Византиядағы тәрбие және педагогикалық ойлар


ПЕДАГОГИКА ТАРИХЫ
Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi
Педагогика тарихы
(білім беру және педагогикалық ойлар тарихы)
Алматы, 2013
Педагогика тарихы (білім беру және педагогикалық ойлар тарихы) . Оқулық. - Алматы: 2013. - 494 бет.
Редакциясын басқарған Ш. К. Беркiмбаева
Авторлары:
Ш. К. Беркiмбаева, К. Ж. Қожахметова, К. Қ. Құнантаева С. Қ. Қалиев, Л. К. Керiмов, Ш. Майгаранова, Ш. Таубаева, С. Т. Иманбаева
Пiкiр жазғандар:
Т. Т. Тұрлығұлов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
А. А. Бейсембаева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
“Педагогика тарихы” (білім беру және педагогикалық ойлар тарихы) оқулығында әр тарихи дәуірдегі тәрбиелеу, оқыту, білім беру мәселелерi жан-жақты қамтылады. “Педагогика тарихы” атты оқулық студент жастардың қоғамның дамуындағы құндылықтарды түсiнуiне және өздерінің тұлғалық қасиеттерiн қалыптастырып жетілдіруіне ықпал етеді.
Оқулық педагогикалық жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушыларына, аспиранттарға, магистранттарға, студенттерге және білім беру қызметкерлеріне арналады.
КІРІСПЕ
Қазақстан Республикасының бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ену ұмтылысы білім саласына жаңа тұжырымдамалық көзқарас пен оның сапасын арттыруды талап етеді.
Педагогика тарихы пәні болашақ ұстаздардың тарихи мұраларға қызығушылығын арттырып, олардың бойында жалпы адамзаттық рухани және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға ерекше назар аударады, болашақ мұғалімнің ой-өрісін кеңейтеді, оларды педагогикалық классикалық шығармалармен таныстырып, түрлі халықтардың тәрбие, оқыту мен білім беруіне қосқан жетістіктерімен таныстырады.
Болашақ ұстаздар әр тарихи дәуірдегі тәрбие, оқыту, білім беру тәжірибелерін зерделеп, қазіргі білім саласындағы мәселелерді байыпты ойластырып шешуге үйренеді.
Қазақстан Республикасы қабылдаған “Мемлекеттік мәдени мұра” бағдарламасы ежелгі Еуразия даласының тұрғындары мен тайпалары, қағанаттары мен түрік этностарының ортақ мәдени мұраларын, қазақ халқының рухани-адамгершілік дәстүрлерін, елімізді мекендеген этностардың мәдени байлықтарын, әлемдік өркениет құндылықтарын ой елегінен өткізіп, еліміздің тарихын тың көзқарас арнасында зерделеуді қажет етеді. Осыған орай, еліміздегі ұлттық тәлім-тәрбие жүйесінің, өзінің мыңдаған жылдар бойғы қалыптасуындағы мол тәжірибесін, педагогикалық идеяларын және ой-пікірлерінің даму тарихын алғаш рет жүйелеп ұсынып отыр.
Педагогика тарихы пәнінің мазмұнында шетелдердегі тәлім-тәрбие, білім беру және педагогикалық ойлар тарихы, Таяу және Қиыр Шығыстың ежелгі мемлекеттеріндегі, Египет, Израиль-Иудей патшалығы, Ирак, Үнді, Қытай елдеріндегі тәлім-тәрбие мен мектептерді, Шығыстың Антикалық замандағы, орта ғасыр дәуіріндегі, және Византиядағы ағарту ісі, Қайта өрлеу дәуіріндегі Батыс Еуропа, АҚШ елдеріндегі тәрбие, мектеп және педагогика мәселелері қарастырылады.
Сонымен бірге, Х ғасырдан бастап Ресейдегі педагогикалық ой-пікірдің дамуы, тәрбиелеу, оқыту және Кеңес дәуіріндегі (1917-1990 ж. ж. ), тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдеріндегі мектеп пен педагогиканың дамуына сипаттама беріледі.
Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірлер мен мектептердің тарихы адамзаттың қоғамдық құрылыс кезеңдеріне сай 9 кезеңге бөліп қарастырылады:
- Еуразия даласындағы алғашқы қауымдық қоғам кезеңіндегі тәрбие;
- Таяу және Қиыр Шығыстың ежелгі мемлекеттерінің - Шумер тәлім-тәрбиесі мен мектептері;
- Сақтар мен ғұндардың мәдени - жауынгерлік тәрбие дәстүрлері;
- Ұлы түркі қағанаты және оның тәлімдік-танымдық мұрагерлері (VI-IX ғ. ғ. ) ;
- Араб-шығыс мәдениетінің Қазақ даласына тарауы, орта ғасыр оқымыстыларының тәлімгерлік ой-пікірлері (Х-ХV ғ. ғ. ) ;
- Қазақ хандығы кезеңіндегі ұлттық тәлім-тәрбие (жыраулар поэзиясындағы тәлімдік ойлар) ;
- Қазақ даласындағы Ресей отаршылығына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар және ағартушылық демократиялық идеялардың өркен жаюы;
- Кеңестік дәуірдегі қазақ педагогикасының ғылым ретінде дамып қалыптасуы;
- Егеменді Қазақстан Республикасындағы ұлттық тәлім-тәрбиенің қайта жандануы.
Педагогика тарихы пәні ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тәлімдік мұраларға терең талдау жасап, қазақстандық біртұтастық, ынтымақтастық, патриотизм рухында мәдениет сабақтастығын нығайтып, көп қырлы білімдік кеңістіктің дамуына қажетті алғы шарттарды қалыптастырады.
1. Педагогика тарихының мәні және оның әдіснамасы. Тарихи-педагогикалық зерттеу әдістері
Педагогика тарихы - тәрбие, оқыту және білім беру тәжірибесінің пайда болып дамуы және әр тарихи дәуірдегі тәлімдік ой-пікірлер мен теорияларды жүйелеп талдау үрдісінде қалыптасқан қоғамдық ғылымдар арасында өз орны бар ғылым.
Педагогика тарихы ғылым ретінде - тарих және педагогика ғылымдары түйісінде, кейіннен философия салалары - әлеуметтану, мәдениеттану және этнография ғылымымен кіріктіре байланысу негізінде ауқымын кеңейтіп дамуда. Ал, Қазақстан педагогика тарихы болса, ол дүниежүзілік тарихи-педагогикалық үрдіспен өзара байланыста және оның құрамдас бір бөлігі болып, өзінің даму жолында ерте кезден осы күнге дейінгі аралықтағы әр тарихи кезеңдегі тәлімдік ой-пікірлерді талдап, тәрбие мен білім беру мәселесінің дамуын зерделейтін педагогика ғылымдарының бір саласы ретінде қарастырылады.
Педагогика тарихы пәні - әр тарихи дәуірдегі, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды, педагогикалық идеялар мен ойларды, жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім берудегі мектеп тарихының дамуын, өзара ықпалын, кемшіліктері мен жетістіктерін, жеткіншектерді дамыту үрдісіндегі мақсатты ұйымдастырылған қисынды шаралары мен шарттарын, белгілері мен заңдылықтарын талдау негізінде жүйеленіп, болашақ мұғалімдердің педагогикалық дүниетанымын және шығармашылық ойлау қабілеттерін қалыптастырады.
Пәннің мақсаты - жас ұрпақтарға тәрбие мен білім беруде дүниежүзіндегі педагогикалық ойлар мен тәжірибенің пайда болып, тарихи қалыптасуы мен дамуынан мағлұмат беру және жалпы адамзаттық құндылықтарды игертіп, студенттердің тарихи педагогикалық мұраларға деген ынталы қызығушылықтарын арттырып, ұлттық тәлім-тәрбиенің мазмұндық құрылымын жетілдіруге, педагогикалық танымын және педагогикалық ойлау қабілетін дамыту және педагогика тарихының негізгі категорияларын: тәрбие, оқыту, білім беру, ағарту, білім беру жүйесі, мектеп, педагогикалық ой-пікірлер, педагогикалық көзқарастар, педагогикалық теория, этнопедагогика, халықтық тәрбие, т. б. игерту.
Педагогика тарихы пәнінің дүниежүзілік және ұлттық мұраларымен таныстырудағы басты міндеттері:
- дүниежүзілік тарихи-педагогикалық үрдістің қозғаушы күштері мен даму белгілерін, жағдайлары мен алғышарттарын, оның бірлігі мен жан-жақты байланысын, сонымен қатар, бастау көзі мен зерделеу әдіс-тәсілдерін және өткен дәуірдегі құнды педагогикалық бағыттарын сұрыптап, педагогика тарихының ұғымдарын қалыптастыру;
- әртүрлі тілді, мәдениетті халықтардың әрбір тарихи дәуірлердегі білімінің мән-жайы, мүмкіндіктері мен ауқымы, оны жүзеге асырудың жолдары мен құралдары, дәрежесі мен жағдайы, педагогикалық идеялардың өзгешеліктері мен мазмұндық ерекшеліктерін айқындап, тәрбие мен оқыту мәселелерін шешудің шаралары жайлы түсініктерді нақтылап, оны толықтыруға обьективті жағдайлар жасау;
- білім берудің мақсатын, міндеттерін белгілеу мен ұйымдастырудың түрлі әдіс-тәсілдерін пайдалана білуге және оны нақты педагогикалық дәстүрлермен ұштастырып, “адам-қоғам-табиғат” жүйесінің байланысын рухани-адамгершілік, эстетикалық, т. б. тұрғыдан түсінуге, жүйелі тарихи-педагогикалық білім, әдістемелік дағды мен іскерлікті қалыптастыру.
Педагогика тарихының әдіснамасы философиялық диалектикаға негізделеді. Заттар мен құбылыстардың арасында әр түрлі байланыстар болады. Әлеуметтік ғылымдарда сан қырлы қоғамдық құбылыстардың байланыстары мен тәуелділіктері ашылады. Ғылым кез келген заттар мен құбылыстардың өзара сан алуан байланыстарын зерттей отырып, ең алдымен олардың ішінен сол заттар мен құбылыстар үшін анағұрлым маңыздысын, оларда болып жатқан үдерістерді басқаратындарын бөліп алады. Бұл байланыстар заңдар деп аталады.
Сонымен заң дегеніміз - құбылыстардың өздеріне ғана тән қайталанып тұратын және біршама тиянақты байланысы.
Адамдар өз қалауынша заң атаулынының қандайын болса да өзгертіп, жойып жібере алмайды. Олар тек бұл заңдарды танып біліп, зерттей алады және алған білімдерін өзінің қызметіне пайдаланады.
Диалектика - дүниенің барлық саласындағы заттар мен құбылыстарға тән жалпы заңдарды ашуды өз алдына мақсат етіп қояды. Ол табиғат құбылыстарын, қоғамдық құбылыстар, адам санасы да бағынатын жалпы заңдар жайындағы ғылым. Диалектиканың түпкі қасиеті - қозғалыс, өзгеріс.
Қозғалыс заттарда болатын алуан түрлі үдерістерді қамтиды, осы үрдерістер нәтижесінде заттардың жағдайы өзгеріп, олар қайсыбір қасиеттерін жойып, жаңа қасиеттерге ие болады, сөйтіп мүлде басқа зат болып шығады. Өзгерістердің күрделі формасы - даму. Заттар мен құбылыстар даму үрдерісінде сапа жағынан мүлде түбегейлі өзгерістерге түсіп, олар бір сатыдан екінші сатыға өтеді.
Даму үдерісінде заттар мен құбылыстар қандай өзгерістерге ұшырайды, бұл өзгерістердің өзара байланысы қандай, даму үрдерісін, заттардың арасындағы әр түрлі байланысты адам өз санасында қалай бейнеленетінін түсіндіретін - диалектикалық әдіс .
Диалектиканың негізгі заңдары: қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне және кері айналуы, терістеуді терістеу.
Диалектиканың ұғымдары: кеңістік пен уақыт, жекелік және жалпылық, себеп пен салдар, мазмұн мен форма, мән мен құбылыс, қажеттілік пен кездейсоқтық, мүмкіндік пен шындық.
Зерттеушінің тиімді нәтижелерге жетуі үшін, қандай ғылымның болса да, белгілі бір ізденісті қалай, қандай мақсаттар үшін жүргізетіні туралы нақты, мүлтіксіз түсінігі болуы керек. Мұның өзі таным қызметін ұйымдастыруға, танымның белгілі бір “әдістер жүйесін” таңдап алуға көмектеседі.
Педагогика тарихында қолданылатын философиялық диалектикалық әдіс педагогикалық құбылыстардың өтетін орны мен нақты жағдайларын, қоғамдық өмірдің басқа құбылыстарымен байланысын өзара әрекеттестікте қарастыруды талап етеді. Әр құбылыс өзінің даму барысында зерттелуі тиіс. Зерттеуші осы құбылысқа қандай жаңалық енгізетінін әрқашан анықтап алуы керек.
Диалектикалық әдіс құбылыстарға тек жалпы қарауды анықтайды. Осы негізде әр ғылымға әдіснама жасалады, зерттеліп отырған құбылыстар мен фактілерге сай келетін зерттеудің нақтылы, лайықты жұмыс тәсілдері іріктеліп алынады. Зерттеу құбылыстарының ішкі қайшылықтарына бойлай еніп, қанығып, жаңа мен ескі сапалардың арасындағы қайшылықтардағы жетекші негізгі күшті анықтай отырып жүргізіледі. Педагогика ғылымының да өзіне тән әдістері болады.
Зерттеуші педагогикалық құбылыстарды зерттеу барысында ғылыми ізденістің екі бағытына сай әдістерді қолданады. Біріншісі - педагогика мен оған іргелес ғылымдар саласының мүмкіншіліктерін қолданады, негізгі әдебиеттерден керекті тұжырымдар талданып алынады. Ғылыми-педагогикалық ізденістің екінші бағыты - оқыту мен тәрбиенің нақтылы үдерісін ғылыми түсініктермен сипаттау, яғни бұған сай келетін зерттеу әдістерінің ерекшеліктерін анықтап алу. Сонымен бірге, мұғалімнің шығармашылық еңбегі, шеберлігі, педагогикалық жетістіктері, жаңалықтары мен баспасөз бетіндегі еңбектерін педагогикалық теория тұрғысынан ой елегінен өткізу де маңызды болып табылады.
Педагогика тарихын ғылыми зерттеп, анықтауда диалектикалық философия басшылыққа алынады. Осыған орай, П. В. Плеханов әдіснамалық мынадай қағидаларды ұсынады:
- Идеялардың (ой-пікірдің) жалпы қоғамның әлеуметтік даму үдерісіне тәуелді екендігін айқындау.
- Ғылымның, әлеуметтік психологияның, әдебиеттің, өнердің даму тарихын қоғамның дамуымен ұштастыра қарастыру.
3. Тарихтың әр кезеңінде ғылымның даму барысы біркелкі болмайтынын және әр елдің саяси, экономикалық, кәсіби, мәдени, психологиялық өзіндік ерекшелігінің бар екенін ескеру.
Түйіндей келе, педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізіне философиялық тұрғыдан тарихи, әлеуметтік, рухани-адамгершілік, психологиялық, педагогикалық және басқа да оқушыны қалыптастыратын құрылымдар алынады. Оқыту мен тәрбиенің мәні, құрылымы, қағидаларының теориялық жақтары ескеріледі. Тарихи танымал, педагогика саласына зор үлес қосқан тұлғалардың жаңашыл идеялары мен қызметіне, қоғамдағы орнына, ұлттық мәдениеттің дамуына, қоғамдық жағдайларды қарастыратын тұжырымдар мен диалектикалық заңдылықтарға, тарихи жағдайдың өзгергеніне, бүгінгі таңда қандай деңгейге келгеніне тарихи талдау жасалады.
Ғылым әр уақытта жаңа дәйектермен толықтырылып отырғанда ғана дамиды. Ғылыми деректер жинақталып қалған кезде оларды ғылыми-зерттеу әдiстерi арқылы талдау және теориялық ұстанымдарға негiздеп зерделеу ғылымда әдiснама деп аталады.
Философиялық энциклопедиялық сөздiкте әдiснамаға “теориялық және практикалық iс-әрекеттердi құру мен ұйымдастырудағы ұстанымдар мен құрылымдар жүйесi” деген анықтама берiледi.
Әдiснама деген ұғым - ғылыми-танымдық iс-әрекеттердi құрудың ұстанымдары, формалары мен амалдары туралы iлiм.
Әдiснамалық бiлiмдер құрылымын Э. Г. Юдин төрт деңгейге: философиялық, жалпы ғылыми, нақты ғылыми, технологиялық деп бөледi. Бiрiншiсi, философиялық әдiснаманың деңгейлiк мазмұны, таным ұстанымы мен ғылымның категориялық аппаратын құраса, сонымен бiрге философиялық бiлiм жүйесi әдiснамалық қызмет атқарады. Екiншi деңгейде жалпы ғылыми-әдiснама теориялық тұжырымдаманы құрып, көптеген ғылыми пәндерге бағыт-бағдар бередi. ¶шiншi деңгей - нақты ғылыми әдiснама, бұл арнайы ғылыми пәннiң әдiстерiн айқындап, зерттеудiң ұстанымдары мен ұйымдастыру жолдарын белгiлейдi. Төртiншi деңгей - технологиялық әдiснама, зерттеудiң әдiстемесi мен техникасын құрайды. Мысалы, тәжiрибелiк-эксперимент материалдарын жинақтау, оларды алғашқы талдау, қорытындылау, ұсыныстар беру, т. б. жатады. Сонымен, әдiснаманың барлық деңгейлерi бiр-бiрiн толықтырып тұратын жүйенi құрастырады.
Ал, педагогика тарихы мәселесiне байланысты алғанда жалпы бiлiмдер әдiснамасы (педагогика), жеке бiлiмге (педагогика тарихы) қатысты әдiснамалық бағдар ұсынады. Жалпы қағидалар (теория, ұстанымдар) жеке қағидаларды түсiндiрiп, бағалап, олардың бағыт-бағдарын, жолдарын айқындап бередi (Ж. Әбдiлдин, Б. Гершунский, Н. Никандров) . Түптеп келгенде, нақты-ғылыми әдiснама ретiнде педагогиканың заңдары, заңдылықтар мен ұстанымдары педагогика тарихына негiз болады.
Әдiснамалық белгiлерiне қарай педагогика тарихының әдiснамасы жеке ғылымилық тұрғыда педагогика ғылымына жатады; ал пәндiк мазмұны жағынан педагогика тарихының бiлiмдерiн жинақтайды, педагогикалық пәндер жүйесiнде педагогика тарихы (пәнi, оның мiндеттерi, ерекшелiктерi) сипатына қарай танымдық құралдар мен практикалық әдiс-тәсiлдерiн, қазақ педагогика тарихының ұғымдық құрылымын анықтаумен қатар басқа ғылымдардың (этнология, этнопсихология, фольклор, мәдениет теориялары, т. б. ) жетiстiктерiн, тәжірибесін зерттеу жұмыстарын да пайдаланады.
Педагогика тарихының әдiснамалық негiзi философиялық диалектика, ол ғылыми әдiснама ретiнде жеке тұлға және таным теорияларының қалыптасып дамуына негiз болып, шындықты бейнелеудiң басты жолдарын анықтайды. Яғни, жеке тұлғаның үйлесімді қалыптасуында, оған сан-салалы әлеуметтiк байланыстар жиынтығының ықпалды әсер етуiнен, бiр жағынан, әрбiр адам қоғамдық қарым-қатынастардың жемiсi болса, екiншi жағынан, қоғамды дамытуда өзiндiк үлес қосатын жеке тұлға болып қалыптасады.
Қоғамның тарихи, әлеуметтiк-мәдени дамуында жеке тұлғаны қалыптастырудың басты философиялық қағидалары бар: бүкiл адамзат қоғамының даму тарихында ғылыми-зерттеу жұмыстары дәлелдегендей, адам және оны тәрбиелеудiң мәселелерiнiң өзектiлiгiмен (Л. С. Выготский, А. Н. Леонтьев, Д. Б. Эльконин, С. М. Жақыпов, т. б. ) анықталады;
- философиялық, тарихи, әлеуметтiк, психологиялық және педагогикалық ғылыми зерттеулердi ретроспективтi талдау нәтижесiнде адамның тұлғалық құрылымында ерекше орын алатын басты қасиет- адамның өзiн-өзi тануы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы және олармен рухани-адамгершiлiктi байланыстар жасауы (Ж. Әбдiлдин, В. Г. Афанасьев, Ә. Нысанбаев т. б. ) екені анықталды;
- әрбiр тарихи әлеуметтiк-мәдени орта жағдайында адамның мораль тұрғысынан қалыптасуына өзi өмiр сүрiп отырған қоғамның және әлеуметтiк ортаның, шағын ортаның (отбасы, мектеп, жолдастары, т. б. ) тәрбиелiк ықпалы зор (Б. Г. Ананьев, В. Н. Мясищев, Б. Ф. Ломов, М. Мұқанов, т. б. ) .
Сонымен, ғылымның әдiснамасы - бұл қағидалар, қорытындылар, ұстанымдар, танымдық әдiстер арқылы әр жақты жағдайлар тоғысында шындықты бейнелеу ақиқатын зерделеп түсiндiретiн iлiм.
Педагогика тарихының әдiснамасы әр тарихи дәуiрдегi педагогикалық бiлiм мен тәрбиенi, ойлар мен идеяларды талдап жүйелеу, оларды ұғындыру, тұжырымдар жасау арқылы педагогикалық үдеріске өзгерiстер енгiзу немесе жетiлдiру мақсатын іске асыратын педагогика ғылымының бiр саласы.
Педагогика тарихының әдiснамасы төмендегiдей жүйелi құрылымнан тұрады:
- тарихи-педагогикалық бiлiм құрылымы мен қызметтерi;
- педагогикалық идеялар, ой-пiкiрлер, iс-тәжiрибелер, үлгiлер, негiзгi педагогикалық қағидалар (идея, болжам, тұжырымдама, теория) ;
- тарихи-педагогикалық бiлiм мен тәрбиенi өңдеп жетiлдiрiп, педагогикалық үдеріске ендiру.
Осындай үлгi тарихи-педагогикалық, психологиялық және педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарында жалпы ғылыми ұстанымдарға негiзделе жүргiзiледi. Ғылыми зерттеу ұстанымдары мен оларға қойылатын талаптар әдiснамалық бiлiмде ерекше орын алады. Өйткенi, олар тарихи-педагогикалық бiлiмдi, теория мен практиканы бiрiктiрiп, бiлiм беру мекемелерiне ғылыми негiзделген бағдар бередi. Қандай бiр ғылыми жұмыстар болсын, олардың тiрек ұстанымдар қатарына жататын ең басты, негiзгi әдiснамалық ұстанымы - жүйелiлiк. Сондықтан жүйелілiк жалпы ғылыми-әдiснамалық зерттеудiң бiр құралы ретiнде оқу-тәрбие үдеріске және бiр-бiрiмен байланысты құбылыстарды жүйелi зерттеуге өзiндiк сапалылығымен сипатталатын ғылыми тұғыр болып табылады. Жүйелiліктiң мәнi төменде көрсетiлген қағидалар бойынша айқындалып, жүйелi объектiлердiң сапасын және оны жетiлдiру жолдарын анықтауға көмектеседi. Олар:
- сыртқы ортаға байланысты жүйенiң тұтастығы және оны ортамен бiрлiкте зерттеу. Мысалы, бiлiм берудiң мәселесiн жүйелiлік тұғыры арқылы зерттегенде бұл тақырыпты елiмiздегi әлеуметтiк және экономикалық даму үдерісіне байланыстыра және қоғамның сұранысына ұштастыра зерттеу;
- тұтас педагогикалық үдеріс бөлшектелiп, элементтерге бөлiнiп құрылуға тиiс, өйткенi элементтердiң сапалық қасиеттерiнiң өзi де белгiлi бiр жүйеге байланысты болады. Ал жүйенiң сапалық қасиетi, оның элементтерiнiң өзара байланысындағы нәтижелерi кейде бiр-бiрiмен ұштаспай жатуы мүмкiн;
- жүйенiң барлық элементтерi бiр-бiрiмен өзара байланыста болғанымен, олардың iшiнен ең басты анықтаушы, жүйе құрушы элементiн iрiктеп алу керек;
- элементтер жиынтығынан объект жүйесiнiң құрылымы мен ұйымдастыру технологиясы жайлы түсiнiктер беру;
- жүйе элементтерiнiң бiр-бiрiмен байланыстарын арнайы реттеу және олардың өзгерiстерiн басқару (мақсат қою, құралдарды таңдау, бақылау және түзету, қорытындысын талдау) .
Тарихи-педагогикалық зерттеулерге қойылатын маңызды әдіснамалық талаптардың бірі деректердің барлық түрін кешенді пайдалану, сол арқылы бір-бірін тексеру, толықтыру, барлық деректерді салыстыра отырып жинақтау, оларды зерттеуде шектес ғылымдардың зерттеу әдістері жиынтығын кешенді түрде пайдалану, сөйтіп, педагогикалық тұрғыда түсіндіру қажет.
Педагогика тарихының ғылыми-зерттеу ұстанымдары тарихи білім, педагогикалық теория мен тәжірибені біріктіріп, білім беру ұйымдарына ғылыми негізделген бағдар береді.
Педагогика тарихының негізгі әдіснамалық ұстанымы - ақиқаттылық , ол зерттеу объектісі жайлы шынайы білім алу үшін, зерттеу барысында оның әрбір құбылысына ықпал ететін, дамытатын жағдайларды, шарттарды ескеріп, зерттеу құралдары мен тәсілдерін дұрыс қолданып, жинаған дәйектерді бағалап, қорытындысын шығаруда ақиқатты ұғымдар мен түсініктер жасауға мүмкіндіктер береді.
Ақиқаттылықты тану ұстанымы зерттеу жұмысының алғашқы болжамына, қисынына және оның қорытындысына дәлелді талап қоятындықтан, дәйектерді іріктеу, оларды талдау нәтижесінде жасайтын тұжырымы ғылыми айналымға түсетіндіктен шындық тұрғысынан қарастырылуы тиіс.
Ғылыми ізденістердің объектісін баламалық ұстаным тұрғысынан қарастырғанда және оған дәлелді талап қойғанда, тарихи-педагогикалық материалдарды немесе көзқарастарды талдағанда, күрделі педагогикалық үдерістердің шешімін табу үшін әр түрлі көзқарастар айтылады. Ондай көзқарастардың шынайы болуы немесе оған қарсы пікірлер айтылуы мүмкін. Бұндай жағдайдағы баламалық ұстанымның мәні - мәселенің шешімін іздестіргенде және объектінің жұмысын ұтымды ұйымдастырғанда алға қоятын мақсаттың нәтижелі орындалып, соның негізіндегі нақты жетістіктердің ауқымын анықтайды.
Баламалық ұстанымға жақын әдіснамалық ұстанымның бірі - мәндік талдау ұстанымы. Әрбір қарастырылатын құбылыстардың жалпылығы, ерекшелігі және бірегейлігін анықтап, объектінің ішкі құрылымына, атқаратын қызметі мен даму заңдылықтарына, шарттары мен даму жағдайларына талдау жүргізіп, олардың мақсатты түрде өзгерістерге ұшырау мүмкіндіктері талданады. Бұл ұстаным зерттеу қисынын нақты жазудан бастап, жан-жақты түсіндіруге, одан педагогикалық құбылыс пен үдерістің, болжамның дәлелденуі дейінгі кезеңді қарастырады. Сондықтан педагогикалық жүйені тұтас қарастырғанда оның зерттелетін даму элементтерінің үздіксіз өзгеріске түсіп тұруын есепке алу - қойылатын талаптың бірі. Себебі, көптеген элементтердің қызметі жүйенің даму үдерісне өзгеріске түссе, кейбір элементтері қарама-қайшы күйге түседі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz