Ұлттық руханилықты ерекшелейтін паремиялардың лингвомәдени көрінісі


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 30 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 81’373:111:512. 122:398. 91 Қолжазба құқығында

ИБРАЕВА МЕРУЕРТ БАЯНОВНА

Қазақ және ағылшын тіліндегі

паремияның руханилық көрінісі

10. 02. 20 - салыстырмалы-тарихи, типологиялық

және салғастырмалы тіл білімі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертация

авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы 2010

Жұмыс Инновациялық Еуразия университетінің қазақ филологиясы кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,

профессор Сағындықұлы Бекен

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

доцент К. К. Дүйсекова

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент С. Қ. Иманбердиева

Жетекші ұйым: Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университеті

Диссертация 2010 жылы «02» маусым сағат 14:00 әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д14А. 01. 22 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 050040, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы 71, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультеті, 312-дәрісхана.

Диссертациямен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы «30» сәуірде таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы,

филология ғылымдарының докторы Қ. К. Ахмедьяров

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу қазақ және ағылшын паремияларындағы ұлттық руханилықты лингвомәдени тұрғыдан саралап, оның айырмашылықтары мен ұқсастықтарын анықтауға арналған. Ұлттық руханилықтың табиғатын талдау лингвомәдениеттанудың өзекті мәселелерінің басын ашуға мүмкіндік туғызады.

Тіл біліміндегі антропоцентристік ұстаным бағыттары тілді тек тілдік құрылымдар аясында ғана қарастырып қоймай, басқа ғылым салаларымен ұштастыра зерттеу қажеттігін тудырғаны мәлім. Соған орай тіл біліміндегі бұрыннан қолданылып келе жатқан ұғым терминімен қатар, ұғымнан әлдеқайда кең мазмұндағы концепт термині қалыптасты. Біз зерттеуімізде ұлттық руханилықтың құрылымын ұғым ретінде қарастырдық.

Соңғы жылдардағы антропоцентристік парадигма аумағындағы лингвомәдени зерттеу бағытындағы еңбектерде «қоршаған әлемді тану» ұғымына байланысты қолданылып жүрген «дүниенің бейнесі», «әлем бейнесі», «ғалам бейнесі», «әлем суреті» тәрізді терминдердің белсенділігі артты. В. фон Гумбольдт: «Адам тілде өмір сүреді, тіл арқылы қалыптасады. Тілден тыс жатқан әлемнің барын сезген, білген адам сол беймәлім әлемді тілдің көмегімен игеруге ұмтылады» - деген [1, 12 б. ] .

Ғылыми жұмыста руханилық көрінісі лингвомәдениеттану тұрғысынан зерттелген. Лингвомәдениеттану мәселелері В. Н. Телия, В. В. Воробьев еңбектерінен бастау алып, орыс тіл білімінде Ю. С. Степанов, Ю. А. Сорокин, Т. З. Черданцева, Д. В. Ольшанский, В. А. Маслованың, қазақ тіл білімінде Н. Уәлиев, Г. Смағұлова, А. Алдашева, А. Ислам еңбектерінде қарастырылды. Бүгінгі күні лингвомәдени зерттеулер тілді танымдық әрекеттің жемісі деп қарастыру арқылы адам бойындағы ерекше табиғи қабілеттерге көңіл бөлуді мақсат етіп отыр.

«Тіл төңірегіндегі адам» мәселесіне Ю. Д. Апресян, Н. Д. Арутюнова, Ю. Н. Караулов, Ю. С Степанов, Г. Г. Почепцов, Е. В. Падучева, Л. Г. Зубкова, Э. Д. Сулейменова, Н. И. Гайнуллина, З. К. Ахметжанова, Б. Хасанұлы және басқа зерттеушілердің еңбектері арналса, адамның ішкі (сыртқы) жан дүниесі Н. Д. Арутюнова, А. Вежбицкая, А. Р. Лурия, Л. К. Пименова, С. Н. Виноградова, А. В. Кислицына, Л. Н. Лепихина, Е. А. Мошина, О. А. Терехова, Т. М. Филитович, Н. В. Хохлова тәрізді ғалымдардың еңбектерінде зерделенген.

Ұлттық таныммен қатар адамның да руханилығы ұлғайып, табиғи болмысының оралымдылығы арта түседі. Біздің мемлекетіміздің қазіргі кезеңінің дамуы үшін Қазақстан және шетел халықтары рухани дамуының негізін салушы болып табылатын мәдени және этникалық үдерістердің өзара байланысын зерттеу күннен-күнге маңызды болып келеді.

Рухани өмір - төтенше күрделі және көп жақты қоғамдық құрылым. Оған қоғамдық сананың, ойдың, идеялардың, көзқарастардың барлық түрлері, сондай-ақ ғылымның, өнердің құндылықтары, адамдардың көпшілік арасындағы мінез-құлық ережесінің нормалары, яғни рухани мәдениет деп аталатындардың барлығы кіреді. «Рухани дегеніміз - адамға ғана тән, адамды басқалардан ерекшелеп тұратын, олардың бүкіл тіршілік әрекетінен, қарым-қатынасынан, мінез-құлқынан көрінетін шынайы руханилығы» [2, 89 б. ] . Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ және ағылшын тіл біліміндегі қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі - антропоцентристік бағыттағы зерттеулер. Қазіргі кезеңде лингвомәдениеттаным мәселесіне қатысты көптеген зерттеу жұмыстары тілдегі ұлттық сипатты, ұлттық танымды, ұлттық рухты тануға, танытуға негізделген. Лингвистика ғылымындағы адамды мәдениет, тіл тұрғысынан саралау, оның ішкі дүниесіне, руханилығына, құндылықтарды бағалауына лингвомәдени тұрғыдан түсініктемелер бере отырып, лингвомәдени мәселелердің түйінін шешу бірден-бір өзекті ғылыми ізденістер қатарына енеді. Ұлттық құндылықтар жайлы мәдени деректерге көңіл бөлу аса маңызды мәселелердің бірінен саналады.

Руханилықты құрайтын «достық», «жан», «жақсылық пен зұлымдық» тәрізді ұғымдар тіл білімінде бөлек қарастырылған болатын. Осы ғылыми жұмыста ұлттық руханилықтың көрінісі лингвомәдениеттану тарапынан тұтас алынды. Руханилықты құрайтын негізгі ұғымдар - адамгершілік/kindness, қайрат/strength, ақыл/wisdom, намысқойлық/honour, ұят/conscience, сыпайылық/courtesy, достық/friendship, бауырмалдық/blood relations.

Қазақ және шетел халықтарының ұлттық дәстүрі мен салт-санасын, ой-өрісін сөз еткенде, халықтық психологияны, оның ішінде адамның жан дүниесінің тілдегі көрінісі - әсіресе қазақ халқына тән, өмірдегі әртүрлі жайттардан алынған ілімін бір-екі ауыз сөзбен ғана түйіндейтін паремиялардың маңызы зор. Адам жан-дүниесінің тілдегі көрінісі, яғни ой шындығы сөз арқылы көрінуі де паремияларда кеңінен бейнеленген.

Қазіргі лингвистикадағы лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика, антрополингвистика, психолингвистика сияқты бағыттардың белсенді дамуы тіл мен сөйлеу фактілерін халықтың ұлттық рухани құндылықтары мен дүниетанымы, ой әлемі және психикалық ерекшеліктерімен тығыз байланыста алып қарауға кең жол ашады. Біздің зерттеуіміздің осы бағытта болуы да оның өзектілігін көрсетпек. Әр социум өкілі, әр ұлт, әр тілдік тұлға дүние бейнесін өзінің ұлттық ерекшелігінде, жеке психикасында, мәдени деңгейіне, дүниетаным өрісіне қарай әрқалай қабылдайды.

Қазақстан қоғамының көп ұлттылық және көпдінділік жағдайында қазақ және ағылшын руханилығының әлеуметтік-мәдени көрсеткіштерін жаңа қырынан ұғыну, олардың менталитетінде, өмір салтында, дүниетанымында, этникалық ес пен өзін-өзі ұқсатуында өзара байланысып көрініс табуы өте маңызды болып отыр. Қазақ және ағылшын паремияларындағы руханилықты лингвомәдени аспектіде салғастырмалы түрде зерттеу тақырыптың өзектілігін танытады.

Зерттеу нысаны. Қазақ және ағылшын тілдік қорындағы ұлттық-мәдени ерекшеліктерді толық сақтаған ұлттық руханилық тақырыбындағы паремиялар.

Зерттеу пәні. Ұлттық руханилықты ерекшелейтін паремиялардың лингвомәдени көрінісі.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - руханилық тақырыбына құрастырылған қазақ және ағылшын тілдеріндегі паремияларды салғастыра зерттеу. Соның нәтижесінде екі елдің руханилық құрамын құрайтын ұғымдарды анықтау. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:

▪ паремиология мен антропоцентристік фактордың байланысын зерттеуге негіз болатын теориялық қағидаларды саралау;

▪ қазақ және ағылшын паремияларындағы ұлттық рухани лакуналарға негіз болған ұлттық мәдени деректерді лингвомәдени талдаулар арқылы айқындау;

▪ қазақ және ағылшын тіліндегі паремияларды лингвомәдени және танымдық тұрғыдан салғастырмалы түрде зерделеп, екі елдің ұлттық руханилық көрінісін анықтау;

▪ қазақ және ағылшын паремияларындағы ұлттық руханилықтың көріктеуіш тілдік тәсілдер арқылы бейнеленуін көрсету;

▪ ұлттық руханилықты «тіл және мәдениет» контексінде қарастырып, паремиялардың танымдық, таңбалық, бейнелілік сипатының ұлттық-мәдени негізін айқындау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Зерттеу жұмысында алғаш рет қазақ және ағылшын паремияларындағы руханилық мәселесі тұтас ұғым ретінде қабылданып, лингвомәдени тұрғыдан сараланды. Зерттеу барысында мынадай нәтижелерге қол жеткізілді:

▪ қазақ және ағылшын паремияларын зерттеудегі пікірлерді зерделеу осы бағытта шынайы теориялық қағидалар түзуге мүмкіндік берді;

▪ қазақ және ағылшын паремиялары антропоцентристік үдеріс негізінде қалыптасқан және ол, ең алдымен, адам бойындағы руханилық қасиеттерді сипаттауға арналғандығы тиянақталды;

▪ қазақ және ағылшын паремияларындағы лакуналарға негіз болған ұлттық мәдени деректер лингвомәдени талдаулардың жемісі екендігі көрсетілді;

▪ қазақ және ағылшын паремияларындағы руханилық көріктеуіш тілдік тәсілдер арқылы бейнелене берілетіні анықталды;

▪ «тіл және мәдениет» контексіндегі руханилық паремиялар когнитивтік, семиотикалық, экспресивтік сипатқа ие екендігі дәлелденді.

Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Қазақ және ағылшын паремияларының лингвомәдени және семантикалық ерекшеліктерін салыстыра зерттеу екі халық арасында паремиялардың орнын, өзара сипатын, елтанымдық мағлұматтарымызды, теориялық түсінігімізді тереңдете түседі. Зерттеудің нәтижелері мен тұжырымдары салғастырмалы паремиология, салыстырмалы типология, салғастырмалы лингвистика және салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдениеттаным салаларының дамуына өзіндік үлесін қосады. Сонымен қатар тұған ел мен басқа елдің мәдениетін түсініп бағалауға мүмкіндік туғызады және оны тереңдете зерттеуге кең жол ашады.

Зерттеудің практикалық мәні. Осыған сәйкес жүргізілген зерттеудің нақты талдау нәтижелері паремия ілімін толықтыра алады. Сондай-ақ, лексикология, семасиология, елтаным, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, контрастивті және компаративті лингвистика салаларының теориялық курстарын оқытуда және арнаулы курс/семинар жүргізуде өз үлесін қоса алады деген ойдамыз.

Материал ретінде 1300 паремиялар жиналды, оның ішінде қазақ тілінде - 700, ағылшын тілінде - 600.

Зерттеудің дереккөздері. Жұмыста руханилыққа қатысты когнитивтік, этнолингвистикалық және лингвомәдени тұрғыдағы ғылыми зерттеулер, паремия ілімін дәйектеуде әр жылдары жарық көрген жинақтар пайдаланылды. Атап айтқанда, қазақ-орыс-ағылшын тіліндегі М. Аққозин, Қ. Алпысбаева, О. Асқар, Г. Әлібеков, П. Әуесбаева, Т. Баймаханова, А. Байтелиева, Н. Байтулеуова, Ю. В. Бодрова, М. В. Буковская, Л. Васильева, С. И. Вяльцева, И. С. Гварджаладзе, З. И. Дубянская, А. Л. Гильбертсон, Ү. Кенесбаева, Б. Клиффорд, Т. Г. Кочинашвили, С. С. Кузьмин, А. В. Кунин, С. Кусковская, С. Қосанов, П. П. Литвинов, В. Модестов, А. Нұрғазин, М. Райдаут, Дж. Рональд, С. Сәкенов, А. Т. Смайлова, С. Уиттинг, Н. Утюшева, Н. Л. Шадрин еңбектері, 500 ағылшын мақал-мәтелдері және энциклопедиялық сөздіктер пайдаланылды. Сонымен бірге Macmillan Essential Dictionary, Longman Dictionary of Contemporary English, Oxford advanced learner’s dictionary of current English, the Longman register of new words сияқты елеулі сөздіктердің түсіндірмелері негізге алынды.

Зерттеудің әдістанымдық негізі. Жұмысқа батыс және шығыс европалық, орыс және қазақ тіл біліміндегі лингводидактикалық, лингвомәдени және танымдық бағыттағы еңбектер негіз болды. Мәселен, В. фон Гумбольдт, А. Вежбицкая, Г. Л. Пермяков, Ю. С. Степанов, С. Г. Проскурин, В. А. Маслова, Ә. Қайдар, Г. Ж. Смағұлова, Ж. Манкеева, А. Ислам, К. Дүйсекова сияқты ғалымдардың зерттеулері басты нысанға алынды.

Жұмыстың зерттеу әдістері. Қазақ және ағылшын паремияларындағы руханилықтың лингвомәдени аспектісін зерттеу салғастыру әдісін пайдалануды қажет етті. Сонымен қатар жұмыс барысында дәстүрлі сипаттау, семантикалық және лингвомәдени талдау әдістері тартылып, ассоциативті эксперимент қажеттікті өтеді.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

▪ зерттеу нысаны болған қазақ-ағылшын паремиялары әр халықтың өз өкіліне бағыштала отырып, адам бойындағы руханилық қасиеттерін сипаттауға арналған;

▪ лакуналық тіркестердің шығу төркіні мен лингвомәдени уәжінен ұлттық болмыс, ұлттық сана, ұлттық ерекшелік, ұлттық нышан, салт-дәстүр мен кәде-жоралғы көрініс береді;

▪ екі ел руханилығын адамгершілік/kindness, ақыл/wisdom, қайрат/strength, намысқойлық/honour, ар/ұят/shame, қонақжайлық/hospitality, достық/friendship, сыпайылық/courtesy, бауырмалдық/blood relations ұғымдары құрады;

▪ қазақ ұлттық руханилығының ерекше бір көрінісі - имандылық;

▪ қазақ-ағылшын тіліндегі руханилық көрінісін метонимия, синекдоха, теңеу, метафоралар тәрізді көркем тілдік құралдармен танытуға болады;

Зерттеудің жарияланымы мен мақұлдануы. Диссертацияның бағыт-бағдары, негізгі тұжырымдары мен басты нәтижелері 1 аймақтық және республикалық, 6 халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Атап айтқанда, «Павлодар облысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жолдары» (Павлодар, 2006), «Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы тіл саясаты: тәжірибелер, мәселелер мен перспективалар» (Астана, 2006), «Түркі тілдері және XXI ғасыр» (Павлодар, 2008), «Жаһандану және қазіргі замандағы университеттер» (Қарағанды, 2008), «Мемлекеттік тіл саясаты: аймақтық даму және қолданым аясы» және «Посткеңестік кезеңдегі саяси ғылымның қалыптасуы мен дамуы: тәжірибелер, проблемалар мен ізденістер (Павлодар, 2008), «Мәдениетаралық қарым-қатынас аясындағы лингвистика, шет тілін оқыту әдістемесі және әдебиеттану мәселелері» (Уфа, 2009) сияқты конференция материалдарының жинақтарында жарияланды. Диссертацияның мазмұны «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында (Алматы, №9, 2007), Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы (Астана, №3 (57), 2007) мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысында (Алматы, №2, 2008; №4 (120), 2009) мақала ретінде басылды. Сондай-ақ, жұмыстың қолжазбасы Инновациялық Еуразия университетінің қазақ филологиясы кафедрасы отырысында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы тіл білімі кафедрасы жанындағы лингвистикалық семинар мен кафедра мәжілісінде талқыланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі негізгі тарау мен қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымша берілді.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, жұмыстың негізгі мақсаты мен міндеттері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы анықталып, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар мен зерттеу жұмысының жарияланымы туралы мәлімет берілді.

« Паремиологияның қалыптасуы мен негізгі бағыттары» деп аталған жұмыстың бірінші тарауында паремия ұғымының тіл білімінде қалыптасуы, паремиологияның негізгі зерттеу мәселелері, паремиология және антропоцентристік фактор жөнінде ғылыми негіздемелер жасауға негіз болған тұжырымдар сөз болып, қазақ және ағылшын паремияларындағы ұлттық рухани лакуналар қарастырылды.

1. 1 Қазақ және ағылшын тіл біліміндегі паремиялардың зерттелуі. Паремиология - паремияларды зерттейтін лингвистиканың бір саласы. Оған мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, аңыз әңгімелер мен жұмбақтар кіретіндігі мәлім. Бұл гректің paroimia - притча, proverbium, parabola сөзінен пайда болған. Paroimia нақыл, өсиет әңгіме деген ұғымда жұмсалады. Н. Пазяктың айтуынша паремиология паремиографияның бір бөлігі болған, кейін мақалдың теориялық зерттелуіне байланысты бөлек бір сала ретінде бөлінген. Паремия термині 1960-70 жылдардан бастап ғылыми басылымдардың беттерінде көріне бастады. Зерттеушілердің кейбіреулері терминнің шегін кеңейтіп, оның қатарына паремиялардан басқа жұмбақтар, ырымдар және анекдоттар, ертегілер мен аңыз әңгімелерді де кіріктірді (Г. Л. Пермяков) . Басқа бір зерттеуші (Э. Я. Кокаре) паремияларға шек қойып, оған тек қана мақал-мәтелдерді, идиомалар мен фразеологизмдерді кіріктіреді. Ал В. И. Даль паремия ұғымы шығуының енді бір себебін дінмен байланыстырады. Паремия - ақыл үйреткіш сөз. Ол «Священные писания» атты діни кітапта жиі кездеседі.

Қазіргі ғылымда мақал мен мәтелдің мағынасы паремияның мағынасын білдіреді. Диссертациялық жұмыста алға қойған мақсатқа орай зерттеу нысаны ретінде тек мақал-мәтелдер қарастырылды.

Қазақ халқы сияқты сөзге шешен болмағанымен ағылшындарда да мақал-мәтелдер қолданылады. Ағылшын лингвистикалық зерттеулері бойынша мақал - proverb сөзінің тұп нұсқасы латынның proverbium яғни set of words put forth - commonly uttered profors және verbium word деген сөзінен шыққан.

Ағылшын тіліндегі паремиялардың ауқымды бір тобы қасиетті кітап Інжілге байланысты қалыптасқан. Халық арасында кеңінен таралып, көп оқылғандықтан Інжілдік тізбектердің ауқымды тобы тұлға тұрақтылығы, тіркес тиянақтылығы, мағына тұтастығы тәрізді белгілердің арқасында қолдануға даяр тілдік бірлікке айналған. Ағылшын паремияларының Інжілден кейінгі негізгі қайнар көзі - В. Шекспир шығармалары.

Паремияларға ықшамдалу құбылысы тән екендігі көптеген зерттеу еңбектерінде сөз болған. Паремияның тұтас және ықшамдылық формасына қарай А. А. Потебня «Из теории словесности» атты еңбегінде паремияны «алгебралық формула, өлеңнің мағыналық ортасы, оның лейтмотиві» деп атаған. Қазақ және ағылшын паремияларындағы ықшамдалу құбылысын салыстыра қарағанда, оның екі түрлі тәсілмен жүзеге асатынын байқадық: 1) сөздердің субстантивтену тәсілі; 2) паремиялардың құрамында кейбір сөздердің айтылмауы.

Паремиялардың құрамында кездесетін субстантивтенген сөздер өздерінің құрылысы жағынан мынадай топтарға бөлінеді: а) паремияның құрамында келетін кейбір жеке сөздің өзі ғана субстантивтенуі мүмкін. Мәселен, Жақсы жатырқамайды, жалқау жарытпайды немесе True blue will never stain . Мұндағы жақсы, жалқау, true, blue деген сөздер жеке дара күйінде субстантивтеніп тұр; ә) бірнеше есім сөздер өзара тіркесуі арқылы немесе есім-етістік тұлғалы сөздер есімше формалы сөзге тіркесуі арқылы күрделі субстантивтенген сөздер жасай алады. Мәселен, Аяғы кіші сүйгенін киер, аяғы үлкен сыйғанын киер ; Better unborn than untaught; Better untaught than ill taught; Better fed than taught . Осы паремиялық бірліктерде It is to be жасырынды түрде қолданылып өз қызметін атқарып тұрғаны анық көрінеді; б) субстантивтенген сөздің алдында анықтайтын сөз тұруы да мүмкін. Бұл сәтте субстантивтенген сөз есім сөздерден жасалады: Қас жаман қасындағысын қарақтайды; A descent from the sublime to the ridiculous is quick . Мұндағы қас, a descent сөздері өзінен соңғы сөзге анықтауыштық қызмет атқарып тұр; в) субстантивтенген сөз изафеттік тіркесте келсе, оның екінші сыңары, яғни анықталатын сөздері сын есім, сан есім, есімше, есімдік сөздерден болса, ол сөз әрқашан субстантивтенеді: Жалғыздың өзі өлгенмен, сөзі өлмейді; Beauty dies and fades away, but ugly holds its own .

Паремия құрамында айтылмай түсіп қалатын сөздердің мағынасы басқа бөліктердің семантикалық табиғатына байланысты айқындалады. Жіктеу есімдігінен болған бастауыш көбіне айтылмайды деуге болады. Бастауыштың айтылмай түсіп қалатыны қазақ тілімен қатар ағылшын тіліне де тән: Не ексең, соны орарсың; A cut above; Evil be to him who evil thinks; On one’s own head; It takes all sorts to make a world; Hate not at the first harm; The wisest, greatest, meanest of mankind.

Сол сияқты баяндауышы бұйрық райлы етістіктен болған паремия бастауышы да түсіріліп айтылады: Ғалым алдында аузыңды тый; Come back again like a bad half penny; Answer a fool according to his folly; Don’t make yourself a mouse, or the cat will eat you . Бұл ерекшелік етістіктің бұйрық райында тұрған сөздің семантикалық-синтаксистік құрылысына байланысты болады. Қазақ паремияларында баяндауыштың түсіп қалуы жиі кездеседі ( Асыл тастан, ақыл жастан шығады) . Ағылшын тілінде мұндай құбылысты кездестіре алмадық. Мұнда керісінше баяндауыш міндетті түрде қатысады: Ass in grain; Act the ass; Be wise behind the hand; As bold as brass . Екі-ақ септік болғандықтан шығар көбінесе атау септігіндегі паремиялар жиі кездеседі, оған қоса атау септігіндегі есім сөздер істің, қимылдың авторын білдіріп, ой екпіні соңынан келетін етістіктен болған баяндауышқа түседі және баяндауышсыз мүлдем құрылмайды: As the fool thinks, so the bell clinks .

Қазақ тілінде ілік септігінде тұрған жіктеу есімдігі айтылмайды. Ол мағынаны изафеттік құбылыста тұрған тәуелдік жалғауы жалғанған сөз білдіреді. Мәселен, (Оның) Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал. Дәл осы жағдайда ілік септігінде тұрған өздік есімдігі де айтылмай, мағынасын тәуелдік жалғауындағы есім сөз білдіреді: Арлы (өзінің) арына қараса, арсыз жеңдім дейді. Ағылшын тілінде керісінше ілік септігінде тұрған жіктеу есімдігі паремияда айтылады: Every man considers his own geese swans.

Паремияларды зерттеп-зерделеудің теориялық та, практикалық та маңызы жоғары. Олардың айрықша ерекшеліктеріне полилексикалық, идиоматикалық, дидактикалық және олардың таңбалығы сияқты қасиеттері жатады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ және ағылшын тіліндегі паремияның руханилық көрінісі
Қытай және қазақ тілдеріндегі мақал - мәтелдердің лингвомәдени ерекшеліктері
Қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдердің гендерлік сипаты
Этникалық менталитеттің көрінісіндегі ағылшын, орыс, қазақ парамеяларындағы фитонимдер
Ағылшын паремиология этникалық менталитет аспектісі ретінде зоонимдер
Қазақ-ағылшын тілдеріндегі гендерлік сипаттағы коммуникативтік бірліктер
Бақыт ұғымының теориялық негізі
Көркем аудармадағы баламасыз лексиканың берілуі
Міржақып Дулатұлы шығармаларындағы «Ғаламның тілдік бейнесі»
Түр - түс атауларының лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz