Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті
ОҚУ - ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
пәні
Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы
Курс - 2
Мамандықтар 5В011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті
Оқу түрі - күндізгі
Семестр -3
2017-2018 оқу жылы
Құрастырған: аға оқытушы, магистр Какимова Д.М.
Филология кафедрасы
Кредит саны - 3
Дәріс - 30
Бақылау түрі - емтихан
Орал, 2017 ж.
ПӘН БОЙЫНША ДӘРІСТЕРДІҢ КОНСПЕКТІСІ
Апта 1
Кредит сағат 1
Дәріс 1
Тақырыбы: Қазақ тілінің лексикологиясы туралы түсінік
Дәріс мазмұны:
1. Қазақ тілі лексикология пәні, мақсат-міндеттері, зерттеу нысаны.
2. Қазақ тілі лексикологиясының қалыптасуы, дамуы, тарихы, зерттелуі.
3. Лексикологияның тіл білімінің фонетикасы және грамматикамен байланысы.
Әдебиеттер:
1. Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. А., 1975ж.
2. Болғанбаева Ә. Қазақ тілі лексикологиясы. А., 1988ж.
3. Аханов К. Тіл білімінің негіздері А., 2003 ж.
4. Белбаева М., Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы. А., 1976.ж.
5.Болғанбаев Ә, Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006ж.
6. Қазақ тілі энциклопедиясы. А., 2001ж.
7. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология. А.2008.
8. Ә.Қайдар. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. А. 1998.
1. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы ғылыми тұрғыдан кең түрде зерттеліп келеді. Жалпы, лексикология - сөз туралы ғылым.Лексикология - гректің "lexis" "Сөз" және "logos" - "ілім" деген сөздерінен жасалған термин. Сөз - өте күрделі тілдік категория. Сөздің сан-салалы қабаттары бар. Атап айтар болсақ мағыналық, дыбыстық жағы, шығу төркіні, даму тарихы, қолдану ерекшелігі, жасалу жолы, өзгеру жүйесі және басқа да жақтары сөздің күрделілігін аша түседі.Тілімізде қанша сөз болса, солардың тұтас жиынтығын тіл ғылымында лексика (грек сөзі - сөздік) немесе сөздік құрам деп атайды.
Қазақ тілінің негізгі сөздік қоры мен сөздік құрамын, оның дамып, жетіліп, баю жолдарын, сөздің шығу төркінін, қолданылу қабілеттілігін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, сөздердің экспрессивті - эмоционалды сипатын және сан қырлы стильдік ерекшеліктері мен қолданылу аясы туралы зерттейтін ғылымды лексикология дейміз.
Сонымен қазақ тілінің лексикологиясы - қазақ тілінің сөздік құрамын лексикасын жан-жақты қарастыратын ғылым. Лексикологияның ең басты зерттеу объектісі - сөз.
Қазақ тілі сөз байлығы жағынан дамыған, әсем, көркем, мәнерлі, әдемі, бай тілдердің қатарына жатады. Қазақ тілінің сөздік құрамы, яғни лексикасы халқымыздың сан ғасырды басынан өткізген, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен, тарихы мен мәдениетінің, материалдық байлығы мен рухани қазынасының көрсеткіші, қалыптасып дамуының жемісі. Лексикология жекеленген сөздердің тобын емес, тілдің орныққан, қалыптасқан лексикалық жүйесін қарастырады. Сондықтан да лексикологияны зерттеу сөздік құрамды тұтас бір бүтін жүйе ретінде қарастыруды міндеттейді. Тіліміздегі сөздік құрамымыз неғұрлым бай, көркем болса, тіл де соншалықты дамыған, жетілген болатыны сөзсіз. Тілдің қаншалықты дамып жетілгендігі сөздік құрамдағы сөздердің санымен емес, көп мағыналылығымен, ауыспалы мағынаның берілу жолдарымен, сөздердің эмоционалды - экспрессивтілігімен, лексикалық қабаттардың жан-жақтылығымен және қолдану аясының кеңдігімен өлшенеді.
Тіл білімінің қай саласын алсақ та өзіне қатысты лингвистикалық проблемалары болады. Лексикологияның жалпы проблемаларын жалпы лексикология (общая лексикология) қарастырады.
Атап айтар болсақ, тілдің лексика - семантикалық жүйесі туралы мәселе, тілдік единицалардың ішінде сөздің алатын орны, сөзге тән басты белгілер, сөз бен ұғымның арақатынасы, сөздің лексикалық мағыналарының түрлері, сөздік лексикалық және грамматикалық мағыналарының ара қатысы және т.б. мәселелерді қарастырады. Ал нақты бір ғана тілдің лексикасы және оның ерекшеліктері жеке лексикологияда (частная лексикология) қарастырылады.
Қазіргі қазақ тілі лексикология саласы 1950 жылдан бастап дами бастады.
Лексикологиядағы ең алғашқы зерттеу жұмыстары 1960-70 жылдары тереңірек әрі кең түрде дамыды. Бұл саладағы ең бір маңызды еңбек І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаевтың "Қазіргі қазақ тілі" атты кітабы болып табылады. Басқа да ғылыми еңбектерді айтар болсақ, М.Белбаева "Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы", (1976 ж). К.Аханов "Қазақ тілі лексикасының мәселелері" (1955 ж), Ж.Досқараев пен Ғ.Мұсабаев "Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері" (1951 ж), Ғ.Қалиев пен Ш.Сарыбаев "Қазақ диалектологиясы" (1967 ж), Ә.Болғанбаев "Қазақ тілінің лексикологиясы" (1979 ж), К.Аханов "Тіл білімінің негіздері" (1993 ж), Ә.Болғанбайұлы, Ғ.Қалиұлы "Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы" (1997, 2006 ж.), Т.Смағұлова "Фразеологизмдердің варианттылығы" (1996 ж), "Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық - мәдени аспектілері" (1998 ж), С.Сатенова "Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты" (1997 ж), Р.Сыздықова "Абайдың сөз өрнегі" (1995 ж), Б.Хасанов "Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы" (1966 ж), Ж.Манкеева "Мәдени лексиканың ұлттық сипаты" (1997 ж), Р.Сыздықова "Сөздер сөйлейді" (1994 ж. 2 басылым), Ә.Қайдаров "Тариха лексикология және этнолингвистика" Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері. (1988 ж), М.Серғалиев "Синтаксистік синонимдер" (1981 ж), Р.Барлыбаев "Қазақ тілінде сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы" (1968 ж), Ж.Мусин "Қазақ тіліндегі антонимдер" (1970 ж) кандидаттық диссертация. А.Махмұтов "Қазақ тіліндегі архаизм мен историзм" (1963 ж) кандидаттық диссертация және т.б. Жоғарыда аталған ғылыми монографиялар мен кандидаттық диссертация жұмыстарында қазақ тілі лексикологиясының ауқымды да өзекті мәселелері жан-жақты қарастырылып, кеңінен зерттелді және лексикологияның дамуына, қалыптасуына ықпалы бар құндылығын жоймайтын бағалы еңбектер болып саналады. Сонымен қатар лексикографиялық жұмыстарды да ерекше айтып кетуімізге болады. (10 томдық түсіндірме сөздік, фразеологиялық сөздік, этимологиялық сөздік, диалектологиялық сөздік, омоним, антоним, синонимдер сөздігі, Абай тілінің сөздігі және т.б. да сөздіктер). Тілдің әр түрлі жақтары (фонетикалық, лексикалық және грамматикалық) бір-бірімен өз ара қарым-қатынаста, байланыста болатыны сияқты, оларды зерттейтін тіл білімінің де әр түрлі салалары бір-бірімен өз ара тығыз байланыста болады.
Лексикологияның фонетикамен байланысы мынадан көрінеді. Тілдегі әрбір сөз дыбыстардың белгілі бір тіркесімен айтылады. Дыбыстардың тіркесуі сөздің сыртқы жамылғышы, ал сөздің мағынасы оның мазмұны болып табылады. Сөз дыбыстардан құралып белгілі бір мағынаны білдіреді. Сөздің дыбыстық жағын зерттейтін фонетиканың лексикологиямен байланысы осыдан келіп туындайды. Тіліміздегі сөздің дыбыстық құрамының өзгеріске түсуі немесе екпіннің ауысуы сөз мағынасына әсер етеді және оны өзгертеді. (Мысалы: адамзат, дыбыстардың орнын ауыстырсақ мағынасыз сөз шығар еді). Сонымен лексикологиялық зерттеулерде сөздің фонетикалық ерекшеліктері үнемі сақталып отырады.
Лексикология тіл білімінің грамматика саласымен өте тығыз байланысты. Тіліміздегі сөздер номинативті (атауыштық) қызметпен бірге грамматикалық та қызмет атқарады.
Жалпы алғанда сөздер жеке-дара күйінде емес, өз ара бір-бірімен байланыста қолданылады. Сөздің белгілі бір грамматикалық қызметі оның мағынасына да әсер етеді.
Тілдің даму тарихында, бір жағынан, лексикалық единицалардың (сөздердің) грамматикалану процесі жүріп жатса, екінші жағынан, сөз тіркесуінің бір бүтін лексикалық единицаға (сөзге) айналып, лексикалану процесі жүріп жатады, сондықтан да лексикалық құбылыстар мен грамматикалық құбылыстар астарласып, бір-бірімен өз ара қарым-қатынаста болып отырады.
Осындай байланыстарды қарастыру лексикология үшін де, грамматика үшін де қажет.
Сонымен, тілдің даму барысында тіл білімінің лексикология мен грамматика салалары өз ара тығыз байланыста болады.
Қорыта айтқанда, тіл білімінің лексикология саласы сөзді, біріншіден - мағынасы жағынан, екіншіден - шығу тегі жағынан, үшіншіден - қарым-қатынас жасауда қолданылу саясы мен шеңбері жағынан, төртіншіден - экспрессивті - эмоционалды көрінісі жағынан, бесіншіден - стильдік сипаты мен қызметін, ерекшелігін қарастырып зерттейді. Лексикология сөзді тілдің лексикалық единицасы ретінде қарастыра отырып, оны жан-жақты қамтиды.
Сонымен, лексикология тілдегі сөздер мен барлық сөздердің жиынтығы - сөздік құрам (лексика) туралы, оның жасалып қалыптасуы және дамуы туралы ғылым болып саналады.
Апта 1
Кредит сағат 1
Дәріс 2
Тақырыбы: Қазақ тілі лексикологиясының салалары
Дәріс мазмұны:
1. Лексикологияның салалары:
А) семасиология
Б) фразеология
В) этимология
Г) лексикография
Д) ономастика

Қазіргі қазақ тілі лексикологиясының мынандай негізгі салалары бар: этимология, семасиология, фразеология, лексикография, ономастика.
Лексикология мәселелерін жан-жақты терең түсіну үшін оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысын да қарастыруымыз қажет.
Тіліміздегі сөздік құрамның шығуы, бірнеше уақыт бойы қалыптасуы, және дамуы, лексиканы құрайтын арналар мен қат-қабаттар туралы мәселелерді тарихи лексикология қарастырады. Бірақ қазақ тіл білімінде осы күнге дейін тарихи лексикология терең зерттелмей отыр.
Тарихи лексикологияның бір саласы - этимология. (гр. etymon - шындық, logos - ілім)
Этимология сөздердің шығу төркінін, олардың ең алғашқы тұрпатын және мағынасын анықтап, ашып береді. Сөздер бір тілден басқа тілге ауысып енуге өте икемді келеді. Этимологиялық зерттеулер белгілі бір тілдің лексикасына көне замандарда кірген кірме сөздердің ену тарихын және олардың жасалу жолдарын қарастырады. Жалпы тіліміздегі сөздердің этимологиясын айқындау, зерттеу өте қиын да күрделі мәселе болып табылады.
Сөздердің мағыналық жақтары, құрылымы семасиологияда қарастырылады.Қандай да бір тіл болмасын оның дамып жетілгендігі лексикадағы сөздердің санымен емес, оның мағынасының кеңдігімен, қолдану аясының мүмкіншілігімен өлшенеді. Сонымен, семасиология (гр. semasia - "белгі", мән, мағына + logos - ілім) сөздердің мағыналарын және олардың өзгеру, даму жолдарын, семантикалық заңдылықтарды зерттейді. Семасиология әсіресе сөздіктер жасағанда өте қажет.
Тіл - тілдің сөздік құрамында бірнеше лексикалық мағыналары бар сөздер де, белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты мағыналары кеңейіп, не тарылып кеткен сөздер де, мағынасы мүлдем күңгірттеніп кеткен де, қолданудан шығып кеткен сөздер де жиі ұшырасады.
Міне, осы сияқты сөз мағыналарының алуан түрлі қабаттары семасиологияның зерттеуіне айналады.
Айналамыздағы заттар мен құбылыстар жеке сөздермен ғана емес, тұрақты сөз тіркестерімен де аталады. Лексикологияда мағынасы жағынан дара сөздер сияқты болып келетін фразеологиялық сөз тіркестері де қарастырылады.
Мысалы: Қой аузынан шөп алмас (жуас, момын), төбесі көкке жету (қуану), ит өлген жер (алыс).
Фразеология (гр. phrasis "сөйлемше" және logos "ілім") тұрақты сөз тіркестерінің құрамы мен құрылысын, оларды түрлерін, мағыналық топтарын және жасалу жолдарын қарастырады.
Лексикологияның лексикография саласы сөздіктер, сөздіктердің құрастырылуын, сөздіктердің әр түрлі типтерінің жасалу жолдарын айқындап береді. Лексикография (гр. lixis "сөз" және grapho "жазамын" сөзінен жасалған).
Лексикология тілдегі жалқы есімдерді зерттейтін ономастика ғылымымен де тығыз байланысты. Ономастика (гр. onomastika - ат беру өнері) іштей антропонимика және топонимика болып екі салаға бөлінеді.
Антропонимика (гр. anthropos - адам + onyma - ат, атау) кісі аттарын зерттеу объектісі етіп қараса, топонимика (гр. topos - орын, мекен + onyma - ат, атау) географиялық атауларды жеке объекті етіп зерттейді.
Сонымен, қазақ лексикологиясының қазіргі жайы (синхрониялық күйі: гр. syn - бірге + chronos - уақыт) тарихи қалыптасу жайымен (диахрониялық күйімен: гр. dia - арқылы + chronos - уақыт) ұштастырылып қарастырылады.
Қазақ тіл білімінің кенжелеп қалған лексикология саласы 1950 жылдан бері жан-жақты зерттеле бастады. Қазақ лексикасының құрамын, тарихын, сөз мағынасының түрлерін, стилистикалық қызметін анықтап зерттеген қаншама ғылыми еңбек пайда болды. Бұл кезеңде лексикологияның жалпы мәселелеріне арналған Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Ғ.Мұсабаев еңбектерінен басқа лексикалық мағыналар туралы Ш.Ш.Жалмаханов, М.Оразов, Ғ.Хасанов сияқты ғалымдардың, омонимдер туралы К.Ахановтың, синонимдер жайында Ә.Болғанбаевтың сөз мағынасының өзге түрлері жайында Р.Барлыбаев, Б.Хасанов, Р.Садықовтың т.б. зерттеулері; лексикалық құрам саласында неологизмдер жайында Ш.Бәйтікова көнерген сөздер жайында А.Махмұтов, дыбыс бейнелеуіш атаулар жайында К.Хұсайын, халықтың материалдық - мәдени лексикасы жайында Ж.Манкеева, газет тілінің лексикасы жайында Б.Момынованың еңбектері, кірме сөздер жайында Н.Оңдасынов, В.Исенғалиева, Л.Рүстемов, Е.Баймұхамедов зерттеулері; терминдер жөнінде Ө.Айтбаев, А.Әбдірахманов, Ш.Құрманбаев т.б. еңбектері, ономастикаға байланысты А.Әбдірахманов, Ғ.Қоңқашбаев, Т.Жанұзақов т.б. еңбектері, кәсіби - диалектілік лексикаға байланысты Т.Айдаров, Қ.Айтазин, А.Шамшатова, А.Айғабылов, С.Қасиманов зерттеулері, жеке лексикалық топтар жайында Қ.Құсайынов, Б.Қалиев еңбектері; фразеология саласында І.Кеңесбаев, Р.Сәрсенбаев, Н.Төреқұлов, А.Байтелиев, Х.Қожахметова, Н.Уәлиев, Г.Смағұлова т.б зерттеулері; лексиканың стилистикалық қызметіне арналған Р.Сыздықова, Ф.Мұсабекова, Т.Қоңыров, Б.Манасбаев, Х.Кәрімов, Х.М.Нұрмұқанов т.б. еңбектері жарық көрді.
Халықтың ұлтының бай мәдениетін, асыл мұрасын толық ашып көрсетуді мақсат ететін қазақ тіл білімінің жаңа дамып келе жатқан анторполигвистикалық бағыты - этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лигвоәлеуметтану, психолингвистика т.б. салалары да лексикологиямен тығыз байланысты. Оның негізгі қағидасы - тіл мен сол тілді қолданушы халықты біртұтас құбылыс ретінде қарау, зерттеу. Қазақ тіл білімінде этнолингвистиканың негізін салушы - академик Ә.Қайдар.
Апта 2
Кредит сағат 1
Дәріс 3
Тақырыбы: Сөз, ұғым, мағына
Дәріс мазмұны:
1. Сөз бен ұғым, мағына
2. Сөздің анықтамасы, қызметі, белгілері
Әдебиеттер:
1.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. А., 1975ж.
2. Болғанбаев Ә. Қазақ тілі лексикологиясы. А., 1988ж.

1. Болғанбаев Ә, Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006ж.
2. Хасанов Ғ. Лексикалық мағына. Орал, 2005.
3. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. А. 1991.
4. Әлімбек Г. Сөз мағынасы және ақпарат. Оқу құралы.А., 2001.
5. Қалиев Б., Жылқыбаева А. Сөз мағынасының негіздері. А., 2002.
6. Малбақов М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері. А., 2002.
Қосымшы әдебиеттер:
1. Хасанов Б. Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы. А., 1968 ж.
Семасиологияның теориялық және практикалық мәнін түсіну үшін алдымен сөздің белгілерін, анықтамасын, қызметін және ұғым мен сөздің, сөз бен мағынаның, ұғым мен мағынаның қарым-қатынасын айқындап алған жөн. Себебі сөздің лексикалық мағынасы дегеніміз - сөз бен заттың бірлігі, олардың беретін ұғымы, ұғымның адам санасында бейнеленуі, тілдік қауымға ортақ түсінік.
Сөз - мағынасы мен түр-тұрпаты жағынан дара қасиетке ие, тілдің бір бүтін бөлшегі. Сөз кез-келген дыбыстан емес, фонемалық дыбыстардың белгілі жүйеде келуі арқылы жасалады. Сөз тлде атауыштық қызмет атқарады. Сөздің ішкі семантикалық байланысы оның мағынасы мен ұғымның арақатынасынан көрінеді. Сөз мағынасы зат, құбылыс, әрекет жайында түсінік, ұғым пайда болғаннан кейін қалыптасады. Сөздің лексикалық мағынасы зат, құбылыс, қимылдың санада бейнеленіп тұрақталған ұғымының мазмұнын қамтиды, яғни сөздің заттық-материалдық мазмұны болып табылады.
Ұғым мен мағынаның арақатынасы.
1. Ұғым - логикалық, мағына - лингвистикалық категория. Ұғым адамның қоғамдық іс-әрекеті арқылы зат-құбылыс, қимыл-қозғалыс, сын-сапа, қалып-күй туралы түсініктердің адам санасындағы жиынтық бейнесі.
2. Ұғым танылған обьктілердің жалпы, негізгі белгілерін көрсетеді. Мағына адам түйсінген, қабылдаған, сезінген, түсінген обьектілерді сөзбен таңбалайды.
3. Ұғым зат - құбылыс, қалып-қозғалыс, сын-сипат, қалып-күйді нұсқап қамтыса, мағынаның атауыштық, номинациялық, лексикалық мағына, лексикалық мағынаға қосымша мән үстейтін, байланыстыратын грамматикалық мағына деген түрлері болады. Сөздің бәрі ұғым емес, ұғымның барлығы сөзбен таңбалана бермеуі мүмкін. Мысалы, одағай, шылау сөздерде мағына болғанмен, ұғым болмайды.
4. Зат-құбылыстар білдіретін ұғым мен оларды атайтын сөздің еш табиғи байланысы жоқ. Олар әуелде шартты атау болып, кейін келе қалыптасып бірлікке ие болған. Белгілі бір заттарды әр түрлі ұлттардың әрқалай атайтыны да сондықтан.
5. Ұғым - жалпы адамзатқа тән, мағынаның ұлттық сипаты бар. Мысалы, қазақша мүләйім деген сөз жасанды, жәдігөй мінез дегенді білдірісе, азербайжан тілінде жұмсақ, жаймашуақ, биязы деген мағынаны білдіреді, күшік деген сөз қазақ тілінде жағымды, орыс тілінде жағымсыз мағыналарды білдіреді. Осылайша тіл-тілден ұғым мен мағынаның айырмашылығын көрсететін сөздерді молынан кездестіруге болады.
Мағына дегеніміз - атаушы (сөз) мен аталушының (зат) бірлігі, оның адам санасында бейнеленуі (ұғым). Демек мағына - зат, сөз және ұғымның үштік бірлігі. Бұл үш бірлікті жеке-дара қабылдасақ, онда затты жаратылыстану, сөзді таңба ретінде семиотика, ұғымды логика ғылымдары зерттеген болар еді. Мағынаның жалпылығы, белгілі бір этникалық топқа жалпы түсінікті болуы мағынаның адам танымын кең қамтитындығымен байланысты.
Сөз мағынасы заттық-логикалық ұғымнан басқа айтушының ақиқат дүниеге көзқарасын, әр түрлі көңіл-күйін, сезімін, сөздің грамматикалық сипатын да білдіреді. Сөз мағынасының үш түрі бар: лексикалық, грамматикалық, тілдік. Лексикалық мағына - сөзді бір-бірінен ажыратып танудағы басты мағына. Ал грамматикалық мағына грамматикалық амал-тәсілдер арқылы туатын сөздің бірыңғай топтары мен сөз тұлғаларына, синтаксистік құрылымдарына тән жинақталған дерексіз мағына. Мысалы, оқушы сөзінің лексикалық мағынасы - мектепте білім, тәрбие алатын шәкірт, ал гр.мағынасы - зат есім, жалпы есім, атау септігінде тұр, жеке тұлғада қолданылған. Тіліміздегі сөздердің ең үлкен тобы - толық мағыналы сөздер. Лексикалық мағынаға ие болатын да, негізінен, осы сөздер. Олардың маңызды қасиеті - заттар мен құбылыстарды атап білдіретіндігінде. Сөздің атауыштық мағынасы толық мағыналы сөздердің барлығын қамтиды. Тек есімдіктер толық мағыналы сөздерді алмастырып, меңзеп көрсететіндіктен, олардың лексикалық мағынасын меңзеу мағына деп атауға болады. Тілдік мағына деп тілдік жүйе негізінде қалыптасқан мағына элементтерін түсінеміз. Тілдік жүйе негізінде қалыптасқан мән-мағыналар парадигмалық, синтагмалық болып бөлінеді. Парадигмалық қатынас тілдік жүйедегі сөздерді ойда топтастыру, жинақтау, мағыналарын саралау арқылы жасалады. Тең дәрежелі тіл элементтерінің арасындағы байланыс парадигмалық байланыс деп аталады. Прадигмалық қатынастың тілдегі сөздерді тақрыптық топтарға (туыстық атаулар, өсімдік атаулар т.б.), лексика-семантикалық топтарға (синоним, антоним) бөлуде рөлі үлкен. Синтагмалық мағына - сөздердің логикалық-ұғымдық, семантикалық тіркесімділік қабілетін анықтаушы мағына. Синтагмалық байланыс өзгерсе, сөз мағынасы да өзгереді. Сөздер өзіне мағыналық жағынан үйлесімді сөздермен ғана тіркесе алады. Мысалы, ақылды сөзі бала, адам, оқушы сөздерімен тіркескенмен, ағаш, темір, сезім сөздерімен тіркеспейді. Қазақ тіл білімнде бұл мағынаны тіркесімдік мағына деп те атайды.
Лексикалық мағынаның ең кіші, әрі қарай бөлуге келмейтін бөлшегі, ақиқат дүниемен байланысатын семантикалық элементі сема деп аталады. Ақиқат дүниедегі заттарда, құбылыстардың бойындағы жеке-жеке белгілер қасиеттер сөз арасындағы байланыстың негізі болып табылады. Семаның табиғатын анықтауда зерттеушілердің арасындағы ортақ пікір жоқ. Дегенмен сөздерді біріктіретін ортақ сема мен айырушы семаның болатынын бәрі де мойындайды. Мысалы, тіліміздегі туысқандық атауға жататын әже деген сөзде төрт сема бар: әйел жынысты адам, жасы үлкен, қандық туыстықты білдіреді, әкенің не шешенің анасы. Әйел жынысты білдіру семасы анаға да, қызға да, енеге де, қарындасқа да қатысты. Сонда бұл сема жоғарыдағы атауларды байланыстырушы ортақ сема болып табылады. Ал туысқандық атауларды айырушы сема да болады. Жыныстық ерекшелікке қатысты айырушы сема болуы мүмкін: немере - ұлдың баласы, жиен - қыздың баласы. Осылардың барлығын байланыстырушы туыстық атау деген архисема бар.
Бірақ сөздердің барлығы бірдей семаларға оңай бөліне бермейді. Мысалы, түсті білдіретін сын есімдер, сан есімдерді семаларға бөлу қиын. Бұдан басқа сөздің лексикалық мағынасының бойында қосымша семалар да болады. Оларды ғалымдар коннотатты (қосымша, бағалуыштық) семалар деп атайды.
2.Сөз тілдің, оның құрамының заттар мен құбылыстарды олардың кәсіптерін, шындық өмірдегі қатынастармен атап білдіретін негізгі бірлігі дербес бөлшегі болып табылады. Лексикалық жүйенің даралық қасиетке ие негізгі бірлігі бола отырып, сөз жеке тұрып та, басқа сөздермен тіркесіп те тарихи қалыптасқан ұғымдарды білдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Сөздің осы қасиеті оның лексикалық бірлік екендігін көрсетеді. Әр тілдегі сөздердің лексикалық бірлік болу сипаты, олардың құрылымдық ерекшеліктері сол тілдің фонетикалық,семантикалық,грамматика лық белгілері арқылы анықталды.
Біріншіден, сөз біткеннің бәрі де тілдегі дыбыстардан жасалады,дыбыссыз сөз жоқ. Сөз - дыбыстық құрылымның жиынтығы, сол арқылы жарыққа шығады. Сөзді жасайтын дыбыстар немесе олардың жиынтығы қалай болса солай емес, тілдің фонетикалық заңдарына сәйкес қалыптасқан.Сөз кез келген дыбыстан емес, фонемалық дыбыстардың белгілі жүйеде келуі арқылы жасалады.Мысалы,адамның, жан-жануардың көру мүшесін атап білдіретін көз деген сөз к,ө,з фонемаларының бізге белгілері жүйеде тіресіп берілуі арқылы жасалып тұр.Сөйтіп, сөздің жасайтын дыбыстар оның материалдық жамылғысы, сыртқы көрінісі болып табылады.Тілде құбылысты, затты, іс-қимылды атап білдіретін сөздер дыбыстық құрылымдар түрінде қалыптаскан.
Екіншіден, сөз дыбыстық құрылымнан жасала отырып,зат,құбылыс,іс-қимыл жайында жалпыға түсінікті, қоғамдық деңгейде қалыптасып, қа уым таныған ұғымды білдіреді. Мысалы,мал,қол,үй деген сөздер жеке тұрып-ақ нақты заттардың ұғымын білдіріп тұр.Сөздің дыбысталуы оның материалдық сыртқы көрінісі болып табылса,ал ұғымды білдіріп мағынаға ие болуы оның ішкі мазмұнын білдіреді.Мағынасыз сөз жоқ.Сөздің дыбысталуы мен білдіретін ұғымы оның лексикалық бірлік екендігін танытатын екіжақты қасиеті болып табылады.Бұл екеуі қашанда бірлікте қаралады.Рас,қазіргі кезде жеке тұрғанда нақты ұғымы белгісіз сөздер(омонимдер,көп мағыналы сөздер т.б) кездеседі.Мысалы, аяқ,біз сөздерінің жеке тұрғанда қай мағынаны білдіретінін айту қиын,оны тек сөйлеу кезінде, басқа сөзбен байланысқанда ғана анықтауға болады. Ас ішіп аяқ босатар немесе етік тіге алмаған біз таңдайды десек, олардың кай мағынада айтылып тұрғаны күмән тудырмайды. Бірақ жалпы сөздік құрам тұрғысынан алғанда,тіл дамуына байланысты кейін туған ондай сөздер белгілі мөлшерде ғана кездеседі.
Үшіншіден, сөз грамматикалық тұрғыдан қарағанда сөз таптарына тікелей қатысады,соларға телулі.Сөз таптарында біртұтас сөз тұлғаларын жасап,грамматикалық бірлік бола алады.Бұл - оның сөз тіркесінен өзгешелігін көрсетеді.Сонымен бірге әрбір сөз не түбір морфемадан, не түбір мен қосымша морфемалардан ( морфема- тілдің ары қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі мағыналық бөлшегі) тұрады, солардың жиынтығы болып табылады. Мысалы, қол десек, бір түбір морфемадан жасалып тұр.Морфемалық құрамнан тыс сөз жоқ.
Бұл айтылғандар сөздің құрылымдық сипатын тілдің фонетикалық,семантикалық,грамматика лық заңдылықтарымен байланыстырып қарағанда ғана толық түсінуге болатынын аңғартады.
1.Сөз табиғатының күрделілігіне байланысты қазіргі тіл білімінде оның құрылымына өзгеріс енгізуге, басқаша өзгертуге келмейтіндей болуы шарт,яғни сөздің құрылымдық тұйықтығы, тұтастығы сақталуы керек.Мәселен, базар,қазан,құлақ сөздері білідіріп тұрған мағыналар аталған сөздердің осы құрылымда айтылуы арқылы ғана беріледі.Олардың құрылымына басқа бір дыбыс не қосымша еніп кетсе,онда бұл сөздердің құрылымының тұтастығына нұқсан келіп,ұғымы сақталмайды.Сол мағынасын өзгертпейінше,оның құрылымын басқаша құру мүмкін емес.
2.Сөздің о баста зат я құбылысқа атау болып қалыптасуының себебін көрсету мүмкін еместігі. Мысалы, жол деген ұғымды білдіретін сөз басқаша аталмай, не себепті о баста осылайша аталғанын білу мүмкін емес.Ал бұрыннан белгілі атаулардың жөні бөлек, олардың қалай пайда болғанын білуге болады. Мысалы, жолақ, жолшы, жолдас ұғымды білдіріп тұрған сөздердің тууына себеп болған жол сөзі екені белгілі.
3. Сөздің сөйлеу үстінде даяр қалпында үнемі қайталанып отыратындығы.Сөз қайда және қашан қолданылса да даяр күйінде қолданылады, ол сөйлеу үстінде жасалмайды.Сөздің бұл қасиетін еркін сөз тіркесі мен сөйлемнің жасалуымен салыстырсақ айқын көреміз, өйткені соңғы екеуі сөйлеу үстінде жасалатыны белгілі.Ал сөз керісінше тілде бұрыннан белгілі даяр қалпында сөйлем я еркін сөз тіркесінің құрамына кіреді. Сөз даяр, тұтас бірлік ретінде жұмсалу қасиеті жағынан фразеологизмдерге ұқсас. Алайда, сөз бен фразеологизмдерді бірдей деп қарауға болмайды.Бұл екеуі құрылымы,қызметі жағынан бір-бірінен басқаша.
Сөздің өзіндік белгілері жайында жоғарыда айтылғандар ол туралы жалпы мәлімет болып табылады. Қазақ сөзінің құрылымдық-семантикалық қасиеттері мен қызметі жайында кейінгі тарауларда толығырақ болады.
Апта 2
Кредит сағат 1
Дәріс 4
Тақырыбы: Сөздің лексикалық мағыналары
Дәріс мазмұны:
1. Сөздің лексикалық мағыналары
а)Сөздердің шығу тегіне байланысты туған мағыналары
ә)Сөздердің тіркесу сипатына байланысты туған мағыналары
б)Сөздердің стилистикалық сипатына байланысты мағыналар

3. 3.Аханов К. Тіл білімінің негіздері А., 2003 ж.

5. Болғанбаев Ә, Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы. А., 2006ж.
6. Хасанов Ғ. Лексикалық мағына. Орал, 2005.
7. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. А. 1991.
8. Әлімбек Г. Сөз мағынасы және ақпарат. Оқу құралы.А., 2001.
9. Қалиев Б., Жылқыбаева А. Сөз мағынасының негіздері. А., 2002.
10. Малбақов М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері. А., 2002.
Қосымшы әдебиеттер:
Хасанов Б. Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы. А., 1968 ж
Мағынаның шындық болмысқа қатыстылығы тұрғысынан, шығу тегі жағынан атауыш (негізгі, тура) мағынасы және туынды, ауыспалы мағыналары бар. Атауыш мағынасын бастапқы және туынды, ауыспалы мағыналарын кейінгі мағына деп атаймыз. Бастапқы мағына дегеніміз - шығу тегі жағынан этимологиялық, тілде қолданылуы тұрақты, тілде таралуы жалпыхалықтық, контекстен тыс тұрып та мағыналы, яғни автосемантикалы, атауыштық тегі дәйектемесіз мағынаның типі. Кейінгі мағына дегеніміз - шығу тегі жағынан тарихи, тілде қолданылуы бастапқы типтегі мағынаға қарағанда тұрақсыз, тілде таралуы салалық, контексте ғана түсінілетін, яғни синсемантикалы, атауыштық тегі дәйектемелі мағынаның типі. Мағынаның осы 2 типінен 3 мағына түрі таралады. Олар: негізгі, туынды, ауыспалы.
1. Негізгі мағына - зат, сөз, ұғым деген 3 компоненттің бірлігі, кейінгі атауыш мағыналардың, яғни туынды, ауыспалы мағыналардың негізі. Б.Қалиев пен А.Жылқыбаевалар бұл мағыналарды негізгі (тура), қосымша (туынды), ауыспалы (келтірінді) деп атайды. Негізгі мағына тура мағына деп те аталады. Сөздің негізгі мағынасы сөздіктерде бірінші тұрады. Мысалы, ж е л к е сөзінің мойын еттің талшықты сіңірі деген негізгі мағынасы бас сүйектің қара құстан, шүйдеден төменгі жері деген туынды мағынасына; ж ұ л д ы з сөзінің жылтыр, жарық аспан денесі деген негізгі мағынасы жылдың 121 бөлігі, ай деген туынды мағынаға, халық қалаулысы, бетке ұстар адам деген ауыспалы мағынаға; д о ң ы з сөзінің шошқа деген негізгі мағынасы арам, сүйкімсіз адам деген ауыспалы мағынаға, қазақша жыл атауы болатын сараланған мағынаға, б а қ ы р сөзінің мыс металы деген негізгі мағынасы 1 тиыннан 5 тиынға дейінгі метал ақша деген туынды мағынаға, мыстан жасалған шелек деген диалектілік мағынаға, арзандық, бағасыздық деген ауыспалы мағынаға негіз болған.
2. Туынды мағына зат, сөз, ұғым және екінші затқа туынды атауға тірек болатын бастапқы зат белгісі деген 4 компоненттен құралады, Мысалы, ауыз қуысындағы ас қоректі шайнауға, үзуге бейімделген сүйек мүшенің - т і с т і ң пішіндік (үшкірлігі, орналасуы), қызмет (кесу, майдалау) ұқсастығы ауыл шаруашылық құрал саймандары жүзінің, ұшының туынды атауына негіз болған белгі. Аң, мал терілерінен тігілген сырт киімнің, ішіктің - т ұ л ы п т ы ң, материалдың тектестігі, жас төлі өлген малды алдарқату үшін ішіне шөп, сабан салынған бітеу терінің туынды атауының себебі де материалдық тектестік.
3. Негізгі мағына - автосемантикалы, туынды мағына - синсемантикалы, яғни негізгі мағына белгілі дәрежеде контекссіз-ақ түсінікті де, туынды мағынаны контекссіз түсіну қиын. Мысалы, б а л д а қ сөзінің аяғы кемтар адамның сүйеніп жүруіне арналған таяныш құрал деген негізгі мағынасын контекстен тыс түсінгенмен, оның саятқа шыққанда бүркіт, қаршыға және т.б. құстарды ат үстінде алып жүру үшін ердің алдыңғы қасына орнатылатын ашалы тіреу деген туынды мағынасы контекст арқылы ғана айқындалады. Мұндай тұжырымды тоқ ішектің ащы ішекке жалғасар шетіне тұйықталып бітетін жуан ішек б ү й е н н і ң кептіріліп, ыдысқа айналдырылған түріне қазақтың үрмелі музыкалық аспабы а д ы р н а н ы ң садақ кермесі, иіп тартқан қайысқа туынды атау болуына да қатысты айтуға болады.
4. Негізгі мағына этимологиялық тұрғыда затты тікелей, туынды мағына затты негізгі мағына арқылы белгілейді. Мысалы, қ ұ м а л а қ сөзінің бал ашып, сәуегейлік айтудың бір түрі деген туынды мағынасы қой, ешкі, түйе, қоян сияқты жануарлардың қиы деген негізгі мағынасынан, с і р н е сөзінің өсімдік пен жануардың клеткалары мен тіндерінде болатын сұйық зат деген туынды мағынасы, сіңірлі сүйектерді қайнату арқылы жасалған, шыны түстес тағам түрі, холодец деген диалектілік мағына сүт өнімдерінен қайнатылатын тағам түрі деген негізгі мағынасынан туындаған.
5. Туынды мағынада ұлттық сипат бар да, негізгі мағынаның жасалуында ұлттық сипат жоқ. Мәселен, орыстар басқа жастайтын үй жиһазы және ерге салатын көпшік деген мағыналарды қамтитын ж а с т ы қ сөзін "подушка", сұйық нәрсені құюға арналған үй шаруасындағы шөміш пен экскаватордың жер қазуға не артуға арналған бөлігін, о ж а у д ы "ковш" дегенмен, малдың құлағына тағатын нөмірлі қаңылтырды - с ы р ғ а н ы - серьги, жылдың 121 бөлігін а й д ы - луна, т а ғ а м, д ә м, а с т ы - горло демейтіні, ал қазақтың жауырынды күрекке не күрекшеге (лопатка) ұқсатпайтыны белгілі. Аспанды көлденең қамтып жатқан қ ұ с ж о л ы н орыстар с ү т ж о л ы ( млечный путь) деп атайды.
6. Ауыспалы мағына 1) зат, 2)сөз, 3) ұғым, 4) алғашқы заттың кейінгі затқа негіз болатын заттық белгісі, 5) екінші бір заттың синонимдік атауы деген 5 компоненттен тұрады. Мысалы, кісеннің тұсау қызметі - бұғау, кедергі; қыраудың ақ түстілігі, адам қартайғандағы самайдың ағаруы - қарттықты; көпірдің өткелдік сипаты - жалғастырушы, байланыстырушы деген сөздің; жөргектің сәби кезде пайдаланылатындығы - балаң, жас кез деген сөздердің жанама, қосымша атаулары.
7. Туынды мағына ауыспалы мағынаға қарағанда автосемантикалы, яғни контекссіз түсінікті, өйткені туынды мағынада бейнелілік жойылған да, ауыспалы мағынада сақталған. Мысалы, б о з д а қ сөзінің "тюлень" деген туынды, "ер азамат, жас жігіт" деген ауыспалы мағыналарын, б е з сөзінің "ағаштың шор жері, бұтақтың үйіл жері, беріші, түй" деген туынды "пайдасыздық, қажетсіздік" деген ауыспалы мағыналарын салыстырсақ түсінікті.
Бұдан басқа 1950 жылдардың орта тұсынан бастап акад. В.В.Виноградов ұсынған классификация негізінде сөздердің тіркесу сипатына байланысты еркін, фразеологиялық байлаулы, синтаксистік шартты мағыналары айқындалды. Сөздердің еркін мағынасы атауыш мағынасының негізінде пайда болады. Атауыш мағынадағы сөздердің басқа сөздермен тіркесімділігі кең болған жағдайда туатын мағына еркін мағына деп аталады. Мысалы, жаңа сын есімі жаңа қала, жаңа дәстүр, жаңа ғимарат, жаңа кітап, жаңа киім т.б. тіркестерде еркін мағынада қолданылып тұр. Бұл сөз мал, айту, ит, тағам сөздерімен тіркесе алмайды. Мұндай ерекшелік сөздердің өзара заттық-логикалық, лексика-семантикалық қатынастарынан туындайды. Ал байлаулы мағынада сөз ішкі заңдылық арқылы, басқа сөздермен жанама түрде тіркеседі. Оған фразеологиялық және синтаксистік шартты мағыналар жатады. Фразеологиялық мағына фразеологиялық тіркестерде көрінетін лексикалық мағынасы. Ф.б. мағына кез-келген сөзбен емес, санамалы арнаулы сөздермен тіркесіп қолданылғанда көрінеді. Мысалы, мидай дала, мысы басты, нарттай қызыл, қысыр сөз, қасқа жол, жүрегі тас төбесіне шықты т.б. бұл тіркестердің құрамындағы сөздер атауыштық мағынада емес, фразеологиялық байлаулы мағынада тұр. Мысалы, қасқа жол тіркесіндегі қасқа сөзі түс мағынасында емес, анық, айқын деген фразеологиялық байлаулы мағынаны білдіреді. Ол бұл мағынаға тек жол сөзімен тіркескенде ие болады. Мағынасы байлаулы сөздер қос сөздер құрамында да кездеседі. Мысалы, қыз-қырқын, қатын-қалаш, бала-шаға, қойшы-қолаң т.б. Бұлардағы қырқын, шаға, қалаш, қолаң сөздері тек осы қос сөздермен келгенде ғана ашылады. Ф.б.мағынаның өрісі еркін мағынаға қарағанда әлдеқайда тар.
Синтаксистік шартты мағына сөздің сөйлем ішінде өзіне дағдылы емес мағынаға ие болуынан туындайды. Ол да ауыспалы мағынаның бір түрі. Бірақ ол лексикалық ауыспалы мағынадай бір заттың белгісін ұқсастығына орай басқа затқа ауыстыру нәтижесінде туған мағына емес, сөздің сөйлемде синтаксистік құрылымында қолданылуынан туған мағына. Мысалы, Жәрмеңке жастық уақыт өтіп кетіп,
Мысалы, Абайдың Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін Жоқ-барды, ертегіні термек үшін деген өлең жолдарындағы етегі сөзі мүлдем басқа, керексіз, бос сөз деген контекстік мағынада айтылып тұр. Бұл тәсіл көркем шығармаларда жиі қолданылады.
Сөздердің стилистикалық қызметіне байланысы туған мағыналары. Оларға Ғ.Қалиев., Ә.Болғанбаев оқулықтарында сөздердің бейтарап, бейнелі, терминдік (кәсіби) мағыналары жатқызылған. Бұл топқа кіретін мағыналар сөздердің әр түрлі стильдік қызметіне байланысты болғандықтан, алдыңғы мағыналардан өзгеше болады. Бейтарап мағына зат, құбылыс, сапалық белгілерді атап көрсететін жалпылама лексикаға тән. мысалы, адам, қала, кітап, сөз, қалам, қоғам, табиғат, келу, бару, жақсы, кеше, тоғыз т.б. зат, құбылыстарды жағымды, жағымсыз бағалау, сезімді білдіретін бейнелі сөздер бұл топқа жатпайды. Мысалы, маржан тас дегенде маржан сөзі атауыштық, бейтарап мағынада тұрса, маржан сөз дегенде ауыспалы, бейнелі мағынада тұр.
Бейнелі мағына. Бұған адамның сезімі мен көңіл-күйіне байланысты айтылатын эмоционалды-экспрессивті сөздердің мағыналары жатады. Оны стилистикалық бояма мағына деп те атайды. Мысалы, шіркін, пай-пай, пах, жалт-жұлт, быттыю, адамсу, бәлсу, ғажап т.б.
Термин дегеніміз - ғылым мен техниканың, көркем өнер мен қоғам өмірінің түрлі саласына байланысты қолданылатын, тиянақты, тұжырымды ұғымды білдіретін сөздер мен сөз тіркестері, атау сөз. Терминнің басты белгілері: дәлдік, қысқалық, жүйелік, шарттылық, бір мағыналық.
Термин тектік, түрлік болып бөлінеді. Тектік термин дегеніміз - бір сөздің қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарына ортақ термин болуы. Мысалы, "шөл-шөлейтті, сортаңды, құмды жерлерде өсетін бір жылдық шөп" деген негізгі мағынасы е б е л е к сөзі физика ғылымында "жылтыр заттың жарыққа шағылысуынан пайда болатын сәуле", техника ғылымында "комбайнның астық сабағын жығу үшін арнайы жасалған ағаш қалақтар" деген ұғымдағы жаратылыстану ғылымдарының терминдері.
Түрлік термин дегеніміз - бір сөздің не қоғамдық, жаратылыстану ғылымдарының салаларына ортақ термин ретінде қолданылуы. Мысалы, "үйірге түспейтін, піштірілген, ақта жылқы" деген негізгі мағыналы ат сөзі "шахмат фигурасы және гимнастика снарядтарының бір түрі" деген ұғымдағы спорттық терминдер, атаулар болып тұр.
Халықтық тілдегі кәсіби сөздердің терминдерге ұқсас жақтары бар. Кәсіби сөздердің мағыналары да тұрақты және оларға бейнелілік тән емес. Мысалы, шоқыр - теңізде жүретін ұзын тұмсықты үлкен балық. Жым - аңның ізі, жүретін жолы.
Белгіл ғалым Б.Сағындықұлы сөздердің стилистикалық қызметіне байланысты туған мағыналарды бейтарап мағына және коннотациялық (стилистикалық) мағына деп атайды. Екіншісіне сөздің бойында кейіннен пайда болған бейнелі, эмоционалды-экспрессивті мағына, терминдік мағына, поэтикалық мағыналарды жатқызады.
Апта 3
Кредит сағат 1
Дәріс 5
Тақырыбы: Сөз мағынасының дамуы
Дәріс мазмұны:
1.Сөз мағынасының кеңеюі
1. Сөз мағынасының тарылуы

Сөз мағынасында әр тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік бояуы, ұлттық сипаты болады. Сөздің мағыналық жағынан дамуына сыртқы себептер де,ішкі себептер де ықпал етеді. Әсіресе, сөз мағынасының өзгеруіне ішкі себептерден гөрі сыртқы себептер көбірек әсер ететіндігі байқалады. Сөз мағынасының ішкі(лингвистикалық) өзгерістерінің бір себебі, жаңа сөз немесе жаңа мағына сөздік құрамға келіп қосылғанда, бұрыннан тілде бар сөздердің мағыналарымен өзара қарым-қатынасқа түсіп, солармен синонимдік байланыста жұмсалады. Мұндай жағдайда байланыс екі жақты болуы мүмкін. Сөздік құрамға келіп қосылған жаңа сөз не жаңа мағынаның бұрынан тілде өмір сүріп келе жатқан байырғы сөздер мен мағыналарға қандай әсері болса, байырғы сөздер мен байырғы мағыналардың жаңа сөздер мен жаңа мағыналарға да сондай әсер етуі ықтимал.
Сөз мағынасының дамуы нәтижесінде мағына не кеңейіп, не тарылып отыру заңдылықтары туады.
Сөз мағынасының кеңеюі деп сөздің тұлғасын өзгертпей-ақ бұрынан белгілі мағынасының үстіне жаңа қосымша мағыналарға ие болуын айтамыз. Ол негізінде метафоралық, метонимиялық және синекдохалық тәсілдер арқылы іске асады. Осы күнгі жиі айтылатын талқылау, қарау, табыс, жарыс, мүше, құру, құрылыс, қатынас, байланыс, жұрнақ, жалғау, тасымал, айналым, құн т.б - бәрі де халықтық бұрынғы мағынасының негізінде жаңа мағынаға ие болған сөздер. Мысалы, талқылау бұрын теріні талқыға салып жұмсарту мәнінде қолданылса, кейін оған қоса мәселені жан-жақты тексеріп, пікір алысу мәнінде айтылатын болды. Байланыс - бұрынғы қарым-қатынас, аралас мәнінің үстіне кейін хат-хабар, телефон, телеграф арқылы қатынас жасау орны, мекеме мәніне ие болды. Құн - бұрын кісі өлтіргені үшін айыпкердің не оның руының мал басымен беретін төлемі мәнінде болса, қазір саяси экономиканың термині ретінде қолданылады. Халық тілінде ежелден белгілі айдар сөзінің (адамның төбесіне қойылатын бір шоқ шаш) мағынасы кеңейіп, ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz