Әріптерден сөз жасау


Дәріс тезистері
1-тақырып. Сауат ашу әдістемесінің теориялық негіздері
Негізгі мәселелер:
1. «Сауат ашу әдістемесі» пәні және оның нысаны, мақсат-міндеттері, мазмұны, басқа ғылым салаларымен байланысы, зерттеу әдістері
3. Сауат ашу әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы
3. Сауат ашу әдістемесінің лингвистикалық, педагогикалық және психофизиологиялық негіздері
«Сауат ашу әдістемесі» пәні және оның нысаны, мақсат-міндеттері, мазмұны, басқа ғылым салаларымен байланысы, зерттеу әдістері
Пәннің нысаны - бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша ҚР-ның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарына сәйкес болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің жоғары педагогикалық құрамдасы ретіндегі сауат ашу әдістемесінің мазмұны.
Пәні - стандарт талаптарына сәйкес болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне сауат ашу әдістемесі курсынан берілетін білім, білік, дағды қалыптастыру үдерісі.
«Сауат ашу әдістемесі» пәнінің мақсаты - сауат ашу әдістемесінің теориясынан студенттерге жүйелі білім беру, сабақ жүргізу әдіс-тәсілдерін меңгерту.
Осы мақсатқа жету мынадай міндеттерді көздейді:
- сауат ашуға байланысты практикалық іскерлік пен дағды қалыптастыруға негіз болатын теориялық және практикалық мағлұматтар беру; оларды пәннің танымдық, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарын іске асыруға дайындау; сауат ашудың әдіс-тәсілдерін меңгерту.
«Сауат ашу әдістемесі» пәнінің мазмұнында сауат ашу әдістемесінің теориялық негіздері (яғни «Сауат ашу әдістемесі» пәні және оның нысаны, мақсат-міндеттері, мазмұны, басқа ғылым салаларымен байланысы, зерттеу әдістері; сауат ашу әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы және оның лингвистикалық, педагогикалық және психофизиологиялық негіздері) ; сауат ашу үдерісі (сауат ашудың мектептегі оқу-тәрбие жұмысы жүйесіндегі маңызы; сауат ашу пәнінің оқыту аясы; «Сауат ашу» пәні оқу бағдарламасының мазмұны; «Сауат ашу» пәнін оқыту мерзімі; сауат ашу үдерісі және кезеңдері; сауат ашу кезеңіндегі оқу-тәрбие міндеттері; сауат ашуға қажетті құрал-жабдықтар) ; сауат ашу әдісі (сауат ашу әдісі туралы ұғым; дыбыстық талдау-жинақтау әдісі; бастапқы оқуды қалыптастыру: буындап оқу, тұтас сөзді дауысты дыбысқа бағыттай оқу; сауат ашуға арналған оқу-әдістемелік топтама) ; жазуға үйрету әдістемесі (жазуға үйрету әдіс-тәсілдері; жазуға қойылатын талаптар; бастапқы жазуға үйрету, оның мазмұны мен міндеттері, қазіргі «Жазу дәптерлеріне» сипаттама; оқушылардың каллиграфиялық талапқа сай жазу дағдысын қалыптастыру; көркем жазуға үйрету) ; сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстары (сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының теориялық негіздері; «Әліппені» оқыту барысында жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері; сауат ашу барысындағы тіл дамыту жұмыстарының үлгілері) қарастырылады.
Сауат ашу әдістемесі педагогика, психология, лингвистика ғылымдарымен тығыз байланысқа түсіп, жеке тұлғаның қалыптасуының белгілі бір аспектілерін қарастырады.
Сауат ашу әдістемесі психологиямен тығыз байланысты. Психология оқушының психологиялық ерекшеліктерін сипаттайды: жоғары нерв жүйесінің қызметі туралы ілімге сүйене отырып, ол оқытудың әдісі мен тәсілін психологиялық тұрғыда дәлелдеуге көмектеседі. Сөйтіп сауат ашуға байланысты әдістемелік мәселелерді дұрыс түсініп, практика жүзінде шешуге мүмкіндік береді. Оқушының оқу материалын қабылдауы, есінде сақтауы, түсінуі, ойлауының дамуы олардың жан дүниесінің ерекшелігімен байланысты. Осыған орай мұғалім өзінің әрбір оқушысын, оның психикасын, материалды қабылдау және есінде сақтау дағдыларының дәрежесін білуге, жағдай жасайды, оқушыларды жүйелі зерттейтін әдістермен қаруландырады. Оқушылардың психологиясын білмей тұрып, сауат ашу әдістемесі ұсынған әдістер мен тәсілдерді тиімді пайдалану мүмкін емес. Сондықтан материалды игертуде оқушылардың жас ерекшелігін ескеру - ең маңызды мәселе. Оқу бағдарламалары да, оқыту үдерісі де осы факторға негізделіп құрылады. Адамның басты ерекшелігі - сөйлеу қабілеті. Сөз - адам психикасының өмір сүруінің аса маңызды құралы. Өйткені қарым-қатынассыз қоғам да, оның қозғаушы күші адам да өмір сүре алмайды. Ал қарым-қатынас тек тіл, оның көрінісі сөз арқылы іске асатыны белгілі. Психологиялық тұрғыдан тілді меңгеру - жеке тұлғаның қалыптасуының негізгі шарты.
Пән бойынша берілетін теориялық білім тәжірибе арқылы бекітілуі, яғни іскерлік пен дағдыға айналуы тиіс. Дағдыға, іскерлікке айналмаған білім тез ұмытылады. Ал дағды мен іскерлік - психологиялық ұғым. Дағды дегеніміз - адамның әрекетті орындау процесінде жасалатын саналы әрекеттің дағдыланған бөліктері. Дағдылар жаттығу арқылы туындайды. Дағды іс-әрекет процесінде оған бағынышты құрылым ретінде қалыптасады. Демек теориялық білім жаттығудың, қайталаудың негізінде дағдыға айналады. Осыған орай оқулықтарда міндетті түрде жаттығулар беріледі, қайталау сабақтары жүргізіледі. Яғни, оқушының сабақты жақсы немесе жаман оқуы олардың психикалық әрекеттерінің дамуымен тікелей байланысты.
Сауат ашу әдістемесі ғылымы педагогика ғылымымен тығыз байланысты. Педагогика ғылымы: дидактика және тәрбие теориясынан құралатыны белгілі. Ал оқу мен тәрбие - егіз. Дидактика мен әдістеме ғылымының қарастыратын нысандары бір. Ол - оқыту үрдісі. Айырмашылығы: дидактика білім беру, оқыту үрдісін жалпылама қарастырса, әдістеме жеке пәндерді оқыту заңдылықтарын қарастырады. Дидактика педагогиканың маңызды бір бөлігі - оқытудың жалпы теориясы ретінде қазақ тілі әдістемесінің негізі болып табылады. Сауат ашу әдістемесі ғылымы дидактиканың ұстанымдарына, оқытудың әдіс-тәсілдеріне, тексеру формаларына, білімді бағалау нормаларына сүйенеді. Мысалы, оқушыларға ұсынылатын тілдік материалдар ғылым негіздеріне (ғылыми ұстаным) сүйене отырып, жүйелі және бірізді (жүйелілік ұстанымы), саналы түрде (саналылылық ұстанымы), берік, тиянақты (берік, тиянақты болу ұстанымы), өмірмен байланыстыра (теорияны өмірмен байланыстыру ұстанымы) беріледі. Осыған орай әдістеме ғылымы педагогиканың бір саласы ретінде қарастырылады.
Сауат ашу әдістемесі ғылымы тіл білімімен тікелей байланысты. «Сауат ашу» пәнінің оқыту аясы қазақ тілінің дыбыстық және әріптік (графикалық) жүйесі; қазақ тілінен алғашқы грамматикалық мағлұматтар болғандықтан, ол алдымен тіл біліміне арқа сүйейді. Мысалы, тіл білімінен берілетін фонетикалық мағлұматтар: дыбыстарды дұрыс айту, жазу, дұрыс сөйлеу, мәнерлеп оқуға, емлеге үйрету т. т. әдістемелік мәселелермен тығыз байланысты іске асырылады.
«Сауат ашу әдістемесі» курсын оқытуда ғалым-әдіскерлердің әдістемелік мұрасын, мектеп тәжірибесін зерттеу әдістерімен қатар, дәстүрлі сөздік, практикалық, көрнекілік әдістері қолданылады.
Сауат ашу әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы
Сауат ашу әдістемесі - кештеу қолға алынып, кенжелеу дамыған ғылымның бірі. Оның ғылым ретіндегі қалыптасуының негізі А. Байтұрсынұлының есімімен байланысты. Сауат ашу әдістемесін арнайы зерттемесе де, Т. Шонанұлы, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев еңбектерінің де жас ғылымның бұғанасының қатаюына үлес қосқаны даусыз.
Кейінірек қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеушілер Қ. Жұбанов, Ғ. Бегалиев, С. Жиенбаев, Ш. Сарыбаев, И. Ұйықбаев өз еңбектерінде бұл мәселеге тоқталып, үлкен мән бергенін атау орынды.
Қазақ бастауыш мектебіндегі сауат ашу әдістемесін алғаш жазған ғалым - М. Қ. Жұбанова. Оған ғалымның 1965 жылы «Мектепте сауат ашудың методикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауы дәлел. Ғалым С. Рахметова «Қазақ тілін оқыту методикасы», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Қазақ тілі әдістемесінің теориясы мен технологиясы»оқу құралдарында сауат ашу әдістемесін арнайы бөлім ретінде қарастырады. Сауат ашу әдістемесі бүгінгі күндері жаңа бағыттағы еңбектермен (Жұмабаева Ә. Е., Молдабекова Н. ) толыға түсуде.
Ендеше сауат ашу әдістемесінің даму кезеңдерін 1912-1940 жылдар, 1940-1965 жылдар, 1965-1997 жылдар және қазіргі кезге дейін деп бөліп қарастыруға болады.
Сауат ашу әдістемесінің лингвистикалық, педагогикалық және психофизиологиялық негіздері
Сауат ашу әдістемесінің ғылыми негіздерінің бірі лингвистика (тіл білімі) болып табылады. Соның ішінде, әсіресе, фонетиканың рөлі ерекше. Өйткені тіл дыбыстары - әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі. Егер сөздер - дыбыстардың тіркесі ретінде айтылмаса, онда тілдің өзі: 1) қатынас құралы, 2) пікір алысу құралы, 3) танымдық құрал, 4) ойлау құралы болмас еді [4, 15] .
Сауат ашу кезеңінде оқушылардың лингвистикалық түсініктерді білу талап етілмейтіні белгілі. Бұл кезде барлық назар балаларға дыбыстарды танытуды, оқуға және жазуға үйретіп, олардың ауызекі және жазу тілін дамытуға аударылады. Сондықтан бала «дыбыс», «әріп», «буын», «сөз тіркесі», «сөйлем», «мәтін» деген сияқты лингвистикалық ұғымдардың мәнін ұғынуға мәжбүр болады.
Бұл аталған тілдік единицалар туралы, алдымен, мұғалімнің толық мағлұматы болуы керек. Сөйлем туралы айтпас бұрын, сөйлеу туралы айқтан жөн.
«Адам сөйлегенде, біреумен сөйлескенде, тыңдаушыға белгілі ойды білдіру үшін я бір нәрсе туралы білу үшін сөйлейді: сондықтан сөйлеу айналадағы заттар, құбылыстар, адам өміріндегі әрекет, тіршілік, өндіріс туралы болады», - деді профессор Н. Сауранбаев. шынында да, заттарды, жаратылыстағы, қоғам өміріндегі құбылыстарды, адам өміріндегі әрекет, тіршілік т. б. білу, білдіру туралы айтылған ой, яғни өзара байланысты сөйлемдер тобы сөлеу болады сөйлеу бірнеше сөйлемнен тұрады, өйткені сөйлеуші бірдеме туралы сөйлегенде, ол жайындағы айтылатын ойлардың жігін ажыратып саралап айтады. Мысалы, Қыс түсті. Күн суытты. Жерде қар жатыр. Өзенде су қатты. Балалар шанамен сырғанап жүр . Бұл сөйлеуде бірнеше сөйлем бар екені іс жүзілік тұрғыдан танытылады. Ол үшін бұл сөйлемдердің әрқайсысы айрықша дауыс ырғағымен бөлініп айтылады да, олардың қандай ойды білдіретіндігі түсіндіріледі.
Адамның психикасы ақыл, сезім және ерік қызметтерінің түрліше формаларынан көрінетіндіктен, оны психофизиологиялық процесс деп атайды. Дүние тануға қажет ақыл-ой қызметі үшін түйсік пен қабылдау, ес пен ойлау, сезім мен қиял, зейін мен еріктің үлкен мәні бар. баланың қуануы, шаттануы, қиялдануы, ренжуі, ашулануы, жылауы, сөйлеуі - осылардың бәрі баланың әлеуметтік өмір тіршілігіне байланысты ішкі дүниесін, психикасын сипаттайды. Баланың нәзік, өскелең табиғатына жарасымды әдептілік, адамгершілік, естілік сияқты қасиеттер оның өсетін ортасындағы тәлім-тәрбиенің арқасында және қайшылықтарды жеңу үстінде қалыптасады, өйткені психикалық дамудың өзі баланың ұмтылуы мен оған жету жолындағы мүмкіндіктерінің арасындағы қайшылықтардың салдарынан туады (мысалы, ми қабығында болатын қозу мен тежелу, механикалық ес пен логикалық ес, ескі білім мен жаңа білім т. б. ) .
Мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың зейіні тұрақсыз болатыны белгілі. Қабылдауға қиын нәрседен, ұзақ сонар әңгімеден немесе жұмыстан бала зейіні тез шаршайды. Оны шаршатпай, баланың сабақтағы тапсырмаға зейінін ұзағырақ аударуға бірте-бірте тәрбиелеу - сауат ашу кезеңіндегі қиын міндеттерінің бірі. Сондықтан оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ балаларды тыңдай білуге, оңай тапсырмаларды дәл орындап жүруге үйрету керек. Бұлардың зейіндері заттарды бақылай білу, олармен жұмыс жасау арқылы тәрбиеленеді. Балалар суреттерді көргенде, әңгіме, ертегі тыңдағанда зейіннің тұрақтылығы арта түседі. Сабақтарда пайдаланылатын ойын элементтерін, іс-әрекеттің нәтижелі түрлерін, іс-әрекет формаларын жиі өзгерту балалар зейінін шаршатпай, бірте-бірте тұрақтылыққа тәрбиелеуге көмектеседі.
Сауат ашу барысында оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру тұсында ескеруге тиіс тағы бір психологиялық міндет - оқушылардың есте сақтау қабілетін дамыту. Естің адам өмірінде алатын орнын, балалардың таным процесінде атқаратын рөлін психолог ғалымдардың бәрі ерекше атап өткен.
Сауат ашу барысында тіл дамыту жұмыстарына қатысты үшінші психологиялық ерекшелік - балалар психикасындағы ойлау машығын дамыту болып табылады. Оқушылар енді тек өздері бұрын көрген немесе бірнеше рет қайталанған үйреншікті ұғымдарды сөз түрінде қабылдап қоймай, өздері бұрын көрмеген дүниелер мен қимылдардың атауларын, сапаларын т. б. білдіретін сөздерді оқуды және жазуды меңгеріп, естерінде сақтауға мәжбүр болады, әрі мұндай сөздер әр сабақ сайын кездеседі.
Тағы бір психологиялық ерекшелік - балалар қиялының қуатын пайдалану. Кіші жастағы балалардың қиялы бай болатыны белгілі.
Психикалық даму дегеніміз - жалпы алғанда, адамның қалыптасуындағы сапалық және сандық өзгерістер, ал жекелеп алғанда, анатомиялық-физиологиялық есею, нерв жүйесінің жетілуі, білімнің артуы, сезім мен моральдық ұғымдардың пайда болуы, психикалық процестердің қайта құрылуы, дүниеге көзқарастың қалыптасуы, белсенділік пен өзінше әрекет етудің көрінісі, белгілі бір мінез-құлыққа дағдылану.
Адамның психикалық қабілеті сезім мүшелеріне сыртқы дүниенің ықпал етуі арқылы, сезім мүшелерін жаттықтыру арқылы дамиды. Мектепке алғаш келген бала ежелеп оқиды, оның көру аумағында бір ғана әріп тұрады, көбінесе қайта-қайта бұрын оқыған әрпіне көз жүгіртіп отырады, әрбір әріпке жекелеп көз тоқтатады, «оқу айсағы» тар болады. Осының салдарынан олардың оқығанды түсіну дәрежесі де төмен. Ал әріпті тану дағдысының қалыптасып жетілуімен қабат баланың «көру, оқу аймағы» кеңейіп, ол бірте-бірте буындап оқуға, онан әрі тұтас сөзді оқуға дағдылана бастайды. Мұндай дағдыға ие болу балаға оп-оңайға түспейді, ол көп күш-жігерін жұмсайды, мұнда әсіресе зейін мен еркі үлкен рөл атқарады. Осының барысында зейін мен еріктің төзімділік қасиеті жаттыға түседі.
Сауат ашу кезінде бала бар зейінін жеке әріптерді, буындарды қосып оқуғы жұмсайды да, сөздердің арасындағы байланыстарға зер салмайды. Сол себепті олардың түсініп оқудан гөрі механикалық оқуы басым болады.
Балаға қойылатын талап пен сол талапты орындай алу мүмкіншілігі арасында да көптеген қиындықтар, кедергілер мен қайшылықтар кездесетіні белгілі. Бала өзін ересек адам етіп көрсетуге тырысады, олардың көпшілігі өзін асыра бағалайды, бірақ оның ақыл-ой өрісі, білімі немесе тәжірибесінің аздығы оған кедергі болады. Сонымен қатар бала ішкі қиыншылықтардан басқа сыртқы қиыншылықтарға да кездеседі. Мысалы, әлеуметтік орта баладан мәдениетті, әдепті, сыпайы мінез-құлықты талап етеді, ал олар мұндай мінез-құлыққа дағдыланып жетпеген. Осы қайшылықтарды жеңу жолында да оған көптеген қиындықтар кездеседі.
2-тақырып. Сауат ашу үдерісі
Негізгі мәселелер:
1. Сауат ашудың мектептегі оқу-тәрбие жұмысы жүйесіндегі маңызы
2. «Сауат ашу» пәнінің оқыту аясы («Сауат ашу» пәні оқу бағдарламасының мазмұны мен оқыту мерзімі)
3. Сауат ашу үдерісі және кезеңдері
4. Сауат ашуға қажетті құрал-жабдықтар
Сауат ашудың мектептегі оқу-тәрбие жұмысы жүйесіндегі маңызы
Қазіргі мектеп жан-жақты дамыған, зиялылық (интеллекті) деңгейі мен практикалық машығы заман талабына сай жеке тұлғаларды оқытып, тәрбиелеуі тиіс.
Бұл орайда, алғашқы сөйлеу дағдысын меңгергеннен бастап, мектеп есігін ашқанға дейін сөздік қоры біршама молыққан, ана тіліндегі сөз тіркестіру, жіктеу, септеу сияқты заңдылықтарды әзірше табиғи тұрғыдан түйсігімен ғана сезінген 6-7 жастағы баланың сол білгендерін жүйелеп, ана тілінің әлгі заңдылықтарын саналы түрде меңгерте бастайтын, әріп танытып, өздігінен оқуға, жазуға үйрететін бастауыш сыныптағы сауат ашу әдістемесінің рөлі аса зор.
Бастауыш сыныптағы сауат ашу барысында жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының әдістемесі психологиялық, физиологиялық және педагогикалық аспектілер тұрғысынан жалпы әдістеме ғылымының ең күрделі де қиын саласы болып табылады. Бұл кезеңде мектеп табалдырығын жаңа аттаған оқушы оқу мен жазуды үйреніп, ана тілінің заңдылықтарын, ондағы ой мен сезімді бейнелеу мүмкіндіктерін саналы түрде меңгеруге кірісіп қана қоймай, оның қабылдау, есте сақтау, ойлау, сөйлеу дағдылары қауырт дамып, психологиялық және физиологиялық тұрғыдан өзгеше «секірісті» басынан өткізеді. Басқаша айтқанда, бала психикасындағы жоғарыдағы аталған қабілеттердің дамуынсыз сауат ашу кезеңінің міндеттерін орындау мүмкін емес.
«Сауат ашу» пәнінің оқыту аясы.
ҚР жалпы бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында «Сауат ашу» пәнін оқытудың басты мақсаты - оқу және жазу дағдыларын қалыптастыру, байланыстырып сөйлеуге үйрету, алғашқы грамматикалық мағлұматтарды меңгерту; ана тіліне сүйіспеншілікке, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу; оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту», - деп көрсетілген.
«Сауат ашу» пәнінің оқыту аясы:
- қазақ тілінің дыбыстық және әріптік (графикалық) жүйесі,
- қазақ тілінен алғашқы грамматикалық мағлұматтар;
- балалар көркем әдебиет шығармалары.
«Сауат ашу» пәні білім берудің негізгі бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.
«Сауат ашу» пәні оқу бағдарламасының мазмұны: 1. Әліппеге дейінгі кезең: сөздің дыбыстық құрамын бағдарлай білу, саусақтарын жазуға даярлау (әр түрлі сызықтар, өрнектер мен таңбалар сыздыру), сөздік қорын молайту, байланыстырып сөйлеуге үйрету.
2. Әліппе кезеңі: әріптердің баспа және жазба түрлері, бас әріп пен кіші әріп, сөздің дыбыстық-буындық құрылымын модельдеу, сөзді буындап оқу және тұтас сөзбен оқу; сөйлемдерді, мәтіндерді оқу; әріптерді жазу, сөз ішіндегі әріптерді бір-бірімен дұрыс қосып жазу; сөз, сөйлем жазу; мәтінмен жұмыс жүргізу (сұрақтарға жауап беру, оқығанын мазмұндау, мәтін құрастыру) .
3. Әліппеден кейінгі кезең: сөз, сөйлем, мәтін оқу және жазу; дауысты және дауыссыз дыбыстар, сөз таптары туралы алғашқы грамматикалық мағлұматтарды меңгеру (заттың атын, қимылын, сынын, санын білдіретін сөздер) ; сөйлемнің бірінші сөзін бас әріппен жазу, кісі аттары, жер-су атаулары және үй жануарларына қойылатын аттарды бас әріппен жазу.
«Сауат ашу» пәні аптасына 7 сағаттан және оқу жылында 238 сағат оқытылады.
Бірінші жарты жылдықта - 112 сағат, ал екінші жарты жылдықта - 126 сағат.
«Сауат ашу» пәні интеграцияланған мазмұндағы екі оқулық арқылы жүзеге асырылады:
I жартыжылдықта - «Әліппе» оқулығы;
II жартыжылдықта «Ана тілі» оқулығы.
«Сауат ашу» пәнінің базалық білім мазмұны.
Әліппеге дейінгі кезең (14 сағат) : Сөйлеу. Сөйлем. Сөз. Буын. Дауысты және дауыссыз дыбыстар. Сөзді дыбыстық талдау.
Әліппе кезеңі (98 сағат) : Әріптердің баспа, жазба түрлері. Бас әріп және кіші әріп. Сөз. Буын. Сөйлем. Мәтін. Дауысты және дауыссыз дыбыс әріптері. Сөзді дыбыстық-буындық талдау. Орфографиялық және пунктуациялық ережелер (бас әріппен жазылатын сөздер, сөйлемнің соңына нүкте қою) .
Әліппеден кейінгі кезең (126 сағат) : Сөйлеу. Ауызекі және жазба тілде сөйлеу. Қазақ алфавиті. Дауысты және дауыссыз дыбыстар. Жуан және жіңішке айтылатын сөздер. Жуан және жіңішке жұп дауыстылар. Буын. Тасымал. Заттың атын білдіретін сөздер. Бас әріптен басталып жазылатын сөздер. Заттың қимылын білдіретін сөздер. Заттың сынын білдіретін сөздер. Заттың санын білдіретін сөздер. Сөйлем. Сөйлемдегі сөздердің байланысы. Мәтін. Әңгімелер, өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер.
Сауат ашу үдерісі және кезеңдері.
Мектептегі оқыту үдерісі сауат ашудан басталатыны белгілі. Сондықтан оның балаға ана тілін оқытып, үйретуден алатын орны да ерекше.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында қойылған талаптардың ішіндегі аса күрделісі - 6-7 жастағы балаларды сауаттандыру мәселесі. 6-7 жасар баланың сауатын ашу, тілін дамыту - олардың физиологиялық-психологиялық ерекшеліктеріне негізделе отырып жүзеге асырылатын, баланың ойын әрекетінен оқу әрекетіне өтуін қамтамасыз ететін үдеріс. Осыған орай балалардың 6-7 жастан бастап сауатын ашу жүйесі: 1-сыныптың тұтасымен сауат ашуға берілуімен, оқу мен жазу жұмыстарының кіріктірілуімен, сабақ уақытының кезеңдерге бөлінуімен т. б. ерекшеленеді.
Сауат ашу үш кезеңнен - әліппеге дейінгі, әліппе, әліппеден кейінгі кезеңдерден тұрады.
Әліппеге дейінгі кезеңнің басты міндеті - оқушыларды оқуға және жазуға даярлау, олардың сөздік қоры мен сөйлеуін анықтап, байланыстырып сөйлеуге үйрету.
Мазмұны: сөздің дыбыстық құрамын бағдарлай білу, саусақтарын жазуға даярлау (әр түрлі сызықтар, өрнектер мен таңбалар сыздыру), тілін дамыту.
Дайындық кезеңінде оқушыларға ертегі, әңгіме оқып беріп, өлең жаттатып, сурет салғызып, білуге құмарлығын арттыруға, қағаз, қалам ұстауға машықтандыруға болады. «Әліппе» суреттерін пайдалана отырып, сөйлем, сөйлемнен әңгіме құратуға және сөздерге дыбыстық талдау жасауға машықтандыру керек. Сабақта сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс деген ұғымдарды оқушылар тәжірибе жүзінде меңгеретін болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz