Қазақстанның ұлтаралық келісімі мен достығын нығайту
Қазақстандағы түрік диаспорасы (этномәдени дамуы)
КІРІСПЕ
Тақырыптың cипаты. Диссертация Қазақстан территориясында тұрып жатқан
түрік диаспорасының жағдайына арналады. Саны жағынан алғанда олар 80 мыңға
жақын. Бұл жерде түріктер бізбен бірге 64 жыл бойы өмір сүріп келе жатыр.
Ғылыми еңбекте олардың Грузия территориясындағы көп ғасырлық тарихы, Ресей
империясы кезеңіндегі тыныс-тіршілігі, ал кейінірек – кеңестік тоталитарлық
жүйенің құрамына қалай енгендігі қысқаша баяндалады. Сонымен қатар 1920-
1930 жж. аталмыш халықтың басынан кешкендері, олардың 1944 ж. Қазақстанға
өздерінің тарихи отанынан күштеп депортациялануы, 1956 ж. дейінгі тұрмыстық
ауыр жағдайлары және ұлттық қайғылы оқиғалардың деректері келтіріледі.
Зерттеу жұмысында Қазақстанның төрт оңтүстік облысының қалалары, аудандары
мен ауылды жерлерінде мекендейтін бүгінгі түрік халқының жалпы этникалық
және этномәдени өмірі зерттеледі. Олардың өзіндік этномәдени дамуы, түрік
ұлттық-мәдени орталықтарының ашылуы, аталған этнос өкілдерінің Қазақстан
халықтарының Ассамблеясының қызметіне қатысуы, Қазақстан түріктерінің өз
отандастары Түркия Республикасымен екі жақты шектеусіз байланыс жасау
мүмкіндігі біздің республикамыздың көмегімен тікелей жүзеге асып отыр.
Қазақстан түріктері отбасының бүгінгі таңдағы жағдайлары көрсетіледі.
Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі таңда, Қазақстан және онда тұратын
халықтардың барлық тыныс-тіршілігі әлемдік қауымдастықтың көз алдында. Олар
өздерінің жалпы адамдық мәдени даму жолының дәл бағытын игере отырып, көне
шындық пен барлық болмысын, әр салалы экономикасын, ғылымын, мәдениетін,
сонымен қатар көп ұлтты және біртұтас Қазақстан халықтарының өмірін жан-
жақты әділ, рухани, материалды көркейтіп даму жолында қайта жаңғыруда.
Қай елде болмасын, өмір сүріп жатқан әрбір ұлттың рухани және мәдени
өмірінде негізінен мына үш түрлі жағдай: бейбітшілік, келісім және жасампаз
еңбек болуы қажет екендігі белгілі. Онсыз демократияны қайта құру да,
мәдениет те алға баспайды және экономикалық тұрақтану да мүмкін емес. Мұның
еліміздегі барлық шағын этникалық топтардың өкілдеріне тікелей қатысы бар.
Көп ұлтты республикамызда, біздер, этнологтарға тек қана ірі этностар
қазақтар мен орыстардың этномәдени ерекшеліктерін зерттеп қана қоймай,
сонымен қатар шағын орналасқан этностарды да қарастыру қажет. Мұның
барысында қазақ халқымен ағайынды түрік этносын зерттеу қазіргі заманға
сай және өзекті болып табылады.
Қазақстанда тұратын қандай ұлттың өкілі болмасын, оның әрбір азаматына
лайықты өмір сүруі қамтамасыз етілген. Көп ұлтты қоғам, елімізде шын
мәнінде тарихи даму барысында пайда болса да, оны кезінде Ресей және Кеңес
империяларының отарлық саясатының бір қыры ретінде қарастыруға толық негіз
бар. Республикамызға күштеп әкелінген – кәрістердің, немістердің,
поляктардың, гректердің, қырым-татарларының, кавказдықтардың немесе
түріктердің тағдырын – сол ұрпақтың өкілдерінің кез-келгенінен сұрасаңыз,
олардың әрбіреуі: иә, бәрі дәл солай деп мақұлдайды.
Қазақстан халқының ішінде түрік диаспорасы айтарлықтай орын алады.
Кезінде түрік-месхетиндердің шығу тегі туралы сұрақтың ешқандай анық
жауабы болмады, ол өзіндік саяси мәні бар, шиеленіскен талас-тартыстың
пайда болуына алып келді. Шын мәнінде ахыска түріктерінің пайда болу
мәселесі әлдеқайда күрделі және ол Грузияның түркі әлеміне қатысты
тарихымен тығыз байланысты. Тарихтың барлық қысылтаяңдарына қарамастан,
қазақтар мен ахыска түріктері, әкімшілік-тоталитарлық жүйенің ауыр
соққысының сынынан өтіп, түркі тілінде сөйлейтін және исламға ғибадат
етуші, этносаралық бірлесіп еңбек ету мен өзара түсіністікке қол жеткізді.
Тақырыптың өзектілігіне себеп болған жәйттердің бірі – еліміздегі түрік
диаспорасының этникалық және этномәдени дамуының тарихын оқу, көп ұлтты
Қазақстанның ұлтаралық келісімі мен достығын нығайту.
Жұмыстың зерттелу деңгейі. ХХ ғ. дейін Қазақстанда тарихнама ғылымының
өркендеуіне негізгі кедергілердің бірі – Кеңес Одағы тұсында тарихнамалық
зерттеулердің қатаң коммунистік идеология құрсауында болып, ұлт тарихы
туралы тәуелсіз ой пікірлердің жазба тарихымызда еркін көсіле алмауы жатты.
Кеңестік тоталитарлық жүйеде тарихи үрдістерді сүреңсіз баяндау, тарихтың
қасіретті беттері жайлы тіс жармау, шындықты бүркемелеу т.б. тән болып
келді.
Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі демократиялық дамыған мемлекет болып
өркендеу барысындағы күрделі мәселе – қоғамымыздағы тоталитарлық жүйенің
салдарын толығымен жою болып табылды. Ол үшін ақиқат айтылып, шындықтың
беті ашылуы тиіс еді. Сталиндік қуғын-сүргін, Қазақстанға басқа халықтардың
қоныс аударуы (депортация) тарихымызда әлі де кең зерттеле қойған жоқ.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғына дейін, Қазақстанға күштеп қоныс
аударуға ұшырағандар туралы деректер тарихи әдебиетте жазылған емес. Бұл
халықтар туралы еске түсіруге және зерттеуге 1989 ж. дейін тиым салынып
келді.
Сонымен қатар, Қазақстанды қосқанда бұрынғы КСРО-ның депортацияланған
халықтарының тарихында кемсітушілік көрген ұлттар, ұзақ жылдар бойы
өздерінің жағдайларының объективті және субъективті себептерін түсіне
алмай келді. Олардың ішіндегі негізгілерінің бірі – КСРО МҚК және ОК КСКП
цензурасы, үстемшілдік т.б. ұлттық кемсітушіліктер, яғни, көптеген жылдар
бойы арнайы мамандар мен зерттеушілер үшін, күштеп көшірілген халықтар
туралы мұрағат құжаттарын қолдануға рұқсат берілмегендіктен, бұл мәселе
қол жетпес түсініксіз болып жабулы күйінде қалды.
Біз зерттеп отырған түрік ұлты Қазақстанға күштеп қоныс аударуға
ұшырағандардың ішінде жалғыз немесе бірінші болған жоқ. Төңкеріске дейінгі
депортацияны есептемегенде, Кеңестік кезеңнің 1930 ж. екінші жартысында,
осы қайғыны алғашқылардың бірі болып басынан кешкендердің қатарында:
күрдтер, кәрістер және ирандықтар да болды.
Аталмыш тақырып төңірегінде ой қозғаған 1989 ж. ҚазКСР ҒА Тіл
институтының аға ғылыми қызметкері Ф. Алиев болды. Өзінің мақаласында ол
түрік-месхетиндердің 1944 ж. соңында, біздің республикамызға депортацияға
ұшырауындағы ауыр зардаптары мен тарихи тағдырына қысқаша тоқталады [1].
Осы мәселеге байланысты негізін анықтау үшін 1990 ж. Ш.Д. Абдулқадыров
шағын жұмысын жариялады. Онда автор өзінің шамасы жеткенше, түрік-
месхетиндердің өмірінің қайғылы беттерін, аталмыш жылдары Грузияда басынан
кешкендерін, сонымен бірге олардың соғыстан кейінгі және қазіргі жылдары
Қазақстанның оңтүстік аймақтарында орналасуын көрсетеді [2].
КСРО ҒА Тарих институтының жоғары ғылыми қызметкері
В.Н. Земсковтың 1990 ж. Социологические исследование журналындағы
мақаласында тұңғыш рет біз қарастырып отырған этнос өкілдері туралы, қоныс
аударудың мән-мағынасын ұғындыратын мол мәліметтер жарияланды. Бұл
жариялымның құндылығы сонда, ол жерде толығымен ІІХК және КСРО ІІМ
құжаттары негізінде, КСРО мемлекеттік биліктің жоғарғы және мемлекеттік
басқарма органдарының мағлұматтарымен берілген. Автордың анықтауынша, 1944
ж. Грузиядан 94 955 адам күштеп көшіріп жіберілген болса, олардың негізгі
бөлігі түрік-месхетиндер, күрдтер, хемшидтер және әзірбайжандар. В.Н.
Земсков өзінің зерттеуінде 1949 ж. 1 қаңтарда депортацияланғандардың жаңа
жерлерге орналасуы туралы мәліметтер келтірген. Мысалы, Грузиядан еркінен
тыс көшіріп жіберілгендердің саны: Қазақстанға – 29497 адам, Өзбекстанға –
42618 адам, Қырғызстанға – 9811 адам екендігін атап көрсетеді.
Көшірілгендердің басым бөлігін түріктер құраған [3].
Түрік-месхетиндер туралы өздерінің құнды мақалаларын жазған этнографтар
Э.Х. Панеш және Л.Б. Ермолов болды. Олар белгілі басылымдарда түріктердің
этникалық тарихы мен этногенезіне едәуір көңіл бөлген. Авторлар осы
мәселеге байланысты зерттеушілердің қарама-қарсы екі бағытын көрсеткен.
Бірінші ғалымдар тобы, грузин деректеріне сүйеніп, түріктерді бұрын грузин-
түрік шекаралық аудандарында тұрған – грузин-месхлер деп есептейтіндер.
Бұл месхетия халқы грузиндік сана-сезімін жойған және исламды
қабылдағандар деп жазады. Ал екінші топ оларды түріктердің тегімен
байланыстырады. Сонымен қатар, Э.Х. Панеш және Л.Б. Ермолов 1944 ж. Орта
Азияға негізгі көрсеткіш бойынша 115,5 мың түріктің Өзбекстанға,
Қазақстанға және Қырғызстанға депортациялануы барысында түріктердің басынан
кешкен ауыр зардаптарына қысқаша тоқталып, тұрғылықты халықпен қоғамдық
ортада ұзақ уақыт бойы бірге өмір сүру нәтижесінде, түрік диаспорасының
өкілдері өздерінің ұлттық, дәстүрлік мәдениетін ұмыта бастады деп атап
көрсетеді [4].
Ахалцых түріктерінің этномәдени өмірінің басқа да қарастырылмаған
жақтарын зерттеуге А.Г. Осипов өз үлесін қосты. Ол Грузияның
территориясындағы олардың этникалық қауымдастығының тарихын,
ХІХ ғ. 20-шы жылдарынан бастап, жарты жүз жылдық ішінде грузин этносымен
күрделі қарым-қатынасын, тоталитарлық Кеңес Үкіметі бекіткен ережесін, Орта
Азия республикалары мен Қазақстанға күштеп депортациялануын, қиынға соққан
әр түрлі жағдайлар мен сол республикалардың халықтарымен өзара қарым-
қатынас орната отырып, бір-бірімен сіңісуін және олардың өздерінің байырғы
этникалық отанына оралудағы тарихи шындықты қайта қалпына келтіруге
бағытталған мәдени өмірі мен ұлттық ұмтылысын қарастырды [5].
Түріктерге қатысты Н.Ф. Бугайдың құрастыруымен шыққан Турки из
Месхетии: долгий путь реабилитации атты құжаттар жинағы 1994 ж. басылып
шықты [6].
ТМД түріктерінің ауыр тағдырына арналған Т.А. Қордаевтың кітабы
кіріспеден, 10 тараудан және қосымшадан тұратыды. Сонымен қатар, оған 1989
жылдың шілде айындағы Ферғана, 1990 жылдың ақпанындағы Ташкент облысы,
Бөкен ауданындағы, 1990 жылдың наурызында Өзбекстанда Паркенттегі, 1990
жылдың маусымында болған Қырғызстандағы оқиғаларды да келтіреді. Кітаптың
арнаулы тарауларында, айқын естеліктер негізінде шоғырланған Ахалцых,
Адыгон, Аспиндзы, Ахалкалак және Богданов аудандарындағы, Месхетия және
Джавахетиядағы түрік халқының қайғылы оқиғалары суреттеледі [7]
Түрік-месхетиндердің 1944 ж. күштеп депортациялануын Қ.С. Алдажұманов
және Е.Қ. Алдажұмановтар қарастырды [8]. Ғ. Анес [9] және О. Дымов [10]
олардың кейінгі тағдырларының түзетілмегендіктері туралы жазды.
А. Юнусовтың Ахыскинские (месхетинские) турки: дважды депортированный
народ атты еңбегінде ахыска түріктерінің этногенезі туралы мәселе
қозғалады. Автор онда ахыскалық түріктер терминін қолданады. Ахыска
түріктерінің даму кезеңін II ғ. бастап ХХ ғ. дейін төртке бөледі. Сондай-ақ
ахыска түріктерінің тегі түріктер, басқаша атауы ахыска түріктері деп
дәлелдейді [11].
Біз зерттеп отырған этнос бойынша қызықты жариялымдардың толық қатары
2000 ж. басында пайда болды. Мысалы, А. Иконниковтың [12],
А.Ж. Габдуллинаның [13], Г. Уришанованың [14] зерттеулерінде түрік
диаспорасының тарихы және қазіргі кезеңі, әлеуметтік-саяси дамуы, сонымен
қатар олардың біздің республикамыздың қоғамдық-мәдени өміріне араласуы
көрсетіледі.
У.Х. Шәлекеновтың 2002 ж. Әлем халықтарының этнологиясы атты еңбегінде
автор түрік халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптары нақты көрсетілген және
олардың әдет-ғұрыптардағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер салыстырылған [15].
Сонымен қатар Ш. Вадаловтың 2004 ж. жарық көрген Butin yonleriyle
Ahiska Turikleri атты еңбегінде Кеңес Одағы кеңістігінде орналасқан
ахыскалықтардың (месхетиндердің) рухани мұрасы жан-жақты зерттелінген.
Автор түріктердің КСРО-ның шығыс аудандарынан күштеп қоныс аударуын (1944
ж.), соның кесірінен олардың көпшілігінің қаза болуы және халықтың тірі
қалу үшін күресін, қайта құру кезінде (1989 ж.) тағылған айып-кінәсын жоққа
шығаруын, барлық дүние жүзіне тараған Ферғана қайғылы оқиғасын (1989 ж.),
Ресейдің орталық аймақтарына қоныс аударуын жан-жақты баяндаған. Сонымен
бірге қазақстандық түріктердің әдет-ғұрпын, тілінің ерекшелігін, өнерін,
әдебиетін, мәдениетін де қысқаша көрсетуге тырысқан [16].
Ахыска түріктерінің қазіргі жағдайы мен тарихына қызығушылық танытқан
Түркияда да еңбектер шығуда. Оның қатарында Н.Н. Бекироғлының әзірбайжандар
мен ахыска түріктерінің тағдырына арналған Ахыска түріктері мен
әзірбайжандардың қайғылы оқиғасы монографиясы [17] және
Ю. Зейректің ахыска түріктерінің тарихы мен қиын өмірлері туралы Ахыска
өлкесі және ахыска түріктері зерттеуін атауға болады [18]. Екі еңбектің
тарихи тамырластығы сонда, олар көп азап шегуші халықтың тікелей өкілдері
болып табылады. Олар осы бір зұлмат жылдардың куәгерлері ретінде,
зерттеулерін өз бастарынан кешкен жайттар мен мұрағат іс-құжаттарын дәйекті
түрде пайдаланып, естелік негізінде жазады.
Біз зерттеп отырған этностың осы және басқа да қарастырылған
демографиялық аспектлері ҚР ҰҒА-ның академиктері М.Қ. Қозыбаевтың [19],
М.М. Асылбековтың [20] және басқа да белгілі тарихшылардың зерттеулерінде
қарастырылған. Олардың жариялымдарында халық санағы және республика-мыздағы
депортацияланған халықтардың орналасуы туралы мәліметтер берілген.
А.У. Тоқтабайдың 2006 ж. шыққан Түркі халықтарының мәдениеті атты
еңбегінде, әртүрлі мемлекеттер құрамында өмір сүріп отырған отыздан аса
түркі тілді халықтардың бүгінгі саяси-әлеуметтік этникалық жай-күйі, тілдік
ортасы, қазіргі даму жағдайы туралы мол мағлұмат беріледі [21].
Зерттеу жұмысының нысаны – Қазақстан территориясында тұрып жатқан түрік
диаспорасының қысқаша тарихы мен этникалық және этномәдени өмірін зерттеу
арқылы оның өзіндік ерекшеліктерін көрсету.
Зерттеу жұмысының пәні – Қазақстанның төрт оңтүстік облысының қалалары,
аудандары мен ауылды жерлерінде мекендейтін түрік халқының этномәдени дамуы
мен отбасының бүгінгі таңдағы жағдайын этнографиялық тұрғыда жан-жақты
зерделеу.
Жұмыстың алға қойған мақсаты мен міндеттері. Біздің зерттеуіміздің
мақсаты 1944 ж. бері Қазақстан Республикасында тұратын түрік этносының
мызғымас бөлігі – ахыска түріктерінің этномәдени дамуы болып табылады.
Соның нәтижесінде жұмыстың мақсатына жету үшін біз алдымызға мынадай
міндеттердің шешімін табуды қойдық:
– соңғы 180 жыл бойғы отарлық патшалық Ресейдің қол астында болып,
тоталитарлық Кеңес үкіметінің қуғындауына ұшыраған және посткеңестік
Грузия билігімен 1944 ж. Қазақстанға күштеп депортацияланған түрік
диаспорасының қайғылы тағдырын зерттеу;
– тәуелсіз Қазақстан Республикасының жоғары билігінің қолдауының
арқасында ахыска түріктерінің жағдайы мен мәртебесінің жақсарғандығын,
ағайынды қазақ халқымен қарым-қатынасын паш ету, сонымен қатар, осы
этностың біздің көп ұлтты республикамыздың оңтүстік облыстарында
орналасуын және соңғы 60-тан аса жыл ішіндегі демографиялық
жағдайындағы өзгерістерін бақылау;
– олардың этномәдени бағыттағы мәдени өресін – ән, би, кино, бұқаралық
ақпарат құралдары және т.б тұтынуындағы этносоциологиялық қырларын
танып білу;
– аталмыш этностың өкілдері үшін қандай этнотілдік үрдістердің – түрік
тілінде сөйлеуін қосқанда, түрік халқының арасындағы биллингвизм немесе
қостілділіктің, үштілділіктің және көптілділіктің ерекшелігін көрсету;
– отбасы және неке қарым-қатынасын, соның ішінде отбасы құрамы мен
түрлерін, ішкі отбасылық қатынастары және отбасылық әдет-ғұрыптары т.б
бағытын зерттеу;
Жұмыстың хронологиялық шеңбері. Олар 1940 ж. бастап және 2000 ж. дейін,
яғни, 60 жылдан аса кезеңді қамтиды. Бастапқы кезеңде олардың 1944
жылы Қазақстан территориясына тарихи отанынан күштеп қоныс аударылуының
қайғылы белеңдері баяндалады. Сонымен бірге біз ХІХ ғ. басы және ХХ ғ.
әлдеқайда ерте кезеңдерге де жанама шолу жасадық. Хронологияның қорытынды
кезеңі, түріктерді қоса есептегенде 130-дан аса үлкен және кіші этнос
өкілдері тұратын Тәуелсіз Қазақстанның тұрмысы мен тіршілік ету кезеңін
қамтиды.
Зерттеу жұмысының территориялық ауқымы. Бұл негізінен Оңтүстік Қазақстан
шеңберімен шектеледі. Көрсетілген аймақты таңдау мынадай жағдайлармен
анықталады. Біріншіден, оның төрт облысында – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік
Қазақстан, Қызылорда, сонымен қатар республикамыздың оңтүстік астанасы –
Алматы қаласында 1999 ж. санақ бойынша Қазақстандағы барлық түріктердің
99,6% тұрады. Екіншіден, 1944 ж. түріктерді депортациялау салдарынан
Оңтүстік Қазақстан территориясы кейінірек олардың екінші отанына айналды.
Үшіншіден, Қазақстан түріктерінің 60 жылдан астам уақыт бойы осы аймақтарға
шоғырлануы, олардың бұрынғы тұрған Месхетия және Джавахетия – Грузияның
қазіргі тарихи-мәдени облыстарының жергілікті табиғи-климаттық ұқсастығымен
түсіндіріледі.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі ретінде жалпы ғылыми,
тарихи, этнографиялық, этносоциологиялық, этнолингвистикалық және
мәдениеттану ғылымдарында соңғы кездері қалыптасқан жаңа ғылыми бағыттар,
тұжырымдар мен ой-пікірлер мүмкіндігінше басшылыққа алынды.
Диссертация барысында қолданылған негізгі зерттеу әдістері қатарына
ғылыми ізденістің жалпы диалектикалық танымдық тәсілдерімен қатар арнайы
ғылыми әдістер: жүйелілік, объективтілік, себеп пен салдар, жалпылық және
жалқылық, тарихи-салыстырмалық тәрізді ғылыми таным қағидаларын негізге
алдық. Сонымен қатар, ғылыми жұмыста дедукция, индукция, талдау, жинақтау,
қорыту әдістері де қолданылды.
Сондай-ақ Х.А. Арғынбаев, У.Х. Шәлекенов, О.С. Смағұлов, Ә.Т. Төлеубаев,
С.Е. Әжіғали, Ж.О. Артықбаев сынды отандық этнографтардың еңбектері
басшылыққа алынды
Зерттеу жұмысының деректік негізгі. Біздің диссертациялық зерттеу
жұмысымыздың негізгі дереккөздерін бес түрге бөліп топтастырып қарауға
болады.
Біріншісі – ҚР ОММ сақталған, мұрағат құжаттарынан құралады. Оның ішінде
біз зерттеп отырған соғысқа дейінгі және соғыс жылдары Қазақстан жерінде
депортацияланған халықтарға арналған № 1987 қорында және № 1137 қорында
жинақталған құнды деректерді атап айтуға болады.
Екінші топты, түріктерге қатысты арнайы құжаттар мен мәліметтерден
тұратын жинақтар құрастырады. Мысалы, 1992 ж. жинақта – Иосиф Сталин –
Лаврентию Берия: Их надо депортировать... ІІХК және ІІМ КСРО
мұрағаттарының құжаттарынан мәліметтер келтіріледі. Онда Еділ бойы,
Солтүстік Кавказ және КСРО-ның басқа да аймақтарынан қоныс аударылған
халықтар тарихынан нақты деректер айтылады. Бұған түрік-месхетиндерге
тікелей қатысы бар, олардың қай жерлерден депортацияланғаны және жаңа
жерлерге орналасуы туралы, арнайы қоныс аударушылардың халық санағын
жатқызамыз. 1993 ж. Мәскеуде басылып шыққан Саяси жазалауға ұшыраудың
құрбаны болғандардың жазасын ақтау және жазалауға ұшырау туралы заң
шығарушы және ереже актлерінің жинағында біздің назарымызды аударатын
көптеген мәліметтер кездеседі. Оған мына жәйттердің өзіндік тікелей қатысы
бар: халықтың тұрғылықты елді-мекендерінен алыс жерлерге депортацияға
ұшырап көшіріп жіберілуінің қанша уақытқа созылғандығы жайлы мәліметтер;
жаңа жерлерге орналасқандардың үнемі сол жерде тұруға міндеттелуі, ал қашса
қылмыстық жауапкершілікке тартылуы туралы; заң шығару ережелері, арнайы
қоныс аударылғандарды тәртіпке келтіру жағдайы және т.б. Алматыдан 1998 ж.
Арыс баспасынан басылып шыққан Депортированные в Казахстан народы: время
и судьбы жинағында КСРО ІІМ және ІІХК мұрағатының негізінде, КСРО ХКК
Үкімі және Қаз КСР арнайы қоныс аударушылардың құқықтық жағдайы, шаруашылық
және жұмысқа орналасуы, біздің республикамыздың территориясына таратып
орналасуы жайында бізді қызықтыратын деректер берілген.
Дереккөздерінің үшінші тобына – Бүкілодақтық халық санағының
статистикалық мәліметтерін жатқыза аламыз. Онда 1970, 1979, 1989 және 1999
жылдары жүргізілген санақ мәліметтері республикамыздағы түрік халқының
отбасылық құрамы көрсетілген. 1999 ж. санақта халық санағымен қатар отбасы,
тіл мәселесі, білім және әлеуметтік деңгейлеріне қатысты ортақ деректер
жарияланған. Бұл деректерден біз Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және
Қызылорда облыстары бойынша түріктердің орналасуы мен халық санағы
жөніндегі нақты мағлұматтарды білдік.
Деректердің келесі тобын – 1989 ж. Жамбыл облысы Меркі ауданында
орналасқан түріктердің арасында республикамыздың ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
тарих, археология және этнография Институтының этнография бөлімінің ғылыми
қызметкерлері (жетекшілер тарих ғылымының кандидаты Қ.А. Қауанова және А.Б.
Қалыш) жүргізген сұрақ-жауабының этносоциология-лық үлгідегі мәліметтері
кескіндейді.
Соңғы, дереккөздерінің бесінші тобы – Қазақстанның төрт оңтүстік
облысының қалалары мен елді-мекендерінен жинақталған, автордың тікелей ел
арасынан жинаған этнографиялық құжаттары құрайды. Олардың қатарына мыналар
жатады: Алматы облысы бойынша – Қарасай ауданының Қаскелең қаласы,
Шамалған, Жандосов, Каменка, Қарағайлы, Жаңа Тұрмыс, Біріншімай, Алатау
ауылдары; Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласы, Новоалексеевка, Қайназар,
Красный Восток және Түрген ауылдары; Талғар ауданының Қызылқайрат, Бесағаш,
Тұздыбастау ауылдары және Талғар қаласы; Іле ауданының Боралдай елді-
мекені, Байсерке, Жаңа-арқа ауылдары. Жамбыл облысы бойынша – Меркі
ауданындағы Меркі, Жамбыл және Нововоскресеновка ауылдары; Байзақ
ауданындағы Сарыкемер, Түймекент ауылдары; Жамбыл ауданындағы Природное
және Асса ауылдары; Шу ауданының Шу қаласы, Алға және Кемер ауылдары.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Сайрам ауданындағы Сайрам, Ақсу,
Қарабұлақ ауылдары; Түркістан қаласы және Шымкент әкімшілік қаласына
қарасты Пригородное ауылы. Қызылорда облысы бойынша – Қармақшы ауданының
ІІІ Интернационал ауылы.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы төмендегілермен анықталады:
– Қазақстан тарихнамасындағы жеткілікті дәрежеде қарастырылған
тақырыптардың бірі көп ұлтты еліміздегі шағын, әсіресе бауырлас және
түркітектес этностардың, соның ішінде этнографиялық тұрғыдан зерттелінбеген
түрік диаспорасы жан-жақты қарастырылды;
– зерттеу жұмысының сипаты мен мазмұны этносоциологиялық тұрғыдан
диссертациялық жұмыс ретінде алғаш зерттеліп отыр. Түрік тұрғындарының
арасынан жиналған мәліметтер аталмыш тақырыпты жаңаша негіздеуге,
пайымдауға мүмкіндік берді;
– түрік диаспорасының этнодемографиялық, этнотілдік және отбасылық-
некелік жағдайлары мен қарым-қатынастары, отбасылардың құрылымы мен санын
сипаттайтын статистикалық және этнографиялық бастаулар бірінші рет ғылыми
көзқарас тұрғысынан көрсетілді;
– ахыска түріктерінің этномәдени дамуы мен бағыттары алғаш рет жан-
жақты зерттелді;
Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы еңбектің нәтижелерін, жекелеген
тұжырымдары мен қорытындыларын және диссертацияның қорытынды мәліметтерінің
маңызын төмендегі себептерден байқауға болады:
– Қазақстан Республикасы жоғарғы жетекшілігінің қолдауымен ұлт
мәселесін шешу барысындағы әділ қызмет көрсету айғағы көрініс табады;
– Республикамыздағы барлық халықтың бар болғаны 0,5% құрайтын түрік
диаспорасының ұлтаралық қарым-қатынас саласындағы дұрыс көрсеткіштері,
басқаларға өзіндік үлгі бола алады;
– Қазақстан халықтарының Ассамблеясы мен республикамыздағы басқа да
шағын этностардың ұлттық-мәдени орталықтары үшін түрік диаспорасының
шынайы этномәдени жағдайы көрнекі зерттеу болып табылады;
– Қазақстан түріктерінің күнделікті өмірі мен тұрмысын баяндау
барысында қажетті хабарларды бұқаралық ақпарат құралдары (газеттерден,
журналдардан, радио және теледидардан) береді;
– Түркия Республикасының жұртшылығына бұл туралы көрсету үшін, олардың
отандастары тәуелсіз Қазақстанда қандай қолайлы жағдайда тұрып жатқаны
ауыспалы түрде қолданылған болуы мүмкін;
– Отан тарихы, этнология, мәдениеттану, саясаттану, лингвистика пәндері
бойынша студенттер мен магистранттарға оқылатын дәріс сабақтары мен
арнайы курстарда пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылған тұжырымдар. Жұмыстың ғылыми жаңалығы төмендегі
тұжырымдар арқылы тиянақталмақ:
– түріктердің этнодемографиялық жағдайын талдау арқылы, отарлық патшалық
Ресейдің, тоталитарлық Кеңес үкіметінің қуғындауына ұшыраған, осы этностың
қайғылы тағдырына қатысты мәліметтерді толығымен алуға болады және
посткеңестік Грузия билігі 1944 ж. Қазақстанға күштеп депортацияланған
ахыска түріктерінің ұлт мәселесінің шешімін табуға қарсылық көрсеткен
жағдайлардан дәлелдер келтіре алады.
– олардың Қазақстан Республикасының аймақтары, облыстары мен
аудандарындағы саны, өсімі мен аймақтық орналасу ерекшеліктерін анықтауға
болады;
– түрік тұрғындарының мәдени құндылықтары мен оның бағыт-бағдарлары,
рухани сұраныстары мен талап-тілектеріне қатысты сауалдардың нәтижелерін
барынша түсіндіріп бере алады;
– түріктердің арасындағы этнотілдік жағдайдың қалыптасуының алғы
шарттарын қарастыра отырып, олардың арасындағы ана тілінің, қазақ және орыс
тілдерінің атқаратын рөлін, тілдік жағдайға егеменді Қазақстан
Республикасының саясатының тигізетін әсерін айқындаудың мүмкіндігі
туындайды;
– зерттеліп отырған этностың отбасы мен некесін талдай отырып, олардың
арасындағы жалпылама ерекшеліктерін және өздеріне тән дәстүрлер мен
инновацияларды (жаңашылдықтар) зерделеу арқылы жаңаша қорытынды дәлелдерге
сүйене аламыз;
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі диссертациялық жұмыстың негізгі
тұжырымдары мен қағидалары 9 ғылыми мақалада, оның 4-і ҚР Білім және ғылым
саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімдегі басылымдарда, ал оның 5-і
халықаралық конференция жинақтарында жарияланған.
Жұмыстың құрылымы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған
әдебиеттер тізімі, ақпарат берушілер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу
деңгейі, деректік негіздері және ғылыми жаңалықтары, зерттеудің теориялық-
әдістемелік негізі, мақсат-міндеттері, мерзімдік шегі және қорғауға
ұсынылатын тұжырымдары айқындалған.
Түріктердің Қазақстанға еріксіз көшірілуіне дейінгі тарихы мен
жағдайы деп аталатын бірінші тарауда түрік диаспорасының республикамызға
депортацияланға дейінгі тарихы, қоныстану бағыты, саны, өсімі мен аймақтық
орналасуы баяндалады. Ахыска түріктері кешеге дейін тоталитарлық жүйенің
айтқанына көніп, айдағанына жүрумен келді. И.В. Сталиннің
саясаты осы этностарды жазалау арқылы орыс және грузин этностарының
өркендеуіне ашықтан-ашық жол ашты.
Жалпыға мәлім, Қазақстан өзінің территориясына ХVII ғ. бірінші
жартысынан – ХVIII ғ. басынан бастап, еуропалық үлгідегі басқа этностарды
қабылдай бастады. Бұл жүйе ХIХ ғ. екінші жартысында қайталанбайтын үдемелі
сипатқа ауысты. Олар негізінен қатаң және ерікті түрдегі идеяны қолданды.
Алайда Кеңес үкіметінің жеңіске жетуімен, бұл бағыт күш қолдану түріндегі
мәнге ие бола бастады, республикамызды әртүрлі ұлттардың полигонына
айналдырды. Демографиялық зерттеулердің қорытынды мәліметтері бойынша 1937-
1938, 1941-1945 жылдары Қазақстанда депортацияға ұшырап, зорлықпен
көшірілгендердің саны 1 млн. 500 мың адамды құрады.
Мұндай тәркілеу 1934-1944 жж. еңбекпен қоныс аудару, ал 1944 жылдан
бастап арнайы көшіріп жіберу деген атпен аталды. 1944 ж. Грузиядан 81026
тұрғын (түрік-месхетиндер) қуғындалды, ал 1949 жылдың 1 қаңтары бойынша
2 300 535 адам арнайы қоныс аударылғындардың есебінде тұрды. Аталғандардың
1 835 078-і өмірлік көшіріп жіберу категориясына жатқызылды. Олардың
365 173-і шешен-ингуштер, 57 491-і қарашайлар, 31 873-і балқарлар, 77 279-ы
қалмақтар, 186 535-і қырым-татарлары, 1 035 701-і немістер еріксіз қоныс
аударылды. Депортацияға ұшырағандардың 17 мыңға жуығы жаңа жерлерге таратып
орналастыру кезінде темір жол эшелондарында қаза тапты [3].
Түріктермен өштес Кеңес өкіметі олардың тілі өте ұқсас болғандықтан
әуелі әзірбайжандарға теліп, кейіннен түбі бір болғандықтан бірігіп,
кірігіп кетуінен қорқып, 1925-1940 жж. зорлап түріктердің ұлтын, тегін
грузин деп өзгертіп, осы ұлттың тамырына балта шапты. Зұлымдық әрекетті
мұнымен де доғармай, кейін грузин болып жазылған әзірбайжандарды да
орналасқан, мекендеген жерлерінен күштеп көшіріп жіберді. Сол уақытта ата-
анасы құжатында түрік деп жазылса, баласы төлқұжат ала алмады.
Қазақстандағы түрік диаспорасының өздерінің сансыз өкілдері үшін,
еріксіз қоныс аударуға ұшыратудың соңы тек 1944 ж. жағдай екендігі даусыз
дәлел.
Республикамызға түрік-месхетиндердің алғашқы тобы, өз еріктерінен тыс
күрдтер және армяндармен бірге 1938 ж. соңында қоныс аударылғандығын, ҚР
ОММ мұрағат құжаттары дәлелдейді. Мысалы, олар № 13 Алматы облысының Іле
ауданындағы Каучук совхозына тіркелген. Қоныс аударылғандардың тұрғын үй
және тұрмыстық жағдайы тек абақты-лагерлермен салыстыруға болатындай,
мүлдем ауыр көрініске тап болды.
Түрік-месхетиндерді жер аударудың дүмпуі өзіндік үлгідегі идеологиялық
тұрғыда негізделіп, ұқыпты түрде жасалған. 1944 ж. 12 сәуірінде Грузияның
ІІХК төрағасы Г. Каранадзе КСРО ІІХК төрағасы Л. Берияға күрд және
әзербайжандардың бір бөлігі өздерінің елді-мекендерін тастап Тбилисиге
келіп, осы жерде әлеуметтік зорлық-зомбылық тудырды деп жазды. Л. Берия
1944 ж. 24 шілдесінде өз хатында И. Сталинге КСРО-ның Грузиядағы шекаралық
қауіпсіздік жағдайын жақсарту мақсатымен, осы мәселеге сәйкес Ахалцых,
Адыген, Ахалкалак, Аспиндзы, Богданов аудандарындағы және Аджар АКСР кейбір
елді-мекендерінен 16 мың 700 түрік, күрд отбасыларын күштеп қоныс аударудың
керектігін жазды. Оған қоса Грузияның басшылары көрсетілген аймақтарындағы
барлық мұсылмандардан құтылғысы келді. Месхетия мұсылмандарын күштеп жер
аудару 1944 ж. 14 қарашасынан басталып, 1945 ж. қаңтарында аяқталды. Оның
барысында 220 елді-мекеннен 86 мың мұсылман көшірілу жоспарланған, ал шын
мәнінде 96367 адам күштеп қоныс аударылған. Осы тізімде түріктер 66823,
күрдтер 8843, хемшиндер 13997 тұрғындарды құрады [3].
Түріктерге қатысты Кеңес өкіметі тағы да осы сияқты болжаммен, шағын
этникалық топ өкілдеріне байланысты қалыптасқан империалық әдісті нақты
пайдаланды. Оның себебі, И. Сталин қоныс аударылған этнос өкілдерін барған
жерлерінде мұсылман халықтарымен сіңісіп кетеді деп ойлады. Бірақ,
депортацияға ұшыраған халықтардың өздерінің ерекше тілі, діні, мәдениеті,
әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі болғандықтан, аталмыш саясат толығымен іс
жүзінде орындалмай қалды.
Мұның саяси астары терең ойластырылып, яғни, жеткіншек ұрпақ және
әсіресе балалар өздерінің тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен тілін ұмыту
үшін, оларды ассимиляциялауға бағытталған еді.
1944 ж. 11 қарашасының суық түнінде Грузияның оңтүстігіндегі Чороха және
Куры өзен аралығында орналасқан Месхетия-Джавахетия, Ахыска, Ахалкелек,
Аспиндза, Адыгон және Богданов аудандарының 220 – ауылынан жүз мыңнан астам
түріктерді көшіріп жіберді. Түріктерге осылайша сатқындық туралы жалған
айып тағып, туған жерінен қуып жатқан кезеңде де көптеген түріктер соғыста
қан кешіп жатты.
Ағылшын жазушысы Роберт Конгуест бул туралы: 200 000 адамы бар түрік
халқының отанынан айрылып, жат жерлерге күштеп қоныс аударылғандығы туралы
1968 жылға дейін Батыста ешкім білген жоқ деп қорытындылайды. Бұл оқиға
Исландияның немесе Жаңа Зеландияның, Кувейттің немесе Алясканың бүкіл
тұрғындары бір мезеттің ішінде із-түзсіз ғайып болып кеткендей болды, деп
жазды.
Жиырма бес жылдай уақытқа дейін осы оқиға туралы географтар да шатасып
келді. Олардың ойлауынша түріктер әлі сол аймақтарда және өздерінің бұрынғы
жерлерінде тұрады деп есептеді. Ресми басылымдарда 1945-1958 жылдарға дейін
жер аударылғандар туралы шынайы хабарлар беруге тиым салынды. Кеңестік
энциклопедияларда ахыска түріктерін тілдері оғыз тобына байланысты Анадолы
түрікшесі, халқы түріктер. Бұл халық түріктерді жақсы көреді, олармен
байланыс жасайды деп жазды. Сонымен бірге, Ахыска, Ахелкелек аудандары
стратегиялық аймақ болғандықтан, сенімсіз, тұрақсыз түріктер аталмыш
жерлерден көшірілді деп, екі грузин профессоры жалған ғылыми мақалалар
жазды.
Ахыска түріктерінің санына тарихи-демографиялық тұрғыдан назар аударсақ,
1939 ж. Кеңес Одағында жүргізілген Бүкілодақтық халық санағы бойынша
Қазақстанда барлығы 6 093 507 адам тұрған, оның ішінде қазақтар – 2 313 674
адам, орыстар – 2 993 128 адам, түрік ұлтынан барлығы – 518 адам. 1944 ж.
Қазақстанда болған қайғылы оқиғаның салдарынан кейін түрік халқының саны
күрт өсті. Осы жылдың өзінде Қазақстанның төрт оңтүстік облысында 27 833
түрік халқының санағы тіркелген [22].
Бізге белгілі жайт, Қазақстанға жер ауып келген түріктердің
статистикалық мәліметтері жоғары демографиялық көрсеткішпен белгіленді.
Әдетте түрік диаспорасының көп балалы отбасы болып келуі дәстүрлі құбылыс.
Осыған байланысты әрбір түрік отбасында 6-8 баланың дүниеге келуі міндетті
болды. Себебі түрік халқының саны Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған
кезде күрт азайды. Бірақ, соған қарамастан олар жоғары демографиялық ұдайы
өсімді сақтап отырды. 15 жылдан кейін – 1959 ж. халық санағының мәліметтері
бойынша Қазақстанда барлығы 9916 түріктің ресми есепке алынғандығы
жөніндегі деректермен толықтырылды.
Мұндай ақылға қонбайтын және шындыққа сәйкес келмейтін жағдай былайша
түсіндіріледі: түріктерге балаларын өзінің нағыз ұлтымен тіркеуге алудан
бас тартқызып, олардың көбісін этникалық әзірбайжандар деп, ал бір бөлігін
өздерінің төлқұжаттарындағыдай грузиндерге жатқызды.
Ал, түрік-месхетиндер – 1970, 1979, 1989 жылдардағы халық санағы
мәліметтерінде түрік-месхетиндер, түріктер санымен есепке алынған. Егер,
1970 ж. жүргізілген арнайы халық санағына келетін болсақ, онда бұрынғы
1959 ж. санақпен салыстырғанда түрік халқының әлдеқайда, тіпті, екі есе
көбейгенін байқаймыз. Бұл бағыт біз зерттеп отырған түрік диаспорасының
демографиялық үрдістеріндегі табиғи жоғары өсімінің көрсеткішін нақтылап
береді. Көрсетілген статистикалық мәліметтер, түріктердің арасындағы
этнодемографиялық жағдайды дұрыс, толығымен дәлелдеп бере алмайды. Оның
себебі мынада: түріктердің негізгі бөлігі бұрынғысынша, өздеріне де, өз
балаларына да, немерелеріне де өздерінің нағыз ұлтының атын алып бере
алмады, бұрынғысынша әзірбайжан немесе грузин болып қала берді.
1970 ж. салыстырғанда 1999 ж. түріктердің халық санағының өсімі 57477
адамды құрады, қала халқының саны 14849 адамға көбейді, ауыл халқының саны
42628 адамға ұлғайды. 1979 ж. салыстырғанда барлық түрік халқының саны
50113 адамға өсті, оның ішінде қала халқының саны 12440 тұрғынға артты, ал,
ауыл халқының саны 37673 тұрғынға көбейді. 1989 ж. салыстырғанда
түріктердің жалпы саны 26458-ге өсті, қала халқының саны 8477 адамға
ұлғайды, ауыл халқының саны 17981 адамға өсті [23].
Статистикалық мәліметтер бойынша тағы да түріктердің басым көпшілігінің
(98,9%) республикамыздың төрт оңтүстік облыстары мен олардың орталықтарында
және Алматы қаласында тұратындығын дәлелдейді.
Көрсетілген облыстардың ішінде Алматы облысы түріктердің орналасуы
бойынша бірінші орын алады. Қазақстанда тұратын түрік халқының 38,6%, соның
ішінде 37,3% ауылдық және 45,5% қалалық тұрғындар. (Алматы қаласы бойынша
есепке алынбаған түріктер, барлық отандастарының санының 1,7% құрады).
Республика көлемінде, Түрік халқының аймақтық орналасуы жағынан екінші
орында Жамбыл облысы болып табылады. Мұнда Қазақстандағы барлық түріктің
34,6% шоғырланады, соның ішінде 36,6% ауылдықтар және 24,6% қала
тұрғындары. Егер ауылдықтарды алатын болсақ, онда олардың басым бөлігі осы
облыстың Жамбыл, Меркі, Байзақ аудандарында тұрады. Келесі кезекте Оңтүстік
Қазақстан облысы бойынша орналасуы жағынан түріктердің халық санағы өзіндік
орын алады. Бұл мынаған 22,3,-20,2,-12,8% сәйкес келеді. Егер олардың
аудандарға орналасуын алатын болсақ, түріктер Сайрам, Төле-би, Сарыағаш
және Мақтарал аудандарында шоғырланған және бұл жерде олар қазақ-өзбек
халқымен көршілес орналасқан. Соңғы кезекте түріктердің халық санағы
бойынша орналасуы Қызылорда облысы болып табылады. Жалпы түрік халқы мұнда
не бары 1,7% құрайды, соның ішінде 1,5% ауыл және 2,4% қала тұрғындары.
Олар негізінен Қармақшы ауданының III Интернационал ауылында топталып
орналасқан.
Түріктердің арасындағы этномәдени және этнотілдік жағдайы деп аталатын
екінші тарауда ахыска түріктерінің этномәдени дамуының бағыт-бағдарлары мен
этнотілдік жағдайы қарастырылады. Кеңестік дәуірдің ықпалы оның
территориясында тұрып жатқан жүздеген этностардың, соның ішінде түріктердің
дәстүрлі мәдениетінің бастауларын жүйелі түрде түбірімен күйретті. Жер
аударылған халықтар өздерінің этномәдени дамуында үлкен қиындықтарды
басынан өткізді. Күштеп қоныс аудару адамгершілік тұрғыдан ғана зиян емес,
шаруашылықтың, кәсіпкерліктің біраз дәстүрлі түрлерін жоғалтуға алып келді.
Саяси науқан жылдары өзге ұлттардың ешқандай негізсіз барлық жоғалтып
алғандарын қайта дамытуға, сол халықтың ұлттық-мәдени құндылығын
жандандыруға бағытталған шағын этностардың орталықтарын құру туралы
пікірлер қалыптасты. Осының барысында 1991 ж. ақпан айында Алматы қаласында
Қазақстандағы түрік қауымдастығының мәселелерін талқылап, жұмыстарына бағыт
беретін Түркия ұлттық-мәдени орталығы құрылды. Бұл орталықтың бөлімшелері
бүгінде республикамыздың әрбір облыстарында ашылған. Ал оның облыстық және
аудандық филиалдары түрік диаспорасы тығыз тұратын қалалар мен елді-
мекендерде: Шымкент, Тараз, Меркі, Қаскелең, Талғар, Есік, Сауран, Ленгер,
Түргенде жұмыс атқарады.
Оңтүстік Қазақстанның облыстық мәдени орталықтарынан басқа олардың
филиалдары: Сайрам, Түлкібас, Сарыағаш, Төлеби аудандық мәдени орталықтары
жұмыс істейді. Онда жастар өз қалауымен кітапханаларға барады, неке, спорт
залдар жұмыс істейді және қазақ, түрік, ағылшын тілдері оқытылады. 2003
жылдың 15 қаңтарында белсенді түрік жасөспірімдерінің – Жастар Клубын
құрды.
ҰМО Қазақстан халықтары Ассамблеясының тең құқықты мүшесі. Мұндағы
түрік диаспорасының өкілдері еліміздегі басқа да халықтар сияқты
мемлекеттік мәселерді шешуге қатынасады.
1995 ж. 24 наурызында ҚР ҰМО қызметін өркендету және ұлттық мәдениетті
сақтау үшін, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылып, онда әртүрлі ұлт
өкілдері бастарын құрап, татулықтың жаңа бір үлгісі тамаша қырынан ашылды.
Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде 1991-1992 оқу жылында
Түрік тілі және әдебиеті мамандығы ашылды. Сонымен қатар, Түрік әлемін
зерттеу қоғамы мен Қорқыт ата университеті арасында 1992 ж. қабылданып қол
қойылған хаттамаға сай, Қызылорда қаласында Түркия тарапының көмегімен 1992-
1993 оқу жылында Түрік тілі мамандығы ашылды. Бүгінде осы мамандық
бойынша жоғары білім алып шыққан түлектер саны 138-ге жетті.
1991 ж. 6 маусымында президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың № 329 Қаулысы
бойынша Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университеті ашылды.
1992 ж. Қазақстанда алғашқы қазақ-түрік лицейлері ашылды. Аталмыш
лицейлер Алматы, Көкшетау және Түркістан қалаларында ашылып, олардың саны
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен ТР Президенті Т. Өзалдың қолдауымен 1993-
1994 оқу жылында 19-ға жетті. Қазіргі уақытта Қазақстандық түріктердің
сұранысын ескеріп, жергілікті ахыска түріктері тұратын кішігірім елді
мекендерде түрік тілі пәні жүргізілетін 50-ге тарта мектеп бар.
Республикамыз егемендік алғаннан кейін түрік жастарының жоғары білім алуына
кең мүмкіндіктер туды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен КАТЕВ Түрік
халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырылды. Мысалы, КАТЕВ қоғамының
қолдауымен Талдықорғанда және республикамыздың түрік этносы аз шоғырланған
солтүстік аймақтарында Қостанай және Солтүстік Қазақстан (Петропавл)
университеттерінде қазақ, түрік тілдерін оқыту іске асырылуда.
Қай заманда болмасын, кез-келген қоғамда елдің және мемлекеттің мерейі
алдымен оның рухани байлығымен өлшенген. Түрік диаспорасының мәдени
өмірінде рухани азық беретін өнердің бір түрі – театр. Осы саладағы алғашқы
қадамдардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысында құрылған Мико кәсіптік
түрік ән-драма театры.
Ұлттық кинематографияның дамуы да түріктердің мәдени деңгейінің шеңберін
кеңейтіп, кино өнері көрермендерінің санын арттыра түсірді. Мұны
этносоциологиялық зерттеу жұмысының қорытынды мәліметтерінен байқайтын
болсақ, Меркі ауданы түріктерінің 36,2% киноға жиі барады екен.
Түркия түрік қоғамы жаппай жаңалықтар тізбегі арқылы Алматы
қаласындағы басқа да ұлт өкілдерін және барша жұртшылықты Ахыска
түріктерінің тарихы, мәдениеті және өнерімен таныстырады. Аталмыш қоғам
1999 ж. бастап республикалық Ахыска түрік газетін қазақ, түрік және орыс
тілдерінде басып шығарады. 2003 ж. бастап Оңтүстік Қазақстан облысында ай
сайын Шаңырақ газеті шығады. Газеттің басты мақсаты Оңтүстік Қазақстан
облысындағы түріктердің және басқа да шағын этностардың мәдени
орталықтарының қызметін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, мәдениетін жариялау,
ұлттық диаспора өкілдерінің беделді, дарынды адамдарына, шетелдегі
отандастарының өмірін насихаттау. Газеттің беделді авторлары – ҰМО-ның,
жастар Одағының және диаспора ақсақалдарының көшбасшылары.
Ал радио тыңдау белсенділігі бойынша Жамбыл облысы, Меркі ауданында
тұратын ахыска түріктеріне жүргізген сауалдарының көрсетуінше, олардың
басым бөлігі радио тыңдарманына жатады екен. Бұл көрсеткіш түрік
тұрғындарының арасында 56,1%. Бұқаралық-ақпарат құралдарының барлығының
ішінде миллиондаған халықты бірден, тиімді әрі тез қамтитын түрі –
теледидар. Осыған байланысты Жамбыл облысы, Меркі ауданында тұратын біз
зерттеп отырған этнос өкілдерінің теледидарға қатысты рухани сұранысын,
олардың жынысына қарай топтап анықтаған кезімізде, түріктердің мәдени
қалауының әркелкілігін аңғардық. Меркі ауданының ауыл түріктерінің ішінде
ер адамдардың 90,5% телебағдарламаларды тұрақты көрсе, ал әйелдер арасында
бұл көрсеткіш 86,8% сәйкес келеді. Егер біз зерттеп отырған түрік халқының
нақты музыкалық бейімділігіне келетін болсақ, сұрауға қатысқандардың ішінен
түріктер бірінші орынға өз халқының әуендерін (60,4%) қояды, екінші және
үшінші орындарға қазақ халқының әндері (42,2%), сонымен қатар жеңіл джазды
және эстрадалық әуендер (40,4%) шығады. Мұнан бұрын қарастырылған бағыттар
халық билеріне де қолданылады. Бұл жерде біз қарастырып отырған түріктер
59,6% дауыс бере отырып, өздерінің халық өнерінің бұл түрін басты орынға
қояды. Олардағы мұндай жоғары көрсеткіш, орта және ересек ұрпақ өкілдері
арасында (65,8 бастап 84,0% дейін) жетті.
Этнотілдік жағдайға тоқталатын ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz