Сын көркем әдебиеттің құрамдас бір бөлігі деген пікірді Қазіргі әдеби сын


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 279 бет
Таңдаулыға:   

Жұмыс Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды

ӘОЖ 82. 09: 821. 512. 122 Қолжазба құқығында

ҚАЖЫБАЙ АЯН ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

БЕЛГІБАЙ ШАЛАБАЕВТЫҢ ҒЫЛЫМИ-СЫН, ӘДЕБИ-АУДАРМА ЕҢБЕКТЕРІ

10. 01. 02 - Қазақ әдебиеті

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертация жұмысы

Ғылыми жетекшісі: филол. ғ. д., ҚР ҰҒА академигі, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Р. Н. Нұрғали

Қазақстан Республикасы

Астана, 2010

ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫНЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . .

  1. Б. ШАЛАБАЕВТЫҢ ӘДЕБИЕТТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕКТЕРІ МЕН ӘДЕБИ-СЫН, ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ІЗДЕНІСТЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ НЕГІЗГІ АРНАЛАРЫ. . .
  1. Б. Шалабаевтың әдеби-ғылыми қызметі. . .
  2. Б. Шалабаевтың сыни ұстанымы және әдеби сын еңбектерінің жанрлық, тақырыптық аясы. . .
  1. Б. ШАЛАБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЛАТФОРМАСЫ (ӘДЕБИ-ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ МҰРАЛАРЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМ АУДАРМАДАҒЫ ОРНЫ) . . .

2. 1 Б. Шалабаевтың әдеби-публицистикалық мұралары . . .

2. 2 Б. Шалабаевтың көркем аударма еңбектерінің өзіндік ерекшеліктері . . .

Қорытынды . . .

Пайдаланылған әдебиеттер . . .

Қосымша көрсеткіштер . . .

К І Р І С П Е

Зерттеу тақырбының өзектілігі мен зәрулігі. Қазақтың - «елі - алаш, керегесі - ағаш» азаттықтың еңсесі көтеріліп, төл тарихымызды тереңдеп танып зерделеуге, ақтаңдақтарымыздың көмбесін ашуға мемлекет тарапынан пәрменді қолғабыс пен мол мүмкіндіктер жасалынып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа арналған Жолдауында мәдени-тарихи мұраны сақтауға, зерттеуге, оларды игеріп, кеңінен танытуға айрықша мән берілген. Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасында: « . . . ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау басты мақсат» екендігіне ерекше ден қоюмен қатар [1], тағы бірде: «Алдағы міндет ұлт мәдениетінің ұлы тұлғасын кезендік бұрылыстарда тарих сахнасына «шығара» білуде болса керек. Мұндайда әрі кең, әрі жүрдек «бүгінгі күннің даңғылымен» жүру үшін байырғы тәсіл жарамсыз болмақ. Былайша айтқанда, өткенге мойын бұрамын деп болашағыңнан айырылып қалуың кәдік» [2, 5] - деп айқын мақсат, ортақ міндет қойған болатын. Бұл тұжырымдар бүгінгі таңда елімізде мәдени мұраны зерделеп, зерттеуге, жаңаша танып-білуге қаншалықты маңыз беріліп отырғанын да айғақтайды.

Олай болса, кеңестік замандағы тарихта, әдебиет пен өнерде бүркемеленген шындықтың пердесін ашып, өз кезінде зерттелмей, зерделенбей, танылмай келген мәдени байлықтарымызды заманымыздың даму үрдісіне сәйкес бағалау - тарихи, ғылыми, әдеби, мәдени жағынан ойластырсақ, ауадай қажетті міндет.

Халқымыздың көне дәуірден бастау алатын мәдениетінің алтын арқауын жаңа заманның талап тілектеріне сай қайта түлету - тәуелсіздік пен егемендіктің ғибратты тағылымын танытса керек. Бұл ретте әр мемлекет пен қоғамның даму дәрежесін айқындайтын өлшемдер болатыны аян. Соның бір белгісі ғылым-білімнің қанат жаюы. Ғылым дегеніміз белгілі бір құбылыстың айнымас ақиқатын танып, оның төл заңдылықтарын саралау, сөйтіп әлгі құбылыс туралы жинақтаған объективті білімді теориялық жүйеге түсіру. Мұнан әрі, ғылымның қоғамдық өмірдегі қайырым-шапағаты басталады, яғни ғылым қоғам өміріндегі аса мәнді әлеуметтік институтқа айналып, адамдардың таным өресін жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етеді. Ал сол ғылым атаулысының жүзеге асуына негіз болатын білім беру жүйесінің ұзын-сонар тарихында өзінің құнын жоймай келе жатқан бір ұстаным бар. Ол - қоғамды жаңғыртуға бағытталған кез келген жасампаздық идея сол қоғамның сұранымына сай болуы керек. Егер білім атаулының табан тірері ғылыми таным екенін мойындасақ, онда білім мазмұны және объективті ғылыми таным мәселесі қашанда өзекті проблемалардың бірі болып отыруға тиіс. Демек, ғылыми жаңалық қашанда білім мазмұнын жаңғыртып отыруы қажет деген сөз. Бұл мәселе, қазіргідей әлемдік ілкімді даму мен аралас-құраластың (коммуникация) бел алған заманында, дүние дидарындағы шұғыл өзгерістер кезеңінде айрықша маңызды сипат алып отыр. Осыған байланысты, әлемдік өркениеттің жетістіктерімен санаса отырып, нақтылы қоғам мен ұлт мүддесіне бейімделген білім жүйесін қалыптастыру мәселесі әлемдік білім процесінің маңызды факторы болып, болашақтан үміті бар кез келген қоғамның да, ұлттың да киелі міндетіне айналуда.

Заманның даму, өсіп-өрбу барысында қоғамдық сана, ғылым, көркемөнер, әдебиет - барлығы да бір-бірінен аса ажырамай, әрқайсысы қоғамның экономикалық-материалдық жағдайына орай дамитындығы белгілі. Сондықтан да көркемөнердің барлық саласы қоғамнан тыс өмір сүре алмайтындығы дәлелденген шындық. Және де мәдениет те, ғылым да бір мезетте пайда болып, қалыптаспағандығы айдан анық.

Олай болса, өнерді танып-білуге қызмет ететін ғылымдардың бірі ретіндегі филологияның пайда болуы жазу мәдениетінің едәуір өркен жайған кезеңімен орайлас келетіні мәлім. Ғылыми деректерге сүйенер болсақ, Таяу Шығыстың аса жоғары дамыған ежелгі мәдениетінде филологияның белгісі де жоқ болса, орта ғасырлардағы Батыс Еуропада филология еншісіне болар-болмас қана орын тиеді екен. Ал филологияның отаны болып табылатын ежелгі Үндістан мен Грекияда филология сөз бен сөйлеудің, сөз бен ойлаудың ара қатынасын гносеологиялық тұрғыдан қарастыратын үрдіс ретінде дүниеге келіп, қалыптаса бастағаны белгілі. Сол себепті да кейінірек пайда болған философиялық дерексіздік пен филологиялық нақтылық арасындағы қарама-қайшылықтарға қарамастан, әу баста философия мен филология біртұтас дүниенің екі бетіндей болып көрініуі кездейсоқтық емес еді. Зер сала үңілер болсақ, филологияның шын мәніндегі өрлеуі гносеологиялық ойлар дамуының ұлы дәуірлерімен ұдайы орайлас келіп отыратынын аңдауымызға болады. Мәселен, эллинизм дәуірінде (б. д. д. 330-23 ж. ж. ) грек философы Аристотельдің «Поэтика» еңбегінен [3] бастау алған әдеби-эстетикалық ой-пікірлердің өсіп-өрбу, өрістеу тарихы ерекше. Одан бері орта ғасырлар эстетикасы Әбу-Насыр әл-Фараби трактаттарындағы [4] ; Еуропада XVII-XVIII ғасырларда эстетикалық көзқарастар Р. Декарттың [5], Г. Э. Лессингтің [6], Г. В. Гегельдің [7] айтулы еңбектеріндегі; ХІХ ғасырдағы И. Кант [8], В. Г. Белинский [9] секілді т. б. тұлғалардың әдеби, сыни, философиялық мұраларындағы эстетикалық болжамдар мен тұжырымдар әдебиеттану ғылымының ежелгі іргетасы болып танылды.

Осы орайда айта кеткен орынды, адам болмысын қандай да бір дәуірдегі адам ойының мәдениет жәдігері болып табылатын көркем мәтін арқылы қарастыруға негізделген филологияның өзі жеке ғылым ретінде ХІХ ғасырда ғана қалыптасқанын ескерсек, қазақ филологиясының ғылым ретінде шаңырақ көтерген уақытын өткен ХХ ғасырдың бастапқы жылдарына телісек те, ғылыми филология көшінен кенже қала қоймасымыз анық. Әдеби-теориялық мәселелердің таза ұлттық негізде дами түскен кезеңі ХІХ ғасыр болды. Әрине, сонау орта ғасырдан бері қарай, қазақ әдебиеттануының әдебиет қисыны жөнінде мүлде еш нәрсе болмады деген ұғым тумаса керек. Осынау мол таным мен ХІХ ғасырда қазақтың рухани болмысында елеулі із қалдырған Ш. Уәлиханов [10], Ы. Алтынсарин [11], А. Құнанбаев [12] сынды біртуар дарындардың ой-толғамдарынан нәр алған ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары да өздерінің әдеби-сыншылық, философиялық көзқарастарын қалыптастырып, үнемі даму үрдісіне бет түзегендігі ақиқат еді.

Әдеби өркендеудегі тарихи сабақтастық тұрғысынан зер салсақ, әдебиеттану ғылымының дамуына зор үлес қосқан Ә. Бөкейханов [13], А. Байтұрсынов [14], Қ. Жұбанов [15], М. Дулатов [16], Ж. Аймауытов [17], М. Жұмабаев [18], Х. Досмұхамедов [19] секілді ұлт зиялылары еңбектерінің маңызы зор. Олар кеңестік заманда өзінің тиісті бағасын ала алмаса, бүгінгі таңда аты аталған дара тұлғалардың әдеби мұраларының мәні мен маңызы қайта қаралып, ел игілігіне жаратылып, шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына енгізілді.

Әдебиеттану - көркем әдебиеттің тууын, ерекшеліктерін, қоғамдық байланыстарын, тарихи дамуын, құрылымы мен функциясын, көркемдік сипаттарын, жекеленген және жалпылама заңдылықтарының бәрін қамти зерттейтін ғылым саласы. Әдебиеттану ғылымы бір-бірімен өзара байланысты ғылым салалары: әдебиет теориясы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы методологиясы жиынтығынан тұрады. Қазақ әдебиеттану ғылымының іргелі салаларының әрқайсысын жеке ғылым саласы ретіндегі қалыптасу жолдарын қарастыру бүгінгі ғылым алдындағы өзекті міндет.

Қазақ әдебиеттану ғылымының бастау арналары жалпы адамзаттық өркениет жетістіктерімен тамырлас. Қазақтардың көне ата-бабаларының рухани мұрасы ежелгі түркілік мәдениеттен тарату ғылымда мойындалған шындық. Яғни, ежелгі түркі дәуіріндегі өркениет мұраларындағы ой-тұжырымдары бастау ретінде қарастыруға толық негіз бар.

Жалпы, ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихында елеулі оқиғалар орын алғандығы барша әдебиетші қауымға белгілі жәйт. Қазан төңкерісінен кейін бүкіл қоғам жаңа заман күйбеңімен қалайша тірлік етсе, әдебиет пен өнер де сондай күй кешті.

Адам баласының сан ғасырлар бойғы рухани жиып-терген мол мұрасы шеттетіліп, жаңа үлгідегі әдебиет орнату шарт болып қойылған заманда да қазақ зиялыларының қаламы мұқалған емес. Әсіресе, 20-30-жылдар әдебиетінде ауыз толтырып айтарлықтай мәдени мұралар Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Ғабиден Мұстафин сынды майталман сөз шеберлерінің қаламынан туғаны анық.

Қазақтың көркемдік таным дүниесінде жарқын із қалдырған Ш. Уәлиханов, халқымыздың көркемдік әлемінде көсем болмысымен дара тұрған А. Құнанбаев сияқты заңғар ұлы тұлғалардың ойларынан өріс алып жатқан әдеби-сыншылық пікірлердің ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялылары еңбектерінде ұлттық-халықтық мұрат тұрғысынан көрініс тапқаны да, сондай-ақ кеңестік кеңістікте тірлік еткен қазақ әдебиеті мен әдебиеттануының аталмыш кезеңде социалистік реализм талаптары тарапынан қаншалықты қысымшылық ахуалды бастан өткергенімен, тоқырап қалмастан, біртіндеп өрлеу үстінде болғаны да ақиқат. Адам баласының сан ғасырлар бойғы рухани жиып-терген мол мұрасы шеттетіліп, жаңа үлгідегі әдебиет орнату шарт болып қойылған заманда да қазақ зиялыларының қаламы мұқалған емес. Бұл орайда кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің ғана емес, сонымен бірге әдебиеттануы мен сынының да көш басында болған, әсіресе, 1917-1940 жылдар әдебиетінде ауыз толтырып айтарлықтай мәдени мұралар Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Т. Жароков, Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, Ө. Тұрманжанов, М. Дәулетбаев, Ж. Сыздықов, С. Шәріпов, Қ. Жұмалиев, Қ. Өтепов, І. Қабылов, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, М. Қаратаев, Ғ. Тоғжанов, С. Садуақасов, Ы. Мұстанбаев, Н. Төреқұлов, С. Қожанов, Ш. Тоқжігітов, Ж. Тілепбергенов, Е. Бекенов, Қ. Кемеңгеров, М. Жолдыбаев, Р. Жаманқұлов, Ж. Сәрсеков, Ә. Қоңыратбаев, З. Шашкин, Ш. Құсайынов, Х. Есенжанов, А. Томағамбетов, С. Сейітов, М. Ғабдуллин, М. С. Сильченко, М. П. Баталов, Т. Нұртазин, Х. Жүсіпбеков, Д. Ысқақов, А. Байтасов, М. Көшеков, Ә. Мәметова, Қ. Аманжолов, Д. Әбілев, Ә. Сәрсенбаев, Ғ. Сланов, С. Ерубаев, Қ. Бекқожин, М. Хакімжанова, Ә. Әбішев, Ж. Саин, С. Камалов, Ә. Байділдин, Қ. Әбдіқадыров сынды т. б. көптеген майталман сөз шеберлерінің қаламынан туғаны анық. Бұл әдеби мұралардан бастау алып, кешегі күнге дейін ізденіс аясы, бағыт-бағдары, өріс-өресі тұрғысынан да түрлі деңгейде, алуан сипатта болып келген әдебиетке қатысты үлкенді-кішілі зерттеулердің ғылым дамуындағы мән-маңызын, өзіндік орнын ескермеу шындыққа қиянат болмақ. Әдебиет тарихының сан-сала проблемаларын алуан қырынан қарастыратын еңбектерден тыс алғанның өзінде, әдебиеттану және әдебиет сынына қатысты көптеген іргелі зерттеулер жасалғаны белгілі. Кеңестік идеология қарамағында өмір сүрген қазақ әдебиеті мен әдебиеттануының социалистік реализм талаптарына сәйкес тірлік ете отырып, ылдиға түспей, үнемі даму, жетілу жолында болғандығы айқын еді. Сондықтан да қазақ әдебиетінің ғана емес, әдебиеттану мен сын жанрының көшін бастап, сындарлы ой-пікірлер қалыптастырған С. Сейфуллин, Ғ. Тоғжанов, М. Әуезов, Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, С. Мұқанов, М. Қаратаев, Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин, М. Ғабдуллин, А. Нұрқатов сынды тұлғалардың еңбегі ерен болатын.

Осы керуеннің ізінен қалмай, әдебиеттану мен әдебиет сынына қатысты біртуар зерттеулер жазып, әдебиет майданында көзге түскен, кейінгілерге үлгі-өнеге болған тұлғалардың қатарында: З. Ахметов, З. Қабдолов, М. Базарбаев, Ш. Елеукенов, Ж. Дәдебаев, Б. Майтанов, Б. Ыбырайымов [20] сынды ғалымдардың әдебиеттің теориялық мәселелеріне арналған еңбектерін, Б. Кенжебаев, Т. Кәкішев, Н. Ғабдуллин, Р. Нұрғали, М. Қараев, Ж. Смағұлов [21] секілді әдебиетшілердің әдебиеттану мен сын тарихы проблемаларына негізделген зерттеулерін, М. Қаратаев, Е. Ысмайылов, Д. Ысқақов [22] тәрізді т. б. зерттеушілердің сын теориясын саралауға бағытталған туындыларын атауға болады.

Бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғылымында зерттеу жұмыстарын әдеби-тарихи шындыққа сай жүргізуде кеңестік идеология қағидаларының қаншалықты зиян келтіргендігі аз айтылған жоқ. Бұл мәселені қалыпқа салып зерделеуде соңғы жылдары ауқымды шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, М. Мырзахметов, Ш. Елеукенов, Т. Кәкішев, Р. Нұрғалиев [23] сынды т. б. ғалымдардың еңбектері аса маңызды. Сондай-ақ, 1920-1960 жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы соңғы он жылда жаңаша көзқарас, тың пайымдау тұрғысынан ой сүзгіден өтіп, қайта сарапқа салынып, іргелі ізденістерге, сыни, ғылыми ой-тұжырымдарға, дәйекті-деректі пікір пайымдауларға негізделген елеулі зерттеулер жазылды [24] . Қазақ әдебиетінің тарихы да жаңаша көзқарас тұрғысында тұжырымдалып, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басқаруымен көптомдық боп жарыққа шықты. Осы орайда, қазақ әдеби сынының, фольклористикасының, проза жанрларымен аударматану ғылымдарының жеке-жеке сала ретінде қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан зерттеуші-ғалымдар тұлғасын, сыншылық, әдебиеттанушылық болмысын, фольклортанушылық келбетін, аудармашылық шеберлігін, ғылыми-шығармашылық қызметін уақыт ағымына сай зерттеп білудің, саралап танудың мәні ерекше.

Белгілі ғалым Т. Кәкішевтің: «Соғыстан кейінгі идеологиялық зорлық-зомбылықтардан құтылып, 50-жылдардың еінші жартысы мен 60-шы жылдардың ұзына бойына ақыл-ойға ептеп болса да осындай таластың болуы - біршама ірі де сүбелі істерді атқарып тастауға мүмкіндік берді. Сын мен ғылым қай жағынан болса да толыса өркендеуге мұрсат алған шақта жетелі де білімді, эстетикалық жағынан сауатты, ғылыми зерделі дарындар жауынгерлік сапқа тұрды. Олар оқу-ағарту, халық мәдениетін көтеру, қоғамдық сананы өрлету тұрғысынан едәуір қызмет атқарды» [21, 348] - деген пайымдауына жүгінсек, бұл толқын - кешегі қаламгер ұстаздарының жазықсыз құрбан болғанын білген, өздері де ептеп болса да саясат содырлығын көрген, әдебиеттанудың ақсап жатқан кемшілікті тұстарын айқын аңғарған талантты буын, тегеурінді топ болатын. Шынында да, ұстараның жүзіндей алмағайып уақытта өмір сүре жүріп, әдебиетіміздің өркенді биіктерге бет түзеуіне үлес қосқан, туған әдебиетінің дамуына тура бағыт сілтейтін сүре жолды іздеу барысында кей-кейде бұралаң сүрлеулерге түсіп кетуден де кенде емес осы бір жауынгер мінез дарындар қатарында М. Қаратаев, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Қ. Жұмалиев, М. Ғабдуллин, Т. Нұртазин, А. Нұрқатов, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, Қ. Нұрмаханов, Қ. Қуандықов, Н. Ғабдуллин, З. Қабдолов, Ы. Дүйсенбаев, Х. Әдібаев, М. Дүйсенов, Ә. Дербісалин, Ә. Қоңыратбаев, З. Ахметов, Ш. Сәтбаева, С. Талжанов, т. б. әдебиетшілердің болғаны, олардың қай-қайсы да кейіннен қазақ әдебиетінің өркендеу тарихында өзіндік із қалдырғаны мәлім. Олардың лег-легімен әдебиеттануға келуіне халықтың рухани өрлеуі бірден-бір себепші болса, осынау «алдыңғы толқын - ағалар, кейінгі толқын - інілердің» бел ортасында жүрген өз замандастары арасында әдебиеттану мен сынға елеулі үлес қосқан, сондай-ақ проза, фольклор, аударма салаларында да еселі еңбек еткен таланттардың бірі - Белгібай Шалабайұлы Шалабаев еді.

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Белгібай Шалабаев (1911-1990) өзінің бүкіл саналы өмірін туған әдебиетіміздің тарихын зерттеуге арнап, оның ғасырлар бойғы даму, қалыптасу, кемелдену кезеңдерін ашып зерделеуде айтарлықтай үлес қосты. Алайда ғалымның сан салалы, алуан арналы әдеби-сын, ғылыми-зерттеу, әдеби-публицистикалық, көркем-аударма еңбектері мен ғылыми-творчестволық қызметі әлі күнге дейін жеке зерттеліп өз бағасын ала қойған жоқ. Ғалымның шалқар әдеби мұрасы оқырманға толық танылып бітпеген. Оның азаматтық, қаламгерлік тұлғасы, сыншылық, аудармашылық даралығы, еңбектеріндегі толғамды ойлары мен жаңалықтары, шығармашылық шеберлігі жете зерттелмеген. Сыншының қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі әр кезде еске алынғанымен, сол үлестің аты аталып, түсі түстелген емес. Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін өркендетуге сіңірген еңбегі ауқымды болса да, әлі күнге ғылыми бір жүйеге түспегендігі оның ғылыми-сыншылық, көркем және публицистикалық мұрасын жинақтай отырып, жан-жақты зерттеудің қажеттігін айқындай түседі. Ғалым өмірінен деректер мол болғанымен, сыншылық мұрасының қазақ әдебиетінен алатын орнын зерттеу қажеттілігі ұлттық әдебиетті дамытудың жалпы проблемаларынан туындайды. Сол себепті ғалымның өмірі мен шығармашылығын арнайы зерттеудің мәні зор.

Әдебиет - үздіксіз даму үстінде болатын, үнемі жаңарып отыратын өнер түрі. Оның өсіп-өркендеуіне, қанат жаюына барша талант иесі, барлық жанр ат салысатыны белгілі. Қазақ әдебиетінің бұрылыс-бұралаңы мол, қиын да күрделі өсу жолында өзіндік үлесімен із қалдырған қаламгерлер баршылық.

Әдебиеттану ғылымында жемісті еңбек еткен қаламгерлер шоғыры, «еңбек торысы», ғұлама ғалымдары атанған Б. Кенжебаев, Қ. Жұмалиев, Т. Нұртазин, Ә. Тәжібаев, М. Қаратаев, Е. Ысмайылов, М. Ғабдуллин, А. Нұрқатов секілді т. б. көптеген талантты ғалым, қаламгерлермен қатар Б. Шалабаев та сонау отызыншы жылдардан бастап әдебиетке аса бір ерен ынтызарлықпен белсене араласып, бар білімі мен қабілетін жастарды тәрбиелеу мен әдебиетті дамытуға қалтқысыз арнауды мақсат тұтты. Сол ізгілік жолында әдебиеттану ғылымында аянбай қызмет етіп, ақыл-ой, парасатымен бауыр бастырып үлгерген көптеген ғылыми еңбегін жазып қалдырды да. Қазақ әдебиеттанудың дамуына сүбелі үлес қосып, әдебиеттер байланысы проблемасының қайнар бастауында тұрған әдебиетші-ғалым Б. Шалабаевтың өмір жолы мен ғылыми қызметіне көз салғанда, қазақ тарихының ұлы өзгерістерінің көп қырларын аңғарамыз.

Ұлттық тарихи сананың әліппесі - әдебиет! Әдебиет болғанда халқының болмысын тал бесіктен таратып, адамның талбойына біткен сымбаты мен жан-дүниесін нұрландырған қымбатын асылтастай аршып, қырлап-қырнап, толықсытып көзге тосатын әдебиет сыны.

ХХІ ғасырға аяқ басқан қазақ әдеби сыны жан-жақты өсіп, жанрлық-стильдік жағынан жетілген, мақсат-мұраты мен атқарар қызметі айқындалған, кез келген елдің әдебиет сыны саласымен иық теңестіре алатын, кей сәтте талдау мен ой-толғау жағынан ағалық жасайтын парасатты да байсалды, салмақты да салиқалы сипатымен ерекшеленеді. Ол - «әдебиеттік ғана емес, ең алдымен әлеуметтік мәселелерді сөз етуге тиіс сөз өнерінің философиялық сипаттағы күрделі түрі» [25, 342] дәрежесіне дейін көтерілді.

Бүгінгі сыншылар көркем шығарманы талдау барысында бірыңғай туындыдағы образдар галереясын, кейіпкерлердің сомдалу жайын, мазмұндық-пішіндік ізденістерін ғана қарастырумен шектеліп қалмай, «жазушы концепциясын тап басу, жазушы мен оқушыға уақыт рухына сай концептуальды идеялар ұсыну, қоғамдық, адамдық құбылыстардағы әлеуметтік салдардың себебін ашу» [25, 342] секілді сапалық асқарларға қол жеткізгенін дән-ризашылықпен атауға болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Баспасөз және сын
Еңбекті толық оқыту немесе арнайы оқыту
Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы
ХХ ғасырдағы қазақ баспасөзіндегі кітап сыны және жарнамасы
М.қаратаев - әдебиет сыншысы
Рецензияны журналистика жанры ретінде қарастыру
Эстетикалық, әдеби ой-пікірлердің тууы, даму тарихы мен кезеңдері. Әдеби шығармашылық және әдебиет теориясының методологиясы. Қазіргі әдебиет теориясындағы ғылыми ағымдар
Қазақ тілі газеті
Тарихи поэтиканың әдебиет теориясы және әлем әдебиеті тарихынан арақатынасы
Қазақ әдебиет тарихын қай дәуірден, кімнен бастау керек деген мәселеде
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz