Қазақ халқының тарихында Сырым батыр қозғалысының негізгі өшпейтін маңызы міне осында


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1. Хандық билік дәуіріндегі ұлт-азаттық көтерілістерінің тарихнамасы (1783-1824) . . . 8
1. 1 Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің зерттелу тарихы . . . 8
1. 2 ХІХ ғасырдың бірінші ширегіндегі сұлтандар бастаған көтерілістер тарихының зерттелу мәселесі (Арынғазы, Қаратай) . . . 20
2. Кіші жүздегі ХІХ ғасырдың екінші ширегіндегі ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихнамалық мәселелері . . . 50
2. 1 Жоламан Тіленшіұлы, Исатай Тайманұлы басқарған отаршылдыққа бағытталған көтерілістердің зерттелу тарихы . . . 50
2. 2 1847-1858 жылдардағы Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихнамасы . . . 60
2. 3 Орал, Торғай (1868-1869жж. ) облыстарындағы және Адай (1870ж. ) руларының ұлт-азаттық көтерілістеріне тарихнамалық талдау . . . 69
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 77
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 80
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Қазақ халқының өткен тарихи кезеңдерінде қоғамдық-саяси өмірде жетекші орынға ие ұлт-азаттық қозғалыстардың мәнін жете түсіну, ұғыну қазіргі кезеңдегі ұлттық санамызда ерекше орын алып отырғаны түсінікті жәйт. Қазақстан тәуелсіздікке ие болып, ұлттық мемлекеттік құрылысы қалыптасқан өткен ғасырдың 90-жылдары ел басшылығы Отандық тарихтың азаттық қозғалысы мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Оған айқын мысал 1995 жылы «Тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасының» қабылдануы, 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп, ал 1999 жылдың «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жариялануы болып табылады. Сондай-ақ алдағы 2011 жыл - Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай қоғамдық, рухани шаралардың көптеп жүзеге асырылуы да төл тарихымыздың, оның ішінде ел тәуелсіздігі жолындағы қазақ халқының ұлт-азаттық күрес тарихының ғылыми тұрғыда кеңінен жазылуына септігін тигізері сөзсіз. Дегенмен де елбасының өзі айтқандай «түптеп келгенде, тарих тек ғылым үшін зерттелмейді. Ол ең алдымен тарихтан тағылым, сабақ алу үшін зерттеледі». [1]
Қазақ халқының Ресей империясының отарлық езгісіне қарсы ғасырларға жалғасқан азаттық жолындағы күресінде 1783-1870 жылдардағы Кіші жүздегі халық-азаттық қозғалыстары ұлттық тарихымызда ерекше орын алды.
Қазақ еліндегі азаттық қозғалысының бір ерекшелігі бар, ол Ресейдің Қазақстандағы алғашқы отаршыл акциясының басталуынан 1917 жылғы патша өкіметінің құлауына дейін ұлы далада тәуелсіздік үшін күрестің үзіліссіз жүруінде, бір сәт те толастамауында. Әсіресе 1783 жылы басталған Сырым Датұлы қозғалысынан 1868-69 жылғы Орал, Торғай облыстарындағы және 1870 жылғы Адай руларының ұлт-азаттық көтерілісі аралығын қамтитын тоқсан жылға жуық уақытта Кіші жүзде ұлт-азаттық күресі үздіксіз жүріп отырды.
Кеңес дәуірі кезеңінде зерттеушілердің көпшілігі қазақ халқының отаршылыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстары мәселелерін маркстік-лениндік теория тұрғысынан ғана қарап, қайшылыққа ұрынды. Атап айтсақ Сырым Датұлы бастаған ұлттық қозғалыс «қазақ шаруаларының көтерілісі», Исатай-Махамбет әрекеті «Бөкейлік мал бағушы шаруалардың хан өктемдігіне қарсы бас көтеруі», Жанқожа Нұрмұхамедұлы көтерілісі «Сырдария егіншілерінің толқуы», Есет батыр қозғалысы «Шекті руы қазақтарының наразылығы», ал тегі төре әулетінен шыққан, яғни ХІХ ғасырда қазақ сұлтандары басшылық жасаған қозғалыстардың бәрі де антиорыстық, реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалыстар ретінде бағаланып, тарихи зердеге осылайша қалыптастырылды.
Төл тарихты жазған қазақтың басты тарихшыларын сол кезде үстем болған идеология өз ықпалынан шығармады. Ал, ұлттық тарихты жазуға жан-жақты қолдау көрсетілген қазіргі заманда ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы мен олардың басшыларының өмір жолын жаңаша жазу, хат-қағазға түскендері тарихнамалық тұрғыдан жаңаша зерделеу, талдау тарихшылардың басты міндеттерінің бірі болып отыр.
Осыған орай біз ұсынып отырған жұмыстың өзектілігі мен нақтылай тиімділігінің бір қыры мынада: жоғарыда айтылғандай өткен ғасырларда жарық көрген бұл мәселе жөніндегі ғылыми-методологиялық зерттеулер және ондағы тұжырымдар, қорытынды пікірлер, көзқарастар заман талаптарына сай бұрмаланып, әлденеше рет өзгертіліп отырды. Олар бойынша ұлт-азаттық қозғалыстарының бірі - феодалдық-монархиялық, екіншісі - феодалдық-патриархалдық, үшіншісі - шаруалар, төртіншісі - пантюркистік-панисламистік реакциялық қозғалыстар деп айдарланды. Сөйтіп, сан ғасырлар бойғы қазақ халқының өз бостандығына байланысты арман-мақсаты жоққа шығарылды. Бұл сол замандардағы идеологиялық талаптардың жемісі еді. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған біздің бұл жұмысымыз Қазақстан тарихының тарихнамасында әлі де болса аз зерттелген тақырыпты жан-жақты талдаған еңбек ретінде көрінуге тиіс.
Қазіргі таңдағы Отандық тарихтың келелі кезеңдерінің бірі - Қазақстандағы ХҮІІІ-ХІХ ғғ., яғни жаңа заман дәуіріндегі, отаршылдық жағдайындағы ұлт-азаттық қозғалыстар мәселелері. Ұлттық қозғалыстар Қазақстанда тарих ғылымы қалыптасқаннан бері де, оның аржағында да біршама зерттелген проблема. Бірақ мәселе оның қалай зерттелгендігінде . . . Дәл осы жәйт диссертациялық жұмыс арқылы біздің осы тақырыпты талдауымызға түрткі болды. Сондықтан біз осы мақсат жолында Қазақстанның бір бөлігі - Кіші жүздегі жаңа заман дәуірінің белгілі бір кезеңіндегі, дәлірек айтқанда, 1783-1870 жылдардағы азаттық қозғалысының зерттелу тарихын баяндауды алдымызға міндет еттік.
Бүгінде тарихи тақырыптың толық тарихнамалық талдаудан өтуі, оның сан-қырлы тұстары мен нақтылы мәселесінің зерттелу деңгейін, оқиғаның барысын, қол жеткізген қорытындылары мен автордың жеке көзқарасын, оған өмір сүріп жатқан қоғамның ықпалын т. т. анықтау аса маңызды. Оның үстіне қазіргі таңдағы зерттеушілерге берілген еркін ой, өзіндік пікір білдіру мүмкіндіктерін есепке алсақ, тарихшыға жүктеліп отырған міндеттің күрделілігі анықтала түседі.
Мәселенің зерттелу деңгейі. XVIII - XIX ғасырлардағы Қазақстандағы халық бұқарасының патша өкіметіне қарсы наразылық қозғалысының бай тарихы бар. XVIII ғасырдың екінші жартысында (1783-1797 жылдары) Кіші жүзде Сырым Датов бастаған көтеріліс болды. 1836-1837 жылдары Бөкей Ордасында Исатай Таймановтың басшылығымен көтеріліс жасалды. 1856-1857 жылдарда Сырдария өңірі қазақтарының отаршылдық езгіге қарсы Жанқожа Нұрмұхамедов бастаған көтерілісі болып, шаруалардың Есет Көтібаров басшылық еткен көтерілісі Батыс Қазақстан аумағын қамтыды. 1870 жылы патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы Орал, Торғай облыстарында көтеріліс, Маңғыстауда толқу болып өтті. [2] Сол кезең әдебиеттерінде бұл оқиғалар тым жұтаң көрсетілген. Негізінен алғанда олар - түрлі басылымдардағы үзік-үзік жарияланымдар. Бұл мәселелерге «Военный сборник» беттерінде едәуір көп бөлінген. Барлық жарияланымдарда халық бұқарасының бой көрсетулері «бүлік» деп түсіндірілді, ал көтерілістер басшыларының жеке басы автордың көзқарасына қарай түрліше сипаттама алды. Н. Середа, Н. Савичев, В. Потто, И. Анничков, П. Юдин және басқаларының мақалалары соны дәлелдейді. [2, с. 36-37]
ХХ ғасырдың 30-жылдарында көтерілістер туралы арнаулы зерттеулер жазылды. Қарсылық қозғалыстарын зерттеуді алғашқылардың бірі болып А. Ф. Рязанов бастады. Оның Сырым бастаған ұлт-азаттық күресінен бастап 40 жыл бойғы қазақтардың отарлауға қарсы күресін қамтыған еңбегі сол кез үшін мұрағат деректеріне негізделген алғашқы сүбелі зерттеу еді. Қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстарды отарлауға бағытталғанын дәлелдегенімен, өзіне дейінгі орыс зерттеушілерінің қателіктерін қайталады. Ол Сырым қозғалысын жете түсінбеді, батырды қазақтың мемлекеттік негізі - хандық басқаруға қарсы қылды, тарихи оқиғалардың хронологиялық тәртібін сақтамады. «Сорок лет борьбы . . . » еңбегіндегі 16 беттегі 1803 жылғы 23 наурыздағы Қаратай сұлтан хаты 1804 жылы, 23 беттегі 1805 жылғы 30 қаңтардағы Г. С. Волконский хаты 1805 жылы 10 мамырда жазылғандығын, 71 беттегі 1814 жылғы сәуірдегі Көтібар батырдың Шерғазы хан ауылын шабуы 1815 жылы наурызда болғандығын Орынбор мұрағаты деректері айғақтайды. [3] Жекелеген даулы мәселелеріне қарамастан, бұл зерттеулер бүгінгі таңда да өз мәнін жоғалтқан жоқ. Кіші жүз қазақтарының Сырым Датов басшылық еткен көтерілістеріне М. П. Вяткиннің «Батыр Сырым» деген монографиясы (М., 1947) арналды. Нақты деректемелерді кең көлемде пайдалана отырып, кәсіби қолдан шыққан орнықты зерттеуде Кіші жүз қазақтарының көтеріліс қарсаңындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайына, бірқатар әлеуметтік санаттардың және бірінші кезекте шаруалардың наразылығын туғызған себептерге, көтерілістің барысы мен оның жетекшілерінің көзқарасына; Игельстром бастаған Орынбор әкімшілігінің рөліне және оның хан билігін жою үшін жасаған сәтсіз әрекеттеріне деректемелік және тарихнамалық шолу жасалып, ол мәселелер кең көлемде егжей-тегжейлі көрсетілген. Көтеріліс кезеңдері айқын зерделеніп, Сырым Датовқа, ол сүйеніш етіп, мүдделерін қорғаған әлеуметтік топтарға иланымды сипаттама берілген; патша өкіметіне қарсы жаппай бой көрсетулердің бірі не себептен жеңіліске ұшырағаны ашып көрсетіледі. Бірақ автор кейін тарих ғылымында қалыптасқан жағдайға байланысты ұлт-азаттық қозғалыстар мәселелерін одан әрі зерттеуден бас тартуға мәжбүр болды. [3, с. 10] Дегенмен автор Сырым батыр сияқты белгілі тарихи тұлғаны зерттегенімен, оның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына, қазақ азаматтарының ара қатынасын аша түсуге, оның хан, сұлтандармен байланысына жеткілікті мән беріп тереңдей алмады. Мұны анықтамайынша XVIII ғасырдағы тарихи оқиғаларды толық түсіну мүмкін емес-ті. М. П. Вяткинде өзіне дейінгі ғалымдар сияқты Сырымды хандық құрылысқа қарсы деген түсінікте болды. Ғалым мұрағат деректерін пайдалануда кейбір қателіктер жіберді. Мәселен, монографиядағы 231 беттегі Сырымның Ерәліге тұтқынға түскен уақыты 1786 жылдың тамызы емес, қайта шілде айында екендігін мұрағат қорлары дәлелдейді. Біздіңше, мұндай қателіктер зерттеу барысында оқиғаларды толық сипаттауға мүмкіндік бермейді және бір күннің, есімдердің т. б. өзгертілуі тарихтың шынайылығына нұқсан келтіреді. Соған қарамастан еңбек осы кезге дейін көтерілген тақырыпқа жасалған толық ғылыми талдамалардың бірі болып қалуда.
Сонымен қатар ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы зерттеуде Е. Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясының орны ерекше. «Бұл кітаптың кеңес тарихнамасындағы орнын басқа ешбір туындымен салыстыруға болмайды» деген тарихшы Ә. Тәкеновтың сөзі орынды берілген баға. Кейін осы еңбек бойынша ұйымдастырылған айтыстар және сол талқылаулар басында партиялық саясат шылауында жасалған сыңаржақ қорытындылар, ашықтан-ашық жасалған жалақорлық тұжырымдар Қазақстан тарихының болашақ зерттелуіне керітартпалық әсер етті. 1948 жылы өткен айтыс барысында «Сұлтандар айрықша құқықтарынан айрылды. Сондықтан да қазақтың ақ сүйектері, сұлтан-шыңғыстықтар ұйымдастырған феодалдық-монархиялық қозғалыстың себебі де осы», -деген пікірдің үстем алуы Қаратай, Құбайдолла Уәлиханов, Саржан Қасымов, Кенесары Қасымов бастаған қозғалыстардың болашақ зерттелуіне біржақты бағыт-бағдар берді. Бұдан әрі отарлауға қарсы бағытталған қозғалыстар ішкі тартыстар деп түсіндірілсе, Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрестігі баса көрсетілуі тиісті болды. Мұндай партиялық талап пен таптық принципке негізделген бағыт-бағдарға қарамастан, Қазақстан тарихы жаңа зерттеулермен толыға түсті. [3, с. 10-11]
Кеңестік кезеңде XVIII-ХІХ ғасырлардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылымына, ондағы өзгерістерге айтарлықтай көңіл бөлінді. А. Нүсіпбеков, С. З. Зиманов, С. Е. Толыбеков еңбектері бұл мәселелерді сан қырынан қарады. С. Е. Толыбеков Сырым батыр, Қаратай, Арынғазы сұлтандар бастаған қозғалыстарды «Қазақстанның Ресейге қосылуы нәтижесінде пайда болған игі өзгерістерге, жаңалықтарға қарсылық» деп түйіндеді. Еңбекте Ресейдің отарлау саясаты тек прогрессивтік роль атқарды делінді. Автордың мұндай пікірлері кейін де жалғасын тапты.
Кейінгі жылдары қазақ қоғамындағы тарихи тұлғаларға ерекше назар аударыла бастады. М. Қ. Қозыбаев, К. Н. Нұрпейіс, З. А. Алдамжар, М. Қойгельдиев, И. Ерофеева, Ж. Қ. Қасымбаев, К. Есмағамбетов т. б. тарихшылар еңбектері, мақалалары XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ қайраткерлері тарихын жаңа биікке көтерді. Тың деректердің ғылыми айналысқа енуі, тарихи ой-пікірдің жаңаша өрбітілуі тарихымызды толықтыра түсті. Бұл мәселелер республика және ТМД елдері көлемінде өткізіліп жатқан түрлі деңгейдегі конференцияларда жалғасын тапты. Орынбор, Санкт-Петербург, Уфада, Алматы, Астана, Атырау, Қостанай, Көкшетау сияқты қалаларда ұйымдастырылған ғылыми конференцияларда қазақ-тарихы-тарихи тұлғалар, ұлт-азаттық т. т. арқылы талданды. [3, с. 14-15]
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Зерттеуіміздің мақсаты XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақстан тарихын, соның ішінде оның батыс өңірінде отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтерілістердің Қазақстанның болашақ дамуына ықпалын тарихи-тарихнамалық тұрғыдан қайта саралау болып табылады. Бұл кезең отарлау саясатының күшеюімен, оған қазақ қоғамының өз тәуелсіздігі үшін жанталаса күрескен қарсылығымен ерекшеленеді. Мұндай мәселелердің жан-жақты ашылуы үшін мынадай міндеттерді назарға алдық:
- бүгінге дейін жарық көрген зерттеулерді қайта саралау арқылы тарихымыздың көмескі тұстарын ашу оларды, ой елегінен өткізу;
- қазақ даласындағы ұлт-азаттық күрестердің өзара байланыстылығы, олардың бір-бірімен жалғасып, үзілмей түрліше деңгейде дамып отырғандығын дәлелдеу;
- нақтылы тарихи оқиғаларды сараптау, зерттеу ауқымында оның методологиялық, тарихнамалық, деректік желісін тарту, өз тақырыбымыз шеңберінде осы бір кенжелеу қалып келе жатқан тарихнама саласына өз танымымызды ұсыну.
Зертеу жұмысының ғылыми жаңалығы: XVIII-ХІХ ғасырлар қазақ тарихында Ресей империясының отарлау саясатының тереңдеуімен қатар халқымыздың оған қарсы ұлт-азаттық күрестерімен көзге түседі. Бұл мәселелер бүгінге дейін сан мәрте қаралды. Сондықтан біздің зерттеуіміздің басты ғылыми жаңалықтары: біріншіден, жарық көрген еңбектерді толық тарихи-тарихнамалық талдаудан өткізілуі және олардың фольклорлық мұралармен салыстырылуымен анықталады, сондай-ақ тәуелсіз ел талаптарымен түсіндіріледі. Екіншіден, зерттеу барысында қазақ халқының дәстүрлі басқару жүйесін жою, «Хандыққа қарсы ішкі феодалдық тартыс» деп бағаланған ұлт-азаттық күрестердің негізгі мақсаты тәуелсіздікті сақтау болғандығы белгілі болады. Үшіншіден, методологиялық, тарихнамалық әдістемелік желісіне жаңаша көзқарас, обьективтік ғылыми пікір қалыптастыруға ұмтылыс; Төртіншіден, диссертацияда халқымызды бай-кедей, ақ-қара сүйек деп айырмай басты мақсатымызға елдікті, тәуелсіздікті сақтау жолындағы күрестегі бірлестікті дәлелдеуге нысана еттік. Өйткені елде бірлік, тірлік бір болмаса қайраткерлер Ресей саясатына қарсы тұра да алмаған болар еді. Міне, осы айтылғандардың барлығы зерттеу жұмысымыздың жаңалығы деп түсінген абзал.
Зерттеудің ғылыми және практикалық маңызы. Көтеріліс мәселесінің, міндетті түрде оқытылуға тиіс жоғарғы оқу орындарындағы оқу бағдарламаларына енгізілгендіктен, диссертациялық жұмыс осы тақырыпқа арналған дәрістерге, ұлт-азаттық қозғалыстардың тұтастай бүкіл тарихына арналған зерттеулерге, арнайы курс, арнайы семинарларға пайдалануға болады.
1. ХАНДЫҚ БИЛІК ДӘУІРІНДЕГІ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСТЕРІНІҢ ТАРИХНАМАСЫ (1783-1824 ЖЖ. )
1. 1 Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің зерттелу тарихы
Қазақ халқының өз жерін, елін, халықтығын сақтауға бағытталған ұлт-азаттық күресі бір күнде, бір сәтте пайда болған емес. Сонау көне заманнан қазақ қазақ болғалы, онан бері қазақ хандығы пайда болғаннан бері қарай тарих сыйлаған мүмкіндік арнасында тәуелсіздік болмысты сақтау, оны дамытып, бекіте түсу қоршаған қалмақ, қазақ-орыс, башқұрт сияқты Ресей саясатының жандайшаптарына, жоңғар, кейінірек Қытай, Орта Азия хандарының түрлі тіміскілеулеріне дер кезінде қарсы тұра алды. Мейлі, мұндай халықтың наразылықтары - Отан соғысы, көтеріліс, қозғалыс болып түрліше жазылғанымен мақсат біреу - ол қазақты оның ұлттық болмысын сақтау еді. Сондықтан да ол күрес бір күнде тоқтаған емес. Күрес себебін, оның Ресей отаршылық саясатына байланысты бір қырын М. Тынышпаев «Орыс бодандығын қабылдағаннан бері қазақтардың бірде-бір жарқын қуанышты күні, бірде-бір бақытты минуты болған емес», Х. Досмұхамедұлы «Таршылықтың түбі патша өкіметінде екеніне түсініп, қара бұқара орысқа қарсы шықты . . . Cондықтан 1731-жылдан бергі Кіші жүздің ханға болсын, сұлтандарға болсын, орысқа болсын, көтерілістерінің бәрін патша өкіметіне қарсы көтерілістер деп қарау керек» деп түсіндіреді. [3, с. 132-133] Тарихи құжаттар, соның ішінде Орынбор әкімшілігіне ХҮІІІ ғасырда түскен қорған басшылары рапорттары қазақ рулары қарсылықтарының үнемі өзара жалғасып жатқандығын көрсетеді. Мұндай халықтық қарсылықтарды түсінуге талпынбаған, барынша бұрын өзіне бағынған өзге де халықтар кебін кигізуге ұмтылушылық 1783 жылдың басында қазақ-орыс қатынастарын шиеленістіріп, отарлауға қарсы алғашқы ірі ұлт-азаттық қозғалысқа әкелді. Оның алдыңғы жылдардағы күрестерден ерекшелігі Кіші жүз қазақтарының жаппай шекарадағы қорғандарға шабуылдары мен қарулы қақтығысқа ұласуында еді. А. И. Левшин «1783 жыл орыс шекарасына соншама зиян келтірді» деп анықтаса, бүгінгі Ресейлік зерттеушілер «1782-1784 жылдары Ордадағы тынышсыздық шегіне жетіп, «ұрлық пен батылдық» әрбір аяқ басқан сайын кездесуде» деген тұжырымдармен сипаттайды. 1783 жылғы 19 тамыздағы Орынбор обер-коменданты, генерал-майор Я. М. Зенбулатовқа түскен хабарда «қазақтардың батылдығы соншама өсуде. Қай жерге шабуылдаса да олжамен оралуда. Әсіресе Елек қорғаны маңындағы орыс ауылдарына және қорғандарға да ұлы сойқан жасауда» делінген. Міне, осы кезеңде халық қамқоршысы ретінде тарих сахнасына Сырым Датұлы көтерілді және ұлт-азаттық қозғалыс басшысына айналды. Ол турасында Нұралы хан «1783 жылы байбақты Сырым қазақтарға келіп мені қаралап, халықтың сенімінен шығару үшін жау санаған, ел қолдауына ие емес деп жариялаған» деген пікірін білдіреді.
Сырым бастаған осы ұлт-азаттық қозғалыс тарихы орыс зерттеушілерінің де, кеңестік тарихшылардың да зерттеу объектісіне айналды. Бүгінгі күні де ол тарихшы мамандардың қайта қызығушылығын туғызып отыр. Дегенмен профессор М. П. Вяткиннің «Сырым батыр» монографиясы 1783-1797 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстың шығу себептерін, оның жүрісін, қозғаушы күштері мен нәтижелерін дәйекті баяндағанын атап өтуге тиіспіз. Ғалым зерттеуі өз заманының мүмкіншілігі деңгейінде халқымыздың тарихына деген шынайы көзқараспен жазылған сүбелі еңбек.
Біздің мақсатымыз жаңа тарихи деректер арқылы қозғалыстың жүрісіне, ондағы қазақ азаматтарының өзара байланысына, олардың алдына қойған мақсаттарына, орыс үкіметінің саясатына жаңа қырынан қарау және бұрын жарық көрмеген немесе ғылыми ауқымнан шеттетілген материалдарды қосу және қайта тексеру. Өйткені еліміздің тәуелсіздігіне дейін тарихымыз таптық принципке негізделіп, «үлкен аға» Ресейдің ықпалымен жазылған-ды. Мұның өзі қазақ-орыс қатынастарының біржақты зерттелуіне әкелді емес пе.
Сырым қозғалысының тарихын зерттеушілер туралы айтқанда, ең алдымен, осы көтерілістің нағыз тарихнамасы мынау еңбектен басталады, - дейтіндей әдейі арналған зерттеудің ХХ ғасырдың 30-40 жылдарына дейін шықпағанын ашық айтуымыз керек. Сөйте тұра, Қазақстанның өткен замандардағы тарихына қалам тартқандардың ішінде бұл көтерілістің жай-жапсарына соқпай кеткендер кемде-кем және олардың қай-қайсысы да Сырым Датұлы қозғалысына үлкен мәні бар оқиға ретінде қараған.
Сондай еңбектердің бастауында - 1832 жылы Санкт-Петербургтен шыққан А. И. Левшиннің «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» дейтін үш томдық еңбегі тұр. Осы еңбектің ІІ томының қырық шақты беті тек қана Сырым қозғалысының тарихына арналған. [4]
Әділін айту керек, А. И. Левшин бұл оқиғаға объективті тарихшының көзімен қарамайды, қайта кітабының «Описание . . . » деген атынан көрініп тұрғандай, отаршылдық саясатты жүзеге асыруға көмектесіп жатқан патшаның көп шенеунігінің бірі ретінде Сырым көтерілісін отаршылдық саясат жолына кесе көлденең тұрған бір кеселді оқиға ретінде қарайды. Бұл еңбектің әсіресе олқы соғар тұсы деп көтерілістің шығу себептеріне де, оның қозғаушы күштеріне де, сол тұстағы қазақ қоғамының жай-жағдайына да талдау жасамағанын айтар едік. Сондай-ақ он төрт жылға созылған осынау күрестің өзегінде: ірі-ірі әлеуметтік, саяси себептер жатқандығын көрсетудің орнына, ашынған халық бұқарасының жаппай бас көтеруін - Сырым батырдың Нұралы ханмен араз болуынан немесе оның хандық билігін күндегеннен, қызғанғаннан болды деуі; немесе 1790-жылдары жаңадан тағайындалған генерал-губернатор Пеутлинг елдің еркінен тыс Ералыны хан сайлағанда Сырымның патша әкімшілігімен кетісуін тағы да Ералының жеке өзімен Сырым бақталас болғандығынан солай істеді деуі - нағыз тарихшы-зерттеушінің тұжырымы емес.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz