Сортөбе қалалар тобындағы жаңа археологиялық зерттеулер. Орналасуы, құрылымы және заттар кешені


ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Сортөбе қалалар тобындағы жаңа археологиялық зерттеулер. Орналасуы, құрылымы және заттар кешені
Мазмұны
КІРІСПЕ 2
1 тарау. Сортөбе ескерткіштер кешенінің зерттелу тарихы 6
1. 1. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (ХАЭЭ) Сыр бойының ортағасырлық қалаларындағы зерттеулеріне шолу 6
1. 2. Сортөбе ескерткіштеріндегі жаңа археологиялық зерттеулер 11
2 тарау. Сортөбе 1 және 2 қалашықтарының материалдық мәдениеті 25
2. 1. Қыш-ыдыстар кешені 25
2. 2. Сүйектен, ағаштан, темірден жасалған бұйымдар 28
3 тарау. Сортөбе қалашығының құрылымы 30
3. 1. Сортөбе ескерткіштерінің топографиясы 30
3. 2. Сортөбе ескерткіштерінің мерзімделуі 32
Қорытынды 34
Пайдаланылған әдебиеттер 37
Кестелер 39
Қосымшалар 46
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазіргі таңда жедел зерттеу жұмыстарын қажет ететін ескеркерткіштер елімізде жетерлік. Су басу қауіпі бар тарихи ескерткіштерді зерттеу арқылы мол ақпарат алу біздің міндетіміз. Әлемдік мәдениеттердің дамуына оның ішінде қалалардың бой көтеруіне өзен жағасында тұрмыс кешкен халықтардың ықпалы зор. Сырдария мен Әмудария арасын мекен еткен тайпалар керемет құрылыс үлгісін жасай алды. Өңірімізді мекендеген сақ, қаңлы, оғыз және қыпшақ тайпалары қазақ халқының этногенезінде емес, Орта Азия мен Шығыс Еуропаның қазіргі халықтарының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Зерттеу жұмысында ортағасырлық Сортөбе қалалар тобы кеңінен тарқатылады. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындылары қаралады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тұран ойпатының төрінде орналасқан сыр өңірі арнаның кебуіне байланысты халықтардың жаппай көшуіне түрткі болды. Сырдың төменгі, орта және жоғары аумағын мекендеген халық көшпелі өмір салтын ұстанушылар деген пікір қалыптасқа еді. Мұндай пікірді патша үкіметі кезеңіндегі зерттеушілер берген болатын. Алайда жаңа зерттеулер басқаша көзқарастар, өзгерістер әкелді. ХАЭЭ-сының зерттеушілері мен отандық ғалымдар (Ж. Құрманқұлов, К. Байпақов, М. Елеуов, Ә. Тәжекеев) Сырдың төменгі алқабын мекендеген халықтың негізгі тұрмысы ежелден жартылай көшпелі мал шаруашылығы мен егіншілік кәсібі екенін дәлелдеп жатыр. Отырықшылықтың дамуы өз кезегінде қала мәдениетінің өркендеуіне әкеледі. Қалалар бой көтерген жерде міндетті түрде сауда-саттықтың дамуын білеміз. Сонымен қатар мәдениеттің де ошағы болатындығын аңғарамыз. Б. з. VII ғ. Арал маңы археологиялық кешені тұрғысынан төмендегідей аймақтарға бөлінеді: Оңтүстік Хорезм (солтүстік-шығысындағы мал шаруашылымен айналысатын өңірмен тығыз байланыста болған афригид мәдениеті), Әмударияның оң жағалаудағы солтүстік Хорезм - Кердер аймағы (кердері мәдениеті), екі ауданға бөлінетін Шығыс Арал маңы: ежелгі Қуаңдария мен Ескідариялық арналарындағы жетіасар кешені және қазіргі арнаға жақын, Сырдарияның сол жағалауындағы «батпақтағы қалалар» ауданы. Бұл аймақтар мен аудандардың барлығы тығыз мәдени және этникалық байланыста болған деп айтуға болады.
Сырдарияның төменгі ағысында б. д. І мыңжылдығында тұрақты, өзіндік ерекшелігі бар мәдениет өркендеген. Жетіасар І және ІІ кезеңдерінде (б. д. І мыңжылдықтың жартысы) Ортаңғы Сырдария аудандарындағы мәдениеттерден (Отырар-Қаратау, Қауыншы) басқа көршілес аймақтармен тығыз байланыста болғандығын көреміз. Халық санының көп болуына, өмір сүруге ыңғайлы факторларға байланысты, сол уакытта жергілікті жерді, яғни, Сырдарияның төменгі алқабын мекен етіп қалуы мүмкін. Сол уақытта Жетіасар мәдениетінің территориясы барынша ұлғайып, Әмударияның оң жағалауы мен Сырдария өзені арасындағы аудандарды қамтып, жетіасарлық халықтың үлкен бөлігі осы аймақтарға көшеді. Ғалымдардың пікірінше, Жетіасар ІІІ кезеңінде (VI-VII ғғ. ) Жетіасар шатқалындағы ескерткіштердің басым көпшілігі өмір сүруін тоқтады.
Үшінші кезеңнің аяғында Жетіасар шатқалы шөлге айналып, жетіасар мәдениеті Сырдарияның төменгі ағысында жойылады. Бірақ, Шығыс Жетіасар қалаларының тобы (қазіргі Жалағаш, Сырдария аудандары аумағы) және Жетіасар шатқалының солтүстігінде, қазіргі Сырдарияның сол жағалауындағы Сортөбе І, Сортөбе ІІ сияқты қалалар өмір сүруін жалғастырып, Арал теңізінің шығыс маңында Кескен-күйік қала, Күйік қала, Жанкент сияқты оғыз қалалары қалыптаса бастайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Өлкемізде тарихи ескерткіштер өте көп шоғырланған, олардың ішінде ортағасырлық қаларды ерекше атап көрсетуге болады. Қазақстан тарихының бес томдық кітабының, бірінші томында оғыздардың қалалары туралы алғашқы дерек көздері ІХ-Х ғасырлардың тумалары әл-Якуби, әл-Идриси, Ибн әл-Факих, Ибн Русте, Ибн Хаукаль, Туманскийдің еңбектерінде кездесетіні айтылады. Оғыз тайпаларында өркениетті мемлекеттің болғаны туралы алғашқы хабарламалар осы тарихшылардың жазбаларында жазылған.
Қазіргі таңда біз Сортөбе қалашығын VII-VIII ғ. ғ аралығымен мерзімдеп жүрміз. 2007 жылы барлау жұмыстары ұйымдастырылып, қалашықты зерттеу қолға алынды және бірқатар мақалалар жарық көрді. Алайда алғашқы қазба жұмыстары 2017 жылы басталған болатын. 2008 жылы М. Елеуов, Ж. Құрманқұловтың жетекшілігімен «Сортөбе, Жанкент, Жент» еңбегі, Тажекеев А, Дарменов Р, Билалов С «Ортағасырлық Сортөбе қалашығындағы археологиялық зерттеулер» атты мақаласы, Амиргалина Г «Керамика со знаками с городищ Сортобе и Джанкент» мақалалары жарыққа шықты. 2017 жылдан бастап қазба жұмыстарының нәтижелерін қорытындылау үшін тақырып диплом жұмысы ретінде алынды.
Зерттеу жұмыстарының мақсат-міндеттері . Сырдария өзені шайып, жойылу алдында тұрған Ежелгі Сортөбе қаласындағы құрылыстарды сақтау, ашық аспан асты мұражайына айналдыру, оны туристік бағытқа енгізу жұмыстарын жүргізу.
Диплом жұмысының деректемелік көзі. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Ғылым Академиясы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедциясының ғылыми еңбектерінен және Ресей Федерациясының Н. Н. Михлухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының археолог ғалымдары мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының Жанкент археологиялық экспедициясы, Сортөбе тобы Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойындағы Сортөбе қалалар тобына қазба жұмыстарының ғылыми есептері мен еңбектері пайдаланылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығының жеке кітап қорынан алынды.
Жұмыстың зерттелу әдісі . Еліміз егеменді болып, еңсесін көтергелі ширек ғасыр уақыт өтті. Содан бері ұлтымыздың тарихы қайта қаралып, әр кезеңге жазылған еңбектер тарихи салыстырмалық әдіспен зерделеніп жатыр. Бұл жұмыстыңда зерттелу әдісінің негізіне Шығыс Арал маңын мекендеген оғыз тайпаларының саяси және мәдени даму процесін, олардың қала салу мен жер суландыру жүйелерінің қалыптасу тарихына байланысты археологиялық материалдар мен жазба деректерді салыстыра отырып талдау болып табылады. Бұл методологиялық әдісті ХАЭЭ мүшелері С. П. Толстов, Б. В. Андрианов, М. А. Итина және т. б ғалымдар өз еңбектерінде қолданған. Олар көзқарастарында Шығыс Арал маңын мекендеген тайпаларда жер өңдеуші және көшпенді халықтың арасындағы байланыстар бар деп есептейді. Осы зерттеу жұмысында жоғарыда айтылған экспедицияның материалдары бүгінгі күнгі қалыптасқан жаңа көзқараспен қаралады. Сонымен қатар Сортөбе қалалар тобындағы жүргізілген соңғы қазбалардың нәтижелері пайдаланылады.
Диплом жұмысының сараптамасы. Зерттеу жұмысының тақырыбы аясында 2017-2020 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының Жанкент археологиялық экспедициясы, Сортөбе тобы Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойындағы Сортөбе қалалар тобына қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Сортөбе 1 қалашығына қазба екі жерден №1, №2 қазбадан тұрады. Сортөбе 2 қалашығында №1 қазба, мавзолей және шурф салу жұмыстары бойынша жүргізілген болатын. Автор осы жобаның орындаушысы болып табылады. Зерттеудің барысында 2020 жылдың сәуір айында «Орталық Азияның ежелгі және дәстүрлі қоғамдарының тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу, түсіндіру және сақтау мәселелері» атты «XII Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясында «Керамический материал с городищ Сортобе 1 и 2 за полевой сезон 2019 г» тақырыбында мақала жарық көрді (Тажекеев А. А., Алибай Б. Е) . Қазіргі таңда «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы «Сортөбе (Ордазы) қалалар тобындағы жаңа археологиялық зерттеулер» атты мақала басылымда (Тәжекеев Ә., Әлибай Б) .
Географиялық аумағы. Қызылорда облысы.
Жұмыстың хронологиялық ауқымы . Ортағасырлар.
Диплом жұмысының құрылымы. Жоба құрылымы кіріспе бөлімен үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттерден тұрады. Кіріспеде тақырыптың көкейкестілігі негізделіп, зерттеудің мақсаты мен міндеттері анықталып және оның тәжірибелік маңыздылығы көрсетілген.
I ТАРАУ. Сортөбе ескерткіштер кешенінің зерттелу тарихы
1. 1. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (ХАЭЭ) Сыр бойының ортағасырлық қалаларындағы зерттеулеріне шолу
Араб географы және тарихшы Ибн Русте, географ Ибн Хаукаль (Х ғ. ) және Туманскийдің (Х ғ. аяғы) еңбектерінде Жанкент қаласын «оғыздар патшасының» ордасы деп жазады [1, 15 б, 184, 217] .
Ортағасырлық Жанкент қаласында алғашқы қазба жұмыстарын 1867 ж. П. И. Лерх жүргізген. П. И. Лерх ескерткіштің топографиялық жоспарын жасап, сол кездегі бекіністің және суландыру каналдарының жағдайын сипаттайды. Оның жетекшілігімен жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде қала маңынан кейінгі ортағасырлық қорым табылды (ХІҮ-ХҮ ғғ. ) [2, с. ІІ-VІІ] .
1946 ж. Хорезм археологиялық-этнографилық экспедициясының (ХАЭЭ) тобы барлау жұмыстарын жүргізген. Экспедиция барысында әуеден фотосы түсіріліп, археологиялық деректер жинақталып, нәтижелері әртүрлі еңбектерде жарияланды [3, 57-62 б; 4, 211б; 5, 198-200 б] . Алынған керамикалық деректер бойынша С. П. Толстов қаланың антикалық кезеңнен (б. з. басынан) Х-ХІ ғғ. аралығында үздіксіз өмір сүрген деп мерзімдеді [3, 63 б] . Зерттеуші жазба деректердің негізінде, соңғы өмір сүру кезеңінде (Х-ХІ ғғ. ) қала «оғыздар патшасының» ордасы болған деп көрсетеді [3, 56 б; 4, 246 б; 5, 198 б] . Одан кейін археологиялық жұмыстар жүргізілмеген.
С. П. Толстов ұсынған ескерткіштің мерзімі ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз қалып, тек Л. М. Левинаның жұмыстарында нақтыланып, ескерткіш ХІV ғ. дейін өмір сүрген деп болжам жасайды [6, 77 б; 7, 191 б] .
2005 ж. бастап қазіргі уақытта ескерткіште құрамында ресейлік ғалымдар (РҒА ЭАИ), отандық археологтар (ҚР АИ), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің (ҚМУ) қызметкерлері бар «Жанкент археологиялық экспедициясы» (ЖАЭ) кешенді археологиялық жұмыстарын жүргізуде. 2005-2009 жж. зерттеу нәтижелері бірнеше мақалаларда және екі томдық есеп жинағында жарияланды [8, 124 б; 9, 43-51 б; 10, 116-128 б] .
Қазба жұмысы кезінде Жанкент қаласынан табылған заттай деректердің аздығы, ІХ-Х ғғ. мерзімделетін басқа қалалармен салыстырғанда, оның бір мезгілде келген қауіп-қатерден емес, керісінше, тұрғындардың бейбіт түрде көшіп, өздеріне қажетті мүліктерді ала кеткен деп болжауға болады. Ал бұл уақыттың шамамен Х ғасырдың 50-60 жж. сәйкес келетінін табылған монеталардағы (саманидтік фельстер) жылдардан көреміз.
Жанкент - Қазалы ауданындағы Өркендеу ауылынан оңтүстікке қарай 1, 5 км жерде орналасқан, мықты бекіністі ортағасырлық қала. Қаланың жоспары шығыстан батысқа қарай созылып жатырған «Т» әрпі тәрізді, шығыс бөлігі шығыңқы тіктөртбұрышты болып келеді. Оның аумағы шамамен 15 га, 415х230 м (шығыс бөлігінде - 320 м) (1-сурет, 1; 2-сурет, 2) .
1-сурет - «Батпақты қалалардың» жоспарлары. 1 - Жанкет; 2 - Кескен-күйік қала; 3 - Күйік қала
Қаланың басты қақпасы шығыс қабырғасының ортасында орналасқан болуы керек, себебі бұл арада қақпа алдында салатын мұнаралардан шығарылған жартылай дөңгелек құрылыс байқалады. Сонымен қатар, қаланың батыс қабырғасының да ортасынан қақпа іздеріне ұқсас «жырық» байқалады.
Қала батыстан шығысқа қарай созылған қабырғаларға параллель жатқан басты көше арқылы екіге бөлінген. Қалашықтың солтүстік-батыс бұрышында көлемі 110х110 м болатын шаршы формалы цитадель орналасқан. Сырт көзге ескерткіштің оңтүстік-шығыс бөлігінің төмен, яғни құрылыссыз, ал солтүстік-шығыс бөлігі биік (тығыз құрылыстар салынған) екені байқалады.
«Батпақты қалалар» мәдениеті. Оғыз кезеңінің «батпақты қалалары» Қазалының оңтүстігінде жатқан жоспары үшбұрышты келген түбекте орналасқан. Арал теңізінің бұл түбегі солтүстігінде Сырдария арнасымен, батысында Арал теңізімен және оңтүстік-шығысында Қуаңдария өзенінің ежелгі арнасы құятын батпақты, қамысты табандықпен (Бозкөл шатқалы) шектеседі (2-сурет, 1) .
2-сурет - «Батпақты қалалардың» орналасу картасы
Бұл қалалардың ішінде ең ірісі Кескен-күйік қала, содан кейін Жанкент және Күйік қала болып табылады (1-сурет) . Барлығы дерлік пішіні төртбұрышты, дуалмен және ормен қоршалған. Әрқайсында ірі көлемді цитадель орналасқан (250х250, 50х50 м) (1-сурет) . Атап кететін жайт, Кескен-күйік қала мен Күйік қаланың Жанкентпен мерзімдес (ІХ-ХІ ғғ. ) археологиялық деректерімен қатар, жетіасар мәдениетіне (б. д. І мыңжылдығының басы мен VIII ғ. ) өте жақын VII-IX ғғ. қамтитын деректердің басымдылығы.
Кескен-күйік қала - Жанкент қаласынан батысқа қарай 38 км қашықтықта орналасқан [11, 249-250 б] . 1946 ж. С. П. Толстовтың жетекшілігімен ХАЭЭ-ның әуеден барлау отряды алғашқы археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген. Әуеден фотоға түсіріліп, схематикалық жоспары жасалынған [12, 12 б; 13, 632 б] . 1958 ж. Мәскеулік биолог В. М. Смириннің және 1963 ж. Б. И. Вайнбергтің басқаруымен Кескен-күйік қалада қайта деректер жинақталып, археологиялық барлау қазбасы салынған [6, 77б] .
2006 ж. Ж. Құрманқұловтың басшылығымен Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институты, Шірікрабат археологиялық экспедициясының (ШРАЭ) археологиялық барлау отряды (отряд жетекшісі Ә. Ә. Тәжекеев) археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштің географиялық координаттары анықталып, қаланың үстіңгі қабатынан археологиялық заттар жинап алынды.
Қаланың жоспары шеңбер пішіндес келген (көлемі 500х700), шығыстан батысқа қарай созылып жатқан саз кесектен салынған дуалмен қоршалған. Оның ішінде солтүстік бөлігіне жақын, қала деңгейінен 3 м биік, саз кесектен салынған бөлме құрылыстары бар шаршы пішінді (көлемі 250х250 м) цитаделі орналасқан (1-сурет, 2) . Дуалы көлемі 28х28 және 40х40 см аралығында шаршы пішінді саз кесектермен қаланған. Саз кесектердің басым бөлігі Хорезмнің афригид кезеңіне тән 33х33 және 35х35 см көлемді болып келеді.
Кескен-күйік қаланың керемикалық кешенін Л. М. Левина үш топтамаға бөледі: жетіасарлық, жетіасар кешенімен аралас - жетісулық және аз мөлшерде - афригидтік, хорезмдік [6, 77 б, сур 19-21] . Сонымен қатар, жинақталған басқада деректерге: тастан және шыныдан жасалынған моншақтардың бай коллекциясы, қола сырғалар, сақиналар, белбеу доғалары және т. б. заттар жатады. Аталған деректер бойынша Кескен-күйік қала VII-IX ғғ. мерзімделеді.
Күйік қала - Жанкенттен оңтүстік-батысқа 48 км қашықтықта орналасқан [14, 250 б] . Күйік қалада археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген, тек 1946 жылы С. П. Толстовтың жетекшілігімен ХАЭЭ топографиялық жоспарын жасап, беткі қабаттан жинақталған деректер бойынша ескерткіштердің мерзімін анықтаған.
Бұл ескерткіште де 2006 ж. Ж. Құрманқұловтың басшылығымен ШРАЭ-ның археологиялық барлау отряды (отряд жетекшісі Ә. Ә. Тәжекеев) археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштің географиялық координаттары анықталып, қаланың үстіңгі қабатынан археологиялық заттар жинап алынды.
Қала пішіні төртбұрыш тәріздес, көлемі шамамен 300х150 м. Қаланың солтүстік бөлігінде солтүстік және шығыс қабырғалары 40 м, оңтүстік және батыс қабырғалары 70 м тең цитаделі орналасқан (1-сурет, 3) . Қала ені 10-20 м ормен қоршалған. Қаланың беткі қабаты түсі қара топырақпен көмкерілген, бұл қаланың толықтай өртке ұшырағандығының нәтижесі деп болжауға болады. Жалпы бұл қалалардың «Кескен-күйік қала», «Күйік қала» аталу себебі осында жатыр.
Қаланың үстіңгі қабатынан құрылыс іздері байқалады, сонымен қатар керамика сынықтары (қара, сұр, кызыл, қоңыр және ангобталған), қоладан жасалған заттардың сынықтары және моншақтар кездеседі. Археологиялық деректер Кескен-күйік қаладан табылған заттарға ұқсас, яғни қала б. д. І мыңжылдығының аяғында өмір сүрген.
VII ғ. Арал маңы керамикалық кешені тұрғысынан төмендегідей аймақтарға бөлінеді: Оңтүстік Хорезм (солтүстік-шығысындағы мал шаруашылымен айналысатын өңірмен тығыс байланыста болған афригид мәдениеті), Әмударияның оң жағалаудағы солтүстік Хорезм - Кердер аймағы (кердері мәдениеті), екі ауданға бөлінетін Шығыс Арал маңы: ежелгі Қуаңдария мен Ескідариялық арналарындағы жетіасар кешені және қазіргі арнаға жақын, Сырдарияның сол жағалауындағы «батпақты қалалар» ауданы. Бұл аймақтар мен аудандардың барлығы тығыз мәдени және этникалық байланыста болған деп айтуға болады.
Сырдарияның төменгі ағысында б. д. І мыңжылдығында тұрақты, өзіндік ерекшелігі бар мәдениет өркендеген. Жетіасар І және ІІ кезеңдерінде (б. д. І мыңжылдықтың жартысы) Ортаңғы Сырдария аудандарындағы мәдениеттерден (Отырар-Қаратау, Қауыншы) басқа көршілес аймақтармен тығыз байланыста болғандығын көреміз. Халық санының көп болуына, өмір сүруге ыңғайлы факторларға байланысты, сол уакытта жергілікті жерді, яғни Сырдарияның төменгі алқабын мекен етіп қалуы мүмкін. Сол уақытта Жетіасар мәдениетінің территориясы барынша ұлғайып, Әмударияның оң жағалауы мен Сырдария өзені арасындағы аудандарды қамтып, жетіасарлық халықтың үлкен бөлігі осы аймақтарға көшеді. Л. М. Левинаның пікірінше, Жетіасар ІІІ кезеңінде (VI-VII ғғ. ) Жетіасар шатқалындағы ескерткіштердің басым көпшілігі өмір сүруін тоқтады [15, 5-9 б; 16, 3-14 б] .
Үшінші кезеңнің аяғында Жетіасар шатқалы шөлге айналып, жетіасар мәдениеті Сырдарияның төменгі ағысында жойылады. Бірақ, Жетіасар шатқалының солтүстік-батысында, қазіргі Сырдарияның сол жағалауында Сортөбе І, Сортөбе ІІ сияқты қалалар өмір сүруін жалғастырып [17, 221 б; 18, 222 б], Арал теңізінің шығыс маңында Кескен-күйік қала, Күйік қала, Жанкент сияқты, яғни «батпақты қалалар» қалыптаса бастайды [19, 27-32 б] .
Евразияның ежелгі халықтарының тарихы туралы және мәдени мұралары жайында оның ішінде Сыр бойындағы көне қалалар туралы деректерді жоғарыда атап көрсеттік. Сан алуан тарихи жайыттардың куәсі болған Сыр өңірі ортағасырлар кезеңінде керемет мәденеит үлгісін қалыптастыра алды. Сырдария арнасының кебуі салдарынан халықтардың көшуі де өз әсерін тигізді. Өзен бойын жағалай тұрмыс кешкен халықтардың шаруашылығын осыдан-ақ аңғаруымызға болады.
1. 2 Сортөбе ескерткіштеріндегі жаңа археологиялық зерттеулер
Сортөбе 1 қалашығындағы қазба жұмыстары
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының мақсаты ескерткіштің құрылымын, қызметін және материалдық кешенін жан-жақты зерттеу.
Ортағасырлық Сортөбе төрткүлі (Ордазы) Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен батысқа қарай 12 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалық иінінде орналасқан. Сырдария өзенінің сол жағасын жағалап жүрген ортағасырлық керуен жолының торабында орналасқан бұл ескерткіш бүгінгі күнде төбе болып жатыр, оны жергілікті халық «Сортөбе», «қала», «төбе», «төрткүл» деп атайды. Сортөбе осы төңіректі мекендеген халыққа ертеден-ақ белгілі, халық арасында оған қатысты бірқатар аңыз-әңгімелер сақталған.
2006 жылы оны жергілікті азамат, жас ғалым, Ә. Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері А. Ж. Әбу аралап көріп, оның бұзылып жатқан ортағасырлық ескерткіш екенін анықтаған. Сортөбенің жобасына көңіл аударып, оның үстінде, су шайып жатқан бөлігіндегі керамикаларды, сүйектен, тастан жасалған заттарды байқайды.
Сырдария өзені шайып бұзылып жатқан Сортөбе туралы 2007 жылғы 13 шілде де «Айқын» газетінде «Сортөбе су астында қалғалы тұр», 29 тамызда «Егемен Қазақстан» газетінде «Құпия қала» атты мақала жарияланды. 2007 жылғы 20 желтоқсанда «Ақмешіт апталығы» газетінде «Бұл-Сортөбе емес, Ордазы» атты мақала шықты. Мақала авторы Әніс Жақыпұлы Сортөбені «Ордазы» деп атауды ұсынған және ескерткіштің тарихына қытысты әр түрлі деректер келтірген.
Сортөбеде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының ерекшелігі сонда, оны зерттеудің нәтижесінде Қазақстанның ортағасырлық археологиясының осы күнге дейін шешімін таппай отырған ақтаңдақтарының бірі - Оғыз кезеңінің археологиялық мәдениеті туралы жан-жақты, кешенді деректер алуға болады. Сортөбе келешекте ортағасырлық Қазақстан археологиясының оғыз кезеңіне қатысты үлгілі (эталонды) ескерткіштердің бірі болуы мүмкін [20. 5-30 б] .
Сортөбе І, ІІ қалаларына 2007 жылы Ж. Құрманқұловтың басшылығымен ШРАЭ-ның археологиялық барлау отряды (отряд жетекшісі Ә. Ә. Тәжекеев) және «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» (директоры М. Елеуов) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің археологиялық тобы Сортөбеде болып, оның жобасын сызып, суретке түсіріп, су шайып жатқан құлама жарқабағында тазарту жұмыстарын жүргізіп, судың жағасында, суда жатқан заттарды жинап, олардың суретін салды [20, 5 б] .
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz