Телжан Шонанұлы және қазақ жерінің мәселесі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 55 бет
Таңдаулыға:   
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ТАРИХНАМА ЖӘНЕ ДЕРЕКТАНУ КАФЕДРАСЫ

БІТІРУ ЖҰМЫСЫ

ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ.

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..3

1-тарау. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫНЫҢ ТУЫП ӨСКЕН ОРТАСЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ САЯСИ ҚЫЗМЕТІ

1. Телжан Шонанұлының туып өскен ортасы мен дүниетанымдық
көзқарастарының
қалыптасуы ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ...9

2. Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық қызметі ... ... ... ... .14

2-тарау. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ - ҒАЛЫМ, ТАРИХШЫ.

2.1 Телжан Шонанұлының ғалымдық қырлары
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .23

2.2 Телжан Шонанұлы және қазақ жерінің мәселесі
... ... ... ... ... ... ... ... .31

ҚОРЫТЫНДЫ
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... 50

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .53

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Өткен ғасырдың басында еліміздегі қоғамдық-саяси
өмірде пайда болған тың құбылыс - ұлт-азаттық күрестің жаңа сапалы кезеңін
бастап берген ұлт зиялылырның тарих сахнасына көтерілуі болды. Тәуелсіз
қазақ мемлекеттілігін қайта қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш
қозғалысының қайраткерлері ұлт өміріне қатысты сан-салалы маңызды
мәселелермен айналысты. Қазан төңкерісінен кейін билікке келген кеңестер
үкіметі тұсында да қазақ зиялылары жаңа жағдайға бейімделіп, ұлт тағдыры
мен болашағы үшін аянбай еңбек етті. Дегенмен бірте-бірте барлық салада өз
биліктерін нығайтқан кеңестер үкіметі негізгі мақсаттары мен мүдделері
тоғыспайтын Алаш қайраткерлерін қудалау саясатын жүргізді. Олар халық
жауы ретінде айыпталып, тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргінге ұшырады.
Осылайша ұзақ жылдар бойы Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі бір
жақты бағаланып, оны зерттеу ісі тарих ғылымындағы жабық тақырыптар
қатарына жатқызылды. Алайда XX ғасырдың 80-ші жылдарының ортасынан бастап
қоғамдық-саяси өмірде орын алаған өзгерістерлің нәтижесінде арыстарымыздың
есімдерің қайта ортамызға оралуына мүмкіндік туды. Осылайша қазіргі
Қазақстан тарихы ғылымында тұтастай Алаштану бағыты бойынша іргелі
зерттеулер жүргізілді. Белгілі зерттеуші ғалымдар К. Нұрпейісов, М.
Қойгелдиев және т. б. зерттеулерінің нәтижесінде Ә. Бөкейханов, А.
Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай және т.б. Алаш қайраткерлерінің өмірі мен
қоғамдық-саяси қызметтерін жан-жақты зерттеу ісі қолға алынды. Дегенмен әлі
күнге дейін зерттеушілер назарынан тыс қалып келе жатқан, өткен ғасырдың
басында Алаш қайраткерлерінің қатарынан табылған, белгілі ағартушы-ғалым,
тамша тіл маманы Т. Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми мұрасын
тарихи тұрғыдан зерттеу ісі кенжелеп қалған еді. Осы тұрғыдан алғанда
Т. Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми мұрасын
зерттеу Алаш қозғалысының тарихын зерттеудің жаңа қырларын аша түсері де
сөзсіз.
Осы орайда, 1937 жылғы тоталитарлық жүйе құрбаны болған
Т. Шонанұлының есімі мен оның шығармашылық мұрасы 60 жылға
тарта мерзімде өткен тарихымыздың “ақтаңдақ” беттерінің қатарында болып
келгендігін, бұл тақырыптың заман талабына сай қайта талдау қажеттілігін
айқындай түседі.
Телжан Шонанұлы тәрізді тұлғаның қайраткерлігіне және еңбегіне
объективті баға беру, ұлттық тарихымыз үшін ғана емес, егемен Қазақстанның
жас ұрпағын рухани және саяси тұрғыдан тәрбиелеу үшін де керек.
Т. Шонанұлының өмір жолын, қоғамдық-ағартушылық қызметін зерттеуде
жасаған талпынысымыз – еліміздің тарихындағы осындай олқылықтардың орнын
толтыру бағытындағы алғашқы әрекеттің көрінісі. Сондықтан да біз зерттеп
отырған тақырып отандық тарихтың қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелерінің
бірі болып табылады.
Мәселенің зерттелу деңгейі. ХХ ғасырдың көрнекті ғалымдарының бірі
Телжан Шонанұлы жалған айыптармен “халық жауы” атанып, соған орай атылып
кеткен отызыншы жылдардың екінші жартысынан кейін оның қоғамдық-ағартушылық
және ғылыми мұраларын зерттеуге тиым салынды. Нәтижесінде жарты ғасырға
толар-толмас ғұмырының барлық қырлары арнайы зерттеуге лайықты Т.
Шонанұлының өмірі мен ағартушылық қызметінің толық ашылып зерттелмеген
тұстарының көп екендігі белгілі болып отыр.
Ғалымдар Т. Шонанұлының педагогикалық және әдеби-шығармашылық
қызметінің қырларын ашу бағытында біршама жұмыстар жасады. Соған орай Т.
Шонанұлы туралы зерттеулердің басым бөлігі оның қаламгерлік, педагогикалық
шығармашылығын баяндауға арналған. Ал Т. Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық
және ғылыми істері толымды жазылмай отыр. Бұл жағдайдың қалыптасуы тиісті
деректердің әлі де болса ғылыми айналымға түспеуіне байланысты болса
керек.
Еліміз егемендік алып, іргесін бекіткен тұста ғана тарихымыздың ақтаңдақ
беттерін ашуға мол мүмкіндіктер туды. Соған орай, мемлекет тарапынан 1990
жылы 13 тамыздағы КСРО Президумының “20-50 жылдардағы саяси репрессиялау
құрбандарының барлық құқықтарын қалпына келтіру” туралы қаулысы қабылданып,
1993 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің “Жаппай саяси қуғын-
сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы” 1 заңы қабылданды. Осыған байланысты
Т. Шонанұлының өмірі мен қызметі, ғылыми мұрасын зерттеуге мол
мүмкіндіктер туды.
Ал Т. Шонанұлын тарихшылар тарапынан алғаш зерттеген профессор
Әбу Тәкенов пен мұрағаттанушы Бейсенғали Байғалиевтар болды. Олар
ізденуші Гүлбану Жүгенбаеваның жәрдемімен үлкен істі жүзеге асырды: 1995
жылы “Қазақ жері мәселесінің тарихы” атты Т. Шонанұлының зерттеуін “Жер
тағдыры – ел тағдыры” деген атпен, ғылыми түсініктемемен оқырман қауымға
ұсынады 2.
Аталынған құжаттарды бірер жылдан соң орыс ғалымдары Ф.Д. Ашнин, В.М.
Алпатов, Д.М. Насилов өздерінің бірлескен еңбектерінде атап өтеді. Еңбекте
ғалымдар Телжан Шонанұлын Құдайберген Жұбановпен бірге тіл мамандары
(лингвисты Шонанов и Жубанов) ретінде бағалай отырып, оларға тоталитарлық
жүйе тарапынан жасалған қысымшылық істердің айғақтарын көрсетеді 3.
Сонымен қатар профессор Әбу Тәкенов пен Бейсенбай Байғалиевтар
Телжан Шонанұлы турасында ғана емес оның жары,
қазақтың зиялы қыздарының бірі Шахзада Аронқызы жайында да жазып,
Шахзаданың ату жазасына кесілген жалғыз әйел екендігін атап өтеді 4.
1997 жылы ізденуші С.А. Баймұратова “Жалпы педагогика” саласы бойынша
“Педагогическое наследие Т. Шонанова: (ученого-энциклопедиста, педагога 20-
30-х гг. в Казахстане)” 5 атты кандидаттық диссертация жұмысын жазды.
Зерттеуші өзінің ғылыми жұмысын жазу барысында Т.
Шонанұлын ағартушы-педагог ретінде қарастыра отырып, ғалымның педагогикалық
ойларын, идеяларын зерттеуге тырысады. Жұмыста Т.
Шонанұлының педагогикалық көзқарастары Ресейдің төңкеріске дейінгі алдыңғы
қатарлы орыс ғалымдарының идеяларымен теңестіріледі және зерттеуші Т.
Шонанұлының педагогикалық қырларының 20-30 жылдардағы кеңестік
педагогикалық ой-пікірлердің ықпалында қалыптасқандығын да жасырмайды.
Жұмыста Т. Шонанұлының педагогикалық көзқарастарының қалыптасуы мен ғылыми-
ағартушылық қызметіне мінездеме бере отырып, одан әрі ғалымның оқыту
әдістері мен бала тәрбиесіне арналған еңбектері талданады. Сондай-ақ С.А.
Баймұратова Т. Шонанұлының өз кезегінде орыс педагогтары К.Д. Ушинский,
Н.Ф. Бунаков, Н.А. Корф, одан бері қарай ұлы қазақ ойшылдары – Абай
Құнанбаев, Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин еңбектеріне терең бойлай
отырып, нағыз педагог ретінде шыңдалғанын да естен шығармайды. Ғалымның
өмірінің белгісіз тұстарынан тұңғыш мәлімет беретін бұл диссертацияның
ғылыми құндылығын атап өткен жөн. Алайда диссертация құрылымы Т.
Шонанұлының қызметін қарастыруда кейбір мәселелерді қамти алмаған. Т.
Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық қызметі мен өмірі 20-шы жылдардағы күрделі
процестермен тығыз байланыста көрсетілмеген; Т. Шонанұлының жазушылық,
аудармашылық қызметі зерттеуші назарынан тыс қалған; Т. Шонанұлының
Қазақстанды зерттеу қоғамындағы қызметі, оның ішінде әсіресе өлкетану
саласына қатысты қызметі, сондай-ақ тарихшы-ғалым ретіндегі көзқарастары
толықтай зерттелмеген. Біздің диссертациялық жұмысымыз осы айтылған
олқылықтардың орнын толтыратын дербес зерттеу болып табылады.
Зерттеуші өзінің ғылыми жұмысын жазу барысында Т. Шонанұлын ағартушы-
педагог ретінде қарастыра отырып, ғалымның педагогикалық ойларын, идеяларын
зерттеуге тырысады.
Ал тіл маманы Қ.С. Құлманов Т. Шонанұлының шығармашылық мұрасына қатысты
зерттеу жұмысын жазады 6. Зерттеуші өз жұмысында Т. Шонанұлын
әдебиетші, көсемсөзші, ғалым ретінде бағалап, мәдени-ағарту істері
турасындағы ғылыми мұраларын зерттеген.
Қазақ зиялыларының қоғамдық саяси өмірдегі қызметтері мен Алаш қозғалысы
турасында саралап жүрген тарих ғылымдарының докторы
М. Қойгелдиевтің “Алаш қозғалысы” атты еңбегінің маңызы зор. Сондай-ақ
көрнекті ғалым К. Нұрпейісовтің “Алаш һәм Алашорда” монографиялық еңбегінде
Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттес болғандардың қатарында Т.
Шонанұлының да есімін атап өтеді 7.
Ал Алаш зиялылары турасында қалам тартып жүрген әдебиеттанушы
ғалымдарымыздың бірі Д. Қамзабекұлы да Т. Шонанұлы туралы өзінің зерттеу
еңбектерінде біраз мағлұматтар беріп өтеді.
Соңғы кезеңде жарияланған еңбектерде Т. Шонанұлына қатысты біраз
мәліметтер беріледі. Мәселен, 1996 жылы тарихи дерек пен естеліктер
негізінде жазылған Ғ. Ахмедовтың “Алаш “Алаш” болғанда” атты еңбегінде Т.
Шонанұлының ағарту саласындағы қызметі туралы да мәлімет береді 8.
Ал қазақ зиялыларының тарихи көзқарастары турасында қалам тартып жүрген
тарихшы-ғалымдарымыз Т. Омарбеков пен Ш. Омарбековтың “Қазақ тарихы мен
тарихнамасына ұлттық көзқарас” атты монографиясында
Т. Шонанұлының өмірі мен қызметін ғана емес, тарихи мұраларын да зерттеу
қажеттігі жөнінде аталып өтіледі. Сондай-ақ Қазақстанды аграрлық
қатынастар турасында өз пікірін қосып жүрген зерттеуші О. Мұхатова өзінің
“ΧІΧ-ΧΧ ғасырлардағы Қазақстан тарихнамасы” атты монографиялық зерттеуінде
Т. Шонанұлының “Жер тағдыры – ел тағдыры” атты еңбегін Кеңестік дәуірдің 20-
30 жылдарындағы қоныстандыру саясатына байланысты жазылған Ғ. Тоғжанов, С.
Асфендияров, С.П. Щвецов, П.П. Галузо, Е. Федоров, Т.
Рысқұлов, С. Садуақасов сияқты авторлардың құнды еңбектерінің қатарына
қосып қарастырып, жер мәселесіне байланысты жазылған ойларын көрсетеді 9.

З.О. Дүкенбаеваның “Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихы
(1917-1941)” атты монографиясында Т. Шонанұлының шығармашылық мұрасына
қатысты біраз мәліметтер берсе, профессор Қ.М. Атабаев “Қазақ
баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1917 жж.)” атты еңбегінде Т.
Шонанұлының қазақ жері мәселесін зерттеуге үлкен үлес қосқанын атап өтеді
10.
Жоғарыда аталынып өткен зерттеулік еңбектермен қатар Қ.Е. Тілешова,
С.С. Иманбаева, К.Е. Абикенованың ғылыми мақалаларында
Т. Шонанұлы зиялы қауым қатарында аталынып өтіледі. Жас
зерттеуші К.Е. Абикенова Т. Шонанұлының 100-н аса мақалалары, 30-
дан аса кітаптары және аудармаларының болғандығы туралы жазып жүр 11.
Сол себепті де Т. Шонанұлының тарих ғылымына да қосқан үлесін
анықтау тақырыптың тың екендігін байқатады.
Бітіру жұмысының деректік негізі.
Деректік мәліметтердің бірінші тобын Телжан Шонанұлының өз еңбектері,
ғылыми мақалалары құрады. Әсіресе, Т. Шонанұлының тарихи көзқарастарына
оның 1923 жылы жазылып, 1926 жылы Қызылорда қаласында 3 мың таралым болып
шыққан “Қазақ жері мәселесінің тарихы” атты еңбегі 1995 жылы “Санат”
баспасынан қайта бастырылып “Жер тағдыры – ел тағдыры” атпен шықты.
Бұл Т. Шонанұлының тарихшы ғалым болғанын дәлелдеуде құнды болып отыр.
Сондай-ақ ғалымның артына қалдырған мол мақалалары мен кітаптары жұсмысты
жазуда негзгі дерек көзі болып отыр.
Т. Шонанұлына қатысты деректер 1998 жылы Л.Д. Дегитаеваның
редакторлығымен шыққан “Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг”
атты құжаттар жинағында 12, сондай-ақ 2002 жылы
Қ.С. Қаражанның редакторлығымен шыққан “Хрестоматия по новейшей истории
Казахстана (1917-1939 гг.)” 13 атты құжаттар жинағында кездеседі.
Жұмыстың мақсаты Бітіру жұмысының алдына қойған басты мақсаты – Т.
Шонанұлының туып-өскен ортасы мен ағартушылық, қоғамдық қызметтерімен қатар
оның нағыз тарихшы ғалым екендігін айқындау болып отыр.
Бітіру жұмысы өзінің алға қойған мақсатын шешуде төмендегідей міндеті
жоғарыдағы мақсатқа жету үшін, бітіру жұмысы төмендегідей нақты міндеттер
тобын шешуді көздейді:
– Телжан Шонанұлының туып өскен ортасы мен дүниетанымдық
көзқарастарының қалыптасуына тоқталу;
– Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық қызметіне баға беру;
– Телжан Шонанұлының ғалымдық қырларын ашу;
– Телжан Шонанұлының тарихшы-ғалым болғандығын көрсету;
Жұмыстың мерзімдік шегі: Телжан Шонанұлының өмір сүрген жылдары, яғни
1894-1938 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Телжан Шонанұлының туған
ортасынан бастап, өмір жолының барлық тұстарын және оның саяси қуғын-
сүргіннің құрбаны болған кезеңге дейінгі уақытты қамтиды.
Жұмыстың методологиялық негізі: Т. Шонанұлының саналы ғұмыры мен қызметі
кеңестік кезеңге сай келгендіктен, сол кездегі басты методологиялық бағыт
болған қалыптасып келе жатқан марксистік-лениндік деп аталған тарихи
материализмге негізделген көзқарастар жүйесіне көңіл бөліп, оның зерттеліп
отырған тарихи тұлғаның көзқарастары мен бағыттарына ықпалын айқындауға
тырыстық. Жеке тұлғалар жөніндегі ғылыми зерттеу жұмыстарын жазу барысында
Ұлы бабамыз әл-Фарабидың интелект туралы трактатындағы тұжырымдардың маңызы
зор болғандықтан, жұмыс барысында Ұлы бабамыздың актуальды интелект және
әрекетшіл интелект жөніндегі тұжырымдары Т. Шонанұлының өз ұлтына қызмет
еткен қайраткер, ағартушы-ғалым екендігін кеңірек айқындауға, жаңа көзқарас
тұрғысынан пайымдауға көмектесті.
Бітіру жұмысының қолданыстық маңызы Ұсынылып отырған бітіру жұмысында
жасалған ой-тұжырымдар мен қорытындыларды ΧΧ ғасырдағы қазақ зиялыларының
тарихына қатысты курс жұмыстарында, түрлі Қазақстан тарихы бойынша
жазылған студенттік баяндамаларда оқу орындарында жас ұрпақты патриоттық
тәрбиеге баулуға арналған тәрбиелік сағаттар барысында пайдалануға болады.
Т. Шонанұлының тағдыры бұрын толық зерттелмегендіктен, ол туралы бұрынғы
таптық тұрғы негізінде жазылған еңбектер тарихымызға бұрмаланған
қорытындылар қатарын алып келгендіктен, оның өмірін тұтастай алып
қарастырдық. Бұл мүмкін болашақта шонановтануда ағартушы өмірінің белгілі
тұстарын жекелей талдап, тереңінен зерттеуге немесе оның қызметінің жекелей
тұстары мен мұраларын зерттеушілердің арнайы қарастыруларына пайдаланар,
негіз болар деп санадық.
Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан,
пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫНЫҢ ТУЫП ӨСКЕН ОРТАСЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ САЯСИ ҚЫЗМЕТІ.

2. Телжан Шонанұлының туып өскен ортасы мен дүниетанымдық
көзқарастарының қалыптасуы
.ΧІΧ ғасыр мен ΧΧ ғасырдың тоғысында бұған дейін Ресей империясының
толық отарына айналып, нәтижесінде ұлттық рухы мен мемлекеттілігінен
айырылған туған елінің саяси, рухани және экономикалық негізін жаңаша
дамыту қажеттілігін түсінген ұлтжанды қазақтың зиялы қауымы қалыптасты.
Ұлттық мүддені қорғаған қазақ интелегенциясының саны аз болғанына
қарамастан, олар өз кезегінде халықтың саяси санасының қалыптасуында үлкен
рөл атқарды. Бірақ, тоталитарлық жүйеге қызмет еткен моно идеология ұзақ
жылдар бойы қазақ зиялыларының өмірі мен шығармашылық қызметтерін ұлтшылдық
ретінде бағалап, олардың еңбектері мен саяси идеяларын оқып-зерделеуге,
мәндерін танып-білуге тиым салып отырды. Соңғы жылдары осыған байланысты
өмірлерін ұлт мүддесі жолындағы күреске арнап өткен А. Байтұрсынов, М.
Дулатов, Ж. Ақбаев, Х. Досмухамедов, М. Шоқай, С. Сәдуақасов, Ж.
Аймауытов және тағы да басқа қайраткерлердің өмірі мен қоғамдық,
шығармашылық, ғылыми қызметтері туралы жаңа көзқарастар тұрғысынан жүйелі
түрде зерттеу жұмыстары жазыла бастады.
Негізінен Т. Шонанұлының өмірбаяны, білім алуы мен өмір жолы турасында
құжаттық материалдар өте аз. Т. Шонанұлына қатысты қысқа мазмұнды жазылған
бұл құжаттар оның өмірінің басты белестерін ашып, нақты даталарды
келтірумен құнды. Бірінші мұрағаттық мәліметте ол өзінің туған жылын, өскен
ортасын, алты жасынан бастап ауыл молдасынан сауат ашқанынан бастап, 1929
жылға дейінгі аралықтағы атқарған істерін қысқаша баяндап өтеді. Өз қолынан
жазылған бұл қысқаша өмірбаян бойынша, Телжан Шонанұлы 1894 жылы 17
желтоқсанда Торғай облысына қарасты Ырғыз уезі, Аманкөл болысы, 4-ші ауылда
(қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ұ. Құлымбетов атындағы кеңшар,
Аманкөл ауылы) қарапайым малшының отбасында дүниеге келген 14.
Т. Шонанұлының әкесі Шонан мен анасының өмірі туралы мәліметтер
кездеспейді, ол тек өзінің қысқа өмірбаянында ата-анасының нашар тұрып,
аздаған малымен күнкөріс жасап отыратын қарапайым шаруа адамдары болғанын
атай келіп “6 жастан бастап мені молдаға оқытуға берді. 9 жасымда мен
әкемнен айырылдым. Әкем қайтыс болғаннан кейін мен балаларды оқыттым және
өзім де оқыдым. Осылайша 14-15 жасқа дейін өмір сүрдім” 15 – деп жазады.
Жастайынан ауыл молдасынан сауат ашқан Т.
Шонанұлы өзінің алғырлығының арқасында күнкөріс қамы үшін аздаған
мұсылмандық білімін кішкентай ауылының балаларына үйреткендігін де
жасырмайды.
Т. Шонанұлының көрнекті тұлға ретінде қалыптасуында оның жастық шағында
жалпы қазақ даласында болып өткен тарихи оқиғалар мен процестердің орны
ерекше болды. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Ресей империясы отарлау саясатына
байланысты жүргізілген реформалары Торғай өңірін де қамтыды. Қазақстанды
түпкілікті отарлау және оны өзінің ішкі провинциясына айналдыру міндетін
қойған Ресей империясы, қазақ даласына әкімшілік басқару жүйесін енгізу
мақсатында 1867 жылы 11 шілдеде “Жетісу және Сырдария облыстарын басқару
жөніндегі Ереже”, 1868 жылы 21 қазанда “Орал, Торғай, Ақмола және Семей
облыстарын басқару туралы Ереже”, 1891 жылы 25 наурызда “Ақмола, Семей,
Жетісу, Орал және Торғай обылыстарын басқару туралы Ереже” қабылдады.
Реформалардың заңдық негізде іске асырылуы Торғай өңірінде де көрініс
тапты. Мәселен, 1891 жылы 25 наурызда “Ақмола, Семей, Орал және Торғай
облыстарын басқару туралы ереже” қабылданды. Ереженің қазақ жеріне
байланысты негізгі баптарында былай деп жазылды: “119. Көшпелілер қонысы
орналасқан жерлер, сол жерлердің бар байлығы, соның ішінде орман- тоғайы да
мемлекет меншігі саналады.
Сондай-ақТ. Шонанұлы туып-өскен Торғай өңірі ежелден оқу-білім ошағының
негізі қаланған өлке ретінде де ерекшеленеді. Негізін қазақтың тұңғыш
ағартушысы Ыбырай Алтынсарин қалаған алғашқы орыс-қазақ училищесі осы
Торғай топырағында тұсауы кесілді және Қазақстандағы басқа оқу орындарынан
бағдарламалық жағынан және мазмұнды оқытуымен өзгеше болды. “Кел, балалар,
оқылық” – деп ұран тастаған Ы. Алтынсарин ұйымдастырған орыс-қазақ
мектептерінің типі, қазақ халқының әлеуметтік-тұрмыс жағдайына
теңестірілген еді.
Сондай екі кластық орыс-қазақ училищелерінің жанынан, шеттен келген
балалар үшін интернаттар ұйымдастырылып та отырылды. Олардың қатарында –
Ырғыздағы орыс-қырғыз (қазақ) екі кластық училищесі де болды. Білімге деген
мол құлшынысының нәтижесінде зерек те ақылды Т. Шонанұлы
1908 жылдың бірінші қыркүйегінде аталған училищенің табалдырығын аттайды.
Бұған дейін тек мұсылмандық сауаты бар жас шәкірт оқудың қиыншылығына
қарамастан өз бетінше ізденіп, ерінбей оқып, орыс тілін жетік меңгереді.
Телжан мұнда өзінің ана тілін оқымайды, негізінен жалпылама пәндерді өтіп,
түрлі дәрежедегі ұстаздардан дәрістер тыңдайды.
1912 жылы Т. Шонанұлы аталған училищені бітіріп шығады. Училищені үздік
бітіргендерге арнайы степендия тағайындалып, тұрмысы нашар отбасының
балаларына қазына есебінен оқуларын жалғастыруларына мүмкіндіктер берілді.
Соған сәйкес оқу орнын ойдағыдай аяқтап шыққан Т.
Шонанұлы да 1912 жылы қазына есебінен (480 сом) қаражат алып, Орынбор
қырғыз (қазақ) учительдер мектебіне оқуға түседі 16. Дегенмен, қазақ
жастарына патша өкіметінің отаршылдық саясаты, қаражат тапшылығы мен
түрлі кедергілердің кездесуі шәкірт үшін ауырға соқты.
Орынбордағы қырғыз (қазақ) учительдер мектебінде білім ала жүріп
Т. Шонанұлы алғаш рет Шығыстың ойшылдарының шығармаларымен
танысады. Оның сүйіп оқыған ақын-жазушылары Әбу Насыр әл-Фараби,
әл-Бируни, Низами, Фирдоуси, Ибн-Сина және т.б. болды. Сондай-ақ ол
Ресейдің озық ойлы мәдениетінен де құр қалмай Н.В. Гоголь, А.С. Пушкин,
Л.Н. Толстой, А.М. Горький, В.Г. Короленко сияқты танымал
классиктерінің еңбектерімен осы қырғыз (қазақ) учительдер мектебіндегі
кітапханада танысты деуге әбден болады. Өйткені, бұл оқу орындарының
кітапханалық қоры өте бай еді.
Т. Шонанұлының студенттік шағының нағыз қызықты кезеңі бірінші
дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келді. 1914 жылдың 19 шілдесінде
(1 тамызда) басталған бірінші дүниежүзілік соғыс еңбекші халықтың
жағдайын бұрынғыдан да ауырлатып, соғыс қисапсыз көп шикізатты, азық-
түлікті, малды және тағы да басқа толып жатқан материалдық игіліктерді
қажет етті. Елдегі шаруашылық күйзеліп, егіс көлемінің азаюынан оның өнімі
күрт төмендеп, малдың саны кеміді. Азық-түлікпен халық тұтынысын
қанағаттандыратын заттардың бағасы күн санап өсті. Мысалы, бұрын ұнның бір
пұты 94 тиын болса, 1916 жылы 40 сомға дейін өсті. Тек қана Қазақстанның
Солтүстік Шығыс облыстарында 1916 жылы бидай ұнының бағасы бір жарым есеге,
ал ет өнімдері екі есеге дейін жоғарылады 17.
Ал осы тұста Телжан Шонанұлы 1916 жылы Орынбордағы төрт жылдық қырғыз
(қазақ) учительдер мектебін үздік бағамен аяқтаған, “бастауыш мектеп
мұғалімі” мамандығын алып шыққан, қазақ ағартушыларының санатына қосылған
азамат болды.
1916 жылдан бастап Т. Шонанұлының өмірінің жаңа белесі басталады. Жас
маман елге оралып, 1920 жылға дейін Ырғыз уезінің Тоқырауын болысына
қарасты № 3 ауылда Қасым Әбдірахмановтың мектебінде мұғалім болып қызмет
атқарды. Сол жылы Губерниялық комитет мобилизациялаған интелегент ретінде
Семейде мұғалім, бір айдай аудармашы қызметтерін атқарады. Бірақ, мұнда көп
тұрақтай алмай, тікелей өзінің өтініші арқылы еліне қайта оралады. Жас
ұстаз – Т. Шонанұлы өзінің алған білімін болашақ ұрпақты тәрбиелеу мен
оларды білім нәрімен сусындату жолына арнайды. Болашақ ағартушы қазына
есебінен оқығандықтан 6 жыл қазақ бастауыш мектептеріне орыс тілінде жұмыс
істеп, бөлінген қаржыны қазынаға қайтаруға жіберіледі.
Елге келген Т. Шонанұлын туған елінің бір жағынан патша өкіметінің
отарлау саясатының қыспағына, екінші жағынан жергілікті халықтың патша
сойылын соғушы би-болыстарының зәбірі мен тұрмыс ауыртпашылығына ұшырауы
толғандырады. Патшалық империяның отаршылдық саясаты дала өлкесінің бір
саласында үстемдік алып, басынан еркі, қолынан билігі кетіп, жерінен
еріксіз айырылған туған халқының тұрмысына байланысты, саяси-әлеуметтік
мәселелерден оқшауланып қала алмауы, әрине заңды құбылыс болды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, соған қарай отарлық езгінің
бұрынғыдан да күшеюі, соғыс қажеттілігі үшін жиналатын алым-салықтың
қисапсыз өсуі “Қазақ” газетінің төңерегіне топтасқан қазақтың зиялы
қауымын қатты ойландырды. Еліне оралып, ағарту ісіне жаңадан араласқан
Т. Шонанұлын мұндай істерден сырт қалды деп айта
алмаймыз. Бұл пікірді нақтылай түссек, бірінші дүниежүзілік соғыстан
әлсіреп, жеңіліс таба бастаған Ресей империясы майданның қара жұмысына
шақыру туралы 1916 жылы 21 маусымда жарлық шығарады. Патшаның бұл маусым
жарлығы отқа май құюмен бірдей болып, отарлау саясатынан әбден титықтаған
халықтың қарулы көтерілісін туғызды.
Көтерілістің жалыны Орал, Торғай мен Жетісу облыстарын түгелдей қамтып,
Ақмола өңірінің кейбір аудандарына жайылды. Тарихшы
М. Қойгелдиев: “Ұлт зиялылары бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында үкімет
саясатына қарсы болған жоқ, қайта бейімделу бағытын ұстанды” 18 – деп ұлт
зиялыларының соғыс жылдарында елді үкіметтің саясатына қарсы шықпауға
шақырып, мұндай көтерілісте соғыс техникасы жетілген патша әскеріне ашық
қарсыласудың тиімсіздігін де білгендерін көрсетеді. Себебі, елге жазалаушы
әскер шығып, ең алдымен бейбіт халықтың шырқын бұзып, шаруа мен малының
күйзеліске ұшырайтынын сезді.
Мұндай қазақ елінің басына қиын-қыстау күн туған шақта қазақтың сенімін
артуға тұратын азаматтарының қатарынан Т. Шонанұлы есімінің тізімге ілігуі
бұл оның қоғамдық қызметке ерте араласып, есейгендігін, ел-жұртына ісімен
танылғандығының айғағы болды. Аталған кезеңде “Қазақ” газеті қазақ халқының
мұң-мұқтажын қоғамдық-саяси және мәдени мәселелеріне қатысты мақалаларымен
ұлт зиялыларының басын біріктіргені баршаға мәлім. Жоғарыдағы ұлттық білім
беру мен мәдени дамуымыз үшін өте маңызды шараны ең алғаш көтерген де осы
“Қазақ” газеті болатын. “Қазақ” газеті 1917 жылғы маусым айындағы санында
күнбатыс майданындағы 299 партияда жұмыс жасаған Жетісу облысы Қапал
уезінің 700 жігітінің, Торғай облысы Ақтөбе уезінің 94 жігітінің Әлихан
Бөкейханов атына деп “ия медресе, ия стипендия ашу жолына арнап екі мың сом
жиып, мыңбасы Мырзахан Төлебаев арқылы елдеріне қайтып бара жатып “Қазақ”
басқармасына тапсырып” кеткенін жазды. “Бұл екі мың сом ақшаман медресе де,
стипендия да ашылмайды, – деп жазды газет, – жұмысқа барған 794 жігіттің
одан артық жиюға пұлы жете тұрып, жомарттығы жетпей қалған жоқ. Ол һәм
құқықты нәрсе. Олар мұрындық болып, іс бастап, арғысын Алаш алдына салып
отыр. Осы еткен көсемдігіне де рахмет” 18, 212 б. – делінеді. Бұл
ізгілікті құптарлық істе де Телжан Шонанұлының ұйымдастырушылық
қабілетімен, адамгершілік ісі жарқырап көрінеді.
Әсіресе Т. Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық істегі белсенділігі 1917
жылғы Ақпан төңкерісінің жеңіске жетіп, патшаның тақтан құлатылуынан
кейінгі тұста басталады.
Елдегі демократиялық лепті сезінген қазақ зиялылары үлкен мәселеге, яғни
қазақ халықының болашағын одан ары ойластыру мақсатында Жалпықазақ съезін
шақыру мәселесі күн тәртібіне қояды. Себебі Жалпықазақ съезі қазақ
зиялыларының басын қосатын, барлық облыстар мен уездерді біріктіре отырып,
мемлекет құрудың бірден-бір мүмкіндігі еді. Алаш партиясын құрып, ұлт-
азаттық қозғалысқа бағыт-бағдар беруші қайраткерлер 1917 жылдың соңына
қарай дербес ұлттық мемлекет құруға қолайлы сәт келді, қазақ қоғамын
тәуелділік пен мешеуліктен құтқарудың, жалғыз жолы әрі тиімді құрамы өзін-
өзі басқару болсақ деп тұжырым жасады 19, 35 б.].
Үлкен істі жолға қойып, оны жүзеге асыру ісінде белсенділік танытып
отырған қазақ зиялыларының қатарында Т. Шонанұлы да бар еді. Оған мына
мәлімет дәлел. Осы жылы шақырылған Жалпы қазақ съезі туралы материал
жариялаған “Қазақ” газетінен белгілі болатын; 5-13 желтоқсан аралығында
Орынбор қаласында өткен екінші съезд Телжанды Алаш Орда үкіметінің оқу
комиссиясының жұмысына мүше етіп сайлайды 20.
Ұлт зиялылары осы аласапыранның тұсында елдігін, ұлтын сақтап қалу үшін
Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов бастаған топтың ұйымдастыруымен 1917 жылы 5-
13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында қазақ мемлекеттілігі туралы
мәселе қараған екінші Жалпы қазақ съезі болып өтті. Оған барлық қазақ
облыстарынан, сондай-ақ одан тыс аймақтарда тұратын Алтай губерниясы мен
Самарқант облысы қазақтарынан – барлығы 82 өкіл қатысты. Съездің барысында
қазақ халқына маңызы бар он мәселе қаралды. Ә. Бөкейханов съезде ең негізгі
де басты мәселе ретінде – ұлттық автономия құру туралы баяндама жасайды.
Съезд бұл мәселе бойынша қарар қабылдап, онда Алаш облыстарында қазір орын
алып отырған бүліншілік әрекеттерден қорғау мақсатымен уақытша “Ұлт
Кеңесін” құрып, оның аты “Алашорда” болсын деген шешімге тоқтайды. Он бес
адамнан тұратын бұл өкіметтің төрағасы болып Ә. Бөкейханов сайланды 7, 332
б..
Съезд барысында қазақ зиялылар қауымы Ресейде жаңа тұтанып келе жатқан
соғыс қаупінен аман қалуды ойлап, елді бейбастық әрекеттерден қорғау
мақсатында әскер құрып, қаулы қабылдап, халық милициясын және ұлт қазынасын
құру ісіне ерекше назар аударды. Сол сияқты съезд барысында оқу мәселесі
де назардан тыс қалмай, М. Дулатов аталған мәселені көтеріп, баяндама
жасайды. Ол өз сөзінде елдегі мектеп-медресселердің аздығын, мұғалімдердің
жоқтығын, қазақ тілінде басылып шыққан оқулықтардың жетіспеушілігін айта
келіп, осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіп, ұлт мектептерін құру
қажеттілігін атап өтеді 19, 35 б..
М. Дулатовтың съезд барысындағы баяндамасы талқыланып, айтылған
мәслелердің орынды екендігі ескеріліп, нәтижесінде 5 адамнан тұратын
комиссия құру туралы қаулы етті. Комиссияның құрамына бұған дейін оқу-
ағарту салалары бойынша қызмет етіп жүрген Ахмет Байтұрсынов, Міржақып
Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров және жас ұстаз Телжан Шонанұлы да
енеді.
Қорыта келгенде Телжан Шонанұлының саяси белсенділігі өзінің ұшқан
ұясынан бапталып, кейіннен зиялылар арасында өзінің білімділігімен таныла
отырып қазақ елінің болашағы мен келешегі үшін саяси істерге араласып, өзін
таныта білді. 1916 жылдан басталған жаңа кезең Т. Шонанұлының болашақтағы
қоғамдық-саяси, ағартушылық және ғылыми қызметінің негізін қалады.

1. 2 Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық қызметі

ХХ ғасырдың басында Ресей сияқты алып империяның Петербург, Мәскеу
сияқты орталық қалаларында жеңіске жеткен Қазан революциясы аз ғана
уақыттың аралығында жер-жерлерге тарап, коммунистер билігі толықтай орнады.
Осы тұста Т. Шонанұлы да жаңа билікке бейімделу қажеттілігін түсіне отырып,
халқына адал қызмет етуді басты мақсат етіп алды. Ал кезіндегі Алашорда
жетекшілері осылайша кеңестік жүйе қызметіне тартылып, жаңа құрылған жас
мемлекет қиыншылығына төзімділік танытты және ұлт болашағын тағы да бірінші
кезекке қойды.
1920 жылы Ырғызда өзінің ағартушылық ісімен танымал болған
Т. Шонанұлы жергілікті атқару комитетінің өкілдігіне сайланады
Алайда Кеңес үкіметі тарапынан жүктелген жұмыстарға енді ғана араласа
бастаған Т. Шонанұлы да Алаш қайраткерлерінің қатарында болғаны
ұмытылмай, 1921 жылы Ырғызда тұтқынға алынып, ОГПУ-дың Орынбордағы
бөлімшесіне тапсырылады. “Кеңес үкіметіне қарсы, ұлтшыл” деп айыпталып, екі-
үш ай түрмеде отырады. Әйтсе де тағылған айыптың дәлелденбеуіне орай 1922
жылы тұтқыннан босап шығады 11.
Елге оралып, Халық соты қызметіне кіріскен Т. Шонанұлы Ырғызда көп
тұрақтап қалмаған еді. Оған себеп, Т. Шонанұлының Орынбор қаласына жаңа
қызметке шақырылып, Халақ Ағарту комисариатында білікті маман ретінде жұмыс
атқарады. Аталған мекеменің жұмысы турасында: “Академиялық Орталықты Ахмет
Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы және
Жолдыбайұлы басқарады... Пролетариат рухында жазылған авторлардың қатарын
“көркемдігі жетіспейді” деген сияқты сылтаулар тауып, Академиялық Орталық
баспаға өткізбейді” – деп С. Мұқанұлы өзінің кітабында 21 еске
түсіреді. Т. Шонанұлы қазақ елінің тілі мен
мәдениеті үшін ойландыратын мәселелер төңерегінде ұстазы А. Байтұрсыновтан
оқып-үйреніп, оны үлкен ғалым ретінде бағалап отырған.
Сондай-ақ Т. Шонанұлы А. Байтұрсыновтың ұлт мүддесі үшін жасаған іс-
қимылдарына қолдау танытып, жәрдемшісі де бола білді. Бұл әсіресе Кеңес
үкіметінің орнап, соған орай елдегі сауатсыздықты жою, мәдени-ағарту
мекемелерін жандандыру жұмыстарының барысында айқын көрініс тапты. Қазан
төңкерісіне дейін, яғни жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ ағартушыларының
рухани жетекшісі болып келген Ахмет Байтұрсынов Кеңес үкметі басшылығы
тұсында да осы игілікті істің басында тұрды.
А. Байтұрсыновтың үлгісі, ой-әрекеті мен жалынды сөздері ескі ағартушы-
ұстаздарды оқыту жұмысын жаңа жағдайда жалғастыруларына үлкен ықпал етті.
Соған орай қазақ интелегенциясының алдына елдегі жаппай сауатсыздықты жою
міндеті қойылды. Мұнда еуропалық үлгідегі оқу орындарын, мектептер мен
училищеде оқығандар, орысша тіл білетіндер сауаттылар санатына жатқызылса,
ал мұсылманша хат танығандар сауаттылар қатарына жатпады.
Осы жылдың 21 ақпанында Қазақ АКСР-і Орталық Атқару комитетінің
төралқасы Ахмет Байтұрсыновтың баяндамасының мәтінімен танысып, Орынбор
Халық Ағарту комиссариаты белсенді комиссариат деп жарияланып,
республикалық барлық оқу орындары мен сауатсыздықты жою ісіне жан-жақты
көмек шараларын көрсетуге міндеттенді. Соған орай қазақ мәдениетіне қатысты
барлық мәселелерді шешу Қазақ АКСР-нің Халық Ағарту комиссариатына
тапсырылды. Нәтижесінде Халық Ағарту комиссариатының ұсынысымен 1921 жылы
26 шілдеде Қазақ АКСР-і Атқару Комитеті қазақтардың сауаттарын ашу жұмысына
он алты мен елу жас аралығындағы барлық қазақтарды мобилизациялау туралы
қаулы шығарады 22.
Алаш зиялыларының қатарында көзге түскен Т. Шонанұлы ендігі тұста тіпті
халқының болашағы үшін Орынбор қаласында жүріп, Ташкенттегі ұлт
зиялыларымен хабарласып, “Ақжол” газетіне өзінің 1921 жылы “Іс һәм идея ”
атты мақаласын да жариялайды. Қазақ халқын өркениетке ілестіру жолында
ұлттық мұраны қадірлей отырып, ағарту саласына күш салу керектігін
түсінген Т. Шонанұлы өзінің іс-қимылында да байқатып отырды. Соған орай
автор: “Оқу оқудың екі беті, екі құны болады: бір қыры идея, екінші қыры
іс. Түрлі заңдар, ережелер, нұсқаулар. Оқудың еңбек негізінде құру һәм жас
буыннан артықшылық әсері жасынан сүйегіне сіңген азаматтар әзірлеу керек
деп жазылған мақалалар, айтылған сөздер, ойдағыдай армансыз мол. Қысқасы,
идея жағынан қамтама жоқ, идеяға көңіл толарлық... Мектептердің саны көп,
сапасы жоқ. Қыстай Қазақстанда кітапсыз оқытылып келіп жаңа ғана бірен-
саран бастауыш кітаптардың басы көріне бастады. Азын-аулақ кітаптар
келгенмен, оқытушылар тағы жоқ” – деп, елде идеяның мол болып, істің аз
жасалынып отырғандығын түсіндіре келіп, халықтың сауатын ашатын
оқытушылардың саны мен сапасын жоғарылатуды ұсынады 23.
Сондай-ақ Т. Шонанұлы елдегі ұлт зиялыларының халық санасын ояту, көзін
ашу, сауатсыздықты жою ісіне де бар күш-жігерін жұмсады және ол зиялылар
тобына қосылып, аталған шараға демеушілік танытты. Үкіметтің тарапынан
жасалынып отырған аздаған игі саясатты орынды пайдалану қажеттілігін
халыққа түсіндіріп, “Қызыл Қазақстан” журналы арқылы
Т. Шонанұлы “Оқу бұрын бұл һәм күнде” мақаласын жариялайды 24, 90-92 бб..
Ол патшаның заманында ана тілінде мектептер мен медресселер ашу
мүмкіндігінің болмағанын тілге тиек етіп, Кеңес үкіметі тұсындағы оқу
мәселесімен салыстырды. “Күні бүгінге дейін әлі есімде. Жапон соғысының сәл
алды болуы керек. Аяқ жетер жерде школ жоқ. Болғанмен пайда кеміс. Ол кезде
орыс школына берілген баланы солдатқа алынатындай не шоқындыратындай көрді.
Школдан халықтың мұндай көзқарасын туғызған, школдан халықты әрі итерген
патша үкіметінің саясаты екенін соңынан білдік” – дей келе, қазір оқудың
барлығына, табына қарамастан тегін болғанын сөз етеді.
1923 жылы 29 қарашада Халық Ағарту комиссариаты еуропалықтарға арналған
қазақ тілінің курсына әліппе ретінде Ахмет Байтұрсыновтың “Оқу құралын”,
грамматика оқулығы ретінде “Тіл құралы” кітабын және Телжан Шонанұлының
“Қазақ әдебиеті хрестоматиясын” ұсынады. Бірақ бұл кітаптар немесе кітапқа
айналмаған қолжазбалардың біразы бізге жетпеген.
Сол сияқты Халық Ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық Орталық
“Қазақ тарихы” және “Түркілер тарихы” атты орта мектеп оқушыларына арналған
оқулықтарын жазу үшін М. Дулатовпен, Қазақ әдебиетінің хрестоматиясын
құрастыру үшін Т. Шонанұлымен, “Физика” оқулығын қазақ тілінде жазу үшін Е.
Омаровпен екі жақты жасалынған келісім-шарттың мәтіндері мұрағат қорларында
сақталып қалуы осы тұстағы оқулықтар шығару ісінің кезек күттірмейтін іс
екендігінен хабар береді 25.
Т. Шонанұлының Ірі Академиялық Орталықта жүріп өлкедегі оқу-ағарту
жұмысының алға басуы мен оқу құралдарын даярлауға атсалысуына тағы бір
себеп, 1923-1929 жылдары Қазақтың Халық Ағарту Институтында (КИНО) оқытушы
болып жұмыс жасауы еді. Қазақ АКСР-нің астанасы Орынбор қаласында ашылған
бұл Халық Ағарту институты Қазақстандағы алғашқы оқу орындарының бірі
болады. Аталған оқу орны өз кезегінде қазақтың жастарының үлкен үміт артып,
соған орай оқу-білім жолында дамылсыз ізденісте жүрген А. Байтұрсынов, Ж.
Аймауытов, М. Дулатов, Е. Омаров, Т. Шонанов, М. Жолдыбаев, Ж.
Оразалин, С. Досжанов, Н. Бекетов сынды ұлт зиялыларының басын біріктірді
25. Әрине, қазақ өлкесіндегі оқу-ағарту ісінің алға басуына, оқулықтар
шығару ісіне Т. Шонанұлының Қазақтың Халық Ағарту институтында оқытушы
болып жұмыс жасауы да септігін тигізгені сөзсіз. Т. Шонанұлы оқулықтарды
бастауыш сыныптарға, жаңадан сауаттанып жүрген ересектер мен өзге ұлт
өкілдеріне арнап жазды. Оның әзірлеген оқу құралдарының мазмұны оқушылар
үшін жеңіл, күнделікті тұрмыстан алынып жазылғандықтан түсінікті болды.
“Шаруа болса мал баға білсін, инженер болса көпір салып, кен қаза білсін,
мұғалім болса бала оқыта білсін” – 26, 103 б. деген қағиданы қатаң
ұстаған Т. Шонанұлы институттағы қазақ жастарына тек сапалы білім беру
жолын ұстанды.
Нәтижесінде Т. Шонанұлы 1920-1929 жылдардары (“Орынбор кезеңі” – деп
айтуымызға болады-К.Е.) бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы
болды. Мәселен, Қазақ тілінің оқу құралы (орыс мектептері үшін). – Алматы,
1923. – 86 б.; Самоучитель киргизского языка для русских. – Орынбор, 1925.
– 99 б.; Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы. – Қызылорда, 1926. – 207
б.; Самоучитель киргизского языка для русских (Словарь и краткая
грамматика). – Қызылорда, 1929. – 99 с.; Жаңа арна (Алғашқы жылдың оқу
құралы). – Қызылорда, 1928, – 167 б.; Жаңалыққа жетекші. – Қызылорда,
1929. – 36 б.; Диаграмдар, графиктер қандай болады, қалай салынады? –
Ташкент, 1929 және т.б. оқулықтар мен оқу құралдары қайраткердің қаламынан
дүниеге келді.
Сондай-ақ “Жаңа мектеп” журналында редакциялық коллегияның мүшесі болып
жұмыс жасаған Т. Шонанұлы өзінің ағартушылық қырының тағы да бір тұсын
танытады. Журналдың әр айлық санында елдегі оқу-білім және түрлі
методикалық істер турасындағы мақалаларын жариялап, оқытушылар мен
оқушыларға түрлі кеңестер қатарын ұсынып тұрады.
Т. Шонанұлы қоғамдық-ағартушылық істерді қатар алып жүріп жиырмасыншы
жылдары орын алған қазақ зиялылары тобының әліпби (алфавит) тартысы
тарихында да өзіндік із қалдырады. 1924-1926 жылдары әліпби тартысы
Түркістан мен Қазақстан аумағында толассыз жүрді. 1924 жылы 12-18 маусым
аралығында болып өткен білімпаздардың тұңғыш съезінде қазақ ұлтына қатысты
әр түрлі мәселелермен қатар әліпби алу ісі туралы сөз болады. Жалпы Кеңес
үкіметі билігі тұсындағы ұлттық оқыған қауымның алғашқы бас қосуы осы қазақ
білімпаздар тобының съезі болды. Түрлі баспасөз беттерінде білімпаздар
тобының жиыны өтетіні туралы ерте-ақ жария етіліп, онда қандай мақсаттар
атқарылатыны туралы жазылды.
Аталған съезд бірқатар қазақ зиялыларының қарсылығына қарамастан барлық
түркі халықтарының жазуын латындандыру туралы шешім қабылдайды. Бұл шараға
жетекшілік ететін жаңа түркі алфавитінің Орталық Атқару комитеті құрылып,
оған Қазақ АКСР-нен тек Нәзір Төреқұлұлы енеді. Съезд мүшелігіндегі Телжан
Шонанұлы латыншылар жағында болды. “Жалғыз қазақ емес, бүкіл араб әліппесін
қолдап жүретін елдер арасында латын әліппесіне көшу деген ағым болғаны
белгілі. Бұлар тек Кеңестер Одағындағы түріктердің ғана арасында емес, Одақ
сыртындағы түріктер мен мұсылман елдерінің арасында да бар. Латын
әліппесі бірқатар елдер әлемінде жатыр... әрине латынға қарсылар да бар.
Қарсылардың да дәлелі бар. Әңгіме дұрыс шешілу үшін латыншылардың да, оған
қарсылардың да ой-пікірлері айқындалуы қажет” – деп өз ойын білдіреді 27.
1927 жылы 9 маусымда БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің секретариаты
Қазақ КСР Халық комиссарлар Кеңесіне латын алфавитін насихаттайтын
республикалық комитет құру турасында ұсыныс жасалады. Комитеттің құрамына
Нығмет Нұрмақов (төраға), Телжан Шонанов, Әбдірахман Байдилдин, Ғаббас
Тоғжанов, Ораз Жандосов, Қайыпов пен Ормантаев сияқты ұлт зиялыларын
бекітті 27.
Осы тұста “Әліппе – мәдениет құралы” деп өз ойын ашық білдірген
Т. Шонанұлы латын әліппесін алу мен оның төңерегінде болып жатқан
түрлі мәселелерді баспасөз бетінде жариялап, халықты хабардар етіп отырды.
Мәселен, “Латын әліппесін алуды неге тілейміз?” (Жаңа мектеп. –1926. – № 9-
10), “Мәскеудегі қазақ студенттері латын әліппесі жайында не деген?”
(Еңбекші қазақ. 1928 жыл. – № 95), “Латын әліппесі туралы” (Еңбекші қазақ.
–1926. – № 9-10), “Орта Азиядағы латын әліппесінің жұмысы” (Еңбекші қазақ.
–1927. – № 134), “Қазақстандағы латын әліппесінің жұмысы” (Еңбекші қазақ.
–1927. – № 128), “Бұл да әліппе жайында” (Еңбекші қазақ. – 1927. – № 9),
“Латыншылардың толық жиналысы” (Еңбекші қазақ. – 1927. – 19 маусым), “Жаңа
әліппі жұмысы” (Еңбекші қазақ. – 1927. – № 163) “Жаңа әріптің кезекті
міндеті” (Еңбекші қазақ. – 1929. – № 66-67) және т.б. мақалалар қатарын
халық назарына ұсынумен болды.
Латын алфавитын насихаттайтын республикалық комитет құрамына енген Т.
Шонанұлы латын әліпбиін алу қажеттілігі туралы көпшілікке түсіндіріп,
баспасөз арқылы оқырман қауымға әр түрлі кеңестер беріп отырды. Мәселен,
“Үмбетұлы Мәжитке жауап (латын әліппесі туралы сұрауына)” атты мақаласында
бір ғана мақаланың төңерегінде бұл мәселені түсіндіре алмайтынын айта
келіп, латын әліппесінің тиімділігін былай көрсетеді: “Әліппе жаңғыртудың
екі жағын қарастыру керек:
1 негізі жағынан;
2 іске асырылуы жағынан.
Негіз жағынан дегеніміз – осы күні тұтынып жатқан әліппеміз боларлық
жарамды ма? Жарамды болса, артықшылығы қандай? Ол кемшілік жабуға келе ме?
Жарамастай болса, жарамды әліппе қайсысы? Ал іске асарлық жағы дегеніміз –
араб әліппесінің кемшілігі сонша зор болып, басқа әліппені аламыз дегенде
жаңа әліппені қалай кіргізіп жіберуге болады? Осыларға қысқаша жауап
берелік.
Халық ағарту саласында қызмет жасап отырған ұлттық зиялылар өкілдерінің
жұмысы күрделеніп, енді ғана қалыптасып, аяғынан тік тұра бастаған оқу
жүйесін сауат аштыру мектептерінен жоғарғы оқу орындарына дейін – оқушылар
мен оқытушыларды қайта оқыту; оқу бағдарламаларын қайта өзгерту;
оқулықтарды арабтан латыншаға аудару сияқты т.б. көптеген ұйымдастырушылық-
техникалық шаруалармен айналысуына тура келеді.
Соған сай Т. Шонанұлы латын әліппесінің жай-күйін басылым беттерінде
түсіндіре отырып, өз бетінше сауат аштырту ісіне кіріседі. Тіпті ол қазақ
халқына таныс өлең жолдарын латын жазуымен көрсетіп, көзін үйретті. Мысалы,
латын әліпбиімен Мағжанның “Бүлдірген беті бөбектің” өлеңін латын
әліпбиімен былай жазып көрсетеді:
Бүлдірген беті бөбектің,
Қолында отыр сылдырмақ.
Өзі сақ-сақ күледі,
Сылдырмақтай сылдырлап ...
Сол сияқты қазақ еліне танымал “Елім-ай” әнін:
Басынан Қаратаудың көш келеді,
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.
Айырылған ағайыннан жаман екен,
Мөлдіреп қара көзге жас келеді 28.
Түрлі қиыншылықтардың туғанына қарамастан алфавит ауыстыру ісіне
қазақтың ұлт зиялылары өзінің төл ісі ретінде жақын көріп, белсене
атсалысты. Ұлт зиялылары қатарындағы Т. Шонанұлы да белсенділік танытып,
“Жаңа мектеп” журналында “Жаңа әліппе сабағы” айдарымен бірнеше әліппе
сабақтарын жариялап отырды. Тіл маманы өз кезегінде халыққа қарапайым тілде
мысалдар келтіре отырып, жаңа әліппемен оқушылар сауатын ашуға
мүмкіндіктер жасайды. “Білім негізі – хат тану. Бірінші басқышта бітірген
бала тұрмысқа керек жерінде іркілмей, оқи, жаза білуі керек. Жеңіл
кітаптарды түсінерлік болсын. Уақ хат, куәліктер, әдістер жаза алсын.
Жарнамаларды, салық қағаздарын оқырлық болсын. Мұның үстіне жаңа әліппеміз
қалың еңбекшілерге нағыз пайдалы да жеңіл әліппе болу үшін, өткір құрал
болуы үшін істелетін бірқатар жұмыстарымызды үлгеруге уақыт жетпей жатыр.
Онымыз жаңа әліпті телеграмм, радио, стеонграммалар үйлестіру ісі
сияқтылар” – деп, бұдан әрі халықты жаңа әліппемен сауаттандыру жолдарын
ұсынды 29.
Сол сияқты Т. Шонанұлы өз кезегінде тек Қазақстан жағдайында ғана емес,
бүкіл түркі әлеміндегі латын әліпбиі істеріне араласып, пікір қосып отырды.
Орта Азия халықтары мен Кавказ, Еділ бойы, Орал тауы, Қырым түбегі
түріктерінің тілдеріндегі аз-маз айырмашылықтардың барлығын атап көрсетіп,
барлық түрік тілдерінің дыбыстық заңдылықтарын қарастырады.
Т. Шонанұлы түрік тілдерінің арасындағы кейбір
айырмашылықтарды тек бірнеше әріптер төңерегінде ғана түзеуге болады деп
есептеген. Мәселен, ол татар халқының жаңа емілесіне тоқталып, латын
әліпбиіне көшу жолында әр түрлі түркі халықтарында туындауы мүмкін
ерекшеліктерге татар тілінің мысалында тоқталады. Соңында Т. Шонанұлы
“татарлардың бұл емілесі осы кезден барлық татарлы жерде ұсталуы керек.
Біздің Қазақстан татарлары бұл емілені ұстауға міндетті. Осы кезден
мектептеріне кіргізу керек. Татар оқытушылары бұл емілені біліп алулары
керек. Татарша бас қаріп те ұсталады. Ұсталуы орыстікі сияқты жерлерде.
Елдегі оқытушыларды да таныстыру үшін, тілін қазақша еміледе көрсетілген
материалдарды татарша жаздық. Татарлардың жаңа емілесімен жаздық. Мұғалім
түсінбеген ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Телжан Шонанұлының сын мақалалары
Телжан Шонанұлының туып өскен ортасы және қоғамдық саяси қызметі
Телжан Шонанұлы
Алаш зиялыларының ұлт тарихы мен руханиятқа қосқан үлесі
Қазақ тілін оқыту әдістемесі-Телжан Шонанұлы- (1890-1938)
ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫ (1894—1938)
Қазақ тілін оқыту әдістемесі-Телжан Шонанұлы
ХIX ғ. аяғы –XX ғ. басындағы Қазақстандағы әлеуметтік-эканомикалық жағдай
Әліпби тақырыбының қазақ баспасөзінде жазылу мәселелері
Николай Бурбаки жөніндегі күмәнсіз және күмәнсіз емес мәліметтер
Пәндер