Аңызға құрылған хикаяттардың оқиғалар желісі


1) . КІРІСПЕ . . . 3-бет.
2) . БІРІНШІ ТАРАУ. «Аңызға құрылған хикаяттардың оқиғалар
желісі . . . 7-бет.
3) . ЕКІНШІ ТАРАУ. ««Өмір құбылыстарына құрылған хикаяттардың
оқиғалар желісі . . . 28-бет.
4) . ҚОРЫТЫНДЫ . . . 48-бет.
5) . ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 51-бет.
КІРІСПЕЖұмыстың жалпы сипаттамасы. Біз зерттеу, яғни диплом жұмысымызда «Қазақстанның еңбек ері», «Қазақстанның халық жазушысы», «Қоғам қайраткері» Әбіш Кекілбаевтың 2001-жылы Алматыда, «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Дала балладалары» атты қос томдық жинағындағы хикаяттарды жан-жақты қарастыратын боламыз. Басты назарда ұстаған жайт оқиғалар желісінің арасындағы байланыс. «Толқыннан толқын туатыны» сияқты, кез-келген сюжетті шығармада оқиғалар арасындағы байланыс шымыр болу керек. Адамды қызықтырып, жетелеп отыратын, өміршең туындылардың басты ерекшеліктері де осында болса керек. Сонымен қатар, зерттеуімізде сол оқиғалар арқылы автордың не айтқысы келгендігіне тоқталып отырамыз.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. 60-жылдары әдебиетке белсене араласа бастаған 20-жастағы жігіт алғашқы қадамын өлеңмен бастапты. Мектеп қабырғасында жүрген шағынан республикалық басылымдардан жарияға шығып жүрген Әбіш Кекілбаев Алматыға келіп, Қазақ университетінің филология факультетіне оқуға түскен шағынан бастап үлкен шығармашылыққа бет бұрады. Прозаға жасаған алғашқы қадамдары әдебиет сүйер қауымға болашағы зор таланттың танылып келе жатқанын көрсеткен еді. Біздің зерттеуімізге арқау болып отырған жинақ «Дала балладалары» деген атпен 1975-жылы Москвадан шығады. Бұл жинақ кейін 2001-жылы басқа да шығармалар енгізіліп, екі том болып қайта шығады. Біздің қолымыздағы жинақ - осы.
Жалпы, қазақ әдебиеті жайлы, оның ішінде, проза жанры жайлы әңгіме бола қалса, 60-жылдары әдебиетке келген буын туралы айтылмай қалмайды. Себебі, қазақ прозасын жаңа деңгейге, жаңа жетістіктерге жеткізіп, тың жаңалықтарымен келген бұл буынның қазақтың төл әдебиетінің жан-жақты дамуына тигізген еңбегі - ұшан-теңіз. Сол буынның ірі өкілдерінің бірі Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығында аңыз оқиғалардың көптеп кездесетіндігі мәлім. Бірақ, аңызға құрылған қандай да бір шығармасын оқып отырғанда, бағзы заманнан сан өзгеріске ұшырап жеткен аңыздың көз алдыңда қазір болып жатқандай нақты оқиғаға айналып, қозғалысқа түскенін көресің. Жазушының жазу стилі ерекше. Көбіне кейіпкерлердің ой ағысына құрылады. Диалог аз, жоқтың қасы. «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы стильдік жаңалық сол, жазушы авторлық баяндауды субъективтендіре біледі, яғни авторлық баяндау мен кейіпкердің ішкі монологінің шекарасы көрінбей, әдемі жымдасып, әлеуметтік психологиялық талдауға айналып кетеді. Сондықтан да мұнда диалогтың орнын монолог алмастырып отырады» (15, 74) . Жазушының кез-келген шығармасын оқи қалсаңыз, бұл пікірдің растығына күмәніңіз қалмайды. Аңызды жазса шежірешілердің тілімен көркем, әсерлі жеткізеді. Профессор Серік Қирабаев көрсеткендей: «Бас тақырып - тас туындылардың өзгелерден бір айырмашылығы - мұнда сюжет халық аңыздарында кең тараған оқиғалар негізінде құрылады да, оның дамуы, өрістеуі шартты түрде болады. Сол шарттылық көлемінің өзінде-ақ жазушы жалпы адамның проблемаларын қозғап, оның ұрпақ үшін үлгілік, өнегелік жақтарына көңіл аударуға тырысады. Нақты адам әрекетін аңыздан реальді жағдайға ауыстыра отырып, көрсетуге ұмтылады. Осы тектес аңыздарды жазып жүрген авторлардың бірі - Әбіш Кекілбаев» (16) . Аңызды халыққа жеткізеді. Бұл бір жағы. Екінші жағы ескілікті аңыздарды өз айтар ойы, ұстанымы, көзқарасына бұрып алып келеді. Бүгінгі күн тақырыбы болсын, тарихи, аңызға құрылған туындыларында болсын, оқиғалар шығармаға көркемдік беріп қана қоймай, жазушы ойымен, айтпағымен астасып жатады.
«Әбіш шығармашылығында біздің қазақ жазушыларынан жиі ұшыраса бермейтін бір ерекшелік сипат бар. Ол әр шығармадағы әртүрлі тақырыптар мен идеялардың тұтасып барып бір жүйе құруы, жазушы концепциясына айналуы. Сол концепция «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Аңыздың ақыры» үшеуіне циклдық сипат дарытса, «Шыңырау», «Бәйгеторы» повестері автордың жаңағы шығармаларындағы ойын, дүниетанымын, өмір құбылыстарына деген көзқарастарын айқындап, толықтыра түседі. Айналып келгенде, Әбіштің біз атаған бес туындысының қай-қайсысында болмасын, бір мәселе - адамның қоғамдағы рөлі мен орны деген жалғыз проблема қозғалады» (17, 130) - дейді сыншы М. Ысқақбаев. Өмірдегі қандай мәселе болмасын адамға қатысты. Сондықтан қай тақырыпта жазылмаған шығарма болсын адам концептісімен тікелей байланыста болады. Бұл жағынан алғанда жазушы шығармаларына адам, адамның өткені мен келешегі туралы мәселелерді тақырыптық өзек қылып, сол мәселелерді көтере білген. Жазушы қолданған ұсақ-түйек оқиғаларының өзі авторлық идеямен астасып жатады. Соның нәтижесінде біз байқай бермейтін құбылыстарды тани аламыз. Мына пікірді келтіре кетсек: «Автордың не айтқысы келгені ғана емес, қайта әдейілеп болмаса да өмір фактілерін дұрыс суреттеудің нәтижесінде не айтқандығы біз үшін маңыздырақ. Біздің талантты шығарманы соншалық қадірлейтін себебіміз - біз мұндай шығармалардан өміріміздің факторларын айқын зерттей аламыз, мұндай шығарма болмаса ол өмір жай адамдардың көзіне оншалықты шалына бермейді». Иә, жазушы алдымен, суреткер, өмір құбылыстарын айнытпай суреттей алатын шебер суреткер болуға тиіс. Біздің Кекілбаевтың суреткерлік шеберлігіне тамсанып жүргендігіміз - оның осы қасиеттерді бойына сыйдыра алғандығының нәтижесі.
«Әбіш Кекілбаевқа тән тағы бір ерекшелік - жеке адам мәселесін әртүрлі деңгейден, адамның әртүрлі әлеуметтік статусынан келіп зейін қоятыны . . . Негізгі діттейтіні - адамды типтік тұтастыққа алу. Жазушы үшін хан болсын, қара болсын, біртуар талант болсын, я болмаса алаяқ болсын - жеке тағдырлар, жеке бір дүниетаным мен сананың иелері. Жеке адам дегеніміз - өзінше бір әлем. Қаламгер осы жеке адамға үңіле отырып, олардың бойынан ортақтық қасиеттер іздейді» (18, 90) . Жазушы шығармашылығымен таныс болсаңыз, бұл пікірге де бас изейсіз. Өмірдің қайнаған ортасында жүріп, қоғамдағы жайттарды төменгі таптың да, жоғарғы таптың да көзімен көре білуге тиіс жазушылық міндет арқалаған адамға әр замандағы әртүрлі әлеуметтік топтардың ішкі тебіреністерін, көзқарастарын аша білу үлкен білімді, ізденісті қажет ететін қасиет. Біздің талдауымызға арқау болып отырған шығармалардың авторы осы деңгейден табылатын қаламгер. Тарихи тақырыптарға жиі баратындығы соны аңғартады.
«Әбіш Кекілбайұлының өткен заманға арналған тарихи хикаяларының алпысыншы жылдардың аяқ кезінде жазылуында өзіндік себеп бар. Осы жылдардың бас кезінен бастап, кейінгі он жылдықтарда тарихи тақырып қазақ әдебиетінде үлкен бір толқынды кезең боп көзге түсті. Бұл - сол уақыттағы қазақ халқының бай өткен тарихын жоққа саятындай үстем, отаршылдық ой-пікірге қарсылық білдірушіліктің бой көтере бастауының белгісі де еді» (25, 53) . Тарихи тақырыпқа аяқ басып, оны зерттеп, оған өзінше баға беріп, өзінше толғанып, тоқтам жасап, көркем шығармаға айналдыру - екі жазушының бірінің қолынан келе бермес, зор қажыр-қайрат иелері ғана жасайтын еңбек. Бұл тұрғыдан алғанда Әбіш Кекілбаев тарихты бедерлеуші жазушылардың алдыңғы қатарынан табылады. Оның «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» романдары, «Абылай хан» пъесасы оның тынымсыз еңбегінің жемісі. Қазақ тарихына, әдебиетіне қосылған зор үлес.
«Әбіш Кекілбаев прозасы, жалпы алғанда, өмір құбылыстарына байсалды ой-парасат көзімен қарауға шақырып, өткен мен бүгіннің ажырамас диалектикалық бірлігін тереңірек түсінуге көмектеседі. Бұл проза қазақ тілінің ауызша, жазбаша озық өнегелеріне арқа сүйейді, содан да ол философиялық, интеллектуалдық мағыналарға бай болып келеді» (27, 14) .
Біздің зерттеу объектіміз Әбіш Кекілбаевтың «Дала балладалары» жинағындағы хикаяттар. Оқиғалары нанымды, шебер баяндалған, я суреттелген. Білімі кемел, оқығаны мен түйгені көп қаламгердің қаламынан шыққан қандай туынды болмасын оқырмандарды елітпей қоймайды. Шығарманы оқығанда адамның есінде алдымен сақталатыны - жекелеген оқиғалар. Сол жекелеген оқиғалар тізбегінің арасындағы байланыс, шығарма бойындағы оқиғалық желілер көзге көрінбес тұтастықтарымен ынтықтырады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері:
- Әбіш Кекілбаевтың «Дала балладалары» жинағындағы хикаяттарға жеке-жеке тоқталу;
- Оқиғалар арасындағы байланысты ашып, ортақ желіні анықтап, қызметтерін талқылау;
- Бұрындары көп зерттелмеген «Бәйгеторы» хикаятын басқа жазушылардың шығармаларымен салыстыра талдау.
Тақырыптың зерттелу деңгейі мен дерек көздері. Біз жазушы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына оқиғалар желісі тұрғысынан келмекпіз. Оқиғалар арасындағы кейбір көзге көрінбес байланыстарды ашып, оны қолданудағы жазушының мақсатына, көркемдік идеясына назар аударып, оқиға желілерінің ара жігін ашып беруге тырысамыз. Жазушы қолданған қандай да бір оқиғаның шығармадағы көркемдік қызметін анықтап, басқа оқиғалармен байланыстырып тұрған ерекшеліктеріне тоқталамыз. Жазушының бай сөздік қорының арқасында шебер суреттелген, ұғынықты баяндалған жайттарды өз желісімен шығарма сюжеті бойымен шолып шығамыз. Бұрындары талай зерттеліп жүрген аңыздық желілерге біз оқиға ретінде зер саламыз. Осы мақсатпен, оқиғаларды екіге бөліп алдық. Аңыздық оқиғалар және қарапайым өмір құбылыстарына құрылған оқиғалар.
Біздің қолымыздағы «Дала балладалары» жинағының бірінші томында жазушының «Аңыздың ақыры» романы мен «Күй» хикаяты, екінші томында «Бәсеке», «Ханша-дария хикаясы», «Шыңырау», «Бәйгеторы», «Бір шоқ жиде» хикаяттары топтастырылған. Осы шығармалардың ішінен хикаяттарды бөліп алып, яғни, «Аңыздың ақыры» романынан басқа алты хикаятты екіге бөлдік. Бірінші - аңыздық оқиғаға құрылған хикаяттар; екінші - қарапайым өмір құбылыстарына құрылған хикаяттар. Біріншіге: «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Шыңырау» хикаяттары; екіншіге: «Бәсеке», «Бір шоқ жиде», «Бәйгеторы» хикаяттары кіреді. Сонымен қатар, көп зерттеле қоймаған «Бәйгеторы» хикаятын Мұхтар Мағауиннің «Жүйрік», Қабдеш Жұмаділовтың «Сәйгүліктер» атты шығармасымен кейбір үндестіктері мен ұқсастықтары салыстыра талданады.
Жалпы, Әбіш Кекілбаев шығармашылығын зерттеуде аңыздық, мифтік оқиғаларға көптеп қалам тартылғанымен, қарапайым оқиға ретінде көп көңіл бөле бермейді. Сондықтан да аңыз оқиғалар мен қарапайым оқиғаларды бөліп алып, екеуінің де шығармалардағы көркемдік қызметі мен желілік байланыстарына тоқталу - болашақта да жалғасын табуға тиіс бастама деп білеміз.
Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Жоғарыда аталған мәселелердің шешімін іздеу барысында әртүрлі басылымдарда әр жылдары жарық көрген түрлі мақалалар, диссертациялар, монографиялық еңбектер басшылыққа алынды.
Зерттеу әдістері: ғылыми баяндау, қорыту, тұжырым жасау, салыстыра талдау.
Ғылыми жаңалығы:
- Әбіш Кекілбаев шығармашылығы аңыздық және қарапайым өмір құбылыстарына құрылған оқиғалар деп бөлініп, алғаш рет зерттеліп отыр.
- «Бәйгеторы» хикаяты мен Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов шығармаларының арасындағы ұқсастықтар салыстыра отырып талданады.
Практикалық мәні. Бұл зерттеу Әбіш Кекілбаев шығармашылығына қызығушылық танытқан кез-келген ізденушіге көмектесе алады. Орта мектептерде, ЖОО, арнайы курстарда, арнайы тәрбие сағаттарында көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың көлемі - 57 бет.
1-БӨЛІМ
1. Аңызға құрылған хикаяттардың оқиғалар желісі.- «Күй» хикаяты.
Жалпы Әбіш Кекілбаев күй тақырыбында көптеген туынды жазған. Бұл тақырыпта біраз әңгімесі мен бірнеше хикаяты бар. «Қаламгер күй, күйшілік тақырыбына ұзақ уақыт терең ойлана, зерттеп барып, «Әке» атты ұзақ өлеңін, «Аш бөрі» әңгімесін, «Күй» повесін жазып, соңғы жылдары «Шаңдоз», «Махамбет», «Бәйгеторы» тақырыптарына да тегіннен тегін бармаған екен. Бұл тақырыптардың бәрінің де саз өнеріне қатысы бар» (6, 9) .
Оның бұл тақырыпты жете игергендігі - алдымен суреткерлік шеберлігі, екіншіден өскен ортасы мен көрген тәрбиесінің нәтижесі болса керек. Әкесі Кекілбай да күйші, қоңыр дауысы бар әнші, атбегі болған, жалпы өнерді сүйген, бағалаған. Жазушының өзі 2005-жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Сермей тартқан семсер күй» атты мақаласында әкесінің күйшілігі жайында:
« . . . Әдемі әуез, . . . күмбірлеген күй . . . әуелгі рухани ырзығым. Бесікте жатқанда тұсымда қара домбыра ілініп тұрыпты. Қаршадайынан Өскінбай күйшіге еріп, өнер қуып, ауаланып өткен әкем жарықтық оны қашан иығына мылтық асынтып майданға аттандырғанша қолынан тастамапты. Мен туған күні де ойын-сауық іздеп кетіп, ауылда болмапты. Оның өнеріне қанығып үлгермегеніммен, құлағымнан пейіш көмей, періште көкірек қара домбыраның үні ешқашан жырақтап көрген емес (8) .
Әкесі туралы поэма да жазған. Шағын поэмасында:
Әкемнің бармағынан бал саулады,
Осы ауыл талай тыңдап тауыса алмады.
Көп болды сол көкемді көрмегелі,
Күйіне біздің ауыл тамсанғалы (9. 9) - деген. Әкесінің жай ғана күйші емес, бүкіл ауылды ауызына қаратқан қарымды күйші болғанын айтады. Әкесі туралы, оның өнер дегенге, күй дегенге сүйіспеншілігін «Құс қанаты» хикаятында да айтып өтеді.
Міне, төл өнерді бесіктен еміп өскен жазушының «Күй» хикаятында күй құдіреті сан қырынан ашылады. Бұл туралы Қ. Әбдезұлы:
«Түрікмендер қолында тұтқында қалған қазақ күйшісінің тағдыры оқырманын бейжай қалдырмайды. Повестің бас кейіпкері Жөнейіттің жан әлеміндегі мәңгі мызғымастай көрінетін рухани өзгерістер күйші өнерімен терең сабақтастықта ашылады» (7, 21) - дейді.
«Күй» повесі Сырым дейтін геодезист жігіттің Қақпақты жерін картаға түсіруге барып, ол жерден ешбір белгі таба алмай, түрікменнің Қосаба деген жерінен Құрбан есімді көне көз қарияны тауып алып, қағаз бетіне белгі түсіре бастайды. Осы шығарма жөнінде М. Ысқақбаев: «Ә. Кекілбаев дәл манағы Құрбан қарияның өзі іспетті. Осынау кішкене әдемі штрих жазушы қаламына тегіннен-тегін ілінбеген шығар. Әбіште шежіреші дана қариялардың мақамы бар» дейді (4, 50) .
Алдымен шығармаға арқау болған негізгі тарихи дерек - Абыл күйшінің түрікмендердің қолына түсіп, оларды өз өнері арқылы тәнті етіп азат болуы. Екіншіден, Қақпақтының дөңіне байланысты айтылатын, бүкіл Маңғыстау жұртшылығы білетін аңыздар. Осы екеуін қаламгер бір-бірімен байланыстыра, сабақтастыра отырып, көптеген аңыздарды қабығынан аршып, өмірдің шындығына, айтар идеясына қарай бұрып әкелген.
«Күй» повесінде «Абыл күйші аруағына ескерткіш» деп авторлық арнау айтылғанмен, Абыл туындыдағы күйшінің прототипі емес (3, 11-12) .
Хикаяттағы басты мақсат Абыл Тарақұлы жайлы тарихи шығарма жазып шығу емес, күй құдіретіне бас ию, оның қасиетін, сырын сөзге түсіру, күйші жанының тебіренісін сөзбен жеткізу. Одан қалса, ХІХ-ғасырдағы қазақ пен түрікмен арасындағы қатынастарды тереңірек ашуға тырысқан.
Повестің оқиғасы өтетін жерлер: Қақпақтының дөңі, Тамды, Астау ой, Көкбөрі, Олжабай, Кендірлі, Темірбаба бейіті. Маңғыстау облысындағы бұл өңірлер Түрікменстанмен шектеседі. Повесть кейіпкерлері санаулы ғана. Оқиғасы қазақ пен түрікмен арасындағы қым-қиғаш қатынасты терең психологиялық тұрғыда баяндайды (6, 9) .
Шығармадағы жалпы оқиғалар Жөнейіттің көз алдында немесе соның өткенді түгендеуі арқылы беріледі. Хикая түрікмендердің ауылының суретімен басталады. Қазақ ауылын шауып, ол жерден алты қыз бен алты бала жігітті тұтқындап алып келіп отырған ауыл, Көкбөрінің қырқына орай оның басына барып, құдайы береді. Сөз арасында қазақ ауылын кек алу мақсатында шапқанынан хабар береді. «Қас дұшпаннан қан құстырғандай қылып өш алып қайтқан соң, інісінің басына ақ түйе сойып айдын асырғысы келді» (1, 193) .
Хикаяттағы тарихи дерекке құрылған оқиға баршылық. Соның бірі түрікмендер мен қазақтар арасында тайталас аймақта жатқан жер дауы. Жазушы бұл оқиғаны Мәмбетпананың балалық шағына шегініс жасау арқылы баяндайды. Кендірлі аймағына таласқан екі жақ, ақыры пәтуаға келіп, Қараман атаның басына барып анттасады.
«Жеті жұртты ел қылған, жеті жұртты жер қаптырған Маңғыстауды шұқылай берсең, қай халықтың да моласы табылатынын айтып, өткен өреуіл, қалған салауат десті. Атырау мен Аралдың, Сағыз бен Қарабұғаздың арасындағы көл-көсір ала қырдың адайдың да, айладырдың да еркін жайлауына жететінін айтып, тыныш тірлікке, ағайыншылыққа пәтуаласты. Екі жақтың да аузы дуалылары қауымның терістік бетіндегі шындағы кеуекте жатқан Қараман атаның басына барып құран ұстасып ант берісті (1, 199) .
Шығармадағы басты кейіпкердің бірі - Мәмбетпана өмірде болған адам. Шын аты Мәмбетсапа. Қазақ пен түрікмен арасының татулығына түрікмен жағынан зор үлес қосқан кісілікті адам делінеді тарихта. Ал, көркем шығармада аты сәл өзгертіліп, жағымсыз кейіпкер ретінде орын алған. Аталардың берген антын бұзушы, жер үшін бүлік бастаушы. Біз сөз қылмақ хикаятта орын алатын қанды оқиғалардың барлығы да осы анттың бұзылуынан келіп туындайды.
Әбіш Кекілбаевтың «Күй» хикаятын талдаған адам «мәңгүрт» тақырыбын айналып өте алмайды. Адамды адам кейпінен айырып, ақыл-есінен адастырар «мәңгүрт жасау» оқиғасы жазушы шығармасында нанымды берілген.
« . . . Көзді ашып-жұмғанша алты тұтқынның шашы алынды. Шаш алғыштар қанжарларын сүртіп, қындарына салды . . . Манадан бері білектерін сыбанып, әзір тұрған мосқал еркектер алты баланы құлақтан тартып шөкелетіп, жерге бұқтырды; алты жігіттің қолындағы теріні алып, тұтқындардың басына жапты. Әлі ылғалы кеппеген жып-жылы тері жаңа ғана шашы алынған жалтыр басқа жабыса кетті. Қолдары жып-жып еткен мосқал еркектер терінің жиегін шыр айнала бүрмелеп қойған көн тартпаны шірене тартып, сықситып таңып тастады. Жаңа ғана дені жайылып отырған бастар қайтадан зіл тартты. Жылы тері шекелерін солқылдатып сорып ала жөнелді(1, 196-206) .
Мәңгүрт болмақ сормаңдайдың басына тері кигізілмегі түсінікті. Оның түйенің терісінен жасайтынын да білдік. Сонымен қатар мәңгүрттің кепешіне айналар теріні жасауда асқан ыждаһаттылық керек екенін де байқадық. Оны кез-келген адам емес, «қолдары жып-жып еткен мосқал еркектердің» орындайтыны осыны аңғартса керек. Адамзат тарихынан адамды қинау, қорлау тұрғысынан алғанда ең жоғарғы көрсеткішке ие мәңгүрттендіру іс-әрекетінің жүзеге асуы осылай басталады екен. Ары қарай азап. Басына тері киілген сәттен бастап-ақ азапқа түсетін болашақ мәңгүрттердің хәлін айтпай-ақ ұғуға болады.
«Тұтқын балалардың шекесіне тер құйылды, сүртейін десе қол кісендеулі . . . кенет тұтқын балалардың бірі артындағы тұтқынның кеудесіне екі шекесін алма-кезек ұрғылап, шыңғырып жіберді. Ақ тайлақтың терісі күнге күйіп тырысып барады. Қаудырлап күйіп жатқан түйенің көні бас сүйекті сытырлатып шаға түсті. Қазір-ақ ұн қылып уатып жіберердей. Басқа тұтқындар да бебеулей басбады. Көздерінен жас парлап, кісендері шақырлап, қалшылдап-дірілдеп арпалысып жатыр. Алты тұтқын айдалада ауыз жаппай сарнап келеді. Олар бір апта бойы зар илеп, шыңғырды да жүрді. Сосын бастарына шаш шықты, ол түйенің көнінен өте алмай, қайтадан бастың құйқасын тесіп кері өсті. Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден де айырылды. Түйемен бірге келеді, түйемен бірге өреді (1, 206) .
Міне, жазушы қолдануында тарихи оқиға, аңыз да осылай түгелімен өзгерген. Түпнұсқадан, аңыздан әдейі ауытқып кетіп, қаламгер өзінің суреткерлік қиялымен, ойымен елестету арқылы шебер суреттеулер жасаған. Тұтқынның бастарын көн қысып шаға түссе, тақымдарын қомсыз көрттің арқасы (қыры), оның шуашы ащы терімен одан әрмен ашытып қинайды (қомсыз, жаман көртке мінгізу де - жазаның бір түрі) (3, 56) .
«Жөнейіт былтыр бауырларының қандай күйге ұшырағанын Дүйімқара өз көзімен көрсін деп екі тұтқынды адай арасына апарып тастады да, былайғы төртеуін осы ауылдың түйесін бағуға, тезегін теріп, суын тасуға алып қалған-ды(1, 206) .
Тағы да өліспей беріспес екі батырдың бірінің біріне қыр көрсетуі. Арасы ушығып тұрған қазақ-түрікмен қарым-қатынасы. Бұл бір жағы, тікелей болған жағжаятқа құрылған оқиға желісі. Біздіңше, екінші де жағы бар. Одақтың, ком. партияның дүрілдеп тұрған шағында қазақ еліне жасалған қысас та осы мәңгүрт жасау іс-әрекетінің ұзағырақ мерзімді жоспарға құрылған бір түрі болатын. Тура айтсаң турап тастар заман. Жазушы іштегі қыжылды осылай шығарған секілді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz