ӘСКЕРИ ОРТАДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ТҰРАҚТЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІ


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІ КОМИТЕТІ

ӘСКЕРИ ИНСТИТУТЫ

Курстық жұмыс

Тақырыбы:

ӘСКЕРИ ОРТАДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН

ТҰРАҚТЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІ

Орындаған - ҚР ҰҚК Әскери институтының 215 ШОЗ курсанты Сағынтаев Б. Қ.

Ғылыми жетекшісі - ҚР ҰҚК Кәсіби тіл дайындығы кафедрасының аға оқытушысы, ф. ғ. к. лейтенант Мамаева Г. Б.

Алматы, 2007

Мазмұны

Кіріспе -

І тарау. Әскери іс қимылға байланысты фразеологизмдер

1$. Тұрақты тіркестердің әскери ортадағы маңызы

2$. Батырдың мінез-құлқын фразеологизмдермен суреттеу

3$ Ұрысқа, қару-жараққа байланысты фразеологизмдер

ІІ тарау. Әскери тақырыптағы мақал-мәтелдер.

1$ Мақал-мәтелдерге анықтама

2$. Әскери ортадағы мақал-мәтелдердің қолданылуы

3$ Отан, ел туралы мақал-мәтелдер

4$ Ерлік пен батырлыққа байланысты мақал-мәтелдер

Қорытынды -

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі -

Кіріспе

Курс жұмысының өзектілігі. «Өнер алды - қызыл тіл» дейді халық. Арғы замандарда есті уәжбен «екі еліктің баласын телітіп» аталы сөзге астындағы жалғыз атын түсіп Берген ұзақ сонар қилы тарихтың қиын-қысталаңдарында орда бұзар батырларымыз, қалың тауға ақ алмастай қайрап салар аруақты ақындарымыз қоян-қолтық жүріп қайрат көрсеткін-ді. Қарапайым қара сөздің құдіреті өте күшті екенін бәріміз де білеміз. Осы курс жұмысының өзектілігі сол сөзде пайдаланылатын мақал-мәтелдерден тұрса керек.

Мақал дегеніміз тақпаққа жақын, салт-санасына сәйкес айтылатын пікірлер. Тақпақтан көрі мақал маңызды, шынайы келеді. Мәтел дегеніміз кезіне келген кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Курс жұмысын жазудағы мақсатым - дана да шешен халқымыздың бай сөз өнерін әскери ортада жаңғыртып, ұмытылып, сөздік қолданыстан шығып бара жатқан тұрақты тіркестердің (мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің) ерте замандағы өз орнын көрсете отырып, оларды тақырыптық құрылымға бөліп, әрқайсысының мән-мағынасын түсіндіріп, ашу. Жаңа заман талабына сай қазіргі әскери ортада терминдер мен кәсіби сөздер тұрақты тіркестердің орнын алып жатыр. Осы терминдер мен кәсіби сөздермен ресми қарым-қатынас жасалынып, ал әскери қызметшілердің ауызекі сөйлеу тілінде кірме сөздер, жаргондар мен басы артық варваризмдер қолданыста жүр. Осы жұмысты жазу барысында әрбір әскери қызметшінің өз тіліне деген құрметін арттырып, осы тіліміздің бай мұраларын өз ретімен ауызекі сөйлеу тілінде қолдануына мүмкіндік жасаудың ретін ойладым. Себебі, кейбір мағынасы ұмытылған тұрақты тіркестерді түсінбей, қолданыстан шығып жататыны белгілі. Осылардың мағынасын ашуға тырысып, курс жұмысын екі бөлікке бөліп, яғни, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің мағынасын аштым.

Жұмыстың құрылымы. Курс жұмысы екі тараудан тұрады. Бірінші тарауда әскери ортада қолданылатын тұрақты тіркестер, яғни яразоеологизмдер қарастырылған. Олар бірнеше тақырыптарға бөлінген: батырдың мінез-құлқын білдіретін, ұрысқа, қару-жараққа қатысты фразеологизмдер. Екінші тарауда әскери тақырыпқа қатысты мақал-мәтелдер қарастырылған. Олар да тақырыптық жағынан мынадай бөліктерге бөлінеді: ел, отан туралы; ерлік, батырлық туралы мақал-мәтелдер. Курс жұмысын жазу барысында көптеген оқу құралдары пайдаланылды.

І ТАРАУ. ӘСКЕРИ ІС ҚИМЫЛҒА БАЙЛАНЫСТЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР

1$. Тұрақты тіркестердің әскери ортадағы маңызы

Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тіліміз - қазақ тілінің өркендеп дамуының бірден-бір себебі - қоғамымыздың барлық салаларында (ғылымда, саясатта, т. б. ) қолданылу өрісінің кеңеюі. Әсіресе, қызметкерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін бақылап отыру, ғылыми терминдер мен кәсіби сөздерді қазақ тіліне көшіру, ресми құжаттардың қазақ тіліне аударылу процесі өсу үстінде. Әрине, бұлардың барлығы қоғамымызға, өркениетті мемлекетімізге қажетті проблемалар. Дегенмен, ана тілімізді қайтарып, оның қолданылу өрісін кеңейту іс-шараларында қалыс қалып отырған мәселе - күнделікті қарым-қатынаста, ауызекі сөйлеу тілінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан рухани тілдік байлықтарымыз - мақал-мәтелдердің, фразеологизмдердің, қанатты сөздердің қолданыстан шығуы. Жаңа заман ағымына сай қазіргі тәрбиелі азамат қазақ тілінде болса да тек кірме терминдермен, кәсіби сөздермен сөйлесуге тырысады. Бұл - әрине, қынжылтатын мәселе. Осы проблеманы көтеру мақсатында мен осы тілдік рухани байлығымыздың бірі - тұрақты тіркестердің әскери қызметтегі орны, ролі, маңызы туралы баяндамамды сіздерге ұсынбақшымын.

Еліміздің құт-берекесі қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан батырларымыз қол бастағанда тек «ер қаруы бес қарумен» айқасуды ғана меңгермей, «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, қажет жерінде қара тасты қақ айырып түсетін от ауызды, орақ тілді шешен болған. Батырларымыз еттен өтіп сүйекке жететін сөз, ұран айтқанда, оған ата жаудың өзі де қылыш көтермеген. Олардың әрбір сөзі сарбаздардың бойына игі қасиеттер дарытып, елі, жері үшін жау алдына өлімге басын тігуге итермелеген. Қазақ халқының әскери шешендік өнердің мақсаты - жауынгерді ұрысқа дайындау болды. Ұрыста әрбір жауынгерден әскерлердің жеңіске жетуі үшін өзін құрбандыққа шалуды талап етті. Қолбасшысының еттен өтіп, сүйекке жететін сөздерінің дені - осы тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерден тұрған. Яғни, қолбасшылардың қолданысындағы негізгі тілдік бірліктер - тұрақты тіркестер деп айтуға болады.

Тіл-тілдің өзіне лайық ұлттық қасиеті оның тиянақты сөз тіркестерінен де көрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде сөз байлығы деген топқа осы фразеологизмдерді жатқызуға болады. Тілімізде көкейге қонымды, көркем, орамды алуан түрлі тұрақты сөз тіркестері көп. Осы тіл қазынасына жататын қат-қабат тіркес, тізбектерді батырларымыз орынды пайдаланған.

Қазіргі заманда әскери ортада осы тұрақты тіркестердің дені ұмытылып, қолданыстан шығып барады. Себебі, әскери ортада әскери қызметшілердің сөйлеу ерекшелігі Қарулы Күштерінің алдына қойылған міндеттерге, әскери ұйымның ерекшелігіне, әскери қызмет атқаратын жағдайларға байланысты. Яғни, қазіргі әскери шешендік өнер Әскери жарғыға сәйкес, нақты тиянақты ойды білдіретін, белгілі бір тәртіппен жүретін жаттанды тілдік қолданыстарға (бұйрық, мәлімет, т. б. ) негізделген десе де болады. Әрине, әскери тәртіпке сай қарым-қатынас жасаудың тиімді тұстары да бар. Ол - жауынгерлерге жігер, қайрат беретін нақты жарғылық бұйрықтар мен әмірлер. Бұл процесстің теріс жағы - әскери қызметшілердің ауызекі сөйлеу тіліндегі сөздік қорын тарылтып, күнделікті қолданыста тек жаттанды әскери терминдер мен кәсіби сөздерді, әдеби тілдегі жалпы қолданыстағы сөздерді қолдануына жағдай туғызады. Ал тұрақты тіркестердің қолданылу өрісі тарылтып, қолданыстан шығарады. Олардың көнерген варианттарын қайта жаңғыртып, тілдік қолданысқа енгізсек, ата-бабамыздан қалған тілдік рухани мұрамызды сақтап қалуымызға өзіндік септігін тигізері сөзсіз.

2$. Батырдың мінез-құлқын фразеологизмдермен суреттеу

Өмірі жау шапқыншылығында өткен халық елін, жерін қорғайтын батырлардың болғанын аңсаған, армандаған. Оларды жырға қосып, ел қорғаған батырлар туралы аңыз-әңгімелер, ертегілер ойлап тауып отырған. Сол фольклорлық шығармаларда батырлардың тұлғаларын түрлі тұрақты тіркестермен сипаттаған.

Көкжал бөрі - қайсар, батыл.

Бөрі бет батыл - қайсар, қауіпке қарсы тұратын адам.

Бұл тіркестің шығу этимологиясына баса назар аударсақ, мұндағы “бөрі” сөзінің өзі эпитет түрінде келіп тұр, яғни батырды “бөріге” теңеп тұр. “Бөрі” ұғымы қазақ халқы үшін ерекше бір орын алады. Себебі, көне түркілер “біз көк бөріден тарағанбыз” деп, өздерінің бөрінің ұрпақтарына санаған. Бұл жайлы аңыз да бар. “Ертеде бір тайпаны түгелдей жау қырып-жойып, кәрі-жасын қанға жосап кетеді. Сол қырғында бір кішкене бала аман қалады. Ол сәбиді бір көк бөрі асырап, өзінің балаларымен бірге тәрбиелейді. Сол бала есейіп, жігіт болып, сол бөріден ұрпақтары тарайды. Бөріден тараған сол ұрпақтар - түріктер екен”. Сонымен қатар, түркі дәуірінде жаугершілік заманда жауынгерлер өз туларына бөрінің суретін салып, таңбаларында бөріні бейнелеген.

Қасқыр жүректі - беті ештеңеден қайтпайтын батыл, қайсар, жүрек жұтқан.

БҰл тұрақты тіркестің пайда болуының себебін біз мынадай дәлелдерден көреміз. Қасқырдың ерекше бір қасиеті - оның бірбеткей, өжеттігі. Бөрі ешқашан адамға бағынған емес. Оны хайуанаттар паркінде бөрінің ұсталмайтынынан білуге болады. Сондай-ақ, бөрі - ешқашан адамға үйретілмейтін аңның бірі. Керек десеңіз, аңдардың патшасы арыстан да циркте үйретілетін аң болса, бөріні әлі ешкім үйрете алмаған. Бұл бөрінің жабайы, қолға ешқашан үйренбейтін, ешкімге бағына алмайтын аң екенін білдіреді. Содан бұл аңмен теңесітіріліп, қазақтың батырларын “Қасқыр жүректі” деп атауы мүмкін.

Арыстан жүректі - қаймықпайтын, тайсалмайтын, өжет.

Қазақ халқының бір ерекшелігі - барлық батырларын, қаһармандарын, ер-азаматтарын аңдармен теңейтіндігі. Аңның ішінде ең күштісімен, жабайы түрімен теңестіреді. Батырларды қасқыр, бөрілермен қатар “аң патшасы - арыстанмен” де теңейді. Батырдың өжеттігін, қаһармандығын білдіру үшін оны арыстанның жүрегіне, қайсарлығына балау керек.

Нар атандай / нар еді/ нарға жүгін салғысыз - өте күшті, қайратты.

Атан жілік, арқар мүйіз - қуатты, айбарлы.

Бұған қосымша, қазақ халқы ер-азаматтарының батырлығын, қаһармандығын суреттеу барысында тек аң-құс аттарын ғана емес, мал, жан-жануарлардың барлығының атарын суреттеу барысында қолданған. Бірақ оларды қолданудың өзіндің тиесілі реті де болған. Мәселен, ешкі, тоқты, сиыр сияқты түліктің түрлері жағымсыз кейіпкерді сипаттау кезінде пайдаланылса, “атан түйе”, “нар”, “жүйрік тұлпар” сөздері нағыз батырларды суреттеуге қызмет еткен. Бұл тұрақты сөз тіркесінде нарды тірек сөз қылып алудың да өзіндік себебі бар. Себебі, төрт түліктің ішінде ең ірі, аса күшті мал - түйе. Сондықтан батырдың сыртқы келбетін сипаттау барысында осы нарды сипаттау әдетке айналған.

Еңіреп тұрған ер - ел қамын ойлаған адам.

Бұл тіркестегі “еңіреп” сөзі - жылап, көз жасын бұлап деген мағынаны береді. Бұл тіркестің бөрі бет батырларға қажеті қаншалық керегі болды екен деген сұраққа жауапты іздеп көрелік. Бұл тіркестің алдында “ел үшін, халқы үшін, Отаны үшін” деген сөздер түсіріліп қалып отыр. Яғни, бұл тіркестен біздің батырлардың “ел үшін жылап, көз жасын төкті” деген мағынаны түсінуіміз мүмкін. Дегенмен, мұндағы “еңіреп” сөзі ауыспалы мағынада “елдің жағдайын ойлады, соның қамы үшін күресті” деген мағынаны береді. Себебі, еңіреу, жылау, көз жасын көл қылу ер-азаматтарға тән қасиет емес. Бұл сөз әсірелеу, сөзге эмоциялық реңк беру үшін айтылғанын байқауға болады.

Сонымен қатар қазақ тілінде батырларды жүрекке теңейтін бірнеше тіркестер кездеседі. Олардың реті мынадай:

Жүрек жұтқан - еш нәрседен қорықпайтын ер азамат.

Жүрегінің түгі бар - ер, батыр, батыл кісі, еш нәрседен таймайтын адам.

От жүрек - батыл, қайсар.

Өр жүрек - батыр.

Жау жүрек - батыр, қайсар.

Ер жүрек - батыл, қайсар.

Мұндағы бірінші “жүрек жұтқан” тұрақты тіркесі ауыспалы мағынаны беріп тұр. Яғни, соғыс, шайқас кезінде кез-келген ұрыстан қорықпайтын, қайсар батыр дегенді білдіреді. Бұл тіркесті тек батырларға қатысты емес, барлық адамзат атаулыға (әйелдерге, еркектерге, қартарға, балаларға) қатысты айта береді. Бұл тұрақты тіркестің этимологиясы - жаудың жүрегін түбімен жұтып алуға дейін батырларға қатысты болуы мүмкін. Кезінде жоңғар, қалмақ, моңғолдармен болған шайқаста, Шыңғысханның батырлары өз жауын жеңген соң, оның жүрегін кесіп алып, жұтып жіберетін дәстүрі болған. Бұл дәстүрдің ізін Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясынан байқауға болады. Мұнда Шыңғысхан әскерінің қазақ жеріне шабуыл жасап, елді қан-жоса қылғанда, елі үшін еңреп жауға шапқан батырларды ұстатып, басқаларға үлгі болсын деп жүрегін батырларына жегізген. Бұл анайы дәстүрді І. Есенберлин еш жасырмай суреттеп берген.

Бұл тұрақты тіркеске ұқсас “Жүрегінің түгі бар” тұрақты тіркесінің этимологиясы ту заманнан, яғни жоңғар шапқыншылығынан басталады екен. Оның халық былай жырлайды: “Ерте заманда жоңғарлар қазақтың кең байтақ даласының шетін басып, шабуылын бастаған кезде қазақ елінің шетіндегі бір ауылға жоңғарлар шабуылын үдеткен екен. Сөйтсе, сол ауылдың қайтпас, қайсар бір ұлы бар екен. Ол өзінің ерлігімен шар-тарапқа аты шыққан батыр екен. Осы батыр елдің шетіне де жоңғарлардың аяқтарын бастырмай, төтеп, жалғыз өзі тойтарыс беріп отырған екен. Жоңғарлар осы батырдың ержүректігіне қайран қалыпты. Біл батырмен жоңғарлардың соғысы бірнеше айға созылған екен. Артынан батырмен шайқасуға шаршаған жоңғарлар, оны айламен қолға түсірмек болады. Ел ішінен кейбір арамзаларды тауып, жоңғарлар қалай дегенмен сол батырды қолға түсіреді. Қолға түскен батырды әбден қинап, қорлайды. Бәрібір де батыр дес бермеген екен. Сонда жоңғарлардың ханы қазақ батырының жүрегін жұлып алып, ортасынан қақ бөлген. Жүректі бүкіл елге көрсеткен екен. Сонда жүректің ортасында бір қылшық болыпты. Сол қылшық түк болып тұрып қалған. Содан халық бұл қазақ батырының батырлығы жүрегінің түгінде екен деп түсініпті. Кейін батырынан айырылып қалған қазақ халқы бұл оқиғаны ел аузынан естиді”. Содан осы тұрақты тіркес пайда болады.

Жау жүрек - батыр, қайсар.

Бұл тұрақты тіркестен “жау” сөзінің мағынасының мұнда қажеті қанша деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл тұрақты тіркесте, біздіңше, “жау қарсы жанын пида ететін адам” деген мағынаны білдіруі мүмкін. Яғни бұл тіркесте қалған сөздері түсіріліп, қысқартылып, тұрақты тіркестің шағындығына, ықшамдығына орай тек жау сөзінің қолданылуы мүмкін. Ал “жүрек” сөзі бұл тұрақты тіркесте қандай мағына беруі мүмкін? Мұнда жүрек деп “батырға” теңелген сөзді білеміз. Себебі, барлық мақал-мәтелдерде “жүрек” сөзі жиі кездеседі. Бұл “жүрек” сөзінің “адам” сөзінің орнына актив түрде қолданылатынын білдіреді. Сондықтан, біз бұл “Жау жүрек” тұрақты тіркесінен “жауға қарсы тұратын, жаудың бетін қайтаратын қайсар, батыр адам” ұғымын түсінеміз.

“От жүрек” тұрақты тіркесінің “от” сөзі көптеген тұрақты тіркестерден кездестіруге болады. Мәселен, “от ағасы”, “от алу” тұрақты тіркестері. Бұл тіркестердегі “от” сөзі мен “от жүрек” тұрақты тіркесіндегі “от” сөзі мағынасы жағынан бір-бірінен алшақ сөздер. “От жүрек” тұрақты тіркесіндегі “от” сөзі “батыр, ештеңеден тайсалмайтын, қайсар” деген мағынаны білдіреді. Себебі, от әрқашан қызуы мықты, ыстық болады. Осы “ыстық оттың” “қайсар”, “батыл” сөзімен ассосацияланып, орнына ауысып, эпитет болып келуі мүмкін. Сондықтан, “от” сөзі “батыр, ержүрек” сөзімен синонимдес болады.

Қас батыр - нағыз ер жүрек.

Бұл тұрақты тіркестегі “қас” сөзі әрқашан тұрақты тіркестерде кездеседі. Мәселен, “қас сұлу”, “қас жау”. Кейбір тіл зарттеушілерінің айтуынша, “қазақ” сөзінің этимологиясы бойынша, бұл сөздің бірінші буынындағы “қас” сөзі “нағыз” деген мағынаны береді де, “сақ” сөзі кәдімгі сақ тайпалары туралы айтылған. Сондықтан, “қас” сөзі барлық сөздермен тіркескенде “нағыз” деген мағынаны беріп отырады. “Қас батыр” тұрақты сөз тіркесінің тура мағынасы “нағыз батыр болмақ.

Еркек туды - батыр, ер туралы.

Бұл тұрақты сөз тіркесін оқыған адам бірден еркек адамның туғанымен байланысты сөз шығар” деп ойлауы мүмкін. Мұндағы “туды” сөзі ауыспалы мағынада айтылып тұр. Ертеде ерлердің арасында шайқастарда, ұрыста көзге түсіп, жаудың шебін бұзып, оларға төтеп беріп, жау қолын шығынға ұшыратып, ерекше ерлік көрсеткен адам болса, жеңіспен қайтқан әскер оны қолпаштап, жоғары көтеріп, “еркек туды” деп атаған болатын. Яғни, “еркек туды” тұрақты сөз тіркесі “арамыздан жаңа батыр шықты” деген мағынаны берген.

Есіл сабаз - ардақты, асыл азамат.

Жалаң төс, жүнді балақ батыр - сом кеуде, бура сан алып, ер жүрек батыр.

Ортан қолдай - мынау деген мықты.

Сайып қыран - беті қайтпайтын батыр.

Мыңға жалғыз болмайтын - батыр, ер жүрек.

Найзаға (сүңгіге) жау міндірген ер - жауын найзамен түйреген, асқан ер.

Кеуде соғар батыр - мен мұнда деп, төс ұрып шығар өр кеуде батыр.

Көзсіз ер - хауіпті жол, қатерлі іске бастайтын ер.

Қайыспас қайсар - табанды, төзімді.

Жаудан қайтпайды/ табаны таймайды - жеңілмейді, беті қайтпайды, дұшпанынан тайсалмайды.

Жауырыны үлкен қақпақтай, айдары үлкен тоқпақтай - жауынгер, балуан денелі кісі туралы.

Жеке батыр .

Көне. - үлкен, дара шыққан батыр (бұл тіркес эпостарда, батырлық ертегілерде жиі кездеседі. Тегінде жеке сөзі моңғолдың «иеке» үлкен деген сөзі болуы мүмкін. Бұл сөз келе-келе дара, жалғыз деген мағына алған) .

Қайраты қара тастай - күшті, қарулы адам.

Қауға тиген өрттей - тым екпінді, қайсар, алғыр кісі («қау» - құрғақ, тұтанғыш өсімдік) .

Бұдан басқа батырдың психологиялық мінез-құлқын жан-жақты сипаттайтын тұрақты тіркестердің дені көп кездеседі:

Батыр аңқау (аңғал) - батырлар аңғарт, қамсыз келеді деген мағынада.

Батыр болсаң, бопсаға шыда - ер болсаң, сырттай жасалған сеске шыда, қандай қиындық болса да төзіп бақ.

2 . Батыр жауға қарсы шапқанда да халық олардың жауға қарсы баруын, өлімге бет байлауын белгілі тұрақты тіркестерді қолдана отырып, әсерлеп сипаттап отырған:

Ереуіл атқа ер салды - жаугершілікте елін қорғауға аттанды, жортуылға шығуға сай тұрды.

Ат сауырын берді - атқа мініп, соғысқа шығар шақ.

Жанын қатерге тікті - ажал аузында жүрді, басын өлімге байлады.

Жанын құрбан қылды/ жанын отқа салды/ жанын отқа тікті/ жанын кешті/ жанын қиды - басын тікті, өзін садаға етті.

Жанын шүберекке түйді/ шыбындай жанын шүберекке түйді - өлімге бас байлады.

Кеудесін тосты - жанын қиды, басын тікті.

Басын оққа тікті - өлімге басын байлады.

3 . Ерлердің елін қорғағандығын, халықтың тыныштығын сақтағанын да нақты тұрақты тіркестермен берген:

Ел іргесін сақтады - еліне тыныштық орнатты

Ат үстінде күн көрді - жортуылда, жорықта, ер үстінде жүржүрді

Қолынан намыс бермеді -жеңілмеді, нағыз қайсарлық көрсетті.

Бұл тұрақты тіркестерді әскери бөлімдерде жүргізілетін тәрбие жұмыстарында қолданса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, тәрбиеші әдетте белгілі бір адамдар, ірі тұлғалар, халық батырлары, қазақ офицерлері туралы әңгімелеу барысында батырлардың ерлігін сипаттайтын теңеулер, метафоралар таппай, қиындыққа тіреледі. Осы тұрақты тіркестерді офицерлер тәрбие жұмысында орын-орнымен пайдаланып, қолданыстан шығармаса, жауынгерлердің де сөздік қорына еніп, әскери ортада өз орнын табар еді.

3$ Ұрысқа, қару-жараққа байланысты фразеологизмдер

4 . «Соғысты» және «жеңді», «шабуылдады» сөзімен синонимдес тұрақты тіркестер де жиі кездеседі:

Қан кешті - кескілесіп соғысты, арпалысты

Найзасын жауға тіреді - қарсы тұрды, жауға шапты

Сырық ойнатып, сырмағын жүндей түтті - шауып алды

Қанжығасын қандады - жауды ойсырата жеңді, қырды

Босағасын шапты - жауласты, шаңырағын ортасына түсірді

Ел шапты - жаулап алып, талан-таражға салды

Жай оғындай атылды - шаншыла тұтқиылдан шабуылдады

Басын айдауға, малын талауға жіберді - шапқыншылыққа ұшыратты

Жауды алды - дұшпанын қиратты, жеңді

Жау жағадан алды - шабуыл жасады, соғыс ашты

Бұл тұрақты тіркестердің денін ұрыс тактикасы сабағында оқытушыларға қолдануға болады. Ұрыс тактикасындағы әскери терминологияда бұл тұрақты тіркестерге мағыналас терминдер (ұрыс, шабуыл, қарсы ұрыс, т. б. ) көп. Бұл тұрақты тіркестер сол терминдермен қатар қолданыста қалыптасып, әскери қызметшілердің күнделікті тілдік қолданысында айтылып тұрғаны дұрыс болар еді деп есептеймін.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Реалияның аудармасы
Қытай тілі жөнінде
Дипломатиялық терминдер жүйесінің қалыптасуы және дипломатия тілі
Сленг сөзі ағылшын тіліне енген сөз
Қазақ ресми-іс қағаздар стилінің тілі және дамуы
Тіл экологиясының қалыптасуы
Қазақ тіліндегі атаулық тіркестердің қалыптасуы мен жасалу жүйесін, модельдерін, уәжділік негізі мен семантикалық құрылымының өзіндік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерттеу
ТАБУ МЕН ЭВФЕМИЗМДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Ағылшын тіліндегі жаргон сөздерінің шығу тарихы мен ерекшелігі
Сыр өңірі жазушыларының тіліндегі жергілікті қолданыстар
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz