Қазақ және түрік тілдеріндегі кәсіпке байланысты мақал - мәтелдер


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Абдиров Өркен Құрманәліұлы
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ КӘСІПКЕ БАЙЛАНЫСТЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ
6М020500 - «Филология: қазақ филологиясы» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алу үшін магистрлік диссертация
(ғылыми-педагогикалық бағыт)
Нұр-Сұлтан, 2020
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
«Қорғауға жіберілді»:
Филология факультетінің деканы
А. Б. Бейсенбай
«__» 2020 ж.
Магистрлік диссертация
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ КӘСІПКЕ БАЙЛАНЫСТЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ
Мамандық: 6М020500 - «Филология: қазақ филологиясы»
(ғылыми-педагогикалық бағыт)
Магистрант Ө. Қ. Абдиров
қолы
Ғылыми жетекші Ш. Қ. Құрманбаева
п. ғ. д., профессор қолы
Кафедра меңгерушісі Қ. Т. Маликов
қолы
Нұр-Сұлтан, 2020
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 4
1 ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ КӘСІПКЕ БАЙЛАНЫСТЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ . . . 8
1. 1 Мақал-мәтелдердің түркітану мен қазақ тіл білімінде зерттелуі . . . 8
1. 2 Кәсіпке байланысты мақал-мәтелдердің зерттелуі мен прагматикалық сипаты . . . 16
2 ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ КӘСІПКЕ БАЙЛАНЫСТЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІ ТІЛДІК ТАЛДАУ . . . 24
2. 1 Қазақ және түрік тілдеріндегі мақал-мәтелдердегі егін шаруашылығы концептісі . . . 24
2. 2 Қазақ және түрік тілдеріндегі мақал-мәтелдердегі мал шаруашылығы концептісі . . . 33
2. 3 Қазақ-түрік тілдеріндегі егіншілік пен мал шаруашылығына байланысты мақал-мәтелдер туралы жүргізілген әлеуметтік сауалнама . . . 41
2. 4 Шағын кәсіптерге байланысты мақал-мәтелдердің тілдік ерекшелігі . . . 51
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 59
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 63
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ-түрік тілдеріндегі мақал-мәтелдерді зерттеуде осы күнге дейін қарастырылмаған, өз шешімін таппай келе жатқан мәселелер біз қозғап отырған тақырыпта зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап етті. Мақал-мәтелдің зерттелуі аясының тарлығы, өз дәрежесінде түсініктемелер берілмеуі, олардың жасалуы мен қалыптасуына себепші болған интра және экстралингвистикалық құбылыстардың мәні толық ашылмауы, қазақ және түрік тілдеріндегі кәсіпке байланысты мақал мәтелдердің тақырыптық аяға топтастырылып жинақталмауы, олардың халық арасындағы қолданысының қазіргі жай-күйінің анықталмауы сияқты өзекті мәселелер әлі күнге дейін шешіле қойған жоқ.
Жалпы мақал-мәтелдер болсын, жеке тақырыптық топтағы мақал-мәтелдер болсын осы күнге дейін әр сала төңірегінде зерттелінді. Ал тіл саласында он жылға жуық мерзімде ғана түрлі зерттеулерді көзіміз шалып келеді. Лингвистикалық тұрғыда мақал-мәтелдерде қолданылатын тіл бірліктеріне жекелей тоқталып, олардың танымнан алатын орны сияқты мәселелерге ішінара мән берілсе де, қолданыстағы ерекшелігі, әлеуметтік актуалдылығы, олардың сөйлеу тілі мен ментализдегі өзгерісі жөнінде пікірлерді кездестірмедік. Біз осы қазақ және түрік тілдеріндегі мақал-мәтелдерді лингвистикалық тұрғыда зерделеу барысында аталған мәселелерге тереңірек бойлап, кәсіпке байланысты мақал-мәтелдердің мағынасын кеңінен ашып, тууына себеп болған жағдаяттарды анықтадық. Онымен қоса сөйлесім актісі кезіндегі нәтижелі қолданыс орнауы үшін, яғни сөйлесім актісі дұрыс жүзеге асу үшін қандай заңдылықтар орнауы керек екенін формула түрінде көрсетіп дәлелдедік.
Зерттеу жұмысында қазіргі күні дәл осы қазақ-түрік тіліндегі кәсіпке байланысты мақал-мәтелдердегі кәсіп, еңбек турасындағы мақалдардың мағыналық сипаты мен өзектілігіне қарай топтастырдық. Ортақ мағыналарға қарай мақал-мәтелдегі варианттылық пен инварианттылық құбылыстары жөнінде ғалымдар пікірін ортаға салып, өз көзқарасыммызды таныттық.
Жинақталған мақал-мәтелдер аясында екі тілдің тұтынушыларынан әлеуметтік сауалнама алдық. Сауалнама қатысушыларының дені Нұр-Сұлтан, Стамбұл, Денизлі, Анкара қалаларының тұрғындары болды. Қазақ тілді аудиторияның 69, 5%-ы әйел, 30, 5%-ы ер азаматтар, оның ішінде 93, 2%-ы 25 жасқа дейінгі респонденттер болса, 5%-ы 25 жастан жоғары, ал қалғаны 40 жастан үлкен қатысушылар болды. Түрік тілді аудиториядан да жоғарыдағыдай әлеуметтік критерийлер бойынша 46, 2% әйел, 52, 8% ер азаматтың, оның ішінде 57, 7%-ы 25 жасқа толмаған, ал қалғандары 40-қа дейінгі респонденттің жауабы алынды. Сауалнамаға таңдалып алынған респонденттер назарына егіншілік пен мал шаруашылығына байланысты 20 мақал-мәтел ұсынылды. Сауалнама нәтижесі сарапталып, қарастырылып отырған мәселенің шешілмеген тұстарына байланысты жаңа мақсаттар мен міндеттер бекітілді.
Қазақ және түрік халықтары айналысқан дәстүрлі шаруа түрлері жайында ғылыми деректер келтіріліп, макро және микро концепт түзетін кәсіп түрлеріне талдаулар жасалынды.
Зерттеу жұмысының мақсаты - қазақ және түрік тілдеріндегі кәсіпке байланысты мақал-мәтелдерді салыстырмалы лингвистикалық тұрғыдан талдауды ұйымдастыру. Паремиялогия бойынша осы кезеңге дейін жүргізілген зерттеулерді қарастыра отырып, зерттеу тақырыбымызға қатысты теориялық тұжырымдарымызды қалыптастыру. Ол үшін екі тілдегі мақал-мәтелдерді іріктеу, ондағы мақал-мәтелдерді зерттеу жұмысына қатысты болғандарын тақырып аясына сай топтастыру, екі тілде мақал-мәтелдер жинауда алынған олжалардың актив және пассивті сатыларын анықтауда әлеуметтік сауалнама жүргізу.
Зерттеу мақсатына төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- Лингвистикада мақал-мәтелдердің зерттелуін жүйелеу;
- Кәсіпке байланысты қазақ және түрік тілдеріндегі мақал-мәтелдерді жинастыру;
- Кәсіпке байланысты мақал-мәтелдердің мағыналарына түсініктеме беріп, ұқсастығы мен ерекшелігін анықтау;
- Кәсіпке байланысты мақал-мәтелдердің қолданылу сипатына талдау жасау;
- Қазақ және түрік тілді аудиториялары үшін егіншілікке және мал шаруашыллығына қатысты мақалдардың мағынасы мен актуалдылығына байланысты әлеуметтік сауалнама жүргізу мен нәтижелеріне сараптама жасау;
- Жинақталған мақал мәтелдерді макро және микро концептілерге топтастыру және оларды салыстыра талдау.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жалпы филологияда Р. Сәрсенбаев, Ә. Қайдар, Б. Шалабаев, Ө. Айтбаев, С. Сәтенова, Ғ. Тұрабаева, А. Нұрмаханов, т. б тілші мамандар зерттеулерінде қазақ мақал-мәтелдерінің тілдік ерекшеліктер сөз болды. Аталған зерттеулерден кейін елеулі еңбектер жазып, тілдік деректерді этнолингвистикалық тұрғыда зерделеп, көптеген ғылыми тұжырымдарды білім алаңына шығарған Ә. Қайдардың еңбегі зор.
Г. Л. Пермяков, Ю. М. Котова, Н. Н. Пантусов, Я. Лютш және т. б. паремиологтардың іргелі еңбектерін теориялық-методологиялық ұстын еткен Ж. Исаева, Г. Қалиева, Р. Жүнісова, М. Мирза, Б. Динаева сияқты ғалымдардың зерттеулерінде қазақ мақал-мәтелдері танымдық, этнолингвистикалық, прагматикалық, тұрғыдан қарастырылды. Аталған зерттеушілер мақала-мәтелдер мен паремиялар предекативті типтегі кешенді сөйлемдік құрылымдар үлгісіндегі фразеологияның объектісі емес, тілтанымдық пән ретінде қарастырылатын паремиологияның зерттеу нысаны деп таныды. Біз есімдері көрсетілген ғалымдардың ішінде қазақ паремиялогиялық бірліктері үшін Ә. Қайдар мен Б. Динаеваның еңбектеріне, осы уақытқа дейін аталған тақырып бойынша қарастырылмаған теориялық еңбек ретінде түрік ғалымы Ө. Аксойдың ғылыми көзқарастарына назар саламыз.
Зерттеу нысаны. Қазақ және түрік тілдеріндегі кәсіпке байланысты мақал-мәтелдер.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясының 66-69 томдары аралығындағы кәсіпке байланысты мақал мәтелдердер мен Ө. Аксойдың «Atasözler ve deyimler sözlüğü» жинақтамасы.
Зерттеу әдістері. Жұмыста, негізінен, сипаттамалық әдіс пен оның амалдары қолданылды. Тілдік айғақтар диахрониялық және синхрониялық тұрғылардан қарастырылды. Контекстуалдық талдау жолдарын пайдаландық. Ішінара прагмалингвистиканың және әлеуметтік лингвистиканың жекелеген әдістерін қолдандық. Қазақ және түрік тілдерінде кездесетін паремиялоггиялық бірліктердің тілдік қызметін анықтау үшін:
1) қазақ және түрік тілдеріндегі кәсіпке қатысты мақал-мәтелдерді салыстыру ;
2) лингвистикалық бірліктерді сипаттау және талдау;
3) екі тілдегі аталған тақырыптағы мақал-мәтелдердің актуалдығын анықтау үшін әлеуметтік сауалнама жүргізу және статистика әдістерін пайдаландық.
Зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде мақал-мәтелдерге кеңінен түсіндірме жұмысын жүргізіп, экстра және интралингвистикалық факторларды ескеріп, ұлттық таным мен тарихи жағдаяттарға назар салған Ә. Қайдар еңбегі мен паремиологияда мақалдардың жалпы қалыптасуына деген соны пікірлерін білдірген орыс ғалымы Г. Л. Пермяковтың және Б. Динаеваның мақал-мәтелдерді прагмалингвистикалық қырынан қарастырған еңбектерін алдық. Оған қоса түрік тіліндегі мақал-мәтелдердің мағынасын ашуда Ө. Аксойдың еңбектерін назарға алдық
Зерттеудің ғылыми жаңашылдығы. Паремиялогиялық бірлік болып табылатын мақал-мәтелдерді, оның ішінде қазақ-түрік тілдеріндегі кәсіпке байланысты мақал-мәтелдерді тілдік тұрғыда зерттеуде антрополингвистикалық бағыттағы зерттеулер ішінде дәл осы тақырыптағы паремиялогиялық бірліктерге прагматикалық қырынан қаралған, тікелей сауалнамалар арқылы әлеуметтік өзектілігі анықталған, жеке-жеке концептілерге жіктелген алғашқы еңбек болмақ. Осы кезеңге дейін әдебиеттану мен философиялық зерттеулерге негіз болған мақал-мәтелдерге лексикалық мағынасына қарай, құрылымы мен қатысымдық ерекшелігіне қарай тілдік талдау жасалды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық мәні. Зерттеу жұмысы бойынша алынған нәтижелерді паремиология, прагмалингвистика және әлеуметтік лингвистика пәндерінде, мақал-мәтелдерді лингвистикалық талдау арнайы курстарында көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар, қазақ филологиясы ғылымындағы әлі жеке зерттеу нысаны реттінде ене қоймаған ментализ құбылысы жөнінде әдістанулық еңбек бола алады. Зерттеу нәтижесінде қазақ және түрік тілдеріндегі кәсіпке байланысты мақал-мәтелдерге түсіндірме сөздік жасауға негіз болатын материалдар жинақталды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Мәтін соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілді.
1 ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ТІЛДЕРІНДЕГІ КӘСІПКЕ БАЙЛАНЫСТЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
1. 1 Мақал-мәтелдердің түркітану мен қазақ тіл білімінде зерттелуі
Халықтық шығармашылықтың төл туындысы, ауыз әдебиетінің орасан зор қазынасы, халықтың мол мұрасының мың сан ғасырдан екшеліп жеткен, асыл ойларының қорытындысы - мақал-мәтелдер. Жер бетінде мекендеген қай халықтын болсын атадан балаға мирас боп жеткен өнегелі ойларының қаймағы, қаншама тағылымды сәттерді бастан кешірген кешегі қауымның қарақұрым тұжырымдарының құнарлысы, өнегелі сөздердің үлгісіндей болып жеткен қазынасы болады. Сондай келелі ойлардың кесімді түйіні де сол аталардың асыл сөздері. Бұл барлық халыққа тән, сөйлеген тілдің шұрайын келтіретін әмбебап құрал.
Бәрімізге айқын кез келген тілдің қоғамдағы орнына қарай түрлі қызметі бар. Оның алғашқысы - қатысымдық қызметі. Адамдар арасындағы қарым-қатынасқа көпір болатын, түсінісуіне себеп болатын қызмет болғандықтан маңызды бөлігі болып табылады. Ал екінші қызметі - эстетикалық қызметі. Бұл көбінесе жазушылар мен ақындар тілінің көркемділігінен көрінетін образ жасауарқылы адамға әсер ете алу қасиеті. Үшінші қызметі - ғасырлар бойына жиналған құндылықтарды бойында сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуіне әсер ететін - кумулятивтік қызметі. Аталған үш қасиеттің барлығы да мақал-мәтелдердің бойынан табылады. Адамдар арасындағы қарым-қатынас орнаған тұста мақал-мәтелдердің қолданысы коммуникацияны ұтымды жүзеге асыруға әсерін тигізеді. Ал сол сөйлесім актісі үстінде образды сөйлеу арқылы да адамның ішкі әлеміне дендей кіріп, бейнелі сөзбен сауатты диалог құруға немесе сапалы мәтін түзуге де осы мақалдардың көмегі орасан. Үшіншіден, мақал өз бойында тек образды ғана көрсетпей, сол халық жайлы барлық тарихи, тағылымдық ақпардың бәрін жинақтап, жеткізеді.
Көбінесе, жазба әдебиеті қатты дамымаған халықтардың ауыз әдебиеті барлық мұраны өз бойында сақтап, әдеби тілддіңқалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Мақал-мәтелді лингвистикалық тұрғыдан зерттеу оны қазіргі тілдік деректермен салыстыруға және сол тілді тұтынушылардың дүниетанымы мен ұлттың әлеуметтік-тарихи даумына байланысты көптеген деректерден хабардар етеді. Себебі мақал-мәтелдер халықтың әр кезеңіндегі өмір тарихынан тікелей хабар беретін айқын дерек көздерінің бірегейі.
Қазақ және түрік тілдеріндегі мақал-мәтелдердің ішкі мазмұны мен табиғатын сөз етуден бұрын оларға қатысты зерттеу еңбектерін қысқаша түрде шолып өту артық етпейді. Мұндай құбылыстарды арнайы түрде зерттеуге байланысты ғылымда қалыптасқан атаулы пәнді паремиология деп атайды. Негізінен, бұл сала әдебиеттанудың құзырында қарастырылады. Мақал-мәтелдер жекеше түрде фразеологияның құрамында тұрақты сөз тіркесі ретінде тілдік талдаулардың нысаны болған болса, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы шенінде паремиология лингвистиканың дербес саласына айнала бастады.
«Паремия» сөзі грек тілінен аударғанда «нақыл сөз» деген мағынаны білдіреді. Ғалымдардың бір тобы осы паремиологияның тіліміздегі мақал-мәтел, нақыл сөздер, жұмбақтар секілді тілдегі күрделі формада жасалатын ерекше сөз тіркестерінің зерттеп-зерделейтін арнайы пән ретінде көрсетсе, келесі бір тобы күрделі тілдік тұрақты оралымдарды атау үшін «паремия» терминінен бас тартып, «паремиологиялық бірлік» терминін енгізуді дұрыс деп санайды.
Паремиологиялық бірліктердің зерттелу жайына келсек, орыс тіл білімінде олардың лингвистикалық ерекшеліктеріне «Синтаксис русских пословиц» атты ғылыми еңбегінде бірінші болып назар салған П. Т. Глаголевский болды. Ғалым өз еңбегінде орыс мақал-мәтелдерінің синтаксистік құрылымына ерекше назар аударады [1, 48] .
Енді бір зерттеу жұмысы - А. А. Потебняның мақал-мәтелдердің семантикасына ерекше көңіл қойып тоқталған еңбектері. Ғалым өзінің зерттеу еңбегінде шағын бейнелі мәтіндердің «ой тұтастығы» (сгущение мыслей) процесінен кейінгі тұрақты тіркеске айналуының екі түрлі жолын көрсетіп өтеді:
1. Аңыздар желісі қысқара келе, ондағы оқиғалардың тұтас желісі ойда сақталып, керек болса, бірден ойға келіп, тіркес тиянақтауға дайын тұрады;
2. Аңыз, мысал әңгіме сияқты мәтіндердің тұтас образы, мазмұны ойда жинақталып келіп, мақал-мәтелге айналады. Ұзақ әңгімелердің қысқара келе, қорытынды ойға - мақал-мәтелге айналуы адамның ойлау қабілеті жетістіктерін ерекше бір қырынан құбылыс ретінде байқатады. Сонымен қоса, ғалым мақал мен мәтелдің өзара айырмашылығы жөнінде пікір қозғайды [2, 164] .
Біршама уақыт өте келе, мақал-мәтелге деген ерекше қызығушылықтан оның лексикалық, грамматикалық және семантикалық ерекшеліктері тілшілердің назарына іліге бастады. 1952 жылғы ғылыми еңбегінде А. И. Оссовецкий паремиологиялық бірліктердің тек қана көркем шығарма тіліне емес, жалпы тілімізге тән екенін айта келе мынадай пікір білдіреді: «Өзінің өмір сүру ерекшелігіне байланысты мақал-мәтелдер ешқашан «орындалмайды немесе жай ғана айтылмайды», ол тілдегі фразеологиялық оралымдар секілді тілдің өзінде қатысымға түсіп, онымен бірге өмір сүреді» [3, 98] .
Сонымен қоса мақал-мәтелдердің тілдік сипатына В. Л. Архангельский [4], С. И. Ожегов [5], Н. М. Шанский [6], В. П. Жуков [7], А. Б. Бабкин [8], А. В. Кунин [8] т. с. с. орыс ғалымдары орыс тілі фразеологиясына байланысты зерттеулері мен жалпы кейбір еңбектерінде тоқталып кетеді.
Т. Н. Артеменко «Терминологичкая лексика в русских пословицах и поговорках» атты еңбегінде орыс тіліндегі паремиологиялық бірліктердің лексикалық ерекшеліктерін сөз етсе [10], З. К. Тарлановтың «Синтаксис русских пословиц» атты докторлық диссертациясының авторефератында орыс тіліндегі мақалдардың синтаксисі туралы құнды пікірлер айтып өтеді [11] .
Ал түркітану саласына келетін болсақ, мақал-мәтелдердің зерттелу жайы бойынша әрбір тілде шыққан жинақтарды санамағанда, бұл тілдердегі паремиологиялық бірліктер ғылыми тұрғыдан өте аз зерттелген саланың бірі. Түркі тілі паремиолог-ғалымдары мақал-мәтелдерді тілдік тұрғыдан зерттегенде, олар басты назарды аталған бірліктердің лексика-граматикалық, лексика-семантикалық ерекшеліктеріне аударды.
Атап айтар болсақ, Ю. Ф. Ефимов [12], С. Гапаров [13], З. А. Ализаде [14] тағы басқа ғалымдар шуваш, қырғыз, әзербайжан тілдеріндегі түрлі ерекшеліктерін тілге тиек етеді. Түрік тіл білімінде мақал-мәтел жинақтау және оған түсіндірме жұмыстарын жүргізу істерінде өз алдына ерекше орны бар ғалым Өмер Асим Аксойдың да еңбегін біз өз зерттеуімізде басты дереккөздің бірі ретінде алып, пікірлеріне назар салатын боламыз. Ғалым өзінің «Atasözleri ve deyimler sözlüğü» атты еңбегінде түрік тіліндегі тоғыз мыңға жуық мақал-мәтелдерді жинақтап, оларға мағыналық талдаулар жасап өтеді. Бұл еңбек біз үшін қазіргі күнде қолымызға түсіп отырған ең үлкен әрі құнды еңбектердің бірі. Ғалым түрік мақал-мәтелдеріне байланысты түрікше айтқанда аталар сөзі болуы үшін нақтылы бірнеше ережелерді бекітеді. Бұл әрине тілдің өз ішіндегі өзі үшін болған заңдылықтарға сәйкес болуы мүмкін. Мысалы, ғалым атасөздер яғни мақал-мәтелдер белгілі бір қалыпты сақтап, сол қалпын бұзбай жұмсалатын бірлік деп таниды. Мақал құрылысы мен мағынасы үшін ешқандай өзгертулер мен қолданыстар тән емес. Егер ондай өзгеше қолданыстың нәтижесінде мақал-мәтелдің формасы я да мағынасы өзгеретін болса, ондай паремиялық бірліктерді мақал ретінде танылмайтындығын атап өтеді. Алайда ғалым кейбір мақал-мәтелдердің сыртқы формасы қысқартылып немесе өзгертіліп, бірнеше вариантта қолданыста жүрген мақалдардың барын да жоққа шығармайды. Сөйте тұра олар негізінен бір түп негізден тарайтындығын еске сала отырып, барлығын бір атасөз деп танимыз дегенге ұқсас пайым білдіреді. Бір мұндай сыңаржақ пікірге толық келісеміз деп айта алмаймыз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мақал-мәтелдер сан ғасырлық қалыптанған жағдаяттарға берілген халық данагөйлерінің ішкі көзқарасымен елдің құптаған, мақұлдаған және соны қолданысқа түсірген тұрақты сөз қолданыстары. Соған сәйкес оның жағдаятқа тәуелді өзгермелілігі де ұшырасады. Бұл мақал-мәтелдің қалыптануына байланысты тұрақсыздық қасиеті емес, керісінше оның жағдаяттардың түрлілігін сипаттаушы көп нұсқалылығы және синкреттілігі. Қазақ тіл білімінде мақал сөзіне мәтел сөзі қосарланып жүретіндей, түрік тіл білімінде де атасөздердің жанында дейімдер қоса жүреді. Біз тура мағынасында калька әдісімен аударатын болсақ, «deyimler» сөзі айтылымдар сөзіне тура келеді. Зерттеуші Х. Хусейн Үнлінің анықтамасы бойынша біздің мәтелімізге берілген анықтамаға сәйкес келіңкірейді. Қазақ тіл білімінде мәтел мақалға қарағанда айтылатын ойдық ұшығы, тұспалы болуымен ғана ерекшеленеді. Ал мақал әдетте толық тұлғалы, тұтас ойлы, бір немесе бірнеше тұжырымды сөйлемдерден құралады [15, 67]
Қазақ тіл білімінде мақал-мәтелдер табиғатына қарай әліде болса кеңінен зерттелмей келеді. Бұдан қазақ тіл білімінде аталған сала бойынша мүлдем зерттеу еңбектері жазылмады деуге болмайды. Қазақ тілінің құрылымдық жүйесін түгендеп, құрылысын жан-жақты қарастырған А. Байтұрсынұлы өз еңбектерінде мақал-мәтелдерге анықтама беріп, оларды тілдік материал ретінде кеңінен пайдаланды [16] .
Қазақ мақал-мәтелдері, негізінен, Қазан төңкерісінен бұрын да азды көпті зерттеле бастаған еді. Қазақтың мақал-мәтелдерін жинақтау, жариялау ісі XVIII ғасырдың екінші жартысында, ал зерттеу тарихы болса, Кеңес дәуірінен бастау алады.
Қазақ халқының мақал-мәтелдерін алғаш рет қағаз бетіне түсірген ғалым - Ш. Уәлиханов. Ш. Уәлиханов пен И. Н. Березин мұрағаттарында XIX ғасырдың орта шеніндегі ел аузынан жазылып алынған 200-ден астам мақал-мәтелдер сақталған. Сол кезеңнен бері қазақтың мақал-мәтелдері әртүрлі жинақтар мен хрестоматияларда жарияланып келеді. Халық шығармашылығының өзге түрлерімен қатар кейде оны өз алдына жинап жариялаушылар да болған. Мысалы, Ш. Ибрагимов, М. Тереньтев, Ы. Алтынсарин, Т. А. Мелиоранский, Ә. Диваев, В. В. Катаринский т. б.
«Абай Құнанбайұлы туған халқымыздың тіліндегі мақал-мәтелдерді алғаш жинақтаушылардың бірі болды. Ол өзінің «Ғақлиясында» халықтың елуге жуық мақал-мәтелдерін қолданған болатын. Солардың көбісі бүгінгі мақал-мәтелдердің жинақтарына да енгізіліп жүр. «Біздің қазақтың мақалдарының көбісінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не Құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар» дей келе, өзі айтпақшы, халық даналығы жөнінде алғашқылардың бірі болып пайымдау жасаған да Абай болса керек», - дейді М. Әлімбаев [17, 26-27] . Жалпы жарияланым көрген әдебиеттердің арасында Орынборда 1879 жылы шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ы. Алтынсариннің «Хрестоматиясының» орны ерекше. Онда қазақ мақал-мәтелдері арасындағы ең таңдаулылары белгілі бір тақырыптық принциптерге байланысты жүйеленіп берілген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz