Мағжан Жұмабаев қазақ халқының тарихында кәсіптік тұрғыдағы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 121 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық еңбек философия тарихы мамандығы бойынша жазылған зерттеу болып табылады. Қазақ халқының аса дарынды сөз шебері, ақыны, ойшылы Мағжан Жұмабаев шығармашылығы тарихи-философиялық талдаудан өткізіліп, оның тарихи болмысты философиялық тұрғыдан саралаудағы және тарихи сананы қалыптастыру мен тәрбиелеудегі орны анықталды. Сонымен қатар, ақын шығармашылығының өзекті мәселесі болып табылатын адамтанудағы бірқатар жетістіктеріне көңіл бөлінді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап жүріп өткен тарихи жолының тереңіне бойлап, рухани бастауларының көзін ашып, бар-жоғын түгендеп, өркениетті әлемнің озық ойларынан нәр жинап, бүгінгі күннің озық талабына сай рухани жаңғыруды мақсат қылып қойып отыр.

2003 жылы Қазақстан Республикасының 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» кешенді Мемлекеттік бағдарламасы [1] қабылданды. Ол Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану» [2], «Мәдениет туралы» [3], «Ұлттық мәдени қор мен мұрағаттар туралы» [4] заңдарына сәйкес қабылданып жүзеге асырылуда. Президентіміз

Н. Ә. Назарбаевтың үнемі назарында болып, «Ұлт болып ұйысуымыздың темір қазығы» деп бағаланған бұл бағдарламада гуманитарлық-әлеуметтік білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын қалыптастыру міндеті қойылған. Мұнда бір жағынан, әлемдік мәдениеттің інжу-маржандарының толығымен қазақ тіліне аударылуы көзделсе, екінші жағынан, қазақ халқының бай рухани мұрасын дүйім жұртқа кеңінен таныту және тарату мақсатында оны орыс және басқа да әлем тілдеріне аудару да қарастырылған. Қазіргі уақытта ерекше назарда болып отырған осындай кешенді бағдарламаның бастауында Мағжан сияқты әмбебап өнер иесі тұр. Өйткені, Мағжан сөздің майын тамызған майталман ақын ғана емес, әр нәрсенің байыбына барып, түбіне бойлай алатын ойшыл және шебер аудармашы да болған. Ол аласапыран XX ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, туған елімен бірге қиын-қыстау заманды басынан өткеріп, тарихпен бірге жасап келеді. Халқымыздың даналық рухы мен биік болмысын тану жолында қазақ ойының дамуына ерекше үлес қосқан ойшыл-тұлға Мағжан Жұмабаевтың дүниетанымын философиялық тұрғыдан сараптау бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.

Қазақтың қандай ойшылын алып қарасақ та, олардың шығармашылығы белгілі бір тарихи кезеңмен байланысты, қоғамдық қарама-қайшылықтардың негізінде қалыптасқандығын көруге болады. Мағжан Жұмабаевтың философиялық дүниетанымы мен шығармашылығы XIX ғасырдың екінші жартысындағы және XX ғасыр басындағы замана қайшылығымен, халқымыздың тарихымен тығыз байланысты. Оның үстіне поэзия мен терең ойлылықты бір-бірімен тамаша ұштастырған, солардың өзара кірігу нәтижесінде ерекше сипаттағы шығармашылыққа қол жеткізген Мағжанның ойлау машығы мен сөз саптау әлемі қазақ халқының ұлттық философиясында ерекше орын алады. Мағжан дүниетанымының Шығыс пен Батыс халықтарының философиялық ілімдері мен поэзиясын өз бойында жинақтап және сол ілімдердің негізінде қалыптасып, жаңа жол - адам іліміне қарай бағыт сілтеп, Шығыс пен Батыс мәдениетінің аясында сұқбат құруы, оның шығармашылығының маңыздылығын көрсетеді.

Кеңінен қанат жайып отырған бүгінгі жаһандану кезеңінде, әлем халықтарының мәдениеті бір-бірімен сұқбат құру мүмкіндігіне ие болған заманда Мағжанның дүниетанымын философиялық тұрғыдан зерттеу - өзекті мәселелердің бірі. Оның шығармашылығында Батыс пен Шығыс өркениеті ерекше тоғысқан. Мағжан көрсеткен адамгершілік ұстанымдар қазіргі біздің қоғамдық болмысымызда ерекше сұранысқа ие болып отыр.

Қазіргі замандағы маңызды мәселелердің бірі адамның еркіндігі туралы болғандықтан, адамдардың ішкі жан дүниесіндегі ар-ұждан мен адамгершілік қасиеттері қоғам өмірінде басты орынға қойылуы тиіс. Бұл жолда тарихтан тәлім алып, оны философиялық тұжырымнан өткізе білген жағдайда ғана елдігімізді бағалап, тәуелсіздігімізді сақтап қалу мүмкіндігіне ие боламыз. Халықтың өзіне тән рухани тәжірибесін өз бойына сіңірген ұлттық философияны сараптау оның өзін-өзі тануына жол ашады.

Зерттеу жұмысының өзектілігін айқындау барысында мынадай тұжырымдарға мән беру қажет деп есептейміз. Біріншіден, халқымыздың тарихында өзіндік ізденістерімен, іс-әрекеттерімен із қалдырған ойшылдарымыздың дүниетанымын тарихи-философиялық талдаудан өткізу халқымыздың рухани болмысын тануға ерекше үлес қосады; екіншіден, әрбір ойшылды осындай сараптамадан өткізу ұлттық философияның аясын кеңейтіп, ұғымдарын толықтырады; үшіншіден, мұндай сараптау тарихи және рухани сабақтастықты нығайтып отырады. Ал ол өз тұрғысынан ұлттық ойлаудың үздіксіз дамып, ұдайы жаңарып, жаңғырып отыруын қамтамасыз етеді. Төртіншіден, өткенді тану, оның қисынына бойлау қоғамымыздың берік болашағын қалыптастыруға негіз болады.

Осындай аса маңызды қоғамдық жұмыстарды атқаруда Мағжан тәжірибесі, ақыл-ойы, ұстанымдары үлкен септігін тигізеді деп ойлаймыз. Өйткені Мағжан өз болмысында халықтың кешегі тарихын өз заманындағы әлеуметтік хал-ахуалдың жағдайымен табысты ұштастырып, болашаққа қол созып, оған жол сілтей алған аса сирек дарын иесі. Мағжан өлеңдерін оқыған сайын онымен күнде тілдескендей, қауышқандай әсер аласың. Жалпы, Мағжан сөз құдыретін жан-жақты игерген ақын. Өз заманынан, өз ортасынан әлде қайда озып, бүкіл адамзаттық мәдениет пен ғылымның деңгейіне көтеріліп, жалпы адам болмысының заңдылықтарын жете білген және меңгерген ойшыл-ақынның шығармашылығы бүгінгі рухани мәдениетімізде өзіне лайықты орнын тауып, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуға үлес қосуда. Мағжан - философ ақын ретінде ерекше ойлау машығына ие ойшыл. Оның шығармашылығы философиялық ойлаудың ерекше поэтикалық түрі болғандығын көрсетеді.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Мағжантану қазіргі уақытта әдеби-мәдени саладағы жан-жақты дамыған, тарихи дәстүрі мен тәжірибесі мол ғылыми арнаның біріне айналып отыр. Оның дамуында бірнеше маңызды

кезеңдерді бөліп көрсетуге болады.

Бірінші кезең - XX ғасырдың бас кезінде Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Садуақасов, Мұхтар Әуезов есімдерімен байланысты. Мағжан шығармашылығы туралы алғашқы сыни мақалалар, жылы лебіздер мен толғаныстар осы жылдары жазылды.

Екінші кезең - Кеңес өкіметінің саяси дәуірлеу уақытына дөп келді. Сондықтан Мағжан шығармашылығы туралы кең көлемде зерттеулер жүргізілмеді.

Үшінші кезең - Қазақстанның тәуелсіздік алуымен басталды. Тәуелсіздік жылдарындағы Мағжантанудың бастапқы ерекшелігі - оның шығармашылығы әдебиет танудан басқа да гуманитарлық ғылымдардың зерттеу нысанына айналып, ұғымдық, мағыналық аясының кең көлемде анықтала бастауы.

Мағжан дүниетанымының психологиялық, педагогикалық, мәдениеттанымдық қабаттары арнайы зерттеудің нысанына айналды. Бұл Мағжантанудың өрісін кеңейтіп, оның қоғамдық рухани маңызының терең ашылуына жағдай жасауда.

Мағжан шығармашылығы Қ. Б. Жарықбаевтың [5, 6 б. ] Ә. Нысанбаевтың [7] Ә. Дербісалиевтың [8] еңбектерінде байырғы әдеби үрдістен басқа қырда талданып, оның бұрын белгісіз болған жаңа қырлары ашыла түсуде. Соңғы жылдары Мағжан романтизмі мен символизмі де көп сөз болуда.

Тәуелсіздік алғаннан бері М. Жұмабаевтың шығармашылығының әртүрлі мәселелерін қарастыратын бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды. Олардың қатарына Г. А. Есмагулованың «Идея свободы в мировоззрении Магжана Жумабаева» [9], Р. Н. Көшенованың «Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық көзқарастары» [10], Ж. Н. Сабированың «Мағжан Жұмабаевтың психологиялық көзқарастары» [11], И. М. Кутуходжаевтың
«М. Жұмабаевтың мәдениеттанымдық көзқарастары» [12], С. Г. Сенкібаевтың «М. Жұмабаевтың тәлімдік мұраларын мектептік оқу тәрбие үрдісінде пайдалану жолдары» [13] тақырыпты зерттеулерін жатқызуға болады.

М. Жұмабаев «Педагогика» кітабының авторы ретінде өте жақсы, жан-жақты ойластырылған, әрбір тұжырымы дәлелденген тәрбие ілімін жасады. Бұл Мағжан тұлғасының ғылыми жұмыстар саласындағы көрнекті табысы. Оған педагог ғалымдар жеткілікті түрде көңіл аударған. Дегенмен, бұл салада Мағжан қол жеткізген табыстарды жан-жақты саралау әлі де қажет деп есептейміз.

Мағжанның психологиялық көзқарасын зерттеу бастау алды, бірақ одан әрі жалғастыруды керек ететін тұстары әлі де баршылық.

Соңғы жылдардың ең бастапқы жетістігі - М. Жұмабаев шығармашылығын философиялық тұрғыдан зерттеу. Әрине, бұл өте қызықты және берері мол үрдіс. Мағжанның әр өлеңі өзінше бір әлем, сондықтан онда философиялық дискурс өте мықты орын алған, соны оқи алсақ, көпшілік назарына ұсына алсақ, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.

Мағжан өмір сүрген замандағы ойшылды толғантқан әлеуметтік мәселелерді философиялық тұрғыдан талдау барысында біз негізінен ақынның өз шығармаларына сүйендік. Мағжан шығармаларының тарихи маңызы зор, ақын өзін толғантқан әрбір қоғамдық мәселеге өз көзқарасын, өзінің қатынасын анық, айқын, бірақ көркем сөз түрімен беріп отырған.

Мағжан дүниетанымына Шығыс пен Батыс мәдениеті бірдей әсер етті. Сондықтан оның дүниетанымына тарихи-философиялық тұрғыдан баға беру барысында Батыс пен Шығыс мәдениетінің ерекшеліктерін салыстырмалық сараптамадан өткізген авторлардың зерттеу жұмыстарына және жалпы философия тарихы бойынша зерттеу жүргізіп, көзқарас қалыптастырған ғалымдардың еңбектеріне сүйену қажеттілігі туындап, ғылыми методологиялық жағынан отандық авторлардың еңбектерінің көп көмегі тиді. Әсіресе, зерттеу барасында бағыт-бағдар болған еңбектердің қатарына Ж. М. Әбділдиннің [14], Ә. Н. Нысанбаевтың [15], Қ. Әбішевтің [16], Т. Әбжановтың [17],
А. А. Хамидовтың [18], Г. Г. Соловьеваның [19], Г. К. Шалабаеваның [20],
М. З. Изотовтың [21], А. Қ. Қасабектің [22], Т. Қ. Рысқалиевтің [23],
С. Б. Нұрмұратовтың [24], Қ. Ш. Нұрланованың [25] ғылыми- философиялық еңбектері жатады.

Біз өз жұмысымызда қазақ философиясының тарихын зерттеуде қол жеткізген нәтижелерді жан-жақты пайдаландық. Қазақ халқының дүниетанымына зерттеу жүргізіп, оған объективті баға беруге үлес қосқан, өзіндік өзгеше пікір қалыптастырған еңбектердің қатарына Ж. М. Әбділдиннің [26], Ә. Н. Нысанбаевтың [27], Қ. Ш. Нұрланованың [28], С. Б. Нұрмұратовтың [29], Ж. С. Орынбековтың [30], О. А. Сегізбаевтың [31], А. Тайжанұлының [32], Д. Кішібековтың [33], Н. Р. Мұсаеваның [34], Ғарифолла Есімнің [35],
Н. Ж. Байтенованың [36], Ж. Алтаевтың [37], Т. Х. Ғабитовтың [38],

Ж. Ж. Молдабековтың [39] шығармалары мен ғылыми мақалаларын жатқызуға болады.

Бүгінгі күнге дейін Мағжан Жұмабаев дүниетанымына философиялық талдау жасаған жұмыстардың бар болуына қарамастан, ұсынылып отырған бұл еңбекте ақын шығармашылығындағы бұрын-соңды назар аударылмай келген бірқатар мәселелерге көңіл бөлінді. Мағжандай ойшылдың дүниетанымын тарихи-философиялық тұрғыдан зерделей түскен сайын оның ерекше ойлау мәдениетіне бойлай түсетінімізге күмән жоқ.

Зерттеудің мақсаты. Қазақ философиясы тарихындағы Мағжан Жұмабаевтың орнын анықтап, республикадағы тарихи сананың дамуы мен қалыптасуындағы ықпалын көрсету және Мағжан дүниетанымының біртұтастық тиянақтылығын айқындау.

Зерттеудің міндеттері:

- философ ақын Мағжан Жұмабаев дүниетанымының қалыптасуына негіз болған рухани қайнар көздерді анықтау;

- Мағжанның әлеуметтік-философиялық танымының қалыптасуына ықпал жасаған қоғамдық қарама-қарсылықтарға философиялық тұрғыдан

талдау жасау;

- Мағжанның өмір мен өлім қарама-қарсылығын пайымдаудағы негізгі пікірлерін анықтау, адам болмысындағы Мағжан анықтаған иррационалды мүмкіндіктерді саралау және олардың адам өміріндегі рөлін көрсету;

- ақын шығармашылығындағы ұлттық болмыстың негізгі сипаттарын

айқындау және оның пікірінше ұлттық болмыс пен тыныс тіршіліктегі қол жеткізуге ұмтылыс жасайтын құндылықтарды анықтау;

- Мағжанның тарихи процес пен оны танудағы өзіндік ұмтылыстарын сараптау;

- білім және ұлттық тәрбиенің құндылықтық табиғатын анықтап, оның тұлғаның қалыптасуындағы рөлін көрсету.

Зерттеу нысаны - Мағжан ақын өмір сүрген кезеңдегі қоғамдық қатынастар, ондағы қарама-қарсылықтар мен оларды шешуге деген ұмтылыстар.

Зерттеу пәні - Мағжан шығармашылығындағы тарихи-философиялық танымдық үрдістер.

Зерттеу жұмысының әдістемелік және теориялық негіздері. Қазақ философиялық ойлау мәдениетіндегі Мағжан Жұмабаевтың орнын анықтап, ондағы философиялық концептілерді түсіндіруде автор дәстүрлі методологиялық негіздерге сүйенді. Атап айтқанда, жұмыста автор абстрактылықтан нақтылыққа өту және тарихилық пен логикалықтың бірлігі принциптерін, талдау мен жүйелеу, индуктивті мен дедуктивті, түсінік беру тәсілдерін қолданды.

Ғылыми зерттеуде әдебиет саласындағы ғалымдардың тұжырымдамаларымен қатар отандық және шетелдік мамандардың философия тарихын объективті тұрғыда қарастыруының тәжірибелері кеңінен қолданылды.

Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- Мағжан Жұмабаевтың тарихи-философиялық дүниетанымының қалыптасып, дамуына рухани, тарихи және теориялық негіз болған ізденістер мен ой ағыстары және XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ болмысы кеңмәтінінде талданды;

- Мағжанның ерекше сипаттағы ойшылдық болмысына қатты әсер еткен ұлттық құндылықтардың негізгі сипаттары анықталып, оған замандық тұрғыдан баға берілді және сол тарихи дәуірдегі ойшылды толғандырған негізгі тарихи үрдістер анықталды;

- Мағжанның тарихтағы адам туралы өзіндік ерекшелігі бар концепция жасағандығы және оның біртұтастығын жан-жақты негіздегендігі көрсетілді;

- адамның әлемге қарым-қатынасы аясында мәңгілік мәселе болып табылатын өмір мен өлім коллизияларын анықтаудағы Мағжанның қайталанбас ойлары сарапталды;

- Мағжанның көптеген тарихи тұлғаларға баға бере отырып, заман ағымын бағамдап, кешегі, бүгінгі, болашақ уақытты бағалай отырып, тарихи болмыс пен сананың қалыптасуына тірек, негіз болатын тетіктерді анықтағандығы және қоғамның дамуында тарихи сананың маңызды рөл атқаратындығын көрсеткендігі нақтыланды;

- Мағжан адамның тұлға, азамат, ерекше сипаттағы дарын иесі болып қалыптасуы үшін білімнің аса қажетті құндылық екендігіне көңіл аударғандығы және отандық философияда алғашқылардың бірі болып, білімді адамды өзгертетін, қайтадан жасайтын, түлететін құндылық ретінде бағалағандығы

көрсетілді.

Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар. Автор өзі қол жеткізген тың ғылыми нәтижелер ретінде көпшілік алдында қорғауға мынадай негізгі тұжырымдарды ұсынады:

- Мағжан Жұмабаев Батыс пен Шығыс мәдениетінің, қазақтың көшпелі өркениетінің әртүрлі, көпжақты рухани, мәдени, әлеуметтік, теориялық, тарихи ықпалын көре отырып, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ерекшелігі мол, дара дүниетаным қалыптастырды. Соның арқасында философиялық мәні жоғары, тәлімдік, тәрбиелік қуаты мол ұлағатты шығармашылықты дүниеге келтірді. Яғни, Мағжан Жұмабаев жеке мен жалпының, нақтылық пен абстрактылықтың, тарихилық пен логикалықтың өзара кірігуі, қоян-қолтық араласуы, бірігуі нәтижесінде пісіп жетілген ойшыл ақын, философ.

- Мағжан XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың ұлттық болмысын тек оның өзінің дамуы қисынынан ғана емес, бүкіл дүниежүзілік өркениет дамуы тұрғысынан бағалады, осындай сәтті методологиялық өлшемді орынды пайдаланудың нәтижесінде ұлт болмысындағы негізгі қайшылықтарды анықтай отырып, одан арылудың жолын көрсеткен ақын. Осы тұста ақын өлеңдерінің қуатты танымдық, эвристикалық, жасампаздық табиғатын ерекше атап өткен орынды.

- Мағжан Жұмабаев біртұтас тиянақтылыққа негізделген адам туралы ұстанымдарды жасады. Оның әлемге, қоғамға, басқа адамға қарым-қатынасын ашып көрсету барысында сезімдік танымның мол қуаты және ақыл-ойының, парасатының тереңдігі, сонымен қатар, осылардың заңды бірлігі болып табылатын жігер, ерік, жалын сияқты адами күштерді айқындады.

- Мағжан шығармашылығындағы өмір-өлім қарама-қарсылығы жан-жақты талданып, осы ракурста өмір феноменінің адамға қымбаттылығы, оның тіршілік етуінің түпкі мақсаты, атрибуты, ажырамас түпкі бастауы ретінде анықталып, өмірдің ұдайылығын, үздіксіздігін, тұрақтылығын қамтамасыз ету факторлары негізделді. Осы тұрғыдағы Мағжан табыстары - «от-үміт», «от-өмір», «өмір-от» концептілері көпшілік назарына ұсынылады.

- Мағжан шығармашылығының қайталанбайтын ерекше қыры - оның тарих туралы толғаныстары. Осы ракурста екі нәрсеге көңіл бөлген жөн деп есептейміз. Біріншіден, оның тұран, түркі, алаш ұғымдарын ұтымды пайдаланып, географиялық, кеңістік пен уақыттық тұрғыдан жан-жақты мәлімет беруі. Екіншіден, жалпы түркі мәдениетінің маңызды тарихи кезеңдерінің нақты көрсетілуі. Осының өзі-ақ қазіргі қазақстандық азамат жүрегінде үлкен мақтаныш сезімін туғызатын маңызды, рухани фактор.

- Ойшыл ақын білімді адамды адамилықтың жоғары дәрежесіне көтеретін негізгі рухани құндылық ретінде бағалайды. Мағжанның білім туралы ойлары мен тұжырымдары қазіргі заман үрдісіне сай келеді. Елімізді бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосатын, Қазақстанның әрбір азаматына ішкі еркіндік пен азаматтық сезімін сыйлайтын да осы білім факторы. Қазіргі уақытта білім туралы білімнің дамыған кезеңі. Ақпараттық, виртуалды әлем кеңінен қанат жайған уақытта білімді болу жеткіліксіз. Білімді білу үшін емес, өмір сүру тетігіне айналатын білімді игерудің технологиясын ұсыну үшін

дамыту қажет.

Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы. Ұсынылып отырған ғылыми зерттеудің арқауы Мағжанның дүниеге көзқарасы болғандықтан оның қорытындылары мен ой-тұжырымдарын Қазақстанның философтары ғана емес, сонымен бірге гуманитарлық және педагогикалық салада қызмет ететін барлық мамандар, педагог-ғалымдар пайдалана алады. Диссертанттың ізденістерін студенттер, аспиранттар, мектеп мұғалімдері, орта және жоғары білім беретін оқу орындарында «Мағжантану», «Қоғамтану», философия пәндері мен курстары бойынша сабақ беретін ұстаздар қауымы қажетіне жарата алады. Сондай-ақ Мағжанды сүйетін көпшілік үшін ақын ұлағатын терең танып-білуге көмектеседі.

Зерттеу жұмысының дерек көздері. Диссертациялық, жұмыста 1989 жылдан бері жарық көрген Мағжанның төл туындылары және «Алаш ақиықтары» кітабының материалдары пайдаланылды.

Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі. Ғылыми зерттеудің негізгі идеялары М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де өткен «Этносаралық өзара қатынастар - еуразияшылдық идеяларды дамытудың кепілі» атты және «Әуезов - жаңа дәуір данышпаны» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда (Шымкент, 2007) және «Әуезов оқулары - 6» атты ғылыми-теориялық конференцияда (Шымкент, 2007) талқыланды.

Зерттеу нәтижелерінің жариялануы. Диссертациялық жұмыстың негізгі мазмұны, тұжырымдары мен қағидалары «Поиск-Ізденіс» журналында, ҚР ҰГА-ның философия және саясаттану институтында шығатын «Әл-Фараби» журналында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Хабаршысында» жарық көрді. Сондай-ақ бірнеше халықаралық және республикалық конференциялар материалдарында жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы . Диссертация кіріспе, екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрып, 122 бетті құрайды.

1 МАҒЖАН ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӘНЕ

ОНЫҢ ТАРИХИ-РУХАНИ БАСТАУЛАРЫ

1. 1 Тарихи таным үрдістері және Мағжан дүниетанымының негіздері

Қазақ халқының ақыны, ойшылы М. Жұмабаев әлем өркениетінің ерекше өліарасы болып табылатын XIX ғасырдың аяғында дүниеге келіп, XX ғасырдың бас кезінде аз ғана уақыт ғұмыр кешті. Бар жоғы 45 жыл өмір сүрген ойшыл артында уақыт өткен сайын мағынасын, мәнін жоғалтпай, қайта жаңа ғасырлар көшіне жақындай түсетін, тарихи-рухани тағылымы мол мұра қалдырды. Уақыт пен кеңістік Мағжан тіршілік еткен дәуірден алыстаған сайын, оның ақындық, азаматтық болмысы бізге жақындай түседі. Оның шығармашылығын тарихи-философиялық тұрғыдан зерттеудің маңыздылығы да осында болса керек.

Тарихи таным мен тарихи сана үрдістері философтарды көптен толғандырып келе жатқан мәселеге жатады. Тарихи таным мәселесі жаңакантшылдар тарапынан айрықша қойылады. Дереккөздерден біз тарихи үдерістің тек бір бөлігін ғана білеміз. Тарихи өткен туралы біздің білімімізде ақтаңдақтар болып қана қоймай, оның дұрыс емес, жалған түсініктер мен қателіктерге толы екендігі де рас. Біз оны тек өзінің тікелей мағынасында қарапайымдықпен танимыз, оның формаларын абсолюттік деп қабылдаймыз және тек өзімізді ғана объективті төреші деп есептейміз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстандағы ұлы педогок ағартушылардың үлес қосқан ой – пікірлері
Қазақтың салт дәстүрлері негізінде оқушыларды тәрбиелеу
Қазақстанда педагогика және әлеуметтік педагогика тарихына үлес қосқан тұлғалар
Қазақ тілін оқыту әдістемесі жайында дәрістер
Қазақтың ағартушы педагогтары
Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық, психологиялық мұралары
Қазақтың «бес арысы» атанған зиялылар ілімдеріндегі еркіндік мәселесі
Қазіргі отандық педагогиканың ұлттық ерекшеліктері
Мағжан Жұмабаев - педагог ретінде
Ұлттық педагогикалық ойлар
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz