ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДЕГІ ӘЙЕЛ БЕЙНЕСІНІҢ КОГНИТИВТІК ҚҰРЫЛЫМЫ


әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ӘОЖ 81373. 512. 122 Қолжазба құқығында
«Әйел» концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестердің
лингвомәдени сипаты
10. 02. 02 - қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми жетекші
филология ғылымдарының
докторы, профессор
Қазақстан Республикасы
Алматы 2008
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДЕГІ ӘЙЕЛ БЕЙНЕСІНІҢ
КОГНИТИВТІК ҚҰРЫЛЫМЫ . . . 8
1. 1 Тұрақты тіркестерді когнитивтік аспектіде зерттеудің мәні . . . 8
1. 2 Тұрақты тіркестердегі «әйел» лексемасының концептілік өрісі . . . 23
1. 3 Фразеологиялық бірліктердегі «әйел» бейнесінің символдық
мәні . . . 41
2 ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР БЕЙНЕСІНІҢ
ҰЛТТЫҚ ТАБИҒАТЫ . . . 59
2. 1 Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын атауларындағы «әйел» лексемасына қатысты тұрақты тіркестердің жасалу жолдары . . . 59
2. 2 Поэтикалық мәтіндердегі «әйел» атауына қатысты кездесетін тұрақты тіркестердің лингвомәдени негіздері . . . 73
2. 3 Тұрақты тіркестердегі «әйел» бейнесінің этнолингвистикалық
сипаты . . . 89
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 107
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 110
КІРІСПЕ
Жер бетіндегі әрбір этностың бір-біріне ұқсамайтын мәдениеті мен өзіне тән ерекшеліктері болатыны - тарихи заңдылық. Мұндай құбылыс сол тілдік ұжымдағы ортаның қарым-қатынасынан, олардың сөйлеу мәдениеті мен өмір сүру дағдысынан, тектік құрылымының коммуникативтік ерекшеліктерінен анық байқалатынын аңғаруға әбден болады. Бұл ерекшеліктер сол кезеңге тән қоғамдық сананың тілінде жақсы сақталады да, сол этностың рухани, мәдени құндылықтарының негізін көрсетеді. Сондықтан қазіргі тіл ғылымында халықтың, ұлттық этноментальды өмірін, дүниетанымдық сипатын қарастыратын антропоцентристік бағыттағы зерттеулер өз нәтижесін беріп келеді. Себебі тіл адамдардың іс-әрекетінен тыс дамымайды. Тілдік ұжымды, жеке адамды тілі арқылы тану арқылы оның шаруашылық, мәдени өмірінен толық ақпарат алуға болады.
Тілдік ұжым мүшелерінің дүниетанымы адамзат пен мәдениеттің даму кезеңдерінің сатысынан өткен сайын ақиқат дүниені тек логикалық-позитивтік қана емес, этикалық-моральдық, ментальдық тұрғыдан да таныта алады. Осыған сай, тілде қалыптасқан тұрақты тіркестерді - мақал-мәтелдер мен фразеологизмдерді антропоцентристік аспектіде қарастырған еңбектер қай кезде болса да маңызды.
Дүниенің тілдегі бейнесін жан-жақты қарастыруда концептілік ұғыммен мағыналық байланыста тұратын тұрақты тіркестердің - мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің маңызы ерекше.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Басқа да тілдік бірліктер тәрізді адамзат бейнесіне қатысты лексикалық қор - ауызекі тілде, ауыз әдебиеті үлгілерінде, тарихи және көркем шығармаларда тұрақты тіркестердің фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер сияқты түрлері когнитивтік модель қалыптастырушы таңба, ақиқат дүниенің көрінісін белгілейтін нысандар ретінде танылады. Тілдік бірліктер арқылы таңбаланған әйел бейнесі қоғамдық санада өміршеңдік, тұрақтылық, сезімталдық, символдық т. б. белгілермен ерекшеленеді. Дегенмен де тұрақты тіркестер арқылы «әйел» концептісінің берілу ерекшеліктері, жалпы әйел лексемасының ұлттық сипаты осы кезге дейін тілімізде когнитивтік тіл білімі тұрєысынан арнайы қарастырылмағаны белгілі. Осыған байланысты таным - мәдениет - тіл үштігінің принциптері негізінде, қазақ әйелдері туралы мәдени-этнотанымдық мәні зор тілдік фактілер - тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесін когнитивтік құрылым тұрғысында ғылыми талдау қай кезде болса да өзекті мәселе болып табылады.
Тіліміздегі тұрақты тіркестер әр түрлі аспектіде зерттеліп келеді. Алайда «әйел» лексемасына қатысты тұрақты тіркестер осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысаны болған емес. «Әйел» лексемасына қатысты тұрақты тіркестер ұлттың өмірінен, оның тарихы мен мәдениетінен, менталитетінен ақпарат беретін тілдік құндылықтар ретінде қызмет атқарады. Әйел бейнесін ашуда, портрет жасауда, әйелдің ішкі жан - дүниесін, психологиясын беру мақсатында қолданылған «әйел» лексемасына қатысты тұрақты тіркестердің лингвомәдени сипатын қарастыру арнайы зерттеуді қажет етеді. «Әйел» атауымен байланысты тұрақты тіркестерге концептілік талдау жасау ғаламның тілдік бейнесі туралы білімді анықтау үшін қажет. Осы тұрғыда «әйел» атауына қатысты тұрақты тіркестердің когнитивтік семантикасы, концептуалды негіздері тоғыса қарастырылады. «Әйел» лексемасының когнитивтік аспектіде тұңғыш рет арнайы зерттелуі жұмыстың өзектілігін танытады.
Зерттеудің нысаны. Тілдегі ұлттық танымға сәйкес «әйел» концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестердегі (мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердегі) әйел лексемасы алынды.
Зерттеудің пәні. Тұрақты тіркестердегі әйел бейнесінің лингвомәдени сипаты.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты - поэтикалық мәтіндердегі, ақын-жыраулардың өлеңдеріндегі, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын атауларындағы тұрақты тіркестерді қалыптастыратын әйел лексемасын негізге ала отырып, лингвомәдени тұрғыдан әйел бейнесінің ұлттық табиғатын ашу. Тұрақты тіркестердің табиғатын когнитивтік аспектіде қарастыру тілдің ұлттық сипатын анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан когнитивтік лингвистиканың қағидаларына сәйкес әйел атауын концепт тұрғысынан қарастыру арқылы әйелдер бейнесінің лингвомәдени сипатын айқындау нысанға алынды. Сондай-ақ, әйел атауына қатысты тұрақты тіркестердің когнитивтік құрылымын анықтау мақсаты бар. Бұл мәселелерді анықтау үшін мынадай міндеттер қойылды:
- қазақ тілінде әйел атауына қатысты жасалған тұрақты тіркестердің семантикасын ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесін, қоршаған дүниені қабылдаудағы ұлттық менталдық танымның ерекшелігі арқылы анықтау;
- қазақ тіліндегі «әйел» концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестердің когнитивтік аспектіде зерттелуін қарастыру;
- когнитивтік тіл білімінде қазақ тіліндегі әйел ұғымын концепт тұрғысынан қарастыру;
- қазақ тіліндегі әйел атауына қатысты ассоциациялық фондық образы үйлес, ұғымдық мәні тектес концептуалдық өрісін анықтау;
- қазақ тілінде әйел атауына қатысты танымдық мәдениеттің ақпараттық ерекшеліктерін айқындайтын концепт құрылымдарды анықтау, концептілік құрылымдар арқылы тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесінің лингвомәдени мазмұнын сипаттау;
- концептілік құрылымдар арқылы тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесінің этнолингвистикалық мазмұнын ашу және символдық мәнін айқындау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- зерттеу жұмысында концепт ұғымы кешенді құрылым деп танылып, оның тұрақты тіркестердегі , этнолингвистикалық, лингвокогнитивтік ерекшеліктері көрсетілді;
- қазақ тілінде әйел атауына қатысты жасалған тұрақты тіркестердің семантикасы ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесі, қоршаған дүниені
қабылдаудағы ұлттық менталдық танымның ерекшелігі анықталды;
- қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің когнитивтік аспектіде зерттелуі қарастырылды;
- тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың принциптеріне орай қазақ тіліндегі әйел атауы концепт тұрғысынан алғаш рет сөз етілді;
- қазақ тіліндегі әйел атауына қатысты ассоциациялық фондық образы үйлес, ұғымдық мәні тектес концептуалдық өрістер анықталды;
- қазақ тілінде әйел атауына қатысты танымдық мәдениеттің ақпараттық ерекшеліктерін айқындайтын концепт құрылымдар жүйеленді;
- концептілік құрылымдар арқылы тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесінің лингвомәдени мазмұны сипатталды;
- концептілік құрылымдар арқылы тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесінің этнолингвистикалық мазмұны және символдық мәні сөз етілді.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. І. Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (Алматы, 1977 ж. ) ; Ә. Қайдардың «Халық даналығы» (Алматы, 2004 ж. ) ; А. Қайдар «Тысяча метких и образных выражений: Казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (Алматы, 2003 ж. ) ; Г. Смағұлованың «Мағыналас фразеологизмдер сөздігі» (Алматы, 2001 ж. ) ; әр жылдары жарық көрген қазақ мақал-мәтелдері жинақтары, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (10 томдық), қазақ ақын-жырауларының шығармалары мен айтыстардан және тарихи жырлар тілінен алынды.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңыздылығы.
Жұмыста ұсынылған тұжырымдар мен пайымдаулар, алынған нәтижелер қазақ тіл біліміндегі когнитивтік зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері мен ұстанымдарын нақтылай түсуге, айқындауға өз деңгейінде үлес қосады. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесінің концепт құрылымдары арқылы лингвомәдени, этнолингвистикалық білім негіздерін тереңдетуге ықпал етеді.
Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мен тұжырымдар, талдау жасалған тілдік деректер мен үлгі-модельдерді қазақ фразеологизмдерін оқытуда лингвомәдени, этнолингвистикалық бағытта арнаулы курстарда талдау жүргізу үшін пайдалануға болады. Сондай-ақ зерттеу нәтижелерінің «Этнолингвистика», «Когнитивтік лингвистика», «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» пәндерінен қосымша дәріс оқуға да септігі тиеді.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- қазақ тілінде әйел атауына қатысты жасалған тұрақты тіркестердің семантикасы ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесі, қоршаған дүниені қабылдаудағы ұлттық менталдық танымға байланысты қалыптасады;
- «әйел» лексемасы қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің когнитивтік аспектіде зерттелуіне тілдік фактор бола алады;
- тіл білімінің когнитивтік саласында қазақ тіліндегі әйел атауы концепт құраушы таңба ретінде танылды;
- қазақ тіліндегі әйел атауына қатысты ассоциациялық фондық образы
үйлес, ұғымдық мәні тектес концептуалдық өрістер өзіндік жүйе құрайды;
- қазақ тілінде әйел атауына қатысты танымдық мәдениеттің ақпараттық ерекшеліктерін айқындайтын концептілік құрылымдары мынадай типтерден тұрады: фрейм, скрипт, сценарий, схема, ойсурет;
- концептілік құрылымдар арқылы тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесі лингвомәдени мазмұнға ие;
- концептілік құрылымдар арқылы тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесінің этнолингвистикалық мазмұнын сипаттау арқылы ұлт мәдениетінің тілдегі көрінісі анықталады;
- концептілік жүйені құраушы тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесінің ұлттық табиғаты мен символдық ерекшелігі бар.
Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу жұмысының мақсаты мен тақырып ерекшелігіне байланысты сипаттама, салыстырмалы талдау мен жинақтау, ассоциативтік әдістері, концептілік талдау, жүйелеу және оны түсіндіру, аналитикалық талдау әдістері қолданылды.
Жұмыстың әдістанымдық негізі. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердегі әйелдер бейнесін антропоцентристік парадигмада сөз ету, оған жан-жақты когнитивтік аспектіде талдау жүргізу барысында әлемдік когнитолог ғалымдар М. Минский, Г. Филмор, Дж Лакофф, В. А. Маслова, Е. С. Кубрякова, А. Бабушкин т. б. және қазақ тіл біліміндегі І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, Е. Жанпейісов, Р. Сыздық, М. Серғалиев, Г. Смағұлова, Н. Уәлиев, С. Сәтенова, Ж. Манкеева, Б. Момынова, Қ. Жаманбаева, М. Күштаева, С. Жапақов т. б. ғалымдардың зерттеу еңбектерін, теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды.
Жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы.
Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен мазмұны бойынша «Ғасырлар тоғысындағы Қазақстанның ғылым, білім және рухани даму мәселелері»: Қазақ-Араб университетінің 10 жылдығына арналєан халықаралық ғылыми- практикалық конференцияда (Шымкент, 2004 ж. ) ; профессор Ғабдолла Қалиевтің 70 жылдығына орай өткізілген республикалық конференцияда (Алматы, 2004 ж. ) ; Ә. Қайдар «Қазақ тіл білімі және түркітану мәселелері» атты ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004 ж. ) ; Қазақ тіл білімінің мәселелері және оқыту әдістемесі атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2005 ж. ) ; «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағы» атты профессор А. Айғабыловтың туғанына 70 жыл толуына орай өткізілген республикалық ғылыми конференцияда (Алматы, 2006 ж. ) ; «Қазақ тілі ғасырлар тоғысында теориясы, тарихы және қазіргі жайы» атты профессор М. Балақаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми теориялық конференцияда (Алматы, 2007 ж. ) ; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ филологиясы кафедрасының Лингвистикалық семинарында (2005 ж., мамыр) баяндама жасалды.
Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда 9 мақала жарияланды.
Жұмыстың құрылымы: кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДЕГІ ӘЙЕЛ БЕЙНЕСІНІҢ
КОГНИТИВТІК ҚҰРЫЛЫМЫ
1. 1 Тұрақты тіркестерді когнитивтік аспектіде зерттеудің мәні
Қазіргі таңда тілді барша адамзаттың ең басты құндылығы деп танитын көзқарас өркениетті қоғамның ең басты қағидасына айналды. Негізі, тіл адамзаттың ойлау, қабылдау, пайымдау арқылы ақиқат дүниені танудың құралы ретінде ой-санасының обьективтенуі болып табылады. Сонымен қатар тіл қоғамдық сананың түрлерін қалыптастырумен қатар өз кезегінде оған әсер етеді. Белгілі бір этностың өмір сүру кезеңі, оның мәдени-шаруашылық тәжірибесі турасындағы ақпараттар сол тілде ізін қалдырып отырады. Ол сонымен қатар тілдік ұжымның, тілді пайдаланушы халықтың әрбір кезеңдегі шежіресінен де мол ақпарат береді. Осыған орай тілдік жүйені құраушы бірліктер тек лингвистиканың ғана емес, этностану, әлеуметтану, мәдениеттану, елтану т. б. нысанына айналып отыр. Қазіргі таңда тіл ғылымы да өзінің зерттеу нысанын кеңейтіп, тілді сол тілді жасаушы халықтың, этностың өзі арқылы тану мәселесін алдыңғы қатарға қойып келеді. Бұған қазіргі тіл біліміндегі лингвоелтану, лингвомәдениеттану сияқты салаларды ғылымның басқа да салаларымен тығыз байланыста қарастырған еңбектерді айтуға болады.
Көп жағдайда этнолингвистика мен лингвомәдениеттану пәндерінің ортақтық, тіпті ұқсас жақтары бірізді сөз етілгенмен, О. И. Титкова атап көрсеткендей, этнолингвистика ғылымының өзіндік ерекшелігін былайша түсіндіруге болады: «Этнолингвистика кешенді этнографиямен шектес, халық мәдениеті, тарихтың шығу тегі мен таралуын зерттейді. Бүгінгі ғылымда этнолингвистиканың зерттеу мақсаты - тілдің қызметі мен дамуына лингвистикалық, этномәдени, этнопсихологиялық факторының әсерін ерекше қарастыру, ұлттық болмыспен ұштастыру» [1, 10 б. ] .
Тілдік бірліктерді этнолингвистикалық тұрғыдан бөліп қарастыру, этносқа тән материалдық және рухани арналардың қоғамдағы қызметінің ерекшелігін танытады. Тілдік бірліктер, оның ішінде тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер әр халықтың ғасырлар бойғы саналы еңбегінің жемісін, жетістігін анықтайды. Шынайы өмірдің негізгі көрінісі болып табылатын мұндай атаулар халықтық тұрмыс, шаруашылық, мәдениетпен тығыз байланыста қаралады. Сонымен қатар сол қоғамның этикалық, эстетикалық, символдық тәжірибесін де көрсетеді. Осы тұрғыда «әйел» лексемасына қатысты тұрақты тіркестердің рухани өмірмен байланысы көрінеді. «Әйел» атауына қатысты тұрақты тіркестерді қарастыра отырып, оған байланысты білімдер жүйесінің ұлттық таным мен болмыс ерекшелігін сипаттайтынын анық байқаймыз. Оған академик І. Кеңесбаев өз Сөздігінде ақ жаулық, ана сүтін ақтау, керме қас, ақша маңдай тәрізді тұрақты тіркестерге мынадай мысалдарды келтіріп, оның мәнін ашып көрсеткен: Ізгі перзент, ақ жаулық . Қорада жатар жүз саулық. Құлаш мойын, кез құлақ, Бір бедеу ат, денсаулық (Н. Н. ) . Қажырлы туған жас бала, Самолет жерге түскенде, Қорықпаған, саспаған. Ерлік десең, осыны айт. Сабырлықпен батырым, Төрт дұшпанды өлтіріп, Өзін аман сақтаған. Батыр десең, осыны айт, Ана сүтін ақтаған (Н. Б. ) . Қоян қолтық, керме қас, Ару шешей болса игі (А. Ә. ) . Алаңдап, алабұртып тұрғаныңда, Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай . . . (І. Ж. ) т. б.
Тіліміздегі «әйел» лексемасының мазмұн межесін толықтыратын қыз, бойжеткен, келін, ана, апа, шеше, қатын, бәйбіше, тоқал т. б. атаулардан ұлттық мәдениеттің ерекшелігін аңғарсақ, осындай тілдік бірліктер арқылы халқымыздың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен мәдени құндылықтарының пайда болу себебін, екіншіден, тілден тысқары білімдер арқылы тұрақты тіркестер мен тілдік бірліктердің пайда болу негізін айқындауға болады. Бұл пікірімізге академик Р. Сыздықтың тіліміздегі «жесір» сөзінің пайда болу негізі туралы: «Жесір - «тұтқын және тұтқынға түскен» деген мағынадағы арабтың есир деген сөзінің қазақшаланған тұлғасы. Бұрынырақ қазақ тілінде бұл сөз соғыста қолға түскен тұтқын - құл дегеннен гөрі, жалпы «тұтқын» мағынасында жиірек қолданылған.
Сонымен қатар жесір сөзі әйелге қатысты айтылса, қазіргідей, тек ері өлген әйелді ғана емес, қалыңмалы төленген қызды немесе әйелді де дау-шар тұсында жесір деп атаған. Бұл - «қалыңмалы төленген әйел де тұтқын, құл, күң есепті, мал берушінің меншігіне жататын басыбайлы болады» дегенді білдіреді» [2, 52 б. ] деп ғылыми тұрғыдағы теориялық тұжырымын айтуға болады. Бұл бір ғана жесір сөзіне қатысты этимологиялық талдаудың негізінде алынған ақпараттар. Ал тіліміздегі тұрақты тіркестердің ішіндегі әйел бейнесіне қатысты атаулардың әрбіріне тән тілдік, тілдік емес ақпараттар ұлттың ментальді дүниесі мен рухани болмысы жайында мол мағлұмат берері даусыз мәселе.
Жеке лексемаларға қатысты мұндай рухани құндылықтардың ақиқат өмірмен тікелей қатыстығын және бұл құбылыстардың барлығы тілде сақталып, ұлттық өмірдің ерекшелігін байқататынын тілші В. Виноградов былайша көрсетеді: «Социокультурный уклад определенной национальной общности имеет свои особенности отличающие его от других национальных укладов. Эти особенности отражаются в лексике и составляют в ней фоновую информацию, передающую сведения о национальных формах, видах и проявлениях духовной и материальной культуры» [3, с. 10] .
Себебі, этнос мәдениет жасаушы ұжым. Этностың тұрмысындағы халық тудырған мәдениет - ұлттық мәдениеттің негізін қалайды. Ол тіл арқылы жүйеленіп, тілдің қасиеті мен сөз құдіретінің негізінде халық жадында сақталады. Демек, «ұлттық мәдениеттің негізі тілде» деген қазіргі қазақ тіл білімінде өріс алып келе жатқан қағиданың мәні де осында жатыр. Осыған орай тіліміздегі «әйел» лексемасына қатысты тұрақты тіркестерді жүйелі түрде қарастыра отырып, ұлттық мәдениет пен ментальді дүниеміздің ерекшелігі туралы нақты білімдер жүйесін саралауға болады. Ол үшін тіліміздегі әйел атауына қатысты тілдік бірліктерді этностың ойлау дүниесі мен дүниетанымы тұрғысынан қараудың ерекше маңызы бар. Бұл мақсатқа жету үшін қазіргі тіл біліміндегі зерттеудің жаңа бағыттарына сүйене отырып, тіл біліміндегі когнитивтік лингвистика, лингвокультурология тәрізді жаңа аспектілердің принциптеріне жүгінген жөн секілді. Әсіресе, халықтың дүниетанымы негізінде көрініс табатын «әлемнің бейнесі», «әлемнің тілдік бейнесі» деген ұғымдардың сипатын ашу үшін когнитивтік бағыттағы зерттеулердің маңызы ерекше. Соңғы уақытта қазақ тіл біліміндегі осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар да оң нәтиже беріп келеді.
Біз де өз еңбегіміздің нысаны ретінде алып отырған қазақ тіліндегі «әйел» лексемасына қатысты тұрақты тіркестерді осы бағытта қарастыра отырып, когниция туралы білім мен осы бағыттағы еңбектерге тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Ұлттың ментальді дүниесін, болмысын, таным-түсінігін сол ұлттың тілі арқылы тану үшін бұған дейін негізінен тілдік таңбаларды құрылымдық деңгейде қарастыру мәселесімен шектеліп келсек, енді оларды тілдік емес құндылықтармен, яғни ақиқат өмір, ойлау, танымдық тұрғыда бір-бірімен тығыз байланыста қарау болмақ. Осы тұрғыда алғанда, тілдік бірліктер, оның ішінде лексика-фразеологиялық жүйе ақиқат өмірді, ойлау мен тілді ұштастыратын категория ретінде танылады.
Когнитивтік лингвистика саласында зерттеу жасап жүрген ресейлік Н. Н. Рябцева батыс және ресейлік лингвистикада когнитивтік деп санауға болатын бір де бір жалпы қабылданған анықтама жоқтығын көлденең тартады. Солай бола тұра, когнитивтік зерттеулердің ішінде Ю. А. Апресян, Н. Д. Арутюнова, А. Г. Шмелев, Г. В. Булыгина, В. Левонтина т. б. ғалымдар семантикалық зерттеулердің мазмұнына сай бұл мақсаттың орындалғанын жазады.
Тіл табиғатын когнитивтік сипатта қарастыратын бұл бағыттың ерекшелігі - әлемдік озық лингвистиканың теориялық бағыттарын әбден дәстүрге айналған құрылымдық лингвистикадан өзгешелеу қалыппен жаңа арна үлгісінде танытуға жөн сілтейді. Когнитологтардың пайымдауынша, әлемдік тіл білімінде ғалам бейнесін когнитивті әдіс-тәсілмен зерттеудің жетістігі мол. Өйткені адам санасындағы барлық танымдық, интеллектуальдық, эмоциялық қасиеттердің тілмен байланысының сан-салалығы мен жан-жақтылығын ашып көрсетуде, тіпті олардың жүзеге асуы мен ішкі құрылымының ұсақ механизмдерін талдап түсіндіруде бұл ғылым саласы орасан зор көмегін тигізеді.
Ғалым Ж. Манкеева «Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері мақаласында» тіл қызметінің когнитивтік негіздерін айқындайтын негізгі ұстанымдарды анықтайды [4, 41 б. ] .
Қ. Жаманбаеваның осы бағыттағы жазылған еңбегі де қазіргі таңда когнитивтік аспектіде қарастырылып жүрген еңбектердің арасында маңызы ерекше. Онда тілдік сананың құрылымы анықталып, гештальт болмысы түсіндіріледі. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері терең қарастырылып, құрылымның күрделі жүйе тудыру үрдісі кеңінен қамтылады [5, 21 б. ] .
Бүгінде әлемдік тіл біліміндегі жаңа көзқарастарға сәйкес қазақ тіл біліміндегі соңғы зерттеулер ұлттық тілдің ерекшеліктерін лингвокогнитивтік тұрғыдан қарастыруды қолға ала бастады. Бұл өз нәтижесін беріп те келеді. Әсіресе, қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі тұрақты тіркестердің табиғатын когнитивтік аспектіде қарастыру тілдің ұлттық сипатын анықтауға ерекше әсерін тигізіп отыр.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz