Халық ауыз әдебиеті және көне түркі әдебиеті, жыраулық поэзия



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 24 бет
Таңдаулыға:   
Абайдың ақындық мектебі..
1) Халық ауыз әдебиеті және көне түркі әдебиеті, жыраулық поэзия
2) Шығыс әдебиеті және ислам философиясы (нәзиралық дәстүр)
3) Орыс және батыс әдебиетінен алған үлгісі (аудармалары)

Абайдың ақындық нәр алған арналары 30 жылдардың ішінде әдеби мұраны бағалауда тұрпайы социологиялық, формалистік (формализм-әдебиеттің танымдық, тәрбиелік жағына көңіл аудармайтын таза көркемдікті уағыздаған ағым), компоративистік (компоративизм - ұқсас сюжет, оқиға характерлерге схема түрінде қарау) көзқарастар өріс алып тұрғанда М. Әуезовтың Абай ақындығының айналасы деп аталатын зерттеу мақаласы (1934) Абайтану саласындағы ой пікірде соны құбылыс ретінде қабылданды (М.М.).Абайдың ақын шәкірттері туралы тұңғыш рет айтылған ой-пікірлері келешек ғылыми зерттеу жұмыстарының желісіне арқау болып өріліп, қызу пікір таласын да тудырып жатты. Себебі мақалада Біз тексеріліп зерттелмеген сонылау бір саланы сөз қылмақпыз деп ескертуінің өзі кез келген тың ой-пікірдің қашан қалыпқа түскенше талас көзқарастар елегінен өту заңдылығында. Әлі тұрпайы соцологиялық пайымдардың ызғары қайта қоймаған уақытта, әр оқиғаны, жаңалықты тап таразысына салып бағалау үйреншікті дәстүрге айналып тұрған кезеңде, әрі зерттеушінің өзіне деген саяси көзқарастың да салқыны сезіліп тұрған жылдарда - тыңнан түрен тарту - саясиланған әдеби ортаны бей-жай қалдырмады. Кейіннен осы мақаласы үшін М. Әуезов тағы да айыпталып қатты сынға ұшырады. Қапияда жол тауып, тығырықтан шығуға мәжбүр болған М. Әуезов менің айтып жүрген шығысым советтік шығыс республикаларының классиктері болатын деген сылтау табуы 1949 жылы БКП(б) ОК-нің космополитизм туралы қаулысынан сескенгендіктен айтылған еді. Бұндай қаулылардың астарында зор саяси мақсаттар, халықтардың тарихи жадынан қол үздіру, тек империялық идеологияны телу, көзделетін. Бірақ М. Әуезов үшін бұл соны жол, бөтен пікір емес еді.
Абайдың ақындық мектебі деген ұғым екі түрлі мәселе жайында да айтылады.
1. Абайдың ақындық нәр алған шәкірттік үйрену мектебі
2.Абайдың айналасындағы өнерлі жастарға үлгі көрсетіп, баулыған, жол сілтеген ақындық ұстаздық мектебі.
М.Әуезов Абай ақындығының айналасы деген мәселені 1934 жылы Әдебиет майданы журналының №12 санында алғаш көтерді. Абайдың өзгеден алған нәрі деп шығыс батыс әдебиетінен келген рухани қазына көздерін атаса, кейіннен, ұлттық және бүкіл адамзаттың мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның творчестволық ісіне рухани азық болды. Абайдың бүкіл ой қиялына, әлеуметтік ақындық ісіне дем беріп, шапағатты нәр алған арнаның бірі халықтың өзі жасаған, ауыздан ауызға тараған, баспа жүзінде сақталып келген қазақтың бағзы заманындағы халық мәдениетінің бай мұрасы. Абай өзінің ақындық творчествосында өз халқының осындай асыл қазынасын толық пайдаланды. Оған жаңа түр енгізіп, жаңа бағыт беріп, осының арқасында өз поэзиясын байытып, дамыта түсті, деп ауыз әдебиетінің әсерін атап көрсетеді.
Құдайберген Жұбанов: Ата мұрасы болып Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түрлі болатын: бірі-емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың әлди-әлдиі, ақбөпемі, атаның сал-сал-білек, сал білегі қойшының әні, қыздың сыңсуы, жаралы қатынның жоқтауынан бастап, көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті,-деп жазды

Абайдың фольклорға, ауыз әдебиетіне қатынасы бірнеше тараптан байқалады.
Академик С.Қасқабасов: Ең біріншісі-қазақтың төл поэзиясының бүкіл поэтикасы мен сюжеттік элементтерін асқан шеберлікпен пайдалануы. Екіншісі-қазақтан басқа елдің де фольклорлық сюжетін творчествасына арқау ету. Үшіншісі-қазақ халқының кейбір мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінің мән-мағынасын ашуы, дейді. Қасқабасов С. Абай және қазақ фольклоры. Абай журналы №6 1993 36-46 беттер
М.Әуезов өзінің зерттеулерінде Абайға жас кезінде ақындар мен шешендердің өткір, тапқыр сөздерінің қалай әсер еткенін зерделесе, Абай жолында Бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыда кім өткен деп әжесін мазалайтын, екі анасын көңілдендіріп ертегі айтқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен Жүсіп-Зылиха сияқты қиссаларды оқып беретін, Барлас пен Байкөкшенің өлең жырын тыңдап, ризашылығын анасына айтып ақындарды сый-сыяпатпен аттандыратын баланы Абайдың образы арқылы бейнелейді. Балалықтан өтіп, бозбалалық жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі сөзі, ескі жол жобасы, мақал-мәтел тақпақ ескі биліктеріне елдің маңдай алды кісілерімен қатар түскендей білім жияды,- деп ақынға нәр берген ауыз әдебиеті үлгілерінің сала-саласын сабақтай түседі. Абай ертегілер мен аңыздарды, өлең жырларды, мақал-мәтел, жұмбақ жаңылтпаштарды бала кезден естіп, ақындар айтысы, сөз қағыстары, би шешендер дау шешімдерінің куәгері болды. Қалың ел ортасында өскендіктен фольклорлық дәстүр үлгілерінен қана сусындайды.
Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулатты, Бұқар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, танып, жаттап өскенін сезуге болады. Әрине осындай ақындық мұралармен қатар мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ жолаушылардан көп есітеді. Жиырма жасында Абай халық ортасында маңдай басы шешен болады. Халық жайынан бұрынғы әдетті, ғұрыпты, ескі білікті билердің қиын іс туралы қылатұғын биліктерін көп білген. Өзінің зейіні артық болған соң, кәрі мақалдарды, неше түрлі қазақтың білімділері мысал үшін айтқан әңгімелерді бірін ұмытпай біліп алған Қ.Ысқақұлы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі кітапта: Абай жүрген ізбенен. А. 1985 132 бет.
Абайдың жыраулық поэзияға, өзінің алдындағы ақындарға деген көзқарасы туралы ақынның -
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңінің бірі-жамау, бірі-құрау,-деген белгілі өлеңін көлденең тарта беретін теріс түсінік бой алдырған кездер болған. Ақын өз сынына толған өз кезеңінің мықтылары атанған ақындардың шығармаларын сынаған Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын талап еткен, Абайлық биіктен қарағанда кемшілігі әр жерде көрініп тұратыны анық. М.Әуезовке жүгінсек Мәдениетті жаңа бағытты ақын Абай қазақ тірлігінің қай тақырыбын жырласа да, өз алдындағы қазақ поэзиясының атақты саналған Бұхар, Дулат, Шортанбайларша жазбайды, әр кезде Абайдың ойы, өрісі, идеясы мен әлеуметтік арманы, мақсаты әлдеқайда басқаша боп, классик ақынның өзіне ғана тән болған өзгешілікпен айқындалып шығып отырды, - деп көрсетеді. М.Әуезов Әр жылдар ойлары 1959 29 бет

Абайдың түркі әдебиетіне жыраулық поэзияға, қатысы әлі де толық зерттелмей, осы төл рухани мұрамызбен байланысы толық сөз болмай жүр. Державин, Жуковский, Батюшков туралы Белинскийдің: Пушкинмен салыстырмаған кезде бұлардың әрқайсысы да кәдімгі ақын, егер салыстырсақ онда Пушкин мен ол ақындардың арақатынасы үлкен өзенмен тіпті салысыруға келмейтін үлкен дариямен оның құралуына себепті болған бірақ өзі жұтып қойған тарап-тарап сулардың арақатынасы сияқты болар еді деген пікірін Абай поэзиясына да қатысты айтуға да болады. Абайлық арнаның кемеріне келіп толуына себепкер оған құйған рухани көздер мен өзендердің болғаны айқын. Абайдан бұрынғы қазақ поэзиясы әрекет үстіндегі адам образын жасауға, жағымсыз образ болмысын суреттеуге көп бара бермесе, Дулат шығармаларынан осы орайда жаңашылдықты көреміз. Абай бұл дәстүрді жетілдіріп, дамытты. Дулат:
... Орыстың көрсе ұлығын,
Қыздандағы қылықты.
Ұлық кетсе қазаққа,
Қорқау қасқыр құлықты., деп суреттесе, Абай Болыс болдым мінеки, Мәз болады болысың, т.б. өлеңдерінде образды нақтылай әрі терең, әрі ащы сырын аша түседі. Абай заманында ел билеудің Жаңа низам аталған тәртібі енгізілді де, Дулаттың хан-сұлтаны, би-бегі қолында мардымды билігі жоқ ұсақ атқамінер, болыстарға айналды. Дулат пен Абай поэзиясындағы үндестік сырына үңіле түссек бірсыдырғы ұқсастықтарды табамыз. Түп негізі фольклордан келген фразеологизмді Дулат: Бұзауы өлген сиырдай,Мөңіреп жұртқа ой қайтты,- десе, Абай бұл ойды аса бір көркемдікпен: Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой.-дейді.Ауыз әдебиетінен, шығыс пен батыстың классикалық поэзиясынан сусындаған Абайға импровизаторлық, экспромттық поэзия үлгілерінің тақырыбы, құрылысы, көркемдігінің жадағайлау көрінуі заңды. Ұлы ақынның өз халқының эпикалық мұрасына көзқарасы да ерекше. Терең мазмұны мен өршіл мұраты жағынан нағыз көне халық эпосы болып табылатын Қозы Көрпеш Баян сұлу жырын Жанақ ақын үлгісімен қайта жырлауды Бейсенбай ақынға Еңлік-Кебекті Шәкәрім мен Мағауияға тапсыруы соның айғағы. Ақын фольклордың асыл нәрін өте талғампаздықпен игерген. Өлеңдері мен қарасөздерінде нақыл, мақал, қанатты сөздерді бейнелі, айшықты шешен қиюластырған.
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап, деп сыни көзбен қарай отырып, халықтың шын асып қазынасын қадірлеп қастерлей де білген, бірақ жалаң еліктемеген, керісінше оны барынша жанды, сәнді, мәнді етіп пайдаланған (С.Қасқабасов). Қазақта қарасөзге дес бермеген ақынның өлең шумақтарындағы тұжырым, түйіндер нақыл, шешендік сөздер афоризмге айналып кеткен. (Өміралиев Қ. Абай афоризмі А., Қазақстан, 1993, 128 бет) Ертедегі қазақ поэзиясы мен Абай мұрасын ара қатынасын ізгі ықпал әсерін сөз еткенде өлең құрылысы, айшық өрнегіндегі ерекшеліктерді де көркемдік дәстүр жалғастығы деп қарау керек.
Самородный сары алтын, Жайнаған туың жығылмай, Ата тегі мұндағы деп басталатын өлең толғаулардағы дыбыс қайталаушылық, эпикалық жыр кестесі, терме, толғау нышандары, жоқтау, арнау жанрларының заңдылықтары-бәрі де ауыз әдебиетінен келген ақын шығармашылықпен дамытқан үлгілер. Айттым сәлем Қаламқастағы (жігіт сөзі) Қиыстырып мақтайсыз (қыз сөзі) жаңаша хат айтыс түрі кемшілік, мінді айту емес, ғашық сезімді іңкәр тілекті жеткізу мағынасында жаңа арнаға тоғысқан, эстетикалық биікке көтерілген. Бір ақын екі ақынның айтысқаны қылып, екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған (А.Байтұрсынов) дәстүрдің ертеден келе жатқан үлгісі ақын шығармашы-лығынан өзгеше көрініс тапқан.
Ақын өлеңдерінде сұлу қыздың сипатын, аттың сынын суреттеуде де ауыз әдебиетіне жақындығын аңдата отырып, тың реалистік бейне портрет, образ жасайды. Қара сөздеріндегі ауызша әңгімелесу, сырласу, сұхбаттасу әдісі, аңыз, мақал, нақылдар да ақын мұрасының ұлттық көркемдік дәстүрмен тығыз байланыстылығын көрсететін нышан. Ақын шығармаларында ежелден қанықты, орнықты, формулалы тіркестер де орын алған. Бұл әсіресе Абайдың қамыққан тұста шығарған өлеңдері мен Әбдірахманға, Оспанға арналған жоқтауларда байқалады. Абай інісі мен баласына шығарған жоқтауларында ежелден келе жатқан дәстүрді бұзбай, фольклорлық жоқтаулардың заңдылықтарын сақтаған. Әсіресе, оның Оспанға шығарған үш жоқтауының екеуі, Әбдірахманға арнаған сегіз жоқтауының-төртеуі фольклор поэтикасына негізделіп жазылған С.Қасқабасов Абай журналы №6 1993
Патша құдай сиындым...
Тура баста өзіңе,
Жау жағадан алғанда
Жан көрінбес көзіме.,

Ата тегі мұндағы-
Орта жүздің ұлығы
Ана тегі ондағы-
Сом алтынның сынығы
Абай-Асқа тойға баратұғын, Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында деп басталатын балладалық сипаттағы өлеңдерінде қазақ фольклорында ертеден жырланып келген жорық пен ғашықтық тақырыбына қатысты екі сюжетті пайдаланған. Осы екі өлең туралы С.Қасқабасов: Міне бүкіл сюжет, қайғылы оқиға екі-ақ шумақта айтылған, мазмұны драмаланған. Сайып келгенде, сюжет те ежелден халық әдебиетінде бар, онда ұзын сонар баяндалады. Алайда дәстүрлі ғашықтық жырларды немесе аңыздауларда бұл идея өте көлемді, кең планда, эпикалық масштабта жырланса, Абай екі-ақ шумақпен баяндайды да өлеңнің басқа 8 шумағында жырланып отырған мәселеге қатысты өзінің ой-пікірін, авторлық поэзиясын білдіреді,-деп орынды тұжырымдайды. Жоғарыда аталған мақала Абай поэзиясында фольклорды көркем өнердің шебері, ойшыл ақын ретінде пайдаланса, қарасөздерінде фольклорды негізінен зерттеуші ретінде қарастырады. Қарасөздерінде ертегі де (17 сөз), антикалық мысал да (27 сөз), аңыз да (41 сөз) және 30-дан астам мақал мен мәтел кездеседі. Нақтыласақ, қара сөздерінде 39, ал Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы мақаласында 10 мақал талданған. Тарихи оқиғалар мен әлеумет жайын сипаттағанда мақалдарға жүгінсе, бірде мақал-мәтелдерді сынайды, бірде әділ бағалайды, кейбір қазақ мақалдарының генезиесін ашады, олардың шығу тарихын да сөз етеді. Үшінші сөзде сол кездегі сайлау мен сот тәртібін сынау үшін Абай Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Құл төбенің басында күнде кеңес, Би екеу болса дау төртеу болады тәрізді нақты сөздерді келтіреді, өз дәуірінде пайда болған Ісі білмес, кісі білер деген мақалдың мәнінен, Ісінің түзулігінен жетпессің, кісінің амалы айлалығынан жетерсің деп түсіндіріп сөйлеу жүйесінің объективті болмайтынын, кім малды, кім пысық болса сол сайланатынын айтады. 13-қарасөзінде иман деген не, имандылықты қалай түсіну керек екендігін иманға берік болу керектігін айта келіп, қазақтың қылыш үстінде серт жоқ деген, ...құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрсын,-дейді. Абайдың фольклорға деген ғылыми көзқарасы әсіресе 5-інші, 29-ыншы, 39-ыншы қарасөздерінде айқын байқалады. Бесінші сөзінде 12 мақал-мәтелді 29 сөзінде 7 мақалды сынайды, 39-сөзде қазақ мінезін көрсетуде 7 мақалды гуманистік мәселе тұрғысынан талдайды. Абайдың Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы жазбасында этнографиялық, фольклорлық, лингвистикалық мәселелер де қамтылған. Автор қазақтарды арабтан шыққан дейтін ел арасындағы қате түсінікті жоққа шығарып, қазақтардың монғол тайпаларымен туыс екенін дәлелдеу үшін көптеген тарихи еңбектерді қараумен қатар қазақтардың тілін, әдет-ғұрпын, тарихи аңыздар мен мақал-мәтелдерін пайдаланған. Ақын өлеңдері мен қарасөздерінде қазақ ауыз әдебиетінің небір асыл жауһарлары кездесетіндігі заңдылық, себебі ақын үшін ауыз әдебиеті ана сүтімен бірдей, ана сүтіне, ауыз әдебиетінің уызына жарымаған суреткер болса оның шығармашылығы да жарымжан. Ақынның фольклорға қатысты әлі де тереңдей зерттеуді қажет ететін құнарлы сала.

ШЫҒЫС КЛАССИКАСЫ

Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім. Ақынның үңілгені қай екі жақ? Ғылымды іздеп үңілген екі жақ - Шығыс пен Батыс, дүниені көздеп ұмтылған екі жақ - фәни мен бақи деген пікірлер қалыптасып үлгерді. Өлең жолдарының өзінде айтылғандай екі жақтың бірі-ғылым, бірі-дүние болса керек. Ақынның шығыс классикасына қатысын, өмір-дүние, фәни мен бақи туралы ойларының тереңдігіне ешкім дау айтпас, бірақ анық айтылған ойды тереңдетеміз деп көмескілендірудің қажеті бар ма? М.Мырзахметов: Абай шығармаларындағы шығыс классиктерінен келген белгілерді: а) махаббат лирикасынан; ә) дидактикалық өлеңдерінен; б) өсиет үлгі сарындас өлеңдерімен, әсіресе, қарасөздерінде жүйелі түрде өз танымын желілеп таратып отыратын толық адам (нравственная личность) жөніндегі ой-толғаныстарынан да жиі ұшыратамыз дейді. Ақынның шығыс әдебиетіне қатысын Әл-Фарабимен, орта ғасырлардағы ғұламалардың дидактикалық поэзиясымен, Алтын Орда дәуіріндегі әдебиетпен, шағатай әдебиетімен, тарихи шежіре жазбаларымен терең әрі жүйелі зерттеу қажет. Абайдың ислам дініне, суфизмге көзқарасы, адамгершілік, мораль философиясы да шығыс әдебиетіне қатысы аясында зерттеліп, бұл құбылыстың ақынның лирикасы мен қарасөздеріндегі көрінісі нақты талданып зерттелуге тиіс. Абайдың шағатай әдебиетіне қатысын белгілі лингвист Қ.Жұбанов пікірімен қысқаша түйіндейміз: Бірқатар сыншылар соңғы кезде де Абай шағатай әдебиетінің шеңгелінен шыға алған жоқ деп мойындайтын сияқты. Бірақ, менің байқауымша, Абай мұны 13-19 жастарында ғана жалтыратып тағынып, сонан кейін суынып, тастап кеткен тәрізді...
... Сонымен, 1864 жылдан кейінгі Абайдан шағатай ықпалын іздеу бос арамтер болып шығады. Өйткені,1.Шағатай әдебиетінің негізгі бағыты мистицизм. Абайда бұл жоқ. 2. Шағатай әдебиетінің тілі - араб-парсымен шұбараланған тіл. Абайда бұл машықтану үшін болмаса, ұшырамайды. 3. Шағатай әдебиетінде өлең өлшеуі-араб-парсының - ғаруз өлшеуі. Абай мұны ерте тастаған. 4. Абай сияқты төрт аяғы тең жорға ақын шағатайдың ғарузына сүйсінген болса, жазып алып сүйсінбей, басқа да бір қасиеттерін қосып ала жүрген болар еді. Абайда ондай қылық жоқ. Абай шығыс үлгісін көрмей, білмей, аман кеткен ақын емес, белшесінен кешіп барып, одан шығып, тастап кеткен ақын (Қ.Жұбанов).
Абай ақындығына рухани арна болған - шығыс мәдениетінің тамаша мұрасы, араб, иран және түркі халықтарының классикалық поэзиясы. Ақынның шығыс әдебиетімен таныстығын М.Әуезов Абай жолында әжесінің құлағына үшкіретін бала Абай бейнесінде көркем суреттейді. Ахмет Риза медресесінде оқып, тәлім алған жас Абайдың Фзули, Шайхи, Сайхали, Науаи, Сағди, Фурдауси, Қожа Хафиздерден медет тілеуі - еліктеу кезеңінің ізгі әсері.
Медресені тек діни оқу орны деп сынаған кездер болды. Медресе оқу орны онда Шығыс философиясын, поэзиясын т.б. ғылым салаларын терең білетін имам, мүдірістер дәріс оқыған. Әл-Фараби, Ибн Сина, Әбу Райхан Бируни бәрі де медреседен оқып, ғұлама болған. Тауарих Хамсаны (Шығыстың бес елінің тарихы) жазған Құрбанғали Халидұлы да осы медресе түлегі. (Қ.Халидұлы-1846ж.туған) Шығыстың жеті жұлдызы атанған ақындары туралы немістің классик ақыны Гете: Говорят, что в Персии из всех своих поэтов за пять столетии признали достойными только семерых, и ведь среди прочих отвергнутых имен, многие будет получше меня десе, Қожа Хафиз туралы Қанша ескірсең, боларсың сонша жаңа, - деп жазған. Өлеңді шығыс ақындары негізінен парсы тілінде жазған, өйткені парсы тілі - поэзия тілі, ғылым тілі - араб тілі, мемлекет, саясат тілі - түркі тілі болған.
Ақынның 1855-1881 жылдар аралығындағы жазған Иузи-рәушан, көзі-гәуһар, Фзули, Шамси, Сәйхали, Әлиф деп ай йузіңе ғибрат еттім, - деп басталатын өлеңдері еліктеуден туған. Кейіннен жазылған Масғұт, Әзім әңгімесі (аяқталмаған), Ескендір поэмалары ақынның шығыс әдебиетіне қатысын айқын танытатын туындылар.Нәзиралық үлгідегі поэмаларында Ескендір поэмасының түп-төркіні, сюжеттік негізі Талмудтан, Науаи, Низами, Жәми т.б. шығармаларынан келсе, Масғұт, Әзім әңгімесі-Мың бір түн сияқты классикалық ертегілер топтамасынан келген. Қазақ арасында Мың бір түннің ауызша көп таралған нұсқалары болған. Сондай ертегінің бірі Әлидің Әзімі деген ұзақ ертегінің сюжетінен Әзім әңгімесі, жазылса Масғұттағы Бағдат шәһары, Һарон Рашид заманы ақ, қызыл, көк алма архетиптері де шығыстық. Ескерту.поэмалардың идеялық, көркемдік,сюжеттік негізімен танысқыңыз келсе, поэмалары туралы дәрісті қараңыз.
М. Мырзахметов қисса-дастандардың қазақ даласына келудегі бастау алар түп-төркінін қарастырғанда, олардың үш ошағы... арғы жағы-үнді, арабтан, орта тұсы-парсыдан, бергі жағы-түркі тілді, туысқан халықтардың рухани әлемінен ауысқаны байқалады дейді.
М. Әуезов: Шығыс жағасынан алған нәрдің бәрін Абай өз ақылымен, сыншы ойшыл ақылымен, бірақ, әрине санашылдық жолымен өзінше қорытып алады деп ақынның шығысқа да сын көзбен талғаммен қарағанын, ең қажетті, ғибратты, терең философиялық ой пікірлерін игергенін көреміз. (М.Әуезов. 15т.135б).
Осы кезеңге дейін орыс әдебиеті, сол арқылы Еуропалық әдебиетті терең меңгерген зерттеуші бұл әдебиет әлемімен Абайдың шығармашылық қарым-қатынасын дендей зерттеп, идеологтар, панисламизм, пантүркіизм деп жерініп жүрген Шығыстың рухани қазына көздерінің - Абайға игі-әсерін дөп басып таныған М. Әуезов бұл саланы Абайдың өзгеден алған нәрі деп жеке қарастырады. Автор мақала мақсұты әдеби телқараның Шығыс Батыс сияқты екі жағадан алған, нәр көрген ұзын ырғасын атап өту, түгел зерттеп қана тексеру емес, сондай зерттеушіге бір нобай айту депескертеді. Шығыстан алған үлгі өрнекті талдап аша отырып, медресе ілімін, сопылықты сынауы - иделогия иіне жорта көнгендік. Қазақ әдебиеті көлеміндегі аруз әсерін тексеру және соның бір жағын Абайға да тірей тексеру әдебиетшілердің алдындағы бір сыни проблема, деп Шығыстың классикалық әдебиетін дендей тексерген саңлауы бар зерттеуші өзі-ақ ақ-қарасын айырар деген ойға бағыт сілтейді. Сопылықты, дінді жоққа шығарған замана желінің ығына жүрген бола отырып, шым-шым, ақиқат ойын нақты жеткізеді. Абай-мұсылман Бірақ осының бәрімен қатар Абай фанатик те емес. Мұсылманның көп молда, көп кітабы даттаған фанатик, схоластик дінді ұстанбайды, Шығыс жағасынан алған нәрдің бәрін Абай өз ақылымен, сыншы, ойшыл ақылымен, бірақ әрине санашылдық жолымен өзінше қорытып алады. Бұған кірген бұйымдардың басы ислам діні, онан соң Шығыс поэзиясы және мұсылман ғылымының ілгері-соңғы ғұлама философтарының сөздері болады, деп айқын ғылыми тұжырым жасайды.
М. Әуезов Абай шығармаларындағы шығыстық белгілердің ақынның бала кезінен өмірінің соңына дейін желідей созылып арқау болғанын баса айтады. Алдағы уақытта Абайдың Науаи, Низама, Фзулилерге қарым-қатынасын зерттеуді тарихи принципке құра отырып, бұл қатынастардағы екі түрлі кезеңнің, яғни шығыс классиктеріне еліктеген жастық шағы (1860-1865) мен Абай поэзиясының марқайған тұсындағы (1886-1890) негізгі айырмашылықты анықтау керек деп екі дәуірге бөліп қарайды.
М. Әуезов ақынның нәр алған арналарын суреткерлік пен образды түрде қарапайым теңеумен түсіндіреді: Көлденең тұрып көз жіберсең, бұл ақынның шығармашылық еңбегі ұзын аққан ағын су сияқты. Я Сыр, Я Ертіс десек, соның ұзын арнасы бірде қазақ жайпаған жағаны, бірде Шығыс елдері, не Европалықтар қоныс қылған сағаны сызып өтеді. Кейде тастақ, керіш арна мен көк шағыр мөлдір сулы Ертіс басындай боп, кейде құмды сары топырақты еспе арнамен жылжып, Сырдың аяғындай құла түсті боп ағады. Жолшыбай өзіне көп құятын әр түрлі тың арналардың неше алуан суларын сіміре барып, әр жерде өзінен де кейде көпшік, кейде өзен тармақ шығарып кете барады. Осы айтылған жағырафиялық теңеу ақыннан қалған мұраның тарихи орнын мәнін алсақ, көңілге қонымды, үйлесімді теңеу сияқты көрінеді. Барлық Абай шығармалары Шығыс пен Батыстың мәдени тарихи жапсарын, ой саналық шекараларын жүлгелей жүрген қазақ даласының бір ағыны сияқты. Тағы бір теңеу, Абай бала күйінде екі шешенің қолында қатар тәрбиеленгендіктен жеңгелері Телғара атандырған екен. Шынында бұның ақындық өмірі де, өзіндік қазақтың қалпынан басқа жаңағыдай екі жағадан нәр алу арқылы бір әдеби телғаралықпен ерекшеленіп туған сияқтанады. Әрине, бұған қарап Абайдың өз пішіні - қазақ тұлғасы жоқ демейміз. Жаға-жаға да, арна-арна. Ұлы арнасы мен жол арнасының түп-түбімен шығып жатқан қайнар көздері - ақынның негізгі қазақтық тұлғасын құрайды.
М. Әуезов Абайдың орыс, батыс әдебиетіне бет бұрғанын да образды түрде әсерлі сипаттайды: Абай батыстың өнер мәдениет көрмесіне қазақ сахарасынан, шығыстан шығып сапар шегіп кетіп, әдейі не барын, нендей сырлы екендігін танып қайтайын деген кісі сияқты... Шығысым Батыс, Батысым Шығыс болып кетті деген сөз, Абайдың ішкі дүниесінің барлығы бірдей қопарыла өзгеріп кетті дегенді білдірмейді. Европаның ғылым өнер, мәдениеті мұны барған сайын қызықтыра тартып, соңына шындап телмірткенін білдіреді.
М. Әуезов орыс әдебиеті Абайды қалай баурағанын да: Абай Пушкин қасынан солғын қарап өтеді. Бірақ солай жеңіл жанап, ат үстінен жоғарыдағыша үстірт шолып өткеннен сол Пушкин маңынан іздегенін табады. Өз сынынша Махаббаты ашуға уланған Лермонтовқа кеп үйіріледі... Лермонтовтың құлақ күйі, бұның өз күйі, өз сарынындай болып дөп келе кетеді. Сонан соң Лермонтовтан әрі аударады, әрі үлгі алып күйіне күй қосады, деп орыс, батыс әдебиетінің әсерін, өнегесін: Абайда Европалық төркіні бар, екі алуан өлеңді көреміз. Бірі - ашықтық жайында өлеңі (махаббат лирикасы) екіншісі - көңіл күйінің өлеңі (настроение лирикасы) деп тұжырымдайды. Үшінші арна- орыс мәдениеті, Европа мәдениеті. Қазақ халқы бұл мәдениетті Абайға дейін мүлде білмейтін. Сондықтан данышпан Абайдың орыс халқының асқан гуманист классиктерінің ал олар арқылы Европа классиктерінің шексіз бай асыл мұраларын кеңінен пайдалануы және өз халқын бұл мәдениеттен ана тілінде таныстыруы аса зор маңызды жаңалық болды.М.Әуезов20т.тшж.
Ақынның орыс әдебиеті арқылы Батыс әдебиетімен де танысып, аса бір ден қоюынан шығармашылығында жаңа бір арна пайда болып, шеберлік суреткерлік тәжірибесі солай қарай ойысады. Бұл нышан әсіресе көңіл күй, ғашықтық лирикасында айрықша көрінеді. Абайдың орыс әдебиетімен жете танысуына себеп-Приходская школадан бастау алса, бағыт бағдар беруші - өзінің туысы Халиолла. Халиолла - Айғыздан туған. Дүниеден ерте өткен. Абайдың орыс мәдениеті, әдебиетімен таныстығы туралы Әрхам Ысқақов естелігінде: Омбыдағы Халиоллаға ай сайын хат жазып, қаражаттық ақша жіберіп, одан хат алып және керекті кітаптарын алғызып тұрады.Ұлы Абайға адалдық. Семей-2002. Омбыдан оқудан қайтқан ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ежелгі жәдігерліктер мен жыраулар поэзиясының поэтикалық үндестіктері
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
Қазақ хандығының құрылуы және жыраулық поэзияның қалыптасуындағы тарихи әлеуметтік жағдай
ЕЖЕЛГІ ТҮРКІ ПОЭЗИЯСЫ МЕН ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫРЛЫҚ ЖЫРЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ
Ежелгі жырлар мен жыраулар поэзиясының ерекшеліктері
ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨНЕ ТҮРКІ ДӘУІРІНДЕГІ ӘДЕБИЕТПЕН БАЙЛАНЫСЫ ТУРАЛЫ
Сан қилы тарихи оқиғалардың сәулесін бойына сіңірген - жыраулық поэзия
Ақындық тұлғаның лирикалық кейіпкерге қатысы
XIX ғасыр қазақ әдебиетіндегі жыраулық дәстүрдің көрінісі
Пәндер