Қазақстандағы кітап және баспа ісі тарихы бойынша бұрынғы мәліметтер


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІ
БАСПА ІСІ ЖӘНЕ РЕДАКЦИЯЛАУ КАФЕДРАСЫ
Бітіру жұмысы
«Арыс» баспасынан «Тұлға - Личность» сериясымен шыққан кітаптар
Орындаған: Ләзиза ЖАҚЫПОВА,
«050422 - Баспа ісі» мамандығының 4 курс студенті.
Ғылыми жетекшісі: Абдул-Хамид МАРХАБАЕВ,
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Алматы, 2010
Мазмұны
Кіріспе . . . 3
1 тарау. Елімізде баспа ісінің және кітаптану ғылымының қалыптасу жолдары . . . 8
2 тарау. «Дина күйші» кітабының ғылыми-танымдық ерекшеліктері . . . 16
3 тарау. «Махамбет батыр» жинағы - тарихи деректер топтамасы . . . 24
4 тарау. «Құрманғазы» кітабының библиографиялық құндылығы . . . 40
5 тарау. «Ағартушы Халел» жинағы көрсеткішімен бағалы . . . 48
Қорытынды . . . 51
Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі . . . 54
Кіріспе
Бітіру жұмысы тақырыбының өзектілігі. Біздің бітіру жұмысымыздың тақырыбы «Арыс» баспасынан «Тұлға - Личность» сериясымен шыққан кітаптар» деп аталады. Таңдап алған тақырыбымыз өте маңызды деп ойлаймыз. Өйткені еліміздегі баспа ісіне қатысты ғылыми жұмыстар әлі жан-жақты, толық жүргізіле қойған жоқ. Қазақстанның кітаптану саласын зерттеу ісі де қалыптасып, жоғары дәрежеде дамып отыр деп айту да ерте. Сондықтан да баспа ісі және кітаптану ғылымының өркендеуіне азғантай болса да, өз үлесімізді қосу мақсатында осы тақырыпты таңдап алдық.
Қазіргі кезде елімізде 300-ден астам баспа ұйымдары және 800-ден астам баспахана ашылып, жұмыс істейтіні жөнінде мәліметтер бар [1] .
Міне, Қазақстандағы осынау мол баспаларда белгілі бір бағыттарда және арнайы атаулармен сериялы кітаптар шығару үрдісі бұрыннан қалыптасқан.
Сонау ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстан» баспасында «Ғибратты ғұмыр» сериясымен: Нұрғиса Тілендиев, Дмитрий Снегин, Герольд Бельгер, Зия Сәмәди, Павел Атрушкевич, Мұхтар Әлиев, Нина Қайыпова, Шапық Шөкин, Ебіней Бөкетов, Нәзір Төреқұловқа арналған кітаптар жарық көрген.
Қазақстанның бұрынғы көркем әдебиет баспасы, 1964 жылдан «Жазушы» деп атала бастаған баспа «Халық ауыз әдебиеті» сериясымен көптеген кітаптар шығарды. Сонымен бірге кеңестік дәуірде шығаруға тыйым салынған Алаш зиялыларына арналған арнайы серия бойынша Кенесары, Нысанбай жырау, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б. Майлин және т. б. классиктерімізге арналған кітаптар да осы баспа арқылы жарық көрген.
«Өлке» баспасында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, көп уақыт оқырмандарынан қол үзіп қалған қазақ әдебиетінің арыстары - Алаш көсемдері Ә. Бөкейхановтың, Х. Досмұхамедұлының, К. Кемеңгерұлының шығармалары «Алаш мұрасы» сериясымен басылған.
Кезінде жастарға арналған кітаптар шығаруға мамандандырылған «Жалын» баспасынан бөлініп, шығып, сәбилерге әріп үйретіп, оларды түрлі-түсті қызықты кітапшалармен қамтамасыз етуді мақсат еткен «Балауса» баспасында «Ойлан, тап!», «Өзің боя!», «Менің сүйікті кітабым», «Менің алғашқы кітабым» сериялары шығарылып келеді. Бұл сериялар бойынша негізінен кішкентай балалардың оқуына қолайлы, шағын көлемдегі, суреттері мол, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, суретті әліппелер, жазушылардың қысқа әңгімелері, өлең-жырлары жинақталған кітаптар бөбектер назарына ұсынылып келеді.
«Санат» баспасы шығарған кітаптардың ішінде «Қазақстан тарихы: зерттеулер, құжаттар» сериясымен шығарылған еңбектер ерекше орын алады.
«Қайнар» баспасынан «Қазақтың көрікті жерлері» сериясымен қазақ және орыс тілдерінде «Сарыарқа», «Есіл жағалауы», «Іле Алатауы» атты кітаптар шығарылды.
«Раритет» баспасынан қазақ тілінде «Алтын қор», орыс тілінде «Раритетная коллекция» сериялары бойынша кітаптар шығарылады. «Раритетная коллекция» сериясы қазақстандық жазушылар шығармаларын оқырмандар назарына ұсынады. Ал, «Жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар» сериясының кітаптары Республикалық және Халықаралық кітап жәрмеңкелеріне қатысқан.
«Елорда» баспасынан «Қазақ прозасының «Алтын қоры», «Қазақ поэзиясының «Алтын қоры» сериясымен қазақтың майталман сөз зергерлерінің шығармалары мен өлеңдері жарық көріп келеді. Осы баспадан «Ғибраты мол ғұмыр» сериясымен «Хайдолла Тілемісов», «Әбдімәлік Нысанбаев», «Бәйкен Әшімов», «Мақтай Сағдиев», «Хадиша Бөкеева» атты кітаптар жарық көрген. Ал, шетелден елімізге қайта оралған ақын-жазушылардың шығармалары «Атамекен» сериясымен басылған.
Міне, осындай сериялы кітаптар шығару дәстүрін «Арыс» баспасы да жалғастырып келеді.
Бүгінде кітап ісімен шұғылданатын танымал мекемелердің қатарынан өз орнын тауып отырған «Арыс» баспасының құрылуы - еліміздің рухани және мәдени өмірімен тығыз байланысты.
Біз таңдап алған тақырыпты зерттеудің тағы бір өзектілігі - кітаптану және баспа ісі саласын дамытудың жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудағы, оларды еліміздің мүддесі үшін еңбек ететін азаматтар етіп тәрбиелеудегі маңызы орасан зор. Өйткені адам баласының санасын әртүрлі сипаттағы толассыз ақпараттар жаулап алған бүгінгі заманда кітаптың мәні мен маңызы арта түспесе, кеміп отырған жоқ.
Бірақ мәселе - кітаптардың өтпеуінде емес, олардың оқырман қауымға жетпеуінде екенін ұмытпауға тиіспіз. Бұл жөнінде «Арыс» баспасының негізгі құрылтайшысы, белгілі ғалым Ғарифолла Әнес былай дейді: «Басты проблема - біз оқырман жоғалтып алып отырмыз. Адамдардың кітапқа деген қызығушылығы, құрметі жыл санап кеміп барады. Соған сай қазіргі таңдағы қазақтың ең үлкен қасіреті - білім дәрежесінің төмендеп бара жатқаны. Мен өзім университетте дәріс беремін, сонда байқағаным, әр бес жыл сайын студенттердің білім деңгейі түсіп келеді. Мұның түптамырына үңілсем, мәселе мынада екен: 90-жылдары экономикалық қиын кезең туғанда мектепті кітап оқымай бітірген бала университетті аяқтап, қайтадан мектепке сабақ беріп, олардан оқыған бала университет табалдырығын аттап үлгерді. Көрдіңіз бе, бір кездері баланы назардан тыс қалдырып едік, салдары қандай болып қайтып жатыр? Егер де біз оқырман мәселесін шешпейтін болсақ, ешқашан қазақ кітабының мәселесі шешілмейді» [2] .
Тақырыпты жан-жақты талдауға кіріспес бұрын «Арыс» баспасы туралы айта кетуді жөн көрдік.
«Арыс» баспасының іргесі 2001 жылдың 10 желтоқсанында қаланған. Дәл сол күні ол Алматы қалалық Әділет басқармасында заңды тұлға, яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп, қазіргі уақытқа дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.
Баспа алғашында 1992 жылы Алматыда қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры болып құрылып, 1994 жылдан бастап өз жанынан кітаптар шығара бастайды. Бірнеше рет әлеуметтік маңызды әдебиеттерді шығаруға мемлекеттік тапсырыс алып, 300-ден астам кітап шығарғаннан соң, жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта тіркеледі.
Баспаның негізгі бағыттары: Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен олар туралы кітаптар, түрлі энциклопедиялық басылымдар мен анықтамалықтар; тіл саясатына қолдау көрсету; тілші-лингвистердің еңбектерін жарыққа шығару болып табылады.
«Арыс» баспасында әр кездерде М. Ізімов, М. Тәжі-Мұрат, Ә. Ақпамбетов, З. Әйтімов, А. Кеңшілікұлы, Г. Тайжанова, Л. Қапашев, Ғ. Құныпияұлы, Қ. Ахметов, Е. Тілеген, С. Қалов және т. б. редактор болып қызмет істеді.
«Арыс» баспасының құрылып, қалыптасу және даму жолы еліміздің рухани және мәдени өмірімен тығыз байланысты. Баспа оқырманға қажетті кітаптарды шығару, оларды дер кезінде тарату сияқты жұмыстарды қалай атқарып жүр, баспаның кітаптану саласындағы жалпы жағдайы мен орны қандай деген сауалдарға келсек, оның жауабын Ғ. Әнестің төмендегі пікірінен де таба алатын сияқтымыз:
«Осыдан 20 жыл бұрын Алаш арыстарының еңбектерін шығару мақсатында ашылған «Арыс» қорының баспасында бүгінде 10-нан аса серияда кітаптар шығарылады. Алайда, Үкіметтен соның екі-ақ сериясын шығаруға қаржы бөлінсе керек. Қалған 10 серия баспаның өз қаражатына шығады. Егер осы кітаптар түгел өтіп, қаржы айналымы бір ізге түскенде, баспа сол қаржыға 20 серия кітап шығара алады екен. Алайда, бар мәселе тағы да тиражға, оқырманға келіп тіреледі. 1000, 2000, тіпті 3000 тираждың өзі баспаға бір тиын пайда әкелмейтін секілді. Ол тек қана шығын екен. Өйткені бізде кітап өндірісі жолға қойылмаған. Ал кітап өндірісі қалыптасу үшін кеңестік кезеңдегідей кітаптар жүз мыңдаған таралыммен басылуға тиіс. Оған оқырман жоқ. Бірақ бұл - осы саладағы сан проблеманың тек бірі ғана. Келесі айтар уәжіміз, кітаптың ең басты жауы - теледидар. Неге десеңіз, теледидардан күндіз-түні ағылып жатқан кино не болмаса түрлі бейнеклиптер оқырман қалдырмай, барлығын көрерменге айналдырып бара жатыр. Одан қалса интернет те - уақытты білдірмей жымқыратын «ұры» [3] .
Осындай күрделі жағдайға қарамастан, «Арыс» баспасының «ХХ ғасыр тұлғалары - Личности ХХ века» сериясы бойынша көптеген Алаш зиялыларының мұралары, елге белгісіз болып келген «ақтаңдақ» мәліметтер ортамызға оралды. «Жаңа энциклопедия - Новая энциклопедия» сериясы бойынша «Батыс Қазақстан облысы», «Жетісу», «Северо-Казахстанская область», «Отырар» аймақтық энциклопедиялары және тағы басқа энциклопедиялар жарық көрді. «Қазына» сериясы бойынша «Қырымның қырық батыры», 50 томдық «Атырау ақын-жазушылары кітапханасы», араб қарпімен ондаған ескерткіш кітаптар дүниеге келді. «Сыр сүлейлері» сериясы бойынша да кітаптар шығарылу үстінде. «ХХ ғасыр тілшілері - Лингвисты ХХ века» және «Тіл - құрал» серияларының мақсаты - қазақ тіл білімі ғылымының тұтас антологиясын жасау.
«Арыс» баспасының жоғарыда аталған сериялар бойынша шығарылған кітаптарынан аталған баспаның «Тұлға - Личность» сериясы арқылы жарық көрген жинақтардың негізгі ерекшелігі - Махамбет, Құрманғазы, Дина, Халел Досмұхамедұлы сияқты жеке тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы, ол кісілердің көзін көрген азаматтардың естеліктері, ол кісілер туралы жарық көрген түрлі еңбектер, мақалалар, очерктер, библиографиялық деректер жүйеленіп, жинақталған. Бұл кітаптардың энциклопедиялық сипаты басым, кезінде мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген, белгілі бір кітаптарда, жинақтарда басылған нақты еңбектер тақырыптық, мазмұндық жағынан топтастырылып, оқырманға ыңғайлы сипатта ұсынылған.
«Арыс» баспасы саны ғасырлық тарих көшінде аты аңызға айналып, даңқы бүгінге жеткен халқымыздың ардақты ұл-қыздарын ұлықтау мақсатында «Тұлға - Личность» атты жобаны 2004 жылдан бастап қолға ала бастаған. Осы сериядағы кітаптар Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен, Ақтөбе қаласындағы «А-Полиграфия» баспасымен бірлесе отырып, Алматы қаласында жарық көрген.
Яғни дүниені ұшқыр ақпараттар легі билеген қазіргі заманда «Арыс» баспасы шығарған «Тұлға - Личность» сериясымен жарық көрген кітаптардың да өзіндік орны бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені бұл кітаптар халқымыздың өткен тарихын танып-білуге, еліміздің көрнекті тұлғаларының бұған дейін беймәлім болып келген өмір қалтарыстарына назар аударуға, жалпы алғанда, жас ұрпақтың тарихи, мәдени, тарихи санасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оған қоса, аталған серия бойынша шығарылған кітаптарды зерттеу арқылы кітаптану және баспа ісі саласын ғылым ретінде дамытуға белгілі бір дәрежеде өз үлесімізді қосамыз.
Бітіру жұмысының зерттеу нысаны. «Арыс» баспасының «Тұлға - Личность» сериясымен жарыққа шығарылған кітаптардың бағыттары мен тақырыптық салаларын сарапқа салу, аталған сериялы кітаптардың еліміздегі баспа ісінің дамуына үлесін саралау, сериялы кітаптардың дайындалу және олардың жарық көру үрдісін зерделеп, оның баспагерлік қызметтегі орнын жүйелі түрде көрсету біздің бітіру жұмысымыздың зерттеу нысаны болып табылады.
Бітіру жұмысының зерттеу пәні. «Арыс» баспасы шығарған «Тұлға - Личность» сериясы бойынша басылған кітаптардың мазмұндық және көркемдік ерекшеліктерін баспа ісі тұрғысынан жан-жақты зерттеп, оған шынайы баға беру.
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеттері. Бітіру жұмысымыздың басты мақсаты «Арыс» баспасы «Тұлға - Личность» сериясымен шығарған кітаптар басылымының мазмұндық және көркемдік ерекшеліктерін баспа ісі тұрғысынан зерттей отырып, оның отандық баспагерлік қызметіндегі алатын орнын айқындау. Осы мақсатқа орай алға мына міндеттер қойылды:
- «Арыс» баспасы «Тұлға - Личность» сериясымен шығарған кітаптар басылымының ерекшеліктеріне сипаттама жасау;
- Еліміздің баспа ісі саласындағы мемлекеттік саясатын талдау;
- Қазақстанда баспа ісінің ұйымдастырылуын көрсетіп, оның міндеттерін айқындау;
- «Арыс» баспасының кітап өнімдерінің негізгі бағыттарын көрсету;
- «Арыс» баспасының ғылыми және ғылыми-көпшілік кітаптар мен басылымдарына анықтама беру.
Зерттеу жұмысының әдістемелік базасына баспа ісі және кітаптану ғылымының негізін қалаған Ә. Жиреншин [4], Ү. Субханбердина [5], Ш. Елеукенов [6] және тағы басқа ғалымдардың еңбектері мен ғылыми тұжырымдары негіз етіп алынды.
Зерттеудің мазмұндық және деректік негізі. «Арыс» баспасынан 2004 жылы басылып шыққан «Дина күйші», «Махамбет батыр», «Құрманғазы» және «Ағартушы Халел» кітаптарына талдау жасалды.
Бітіру жұмысының ғылыми жаңалығы. Бітіру жұмысы ретінде алғаш рет ғылыми тұрғыда «Арыс» баспасынан «Тұлға - Личность» сериясымен жарық көрген кітап басылымдары қазіргі замана талабына сай талданып отыр. Алынған ғылыми жаңалықтарды былай көрсетуге болады:
- «Арыс» баспасының қызметі кітаптану және баспа ісі тұрғысынан зерттелді;
- Қазақстандағы кітап және баспа ісі тарихы бойынша бұрынғы мәліметтер «Арыс» баспасының кітап өнімдері арқылы толықтырылды;
- «Арыс» баспасынан «Тұлға - Личность» сериясымен еңбектері жарық көрген қазақ зиялыларының ғылыми мұраларын игеру ғылыми кітаптардың тарихын зерттеудің негізі екені дәлелденді;
- Нақты деректер негізінде ғылыми кітаптар басылымы қазіргі уақыт талабы тұрғысынан объективті түрде талданды.
Бітіру жұмысының құрылымы. Бітіру жұмысы кіріспеден, бес тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 тарау. Елімізде баспа ісінің және кітаптану ғылымының қалыптасу жолдары
Негізгі тақырыбымыз кітаптану ғылымы саласымен тығыз байланысты болғандықтан, елімізде баспа ісі мен баспаханалардың дамуы туралы қысқаша шолу жасап өткенді жөн көрдік. Көрнекті ғалым Шериаздан Елеукеновтің тұжырымы бойынша: «Кітаптану дегеніміз кітап және кітап ісі туралы кешенді ғылым . . . Кітаптану ғылымының кешенді ғылым аталу себебі оның зерттелу объектісі - кітап өндірісінің тұтас, күрделі жүйеден тұратындығына байланысты» [7] .
Расында да, автордың қаламынан туған қолжазба бірден кітапқа айнала салмайды. Ол алдымен баспа редакцияларында қызмет істейтін баспагер-редакторлардың түзетуінен өткен соң ғана одан әрі өндіріске жіберіледі, яғни баспаханада теріледі, басылады, бүктеледі, түптеледі. Содан кейін кітап дайын болған соң, дүкендердегі сауда жүйесіне, кітапханаларға жіберіледі, одан әрі библиографиялық өңдеуден өткізіледі. Осындай өндірістік жұмыстар атқарылғаннан кейін бұрынғы қолжазба дайын кітапқа айналып, оқырмандардың қолына түседі. Аталған жұмыстар жүйесін бір ауыз сөзбен баспа ісі немесе кітап ісі деп атаймыз.
Міне, осы баспа ісінің Қазақстанда пайда болып, қалыптасуы ұзақ және күрделі жолдардан өтті.
Біздің елдегі баспа ісінің дамуы 1920 жылдан басталады, сол жылы Қазақстанның бірінші астанасы - Орынборда мемлекеттік баспа ісі - Киргосиздат туралы ереже қабылданды, кейіннен ол Казгосиздат болып өзгертілді.
1925 жылға дейін еліміздің әкімшілік орталығы Орынборда орналасқандықтан Қазақстанның полиграфиялық базасы сонда болды. Сонымен бірге Ташкент, Мәскеу, Қазан қалаларында да Қазақ КСР өкіметінің тапсырысымен қазақ тіліндегі кітаптар басылып тұрды.
ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында Қазақстандағы ғылыми кітаптардың тарихы кеңестік жүйеде мәдени революция шеңберінде сипатталды. Шын мәнісіне келгенде қазақ қолжазбалары мен баспалар туралы өткен ғасырдың 50 жылдарына дейін арнайы зерттеу еңбектер болған жоқ. Тек қазақ кітаптарының жиынтық каталогтарында, библиографиялық көрсеткіштер мен тізімдерде, кейбір мақалаларда олардың аттары көрсетіліп жүрді.
Қазан қаласында шығыс халықтарының көптеген кітаптары шыққаны белгілі. Осы мәселеге алғаш қалам тербеген ресейлік ғалымдар болды. Н. П. Лихачев өз еңбегінде Қазан қаласындағы кітап баспа ісінің тарихына тоқталса [8], Н. Ф. Катанов Шығыс библиографиясын жүйелеуге тырысқан болатын [9] .
М. Е. Салтыков-Щедрин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапханасы жанындағы ғылыми-зерттеу институты 1927, 1929, 1932 жылдары үш жинақ шығарады. Жинақта кітап тарихы, кітап ісі теориясы, полиграфия, кітапты безендіру, библиографияның теориясы мен тәжірибесін дамытудағы институттың сіңірген еңбегі көрсетілген.
Ресейде кітап туралы журналдар тұрақты шығып тұрды. Мысалы, Мәскеу қаласында А. С. Бубнов, Ф. В. Константиновтың редакторлығымен «Правда» баспасынан 1932-1940 жылдары ай сайын сын-библиографиялық «Книга и пролетарская революция» деген журнал шығарылып, онда жаңадан шыққан көркем әдебиет шығармалары, философия тарихы, марксизм-ленинзм, саяси экономия туралы кітаптарға библиографиялық сипаттамалар жарияланып тұрды. Ал П. М. Керженцевтың жауапты редакторлығымен «Кітап және революция» деген журнал 1920-1923 жылдары Петроградта, кейіннен Мәскеуде шықты, мұнда әдеби, білім-ғылымның барлық саласы бойынша мақалалар басылды.
20-30 жж. мәдени революция нәтижесінде кеңестік қоғамда баспа рөлінің өсуіне байланысты ғылымның жетістігі кітаптың әлеуметтік орнын, оның идеологиялық қызметін көрсетті. Кітапқа деген бұл тәсілді академик А. С. Орлов, П. Н. Берков, И. В. Новосадский қолданды, алайда олар сол кезде етек алған тұрпайы әлеуметтанымдық рухында жазды.
Қазақстан шығыстану ғылымында Нығмет Сәбитов қазақ тілінің тарихи лексикасын, деректеме мен библиография саласында айтарлықтай еңбек сіңірді. Автор 1940 жылы Шығыс кітаптары туралы мақаласын «Казахстанская правда» газетінде жариялады. Ол 1941 жылы 1917-1939 жж. шыққан кітаптардың библиографиялық көрсеткіштерін жасауға қатысады және А. С. Пушкин атындағы Мемлекеттік көпшілік, қазіргі Ұлттық кітапхадағы сирек кітаптардың қорлары туралы мақала жазады.
Н. Сәбитов бірінші абайтанушы-библиографтар қатарына кіреді. Ол алғаш рет 1889-1945 жылдары Абайдың 100 жылдық мерейтойына арналған Абай шығармаларының библиографиялық көрсеткішін жасады. 1917 жылға дейінгі Қазақстан тарихы бойынша материалдар мен шығыс деректері бойынша көрсеткен еңбегі әлі күнге дейін өзекті деп есептейміз [10] . Н. Сәбитовтың «Қазақ әдебиеті (1862-1917) » библиографиялық көрсеткішінің бірінші басылымында кітап аттары орыс графикасына негізделген қазақ әрпімен қатар сол кездегі араб әрпімен қоса берілген. Сонымен бірге Н. Сәбитов қазақ ағартушылары Ш. Уәлиханов және Ы. Алтынсариннің өмірі мен қызметі, еңбектері бойынша библиографиялық көрсеткіш құрастырған.
Қазақстан КП «Орталық Комитеттің партиялық баспасы» туралы библиографиялық көрсеткіштер 30-шы жж. шығады. Кеңес үкіметі тұсында мәдениет жөніндегі әдебиеттердің бәрі коммунистік идеологияны, Ленин, Сталин идеяларын дәріптегені белгілі. Ол еңбектерді біз тарихнамадан алып тастай алмаймыз, сондықтан біз қазақ баспа ісінің дамуына қатысты тұстарын сұрыптап, оларға шолу жасағанды жөн көрдік.
ХХ ғасырдың 50-70 жылдары кеңестік ұлттық баспасөздің қалыптасуы туралы біраз еңбектер жарық көрді. Мысалы, Қазмембаспадан шыққан жинақта Қазақстандағы мәдени өмірдің бір қыры ретінде ұлттық баспасөз және баспасөздік емес басылымдарды сипаттаған мақалаларда қазақ халқының мәдениеттің түрлі саласында, оның ішінде Кеңес өкіметі тұсында баспа ісінде де қандай жетістікке жеткені туралы мазмұндалған [11] . Кеңестік баспа ісінің алғашқы қадамдары мен полиграфияның дамуы туралы И. С. Смирнов еңбегінде мазмұндалса, А. И. Назаровтың кітабында кеңестік баспа ұйымдары шығарған еңбектердің таралуына сипаттама берілген.
1917 жылғы Қазан төңкерісінің 40 жылдығына арналған Р. Б. Сүлейменов пен Х. И. Бисенов еңбектерінде кеңестік мәдениет құрылысы сипатталған. Мәдени өзгерістердің Қазақстанда қалай жүзеге асқаны туралы Р. Б. Сүлейменов жан-жақты зерттеген. Кеңестік тарихнамада Р. Б. Сүлейменов Қазақстан мәдениетінің тарихын зерттеу мектебін қалыптастырып, шығыстану мәселесін республикада жолға қоюдың негізін қалады. К. Кереева-Канафиева орыс-қазақ әдеби байланыстарының тарихын революцияға дейінгі орыс баспасөзі бойынша сипаттаған [12] .
«Советтік Қазақстан кітаптары» (1917-1945) атты екі томдық библиографиялық көрсеткіштің әр томы қазақ және орыс тілінде құрастырылған екі бөлімнен тұрады. Библиографиялық көрсеткіштің бірінші томына саяси-қоғамдық, көркем әдебиет және балалар әдебиеттері, тіл білімі, өнер, баспа, кітапхана, библиография жұмыстары туралы кітаптар тіркелген [13] . Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым мәселесі орыс тілінде бірінші томға, қазақ тілінде екінші томға енгізілген [14] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz