Ахмет Байтұрсыновтың қазақ халқының рухани көсемі ретіндегі орны


«Қорғауға жіберілді»
«___»2020 ж.
КУРСТЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: «Ахмет Байтұрсынов - педагогика ғылымының негізін салушы»
Мазмұны
Кіріспе
Қазіргі нарықтық экономикаға сүйенген, ғылыми-техникалық жаңалықтарға еркен аяқ басқан егеменді еліміз ХХІ ғасыр табалдырығын аттай отырып, білім беру ісі мен қоғамды ізгілендіру мәселесін, демократия мен ұлттық руханиятты, мәдениет пен тілді түлетуге, ұлттық рухани мұраларды жандандыруға баса көңіл бөліп, білім беру мекемелері өздерінің алдына басты міндет етіп қойып отыр.
Қазақстан Республикасының мәдени-этикалық білім беру тұжырымдамасында «мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайту ұлттық мәдени дәстүр жалғастығына, тарихи мұраларды жандандырып тәрбие құралына айналдыруға, халықтар мүддесі мен бірлігінің тоғысуына негізделуі қажет. Мәдени-этикалық мұраны жандандыру мен жалғастыру, ұлттық патриоттық сезімді ояту мен аялау ең алдымен мектептен басталуы тиіс» - деп өте орынды айтылған.
Бұл істе қазақ ұлтының берекелі бірлігін, көсегелі ел болуын аңсаған, сол жолда күш-жігерін, ақыл-парасатын аямай жұмсаған Алаш қайраткерлерінің бірі емес бірегейі - А. Байтұрсынов сынды ойшыл-оқымысты қайраткердің қызметі мен ағартушылық мәдени мұраларын орынды пайдалану аса қажет. Себебі, ол халық мұңын мұңдап, халықтық ар-намысты оятуды, қалың ел қазағының басқалармен терезесі тең ел болуын, өнер-білімді еркін игеруін аңсады.
А. Байтұрсынов ұлттық мүддені жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білді. «Елдің өзін ел сезінуін, өзгелермен тең сезінуін, өзінің ұлтын ер сезінуін, қайраттанып, намыстанып жігерленіп өмір сүруін» армандады. Сол жолда революционер - демократтарша өмірінің ақырына дейін күресе білді. Асыл арман жолында ел тағдыры үшін өз өмірлерін қиюдан да тайынбады.
А. Байтұрсыновтың педагогикалық - ағартушылық ғылыми еңбектерін зерттеп педагогикалық колледждер мен жалпы орта білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың ғылыми-әдістемелік кешенін жасау, оны теориялық және практикалық тұрғыда негіздеп, жан-жақты дамыған шығармашыл тұлға қалыптастырудың маңызы мен мәні аса зор.
Егер, А. Байтұрсыновтың педагогикалық мұраларындағы құндылықтарды іркітеп, тәлімдік мүмкіндіктерін айқындай отырып жасаған әдістемелік ұсыныстар іске асса, онда рухани құндылықтарды бағалай білетін, ұлттық және патриоттық санасы жоғары жеке тұлға қалыптастыруға игі ықпал еткен болар еді. Қазақ халқын надандық түнегінен шығару үшін оның негізгі, тура жолы білімде екендігін дәлелдеген - ұлы данышпан Ахмет Байтұрсыновтың ақыл сөзін, асыл ойларын санамызға сіңіру, өсиеттеріне сай еңбек етіп, өнегелі өмірін жастарға үлгі етіп ұсынып, кемеңгерлік, даналық пікірлерін тәрбиенің қуатты құралына айналдыру. Артында бықсыған күл емес, мәңгі өшпес жалын, от қалдырған, «қазағым» деп халқымыздың болашағына бар өмірін арнаған арыстай азаматымыздың өмірін келер ұрпаққа дәріптеп, өмірін үлгі тұту. Себебі, А. Байтұрсыновтай ірі, кесек тұлға тарихымызда көп емес, санаулы-ақ қана. А. Байтұрсынов өмірі мен қызметі асыра мақтау, жалған бояуға зәру емес.
Қай елдің тарихында да халыққа сіңірген еңбегі мен көрсеткен қызметі көп жылдар өткен соң барып бағаланатын, танылатын тарихи тұлғалар болады. Тағдыры тарих тәлкегіне тап болып, туған халқымен жарты ғасыр өткен соң қайта мәңгілікке табысқан сондай титан тұлға - Ахмет Байтұрсынов. «Ахаң - ақыл-ойдың асқар алыбы». Біз Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметін толық оқып - біліп, зерттеп - танып болғанымыз жоқ. Ахметтануда Ахметті дұрыс тану үшін жай ғаламдық емес, үлкен ақыл керек. Осы мақсатта Ахметтану жұмысына азда болса өз үлесімді қосу.
Халыққа білім беру үшін сол халықтың ана тіліндегі жазуы, оқу құралдары болуы қажет, әдебиеті мен мәдениетін дамытатын іс-әрекеттер мен саяси әлеуметтік жағдайлары болуы тиіс. Міне, осындай өзекті мәселелерге А. Байтұрсынов ерекше мән беріп, игі істерді алға бастыру үшін кедергілермен аянбай күресті. Ұлттық емлені, грамматиканы ғылыми негізде жаңадан құрып, оны іс-әрекетпен жүзеге асыруға басшы болды. «Ол өзі үшін ұлтшыл болған қулардан бөлініп, сол ұлт қамы үшін ерлікпен еңбек етіпкүресе білді», [4] - деп С. Сейфуллин айтқандай: « . . . байын, кедейін айырмай, қазақты ғана сүйетін адал жүрек, ұлтжанды» Ахмет ауыл мектептерінде, семинарияларында халыққа білім беру, оны жетірдіру саласында көп ізденді, қажымай қайрат көрсетіп, қиндықтан да тайсалмай қарсы тұрып, қаһарман болды.
Зерттеудың мақсаты мен міндеттері. Ахмет Байтұрсыновтың педагогика ғылымының негізін қалаушы ретіндегі қызметін зерттеу.
Мақсатты негізге ала отырып, келесі міндеттерді шешу қажет болды:
- Ахмет Байтұрсыновтың қазақ халқының рухани көсемі ретіндегі орнын анықтау;
- Ахмет Байтұрсыновтың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуына ықпал еткен қоғамдық және саяси -әлеуметтік жағдайларды зерттеу;
- Ахмет Байтұрсыновтың педагогикалық мұралары және оның тәлімдік мүмкіндіктерін қарастыру;
- Ахмет Байтұрсынов мұраларын мектептің оқу-тәрбие үрдісіне енгізудің жолдарын зерттеу.
Зерттеудің теориялық негіздері. Курстық жұмысты орындау барысында С. Қалиев пен Б Иманбекованың «Ахмет Байтұрсынов педагогикалық мұраларын оқу-тәрбие жүйесіне пайдалану» еңбегі, Ә. Табылдиевтің «Қазақ педагогикасы» еңбегі және «Ақиқат» журналдарында жарық көрген бірнеше мақалалар мен А. Байтұрсыновтың «Қазақ», «Айқап», «Ақжол», «Еңбекші қазақ» және т. б. баспасөз беттеріндегі жарық көрген публицистикалық мұралары басшылыққа алынды.
Курстық жұмыстың құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан, практикалық бөлім және қорытынды, пайдаланған әдебиеттертізімі және қосымшалардан тұрады.
1. А. Байтұрсынов мұраларының ғылыми педагогикалық негіздері
1. 1 Ахмет Байтұрсыновтың қазақ халқының рухани көсемі ретіндегі орны
Ахмет Байтұрсынов (1873 - 1938) қазақтың халық педагогикасын жан -жақты зерттеп, қазақ педагогикасының негізін қалады, ұлттық білімнің шамшырағы болды. Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық қызметi 1895 жылдан басталады.
Көп уақыт бойына Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерiнде ауылдық, уездiк және екi сыныптық училищелерге сабақ бередi. Ахмет Байтұрсынұлы ағартушылық қызметi жағынан Ыбырай Алтынсариннiң тiкелей мұрагерi болды.
Қазақ этнопедагогикасының арқауы - ауыз әдебиеті мен халықтың салт-дәстүрлері. Ауыз әдебиеті мен халықтың салт -дәстүрлері - ұлттық тәрбиенің негізі. Міне, осы тұғырлы тұжырымды ірі ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын, аудармашы, қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушы, қазақ баспасөз тілінің ұлттық үлгісін жасаған талантты көсемсөз иесі, туған халқының рухани дүниесін жандандырған ғұлама - жан-жақты зерттеп, талғай тауып, олардың ғылыми - теориялық негіздерін жасады. [20; 12]
Ұлттық педагогиканың (этнопедагогиканың) ғылым ретінде дамып, қалыптасуы сол ұлтқа білім берумен, яғни оқумен, оқытумен, тәрбиелеумен байланысты деп пайымдаған данышпан Ахаң, ең әуелі халыққа білім беру ісін қолға алып, жетілдіруді алдына мақсат етіп қойды. Ол үшін, ол өзі оқып, білім алды: 1891 жылы Торғайдағы 2 кластық орыс-қазақ училищесінде оқыды, кейін Орынборға барып, мұғалімдер мектебіне түсіп, оны 1895 жылы бітірді. Сөйтіп, 1896-1907 жылдары Ақтөбе, қостанай, Қарқаралыуездеріндегі ауылдық және юолыстық мектептерде, 2 кластық училищелерде мұғалім болып, қызмет атқарды. [4; 78]
Ахмет Байтұрсынов қазақ ауыз әдебиетінің ұлттық- тәрбиелік мәнін жоғары бағалады. Ол 1895 жылы «Торғай газетінің» («Тургайская газета») 24-қыркүйектегі №39 санында «Қазақтың болжамдары мен мақалдары» («Киргизские приметы и пословицы») деген мақала жариялап, онда шаруашылық жайына өнеге - нұсқа ретінде айтылған халық сөздерін (36 болжам) және даналық мақалдарды келтіріп, халықтың данышпандық тұжырымдарын тәлім-тәрбие ісіне пайдалануға ұсынды [8; 21] .
Халық қамқоршысы 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Оқу жайы» деген басмақала жариялап, онда: «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, шикізатын сатады, ал сол шикізаттан жасалатын өнімді 2-3 есе қымбат түрде сатып алады. Бұл надандықтан келген кемшілік», - дейді. [14; 24]
Халықты надандық түнегінен шығару үшін оған білім беру қажеттігін дәлелдеді. 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Бастауыш мектеп» деген мақаласында автор қазақтың бастауыш мектептері қандай болуы керек деген мәселе қойып, халық сауатын ана тілінде ашу мақсатын алға қояды.
Халлыққа білім беру ісін ұлттық жазудан бастауды мақсат тұтқан лингвист ғалым 1913 жылы «Қазақ» газетінің 34-санынан бастап кейбір дауысты дыбыстарды таңбалау жайындағы өзінің пікірлерін жариялады. Одан кейінгі араб алфавитіндегі жуан дыбыстардың таңбаларын алмау, қазақ тіліндегі ы, е, и, о, ұ, у дыбыстарының әрқайсысына таңба бейнелеу, к, г дыбыстарынан басқа дауыссыз дыбыстармен келген сөздердің жіңішкелік белгілерін дәйекті таңбалармен көрсету туралы ұсыныстар жасап, «төте оқу» қазақ балаларына жеңіл болатынын дәлелдеді. Сөйтіп, ғалым қазақ халқының ұлттық жазуын (араб емлесімен) қалыптастырды.
Ғалымның 1912 жылы Орынборда басылған «Қазақша әліппе» («Оқу құралы») халықты сауаттандырудың басты құралы болды. Бұл оқу құралында әрі сауат ашу, әрі ұлттық (зтнопедагогикалық) дүниетанымды іске асыру мақсаттары көзделді. Мысалы, туысқан-туған, іліктес, киімдер, ойын-ойыншықтар, ыдыс-аяқ, тамақтар-сусындар, дене мүшелері, үй саймандары, құстар, жер жүзінің аттары, сан, жаңылтпаш, жұмбақ, мақалдар түзіліп берілді. 1926 жылы бұл әліппенің жете өңделген жаңа түрі жарияланып, қазақ халқының сауат ашу мектебінің басты құралы болды.
Қазақ этнопедагогикасының бір негізі -ауыз әдебиеті десек, әдебиетті сөз өнері деп бағалаған А. Байтұрсынов, сол сөз туралы, көркемсөздің қисындылығын үйрететін тіл құралын түзді. Филолог ғалым 1914 жылы қазақ тілінің морфологиясын, 1915 жылы фонетикасын, 1916 жылы синтаксисін баспадан шығарды. Бұл оқулықтар «Қазақ тіл білімі» атты ғылымның негізі, бастау бұлағы, баянды бастамасы болды.
Ғұламаның «Тіл жұмсар» (1928), «Ана тілінің әдісі», «Зерттеу мен сүгіреттілік әдісі туралы», «Жалқылауды жалпылау әдісі» (1927) деген еңбектері қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасы болды. Оның жазу таңбаларын түсіндіретін «Баяншы» атты кітапшасы 1912 жылы, үлкендерге арналған «Сауат ашқыш» оқу құралы 1926 жылы жарық көріп, бүкіл ұлттық сауат ашу құралы болды [16; 34]
Әдіскер ұстаз оқыту әдісі догма емес, қайта ол әрбір оқытушының білімдарлығына байланысты неғұрлым тиімді, жаңаша құрылу керек екенін уағыздайды. Әдіскер оқушыларға ереже жаттатудың тиімсіз екенін дәлелдеп, түсіндіру, талдау, қорыту тәсілдерін қолдануды ұсынады. Сол сияқты, әдебиет сабағын оқытқанда әсерлендіру, талдау, бейнелеу, тұжырымдау тәсілдерін қолдану қажет екенін «Қай әдіс жақсы» (1928) деген мақаласында айқын баяндайды.
Әлеуметтік өмірден этнопедагогика пәні журналистикамен сабақтас екендігін көреміз. Ақын, аудармашы, жазушы ғалым 1895 жылдан бастап өмірінің соңына дейін газет-журналдарға белсене қатысып, әдеби, ғылыми еңбектерін үздіксіз жариялап, шығармашылық дарынының биік екенін көрсетті. 1913-1917 жылдары «Қазақ» газетін шығаруға басшылық жасап, басқа газет-журналдар арқылы да дарынды журналистік еңбегімен қазақ журналистика ғылымының негізін қалады [18; 75] .
А. Байтұрсыновтың ақындығы - Абай дананың ақындық биігіне меңзеген, ұлы ақынның өнегесімен өрге басқан ақын. Ақынның 1911 жылы шыққан «Маса» жинағы, 1909 жылы басылған «Қырық мысал» атты аударма жинағы қазақ поэзиясының алтын қорынан орын алған көрнекті көркем дүние болды.
А. Байтұрсынов қазақ өнерін, тарихын тұрмысы мен әдет-ғұрыптарын жан-жақты зерттеп, жақсы білді. Өзі де ән шығарып, күй тартып, көптеген қазақ әндерін нотаға түсіру үшін «Қазақтың 1000 әнін» жинаған А. В. Затаевичке көмек көрсетті. 1913 жылы «Мәдениет тарихы» деген кітап жазып бітірді, бірақ ол кітап түрлі себептермен басылмай, жарияланбай қалды.
1926 жылы Мәскеуде жарияланған Ахаңның «Жоқтау» деген жинағында қазақ халқының 400 жылдық тарихында дүние салған ұлы адамдардың қайталанбас қасиетті бейнелерін көрсететін, олардың үлгі-өнегелерін баяндайтын жоқтау жырларын ілтифатпен іріктеген ұрпақ тәрбиесіне таптырмайтын тарту ұсынды. Одан бұрын Ахаң 1923 жылы Мәскеуде «Ер Сайын» атты қазақтың батырлық жырларын бастырып шығарып, кітаптың алғы сөзінде, түсініктемелерінде батырлық жырлардың тәрбиелік мәнінің зор екенін дәйектеп, дәлелдеді.
Ұлы ғұлама 1926 жылы жарияланған «Әдебиет танытқыш» деген кітабында қазақ әдебиетінің теориялық негіздерін жасаумен қатар қазақ әдебиетінің қызыл арқауы - ауыз әдебиеті екенін дәлелдеп теорияны айқындайтын мысалдарды, негізінен қазақ ауыз әдебиетінен алып көрсетті.
«Әдебиет танытқыш» атты осы оқу құралында Ахаң көрнек өнерді (көркемөнер) бес тарауға (сәулет, сымбат, суреттеп көрсету, әуез, сөз - өнерлері) бөліп, содан сөз өнерін (қазақша - асыл сөз, арабша - әдебиет) саралап талдайды да, сөз өнерінің ғылыми тұжырымдарын жасайды: «Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол- сөз өнері болады», [9] - деді.
Зерделі зерттеуші ауыз әдебиетінің салаларын: ертегі, ертегісымақ (аңыз әңгіме), өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, жыр үміт өлең (мақтау, құрметтеу, құттықтау), толғау, терме салаларына бөліп, әрбір салаға ғылыми тұжырымдама жасады. Мысалы: «Терме деп ат қойылуының мәнісі бұл түрлі шығармалар бір нәрсенің жайынан сөйлеп тұрмай, көп нәрсені теріп, сөз қылып өтеді», - дейді.
Зерттеуші мысалдарды, ділмәр (шешендік) сөзді, тақпақты, мақалды, мәтелді, ғұрып сөзді (тұрмыс-салт жырларын) талдап, олардың ауыз әдебиетіндегі әсерлі, тәрбиелік мәні зор үрдістер салалары екенін дәлелдеп, тұрмыс-салт жырларындағы: тойбастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапазан, бата сөздерінің поэзиялық ерекшеліктерін талдап көрсетіп, олардың тәрбиелік әсерлілік қасиеттерін айқындайды.
Қазақ этнопедагогикасының бір саласы этнопедагогикалық ойлар тарихында үлкен орын алатын Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми-педагогикалық еңбектерінің ұлттық ерекшеліктері мол, педагогикалық мәні зор.
- А. Байтұрсыновтың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуына ықпал еткен қоғамдық және саяси-әлеуметтік жағдайлар
XIХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласының Ресей қол астына тұтастай бағынуы, жер-жерлерде әскери бекіністердің, сауда саттық өркендеген қалалардың салынуы, орыс шаруаларын қоныстандыруы т. б. саяси-экономикалық қарым-қатынастар, қалыптасып қалған көшпелі халықты бірден отырықшылыққа қазақ халқына едәуір әлеуметтік-психологиялық кері әсер етті.
«Ресей Халық ағарту министрлігі 1870 жылы бұратана халықтарға білім беру шаралары туралы арнаулы заң қабылдады. Осы заң бойынша шет аймақтағыларды орыстандыруды көздеген миссионерлік педагогика жүйесі енгізілді. Өйткені, патша өкіметінің отарлау саясатының басты мақсатының бірі халықты жаппай орыстандыру, шоқындыру еді. Бұған жетудің негізгі жолы - мектеп, халық ағарту ісі екені даусыз [6] . Осындай мақсатты іске асыра бастаған Ресей миссионерлері мұсылман елінің бірлігін ыдырату, халықты дінінен, тілінен айыру, бұратана халықтарды шоқындырып, ата-баба салтынан, дәстүрінен қол үздіріп тоз-тозын шығару үшін ғасырлар бойы қолданып келе жатқан алфавитін жойып, мұсылмандық мектеп-медреселерді жоғалтып, орыс-қазақ мектептерінің санын көбейтіп, оларды бірте-бірте таза орыс тілді мектептерге айналдыруды көздеген алуан түрлі сұрқия істерін жүргізді. Патша өкіметінің мұндай саясатпен ашқан мектептері қазақ халқының ұлттық ерекшелігіне, мәдениетіне үйлеспеді. Себебі, отаршылдардың басты мақсаты - қазақ халқын сауаттандырып, көзін ашу, білімді болуын қамтамасыз ету емес, жазба мәдениетінен ажырату болатын. Ұлттық мектептердің азаюы, әлсіреуі осындай отаршылдық саясаттың күшеюінің нәтижесіне байланысты еді. Мұндай саясаттың белең алуына қарсылық білдірген алғашқы қазақ ағартушысының бірі - А. Байтұрсынов болды [5; 39]
Осы ғасырдың аяқ кезінде қазақ мектептері құрылымына байланысты екі түрлі көзқарастар туындады. Алғашқылары - орыстандыру, шоқындыру, ұлттық дін мен тілден, мәдениеттін қол үздіруді көздеуші миссионерлер, ал соңғылары - орыс халқының озық идеяларын негізге ала отырып, халқының дүниежүзілік білімді игеруін қалаған ұлт ағартушылары болды.
Осындай озық идеяның жүзеге асуы үшін қызмет еткендердің бірі - А. Байтұрсынов еді. Ол халқының болашағы жарқын болуына бар ғұмырын арнаған «ұлтжанды» азамат еді. Оның бойындағы ұлтжандылық қасиет отбасында қалыптасты. Отбасының сол замандағы зұлматтың қасіретіне ұшырауы, қоғамдық - әлеуметтік жағдай оның болашақтағы көзқарастарының тікелей ықпал етті дей аламыз. Себебі, ғалымның балалық шағы Ресей империясының отарлау саясатымен тұстас келді.
А. Байтұрсыновтың немересі С. Кәкішев «Ахаң туралы ақиқат» атты ғұмырнамасында оның балалық шағынан бастап, саяси қоғам қайраткері болғанға дейінгі өмірін жан-жақты сөз ете келе, былай дейді: «Ахаңның тұқымында ер мінезді адамдар көп болған. Байтұрсынның әкесі Шошақ күшті, мінезі салмақты, ақылды, шындықты бетке айтатын турашылдығымен ел жұртына беделді, шаруа кісі екен. Сол қиын қыстау күндерінде халқының мәдениетін, мұңын жоқтап сырттан болған әр түрлі шабуылдан қорғап, талай шайқасқа түссе керек. Содан Шошақтың батырлығы, ақылдылығы туралы әңгімелер ел арасында кең тарап кеткен» [6; 37] .
Ал, Ахметтің әкесі Торғай уезінің начальнигі Яковлевті көрсеткен озбырлығы үшін сабап басын жарғандықтан Сібірге айдалды. Осы оқиға Ахметке бала кезінен -ақ қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік туралы ой түсіріп, өшпес із қалдырғанын оның «Анама хат» өлеңіндегі:
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам, - деген жолдарынан аңғарамыз. Ол 1895 жылы Орынбордағы учительский школаны бітіріп, әуелі Ақтөбе уезі Батпақты болысындағы А. Қопсықбақовтың ауылнай школында, [5] одан соң Қостанай уезі Әулиекөл деген жерде болыстық школында, кейіннен Қостанай қаласындағы екі сыныптық орыс - қазақ школында мұғалім болды.
1886 жылы Ахмет Омбыға барып А. Е. Алекторовпен танысады. Осы жерде А. Е. Алекторовпен араласа келе, оның ішкі саясатын айқын аңғарады да, оны Н. И. Ильминскийдің саясатын жалғастырушы деген ой түйіндейді. Ахмет 1886 жылдан 1907 жылға дейін Қарқаралыда орыс-қазақ школында, одан кейін қалалық училищенің оқытушысы қызметін атқарады. Осындай ағарту ісімен айналысып жүрген кезінде-ақ, оның дүниеге деген саяси көзқарастарының қалыптасуы басталады, әрі осы жылдары өзінің «Қырық мысал» атты еңбегін жазады [13; 16] .
Ал, 1909 жылы жазықсыз жаламен Семей түрмесінде тоғыз айдай отырып шығуы А. Байтұрсыновтың өміріне қатты әсер етіп, қоғамдық -саяси күреске ертерек араласуына тура келді. Ол туралы белгілі ғалым К. Нұрпейіс: « . . . ХХ ғасыр басында өрістей бастаған қазақ қауымына тән қоғамдық - саяси қозғалыс өз алдына әуел бастан жалпы ұлттық - демократиялық мақсат - міндеттерді қойды. Бұл істің басы - қасында екі ғасыр тоғысында қалыптасқан зиялылар жүрді. Олардың Ә. Бөкейханов бастаған көпшілігі қазақ халқының жалпы ұлттық мүдделерін білдіретін қоғамдық - саяси ұйымдар құрып, солар арқылы өлкедегі буржуазиялық - демократиялық сипаттағы қоғамдық қозғалысты басқаруға талпынды. Солардың қатарында А. Байтұрсынов та болды», - дейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz