Оғыз қаған тарихи жұрт


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 63 бет
Таңдаулыға:   

Диплом жұмысы

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1 «ОҒЫЗ-НАМЕ» ЭПОСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ . . . 6

2 «ОҒЫЗ-НАМЕ» ЭПОСЫНЫҢ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ СИПАТЫ . . . 24

2. 1 «Оғыз-наме» эпосындағы космогониялық мифтердің көрінісі . . . 24

2. 2 Ағаш культі . . . 30

2. 3 Түс көру мотиві . . . 33

2. 4 Қасқыр тотемі . . . 35

2. 5 Ерекше туу мотиві . . . 44

2. 6 Қалыңдық іздеу мотиві . . . 52

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 58

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 63

КІРІСПЕ

Жұмыстың өзектілігі. Бүгінгідей жаһандану үрдісі қарқын алған кезеңде әрбір халықтың өз тарихи тамырына терең үңіліп, жәдігерлеріндегі жақсы үрдістерді жалғастыруы табиғи заңдылық. Көне түркі мемлекетінің тарихындағы өткен тарих сабақтарын зерделеп, бүгінгінің кәдесіне жарату, тағлымынан сабақ алу үшін рухани мұраларын қайта зерделеуге ұмтылысы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Мәселен: Түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ көне дәуірлерден қалған асыл мұра «Оғыз-наме» кітаби эпосының қазақтың эпикалық жырларымен, аңыз, ертегілерімен өзара мазмұндық, тілдік, бейнелік ұқсастықтары мол. Әсіресе, Оғыздың ерекше сипатты ұл болып өсіп, ер жетуі, жұрттан асқан ерлік істері біздің эпикалық жырларымыздағы әйгілі батырлардың жарқын да өшпес тұлғасын еске түсірсе, көктен түскен күн сәулелі нұр, қасиетті көк бөрі, Сақтап, Қаңғалы, Қағарлық, Қыпшақ, Қалаш бейнелері де әр алуан дәуірлердегі айрықша сипатты қаһармандармен етене үндес, табиғаты егіз ұғымдар болып келеді. «Оғыз-наме» эпосының бірыңғай қара сөзбен ғана жазылмай, ара-тұра жыр үлгісінде келетін өлең жолдары аралас эпикалық шығармаға тән табиғаты да біздің арғы поэзиямыз бен байырғы жыраулық дәстүрдің де көне тарихи тамырын танытады. Себебі, өлең мен қара сөздің аралас келуінің өзі біздің көне эпикалық жырларымызға тән сипат. Сөйтіп, бұл ерекшеліктер сол түркі тілдес халықтардың этникалық туыстығымен қатар, олардың көшпелі тұрмыс бастан кешірген тұстағы тарихи, мәдени өмірінің бірлік - ұқсастықтарын да, арғы дәуірлерде қалыптасқан көне әдеби дәстүрдің өзара үндестігін де, кейінгі дәуірлерге жету, ұласу, жалғасу сипаттарын да айқын аңғартады дей аламыз.

«Оғыз-наме» - түркі тектес халықтардың ежелгі шежіресін генеалогиялық аңыздар негізінде көркем тілмен баяндайтын эпостық шығарма. Соның өзінде, шығарманың сюжеттік желісі жеке ру-тайпалар шежіресіне негізделген емес. «Оғыз-наме» - әрі көркем, әрі тарихи туынды деуге болады.

«Оғыз-наме» көркем қара сөз, яғни проза түрінде жазылған шығарма екені даусыз. Әйтсе де оның әдеттегі прозалық шығармалардан өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда қара сөздің өзі белгілі бір ырғаққа, сөздің ішкі ұйқасына бағындырылады. Мұны кезінде шежірешілер әуезді жүйеге салып, түрлі-түрлі мақаммен жыр сияқты етіп оқитын болған. Сол себепті авторы Оғыз батыр жайындағы хикая-аңызды кейде «Оғыз жыры» немесе «Оғыз батыр дастаны» деп те атай береді. Халық арасында осы атаулары жиірек айтылады.

«Оғыз-намеде» негізінен Оғыз қағанның әскери жорықтары, батырдың қан майдан соғыстағы ерлік істері мадақталады. Шығарманың негізгі идеясы - елді ауыз бірлікке, ерлікке, адамгершілікке үндеу, халықты сыртқы жауға қарсы күреске шақыру.

Әрине, «Оғыз-намені» оның жазуға түскен дәуірі XIII ғасырға тән тілдік белгілеріне сүйеніп, осы XIII ғасырдың мұрасы деп тануға әсте болмайды. Сондықтан әуелі әдеби мұра ретіндегі сипатын есте ұстай отырып, оның сюжеттік желісін, оқиға тізбегін, ондағы ел-жұрт, мекен атауларын, кісі аттарын және бұлардың оқиғаға, ол оқиғаның уақытқа қатынасын, сол сияқты суреттеу тәсілдерін, мифтік ұғымдарды, ақырында клишеге айналған формулалардың - фольклорлық сипатын да негізге алу керек болады.

Халықтар қай заманда да өзінің, өткен тарихын жасауға бейім тұрады. Жазуы дамыған халықтарда бұл тарих жылнама не ұлы қолбасшылар мен патшалардың жорық жолын баяндау түрінде хатқа түскен, ал жазуы жоқ халықта бұл тарих аталар және атақты қолбасы батырлар туралы ауызша туған аңыз-әңгімелер түрінде, не басы осы аңыз-әңгімелерге барып тірелетін ата таратулары түрінде жасалып отырған. Ертедегі түркілер осы тарихтың екі түріне де ие: олар «Күлтегін» т. б. с. с. жазба шығармаларында қолбасы батырлары мен қағандарының ел құрау қызметін, ел қорғау ерлігін, жорық жолдарын - шежіре - тарихты жазып қалдырды, олар ауызша әдебиеттерінде ұлы қолбасылары жайлы қиял мен мифтік сана құндағында туған тамаша шығармалар жаратты.

Ертедегі түркілердің осы екі жүйеде жасалған ең ежелгі тарихи дерегінің де басы Оғыз қаған бейнесіне барып тіреледі: Оғыз қаған - ертедегі түркілердің өз арғы аталарын тарихқа белгілі еткен алғашқы жазба шежіре мен аңыз-әңгіменің ортақ кейіпкері. Ертедегі Түркілердің арғы аталарының тарихи әдебиетте көрінуінің өзі осы Оғыз қағанның тарих сахнасына келуімен тұстас жатыр. Түркі тектес халықтар тарихының бізге мәлім басы Оғыз қаған және оның қоғамдық қызметі жайлы жылнама. Оғыз қаған туралы аңыз-әңгіме - түрік халықтарына тән аңыз-әңгімелердің (фольклорлық шығармалардың) бізге келіп жеткен ең ежелгі, ең көне үлгісі ретінде де фольклорлық дерек көздері болып табылады. Сондықтан бұл құнды мұраны қазіргі фольклортану ғылымының деңгейіне сай ғылыми тұрғыдан зерделеу көкейкесті мәселе болып табылады.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері.

- «Оғыз-наме» ескерткішінің бас кейіпкері Оғыз бен оның маңындағы кейіпкерлердің бейнесін фольклорлық, көркемдік жинақтау арқылы жасалған тұлғаларды саралау.

- Шығарма мазмұнындағы Көкбөрі тотемі, ағаш культі, ғажайып туу мотиві, тұтастану құбылысы секілді фольклорлық заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан дәйектеу.

- Құрылымдық талдау жасау барысында көне мифологиялық қабаттар мен соңғы тарихи кезеңдерге назар аудару.

- Эпоста қолданылған көркемдік бейнелеу құралдарына жан-жақты талдау жүргізу, көне түркілік кітаби дәстүр ерекшеліктері мен фольклорлық поэтика үйлесімін айқындау.

- Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, түркі халықтарының фольклорлық мұраларындағы ортақ сарындарға типологиялық салыстыру жасау, аталған мотивтердің қазақ фольклорының эпикалық жанрларындағы даму ерекшеліктерін анықтау.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Диплом жұмысы алдына қойған мақсат-міндеттерін шешу барысында мынадай жаңа тұжырымдар түйіндейді:

- «Оғыз-наме» эпосының нұсқалық ерекшеліктеріне алғаш рет назар аударылып, (Париж нұсқасы, Щербак нұсқасы) олардың таралу, жиналу, жариялану, аударылу тарихы зерделенді.

- Оғыз және басқа да кейіпкерлердің образындағы фольклорлық сипат тұңғыш рет сараланды. «Оғыз-наме» ескерткішінің бас кейіпкері Оғыз бен оның маңындағы кейіпкерлердің фольклорлық көркемдік жинақтау арқылы жасалған тұлғалары сарапталды.

- Шығарма мазмұнындағы Көкбөрі тотемі, ағаш культі, ғажайып туу мотиві, тұтастану құбылысы секілді фольклорлық заңдылықтар алғаш рет ғылыми тұрғыдан дәйектелді. Құрылымдық талдау жасау барысында көне мифологиялық қабаттар мен соңғы тарихи кезеңдер ізі анықталды.

Дипломдық жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың негізгі нәтижесі - «Оғыз-намені» ежелгі дәуір әдебиетінің құрамындағы түркі халықтарының мұрасы тұрғысынан танып, ал ондағы фольклор үлгілерін түркі халықтары ауыз әдебиетінің материалдарын жариялау барысында және тарихи көркем шежірелерге қатысты арнайы курстар мен арнайы семинарларды жүргізуге пайдалануға болады.

Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды бөлімнен және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспеде жұмыстың негізгі қағидалары мен мақсаттары баяндалып, жұмыс нысанының өзектілігі көрсетіледі. Оның теориялық және тәжірибелік маңызы, ғылыми сипаты баяндалады.

Жұмыстың негізгі тарауларында шығарма мазмұнындағы Көкбөрі тотемі, ағаш культі, ғажайып туу мотиві, тұтастану құбылысы секілді фольклорлық заңдылықтар алғаш рет ғылыми тұрғыдан дәйектелді. Құрылымдық талдау жасау барысында көне мифологиялық қабаттар мен соңғы тарихи кезеңдер ізі анықталды. Сонымен бірге, алғаш рет кітаби эпоста қолданылған көркемдік бейнелеу құралдарына жан-жақты талдау жүргізіліп, көне түркілік кітаби дәстүр ерекшеліктері мен фольклорлық поэтика үйлесімі ашылды. Мысалы, ежелгі Оғыз мемлекетінің қалыптасу, өрлеу, құлдырау дәуірі мен ішкі бірігу, ыдырау, жіктелу процестерінің фольклорлық жадыда жаңғыруы дәйектелді. Қорытынды бөлімде негізгі тарауларда сөз болған зерттеу нәтижелері жинақталып, қысқаша түйін жасалды.

1 «ОҒЫЗ-НАМЕ» ЭПОСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

Оғыз қаған немесе Оғыз хан туралы сан қилы аңыздар түркі халықтарының арасында ерте кезден-ақ кең тараған. Ежелгі аңыз-ертегілерде Оғыз - түркі халықтарының теңдесі жоқ алып батыры, әскери қолбасшысы, өз елінің қамқоршысы ретінде бейнеленеді. Оғыз батыр және оның көптеген ұрпақтары туралы ауызша айтылып жүрген алуан түрлі ертегі-аңыздар бертін келе қағазға түсіріледі.

Тегінде Оғыз батыр жайындағы аңыздар ертеректе, IX - X ғасырларда-ақ қағазға түсірілген болса керек. Бірақ Оғыз жайындағы хикаяның осы алғашқы түпнұсқасы сақталмаған.

Бұл көркем туындының ауызша туып, тараған нұсқалары негізінде хатқа түсіріліп, кейінірек бізге жеткен екі түрлі нұсқасы бар. Бірі - ұйғыр әрпімен көшіріліп жазылған. «Оғыз-наме» жырының осы нұсқасы Париждің ұлттық кітапханасының қорында сақталып келеді. Ал, екіншісі - араб әрпімен жазылған. Оғыз батыр туралы аңыздардың араб әрпімен жазылған нұсқасының авторы - атақты тарихшы, белгілі әскери қолбасшы, Хиуаның ханы Әбілғазы бин Араб Мұхаммедхан (1603 - 1663 жж. )

Тарихшы-ғалым ретінде Әбілғазының жазып қалдырған екі еңбегі бар. Бірі - «Шежере-й терекиме» («Түрікмен шежіресі»), екіншісі - «Шежере-й түрік» («Түріктер шежіресі») . Бұл екі шығармасы да Оғыз хан жайында деуге болады. Мұнда Оғыз батырдың ерлік жорықтары, оның ұрпақтары атқарған игілікті істер, оғыз тайпаларының шығу тегі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы т. б. туралы сыр шертетін ежелгі эпостық сюжетке құрылғанын баяндайды.

«Оғыз-наме» - кітаби эпос ескерткішінде бейнеленетін Оғыз қаған негізін қалаған мемлекеттік құрылымның, бүгінгі қазақ халқының этногенезін құраған қыпшақ, қарлық, қаңлы секілді ру-тайпалардың да көркем шежіресі де баяндалуы бұл этностардың арасындағы тығыз рухани, мәдени, тарихи сабақтастықты паш етеді. Осының өзі-ақ, «Оғыз-наме» ескерткішін Алтын Орда дәуірінде қағазға түсірілген көне жәдігерлер қатарында танып, жаңаша көзқараспен, ұлттық әдебиетіміздің асыл арналарын жаңғыртар құнды мұра ретінде бағалауға жетелейді.

Тарихи деректерге де, ежелгі шежірелерге де, аңыз әпсаналарға да негізделген «Оғыз-наме» - кітаби эпос ескерткіші» рухани тарихымызда теңдесі жоқ, көркем туындылар қатарына жатады.

Иісі түркі халықтарына ортақ мәдени жәдігер болып табылатын «Оғыз-наменің» нұсқасының бірі Тәшкендегі Шығыс қолжазбалар институтында сақтаулы (4347 папка) . 1815 жылы Бұқар әмірі Хайдар (1800-1825) сол мұралардың бірін Миргараб медресесінің тарихшысы Марданбайуглы Есқали Конратиға өңдетіп жаздырған. Бұл нұсқа 1913 жылы Бұқар ханы тарапынан Николай Романовқа тарту етілген 23 кітаптың ішінде болған. 1959 жылы А. М. Щербак бастырып шығарған нұсқа сол болса керек. Осы нұсқа 1967 жылы Алматыда жарық көрген «Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты хрестоматияға кірген. 1947 жылы М. Дүйсенов шығыс қолжазбалары институтында сақтаулы бір нұсқасын Абдулла Насыровқа көшіртіп, Қазақ ССР Ғылым академиясына тапсырған [3, 282] . Е. Конрати бұл рухани мұраны Рашид ад-Диннің «Монғол шежіресі», Әбілғазының «Шежере-й түрік», «Шежере-й терекиме» (Түркімен тарихы), М. Салихтың «Шейбанинамасы» секілді шығармаларға сүйене отырып, ескі өзбек тілінде қара сөз түрінде қағазға түсірген. Тілі араб сөздерінен аман, сөздігінде ежелгі түріктерге тән лексикалық қолданыстар басым.

«Оғыз-наменің» ғылыми айналымға түскеннен бері де көп уақыт өтті. Жазбаға ең алдымен Н. Ф. Дитц, В. В. Радлов, В. В. Бартольд, А. М. Щербак секілді ғалымдар назар аударып, зерттеген [4] . Қазақ ғалымдарының «Оғыз-намені» зерттеудегі алғашқы қадамы оның мәтінін жариялаудан басталған.

«Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты жинаққа енгізуден басталып, Б. Кенжебаев, Ә. Қоңыратбаев, Х. Сүйіншәлиев, М. Дүйсенов, М. Жолдасбеков, Ә. Дербісалин, М. Жармұхамедов, Ө. Күмісбаев, Н. Келімбетов, Қ. Өмірәлиев, А. Қыраубаеваның және тағы басқа ғалымдардың күрделі де іргелі ғылыми еңбектеріне ұласты. Осы аталған ғалымдардың барлығы дерлік аңыздың тегін ежелгі түркі дәуіріне жатқызып, оны мифологиялық сюжетке құрылған эпикалық туынды ретінде бағалайды. «Оғыз-наме» аңызы көне дәуірлерде туса да, ХI ғасырдан соң жазбаға түскені мәлім.

Негізінен «Оғыз-наме» эпосының ұйғыр әрпімен жазылып, Париж ұлттық кітапханасында сақталып келген нұсқасын тілдік тұрғыдан зерттеп, оған ғылыми түсініктеме берген ғалым - түркі тілдерінің көрнекті маманы А. М. Щербак «Оғыз-наме» эпосының транскрипцияланған мәтінін дайындап, оны орыс тіліне жолма-жол тәржімалады.

Ғалым А. М. Щербак еңбегінде мазмұндалған «Оғыз-наме» аңызының желісі Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағы» («Жамиғ ат-тауарих»), Әбілғазының «Түрікмен шежіресі» (Шежере-й түрк»), «Түркімен тарихы» («Шежере-й терекиме») атты жазбаларымен сәйкес келеді.

Әбілғазы жазған «Түрікмен шежіресінің» түпнұсқасы сол күйінде бізге жетпеген. Бұл шығарманың әр уақытта, әр жерде, әр түрлі хуснихатшылар тарапынан көшірілген жеті нұсқасы сақталған. Белгілі түркітанушы ғалым А. Н. Кононов соның бәрін жинап, егжей-тегжейлі зерттеді, ғылыми негіздегі текстін әзірлеп, бір ізге түсірді әрі оны орыс тіліне аударып шықты [5, 36] .

Әбілғазының «Түрікмен шежіресінде» жер бетінде адамзаттың пайда болуы, Оғыздың туылуы, патшалық етуі, оның Тұран және Үндістанға, Иранға, Сирияға, Египетке жасаған жорықтары, Оғыз батырдың өз еліне оралып, үлкен той жасауы, Оғыз ханның үлкен ұлы Күн ханның таққа отыруы, оның өзіне қарасты жиырма төрт аймақты інілері мен балаларына бөліп беруі, Оғыз ұрпағының таңбасы мен тамғасы, т. б. туралы ғажайып хикаялар айтылады. Мұның бәрі бірдей аңыз емес. Шежіреде түркі елінің ежелгі тарихына тікелей қатысты нақты деректер де көп. Соның бәрін автор тарихшы ретінде ғана емес, көркем сөз зергері ретінде де шебер бейнелеп әңгімелеп береді.

Әбілғазы өз шығармасының жазылуы жайында айта келіп, «бұл кітапты біз «Түрікмен шежіресі» деп атадық. Бізге дейін түріктердің тарихын жазғандардың бәрі халыққа өзінің таланты мен өнерін көрсету үшін араб сөздерін араластырып, сондай-ақ парсы сөздерін қосып . жазды, түркі тілін үйқасты қара сөзге айналдырып жіберді. Біз ондай ешнәрсе істеген жоқпыз. Өйткені, бұл кітапты оқитын яки тыңдайтын кісі, әрине, түрік болатыны хақ. Әрбір адамға түсінікті болу үшін түрікпен түрікше сөйлесу керек қой» - деп жазады.

Бұл тарихи жылнамалар арасында көптеген айырмашылықтар болғанымен, Оғыз қаған есіміне байланысты аңыз желісі барлық үш нұсқада да сақталған. Мысалы, Рашид ад-Дин жазбасында аңыздың қысқаша желісі ғана қамтылып, көбіне түрік және түркімен тайпаларының тарихы басым әңгімеленсе, Әбілғазы шежірелері түрік және түркімен тайпаларының генеалогиясына құрылған [6, 92] .

Әрине, Оғыз батыр жайындағы аңыздардың жоғарыда біз айтқан екі нұсқасы сюжеті жағынан бір-біріне жақын. Дегенмен, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері де бар. Мәселен, Оғыз қағанның билік пен байлықты өз балаларына бөліп беру эпизоды екі нұсқада екі түрлі суреттеледі. Ұйғыр әрпімен жазылған нұсқасында алтын садақ пен күміс жебелердің бар екенін Ұлық Түрік түс көріп біледі. Ал, «Түрікмен шежіресінде» садақ пен жебені нөкерлер құмға көміп тастаған болып шығады.

Әбілғазы «Түрікмен шежіресін» жазу үстінде атақты Рашид ад-Диннің «Жами ат-тауарих» («Шежірелер жинағы») атты еңбегіндегі кейбір мәліметтерді пайдаланған. Сонымен бірге, тарихшы-ғалым біздің заманымызға дейін сақталмаған, яғни бүгінгі ғылымға белгісіз бірқатар шежірелермен кезінде жақсы таныс болған сияқты. «Түрікмен шежіресі» оғыздар жайындағы нақты тарихи деректерге мейлінше бай екені даусыз.

«Оғыз-наменің» біз атап кеткен екі нұсқасынан басқа да бір қатар нұсқалары бар. Мәселен, Оғыз жөніндегі деректер атақты тарихшы Хондамирдің (1475 - 1535 жж. ) «Хуласат ал-ахбар» («Тарихи мәліметтер жинағы») атты еңбегінде де бар. Ал, енді Стамбул нұсқасында «Оғыз-наме» аңызы «Қорқыт ата кітабымен» біріктіріліп берілген. Шынында да «Оғыз-наме» мен «Қорқыт ата кітабының» кейбір тұстары өзара үндесіп жатады. «Оғыз-наме» аңызының бұлардан басқа да көптеген нұсқалары бар. Әйтсе де соның бәрі біз жоғарыда атап айтқан екі нұсқаның біріне - ұйғыр әрпімен көшірілген Париж нұсқасына немесе араб әрпімен көшірілген Әбілғазы нұсқасына әкеліп саяды.

«Оғыз-наменің» ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасы тарихи шежіреден гөрі көркем шығармаға жақын. Сондықтан біз енді негізінен «Оғыз-наменің» ұйғыр әрпімен көшірілген нұсқасын әдеби-тарихи тұрғыдан танып-білуге әрекет жасаймыз.

Міне, «Оғыз-наменің» осы біз айтып отырған нұсқасы тілі көркем, көріктеу құралдары сан түрлі, композициялық құрылысы ширақ жасалған, бейнелі, қанатты сөздерге бай болып келеді. «Оғыз-наме» күні бүгінге дейін фольклорлық тұрғыдан арнайы зерттелген емес. Негізінен әдебиетшілер тарапынан пікірлер білдірген. Араб әдебиетшісі Риза Нура «Оғыз-наменің» поэтикалық формасы, эпикалық стилі, тіл байлығы, көріктеу құралдары, композициясы жайында құнды пікірлер айтқан еді. Бірақ «Оғыз-намені» бүгінгі түркі тілдес халықтардың әдебиетінің ежелгі тарихы тұрғысынан ешкім егжей-тегжейлі зерттеген емес. Ал, «Оғыз-намені» өзге тілдерге аударма жасау ХІХ-ғасырдың бас кезінде-ақ қолға алынған болатын. Солардың бірі - «Оғыз-наменің» Н. Ф. Дитц жасаған неміс тіліндегі аудармасы еді. Одан кейінірек, бертін келе бұл шығарманы орыс тіліне жолма-жол аударып, оған ғылыми түсініктеме жазған В. В. Радлов болды [2, 103] .

«Оғыз-наме» эпосының жазуға түсуі VIII ғасырдағы «Күлтегін», «Тоныкөк» сияқты мұралардың жазуға түсуін еске түсіреді. Бұлардың бәріне тән ортақ белгі - сыртқы форманың бірлігі. Егер сөз, сөз тіркесі, сөйлем, сөйлемдер бірлігі үлкенді-кішілі форма - тұлға десек, жазу жолын қалып десек, бұл ескерткіштердің, жазуға түсуінде ең негізгі нәрсе - жол-қалып және осы жол-қалыптың бірдей болуының шарттылығы. Бұл жазбаларда сөйлемдердің бірлігі және ара-жігі дегендердің ешқандай әсері жоқ: жол-қалып (сыртқы форма бірдейлігі) бұларды кез келген тұсынан үзіп тастап отырады. Сондықтан да біздің қазіргі жазбада қалыптасқан әрбір жанрға тән мәтіндердің берілу формасы тұрғысынан келіп қарағанда, бұл ескерткіш текстерінің берілу үлгісінде «заңдылық» жоқ.

«Оғыз-наменің» соңғы нұсқасы көне ұйғыр әрпімен жазылған. Қолжазба (манускрипт) 21 парақ, 42 беттен тұрады. Әрбір бетте 9 жол бар. Бұл «тоғыз жолдық» тәртіп я шарттылық 7 жолмен бітетін 42 беттен басқа беттердің бәрінде қатаң сақталған.

Қолжазбаның бірінші бетінде 2-3 жолдың аралығындағы сөзден кейін бұқаның бейнесі салынған. Ал 5-бетте осындай сөзден кейін тоты тұрпаттас құстың суреті, 6-бетте тағы осындай сөзден соң жыртқыш аң кейіптес сурет салынған. Шамасы, эпосты жазуға түсірген кісі мәтінде бар «Оғыз», «шұңқар», «қат» (қыат) деген сөздерді өзінше түсіндірмек болған да, әуелі олардың суретін салған, содан соң бұл суреттерге сөзбен анықтама берген. Олар: «Оғыз» сөзі тұсындағы бұқаның не өгіздің суреті жайлы «ануң аңағусу ошбу турур», «шуңқар» сөзі тұсындағы «шуңқарнуң аңағусы ошбу турур», «қат» сөзі тұсындағы жыртқыш аң суреті жайлы «тақы қатның аңағусу ошбу турур» деген сөйлемдер.

Бұл үш сөйлем де, сол сияқты эпос тексінің бастау сөзі орнында тұрған «болсунғыл! - деп деділер» деген бірінші сөйлем де «Оғыз-наме» тексіне қатысы жоқ сөздер. Бұлар эпосты жазуға түсіндірушінің, яки өзге бір түпнұсқадан көшірушінің өз тарапынан қосқан сөздері. Сондықтан тілдік материал ретінде қаралмаса, бұл сөздерді эпос мәтініне тікелей қатыстыруға болмайды [1, 113] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Моңғолдан Қара хан, одан Уыз хан
Көркемдік дәстүр жалғастығы
ОҒЫЗНАМЕ ДАСТАНЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
БАТЫС ТҮРІК ЖӘНЕ ТҮРГЕШ ҚАҒАНАТТАРЫ ЖАЙЫНДА
Әдеби жазба ескерткіштері (Орхон, Енисей жазбалары Қорқыт ата кітабы, Оғыз наме )
Түркі қағанаты дәуіріндегі әдебиет (V -VІІ ғ.ғ.)
Қытайдың қыздарына құмар
Қазақ фольклоры жырлары
Күлтегін жазбалары- түркі халықтарының баға жетпес байлығы
Ерте орта ғасырлардағы түркілер құрған мемлекеттер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz