Ежелгі дәуір тіл білімі


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 85 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ - ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

ҚАЗАҚ ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ

5В020500 - «ФИЛОЛОГИЯ», 5В011700-«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтарындағы

В22. 102 ЖАЛПЫ ТІЛ БІЛІМІ

пәні бойынша

лекция тезистері

Пән оқытушысы: PhD доктор, Ергубекова Жанат Сапарбекқызы

Түркістан - 2019

1-модуль. Тіл білімі және оның қазіргі жай-күйі

№1 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: Жалпы тіл білімі және оның зерттеу нысаны

Лекцияның мақсаты мен міндеттері: Студенттерге дәрісте қарастырылған тақырыптарға қоса жалпы тіл білімінің нысаны мен негізгі проблемалары, салалары жөнінде мағлұмат беру.

Лекция мазмұны:

«Жалпы тіл білімі» деген атау - тіл ғылымының жалпы тілдік теориялық саласы және оқу пәні деген екі мағынада қолданылады.

Жалпы тіл білімі тіл ғылымының теориялық саласы ретінде 19 ғасырдан бері қалыптаса бастады. Жеке тілдер жөніндегі ғылым бұдан көп бұрын пайда болғанымен, олар бір - біріне байланыссыз, жеке - жеке қаралды. Тілдердің өзара туыстас, төркіндестігі, дыбысты тілдің жалпы адамзаттық құбылыс екендігі, олардың арасында бірліктің де, өзгешеліктің де, жалпы заңдылықтың да, даралықтың да болатыны онша белгілі бола қоймады. Сондықтан зерттеулерден жалпы тілдік теориялық қорытындылар жасалмай келді.

Дыбыстық тілде толып жатқан ортақ сипаттардың, универсалды құбылыстардың барлығы алуан тілдердің фактілерін бір - біріне салыстыра қарау нәтижесінде айқындалады. Оның айқындалуы адам баласының тілінде болатын ортақ заңдылықтарды, универсал құбылыстарды зерттейтін, соның негізінде жалпы тілдік теориялық тұжырымдар жасайтын жалпы тіл білімін дүниеге келтірді.

Жалпы тіл білімі - тіл ғылымының жалпы тілдік теориясы. Ол - бүкіл тіл туралы ғылымның бағыт - бағдарын белгілейтін компас ғылым. «Жалпы тіл білімі» пәнінің алға қоятын мақсаты - оқушыларды теориялық тіл білімінің ең негізгі, өзекті мәселелерінен хабардар ету. Оларға тіл туралы ғылымның өткен тарихынан, қазіргі күйінен, негізгі бағыт - бағдарынан, ғылым алдында тұрған басты - басты проблемалардан оқу бағдарламасы талабына сай жүйелі білім беру. Осындай мақсаттарға сәйкес курс күрделі үш бөлімге бөлінеді: тіл теориясы, тіл ғылымының тарихы, тіл ғылымындағы әдістер мен әдістемелер. Бұл бөлімдердің әрқайсысы өз ішінен бірнеше тарауларға, параграфтарға жіктеледі.

Жалпы тіл білімінің нысаны - адамдардың дыбыстық тілі. Жалпы тіл ғылымы тілдің құрамын, функциялық сипаттарын, даму заңдылықтарын, сыртқы дүниемен, қоғаммен, ой - санамен, мәдениетпен қарым - қатынасын түгел алып, жан - жақты зерттейді. Тіл ғылымы үшін дыбыстық тілге қатысты мәселелердің бәрі де керек, бәрі де маңызды. Тіл ғылымына даму сатысына, қоғамдық рөліне, генеалогиялық, типологиялық сипаттарына, қолданушы қауымның сандық шамасына, функциялық көріністеріне қарамастан, дүние жүзіндегі тіл атаулының барлығы да нысан бола алады.

Жалпы тіл білімі дүние жүзіндегі тілдердің барлығына немесе басым көпшілігіне тән универсалды мәселелерді қарастырады. Ғалымдардың айтуына қарағанда дүние жүзінде 3000 - нан 5500 - ге дейін тіл және диалектілер бар көрінеді. Олардың дәл санын анықтау мүмкін емес, себебі әр түрлі тілдер мен бір тілдің диалектілері арасында айырмашылық шартты түрде қабылданған. Бірақ тілдер сан жағынан қаншалықты көп және құрылымы жағынан алуан түрі болғанымен, олардың бір - біріне ұқсас, бәріне тән ортақ қасиеттері, ортақ заңдылықтары болады. Мысалы, тілдердің бәрі де адамдардың өзара қатынас жасау құралы; тілдердің қай - қайсысында да дыбыс, сөз, грамматикалық тұлға, сөйлем болады; тіл атаулының, тілдік элементтердің қай - қайсысы да бір қалыпты болмайды, өзгеріске ұшырап, дамып отырады және дамуға, өзгеріске түрткі болатын әр алуан ішкі және сыртқы себептер тілдер тарихының қай - қайсысында болса да кездеседі; тілдік туындылардың ауызекі немесе жазба түрде болатыны да тіл атаулының барлығына тән.

Сонымен бірге тіл білімінде жалпы тілдік теорияның қалыптасу тарихы, әр түрлі тілдік кезеңдерге, бағыттарда қалай шешілгені қамтылуға тиіс. Ондай өзекті проблемалар қатарына мыналар жатады:

1. Тілдің өзіндік табиғаты мен мәні, сөйлеумен, ойлаумен, қоғаммен байланысы, атқаратын қызметі.

2. Тілдің құрылымы, құрылымдық элементтерінің бір - бірімен байланысы, арақатынасы.

3. Тілдің таңбалық, жүйелік сипаттары.

4. Тіл деңгейлері. Грамматикалық категориялар.

5. Дыбыс тілінің шығуы. Тілдер дамуындағы ортақ заңдылықтар, тілдік құбылыстарға түрткі болатын ішкі, сыртқы жағдайлар, тілдер дамуында болатын дифференциялық (даралану), интеграциялық (жақындасу) процестер, жалпыхалықтық тіл, диалект, сөйлеу тілі мен әдеби тіл, тілдік одақ т. б.

6. Тілдердің типологиялық, генеалогиялық топтары, жіктелісі.

7. Тіл білімінің өзіндік зерттеу әдістері.

8. Тіл білімінің негізгі салалары, басқа ғылымдармен қатынасы, өзіндік орны.

9. Тіл білімінің тарихы, ондағы басты кезеңдер.

10. Тіл білімі тарихындағы негізгі бағыттар мен мектептер.

Бұл проблемалар - тіл білімінің өзіндік сипаты бар дербес ғылым екенін танытатын және өзара байланысты мәселелер.

Оқытудың техникалық құралдары: интерактивті тақта, сызба-кестелер

Лекция оқудың тәртібі, оқыту әдістері мен түрлері: баяндау, проблемалық, сұрақ - жауап, түсіндіру, кіріспе лекция

Әртүрлі күрделілік деңгейдегі тапсырмалар (сұрақтар) және оларды бағалаудағы ұпайлардың үлестірілуі:

Күрделі деңгей:

  1. Жалпы тіл білімі - тіл ғылымының жалпы тілдік теориясы. Ол - бүкіл тіл туралы ғылымның бағыт - бағдарын белгілейтін компас ғылым. «Жалпы тіл білімі» пәнінің алға қоятын мақсатын тұжырымдаңыз

Орта деңгей:

  1. Жалпы тілі білімінің зерттеу нысанын түсіндіріңіз
  2. Тілдің табиғаты мен мәні туралы пікір қайшылықтарын ашыңыз.

Жеңіл деңгей:

  1. Тіл білімінің басқа салалармен байланысын мысалмен түсіндіріңіз.
  2. Тілдің анықтамасын айтып беріңіз.

БӨЖ және ОБӨЖ тапсырмалары, олардың түрлері мен орындалуына қойылатын ұпайлардың үлестері:

  • Тілдердің типтері мен типологиялық топтастырылуы.
  • Қоғам дамуындағы тілдің ролі. Тілдің дамуы.

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:

Негізгі :

  1. Соссюр Ф. Общее языкознание. М., 2001.
  2. Қордабаев Т., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі. Оқулық. А., 2004.
  3. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Оқулық. А., 2002.
  4. Шарапатұлы Ш. Жалпы тіл білімі. Оқулық. Қарағанды, 2006.

Қосымша:

  1. Торопцев И. С. Язык и речь. Воронеж, 1985.
  2. Звегинцев В. А. Язык и лингвистическая теория. М., 1973.
  3. Виноградов В. В. Русский язык(грамматическое учение о слове) . М., 1972.
  4. Аветян Э. Г. Природа лингвистического знака. Ереван, 1968.
  5. Леонтьев А. А. Психолингвистика. М., 1967.
  6. Хасенов Ә. Тіл білімі. Оқу құралы. А., 1996.
  7. Хасенов Ә. Тіл білімінің теориялық және практикалық мәселелері. А., 1985.
  8. Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. А., 1996.
  9. Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі. Оқу құралы. А., 2001.
  10. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. -өңд., 3-бас. -Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010.
  11. Оразов М. Етістік: Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, - Алматы, 2001. - 385 б.
  12. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы: - Оқулық. - Алматы, 2007.
  13. Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. -Астана, 2002.
  14. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998.
  15. Фоменко Ю. В. Язык и речь. Учеб. пособие. Новосибирск, 1990.

№2 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: Ежелгі дәуір тіл білімі. ХҮІ-ХҮІІІ ғ. Тіл білімі.

Лекцияның мақсаты мен міндеттері: Ежелгі дәуір тіл білімі. ХҮІ-ХҮІІІ ғ. тіл біліміне қандай мәселелер қатысты, ол кезеңнің көтерілген проблемалары, атқарылған жұмыстар жайлы мағлұмат беру

Лекция мазмұны:

Ежелгі дәуір - лингвистикалық ой-пікірдің жаңа туындай бастаған және оның мейлінше балаң шағы. Ұзақ мерзімді қамтитын бұл уақыт бойында лингвистикалық түсінік бірте-бірте, өте баяу дамиды. Ол өрісі, тереңдігі жағынан да тым жұпыны болды. Соған қарамастан бұл кезеңдегі лингвистикалық мәліметтерді қазіргі кезде өркен жайған тіл білімінің бастамасы, қалана бастаған іргетасы еді деп санаған жөн.

Ежелгі дәуір лингвистикасында ерекше екі күрделі проблема болған. Оның бірі - атау, ат қою, екіншісі- грамматикалық өнер (искусство) проблемасы. Заттарға, құбылыстарға, оқиғаларға қойылған аттардың қайдан, қалай пайда болғандығын, ол атаулардың дүрыс не теріс қойылуының қандай мәні барлығын, яғни тілдің табиғатын сөз етушілер философтар болған және бүл проблеманы олар философияның ең мәнді саласының бірі ретінде қараған. Ғылым тарихында ат қою теориясы деп аталатын бұл сала қытайда да, үнділерде де, гректерде де бір-біріне өте ұқсас бағытта талданып, біртектес шешімге сайып отырған.

Грамматикалық өнер теориясы тілді дүрыс қолданудың ережесін белгілеуді мақсат еткен. Бұл ереже бірде грамматикалык өнер делінсе, енді бірде жазу өнері деп те аталады. Грамматикалық теория жазба ескерткіштер тілдерін зерттеуден туған. Сондықтан ежелгі дәуір лингвистикасы, әдетте, филология дәуірі деп те аталады. (Филология - грек сезі. Мағынасы - сөзді сүю) .

Филология - жазба ескерткіштердің тілін, стилін, тарихи жақтарын зерттейтін ілім. Оның дүниеге келуі жазба ескерткіштердің пайда болуымен, оны зерттеу қажеттігінің тууымен тығыз байланысты. Атау теориясындай емес, грамматика теориясы көне заман елдерінін әрқайсысында әр түрлі бағытта, әр түрлі мақсатта және әр түрлі дәрежеде болған.

Ежелгі дәуір тіл білімі. Қоғам тарихының көне дәуірі де, жазу мен ғылымның алғашқы бастамалары да Таяу Шығыста, Месопотамия мен байырғы Египетте басталғанымен, олардан қалған тілге байланысты еңбектер біздің заманға жеткен жоқ, сондықтан ежелгі дәуір тіл білімі деген Көне Қытай, Үндістан, Грек-Рим заманынан қалған, біздің заманға жеткен жазба нұсқаларға байланысты қаралады.

Ежелгі дәуір - тіл біліміне қатысты ой-пікірдің жаңа туындай бастаған және оның мейілінше балаң шағы. Ұзақ мерзімді қамтитын бұл уақыт бойында тіл біліміне тән түсінік бірте-бірте, өте баяу дамиды. Ол өрісі, тереңдігі жағынан да тым жұпыны болды. Соған қарамастан бұл кезеңдегі тіл біліміне қатысты мәліметтерді қазіргі кезде өркен жайған тіл білімінің бастамасы, қалана бастаған ірге тасы деп санаған жөн.
Ежелгі дәуір тіл білімінде ерекше көңіл бөлінген екі күрделі проблема болған. Оның бірі - атау, ат қою теориясы да, екіншісі - грамматикалық өнер /искусство/ проблемасы.
Мұның біріншісінде - зат атаулары қалай пайда болған, атаулардың өздері атау болған заттармен, құбылыстармен, оқиғалармен қандай байланысы бар? Атаулардың дұрыс, я теріс қойылуының қандай мәні бар дегендерді сөз етушілер - философтар болған және бұл проблеманы олар философияның ең мәнді саласының бірі ретінде қараған. Ғылым тарихында ат қою теориясы деп аталатын бұл сала Қытайда да, үнділерде де, гректерде де бір-біріне өте ұқсас бағытта талданып, біртектес шешімге сайып отырған.
Грамматикалық өнер теориясы тілді дұрыс қолданудың ережесін белгілеуді мақсат еткен. Бұл ереже бірде грамматикалық өнер делінсе, енді бірде жазу өнері деп те аталады. Грамматикалық теория жазба ескерткіштер тілдерін зерттеуден туған. Сондықтан ежелгі дәуір тіл білімі, әдетте, филология дәуірі деп те аталады /филология - грек сөзі, мағынасы - сөзді сүю/.

Филология - жазба ескерткіштердің тілін, стилін, тарихи жақтарын зерттейтін ілім. Оның дүниеге келуі жазба ескерткіштердің пайда болуымен, оны зерттеу қажеттігінің тууымен тығыз байланысты. Грамматика теориясы көне заман елдерінің әрқайсысында әртүрлі мақсатта және әртүрлі дәрежеде болған.

Бірақ соған қарамастан ежелгі дәуір тіл біліміндегі ой-пікірдің барлығына тән ортақ сипаттар да болды.

Біріншіден, бұл кезеңдегі грамматикалық өнер біраз мәселеде философияға байланысты болған.

Екіншіден , грамматикалық өнер тілдің құрылысын түсіндіруді мақсат етпеген, тілді дұрыс қолданудың, дұрыс сөйлеудің ережелерін жасауды, жазу тілі мен сөйлеу тілі арасындағы қарым-қатынасты түсіндіруді көздеген. Сондықтан да грамматикалық өнер-пікірді - дұрыс, әдеби етіп бере білуге үйрететін тәжірибиелік ілім деп саналады.
Үшіншіден, филология дәуірінде тілдің морфология, фонетика саласында едәуір істер атқарылғанымен, олар тек тәжірибелік сипатта ғана болған, ал лексикология, синтаксис мәселелерінің зерттелуі тым мардымсыз.

Төртіншіден , әр елдің филологтары тек өз тұсындағы бір тілге тән нұсқаларды зерттеген. Сондықтан әр түрлі тілдер фактілерін салыстыра қарау дегенді олар білмеген.
Бесіншіден, бір елдің тіл біліміндегі ой-пікірдің екінші елге жетуі де нашар болған.
Ежелгі Қытай тіл білімі. Қытай - мәдениеті, ғылыми ой-пікірі ертеде дамыған, дүниежүзілік мәдениетке зор үлес қосқан ежелгі ел. Қытай тіл білімі тарихы екі мың жылдан астам уақытты қамтиды. Қытайдағы тіл білімі XIX ғасырдың аяғына дейін басқа елдердегі тіл білімінің әсерінсіз өз бетінше дамыған. Тіл ғылымы тарихында өзіндік дәстүр қалыптастырған. Бірақ қытай тіл білімі әлемдік тіл ғылымына мәнді үлес қосқан жоқ, ұлттық шеңберден шыға алмады. Қытай жазба ескерткіштері біздің заманнан 15 ғасыр бұрын пайда болған. Олар мал сүйектеріне, әсіресе жауырынға жазылып сақталған.

Ат қою теориясы мен грамматикалық өнер теориясы ежелгі Қытайда да болған. Ат қою теориясын қалыптастырған адам, біздің жыл санауымыздан бұрынғы 551-479 жылдар арасында өмір сүрген философ ғалым - Конфуций (Кун-Цзы) .

Оның ойынша зат пен оның атауы арасында табиғи байланыс болады. Атау заттың табиғатына сай болу керек. Бұл қате тұжырым. Ат қою теориясымен қатар ежелгі Қытайда грамматикалық өнердің де негізі қаланған. Грамматикалық ілім қытайлардың көне жазуы - иероглифке негізделген. Қытай иероглифі біздің жыл санауымыздың бірінші ғасырының өзінде-ақ белгілі бір нормаға келтіріліп, уставтық, жартылай уставтық және жылдам жазу делініп үш стильге бөлінген, грамматикаға байланысты пікірлер де осы иероглиф жазуын талдап түсіндіруге негізделген.

Грамматикалық өнер ежелгі дәуірден сақталған діни жазбалар тілін зерттеу негізінде туған. Көне және орта ғасырлық Қытайда тілге байланысты үш түрлі филологиялық мәселеге ерекше көңіл аударылған. Оның бірі - көне сөздердің мағыналарын айқындау, екіншісі - иероглифтің құрылысы мен этимологиясын айқындау, үшіншісі - фонология. Тілдегі дыбыстық өзгешеліктерді айқындауда, тілді зерттеуде қытайлықтардың өзіндік ерекшелігі, дәстүрі болған. Оларда ежелден қалыптасқан ұғым бойынша, тілдегі ең негізгі тұлға - сөз. Сондықтан иероглиф жазуы жеке дыбысты емес, сөзді таңбалайды. Ежелгі Қытай лингвистикасының негізі - тілдегі әр сөзге жеке таңба тағайындау, ол таңбалардың мағынасын, оларды қалай оқу, қалай қолдану жолдарын айқындау болған. Ол үшін таңбалар сөздігі жасалған. Біздің заманға жеткен сондай сөздіктердің бірі және қытайлар үшін ең беделдісі қытайша "Эрья" деп аталатын сөздік. Біздің заманға дейінгі үшінші ғасыр шамасында жасалған бұл сөздік бұрыннан сақталған діни жазбаның сөздерін - иероглифін түсіндіруге арналса керек. Ол жазбалардың сөздері - киелі, жоғары стильді, канондық сөздер саналған. Сөздікте оның иероглифін талдау, жүйелеу, оларды оқудың, түсінудің ережелері берілген. Сөздікті грамматикалық еңбектер қатарына жатқызуға себепші болатын да сол ережелер.

Кейінгі кездерде "Эрья" сөздігіне еліктеп, оның сырын аша түсуге арналған тағы да бірнеше сөздіктер жасалған көрінеді. Олардың барлығы да Қытайдың иероглифін талдауға, олардың этимологиясын, мағынасын ашуға арналған. Осы себептен бұл сөздіктерді кейде иероглифтік грамматика деп те атайды.

Иероглифтік грамматикаларда морфема, сөздер мағынасы, этимология мәселесі болмаса, қалыпты грамматикалық әдебиеттердегідей грамматикалық категория мәселелері сөз болмаған. Ғалымдар қытай лингвистикасының өзіндік ерекшелігі, өзіндік дәстүрі де осында дегенді айтады.

Ежелгі Үндістан тіл білімі. Үнділерден бізге жеткен зерттеулер жыл санауымыздан бұрынғы V ғасырдан басталады. Бұл материалдардың ғылыми жүйелілігіне, ой тереңдігіне қарағанда Үндістан тіл білімі бұдан да бұрын болғанға ұқсайды. Тіл білімі мұнда практикалық қажеттіліктен туған. Үнділердің өте ерте дәуірден сақталған аңыздардан, гимндерден, діни жырлардан құралған "Веда" деп аталатын жазба ескерткіштері болған. Біздің дәуір алдындағы ҮІ ғасырларда белгілі болған бұл жинақты үнділер қасиетті, киелі деп санаған және қазірде де сондай санаушылық бар көрінеді. Бұл "киелі" жырлар тілінде сол уақытағы үнділерге мағынасы түсініксіз көптеген сөздер, сөйлемшелер болған. Соларды айқындау және "Веда" тілін сөйлеу тілі әсерінен қорғау, оның айтылу мәнерін, беретін түсінігін өзгеріссіз сақтау мақсатымен "Веданың" тілін зерттеген. Бұл зерттеу төрт түрлі бағытта жүргізілген: а) дыбыстық жүйесі мен айтылу мәнерін, яғни фонетикасы мен орфоэпиясын зерттеу; ә) жырдың құрылысы мен өлең өлшемдерін зерттеу; б) грамматикасын зерттеу; в) жеке сөздердің тіркесін және оның мән-мағынасын яғни лексикасы мен этимологиясын зерттеу. Ежелгі Үндістандағы тіл білімі, негізінде, осы төрт бағытта дамыған. Бірақ бұлардың даму тарихы, зерттелу дережесі біркелкі болмаған.

Өз кезі үшін айтарлықтай жақсы, жан-жақты зерттелген мәселелер қатарына ғалымдар фонетика мен морфологияны жатқызады. Бұлар жөніндегі зерттеулер үнділердің атақты лингвисі Яска мен Панини жазған еңбектер арқылы біздің заманға жеткен.
Яска біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырда өмір сүрген. Ол - "Веда" тілінің бес томдық сөздігін жасап, түсінік жазған адам.

Панинидің біздің дәуірге дейінгі ІҮ ғасыр шамасында жазған «Аштадхьяи» (грамматикалық ережелердің сегіз бөлімі) деген еңбегінде төрт мыңнан астам грамматикалық ереже берілген. Бұл еңбегінде Панини "Веда" тілін қалпына келтіру нәтижесінде пайда болған үнділердің санскрит деп аталатын көне әдеби тілінің және «Веда» жыры тілінің дыбыстық жүйесін, сөз туғызу, сөз өзгерту жолдарын жан-жақты зерттеген. Панини еңбегі - тіл білімі тарихындағы біздің дәуірге жеткен тұңғыш сипаттама грамматика дейді мамандар. Ол санскрит тілінің грамматикасы деп те аталады. Мұнда сөздерді тапқа, түбірге, түрлі қосымшаларға бөлу, жұрнақ, жалғау, префикс дегендердің бәрі де бар. Панини грамматикасы ережелерінің дәлелдігіне, зерттеулердің терең және жан-жақтылығына қарап, бірсыпыра ғалымдар Үндістанда тіл білімі Паниниге дейін де даму басқышынан өткен, бірнеше грамматикалық еңбектер жазылған болу керек деп жорамалдайды. Бірақ ондай еңбектердің болғанболмағаны ғылымда әзірше белгісіз.
Үнділер тілдегі барлық сөздерді есім, етістік, предлог, демеулік деп төрт топқа бөлген де, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты сипаттаған. Етістіктің шаққа бөлінуі, есімдерде жеті түрлі септік жалғаудың барлығы, т. б. көптеген граммматикалық мәселелер өте дәлдікпен шешілген.

Үнділер синтаксис мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлмеген. Ежелгі Үндістан тіл білімінде морфологиядан кейінгі мол зерттелген сала - фонетика. Фонетика ежелгі заман тіл білімінің ешқайсысында Үндістандағыдай зерттеудің жоғарғы сатысына көтеріле алмаған. Дыбыстардың физиологиялық сипаттары, сөйлеу орғандарының тіл дыбыстарын жасаудаға артикуляциясы, дыбыстардың дауысты, дауыссыз, шұғыл, ызың болып кездесетіндіктері, олардың себептері жан-жақты және дұрыс сөз етілген.
Үндістан тіл білімінің тарихын сөз ете келіп, В. Томсен: "Үндістан тіл білімінің көтерілген биігі ерекше. Бұл биікке, көп нәрсені үнділерден үйрене тұрса да, еуропалық тіл білімі XIX ғасырға дейін көтеріле алмады", - деп жазады.

Ал И. А. Бодуэн де Куртенэ "XIX ғасырдағы тіл ғылымы немесе лингвистика" деген еңбегінде: "Егер де үнді грамматистерінің ХҮІІІ ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бас кезіндегі Еуропа зерттеушілерінің ақыл-ойына тигізген орасан зор әсері болмаса, салыстырмалы грамматиканың, тіпті Еуропа мен Америка топырағында пайда болған тіл ғылымының гүлдеп дамуы болмаған болар еді", - дейді.

Шынында да, үнділер тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан. Тіл фактілерін зерттеуде олар синтетикалық тәсілді де қолданған. Сол арқылы тілдік элементтердің өзара ұқсастығын және бір-бірінен өзгешеліктерін айқындаған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ежелгі Кытай тіл білімі
Ежелгі дәуір және орта ғасыр лингвистикасының қалыптасуы жөнінде
Ежелгі тіл білімі
Ежелгі дәуір тіл білімі мен араб тіл білімі
Ежелгі және орта ғасыр лингвистикасының қалыптасуы
Тіл білімі тарихындағы негізгі кезендер
Ежелгі дәуір тіл білімі және араб тіл білімі
Ежелгі дәуір тіл білімі және араб тіл білімі жайлы
Тіл білімі ғылымы туралы түсінік
Ежелгі дәуір және орта ғасыр лингвистикасының қалыптасуы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz