Жаяу қазақ - жартылай қазақ


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 54 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 821. 512. 122-3 (091) «1991» Қолжазба құқығында

БАЛТАБАЕВА ГАУҺАР САЯДЫЛҚЫЗЫ

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының көркемдік әлемі

(повестер мен әңгімелер)

10. 01. 02 - қазақ әдебиеті

Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу

үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды.

Ғылыми кеңесші: филология ғылымдарының докторы,

профессор Ш. Р. Елеукенов

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор С. Құлбарақ

филология ғылымдарының докторы,

профессор Қ. Әбдезұлы

филология ғылымдарының докторы,

профессор А. Ісімақова

Жетекші ұйым: Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті

Диссертация 2010 жылы 23 желтоқсанда сағат 14 00 -де Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университеті жанындағы филология және педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д. 14. 05. 05. диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады.

(050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13 үй) .

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады.

(050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30, 3-қабат) .

Автореферат 2010 жылы 22 қарашада таратылды

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Б. Әбдіғазиұлы

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Соңғы жиырма жыл ішінде қазақ қоғамында болып жатқан түбегейлі өзгерістер әлеуметтік рухани өмірімізді жаңа белеске шығарды. Кеңес кезіндегі саяси шектеуден, социалистік реализм құрсауынан босаған қазақ көркем сөзі алғашында абдырап қалғаны рас. Мұның өзі қоғамда «қазақ әдебиеті тоқырауға ұшырады, бүгінгі заманның жедел даму қарқынына ілесе алмай қалды» деген пікірлер тудырды. Алайда, көркемөнер тез күш жинап, уақыт көшінен қалмай, жемісті ізденістерге батыл кіріскенін зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Ұшқыр да оңтайлы жанр - поэзияны былай қойғанда, шығармашылық толғанысы ұзаққа кететін проза жанры ширақ қимылдап, жаңа заман биігінен қарап жазылған бірқатар үлкенді-кішілі шығармалар жаңа тақырып, тың сюжеттерді алып келді.

«Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел болуы - біздің жаңа тарихымыздың басы. Ендігі жерде біз өз тарихымызды бұрыңғыдай көп ұлтты мемлекеттің құрамында емес, дербес зерттеп, ұлтымыздың тарихтың ұзақ жолында ұтқаны мен ұтылғанын, жеткені мен жете алмаған тұстарын кең ашып, бүгінгі егемендікке келуіміздің заңды жолын көрсетуге тиіспіз. Жалпы ұлтпен, ұлт мәдениетімен бірге қайшылықты жолдан өткен біздің әдебиетіміздің тарихы да осындай талғаммен қайта қарауды керек етеді» [1, 10 б] .

Соңғы жиырма жыл ішінде жазылған прозалық туындылардағы көркемдік үлгі-өнегелер өте күрделі. Ол қаламгерлердің ұлттық ауқымындағы шеберлік нақыштарымен ғана шектелмей, әлем әдебиетіндегі көркемдік үрдістерді қазақ топырағында жаңғырта, түлете білгендігімен көңіл аудартады. «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының көркемдік әлемі (повестер мен әңгімелер) » атты диссертациялық жұмыс қазіргі қазақ прозасындағы өзгеше өрнек пен өрелі ойдың мән-мазмұнын ашуға, бүгінгі заманның көкейкесті мәселелерінің қандай көркемдік шешім тапқанын анықтауға бағытталып отыр.

Диссертациялық зерттеудің өзектілігі. Бүгінгі заман өзгерісі адам болмысына, ел тұрмысына, дәстүр-салтына қаншалықты, қалай әсер етті деген мәселелер де қазіргі прозаның өзекті тақырыбы болып отырғандығы зерттеуде кеңінен ашылып көрсетілді. Көркем прозадағы әлеуметтік астар біресе авторлық баяндау, кейіпкер әрекеті мен ашық идея арқылы берілсе, енді бірде ирония мен сарказм тұспалында ишараланады.

Диссертациялық жұмыстың өзекті тақырыптарының елеулісі бұрын көп қалам тартылмаған Желтоқсан көтерілісі мен діни тақырыптарға жазылған туындылардағы ізденіс иірімдерін ғылыми зерделеуде болып отыр. Дүниені дүр сілкіндірген, қазақ рухының құрсаулы империяға қарсы азаттық аңсарын көрсеткен Желтоқсан көтерілісін көркем бейнелейтін туындылар арқылы қаламгерлер заман өзгерісінің адамға әсерін аша білгендігі анықталып отыр.

Зерттеу еңбегіміздің жаңалықтарының бірі ретінде жазушыларымыздың адам мен табиғат арақатынасын бейнелеуге арналған туындыларын талдау болып табылады. Қазақ прозасында қасқыр тотемінің бейнесі М. Әуезовтен бастап әртүрлі тарапта, әрқилы таным тұрғысынан зерттеліп келгені белгілі. Бүгінгі жаңарған, кемелденген қазақ прозасында да қаламгерлер бұл образға қайта оралып, бір-біріне ұқсамайтын өзгеше өрнек салғаны жан-жақты талданады.

Зерттеу барысында жазушылардың «Қасқыр-бөрі» образының көркемдігін әр салада түрліше жаңғыртуға ортақ нәресте-бала тағдыры арнайы талданады. Сондай-ақ, осы бөлімде әлеуметтік символика ретінде пайдаланылған ағаш образының да түрлі бейнелері сөз етіледі, мысалдары ашылды. Ол әлемдік құрылым, дүние тірегі мағынасынан бөлек, заман, қоғам қайшылығын көрсету мақсатында түрленгендігі зерделенді. Зерттеу жұмысының өзекті бір арнасы мұсылмандық ұғымдардың, исламдық қағидалардың қазіргі әдебиеттегі орнын тексеруді көздейді. Ой-сана еркіндігі, тәуелсіз рух қаламгерлердің тынысын аша түсті. Бұл исламдық тақырыпқа қалам тербеген туындылардан анық байқалады. Зерттеу барысында осы көкейкесті мәселені көркем бейнелеудегі қаламгерлердің шеберлік қырлары (стилі, образды сомдауы, т. б. ) ашылды.

Қазақ прозасындағы көркем антропологияның сипатын, орнаментальді, виртуальды, мистикалық прозаның, фольклорлық ой-сананың жаңаша пішінін қабылдау кез-келген оқырманға оңай болмасы анық. Ал, әрбір жаңа образ бен көркемдік амал-әдістің тереңіне бойлап, сараптау, оның көркем шығарма мәтініндегі, мәтіннен тыс тұрған құпияларына бойлау - ғылыми зерттеуіміздің ең өзекті мәселесі. Қазіргі қазақ прозасындағы басым үрдістердің бірі ретінде адамның ішкі қасиеттерін жандандыру, жеке образдарға дейін әсірелеу арқылы көркем шарттылық іздерін айқындау да маңызды мәселе.

Сонымен бірге қазіргі прозалық туындылардағы аллегориялық, гротескілік тәсілдерді қазақ прозасындағы жаңаша тың үрдіс деуге болады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазіргі қазақ прозасының жай-күйі, ондағы ізденістер туралы көптен бері айтылып, жазылып келе жатқаны белгілі. Қазіргі қазақ әңгімесі турасында Г. Елеукенованың «Казахский художественный рассказ» [2], және қазіргі повестер жайында С. Асылбековтің «Қазақ повесі» () [3], С. Алтыбаеваның (филология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін жазған) «Основные тенденций развития казахской прозы периода независимости» [4] атты монографиясын, қазіргі әдебиеттің жалпы бағыт-бағдарын академиялық сипатта қарастырған «Қазақ әдебиетінің тарихының» 10-томын [5] атап өтуге болады. Г. Елеукенованың еңбегінде әңгімелердің жанрлық құрылымы мен стилдік ерекшеліктері уақыт пен кеңістік тұрғысынан қарастырылады. Ал, С. Асылбековтің диссертациялық еңбегінде қазақ повесінің қалыптасуы мен дамуына және оның поэтикасына баса назар аударылған. Қазіргі қазақ повесі мен әңгімелері бірқатар зерттеу еңбектерінің нысанына айналғанымен, Тәуелсіздік кезеңіндегі орнаментальды, виртуальды, мистикалық қазақ прозасының көркем антропологиялық ерекшеліктері мен қазіргі қазақ прозасының өзіндік сарындары (жалғыздық, айқай, айна және өлім концепті), өлім мен өмір концепті бұрын-соңды ғылыми айналымға түспегендігін атап өту қажет. Қазақстандық әдебиеттанушы ғалым В. В. Савельеваның көркем антропология саласындағы «Художественная антропология» [6], «Художественная антропология и творчество писателя», Л. В. Сафронованың «Автор и герой в постмодернисткой прозе» [7] атты ғылыми-зерттеу еңбектері отандық және алыс-жақын шетелдік әдебиеттанушы ғалымдардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Қазақ повестері - қазақ әдебиеттану ғылымында бұған дейін де әр қырынан біршама зерттелген тақырып. Мысалы, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, Р. Бердібаев, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали, Г. К. Бельгер, З. С. Кедрина, З. Серікқалиев, Б. Наурызбаев, С. Әшімбаев, Б. Майтанов, Қ. Әбдезұлы, Ж. Дәдебаев, А. Мұсаев, А. Ісімақова, Р. Тұрысбек, Б. Ыбырайым, Т. Жұртбай, Г. Пірәлиева, Ә. Бөпежанова т. б секілді көрнекті әдебиетанушы ғалымдар мен әдебиет сыншыларының еңбектерінде жекелеген жазушылардың повестері көркем тіл, композиция, сюжет, стильдік ерекшеліктер тұрғысынан талданса, С. Қасқабасовтың еңбектерінде фольклорлық сипат, архетип мәні негізінде қазақ повестерінің идеялық, көркемдік табиғаты сөз болады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері . Жұмыстың мақсаты - Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасындағы соны тақырыптық ізденістер мен жанрлық-поэтикалық үрдістерді ғылыми тұрғыдан зерделеу. Зерттеу нысанына алынған қазіргі прозалық шығармалардағы авторлық таным, стильдік даралық пен ортақ тақырыптық сипаттарды айқындау үшін төмендегідей мақсаттар мен міндеттер алға қойылды.

− Тәуелсіздік кезеңіндегі повесть, әңгіме жанрындағы фольклорлық символдар (бөрі, ағаш, мұсылмандық, әлеуметтік символика) мен сарындардың (түс көру, аян беру мотивтері, үй мотиві, жалғыздық, айқай, айна, өлім концепті, т. б. ) қайта жаңғыру, түрлену заңдылықтарын пайымдау;

− қазіргі қазақ әдебиетіндегі проза жанры даму деңгейінің жаңаша сипатын прозаның тарихи дамуын, яғни ұлттық идеямен сабақтастықта қарастыру;

− Тәуелсіздік тұсында қалыптасқан жаңа прозалық ізденістердің көркемдік дәстүрмен байланысын, өзгешелігін саралау;

− прозадағы жаңашыл бағыт-бағдардың әлемдік көркем ой үрдістерімен дәстүрлі сабақтастығын виртуальды, орноментальды мистикалық прозаның қазақ діліне (менталитетіне) сай түрлену, өзгеру заңдылықтарын бағамдау;

− қазіргі прозадағы ағым-бағыттардың қалыптасу, орнығу жолын, шығарма өзегіндегі көріну сипаттарын ғылыми тұрғыда тұжырымдау;

− прозаик жазушылардың орта, жас буын өкілдері шығармашылығындағы жаңашылдық пен дәстүрдің арақатынасын зерделеу;

− қазіргі прозадағы әлеуметтік талдаудың, әлеуметтік символиканың, көркем антропологияның және фантастикалық антропологияның көркемдік ерекшеліктерін, орнаментальді прозаның өзіндік айшықтарын айқындау;

− Тәуелсіздік тұсындағы көркем прозаның поэтикалық жүйесін талдау барысында әрбір тілдік қолданыстар мен сөз қуатын, аймақты сурет пен пейзаждық суреттердің мәнін терең тексеру.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Соңғы уақыттағы қазақ қоғамындағы түбегейлі өзгерістер рухани көкжиегімізді кеңейтіп, көркемөнердің де жаңа бағыттарына жол ашты. Әрине, бұған дейін де Тәуелсіздік кезеңіндегі әдеби үдеріс әртүрлі тұрғыдан сөз болды. Алайда, бұған дейін қазіргі кезеңдегі әңгімелер мен повестердегі әлемдік әдебиет тәжірбиесінен туындап жатқан жаңа шығармашылық ізденістер диссертациялық деңгейде зерттелген жоқ. Әсіресе антропологиялық (көркем және фантастикалық), орнаментальді прозаның қазақ прозасына ықпалы мен виртуальдық және мистикалық прозаның элементтері қазақ қаламгерінің тарапынан қалай көрініс тапты дейтін мәселе жайлы ғылыми тұжырымдарға арналған еңбек жоқтың қасы. Мұның өзі жаңа әдеби үрдістің пайда болу, қалыптасу, даму үстінде екенін көрсетеді.

Ұсынылып отырған диссертациялық еңбек Тәуелсіздікке дейінгі қазақ прозасындағы саясаттан тысқары тұрған тосын туындыларды есте ұстай отырып, негізінен шығармашылық дәстүрдің өзгеше қырларын тақырыптық, образдық, тілдік, көркемдік тұрғыда жаңаша сараптауларға бағыттайды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалықтары ретінде төмендегідей қорытындылар жасалды:

− Қазіргі қазақ прозасындағы ұлттық идеяның көркемдік сипаты сараланып, олар әлеуметтік талдау, әлеуметтік сиволика деп жіктеледі. Әлеуметтік талдау үдерісіндегі символ, көркем шарттылық, тұспал мен психологиялық параллелизм көріністері ғылыми тұжырымда жасалды;

− Желтоқсан көтерілісі, Семей полигоны туралы жаңа проза мазмұнында алғаш рет ғылыми сарапқа түсті;

− Әлеуметтік шындық пен көркем шындықтың арақатынасы тұрғысындағы жазушының суреткерлік шеберлігіне талдау жасалды;

− Прозалық туындылардағы әлеуметтік символиканың (қасқыр-бөрі бейнесі, ағаш символикасы, ұлттық аспаптар: қобыз, домбыра символы, т. б. ) ұлттық идеяның өзекті мәселелерін көтерудегі көркемдік қызметі айқындалды;

− Қазіргі қазақ прозасының табиғатындағы исламдық сарын, мұсылмандық қағидалардың көркемдік сипаты алғаш рет ғылыми тұрғыдан байыпталып, жаңаша тұжырымдар үйінделді;

− Қазіргі прозалық шығармаларға әлемдік әдеби үдерістердің ықпалы мен әсері, осы жолдағы қаламгерлердің талпыныс, ізденіс иірімдеріне ғылыми дәйектемелер жасалды. Алғаш рет шығарма табиғатындағы көркем антропология мен фантастикалық антропологияның іздері анықталып, қазақ топырағындағы түрлену заңдылықтары ашылды;

− Зерттеу нысанасына алынып отырған Тәуелсіздік кезеңдегі повестер мен әңгімелердегі жаңа көркемдік айшықтар мен өрнектердің мәні алғаш рет ғылыми тұрғыда зерделенді. Мысалы, әңгіме жанрындағы виртуальдық, мистикалық сарындардың сыры;

− Қазіргі айшықты (орнаментальды) проза идеялық-тақырыптық тұрғыдан бүгінгі күн талаптарына сай жаңаша сараланды;

− Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасындағы жалғыздық, айқай, айна сарыны алғаш рет әлеуметтік-психологиялық талдау тұрғысынан пайымдалды;

− Көркем прозаның жаңаша поэтикалық бітімін танытатын аллегориялық, символдық, гротескілік тәсілдердің көріну ерекшеліктеріне ғылыми талдаулар жасалды;

− Алғаш рет қазіргі қазақ әңгімесіндегі түр, түс және иіс, өмір мен өлім концептісінің бейнелену ерекшеліктері сараланды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар . Зерттеу нәтижесі бойынша мынадай тұжырымдар қорғауға ұсынылады:

− Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасының әңгіме, повесть жанры жаңа көркемдік сапаға көтерілді. Оның басты себебі, рухани кеңістігіміз кеңейіп, ұлттық әдебиет саясат құрсауынан ажырады. Әрбір қаламгер талант қуатын, қаламгерлік тәжірбиесін танытуға мүмкіндік алды. Мұның айқын белгісі зерттеу нысанына алынған аға буын қаламгерлері - М. Мағауин, Т. Әбдіков, Ж. Ахмади, Қ. Түменбай және орта буын өкілдері - Т. Шапай, А. Алтай, Д. Рамазан және жас қаламгерлер - А. Кемелбай, Д. Амантай, т. б. шығармашылығынан көрінді.

− Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бәсеңдік танытқан қазақ прозасы жаңаша ізденіс үстінде екенін көрсетіп отыр;

− Көрнекті қазақ қаламгерлері шығармашылық шеберлігін жаңа кезеңнің үрдістерімен ұштастырып, көркем әдебиет дамуының өзгеше бітімін қалыптастырды;

− Тәуелсіздік тұсындағы прозалық туындыларда көркемдік тәсілдер күрделеніп, метафоралық, аллегориялық, гротескілік ойлау жүйесі дамыды;

− Жаңарған проза табиғаты ұлт ұғымына сәйкес өз оқырманына тосын құбылыстарды (антропологиялық, мистикалық, виртуальдылық) бейнелеу тұрғысынан ерекшеленіп отыр;

− Абстрактілі ұғымдарды заттандыру, адам мен оның барлық ішкі сыртқы болмысын тұлғаландыру арқылы жаңа сипатты ой айтудың көркемдік әдістері прозада жаңаша қалыптасқандығы байқалады;

− Ежелден ел жадына сінген мұсылмандық қағида, әлеуметтік жағдай (ауыл, қала өмірі, ұлт тағдыры, т. б. ), экологиялық апат тақырыптарын жаңаша суреттеудегі көркемдік амал-тәсілдердің жаңарған, жаңғырған сипатта екендігі дәлелденді;

− Қазіргі қазақ прозасының әңгіме жанры бүгінгі уақыт талабына сай ұлттық прозаның ең оңтайлы жанрлық мүмкіндігін кеңінен көрсетіп отыр;

− Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының (әңгіме, повесть) көркемдік жүйесін поэтикалық тұрғыдан талдау арқылы әрбір қаламгердің стильдік даралығы анықталып, қазіргі қазақ әдебиетіндегі прозаның өсу, өркендеу, түрлену заңдылықтары айқындалып отыр.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Жұмысты жазу барысында Тәуелсіздік кезеңіндегі 50-ден астам қаламгердің 60 шақты шығармасы зерттеуімізге негіз болды.

М. Әуезов, Ш. Құдайбердиев, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ә. Кекілбаев М. Мағауин, Т. Нұрмағанбетов, Ә. Асқаров, Д. Досжан, Т. Ахметжанұлы Ж. Ахмади, Н. Дәуітайұлы, Ж. Қорғасбек, Қ. Түменбай, Р. Отарбаев, М. Байғұт, Б. Ыбырайым, Д. Әшімханов, М. Айымбетов, Н. Ақыш, Т. Шапай, А. Алтай, Д. Рамазан, М. Мәжитов, Д. Ахметұлы, Ж. Рахматулла, К. Сәттібайұлы, Г. Шойбекова, Ә. Салықбай, Д. Амантай, А. Кемелбаева, Е. Әбікенұлы, И. Құттықожаев, Б. Сарыбай, М. Баймолда, М. Рамазанұлы, Қ. Әбілхайыр, Қ. Мүбарак. т. б.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері ретінде көркем әңгіме, оның поэтикасы жайлы еңбек жазған грек философы Аристотельден бастап, М. Бахтин, М. Томашевский, Л. Тимофеев, М. Храпченко, т. б. ғалымдардың теориялық еңбектері негізге алынды. Сонымен қатар ұлттық әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері, атап айтсақ, А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, М. Ғабдуллин, Е. Ысмайылов, М. Қаратаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, С. Қирабаев, М. Базарбаев, Р. Бердібаев, Н. Ғабдуллин, Т. Кәкішев, Ш. Елеукенов, Ж. Ысмағұлов, Р. Нұрғалиев, С. Қасқабасов, Қ. Әбдезұлы, Б. Әбдіғазиұлы, Б. Майтанов, Қ. Алпысбаев, Т. Есембеков, Т. Тебегенов, С. Мақпырұлы, Р. Теңізбаев, А. Ісімақова, Б. Ыбырайым, Г. Пірәлиева, Г. Елеукенова, А. Жақсылықов, В. В. Савельева, Л. В. Сафронова және тағы басқа зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде қолданылған ғылыми әдістерді басшылыққа алып, жасалған теориялық тұжырымдарына сүйендік. Басқа да қазақ, орыс, әлем әдебиеттанушыларының ой-пікірлері, зерттеулері қарастырылып, ғылыми жұмысқа теориялық негіз болды.

Зерттеудің теориялық және әдістемелік маңызы. Қоғамдық өмірдегі өзгерістер ықпалы прозаның шағын түрлеріне қажеттілік тудырып отыр.

Әңгіме, повесть - шағын болса да, өте күрделі жанр. Бір шығарманың өзін әлденеше қырынан зерттеуге болады. Қазіргі айшықты, виртуальды, мистикалық қазақ прозасының жаңаша ізденістері мен оның жасалу жолдары сараланатын бұл ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесін «Қазіргі қазақ әдебиеті», «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы» пәндерімен бірге арнаулы курс материалдары ретінде пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының сарапталуы, мақұлдануы мен жариялануы. Диссертация қолжазбасы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында және Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Зерттеу жұмысына қатысты 51 мақала жарияланды. Оның 19-ы халықаралық, республикалық деңгейде өткен ғылыми-теориялық конференциялар жинақтарында, 30-ы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен ғылыми журналдар мен шетелдік басылымдарда 6-ы жарық көрді.

Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысының негізгі міндеттеріне сәйкес диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, зерттелу деңгейі, әдістемелік негіздері көрсетіліп, зерттеудің мақсаты мен міндеттері белгіленді. Еңбектің ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, теориялық және практикалық маңызы айқындалып, жұмыстың сыннан өтуі мен сарапталуы жөнінде мәліметтер берілген.

«Қазіргі қазақ прозасындағы ұлттық идеяның көркем бейнеленуі» деген бірінші бөлімнің «Прозалық туындылардағы әлеуметтік талдау» деп аталатын тарауында Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасындағы ұлттық идеяның әлеуметтік талдау пайымымен көркем бейнеленуі жан-жақты сөз болады. Қазіргі қазақ прозасының тақырыптық деңгейі кеңіп, кеңестік жүйе кезіндегі жазбақ түгілі айтуға болмайтын «жабық» тақырыптарға қалам тарту мүмкіндігі туды. Сонымен қатар еліміздің әлеуметтік өмірінде қоғамдық-саяси шешуші рөл атқарған қазақ әдебиеті тарихының ақтаңдақ беттері - 1986 жылғы «Желтоқсан», 1989 жылғы «Семей полигоны», «Ауғанстан» тақырыптарына қазақ жазушыларының еркін шабыттана жазуының арқасында біраз көркем прозалық шығармалар дүниеге келді.

Қазіргі қазақ прозасындағы жаңа туындылардың бірі - Әлібек Асқардың «Өр Алтай мен қайтейін биігіңді» повестегі әлеуметтік талдау барысында бірден көзге түсетіні жазушының стильдік ерекшелігі. Өр Алтай төріндегі бір кезде айдарынан жел ескен, төрт құбыласы сай болған ауылдың бүгінгі мүшкіл халін суреткер сатылап көрсетеді. Кеңсе, ауылдың мектебі, дүкен, дәрігерлік пункт жабылады, яғни әлеуметтік құлдырау жолымен тұрмыс тауқыметі үдемелі жолмен беріледі. Жазушы әр алуан кейіпкерлерін болып жатқан өзгерістерге қатыстырып, көзқарас пен дүниетанымық ерекшеліктеріне тереңдеп бойлау арқылы өтпелі кезеңнің шындығын аша білген. Тіл, образ, сюжет, композиция тұтас бір өрілімде берілген. Бір кездері азан-қазан боп жататын базарлы ауылдан небәрі жеті үй қалғанымен, осы азғана шоғырдан тұратын сегіз отбасының басынан өткерген қилы, мұңлы да мұңсыз тағдыры бір повеске толық жүк болған. Жұртта қалған жеті үйдің жыры да жеті түрлі. Жазушы бір кездегі базары тарқамаған ауылдың қалай жетімсірегеніне тоқталып, сюжет желісін жетім қыз Сәлиманың тағдырымен ұштастыра суреттеумен жалғайды. Қоғам назарынан тыс қалса да, Алланың кең пейілінен кенде қалмаған алақандай ауылдың өгей тірлігі пошташы Сәлима қыздың пайымы арқылы берілген.

Шығарманың негізгі арқауы - қазақ қоғамының тұтастығын құраған отбасылық ұғымнан ірілеу бірлестік, татулықтың құт мекені саналған ауыл мәселесі. Повесть ауыл жастарының жағдайын жақсартудың әлеуметтік өзекті мәселелерін көтереді. Қазақтың құт-берекесінің бесігі болған ауыл өмірінің кері кетуі, ауыл баласының атажұрттан безініп, өзіне жайлы қоныс іздеуі үлкен символикалық жүк арқалап тұр. Өркениеттің дәстүрлі өмірімен арақатынасын үйлестірмесе, ауыл мәдениетінің тоқырауға ұшырайтындығын қарапайым еңбек адамдарының психологиясына терең бойлау арқылы ашады. Жалпы зерттеу барысында шығарма өзегіндегі бүгінгі қазақ ұлты үшін ең өзекті мәселе болып отырған атажұртқа, туған топыраққа сүйіспеншілік, ауыл мен қала өмірінің алшақтық мәселелері жан-жақты талданады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Зеренді өңірінің мәдени, тарихи және табиғи ескерткіштері
Ақтабан шұбырынды - Ұлы қасірет жылдары
Ұлы Дала аумағындағы мемлекеттіліктің қалыптасуы мен көшпелі және отырықшы мәдени аймақтардың өзара қатынастарының алғашқы кезеңдері
Қазақ сахнасында ән-аспаптық эстрадалық ансамбль өнерінің даму мәдениеті
Экстрималды туризмнің жіктелімі
Дарий I Скифияға жорығы
Алаңдарда қозғалыста ұйымдастыру
БАТЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ
Сақ, массагет, скифтердің жауынгерлік өнері. Шу-батыр поэмасы. Жазуы
Хұндар айбынды жауынгерлер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz