Абай жолындағы Құнанбай бейнесі


Қазақстан Республикасы білім жəне ғылым министрлігі
Есік гуманитарлық экономикалық колледжі
Курстық жұмыс
Мамандығы: 0111000 «Негізгі орта білім беру»
Біліктілігі: 011013 «Қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі»
Пəні: «Әдебиетті оқыту əдістемесі»
Тақырыбы : «Абай жолы роман-эпопеясындағы Құнанбай бейнесі»
Орындаған: 406 топ студенті Мұрат Ақерке
Жетекшісі: Абженбаева. А. А
Қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің оқытушысы
Есік, 2018жыл
МАЗМҰНЫ
Теориялық бөлім
І. Кіріспе . . . 3
ІІ. Негізгі бөлім
1. Мұхтар Əуезов суреткер
1. 1 Абай жолы-қазақ прозасының шыңы . . . 4-7
2. Абай жолындағы Құнанбай бейнесі
2. 1 Құдіретті аға сұлтан . . . 8-13
2. 2 Кеңестік идеология жетегінде кеткен Құнанбай бейнесі . . . 13-17
2. 3 Құнанбай мен Абай қос дара тұлға . . . 17-20
2. 4 Құнанбай бейнесін жаңаша таныту және оны оқыту әдістемесі . . . 20-28
Іс-тəжірибелік бөлім
Сабақ жоспары . . . 29-31
III. Қорытынды . . . 32
IV. Пайдаланылған əдебиеттер тізімі . . . 33
I. Кіріспе
Зерттеу жұмысының мақсаты:
«Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай образындағы қиыншылықтарды таныту. Құнанбай бейнесін оқушыларға қандай тәсілмен жеткізу тиімді болатынына сараптау жасау. Өмірдегі Құнанбай мен Абай жолындағы Құнанбай бейнесіндегі қарама- қайшылықтарға көз жеткізу. Құнанбай бейнесін берудегі авторлық көзқарасты айқындау.
Зерттеу жұмысының өзектілігі:
Қазіргі білім, ғылым мен мәдениетті жаһандандыру процесі кезінде әр
ұлт өз мемлекетінің рухани мәдени құндылықтарын сақтай отырып, әлемдік
өркениетке кіргізуі заңды құбылыс. ХІХ ғасыр көгінде қара сөзбен хатқа түскен көркем шығармалар ішінде ең шоқтығы биігі ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің Абай жолы болып қала бермектігі қай дуалы ауыз тарапынан да ешбір талас-тартыс тудырмаса керек. Бір тыныспен тоқтамастан баурап оқытар эпопеяда тұлғасы өрескел бұрмаланып, алты алаштың озық ойлары өз заманында берген бағасы ескерілмей, кейінгі қитұрқы саясат талабы ыңғай- ығыменен кейіптелген бейнелердің ең бірегейі, барынша соқталысы - Құнанбай қажы Өскенбайұлын оқушыларға жаңаша таныту - зерттеу жұмысының өзекті мәселелері болып табылады.
Зерттеу жұмысының болжамы:
Курстық жұмыспен танысқан соң, Абай жолы романын басқаша көзқараспен оқып, Құнанбай бейнесін берудегі авторлық идеяға түсіністікпен қарайды.
Зерттеу жұмысының құрылымы:
Зерттеу жұмысы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және пайдаланылған
әдебиеттен тұрады. Кіріспе бөлімінде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты, міндеттері, зерттеу жұмысының объектісі, пәні, болжамы құрылымы берілген. Негізгі бөлімде Абай жолындағы Құнанбай бейнесін жаңаша танытуға байланысты деректер көрсетілген. Кеңестік идеологияның жетегінде кеткен Құнанбай бейнесі, Құнанбайды қайта таныту туралы айтылған. Қорытынды бөлімде ел билеуші, бай шонжар ретінде біржақты суреттеліп, өзінің толыққанды бағасын ала алмай келген Құнанбай үш қайтара үңілудің қажеттілігі туатындығы туралы, Ұлы суреткер Абай жолы эпопеясын оқу-тәрбие үрдісіне қосарлық үлесі туралы айтылған.
1. 1 Абай жолы -қазақ прозасының шыңы
Қазақ ішінде атын үш жүздің
қазағы түгел білетұғын орны бар еді.
Бірақ, бұл күнде ертегі сөз сықылданып
ұмытылған шығар.
Шəкəрім
Танымның төріне биіктеп, ұлттық əдебиетіміздің мейлінше бай тарихына қадала ой зерделер болсақ, қашан да қоғамдық қалпымыз бен рухани болмысын, əдеби шығармашылық бастаудың тел өрілген сый-сыяпатын аңғарар едік. Ұлыс пен халықтың басына бұлт болып үйірілген қилы қияметті кезең, тауқыметті тағдыр белесінің əдеби туындысы арқылы айнытпай белгі-бедер қалдыруы адамзат баласы тарихында үңіле зерттер құбылыс. Жеке алып қарағанда адамның фəнилік ғұмыр жолы күрес-тартысқа қандайлық толы болса, сол сияқты жекелей ұлттардың ірілі-ұсақты халықтардың, ғасырларға шеру тартқан көш-керуені де сондайлық аласапыран заманға маңдай тіреп жатса, əдебиеттің небір жауһар мұралары сол болған мен болмақты, рухани жан əлемімізде айнытпай көркем кестелеп беруімен құнды. Ал бұл өзі табиғаты бізге ғана мəлім болып отырған үрдіс емес. Енді жинақтай қорытып, алуан астармен айтылған, осындай фəлсапалық тұжырымды жиырмасыншы ғасырға оның ішінде тотолитарлық Кеңес үкіметі орнаған дəуірге қарай бағыттап, аталмыш, кезеңде дүниеге келген ең атақты туындымыз жайында əрі сол туындыдағы Құнанбай бейнесіне бірқатар талдау-зерттеу жасап көрелік.
М. Әуезовтың Ұлы ақын әрі ағартушы Абай Құнанбаевтың қилы тағдыры мен өмірін суреттейтін «Абай жолы» роман-эпопеясы өз кезегінде жоғары бағаланды. Осы еңбегі үшін жазушыға 1949 жылы Сталин сыйлығы және 1959 жылы Ленин сыйлығы берілді. Дей тұрғанмен, «Абай жолын» тарау - тарауымен талдай танып, көркемдігі мен тарихи деректілігін қос қабат өрімдей байланыстыра зерттеп - зерделеп болдық па екен? «Абай жолында» суреткер әу баста іштей тұжырымдаған барлық көркем шығарма желілері ешбір сыртқы қысым- қыспақсыз қағаз бетіне түсіріліп, әлем оқырмандарына бүкпе - бұлталақсыз жетті ме десеңізші? «Абай жолы» эпопеясында замана бұлғақтығына, зорлықшыл- қорлықшыл әкімшілдікке, идеологиялық тайғанақ, қитұрқы саясатқа бейімделе төменшіктетіліп, сынап - мінеліп, кейде, тіпті өрескел теріс бұрмаланып кейіптелген, яғни әлі күнге өз «ақтауын» күтудегі дара бейнелер, біртуар тұлғалар бар ма? «Ақындар ағасы» кітабының өз кезеңінде, жазылған тұсында неге шықпай қалды? Мұхтар Әуезовтің өзі жүрек түкпіріне үңіліп, ақиқат - ар алдында тұрғанда «Абай жолын» «әбден келіскен, титтей де өзгерту жасауға болмас, мейлінше кемел туынды» деп айта алар ма еді?
Өзгерген, жаңғырған, сілкіне түрленген мынадай уақыттың көзі тірі
куәгерлері, біздер, қолда бар айғақтарды көлденең тарта отырып, батыл
байыптама жазалық, қатып - семген қағидаларды ми қатпарларынан арши отырып, адам баласы таным күшінің ғаламаттай ерік-жігерін таныталық. Сөйтіп іргелі ізденістер дүниеге келуіне тартынбастан жол берелік!
«Абай жолы!» М. Әуезовтің қаламынан туған бұл ұлы эпопея әлем
халықтары ой-санасында қазақ жұртшылығын, қазақ сахарасын, Қазақстан
келбетін жарқырата танытып, көшпелі халқымыздың адамзат мәдениетіне қосқан үлес - қарымын айқын айғақтап берген мәдени мұра.
«Абай жолы!» Бұл - ұлттық болмысымыздың табиғатын терең тексере
танытқан халық танытушы көркем энциклопедия, XIX ғасырдағы дала заңының жиынтық қамұсы іспетті.
«Абай жолы!» Мұны ғасырлар бойы үрдіс дамыған бабалар тілінің ең қиын- қыстау, сын өткелге тап келіп, қырық, елу, алпысыншы жылдарда, одан беріде де бабалар тілін жоғалтпау үшін біздерге мызғымастай, қалыптап құйып беріп кеткен заңғар ескерткіш десек те болады.
«Абай жолы!» Бұл ұлт ұлт болудан қалып, елдіктен жұрдай бола бастаған шақта, дінді аластап, иман - құдіретті маңдайға теуіп, «ақтабан шұбырынды» алапатының он есе ұлғайған тажал көрінісі бейбіт халықты іргеден түре бас-тағанда, көзден - жас, көңілден - хош, кеудеден - жан шығып жатқаңда «езу жымитқан», демек жантәсілім, өлі ара сәтте санаға сіңе сілкіндіріп - рухтандырған өмірсүйгіш, оптимистік туынды. «Уды у қайтарады» демекші, халық төбесінен төнген қасірет - дертті Әуезов суреттеуіндегі ұлы Абай басындағы айықпас мұң - нала, қайғы - қапа мен бітіспес күрес - тартыс қана жеңілдеткен, әл - дәрмені жеткенше кері қайтарған.
«Абай жолы!» Әу баста Абай мұрасын қабылдамай, біршама әуре-сарсаңға түскен халықты қаншалықты дәрежеде есеңгіреп - мәңгүрттенді деп баға беруге болады? Міне, осы жойқын қатерді дер уағында сылып тастаған «Абай жолының» әр кітабы, әр тарауы, әр беті, әр жолы - сөзі садаға кетірердей күш - қуатқа ие емес пе?!
«Абай жолы!» Бұл - Мұхтар Әуезовтің әдебиет әлемінде қайталанбас көркем суреткерлік қолтаңбасын қалдырған, адам баласы тіршілігі жалғасқанда қайта - қайта оқыла берер (әсіресе түпнұсқада), мәңгілік сапарға бағыт ұстаған асқан талантты шығармасы. Сонымен қатар, ұлы жазушы өз -өзінің ерік- жігерін қалай шектеп - тұсап, сыңаржақ таптық көзқарас - қағида аясында шырмалып қала берді дейтін болсақ, мұның жарқын дәлелін де «Абай жолынан» таба аламыз.
Бір тыныспен тоқтамастан баурап оқытар эпопеяда тұлғасы өрескел
бұрмаланып, алты алаштың озық ойлылары өз заманында берген бағасы
ескерілмей, кейінгі құйтырқы саясат талабы ыңғай - ығыменен кейіптелген
бейнелердің ең бірегейі, барынша соқталысы - Құнанбай қажы Өскенбайұлы екені де даусыз.
Сарғайған баспасөз беттеріне, сыншы - әдебиеттанушылар еңбектеріне,
абайтанушы, мұхтартанушылар зерттеулеріне мұқият үңіліп қараңыз. Шынайысы мен шалағайлары болсын Құнанбай бейнесін баласы Абайға қарсы қойып, ескі мен жаңаның аражігін тапқандай байлам білдіріп, бұрмаланған идеологиялық, таптық көзқарастың ауылында әбден батпақтап - малтығып жатады. Әріге тіптіде бармалық, беріден ондап - жүздеп мысал да іздеп әуре - сарсаңға түспелік, салиқалы басылым, Мұхтар Әуезовтің жиырма томдық шығармалар жинағының бірінші томына арнайы жазған беташар мақаласында әдебиеттануымыздың ортамызда көзі тірі отырған батагөй ақсақалы, академик Мұхаметжан Қаратаев Құнанбай тұлғасына қатысты қандай пікір - пайымдама түйгенін қайыра бір жадымызға оралтып өтелікші.
« . . . Ол (Дәркембай - Б. С. ) қылышынан қан тамып тұрған Құнанбайдан да
қаймықпайды, қайта әлденеше рет оны сөзден ұстап, зұлымдықтарын бетіне
басады, ашықтан - ашық бел байлап Құнанбайлармен соғысуға да әзір. Бұған
Дәркембайдың Меккеге жүргелі тұрған Құнанбайға Қиясбайды ертіп барып айтқан сөзі дәлел» ( М. Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. А. «Жазушы», 1979, 35-6. ) .
«М. Әуезов ескі дүниенің сақшыларын да орасан күшті характерлермен
берген. Оның ішіңде ең күрделі, кесек образ - Құнанбай образы. Құнанбай
образының типтілігі, тұтастығы, толықтығы туралы не айтса да сияды. Мұнан бұрын «Қамар сұлудағы» Жорға Нұрым, «Қалың малдағы» Тұрлығұл, «Ботакөздегі» Итбай, «Түндегі сарындағы» Майқан, «Еңлік - Кебектегі» Кеңгірбай мен Еспембет образдары өз кезінде, өз көлемінде қазақтан шыққан қанаушы озбырлардың кейпін жақсы бейнелеген образдар десек, Құнанбай образы соның бәрінен сомдалып жасалған тәрізді - теңдесі жоқ, көркемдік салмағы соның бәрінен асып түскен, жартастай жақпар образ. Қыртысы да, қатпар, бүкпесі де көп. Қартайған феодалдық қоғамның қара күш, қатал мінез - қулықтары мен қулық - сұмдықтарының бәрін дерлік бойына жинаған Құнанбай характері Шекспир жасаған характерлердің галереясынан орын аларлықтай. Бұл образды жасауда Шекспирше қарыштау, Шекспирше характердің тұңғиығына бойлау бар.
Шыныңда Құнанбай бірыңғай жарсоғар озбыр да емес, жылмақай қу да емес, пасық сұм да емес. Өйткен күнде мұның бәрі саязға біткен жалаң, ұсақ
сипаттар болар еді ғой. Шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбайдың күз секілді
шыңырау жаратылысына біткен сипаттары көп. Олар оңай көріне қоймайды, жайын балықша тереңге жасырынады, ал егер көріне қалғанда ол жарсоғарлық емес, тылсым ақылмен, бақай қулық емес, түпсіз зымияндықпен, уақ пасықтық емес, кісінің жаны түршігерлік қара жүрек қатыгездікпен көзге түседі. Айбат шексе, айдаһар бейнесінде, дұшпанын қырына алса, жалғыз көзді тажал бейнесінде көрінеді. Керекті жерінде шешен, керекті жерінде тілсіз қара тас, тұнжыраған қара бұлт. Күні санаулы ескі дүниені қорғау үшін, шеңгеліндегі билік пен байлықты ұстап қалу үшін аузымен де, тырнағымен де аянбай іс - әрекет істейтін көкжал Құнанбай үстем таптың ең мықты тірегі. Оның арқырап, азынап тұрғанда Қодарды өлтірткен жан түршігерлік қылмысын былай қойып, қартайғандағы, қажылықпен «тәубеге келгендегі» кезінің өзінде істеген қаталдығы Құнанбай характерінің тұңғиық түнегін аңғартады. Отбасында тұралап жатып та Қаратайдың шағымы бойынша, немересі Әмірді Үміттей қыздың тойында сауық құрып, ән салып, сүйіспеншілік сезімін байқатқаны үшін рақымсыз тұншықтырған тұсы қақпанға түскен кәрі қасқырдың қылығын көзге елестетеді. Абай, міне, алдымен осы Көкжалға қарсы шығады. Құнанбайдың құдіретті аға сұлтан, Абайдың әлі буыны бекімеген балғын жас екенін былай қойғанда, Құнанбай - Абайдың әкесі. Бұл жайт Абайға қосымша қиындық. Сол себепті де Абайдың тегеурінді әкесіне қарсылығы іштей, кейін сырттай келіспеу түріне айналады. Осы ұзақ бақасуда Абай әкесінің тәсілдерін қолданбайды, қайта оларды жазғырады, әшкерелейді. Әділеттіктің туын көте-реді. Ескішіл Құнанбай қаншама күшті болғанмен, жаңашыл жас, өзі жалғыз әрі әлсіз Абай жұрт кезінде бірте - бірте бел ала береді. Ақыры оның мерейі үстем болып, азуы алты қарыс әкесін мысы жеңе бастайды. Осы бақастық ақыры, Әмірді Құнанбай тырнағынан Абай келіп босатқанда, араздық шегіне жетіп, Абай мен Әмір Құнанбайдың теріс батасын алумен «тынады». (Бұл да сонда. 36-37 б. ) .
2. 1 Құдіретті аға сұлтан
Құнанбай тұлғасының жасалу шеберлігі бүкіл дүние жүзілік әдебиет тарихында сирек ұшырасады. Әдеттегі түсінікпен атасақ, Құнанбай-жағымсыз кейіпкер. Дұрысында да солай, кері кеткен кер заманның жанкешті жақтаушысы, рулық-феодалдық жүйенің бір тінін үзгісі, бір өрімін ыдыратқысы келмейтін шынжырлы шонжар -жаңаның жауы, күні өткен, тозығы жеткен көненің жамап-жасқаушысы. Автордың айтуында да Құнанбай тұлғасы идеалық жағынан алып қарағанда, сол дәуірдегі қазақ даласына енді-енді еніп келе жатқан жаңаның жолындағы кедергіні-ескіні көрсету нәтижесінде туған. Құнанбай-азулы ғана емес, ақылды:шоқпар мен сойылдың ғана емес, әріден толғайтын ойдың адамы. Көзі дара болғанмен көкірегі сара-көреген: ашуы мен қайратын қатар ұстайтын, қаталдығының арғы жағында қайсарлығы жатқан қасарма, сұғын қадағанды сілетпей тынбайтын қазымыр, қызыр кісі. Арыстанның айбаты да, жолбарыстың жүрегі де бір өзінде.
« . . . Құнанбайлардың өмірден әлдеқашан аласталғаны белгілі. Алайда, көркем сөз шебері жасаған әдебиеттегі Құнанбай мен құнанбайшылардың типтері Макбеттін, Тар-тюфтің, Фамусовтың, Иудушканың типтері сияқты ұзақ жылдар өмір сүрмек, өйткені бұлар шын көркем өнер образдары, сондықтан олар оқушыға эстетикалык әсер беруін қоймайды, өткен өмірдің терең сырын танытады және сонымен қатар бұл типтердің бүгінгі өміріміз үшін де актуалдық мәні бар. Бұлар осы күнгі адам мінезіндегі ескілік қалдықтарының түп тамырын қопарады. Сонымен, ұнамды образдардың шоқтықтысы - Абай, ұнамсыз образдардың шоқтықтысы Құнанбай - екеуі екі дүниенің саңлақ белгісі іспетті. Бірі ұясынан шығуға ұмтылған - күн, бірі шығар күнге бөгет жасағысы келіп түнерген түнек секілді. Біз «Абай жолы» эпопеясын жарты ғасырлық қазақ өмірінің панорамасы десек, әлгі екі белгіні сол панорамаға бірі жарық, бірі қараңғы түсіріп тұрған образдар жүйесі деп аламыз. Өйткені, жарық пен көлеңкесіз картина болмайтыны белгілі ғой. М. Әуезов эпопеясының негізгі идеялық желісі осы Абай тобы мен Құнанбай тобының, яғни жаңа дүние мен ескі дүниенің тынымсыз тартысына және еңбекші халық пен қанаушы таптың арасындағы бітімсіз қайшылықтың қабындап, шиеленісе түскен тарихи жағдайды суреттеуге құрылғаны жоғарыда айтылған . . .
Келтірілген салақұлаш үзіндіні оқи отырып, әр сөйлем, әр абзац сайын
айтылған сыни ой - пікірлерге қайран қалуға болады. Біріншіден, сыншы
Құнанбай мен Абай бейнесін таза таптық қағидалардан туындатып кеп,
әрқайсысын өз орны - орнына қояды. Осы ретте шонжар, көкжал, дала
жыртқышы аға сұлтан Құнанбай қанаушы тап өкілі кейпінде тәптіштеле
термеленеді де, ал оның өз кіндігінен туған баласы Абайдың нақты қай тапқа
жататыны, арнайы сөз болып қозғалмайды. Әлде қанаушы тап өкілінің де айтқан сөзі мен атқарған іс - әрекетіне қарай - еңбекшілерге болысушы жақсы қанаушы тап өкілі мен еңбекшілерге болыспаушы қатыгез қанаушы тап өкілі дейтін екі тобы бар болғаны ма?
Екіншіден, сыншы сыңаржақ бағалаудың арнасына түсіп ап қуалап, әлемдік әдебиеттегі не қилы жексұрын, жауыз, адамдық сиқы жиіркенішті бейнелерді Құнанбай тұлғасына әкеп жапсырып, ол аздық етеді дегендей, қазақ кеңес әдебиетінде сомдалған ескі қанаушы тап өкілдерінің азғындық жиынтық кейіптерін бір ғана Құнанбай басынан табады. Сонда Абай жолын оқи отырып, әмсе эпопеяға енбеген тарихи айғақтарды қосымша парақтап қарап шығып, Абайдай ұлы перзентті, Құдайберді, Шәкәрім, Халиолла, Ысқақ, Кәкітай, Оспан, Әбдірахман сықылды өшпес жарқын тұлғаларды жарық дүниеге әкелген Әке - Ата бойынан бірқанша ізгіліктік, имандылық қадір - қасиетті көріп, тауып - танытуға мүмкін болмағаны ма? Иә, болмаса, түптеп - таразылап келгенде, біржолата мұсылмандық жолына бас ұрған кесек мінез - бітімге жауыздық жасау, қанішер - қатыгездіктерге бой ұру дейтіндер калай ғана сыйымды келмекші?
Үшіншіден, Құнанбай бейнесінің қазақ жәмиғатына кейінгі ұрпақ болжап -білмегендей қадірлілігі, кесек, біртума бітімділігі осы зерттеу -зерделеу барысында әлі - ақ сәт - сәттеп жұмбақ сырларын жарияға шашар. Дей тұрсақта, белгілі сыншы, академик М. Қаратаев ағамыздың Мұхтар Әуезов қиын - қыстау кезеңде бірнеше саусағын бүгіп отырып таусыла жазған Абай жолы эпопеясын біржақты идеологиялық сарындағы сыни ой -пікірмен таразылауы, оның үстіне Құнанбай бейнесін қадала шеней отырып, немересі Әмірді қақпанға түскен кәрі қасқырдай рақымсыз тұншықтырған (?) тұсын айтып өткенде (өмірде олай болмаған -Б. С), Құнанбайды құдіретті аға сұлтан (одан отыз жыл бұрын түсіп қалған - Б. С. ) еді деп жіберуі, сол сияқты келесі бір сөйлем басыңда эпопеяны - эпос деп жаңсақ жазуы осыншалықты ұлы туындыға пәтуалы баға беруде барынша келіспейді- ақ!
Иә, осылайша бір кітаптан бір кітапқа көшіріп, айнымай асыра жамандап,
кейде тіпті теңеу табуда, қаралап баға беруде социализм сынының
социалистік жарысына түскендей өршелене өрекпіп, Құнанбай тұлғасын
талантымыз жеткенше терістеп баққан. Мыңдаған мектептерде, жоғары оқу орындарында әдебиет пәні бойынша Құнанбай образын ұнамсыз образдардың шоқтығына балап, сабақ айтып, сұрақтарға жауап беріп, шығарма жазып, емтихан тапсырып әр кезеңде баға да алған. Алды қырық - елулерге келген бірнеше ұрпақ буыны бас болып сөйткен. Ол аз болғандайын, әлі күнге тап сол күйінде білім алған, таптық сана - сезімде тәрбиеленген, төл тарихынан жартыкеш түсінік - түйгені бар кейінгі ұрпақтар буыны үлкен өмірге тоқтаусыз жолдама алуда.
Құнанбайың шешесі айтты деген ел арасында мынадай әңгіме бар. Зере бала бойына бітерде мынадай түс көріпті. Түсінде жұбайы Өскенбай кең алаша үстінде, малдас құрып алып, алтын сақаны иіріп отыр екен. Алтын сақа-ғайыптағы аңның құлжасынан алынған. Алаша үстіне тәйкесінен түскен сайын маңайына жарық сәуле шашатындай көрінеді. Жорыған кісілер-бойыңа біткен қошқардай ұл, сол ұл есейе келе елді соңына ілестіреді депті. Айтса айтқандай, сәт сағаты туып, дене біімі өте кесек, сүйегі іріліктің барынша нышанын танытып, қол-аяғы балғадай перзент шыр етіп дүниеге келеді. Ежелгі ел дәстүрі бойынша, үш күндік мерзім ішінде нәрестеге ат қойып, құлағына үш рет үшкіргенде сыйлы ауыл қариясы нені мақсат тұтқаны белгісіз, сәбиді «Құнанбай» деп ныспылапты. Түстегі арқар сақадан өмірдегі алаша ұранды арқалы азамат болып шыққан-осы Құнанбай.
Қазақтың көзі ашық қауымы Құнанбайды әзірше тоқырау жылдарынан мирас болып қалған қайнар кездердегі тот басқан тұлғасы арқылы ғана танып - біледі. Соның бір мысалы деп, тұжырымды деген айдар тағылған анықтамалық басылым, Қазақ Кеңес Энциклопедиясының 1975-жылы жарық көрген 7 - томындағы «Құнанбай Өскенбаев» атты мақалаға (38-бетте) жүгініс жасалық.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz