Араб сөздері құрамындағы дауыстылар мен дауыссыздардың қазақ, өзбек және түрік тілдері заңдылықтарына бейімделіп игерілуі


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 126 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ3

1 Араб сөздері құрамындағы дауыстылар мен дауыссыздардың қазақ, өзбек және түрік тілдері заңдылықтарына бейімделіп игерілуі7

1. 1 Қыпшақ, қарлұқ және оғыз тілдеріне енген араб сөздерінің зерттелу тарихы . . . . . . 7

1. 2 Дауысты дыбыстардың жұмсалуында пайда болған фонетикалық ерекшеліктер. . 11

1. 3 Араб тілінің өзіне тән «хә:», «ха:», «айн», «һәмзә», «һә:» дыбыстарының игерілуі . . . 19

1. 4 Дауыссыз дыбыстарды қолдануда пайда болған өзгерістер . . . 27

1. 5 Кірме сөздердегі үндестік заңының көріністері . . . 35

1. 6 Кірме сөздердегі дыбыстық құбылыстардың көрінісі . . . 43

Үш тілге енген кірме араб сөздерінің фонетикалық жағынан ұқсастықтары мен айырмашылықтары . . . 46

2 Қазақ, өзбек және түрік тілдеріне енген араб сөздерінің семантикалық жағынан дамуы . . . 50

2. 1 Кірме сөздердің лексикалық мағыналарының кеңеюі . . . 50

2. 1. 1 Сөздердің мағынасы өзгеруі арқылы дамуы . . . 53

2. 1. 2 Сөздердің метафора жолымен ауыс мағынада келуі . . . 59

2. 1. 3 Сөздердің метонимия жолымен ауыс мағынада келуі . . . 64

2. 2 Кірме сөздердің лексикалық мағыналарының тарылуы . . . 68

2. 3 Кірме сөздердің лексикалық мағыналарының бірде тарылып, бірде кеңеюі . . . 73

2. 4 Түрлі дыбыстық нұсқада келген сөздердің қолданылу ерекшеліктері . . . 76

2. 5 Араб сөздерінің синонимдік қатарларда жұмсалу ерекшеліктері . . . 80

Екінші тараудың түйіндері . . . 87

3 Қазақ, өзбек және түрік тілдеріне ортақ кірме араб сөздерінің морфологиялық жағынан игерілуі . . . 89

3. 1 Кірме араб сөздерінің морфологиялық сипаты . . . 89

3. 2 Үш тілге әрі көпше, әрі жекеше түрінде енген араб сөздері . . . 95

3. 3 Туынды араб сөздерінің жасалу ерекшеліктері . . . 99

3. 4 Көмекші етістіктермен тіркескен араб сөздері және олардың семантикасындағы өзгерістер . . . 104

Үшінші тараудың түйіндері . . . 115

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 117

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 122

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Кірме араб сөздерінің түркі тілдері лексикасында кірме қабаттың басым бөлігін құрайтыны белгілі. Қазіргі кезге дейін жарық көрген ғылыми зерттеулерде араб сөздері жекелеген бір түркі тілі не жазба ескерткіштер деңгейінде қарастырылып келді. Алайда түркі тілдеріне енген араб сөздерін салыстыра зерттеу қолға алынған емес. Сондықтан бірнеше түркі тіліне, атап айтқанда, Батыс ғұн бұтағына жататын қыпшақ, қарлұқ және оғыз топтарының өкілдері болып табылатын қазақ, өзбек және түрік тілдеріне ортақ кірме араб сөздері арнайы зерттеу жұмысының нысанына айналып отыр.

Кірме араб сөздерінің қазіргі дыбыстық, мағыналық игерілуін анықтау және салыстыру мақсатында үш тілдің түсіндірме сөздіктерінде орын алған үш тілге ортақ 615 араб сөзі теріп алынды. Зерттеу жұмысында араб дыбыстарының әр тілде қалыптасу ерекшеліктері жеке-жеке талданып, ортақ тұстары мен айырмашылықтары көрсетілді, түркі тілдеріндегі дауыстыларға қатысты тіл үндестігі мен ерін үндестігінің ықпалы анықталды, араб сөздеріндегі дыбыстық құбылыстар ашылды. Араб сөздерінің үш тілде мағыналық кеңуі, тарылуы, өзгеруі, ауыс мағынада және синонимдік қатарларда жұмсалуы нақты мысалдармен дәйектелді. Араб сөздерінің морфологиялық сипаттамасы беріліп, туынды араб сөздерінің жасалу ерекшеліктері көрсетілді, араб сөздерінің түркілік көмекші етістіктермен тіркесудегі мағыналық дамуы айқындалды.

Зерттеу жұмысының өзектілігі . VII-VIII ғасырлардан бастап ислам дінінің түркі халықтары арасында жайыла бастауы өз кезегінде араб тілінен сөздердің енуіне жол ашты. Қарахандықтар дәуірінде (Х-ХІІI ғғ. ) ислам дінінің түркілер тарапынан мемлекеттік дәрежеде қабылданып, ресми дінге айналуы және мемлекеттік басқару мен діни-ағарту істерінің араб тілінде жүргізілуі бұл процесті күшейте түсті. XX ғасырдың бастапқы кезіне дейін түрлі деңгейде жалғасын тапқан араб тілінің ықпалы, нақтырақ айтқанда, араб сөздерінің түркі тілдеріне енуі, игерілуі бірінде басым, бірінде әлсіз болғанына қарамастан, түркі тілдерінің лексикалық жағынан дамуында айрықша рөл атқарғаны белгілі. Сондықтан түркі тілдерінің даму, қалыптасу тарихын айқындауда бірнеше түркі тіліне ортақ араб сөздерінің фонетика-морфологиялық және лексика-семантикалық жағынан игерілуін салыстыра отырып зерттеудің маңызы зор.

Түркі тілдері Батыс ғұн бұтағының үш түрлі тобына жататын қазақ, өзбек және түрік тілдеріне ортақ кірме араб сөздерін жан-жақты қарастыру, атап айтқанда, қабылдаушы тілдердегі дыбыстық ерекшеліктерін, мағыналық дамуын айқындау арқылы ортақ тұстары мен өзгешеліктерін анықтау - өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Зерттеу жұмысының нысаны. Қазіргі қазақ, өзбек және түрік тілдеріне ортақ кірме араб сөздері.

Зерттеу жұмысының пәні. Кірме араб сөздерінің ғылыми-теориялық мәселелері.

Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты мен міндеттері . Диссертациялық жұмыстың басты мақсаты - қазіргі қазақ, өзбек және түрік тілдеріне ортақ кірме араб сөздеріне тілдік тұрғыдан жан-жақты сипаттама беру және салыстыру арқылы ортақ тұстары мен дыбыстық және мағыналық өзгешеліктерін айқындау. Алға қойылған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттердің шешімін табу көзделді:

- түркі тілдеріндегі кірме араб сөздерінің зерттелу тарихына шолу жасау;

- үш тілде араб дауыстыларының қалыптасу ерекшелігіне жеке-жеке сипаттама беру;

- қазақ және түрік тілдерінде тіл үндестігі мен ерін үндестігінің араб сөздеріне ықпалын анықтау;

- араб дауыссыздарының үш тілде берілу ерекшеліктерін анықтап, араб сөздеріндегі дыбыстық құбылыстарды ашып көрсету;

- араб сөздерінің қалыптасуындағы дыбыстық айырмашылықтар мен ұқсастықтарды айқындау;

- араб сөздерінің семантикалық жағынан дамуын: мағыналық кеңуін, тарылуын және ауыс мағынада жұмсалуын айқындау;

- араб сөздеріндегі мағыналық өзгерістің ұқсас тұстарын көрсету;

- туынды араб сөздерінің жасалу ерекшеліктерін анықтап, араб сөздерінің түркілік көмекші етістіктермен тіркесу арқылы мағыналық жақтан дамуын көрсету.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1976-1986) [1-10], екі томдық «Ўзбек тили изоҳли луғати» (1981) [11, 12] және екі томдық «Türkçe sözlük» (1998) [13, 14] .

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысының басты жаңалығы ретінде төмендегі мәселелерді атауға болады:

- қазақ, өзбек және түрік тілдеріне ортақ араб сөздері алғаш рет диссертация деңгейінде ғылыми тұрғыдан салыстырыла талданды;

- араб дауысты дыбыстарының үш тілде берілу өзгешеліктері көрсетілді;

- тіл үндестігі мен ерін үндестігінің қазақ тілінде түрік тіліне қарағанда басым түсетіндігі дәлелденді;

- үш тілде араб дауыссыздарының берілуіндегі ерекшеліктер жан-жақты көрсетіліп, дыбыстық құбылыстар қарастырылды;

- үш тілде араб сөздерінің қалыптасуындағы дыбыстық айырмашылықтар мен ұқсастықтар айқындалды;

- араб сөздерінің мағыналық жағынан кеңеюі, тарылуы және ауыс мағынада жұмсалуы нақты мысалдармен дәйектелді;

- араб сөздерінің мағыналық өзгеруіндегі ұқсас тұстар анықталды;

- үш тілдегі араб сөздерінің морфологиялық сипаты, сөзжасамдық қызметі мен көмекші етістіктермен тіркесудегі мағыналық дамуы ашықталды.

Зерттеу әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында сипаттамалы, тарихи-салыстырмалы талдау әдістері қолданылды.

Жұмыстың әдістамалық негіздері. Диссертацияның мақсаты мен міндетіне сай жүргізілген зерттеу барысында түркология саласындағы
А. Н. Кононов пен С. Н. Иванов, қазақ тіл білімі саласындағы
Х. Досмұхамедұлы, І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов, Ә. Қайдар,
М. Томанов, М. Оразов, С. Мырзабеков, Р. Барлыбаев, Ғ. Қалиұлы, Б. Қалиев, Ә. Болғанбайұлы, Р. Сыздық, Б. Сағындықұлы сынды ғалымдардың, кірме араб сөздері мәселесін қарастырған Л. З. Рүстемов, Б. С. Тасымов, Г. Құлназарова, Б. Н. Жұбатова, сонымен бірге өзбек тіл біліміндегі Ф. Камол, А. Х. Нишонов, Т. И. Рахмонов, түрік тіл біліміндегі Х. Девели, Е. Ишлер және т. б. ғалымдардың еңбектері мен монографиялық зерттеулеріндегі ғылыми-теориялық көзқарастар мен негізгі қағидаттар басшылыққа алынып, жұмысымыздың әдістамалық негіздерін құрады.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Қазақ, өзбек және түрік тілдеріне ортақ кірме араб сөздерін зерттеу барысында алынған ғылыми нәтижелер қазіргі тіл біліміндегі кірме сөздер мәселесіне қатысты ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдарды теориялық тұрғыдан дамытуға үлес қосады.

Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Зерттеу жұмысының нәтижелерін «Кірме араб сөздерінің түркі тілдерінде дыбыстық қалыптасу ерекшеліктері», «Кірме араб сөздерінің түркі тілдерінде мағыналық даму ерекшеліктері» сияқты арнаулы курстар оқытуда, түркі тілдері салыстырмалы фонетикасы мен лексикологиясы салаларында дәріс беруде, арабша-қазақша-өзбекше-түрікше сөздіктер құрастыруда, сондай-ақ оқу құралдары мен оқулықтар жазу барысында қолдануға болады.

Зерттеу жұмысы бойынша ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- араб дауыссыздарының жуан реңде келуі мен одан кейінгі қысқа дауыстылардың жуан айтылу ерекшелігі қазақ және түрік тілдерінде толық сақталып, жіңішке реңді дауыссыздар мен одан кейінгі жіңішке дауыстылар сөз құрамындағы басқа дыбыстардың әсерімен жуан-жіңішке дыбыстала береді, ал өзбек тілінде дауыссыз дыбыстардың да, дауыстылардың да жуан-жіңішке айтылу ерекшелігі еш сақталмаған;

- араб дауыстыларының созылыңқылығы тек түрік тілінде сақталған, ал алдыңғы дауыссыздың ықпалымен созылыңқы дауыстылардың жуан-жіңішке айтылу ерекшелігі үш тілде де ескерілмеген.

- тіл үндестігі мен ерін үндестігінің кірме араб сөздеріне ықпалы тұрғысынан қазақ және түрік тілдері арасында ұқсас тұстар болғанымен, қазақ тілі басымдық көрсетеді;

- түркі тілдеріне жат араб дауыссыздары үш тілде түсірілген не басқа дыбыстармен берілген, эмфатикалық және тіс аралық дауыссыздардың ерекшеліктері сақталмай, түркілік ұқсас дауыссыздармен берілген, дыбыстық құбылыстар арасында эпентеза құбылысы үш тілде де кездескенімен, қазақшада басым түседі;

- үш тіл арасында дауыстылар үндестігі, араб дауыссыздарының жуан-жіңішке реңде келу ерекшелігінің берілуі жағынан қазақ және түрік тілдері ұқсас келсе, ал түркі тілдеріне жат араб дауыссыздарының берілуінде өзбек және түрік тілдері ұқсас қалыптасқан;

- араб сөздері мағыналық жағынан үш тілде де кеңігенімен, түрік тілі басым түседі, көп мағыналы араб сөздері, негізінен, дара нақты мағынасында еніп қалыптасқанымен, түрік тілінде төл тіліндегі көп мағыналылық барынша сақталған, мағына ауысу тәсілдерінен метафора және метонимия тәсілдері арқылы мағынаның дамуы үш тілде де орын алған;

- мағына өзгеру құбылысы үш тілде де кездескенімен, қазақ тілінде басым түседі және өзбек тілімен ұқсас келеді;

- араб сөздері төл тіліндегі грамматикалық сипаттарынан ажырап, түркілік сөз түрлену, сөзжасам құралдарын қабылдаған, араб етістіктері үш тілге қимыл есім және есімше түрінде еніп, қимылдық мағына бастапқыда осы сөздердің түркілік көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы, кейін келе түркілік жұрнақтарды қабылдауы арқылы беріліп, мұндай сөздер түрлі көмекші етістіктермен тіркесе келе тұрақты тіркестер де құраған.

Зерттеудің талқылануы мен жариялануы . Диссертацияның негізгі тұжырымдары «Қазақстандық арабтану ғылымы: тууы және дамуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2005), «Қазақ тілінің лексикология, лексикография, фольклортану мен көркем аударма мәселелері: қалыптасуы, дамуы мен болашағы» (Алматы, 2007), «Тіл және жаһандану: бүгіні мен болашағы» (2008) атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды.

Зерттеу жұмысы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференция материалдарында және ғылыми басылымдар мен жинақтарда 7 мақала жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы . Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 АРАБ СӨЗДЕРІ ҚҰРАМЫНДАҒЫ ДАУЫСТЫЛАР МЕН ДАУЫССЫЗДАРДЫҢ ҚАЗАҚ, ӨЗБЕК ЖӘНЕ ТҮРІК ТІЛДЕРІ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫНА БЕЙІМДЕЛІП ИГЕРІЛУІ

  1. Қыпшақ, қарлұқ жән оғыз тілдеріне енген араб сөздерінің зерттелу

тарихы

Алтай тілдері тобына жататын түркі тілдері іштей Батыс және Шығыс ғұн бұтақтарына бөлінген. Соның ішінде Батыс ғұн бұтағы төрт топқа: қыпшақ, бұлғар, қарлұқ және оғыз, ал Шығыс ғұн бұтағы екі топқа: қырғыз-қыпшақ және сібір топтарына тармақталған. Зерттеу жұмысымызда түркі тілдері Батыс ғұн бұтағының қыпшақ тобындағы қазақ тілі, қарлұқ тобындағы өзбек тілі және оғыз тобындағы түрік тіліне ортақ кірме араб сөздері зерттеу нысаны ретінде алынды.

Түркі тілдері сан ғасырлық тарихында басқа тілдермен тікелей немесе жанама қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде бойына көптеген кірме сөздерді сіңіргендігі белгілі. Сол кірме сөздер арасында араб сөздерінің орны айрықша. VII-VIII ғасырлардан бастап ислам дінімен ене бастаған араб тілінің ықпалы қарахандықтар дәуірінде (Х-ХІІІ ғғ. ) арта түсті. Бұған себеп ислам дінінің ресми дін ретінде түркілер тарапынан қабылданып, мемлекеттік басқару, сот қызметі, діни оқу-ағарту істерінде араб тілінің басым түсуі болатын. Осман империясынан бұрын Анатолияда үстемдік құрған селжұқтар дәуірінде де
(ХІ-ХІV ғғ. ) Қонияда және оған қарасты Анатолияның қалаларында ресми іс жүргізуде, дипломатиялық хат алмасуларда, заң саласында араб тілі үстемдік құрды. Одан кейінгі османдықтар дәуірінде (XІV-XX ғғ. ) қолданылған османша тілде араб, парсы сөздерінің үлесі 90 пайызға жуық болды [15, 63 б. ] . Жалпы шығыс мәдениетінің өрлеу кезінде (XIV-XV ғғ. ) ғылыми және әдеби шығармаларды араб және парсы тілдерінде жазудың дәстүрге айналуы да араб сөздерінің түркі тілдеріне көптеп енуіне жағдай туғызды. Бұл жағдай XX ғасырдың бастапқы кезіне дейін түркі халықтарының арасында ортақ жазба тіл рөлін атқарған орта түркі тілі мен алты ғасырлық тарихы бар осман тілінде өз жалғасын тапты. Алайда араб сөздерінің түркі тілдерінің сөздік құрамында орнығуы, фонетика-морфологиялық және лексика-семантикалық жағынан игерілуі бірдей дәрежеде болмады. Арабтармен қоян-қолтық байланысқа түскен, араб тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне жеткен халықтар тілінде араб сөздері сан жағынан басым түссе, ал көршілес халықтар тілдері арқылы сатылап енген не діни-әдеби шығармалар тілі арқылы кірген тілдерде біршама аздау болды.

Түркі тілдері даму тарихында өзіндік із қалдырған араб сөздерін арнайы зерттеу мәселесі XX ғасырдың алғашқы жартысынан бастап түркітанушы ғалымдар тарапынан қолға алына бастады. Бұл салада арнайы жазылған зерттеулердің алғашқысы ретінде Н. К. Дмитриевтің 1930 жылы жазылған «Башқұрт тіліндегі араб элементтері» атты мақаласын көрсетуге болады. Мақалада ғалым башқұрт тіліндегі арабизмдердің дыбыстық жағынан өзгеріуіне, соның ішінде түркі тілдеріне жат араб дыбыстарының берілуіндегі өзгешеліктерге тоқталған [16, 187-201 бб. ] . В. А. Сычеваның «Гагауыз тіліндегі араб және парсы кірмелері» (1973) [17] атты мақаласында гагауз тіліндегі араб сөздерінің пайыздық үлесі, сөз табына қарай қолданылуы, морфологиялық және мағыналық ерекшеліктері қарастырылған. М. И. Махмутовтың «Татар әдеби тіліндегі араб кірме сөздерінің фонетикалық және грамматикалық игерілуі» (1966) [18] атты кандидаттық диссертациясында татар тіліне енген араб сөздерінің фонетикалық жағынан игерілуі: дауысты-дауыссыз дыбыстардағы өзгерістер, тіл үндестігінің ықпалы, араб сөздерінің морфологиялық сипаты, араб сөз тіркестерінің татар тілінде тұрақты тіркестерге айналуы қарастырылған. Х. Н. Аль-Аббасидің «Қазіргі әзербайжан әдеби тіліндегі араб кірме сөздеріндегі лексика-грамматикалық өзгерістер» (1982) атты кандидаттық диссертациясында әзербайжан тіліндегі араб сөздерінің грамматикалық сипаты беріліп, араб сөздеріндегі мағыналық өзгерістер түбір сөз, туынды сөз, сөз тіркесі деңгейінде қарастырылған. М. Д. Ахмедовтың «Әзірбайжан тіліндегі араб текті есім компонентті тұрақты етістікті тіркестер» (1990) атты диссертациясында араб қимыл есімдерінің түрлі септіктерде тұрып әзербайжан тіліндегі сабақты-салт етістіктермен тіркесуі қарастырылған. Э. Р. Мамедовтың «Қазіргі әзірбайжан техникалық терминологиясындағы араб кірме сөздері» (1990) атты кандидаттық диссертациясында араб сөздерінің термин ретінде ғылымның түрлі саласында қолданылуы қарастырылып, олардың құрамы талданып көрсетілген. А. Қайдар «Ұйғыр мақал-мәтелдеріндегі арабизмдер мен иранизмдер» (2003) атты мақаласында ұйғыр мақал-мәтелдеріндегі араб және парсы сөздерінің қолданылу жиілігі жөнінде сөз етеді. Ғалым 2207 мақал-мәтелден тұратын 1978 жылы жарық көрген шағын жинақтың өзінде 4506 араб, парсы сөзі кездесетіндігіне, әрі мақал-мәтелдердің ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі тіл арқылы жеткеніне қарамастан, өзінің бастапқы кітаби нұсқасы мен мағынасын сақтағандығына назар аударады [19, 15-16 бб. ] .

Қазақ тіліне енген араб сөздері жөнінде алғаш сөз қозғаған ғалым ретінде П. М. Мелиоранскийді атап көрсетуге болады. Ғалым «Қырғыз-қазақ тілінің қысқаша грамматикасы» (1984) атты еңбегінің соңғы тараушасында қазақшаға енген кірме араб сөздеріндегі дыбыстық өзгерістерге қысқаша тоқталып өткен. Қазақ тіліне енген араб сөздеріндегі дыбыстық өзгерістер Н. Төреқұлов
[20, 86-99 бб. ] пен Х. Досмұхамедұлының [21, 139-154 бб. ] мақалаларында (1926) қарастырылған. Бұл тақырыпта жазылған еңбектер ішінде ең көлемдісі, әрі жан-жақтысы Л. З. Рүстемовтың 1963 жылы жазылған «Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері» атты кандидаттық диссертациясы болып табылады. Онда ғалым араб, парсы сөздерінің ену жолдарын көрсетіп, араб сөздеріне фонетикалық, семантикалық және морфологиялық тұрғыдан жан-жақты ғылыми сипаттама берген. Бұдан кейінгі бірқатар зерттеулерде ескі түркі жазба ескерткіштеріндегі араб, парсы сөздері зерттеу нысаны ретінде алынған. Мәселен, Б. Сағындықұлының «XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» (1977) [22] атты диссертациясының екінші тарауы ескерткіштердегі араб, парсы сөздеріне арналып, онда кірме сөздердің пайыздық үлесі, ену себептері, мағыналық топтары мен мағыналық ерекшеліктері айқындалған. Қазақ тіліндегі кірме араб сөздерінің дыбыстық жағынан игерілуіне С. Кеңесбаеваның «Қазақ тіліндегі арабизмдердің фонетикалық моделі» (1987) [23] атты зерттеуі арналған. Бұдан басқа жазба ескерткіштердегі кірме араб, парсы сөздері туралы жазылған бірқатар кандидаттық диссертациялар бар, олар: Г. С. Құлназарованың «XI-XII ғғ. әдеби ескерткіштеріндегі араб элементтері» (1997) [24], Ж. Ж. Есенәлиеваның «Абай шығармаларындағы араб, парсы сөздерінің қолданылуы» (1999) [25],
Б. Н. Жұбатованың «Қазақ қисса-дастандарындағы араб, парсы сөздері» (2001) [26], Г. Ж. Бүркітбайдың «Қазақ тілі түсіндірме сөздіктерінде арабизмдердің лексикографиялануы» (2003) [27], А. Б. Донбаеваның «Араб және қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-грамматикалық ерекшелігі» (2003), Ж. А. Ағабекованың «Қазақ тілінде қалыптасқан араб текті кісі аттары» (2005), Н. Б. Мансұровтың «XIX ғасыр поэзиясындағы араб, иран кірме сөздері» (2006),
А. А. Сейтбекованың «Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресіндегі» араб және парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі» (2007) [28], А. Б. Жиекбаеваның «Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің терминденуі» (2010) атты кандидаттық диссертациялары. Мұндай ғылыми зерттеулердің нәтижелері түрлі тарихи кезеңдердегі араб сөздерінің ерекшеліктерін қамтығандықтан, араб сөздерінің түркі тілдерінде даму және қалыптасу заңдылықтарын айқындауға өз үлесін қосады. Сонымен бірге бірқатар сөздіктер де бар: Л. З. Рүстемовтың «Араб-иран кірме сөздерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі» (1989),
Е. Б. Бекмұхамедовтың «Қазақ тіліндегі араб, парсы кірмелері» (1977),
Н. Д. Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі» (1984, 1989),
А. Дәдебаев пен Ж. Қайырбековтың «Арабша-қазақша сөздігі» (1990) . Бұдан басқа қазақ тілінің тарихы, лексикологиясы туралы жазылған еңбектерде, сондай-ақ түрлі зерттеулердегі кірме сөздерге арналған бөлімдерде араб сөздері жалпылама қарастырылған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазіргі қазақ, өзбек және түрік тілдеріне ортақ араб сөздерінің қолданылу ерекшеліктерін анықтау, оған тілдік тұрғыдан жан-жақты сипаттама беріп, салыстыру арқылы аталған түркі тілдерінің даму, қалыптасу тарихындағы алатын орнын көрсету
ТҮПКІТЕК ДАУЫСТЫЛАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ КӨРІНІСТЕРІ
Дауыстылар жүйесі
Дауысты дыбыстар жүйесі
Түркі тілдерінің жіктелу түрлері
Түркі тілдерінің салыстырмалы гарамматикасы
Дауысты және дауыссыз фонемалар
Түркология
Қазақ терминологиясының даму кезеңдері
Түркі тілдері жүйесіндегі қазақ және хакас тілдерінің орны
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz