Сібір және Түркістан автономиялары мәселесі


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 61 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

КІРІСПЕ . . . 4

1. Қазақстан аумағында Кеңес үкіметінің орнатылуы

1. 1 Қазан төңкерісі қарсаңындағы Қазақстан . . . 9

1. 2 Алашорда және Кеңес үкіметінің орнатылуы . . . 17

2. Қазақ АКСР-ның қалыптасуы және ұлттық аумақтық

тұтастықтың қалпына келтірілуі

2. 1 Қазақ АКСР «әскери коммунизм жылдарында » . . . 33

2. 2 Қазақ АКСР ЖЭС жылдарында . . . 43

2. 3 Шекаралық-территориялық межелеу және ұлттық аумақ

тұтастығының қалпына келтірілуі . . . 50

Қорытынды . . . 56

Қолданылған әдебиеттер тізімі . . . 58

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ халқы үлкен тарихи кезеңдерден өтіп, бүгінгі күні тәуелсіз ұлттық мемлекетінде өмір сүріп жатыр. Президент Н. Ә. Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» [1] атты кітабында атап өткендей, бүгінді ойлағанда, алдымен өткенге назар аудару керек. Өткенді саралай отыра, бүгін және ертеңгі күні сол тәжірибені пайдалана білген дұрыс. Отандық тарихымыздың көптеген кезеңдері ішінде халқымыз ауыр тигені - кеңестік уақыт. Бұл аралықта қазақ халқы екі бірдей ашаршылықты, саяси репрессияларды басынан кешіріп, ұлт ретінде жойылу қаупіне ұшырады. Ұлттық сана-сезімді коммунистік идеология еш білдіртпестен басып тастап, халықты ұлтсыздандыру саясаты жүргізілді. Кеңестік кезеңдегі Қазақстанды талдағанда көп жағдайда әлі де Қазақ кеңестік республикасының алғашқы жылдарына толықтай назар аударылмай отыр.

Қазақстанда кеңестік биліктің орнатылуы мен жүзеге асырыла бастауы мәселелерін зерттеу бүгін де күрделі болып отыр. Аталған проблеманы қарастыру барысында Қазақстанның Қазан төңкерісі мен Азамат соғысы жылдарындағы жағдайы кеңестік уақытта қатты бұрмаланды. Кеңестік тарихнама 1917-1920 жж. тарихты баяндауда тікелей большевиктерді халықтарды азат етуші ретінде көрсетіп, барлық ұлттық либерал-демократиялық күштерді үстем таптың мүдделерін қорғаушылар деп дәріптеді. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы Азамат соғысы жылдарында орыс казак әскерлерімен қатар кеңестік әскерлер тарапынан жасалған террорлық әрекеттер көп жағдайда айтылмай кетеді. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің сол уақыт аралығындағы рөлі кеңестік тарихнамада мүлде жоққа шығарылып, толықтай буржуазиялық күштер ретінде ғана көрсетілген. Солардың бірі - кеңестік үлгідегі Қазақ республикасының шекарасын анықтау мәселесі. Бұл тұста қайтадан ленинистердің көзқарастарымен қарама-қайшылықтар байқалып, кеңестік тарихшылар қазақ территориясының шекарасын анықтап бекітудегі қазақ қайраткерлерінің орнын жоққа шығарады. Мұның өзі зерттеуді талап ететін күрделі мәселелердің бірі болып табылады.

Азамат соғысы жылдарынан кейін қалыптасқан кеңестік үлгідегі Қазақ республикасының алғашқы жылдарын қарастыру маңызды. Атап айтсақ, бұл оның 1920-1925 жж. аралығындағы саяси-экономикалық ішкі өмірі болып келеді. Соғыстың салдарынан қазақ жерлерінде ашаршылық басталып, 1920-1921 жж. республика аумағында миллиондаған адам қырылды. Осындай қиын кезде орталық биліктің оны тоқтату шараларын тез жүзеге асырмауының өзі кеңестік орталық биліктің алғашқы жылдардан-ақ қазақ халқына қатысты кері ұстанымда болғанын көрсетеді. Амнистия жарияланған «Алаш» қайраткерлерінің қайтадан қудалана бастағаны да белгілі. Соған қоса, қазақтың кеңестік республикасына әлі де өзінің тарихи атауы қайтарылмай, «қазақ» этнонимінің орнына «қырғыз» атауы қате қолданылды. Тек 1924-1925 жж. шекаралық-аумақтық межелеу нәтижесінде ғана қазақтың территориялық тұтастығы қалпына келтірілгендіктен және республикаға тарихи байырғы атауы қайтарылғандықтан, Қазақ кеңестік республикасының алғашқы жылдарының мәселелерін шартты түрде осы уақыт аралығымен шектеуге болады. Себебі әрі қарай сталинистік жүйе жылдарындағы Қазақстан бойынша оқиғалар өрбиді.

Міне, жоғарыда аталған мәселелер бойынша зерттеулер қолға алынуы тиіс. Кеңестік Қазақ республикасының қалыптасу және алғашқы даму жылдары тиісті тарихи бағасын алуы керек өзекті мәселе. Бұл тақырыпты қарастыру және талдау барысында кеңестік биліктің қазақ халқына тигізген зардаптарының алғашқы жылдары-ақ болғанын және оның тоталитарлық сипатын анық көре аламыз. Қазақ кеңестік республикасы тікелей әкімшіл-әміршіл жүйенің ықпалында болып, тек шартты түрде ғана өзін-өзі басқарғаны да рас. Алайда, оның құрылуы қалай дегенмен де қазақ мемлекеттілігінің кезекті бір кезеңінің бастамасы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Осындай проблемалық зерттеу алғышарттарына байланысты кеңестік үлгідегі Қазақ республикасының алғашқы жылдарын қарастыру мәселесі маңызды әрі өзекті екенін көрсетіп отыр.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстанда кеңестік биліктің орнатылуы мен кеңестік үлгідегі Қазақ республикасының құрылуы бойынша зерттеулердің жаңашыл көзқараспен жүргізілуі бүгінгі күннің еншісінде. Себебі тақырыптың зерттелу деңгейі кеңестік уақытта қатты бұрмаланып, коммунистік партияның бақылауында болғаны белгілі. Тақырыптың зерттелу кезеңдеріне назар аударсақ, оның көптеген тұстарына объективті баға берілмегенін көре аламыз.

XX ғасырдың 20-жылдары қазақ өлкесінің тарихын зерттеудің ғылыми және ғылыми-ұйымдық ұстанымдарының негізі салынды. Бұл үрдістін айқын түрдегі таптық-идеологиялық, партиялық сипаты болды, себебі Қазақстанда партия ұйымдарын құрумен тығыз байланыста жүргізілді. Дәл осы фактор тарих көріністерін таңдауда, жекелеген тарихи тұлғалардың және тұтас оқиғалар мен құбылыстардың КСРО ыдырағанға дейінгі кезеңдердегі рөлі мен мәнін бағалауда айқындаушы маңызға ие болды. Сондықтан алғашқы тарихи жұмыстар Қазақстан аумағындағы революциялық проблемаларға, Азамат соғысы тарихына арналды. 20-30-жылдардағы басылымдарда, кейіннен партия және кеңес органдарының көрнекті қызметкерлері болған, Азамат соғысы мен Кеңес өкіметі үшін күрестің белсенді қатысушыларының қаламынан туған мемуарлық сипаттағы материалдардың үлесі орасан зор болды. Бұл авторлардың жарияланымдарында 1917 жылдың қарсаңындағы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай, тұрғындардың әр алуан жіктерінің 1917 жылғы екі төңкеріске қарым-қатынасы, 1918-1920 жылдардағы «қызылдар» мен «ақтардың» қарулы қақтығыстары туралы зерттеушілердің қалың ортасына көп белгілі емес, қызықты материалдардың болуымен құнды, сондай-ақ «пролетариат диктатурасы» мемлекетінің органы ретіндегі жергілікті Кеңестердін калыптасу үрдісі туралы мәліметтер келтірілген. Сонымен катар ол жарияланымдарда, орталықтағы Казан төнкерісінің женісі және Ресейдің ұлттық шет аймақтарында, соның ішінде Қазақстанда да Кенес өкіметін орнату еңбекшілердің түпкілікті мүдделеріне жауап беретін занды кұбылыс екендігі және сондықтан да Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінін және олардың жақтастарының коммунистік идеология мен Кеңес өкіметінің нақты іс-қимылдарына қарсы бағытталған теориялық көзқарастары мен практикалық іс-шаралары халыққа және революцияға қарсы әрекет болып табылатындығы жайындағы тезисті дәлелдеуге талпыныс жасалған. ХХ ғ. 20-жылдарындағы еңбектердің кемшіліктерінің бірі деректемелік негізінін әлсіздігі еді. Ол кезде Қазан революциясы мен Азамат соғысының құжаттары жарияланбады. Kөп жағдайда зерттеушілер өз қорытындыларын революция мен Азамат соғысының даму үрдісін сипаттайтын фактілердін бүкіл жиынтығын есепке алмай, сол тұста қол жетерлік болған жекелеген деректерге негізделіп шығаруға мәжбүр болды.

ХХ ғ. 40-50-жылдары басылып шыққан жұмыстардың көпшілігі шолу сипатында және негізінен журнал мен газет мақалалары түрінде басылды, оларда талдау мен жалпы қорытындылар аз, деректік негізі әлсіз болды. Мұрағаттық дереккөздер, бірінші кезекте қазақ тіліндегі мерзімдік баспасөз материалдары жеткіліксіз пайдаланылды (дұрысында, мүлде пайдаланылмады) . Сондықтан 1917-1920 жылдар кезеңіндегі Қазақстан тарихының көптеген беттері Ресейдің орталық аудандарындағы Қазан революциясы мен Азамат соғысы оқиғаларын суреттеу сұлбасына сәйкес, жергілікті (қазақстандық-түркістандық) ерекшеліктер ескерілмей жазылды. Қазақстан мен Орта Азия тарихшылары ХХ ғ. 60-80-жылдары екі революция мен Азамат соғысы тарихын зерттеуде елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл уақытта көптеген мақалалармен бірге, Қазақстандағы және тұтастай алғанда қазақстандық-түркістандық аймақтағы революция мен азаматтық қарсыласу тарихының манызды мәселелерін зерттеген байыпты монографиялық жұмыстар да жарық көрді. Бұл тұста Т. Е. Елеуовтің [2], В. К. Григорьевтің [3], К. Нұрпейісовтің [4] және т. б. ғалымдардың монографияларын, Қазақстан мен Орта Азия тарихшыларының ұжымдық еңбектерін атауға болады. 1917 жылғы революция мен одан кейінгі Азамат соғысының тарихын зерттеудегі бетбұрыс, кеңес кезеңі тарихының басқа проблемаларындағыдай, КСРО-дағы демократиялық үрдістердің әсерімен зерттеушілер оқиғаларға кешенді және объективті талдау жүргізудің мүмкіндігін алған 80-90-жылдар соңында жасалды. Бұл кезең отандық тарихтың қандай да бір кұбылыстарын түсіндіруде партиялық-таптық ұстанымдардан бас тартуға негізделген жаңа тұғырнамалық сипаттағы зерттеулердің өмірге келуімен ерекшеленеді. Мәселен, проблемаларды тарихнамалық және дереккөздік негізде зерттеуге М. К. Қозыбаев [5] айтарлықтай үлес қосты. Өз жұмыстарында М. К. Қозыбаев, басқа да мәселелермен қатар, зерттеушілер назарын «біздің саяси доктринаға көзқарасымызды үшінші дүние елдерінің отаршылдыққа қарсы күресінің құрамында» және Алаш партиясының нақты іс-әрекеттері негізінде анықтау қажеттілігіне аударды.

1991 жылдан «Алаш» қозғалысы тарихын зерттеудің жаңа кезеңі басталып, кеңестік биліктің алғашқы жылдардағы саясатына шынайы баға беру жүрді. Бұл ретте қазірге дейін үстем болып келе жатқан әдіснамалық императивтердің (кесімді талаптардың) ғылыми негізінің жоқтығын сезіну мен жаңа теориялық аппараттарды және неғұрлым жетілген тұғырнамалық құралдарды меңгеру қажеттілігі өзінен-өзі түсінікті. Зерттеушілік ойдың жандануы мен деректемелік негіздердің кеңеюі жарияланған жұмыстардың сапасына оң ықпал етті. Проблемалық мақалалар, ғылыми конференциялар мен семинарлардағы, «Дөңгелек үстелдегі» пікірталасты материалдармен бірге, жалпы тұрғыдан зерттеуші, монографиялық сипаттағы еңбектер, энциклопедиялық сөздіктер, оқулықтар, оқу құралдары, құжаттық-деректі басылымдар, қозғалыс көсемдерінің шығармалар жинақтары жарық көре бастады. Олардың едәуір бөлігі қазақ тілінде шықты. К. Нұрпейісовтің [6], М. Қойгелдиевтің [7], Т. Омарбековтің [8] және т. б. ғылыми жұмыстарында «Алаш» тарихының әр алуан аспектілері көрініс тапты.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақстанда кеңестік биліктің орнатылуы мен Қазақ кеңестік республикасының алғашқы қалыптасу жылдарына ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, жаңашыл көзқараспен талдау жасалып, тақырып жан-жақты қарастырылды.

Зерттеу объектісі. Қазақстанда кеңестік биліктің орнатылуы мен Қазақ Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасының 1920-1925 жж. аралығындағы саяси-экономикалық өмірі.

Зерттеу пәні. Қазақ Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасының ұлттық мемлекеттілік тарихымыздың бір кезеңі ретіндегі орны.

Зерттеудің қамтитын мерзімі Қазақстанда кеңестік биліктің орнатылуы мен Қазақ Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасының қалыптасуы жүрген 1917-1925 жж. аралығы. Осы аралықта кеңестік үкімет ел аумағында орнап, кеңестік үлгідегі Қазақ автономиясы нығайды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты -Қазақстан аумағында кеңестік биліктің орнатылу барысына және кеңестік биліктің республикада орнығуына назар аудара отырып, Қазақ Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасының алғашқы жылдарының тарихын баяндау. Соған сәйкес аталған тақырып бойынша кеңестік уақытта бұрмаланған тұстарға шынайы тарихи баға беруге көзделеді. Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысында мынадай міндеттер алға қойылып отыр:

  • Қазан төңкерісі қарсаңындағы Қазақстан;
  • Алашорда және Кеңес үкіметінің орнатылуы;
  • Қазақ АКСР «әскери коммунизм» жылдарында;
  • Қазақ АКСР ЖЭС жылдарында;
  • Шекаралық-территориялық межелеу және ұлттық аумақ тұтастығының қалпына келтірілуі.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Тарихшы мамандардың осы тақырып бойынша еңбектері, мақалалары, арнайы басылымдар, оқу-әдістемелік құралдар және құжаттар болып табылады.

Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі. Зерттеу жұмысында қойылған мәселелерді ғылыми тұрғыдан ашып көрсету мақсатында тарихи зерттеудің диалектикалық тәсілдерімен тығыз байланысты тарихилық және объективтілік сияқты негізгі методологиялық принциптер басшылыққа алынды.

Жұмыстың қолданбалық маңызы: Зерттеу жұмысының нәтижелері мен ұсыныстары отандық тарих ғылымының дамуына, болашақтағы жаңа тарихи зерттеулер ұйымдастыруды жетілдіруге көмектеседі.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен құралған.

Кіріспеде диплом жұмысының зерттеу мәселесінің өзектілігі көрсетіліп, ғылыми маңызы анықталған.

Бірінші тарауда Қазақстан аумағында кеңестік биліктің орнатылуы бойынша мәселелер қарастырылады.

Екінші тарауда Қазақ Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасының қалыптасуы және ұлттық аумақтық тұтастықтың қалпына келтірілуі бойынша мәселелер зерттеліп көрсетіледі.

Қорытындыда зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен жасалған ұсыныстары шығарылған.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімінде диплом жұмысында қолданылған 50 әдебиет пен басылымдар жүйелі түрде көрсетілген.

1 ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДА КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ОРНАТЫЛУЫ

1. 1 Қазан төңкерісі қарсаңындағы Қазақстан

1917 ж. Ақпан төңкерісі нәтижесінде Ресей империясының монархиялық билігі құлап, оның орнын буржуазиялық Уақытша Үкімет алмастырды. Империя құрамындағы түрлі халықтар осы төңкеріс нәтижесінде берілген мүмкіндіктерді пайдалануға көшті. Әр халықтың интеллигенция өкілдері өз ұлттық мүдделерін жүзеге асыруға кірісті. Осы тұста қазақ интеллигенциясы да белсенділік танытып, Ақпан төңкерісі тудырып отырған жағдайларды қолдана бастады. Қазақстан аумағының сол уақытта Далалық өлке және Түркістан өлкесі болып екі әкімшілік аумақта бөлініп жатуы территориялық тұтастықтың қалпына келуіне бөгеттер тудырып отырды. Соған қарамастан әр облыста жергілікті қазақ комитеттері құрылып жатты. Ақпан төңкерісіне дейін-ақ қазақ интеллигенциясының екі ірі бағыты қалыптасып қойғанын да атап өткен жөн. Себебі Ақпан төңкерісінен кейін осы екі интеллигенциялық топ қазақ мемлекеттілігінің қалпына келтірілуі мен болашақ құрылымына қатысты екі түрлі жол ұстанды.

Біріншісі - Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ либерал-демократтары. Оның мүшелерінің басым бөлігі «Қазақ» газетінің маңына топтасты. Бұл топтың қызметінің сипатын талдайтын болсақ, оған келесі белгілер тән: бейбіт әрі заңды (легитимдік) жолмен мақсатқа жету, ұлттық мақсат-мұраттарды реформалар арқылы жүзеге асыру, барынша қантөгіссіз қимылдау. Қазақ либерал-демократтары екінші топтың көзқарастарымен Түркістан мәселесіне байланысты толықтай келісе алмады [9, 29-30] . Түркістан мәселесі - күрделі проблема болды. Себебі, ХІХ ғ. 60-жылдары Қазақстан мен Орта Азияның Ресей құрамына өтуіне байланысты қазақтың оңтүстік аймақтары ортаазиялық халықтардың аумақтарына қосылып, Түркістан өлкесіне біріктірілді. Нәтижесінде, әкімшілік-аумақтық, шаруашылық және тұрмыстық жағынан 50 жылдан астам уақыт бойы өзара сіңісіп кеткен Түркістан өлкесінің халықтарынан бірден жергілікті қазақ жерлері мен халқын бөліп ала салу мүмкін емес еді. Бұған біраз уақыт керек болды. Сол себепті екінші интеллигенциялық топ Түркістан халықтарының біртұтастығын сақтап, Түркістан мемлекетін құрғысы келді. Бұл идея Түркістанның біріккен саяси күш ретінде сыртқы күштерге қарсы тұруын көздеп, соған орай Түркістан халықтарының әрқашан бірге болуын қалады. Түркістан идеясын жақтаушылардың ойынша, түркі халықтары өз тәуелсіздіктеріне тек бірге болса ғана жете алатынына және тек біртұтас болса ғана сол тәуелсіздіктерін сақтай алатынына сенді. Мұнымен келіспеген қазақ либерал-демократтары Түркістан халықтары өз дербестіктері үшін жеке ұлттық автономияларын құру арқылы ұмтылуын қолдады. Олар әр халық жеке мемлекет болып, жеке өмір сүруі керек деп түсінді. Егер, тіпті, Түркістан мемлекеті құрылса да, ондағы халықтардың әлеуеттерінің тең болмауынан үлкен қиындықтар туындайтынынан қауіптенді. Яғни, ортаазиялық халықтарға тән діни фанатизмге, ескішілдікке беріктік прогресске емес, регресске әкелуі мүмкін еді. «Батысшылдық» көзқарастарға негізделген қазақ либерал-демократтары қазақ халқына мұндай біртұтастық идеядан пайдадан гөрі зиян көп болатынын алға тартып, Түркістан халықтарының арасалмағы тең болмайынша, бұл идея жүзеге аспайтынын көрсетті. Демек, олар мұның мүмкін еместігін айтқысы келді.

Осындай қарама-қайшылықтарға қарамастан екі топты қарсыластар деп санауға болмайды. Екі тарап та Ақпан төңкерісінен кейін біріге отырып, бірнеше съездер өткізеді. Қазақстан мен Түркістанның болашағына қатысты шешімдерді біріге отырып жасаған интеллигенция өкілдері өзара байланыстарын нығайта берді. Түркістанның өкілдері далалық аймақтардағы съездерге қатысып, күшті саяси одақтас тапты. Екі қозғалыс та Қазақстан мен Түркістанда тәуелсіз ұлттық мемлекеттердің құрылуы жолында бірігіп қызмет етті. «Алаш» қозғалысының либерал-демократтар тобының өкілдері: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев және т. б. Ал Түркістан қозғалысының өкілдері: М. Шоқай, М. Кари, А. Фитрат, М. Бехбуди және т. б. Егер «Алаш» қозғалысының өкілдерінің басым бөлігі Ресейдің жоғарғы оқу орындарында білім алған, «батысшылдық» идеяларды қолдайтын азаматтар болса, Түркістан қозғалысының өкілдері «шығыстық» бағыттағы ұстанымдарды қолдайтын, пантюркистік-панисламистік идеяларға негізделген топ еді.

Осы тұста екі қозғалыстың жетекшілері Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайдың байланыстарында өзара татулық пен бірлесе отырып әрекет жасауын атап өткен жөн. Екі қайраткердің бірге іс атқара бастауы 1914 ж. IV Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының хатшылығына М. Шоқайдың тағайындалуынан басталады. Себебі оны бұл орынға ұсынған да Ә. Бөкейханов еді [10, 64] . Сондықтан осының өзі екі тұлғаның бір-біріне жақын екенін көрсетеді. Ә. Бөкейханов М. Шоқайдың саяси санасының қалыптасуына және тәжірибе жинауына ықпал ете білді. Екі ұлт-азаттық қозғалыстың алғаш біріге өткізген жиындарының бірі Торғай облыстық съезі болды.

Уакытша Үкімет империяның Қазақстан сияқты отарлы аймақтарында кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың ұлттық-либералдық интеллигенциясының жекелеген өкілдерінен өз комиссарларын тағайындады. Мәселен, 1917 жылы 7 сәуірде кадет Н. Щепкин басқарған құрамында Ә. Бөкейханов және М. Тынышбаев бар Уақытша Үкіметтің Түркістан комитеті қүрылды. Көп кешікпей Ә. Бөкейханов Семей облысындағы, ал халықшыл социалист О. Шкапский мен М. Тынышбаев Жетісу облысындағы Уакытша Үкіметтің комиссарлары болып тағайындалды. М. Шоқай, А. Бірімжанов, А. Кенесарин сияқты қазақ зиялылары да Түркістан өлкесі мен Торғай өңіріндегі Уақытша Үкіметтің жергілікті органдарында жауапты қызметтер атқарды [6, 98] . Облыс, уезд орталықтарында Уақытша Үкіметтің жергілікті органдары - атқару комитеттері, коалициялық комитеттер, азаматтық комитеттер жүйесі қалыптасты.

Ақпан революциясы жеңіске жетісімен Ә. Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының 15 өкілі "Қазақтарға, жаңарған Россияның ерікті азаматтарына" деп аталған мәлімдемені жариялады. Онда атап айтқанда былай делінді: " . . . Россияның барлық халықтары үшін бостандықтың, теңдіктің және туысқандықтың күні туды. Жаңа қоғам мен жаңа үкіметті қолдау үшін қазақтар ұйымдасуы керек. Жаңа қоғамды қолдайтын барлық ұлттармен байланыса жұмыс істеу қажет. Қазақтар Құрылтай жиналысына дайындалып, лайықты кандидаттарды белгілеуі керек. Біз сіздерді ескі қазақшыл айтыстар мен отбасының ұрыс-керісін тастауға шақырамыз, халықтың ұраны - бірлік пен әділеттілік. Жер мәселесін тез арада талкылаңыздар. Біздің ұранымыз: демократиялық республика және жерді одан мал шаруашылығы мен егіншілік арқылы табыс алатындарға беру. Құдайдан басқадан қорықпаңыздар . . . Әділет жолымен жүріп, жаңа үкіметті қолдаңыздар. Министірліктің азық-түлік ісі жөніндсгі өкілдері мен майдандағы өзіміздің жұмысшыларға көмек көрсетушіз керек. Халықтың пікірін жеткізіңіздер . . . " Үндеу авторларының біразы көп кешікпей Петроградқа келіп, онда Мемлекеттік Думаның мүшесі И. Ахтянов шақырған мұсылмандар мәжілісіне қатысты. Мәжілісте қазақтардан Ә. Бөкейханов, Н. Құрбанғалиев, А. Кенжин, Ж. Сейдалин, М. Дулатов және М. Бозтаев болды [11, 112] . Пікір алыса келіп, мәжіліске қатысушылар Ресей мұсылмандарының іс-әрекеттерін үйлестіру органы - Орталық мұсылман бюросын құру және бүкілресейлік мұсылмандар съезін шақыру қажет деп тапты.

Қосөкіметтілік өзінің дүниеге келуі арқылы Ақпан төңкерісінің ішкі қайшылықтарын бейнеледі, мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екендігін көрсетті. Мұндай жағдай ұзаққа бармайтын еді: ерте ме, кеш пе, қосөкіметтілік жойылып, барлық билік империалистік буржуазия мен оның одақтастарының мүддесін қорғайтын Уақытша үкіметтің немесе әлеуметтік және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген халықтың басым көпшілігі болған жұмысшылар мен шаруалардың революцияшыл-демократиялық өкімет органы болған кеңестердің қолына көшуге тиіс еді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Алаш қозғалысының соңғы түйіні – Мұстафа Шоқай
Тақырыптың методологиялық мәселелері
XX ғасырдың бас кезінде Алаш зиялылары
Г.Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау
Қазақтар және қазақ тілі туралы
ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының қызметі тәуелсіздік тұрғысында
Кеңес өкіметінің көші-қон саясаты
КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ, ХАЛЫҚТАР ДЕПОРТАЦИЯСЫ
Мұсылмандық қозғалыс және ұлттық зиялылардың саяси платформасының қалыптасу кезеңі
Алаш орда және кеңес үкіметі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz