірі - ғалым Ә.Нарымбетов [13]. Ғалым жоғарғы оқу орындарына арналған әдістемелік, нұсқаулық еңбектерінде де Сәкен шығармашылығына басты назар аударған. Ақынның өмірі, шығармашылығы жөніндегі Асқақ жырдың арқауы энциклопедиялық мақалалардың авторы (1999).
С.Қирабаев - Сәкентану ғылымының әдебиеттанудың жеке саласы ретінде қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген көшбасшы ғалымдардың бірі. Ақын шығармашылығы жөніндегі алғашқы еңбегі 1958 жылы Сәкен Сейфуллиннің поэзиясы туралы деген көлемді ғылыми зерттеу мақаладан басталып, ондаған мақалалар тізбегімен Сәкен Сейфуллин творчестволық жолы (1962) атты монографияға ұласты. Орта және жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарына да Сәкен шығармашылығына арналған бөлімдерді жазып, сондай-ақ ақын шығармаларын орыс тіліне аудару ісін ұйымдастырды. Сәкен Сейфуллиннің әр жылдардағы шығармалар жинағын құрастыру, ғылыми түсініктер жазу, текстологиялық түзетулер енгізу ісіне белсене араласып, жарық көрген шығармаларының басылымдарының толық библиографасын әзірледі. С.Қирабаев: Сәкен Сейфуллин Қазақстан Жазушыларының бірінші съезінде сөйлеген сөзінде әдеби мұраны жинау және оны зерттеу қажеттілігіне баса назар аударған еді. Сәкеннің өзі де творчестволық қызметінде қазақтың бұрыңғы әдебиеті мен мәдениеті мұраларын жинауға, зерттеуге белсенді ат салысты [14], - деп жазады.
Ақын Т.Ізтілеуов те Сәкен шығармашылығына зор құрметпен қараған. Сәкеннің Қызыл ат және ақынның кемшілікті батыл сынауы жайында атты мақала жазған. Сәкенге деген құрметі мен сыйластығының белгісі ретінде 1936 жылы Социалды Қазақстан газетінің 12 шілдедегі санында Сәкенге арнап Ақынға деген өлеңін жариялаған.
Отызыншы жылдары Сәкен қолдау көрсеткен жас қаламгерлер қатарында Д.Әбілов те бар. Ол өзінің Қазақ әдебиеті газетінің 1936 жылғы - 21 шілдедегі санында жарияланған Еркін елдің еркесі, Ұмытылмас күндер мақалаларында және Ержанов, Баймұратовтармен бірігіп жазған Сейфуллиннің 20 жылдық әдеби шығармашылығы туралы Жақсы көріп оқитын жазушымыз мақалаларында Сәкеннің Кеңестік қазақ әдебиетінің көшбасшысы екендігіне, ақындық, жазушылық шеберлігіне баға береді.
Сәкеннің әдеби мектебінің тәлім-тәрбиесін алған ақындардың бірі - Ж.Сыздықов. Ол Сынға мін (Бостандық туы, 1923. 29 маусым, 20 шілде, 6 қыркүйек), Кең түрде бағыт берілсін (Еңбекші қазақ, 1926. 14 қыркүйек) мақалаларында Сәкеннің қоғамдық қызметіне, Сәкенге жазылған сындарға баға береді. Ал Ұмытылмас сәт, Кезеңдегі кездесулер т.б. естелік мақалаларында көзі көрген ұстазының жақсы қасиеттерін еске алып, ақындық, азаматтық, қайраткерлік тұлғасын баяндаған.
Сәкенге арналған жырлардың ішінде, ой өзгешелігі, идеялық нысанасы жағынан Сәкен бейнесін асқақтата, дараландыра түскен өлеңдердің бірі Сырбай Мәуленовтің Жыр өлкесі туындысы. Өлеңнің мына бір негізгі түйіні бүкіл қазақтың көңілінен шығатыны анық.
...Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сия алмайтын.
Қазақты көргің келсе, міне, осы деп,
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын [15.112] - деген жолдарда, аяулы ақынның ақындық қуаты да, қазақтың мақтанышына айналған кербез мүсіні де ұлт мерейін асқақтатуға қызмет етіп тұр.
Қазақ поэзиясындағы Сәкен тақырыбын орта көлемді эпикалық жанрға зерттеушілердің көшбасында - Әбділдә Тәжібаев тұр. Ақын әрі ғалым Ә.Тәжібаев Сәкен шығармашылығының 20 жылдық мерейтойында арнайы баяндама жасап, Қолыңды қысамын деген мақаласын Қазақ әдебиеті газетінің 1936 жылғы 21 шілдедегі санында жариялады. Кейін әдебиет сыншысы, ғалым ретінде Өмір және поэзия монографиясында Сәкеннің лирикасына жан-жақты ғылыми талдау жасап, қазақ әдебиеті тарихындағы орнына лайықты баға берген. Монологтар атты сахналық поэмасында да Сәкеннің көркем образы арқылы азаттық үшін күрескен ақын бейнесімен дәуір шындығын танытады.
Тартқаным жоқ тізгінінен тұлпардың,
Әнін айттым аққу менен сұңқардың.
Сарыарқада ақ боранмен бірге өстім,
Көкпенен де, Көкшемен де тілдестім.
Мұңын шерттім, зарын айттым қазақтың,
Өшірістім жанған отын тозақтың [16.67], - деп, Сәкен үлгісін, Сәкен дәстүрін, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі үлгілі жолын Мен кешеден келдім бүгінге поэмасында да жалғастыра жырлайды, осылайша, ұстаз ұлағатын кейінгі ұрпаққа тәлім етіп ұсынады.
Сәкен есімін ұмыттырмауда көп үлес қосқан ақындардың бірі - Қ.Бекхожин. Ол Сәкеннің алдын көрген, тәлім алған шәкірті ретінде үнемі ыстық ықыласпен еске алып келді. Ол жөнінде 1965 жылы Сұңқар туралы аңыз атты поэма жазып, Ардагерлер туралы 154 аңыз жинағында жариялаған. Қ.Бекхожиннің бұл поэмасы Сәкенге арналған алғашқы поэзиялық эпикалық туындылар қатарынан орын алатын поэтикалық қуатты шығарма. Сәкен алдында өзінің шәкірт болып енген сәтін:
Қазіргідей көктем емес,
Онда күз де.
Албырт шақ.
Дүние де кең де бізге.
Ақылын ағалардың
Тағлым тұттық,
Ар-ұят ұялаған кеудемізге...
Тап осы кең есіктен кірдім әрең,
Шәкірттей сынақ күткен, дірілдеген.
Ендім де,
Сәлем беріп қалдым қатып,
Даңқынан, сымбатынан сыр тараған.
Сөйлесе Сәкен аға -
Ынтық болып,
Мұртының қимылына жұрт қараған.
Көргенде сөз гулеген жиын жерде,
Сұсты еді
Әлдекімге шүйілгенде.
Ал қазір
Жомарт жүзі жылы тартты,
Алғашқы көргенім ғой үйін мен де.
Дастархан жаюлы тұр киелі кең,
Нұсқады орындықты иегімен.
Отырдым үнсіз ғана тұлғасына
Телміріп, пейілімді ие мүлдем... [17.156].
Ақын Т.Молдағалиев те Сәкен Сейфуллинға арнап Ұрпақ сөзі, Сәкен туған жерде өлеңдерін жазды. Бұл өлеңдерде Сәкеннің болашақ ұрпаққа аманаты, ақын туған жердің сұлу табиғаты ой өзегіне айналған.
Сәкеннің ғажап келбетін, көрікті бейнесін, қадір-қасиетін Кәкімбек Салықов ағамыз былай сипаттайды:
Аңсағандай аңыз-арман асылын,
Қандай ару демес сені ғашығым.
Жігіттіктің патшасы едің сал-сері,
Ақындықтың бастадың бір ғасырын.
Орыс жазушысы Галина Серебрякова: Сәкен Сейфуллиннің өр тұлғалы сұлу келбетіне мен қайран қалдым. Ұзын бойлы, сымбатты. Аққұба жүзі құбыла құлпырады. Ұшқын атқан ақылды қара көздері әлі есімде. Ол жанарын тура қадап, адалдықпен тік қарады, сол сәтте ежелгі парсы жұртының хас батырларына ұқсап кетті. Оның табиғи сымбаты қандай болса, жан дүниесі онан да сұлу еді, - деп тамсанған.
Н.Айтұлы: ...Сәкен - қасиетті де қасіретті, саналы ғұмыры сан алуан күреспен өткен күрделі әрі трагедиялық тұлға. Сәкенді түсіну үшін алдымен өзіңе, туған халқыңның басынан өткен тауқыметті тағдырға терең үңілуің керек. Сонда ғана ақынның шынайы азаматтық бейнесін айқын танып, ұлт үшін торғайдай шырылдаған жан дүниесін еркін сезіне аласың, - деген.
Сәкен Сейфуллиннің 1914 жылы Қазан қаласында Өткен күндер атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Жинаққа енген өлеңдердің көркемдік-эстетикалық ерекшелігі, әлеуметтік-қоғамдық мазмұны, поэтикалық-ақындық қуаты ақынның табиғи талантын анық көрсетіп береді. Аталмыш жинақтағы өлеңдердің негізгі тақырыптары: қазақ елінің қараңғылықтан көз ашқандығы, қазақ қоғамындағы әділетсіздікке, байлыққа мастанушылықты сынау және тағы басқа саяси-әлеуметтік мәселелерді қамтыған. Осыған орай жас ұрпақты өнер-білімге шақыру идеясы - Мұра, Түс, Кім басшы - аға халыққа, Қазақ сабағы, Інішегіме, Надан бай, Оқымаған қазақ сияқты өлеңдерінде айқын көрінеді [14, 38-39].
Сәкен Сейфуллиннің Біздің тұрмыс, Сол жылдарда атты туындыларында көптеген көркемдік игіліктер, адам бейнелері, өмірдің нақты картиналары бейнеленген. Сол жылдарда хикаятында қазақ ауылындағы сан алуан салт-дәстүрлерді, тұрмыс-салт ерекшеліктерін тамаша суреттеген. Ат шабыс, айтыс, көкпар, бәйге, дәм беру, күрес, той, аужар айту - осының барлығын жазушы көркем бейнелеп, табиғат суреттерін де әсем сурттеген: Жалғыз-ақ ауылдың күншығыс жағында, өзен жақтағы сортаңда, ойда сағыммен бұлдырап бес-алты түйе жүр. Сағыммен бұлдыраған түйелер алыстан көтеріліп, қалқыған теңізде жүзіп жүрген кемелер сияқты немесе аспанда, көкте жүзіп, бұлдыраған көлеңкелер сияқты [18.177].
Ақынның 1922 жылы Асау тұлпар жинағы Бақыт жолы мен Қызыл сұңқарлар атты революцияшыл драмалары, кейін Домбыра (1924), Экспресс (1926) атты өлең, поэмалар жинағы жарық көрді.
1927 жылы Тар жол, тайғақ кешу атты мемуарлық романы, Еңбек шарт - жалшылар қорғаны деген өлең-очеркі, 1928 жылы Жер қазғандар повесі мен Тұрмыс толқынында атты өлең, поэмалар жинағы, 1929 жылы халықтық дастан - Көкшетау, 1932 жылы Қазақ әдебиеті (әдебиет тарихы туралы еңбек), 1933 жылы Альбатрос (поэма), 1934 жылы Қызыл ат (поэма), 1935 жылы Айша т.б. кітаптары жарияланады.
Сыршыл да, сұңқар Сәкен туған халқының қажырлы таптық күресін, ой-арманын лирикалық кейіпкердің ізгі жаңа толғаныстары арқылы жеткізді. Ақынның Кел, жігіттер, Асығып тез аттандық, Далада сияқты өлеңдері тек ақындық өнерінің жаңа белесі ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының жаңа замандағы тынысы, үні, биік асуы еді [19.76].
Сәкен Сейфуллин - сауатсыз халықтың көзін ашып, сахнасын оятқысы келген қарлығаш ұстаздардың бірі. Ұстаз бола жүріп, бірнеше оқу-құралдарын жазды. Журналист бола жүріп, көптеген газет-журналдардың жарыққа шығуына мұрындық болды. Сонымен бірге әдебиет пен өнердің барлық саласында да өнімді еңбек етіп, өз шығармашылығын келер ұрпақтың рухани асыл мұрасына айналдырды.
Ақынның Ғайни, Қызыл бидай, Аққұм, Сарыарқа, Гауһар тас сияқты сұлу жырлары халық әндері ретінде орындалып жатты. Сондай-ақ, Біздің жақта, Тау ішінде деген әндері кең байтақ Сарыарқа аспанында үнемі қалықтап, жаңғырып тұрды. Ал Аққудың айырылуы, Ақсақ киік, Лашынның әңгімесі, Көкшетау поэмаларының үзінділері ел ішінде жатқа айтылып, ауыздан ауызға тарап отырды. Қазақ бар жерде Сәкен тірі деген осы емес пе?

Ірі классик ақындардың, қазақ лириктерінің барлығының таңғажайып туындыларына көз салғанда, олардың қай-қайсысының да айналып өтпейтін нысанасы бар екенін байқауға болады. Ол - сұлу да, көркем табиғат бейнесі.
Шындығында да, қазақтың поэзиясында табиғат суреті, жаратылыс көріністері үлкен орын алатыны белгілі. Кең далада көшіп жүрген, күнделікті өмірі жылдың төрт мезгілінде де кең сахарада, ашық аспан астында, өзен-судың жағасында өтетін қазақтың өзін әрдайым табиғаттың аясында, бауырында отырғандай сезінуі таңғаларлық құбылыс емес.
ХХ ғасырда өмір сүрген Ы.Алтынсариннің табиғат суретін жырлаған өлеңдері табиғаттың реалистік қалпын берген алғашқы туындылар болып саналады. Сондай-ақ осы кезеңдегі бұл саладағы үлкен жаңалық ұлы Абайдың өлеңдері еді. Ыбырай мен Абайдың жаз мезгілін бейнелеген өлеңдерінде табиғаттың сұлу суретін жалаң суреттемей, ел тіршілігімен байланыстыра жырлауын және тақырып ауқымынан шықпауын олардың жетістігі деп білеміз. Ал, тереңге үңілсек Ыбырай Алтынсариннің өлеңі жалпылау да, Абай салған картина нақтылы екенін байқаймыз [20.20], - дейді М. Әуезов. Абай пейзажды адам баласының өмір сүретін ортасы, әлеуметтік өмірмен, көшпелі тіршілікпен байланыста ғана суреттемей, адамның жан сезімімен ұластыра бейнелеген. Абай дәстүрі кейінгі ақындарға, оның ішінде С.Сейфуллинге бет түзеп, бағыт алар нысан болды.
Ақын сұлу табиғаттан қанатты шабыт алып, өлең-жырларында ғажайып табиғат бейнелерін, қайталанбас сұлу көріністерін тамаша суреттеген. Сыршыл да, сұлу табиғат жыршысы өзінің шығармаларында табиғатты көркем суреттеумен қатар, оны қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, мінез-құлқына байланысты жырлады.
Сәкен Сейфуллин адам жанының сезім-күйлерін, күйініш-сүйініштерін, жүректің ыстық, құштар толқындарын шебер де әсерлі суреттеген. Оның лирикасының басты тақырыптары - туған жерге сүйіспеншілік, сағыныш сазы, мезгіл суреттері, табиғат көріністері мен құбылыстары, махаббат сырлары, аң-кұсты аялау, ана-бала сүйіспеншілігі. Табиғаттың әсем құбылысы ақынның жан-дүниесімен үндесіп, сырлы сұлу, қиял-ғажайып ертегілерінде суреттелген ерекше бейнелер санаңда тіріліп, еріксіз көз алдыңа келеді.
Ақиық ақын өзінің туындыларында махаббаттың арман-аңсары мен құпия сырларына сұлу табиғатты куә етеді. Оған мысал, Біздің жақта, Тау ішінде, Жазғы түнде, Ақша қар, Сағындым, Қамауда, Күздігүні далада, Қырда, Далада өлеңдері. Бұл өлеңдерде туған өлкенің сырлы табиғаты, жастардың жүрек құпиялары, ынтық сезімдері оқырманды ерекше әсерге бөлейді.
Біздің жақта (1919) өлеңі - туған ел, туған жер тақырыбында жазылған эстетикалық деңгейі биік, тілі көркем өлеңдерінің бірі. Бұл өлеңде елден алыстап, оқу-білім қуып, жастай қалаға кеткен жасөспірімнің туған елді, жерді аңсаған сағынышын, ауыл-тұрмысын, табиғатын, туған жерге деген махаббатын жақсы көрсеткен. Әдемі, бейнелі тілмен өрнектелген бұл туынды оқырманды көркемдік деңгейдің биіктігінен баурап алады. Сыршыл да, ойшыл ақын табиғатты, онда мекендеген адамның көңіл-күйімен, жасампаз еңбегімен байланыстыра, табиғатқа жан бітірте суреттейді:
Шалқыған біздің жақтың көлдері бар,
Ағашты биік таулы жерлері бар.
Өзен, су, көлдер жайлап, тау қыстайтын
Меймандос, берекелі елдері бар.
Думанды шалқар көлдері-ай,
Еркін дала белдер-ай.
Каздай қатар мыңғырып,
Тізіліп көшкен елдер-ай.
А-ай, Сарыарқа,
Елің алыс,
Қалды шалыс,
Жат жерде талай елмен болдық таныс.
Ақын қазыналы өлке Сарыарқаның сұлу табиғатын, сондай-ақ, кең далада еркін өскен ерлер мен бұла бойжеткендерді де өлеңге арқау етеді. Бұдан автордың туған жерге, сол топырақта өніп-өскен ерлерге деген ыстық ықыласы мен бауырмалдығын көре аламыз.
Жеріне біздің жақтың лайық ері.
Ел палуан, аңшы-мерген, әншіл, сері.
Жасынан жүйрік мініп өскен бұлан,
Жау жүрек, ер көңілі жігіттері
Сілтеуші ек құлаш тұлпардай,
Жазушы ек қанат сұңқардай,
Асауменен алысып,
Қашағанды құтқармай.
Ай-ай, Сарыарқа,
Елің алыс,
Қалды шалыс,
Жат жерде талай елмен болдық таныс - деген жолдардан туған өлкенің кең даласы елдің атын танытқан сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздардың мекені болғанына көзіміз анық жетеді. Сұлу өмірді сүйген Сәкен де осы ортаның сәні болған.
Қыздары біздің жақтың қара қасты,
Тісіне ұқсатарсың, меруерт тасты.
Сымбатты, көркем бойлы тал шыбықтай,
Мамық төс, сұңғақ мойын, сүмбіл шашты.
А-ай, жан сәулем,
Өрім талдай,
Жазық маңдай,
Аузыңнан шыкқан лебің шекер балдай.
Қыздары біздің жақтың қара көзді,
Сырнайдай дауыстары, тәтті сөзді.
Қызыл гүл албыраған еріндері,
Шырайлы, ашық көңіл, бал мінезді
Еркін бейбіт аулым-ай,
Жас өрім, талдай сәулем-ай [21] - деген өлең жолдарында елдің көркі болып саналатын сұлу бойжеткендердің образын тамаша суреттеген.
Сыршыл да ойшыл ақын, сұлулық жыршысы табиғатты онда мекендеген адамның көңіл күйімен, жасампаз еңбегімен байланыстыра жан бітіре суреттейді. Сәкеннің күрес жолындағы кейіпкерлерінің елге, туып-өскен жерге деген сезім күйлері табиғатка ынтықтығы арқылы ашылады. Мысалы, түрмеде отырғанда жазылған Қамаудан атты өлеңінде жау қолына тұтқынға түсіп, темір тордың ар жағында жатқан тұтқынның көңіл күйі, жан дүниесі, қамыққан лирикалық қаһарманның табиғатпен сырласуы, тамылжыған табиғаттың сұлу көрінісіне ынтықтығы шебер де келісті суреттелген. Шағын өлеңнің өзінде үлкен сурет бар. Оқушының көз алдына түрменің тор терезесінен сұлу табиғат құбылыстарына көз салып ойға бөленген лирикалық қаһарман елестейді. Еркін далада туып-өскен тұтқын қазаққа тіпті табиғат та аяушылықпен жаны ауыра қарайды, бостандықтың символы - торғайлардың терезе алдына келіп шықылықтаған үні ызғар шашқан тас үйді жылытқандай болады, даладағы самал жел жас көктің иісін жеткізеді. Қызыл шапақты күн де шұғыласын тұтқын отырған терезенің алдына төгеді, оның көз алдынан байтақ дала суреті өтеді. Майда жел кеп беттен өбіп, тұтқынның жүдеу жанын жұбатады. Көңілі жадыраған жан табиғат арқылы елімен тілдеседі, шын ғашығы - бостандықты аңсап:
Тас үйдегі тұтқынды
Аяған адам жоқ болды.
Аяды бірақ табиғат,
Көңілім соған тоқ болды.
Терезенің алдына
Торғайлар кеп ән салды.
Ызғарлы қамау тас үйге
Күйлендіріп жан салды.
Даладан көгал жас исін,
Жіберді маған желменен.
Терезеде отырып,
Сөйлесті көңілім елменен.
Болса да алыс қызыл күн,
Шұғыласын шашты алтындап.
Ғашығым менің бостандық
Келді алдыма жарқылдап.
Терезеден өлшеусіз
Көрсетті қыр, кеңдігін,
Табиғатына дүниенің
Патша мен тұтқын теңдігін.
Демін салып майда жел
Құшақтап сүйіп тәнімді:
Сүйгенімдей тербетіп
Жұбатты менің жанымды.
Отырмын күзет - қамауда
Дұшпаннан тәнім жеңілді.
Жеңе алмас, бірақ, еш пенде
Асау еркін көңілді [21] - деп үн қатады. Тас қамауда жатып Сәкен адамдардан рақым күтпейді. Себебі оны түсінетін жан жоқ. Сол себептен ақын еріксіз табиғатпен сырласады. Табиғат қамаудағы тұтқынның жабырқау көңілін жадыратып, бойына бостандыққа деген сенім ұялатады.
Ақын өзінің лирикасында махаббаттың сәулелі үмітке, ізгі арманға, тәтті қиялға талпынған құпия сырларын да, бұралаңы мол өкінішін де ашады. Сүйіспеншіліктің ащы-тәттісін өмір сынынан өткізіп барып қана айыруға болады дегенді аңғартады.
Сағындым атты өлеңінде де туғалы қапас көрмеген, еркін өскен бұла жастың Сарыарқа сары белі бар қырын, өзенді, көлді жайлаған, көрмеге тұлпар байлаған ауылын, еркесі қырдың бұралған сәулесін, айналып-толғанып өсірген анасын сағынуы табиғаттың әсем суреттерімен, ел өмірінің әсерлі көріністерімен астастырыла берілген. Бұл Сәкеннің ішкі жан дүниесінің күйзелісінен туған. Елден қол үзіп тар қапаста қиын күндерді өткізген ақын туған жерін ойламай жата алмайды. Асқақ рухты ақын сағынышын кестелі сөзбен көркемдеп жеткізеді. Нәзік лирикалы өлең терең сырға толы. Ақын туған ауылына, сүйген жарына, ақ жаулықты анасына, кең байтақ даласына, жұртына деген сағыныш сезімін рет-ретімен сырлы сезім, өрнекті жыр жолдарымен бейнелейді. Ақынның сұлу оралымдары өлеңнің эстетикалық әсерін еселетсе, ал идеясы туған жердің қадір-қасиетін түсінуге баулиды.
Сарыарқаның төсінде бұла өскен Сәкен туған өлкесінің сұлу табиғатын айшықты тілмен суреттейді. Ақын өлеңнің алғашқы жолдарында туған жерге деген сағынышын білдіреді:
Қайырымды қалың елі бар,
Сарыарқа сары белі бар,
Өрісті шалқар көлі бар -
Сағындым мен қырымды.
Келесі шумақта қазақ халқының көшпелі өмір салтын, аңғал да кіршіксіз көңілін суреттеп, туған ауылының бейнесін көрсетеді.
Өзенді, көлді жайлаған,
Кермеге тұлпар байлаған,
Хабарсыз арам ойлардан
Сағындым мен аулымды.
Бұл жерде кермеге тұлпар байлаған деген тіркестен қазақ халқының тұрмыс салтының жылқы түлігімен тікелей байланысты екенін аңғартады. Туған дала төсінде жүрген шақтарын сағынып, табиғат аясындағы сезімінің сұлулығы мен тұрақтылығын, оны ардақтау, қадірлеу идеясын жеткізеді.
Өлең жолдарында анаға, сүйген жарға деген сағыныш та ерекше сезіммен суреттелген:
Жібектей шашы оралған,
Қыпша белі қыналған,
Еркесі қырдың бұралған -
Сағындым мен сәулемді.
Айналып-толғап өсірген,
Ақ сүтін беріп кешірген,
Тастамайтын есінен -
Сағындым ғаріп анамды.
Лирикалық кейіпкердің қыр тіршілігіндегі өзгерістерге сүйінген қуанышты көңіл күйін ақын Қырда, Далада атты өлеңдерінде еркелей, шаттана ескен дала желі арқылы бейнелейді. Дала - қазақтың киелі құт мекені. Дала халық ұғымында кеңдіктің, ырыс-несібенің, еркіндіктің символы. Дала желі - бостандық үнін елге жеткізер тың образ.
Көкіректі кернеп,
Кең даланы күңірентіп
Қатты айқайлап ән салдым.
Жаңғыртып кең даланы.
Салдым күшті дауыспен ән!
Әніме қосылды: кең дала,
Аққулы-қазды шалқар көл,
Қамысты-құрақты көк өзен
Қосылды бәрі шуласып,
Косылды бәрі шаттанып.
Сендерге, қарындастар,
Сендерге, інілер,
Сендерге арналды бұл әндер[21]!
Сәкен Сейфуллин Далада өлеңінде алты жасар асауды ұстап мініп ой қиялымен даланы дүбірлетеді. Көсілген дала еркіндіктің бейнесі болса, асау тұлпар еркін де қайсар рухтың бейнесін сипаттайды. Ақын өлеңіндегі ой үш ұғымға тоғысады. Олар: дала, асау тұлпар және ақынның лирикалық қаһарманы. Ақын өлеңде дала жаңғырады, дүбірлеп күңіренеді, асауды орғыды, осқырды, зымырап құлашын керді, көздері оттай деген сөздермен бейнелейді. Ақының лирикалық қаһарманы еркіндікке құлшына құлаш сермеген жалынды жас. Ол кең даланы күңірентіп ән салады. Өлең астарлы оймен жазылған. Ақынның даласы - еркіндіктің бейнесі, асауы - еркін рухтың, жалынды күрестің бейнесі, ал ақын әні - жаңа заман үні. Жаңа заман үні әділдік, теңдік іздеген, еркіндік, кеңдік іздеген көкірегі жанып, бақыт іздеген жастарға, іні-қарындастарға арналады. Ақын бақыт жолының бұралаңын, күрделі де қиын жол екенін білдіре тұра, сол қиындықты қайратты ер жастардың ғана жеңіп шығатынына қалтқысыз сенеді де, бірлікке шақырады.
Жазғы түнде, Тау ішінде өлеңдерін ақын қазақ ауылының табиғатына, тіршілігіне байланысты шығарған.
Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.
Астымда ақ боз атым сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп [21], - деп, тамылжыған түнде қалғып, тауды оятып, баяулатып ән салған, армандай аруын сол сиқырлы әнмен сұрау салып іздеген жігіт көңілі сұңқардай қанаттанып, сонау биіктікті шарлайды.
Ақша қар атты өлеңінде ақын табиғаттың күнә мен кірден пәк тазалығын тамашалайды. Тазалық пен адалдық - ақын идеалы. Кір басып былыққан ескі дүниеге ол ақша қарды қарсы қояды.
Ұшқындап сәні кеткен ағаштарға
Ақ күміс шашақ болып көрік бердің.
Құлпырып жұлдыздай боп күлімдейсің,
Не көркін көрдің айтшы қара жердің?
Михнаты былғанышты түсіп жерге,
Кіршіксіз аппақ таза болдың перде.
Ақша қар, уайымсыз жалғыз - ақ сен,
Мәңгілік шаттығыңды жанға берме[21]! - деп, жаңа жауған ақша қар кірді тазартып, сәні кеткен ағаштарға шашақ тағып, көрік береді, жер бетін жұлдыздай жалтыратып, сәнге бөлейді.
Күздігүні далада атты өлеңінде солғын тартқан қазақ даласының қоңыр күздегі қайнаған тіршілігін жырлайды. Даланың күңіренуін, жапырақтың қуарғанын, көркінен айырылған табиғаттың жай-күйін домбыраның зар үнімен тұла бойынан өткізіп, мұң басқан көкірегінен құстай ұшырады. Бұлттың түңеруі, қара халықтың күзгі ызғардан дірдектеуі, байлардың рақаттанып жатқаны ақынды бей-жай қалдырмай осындай ойға әкеліп, қалам тербеуге түрткі болды.
Ақын елдің елдігін, дарқан даланың кеңдігін жырласын, ақша қардың ақтығын, махаббаттың пәктігін жырласын, ең бірінші өз дүние түсінігі, ішкі жан күйі тұрады, сонысымен әлемді, бүкіл дүниені толғандырып, бірге тебірентеді.
Сәкен поэзиясының көркі мен сұлулығы, сыршылдығы мен жыршылдығы, суреткерлігі мен ойшылдығы талай оқырманын тамсандырып, талай дуалы ауыздардың ілтипатын иелендіріп, өзіне тәнті еткен.
Ол қиялы - жүйрік, ойы - ұшқыр, қаламы - жүрдек ғажайып қасиет иесі, ол - өз халқының ана тілінің мол байлығын қапысыз меңгерген ғажайып суреткер!
Қаламгердің ақындық, жазушылық қабілетін танытатын басты белгі - шығарма тілінің көрікті, көркем, әсерлі болып келуі. Атамекеннің мамыражай өмір салтын, табиғатын суреттеуде Сәкен Сейфуллин айшықты сөз қолданыстары мен көркемдегіш құралдарды шебер қолданған.
Троптарды қолдану жазушының көркем ойының астарлы ойлау жүйесімен байланысты болады. Сөйлемнің түрлі реңдегі сөздер арқылы ойды толық та мәнді, мәнерлі де толық жеткізілуі үшін қызмет атқарады. Сол себепті ең алдымен ғалымдардың троп жайлы пікірлерін қарастырайық.
Академик З.Қабдолов: Әдеби тілді ажарлау аз, құбылту керек, әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет тәсіл - құбылту, яки троп (грекше tropos - иін, иірім) - сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті өңін айналдырып айту. Бұл ретте әдеби тілді ажарлау оны құбылтудың - ең қарапайым түрі деуге болар еді [22.214].
Троп - сөздердің үйреншікті емес, ауыс мағынада қолданылуы. Троп бір-бірімен байланысты белгілері бар екі құбылысты салыстырудан туады. Сөздердің тура мағынасы мен сөйлеу үстінде туған ауыс мағыналардың байланысу сипатына қарай троптың бірнеше түрі болады: метафора, метонимия, кейіптеу, синекдоха, символ, аллегория [23.330].
Әдеби тілдегі басты құбылтулардың бірі - ауыстыру (метафора). Сөз метафоралар арқылы түрленіп, ажарлана түседі, өңделіп, бейнелі құралға айналады. Метафора дегеніміз екі нәрсенің бір-біріне ұқсастығына қарай бір-бірімен ауыстырып айту арқылы мазмұнынын тереңдетіп, әсерін күшейту.
1988 жылы жарық көрген Тіл білімі сөздігінде: Метафора - (грек metaphora - ауыстыру) троптың бір түрі, ұқсастық, сәйкестік және т.б. негізінде сөздер мен сөз орамдарының ауыспалы мағынада қолданылуы [24.220], - деген анықтама бар.
Ал Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде: Метафора (грек.
metaphora - ауыстыру) - зат пен құбылыстың ұқсас белгілеріне қарай (түрі, түсі, қызметі т.б. қасиеттеріндегі) сөздің ауыс мағынада қолданылуы [23.213], - деген анықтаманы кездестіруге болады.
Осы орайда Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде мынадай анықтаманы оқи аламыз: Метафора ауыстыру (грек сөзі - ауыстырып қою), екі нәрсені, құбылысты және жанастырып-жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін сөз немесе сөз тіркесі [25.227].
З.Қабдолов метафораға мынандай анықтама берген: Метафора (грекше metaphora - көшіру) - сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай, ажарлата түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау; сөйтіп, суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту [22.219].
Ал, Ә.Хасенов: Метафора (гректің metaphora - ауысу, ауыстыру мағыналы сөзі) - белгілі бір ұқсастықтарына қарай екі я одан да көп зат немесе құбылыстың бір атаумен аталуы - деген [26.143].
Метафора - әр түрлі заттың түріне, түсіне және басқа да белгілерінің ұқсастықтарына қарап бір сөзбен аталуы [27.77].
Метафора тәсілі арқылы атаудың ауысуы белгіленетін заттардың тұлға, түс, қимыл ерекшелігінің ұқсастығына негізделеді [28.141]. Метафора тәсілі бойынша бір заттың тұлға ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz