Жұмыссыз қылмыскердің типологиясы


Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
ӘОЖ 343. 23-057. 19 (574) Қолжазба құқығында
Халықтың маргиналды бөлігі арасындағы қылмыстардың алдын алу
(жұмыссыздар)
12. 00. 08 - қылмыстық құқық және криминология;
қылмыстық-атқарушылық құқығы
Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми жетекші
заң ғылымдарының докторы,
профессор Алауханов Е. О.
Қазақстан Республикасы
Алматы
2009
Мазмұны
Белгілеулер мен қысқартулар тізімі . . . … 3
Кіріспе . . . 4
1 Жұмыссыздар арасындағы қылмыскерлік-
криминологиялық зерттеулер объектісі . . . 12
1. 1 Жұмыссыздықты әлеуметтік-экономикалық және
криминологиялық мәселе ретінде қарастыру . . . 12
1. 2 Қылмыскерлікті жұмыссыздар ортасындағы құбылыс
ретінде қарастыру . . . 22
1. 3 Қылмыс жасаған жұмыссыздың жеке басының
криминологиялық сипаттамасы . . . 30
1. 4 Жұмыссыздар арасындағы қылмыскерлік детерминациясының ерекшеліктері . . . 47
2 Жұмыссыздар арасындағы қылмыстардың алдын
алудың ерекшеліктері . . . 59
2. 1 Жұмыссыздар арасындағы қылмыскерлікпен күрестің жалпы
әлеуметтік аспектілері . . . 59
2. 2 Жұмыссыздар арасындағы қылмыскерлікпен күрестің
арнайы-криминологиялық шаралары . . . 75
2. 3 Жұмыссыздар арасындағы қылмыстардың алдын алудың
ұйымдық-құқықтық аспектілері . . . 90
Қорытынды . . . 100
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . … . . . 107
Қосымша А. Сауалнама . . . 115
Белгілеулер мен қысқартулар тізімі
- ААІЖ - автоматтандырылған ақпараттық-іздестіру жүйесі.
- АТҚБ - автоматтық-техникалық қызмет басқармасы.
- БАЭ - Біріккен Араб Эмираты.
- БҒМ - Білім және ғылым министрлігі
- БҰҰ - Біріккен Ұлттар Ұйымы
- ЕК - Еңбек кодексі
- ЕтЗК - Еңбек туралы Заңдар кодексі
- ЖЭС - Жаңа экономикалық саясат
- КАО - Криминалдық ақпарат орталығы
- КБК - Кедендік бақылау комитеті
- КҚПБ - Көші-қон полициясының бөлімі
- КПБ - Криминалдық полиция бөлімі
- КПБас. - Криминалдық полиция басқармасы
- КТІБ - Қылмыскер ісі жөніндегі бөлімше
- КІІД - Көліктегі ішкі істер департаменті
- ҚАЖБ - Қылмыстық-атқару жүйесінің басқармасы
- Қаз КСР - Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы
- ҚК - Қылмыстық кодекс
- ҚМ - Қаржы министрлігі
- ҚСжАЕК - Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті
- МӨЗ - Мұнай өңдеу зауыты
- ОҚО - Оңтүстік Қазақстан облысы
- ТҚД - Техникалық қызмет департаменті
- ТМД - Тәуелсіз мемлекеттер достастығы
- ҰҚК - Ұлттық қауіпсіздік комитеті
- ҰҚТ - Ұйымдасқан қылмыстық топ
- ХЕҰ - Халықаралық еңбек ұйымы
- ХКК - Халық комиссарлар кеңесі
- ІІД - Ішкі істер департаменті
- ІІМ - Ішкі істер министрлігі
- ІІО - Ішкі істер органдары
- ШҚО - Шығыс Қазақстан облысы
- ЭСҚКА - Экономикалық және сыбайлас қылмыскерлікпен күресу жөніндегі агенттік
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертация жұмыссыздар санатына жататын адамдардың қылмыс жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды, олармен байланысты алдын алу мәселелерін зерттеуге арналған.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Адамзат баласы қылмыскерлік пен оны тудыратын себептерге қоғам әрқашан ерекше назар аудара отырып, онымен күрестің тиімді жолын ұдайы іздестіріп келеді. Бірақ бұл күрделі мәселе мемлекет арқылы толық шешілмейді, бұл ретте қоғамның және азаматтық институттардың да маңызы зор. Яғни, қылмыстың алдын алу аса қажет. Ол туралы Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаев та 2008 жылғы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында атап өтті. Онда: «Мемлекеттің басым бағыты - жазалаушы іс-әрекет емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Сондықтан, аталған жылы «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізу қажет» [1, 12 б. ], - деп көрсетілді. Елбасы, әсіресе, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау, қылмыскерліктің алдын алу, оның аса қауіпті түрлері - ұйымдасқан, рецидивтік, экономикалық қылмыскерлікпен және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне баса мән берді. Ол өз сөзінде: «біздің ел әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жүргізу және демократиялық мемлекеттілік құру барысында қайта құру саясатының қоғамдағы тұрақтылыққа, азаматтардың жақсы ахуалды өміріне қауіп төндіретін криминогендік процестермен тоқайласып отыр» [2, 1 б. ], - деген еді.
Жалпы, құқықтық мемлекет құру дегеніміз - тек материалдық-техникалық база құру емес, сонымен қатар қоғамның өнегелік келбетін түзеу, оның рухани мәдениетін дамыту. Оны жүзеге асыруда жастар тәрбиесі маңызды орын алады. Ол туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында, «баланың мемлекет қорғауында екендігі және оның мемлекет үшін аса құндылық болып табылатындығы» [3, 26 б. ] атап көрсетілген.
Осы аталғандардың ішінде шешімі әлеуметтік қатынастарды жетілдірумен, адамдардың әрекет-қылықтарын реттеумен байланысты көптеген әлеуметтік мәселелер арасында жұмыссыздардың қылмыстық іс-әрекеттерінің алдын алу мәселесі айрықша орында тұр [4, 26 б. ] .
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында да оның дамуына кедергі келтіретін және қылмыстың артуына себеп болып отырған - елде орын алып отырған жаппай жұмыссыздық. Оны криминологтардың барлығы бірдей қылмыскерліктің басты себептерінің бірі ретінде танып отыр. Қылмыскерліктің қазіргі мәселелері әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістермен тығыз байланысты, олар азаматтардың күнделікті өмірінен көрініс табуда.
Мысалы, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ТҚД мәліметтеріне қарасақ, 2006 жылы айқындалған қылмыскерлердің 54, 2%-ында қылмыс жасаған кезде тұрақты табыс көзі болмаған, олардың 9, 6%-ы жұмыссыз жүрген [4, 3 б. ] . Ал, 2007 жылы айқындалған қылмыскерлердің 53, 3%-ында қылмыс жасаған кезде тұрақты табыс көзі болмаған, оның 9, 8%-ы жұмыссыз жүрген [4, 4 б. ] .
Жұмыссыз азаматтар қазіргі қылмыскерліктің барлық түріне жасап отыр десе болады. Ұрлау, тонау, алаяқтық сияқты меншікке бағытталған қылмыстар бірінші қатарға шықты. Адам өлтіру, денеге ауыр жарақат салу, бопсалаушылық сияқты адам өміріне қатысты қылмыстар да кең етек алды. Есірткінің, қару-жарақтың заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар да көбейді.
Оған себеп , адамдардың жүріс-тұрыс, іс-қылықтарын реттейтін бұрынғы қалыптасып қалған құндылықтар мен нормалардың сырт қалуы, ал олардың орнын басқан жаңа құндылықтар мен нормалардың өмірге толық ене қоймаған кезеңде адамдардың іс-әрекеттерінің қалыпты күйден ауытқуына кері әсерін тигізеді [5, 12 б. ] . Біздің елдегі қоғамдық қатынастардың кешегі өткен социалистік кезеңінде жұмыссыздықты тек капиталистік елдерге ғана тән құбылыс деп санадық, оны кеңестік идеологтар әлемдік интерполициямен күресте күшті қару ретінде пайдаланды [6, 26 б. ] .
Сонымен қатар, мемлекетте социалистік экономиканың көңілге қонымсыз үрдістерінен туындаған жұмыссыздықтың жасырын нысандары есепке алынбады, оған кездейсоқ нәрсе ретінде қарады. Ал социалистік жүйе мұндай жағдайдың орын алу себебін және оның қылмыскерлікпен байланысын түсіндіруге талпыныс жасаған ғалымдардың пікірлерімен санаспады.
1980 жылдарда қайта құру үрдістері және оған жалғасқан 90-жылдарда экономикалық өзгеріс бұрынғы мемлекеттік құрылыстан қалған жараның бетін ашып ғана қоймады, жаңа мәселелер тудырды, яғни, бүгінгі күні ұлттық қасіретке айналып отырған жұмыссыздықты алып келді. Еңбекке қабілетті мыңдаған адамдар мемлекетке қажетсіз болып қалды, олар тіршілік қамын ойлап базарларда арба сүйреп кетті (мысалы, Алматы қаласында) :
- 1998 жылы - 925 мың адам, немесе экономикалық белсенді халықтың 13, 1%;
- 1999 жылы - 950 мың адам, немесе экономикалық белсенді халықтың 13, 5%;
- 2000 жылы - 906 мың адам, немесе экономикалық белсенді халықтың 12, 8%-ы;
- 2001 жылы - 780 мың адам, яғни экономикалық белсенді халықтың 10, 4%;
- 2002 жылы - 690 мың адам, яғни экономикалық белсенді халықтың 9, 3% [7, 86 б. ] .
- 2007 жылы - 555 мың адам, яғни экономикалық белсенді халықтың 6, 4 %;
- 2008 жылы - 560 мың адам, яғни экономикалық белсенді халықтың 7 %.
Мұндай жағдай көрші елдерде де қалыптасты. Мысалы, Ресей Федерациясының статистика жөніндегі Мемлекеттік комитетінің мәліметтері бойынша 2006 жылдың желтоқсан айында жұмыссыздар саны 6 млн-ға жуықтаған, оның 1 млн 600 мыңы жұмысбастылық қызметінде (еңбек биржасында тіркелген) [8, 111 б. ] .
Ал 1-қаңтар 2009 жылдың мәліметіне қарағанда, Республика көлемінде 25 % мекемелердің жұмысы тоқтап, ондағы 7229 адам жұмыссыз қалған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өзінің сөзінде: «234 мекеме жартылай жұмыс жасауда, ондағы жұмыс істейтін 72 196 адамдардың ішінен 28 818 адамдар лажсыздан еңбек демалысына жіберілген», - деп көрсетті[9, 6 б. ] .
Қазіргі кезде де Қазақстан Республикасында жұмыссыздық мәселесінің шешімі табылмай тұр (оған әлемдегі ипотекалық дағдарыс та ықпал етуде) . 2005-2007 жылдары Қызылорда, Қостанай (бұрынғы Торғай облысының аумағы), Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары еңбек рыногында елеулі мәселелері бар аумақтарға жатқызылды (экономикасы нашар дамыған деп танылды) .
Сондықтан, бүгінгі шиеленісті криминалдық ахуалды жақсарту үшін қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселені түбірлі өзгерту керек. Оны жүзеге асыру үшін, зерделеніп отырған құбылыстардың пайда болуына және таралуына әсерін тигізетін факторларды, халықаралық-құқықтық тәжірибені зерттеу негізінде отандық қылмыстық заңнаманы ары қарай жетілдіру жөнінде ұсыныстар даярлау қажет.
Криминология ғылымына фактылар керек, сонда ғана ғылым әлеуметтік-экономикалық үрдістерді және қылмыскерліктің өсуі нәтижесінде бой көтеретін келеңсіз салдарларды зерделеп-зерттей алады.
Қылмыскерліктің жұмыссыздыққа криминогендік тәуелділігі жұмыссыздардың қылмыстарынан туындайды. Бұл жерде мұндай қылмыскерліктің заңдылықтары мен үрдістері, жұмыссыздар қылмыскерлігіне жағдай тудыратын себептер, бұл адамдардың жұмыссыздығынан және олар жасаған қылмыстардың сипатынан ашық көрініп тұрған олардың жеке дара қасиеттері айқын көрініс табады.
Бұл мәселе жұмыссыздар жасайтын қылмыстардың алдын алу үшін, жұмыссыздық алып келетін кез келген басқа да криминалдық зардаптарға, тіптен жұмыссыздықтың алдын алуды кешенді ықпал етуді ұйымдастыру үшін де жан-жақты зерттеуді керек етеді.
Аталған криминология тұрғысынан маңыздылығы бар сипаттамалар ғылымда толықтай көрініс таппағандықтан диссертант, оның өзектілігіне мән бере отырып, өзінің диссертациялық зерттеуіне арқау қылды.
Сондықтан да аталған жұмыстың отандық заң ғылымындағы алғашқы кешенді диссертациялық зерттеулердің бірі екендігін атап өткен жөн.
Тақырыптың зерттелу деңгейі.
Диссертациялық зерттеулер жүргізу барысында Н. С. Таганцев, А. Аванесов, Ю. М. Антонян, М. М. Бабаев,
М. И. Ветров, С. Е. Вицин, Л. Д. Гаухман, А. И. Долгова, З. С. Зарипов,
К. Е. Игошев, И. И. Карпец, В. М. Коган, В. Е. Квашис, В. Н. Кудрявцев,
Н. Ф. Кузнецова, С. Я. Лебедев, В. В. Лунеев, Г. И. Миньковский, А. В. Наумов, В. С. Овчинский, О. В. Старков сияқты кеңестік (ресейлік) және ТМД елдері ғылымдарының еңбектері зерделеніп, жұмыста қолданылды.
Сонымен қатар К. Р. Абдрасулова, К. Жаянбаев, И. Исмаилов,
Ю. М. Каракетов, Л. И. Сыдықова, Б. Г. Түгелбаева, М. Х. Рустамбаев сияқты өзбек, қырғыз ғалымдарының да еңбектерін атап өткен жөн.
Ал отандық ғалымдардан Н. М. Абдиров, А. Н. Ағыбаев, Е. О. Алауханов, Т. К. Әкімжанов, И. Ш. Борчашвили, К. Ж. Балтабаев, У. С. Жекебаев,
Р. Е. Джансарева, Н. О. Дулатбеков, А. Ш. Есжанов, Б. Ж. Жунусов,
М. К. Ынтықбаев, С. М. Иманбаев, И. В. Корзун, Е. И. Қайыржанов,
Н. И. Каирова, Г. С. Мәуленов, А. Х. Миндагулов, С. С. Молдабаев,
М. С. Нәрікбаев, Р. Т. Нұртаев, С. М. Рахметов, В. В. Роот, Г. Р. Рустемова,
А. Смағұлов, Б. К. Сыздық, Н. М. Турецкий, Д. С. Чукмаитов, А. Масалимова,
А. Құлсариева және т. б. өз жұмыстарында сөз етті.
Заңгерлердің, экономистердің, психологтардың, социологтардың, дәрігерлер мен басқа мамандардың жұмыссыздықтың әлеуметтік-экономикалық және басқадай зардаптарына қатысты жарияланымдары жеткілікті болғанмен, өкінішке қарай бұл мәселенің шешімі табылмай тұр. Жұмыссыздықтың криминологиялық мәселесінде криминологтар, қылмыстық құқық саласының мамандары зерттемеген көптеген аспектілер бар, сондықтан да бұл тақырыптың маңыздылығы артады.
Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Диссертациялық зерттеудің мақсаты - жұмыссыздар арасындағы қылмыскерліктің криминологиялық заңдылықтарын анықтау және білу. Алынған ақпаратты талдау негізінде жұмыссыздықты және одан туындайтын қылмыскерлікті әлеуметтік-құқықтық бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар даярлау керек.
Бұл мақсатқа жету үшін мына міндеттер орындалуы тиіс:
- әлеуметтік және криминологиялық мәселеге айналған жұмыссыздықтың негізгі қасиетін, сипатын және зардаптарын зерделеу;
- жұмыссыздар арасындағы қылмыстардың алдын алуда маңызды интеллектуалдық аспап болып саналатын ұғымдық аппаратты айқындау;
- жұмыссыздар арасындағы қылмыскерліктің негізгі криминологиялық көрсеткіштерін айқындау және оларды талдау;
- жұмыссызды қылмысқа жетелейтін сыртқы ортаның объективтік факторлары мен адамның жеке басының субъективтік қасиеттерін айқындап зерттеу;
- жұмыссыздықтың және жұмыссыздар арасындағы қылмыскерліктің алдын алуға бағытталған құқықтық құралдар мен ұйымдық шараларды талдау;
- жұмыссыздар арасындағы қылмыстардың алдын алу жүйесін жетілдіру жөнінде кешенді ұсыныстар даярлау, оларға дәлел келтіріп тексеру және практикаға енгізу.
Зерттеудің объектісі мен заты. Бұл зерттеудің объектісіне жұмыссыздар арасында жасалған қылмыстарға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар, жұмыссыздар арасындағы қылмыскерліктің жалпы әлеуметтік мәселесі жатады.
Диссертациялық зерттеу затына жататындар:
- жұмыссыздар жасайтын қылмыстардың жалпы жайы;
- бұл қылмыстардың жасалу себептері мен жағдайлары;
- олардың құрылымы мен детерминанттары, жұмыссыз азаматтардың құқыққа қайшы әрекеттерінің сылтау ерекшеліктері;
- жұмыссыз қылмыскердің жеке басы;
- жұмыссыздар арасындағы қылмыстардың алдын алу.
Зерттеудің әдістемелік және теориялық негіздері. Диссертациялық зерттеу барысында, индукция, дедукция, тарихи талдама, салыстыру, статистика әдістері қолданылды. Сонымен қатар, социологиялық әдістемелер: сауалнама тарату, сұхбаттасу және сараптық бағалау қолданылды.
Статистикалық ақпаратты өңдегенде статистикалық бақылау әдістері, деректер мен топтастырулар, негізгі статистикалық өлшемдердің есептері қолданылды.
Жұмыстың теориялық негізін белгілі шетелдік және отандық ғалымдардың қылмыстық құқық, қылмыстық-атқарушылық құқық және криминология саласындағы ғылыми еңбектері құрады.
Зерттеудің нормативтік базасын Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-атқарушылық заңдарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қаулыларының негізгі ережелері, халықаралық-құқықтық актілер және т. б. құрады.
Зерттеудің эмпирикалық базасына мыналар алынды:
- архивтердегі 650 қылмыстық істің материалдары (Алматы қаласының Алмалы және Әуезов аудандық соттарының, Астана қаласының «Сарыарқа» және «Алматы» аудандық соттарының, Шымкент қалалық сотының) ;
- елдің бірқатар аймақтарында 850 азаматқа қойылған сұрақтардың нәтижелері (Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен және Оңтүстік Қазақстан облыстарының Шымкент қаласында, Мақтаарал ауданында) ;
- Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан ЛА-155/8 және ЛА-155/4 түзеу мекемелеріндегі 500 сотталғанға қойылған сұрақтардың нәтижелері;
- Криминалдық полицияның, тергеу органдарының, қала, аудан Ішкі істер бөлімдерінің, Ішкі істер департаменттерінің практикалық қызметкерлеріне қойылған сұрақтардың нәтижелері (Алматы, Астана, Шымкент қалалары) ;
- Ішкі істер министрлігінің ТҚД-нің, Әділет министрлігінің ҚАҚК-нің және Бас прокуратураның ТБ-ның статистикалық мәліметтері.
Сондай-ақ басқа авторлардың ұқсас зерттеулерінің нәтижелері зерделенді, олар жасаған тұжырымдар бұл зерттеудің нәтижелерімен салыстыру үшін ғана пайдаланылды.
Жұмыссыздар арасындағы қылмыскерлік мәселесін автордың криминологиялық ғылыми тұрғысынан кешенді қарастыруын диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығына жатқызу керек, бұл ретте ол:
а) жұмыссыздықтың криминогендік зардаптары туралы жаңа мәліметтерге талдама жасаған;
б) жұмыссыздардың қылмыстары, олардың себептері мен жағдайлары, жұмыссыз қылмыскердің жеке басы туралы бұрын болмайтын криминологиялық ақпаратты зерделеген;
в) жұмыссыздықтың криминогендік зардаптарын әлеуметтік және ұйымдық-құқықтық бақылаудың тиімділігін арттыруға және жұмыссыздар жасайтын қылмыстардың алдын алуға бағытталған ұсыныстар даярлады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі ережелер:
- Жұмыссыздық әрқашан да қылмыскерлік және оның алдын алумен өзара тығыз байланысты, яғни жұмыссыздық қазіргі қоғамдағы қылмыскерліктің себептерінің бірі болып табылады.
- Жұмыссыз азаматтар ортасындағы қылмыскерлік - Қазақстан Республикасының аумағында жұмыссыз азаматтар жасайтын және бір ортаға біріккен жұмыссыз азаматтарға қатысты жасалатын қылмыстардың органикалық жиынтығы (жүйесі) .
- «Жұмыссыз» ұғымы - жұмысбастылық қызметінде ресми тіркелген немесе жұмыс іздеуші азаматтар ғана емес, еш жерде жұмыс істемейтін, тосын табысы бар немесе қылмыстық жолмен тапқан табысымен өмір сүруші адамдарды қамтиды.
- Жұмыссыздар арасындағы қылмыскерліктің өзіндік ерекшелігі сол, ол қоғам үшін аса қауіпті және оның даму динамикасы келеңсіз үрдістермен сипатталады. Жұмыссыздар жасайтын қылмыстардың басым көпшілігін тұрақты табыс көзі жоқ адамдар жасайды.
- Қылмыскердің, әдетте, өнегелік және құқықтық санасы төмен келеді, олар қоғамға қарсы әрекеттерге бейім болады, агрессивтік мінез көрсетеді.
- Жұмыссыздар арасындағы қылмыскерлікте криминалдық және виктимологиялық факторлардың арақатынасы тұрақты болып келеді [10, 10 б. ] .
Жұмыссыздардың виктимділігінің ерекшелігі мыналардан көрініс табады:
- Бірден көзге түсетіндіктен, себебі жұмыссыздардың виктимделуінің зардабы адамның жеке басының шеңберінен шығып, қоғам мәселесіне айналып отыр;
- Олар жас шегімен (жұмыссыздардың көпшілігі негізінен 30-ға дейінгі, өмірлік тәжірибесі аз жастар) ерекшеленеді;
Жұмыссыз азаматтар арасындағы қылмыстардың детерминациясында кешенді сипат бар, ол әртүрлі, атап айтқанда - ғаламдық, республикалық және аймақтық деңгейдегі көптеген өзара әрекеттестіктің нәтижесі болып табылады.
7. Жұмыссыздар арасындағы қылмыстардың алдын алу дегеніміз - қылмыс жасаудың себептері мен жағдайларын ашуға, жоюға, бәсеңдетуге және бейтараптандыруға, сондай-ақ тіршілік жағдайы мен (немесе) іс-қылығы сенім тудырмайтын адамдардың қылмыстық жолға түсуіне немесе қайта оралуына тосқауыл болуға тиісті мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүйесі. Жұмыссыздар арасындағы қылмыстардың алдын алғанда жалпы әлеуметтік, криминологиялық және ұйымдық-құқықтық сипаттағы шараларды бөлектеген дұрыс.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Зерттеудің теориялық маңыздылығы алынған нәтижелердің сонылығынан туындайды. Автор зерттеген мәселелер мен алынған нәтижелер жұмыссыздар жасайтын қылмыстармен күрестің тиімділігін көтеруге бағытталған бірқатар ұсыныстар жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы сол, оның кейбір жекелеген ережелерін қылмыскерліктің алдын алу жөнінде бағдарламалар жасап, оларды іске асыру барысында, жоғары оқу орындарында криминология, қылмыстық құқық, әлеуметтану және еңбек құқығы курстарын жүргізгенде қолдануға болады.
Диссертациялық зерттеудің нәтижелері құқық қорғау органдары мен соттардың қызметі үшін ғана емес, халықтың жұмысбастылық мәселесін шешуге тиісті әлеуметтік және басқа ұйымдар үшін де маңызды болып табылады.
Диссертациялық зерттеуде жұмыссыздар арасындағы қылмыстардың алдын алуды заңдық, ақпараттық және ұйымдық-құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру үшін маңызы бар бірқатар тұжырымдар жасалған.
Жұмыссыздардың қылмыскерлігі туралы жаңа криминологиялық ақпарат басқа да гуманитарлық зерттеулердің (негізінен - әлеуметтану және психология, сондай-ақ қылмыстық құқық саласындағы) дамуына ықпалын тигізуі мүмкін.
Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі . Жүргізілген зерттеулердің негізгі нәтижелері, теориялық ережелері, оларға негізделген тұжырымдар мен ұсыныстар Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық құқық және криминология кафедрасында талқыланды.
Негізгі теориялық ережелерді, зерттеу нәтижелерінен туындаған тұжырымдар мен ғылыми-практикалық ұсыныстарды автор халықаралық және ведомствоаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндады, Қазақстан Республикасы БҒМ-нің Білім және ғылым саласындағы бақылау Комитеті ұсынған жорналдарда жариялады.
Сонымен қатар, диссертациялық зерттеудің нәтижелері, тұжырымдары мен ұсыныстары Астана және Алматы қалаларының, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменттерінің тәжірибелік қызметіне және Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу үрдісіне ендірілді.
Диссертация құрылымы белгілеулер мен қысқартулар, кіріспеден, екі бөлімнен, сегіз бөлімшеден, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
1 Жұмыссыздар арасындағы қылмыскерлік - криминологиялық зерттеу объектісі
1. 1 Жұмыссыздықты әлеуметтік-экономикалық және криминологиялық мәселе ретінде қарастыру
Жұмыссыздық және жұмыссыздар мәселе әртүрлі ғылымдар (әлеуметтану, экономика, философия және т. б. ) шеңберінде зерделенді және зерделенуде, ол бәрінен бұрын жұмыссыздықтың әлеуметтік-экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде бір мәнді еместігімен және одан туындайтын зардаптармен байланысты. Бұл мәселе криминология үшін де қызығушылық тудыруда, себебі жұмыссыздықтың қылмыскерлікке теріс ықпал ететіндігі сөзсіз.
«Криминология, социологиялық ғылым ретінде . . . - дейді А. Б. Сахаров, - қылмыскерлікпен қандай да бір байланыстағы барлық құбылыстардың әлеуметтік аспектілеріне енуге, ол байланыстың өзін ғана емес, оны тудыратын әлеуметтік жағдайларды да айқындауға тиіс. Криминологияны мұндай міндеттен босату оны қылмыскерліктің себептері мен жағдайларының едәуір бөлігін зерттеуден босату, оның қылмыстардан алдын ала сақтандырудағы рөлін шектеу болып табылады» [11, 10 б. ] .
Жұмыссыздық ерте заманнан бар құбылыс. Перикл кезіндегі афиндік демократияда жұмыссыздық зардаптарын жеңуге шара қолданылған, жаулап алған жерлерді отарлаған, үлкен-үлкен қоғамдық құрылыстар жүргізген, ақылы қызметтер белгілеген, т. б.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz