Қазақ әдеби тілінің даму жолдарында ғылыми стиль, қазақ ғылымының тілі


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 130 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

Зерттеудің жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасындағы тіл құрылысының ұзақ мерзімді келешегінің стратегиялық мақсаттары мен міндеттері айқындалған, сонымен қатар оларды жүзеге асырудың басты бағыттары мен тетіктері белгіленген заңнамалық құжатта (Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы») [1, 3-17 бб. ] қоғамдық өмірдің барлық негізгі салаларында тіл құрылысы үдерістерінің одан әрі кеңеюін қамтамасыз ету қажеттігі айтылады; тілдік дамуды ғылыми қамтамасыз етудің басым бағыт екендігі аталады. Осыған байланысты диссертациялық зерттеу қазіргі кезеңде қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесінің маңызды тармағы ғылыми-көпшілік стильдің тілдік-стильдік және дискурстық ерекшеліктерін талдауға арналған.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тіл саясатын жүзеге асыру жолында, оның ішінде қазақ әдеби тілінің қазіргі дамуында, қолданылу өрісінде, функционалдық-коммуникативтік қызметінде көрініс тауып отырған басты, әрі маңызды сипаттар қазақ әдеби тілі функционалдық жүйесіне тікелей қатысты.

Тіл саясаты мен стратегиясына арналған заңнамалық құжаттарда қазақ әдеби тілінің «ғылым тілі» саласын дамытуды қолға алу көзделеді. Осыған байланысты қазіргі қоғам дамуында ғылым тілінің (ғылыми тіл, ғылыми-техникалық тіл, ғылыми стиль) маңыздылығы, бұл саланың қазақ әдеби тілінің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейтудегі рөлі мен орнының басымдылығы айқындала түсті. Теориялық көзқарастар мен практикалық ұсыныстарда ғылыми стильдің қалыптасуын, оның қазіргі жай-күйін сипаттау үшін негізінен терминжасам үдерісіне мән беріледі. Шын мәнінде, кез келген функционалдық стильдің өзіндік ерекшеліктерін егжей-тегжейлі таныту үшін негізгі лексикалық құраммен қатар әрбір стильдің стильдік байлаулы белгілерін құрайтын барлық тілдік-стильдік ерекшеліктерді топтап зерделеу аса маңызды.

Ғылыми-көпшілік стильдің синтаксистік құрылымы публицистикалық стильдің, ауызекі сөйлеу стилінің синтаксистің құрылымымен тығыз байланысты, өте күрделі, өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді. Жұмыста ғылыми-көпшілік стильдің лексикалық құрамына дискурстық, тілдік-стильдік белгілеріне талдау жасалады.

Әдеби тілдің функционалдық стильдер жүйесі әлемдік лингвистикада, орыс тіл білімінде, сонымен қатар қазақ тілтанымында да терең зерттелді деп айтуымызға болады. бұл ретте ғалымдар В. В. Виноградовтың, М. Н. Кожинаның, А. Н. Кожиннің, В. В. Одинцовтың, А. Н. Гвоздевтің, Р. А. Будаговтың, А. И. Ефимовтің, В. Г. Костомаровтың, М. П. Сенкевичтің және т. б., ал қазақ тіл білімінде А. Байтұрсыновтың, Қ. Жұбановтың, М. Балақаевтың, І. Кеңесбаевтың, Ғ. Мұсабаевтың, Б. Әбілқасымовтың, Р. Сыздықтың, Е. Жанпейісовтің, С. Исаевтың, Х. Нұрмұқановтың, Х. Кәрімовтің, Р. Әміровтің, Б. Шалабайдың, А. Алдаштың, Б. Момынованың, Ш. Мажитаеваның, Ж. Рапишеваның (Ж. Құрмамбаева), Д. Әлкебаеваның, С. Әлісжановтың және т. б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады.

Дегенмен, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына орай, тілге деген ұлттық, қоғамдық ой-сананың өзгеруіне байланысты қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің әлі де таратып, талдайтын, тыңнан қарауды қажет ететін мәселелері бой көтеріп отыр. Өйткені, И. Р. Гальперин көрсететіндей, «Тілдің стильдері - тарихи категория. Демек, олар өзгереді, дамиды, пайда болады және жоғалады» [2, С. 343] . Соңғы жылдары ғылыми зерттеулердің басты бағыттары мен парадигмаларының түбегейлі өзгеруіне байланысты стильдер жүйесіне деген көзқарастарда да тың пайымдаулар пайда бола бастады. Бұрын стильдердің тармақтарға бөлінуіне экстралингвистикалық және тілдік қарым-қатынастың ерекшеліктері негіз болса, қазіргі кезде стильдердің белгілі бір түрін танып-білу үшін сөйлеушінің ниеті (интенциясы) және бұл үшін жұмсалатын тілдік құралдар ескеріле отырып, тілдің коммуникативтік актідегі, дискурстағы қызметі басшылыққа алынады. Осыған байланысты әдеби тілдегі функционалдық стильдердің сапалық және сандық көрсеткіштерінде де өзгерістер бар.

Қазақ әдеби тілінің даму жолдарында ғылыми стиль, қазақ ғылымының тілі ХХ ғасырдың орта тұсында (нақтырақ айтқанда, 1950-1985 жж. арасында) экстралингвистикалық фактордың әсерінен тоқырап қалғандығы белгілі. Сондықтан да болар, кейінгі онжылдықта қазақ тілінде оқу-ағарту құралдарын жазу, ғылыми мақалалар мен ғылыми еңбектерді мемлекеттік тілде дайындау мәселесі талап етілген кезде, «қазақ тілінде ғылым қалыптастыру мүмкін емес» деген пікірлер де айтыла бастады. Мұндай пікірді айтушыларға себеп болған жағдай - біздің ойымызша, жоғарыда көрсетілген кезеңдерде қазақ тіліндегі ғылыми терминологияның қалыптасуының тоқтап қалуы және негізгі ғылыми еңбектерінің орыс тілінде жазылуы. Дегенмен қазіргі кезде қазақ әдеби тілін жасауға толық мүмкіндігінің, әлеуетінің бар екендігін дәлелдейтін факторлар жеткілікті. Бұған қазақ тілінде жазылған дидактикалық құралдар (орта білім жүйесіне арналған оқулықтар мен оқу құралдары), мамандандырылған ғылыми еңбектер (математика, физика, ядролық физика, химия, биология, психология, философия, тарих, әдебиеттану және лингвистика) қазақ әдеби тілінде жазылып, қолданысқа түскендігін жатқызуға болады.

Қалыптасқан тұжырымға негіздесек, қазақ ғылыми стилінің ішкі тармақтарының бірі - ғылыми-көпшілік стиль. Ғылыми-көпшілік стильдің диахронды және синхронды жай-күйі қазақ әдеби тілінің тарихы, функционалдық лингвистика аспектісіне арналған еңбектерде назардан тыс қалмайды.

Қазіргі таңда ғылыми-техникалық, әлеуметтік-саяси, мәдени-ғылыми ақпараттың басым дені ғылыми-көпшілік стиль түрінде таратылып, насихатталады. Осыған байланысты ғылыми-көпшілік стильдің бірыңғай тілдік-стильдік ерекшеліктері өзгеріске ұшырап, тың сапаларды иелене бастады. Бұл жайттарды, оларға әсер етіп отырған экстралингвистикалық және интралингвистикалық факторлар негізінде талдап, ғылыми-көпшілік стильдің қазіргі сипатына қатысты теориялық тұжырымдар жасау зерттеудің өзектілігі болып табылады.

Зерттеудің нысанасы. Қазіргі қазақ әдеби тіліндегі ғылыми-көпшілік стильдің тілдік-стильдік белгілері.

Зерттеудің пәні. Қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдер жүйесі.

Зерттеудің әдіснамалық негіздері. Әлемдік лингвистикада және қазақ тіл білімінде әдеби тілдің стильдер жүйесі бойынша жасалған ғылыми тұжырымдар зерттеудің әдіснамалық негізі болып табылады. Зерттеу жұмысының барысында орыс және қазақ тіл білімінің өкілдері В. В. Виноградов, М. Н. Кожина, А. Н. Кожин, В. В. Одинцов, А. Н. Гвоздев, Р. А. Будагов, А. И. Ефимов, В. Г. Костомаров, М. П. Сенкевич,
А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, М. Балақаев, І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев,
Б. Әбілқасымов, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, С. Исаев, Х. Нұрмұқанов, Х. Кәрімов, Р. Әміров Б. Шалабай, А. Алдаш, Б. Момынова, Ш. Мажитаева, Ж. Рапишева, Д. Әлкебаева, С. Әлісжанов және т. б. ғалымдардың еңбектері пайдаланылды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты - қазақ әдеби тілі функционалдық стильдері жүйесіндегі ғылыми-көпшілік стильді дискурстық және тілдік-стильдік талдау арқылы осы тармақтың дербес стильдік сала екендігін дәлелдеу; осыған байланысты төмендегідей міндеттер алға қойылды:

- қазақ әдеби тіліндегі ғылыми-көпшілік стильдің диахронды және синхронды жай-күйіне сипаттама беру;

- ғылыми-көпшілік стильдің дискурс → жанр → мәтін типтерімен арақатынасын анықтау;

- қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің құрамындағы ғылыми-көпшілік стильдің жеке стильдік тармақтың белгілерін иелене бастағанын дәлелдеу;

- қазақ әдеби тілі ғылыми-көпшілік стилінің тілдік белгілерін нақтылау;

- арнайы мамандандырылған ғылыми мәтін мен ғылыми-көпшілік мазмұнда жазылған мәтіннің тілдік айырмашылықтарын көрсету;

- қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдер жүйесінде доминант стиль ретінде бағаланатын газеттік-публицистикалық стиль, сондай-ақ көркем әдебиет стилі, ауызекі сөйлеу стилі тілдік-стильдік ерекшеліктерінің ғылыми-көпшілік стильге ықпалын анықтау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Жұмыста өткен ғасырдың екінші жартысындағы және соңғы онжылдықтарда қазақ тілінің қоғамдық аяларда ғылым мен техника саласында пайдаланылуына ықпал еткен тіл саясатының негізінде өз алдына жүйеленіп, қарқынды дамыған ғылыми-көпшілік стильдің тілдік-стильдік және дискурстық сипаттары бойынша бірінші рет ғылыми тұжырымдар жасалды. Осы мақсатта қазақ әдеби тіліндегі ғылыми-көпшілік стильдің алғашқы үлгілеріне (А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Қ. Кемеңгерұлы, Т. Шонанұлы, Х. Досмұхамедұлы), кейініректе жасалған (Қ. Сәтпаев, О. Жәутіков, Х. Әбішев, Я. Әубәкіров, Қ. Жарықбаев және т. б. ), сондай-ақ қазіргі кезеңдегі нұсқаларға диахронды-синхронды тұрғыдан сипаттама берілді. Ғылыми-көпшілік стильдің тілдік белгілері топтастырылды. Негізгі нысананың дискурс → жанр → мәтін типтеріне арақатынасы, қазақ әдеби тілінің басқа да стильдік тармақтарына тән белгілердің стильдік араласуы талдана келе, қазіргі кезеңдегі ғылыми-көпшілік стильдің қазақ әдеби тілінің ғылым тілі ретіндегі стильдік, дискурстық жағынан әлеуетті тармақ екендігі анықталды және дәлелденді.

Зерттеудің дереккөздері. Теориялық тұжырымдар жасау үшін тілдік материалдар ХХ ғасырдың 20-жылдарында жазылған (А. Байтұрсыновтың,
Қ. Жұбановтың, Қ. Кемеңгерұлының, Т. Шонанұлының, Ж. Аймауытовтың,
Х. Досмұхамедұлының), сондай-ақ өткен ғасырдың орта шенінде және соңғы онжылдықта жазылған ғылыми-көпшілік мазмұндағы мамандандырылған және мамандандырылған емес еңбектерден (212 еңбек талқыға түсті) алынды. Тізім жұмыстың соңында көрсетілген. Барлығы 4700 картотека жинақталды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

1. Қазіргі кезеңдегі қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің қатарында ғылыми стиль - мамандандырылған, арнайы мамандандырылған және мамандандырылған емес мазмұндағы мәтіндер типтеріне ажыратылатын, өзіне тән тілдік-стильдік белгілері қалыптасқан жеке-дара функционалдық стиль.

2. Ғылыми стильдің ішкі тармағы (подстилі) дәрежесінде бағаланып келген ғылыми-көпшілік стиль - ауызша әдеби тілдің бір көрінісі. Ғылыми-көпшілік стиль - тілдік-стильдік және дискурстық белгілерімен нақтылана түскен, дербес функционалдық стиль ретінде қалыптасуға әлеуеті жеткілікті стиль түрі.

3. Қазіргі кезеңдегі ғылыми-көпшілік стиль дискурс → жанр → мәтін типтерімен тығыз байланыста. Мәтін - коммуникативті тілдік қызметтің нәтижесі. Дискурс - лингвистикалық категория ретінде ғылыми-көпшілік мәтіннің құрылымын, онда қолданылатын тілдік бірліктерді және басқа да мәтіндік сипаттамаларды (мәтіннің жасалуына және құрылымына әсер ететін коммуникативті-прагматикалық, әлеуметтік, тарихи нысандарды) сипаттауға мүмкіндік береді.

4. Қазіргі кезеңдегі ғылыми-көпшілік стильдің басты тілдік-стильдік белгілері - логикалық ойды, ақпаратты жеткізуге бағытталған белгілі лексикалық-фразеологиялық құрылымның және осы құрылымға негізделген тілдік құралдардың болуы.

5. Ғылыми-көпшілік стильдің белгілі бір композициялық құрылымы болады; оның композициялық құрылымын (немесе композициялық-прагматикалық сегменттерді) жеткізу үшін логикалық ойды дәнекерлеуші құралдар, эмотивті және образды тіркестер қолданылады. Ғылыми ойды қалың жұртшылыққа тарату, ғылыми болжамды дәлелдеу мақсатында ғылыми-көпшілік стильге стильдік араласулар тән.

Зерттеудің теориялық маңызы. Жұмыста қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесіндегі ғылыми-көпшілік стильдің диахронды сипаттамасына негізделе отырып, синхронды жай-күйі анықталады. Ғылыми-көпшілік стильдің тілдік-стильдік белгілерін талдау нәтижесінде қазақ тіл ғылымында алғаш рет ғылыми-көпшілік стиль қазақ ғылыми стилінің негізін қалаған (мамандандырылған ғылым тілінен бұрын қалыптасқан), қазіргі ғылым тілінің қалыптасуы мен жетілуіне елеулі ықпал жасап отырған, тілдік-стильдік және дискурстық белгілерімен нақтылана түскен, дербес функционалдық стиль ретінде қалыптасуға әлеуеті жеткілікті стиль түрі деп танылады. Бұл үшін ғылыми-көпшілік стильдің дискурс → жанр → мәтін лингвистикасымен арақатынасы ғылыми тұрғыдан дәлелденеді.

Жұмыстың практикалық маңызы. Жұмыста жасалған ғылыми тұжырымдар мен практикалық ұсыныстардың жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде функционалдық стилистика, дискурс және жанр онтологиясы, мәтін лингвистикасы бойынша арнаулы курстарда пайдалануға болады.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Негізгі нысананы талдау және тұжырымдар жасау үшін салыстыру, статистикалық талдау, мәнмәтіндік талдау, жинақтау, дискурстық және контент талдау әдістері қолданылды.

Жұмыстың талқылануы мен мақұлдануы.

Зерттеудің негізгі мазмұны және онда қамтылатын теориялық тұжырымдар «Тілтанудағы ірі тұлғалар» деп аталатын І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев,
М. Балақаевтардың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Қарағанды, 12-13 сәуір, 2007) ; «М. Әуезов - жаңа дәуір данышпаны» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент, 15-16 қараша, 2007) ; Тіл саласында білім беруге арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Қарағанды, 15-16 қараша, 2007) ; «Тіл және жаһандану: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 27-28 қараша, 2008) ; «Ғылым және оның қазіргі замандағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Қарағанды, 30 қаңтар, 2009) ; «Тіл және менталдылық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда (Алматы, 14-15 мамыр, 2009) баяндалды. Зерттеу жұмысы бойынша 9 мақала жарияланды. Жұмыс Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, қазақ тіл білімі кафедрасының мәжілісінде (№8 хаттама, 25 наурыз, 2009), сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ филологиясы кафедрасында өткен лингвистикалық семинарда (№12 хаттама, 17 маусым, 2009) және аталған кафедраның кеңейтілген мәжілісінде (№4 хаттама, 28 қыркүйек, 2009) талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Жұмыстың құрылымы.

Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер мен тілдік фактілер жинақталған дереккөздер тізімінен тұрады.

1 Қазіргі кезең: Ғылыми-көпшілік стиль - қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің бір саласы

1. 1 Қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесін қазіргі кезеңде зерттеудің маңыздылығы

Жоғарыда аталғанындай және зерттеу жұмысының өн бойында баяндалып отыратынындай, қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдер жүйесі қазақ тілші ғалымдарының ұдайы назарында болып келді. Қазақ тілші ғалымдары әдеби тілдің тарихы, оның қалыптасу жолдары, әрбір кезеңдегі тілдің синхронды жай-күй туралы еңбектерінде стильдік тармақтардың тілдік ерекшеліктеріне үнемі сүйенді.

Әдеби тілдің тарихи проблемаларын зерттеген көрнекті ғалымдар - І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Ә. Қайдаров, Ш. Сарыбаев, Е. Жұбанов, Р. Әміров тіл тарихы үшін функционалдық стильдердің маңызды саласы көркем әдебиет тілі туралы құнды пікірлер айтты [3, 10-36 бб. ] . Бірақ әдеби тілді тікелей зерттеген ғалымдар және ғылыми мазмұндағы жазба нұсқалар тіліне айрықша назар аударды.

ХҮІІІ ғасырдағы әдеби тілдің тарихын қарастырған еңбектерден бастап қазіргі замандағы қазақ тілтанымы бойынша монографиялар мен мақалалардың барлығында дерлік әдеби тілдің өзінің мәртебесін айқындау, оның дамуын кезеңдерге бөлу, әрбір кезеңдердегі әдеби тілдің даму ұстанымдары мен үрдістерін белгілеу сияқты мәселелерде функционалдық стильдер қыруар фактілер беріп отырды. Мысалы, академик Р. Сыздық: «ХҮІІІ ғасырдағы қазақ қоғамына қызмет еткен тілді танытатын нұсқалардың бір түрі - ресми іс-қатынас қағаздары. Бұл әдебиеттің құнды бір ерекшелігі - хатқа түскендігі, сондықтан бұлар тілдің белгілі бір стилінің қандай сипатта болғанын қиналмай көрсететін материал болады», - деп жазды [4, 28 б. ] .

Сонымен қатар белгілі тілші ғалымдар Б. Әбілқасымов, С. Исаев, Е. Жұбанов, Х. Кәрімов, О. Бүркітов, Б. Момынова өз еңбектерінде қазақ әдеби тілін кешенді түрде талдауда функционалдық стильдердің тілдік-стильдік ерекшеліктерін басшылыққа алады.

Б. Әбілқасымов ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ жазба әдеби тілінің негізгі үлгілері ретінде бірнеше стильді атап (қоғамдық публицистикалық стиль, ғылыми-көпшілік әдебиет стилі, ресми іс-қағаздары стилі), олар әдеби тілдің негізгі белгілерін көрсетіп берді деп санайды [5, 16 б. ] .

Кеңес өкіметі дәуіріндегі қазақ әдеби тілін таратып қарастырған белгілі зерттеуші С. Исаев әдеби тілдің басты белгілері - жекелеген тілдік тұлғалардың, грамматикалық формалардың сұрыпталып, таңдалып жұмсалуында функционалдық стильдерінің маңызды рөл атқарғандығын көрсеткен [6, 187 б. ] .

Атап өтетін жайт, қазақ тіл білімінде көркем әдебиет стилін кешенді түрде зерттеуге ұдайы назар аударылып келді. Мәселен, Б. Шалабай: «Көркем әдебиет тілін зерттеудің тарихы жалпы адамзат ғылымының тарихында бір ғасырдай уақытты қамтитын өзіндік орны бар үлкен ғылыми сала екеніне көз жеткіземіз. Ол жеке ғылым саласы болып бірден қалыптаса салған жоқ, стилистика ғылымының ішінде өсіп-өніп жетілді, соның бір тармағы ретінде өз объектісі, зерттеу аймағы айқындалып, саралана бастады.

Басқа қолданыстарда тіл өзінің әдеттегі, негізгі қызметін (коммуникативтік) атқарса, көркем шығармада оның үстіне эстетикалық қызмет атқарады. Оның қалайша жүзеге асатынын зерттеу - көркем әдебиет стилистикасының міндеті», - дейді [7, 4 б; 25 б. ] .

Ал ғалым Б. Момынова былай деп жазады: «Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында пайдаланылып жүрген көптеген қоғамдық-саяси терминдер қазіргі лексикалық мағынасы мен стилистикалық реңктерінде ең алғаш «Қазақ» газеті бетінде қолданылған болатын. Яғни, «Қазақ» газеті жаңа замандағы жаңа әлеуметтік-саяси бағыттағы қоғамдық-саяси лексиканың негізін қалаған тұңғыш қазақ мерзімді басылым болды. Сондықтан да, жалпылай алғанда, қазақ тілінің бүгінгі және болашақтағы дамуында, жекелей алғанда, қоғамдық-саяси лексиканың қалыптасу, даму тарихында «Қазақ» газетінің маңызы зор, атқарған қызметі ұшан-теңіз екендігін көрсетеді» [8, 7 б. ] .

Бұдан шығатын қорытынды - қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесін қай тармағы, қайсыбір ішкі тармағы болмасын, әдеби тілдің синхронды, диахронды жай-күйін танып білуде аса маңызды болып табылады. Сонымен қатар, қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесін қазіргі кезеңде зерттеудің маңыздылығына байланысты біз төмендегі мәселелерді атап көрсетеміз.

Әрине, орыс тіл білімінде де, қазақ тіл білімінде де стильдік тармақтар қарастырылған еңбектер өте көп, қандай да бір проблема туралы зерттеудің көзқарастарын кездестіруге болады, бірақ 1990 жылдарға дейін функционалдық стильдер өз алдына жеке түрде зерттеліп келді. Кейбір еңбектерде публицистикалық стильдің (әсіресе, мерзімді баспасөз тілінің) экстралингвистикалық факторларға байланысты тілдік-стильдік жағынан өзгеріп отыратындығы айтылады, ал басқа стильдік тармақтар «өз алдына бір бөлек дүние» («вещь в себе») түрінде зерттелді.

Қазіргі кезеңде тіл білімінің барлық бағыттары өзгерді. Тілдің кез келген қолданысын қоғамдық құбылыстармен, қоғамдағы өзгерістермен, тіл ғылымының жаңа әрі өзекті салалары - антропологиялық лингвистикамен, когнитивтік лингвистикамен, мәтінтанумен тығыз байланыста қарау қажеттігі бар. Осылай болғанда ғана, кез келген стильдік тармақтардың тілдік-стильдік табиғатын толық ашуға мүмкіндік болады.

Қазіргі қоғамдағы өзгерістердің ішіндегі ең бастысы - қарым-қатынастың типі өзгерді. Нақты айтқанда, қазіргі қоғамдағы демократиялық даму үрдістері, нарық экономикасының қарқынды дамуы нәтижесінде қарым-қатынастың жаңа және белсенді түрі - диалогтық қарым-қатынас пайда болды. Кез келген бір ақпаратты жеткізу, ғылыми пікірді дәлелдеу үшін бұрынғы дәуірлердегідей қарапайым монолог түрінде баяндау емес, диалог-сұхбат арқылы пікірталасқа шақыру, мүдделілік туғызу факторлары барынша белсенді болып отыр. Бұл жағдай ғылыми стильге тікелей қатысты. Белгілі бір ғылыми тұжырымдарды жеткізу үшін қазіргі кезеңде әсер ету, шоғырландыру және пікірталас арқылы дәлелдеу функциялары алдыңғы қатарға шығуда. Осының нәтижесінде «ғылыми стиль», «ғылым тілі» деп аталатын тармақ қалың жұршылыққа, көпшілікке қарай бет бұрды; бұл өз кезегінде ғылыми стиль тілінде өзге де стильдік тармақтардың тілдік бірліктерінің араласуына, сол арқылы ғылыми-көпшілік стильдің жаңа тілдік белгілерінің қалыптасуына жол ашты.

Осыған байланысты қазіргі кезеңде жалпы функционалдық стильдерді негізгі типтерге топтастыру бағыты да байқалады.

Ғалым А. Алдаш былай деп жазады: « . . . соңғы жарты ғасыр көлемінде қазақ тілінде аударылған прозалық шығармалардың (ішінара драма жанры үлгілерінің) және публицистикалық, ресми, қоғамдық-саяси, оқу-ағарту мазмұнындағы әдебиеттің тілі. Аталған әдебиет түрлерінің өзі іштей поджанрға, подстильге қарай тарамдалатыны белгілі; алайда аударматану аясынан қарағанда, функционалдық стильдердің әрқилы түрлерінің, прозаның ішкі жанрларының тілін топтастыра, жинақты түрде қарастыруға мүмкіндік беретін бірқатар белгі-сипаттар бар; сол себепті қазақ әдеби тілімен «қайта жазылған» қарасөз үлгілері, ұтымды жүйелі түрде атау мақсатында арнаулы ақпаратты аударма әдебиет (бұған көсемсөз стилінің, ғылыми, оқу-ағарту әдебиетінің, ресми іс-қағаздарының тәржіма нұсқалары енгізілді) және көркем аударма әдебиет деген екі топқа шартты түрде жіктестірілді» [9, 8-9 бб. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ әдеби тілі функционалдық стильдер жүйесі
Сөз мәдениеті
Сапалық сын есімдер
Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикасы
Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері
Көркем әдебиет стиліндегі фигуралар
Жалпы тіл ғылымындағы стилистика ғылымының ғылыми – теориялық негіздері (зерттеушілік әдісті қолдану)
Стилистиканы оқыту әдістемесі
Стилистика және оның проблемасы
Әбіш Кекілбаевтың тілдік тұлғасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz