Энтнолингвистика және этимологияның өзара байланысы


Жоспар
І. Кіріспе
Энтнолингвистика және этимологияның өзара байланысы
ІІ. Негізгі бөлім
А) Қазақ этнолингвистикасының өзіндік ерекшеліктері
Ә) Қазақ этнолингвистикасы зерттеу объектілерін өзара іштей топтастыра зерттеу
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Сөздер мен сөз тіркестерін төркіндете зерттеу этимологияның төл міндеті болса да, бұған кейде этнолингвистиканың да мұқтаж екендігін көреміз. Мұндай жағдайда, әсіресе, мағынасы күңгірттенген бірліктердің мәнін ашып, жасалу мотивтері мен қолданыс шеңберін айқындауда этнолингвистиканың этимология көмегіне жүгінуіне тура келеді. Сөз төркінін айқындаудың тағы бір қажеттігі тіл практикасында мұндай фактілерді «халықтық этимология» (оны «жалған этимология» деп те атайды) тұрғысынан түсіндіру жиі кездеседі. Мұндай жағдайда бүл тәрізді «еркін» жоба-жорамалдарға дұрыс бағыт-бағдар беру қажет тәрізді.
Кейде этнолингвистикалық түсініктеме дәлелсіздеу көрінгенде де этимологиялық бір деректің өзі-ақ оны айқындай түсуі мүмкін. Мысалы, көне де байырғы «бөрі» сөзінің эвфемистік баламасы деп көрсетілетін, қарысқыр сөзін үлкен ғылыми этимологияға бармай-ақ, қырғыз тілінде мойны мен жақ сүйектерінің қарысып қалуына байланысты «қарышқыр» деп аталуы арқылы түсіндіруге де болады.
Айта кету керек: этимологиялық зерттеулерде кейде этнолингви-стикалық факторларды пайдалану да жиі кездеседі. Мұндай жағдайда, керісінше, этнолингвистикалық деректер этимологияның негізгі үш - фонетикалық, семантикалық, және морфологиялық, - принципіне қосымша дәйектеме ретінде пайдаланылып, этимология объектісін уақыт-мезгіл кеңістігі мен тарихи дәлдігі тұрғысынан айқындай түсуде өз үлесін қосып отырады. Бұл - лингвистикалық пәндердің этнолингвистика аясында болатын өзара табиғи байланысы. Дәл осы тәрізді астарлас байланысты біз этнолингвистика мен қазақ диалектологиясы арасынан да айқын көреміз. Өйткені этнолингвистика әдеби тіл ауқымымен ғана шектелмей, жалпы халықтық тіл фактілерін мүмкін болғанша түгел қамтуды мақсат етеді. Міне, осыған байланысты этнолингвистика жергілікті (жанды, ауызекі, жаргон т. б. ) тіл ерекшеліктерін зерттейтін диалектологиямен де мүдделес. Бұл - этнолингвист ғалымдар этнос болмысын танып-білуге қатысты жарияланған диалектологиялық материалдарды да, өз тұсынан жинаған фактілерді де пайдаланады деген сөз.
Этнолингвистиканың диалектологиямен шендесуі ең алдымен біріншісінің түбегейлі мақсатына байланысты: ол этносқа қатысты деректердің бәрін тіл қорының қойнау-қойнауларын тінте қарап, тірнектеп жинап, түгел қамтуды көздейді. Ал, диалектология болса, әдеби тілдің «сыртында» жатқан, сонау тайпа тілінен бастау алып, жергілікті тұрғындар қолданысында сақталып келе жатқан көне де байырғы сөздерді, көрші халықтар тілінен әр кезде қабылдаған ауыс-түйістерді, жергілікті кәсіпшілікке байланысты ұғым-түсініктерді жинақтап, түсіндіру арқылы этнолингвистиканың бастау алар бұлақтарының бірі болып саналады. Этнолингвистика мен диалектологияның ара қатыстығына байланысты, мәселен, академик Н. И. Толстой бастаған ғалымдар тобының көп жылдан бері славян тілдерінің жергілікті ерекшеліктерін зерттеу арқылы бүгінде ұмыт бола бастаған көне дүниелерін жаңғыртуды мақсат өтетіндігін айта кеткен жөн. Міне, қазақ этнолингвистикасы осы тәрізді басқа да лингвистикалық пән салаларымен (фразеология, паремиология, ономастика, терминология, социолингвистика т. б. ) тығыз байланыста дамитынын көреміз. Оны зерттеу өз алдына жеке мәселе.
Қазақ этнолингвистикасының өзіндік ерекшеліктері
Сонымен, қазақ этнолингвистикасының қалыптасу, даму үрдісінен кейбір өзіндік ерекшеліктер де байқалады. Ол жалпы этнолингвистикалық идея аясывда туындап, қазақ этносын оның тілі арқылы танып-білу мақсатымен бұдан 15-20 жыл бұрын (1985 жылдарда) басталған ізденіс барысында іргетасы қаланып, өзінің бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындай түскен, зерттеу объектілерін саралап, тәсіл-әдістерін күн санап ширата түскен ғылым саласына жатады. Алайда бұл айтқанымыздан қазақ этнолингвистикасы өзінің шарықтау шегіне жетті деген ұғым тумаса керек. Бірақ ол - ғалымдар тарапынан қолдау тауып жатса, өзінің даму барысында әлі де шыңдала түсері кәміл өміршең ғылым.
Қалай болған жағдайда да: қазақ этнолингвистикасының бүгінде өзінше түйген ой-тұжырымы, өзінше бағамдап, бағдарлауы, өзіме тән деп айта алатын ерекшеліктері жоқ емес. Солардың біразын санамалап өтейік.
1. Қазақ этнолингвистикасының өзі үшін (басқалар үшін де) біржолата басын ашып, айқындап алған мәселесі - Қазақ этносының ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын толық та түбегейлі түрде тек оның тіл байлығы - «тіл әлемі» арқылы ғана жан-жақты танып-білуге болатындығы.
2. Қазақ этнолингвистикасы алдына қойған мақсаттың мүддесінен шығу үшін этнос тіліне қатысты көптеген қоғамдық пәндермен де, лингвистика салаларымен де бірлесе отырып, өзара сыбайласа, іліктесе әрекет ететін, бірақ олардын, бірде-біреуінің шылауында жүрмейтін, пәнаралық қызмет атқарып, «қолбала» да болмайтын, өзіндік үрдісі мен принципін сақтаушы әмбебап ғылым.
3. Казақ этнолингвистикасы қазақ тілінін лексикалық байлығын мүмкін болғанша (жетер жеріне жеткізе) түгел қамтып, індете зерттеуді мақсат етеді. Тіл әлеміндегі этнос бейнесін тек лексика қорының жиі қолданылатын «үстіңгі қабатындағы» мағыналық бірліктер негізінде ғана емес, сонымен қатар оның төменгі қабаттарына, қойнау-қолаттарында тұнып жатқан (бүгінде сирек қолданылатын) сөз маржандары арқылы да жақғыртуға тырысады. Этнолингвистикалық зерттеулердің өзіндік бір ерекшелігі - әдеттегі (түсіндірме, екі тілдік, терминдік, этнографиялық т. б. ) сөздіктерге ене бермейтін құнарлы да сапалы, бейнелі де көркем, көне де байырғы сөз өрнектерін, тіпті айтуға тыйым салынған «ұят» сөз деректерді де, әзіл-қалжындарды да қамтуында.
4. Қазақ этнолингвистикасының тағы бір принципі - лексикалық байлықтың мазмұны мен мән-мағынасын этностық таным тұрғысынан толық ашу, этнос болмысына қатысты бағалы мағлұматтар мен құнды деректерді түгел сөйлету, тілдің өзіне тән бояуна - қышымен бейнелі де көркем түрде суреттеу.
Бұл принциптер мыңдаған (сөз, сөз тіркесі, тұрақты тіркес түріндегі) бірлікті екі түрлі деңгейде - алғашқы (о бастағы, не негізгі) номинативті мағынасы мен этностық танымынан туындаған «этнолингвистикалық мағынасы» деңгейінде - түсіндіруді, анықтауды, топшылауды, сипаттауды талап етеді. Бірінші деңгейдегі түсініктеме, анықтамаларды біз әр түрлі лексикографиялық еңбектерден кездестірсек, екінші деңгейдегі терең де жан-жақты түсініктемелер тек этнолингвистикалық зерттеулерде ғана берілуге тиіс. Бұл туралы төменде жеке тоқталамыз.
5. Қазақ этнолингвистикасынық мықтап ұстанатын принциптерінің тағы бірі - жүйелілік. Мұны этнолингвистикалық зерттеулерде тұрақты да бірізділікпен қолдану әдіс-тәсілдерінің бірі және ең тиімді тетігі деп санаған жөн. Этнос болмысындағы сан алуан заттар мен құбылыстар бір қарағанда бас-аяғы араласып, қобырап жатқан дүние болып көрінуі мүмкін. Ал, шын мәнісінде олар табиғи болмысынан-ақ бірінен-бірі туындап, бірі мен бірі мағына-мазмұн жағынан, логикалық, тақырыптық қатыстылығына қарай жүйе-жүйесімен тұрған, объективті заңдылық бойынша реттелген дүние. Алайда бұл заттар мен құбылыстардың табиғи реттілігі мен жүйелілігін тіліміздегі мыңдаған атаулар арқылы анықтау мүмкін емес. Оны алфавит тәртібімен де көрсете аламыз.
Міне, осы орайда, этнолингвистикалық зерттеудің жүйелілікке байланысты тағы бір ерекшелігі, ұстанатын принципі байқалады.
Қазақ этнолингвистикасы зерттеу объектілерін өзара әрі іштей топтастыра зерттеу (классификациялау)
принципін қатал сақтауды талап етеді. Бұл жүйелілік принципі талабынан туындайтын әдіс-тәсілдердің біріне жатады.
Міне, тіл байлығын жан-жақты паш етудің де, терең менгерудін, де тиімді жолы ретінде тым ерте қалыптасқан осынау бір ұстаным бүгін этнолингвистика ғылымында да өз жалғасын тауып, жана үрдіске ие болып отыр. Мұны біз орыс тілінен де көріп отырмыз. Мысалы, академик Н. И. Толстойдын басшылығымен шыға бастаған этнолингвистикалық сөздікте жинақталған тіл материалы 24 такырыптық топқа белініп қарастырылыпты. Мысалы, «термины: ботаники, географии, горного дела, демонологии, животноводчества, кулинарии, народной астрономии, одежды, строительства, рыболовства, цветообозначения, ткачества и т. д. » сияқты.
Бұл дәстүрдің тікелей жалғасын қазақ этнолингвистикасынан да көріп отырмыз. Бірақ ол ендігі жерде жай топтастыру ғана емес, қазақ этносының өз болмысын, барлықтағы объективті дүниені өзінше танып-білуі тұрғысынан жүйелік заңдылығына сүйене отырып, әр зерттеудің өз мақсатьша орай өз дамуын тауып отыр деп айта аламыз. Басқаша айтқанда тіл байлығындағы заттар мен құбылыстардың атауларын үлкенді-кішілі (макро-микро) тақырыптық, мағыналық, тұлғалық т. б. топтарға (салаларға, кластарға, тарау-тармақтарға т. б. ) бөліп қарау ғылыми тұжырымды (концепция) іске асырудың ұстанымы (принципі) ретінде талап етілмекші.
Бұл принциптің теориялық, сондай-ақ танымдық, талғамдық мәні де, практикалық (материалды пайдалану, оны игеру, үйрену тұрғысынан) маңызы да аз болмаса керек. Мәселен, этносқа қатысты білгің келген ұғым-түсінікті әдеттегі алфавиттік сөздіктерден іздеп табу үшін ең алдымен сол сөздің өзін (жазылуын, айтылуын) білуің керек. Олай болмаған жағдайда сөздікті бастан-аяқ түгел ақтарып, әрбір сөздің мағынасын оқып барып іздеген сөзінді табуың мүмкін. Ал, этнолингвистикалық енбектерде адам өзіне қажетті сөздерді оның мағына, түсінігі арқылы іздеп, ол жататын тақырыптық топтардың жүйесінен тез тауып, сол сөзді қоршаған контекс арқылы оған қатысты басқа да мағлұматтармен таныса алады.
Этнолингвистикалық материалды топтастырудың принциптері, әдетте, зерттеу объектісі мен оны танып-білу мақсатына байланысты жүзеге асырылады. Егер зерттеу объектісін «қазақ этносы», «этнос болмысы» деп жалпылама қарайтын болсақ, онда тіл байлығы - «тіл әлемі» түгел қамтылуы тиіс. Бізден кейінгі жылдардағы зерттеу тәжірибемізде «тіл әлемі» түгел қамтьшып, ол «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш үлкен салаға жіктеліп, олар іштей 30 (6 + 17 + 7) үлкен (макро) топқа, ал, олар өз ретінде 200-дей микро-топқа бөлініп қарастырылуда.
Бұдан шығатын қорытынды: макротоптар өзара «жүйелі қатысты принцип» негізінде, ал микротоптар бір-бірімен «сатылы қатысты принцип» бойынша топтастырылады деген сөз. Осының біріншісі негізгі үш салаға - «Адам», «Қоғам», «Табиғат»- қандай макро-топтар енетінін айқындаса, екіншісі - әрбір макротоптың тарау-тармақтарына енуге тиісті микротоптарды айқындайды. Мәселен, «Табиғат» саласына жататын ірі-ірі макротоптың бірі «жануарлар дүниесі» десек, ол өз ретінде «Жабайы хайуандар» және 2) «Үй хайуандары» болып екі топқа бөлінсе, кейінгісі «төрт түлік мал» «жыңы», «түйе», «сиыр», «қой, ешкі» болып, оның өзі де сатыланып, кіші топтарға жіктелуі мүмкін. Қысқасы, жалпы «тіл әлемін», сондай-ақ кез келген тақырыптық топты этнолингвистикалық тұрғыдан осылайша жүйелі де сатылы принциптер бойынша қарастырғанда ғана оларды түгел де түбегейлі меңгердік, танып-білдік деп айтуға болады. Айта кету керек, бұл принциптер зерттеу объектісіне және оның мақсатына байланысты әр түрлі ауқымда, деңгейде қолданылуы мүмкін. Алайда жалпы принциптер сақталғанымен, мұндай жағдайда қатып қалған қасаң қағида ұсынылмайды, зерттеушілер өз объектісін толық айқындауы үшін бұл принциптерге шығармашылық тұрғысынан қарағаны жөн. Мәселен, қазақ, ұйғыр т. б. түркі тілдерінің нолингвистикасы бойынша тек біздің жетекшілігімізбен қорғалған докторлық және кандидаттық диссертациялардың бәрінде де зерттеу объектілеріне (мәс., зергенрлік өнері, киім-кешек, тамақ-тағам, халықтық астрономия, халықтық өлшемдер, бағыт-бағдарды анықтау (орентация), халықтық антропонимия, ономастика, эпос тілі, соматизмдер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, жұмбақ тілі, киелі де қасиетті (сокральды) географиялық объектілер, зоофразеологимдер т. б. ) байланысты тілдік материалдар іштей сан алуан ірілі-кішілі тақырыптық топтарға жіктеліп берілуі осының айғағы.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz