Қамар сұлу


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 27 бет
Таңдаулыға:   

Қамар сұлу

Жіңішке сымға тартқан әні қандай.

Балауыз балбыраған тәні қандай.

Ақыл, ой, мінез, көрік түгел келіп,

Толықсып толып тұрған сәні қандай.

Еріткен іші-бауырыңды көзі қандай,

Бал тамған майда бұлбұл сөзі қандай.

Жұп-жұмсақ, бып-биязы ішке кіріп,

Жайтаңдап жан күйдірген көзі қандай!

Күлгенде көзіңді алып кірсіз тісі,

Қайнамас оны көріп кімнің іші?

Алмас қылыш жүзіндей аударылған,

Сүйгізіп көлеңкесі әрбір ісі.

Нұрлы жүз жан-жағына сәуле шашып,

Бойының мінсіздігі онан асып.

Өзгеден сып-сыпайы һәм сүйкімді,

Ең арты жүрсе-дағы аяқ басып.

Толған ай шілдедегі жалт-жұлт еткен,

Мүбәда көрген кісі қиыр шеттен.

Көлеңкесі күйдіріп күні-түні,

Есінен екі-үш айда әрең кеткен.

Талайы бозбаланың болған ғашық,

Уай шіркін! Болсайшы деп бізге нәсіп.

Егерде Қамарменен тіл қағысса,

Құдай ұрып жым болар қара басып.

Омар да қоя берді бетін қақпай,

Жүрсе де сонысынан жұртқа жақпай.

Әркімдер құдалықты ойланса да,

Қамар қыз қайдан көнсін теңін таппай.

Қамар осындай сәулетпен бұлғақтап болып тұрған кезінде құдай берген дәулеттің арқасында абырой, атақ бірдей келіп толықсып тұрған кезінде:

Сұлу Қамар, ақын Қамар, жаным Қамар,

Қамаржан, сені ойласам, ішім жанар.

Үлбіреген аузыңнан бір сүйгізсең,

Ішкендей кәусар суын мейірім қанар . . . -

дегендей өлеңдер сол маңайдағы бозбалалардың аузынан екі елі тастамайтын тәсбиғы еді. Және бір нәрсені көңілдері ұнатып, мақтағысы келсе: "Уай, шіркін! Мынау Қамардай екен!" десуші еді. Кей уақыт Қамардың көзіне жазатайым көздері түсіп кеткендері де әлдеқандай көтеріліп, қуанып қалушы еді. Қамар біреуінен әншейін бір істің жөнін сұраса да: "Қамар маған сүйдеді, бүйдеді . . . " деп, неше күндей әркімге бір әйгілетіп, даурығуға со да жетуші еді.

Қамар осылай әркімнің көзіне күйік болған қалпымен күннен-күнге құлпырып, он бес жасына жетті. Бұл кездері баяғы теңмін деп құмартып, құлқынын құртып жүретін замандастарынан жоғары секілді телміріп жазған өлеңдер, хаттар судай ағылып келсе де, кейбіреулерін жауапсыз жыртып, кейбіреулерін өзінің шешендігімен жебедей жерге енгізіп, енді қайтып бас көтеруге жаратпай тастай беруші еді.

Сол кезде аса жақын болмаса да, Омарларға үш-төрт атадан барып қосылатын Сарбас деген ауылда Жәуке деген кісінің оқу соңында жүрген жиырма бір жаста Ахмет есімді бір жақсы зерек баласы бар еді. Жәуке өзі нашар кісі болса да, бар тапқан-таянғанын жалғыз баласы Ахметтің оқуына салып, жасынан олай сүйреп, былай сүйреп жүріп, әйтеуір молда атына іліктіріп еді. Бертін келген кездерде Жәукенің ол бейнеті босқа кетпей, Ахметтің

арқасында аузы асқа, ауы атқа тиіп, есіктегі басы төрге жетті. Аса байып кете қоймаса да, өзіне-өзі тоқ, жақсы ғана дөңгелек ауқат та бітті.

Бұл Сарбас ауылы осы Омекеңдермен ыңғайлас, жазғы, қысқы қоныстары бір, аралас-құралас еді. Ахметпен Омардың үлкен баласы - Қасен құрдас һәм жасынан бірге өсіп, бірге оқып, біте қайнаған сырлас еді. Бірінсіз бірі тыншып тұрмас еді. Мұсылманша оқуды екеуі сабақтас болып оқып рушді сыныфтарын* бітіріп, онан соң ауылнай школда оқып тәмамдаған соң Қасенді әкесі гимназияға енгізіп, Ахмет қолының қысқалығынан онан артық ұзай алмай қалғандығына бірсыпыра жыл болып еді. Ахмет онан соң да тағы талпынып оқып, иғдади сыныфтарын** бітірді. Бертін уақыттарда үлгілі жерлерді аралап,

тәртіп, дүние танығысы келсе де, қартайған әкесін қимай, өзі жалғыз болған соң қайтерін білмей қарайлап жүрген жайы бар еді.

Және Ахметтің ақыл-ой зеректігінің үстіне сұңқардың баласындай бітімі жақсы, көзге түсерлік көркі бар, сөзге шешен, ойдан шығарғыш - ақын, жарып салма өткір еді. Той секілді жұрт жиналған жерлерде өлең болсын, ойын болсын, газет, журнал, кітап оқып, шариғат-насихат айту болсын, ең арты біреуді сықақтаған қулық болсын, бас бәйге Ахметтікі еді. Тартынбай тамылжытып сөйлегенде де өзінен үлкен-кішілердің аузынан суын ағызып, көңілдеріндегі уын шығара жаздаушы еді. Соның үшін елдің атқамінер, ақсақалдары: "Оқыды деп Жәукенің баласын айт. Әне, сондай болсайшы", - деп біреуге ақыл айтқанда қызға Қамарды үлгі қылатын секілді, бозбалаға Ахметгі үлгі қылып ұрсушы еді. "Қыз қылығынан" деп . . . не қылса да, Ахмет осындай-осындай . . . қылықты

мінездермен құрбы-замандастары арасында айтулы һәм ағайын, халқына сүйкімді болып, жас та болса біраз жұртқа атағы да шығып кетті . . . Міне, Ахмет бас болған жерде бас болып, жас болған жерде жас болып, тіпті мас болған жерде мас болып, тоғыз қырлы, тоқсан сырлы жігіт ағасы деуге лайық болып жүрді.

Бірақ аулының малға мастанған мұрындықсыз желбастары ғана Ахметтің зеректігін көре алмай күндеп, іштері жарылып кете жаздаушы еді. "Сонша көтеріп неме керек: кешегі мұрнынан боғы аққан Жәукенің жаман баласы емес пе еді?" деп, жарбаңдап алдына шыға берушілер де аз емес еді.

"Жақсыдан жаман туса - емі болмас, жаманнан жақсы туса - теңі болмас" деген бабаларымыздың жарқыраған жолын надандығы көргізбеуші еді.

* Рушді сыныф (арабша) - 5-7 кластар көлеміндегі оқу.

** Иғдади сыныф (арабша) - 10 класс көлеміндегі оқу.

Көбінесе себеп: олар жүрген бұзық жолда Ахметтің жүрмеуі, оларга жолдас болмауы, жақсылыққа бастауы, жамандыққа баспауы еді. Бозбалалардың сыртқы жәй әңгімелерінде: бұл маңайда Қамармен әзілге, сөзге, өлеңге һәм ақыл, ой білімге де жалғыз-ақ пар келетін Ахмет екендігі айтылып отырушы еді, һәм бұл екеуінің сын-сым-

баты сырттан бір-біріне ұнасқандығына қарағанда, тап шыны да сол болуға лайық еді.

Қамар, Ахмет іштерінен бірін-бірі жанындай көріп жарылып кете жаздаса да, ағасы Қасеннің жаны бірге досты һәм құрдасы болып, бірге жүріп, бірге тұрған соң, бірі аға, бірі қарындас секілді болып бір-біріне ойнап болсын, шындап болсын сыр ашып, сыбырласа қойған жерлері жоқ еді және біраз күнгі ойын-күлкі ғана болмаса, Қамар, Ахмет түпкілікті болып қосыларлық ешбір реті жоқ еді. Себебі: Ахметтің құр жігіттігі болмаса, құда болып аларлық малы жоқ, алып қашар еді, ат салысарлық аудыны жоқ, қолына қарап тұрған әке-шешесі тағы бар: оларды тастау оңай болып па? "Теңі келсе тегін бер" дегенге көне қоятын қазақ па? Өйтпек тұрсын, "Қамар" деп аузынан шығарса-ақ айып салып, бірдеңесін өлтіргеннен жаман тергеуге алатын жайы бар. Міне, бұған Қамардың көзі жеткені секілді, Ахметтің де көзі жетіп, "әйтеуір түпкілікті бола алмайтынымыз ақ,

олай болғанда нақақ біреуді қаралауда қанша пайда деп, олай-былай құмартып құрыстап келгенмен, ақылға жеңдіріп тоқтала беруші еді. Алайда, шын сүйіп күюшілік- бір дерт шыдата ма? "Таң атпайын десе де, күн қоймайды" деген секілді осынша тырмысып, шыдайын-ақ десе де жүрек қоймай барады. Күннен-күнге сабыры қалмай, жатса-тұрса көз алдына Қамардың суреті елестеп жанын қоярға жер таптырмай барады. Ақыр іштегі дертіне шыдай алмады: біраз күн болса да, ептеп мауқын баса тұру қиялына түсті. Ал енді Қамардың оңаша уақытын тауып, жүректегісін ашып салайын деп-ақ батырланып келеді. Не хикмет? Қамармен тап бетпе-бет келген уақытта, беті күйгендей ұялып қызара бастаушы еді. Бойына әлденемене бір қорқу пайда болған секілді, тұла бойы тітіренгенсымақ қызуланып, қызынып, қуанышты-қорқынышты, аттай тулап, аузына қарай тығылыңқыраған жүрегі сөйлесе дірілдеп кетейін деп суынып-ісініп қымтырылып қымсынып, бір жоғары, бір төмен қарап қайта-қайта ұмсынып, ешбір нәрсе айта алмай шыға беруші еді. Сүйтіп іштерінен сүйісіп күйгендігін көлеңкелеген болып отырысса да: "Жаным жарылайын деп-ақ іші-бауырым елжіреп бара жатқандықтан, есалаңданып отырмын, қайтейін?". . дегендей қылып, ақырын баяу ғана аударысқан көздері бір-біріне түсіп кете қалса өздерінің ықтиярсыз барып шап етіп қосылған көлеңкелерін (сурет) көрген секілді беттерінен отары шығып, бір нәрсені шұқылаған болып, күбіжіктеп кетуші

еді. Солай Ахмет әлденеше рет "Әй, енді ме . . . " деп көңілін бекітіп қатайып келсе де, әлгідей халге ұшырай берді. Таудан, тастан қайтпаған жүрегі Қамарға бір ауыз сөз айтуға бата алмады. Ол Ахметтің қорқақтығынан, я ынжық, жамандығынан емес, ғашық оты күйдірсе де, ақты қаралауға ішкі батылымның бармағандығынан, жүрегінің тазалығынан еді . . . Жасынан қиянат-бұзықтыққа қарайып үйренбеген таза көңіл жеме-жемге келгенде жиренбей қайтуші еді?. .

"Көп жүрдім шыдайын деп іштен жанып,

Кейде олай, кейде бұлай ойға қалып.

Амалсыз арды түйіп қалам алдым:

Кеткен соң ғашық оты бойымды алып.

Ойнайық азғана күн дәурен өтпей,

Тұрғанда басыңыздан билік кетпей.

Шығаршы жүректегі шын сырыңды,

Жаутаңдап екі көзді мөлдіретпей.

Талпынып қол сермедім ұшқан құсқа,

Болса да жетер ме деп қолым қысқа.

Көзге күйік көріндің, іш күйдірдің,

Мейірімсіз отқа салдың, бұл дұрыс па?

Бір өзіңнен басқаны қойдым жауып,

Ұят па, ойнап күлу теңін тауып?

Көрген соң жалғыз ғана ішің білер,

Жау мұндалап жүрмессіз елге шауып.

Ақ тұйғын талпынбай ма теңге қарай,

Басын кессе, бара алмас кемге қарай.

Дауасы сырқатымның жалғыз сенсің:

Талпындым жаным үшін емге қарай.

Қарайсың мөлдіретіп жәудір көзің,

Шын айтсам, шыбын жаным сенің өзің.

Елжіреп іші-бауырым ынтығып тұр,

Тез естір мейірбанды жылы сөзің".

Қамар хатты оқып болған соң бір қызарып, бір сұрланып, жүрегі кеудесіне сыймай, не ашу емес, не қуану емес, белгісіз қысыльш, қарап тұрып бір тынышсыздыққа қалды.

Мұнан соң қайғы басқан кісі секілді әрдайым мұңайып, ойланып жүретін болды. Бұрын таңның атқанын, күннің батқанын білмейтін Қамар бір о жағына, бір бұ жағына аунақшып, көрер таңды көзімен атқызатын уақыттары да болып жүрді. Себебі: бір жағынан Ахметтей ақыл-ой, парасатты, тең жігіт табылмайтындығын ойлап, бір жағынан әке, ағаларының Ахметті кедейсініп бермейтіндігін ойлап, түпкілікті болмаған соң, құр біраз күнге әуреленіп қалудың ретін тағы таба алмай, жатып-тұрып сандала беруші еді.

. . . Бір күні қағаз алып, әлдене жазуға ойланса да: не хикмәт, қолы жүрмей жіпсіз байланған секілді бір түрлі мұңайған түспен қаламды бір сияға батырып, бір қағаз үстіне жорғалатып, бір ұшы-қиыры жоқ ұзын ойға батты да отырды. Бір жазып өшірді. Бір жазып жыртты. Қаламды қайтадан сия ішіне қойып, бір жақ қолымен жағын таянып, көзін сүзіп тұнжырады да қалды. Әрі ойлады, бері ойлады, уысына еш нәрсе түсіре алмады. Біраздан соң ауыр күрсінді де, қайтадан қаламын алып:

"А, құдай, жасты жасқа пар қылғаның,

Біреуді жоқ, біреуді бар қылғаның.

Біреуге алтын, гауһар тахыт беріп,

Астана жұрт билеген хан қылғаның;

Біреуге мал мен бақты үйіп беріп,

Ақылсыз екі аяқгы мал қылғаның;

Біреуге Аплатондай білім беріп,

Мінер ат, ішер асқа зар қылғаның;

Қыздарын теңге бермей, малға беріп,

Қазақты қара көңіл аң қылғаның;

Мейлі доңыз болсын, қоңыз болсын,

Малдыны кісімсітіп паң қылғаның.

Көрсетіп құдіретіңнің шеберлігін,

Пендеңнің миы жетпес таң қылғаның"

. . . деп жазды да, қағазын жиып, жанындағы домбырасын алып далаға шықты. Әлгі жазған өлеңін жұрт түсінерлік қылмаса да, бір түрлі зарыққан, зарлы жіңішке әуезбен көмейге салып баяулатып, жаяулатып домбыраға қосты да отырды. Басқалар мұның не екенін қайдан білсін, Қамар тағы бір жақсы ән шығарыпты, ал үйренейік десіп, жүгірісуде еді.

Сөйтіп ойы онға, ақылы алтыға бөлініп әуреленіп жүрген кезінде Ахметтен тағы мынадай хат алды:

"Қалқам-ай, қапа қылдың жауап бермей,

Жүр ме екен қолың тиіп, реті келмей?

Дәрменсіз, дертім қалың, жүрек толқып,

Мен жүрмін сол қападан әзер өлмей.

Қалам қас, мамық тамақ, уыз қойы,

Мөлдір көз, тілің бұлбұл, алма мойын.

Көңілімді көкке ұшырмай дауалатшы:

Алып-ұшып барады тұла бойым.

Апырым-ай, көз қарасың тәуір еді,

Мінезің салмақтылау, ауыр еді;

Жауабың кеше-бүгін болмаған соң,

Көз жасым көктен құйған жауын еді.

Білемін ішкі жағың мені сүйер,

Теңдесін теңдес сүймей, нені сүйер?

Дәл ойың жалғыз қылдың үстінде тұр,

Ауа алмай бір жағына ішің күйер . . . "

деген жерге келген кезде, Қамардың хатты ақырына дейін оқып шығуға шамасы келе алмады. Сол жерде не болғанын да білмей, тамағында булығып тұрған ызалы жастары көзінен ытып-ытып кетіп, оқымастан алып қойды . . .

Ал енді Қамардың толған жүрегі, толғанған көңілі олай да, бұлай да толқып келіп, тоқталған уақытта, өзіне-өзі сөйлескен кісідей мынаны айтушы еді: "Ахметті сүйемін-

ақ, сүйгенім үшін осынша күйемін-ақ, ал енді шыдамадым . . . қараландым. Күні ертең ел-жұртым екеумізді екі айырып жібереді . . . Онда не болдым? Қосылуға қарар таппаған көңіліміз айырылысуға неғып шыдатады?. . Әке, ағаларым болса, мені оған бермек тұрсын, бұл жазғанын сезсе де, бұ күнімізді өзімізге көп қылады ғой . . . " деп, оңашада әлі келетіні баяғы аяусыз көздің жасы еді.

Бір күні өзіне-озі қайрат беріп: "Қой, бүйтіп күйік үстіне жалқын салмайын, өзімдікі қабырға бірге түсетін күйік қой, енді тағы Ахметті күйдіріп, кәрі әке-шешесінің обалына қалмайын; бірдеңеміз елге сезіліп қалса, Ахмет байғұстың талқанын шығарады ғой; сонда олардың көз жасы, қарғысы менің мойныма болмағанда, кімге?. . Бес-он күндік ойын үшін, әрі өзімді, әрі оны қараландырып, жұртыма да, құдайға да ұятты болмайын; жанған жаным жана берсін: обалымыз қиюы жоқ, қисыны қашқан дүниеге, оңға баспай, солға басқан қазақтың қара ғүрпына болсын. Бейшараның жанына батыра жазып, көңілін суытайын. Маған әуреленіп Ахмет деген абыройлы атынан айырылып қалмасын. Өмір бойы өзім түскен азапқа ол түспесін . . . " деп, әр жағын салыстырып шарқ ұрып келіп,

көзінің жасын төге-төге мынау бір хатты Ахметке жазып, беріп жіберді.

"Құп алдым ықыласыңды замандасым,

Белгілі сенен жақсы таба алмасым.

Сонда да үмітіңді үз, менен түңіл,

Доп емес әркім қағар менің басым.

Көз тігіп қарадың деп күйе жақпа,

Жақсаң жақ, жөні келер жерін тап та.

Ақылмен алды-артыңды шолып алмай,

Қарны ашқан қасқырға ұқсап қойға шаппа!

Қарасам, сүйгендіктен қарамаймын,

Сүйсем де, сол сөзіңе жарамаймын.

Арыстан айға шауып мертігіпті,

Секірме, қолың жетпес көктегі аймын.

Сілтей бер маған жетер қолын болса,

Даңы жоқ, даңғыл жатқан жолың болса.

Ашық жол, асулы қол болар еді-ау,

Бірақ жоқ, әттең дүние, соның болса . . .

Сен шыда, күйіп тұрсың, бір-ақ отқа,

Болсаң да қандай қызу жалын шоқта.

Аузың айтып, ар жағың біліп тұр ғой,

Екі оттың арасында тұрғам жоқ па?!"

. . . деп, өзінің сырын Ахметке дүмбілдеу аңғарсын дегендей қылып қойып еді.

Неше күндей тыншымай, жатып тұрып ойланып, жанып-күйіп сандалып, ой түбіне жете алмай, дертке дәрмен ете алмай, жаны-жүрегі, көңіл-тілегі Қамардың жылы жауабын күтіп жүрген Ахмет сорлының жүзі хаттың басқа жолын көрген шағында қараңғы бұлт астынан күліп шыққан күн сықылды жарқырап кетті. "Ойдағым келді ме, жылы жауап берді ме, Қамар мені сүйді ме, сүйгендіктен күйді ме?"- дегендей қылып көзі жасаурап, жүрегі лүпілдеп, өне бойы қалтырап кетті. Аһ, не шара . . . Талайсыз сорлы! Өлеңнің соңғы жолына аяқ басқан соң-ақ, баяғы қалтыраған жүз, жаудыраған көз күннің бұлт астына қайыра кіргені секілді түнеріп салып жүре берді. Сонда жападан-жалғыз өзі ауылдан жарты шақырым бір төбе басына шығып, қоғамның азғандығына назаланып, бір түрлі тарығып-зарыққан, мұңды лебізбен бір олай, бір бұлай жүріп, қайта-қайта айта бергені мынау екен:

Малдылық, маскүнемдік, қарны тоқтық,

Деуші едім неге керек сыпыра боқтық.

Қазақтың қаны-жаны сонда екен ғой;

Діңкемді құрттың, міне, әттең жоқтық.

Ахмет Қамардың әлгі сөзінің тұқымына ар жағынан қопарып түсініп тұрса да, қозғалып алынған көңілі, құмартып алған жүрегі тағы бір хат жазбайынша тыныш таптырмады.

Бұл жолғы хатын еш нәрсеге түсінбеген құлақсыз саңырау, тілсіз мылқау кісі сияқтанып жанына тидіре, жаралы көңілін күйдіре жазды:

"Әрине, қолым жетпес көктегі айсың,

Қағу көрмей, қарсы өскен қалқатайсың.

Жетпесе де сермедім, ал қолымнан,

Ақыл-ой, зеректікке сайма-сайсың.

Ол рас менен гөрі малын тәуір,

Малы тәуір кісінің сөзі де ауыр.

Теңіне теңелем деп жүргендердің

Талайын қара қарға қылған жауыр.

Не шара, айтқан сөзім ем болмаса,

Сұңқар мен сұқсыр үйрек тең болмаса.

Сен үшін мұнша қапа болмас та едім,

Алды-артым бәрі қысқа, кем болмаса.

Қылмаса құдай нәсіп амал бар ма,

Біраз күн ойнайықшы ең болмаса".

Қамар тағы көрген соң баяғыдай бір жанды, бір күйді, қайтсін, амал бар ма?. . "Қарға" деген сөзіне қарсы тез мынаны жазып жеткіздірді. "Суға кеткен тал қармайды" деген ғой сыныққа сылтау іздемей амал бар ма?. .

Апырым-ай, ашық еді сенің көзің,

У жеген қасқырдай ғой кейбір сөзің.

Жайды білмей жарбаңдап жамандарша,

Қарғаң не, қайта ойланып байқашы өзің?

Қамардың ендігі ойы: Ахметтің өзіне бір жолығып, мұңын, сырын ауызба-ауыз айтысып, көңілдерін жадыратып: "Ретім болмады, айыпқа бұйырмаңыз" деп, не де болса өзінен Ахметті түңілдіру еді. Оның ретін тағы келтіре алмады. Себебі: соның өзінде-ақ қатын-қалаш, малшы-құлшы дегендейлер ауылға Ахмет келгенде, Қамармен көз қарастары бір-біріне елжіреп, еріп, елпілдеп тұруларынан сектеніп қалып еді. Қалай ауылға Ахмет келді, солай жиналысып ортаға алып, ешбір оңашалық бермеуші еді.

Ақыр Қамар тағы баяғы хатқа жабысты.

"Жан құрбым, сабыр етші, жанымды алмай,

Күйіп тұрған жаныма жалқын салмай,

Не сенен, не өзімнен жол табылса,

Қалатұғын ойым жоқ саған бармай.

Тіпті жоқ сенен өзге сүйген кісім,

Мағлұм бір Аллаға ұшпу ісім.

Хатыңды көрген сайын қайран болып,

Жол таппай құр қайнайды іші-тысым.

Әрине, өзің теңсің, малың нашар,

Халың жоқ және-дағы алып қашар.

Болса да басың бұлбұл, аяқ дүлдүл.

Беруге кісі тапшы аяқ басар.

Ақыл-ой, сын-сымбатта маған теңсің

Шыбыным, шын сүйгенім - жалғыз сенсің.

Ту бие, қара саба болмаған соң,

Икемге менің елім қайдан көнсін.

Қалса да егер бірі мұны сезіп,

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ҚАЗАҚСТАН КОМПОЗИТОРЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ ТАҒДЫРЫНЫҢ БЕЙНЕСІ
Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы
Ахмет бейнесі
М.Қалтаевтың шығармашылық мұрасы жайлы
С.Торайғыровтың "Қамар сұлу" романы
Мақыш Қалтайұлы туралы
«Құмар Сұлу» романы
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармалары
Сұлтанмахмұт Tорайғыров өмірі туралы
Сұлтанмахмұт Торайғыров романдары мен өлеңдері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz