Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері мақаласындағы Қазақ халқының мәдениет тарихында әдебиеттану ғылымының тарихы әзір қысқа


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 461 бет
Таңдаулыға:   

Жұмыс Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды

ӘОЖ 82. 09: 821. 512. 122 Қолжазба құқығында

ҚАЖЫБАЙ АЯН ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

БЕЛГІБАЙ ШАЛАБАЕВТЫҢ ҒЫЛЫМИ-СЫН, ӘДЕБИ-АУДАРМА ЕҢБЕКТЕРІ

10. 01. 02 - Қазақ әдебиеті

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертация жұмысы

Ғылыми жетекші: филол. ғ. д., профессор,

ҚР ҰҒА-ның академигі Р. Н. Нұрғали

Қазақстан Республикасы

Астана, 2009

ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫНЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

  1. Б. ШАЛАБАЕВТЫҢ ӘДЕБИЕТТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕКТЕРІ МЕН

ӘДЕБИ-СЫН, ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ІЗДЕНІСТЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ

НЕГІЗГІ АРНАЛАРЫ

  1. Б. ШАЛАБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЛАТФОРМАСЫ (ӘДЕБИ-ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ МҰРАЛАРЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМ АУДАРМАДАҒЫ ОРНЫ)

ҚОРЫТЫНДЫ

ДЕРЕК КӨЗДЕРІ

ҚОСЫМША КӨРСЕТКІШТЕР

К І Р І С П Е

Зерттеу тақырбының өзектілігі мен зәрулігі. Қазақтың - «елі - алаш, керегесі - ағаш» азаттықтың еңсесі көтеріліп, төл тарихымызды тереңдеп танып зерделеуге, ақтаңдақтарымыздың көмбесін ашуға мемлекет тарапынан пәрменді қолғабыс пен мол мүмкіндіктер жасалынып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа арналған Жолдауында мәдени-тарихи мұраны сақтауға, зерттеуге, оларды игеріп, кеңінен танытуға айрықша мән берілген. Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасында: « . . . ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау басты мақсат» екендігіне ерекше ден қоюмен қатар [1], тағы бірде: «Алдағы міндет ұлт мәдениетінің ұлы тұлғасын кезендік бұрылыстарда тарих сахнасына «шығара» білуде болса керек. Мұндайда әрі кең, әрі жүрдек «бүгінгі күннің даңғылымен» жүру үшін байырғы тәсіл жарамсыз болмақ. Былайша айтқанда, өткенге мойын бұрамын деп болашағыңнан айырылып қалуың кәдік» [2, 5] - деп айқын мақсат, ортақ міндет қойған болатын. Бұл тұжырымдар бүгінгі таңда елімізде мәдени мұраны зерделеп, зерттеуге, жаңаша танып-білуге қаншалықты маңыз беріліп отырғанын да айғақтайды.

Олай болса, кеңестік замандағы тарихта, әдебиет пен өнерде бүркемеленген шындықтың пердесін ашып, өз кезінде зерттелмей, зерделенбей, танылмай келген мәдени байлықтарымызды заманымыздың даму үрдісіне сәйкес бағалау - тарихи, ғылыми, әдеби, мәдени жағынан ойластырсақ, ауадай қажетті міндет.

Халқымыздың көне дәуірден бастау алатын мәдениетінің алтын арқауын жаңа заманның талап тілектеріне сай қайта түлету - тәуелсіздік пен егемендіктің ғибратты тағылымын танытса керек. Бұл ретте әр мемлекет пен қоғамның даму дәрежесін айқындайтын өлшемдер болатыны аян. Соның бір белгісі ғылым-білімнің қанат жаюы. Ғылым дегеніміз белгілі бір құбылыстың айнымас ақиқатын танып, оның төл заңдылықтарын саралау, сөйтіп әлгі құбылыс туралы жинақтаған объективті білімді теориялық жүйеге түсіру. Мұнан әрі, ғылымның қоғамдық өмірдегі қайырым-шапағаты басталады, яғни ғылым қоғам өміріндегі аса мәнді әлеуметтік институтқа айналып, адамдардың таным өресін жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етеді. Ал сол ғылым атаулысының жүзеге асуына негіз болатын білім беру жүйесінің ұзын-сонар тарихында өзінің құнын жоймай келе жатқан бір ұстаным бар. Ол - қоғамды жаңғыртуға бағытталған кез келген жасампаздық идея сол қоғамның сұранымына сай болуы керек. Егер білім атаулының табан тірері ғылыми таным екенін мойындасақ, онда білім мазмұны және объективті ғылыми таным мәселесі қашанда өзекті проблемалардың бірі болып отыруға тиіс. Демек, ғылыми жаңалық қашанда білім мазмұнын жаңғыртып отыруы қажет деген сөз. Бұл мәселе, қазіргідей әлемдік ілкімді даму мен аралас-құраластың (коммуникация) бел алған заманында, дүние дидарындағы шұғыл өзгерістер кезеңінде айрықша маңызды сипат алып отыр. Осыған байланысты, әлемдік өркениеттің жетістіктерімен санаса отырып, нақтылы қоғам мен ұлт мүддесіне бейімделген білім жүйесін қалыптастыру мәселесі әлемдік білім процесінің маңызды факторы болып, болашақтан үміті бар кез келген қоғамның да, ұлттың да киелі міндетіне айналуда.

Ұзын-сонар дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалар аз емес. Солардың бірі қоғамдық прогрестегі ғылымның құдіреті мен пайдасына келіп тірелетініне ешкім дауласа қоймас. Ғылымды оңтайлы ерттеген елдер көш ілгері кетіп қалды. Барша әлем жаһандану процесіне аяқ басып, одан сырт қалмаған білім және ғылым саласы да замана ағымына қарай бейімделуде. Білім беру кеңістігінде аймақтық және ұлттық білім беру жүйесіне жалпы әлемдік үрдістердің пәрменді ықпалы байқалады. Білім беру процесінің интеграциялануы және әлемдегі білім беру жүйесі қауымдастығының дамуына үлкен әсерін тигізеді, ұлттың зерделі және рухани тұтастығын қалыптастырады. Бұл тұтастықтың мақсаты озық дәстүрлер мен классикалық жоғары мектептің беріктілігін сақтап, жаңа, тың сипаттағы болашағы зор үрдістерді жедел қабылдау екені мәлім.

Арғы-бергі тарихқа үңіліп қарасақ, бұлан-талан бір бұлағайы мол білім беру мен оны игеру саласы еш уақытта өзімен-өзі томаға-тұйық дәурен сүрмегенін аңғарамыз. Білім берудің тарихи шежіресіндегі айшықты өшпес ізін қалдырған байырғы заман стоиктері Сенека мен Цицерон бастаған, Жан Жак Руссо мен Иоган Песталоций жалғаған, одан берідегі А. С. Макаренко мен Фрэн қолдаған білім хақында айнымай келе жатқан алдыңғы толқын заңғарлары арасындағы рухани сабақтастықтың алтын көпірі іспеттес үйлесімді үндестік тауып, бүгінге ұласқан үздіксіз білім концепциясының тұғырлы ғылыми ұстанымы осы. Орыстың әйгілі педагогы К. Д. Ушинскийдің мына бір пікіріне назар аударсақ, «Барша еуропалық халықтардың педагогикалық қалыптарында (форма) ұқсастық болғанымен, олардың әр қайсысының төл ерекшелігі, ұлттық тәрбие жүйесі һәм әлемі бар, өзіндік ерекше мақсаты және сол мақсатқа жететін өзгеше тетіктері қалыптасқан. Халықтың тарихын, мінез-құлқын тәрбиенің бағыт-бағдарын белгілейді. Сондықтан, оқу-тәрбие жұмыстарында көзсіз еліктеудің, әлеуметтік мимикрияның, жалаң көшірген бағыт-бағдардың, мазмұнның, қалыптың және әдістердің қай-қайсысы да оң нәтиже бермейді. Халықтық атаулы әрбір тәрбие жүйесіндегі тәрбие идеясының негізгі тіні болу керек». Әдетте «біткен іске сыншы көпті» негізге алып, кеңес заманындағы білім беру саласындағы қайсібір оғаш, келеңсіз, сұрқиялы тұстарын іздеп «ай-қап!» дейтін көне таптаурынға біле тұра барғымыз келмейді. Дегенмен, «айтпаса сөздің атасы өледі», демекші өкініштісі, қазақ қоғамының білім жүйесінде ұзақ уақыт бойы осынау ұстанымға табан тіреудің мүмкіндігі болмай келді. Қоғамның сұранымына сай, ұлттың мақсат-мүддесіне үндес білім жүйесіне ден қоюға жат жұрттың отаршылдық өктемдігі мұрша бермеді. Әсіресе, кеңес дәуірінде білімге деген мемлекеттік монополия, шектен тыс орталықтандыру, әсіресе декларацияшылдық, қасаң идеологияшылдық бел алып, авторитарлы-әміршіл педагогика үстемдік құрды. Мұның нәтижесі қазақ сияқты бұратана атанған халықтар үшін келімсектер тарапынан саяси репрессия мен әлеуметтік зорлыққа қарағанда анағұрлым зиянды болды. Қазақ ұлты санаулы уақыт аясында өзінің ұлттық болмысын көмескілеп үлгерді. Бұл ахуалды қазіргі әлемдік кірігулердің етек алуы, Қазақстанның әлемдік аралас-құраласқа (коммуникация) еркін түсе бастауы одан әрі меңдетіп бара жатқан сияқты. Бұрын қазақ қоғамы ұлтшылдық деген желеудің зардабын тартса, енді ұлтсыздық дерті жайлап барады. Мұндай үрдісті жалғыз қазақ жұрты емес, әлемдегі ең бір іргелі деген ұлттық мемлекеттердің қай-қайсысы да терең сезініп, дүниежүзілік жойқын кірігу барысында өздерінің бет-бейнесін сақтап қалу үшін алуан арналы, сан салалы тетікті қорғаныс әрекеттерін жасауда. Адамзаттық прогреспен шендесіп жатқан мұндай проблема үстемдік құрған заманда қайдағы бір ұлттық томаға-тұйықтық туралы ойлаудың өзі күлкілі. Жаһандану кезеңінде ұлттық томаға-тұйықтық жайлы қауесетке не ақымақ иланады, не қара басын күйттеген дүбара үреймен қарағансып байбалам салады, не шығыстық даналық пен батыстық прагматизмнің тоғысқан жеріне айналған Орталық Азияның кіндік тұтқасы Қазақстанды геосаяси тобырлар мекеніне айналдырғысы келген қара ниеттілер ғана алаңдағансуы кәдік. Бұл ретте, халқымыз бастан кешкен тарихи қиянаттар мен тауқыметтердің зардабы мен салдарын терең сезіне отырып, тура мағынасында, ұлттың мәдени-рухани болмыс бітімін қалпына келтіру, демек рестоврациялау ісіне айрықша мән берілсе керек.

Заманның даму, өсіп-өрбу барысында қоғамдық сана, ғылым, көркемөнер, әдебиет - барлығы да бір-бірінен аса ажырамай, әрқайсысы қоғамның экономикалық-материалдық жағдайына орай дамитындығы белгілі. Сондықтан да көркемөнердің барлық саласы қоғамнан тыс өмір сүре алмайтындығы дәлелденген шындық. Және де мәдениет те, ғылым да бір мезетте пайда болып, қалыптаспағандығы айдан анық.

Олай болса, өнерді танып-білуге қызмет ететін ғылымдардың бірі ретіндегі филологияның пайда болуы жазу мәдениетінің едәуір өркен жайған кезеңімен орайлас келетіні мәлім. Ғылыми деректерге сүйенер болсақ, Таяу Шығыстың аса жоғары дамыған ежелгі мәдениетінде филологияның белгісі де жоқ болса, орта ғасырлардағы Батыс Еуропада филология еншісіне болар-болмас қана орын тиеді екен. Ал филологияның отаны болып табылатын ежелгі Үндістан мен Грекияда филология сөз бен сөйлеудің, сөз бен ойлаудың ара қатынасын гносеологиялық тұрғыдан қарастыратын үрдіс ретінде дүниеге келіп, қалыптаса бастағаны белгілі. Сол себепті да кейінірек пайда болған философиялық дерексіздік пен филологиялық нақтылық арасындағы қарама-қайшылықтарға қарамастан, әу баста философия мен филология біртұтас дүниенің екі бетіндей болып көрініуі кездейсоқтық емес еді. Зер сала үңілер болсақ, филологияның шын мәніндегі өрлеуі гносеологиялық ойлар дамуының ұлы дәуірлерімен ұдайы орайлас келіп отыратынын аңдауымызға болады. Мәселен, эллинизм дәуірінде (б. д. д. 330-23 ж. ж. ) грек философы Аристотельдің «Поэтика» еңбегінен [3] бастау алған әдеби-эстетикалық ой-пікірлердің өсіп-өрбу, өрістеу тарихы ерекше. Одан бері орта ғасырлар эстетикасы Әбу-Насыр әл-Фараби трактаттарындағы [4] ; Еуропада XVII-XVIII ғасырларда эстетикалық көзқарастар Р. Декарттың [5], Г. Э. Лессингтің [6], Г. В. Гегельдің [7] айтулы еңбектеріндегі; ХІХ ғасырдағы И. Кант [8], В. Г. Белинский [9] секілді т. б. тұлғалардың әдеби, сыни, философиялық мұраларындағы эстетикалық болжамдар мен тұжырымдар әдебиеттану ғылымының ежелгі іргетасы болып танылды.

Осы орайда айта кеткен орынды, адам болмысын қандай да бір дәуірдегі адам ойының мәдениет жәдігері болып табылатын көркем мәтін арқылы қарастыруға негізделген филологияның өзі жеке ғылым ретінде ХІХ ғасырда ғана қалыптасқанын ескерсек, қазақ филологиясының ғылым ретінде шаңырақ көтерген уақытын өткен ХХ ғасырдың бастапқы жылдарына телісек те, ғылыми филология көшінен кенже қала қоймасымыз анық. Әдеби-теориялық мәселелердің таза ұлттық негізде дами түскен кезеңі ХІХ ғасыр болды. Әрине, сонау орта ғасырдан бері қарай, қазақ әдебиеттануының әдебиет қисыны жөнінде мүлде еш нәрсе болмады деген ұғым тумаса керек. Осынау мол таным мен ХІХ ғасырда қазақтың рухани болмысында елеулі із қалдырған Ш. Уәлиханов [10], Ы. Алтынсарин [11], А. Құнанбаев [12] сынды біртуар дарындардың ой-толғамдарынан нәр алған ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары да өздерінің әдеби-сыншылық, философиялық көзқарастарын қалыптастырып, үнемі даму үрдісіне бет түзегендігі ақиқат еді.

Әдеби өркендеудегі тарихи сабақтастық тұрғысынан зер салсақ, әдебиеттану ғылымының дамуына зор үлес қосқан Ә. Бөкейханов [13], А. Байтұрсынов [14], Қ. Жұбанов [15], М. Дулатов [16], Ж. Аймауытов [17], М. Жұмабаев [18], Х. Досмұхамедов [19] секілді ұлт зиялылары еңбектерінің маңызы зор. Олар кеңестік заманда өзінің тиісті бағасын ала алмаса, бүгінгі таңда аты аталған дара тұлғалардың әдеби мұраларының мәні мен маңызы қайта қаралып, ел игілігіне жаратылып, шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына енгізілді.

Алайда, мәдениет те, ғылым да бір сәтте пайда бола қалмайтыны анық. Олай болса, қазақ филологиясының түп-тамыры да әріден бастау алатыны хақ. Қазақ әдеби пікірлерінің тамыры тарихтың тереңінде, халықтық эстетикаға негізделінген ауыз әдебиетінде жатыр. Еуразияның қақ ортасында сұлу табиғаттың аясында кең сахарада көшіп-қонып еркін тіршілік жасаған қазақ халқының өмірі өнермен өрнектеліп, ән-жырмен сүйемелденген. Табиғатынан сыншыл, оның үстіне сөзді пір тұтып, құдіретіне табынған қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті ұлттық эстетикалық талғамының жоғарылығын көрсетеді. Көшпелілер мәдениетінің негізін құрайтын қазақтың ауыз әдебиетінде халықтық эстетикаға сүйенген көркем көріністер, классикалық образдар, терең толғаныстар өмірге келді. «Қыз Жібек» жырындағы көштің суреттелуі, «Қобыланды батырдағы» Тайбурылдың шабысы, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер әлемдік әдебиеттің үздік үлгілері қатарында. Сөйтіп, халықтық эстетиканың тікелей әсерімен қазақ ауыз әдебиетінде көркемдік, идеялық салалары жоғары классикалық туындылар туындап, тарихтың тұңғиығынан мәңгілікке жол тартты; ғасырлар сынынан өтіп, бүгінгі күнге жетті.

Дәстүрлі қазақ әдебиетінің дамуында ауыз әдебиетінің үрдісі басым болды. Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетте жыраулық дәстүр басым болса, кейіннен ақындық өнер өріс алды. Киносы, театры болмаған қазақ даласында он тоғызыншы ғасырда сал серілер шыға бастады. Ақын-жыраулар, сал-серілер өз өлеңдерін, өнерлерін халық алдында орындап, олардың сынынан өтіп отырды. Халық өзіне ұнаған өлең-жырларды сол заматта жаттап алып, ауыздан ауызға тарап жатты. Халықтың мұң-мұқтажын жырлап, мүддесін қорғаған Асан қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар сияқты жыраулардың саф алтындай таза, өміршең өлең-толғаулары халықтың, уақыттың тезінен өтіп, әдебиетіміздің асыл қазынасына айналып отыр.

Әдеби ой пікірлер жазба әдебиеттің, ғылымның дамуымен тікелей байланысты. Орта ғасырларда қазақ жерінде Фараб, Баласұғын, Иассы, Сайрам, Сауран, Сығанақ сияқты гүлденген ғылым, мәдениет ошақтары болған. Осы қалалардан ондаған ғалымдардың шығып, әлемдік ғылымға үлес қосқандығы белгілі болып отыр. Әдебиеттің халықтық үлгілерінде кездесетін эстетикалық ойларды есептемегеннің өзінде, хатқа түскен, филологиялық сипаты айқын, тамыры қазақ топырағына тартатын еңбектер де жетерлік. Нақты деректерге жүгінер болсақ, әлем тарихындағы ұлы философтардың бірі Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950 ж. ж. ) бірыңғай әдебиет мәселелеріне арналған «Өлең ырғағы туралы», «Ырғақ пен өлең туралы сөз», «Поэзия өнерінің негіздері туралы трактат», «Өлең кітабы» және адамның санасы мен сезімін, ішкі психологиялық тебіреністер арқылы үлкен идеяға бастайтын өресі заңғар өнер құдіреттің табиғатын паш етер «Әлеуметтік-этикалық трактаттар» [4] атты шығармалары филология ғылымының қазақ танымы үшін жаңа нәрсе болмағанын айғақтаса керек. Ол аз болса, әл-Фараби өзінің «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» [4] деген еңбегінде Аристотельдің әйгілі «Поэтикасына», «Риторикасына», «Софистикасына» талдау жасайды.

Ал еуропалық филология тарихында сөздіктер жасау ісі XVI ғасырдың орта шенінен бастау алса, түркі тілдерінің алғашқы ғылыми грамматикасы болып табылатын Махмұд Қашқаридың әйгілі «Түркі сөздерінің жинағы» («Диуани лұғат ат-түрк») [20] атты еңбегі ХІ ғасырдың еншісінде. ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұд Қашқари түркі тілінің грамматикасынан ғылыми жүйесін жасаған тұңғыш филолог ғалымдарының бірі екені мәлім. Оның «Түркі тілдерінің жинағы» атты зерттеуі тек түсіндірме сөздік қана емес, ол ежелгі түркі тілдері мен ауыз әдебиетін зерттеп, танып-білу үшін аса қажетті, теңдесі жоқ ғылыми еңбек болып табылады» (Н. Келімбетов) . Ал, Х-ХІІ ғасырларда дамудың тарихи сабақтастығы принципі негізінде өркен жайған ертедегі түркі жазба әдебиеті әрі философиялық, моральдық-этикалық трактат, әрі дидактикалық дастан болып танылатын ғажайып шығармаларды туғызды. Бұған Ж. Баласағұнидің «Құдатғу біліг», А. Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Қ. А. Яссауидің «Диуани хикмет», С. Бақырғанидің «Бақырғани кітабы» дәлел бола алады десек, аталған шығармаларды философиялық-дидактикалық поэзияның озық үлгілері тұрғысынан ғана емес, ұлттық әдебиеттану ғылымының арғы бастауларына белгілі бір дәрежеде қатысы бар мұра деп бағалауымыз керек. Олар ертедегі түріктердің мәдениетінде әдебиеттің қоғамдық мәнінің өсе түсуіне, жазба әдебиет пен фольклордың бір-бірін толықтыра отырып дамуына, жанрлық, тақырыптық, сюжеттік және өлең құрылысы жағынан жетілуіне ықпал жасады. Қашқаридың замандасы Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білігіндегі» («Құдатғу біліг») [21] шешендік өнер, ақын, оның өнерпаздық тұлғасы туралы, поэзия мен поэзияны жасаушы өнер иелеріне әл-Фарабиден кейінгі теориялық негізде қойылатын талаптар еді. ХІІІ-ХІV ғасырлардың еншісіндегі «Қыпшақ тілінің сөздігі» («Кодекс куманикус») аталатын еңбектерді қазақ филологиясының қасиетті іргетасы деуге болады. ХІІІ-ХV ғасырлардағы жиырмадан астам жазба нұсқалар, Н. Рабғузидің «Қисса сүл әнбия» еңбегі тұтас бір дәуір әдебиетінің хрестоматиялары, құнды әдеби мұралар ретінде танылса, түркі тілдерін үйренуге арналған құралдарды, сөздіктер, жылнамалар мен тарихи шежірелерді ғылыми-зерттеушілік көзқарастың алғашқы қадамдары ретінде бағалауымыз керек. З. Бабырдың «Бабырнамесі» мен «Аруз туралы» трактаты әдеби-теориялық бағыттағы ізденістердің жалғасын тауып жатқанын дәлелдеді. Ғылым, өнер, мәдениет, тіл мен әдебиет өркендеген бұл ғасырларда әдебиетті ғылыми тұрғыда тану ісі қолға алынып, әдеби-теориялық, сыншылдық-эстетикалық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікір дәуір талабына сай көрініс таба бастағанын байқаймыз.

Әдебиеттану - көркем әдебиеттің тууын, ерекшеліктерін, қоғамдық байланыстарын, тарихи дамуын, құрылымы мен функциясын, көркемдік сипаттарын, жекеленген және жалпылама заңдылықтарының бәрін қамти зерттейтін ғылым саласы. Әдебиеттану ғылымы бір-бірімен өзара байланысты ғылым салалары: әдебиет теориясы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы методологиясы жиынтығынан тұрады. Қазақ әдебиеттану ғылымының іргелі салаларының әрқайсысын жеке ғылым саласы ретіндегі қалыптасу жолдарын қарастыру бүгінгі ғылым алдындағы өзекті міндет.

Қазақ әдебиеттану ғылымының бастау арналары жалпы адамзаттық өркениет жетістіктерімен тамырлас. Қазақтардың көне ата-бабаларының рухани мұрасы ежелгі түркілік мәдениеттен тарату ғылымда мойындалған шындық. Яғни, ежелгі түркі дәуіріндегі өркениет мұраларындағы ой-тұжырымдары бастау ретінде қарастыруға толық негіз бар.

Адамзат баласының тарихи көш-керуенінде, өзіндік - болмыс бітімі, төлтума мәдениетімен ғұмыр кешкен түркілер дүниесі, оның ішінде қазақ ұлтының өкілдері өзінің руханият мұрасы, нақтылай айтсақ, әдебиеттану ғылымындағы алғашқы ой-пікірлері мен толғаныс-тұжырымдары сонау ерте дәуерде-ақ білдірген. Ұлттық әдебиеттану ілімінің бастауларын әдебиет зерттеушілері бүгінде Орхон-Енисей ескерткіштерінен бері тартып жүр.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Х.Досмұхамедұлының сыншылдық-эстетикалық көзқарасы және әдеби мұрасы
Әуелбек Қоңыратбаев - әдебиеттанушы ғалым
Мақаладан алынған осы үзіндіде
Баспасөз және сын жайында
ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ – ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІН ЗЕРТТЕУШІ
Баспасөз және сын
Әдеби дәстүр мен жаңашылдық. Халықаралық әдеби байланыс
Ғибратты ғұмыр. Жинақ кітап. З-Ғ.Бисенғали, Ө.Әбдиманұлы, Ш. Шортанбаев, А. Жүсіпова
Қазақ әдеби сынының зерттелу тарихы
Әуелбек Қоңыратбаев – әдебиет тарихшысы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz