Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарының криминалистік сипаттамасы
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ӘОЖ 343.98 (574)
Қолжазба құқығында
ДОСАНОВ МҰРАТ ӨСКЕМБАЙҰЛЫ
Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеуді криминалистік
қамтамасыз ету және тергеуге қатысушылардың қызметін үйлестіру
12.00.09 - қылмыстық іс жүргізу; криминалистика және сот сараптамасы;
жедел-іздестіру қызметі
Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертация
Ғылыми жетекші: заң ғылымдарының
докторы, профессор А.А. Исаев
Алматы, 2009
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..3
1. САХНАЛАУМЕН ЖАСЫРЫЛҒАН АДАМ ӨЛТІРУ ҚЫЛМЫСТАРЫН ТЕРГЕУДІ КРИМИНАЛИСТІК
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1.1 Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеуге қатысушылардың
өзара әрекетін және қызметін криминалистік қамтамасыз етудің негізгі
мәселелері ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... 11
1.2 Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарының криминалистік
сипаттамасы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..25
1.3 Тергеудің алғашқы кезеңіндегі типтік тергеу жағдайлары және тергеу
болжамдарын
құру ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... .48
1.4 Тактикалық операцияның түсінігі және
мәні ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...60
2. САХНАЛАУМЕН ЖАСЫРЫЛҒАН АДАМ ӨЛТІРУ ҚЫЛМЫСТАРЫН ТЕРГЕУГЕ ЖӘНЕ БОЛДЫРМАУҒА
БАҒЫТТАЛҒАН ТАКТИКАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ
2.1 Сахналандырудың белгілерін табуға бағытталған ақпаратты жинау
тактикалық
операциясы ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ..68
2.2 Жәбірленушінің жеке басын анықтау, оның тұлғалық қасиеттерін
сипаттайтын ақпаратты жинау тактикалық
операциясы ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ..95
2.3 Қылмыскерді анықтау мен іздестіру тактикалық
операциясы ... ... ... ... ... 103
2.4 Қылмыскерді әшкерелеу тактикалық
операциясы ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ...108
2.5 Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын болдырмау тактикалық

... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..124
ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... 130
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
ТІЗІМІ ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... .135
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Диссертациялық жұмыстың арқауына криминалистика ғылымының теориясындағы
күрмеуі қалың күрделі мәселелердің бірі – сахналаумен жасырылған адам
өлтіру қылмыстарын тергеуді криминалистік қамтамасыз ету және тергеуге
қатысушылардың қызметін үйлестіру өзек етілген. Зерттеу жұмысында
сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеудің жалпы мәселелері,
тергеудің алғашқы кезеңінің ерекшеліктері, сахналаумен жасырылған адам
өлтіру қылмыстарын тергеудің кейінгі кезеңінде криминалистік қамтамасыз
етудің орны, оның ғылыми-теориялық байламдары, ой-түйіндері, пікір-
көзқарастармен жан-жақты толыға түсуі егжей-тегжейлі сөз болады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Өткен ғасырдағы КСРО-ның ыдырауы және
сонымен байланысты Қазақстанда басталған саяси-құқықтық, экономикалық
өзгерістер мемлекетіміздің қазіргі заман тарихында ерекше орын алды. Бұл
уақыт еліміздің егемендікті, тәуелсіздікті алуымен, азаматтық қоғамның
қалыптасуымен, экономиканың нарықтық жолға бет алуымен, әлемнің барша
өркениетті елдерімен дипломатиялық қарым-қатынастарды орнатумен
сипатталады.
1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Казақстан
Республикасының Конституциясы мемлекетіміздің беріктігін нығайтты, мемлекет
пен қоғамның даму жолын анықтады, адамның және азаматтың құқықтарының,
бостандықтарының қорғалу кепілдіктерін бекітті. Қазақстан Республикасы
Конституциясының 1-бабында бекітілген демократиялық, зайырлы, құқықтық,
әлеуметтік мемлекетті орнықтыру әлеуметтік, экономикалық, құқықтық және
саяси міндеттердің кешенін одан әрі, жеделдетілген қарқынмен жүзеге асыруды
талап етеді [1, 2 б.].
Қазақстанның жас мемлекет ретінде қалыптасу жылдарында көптеген жақсы
өзгерістермен бірге, өкінішке орай, өткен ғасырдың соңындағы қылмыстылықтың
жаңа түрлерінің пайда болу, ұйымдасқан қылмыстылықтың қалыптасу, көрші
республикаларда содырлардың ату және жарылғыш заттарды пайдаланып лаңкестік
іс-қимылдарды жасауы, шет мемлекеттердің трансұлттық қылмыстық
қауымдастықтарының еліміздің кеңістігін қылмыстарды жасауға, есірткі, қару-
жарақты тасымалдауға пайдалануы, қылмыстық байланыстарды орнату әрекеттері,
қылмыскерлердің адам өлтіру қылмыстарын орындаушыны жалдау арқылы,
қылмыстың ізін жасыру мақсатындағы іс-қимылдарды орындау, тергеуге қарсы
әрекет ету секілді келеңсіз құбылыстардың орын алғаны баршамызға аян.
Мемлекетіміздің дамуына кедергі болатын қауіпті құбылыстарға сыбайлас
жемқорлық та жатқызылады.
Қылмыстылықтың өршіп жатқан қауырт жылдарында Республика басшылығымен
қабылданған нормативтік-құқықтық актілері мен мемлекеттік
бағдарламаларындағы бекітілген қылмыстылықпен күресудің қылмыстық-құқықтық
іс-шаралары қылмыстылықпен күресу бағытын айқындап, криминогендік жағдайдың
жақсаруына үлкен септігін тигізіп, адамның құқықтары мен бостандықтарының
берік қорғалуын мүмкін етті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: "Жоғарғы заңды
қорғауды қамтамасыз ете отырып, заңды сыйлайтын азаматтарды қылмыстан
қорғауға жете мән берілсін және заңға қарама-қайшы іс-әрекет жасайтындарға
билік пен заңның ең қатаң түрі қолданылсын", - деп атап өтті [2, 15 б.].
Сол себептен, құқық қорғау органдарының қызметі ең алдымен азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сонымен бірге мемлекеттік
институттардың қалыпты қызметін қамтамасыз етуге, қоғамдық өмірдегі
құқықтық тәртіпті нығайтуға, қылмыстылықпен күресті күшейтуге арналған.
Қылмыстардың санын тіркеу жөніндегі статистикалық деректерге назар
аударсақ, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Кұқықтық статистика
және арнайы есеп жүргізу комитетінің мәліметтері бойынша республикада 1998
жылы 142100 қылмыс тіркелсе, 1999 жылы - 139431; 2000 жылы – 150790; 2001
жылы – 152168; 2002 жылы – 135151; 2003 жылы - 118485; 2004 жылы – 143550;
2005 жылы - 146347; 2006 жылы -141271; 2007 жылы – 146347; 2008 жылы -
153300 қылмыс тіркелді.
Салыстырып талдау нәтижесінде жалпы қылмыстылықтың динамикасы 2002
жылға дейін өсіп, одан кейінгі жылдары азайғаны байқалады.
Қазақстан халқының экономикалық-әлеуметтік әл-ауқатын едәуір деңгейде
көтерілуі, сонымен бірге, ауыр, аса ауыр қылмыстармен күресудің, оларды
болдырмаудың нәтижелі іс-шаралардың жүргізілуі өмірге қарсы зорлық
қылмыстарының сандық көрсеткіш динамикасының төмендегенін көрсетуде. Оның
үстіне құқық қорғау органдарының қызметінің жақсаруы сыбайлас жемқорлық
қылмыстылығымен күрестің күшейтілгенімен, тергеу және жедел-іздестіру
қызметтерінің жаңа үлгідегі криминалистік-техникалық құралдармен жақсы
жабдықталғанымен түсіндіріледі. Криминалистік ғылымның жедел қарқынмен
дамуы және сонымен байланысты криминалистика саласында қорғалып жатқан
докторлық, кандидаттық диссертациялардың негізгі тұжырымдары да құқық
қорғау органдарын криминалистік қамтамасыз етуге өзінің едәуір үлесін
қосуда.
Қылмыстылық санының статистикалық көрсеткіштерінің ауытқып тұруы
қылмыстылықпен күрес жүргізу іс-шараларын үнемі жетілдіруді талап етеді.
Осыған орай, сот-тергеу тәжірибесін қорытындылау мен талдау нәтижесінде
әзірленген диссертациялық зерттеудің ұсынымдары қылмыстылықпен, әсіресе,
адам өлтіру қылмыстарымен күресу және онымен байланысты болатын басқа да
қылмыстармен күрес жұмысын жетілдіруге арналған.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазіргі кезде қоғамымызда қауіпті
құбылысқа айналып отырған қылмыстар жеткілікті, оларды құқық қорғау
органдарының анықтап, күрес жүргізу кезінде кейбір қиындықтардың болатыны
сөзсіз. Сол себептен, қазақстандық заңгерлер мемлекет дамуының осы
кезеңінде орын алған қылмыстылықпен күрес жүргізуге терең көңіл бөліп,
құқық қорғау органдарының қызметін криминалистік қамтамасыз етуге мән беру
қажет.
Құқық қорғау органдарының қызметі қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз
етуге, бұзушылық пен қылмыстылықты болдырмауға, олардың алдын алуға
бағытталады. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес
қылмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және
қылмыстық жауапқа тарту, әділ сот талқылуы және қылмыстық заңды дұрыс
қолдану қылмыстық іс жүргізудің басты міндеттері болып табылады [3].
Осыған орай, сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеу
кезінде сахналандырудың белгілерін анықтау, тергеуге қарсы әрекет
етушілерді әшкерелеу, тактикалық операциялардың шеңберінде оқиға болған
жерді тексеру, жауап алу, тінту, тергеу эксперименті, көрсетулерді өз
орнында тексеру мен нақтылау, басқа да тергеу әрекеттерін, жедел-іздестіру
шараларын криминалистік қамтамасыз ету, тергеуге қатысушылардың өзара
әрекетін сауатты үйлестіру қылмыстылықпен тиімді, әрі табысты күрестің
қажетті құралы есептеледі. Міне, осындай жағдайларға қарамастан, бұл
үлкен, мәнді мәселелер төңірегіндегі әңгімелер жеткілікті деңгейде
әлі де болса көтерілмей отыр.
Ауыр қылмыстармен күресу, оларды болдырмау жөніндегі жетістіктер алдын
ала тергеу органдарының қызметін жетілдіруге, тиімділігін арттыруға
бағытталған ғылыми зерттеулердің нәтижесімен тығыз байланысты. Қылмыстарды
тергеуді криминалистік қамтамасыз ету мәселесі жеткілікті зерттелген десек
ешбір күмән туғызбас, дегенмен, сахналаумен жасырылған адам өлтіру
қылмыстарын тергеу кезінде тергеу әрекеттерін криминалистік тактикалық
санаттар шеңберінде қамтамасыз ету, тергеуге қатысушылардың өзара әрекетін
үйлестіруге байланысты теориялық, тәжірибелік негіздеріне байланысты
түбегейлі зерттеу мәселесі әлі өз шешімін толық тапқан жоқ. Адам
өлтіру қылмыстарымен күрес мәселелеріне ғалымдардың жүргізген арнаулы
зерттеулері көптеген құқықтық ғылыми әдебиеттерде орын алады. Қылмыстарды
тергеу әдістемесіне, жеке тергеу әрекеттерін жүргізу тактикасына алдыңғы
қатарлы ғалымдардың еңбектері арналған.
Бұл мәселелерге А.Ф. Аубакиров, В.П. Бахин, А.Н. Басалаев, В.С.
Бурданова, Р.С. Белкин, А.Н. Васильев, А.Г. Видонов, А.И. Винберг, А.И.
Возгрин, Волынский А.Ф., Гавло В.К., Герасимов И.Ф., Глазырин Ф.В.,
Грановский Г.Л., Е.Ғ. Жәкішев, Е.И. Зуев, Г.Г. Зуйков, А.А. Исаев, В.Н.
Карагодин, В.П. Колмаков, Т.А. Кулибаев, Е.И. Қайыржанов, М.Ч. Қоғамов,
В.С. Козлов, Ю.Г. Корухов, В.П. Лавров, А.А. Леви, И.М. Лузгин, В.Н.
Мудьюгин, С.И. Медведев, Б.М. Нургалиев, Б.А. Салаев, А.Р. Шляхов ғылыми
еңбектерін жазған.
Дегенмен, сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеуді
криминалистік қамтамасыз ету және тергеуге қатысушылардың қызметін
үйлестіру адам өлтіру қылмыстарын тергеуді зерттеу саласындағы тың
тақырыптардың бірі болып табылады. Тергеу тәжірибесі айғақтағандай, адам
өлтіру қылмыстармен күрестің табысты жүргізілуі полицияның тергеу және
жедел-іздестіру бөлімдерінің бірлескен күштерін пайдаланып, өзара әрекет
етуді нақты үйлестіріп, қазіргі заманғы криминалистік әдістер мен
құралдарды тиімді қолдануға тікелей байланысты.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негізін нақты ақиқатты танудың
жалпы негізі ретіндегі материалистік диалектикалық және қисындық
заңдылықтар құрайды. Жұмысты жазу кезінде осы мәселені зерттеген
ғалымдардың пікірлерін салыстыру, қылмыстық істерді және фактілерді
сипаттау, бақылау, модельдеу, талдау, синтез, қорытындылау, әлеуметтік-
құқықтық, қисынды-заңдылық, статистикалық тәсілдері кеңінен қолданылды.
Осы жұмыстың теориялық негізін тақырыпқа тікелей қатысты жазылған
ғылыми монографиялық еңбектер, мақалалар мен оқулық әдебиеттер құрайды.
Сонымен қатар, зерттеу жұмысына дайындық жасау және жұмысты орындау
барысында қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу құқығы, психология, сот
медицинасы, жедел-іздестіру қызметі, қылмыстық атқару құқығы ғылымдары
бойынша жазылған еңбектер қолданылды.
Диссертацияның тәжірибелік негізін Қазақстан Республикасы Бас
Прокуратурасы, ІІМ-нің статистикалық мәліметтері, жарияланған сот-тергеу
тәжірибесі материалдары, сонымен қатар сахналаумен бүркеленген адам өлтіру
қылмыстарын тергеу мәселелері бойынша құқық қорғау органдары
қызметкерлерімен сұхбаттасу нәтижесінде алынған мәліметтер құрайды.
Зерттеуге қойған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында адам өлтіру
қылмыстарын бүркеу, жасыру бойынша әрекеттері орын алған қылмыстық іс
материалдары, Алматы қалалық соты, Оңтүстік-Қазақстан облыстық соты, Астана
қалалық Соты архивтерінен алынып, оларға талдау жасалынды.
Сахналаумен бүркеленген адам өлтіру қылмыстарының табысты тергелуі
криминалистік әдістерді, тәсілдерді, құралдарды құқық қорғау органдары
қызметкерлірінің жоғары деңгейдегі біліктілікпен қолданып, жедел-іздестіру
қызметінің тергеу органдарымен бірлесіп тиімді, әрі сапалы іс-қимылдарының
нәтижесінде қамтамасыз етіледі.
Аталған еңбектерде сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын
тергеу, тергеуді криминалистік камтамасыз ету, тергеуге қатысушылардың
өзара әрекеттерінің мәселелері бұрын-соңды қарастырылмаған, монографиялық
зерттеулер жүргізілмеген. Сол себептен, сахналаумен жасырылған адам өлтіру
қылмыстарын тергеуді криминалистік қамтамасыз ету және тергеу
қатысушыларының қызметін үйлестіру мәселелеріне арналған диссертациялық
зерттеу тақырыбының маңыздылығы және өзектілігі одан әрі күшейе түседі.
Зерттеудің мақсаты және міндеттері – адам өлтіру қылмыстарын, әсіресе,
сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарына қатысты сот-тергеу
тәжірибесін қорытындылау, шетелдік және қазақстандық заң әдебиеттерін,
ғылыми монографияларды зерттеу және талдау негізінде сахналаумен жасырылған
адам өлтіру қылмыстарын тергеу барысында тергеу қатысушыларының қызметін
криминалистік қамтамасыз ету, өзара әрекет етуді жоғары деңгейде
ұйымдастыру, адам өлтіру қылмыстарын тергеуде заңгерлерге, құқық қорғау
органдарының қызметкерлеріне арналған ғылыми-әдістемелік ұсынымдарды
әзірлеу.
Осы мақсатқа жету үшін келесі зерттеу міндеттері қойылды:
- сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеу кезінде
өзара әрекет етудің маңызын және нысандарын көрсету;
- тергеуші мен жедел-іздестіру қызметкерлерінің, басқа да
тергеуге қатысушылардың өзара әрекет ету деңгейін жоғарылату
мақсатында етудің криминалистік ұсынымдарын әзірлеу;
- криминалистік маңызды белгілерін топтастырып, сахналаумен
жасырылған адам өлтіру қылмыстарының криминалистік сипаттамасын
беру;
- криминалистік сипаттаманың шеңберінде сот-тергеу тәжірибесінде
кездесетін адам өлтіру қылмыстарын сахналандырумен жасырудың
түрлерін көрсету;
- сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеудің
бастапқы кезеңінде кездесетін типтік тергеу жағдайлары және
солардың негізінде криминалистік болжамдардың түрлерін көрсету.
- сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеу мен ашу
үшін маңызды болатын қайшылықты мән-жайларды тактикалық
операцияларды жүргізу шеңберінде табу, олардың пайда болу
заңдылықтарын зерттеу, оқиға болған жердегі қоршаған ортаның
басқа мән-жайларымен салыстыру, талдау бойынша қызметін
сипаттау;
- тактикалық операциялардың шеңберінде жүргізілетін тергеу, жедел-
іздестіру және басқа да іс-шаралардың негізінде жәбірленушінің
жеке басын анықтау, тұлғалық қасиеттерін сипаттайтын ақпаратты
жинау, қылмыскерді анықтау, іздестіру, әшкерелеу жөніндегі
ғылыми негізделген ұсынымдарды әзірлеу;
- адам өлтіру қылмысын істеуге әсер еткен себептер мен
жағдайларды анықтап, тактикалық операция шеңберінде тергеуші
мен жедел-іздестіру қызметкерлерінің сахналандырумен жасырылған
адам өлтіру қылмыстарын болдырмау жөніндегі әрекеттердің
кешенін көрсету.
Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы - сахналаумен
жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеу кезінде тергеу және жедел-
іздестіру бөлімдері қызметін үйлестіру нысандарын, криминалистік-тактикалық
әдістерді, тәсілдерді және криминалистік-техникалық құралдарды қолдану
мәселелерін мемлекетімізде алғаш рет ғылыми түрде негіздеп, әзірлеумен
анықталады. Сахналаумен бүркеленген адам өлтіру қылмыстары тергеу
тәжірибесін ғылыми, криминалистік талдау негізінде, тактикалық
операциялардың көлемінде жедел-іздестіру мен тергеу әрекеттерін үйлестіру,
өзара ақпаратпен алмасуды жақсарту жөнінде ұйымдық-әдістемелік, тактикалық
ұсынымдар берілді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
1. Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеу кезіндегі
өзара әрекет ету – адам өлтіру қылмыстарын анықтау, тез және толық ашу,
кінәлілерді әшкерелеу мақсатында процессуалдық, әрі процессуалдық емес
шаралардың тиімді үйлесуіне, қолдағы бар мүмкіндіктерді ұтымды қолдануына
бағытталған, заңнамалық нормативті актілерге негізделген тергеушінің, жедел-
іздестіру қызметкерлерінің, басқа да субъектілердің құзыреттеріне,
функцияларына байланысты орны, уақыты, мақсаттары жөнінде бірлескен,
келісілген қызмет. Өзара әрекет етудің субъектілері өз қызметінде бірлескен
жедел-тергеу шараларын орындау кезінде криминалистикамен әзірленген
тактикалық әдістерді, әдістемелік ұсынымдарды, криминалистік техниканың
барлық мүмкіншіліктерін табысты қолданады. Сахналаумен жасырылған адам
өлтіру қылмыстарын ашу үшін полицияның тергеуге қатысушылардың өзара
әрекеті жедел-тергеу тобын құру, тергушінің бірыңғай ойымен қамтылған және
тиімді жоспарланған тактикалық операцияларды жүргізу негізінде мүмкін
болады.
2. Тергеу барысында тергеуші мен жедел-іздестіру қызметкерлерінің,
басқа да тергеуге қатысушылардың өзара әрекет ету деңгейін жоғарылату,
іскерлік қасиеттерін арттыру, ақпаратпен дер уақытында алмасуды күшейту
үшін криминалистік ғылыми ұсынымдар даярланды.
3. Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарының криминалистік
сипаттамасы қылмыстарды ашу, тергеу, алдын алу үшін қажетті әдеттегі тергеу
жағдайлары, қылмысты істеудің және қылмысты жасырудың тәсілі мен құралдары,
қылмысты істеу орны, уақыты, қоршаған ортаның ерекшеліктері, қылмыс
іздерінің пайда болу механизмі және шоғырлану орны, жәбірленуші мен
қылмыскер, олардың арасындағы байланыстары туралы мәліметтердің жиынтығы
ретіндегі, қылмыстың абстрактілі ой моделі ретінде қарастырылады.
4. Криминалистік сипаттаманың шеңберінде адам өлтіру қылмыстарын
сахналандырумен жасырудың түрлері көрсетілді.
5. Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеудің алғашқы
кезеңінде қалыптасатын әдеттегі тергеу жағдайлары көрсетіліп, осыған орай,
тергеу және жедел-іздестіру әрекеттерін үйлесімді ету бойынша ұсынымдар
дайындалды.
6. Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеудің бастапқы
кезеңінде кездесетін типтік тергеу жағдайлары және солардың негізінде
криминалистік болжамдардың түрлері көрсетілді.
7. Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеу кезінде оқиға
болған жердің жай-жапсарындағы іздік сурет өзгертілген, күрделі
болғандықтан, тергеушінің тактикалық операциялардың шеңберінде
сахналандырудың белгілерін анықтау, оқиға болған жерді қарау кезінде
анықталатын қайшылықты мән-жайлардың түрлері, олардың пайда болу
заңдылықтарын зерттеу, тексеру, оқиға болған жердің жай-жапсарындағы басқа
да мән-жайлармен салыстыру, талдау жұмысы көрсетілді.
8. Тактикалық операциялардың шеңберінде жүргізілетін тергеу, жедел-
іздестіру және басқа да іс-шаралардың негізінде жәбірленушінің жеке басын
анықтау, тұлғалық қасиеттерін сипаттайтын ақпаратты жинау, қылмыскерді
анықтау, іздестіру, әшкерелеу жөніндегі ғылыми негізделген ұсынымдарды
әзірлеу.
9. Адам өлтіру қылмысын істеуге әсер еткен себептер мен жағдайларды
анықтап, тактикалық операция шеңберінде жүргізілетін тергеушінің және жедел-
іздестіру қызметкерлерінің сахналандырумен жасырылған адам өлтіру
қылмыстарын болдырмау жөніндегі әрекеттердің кешені дайындалды.
Диссертациялық зерттеудің теориялық және тәжірибелік құндылығы. Ғылыми
зерттеу еңбегінің негізгі қорытындылары, ережелері сахналаумен жасырылған
адам өлтіру қылмыстарын тергеу кезінде тергеуші мен жедел-іздестіру
қызметкерлерінің өзара әрекет етуді ұйымдастыру деңгейін жоғарылату,
олардың қызметін криминалистік қамтамасыз ету, қылмыскерлердің адам өлтіру
қылмыстарын жасыру, қылмысқа қатыстылығын жоққа шығару мақсатындағы
орындайтын іс-әрекеттерін әшкерелеу, тергеуші мен жедел-іздестіру
қызметкерлерінің қылмыс фактісі орын алғандығын күәландыратын дәлелдемелік
ақпаратты іздеу, жинау, бекіту бағытындағы қызметті тиімді және нәтижелі
жүргізуге қолданылуы мүмкін.
Алдын ала тергеуді криминалистік қамтамасыз ету мәселелері бойынша
әзірленген тактикалық әдістемелік ұсынымдар тергеу органдары мен жедел-
іздестіру қызметкерлері үшін құндылығы елеулі ақпарат болып табылады.
Жұмыс қорытындысының тәжірибелік мәні:
- құқық қорғау және құқық қолдану органдарының қылмысқа қарсы күрес
жүргізуді қолдану тәжірибесінде;
- соттардың адамның өміріне, денсаулығына қарсы қылмыстарды саралау,
жаза тағайындаудағы тиімділігін арттыруда;
- криминалистика, жедел-іздестіру қызметі, сот сараптамасы, қылмыстық
құқық, қылмыстық іс жүргізу құқығы, криминология пәндерінің оқу процесінде;
- оқу әдістемелік құралдарды дайындау, магистрлық, бітіру жұмыстарын
жазу барысында қолдануға мүмкіндік береді.
Диссертациялық зерттеудің эмпирикалық деректік негіздері.
Диссертациялық зерттеу нәтижелерінде жасалған қорытындылардың шынайлығы мен
негізділігі деректік материалдарды кешенді түрде жинаумен қамтамасыз
етіледі.
Диссертацияның деректік негізіне Қазақстан Республикасының Жоғарғы
Сотында, облыстық соттарда 1995-2008 жылдары аралығында қаралған 258
қылмыстық істер бойынша тәжірибелік материалдар пайдаланылды. Қазақстан
Республикасы Бас Прокуратурасының Кұқықтық статистика және арнайы есеп
жүргізу комитетінің соңғы он бес жыл ішіндегі қылмыс статистикасының
мәліметтері қолданылды. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің жұмысы
туралы жан-жақты мәліметтер алу үшін 117 тергеуші мен жедел уәкілдерге
сауалдар қойылып, олардың өзара әрекеті барысында туындайтын қиыншылықтыр,
тұлғалық қарым-қатынастары, қылмыстарды ашу мен тергеу кезінде
қылмыскерлердің тарапынан қылмысты жасыру, тергеуге қарсы іс-қимылдары
туралы қызметтік әңгіме түріндегі тәжірибе мысалдары ретінде жауаптар
алынды.
Зерттеу нәтижесінің сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың басты
ұсыныстары мен нәтижелері мына халықаралық ғылыми-теориялық, ғылыми-
тәжірибелік конференцияларда талқыланған:
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы
Конституциялық заңның 10 жылдығына арналған Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тәуелсіздігі туралы ұлттық идеясының өмірден көрініс табуы
тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары
Оқиға болған жерді қарау кезінде айыпталушының тұлғасын зерттеу. Алматы,
2002 ж., 270-271 беттер.
2. Қазіргі кезеңде қылмыстылықпен күресудің өзекті мәселелері атты
халықаралық ғылыми тәжірибелік конференцияның материалдары Өзін-өзі
өлтіру инсценировкасымен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеу кезінде
оқиға болған жерді қарау. Алматы, 2002 ж., 183-189 бб.
3. Орта Азия аймағындағы мемлекеттерде егемендіктің орнау мәселелері
атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары
Инсценировкалармен бүркеленген, адам өлтіру істері бойынша оқиға болған
жерді қарау кезінде тергеушінің жедел қызметкерлерімен өзара әрекет етуі.
Алматы, 2003 ж., 12-19 бб.
4. Орта Азия аймағындағы мемлекеттерде ұлттық құқықтың түзілу
мәселелері атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының
материалдары Инсценировкалармен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын
тергеуді жоспарлау. Алматы, 2003 ж., 179-184 бб.
5. Саяси-құқықтық зерттеулердің өзекті мәселелері атты халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары Адам өлтіру қылмыстарын
тергеу кезінде арнаулы медициналық білімді қолдану. Алматы, 2003 ж., 245-
251 бб.
6. ҚазҰУ хабаршысы журналы №2 (27) Адам өлтіру қылмыстарын тергеу
кезінде қайшылықты жағдайда жауап алу. Алматы, 2003 ж., 33-35 беттер.
7. ҚазҰУ хабаршысы журналы №1 (29) Инсценировкалармен жасырылған
адам өлтіру қылмыстарын тергеу кезінде куәлардан жауап алу. Алматы, 2004
ж., 115-118 бб.
8. ҚазҰУ хабаршысы журналы №3 (31) Адам өлтіру қылмыстарын тергеу
барысында кездесетін негативті мән жайлардың маңызы. Алматы, 2004 ж., 86-89
бб.
9. Тиімді мемлекеттік басқару: халықаралық тәжірибе және Қазақстан
халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары Сыбайлас
жемқорлықтың пайда болуына әсер ететін себептер мен шарттар. Астана, 2007
ж., 362-367 бб.
10. Қазақстантану - 3 халықаралық ғылыми конференцияның материалдары
Сахналаумен (инсценировкалармен) жасырылған адам өлтіру қылмыстарын
тергеуге қатысушылардың қызметін криминалистік қамтамасыз етудің кейбір
мәселелері. Астана, 2008 ж., 104-110 бб.
Жұмыстың құрылымы және көлемі зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сай
келеді. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, тоғыз бөлімшеден, қорытынды
мен қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 САХНАЛАУМЕН ЖАСЫРЫЛҒАН АДАМ ӨЛТІРУ ҚЫЛМЫСТАРЫН ТЕРГЕУДІ КРИМИНАЛИСТІК
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеуге қатысушылардың

мәселелері
Құқықтық статистиканың мәліметтерін зерделеу елімізде жасалған ауыр
қылмыстармен күрестің тиімді жүргізілетінін, бірақ қылмыстылықты болдырмау,
алдын алу жөніндегі жетістіктерімізді арттыру мен асыру бағытында әлі де
болсын көптеген жұмыстардың орындалу қажеттігі байқалуда.
Сөзсіз, барлық кезде, мемлекеттегі қылмыстылықтың төмен деңгейі
қоғамның ішіндегі тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің белгісі, азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарының қорғалуының айқын бейнесі есептелген.
Қылмыстылықтың азаюы көптеген экономикалық, әлеуметтік, рухани, құқықтық
факторлармен тығыз байланысты. Бұл факторлардың құрамына азаматтардың
құқықтық санасының жоғарылауы, мемлекеттік органдардың қылмыстарды тергеу,
ашу, алдын алу, болдырмау бағытындағы сапалы, тиімді қызметі де кіреді.
Қоғамдық өмірдегі оңтайлы, жан-жақты өзгерістер әрбір адамның санасында
терең із қалдырып, рухани құндылықтарды дамытуда. Ғылымның, техниканың
дамуы, озық технологиялардың шығарылуы, олардың бұқара халықтың арасында
кеңінен пайдалануына мүмкіндік берді.
Ғылыми жетістіктердің шығарылуы мен қолданылуы қуантарлық. Дегенмен,
өкінішке орай, қылмыскерлер де қылмыстық ниеттерін жүзеге асыруда соңғы
үлгідегі техникалық құралдарды пайдалануда. Осыған орай, қылмыстарды
тергеу, ашу барысында ғылыми зерттеулермен көрінген криминалистік
техникалық, криминалистік тактикалық ғылыми ілімдерді дамыту қажеттілігі
туындайды.
Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстары бойынша істің мән-
жайларына қатысты іздердің жедел табылуы мен жиналуы, сондай-ақ олардың жан-
жақты зерттелуі мен тексерілуі тергеушінің тергеуге қатысушылармен тығыз
өзара әрекет етуі арқылы жүзеге асырылады. Өзара әрекет ету нысандары
жетілдірілген жағдайда қылмыстарды ашу мен тергеудің тиімділігі де артады.
Криминалистік ғылыми әдебиеттерде тергеушінің жедел-іздестіру
органдарымен өзара байланысы, оның қажеттілігі, тиімділігі жөнінде
ғалымдардың пікірлері, ой-тұжырымдары көрініс тапқан.
Мәселен, А.Н. Балашов өзара әрекет етудің маңызын көрсете отыра,
тергеуші мен анықтама органдарының арасында тиісті деңгейдегі өзара әрекет
ету болмағандықтан, біршама қылмыстар ашылмай қалатыны туралы айтқан
болатын [4, 57 б.]. Тек жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында
анықталған мәліметтерді және осы органның басқа да мүмкіншіліктерін толық
пайдаланған жағдайда ғана тергеуші тергеп отырған қылмысты дер кезінде аша
алады. Қылмыстарды ашу мен тергеуде орын алатын күрделі танымдық қызмет
тергеушінің өткен шақта болған оқиғаны тануы іс бойынша жүргізілген әртүрлі
тергеу әрекеттері, жедел-іздестіру шаралары, басқа да әрекеттері арқылы қол
жеткізіліп, істің мән-жайын бірте-бірте түсіну, ең соңында объективті
ақиқатқа жетумен сипатталады. Криминалистік ақпарат әртүрлі әрекеттердің,
шаралардың нәтижесінде жиналатындықтан, оларды сапалы, әрі өзара келісілген
етіп өткізу маңызды болып келеді.
А.Я. Дубинский [5, 68 б.], Ю.Н. Белозеров [6, 73 б.] ғалымдар
тергеушінің анықтама органдарымен өзара әрекеті қылмыстарды ашу бойынша
тергеуші қызметінің бір элементі деп пікірлерін білдірген. Тергеуші мен
жедел-іздестіру органдарының бірлесіп істеуі арқылы қылмысты тез арада
ашуға, қылмыскерді дер кезінде ұстауға, керекті заттай заттай
дәлелдемелерді толық жинап алуға болады.
Тергеу органдары мен жедел-іздестіру қызметі арасындағы өзара әрекет
етуді профессор И.Ф. Герасимов заңға, сот өндірісінің ортақ міндеттеріне
негізделген, қылмыстарды ашу, тергеу, қылмыстан сақтандыруға бағытталған
тергеу, анықтама органдарына тән қызмет нысандарын, құзыреттерін, әртүрлі
уәкілеттерін, жұмыс тәсілдерін тиімді қолдану мен ақылмен үйлестіру ретінде
анықтайды [7, 16 б.]. Сот өндірісінің ортақ міндеттері тергеуші мен жедел-
іздестіру қызметкерлерінің алдына қылмыстарды тез және толық ашу,
кінәлілерді әшкерелеу мен қылмыстық жауаптылыққа тарту секілді бірдей
міндеттерді жүктейді. Аталған лауазымды тұлғалар қылмыстылықпен күрестің
алдыңғы шебінде тұрып, қылмыстылыққа төтеп береді. Олардың ынтымақтасқан
қызметі қылмыстылыққа тосқауыл беріп, қылмыскерлерді құрықтауға мүмкіндік
береді. Қандай қылмысты тергегенде болсын бұл екі органның алдында тұрған
бір міндет ол қылмысты алдын алу, қылмысқа әкелетін себептер мен
жағдайларды анықтап, оларды жоюға арнайы жедел шаралар қолдану. Қымыстарды
болдырмау, қылмыстарды істеуден сақтандыру қызметінің тиімділігі де өзара
әрекеттің жоғары деңгейде болуымен түсіндіріледі.
Қысқа құрылымды, бірақ терең мазмұнды өзара әрекет етудің түсінігі Р.С.
Белкиннің редакциясымен басылып шыққан криминалистика оқулығында беріліп,
мұнда өзара әрекет ету қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтау процесіндегі
мақсаты, міндеті, күші, құралдары мен уақыты келісілген органдардың қызметі
деп анықталады [8, 357-361 бб.].
Е.Е. Жәкішев өзара әрекет ету тергеу процесінде тергеу қатысушыларының
арасында пайда болып, әрқайсысының құзыреті шегінде, өз құралдары,
тәсілдері көмегімен қылмыстарды тез, толық ашу, қылмыстық істерді сапалы
тергеу үшін жүргізілетінін айтады [9, 14 б.]. А.Н. Балашовтың пікірінше
өзара әрекет ету дегеніміз тергеу, анықтама органдары лауазымды
тұлғаларының құзыреттері шегінде жүзеге асырылатын мақсаты, орны, уақыты
бойынша келісілген, заңға негізделген қызмет [4, 62 б.]. В.Х. Михайлов
өзара әрекет етуді қылмыстарды анықтау, тез және толық ашу, кінәлілерді
әшкерелеу, қылмыс жасаған адамды әділ жазаға тарту, кінәсіз адамды
қылмыстық жауапкершілікке тартқызбау, соттамау, заңның дұрыс қолданылуын
қамтамасыз ету міндеттеріне жетуге бағытталған ішкі істер органдары мен
басқа құқық қорғау органдарының қарамағындағы күштерді, құралдарды,
тәсілдерді бір рет немесе ұзақ уақыт біріктіру ретінде түсінеді [10, 37
б.].
Жоғарыда айтылған анықтамаларды, сондай-ақ заң әдебиетінде орын алған
ғалымдардың осы мәселеге қатысты айтқан пікірлерін талдау тергеушінің
анықтама органымен өзара әрекетінің ұғымының құрылымына барлық авторлар
келесі элементтерді: өзара әрекет ету қатысушыларының заңдылық талаптарын
орындау, дәлелдеу пәніне кіретін мән-жайларды анықтауда тергеуші мен жедел
қызметкердің уәкілеттеріне, құралдарына байланысты айырмашылықтар, жасалған
қылмыстардың мән-жайларын толық, объективті, жан-жақты зерттеу үшін маңызды
фактілер туралы ақпаратты алуға анықтама органының іздеу мүмкіндіктерін
кешенді қолдану, тергеушінің ұйымдастырушы рөлі, оның анықтама органымен
өзара әрекеті кезіндегі процессуалдық дербестігі, анықтама органының жедел-
іздестіру қызметі барысында алынған ақпаратты тергеушіге хабарландыру
міндетін қамтитынын көреміз.
Криминалистика оқулығында дұрыс көрсетілгендей өзара әрекет ету бұл
өзара әрекетке түсетін тараптардың ерік-ықтиярынан шығатын субъективті
сипаттағы құбылыс емес, ол объективті қажеттілік, онсыз қылмыстарды ашу
мәселелері шешілмейді [4, 359 б.].
Біздіңше, қылмыстарды тергеу кезіндегі өзара әрекет ету - қылмыстарды
анықтау, тез және толық ашу, кінәлілерді әшкерелеу мақсатында
процессуалдық, әрі процессуалдық емес шаралардың тиімді үйлесуіне, қолдағы
бар мүмкіндіктерді ұтымды қолдануына бағытталған, заңнамалық нормативті
актілерге негізделген тергеушінің, жедел-іздестіру қызметкерлерінің, басқа
да субъектілердің құзыреттеріне, функцияларына байланысты орны, уақыты,
мақсаттары жөнінде бірлескен, келісілген қызмет.
Тергеу тәжірибесінің іс материалдары соңғы кездері қылмыстарды жасау,
жасыру күрделі әдістермен орындалатынын айғақтайды. Қылмыскерлер өздерінің
қылмыстық мақсатына жету, іс-әрекеттері әшкереленбеу және жауаптылықтан
жалтару үшін қылмыстарды істеуде, іздерді жасыруда әртүрлі құралдарды,
ғылыми-техникалық жетістіктерді қолданып, тергеуге қарсы әрекет етеді.
Сол себептен, тергеу және жедел-іздестіру органдарының қызметкерлері
қылмыстарды тергеу мен ашу кезінде әрқашанда өзінің мүмкіндіктерін,
күштерін, білімін ақылмен қолданып, қылмыскерлерді құрықтап, олардың
кінәсін дәлелдейтін дәлелдемелік негізді заңмен рұқсат етілген әдіс-
тәсілдермен жинауға, зерттеуге және бағалауға міндетті.
Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеуді жетілдіру,
тергеу және анықтама органдары қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату
тергеуге қатысушылардың криминалистік білімін тереңдетуді, криминалистік
білімді қолдану дағдыларын үйреніп жаттықтыруды, криминалистиканың
әдістерін, құралдарын жоғары деңгейде қолдануды қажет етеді.
Осы орайда, құқық қорғау органдарының қылмыстылықпен күрес қызметін
криминалистік қамтамасыз ету ұғымына қылмыстарды тергеуді техникалық-
криминалистік, тактикалық-криминалистік ету кіретінін айтуымыз керек.
Көрнекті ғалымдар Р.С. Белкин, Корухов Ю.Г., Аверьянова Г.В. құқық
қорғау органдарының қызметін криминалистік қамтамасыз ету - қылмыстарды
болдырмау, анықтау, ашу мен тергеу мақсатында қызметкерлердің криминалистік
білімді, оған негізделген дағдыларды, ғылыми-криминалистік ұсынымдарды,
криминалистік құралдарды, тәсілдерді, технологияларды қолдануды түсінетінін
атап көрсеткен [11, 12 б.]. Өз пікірлерін дамыта келе, олар техникалық-
криминалистік қамтамасыз етуді қылмыстарды ашудың, тергеу қатысушыларының
қызметін криминалистік қамтамасыз етудің элементі ретінде қарастырады [12,
665 б.].
Біздің пікірімізше, өзара әрекет етудің субъектілері өз қызметінде
бірлескен жедел-тергеу шараларын орындау кезінде криминалистикамен
әзірленген тактикалық әдістерді, әдістемелік ұсынымдарды, криминалистік
техниканың барлық мүмкіншіліктерін табысты қолдану керек. Тергеушінің жедел-
іздестіру бөлімдерімен, басқа да тергеу қатысушыларымен өзара әрекетіндегі
тергеуді криминалистік қамтамасыз ету осымен анықталады.
Қылмыстарды тергеуді техникалық-криминалистік қамтамасыз ету
дегенімізде қылмыстарды тергеу мен ашу, қылмыстан сақтандыру үшін ғылыми-
техникалық жетістіктерге негізделген, криминалистік құралдар мен тәсілдерді
дайындауға және құқық қорғау органдарының тәжірибесіне енгізуге негізделген
белгілі бір субъектілердің ұйымдық және орындау қызметі түсініледі.
Қылмыстарды тергеу барысында дәлелдемелерді табу, алу, бекіту, оларды
қарау, зерттеу, басқа да дәлелдемелік ақпаратты бекіту техникалық-
криминалистік құралдарды пайдалану арқылы мүмкін болады. Криминалистік
техниканың тәсілдері мен құралдарын тергеудің алғашқы сатысында қолдану
тергеушіге әдеттегі жағдайларда қөрінбейтін құбылыстарды, оқиғаларды,
фактілерді қабылдауға, істі тергеу барысында жиналған мәліметтерді
талдауға, қорытындылауға мүмкіндік беріп, еңбек нәтижесін жақсартады.
Нәтижесінде орындалатын іс-шаралардың сапасы, тиімділігі, өнімділігі артып,
тергеу мерзімі қысқарады.
Тергеуді криминалистік қамтамасыз ету шеңберінде өзара әрекет етуге
қатысушылар өз қызметінде техникалық-криминалистік құралдарды, даярланған
криминалистік тәсілдерді жоғары біліктілікпен қолдану қажет. Сахналаумен
жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеу процесінде тергеушілер мен жедел
бөлімдердің қызметкерлері әртүрлі техникалық- криминалистік құралдарды
пайдаланып, оларды қолдану бойынша криминалистік ұсынымдарды басшылыққа
алады. Криминалистік қамтамасыз етудің мазмұнына тергеуге қатысушылардың
криминалистік құралдарды пайдалануы ғана емес, тергеу әрекеттерін жүргізу
кезінде тиісті мамандарды қатыстыруы да кіреді. Сахналаумен жасырылған адам
өлтіру қылмыстарын табысты тергеу арнаулы білімі бар мамандарды тарту,
сарапшылардың қорытындыларын кеңінен пайдалану, сот медицинасы, химия,
техника салаларының ғылыми жетістіктерін, мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға
байланысты болады.
Өзара әрекет ету қатысушыларының қызметін криминалистік қамтамасыз ету
сонымен бірге жедел-іздестіру және тергеу әрекеттерін үйлестіру бойынша
тактикалық ұсынымдарды табысты қолдану, бұл әрекеттерді рет-ретімен өткізу,
сондай-ақ кейбір тергеу әрекеттерін орындау кезінде тактикалық міндеттерді
шешу арқылы анықталады.
Криминалистік білім ғылыми түрде негізделген ұсынымдар болып табылады,
олардың табысты қолдануы көптеген қылмыстарды ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен, қылмыстарды тергеу кезінде криминалистік қамтамасыз етуді
ұйымдастыру қызметіне жедел-іздестіру шараларын, әрі тергеу әрекеттерін
бірлесіп әзірлеу кезінде тергеуді ұйымдастыру мен жоспарлау жөніндегі
криминалистік ұсынымдарды қолдануды жатқызуға болады.
Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарының нәтижелі тергелуі,
сондай-ақ тергеуге қатысушылардың табысты қызметі криминалистік санаттардың
маңызын түсініп, оларды табысты қолдану арқылы мүмкін болады. Криминалистік
санаттарға криминалистік сипаттама, тактикалық әдістер, тактикалық
операция, тактикалық комбинация, тактикалық тәуекел, тактикалық шешім,
тергеу жағдайы, криминалистік болжамдар теориясы және басқалар жатады.
Тергеуге қатысушылар криминалистік санаттарды жақсы игерген кезде, қандай
нақты тергеу жағдайында екенін бірден анықтап әрекет етудің ең тиімді, әрі
ұтымды тәсілдерін таңдау арқылы өздерінің алдына қойылған міндеттердің
дұрыс тактикалық шешімін табады.
Тергеуге қатысушылардың өзара әрекет ету нысандары мен ерекшеліктері
тергелетін әрбір істің ерекшелігіне байланысты. Әр қылмыс өзіне тән, жеке
белгілермен сипатталғанымен, қылмыстың бір түріне жататын қылмыстық іс-
әрекеттердің ұқсас, ортақ белгілері де жетерлік.
Кез келген қылмыстың табысты тергелуі тергеуге қатысушылардың өзінің
жұмысына шығармашылық ынтамен қарауға, әрекеттерді құлшыныспен орындауға
байланысты. Мұның өзі тергеушінің, жедел бөлімі қызметкерлерінің ойлау
қабілетінен туындайды. Өйткені, тергеушінің де, жедел-қызметкерлердің де
қылмысты тергеуге, ашуға қатысты танымдық қызметі өткен шақта болған
оқиғаны зерттеуге, қылмыстың мән-жайларын, механизмін білуге бағытталады.
Барлық криминалист-ғалымдар қылмыстық іс бойынша тергеуге
қатысушылардың қызметі танымдық сипатта жүретінін толық қолдайды.
Мәселен, А.И. Трусов дәлелдеу қаншалықты мәнді болғанымен, ол танымдық
қызметтің бір түрі, себебі оның мақсаты ақиқатқа жетуге бағытталатыны
жөнінде айтады [13, 49 б.]. Белкин Р.С. дәлелдеу процесін қылмыстық сот
өндірісі субъектісінің танымдық қызметінің түрі ретінде қарастырады [14, 53
б.]. А.М. Ларин қылмыстық сот өндірісі дәлелдеу процесіндегі танымды заңда
бекітілген ақиқатқа жетудің ерекше процессуалдық тәсілі ретінде көрсетеді
[15, 132 б.].
Заң әдебиетінде орын алған ғалымдардың пікірлерін талдау қылмыстың
қалай болғанын танып білу бойынша тергеуге қатысушылардың өзара әрекетінің
жалпы шарттары мыналар екенін көрсетеді: өзара әрекет ету субъектілерінің
қызметінде заңдылықтың қатаң сақталуы; өзара әрекет субъектілері
құзыреттерінің бөлінуі, функцияларды жүзеге асыру барысында әдістерді,
тәсілдерді қолдану дербестігі; күштерді, құралдарды кешенді қолдану;
ақпаратпен дер кезінде алмасу; тергеушінің ұйымдастырушылық рөлі,
процессуалдық дербестігі.
Тергеу барысында тергеуші жедел-іздестіру бөлімдерінің бастамашылығын
шектей алмайды. Жедел уәкілетті қызметкер тергеушінің тапсырмаларын орындау
үшін қандай тактикалық жедел-іздестіру шараларын жүргізетінін жеке
анықтайды. Кейде тергеушінің тапсырмаларынсыз қажетті жедел-іздестіру
шараларын жүргізу шешімін дербес қабылдауға құқығы бар [16, 28 б.]. ҚІЖК 64-
бабының мазмұнына сәйкес тергеуші мен жедел-іздестіру бөлімдерінің
қызметкерлері арасында процессуалдық қатынастар тек тергеліп жатқан іс
бойынша туындайды. Тергеуші істі өз өндірісіне алғанға дейін жедел
бөлімдерге қандай-да жедел-іздестіру әрекеттерін орындауды тапсыруға құқығы
жоқ. Бірақ тәжірибеде тергеушінің жедел-іздестіру бөлімдерімен өзара әрекет
етуі бірқатар жағдайларда қылмыстық істі қозғау сатысында басталады. Осы
сатыда қылмыстық істі қозғау мәселесін шешу үшін жедел-іздестіру шараларын
жүргізу қажеттігі туындайды.
Ауыр, аса ауыр қылмыстардың санатына жататын сахналаумен жасырылған
адам өлтіру қылмыстары жедел-тергеу тобымен тергелген жағдайда, тергеудің
сапасы, жылдамдығы, сөзсіз, әлдеқайда жоғарылайды. Өйткені мұнда жедел-
тергеу тобы мүшелерінің білімдері, қабілеттері, жеке қасиеттері
біріктіріліп қолданылады. Бұл тәсілді қолданып тергеуді бір уақытта бірнеше
бағыттарда жүргізуге болады. Бірнеше тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру
шараларын бір уақытта жүргізу тергеудің тез және нәтижелі жүруіне әсер
етеді. Мәселен, ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалған сахналандырумен
жасырылған адам өлтіру қылмыстары тактикалық операцияның шеңберінде жедел-
тергеу тобымен тергелген кезде ұстау, тінту, жауап алу тергеу әрекеттерін
бір уақытта, бірнеше жерде жүргізу қылмыстың іздерін жасыруды, қылмысқа
қатысушылардың күні бұрын келісуін болдырмайды.
Қылмыстарды табысты тергеу мен ашу, істің барлық мән-жайларын толық,
жан-жақты зерттеу, алдын-ала тергеу органдары қызметінің ұйымдық нысандарын
жетілдірусіз мүмкін емес. Қазіргі таңда жедел-тергеу тобын құру тергеу,
анықтама органдары өзара әрекетінің тиімді, әмбебапты түрдегі нысаны болып
табылады.
Тергеу тәжірибесінде жедел-тергеу тобының мүмкіндіктерін қолдану
бірқатар артықшылықтарды береді. Өзара әрекеттің мұндай нысанында тергеуге
қатысушылардың құрамы толық құрылып, тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру
шараларының келісілген жоспарларын құруға қолайлы жағдайлар жасалады,
тапсырмалар, нұсқаулар жазбаша нысанда тез беріліп, олардың тиянақты, толық
орындалуы жоғарылайды, топтық тергеу тәсілінің артықшылықтары ең жоғарғы
деңгейде пайдаланады [17, 418 б.]. Жедел-тергеу топ қылмыстарды ашу мен
тергеуді нәтижелі ету үшін құрылған, тергеушінің басқаруымен жұмыс
істейтін, өзіне тән жұмыс істеудің тәсілдерін, құралдарын қолданатын,
тергеушінің, анықтама органының, арнаулы білімі бар тұлғалардың өзара
әрекетінің ұйымдастыру-басқарушылық нысаны болып табылады. Жедел-тергеу топ
ең білікті тергеушілерден, қасақана адам өлтіру қылмыстарын тергеу бойынша
мол тәжірибесі бар қылмыстық іздестіру қызметкерлерінен, мамандардан құрылу
керек. Тергеуші топтың басшысы ретінде өзінің жұмысы, топтың жұмыс
нәтижелері үшін жеке жауап береді.
Ауыр, аса ауыр қылмыстар туралы хабар түскен кезде жедел-тергеу тобы
шұғыл әрекет етеді, дәлелдемелерді табу, жинау, қылмыскерлерді анықтау
мақсатында қарау, іздестіру, ұстау шараларын өткізеді. Мұның барлығы қысқа
мерзімде қылмысты ашуға, қылмыскерлерді анықтауға, әшкерелеуге мүмкіндік
береді [18, 43 б.]. Қазіргі таңда криминалистикада тергеу процесін үш
кезеңге – алғашқы, кейінгі және қорытынды деп бөлуді көптеген криминалист
ғалымдар қолдайды [19, 80 б.]. Сахналаумен жасырылған адам өлтіру
қылмыстарын тергеудің әрбір кезеңінде жедел-тергеу тобы қызметінің мазмұны
өзгереді, себебі топтың құрылымында ұйымдастыру, басқару өзгерістері
болады. Жиі кездесетін ұйымдастыру, басқару шараларына келесілер жатады:
жедел-тергеу тобы құрамын ұлғайту, кішірейту; жедел-тергеу тобын тергеу
тобына түрлендіру; ұсақ жедел-тергеу топтарын бір топқа біріктіріп жаңа
басшыны тағайындау.
Сахналаумен жасырылған адам өлтіру қылмыстарының алғашқы тергеу
кезеңінде жедел-тергеу топтың қызметі, негізінен, іздеуге, барлауға
бағытталады. Өйткені бұл қылмыстар көп жағдайда жасырын жасалады. Сондықтан
тергеудің алғашқы кезеңінде адамдардың қылмысқа қатыстылығын анықтау,
қылмыстың ізін суытпай кінәлілерді әшкерелеу үшін көптеген жария және
жасырын жедел-іздестіру шараларын тактикалық операциялар шеңберінде жүргізу
қажет. Қылмысты кімнің жасағаны белгісіз жағдайында дәлелдемелік ақпаратты
іздеу, оны процессуалдық бекіту жөніндегі бір мезгілде бірнеше бағыттарда
жұмыстар атқарылады. Бұл кезде жедел-тергеу тобындағы тергеушілердің, жедел
қызметкерлердің, басқа да тұлғалардың бірлескен, келісілген жұмысы қажет.
Профессор Р.С. Белкиннің пікірінше тергеудің кейінгі және қорытынды
кезеңдерінде жедел-тергеу тобын сол бұрынғы құрамда ұстаудың қажеті жоқ,
себебі бұл кезеңдердегі қызмет негізінен дәлелдеу процесін кең, тізбекті,
әдістемелі түрде жүргізуге бағытталады [20, 298 б.]. Егер орындалатын
процессуалдық әрекеттердің көлемі көп болса, жедел-тергеу тобы тергеу
тобына түрлендіріледі. Жедел-тергеу топтың басшысы үнемі тергеудің барысын
талдау және бағалау, іс бойынша тергеу жағдайы өзгерген сайын топ
қызметінің тактикасына тиісті түзетулерді енгізу, барлық шаралардың жүзеге
асырылуын бақылау, топ мүшелерінің барлық әрекеттерін дер кезінде үйлестіру
керек.
Қазіргі кезде қылмыстылықпен күрес жүргізу тәжірибесінде қызмет ететін
жедел-тергеу топтарын талдап, біздің пікірімізше оларды келесі негіздер
бойынша топтастыруға болады: а) әрекет ету уақыты бойынша: тәуілік бойы,
яғни тәуілік бойы кезекшіліктегі немесе кезекші бөлімінің жанында
кезекшілік ететін қызметкерлер құрамындағы жедел-тергеу тобы; ауысымды,
яғни белгілі бір ауысымда, уақыттың бір бөлігінде кезекшілік етуші (кешкі
немесе түнгі уақытта) жедел-тергеу тобы; бір реттік, нақты жасалған қылмыс
туралы хабар түскенде, сондай-ақ бірнеше қылмыстар туралы хабар келіп
түскенде оқиға болған жерді тексеру үшін құрылатын жедел-тергеу топтары; ә)
жедел-тергеу тобы құрамы субъектілерінің қатысу орнықтылығы бойынша:
тергеушілермен, жедел-іздестіру қызметкерлермен, учаскелік инспекторлармен,
сарапшылық-криминалистік бөлім қызметкерлермен, кинологтармен орнықты
қамтылған тұрақты жедел-тергеу топтары; бөлімдер мен басқармалар
қызметкерлерінің құрамы тұрақсыз болып келетін уақытша жедел-тергеу
топтары; б) топ құрамының толықтығы бойынша: толық құрамды жедел-тергеу
топтары (тергеуші, жедел уәкілетті қызметкер, учаскелік инспектор,
сарапшылық-криминалистік бөлімінің қызметкері, кинолог құрамымен қамтылған
топ); толық емес құрамдағы жедел-тергеу топтары (мәселен, тергеуші мен
жедел уәкілетті қызметкер, тергеуші мен сарапшылық криминалистік бөлімнің
қызметкері және т.б. нұсқалар); в) мамандандырылу деңгейі бойынша:
мамандандырылған (мәселен, адам өлтіру қылмыстары бойынша оқиға болған
жерді тексеру; пәтерлердегі ұрлық қылмыстары бойынша оқиға болған жерді
тексеру үшін құрылған жедел-тергеу топтары және т.б.); мамандандырылмаған –
аймақтық (учаскелік), тергеушіге бекітілген учаскіде (аймақта) қылмыстарды
ашу үшін құрылатын жедел-тергеу топтары.
Қазіргі қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңында іс күрделі немесе
көлемі жағынан үлкен болған жағдайда қылмысты тергеушілер тобымен тергеу
мүмкіндігі көрсетіліп, жедел-тергеу топтары туралы ешбір сөз айтылмаған.
Өзінің қызметінің сипаты бойынша тергеу тобы бірдей функцияларды
орындайтын, бірдей әдістерді, тәсілдерді қолданатын бірінші деңгейдегі
ұйымдасу, яғни еңбекті ұйымдастырудың жәй нысаны болып табылады. Жедел-
тергеу тобына еңбекті ұйымдастырудың жоғары деңгейі тән. Қылмыстарды тергеу
барысында жедел-тергеу тобында тергеу әрекеттері және жедел шаралар табысты
үйлестіріледі.
Осыған орай, өзара әрекет етудің барлық нысандарында, түрлерінде
тараптар бірқатар қағидаларды басшылыққа алады. Өзара әрекет етудің маңызды
қағидалары мыналар есептелінеді: 1) өзара әрекет етудің заңға, заңға сәйкес
актілерге негізделуі; тергеушінің өз тергеуіндегі істер бойынша анықтау
органдарының тергеліп жатқан іске қатысты жедел-іздестіру материалдарымен
танысуға, оларға жазбаша, атқару үшін міндетті іздестіру және тергеу іс-
әрекеттерін жүргізу туралы тапсырмалар мен нұсқаулар беруге және олардан
тергеу іс-әрекеттерін жүргізуге жәрдемдесуді талап етуге құқығының болуы;
тергеушінің мамандармен өзара әрекет етуіндегі кең өкілеттігі; 2) қылмыстық
істің мүдделері қанша уақытты талап етсе, өзара әрекет етудің соншама
уақытқа созылуы; сахналандырумен жасырылған адам өлтіру қылмыстары күрделі
қылмыстық істерге жататындықтан, өзара әрекет етудің қысқа мерзімді болуы
емес, тергеудің соңына дейін жалғасуы; 3) тараптардың өз міндеттерін дербес
орындауы және олардың нәтижелері үшін толық жауапты болуы; 4) тергеу
процесінде табылған мәліметтерді тараптардың жария етуіне рұқсат берілмеуі;
5) тергеу әрекеттерін және жедел-іздестіру шараларын бірлесіп жоспарлау; 6)
өзара әрекет етуші жақтар бір-бірінің мүмкіндіктерін біліп, өзара
байланысты орнатуда белсенді болуы; тергеушінің толық дәрежеде жедел-
іздестіру, сараптама органдарының мүмкіндіктерін білуі, оларды қажетті
жағдайларда дұрыс қолдануы; өзара әрекет етуді орнатуда белсенділіктің
тергеушіден шығуы; жедел қызметкерлердің, мамандардың да белсенділігінің
болуы; 7) тергеушінің жедел-тергеу топты басқаруы; өзара әрекет етудің
дұрыс ұйымдастырылуы, нәтижелі болуы ең алдымен тергеушіге байланысты
болуы.
Топ мүшелері жұмысының ұйқастығы істеген еңбектеріне, іс бойынша
тергеудің жалпы жай-күйіне байланысты болады. Сондықтан тергеуші жедел-
тергеу топтың басшысы, ұйымдастырушысы ретінде тұтастай тергеудің жай-күйі
туралы топтың барлық қатысушыларына ақпарат береді.
Тергеуші және жедел-іздестіру қызметкерлері өзара ақпаратпен жақсы
алмасса, өзара әрекет етудің нәтижесі, ұйымдастырылуы жоғары деңгейде
болады.
Жедел жолмен алынған мәліметтер, әлі дәлелдемелер болмағандықтан, олар
тергеу әрекеттерін жүргізу жолымен қайта тексерілуі тиіс. Сахналаумен
жасырылған адам өлтіру қылмыстарын тергеуде тергеушінің жедел-іздестіру
қызметкерлерінің жұмыс бабында алған мәліметтерімен тікелей танысуы,
анықтама органдары қызметкерлерінің алдын ала тергеу мәліметтерімен тікелей
танысуы ақпаратпен өзара алмасудың ең тиімді нысаны саналады.
А.Ф. Осипов тергеушінің жедел-іздестіру қызметкерлері мәліметтерімен
танысуы, заңға қайшы келмейтіні, керісінше заңнан туындайтыны туралы айтады
[21, 27 б.]. ҚР ҚІЖК 64-бабының 7-тармағына сәйкес тергеуші тергеудегі
істер бойынша анықтау органдарының тергеліп жатқан іске қатысты жедел-
іздестіру материалдарымен танысуға, оларға жазбаша, атқару үшін міндетті
іздестіру және тергеу іс-әрекеттерін жүргізу тапсырмалары мен нұсқауларын
беруге, олардан тергеу іс-әрекеттерін жүргізуге жәрдемдесуді талап етуге
құқығы бар.
Қазақстан Республикасы заңнама нормаларына сәйкес қылмыстарды ашу
қаншалықты алдын ала тергеу органдарының міндеті болса, соншалықты дәрежеде
ол анықтама органдарының да міндеті. Алдын-ала тергеу, анықтама
органдарының алдында тұрған бірыңғай, ортақ міндеттер күштерді біріктіруге,
әрекеттерді келісімді жүргізуге ұйытқы болады.
Криминалистік әдебиетте өзара әрекет етуді А.Н. Васильев [22, 151 б.]
өзара әрекет етуді тактикалық әдіс ретінде қарастырады.
Біз аталған көзқараспен келісе алмаймыз. Тергеу әрекеті басталғанға
дейін ұйымдастыру мәселелерін шешуді тергеу әрекетінің даму кезеңі деп
қарастыру керек. Қажетті күштерді тарту және орналастыра білу, олардың
арасындағы өзара әрекет ету нысандары, қажетті техникалық құралдармен
қамтамасыз ету және т.б. секілді ұйымдастыру сұрақтарын шешу тергеу
әрекетіне дайындық кезеңінде жүргізіледі. Бұл сұрақтарды шешудің тактикалық
маңызы бар болуы мүмкін, бірақ ол тактикалық әдістердің сипатына ие емес.
Бұл - ұйымдық-техникалық шаралар,- деген Р.С. Белкиннің қисынды ой-пікірі
біздің жағымыздан қолдау табады [20, 278 б.].
Біздің пікірімізше, өзара әрекет ету кез-келген тергеу әрекетін жүргізу
кезінде қажет, өйткені ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz