Мүше ретіндегі сүйектің құрылысы
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ
ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИОРЕСУРСТАР ФАКУЛЬТЕТІ
АКАДЕМИК Н.О.БАЗАНОВА АТЫНДАҒЫ ФИЗИОЛОГИЯ, МОРФОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИОХИМИЯ КАФЕДРАСЫ
6В09101 - Ветеринарлық медицина
6В09102 - Ветеринарлық санитария
білім беру бағдарламасына арналған
AAAB 1203 - ЖАНУАРЛАР ЖӘНЕ ҚҰСТАР АНАТОМИЯСЫ
пәнінің оқу - әдістемелік кешені
(ПОӘК)
Күндізгі оқу формасы
АЛМАТЫ 2019
Авторлар: Джанабеков К. проф., Исембергенова С.К. асс.проф., Джанабекова Г.К. проф., Жылқышыбаева М.М. қауым.проф., Джунусова Р.Ж. аға оқыт., Өтебаев Ж.М. асс.
AAAB 1203 - Жануарлар және құстар анатомиясы пәнінің жұмыс оқу бағдарламасы Қазақ ұлттық аграрлық университеті оқу-әдістемелік кеңесінің (хаттама №___, ___ ______ 2019ж.) және Ғылыми кеңесінің (хаттама №___, ___ ______ 2019ж.) шешімдерімен мақұлданған білім беру бағдарламасы негізінде құрастырылған.
AAAB 1203 - Жануарлар және құстар анатомиясы пәнінің жұмыс оқу бағдарламасы Академик Н.О.Базанова атындағы физиология, морфология және биохимия кафедрасының отырысында талқыланды. №1 хаттама, 28 тамыз 2019жыл.
Кафедра меңгерушісі Г.Джанабекова
Пәннің жұмыс оқу бағдарламасы Технология және биоресурстар факультетінің оқу-әдістемелік комиссиясының отырысында қаралып, ұсынылды. №1 хаттама, 29 тамыз 2019жыл.
ОӘК төрайымы С.Саримбекова
ПОӘК құрылымы
№
Құжат түрлері
Бет.
1
Пәннің жұмыс оқу бағдарламасы (Sуllabus)
2
Пәннің оқу-әдістемелік қамтамассыздану картасы
3
Дәрістік кешен (дәріс тезистері, иллюстрациялық және таратылым материалдары, ұсынылған әдебиеттер тізімі)
4
Тәжірибелік-зертханалық сабақтар, семинарлар т.б. сабақ түрлері бойынша әдістемелік нұсқаулар
5
Студенттің өзіндік жұмыстары бойынша әдістемелік нұсқаулар (эссе, реферат, семестрлік жұмыстар, есептеу-графикалық жұмыстар және т.б. бойынша ұсынылатын тақырыптар)
6
Пәндердің оқу практикасы бойынша әдістемелік нұсқаулар
7
Студенттердің білім деңгейін бақылау мен бағалауға арналған материалдар
8
Видеодәрістер материалар
9
Студентке арналған пәннің оқу-әдістемелік кешені (2-8 п. қосу қажет)
БЕКІТЕМІН
Физиология, морфология
және биохимия кафедрасының
меңгерушісі __________ Джанабекова Г.К.
2019ж.
2019 - 2020 оқу жылына
Жануарлар морфологиясы
пәнінің оқу-әдістемелік қамтамасыз ету картасы
Мамандық-тың қысқартыл-ған коды
Студент саны
Оқулықтар мен
оқу құралдары
Саны
Практикумдар, дәріс конспектілері, лабораториялық, тәжірибелік сабақтарды және, СӨЖ-ын орындауға арналған әдістемелік нұсқаулар
Кітап саны
Семестр
Кітап-
ханада
Кафед-рада
Кітап-
ханада
Кафед-рада
1
2
ВМ - 1 к
ВС - 1 к
200
147
1. Жаңабеков К., Жаңабекова Г. К. Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы.-Алматы, Сөздік-Словарь, 2005.
250
5
Жаңабеков К. Дәріс конспектісі 2009 ж.
500
10
2. Жаңабеков К., Жаңабекова Г. Цитология, гистология және эмбриология негіздері. Оқулық 2005ж.
-
1
3. Жаңабеков К., Махашов Е. Жануарлар анатомиясы. - Алматы, Білім, 1996.
100
3
Бағдарлама жетекшісі: профессор ___________ Джанабеков К.
ДӘРІСТЕР КУРСЫ
№1 ДӘРІС
Дәрістің тақырыбы: Анатомияға кіріспе.
Сүйектер жүйесінің жалпы сипаттамасы.
Дәрістің мақсаты: студенттерге жануарлар организмі туралы жалпы түсінік беріп, тірі организмге тән биологиялық қасиеттерге тоқталып, оларды аталған оқу материалымен және сүйектер жүйесінің жалпы сипаттамасымен таныстыру.
Түйінді сөздер: организм, мүшелер, мүшелер жүйесі, сүйектер, сүйектер жүйесі, қаңқа.
Иллюстрация: жануарлар организмінің құрылысы, қоянның қаңқасы (таблицалар, слайдтар).
Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:
1. Жануарлар организмі, оның құрылысының жалпы принципі, даму заңдылықтары.
2. Организмнің биологиялық қасиеттері.
3. Сүйектер жүйесінің жалпы сипаттамасы.
Дәрістің мазмұны:
1 - сұрақ. Организм - өздігінен тіршілік етіп реттелетін, тұқым қуалаушылық қасиеттеріне байланысты дамып жетілетін, өзіне тән құрылысы бар белгілі бір ортаға беймделіп тарихи қалыптасқан органикалық дүниенің бір бөлігі. Жануарлар организмі құрылысы күрделі біртұтас құрылым. Ол белгілі бір қызмет атқаруға маманданған және өзара тығыз қарым-қатынаста қызмет атқаратын мүшелер жүйелерінен құралған. Мамандану бағыттарына сәйкес организм мүшелер жүйелерін үш топқа бөледі:
I. Сомалық мүшелер жүйелері - (soma - дене) организмнің дене қабырғасын құрайтын: 1. тері жабыны мен оның туындыларынан және 2. тірек-қимыл аппаратынан құралған. Тірек-қымыл аппараты - бір-бірімен тығыз байланыста қызмет атқаратын екі жүйе: сүйектер жүйесі (қаңқа) мен бұлшықет жүйесі құрайды.
ІІ. Ішкі мүшелер жүйелері (гр.splanchna, лат. viscera - ішкі мүше) - организмдегі метаболизм (қоректену, тыныс алу, зәр бөлу) мен көбеюді қамтамасыз ететін мүшелер жүйелерінен құралады. Оларға: 1) азық қорыту, 2) тыныс алу, 3) зәр бөлу, 4) көбею мүшелер жүйелері жатады.
ІІІ. Біріктіруші (интеграциялық) мүшелер жүйелері - - организм мүшелер жүйелерінің біртұтастығын қамтамасыз ететін мүшелер жүйелері құрайды. Оларға: 1) тамырлар жүйесі (қан айналым, лимфа айналым, қантүзу мүшелері), 2) эндокринді бездер (организмнің ішкі сұйық ортасына гормондар бөледі), 3) жүйке жүйесі және сезім мүшелері жатады.
Жануарлар организмі құрылысының жалпы принципі мен даму заңдылықтары:
1. Тарихи даму заңы - филогенез (грек. phylon - туыс, genesis - шығу тегі) - ұзақ тарихи даму, онтогенез (грек. ontos - заты, мәні; genesis - шығу тегі) - жеке даму тарихы.
2. Негізгі биогенетикалық заң - әр бір организм өзінің онтогенезінде филогенезінің негізгі даму сатыларын қысқа түрде қайталап өтеді.
3. Организмнің біртұтастығы туралы заң - жүйке жүйесі организмдегі морфологиялық және қызметтік біртұтастықты қамтамасыз етеді.
4. Организм мен қоршаған ортаның біртұтастығы туралы заң - бейімделу, адаптация (біртұтастықты жүйке жүйесі іс жүзіне асырады).
5. Пішін (құрылым) мен қызмет (функция) біртұтастығы.
6. Тұқым қуалаушылық және өзгергіштік заңы - тірі организмге тән және бір-біріне қарама-қарсы қасиеттер.
7. Орын мен материальды үнемдеузаңы - тіршілікке тым қажет мүшелерінің құрылысы үнемді, мөлшері шағын болып келеді (ми, жұлын, жүрек, бүйрек, бауыр т.б.).
Омыртқалы жануарлар дене құрылысының заңдылықтары:
1. Бірбіліктік заңдылығы (лат. monaxonia), биполярлық, екіұштылық - дене мүшелері омыртқа бағанының бойымен, бастан құйрыққа қарай өтетін бір біліктің (сагиттальды жазықтың) бойымен орналасады. Краниальды (бассүйек) бағыт, каудальды (құйрық) бағыт.
2. Екіжақтылық, билатеральдық, антимериялық (лат. antimeria, anti - қарама-қарсы) симметриялық заңдылығы - денені омыртқа бағаны қыры бойымен өтетін орталық сагиттальды жазықтық арқылы тең екі бөлікке бөлуге болады. Латеральды бағыт, медиальды бағыт.
3. Сегменттік (метамерия, лат. metameria, meta - бірінен кейін бірі, яғни кезегмен; meros - бөлік, сегмент) заңдылығы - денені, оған көлденең жүргізілген жазықтықтар арқылы бірінен кейін бірі орналасқан бірнеше бөліктерге (сегменттерге) бөлуге болады. Мысалы, омыртқалар, қабыртқалар, сегменттік бұлшық еттер т.б. Дене бөліктерінің сегменттерге бөлінуі - түрлі қозғалыстарды (иілу, бұралу, жазылу, бүгілу, созылу) іс жүзіне асыруға мүмкіндік береді.
4. Түтікше құрылымдық заңдылы - жануарлар денесіндегі көптеген мүшелер құрылысы жағынан түтік тәрізді болып келеді. Бұндай мүшелерге: ішкі мүшелер ағзалары (азық қорыту, тыныс алу, зәр бөлу, аталық және аналық көбею жүйелерінің түтікше ағзалары), қан және лимфа тамырлары жатады. Түтікше мүшелердің іші қуыс және үш қабықтан тұратын қабырғасы болады. Түтікше мүшелердің құрылысы - материальды үнемдеу заңына бағынады.
Дене бөлімдері мен аумақтары. Суда тіршілік ететін жануарлар денесі тек біліктік бөлімнен тұрады, Оларда аяқтар жатілмеген. Құрлықта тіршілік ететін жануарлар денелері екі бөлімнен: біліктік бөлімнен және аяқтардан құралған. Дененің біліктік бөлімі: бас бөлімнен, мойын (балықтарда болмайды) бөлімнен, тұлға бөлімнен және құйрық бөлімінен тұрады.
Бас бөлім: ми сауыты (аумақтары: шүйде, төбе, маңдай, самай, құлақ қалқаны) және бет бөлімінен (аумақтары: мұрын, ауыз, көз шарасы, жақаралық) тұрады.
Мойын бөлімі: аумақтары: құлақмаңы, желке, иық-бас және төс-бас бұлшықеттері, көмекей және кеңірдек.
Тұлға бөлімі: аумақтары: арқа-көкірек (арқа - шоқтық, көкірек керегесі - кеуде: төсалды, төс), бел-құрсақ (бел, құрсақ), құйымшақ-бөксе (құйымшақ, оң бөксе, сол бөксе - сауыр).
Құрсақ қуысының бөлімдері: алдыңғы (эпигастриум - аумақтары: оң қабырғаастылық, сол қабырғаастылық, семсерше шеміршек), ортаңғы (мезогастриум - аумақтары: оңбүйірлік құрсақ, солбүйрілік құрсақ, бел, кіндік), артқы ( гипогастриум - аумақтары: оң шап, сол шап, шат).
Құйрық бөлімі: аумақтары: құйрық түбірі, құйрық денесі, құйрық ұшы.
Алдыңғы және артқы аяқтар: белдеу бөлімінен (алдыңғы аяқта - иық белдеу, артқы аяқта - жамбас белдеу) және аяқтардың еркін қозғалатын бөлімінен құралған. Еркін қозғалатын бөлім өз кезегінде: проксимальды (алдыңғы аяқта - тоқпан жілік, артқы аяқта - сан), ортаңғы (алдыңғя аяқта - білек, артқы аяқта - сирақ) және дистальды (алдыңғы аяқта - алдыңғы аяяқбасы, артқы аяқта - артқы аяқбасы) бөліктерден тұрады.
Дене білігіне параллельді фронтальды жазықтық жүргізеге болады. Бұл жазықтықтың жоғарғы жағында арқа (дорсум), төменгі жағында құрсақ (вентрум) орналасады. Дорсальды бағыт, вентральды бағыт.
Дененің бас аумағында қолданылатын терминдер: оральды (ауыз), назальды (мұрын) немесе ростральды (танау) бағыттар.
Аяқтарда қолданылатын терминдер: проксимальды ( лат. proximus - жақын тұлғаға) және дистальды ( лат. distalus - алыс тұлғадан) ұштары, аяқтардың беттері: алдыңғы және артқы аяқтардың беттері - дорсальды беттер, сыртқы беттері - латеральды беттер, ішкі беттері - медиальды беттер, алдыңғы аяқтың артқы беті - пальмарлы (лат. palma - алақан) немесе волярлы (лат. vola - алақан) беті, артқы аяқтың артқы беті - плантарлы (лат. planta - табан) беті.
2 - сұрақ. Тірі организмге тән биологиялық қасиеттерге: метаболизм (зат алмасу), тітіркенгіштік, көбею, даму, өсу, қимыл сияқты тіршілік белгілері жатады. Жануарлар организмі онтогенезінің қозғаушы күші - қарама-қарсылықтар. Оларға: метаболизмдегі: анаболизм (түзілу процесі, яғни пластикалық алмасу) мен катаболизм (ыдырау процесі, яғни қуаттық алмасу), ыдырап жойылу мен жаңадан түзілген құрылымдардың өзара бір-біріне әсері (аналық жасушадан бөліну арқылы жаңа жас жасушалардың пайда болуы), регрессивті және прогресивті процестердің бір-біріне өзара әсері (ыдыраған шеміршек ұлпасының орнында сүйек ұлпасының түзілу процесі) жатады.
Реттелу процесі. Жануарлар организмі құрылымдық бөліктерінің (жасушалардың, ұлпалардың, мүшелердің, мүшелер жүйелерінің) бір-біріне ықпалы - денедегі реттелу процесі арқылы іс жүзіне асады: 1. Жасушалар деңгейіндегі реттелу - жасушалық метаболизм мен жасушааралық алмасу арқылы; 2. Ұлпа, мүше және организм деңгейіндегі реттелу - организмде жүйке жүйесі мен эндокринді бездердің қатысуымен іс жүзіне асады.
Даму - жануарлар онтогенезіндегі біртұтас процесс. Бұл процесс екі түрлі құбылыстан тұрады: өсу және айырмашылық.
1. Өсу - даму процесінің сандық көрсеткіші. Өсу кезінде организмнің массасы ұлғаяды, мөлшері үлкейеді, яғни организмнің құрылымдық бөліктері (жасушалары, ұлпалары, мүшелері) өзгерістерінің сандық жағынан ұлғаюы.
2. Айырмашылық (дифференцияция) - дамудың сапалық көрсеткіші. Айырмашылықтар - даму процесі кезінде организмнің құрылымдық бөліктері (жасушалары, ұлпалары, мүшелері) құрылыстарындағы пайда болатын өзгерістер. Аталған құрылымдар құрылысындағы айырмашылықтардың пайда болуы, олардың белгілі-бір қызметті атқаруға мамандануына тікелей байланысты, яғни олардағы морфологиялық айырмашылықтар - қызметтік және биохимиялық айырмашылықтардың пайда болуымен байланысты және олардың ықпалымен іс жүзіне асады.
Организм жасушаларының мамандану процесі - жаңадан пайда болған ұрықтың бірнеше бластомерлік сатыларында-ақ жүреді.. Мамандану процесіне байланысты пайда болған құрылымдық айырмашылықтар нәтижесінде дене жасушаларының, ұлпаларының мүшелерінің тек өздеріне тән құрылысы мен қызметі қалыптасады.
Өсу процесі барлық жануарлар түрлерінде бірдей жүрмейді. Жылықанды жануарларда өсу процесі (егеуқұйрықтан басқаларында) шектеулі, ал салқынқанды жануарларда - өсу шектеусіз жүреді, яғни олар өмір бойы өседі (мысалы, балықтар). Айырмашылықтары жетілген организмде өсу жылдамдығы кемиді, яғни жетілу мен өсу - бір-біріне кері пропорциональды: ең үлкен өсу жылдамдығы жаңадан пайда болған ұрықта, іштөлінде одан аз, ал туғаннан соң өсу тым аз мөлшерде жүреді. Морфологиялық және физиологиялық жағынан жетілген организм өсуін тоқтады.
Организмнің өсу жылдамдығы мен өсу мерзімі аралығында кері байланыстылық байқалады: өсу жылдамдылығы жедел жүрген сайын, оның өсу мерзімі қысқарады.
Сүтқоректі жануарлар организмінің дене мөлшері мен оның өсу жылдамдығы және өсу мерзімі арасында да байланыстылық болады. Дене мөлшері майда жануарлар қарқынды өседі, бірақ өсу мерзімі қысқа, керісінше, ірі жануарлардың өсу мерзімі ұзақ, бірақ өсу қарқыны нашар болады.
3-сұрақ. Қаңқа - бір-бірімен заңды түрде байланысқан сүйектер мен шеміршектердің жүйесі. Скелет, қаңқа (грек. skeleton - қатып қалу, сему). Остеология (osteologia s. systema sceleti - сүйектер туралы ілім, сүйектер жүйесі; лат. os, грек. osteon - сүйек, остеон және ілім) - қаңқа сүйектерін зерттейтін морфология ілімінің бөлімі. Қаңқа - жануарлардың сыртқы дене бітімін, кеңістіктегі қалпын анықтайды. Ол бұлшық еттер үшін тіректік, рычагтық және тіршілікке тым қажет мүшелер (ми, жұлын, жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, жыныс бездері, жатыр, қуық т.б.) үшін қатты да берік қабырғалар жасап, қорғаныс қызметтерін атқарады. Сондай-ак, қаңқа сүйектері организмдегі май және минеральды алмасуларға қатысады. Сүйектің қызыл кемігі майында қантүзілу процесі (гемопоэз) жүреді (эритроциттер, лейкоциттер, қан табақшалары түзіледі). Қаңқа сүйектернің жануарлар денелеріндегі үлес салмағы, олардың түріне, тұқымына, жасына, жынысына, физиологиялық (буаздық, сауылыу және т.б.) жағдайларына баланысты 6% - 13% дейін өзгеріп отырады. Мысалы, малдың етті тұқымының қаңқа сүйектерінің көрсеткіштері сүтті тұқым көрсеткіштеріне қарағанда аздау, жас төлдер сүйектерінің көрсеткіштері сақа малдар көрсеткіштерімен салыстырғанда көбірек болады. Арық малдар қаңқасының үлес салмағы семіз малдар көрсеткіштеріне қарағанда жоғары болып келеді.
Бақылау сұрақтары:
1. Организнің анықтамасын беріп, оның жалпы сипаттамасына тоқталыңыз.
2. Организмдегі мамандану бағыттарына сәйкес мүшелер жүйелерін қандай топтарға бөледі?
3. Неліктен сомалық мүшелер жүйелері деп аталады? Оларға қандай мүшелер жүйелері жатады?
4. Неліктен ішкі мүшелер жүйелері деп аталады? Оларға қандай мүшелер жүйелері жатады?
5. Неліктен біріктіруші мүшелер жүйелері деп аталады? Оларға қандай мүшелер жүйелері жатады?
6. Жануарлар организмі құрылысының жалпы принципі мен даму заңдылықтарының сипаттамасы.
7. Омыртқалы жануарлар дене құрылысының қандай заңдылықтарын білесіз?
8. Жануарлар организмінің дене бөлімдері мен аумақтарына тоқталып, оларға толық сипаттама беріңіз.
9. Тірі организмге тән биологиялық қасиеттер, оларға сипаттама.
10. Қаңқаның жалпы сипаттамасы.
Ұсынылған әдебиеттер:
1. Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы оқулығы, 2005, 184 - 192 беттер.
№2 ДӘРІС.
Дәрістің тақырыбы: Қаңқа сүйектерінің құрылымдық заңдылықтары
Дәрістің мақсаты: студенттерді жануарлар қаңқасы сүйектерінің құрылысымен, олардың химиялық құрамы және физикалық қасиеттерімен, түрлерімен және даму сатыларымен таныстыру.
Түйінді сөздер: қаңқа, сүйектер, остеогенез.
Иллюстрация: жануарлар қаңқасы, сүйектің құрылысы, остеогенез (таблицалар, слайдтар).
Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:
1. Қаңқа сүйектерінің анатомиялық құрылысы.
2. Сүйектің химиялық құрамы және физикалық қасиеттері.
3. Қаңқа сүйектерінің түрлері және дамуы.
Дәрістің мазмұны:
1-сұрақ. Жануарлар қаңқасы сүйектер жүйесінің мүшесі - сүйек. Сүйектер бір-бірімен заңды түрде байланысып, сүйектер жүйесін құрайды. Орта есеппен жылқы қаңқасында - 214, сиырда - 213 - 219. шошқада - 288, итте - 272, ал алабуғада (балық) - 4386 сүйек болады екен. Аам қаңқасында 266 сүйек болады.
Мүше ретіндегі сүйектің құрылысы. Сүйек - сыртынан дәнекер ұлпалық қабықпен қапталған. Бұл қабықты сүйекқап (лат. Periosteum) - деп аталады. Сүйекқап арқылы сүйекке қан тамырлары мен жүйкелер еніп, оның қоректенуі мен сезімталдығын қамтамасыз етеді. Сүйекқап өз кезегінде екі қабаттан тұрады. Оның сүйекқапқа беріктік қасиет беретін сыртқы талшықты (фиброзды) қабаты талшықты тығыз дәнекер ұлпасынан, ал сүйекпен жанасатын ішкі түзгіш (камбиальды) қабаты - сүйек ұлпасын түзуге маманданған жас жасушаларға (остеобласттарға) бай борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады. Остеобласттар - жас төлдердің сүйектерінің қалыңдап және ұзынынан өсуін, сақа жануарлардың сынған, болмаса жарылған сүйектерінің қалпына келуін қамтамасыз етеді. Сүйектер де басқа мүшелер сияқты бірнеше ұлпалардың бірлестігінен (дәнекер, шеміршек, жүйке, сүйек ұлпалары) құралғанымен, олардың негізін сүйек ұлпасы құрайды. Сүйек екі түрлі заттан: сүйектің қатты затынан (substantia ossea compacta) және кемік затынан (substantia ossea spongiosa) құралған. Сүйекке қаттылық және беріктік қасиеттер беретін сүйектің қатты затын бір-біріне тығыз пареллельді орналасқан сүйек тақташалары құрайды. Сүйектің қатты заты - барлық сүйектерді сыртынан қаптайды және жіліктердің денелерін (диафиздерін) түзеді. Сүйектің кемік заты - жіліктердің бастарының (эпифиздерінің), омыртқалардың және басқа жалпақ сүйектердің ішіндегі кемігін құрайды. Кемік затты құрайтын сүйек тақташалары аралықтарында қалатын тым майда ұяшықтарда организмдегі қантүзілу процесін іс жүзіне асыратын сүйектің қызыл кемігі майы (Medulla ossium rubra), ал жіліктердің қуысында жілік майы (Medulla ossium flava) орналасады. Жіліктер қуыстарының жілік майы жағындағы ішкі беті жұқа дәнекер ұлпалық қабықпен (Endosteum) астарланған. Сүйектердің буындық беттері гиалинді шеміршекпен (Cartilago articularis) қапталған.
2 - сұрақ. Сүйектің химиялық құрамында органикалық және бейорганикалық заттар болады. Жаңадан сойылған мал сүйегінің 28,2 % органикалық зат құрайды. Оның ішінде протеин (оссеин талшықтары) 12,7%, липид - 15,5%. Сүйектің бейорганикалық затының 50% - су, ал қалған 21,8% - минеральдық тұздар. Кептірілген сүйек - оссеиннен және минеральдық тұздардан тұрады. Тұздар: фосфорлы қышқыл кальций - 85 %, көмірқышқыл кальций - 9%, фторлы кальций - 3%.
Сүйектердің физикалық қасиеттері құрамындағы органикалық және минеральдық тұздардың ара қатынасына байланысты. Минеральдық тұздар қаңқа сүйектеріне қаттылық қасиат, ал органикалық зат (коллаген талшықтары) оларға серпімділік және иілгіштік қасиет береді. Бірақ, қаңқа сүйектерінің құрамындағы минеральдық тұздардың мөлшері қалыпты жағдайдағы көрсеткіштен артып кетсе, онда сүйек омырылғыш және сынғыш, ал тұздардың мөлшері азайып, керісінше, сүйектерде органикалық заттың үлесі салыстырмалы көбейіп кетсе, онда қаңқа сүйектері иілгіш болып кетеді. Көктемгі кезде азықтың құрамында кальций және фосфор тұздары аз болса, онда буаз сиырлар сүйектерінің құрамындағы тұздар іштеріндегі төлдердің қаңқа сүйектерінің қалыптасуына жұмсалып, сиырлар сүйектеріндегі тұздардың мөлшері күрт азайып кетеді де, мал сүйектері жұмсарып иілгіш болып, өз денелерін көтере алмайтын көтерем ауруына (остеомаляцияға) шалдығады. Жаңадан туған жас төлдер қаңқа сүйектерінің құрамындағы кальций және фосфор тұздарының қалыпты жағдайдағы мөлшерден аз болуы - төлдер буындарының ісініп, аяқтары майысып денелерін көтере алмайтын мешел ауруының (рахиттің) өрбуіне әкеліп соқтырады. Сонымен, қаңқа сүйектерінің беріктік қасиеті - олардың минеральдық тұздарға байланысты болатын қаттылық қасиеті мен органикалық заттармен байланысты сепімділік қасиеттерінің ара қатынастарына тікелей байланысты. Қалыпты жағдайда жануарлар қаңқа сүйектерінің орташа құрамы: су - 50%, оссеин (коллаген талшықтары) - 12,4%, май - 15,75%, минеральдық тұздар - 21,85%. Қаңқа сүйектерінің химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері жануарлардың жасына, жынысына, түріне, сүйектердің қаңқадағы орындарына, организмнің физиологиялық жағдайыны байланысты.
3 - сұрақ. Қаңқа сүйектерінің пішіні мен түрлері, олардың қаңқадағы орналасу орындарына және атқаратын қызметіне тікелей байланысты. Сүйектер пішіндерінің қалыптасып дамуына, оларға сырттан бағытталатын күштер мен бұлшықеттер әсер етеді. Жануарлар қаңқасындағы сүйектер, өздерінің пішініне қарай: ұзын, қысқа, жалпақ, аралас және ауалы сүйектер болып ажыратылады.
Ұзын сүйектерге (оssa longa) аяқ қаңқаларының жіліктері және қабыртқалар жатады. Іші қуыс жіліктер түтікше сүйектерге, ал қабыртқалар - ұзын имек сүйектерге жатады. Жіліктердің тұлғаға жақын орналасқан жоғарғы басын - проксимальды эпифиз, төменгі басын - дистальды эпифиз, ал ортаңғы олардың денелерін - диафиз деп атайды.
Қысқа сүйектерге (оssa breva) тізе, тілерсек, қысқа бақай сүйектері, тиек сүйектер (сезам сүйектері) жатады. Бұлардың ұзындығы, ені, биіктігі, қалыңдығы бір-бірімен шамалас болып келеді.
Жалпақ сүйектерге (оssa plana) жауырын, жамбас, бассүйектің жабынды жалпақ сүйектері, төссүйек жатады.
Аралас сүйектерге (ossa mixtum) омыртқалар, бассүйектің негіздік сүйектері (шүйде, сынаша және т.б. сүйектер) жатады. Бұларға қысқа және жалпақ сүйектерге тән қасиеттер ортақ болып келеді.
Ауалы сүйектерге (оssa pneumatica) бассүйектің жоғарғыжақ және маңдай сүйектері, құстардың жіліктері жатады. Бассүйектің аталған сүйектерінде ішкі беті кілегейлі қабықпен астарланған іші ауаға толған қойнаулар (қойнаулар қабынғанда гаймарит, фронтит аурулары өрбиді) болады. Ауалы сүйектер берік те жеңіл болып келеді.
Жануарлар онтогенезінде қаңқа сүйектері екі түрлі жолмен дамып жетіледі. Олар: біріншілік сүйектену және екіншілік сүйектену. Біріншілік сүйектену кезінде сүйектер үш даму кезеңдерінен өтеді:
Бірінші кезеңде: мезенхимадан - жарғақтық қаңқа дамиды;
Екінші кезеңде: жарғақтық қаңқадан шеміршектік қаңқа жетіледі;
Үшінші кезеңде: шеміршектік қаңқадан сүйектік қаңқа дамып жетіледі.
Сүйектер дамуының, яғни сүйектенудің екі түрі ажыратылады:
1. Энхондральды сүйектену (ossificatio enchondralis);
2. Перихондральды сүйектену (ossificatio perichondralis).
Әрбір сүйекте сүйектену ошақтары түзіледі. Мысалы, омыртқада 5 сүйектену ошақтары: денесінде, оның екі эпифизинде және омыртқа доғасының екі қапталында; жіліктерде 3 сүйектену ошағы: диафизинде және екі эпифизинде; қысқа сүйектерде 1 ошағы болады.
Екіншілік сүйектену жолымен бассүйектің жабынды сүйектері дамып жетіледі. Бұлар екі кезеңнен өтеді.

Екінші кезеңде: жарғақтық қаңқадан бірден сүйектік қаңқа дамып жетіледі.
Жануарлар филогенезінде де, қаңқа сүйектерінің даму үш кезеңнен өтеді:
1. Жарғақтық қаңқа - хорда, желі (қандауыршаның жарғақтық қаңқасы);
2. Шеміршектік қаңқа - шеміршекті балықтардың қаңқасы шеміршектерден тұрады (акула, скат);
3. Сүйектік қаңқа - сүйекті балықтардан бастап сүтқоректі жануарларға дейінгі жануарлардың барлығында қаңқа негізінен сүйектерден құралған, тек азғана шеміршектер сақталады.
Бақылау сұрақтары:
1. Қаңқа - сүйектер жүйесі ретінде қандай мүшелерден тұрады?
2. Мүше ретіндегі сүйектің анатомиялық құрылысы.
3. Қаңқа сүйектерінің химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері.
4. Сүйектің қалыпты жағдайдағы химиялық құрамына тоқталыңыз.
5. Сүйектер құрамында минеральдық заттар қалыпты жағдайдан (нормадан) көп болса, қандай қасиеттермен ерекшеленеді?
6. Сүйектер құрамында органикалық заттардың қалыпты жағдайдан көбейіп, минеральды заттардың азаюы - жануарларды қандай ауруларға шалдықтырады?
7. Қаңқадағы сүйектер түрлері.
8. Сүйектер дамуының онтогенезі.
9. Сүйектер дамуның филогенезі.
Ұсынылған әдебиеттер:
Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы оқулығы, 2005, 190 - 196 беттер.
№3 ДӘРІС.
Тақырыбы: Қаңқа сүйектерінің байланысы.
Дәрістің мақсаты: Студенттерді қаңқа сүйектерінің байланыс түрлерімен, олардың құрылысымен және қаңқа бөлімдеріндегі сүйектер байланыстарының ерекшеліктерімен таныстыру.
Түйінді сөздер: тұтаса байланыс, буынды байланыс, синсаркоз, синэластоз, синдесмоз, синхондроз, синостоз.
Иллюстрация: сүйектер байланыстары түрлерінің таблицалары, слайдтар, атлас.
Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:
1. Қаңқа сүйектерінің байланыс түрлері, олардың жалпы сипаттамасы. Сүйектердің тұтаса байланысының түрлері.
2. Буынды байланыстың құрылысы және түрлері.
3. Біліктік және шеткі қаңқа сүйектерінің байланыс ерекшеліктері.
4. Сүйектер байланысының дамуы.
Дәрістің мазмұны:
1-сұрақ. Қаңқа сүйектерінің байланыс түрлерін зерттейтін морфология ілімінің саласын syndesmologia (грек. syn - байланыс, desmos - дәнекер, logos - ілім) деп атайды. Сүйектер байланысы (Juncturae ossium, s. Articulationеs) - қаңқа сүйектерінің бір-бірімен өзара белгілі заңдылықпен байланысып, сүйектер жүйесінің денедегі қимыл, тіректік, қорғаныс қызметтерін атқаруын қамтамасыз етеді. Организмдегі атқаратын қызметіне байланысты қаңқа сүйектері бір-бірімен түрліше байланысады. Негізінен қаңқа сүйектері байланысының екі түрі болады. Олар: сүйектердің тұтаса байланысы (synarthrosis) және сүйектердің қозғалмалы байланысы немесе буынды байланыс (diarthrosis). Қаңқа сүйектері бір-бірімен түрлі ұлпалар арқылы өзара тұтаса байланысады, яғни байланысқан сүйектер аралықтарында қуыс қалмайды. Қаңқа сүйектері тұтаса байланысының жануаралар организмдерінде, оларды байланыстыратын ұлпаларға байланысты бес түрі ажыратылады. Олар:
1. synsarcosis - қаңқа сүйектерінің бұлшықеттер арқылы байланысы (жауырынның тұлғаның көкірек керегесімен байланысы);
2. synelastosis - қаңқа сүйектерінің серпімді талшықты дәнекер ұлпасы (эластинді ұлпа) арқылы байланысы (бассүйек шүйде сүйегінің мойын және көкірек омыртқаларымен желке және омыртқалараралық эластинді байламдар арқылы арқылы);
3. syndesmosis - қаңқа сүйектерінің дәнекер ұлпасы арқылы байланысы. Синдесмоз өз кезегінде дәнекер ұлпалық аралықтың құрылысына байланысты үш түрге бөлінеді:
1) жарғақ (membranа) - қаңқа сүйектерінің коллаген талшықтарынан тұратын жұқа жарғақпен байланысы (шүйде-атлант буынының жарғағы, құйымшақ пен жамбас сүйектер аралықтарындағы жарғақ);
2) байлам (ligamentum) - берік коллаген талшықтары шоғырларынан құралған сіңір баламмен сүйектердің байланысы (иттің кәрі жілігі мен шынтақ сүйегін жалғастырып тұрған сіңір байлам);
3) жік (sutura) - аралықтарындағы тым жұқа дәнекер ұлпалық аралықтар арқылы сүйектердің байланысы. Жіктік байланысқа жас төлдер бассүйектерінің өзара жіктермен байланысы жатады. Жіктер - пішініне байланысты үш түрге бөлінеді: 1) тегіс жік (sutura plana), тісше жік (sutura serrata) және қабыршақша жік (sutura squamosa);
4. synchondrosis - қаңқа сүйектерінің шеміршек ұлпасы арқылы байланысы (омыртқалар денелері арасында, төссүйек бөлікшелері аралығында);
5. synostosis - қаңқа сүйектерінің сүйек ұлпасы арқылы байланысы немесе сүйектену (сақа жануарлар бассүйектерінің, құйымшақ омыртқалардың, жамбас сүйектерінің, кейбір тізі және тілермек сүйектерінің сүйектенуі).
2-сұрақ. Буынды байланыс (diarthrosis) немесе буын (articulatio) - қаңқа сүйектерінің буын қуысы арқылы бір-бірімен өзара қозғалмалы байланысып, организмдегі түрлі қимыл қозғалыстарды қамтамасыз етеді. Буын қуысында байланысатын сүйектер бастарын майлап тұратын қоймалжың сұйық - синовия (synovia) болады.
Буынның құрылысы: 1. Буын қапшығы (capsula articularis) - буынды құрайтын сүйектер бастарын сыртынан қаптап, буын қуысындағы синовияның ағып кетпеуін қамтамасыз етеді (буын қапшығы сүйекқаптың тікелей жалғасы). Буын қапшығы өз кезегінде екі қабаттан тұрады:
талшықты (фиброзды) жарғақ (membrana fibrosa) - сыртқы сүйекқаптың талшықты қабатының жалғасы;
синовиялы жарғақ (membrane synovialis) - синовияны бөлетін бір қабат немесе бірнеше қабат жалпақ дәнекер ұлпалық жасушалардан тұратын ішкі қабат;
2. Буын қуысы (cavum articularis) - буындарды құрайтын сүйектер бастарының арасындағы қуыс. Буын қуысында сүйектер бастарын қаптап тұрған буын шеміршектерінің беттерін майлап тұратын қоймалжың сұйық - synovia болады. Оның 98 % - су, 2% - протеин.
3. Буын шеміршегі (cartilagо articularis) - буынды құрайтын сүйектер бастарының буындық беттерін қаптап тұратын гиалинді шеміршек ұлпасынан тұрады. Буын шеміршегі - синовия арқылы қоректенеді және өзінің ыдырау өнімдерін де, синовияға шығарады.
Буындарың жіктелуі:
Жануарлар қаңқасындағы буындар құрылысына байланысты: қарапайым буындар және күрделі буындар болып екі топқа бөлінеді:
Қарапайым буындар - екі сүйек бастарынан құралған. Олардың аралығында синовияға толған тек бір буын қуысы (тіласты сүйек бунақтарының буындары, шүйде-атлант буыны, білік-атлант буыны, иық буыны, жамбас-ортан жілік буыны, бақай буындары) болады.
Күрделі буындар - буынды құрайтын негізгі екі сүйек бастарының арасында бір немесе бірнеше қатарда орналасқан майда сүйектер болмаса шеміршектер аралықтары болады. Нәтижесінде күрделі буындарда екі немесе бірнеше буын қуыстары (самай-төменгіжақ буыны, шынтақ буыны, тобық буыны, тізе буыны, тілерсек буыны) болады.
Қаңқа буындары қызметіне байланысты: бірбілікті буындар, қосбілікті буындар, көпбілікті буындар және сырғанай қозғалатын буындар болып төрт топқа бөлінеді.
Бірбілікті буындарда қимыл тек бір біліктің бойымен жүреді. Бірбілікті буындарға: сүйектер бастарының пішіні: шығыр тәрізді буындар (шынтақ буын, тізе буын, тобық буын, тілерсек буын, бақай буындар), цилиндр тәрізді буындар (білік-атлант буыны) және бұранда тәрізді буындар (жылқының тілерсек буыны) жатады.
Қосбілікті буындарда қимыл бір-біріне перпендикулалы екі біліктің бойымен жүреді. Қосбілікті буындарға сүйектер бастарының пішіні: сопақ буындар (шүйде атлант буыны, самай-төменгіжақ буыны) және ер тәрізді буындар (күйіс қайтаратын жануарлардың қабыртқа-омыртқа буындары) жатады.
Көпбілікті буындарда қимыл бір-біріне перпендикулалы үш немесе оданда көп біліктің бойымен жүреді. Көпбілікті буындарға пішіні: шар тәрізді буындар (иық буын, жамбас-ортан жілік буыны) жатады.
Сырғанай қозғалатын буындарға сүйектер бастарының пішіні жалпақ буындар (омыртқалардың краниальды және каудальды буындық өсінділерінің буындары, құйымшақ-мықын буыны) жатады.
Буындардағы қозғалыстардың түрлері: жызылу (экстензио), бүгілу (флексио), алыстау (абдукцио), жақындау (аддукцио), айналу (ротацио): сыртқа айналу )супинацио) және ішке айналу (пронацио).
Буынның көмекші мүшелері: шеміршек дискі, шеміршек тегіршіктер, байламдар, тиекше сүйектер.
3-сұрақ. Біліктік қаңқа сүйектерінің байланысы:
Бассүйек сүйектерінің байланыс түрлері: жіктер (тегіс, тісше, қабыршақша), буындар (самай-төменгіжақ буыны, тіласты сүйек бунақтарының буыны).
Омыртқалар байланысы: синхондроз (омыртқа денелерінің байланысы), синостоз (құйымшақ омыртқаларының денелері), синдесмоз (омыртқа доғалары), қарапайым жалпақ буындар (омыртқалардың буын өсінділері).
Омыртқа бағанындағы байланыстар: 1. Байламдар: 1) сегментаралық байламдар (доғааралық, жоталыө өсінділераралық, көлденең өсінділераралық); 2) жалпы байламдар (дорсальды ұзын байлам, вентральды ұзын байлам, жотаүстілік байлам, желке - арқанша және тақташа бөліктер); 2. Буындар (шүйде-атлант буыны, атлант-білік буыны).
Көкірек керегесі сүйектерінің байланысы: буындар: қабыртқа-омыртқа буындары (қабыртқа бастарының буындары, қабыртқа-көлденең өсінділер буындары, күйіс қайтаратын жануарлар мен шошқада - төссүйек тұтқасы-денесі буыны, қабыртқа-төссүйек буындары); байламдар (буыніші байламдар - қабыртқа басы мен омыртқа ойысын жалғастырады, қабыртқалар бастарыаралық байламдар).
Аяқтар сүйектерінің байланысы:
Алдыңғы аяқ сүйектерінің байланысы: иық буыны, шынтақ буыны (латеральды және медиальды бүйір байламдар), тізе буыны (ұзын және қысқа бүйір байламдар, қатараралық байламдар, сүйектераралық байламдар), бақай буындары: тұсамыс буыны (бүйір байламдары, арнайы тиекше сүйек байламы), топай буыны (бүйір байламдар, пальмарлы байлам), тұяқ буыны (бүйір байламдар, жылқыда - тұсамыс-тиекше байлам, тұяқ-тиекше байлам, жұп тұяқты жануарларда - тұяқаралық крест тәрізді байламдар).
Артқы аяқ сүйектерінің байланысы: құйымшақ-мықын буыны (дорсальды ұзын және дорсальды қысқа құйымшақ-мықын байламдары, құйымшақ-шонданай байламы), жамбас-ортан жілік буыны (көлденең байлам, жұмыр байлам, жылқыда - жұмыр байлам), тобық буыны: тобық сүйек буыны (көлденең латеральды және медиальды ортан жілік-тобық байламдары, тобық сүйектің: латеральды, ортаңғы, медиальды тік байламдары), ортан жілік-асықты жілік буыны (ортан жілік-тегіршік байламы, алдыңғы асықты жілік-тегіршік байламы, артқы асықты жілік-тегіршік байламы, латеральды және медиальды бүйір байламдары, буын ішіндегі крест тәрізді байламдар), тілерсек буыны (ұзын, қысқа латеральды және медиальды байламдар, қатараралық байламдар, сүйектераралық байламдар, дорсальды және плантарлы тілерсек байламдары), бақай буындары.
4 - сұрақ. Сүйектердің тұтаса байланыс түрі - сүйектераралық мезенхимадан, ал буынды байланыстар - сүйекаралық мезенхиманың ыдырауынан буын қуысы мен ондағы синовия, буын қапшығы, буын шеміршегі, байламдар - мезенхимадан дамиды.
Бақылау сұрақтар:
1. Қаңқа сүйектерінің тұтаса байланысының түрлері.
2. Буынның құрылысы, олардың түрлері.
3. Біліктік қаңқа сүйектерінің байланыс түрлері.
4. Аяқтар сүйектерінің байланыс түрлері.
5. Сүйектер байланыстарының даму.
Ұсынылған әдебиеттер:
1. Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы оқулығы, 2005, 240 - 251 беттер.
№4 ДӘРІС.
Тақырыбы: Бұлшықеттер жүйесінің морфологиясы.
Дәрістің мақсаты: Студенттерді бұлшықеттердің түрлерімен, олардың құрылысымен, анатомиялық бөліктерімен, қаңқа бұлшық еттерінің жіктелуімен және бұлшықеттердің көмекші мүшелерімен таныстыру.
Түйінді сөздер: бұлшықеттер, миосимпласт, миоглобин, экстензор, флексор, аддуктор, абдуктор, супинатор, пронатор, шандыртензор, леватор, депрессор, ретрактор, констриктор, дилятатор.
Иллюстрация: жануарлар бұлшықеттерінің таблицалары, слайдтар, атлас.
Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:
1. Бұлшықеттер жүйесінің жалпы сипаттамасы, бұлшықеттердің дамуы.
2. Мүше ретіндегі бұлшықеттің құрылысы, оның анатомиялық бөліктері.
3. Ішкі құрылысына, пішініне және қызметіне байланысты бұлшықеттердің жіктелуі.
Бұлшықеттердің көмекші мүшелері.
4. Қаңқа бұлшықеттерінің жіктелуі.
Дәрістің мазмұны:
1-сұрақ. Жануарлар организмдерінде даму тегіне байланысты бұлшықеттер: сомалық бұлшықеттер және висцеральдық (іштік) бұлшықеттер болып екі топқа ажырайды. Ұрықтың сегменттелмеген мезодермасынан (спланхнотомынан) қалыптасатын желбезек аппаратынан дамып жетілетін висцеральдық бұлшықтерге: бастың бет (мимикалық бұлшықеттер) және шайнау бұлшықеттері, көздің бұлшықеттері, құлақтың бұлшықеттері, бастың теріасты бұлшықеттері, тіласты сүйектің бұлшықеттері, жұтқыншақтың бұлшықеттері, көмекейдің бұлшықеттері, трапеция тәрізді бұлшықет, төс-бас және иық-бас бұлшықеттер, ішкі мүшелер құрамындағы етті қабықтар мен етті қабаттар жатады. Жануарлардың бас аумағындағы висцеральдық бұлшықеттер түрөзгеріске ұшырап, сомалық бұлшықеттер тәрізді бас сүйектерімен байланысып, қаңқа бұлшықеттеріне айналған.
Сомалық бұлшықеттер - сегменттелген мезодерма - сомиттің миотомынан склеротомымен бірге дамиды. Сондықтан, сомалық (денелік) бұлшықеттер қаңқа сүйектерімен байланысып, біртұтас тірек-қимыл аппаратын құрайды. Осыған байланысты бұларды қаңқа бұлшықеттері деп те атайды. Қаңқа бұлшықеттері - тірек-қимыл аппаратының белсенді бөлігін, ал қаңқа сүйектері - оның енжарлы, бірақ, тым қажет бөлігін құрайды.
Сомалық бұлшықеттерді зерттейтін морфология ілімінің саласын myologia (грек. myon - ет, бұлшықет; logos - ілім) деп атайды. Бұлшықеттер жүйесі - жануарлар организмдерінің кеңістіктегі қозғалысы (жүру, жүгіру, секіру, өрмелеу, ұшу, жүзу, жорғалау т.б.) мен дене мүшелерінің салыстырмалы қимылын іс жүзіне асырады. Бұлшықеттердің тіршілік қасиеттері: жиырылғыштық, тітіркенгіштік, серпімділік және ширығушылық (тонус). Бұлшықеттердің жиырылу процесін іс жүзіне асыратын құрылымдарға бұлшықеттер паренхимасын құрайтын ет талшықтары (миосимпласттар) цитоплазмасындағы арнайы органеллалар - миофибриллалар (протеиндік жіпшелер).
Бұлшықеттер - дененің кеңістіктегі қозғалысын және тепе-теңдігін сақтаумен қатар, организмдегі тыныс алуды, шайнауды, құсақ қабырғасын қатайтып қысу арқылы нәжісті, несепті бөліп шығару процестерін және т. б. қызметтерді іс жүзіне асырады. Сондай-ақ, олар қоректік заттар құрамымен (протеиндер, липидтер, көмірсулар) организмге келген химиялық қуаттың 70 % - жылу энергиясына (дене қызуын реттеуге қатысады), ал 30 % - механикалық энергияға айналдырып, трансформатор қызметін де атқарады.
Жануарлар денелеріндегі бұлшықеттердің орташа үлес массасы:
Жылқыда - 47,4 %;
Сиырда - 42,0 % - 47,0 %;
Қой мен ешкіде - 34,0 %;
Шошқада - 31,0 %.
Бұлшықеттің химиялық құрамының орташа көрсеткіштері:
Су - 75,0 %;
Минеральдық тұздар - 1,0 %;
Органикалық заттар - 24 %.
Органикалық заттардың құрамы:
Протеиндер - 20,2 %;
Майлар - 2,0 %;
Көмірсулар - 0,6 %;
Май тәрізді заттар - 0,8 %;
Азотты экстрактивтік заттар - 0,4 %.
Бұлшықеттер түсінің әр түрлі болуы - бұлшықет талшықтары саркоплазмасында құрамында болып, тыныс алу процесіне қатысатын , темір молекуласымен байланысқан миоглобин хромопротеидінің мөлшеріне байланысты. Миоглобин көп болған сайын, бұлшықеттің түсі қызыл-қоңырлана бастайды, ал азайған сайын - бұлшықеттің түсі ақшыл-қызғылт түске айналады.
2 - сұрақ. Мүше ретіндегі бұлшықеттің құрылысы. Бұлшықеттер құрылысы жағынан паренхималы мүшелерге жатады, яғни екі бөліктен: паренхимадан және стромадан тұрады. Мүше паренхимасын (мүшенің негізгі қызметін атқаратын жұмысшы бөлігі) көлденең жолақты бұлшықет талшықтары (миосимпласттар), ал оның стромасын (ет талшықтарын бір-бірімен өзара біріктіріп, біртұтас мүшеге айналдырады. Строма арқылы бұлшықетті қоректендіретін қан мен лимфа тамырлары және бұлшықет талшықтарының қызметін реттейтін жүйкелер өтеді) - борпылдақ дәнекер ұлпасы құрайды. Бұлшықеттің сыртқы жұқа дәнекер ұлпалық қабығын эпимизий, бұлшықетті құрайтын ет талшықтарының шоғырларын бір-бірінен бөліп, оларды өзара біріктіріп тұратын дәнекер ұлпалық аралықты перимизий, ал шоғырлардың ет талшықтарын бір-бірімен өзара байланыстырып тұратын тым жұқа дәнекер ұлпалық аралықты эндомизий деп атайды. Осы аталған дәнекер ұлпалық аралықтар (эпимизий, перимизий, эндомизий) бірігіп, бұлшықеттің дәнекер ұлпалық қаңқасын (стромасын) түзеді.
Бұлшықеттің анатомиялық бөліктері. Бұлшықет (лат. musculus) - үш бөліктен: бұлшықет басы (лат. caput musculi), бұлшықет құрсағы (лат. venter musculi) және бұлшықет құйрығы (лат. cauda musculi) тұрады. Бұлшықеттің сіңірлі басы қозғалмайтын сүйектегі нүктеден (punctum fixum) басталады, бұлшықеттің сіңірлі құйрығы - қозғалатын сүйектегі нүктеде (punctum mobile) аяқталады. Бұлшықет бас мен бұлшықет құйрығы - бұлшықеттің сіңірлі (tendo musculi) ұштары. Бұлшықет құрсағы - бұлшықет талшықтарынан (паренхима) және оларды біріктіріп тұратын дәнекер ұлпалық аралықтардан (строма) құралған. Бұлшықет сіңірлерінің құрылысы да бұлшық ет құрсағына ұқсас, яғни паренхимадан (коллаген талшықтарынан) және стромадан (борпылдақ дәнекер ұлпасынан) тұрады.
3 - сұрақ. Ішкі құрылысына байланысты бұлшықеттер: қарапайым бұлшықеттер және қауырсынды бұлшықеттер болып екі топқа бөлінеді. Қарпайым бұлшықеттердің ет талшықтары бұлшықеттің ұзын білігіне пареллельді орналасады. Бұлардың анатомиялық көлденеңі (бұлшықет білігіне көлденең жүргізілген жазықтық) мен физиологиялық көлденеңінің (бұлшықет талшықтары бағыттарына көлденең жүргізілген жазықтық) ұзындығы шамалас болады, тым күшті жиырылып, көп жұмыс атқарады, бірақ, тез шаршайды. Қарапайым бұлшықеттерге аяқтардың бұлшықеттері жатады. Қауырсынды бұлшықеттердің ет талшықтары бұлшықеттің ұзын білігіне қиғаш орналасады, сіңірлі арқаулар бұлшықеттің ішіне қарай әр түрлі бағытта еніп жатады. Қиғаш орналасатын бұлшықет талшықтары сіңірлі арқаулар бағыттарына сәйкес: бір бағытта, екі бағытта немесе көп бағытта жатады. Осыған байланысты қауырсынды бұлшықеттер: бірқауырсынды бұлшықеттер, қосқауырсынды бұлшықеттер және көпқауырсынды бұлшықеттер болып бөлінеді. Қауырсынды бұлшықеттердің анатомиялық көлденеңі, олардың физиологиялық көлденеңіне қарағанда қысқа болып келеді.
Пішініне байланысты бұлшықеттер: жалпақ, дөңгелек, ұзын, қалың бұлшықеттер болып бөлінеді. Жалпақ бұлшықеттер - негізінен жануарлар денесінің тұлға бөлігінде, ұзын және қалың бұлшықеттер - аяқтарда, дөңгелек бұлшықеттер - сыртқы ортамен қатысатын дененің табиғи тесіктерінің қабырғаларында (қысқыш бұлшықеттер) орналасады. Бұлшық еттердің аталуы - олардың басталатын бастарының (екібасты, үшбасты, төртбасты бұлшықеттер) санына, орналасу орындарына (төс, қабыртқааралық т.б.), пішіндеріне (үшбұрышты, ромб, трапеция тәрізді, тісше, көпбөлімді бұлшықеттер) байланысты болады.
Қызметіне байланысты бұлшықеттер: динамикалық және статикалық бұлшықеттер болып бөлінеді. Динамикалық бұлшықеттер жануарлардың кеңістіктегі қозғалысын қамтамасыз етеді. Бұлар құрылысы жағынан қарапайым бұлшықеттер, күшті жиырылып,үлкен жұмыс атқарады, бірақ, тез шаршайды. Статикалық бұлшықеттер - жануарлар денесінің кеңістіктегі тепе-теңдігін сақтауға немесе денені белгілі-бір жағдайда бекітіп ұстап тұруға қатысады. Бұлар құрылысы жағынан негізінен қауырсынды бұлшықеттер, баяу және ұзақ жиырылып, көп уақытқа дейін шаршай қоймайды. Қаңқа бұлшықеттерінің ішінде динамикалық және статикалық таза бұлшықеттер сирек кездеседі, олардың көбі негізінен аралас бұлшықеттер.
Бұлшықеттер қызметіне байланысты әр түрлі аталады: жазғыш бұлшықеттер(экстензорлар), бүккіш бұлшықеттер (флексор), жақындатқыш бұлшықеттер (аддукторлар), алыстатқыш бұлшықеттер (абдукторлар), көтергіш бұлшықеттер (леваторлар), түсіргіш бұлшықеттер (депрессорлар), кергіш бұлшықеттер (тензорлар), тарылтқыш бұлшықеттер (констрикторлар), кеңейткіш бұлшықеттер (дилятаторлар), қысқыш бұлшықеттер ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz