Қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы Ахмет Байтұрсынұлының рөлі


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Қазіргі қазақ терминологиясы өзінің даму, қалыптасу тарихында бірнеше кезеңдерден өтті. Ол кезеңдердің әрқайсысы қоғамымыздың саяси-экономикалық, тарихи-мәдени өмірінде болған өзгерістермен тығыз байланысты. Қоғам өмірінде болған ондай өзгерістер терминологиялық лексиканың қалыптасуына тікелей әсер етеді.

XX ғасырда қазақ халқының қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірі елеулі өзгерістерге қаншалықты толы болса, ондай өзгерістер терминологияның, ғылым тілінің дамуына да соншалықты әсер етті, із қалдырды.

Бүгін «Алаш», «Алашорда» десек, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары еліне қалтқысыз қызмет еткен үркер шоқжұлдызындай бір топ қазақ зиялылары, мемлекетшіл тұлғалар, халқымыздың қайраткер ұлдары ойымызға оралады. Ел мүддесі, ұлттық мемлекеттілік үшін қажымай күресіп, аянбай еңбек еткен олардың есімдері ұзақ жылдар бойы аталмай келсе, ал қазір «алаш қайраткерлері», «алаш зиялылары» деп айрықша құрметпен аталатын болды.

Кейінгі он-он бес жыл көлемінде Алаш мұрасы тарихшы, тілші, әдебиетші, философ және т. б. түрлі сала ғалымдары тарапынан біршама зерттеле бастады. Ұлт тарихы үшін айрықша мәні бар осы кезеңді сала мамандарының арнайы зерттеп, ғылыми еңбектер жазуының маңызы өте зор.

Қазақ тіліндегі салалық терминологияның жасалуын зерттеу, олардың жүйесі, терминологиядағы жүйелілік факторы қазіргі қазақ тілінің негізгі мәселелерінің бірі.

Қазақ терминологиясы дамуының әр кезеңінде термин жасауға, терминологияның қалыптасуына айрықша атсалысқан, оның даму бағыттарын белгілеп, ғылым ретінде өркендеуіне үлкен үлес қосқан тұлғалар, ғалымдар мен салалық мамандар болды. Еңбекте терминологияның даму тарихындағы солардың бірқатарының алатын орны, жеке үлестері, терминологияны қалыптастыруға қатысты жеке көзқарастары туралы да сөз болды. Мәселен, монографияда Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды қазақ зиялыларының терминологияны дамытудағы ұстанған қағидаттары мен терминжасам тәжірибелеріне арнайы тоқталдық. Олардың атқарған істері, жазған еңбектері негізінде терминология дамуының сол кезеңінің жалпы сипатын, басты ерекшеліктерін анықтауды мақсат еттік.

Қазіргі қазақ тілінде алдыңғы буын ісін жалғастырып, терминология ісімен айналысқан Ә. Қайдар, Ө. Айтбаев, Б. Қалиев, Ш. Құрманбайұлы, А. Алдашева сияқты т. б. ғалымдардың еңбектері терминологияның өзекті мәселелерін шешуге көмектесуде. Терминдердің қоғамда өміршеңдігінің негізгі көзі - ұлттық тіл.

Кеңестік билік жүйесінде қалыптаса бастаған жанр партиялық номенклатура «Күніне бір мәрте Алашорда жөнінде бір ғайбат сөз айтпаса, тамағына ас батпайындай күйге жетті» деп Сұлтанбек Қожанұлы айтқандай, алаш зиялыларының тіл саласында атқарған істерін, жазған еңбектерін негізсіз қаралап, олардың қаламынан туындаған терминдерді өркениеттің қас жауындай көріп, қолданыстан аластауды айғайлап айтудан талмайтын тіл ғылымының советшіл, әсіресе белсенді өкілдері аз болған жоқ. Алаш зиялылары жасаған көптеген сәтті терминдердің қолданыстан шеттеп, олар бастаған қазақ тілінде термин жасау ісінің жалғасын таппай, ұлт тіліндегі термин шығармашылығының тоқырауға ұшырауына кеңесшіл, ортақшыл оқығандарымыздың қосқан «үлесі» зор болды.

Кеңестік идеология үстемдік құрып тұрған тұста алаш зиялылары мен олардың тіл саласындағы атқарған істері, ұстанған қағидаттарын, жазған еңбектерін қаралау, оларды жарыса кіналау заман ағымына бейімдеушілердің, кеңесшіл оқығандардың әдетіне айналғанын айғақтайтын деректер жеткілікті. Оған өткенге салауат деп, кешіріммен қарауға болар. Ал кеңестік идеология құрсауынан құтылғанымызға бірнеше жыл өткеннен кейін де алаш ғалымдарының «түрікшілдер», «пуристер» деп жүрген кейбір тіл мамандары мен жас ізденушілердің пайымы еріксіз тандандырады. Жекелеген тіл мамандарының кешегі кеңестік кезеңде алаш білімпаздарына қарсы ұстанымда болған аталарының жолын ақтауға тырысудан аса алмай жүргендігі өкінішті. Тіл мүддесі, ғылыми әділеттік тұрғысынан қарай білсек, ондай олқылықтарға жол бермеген болар едік.

Алаш идеясының негізгі өзегі - ұлттық мемлекеттілік болды. Сондықтан да алаш зиялыларының бүкіл қызметі, атқарған істері ұлттық мемлекеттің іргетасын нығайтуға бағытталды. Олардың тіл саласындағы атқарған істерінен, терминологияны қалыптастыруда ұстанған қағидаттарынан да оны анық байқауға болады. Олар ұлттық мемлекеттің ғылыми-техникалық терминологиясының да ұлт тілі негізінде жасалып, қалыптасуын көздеді. Бұл бағытта мақсатты жұмыстар жүргізе отырып, қыруар шаруа бітіріп, айналасы он шақты жыл ішінде ұлттық терминологиялық қордың негізін қалайтын жүздеген терминдерді жасап, қолданысқа енгізді. Ендеше, қазақ терминологиясын кешегі кеңестік дәуірдегідей негізінен көшірінді терминдер арқылы қалыптастыру үрдісінен арылып, терминқорды ұлт тілінің негізінде жасап, жетілдіруге үлкен мән беріле бастаған қазіргі кезеңде терминологиядағы осы дәстүрдің негізін қалаған ХХ ғасыр басындағы алаш зиялыларының термин-жасам тәжірибесін жан-жақты зерттеп, олардың ісінен тағылым алудың маңызы зор.

1 АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТЕРМИНҚОР

ҚАЛЫПТАСТЫРУ МІНДЕТІ

Тілдің және оның ғылыми-техникалық терминологиясының дамуы мен қалыптасуын елдің қоғамдық-саяси, ғылыми-мәдени өмірінен бөліп қарауға болмайды. ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы туралы сөз қозғағанда да осыны ескеруге тиіспіз. 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында өткен Бірінші жалпықазақтық съезде жалпыұлттық саяси партия құру туралы шешім бірауыздан қабылданып, оның «Алаш» деп аталғаны тарихтан белгілі. Алайда сол кездегі тарихи-саяси жағдайға байланысты бұл саяси ұйымның шын мәніндегі партия ретінде қалыптасып, ал «Алашорда» үкіметі аумақтық тұтастыққа негізделген ұлттық мемлекеттің үкіметі болып өзге елдерге ресми танылып үлгермей жатып тарих сахнасынан күштеп кетірілгені де сол кезеңнің шындығы. Алаш қайраткерлерінің антисоветтік күштердің қолдауымен өздерінің позициасын нығайтпақ болған үміті ақталмады. Колчак бар билікті өз қолына алған соң, Уақытша Сібір үкіметі 1918 жылғы 4-ші қарашада Алашорданы тарату туралы шешім шығарды. Осыдан кейін көп ұзамай Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алашорданың Торғай бөлімшесі, кейінірек 1919 жылдың аяғы мен 1920жылдың басына қарай оның басқа бөлімшелері де Кеңес үкіметі жағына шықты. Осы кезеңді терең зерттеген белгілі тарихшы ғалым К. Нұрпейісов «Алаш партиясының құрамына әуел бастан-ақ қазақтың ғылыми және шығармашылық зиялыларының өкілдері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов және Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, М. Тынышбаев, Х. Ғаббасов, Ә. Ермеков, Ш. Құдайбердиев, Ғұмар Қарашев т. б кірді» [1, 98] .

Ғылымның көптеген салалары бойынша қазақ тіліндегі төл оқулықтардың жазылуы және өзге тілдерден аударылуы ұлттық терминологиялық қордың қалыптасуына жол ашты. Сол кезеңге дейін термин жасаудың белгілі бір орныққан дәстүрі, басшылыққа алатын, тұрақты қағидаттары болмағандықтан, ондай күрделі міндеттерді атқару ісі - қазақ оқымыстыларының өздеріне жүктелді. Уақыттың өзі алға тартып отырған жауапты міндетті ұлт мүддесіне адал, өресі биік тұлғалар өз деңгейінде абыроймен атқара білді [2, 206] .

ХХ ғасыр басында қазақ қоғамында рухани зерделі, түрлі мамандықтарды кәсіби деңгейде игерген білімді де елшіл азаматтар өсіп жетіліп, мемлекет пен ұлт мәселелерін шешуге қабілетті зиялы қауым қалыптасып еді. Қоғам өмірінің сан саласын қамтитын мәселелерді шешіп, ауқымды істерді атқаруды көздеген алаш оқығандарының айрықша мән берген мәселелерінің бірі - тіл мәселесі болды. Олар қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, оның әліпбиін, емле ережелерін жетілдіруге, функционалдық стильдерді даралап орнықтыруға, қазақ тіліндегі түрлі әдебиеттер қорын жасауға бағытталған істерді қолға алды. Олар қазақтың ұлттық терминологиялық қорын қалыптастыруға айрықша мән берді. Бұл бағытта көп іс тындырды. Неге олар термин мәселесіне ерекше мән берді? Алаш оқығандары терминологиялық қор жасаудың маңызын өздері тікелей қолға алған ғылыми - ағартушылық қызметтерін атқару барысында сезінді. Арнаулы ұғымдардың аттарын атамай бала оқытуға, кітап жазуға, ғылым жайын сөз етуге болмайтынын да осы істі өз қолдарына алған зиялылар көзімен көрді. Олар бұл істің қазақ баласына, қазақ жұртына қажеттілігін, терминдер қорын қалыптастырмай тұрып қазақ тілінің қанат жая алмайтынын анық біле отырып қызмет етті. Сол себептен де олардың сенімі зор, атқарған істері нәтижелі болды.

Жаңа терминдер кіргізу үшін айрықша тапқырлық, талғампаздық, ғылыми ұғымдардың жүйесін, мағынасын терең түсіну қажет. Логикалық қыйсынын, ғылыми ұғымдардың жүйесіндегі өз орнын таппаса, жаңа атау сөз бір қарағанда қанша келісті, әдемі қөрінгенімен, ойдағыдай болып орнықпайды. Жаңа термин болатын сөз бір ғана жеке ұғымға сәйкес болып көрінуі өз алдына, ол сөз сол ұғымнан туындайтын, соған жалғас басқа ұғымдарға да сәйкес келіп, сол ұғымның сан алуан мағыналық қырларын да дәл көрсете алса, әсіресе ұтымды болады.

Жаңа терминдер кіргізуге, немесе қолданылып жүрген кейбір терминдерді өзгертіп, жаңалап алуға ұмтылғанда алдымен олардың ғылыми терминология жүйесінде қандай орын алатынын анықтап саралауға, ажырата білуге, әрқайсысының өзіндік өзгешелігіне орай, тиісті тұрғыдан қарап, термин болуға лайықты сөз іздеуге айрықша мән берілуі керек [21, 15] .

Алайда 30-жылдарға қарай олардың бастаған іргелі ісінің жалғасын табуына жол берілмеді. Ұлт тілінде білім беріп, ұлттық терминологиялық қор қалыртастыруды көздеген алаш зиялылары түгелге дерлік тоталитарлық жүйе тарапынан құғын-сүргінге ұшырады. Оларға нақақтан-нақақ жала жабылып, «халық жауы» деген ауыр айып тағылды. Халқының қамын жеген адал ұлдары, қазақ тілін ғылым тілі ретінде қалтқысыз қызмет ететіндей деңгейге жеткізуді көздеген қайраткерлер, білікті мамандар ақыры сол зұлмат жылдардың құрбаны болды. Одан былайғы жерде олар бастаған істің бағыты күрт өзгертіліп, әкімшіл-әміршіл жүйенің ыңғайына көніп, мүддесін қорғауға бағытталған істер ғана ілгері басатын болды.

Ғылымы ертерек дамыған елдердің жетістіктеріне сүйене отырып, ана тілінде оқулықтар жазу барысында сол салалардағы арнаулы ұғымдарды қазақша атау қажеттілігі туындады. Сол кезге дейін тіліміздің ғылыми-техникалық прогреске икемделіп, терминжасам тәжірибесі қалыптаса қоймағанын ескерсек, бұл қажеттілікті өтеудің оңай жұмыс болмағандығын пайымдау қиын болмаса керек. Дәлірек айтқанда, қазақ зиялыларының алдына ұлт тілінде термин жасаудың тұңғыш үлгісін көрсете отырып, қазақ терминологиясын қалыптастырудың бағыт-бағдарын айқындау міндеті тұрды.

ХХ ғасырдың бас кезінен бастап 30-жылдарға дейінгі аралықтағы қазақ тіл білімінің, тілдің стильдік тармақтарының дамуы мен қалыптасуына байланысты осы кезеңді арнайы зерттеген С. Исаев, М. Айтбаев, Б. Әбілқасымов, Е. Жанпейісов, Р. Барлыбаев, Ш. Мәжітаева сияқты ғалымдардың еңбектерінен мол мәлімет алуға болады. Сондай-ақ осы кезеңде жарық көрген басылымдардың тілі мен ондағы терминдердің қолданысына байланысты да бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды. Осыларды ескерер болсақ, сөз болып отырған кезеңді зертеу тілші ғалымдар назарынан тыс қалды дей алмаймыз. Алайда алаш зиялылары белсенді қызмет еткен жылдарға сәйкес келетін ХХ ғасырдың басындағы қазақ терминологиясы дамуының өзіндік ерекшеліктері мол осы кезеңі терминтанушылық тұрғыдан тұтас қамтылған. Сол себептен терминология дамуының осы кезеңінің негізгі сипатын ашып, алаш оқығандарының терминжасам тәжірибесі мен ұстанған қағидаттарына ғылыми-лингвистикалық талдау жасап, олардың «терминологиялық көзқарастарын» анықтау міндеті алдымызда тұр [3, 69] .

  1. Алаш зиялыларының терминқор қалыптастырудағы басты мақсаты

ХХ ғасырдың 20-жылдары термин, терминология мәселелерімен айналысқан ұлт зиялыларының термин шығармашылығы мен олардың жазған еңбектері, мақалалары, баяндамалары, түрлі жиындарда (съезд, конференция) айтқан пікірлері негізінде олардың көздеген мақсатын анықтауға болады. Бұл тұрғыдан келгенде осы кезеңді зерттеу барысында біз мынаған көз жеткіздік: Өткен ғасыр басында ғылым-білім саласында еңбек еткен алаш оқығандары терминологиялық қорды қазақ тілі негізінде жасап, ұлттық ғылым тілін қалыптастыруды мақсат етті.

Олар қазақ балалары ана тілінде білім алып, ғылымды өз тілінде игеруі қажет деп санап, оған өте үлкен мән берді. Қазақ білімпаздары аталған мақсаттарына сәйкес жұмыстар атқарды. Оның ең алдымен, ғасыр басында (20-30-жылдары) алаш оқығандарының қаламынан туындаған оқулықтар мен оқу құралдарынан анық көруге болады. А. Байтұрсынұлының - «Тіл-құрал», «Әліппе», «Әдебиет танытқыш»; Е. Омарұлының - «Пішіндеме» Х. Досмұхамедұлының - «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» сынды оқулықтары мен оқу құралдарындағы терминдердің орта есеппен 90 пайызы қазақ тілінің төл сөздері немесе солардың негізінде жасалған жаңа атаулар болып келеді.

Сөз болып отырған кезеңде жарық көрген алғашқы терминологиялық сөздіктер де алаш зиялыларының терминқор қалыптастырудағы мақсаттарын айқындай түседі. Онда да біз «Орысша-қазақша әскерлік атаулары», «Пән сөздері», «Атаулар сөздігі» сияқты қазақ тіліндегі алғашқы терминологиялық сөздіктерді түзуде алаштықтардың ұлт тіліндегі термин шығармашылығына барынша басымдық бергенін көреміз.

Сондай-ақ алаш оқығандары өздері жазған төл оқулықтармен қатар ғылыми, танымдық және оқулық әдебиеттерді орыс тілінен аудару кезінде де оларда қолданылған терминдерді қазақша атауға, тілімізде бұрын болмаған ғылыми ұғымдардың атауларын білдіретін жаңа баламалар жасауға көп мән берді.

Жалпы терминологияны қалыптастыруға қатысты алаш оқығандарының өз арасында кейбір мәселелерге қатысты өзіндік пікірлері, жеке көзқарастары болғанмен, дәл терминқорды ұлт тілінде қалыптастыруға келгенде олар ортақ ұстаным төңірегіне топтасты. Яғни, қазақ тілінің терминологиялық лексикасының негізгі басым бөлігін ұлт тілінде жасап қалыптастыру - олардың ортақ мақсаты болды.

ХХ ғасыр басында қазақ тілінде білім беру ісі қарқынды түрде қолға алына бастағандықтан, ең алдымен мектеп оқулықтарында қолданылатын терминдерді жасау, оларды аудару (негізінен орыс тілінен) мәселесі туындады. Бұрын ұлт тілінде болмаған көптеген ұғымдардың атауларын түгелдей қазақша жасау оңайға соқпасы белгілі. Сондықтан, ондай бейтаныс, жат ұғымдардың атауларын алмастыратын ұтымды сөз, сәтті балама табылмаған жағдайда түпнұсқа тілдегі сөзді қабылдауға тура келді.

Тәуелсіздік алған 90-жылдардан кейін тілімізде араб сөздерін термин ретінде пайдалану үрдісі жаппай қарқын алып кетпесе де біршама жанданды. Әрине, қазіргі уақыттағы араб сөздерінің термин ретінде қолданысқа ене бастауын 7-9 ғасырлар мен орта ғасырлармен салыстыруға келмейді. Дәлірек айтқанда, қазіргі уақыттың үлкен ерекшелігі бар.

Ерекше назар аудартатын мәселенің бірі - алаш зиялыларының өздері түрік тілдерін терминжасамның сыртқы көзі ретінде тани отырып, термин алмасу үрдісінде пайдаланбағандығы. Бұл мәселенің лингвистикалық, тілден тыс (экстралингвистикалық) қырларына тереңірек үңілу қажет деп санаймыз. Алаш зиялыларының ХХ ғасыр басында түркі тілдестер арасында, жалпы Орта Азияда ғылымды дамытуда, саясатта көшбасшылық рөлге ұмтылғаны байқалады. Сондай-ақ алаш оқығандарының көпшілігі қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең бай және таза сақталған тіл деп саналады. Сондықтан туысқан тілдестердің терминологиясын қалыптастыруда қазақ тілінде көбірек жүгінгені жөн деген де көзқарас болды.

Сонымен алаш зиялылары қалыптастырған терминологияны дамыту дәстүрінің үзіліп қалуына мынадай себептер негіз болды:

  • алаш зиялылары белгілеген терминология қағидаттары КСРО орталығы белгілеген саяси курсқа сай келмеді;
  • ұлттық республикалардың терминологиялық қорды әрқайсысы өздерінің тіл байлығы негізінде қалыптастыруға ұмтылған бағыты орыс тілін Кеңес Одағының мемлекеттік тіл, ұлтаралық қатынас құралы мәртебесіне ие дара тіл, кеңес халқына ортақ тіл ретінде қалыптастыру саясатына қайшы келді;
  • қазақ терминологиясы дамуының бағыт-бағдарын, ғылыми қағидаттарын белгілеп, ұлт тіліндегі терминжасам мәселесімен және терминологиялық жұмыстарды жүргізу ісімен тікелей айналысқан білікті ұлттық кадрлардың барлығы дерлік саяси қуғын-сүргін құрбаны болды;
  • алаш оқығандарының терминологиядағы дәстүрін жалғастыратын, оны қорғай алатын ұлттық ғылыми элита, зиялы қауым, тілшілер шоғыры болмады. Бірлі-жарым табандылық танытқандар, ұлтшылдардың ізбасарлары, «халық жауларының» жақтастары ретінде қуғындауға ұшырады. Керісінше, кеңестік тіл саясатына сәйкестендірілген бағыт кеңінен насихатталды. Оны жақтағандарға сенім артылып, жол ашылды.
  • Негізінен осы аталған себептер терминологиядағы алаш дәстүрінің жалғасын таппауына, алаш зиялылары атқарған істерге біржақты теріс баға беріліп, 90-жылдарға дейін олар белгілеген терминология қағидаттары елеусіз қалып келуіне негіз болды [4, 115] .
  1. ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ТЕРМИНҚОРДЫ

ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҚОСҚАН ҮЛЕСТЕРІ

ХХ ғасыр басындағы 10-жылдардың ортасы мен 30-жылдардың басына дейінгі уақыт аралығы қазақ терминологиясы дамуының тарихындағы айрықша кезең екендігі анық. Зерттеуіміздің алғашқы тарауында ол жөнінде сөз болады. Ал енді осы кезеңнің өзіндік сипатын толық ашу - аталған мерзім аралығында еңбек еткен, терминология мәселелеріне арнап үлкенді-кішілі еңбектер жазған, терминжасам ісіне, терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыруға араласқан авторлардың шығармашылығын зерттеу арқылы ғана жүзеге аспақ. Терминологияны қалыптастырудағы ұлт зиялыларының рөлін де олардың атқарған істері мен жазған еңбектерінсіз айқындай алмасымыз анық. Сондықтан төменде ХХ ғасыр басында қазақтың ғылым тілінің қалыптасуына, ұлттық терминологиялық қордың жасауына өзіндік үлес қосқан зиялылардың еңбектеріне жеке-жеке тоқталамыз [4, 184] .

2. 1 Қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы Ахмет Байтұрсынұлының рөлі

Қазақ тіл білімінің, оның ішінде ғылыми терминологияның қалыптасуы мен дамуы туралы сөз қозғағанда, алдымен Ахмет Байтұрсынұлының есімі ойымызға оралады. Әрине, басқаша болуы да тиіс емес. Себебі - қазақтың ұлттық ғылым тілінің, терминологиялық қорының дамып, қалыптасуының тұтастай бір кезеңі ғалым еңбектерімен, оның ғылыми-педагогикалық ағартушылық және көшбасшылық-ұйымдастырушылық қызметімен тікелей байланысты. Сондықтан да қазақ терминологиясының тарихы, оның даму, қалыптасу кезеңдері туралы сөз қозғағанда Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне жан-жақты тоқталу, оны терең зерттеу өте маңызды. ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясының дамуы мен алаш зиялыларының ұлттық ғылым тілін қалыптастырудағы рөлі туралы сөзді Ахмет Байтұрсынұлынан бастайтындығымыздың себептерін нақты тілдік-тарихи деректерге негіздей отырып айта алсақ қана біз ғалым мұрасының қадіріне жетіп, оның озық ойлары мен терминжасам тәжірибесін қажетімізге жарата аламыз [5, 44] .

Қазақ тілінің терминологиялық қорының қалыптасуына негіз болған басты көз ұлт тілінің өз байлығы екендігі сөзсіз. Оның бастауларын әріден, түркі тілдерінен, төл тіліміздің тармақталып дербес даму тарихымен байланыста қараған жөн. Бұл терминология тарихын диахронды зерттеу барысында зерделенетін мәселелер. Ал бүгінгі қолданыстағы арнаулы лексикамызды құрайтын жекелеген сөздердің терминдік мәнде жұмсала бастауын Абай қара сөздерінен, ХІХ ғасырдың екінші жартысында шыққан кітаптар мен осы кезеңде басылып тұрған «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты» газеттерінің беттерінен кездестіруге болады. Ал салалық терминологияның қалыптасуы белгілі бір арнаулы саланы құрайтын ұғымдар жүйесінің тілде таңбалануы болып табылады.

Осы аталған авторлардың әрқайсысының қазақтың ғылым тілінің, салалық терминологияның қалыптасуына өзіндік үлестерін қосқандығы дау тудырмайды. Оған аттары аталған зиялылардың қазақ тілінде жазған еңбектерінде кездесетін ғылыми атаулар куә бола алады. Соған қарамастан, олардың арасынан А. Байтұрсынұлының есімін ерекше атаған орынды.

А. Байтұрсынұлы ақталғаннан бергі он бес-жиырма жыл уақыт ішінде ұлы тұлғаның соңына қалдырған еңбектері әр түрлі қырынан зерттеле бастады. Бұл істен тілші ғалымдар да шет қалмай ғалымдардың жариялаған еңбектері соның дәлелі бола алады.

А. Байтұрсынұлының қазақ терминологиясын қалыптастырудағы рөлін көрсету де оның бұл саладағы еңбектері жан-жақты қарастырылып, сондай зерттеулер нәтижелерінің негізінде тиісті қорытындылар жасалуы қажет.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тілі мен оның терминологиялық қорын дамытудағы білімпаздар съезінің алатын орны
Ғалым аты біліммен, тіл біліміне сіңірген еңбегімен өлшенбек
Ахмет Байтұрсынұлының термин қалыптастырудағы рөлі
Терминтанудың тарихы тереңде
Ахмет Байтұрсыновтың тіл біліміне қажет терминдерінің жалпы сипаты
Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ терминологиясы
Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тілі ғылымының дамуына қосқан үлесі
Әдебиеттің әліп биі-асылы Ахмет
Қазақ терминологиясының даму кезеңдері
Ұлттық терминқор қалыптастырудың алаш кезеңі және қазіргі қазақ терминологиясы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz