Қазақстанның қалаларында болған демократиялық сипаттағы қазақ жастарының шерулерінің Желтоқсан көтерілісі
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресі ұзақ болды. Патша үкіметі мен одан кейін кеңестік биліктің қоластында болған ұлтымыз шовинистік саясаттың зардаптарын тартып, ұлттық сана-сезімін жоғалта бастаған да еді. Бүгінгі егемендігімізге қол жеткізуге шешуші қадам жасаған ірі оқиға Желтоқсан көтерілісі болды. Партияның әкімшіл-әміршіл қағидаларына қарсылық танытқан қазақ жастарының демократиялық шерулерінің нәтижесінде кеңестік үкіметтің заңсыздықтарының арты ашылып, оның тоталитаристік жүйесіне үлкен соққы жасалды. Алайда, осындай тарихи маңыздылығына қарамастан әлі де бұл оқиғаға қатысты объективті кең көлемді зерттеулер жүргізілмей келеді.
Қазіргі кезде отандық тарих ғылымының алдындағы күрделі тақырыптарды талдайтын болсақ, онда солардың арасында Желтоқсан көтерілісінің де бар екеніне көз жеткіземіз. Жан-жақты қырлары ашық түрде зерттеп қарастыруды талап ететін осы мәселеге қатысты жаңашыл көзқараспен лайықты тарихи баға беруге көптеген талпыныстар жасалғанымен, оның жариялы түрде дәріптелуіне кедергілер жасалып отырғаны да белгілі. Желтоқсан көтерілісініңсипаты мен барысын қайта саралап, оның тарихи орнын анықтауда нақты қадамдар жасау керек. Бүгінгі қоғамның санасында бұл тақырып екі түрлі пікірде қалыптасып, бірі бойынша оны демократиялық қозғалыс деп бағаласа, келесі көзқарастар оны ұлтшылдықтың көрінісі етіп көрсетеді. Ұлттық тарихи сананы қалыптастырып, оны нық бекіту үшін осындай қиын проблеманы шешіп, оны шынайы тұрғыдан зерделеу керек. Тәуелсіздікті алуымызға үлкен бастама болған осы оқиғаның көптеген жақтарын ашатын болсақ қана бірталай шындыққа көз жеткізетін едік. Әсіресе, сол жылдардағы республика басшылығының жастар шерулеріне қатысты ұстанымдары шын тұрғыда талдауды талап ететіні сөзсіз. Отандық зерттеушілер аталған тақырыпты тәуелсіз түрде зерттей қоймайды. Өз пікірлерін объективті білдірудің орнына әзірше ғалымдар тарапынан тек бір қалыпты ақпаратты қайта жариялап отыру ғана байқалады. Желтоқсан көтерілісініңкең түрде зерттелмеуі біздің еліміздегі тарихшылар үшін үлкен кемшілік болып табылады.
1986 жылы желтоқсанда болған жастар шерулерін тек Алматының шеңберімен ғана шектеп, зерттеу аясын тарылтуға болмайды. Әрине, Желтоқсан оқиғаларының бастаушысы болғанын жоққа шығара алмаймыз, алайда Алматы жастарының шерулерін одан әрі Қазақстанның басқа да қалалары жалғастырғанын да ескерген жөн. Көп жағдайда бұл жайт ескеріле бермейді. Сәйкесінше, бұл да Желтоқсан көтерілісін қарастыруда кедергілер тудырады. Кеңестік биліктің шеруге шыққан жастарға қатысты шараларына нақты баға беру үшін де бір ғана Алматы қаласындағы оқиғалармен шектелуге болмайды. Басқа аймақтардағы шерулерді назарға ала отырып қана сол кездегі биліктің қандай әділетсіздіктерге жол бергеніне толықтай лайықты баға бере аламыз. Желтоқсаншылардың шерулерін тарқатудағы қатыгездіктердің беттерін ашу арқылы сол заңсыз әрекеттердің тоталитарлық биліктің тапсырмасымен орындалғанына көз жеткізетін боламыз. Демократиялық принциптерді басшылыққа ала отырып, сол кездегі кеңестік орталық билік өзі жария еткен қайта құру өзгерістеріне қарағанда әміршіл жүйеден бас тарта қоймайтынын анық байқатып, халықтың пікірімен санасқысы келмей, жастардың шерулерін ұлтшылдық деп айыптағаны белгілі. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мұндай айыптаулардың толықтай жоққа шығып, олардың заңсыз деп танылғанына қарамастан, әлі күнге дейін екі түрлі көзқарастар тыйылмай келеді. Сол себепті осындай жағдайға байланысты Желтоқсан көтерілісі нақты тарихи бағасын алып қана қоймай, қоғамның алдында кең түрде дәріптелуі керек. Желтоқсаншылардың шерулерінің беттерін ашпай, кеңестік үкіметтің халқымызға жасаған соңғы қылмыстарына көз жеткізе алмаймыз. Сондықтан осындай алғышарттар ескеріліп, міндетті түрде барлық мәселелер шешілуі тиіс. Желтоқсаншылардың бүгінгі қоғамда нәсихатталмауы да үлкен бір күрделі проблема болып саналатыны да шындық. Тәуелсіздікке жетуде шешуші бастама болған осындай ірі оқиғаға нақты баға беріп, тарихи орнын анықтаудың орнына осы тақырыпты кейінге қалдырып отыру жиі көрінеді.
Демократиялық мемлекет бола тұра, еліміздің дербестікке қол жеткізуіне үлкен ықпалын тигізген Желтоқсан көтерілісіне республикалық деңгейде назар аударылуы тиіс. Бұл проблема зерттеуге көп түсе қоймайтын тақырыптардың бірі болып келеді. Осының өзі оның өзекті әрі күрделі екенін көрсетеді. Желтоқсан көтерілісініңдемократиялық ұстанымда болғанын дәлелдеп айқындау үшін оны кең тұрғыда тарихи объективтілікке негіздей отырып, қайта саралау қажет. Егер бүгінгі жас азаматтардың бойына отансүйгіштік қасиеттерін сіңірткіміз келсе, онда оларға үлкен үлгі болардай тарихи оқиға болып саналатын Желтоқсан шерулерінің ұлтжандылық тұстарын дәріптей түсуіміз керек. Міне, осылай ғана біз Желтоқсан оқиғасына тиісті бағасын беру мен оны дәріптеуге қол жеткізетін боламыз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. 1986 жылы желтоқсанда Қазақстанның бірнеше қалаларында болған жастардың шерулеріне қатысты кеңестік билік қарсылық позицияны ұстанып, қазақ жастарын ұлтшыл, нашақор, маскүнем деп айыптады. 1986-1987 жж. шыққан мерзімді басылымдардың барлығында желтоқсаншыларға аталған айыптар тағылып, үкімет жастарды қоғам алдында барынша қаралап көрсеткісі келді. Өздерінің әрекеттерін ақтағысы келген кеңестік басшылар баспасөз құралдарын сол жылдары пайдаланып, халықтың басым бөлігін өз қалауларына сәйкес жасалған жалаға сендіріп, жастарды қылмыскерлер және тәртіп бұзушылар етіп көрсеттті. Мәселен, 1986 жылы 26 желтоқсанда Огни Алатау газетінде мынадай жолдар жарияланады: Действия националистически настроенных элементов, пытающихся одурманить националистическим угаром учащуюся молодежь, вызывают законное возмущение трудящихся Алма-Аты. Партийные и комсомольские активы города и районов, трудовые коллективы, широкая общественность решительно осудили ничем не обоснованные действия группы учащихся, и активно участвовали в мероприятиях, проводимых советскими и партийными органами. [1] Мұнда жастар ұлтшыл деп айыпталып, қала халқының оларға қарсы екені баяндалады. Дәл осындай қаралау сипатында 1986 жылы 27 желтоқсанда Вечерняя Алма-Ата газетінде Нам горько атты тақырыпта мақала жарияланып, онда жастарға мынадай баға беріледі: Какое право имели эти хулиганы, большинство из которых были под воздействием алкоголя и наркотиков. [2] Жастарды халық алдында кері жағынан көрсеткісі келген билік өз мақсатына жете алды. Қоғамның басым бөлігі шерулердің демократиялық қырларын қабылдағысы келмей, тіпті, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да желтоқсаншыларға деген көзқарастарын бірден өзгерте қоймады. Кеңестік үкіметтің үгіт-нәсихаттары салдарынан көпке дейін Желтоқсан көтерілісі тек негативті түрде ғана қабылданды.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Желтоқсан көтерілісі жан-жақты қырлары жариялы түрде көрсетіліп, кітаптардың беттерінде көрініс тапты. Алғаш шыққан ірі кітаптардың бірі болып Алматы. 1986. Желтоқсан [3] атты айғақ-кітабы жарық көрді. Онда М. Шахановтың бастамасымен жұмыс жасаған Желтоқсан оқиғасын қайта тексеру комиссиясының материалдары мен атқарған істерін табуға болады. Нақты көрсеткіштер мен дәлелдердің басым бөлігін осы еңбектен ала аламыз. Ал Т. Бейісқұлов өзінің Желтоқсан ызғары [4] атты кітабында жастарды отансүйгіш азаматтар ретінде бағалап, олардың ұлттық мүддені қорғауға тырысқанын көрсетеді. Автор мерзімді басылымдарға жарияланған мақалалар мен зерттеулерді топтастырып, оларға өзіндік бағасын беруге ұмтылды. Т. Бейісқұлов партиялық нәсихаттың салдарын жою үшін олардың ешбір негізі жоқ екенін дәлелдегісі келді. Желтоқсан оқиғасын алғаш болып тарихи тұрғыдан талдауға үлес қосқан академик М. Қозыбаев [5] болды. Ол өткен ғасырдың 90-шы жылдары бірнеше мақалалар жариялап, онда жастардың шерулерін ақтауға тырысып, шынайы түрде оның ешбір қылмыс болмағанын ашып көрсетті. Тарихшы М. Қозыбаев оқиғаны сырлы құбылыс деп, оны тәуелсіздік алуға бетбұрыс жасаған қозғалыс ретінде бағалады. Ғалым қазақ жастарының шерулерін бейбіт мақсатта болған деп көрсетіп, оны демократиялық пікір білдірудің көрінісі болғанын дәлелдейді. Ғалымның зерттеулерінде Желтоқсан оқиғасы тұңғыш рет ғылыми тұрғыда талданып қана қоймай, партиялық жаладан арылу үшін негізді дәйектерге ие бола алды.
Желтоқсан көтерілісі бойынша өзіндік ойларын білдіргендердің бірі - қайраткер Ә. Кекілбай [6] жастардың шерулерін үш жақтан қарастыруды ұсынды. Оның ойынша, біріншіден, Желтоқсан оқиғалары ұлттық сана-сезімнің қайта оянунына түрткі болған ұлттық маңызы бар құбылыс, екіншіден, жалпыодақтық маңызға ие, себебі Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың дербестікке жетуіне серпін жасаған үрдістерге бастамалар тудырды, үшіншіден, одақтың таратылуына себеп болғандықтан, әлемдік маңызға да ие болып, социалистік ірі мемлекеттің құлауына әкелді. Автор 1986 жылғы желтоқсандағы жастар шерулерінің ұлттық сана-сезімді оятуға үлкен қозғау салғанын ескере келіп, Желтоқсан көтерілісі деген ұғымды ұсынады.
Желтоқсан көтерілісі бойынша жарық көрген көлемді жинақтардың бірі ретінде Б. Әбдіғалиев пен Б. Көрпебайұлының құрастыруымен жасалған Желтоқсан-86 кітабын [7] атап өтуге болады. Бірнеше томнан құралатын бұл жинақта көтеріліске қатысты деректер мен дәйектер жарияланған. Көтерілістің республиканың түрлі аймақтарына таралғаны туралы ақпараттар келтірілген. Желтоқсан көтерілісінің барысы бойынша жан-жақты мәліметтерді беру жағынан осы жинақтың маңызы зор болып табылады. Құрастырушы авторлар Желтоқсан көтерілісінің ел тәуелсіздігіне жеткізген маңызды ірі қозғалыс болғанын көрсетеді. Желтоқсан-86 жинағының жаңашыл көзқараста жазылуы ерекше назар аудартады. Әсіресе, жинақтың Елдікті сақтаған ерлік деп аталатын бесінші кітабында [8] оқиғаның тілді, ел аумағының тұтастығын сақтап қалудағы мәні ашылған. Азаттық үшін күрескен ерліктердің тұстарына жаңашыл тұрғыда ой-пікірлер жасалған.
Алматыда болған жастар шерулеріне қатысып, өлім жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбеков жайлы алғаш жария етілген кітаптардың бірін публицист К. Тәбеев [9] жазды. Жалпы, ол желтоқсаншыларды орыс декабристтеріне теңеп, оларды орталықтың озбыр саясатына қарсы шықты деп бағалайды. Автор өз кітабында Қайрат Рысқұлбековтың 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысқанына мән беріп, оның өліміне күмәнмен қарайды. Желтоқсаншы Қ. Рысқұлбеков туралы ірі еңбектердің бірі М. Уақтегі [10] басшылығымен құрастырылды. Жинаққа Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың өмірі мен оның Желтоқсан көтерілісіне қатысты іс-әрекеттері жайлы мәліметтер топтастырылған. Оның сыныптас достары, мұғалімдері мен туыстарының, жерлестерінің және ақын-жазушылар мен депутаттардың ол жайлы ой-пікірлері, сонымен қатар желтоқсаншының шығармалары осы жинаққа енгізілді. Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына орай көптеген еңбектер жарық көрді. 2006 жылы К. Адырбекұлы [11], Ғ.М. Қарасаев [12], М. Шаханов [13], Т. Болатбектің [14] және т.б. еңбектері, сондай-ақ О. Асқардың құрастыруымен жасалған деректі шығармалар жинағы [15] жарияланды. Алайда, осыған қарамастан, тіпті, соңғы жылдары шыққан еңбектерге қарасақ та, Желтоқсан көтерілісінің тарихи тұрғыда кең зерттелуі қолға алынбай отыр. Көп жағдайда деректер жинақтары жария етіліп, сол материалдарды ғылыми айналымға енгізіп, талдауға салу жүргізілмей келеді.
1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының демократиялық шерулеріне қатысты отандық тарихшылар қызығушылықтарын көтеруі керек. Бұл тарихи оқиғаны зерттеуге тарих ғылымы араласпаса, оның жан-жақты қырлары ашылмай, сол қалпында қала бермек. Осындай талаптарға байланысты Желтоқсан оқиғасы лайықты тарихи бағасын алуы қажет.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Нақты деректер негізінде Желтоқсан көтерілісінің ұлт-азаттық және демократиялық сипатын, тарихын қазіргі заман талаптарына сай объективті тұрғыда талдап көрсету жүзеге асырылды.
Зерттеу объектісі. Қазақстанның қалаларында болған демократиялық сипаттағы қазақ жастарының шерулерінің Желтоқсан көтерілісі.
Зерттеу пәні. 1986 жылы желтоқсанда Қазақстан қалаларында орын алған Желтоқсан көтерілісінің демократиялық қозғалыс ретіндегі феномені.
Зерттеудің қамтитын мерзімі зерттеу жұмысының тақырыбына сәйкес Желтоқсан көтерілісінің болған уақыты мен оны қайта тексеру істеріне байланысты 1986-1990 жж. аралығын қамтиды. Дәл осы мерзім Желтоқсан оқиғасына және оған қатысушы жастарға нақты тарихи баға беру үшін негізгі кезең болып табылады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты - 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің себептері мен барысын баяндау барысында оның демократиялық сипатын ашып көрсету, ел тәуелсіздігіне қосқан үлесін анықтап, тарихи орнын айқындап дәлелдеу. Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысында мынадай міндеттер алға қойылады:
- Қайта құрудың алғышарттары мен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын баяндау;
- жастар шерулерінің Алматыда басталуын қарастыру;
- жастар шерулерінің республика бойынша таралуы және жаншылуына тоқталу;
- Желтоқсан көтерілісін қайта тексеру комиссияларының жұмыстарын талдау;
- желтоқсаншылардың бүгінгі жағдайына назар аудару;
- Желтоқсан көтерілісінің бүгінгі қоғамдағы орнын анықтау.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеу жұмысында негізгі деректер тарихшы ғалымдардың және публицисттердің мұрағат құжаттарына негізделген еңбектері, баспасөздерде жарияланған мақалалары, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың естеліктерінен алынды.
Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі. Жұмыстың әдістемелік негізін заманға сай концептуалды жақындау және жалпы ғылыми зерттеудің әдістері құрайды. Бұл - историзм, объективтілік пен тарихи процестерді ұғынудың басқа да ғылыми принциптері, сондай-ақ теоретикалық мәселелері және зерттеушілердің пікірлері.
Жұмыстың қолданбалық маңызы. Зерттеу жұмысының материалдарын дәрістер мен ғылыми жиналыстарда, арнайы курстар мен тағы да басқа шараларда, көптеген ғылыми зерттеулерде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен құралған.
Кіріспеде дипломдық жұмыстың зерттеу проблемасының өзектілігі көрсетіліп, оның зерттелу маңыздылығы анықталған.
Бірінші тарауда Желтоқсан оқиғаларының алғышарттары мен барысының мәселелері қарастырылады. Қайта құру саясатының алғышарттары мен республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, жастар шерулерінің Алматыда басталып, одан әрі таралуы және оларды биліктің басып тастауы сияқты проблемаларға мән беріледі.
Екінші тарауда Желтоқсан көтерілісінің ақталуы мен дәріптелуіне назар аударылады. Оны қайта тексеру комиссияларының жұмыстары, желтоқсаншылардың бүгінгі жағдайы және бүгінгі қазақстандық қоғамдағы Желтоқсан көтерілісінің орны баяндалады.
Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижелері мен соған сәйкес шығарылған тиісті ұсыныстар берілген.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімінде диплом жұмысында қолданылған 60 әдебиет пен басылым көрсетілген.
1 ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНІҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ МЕН БАРЫСЫ
1.1 Қайта құру саясатының алғышарттары және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы
Кеңес Одағының әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауы оның басқару жүйесіне өзгерістердің қажет екенін анықтап берді. Толықтай барлық салалардағы мемлекеттік қатаң бақылау одақтың дамуына кедергі жасап отырды. Тоталитаристік жүйенің салдарынан Кеңес Одағы ХХ ғасырдың 80-жылдарының ортасына қарай үлкен дағдарысқа тап болып, оның артта қалушылығы байқалды. Кеңестік мемлекеттің тоқырауға ұшырауы жаңа реформаларды талап етіп, орталықтағы жаңа енгізулер одақтас республикаларға да таралуы тиіс еді. Адамгершілік және ұлттық құндылықтарды аяқ асты еткен кеңестік жүйе іштей құлдырай бастады. Кеңес Одағының Конституциясы іс жүзінде адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете алмады. Конституциядағы барлық халықтар тең деген бап сөз жүзінде қалды. Сөз бен істің қайшылығы, бюрократизм, конформизм тереңге жайылды. 70 жыл бойы орыс тілі ғана мәртебелі болды. Одақтас республикалардың барлығы шикізат көзі ғана болып, Ресейдің индустриялық алып империяға айналуына амалсыз қызмет етті.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында Қазақ КСР-ның жағдайы да нашар болды. Мәскеудің қатаң ықпалында болғандықтан, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы қиын еді. Ұлттық мәдени құндылықтарды алға қарай ілгерілетіп, кең дәріптеп дамыту үшін де бөгеттер жасалынып отырды. Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда одақтық деңгейден 12% артта қалды. Сондай-ақ, рес - публикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болмаған. Мәселен, 1980 жылдары одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек - 69, одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, елімізде тек 352 дәрігерден келген [16, 310-311]. Экологиялық жағдай өте ауыр болды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шеккен аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал теңізі аймағында экологиялық апат салдарынан көптеген аурулар тарап, балалар өлімінің деңгейі өсті.
1977 жылғы КСРО Конституциясы одақтас республикалардың саяси дербестігін шартты түрде мойындады. Алайда, барлық республикалар бір орталыққа бағынды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы КСРО жоғарғы саяси басшылығының -- КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының құрамына кірді. КСРО-ның саяси жүйесі барлық ұлттардың жұмысшылары, шаруалары және интеллигенциясының еркі мен мүддесін білдіретін социалистік, жалпы халыктық мемлекет ретінде анықталды. КСРО Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік биліктің ең жоғары органы болып жарияланды. 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясында республика -- жұмысшылар мен шаруалардың және интеллигенцияның егеменді социалистік мемлекеті деп анықталды. Қазақ КСР-нің халқы кеңес халқының құрамдас бөлігі деп жарияланды [17, 226]. Социализм орнатудың жарқын идеялары мен оны тәжірибе жүзінде іске асыру әдістеріндегі қайшылықтар 1980 жылдары КСРО-ның әр алуан бағыттарда саяси жаңаруын қажет етті. Ұлттардың әртүрлі мәдени және діни айырмашылықтары біртұтас кеңес халқын қалыптастыруда назардан тыс қалды. КСРО-ның құрылған кезінен бастап өз құрамына алынған ұлттар мен ұлыс өкілдерін кеңес халқына айналдыру үшін коммунистік партия бар күш жігерін жұмсады. Әр ұлттың қайталанбас ерекшеліктері интернационалдық бағыт пен көлеңкесінде қалғандықтан да қарама-қайшылыктар туындады.
Әкімшілік-партиялык бюрократиянын рөлі артып, билік пен халықтың арасы алшақтай түсті. Биліктің жоғары сатысында отырғандар арасында лауазымды орындарға талас байқалды. Жеке адамдар Кеңес Одағының Коммунистік Партиясы қатарына мүшелікті пайдакүнемдік мақсатта пайдалана бастады. Өйткені, партияға мүше болу көптеген құқықтар мен артықшылықтарға жол ашатын. Қоғамдық үдерістердің басым бағыттары назардан тыс қалып, партия жетекшілерінің кұрамы әлсіреді. Жетекші құрамның ауысуының табиғи үдерісі бұзылып, тоқырауға ұшырады. Бұл саяси бюро мен орталық партия комитетінің хатшылығының және мемлекеттік аппараттың әлсіздігіне әкелді. 1980 жылдардағы Қазақстанның дамуы КСРО-да қалыптасқан саяси өзгерістерге сай бағыт алып отырды. 1980 жылдардың ортасындағы шешуші оқиға - М.С. Горбачевтің КСРО Компартиясы ОК Бас хатшысы қызметіне келуі. Белгілі дәрежеде бұл жағдай сол уақыттағы партия өміріндегі ескі дәстүр мен жаңа көзқарастардың күресін көрсететін еді.
1985 жылы наурызда Кеңес Одағы Компартиясының бас хатшысы Н.У. Черненко қайтыс болып, оның орнына М.С. Горбачев сайланды. Сол жылдың сәуірінде Компартияның Орталық Комитетінің пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесіне сәйкес экономикалық құрылымды қайта құру бағыты жарияланды. М.С. Горбачевтің жария еткен саясатының ұрандарына жариялылық, жеделдету, қайта құру сөздері айналды. Қайта құру бағыты 1986 жылғы КОКП-ның XXVII съезінде мақұлданды [17, 229]. Кеңес Одағындағы дағдарыстың себептері өте көп болды, сол себепті қайта құру бағыты қабылданды. Бұл бағыт арқылы кеңестік басшылық мемлекетті қайта дамудың жолына салғысы келді. Кеңес Одағының тоқырауға тап болуы оның жаңару бағытына түсуі керек екенін айқын түсінікті етті. Қайта құру саясаты ешқандай нақты бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды, сол себепті ол алғаш кезден бастап-ақ сәтсіздікке ұшырай бастады. Қайта құру саясаты мемлекетті сол кезде алғышарттары қалыптасып қойған дағдарыстан құтқарып алатындай жағдайда емес еді. Қоғамдағы ахуал күннен күнге қиындай берді. Кеңес Одағы әлеуметтік-экономикалық жағынан даму бойынша артта қалып, брежневтік тоқыраудан кейін одан сайын құлдырауға жақындай түсті. Қайта құру саясатын жариялаған М.С. Горбачев Кеңес Одағының президенті болып тағайындалды. Одақты демократиялық елге айналдырғысы келген ол осындай бастамасы арқылы билік пен халықтың арасындағы алшақтықты жойғысы келді. Алайда, бұған тоталитарлық нық бекінген жүйе үлкен кедергі еді.
Кеңес Одағының дағдарысының себептері көп болды. Бұл себептерді салалары бойынша үшке бөліп қарастырайық: саяси, экономикалық және әлеуметтік. Саяси саладағы дағдарыстың белгілері: басшылықтың өзгерістерді жүзеге асыру қажеттігін түсінуге қабілетсіздігі және дәрменсіздігі; қоғамдық өмірдің, экономикалық қызметтің, азаматтардың жеке өмірінің бір орталықтан басқарылуы; партиялық және мемлекеттік функциялардың бірігуі мен төрешілденуі; заңдылықтың бұзылуы; жариялылықтың болмауы. Экономикалық саладағы дағдарыс белгілері: шаруашылықтың жүргізудің шығындық тәсілі; ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте артта қалушылық; бақылаусыз басқару аппараты; инфляция; тауар зәрулігі. Ал әлеуметтік саладағы дағдарыстың негізгі белгілері келесідей: халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауы; әлеуметтік әділеттіліктің жиі бұзылуы; ұлтаралық қатынастардағы шиеленістер; маскүнемдік, нашақорлық, ұрлық, парақорлық, жезөкшелік. Осындай себептерге байланысты Кеңес Одағының құлдырауы өріс алып, тез арада жаңа өзгерістер қажет болды. Бірақ, терең сіңіп қалған тоталитарлық жүйенің зардаптары енді осы өзгерістердің жүзеге асырылуына тікелей бөгет болып тұрды. Мәскеудің саясатына деген наразылық өрши түскен де еді. Әсіресе, Балтық елдерінде кеңестік билікке қарсылық қатты байқалды. Орталықтың жүргізіп отырған интернационализм саясатының шын мәнінде ұсақ ұлттарды, олардың тілі мен мәдениетін құртуға бағытталғаны сынға алынды. Кеңес үкіметі қанша жерден демогогиялық ұрандарды жамылғы қылса да, орталықтың тек орыс ұлтының қамын ойлайтыны белгілі болды. Осы себептен М.С. Горбачев Кеңес Одағын толық қамти бастаған құлдырауды тоқтату үшін саяси бағытқа өзгерістер енгізуді бастады.
1985 жылы КСРО-да қоғамды демократияландыру белгілері ретінде түсіндірілетін қайта құру, жариялылық, жеделдету, қоғамдық жаңару бағыттары жарияланып, бұлар белгілі бір мөлшерде халықтардың ұлттық сана-сезімдерінің қайта өрлеуіне ықпал етті. Себебі, кеңестік үкімет жылдарында қоғамдық және ұлттық сана-сезімдер әлсіреген болатын. Коммунистік партия ұлтсыздандыру, аз халықтарды мәңгүртке айналдыру, одан кейін орыстандыру саясатын ашық жүргізген еді. Қайта құру саясаты мемлекеттің қоғамдық-саяси институттарының бүкіл жүйесін демократияландыру және халықтың өзін-өзі басқаруын тереңдету деп түсіндірілді. Жарияланған жеделдету саясатының мақсаты - өндірісті басқару әдістерін өзгертіп, ғылыми-техникалық жетістіктерді енгізу арқылы халық шаруашылығын дамыту. Іс жүзінде ол өндіріс орындарын шаруашылық есепке көшіру және жеке меншік түрлерін дамыта отырып, нарықтық экономикаға бетбұрыс жасау еді. Бұл саясатты іске асыру мақсатында бүкіл елде кооперативтік қозғалыс басталды. Кооперативтік шаруашылықтардың тиімді жақтары бірден байқалды [18, 497]. Бірақ жеделдету бағыты ғылыми тұрғыда негізделмей, асығыс түрде енгізілген еді. Мемлекет жетекшілері экономиканы басқаруда әлі де директивалық әдістерге сүйенді. Осы жеделдету бағытының басты қарама-қайшылығына айналды. Шаралар одақтың экономикасын дағдарыстан шығара алмады. Халық шаруашылығындағы жағдай ауырлай түсті. Күнделікті тұтынатын тауарлар тапшылығы айқын сезіле бастап, азық-түлік түрлері азайып кетті. Қоғамның саяси жүйесін жаңартпайынша экономиканы басқарудың жаңа әдістері ешбір нәтиже бермейтіні дәлелденді. Кеңес Одағының тоталитарлық жүйесі мемлекеттің түрлі салалық мәселелерін шешу үшін басты бөгет болып, партиялық басшылық өзгерістерге тым асығыс көшіп кетті.
Қайта құру саясаты қарсаңындағы Кеңес Одағының жағдайымен қатар сәйкесінше сол кезде оның құрамына кірген Қазақстанның да әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлай түсті. Экономикадағы дағдарыстық ахуалдың пісіп жетілуі өнеркәсіп өнімдерін шығарудың төмендеуі мен ұлттық табыстың азаюынан айқын көрінді. ХХ ғасырдың 80-жылдары басында Қазақстанның экономикасында шикізат өндіру басымдыққа ие болғандықтан, халық тұтынатын тауарлардың 60% басқа одақтас республикалардан әкелінді, ал оның көпшілігі Қазақстанда өндірілген шикізаттардан дайындалды. Егер 1970-1975 жылдары өнеркәсіп өнімінің жылдық өсуі 8,4% болса, 1980-1985 жылдары 3,8%-ға, ал ұлттық табыс осы жылдары 4,4%-дан 1,4%-ға дейін төмендеді. Республикадағы егістік көлемі үлкен болғанымен, өнім жинаудың төмендеуі тұрақты құбылысқа айналды. Мал шаруашылығының салалары кіріссіз шаруашылықтар болып, тек құс өсіруде ғана белгілі бір ілгерілеушіліктер көрінді. Егер 1970 жылы өзін-өзі ақтай алмаған колхоздар мен совхоздардың үлес салмағы 15% болса, 1985 жылы бұл көрсеткіш 51%-ға жетті. Мысалы, қой саны 1971-1981 жылдары 3,4 миллион басқа өссе, 1981-1985 жылдары өсу тоқтаған. Қой етін өндіру 1970-1985 жылдары 19%-ға қысқарды [17, 226]. Осылайша, 1970-1980 жылдары халықтың нақты табысы төмендеп кетті. Халық тұтынатын тауарлар тапшылығы өсіп, күні бойы дүкендерде кезекте тұру дағдыға айналып кетті. Қазақстан Мәскеудегі орталық партиялық билік үшін шикізат көзі ретінде ғана қала берді. Рухани идеологиялық өмірде отарлау жүйесінің толық ықпалында болды деуге толықтай негіз бар. Ғылым мен ағартушылық салаларын қаржыландырудың қалдықты ұстанымы сақталды. Ұлттық мәдениет, салт-дәстүрлер, тіл мәселесі өте ауыр жағдайға тірелді. Орыс тілінде оқытатын мектептердің саны артып, қазақ мектептерінің саны қысқарды.Қазақ тілінің қолдану аясы тарылып, орыстандыру астыртын түрде еш білдіртпестен жүргізіліп жатты. Партиялық билік ұлтсыздандыру үрдісін қарқынды түрде жалғастырды. Маңызды мәселелердің барлығын тек Мәскеу ғана шешіп отырып, республикалар тек сөз жүзінде ғана егеменді деп саналды. Қазақстанның Коммунистік Партиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өз жұмысында көптеген кемшіліктерге жол беріп отырды. Оның маңындағылар республикадағы күрделі әлеуметтік-экономикалық, рухани, экологиялық жағдайларға немқұрайлы қарады. Қазақ халқы біртіндеп ұлт ретінде жойылу қаупіне де жақындай түсті.
Қайта құру саясаты қарсаңындағы Қазақстанның ұлтаралық мәселелер бойынша жағдайына келсек, ол да белгілі бір деңгейде ушыға бастаған да еді. Мәскеу өзінің арандатушылық әрекеттерін жүргізіп, қазақтардың Қазақстандағы үлес салмағын әлсіретіп, төмендеткісі келді. Өз шовинистік мүдделеріне жету үшін партиялық билік 60-шы жылдардағы сәтсіздігінен кейін 70-ші жылдардың соңында қазақ жерлерін бөлшектеуге келесі талпыныстар жасалғаны белгілі. Неміс автономиясын құру жобасына тікелей Мәскеу көңіл бөліп, оны кейінгі одақ басшысы Ю. Андропов ұсынған еді. Осының өзі орталық партиялық биліктің одақтас республика ретінде саналған Қазақстанды бағынышты отар ретінде санағанын көрсетеді.
1976 ж. 6 тамызда Кеңес Одағының Саяси бюросының кезекті мәжілісінде неміс автономиясы мәселесі бойынша сөз қозғалып, нақты ұсыныс жасау Ю. Андропов бастаған арнаулы комиссияға тапсырылды. 1978 ж. тамызында КОКП Орталық Комитетінің жауапты қызметкерлер тобының неміс автономиясын құру туралы хаты өмірге келді. Оған қол қойғандар: Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Ю. Андропов, КОКП Орталық Комитетінің хатшылары И. Капитонов, М. Зимянин, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары З. Нуриев, Ішкі істер Министрі Н. Щелоков, бас прокурор Р. Руденко, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы М. Георгадзе, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасының бірінші орынбасары В. Чебриков. Ю. Андропов бастаған комиссия неміс автономиясын құру үшін Қазақстанның жерлерін таңдап, оны былайша дәлелдемек болады: Кеңес Одағында 1 миллион 800 мыңнан астам неміс тұрса, олардың жартысынан көбі - 936 мың адам Қазақстанда өмір сүрген, яғни, соған сәйкес немістердің көп қоныстанған облыстары да Қазақстанда орналасқан. Ю. Андропов бастаған комиссия осындай көрсеткіштерге сүйене отырып, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Целиноград облыстарының құрамына кіретін бес ауданның территориясында, орталығы Ерейментауда орналасатын неміс автономиясын құру туралы шешім қабылдайды. Хаттың барысында бұған Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті дұрыс қарайтыны көрсетілген. Сонымен қатар, комиссия неміс автономиясының аумағы шамамен 46 мың шаршы километрге жетіп, халқы 202 мың адамнан асады, оның 30 мыңы немістер, ал партия ұйымының құрамы 10 мың коммунисттен артық болар еді деген жобасын келтіреді [19, 94]. Комиссия өзінің Қазақстанды бөлшектеуге бағытталған әрекеттерін жасырғысы келіп, жаңа облыстың құрылуын республиканың экономикасына пайда әкеледі деген сылтаумен түсіндіргісі келді. Кеңес Одағының Саяси бюросы осы қадамдар арқылы 1941 жылы таратылған Еділ жағалауындағы Неміс Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасын қайта құрып, содан бері орын алған жағымсыз келеңсіздіктерді жойғысы келгендей болды. Кеңес Одағының тоталитарлық сипаттағы әрекеттері бұлжытпай орындалуды талап етіп, оның шешімдеріне қарсы шығу қауіпті еді. Мәскеу біртіндеп қазақ жерлерін тартып алуды қайта қолға алып, жергілікті ұлттың мүдделерімен санаспауын жалғастыра берді. Мұндай әрекеттерге республика басшылығы көз жұмып қарап отырғаны да шындық.
1979 жылы 31 мамырда КОКП Орталық Комитеті Қазақ КСР-ның басшылығымен кеңеспей-ақ, Ю. Андропов бастаған комиссияның ұсыныс жобасын мақұлдап, Саяси бюро Қазақстанда неміс автономиясын құру туралы қаулыны қабылдай салды. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А. Қонаев қаулыны дайын күйінде алып, оған ешбір қарсылық көрсете алмады. Қаулыны қолына алған Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Морозов, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы С. Имашев, екінші хатшы А. Коркин де еш әрекет қолдана қоймады. Неміс автономиясын құру бойынша мемлекеттік комиссия А. Коркинге тапсырылып, ол 1979 ж. маусымының ортасына қарай Целиноград қаласына келеді [20, 5]. Неміс автономиясын құруға үлкен қарсылық бола қоймаса да, осы тұста кеңестік үкіметтің жоспарына қарсы қазақ жастары шықты. Студенттерден құралған көпшілік автономияны құруды заңсыз деп тауып, мұны болдырмауға әрекет жасауға өзара келісімге келді. Целиноград қаласындағы 1979 жылғы оқиға осылай басталады.
1979 жылы 13-15 маусым күндері Целиноград қаласындағы студенттер өзара хабарлармен алмасып, ереуілдерге шығу туралы бір шешімге келіп, орталықтың әміршіл заңсыз қаулысына қарсылық танытуға көшеді. 16 маусым күні ұрандар айтып, транспаранттар ұстап, жастар Целиноградтағы Ленин алаңына шығып, неміс автономиясының Қазақстанда құрылуына қарсы екендіктерін білдіреді. Қолдар жинап, қарсылық хат жазған олар оны басшылыққа тапсырады. Жастардың жауабына ешбір қанағаттанарлық жауап берілмей, олар 19 маусым күні қайтадан алаңға шығады. Бұл күні жастар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Морозовтың жауабын күтіп, тек ол автономияның құрылмайтынын айтқаннан кейін ғана тарайды. 19 маусымда алаңға шыққан жастар саны 6-7 мыңға дейін жетті [21, 13]. Целиноград оқиғасы тоталитарлық орталық үшін күтпеген қарсылық болды. Заң жүзінде және толықтай КСРО Конституциясының баптарын басшылыққа алғандықтан, жастардың әрекеттеріне кеңестік үкімет бұл жолы қатаң жазалау ұйымдастыра алмай қалды. Алайда, жазалауға деген ұмтылыстардың болғаны да белгілі. Тек Д.А. Қонаевтың араласып, ереуілдерге қатысушыларға қатаң жаза қолданбау туралы талабынан кейін ғана жастарға қатысты қылмыстық істер жүргізілген жоқ. Дінмұхамед Ахметұлының кеңестік билікке ашық түрде болмаса да, белгілі бір деңгейде қарсылығы болғаны осыдан көрінеді. Бірақ, республика басшысының көптеген тұстардағы дәрменсіздігі, әрине, оның орталыққа бағынышты болғанын айқын дәлелдеп береді. Целиноград жастарының отансүйгіштік қасиеттерінің оянып, ұлттық республиканың шекарасына нұқсан келтіруге болмайтынын алға тартып, Мәскеу шешімін заңсыз деп тануы елеулі оқиға болды. Целиноград жастарының қарсылығынан кейін неміс автономиясын құру жобасы сәтсіздікке ұшырады.
Сол кездегі жастардың ұрандары келесідей болды: Біз автономияға қарсымыз, Советтік Қазақстан бөлінбейді, Велика Республика Казахстан, но она для всех одна, Территория союзной республики не может быть изменена без ее согласия (Конституция СССР. Статья 78) және т.б. [19, 115] Целиноград жастарының ұлттық талап-тілектерді ашық айта қоймауы байқалса да, олар Қазақстанның тұтастығын негізге ала отырып, осыны басты дәйек ретінде алға тартқаны осы ұрандардан көрінеді. Жастар кеңестік билікке қарсылығын ашық білдірмей, кеңестік Қазақстанның мүдделерінің және құқықтарының сақталуын талап етеді. Неміс автономиясына деген қарсылық кезінде шерушілер арасында ауызбіршілік болды. Олар ұйымдасқан түрде және арандатушылық элементтерге жол бермей ереуіл жүргізді. Стихиялы түрде бірден көтеріле қалса да, ереуілшілер шашыраңқы қимылдарға бармады. Ұйымдасқан түрдегі әрекеттер нәтижесінде ғана олар өз мақсатына жете алды.
Целиноград жастарының наразылығын анықтау үшін 19 маусымнан кейін тез арада қалаға Мәскеуден арнайы түрде Орталық Комитеттің ұйымдастыру бөлімінің сектор меңгерушісі Ф. Мищенко мен Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің генерал-полковнигі Ф. Бобков келеді. Олардың міндеті - неміс автономиясын құруға қалайша қарсылық жасалғанын, оны ұйымдастырған адамдарды анықтау болды. Олар егер қарсылық халықтық сипатта болмай, жекелеген ұлтшыл жастар тарапынан туындағаны анықталса, автономия мәселесін қайта қозғауға даяр сияқты көрінді. Орталықтың қазақ қайраткерлерінің арасынан шовинистік мақсат іздеп табуға деген ұмтылысы байқалып, Ақмола өңірінің тумаларына назар ауады. Өңір жастары арасында беделі бар деген сылтаумен Ж. Тәшенев пен С. Ниязбековке қатысты күдік туындап, мұны анықтау жұмыстары жүргізіледі. Кеңестік тексерушілер ойынша, аталған екі қайраткер Целиноградқа арнайы жасырын келіп, студенттерді шеруге үгіттеп кетіп қалған. Тексерушілердің пікірінше, тіпті, С. Ниязбеков қалада болмаса да, Алматыдан өз адамдары арқылы Целиноград жастарын ереуілге шақырып үгіттеп отырған [22, 6]. Мәскеу қазақ қайраткерлерін айыптауға тырысып, өз жоспарын жүзеге асыру үшін жаңа себептер іздеді. Ереуілді ұлтшылдық деп айыптауды көздеп, жазалау шараларын ұйымдастырғысы келді. Алайда, тексеріс жұмыстары барысында ешбір республика басшылары мен қайраткерлерінің іске қатыстылығы анықталмай шығады. Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлерінің тексерістері нәтижесінде автономияға қарсылықтың туындауына республика басшылары мен облыс жетекшілерінің осы мәселеге жеңіл-желпі қарауы, оған тиісті саяси мән бермеуі себеп болды деп қорытынды жасалады. Тексеру жұмыстары кезінде студенттердің ешбір үгіттеусіз алаңға шығып, қазақ жерлерінің тұтастығын бөлшектеуге түбегейлі қарсы екендіктерін ашық айтуы бұл наразылықтың жалпыхалықтық сипат алып, одан сайын өсіп кетуі мүмкін болғанын анық айқындап берді. Мәскеу мұндай қауіптің алдын алу үшін жағдайды ушықтырмас үшін неміс автономиясын құру туралы жоспарын жүзеге асыруда асықпауға бекінеді.
Кеңес Одағының Коммунистік Партиясының Орталық Комитеті Целиноград жастарының қарсылығынан кейін асығыс қимылдардан тартқыншақтанып, республика басшысы Д.А. Қонаевтың ұсынысын ескере келіп, қайта дайындық жұмыстарын біртіндеп жүргізуге кіріседі. Автономияның қажеттігін халыққа кең көлемде түсіндіру жұмыстарына көшеді. Бірақ, нәтижесінде, бұдан еш нәтиже шықпай, 1980 жылы 19 ақпанда неміс автономиясын құру туралы жоба саяси айналымнан алынып тасталды [20, 5]. Целиноград көтерілісінің нәтижесінде орталықтың кезекті жоспары жүзеге аспай қалды. Тоталитарлық орталықтың Целиноградтағы ереуілдерді болдырмауға деген ұмтылыстары болғаны сөзсіз, алайда әзірше бұл мәселе тиісті дәрежеде қолға алынбай, көлеңкелі жағдайда қалып отыр. Целиноград жастарын 19 маусымда алаңға шығартпау үшін үгіт-нәсихат жұмыстары жүргізілгенімен, соған қоса, алаңға таяу көшелер автобустармен бөгелсе де, студенттер алаңға жиналып, өз ереуілдерін жалғастырды. Кеңестік үкіметтің жалпыхалықтық сипаттағы қарсылыққа қарсы шара қолдануы іске аспай, орындалмай қалды. Бүгінгі күні Целиноград оқиғалары зерттеу айналымына енгізілуі тиіс тақырыптардың бірі болып табылады, себебі кеңестік үкіметтің заңсыз шешімдеріне қарсылық танытқан алғашқы жастар шерулерінің бірі осы еді. Целиноград жастары КСРО Конституциясының республика шекарасын оның рұқсатынсыз ешкім өзгерте алмайды деген 78-ші бабына сүйенген еді. Кезінде дәл осындай бапты Жұмабек Ахметұлы Тәшенев солтүстік жерлерді сақтап қалу үшін қолданғаны белгілі.
Целиноград оқиғасы қайта құру саясаты қарсаңындағы Қазақстандағы саяси-әлеуметтік жағдайды талдауда маңызды орын алады және сөзсіз назарға алынуы тиіс. Бұл оқиға тағы да республика басшылығының орталық партиялық билік алдындағы дәрменсіздігін көрсетіп берді. Д.А. Қонаевтың араласуымен ғана ереуілге қатысқан жастарға қатысты қылмыстық істер қозғалмады, бірақ Дінмұхамед Ахметұлы партиялық шешімдерге ашық қарсы шыға алды деу қате сияқты. Осы тұста республика басшылығының келісімінсіз неміс автономиясын құру қолға алына салды деп есептейтін көзқарастарды талдайтын болсақ, онда бұл пікірдің жаңсақ екенін байқаймыз. Республика басшылығы, керісінше, жобаны жүргізуге келісім беріп қана қоймай, орталықтың жоспарына барынша қолдау жасауға келіскен де болды. Біріншіден, Д.А. Қонаев Саяси бюро мүшесі болғандықтан, мәселеге тікелей қатысты еді. Екіншіден, болашақ автономиялық құрылымға қандай аудандар кіретіндігін анықтау үшін шамадан тыс үлкен науқан ұйымдастырылып, бұған партияның одақтық және республикалық Орталық Комитеттері, Министрлер Кеңестері, Жоғарғы Кеңестерінің аппараттары қатысты. Кадрларды іріктеу әуелі Алматымен, сосын Мәскеумен келісу және басқа шараларды жүзеге асыру тәртібі Д. Қонаевты және оның айналасындағы қызметкерлерді, Министрлер Кеңесі мен Жоғарғы Кеңесті айналып өтпегені түсінікті.
Л. Ахметова Патриотизм в ракурсе истории деген монографиясында сөз болып отырған неміс автономиясы мәселесі жөнінде кеңес үкіметінің басшылығының қандай мақсаттарды көздегенін былай деп көрсетеді: 1) бұл жобаның авторлары қазақстандық немістерге этнос есебінде ұлттық толық салмақтылығын танытатын ең керектісі кеңес ұлттық мемлекеттігінің осы түрі, яғни, автономия екендігін сездіргісі келді; 2) кеңес басшылығы Қазақстанда неміс автономиясын құра отырып, тарихи әділеттілікті қалыптастырып қана қоймай, соған қоса, ең бастысы, олардан кешірім сұрағандай ниет білдіруді көздеді, алайда мұндай кешірім сұрау байырғы халықтың - қазақтардың есебінен жасалғанын авторлар ескере қоймады; 3) жаңа мемлекеттілікті жандандыру еліміздегі неміс қауымдастығының арасында қаулап өскен шет елге кетеміз деген теріс пиғылға тоқтау болып, бұл мәселе күн тәртібінен түседі деп есептелді, себебі қазақ жерінде немістердің жартысына жуығы (900 мыңнан астам) тұратын [19, 103]. Кеңес Одағы басшылығың осындай мақсаттары болғанымен, олар қазақтардың мүдделеріне түбегейлі қарама-қайшы келді. Сондықтан Мәскеу билігі немістерге автономия беріп, оларға арнап игі іс жасағысы келді деген ой күмән келтіреді, себебі тоталитарлық орталықтың саясатының сипаты шовинистік еді. Кеңес үкіметінің орыстандыру үрдісін басшылыққа алып, жалпыкеңестік халық құрып, ұлттық ерекшеліктерді жойғысы келгені анық.
1985 жылы басталған қайта құру процесі өмірдің барлық салаларын қамтып, жаңа өзгерістердің үрдісі өрбіп жатты. Кадр мәселесі қолға алынды. Басшы қызметкерлердің бірі орнынан алынып, бірі жауапқа тартылып жатты. Партия қабылдаған жаңа саясатын жүзеге асыратын лауазымды қызметкерлерді тағайындауға көшіп, ескі жүйедегі адамдарды орындарынан босатып жатты. Республика жұртын мазалаған жағдайдың бірі - Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өз қызметінен босау-босамауы еді. 1964 жылдан бастап республиканы басқарған оның халық алдындағы беделі үлкен болды. Дегенмен, жасы келіп қартайғандықтан, қайта құру саясатын жүргізуге шамасы келмейтінін білдіріп, ол өз қызметінен өзі кеткісі келетіні жайлы ұсыныстар жасағаны туралы сөздер тарайды [23, 4-5]. Дінмұхамед Ахметұлының орнынан босатылуы республика өміріне үлкен өзгерістер әкелетіні сөзсіз болды. Бұл тұста сол өзгерістердің жақсы жаққа, не кері әсерлі жаққа бағытталатыны партияның өзіне байланысты еді. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орталық үшін тиімсіз басшы болғаны анық. Л.И. Брежневтің жеке қолдауына ие болған ол брежневтік кезеңнің адамы болғандықтан, М.С. Горбачев Д. Қонаевқа сенім арта қоймады. Дінмұхамед Ахметұлының кезіндегі Қазақстан орталықтың қатаң бақылауынан шыға алмаса да, елдің жағдайы тұрақты бола алды деуге толықтай негіз бар, бірақ алға қарай ілгерілеушіліктер байқалмады. Осының өзі партияның оны қызметтен аластатуына себептер тудырғандай болды. Д. Қонаевтың мемлекет қайраткері ретіндегі рөлін жоққа шығару әділетсіз болар еді, сондықтан оның жетістіктері мен кемшіліктерін ескере келе, ол партиялық тоталитарлық жүйе кезінде қазақ халқы үшін көп еңбек сіңіре алды деген тұжырым жасай аламыз.
Қорыта келе, ХХ ғасырдың 80-жылдарының басында Кеңес Одағы үлкен дағдарысқа тап болды. Брежневтік кезең тұсында байқала бастаған дағдарыстық белгілер 1985 жылға қарай одан сайын өрбіп кетті. Сол себепті қайта құру саясаты ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz