ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 24 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ
УНИВЕРСИТЕТІ

СӨЖ
Тақырыбы: Қазақстандағы 1921-1922 жж., 1931-1933 жж. аштықтар: құжаттар, статистика, ақпарат

Орындаған:ПМНО-105 топ студенті Мұхтар Б. С
Тексерген:Тойшубекова Ж. К

Жоспар:

1. ХХ ғ. 20-30 жж. азаматтық-саяси қайшылықтар;
2. "Кіші қазан", индустриаландыру, күштеп ұжымдастыру т.б. саясаттардың салдарынан болған аштықтар және қазақ халқының ахуалы;
3. 1921-1922 жж., 1931-1933 жж. Ашаршылық;

ХХ ғ. 20-30 жж. азаматтық-саяси қайшылықтар

Қазақ қоғамын таптық негізде жіктеу саясаты кең түрде жүрді. Бірінші дүниежүзілік соғыс, оның артын ала келген революциялық өзгерістер, бүкіл Кеңес елінің кеңістігін қамтыған азамат соғысы қазақ даласына да орасан зор ауыртпалықтар ала келді. 1916 -- 1921 жылдар арасында (кей деректерде) аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен көшіп кеткендердің саны 200 мың адамға жетті. Бұл сол кезеңдегі қазақ халқының шамамен бестен бір бөлігі еді.
1921-1922 жылдардағы ашаршылық қазақ қоғамын біржолата тұралатып кетті. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздардың санын күрт өсіріп, кедей-жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын ұлғайтып жіберді. Жаңа ғана орнаған кеңестік билік күйзеліске ұшыраған қоғамның әл-ауқатын жөндеу және жақсарту қамына кірісудің орнына ең алдымен саяси мәселелерді шешуге басымдылық берді.
Қоғамдық құрылыстың таптық негізде жіктеу бойынша сипат алуы 1923 жылы 17-22 наурыз күндері Орынбор қаласында болып өткен Қазақ партия ұйымының III конференциясыңда анық байқалды. Ресей Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің өкілі Е.Ярославский мен Қазақ үкіметі төрағасының орынбасары А.Вайнштейн өздерінің баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде ендігі уақытта ұлттық мүддеге қатысты мәселелерге басымдылық беруден бас тартып, назарды бұқара халықтың таптық санасын көтеру ісіне бұруды талап етті.
Бұл іс жүзінде Қазақ елінің өзін-өзі басқару, мемлекеттік басқару ісінде жергілікті ерекшеліктерді ескеру, мемлекеттік аппаратты қазақтандыру және басқа осы сияқты жалпыұлттық мәселелерді тым көп көтеруді тоқтату жөнінде орталықтан берілген нұсқау еді. Сонымен бірге ұлт мәселесінде ұстамдылыққа шақырған орталық, оның есесіне тапаралық қатынастар мәселесінде ымырашылдыққа жол бермеуге, қазақ кедейлерінің әлі оянбаған таптың түйсігін шайқап, оларды байларға қарсы қоюға үндеді. Бұл казақ қоғамында үлес салмағы болар болмас (0,5%-ға да жетпейтін) байлар табына және олардың меншігіне қызыл гвардиялық шабуылға көшуге жасалған даярлықтың көрінісі еді.
Орталық пен оның Қазақстандағы өкілдерінің мұндай ұстанымына ашық қарсылық көрсеткен жеке қазақ басшылары аз болған жоқ.
Смағұл Сәдуақасов сол кезде таптық негізде жіктеу саясатына қарсы болды.
1920 жылдардың бас кезінде егіс көлемі 20 %-ға кеміп, астықтан алатын өнім үш есеге азайды. Ауыл шаруашылығы саймандары тозып біткен еді. Шаруашылыққа қажетті техниканың жетіспеушілігінің салдарынан Жетісуда 900 шаруашылыққа тұқым себетін бір машинадан ғана келді. 1920 жылғы есеп бойынша Қазақ АКСР жерінде 455 мыңдай қазақ шаруашылықтары болды. Олардың 200 мыңға жуығының егістік жері бар еді.
Шаруалардың жағдайы ауыр болды.
Ақ гвардияшылар мен интервенттердің 1918-1919 жылдары басып алған жерлерге уақытша қожалық етуі, соғыс қимылдары, құрғақшылық пен жұт ауыл шаруашылығының жағдайын да, шаруалардың тұрмысын да әбден күйзелтті.
Жаңа экономикалық саясатқа көшу қажеттігі, оның ерекшеліктері мен қиындықтары туды. Елде азық-түлік, тұтыну заттары сияқты халықтың күнделікті күнкөрісіне қажетті бұйымдар жетіспеді. Осыған байланысты РК (б)П Х съезінен кейін ендірілген азық-түлік салығын іске асыру біртіндеп жетілдірілді. Бұл бұған дейінгі азық-түлік салғыртына қарағанда әлдеқайда қолайлы еді.
Азық-түлік салғырты бойынша шаруалардың күнкөрісінен артылған азық-түлік әскерлер мен өндіріс орындарындағы жұмысшыларға беру үшін ешбір өтеусіз алынды. Ал бұл жағдай щаруалардың наразылығын тудырды. Өйткені олардан азық-түлігі ешбір қайтарусыз және де қатал әдістермен жиналған еді. Осының салдарынан Қостанай, Орал, Семей, Шымкент уездерінде шаруалардың Кеңес өкіметіне қарсы наразылық ошақтары пайда болды.
Салықтың мөлшері салғыртқа қарағанда еңбекші халыққа тиімді еді. Осы саясатқа сәйкес жерді жалға беру мен алуға, жалдама еңбекті қолдануға рұқсат етілді. Ауыл шаруашылығында, несие және тұтыну кооперациясын дамыту қолға алынды. Ұсақ кәсіпорындар жеке адамдарға немес кооперативтерге жалға берілді. Енді шаруаларға артық азық- түліктерін қалаларға апарып сатуына мүмкіндік беріліп, олардың өзара байланысын нығайтуға жол ашылды.
Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа көшудің қиыншылықтары да болды. 1924 жылдың жазында еліміздің едәуір бөлігін қуаңшылық жайлады. Жоғарыда атап өткеніміздей, оның алдында қатты жұт болып, кей жерлерде малдың 80%-на дейін қырылуына әкеліп соққан еді. Ашығушылар саны бірті-бірте көбейіп, республика халқының 13 бөлігін қамтыды. Еділ бойынан ашыққан халықтың Қазақстанның батыс губерниялары арқылы Түркістанға үздіксіз ағылып келуі, Сібірге қарай үдере көшуі халық санын күрт кемітті.
Азамат соғысы және 1921-1922 жылдардағы қайыршылық пен аштық Кеңес өкіметі органдарынан өлкенің 2 млн-нан астам ашыққан халқына көмек көрсету жөнінде төтенше шаралар қолдануды талап етті. Елдегі қиыншылықтарға көмек жасау ретінде Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Декретімен республиканың егін шыққан аудандарының халқы азық-түлік салығынан босатылды.
1922 жылы егіс көлемінің 60 %-ға жуық жеріне Кеңес өкіметі берген тұқым себілді. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруалары ет салығынан босатылды. Қазақ АКСР-іне ауыл шаруашылығына қажетті машиналар мен құрал-жабдықтарды сатып алу үшін 25 млн сом бөлінді. Ашыққандарға кеңестік Түркістан туысқандық көмек көрсетті. Көп ұлтты өлкенің еңбекшілері оларға 2 млн пұттай астық берді. 20 мыңдай ашыққан адамдарды қабылдады.
Қазақ республикасы еңбекшілерінің өмірінде жаңа үкіметтің, патша өкіметінің жер мәселесі жөніндегі саясатының ауыр зардаптарын жою шаралары маңызды рөл атқарды. Патша өкіметі Сібір мен Орал казак-орыс әскерлеріне бөліп берген жерді қазақ еңбекшілеріне қайтару туралы Декрет шығарды. Осы Декрет бойынша қазақ шаруалары Ертіс жағалауы өңірінен 177 мың десятинадан астам жер алды.
1921 жылы Жетісуда жер реформасы жүргізіліп қазақ, ұйғыр және қырғыз еңбекшілеріне олардан тартып алынған 460 мың десятинадан астам жерді қайтарып берді. Қазақстан бойынша жер реформасын жүзеге асыру кезінде жергілікті жерлерде қателіктер мен асыра сілтеушіліктерге жол берілді.
Ауылда әлеуметтік өзгерістер мен жер реформаларын тиянақты түрде жүзеге асыру үшін 1921 жылы бұқаралық ұйым- Қосшы одақтары құрылды. Қосшы одағына қазақ кедейлерімен қатар орталықтан көшіп келіп қоныстанған кедей шаруалары да тартылды. Бұл одақ бұқара халыққа еңбек артельдерін құруға көмектесіп, жер бөліп беруге қамқорлық жасады, еңбекшілердің саяси сана-сезімі мен мәдени деңгейін көтерді. Күрделі аграрлық мәселені шешуде Қосшы одағының белсенді мүшелері, мемлекет қайраткерлері - А.Асылбеков, Ә.Жангелдин, Г.Коростелов, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, А.Розыбақиев, Ж.Бәрібаев және басқалар белсенді қызмет атқарды.
Осы қайраткерлердің кейбіреуіне толығырақ тоқталсақ.

Әліби Жангелдин
Жангелдин Әліби (1884-1953)-қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске белсенді қатысушы, Азамат соғысының ардагері. 1903 жылы Орынбор діни училищесін бітірді. Торғай облысы Кеңестерінің І-съезін (1918 жыл, наурыз), Бүкілқазақтық Кеңестер съезін (1920 жыл, қазан) ұйымдастырушылардың бірі. Торғай облыстық Кеңесінің төрағасы. Одан кейінгі жылдары Қазақстандағы көптеген жауапты қызметтерде болды.
1916 жылы Жангелдин А.Имановпен бірге Торғайдағы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін басқарды. 1917 жылы Торғай облысының, соңынан бүкіл Дала өлкесінің әскери комиссары болып тағайындалады. 1918 жылы Жангелдин отряды орталық Ресейден бөлініп қалған Ақтөбе майданына сусыз дала, сор мен құмдар арқылы қару-жарақ, оқ-дәрі, дәрі-дәрмек жеткізді.
1920 жылы Қазақстан Кеңестерінің І-съезі Жангелдинді Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары, әрі әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары етіп сайлады. Оның есімі Қостанай облысының бір ауданына, Қазақстан қалалары мен селоларындағы көшелерге, мектептерге берілді. Алматы, Ақтөбе, Торғай мен Қостанай қалаларында Ә.Жангелдинге арнап ескерткіш орнатылған.

Сейітқали Меңдешев
Меңдешев Сейітқали (1882-1937) - мемлекет қайраткері. Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген (1903). 13 жыл бойында Бөкей даласындағы ауылдарда мұғалім болды.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқаны үшін тұтқынға алынып, Астрахан түрмесіне қамалады. 1917 жылғы Ақпан революциясы жылдары ол Батыс Қазақстанда ревкомдар құруға қатысты. 1918 жылы Бөкей съезінде губатқаркомитетінің мүшесі болып сайланады, ал 1919 жылы оның төрағасы болады. Ол алғашқы қазақ атты әскери полкін құруға және облыста бірінші комсомол ұйымын құруға қатысады.
1920 жылы 25 тамызда РК(б)П Қырғыз облбюросының құрамына енгізеді. 1920 жылы Меңдешев Қазақ АКСР ОАК-нің бірінші төрағасы болды. 1926-1930 жылдары Мәскеуге шақырылып, РКФСР (ЭКОСО) экономикалық мәжілісінің мүшесі болып тағайындалады.
1930-1937 жылдары Қазақ Республикасы оқу ісі халкомы, ғылым жөніндегі комитеттің төрағасы, қорықтар мен ескерткіштерді қорғау жөніндегі кеңхалкомы басқармасының бастығы болды. С.Меңдешев аштықпен күресу жөніндегі Төтенше комиссияны басқарды. Орта Азия республикаларын ұлттық-мемлекеттік межелеу комиссиясының, республика үкіметінің құрамына жұмысшы қазақтарды тарту жөніндегі ұсыныстарды жасау үшін құрылған арнайы комиссиясының жұмыстарына белсене қатысты.

Абдолла Розыбакиев
Розыбакиев Абдолла Ахметұлы (1897-1938) - қоғамдық қайраткер, журналист. Революцияға дейін Верный мұғалімдер семинариясында білім алған. 1925-1927 жылдары Я.М.Свердлов атындағы Коммунистік университетте (Мәскеу), 1933 жылдан БК (б)П ОК жанындағы лениндік курстардың аспирантурасында, кейіннен КСРО ОАК жанындағы Ұлттар институтында оқыды.
1917 жылы Верный қаласы мұсылман жұмысшыларының біріккен одағы басшыларының бірі, Жетісуда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске қатысушы, Әскери-революциялық комитеттің, Жетісу облыстық атқару комитеті мен облыстық әскери комитетінің мүшесі болды.
1918 жылдан мұсылман большевиктерінің Верный секциясының төрағасы, РК(б)П Жетісу облыстық Комитеті жанындағы ұлттар істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, уездік комиссар қызметтерін атқарды. 1920-1922 жылдары Түркістан РК(б)П ОК-нің аз ұлттар жөніндегі бөлімнің меңгерушісі, Жетісу облыстық партия комитеті бюросының хатшысы болды. 1922 жылдан ұйғыр және дүнген комммунистерінің өлкелік бюросының төрағасы.
1918-1925 жылдары ұлтық газеттердің Жетісу әшчи- халык мухбири, Жетісу жұмысшы-шаруа тілшісі, Көмек, Бұхара(Халық), Кедей еркі, Камбагалар авази (Кедейлер үні) редакторы және алқа мүшесі. 1931 жылы Қызыл таң журналының редакторы сияқты журналистік жұмыстарды да атқарды. 1937 жылдан Қазақстан КП(б)П ОК-нің баспасөз бен баспаханалар бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы атылды. 1957 жылы ақталды.
1921-1922 жылдардағы жер реформалары патша өкіметінің аграрлық қатынастар саласындағы отаршылдық саясатына соққы берді. Реформа жұмысшы табы мен қазақ шаруаларының ұйғыр, өзбек, дүнген диқандары одағының нығаюына көмектесті, ұлтаралық келісімді қатынас қалыптастырды.

"Кіші қазан", индустриаландыру, күштеп ұжымдастыру т.б. саясаттардың салдарынан болған аштықтар және қазақ халқының ахуалы;

"Кіші Қазан" ұғымын ойдан шығара отырып, іске асырған Голощекин. Ол -- саяси-теориялық білімі аса төмен, ең бастысы Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік даму ерекшеліктерінен хабары жоқ адам-тын. 1925 жылы басшы болып келгеннен бастап, оның тар өрісті солақай саясатының арқасында Қазақстан халықтары бұрын-соңды болмаған көптеген ауыртпалықтарды бастан кешірді. Соның алғашқыларының бірі -- "Кіші Қазан" науқаны болды. Голощекин Қазақстанда Қазан революциясы іске аспаған, сондықтан "Кіші Қазан" революциясын жасау керек деп байбалам салды. Голощекин мен оның төңірегіндегілер жергілікті әлеуметтік-экономикалық дамудың ерекшелігін түсінбегендіктен, қазақтарда әлі де рулық құрылыс өктемдік етуде, байлар жойылмаған, тіпті капиталистік қатынастар өмір сүруде деп көрсете отырып, оларды жою қажет деп жариялады. Голощекин түсінбеген, немесе түсінгісі келмеген мәселесі мынау еді. Қазақтардың негізгі байлығы мал болып есептелетін. Көшпелі мал шаруашылығының негізгі талабы жайылымдықтарға ие болу еді. Малы жоқтарға жайылым да қажет емес, керісінше, малы барларға ғана жайылым керек болды. Сондықтан да байлар рулық меншік деп есептелетін жайылымдар мен шабындықтардың иесі болатын. Малдан айырылса оларға да жер көп қажет болмай қалатын. Мұны түсінуге өресі жетпеген Голощекин мен оның жандайшаптары қазақ байларына қарсы күресті малды бөліп беруден емес, жерді қайта бөлуден бастады. Бұл қате науқан 1926 ж. 20 мамырда қабылданған "Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы" заңы негізінде басталды.
Шабындық және егістік жерлерді бөлу науқаны 1926 жылдың маусым және шілде айларында басталды. 1927 жылы өткен VІ Бүкілқазақтық партия конференциясындағы баяндамасында Голощекин бұл науқан барысында 319.516 қожалықтың 2387.384 десятина жері бөліске салынғанын айтты. Дәл осы конференцияда былай деді: "Біз маңызын әлі өзіміз де ұға қоймаған орасан зор науқанды өткердік -- бұл жайылымдық және егістік жерлерді қайта бөлу. Жайылымдық жерлерді қайта бөлу дегеніміз не? Бұл дегенің Кіші Қазан болып табылады. Бұл 2-ші пленумда Сәдуақасов қарсы айқай көтерген нәрсе, бұл Кіші Қазанның дәл өзі. Біз шын мәнінде, іс жүзінде жерге мүдделілік негізінде кедейді байдың жерін тартып алуға зорлай және көмектесе келе, кедейді баймен қақтығыстырдық. Бұл ауылдағы тап күресінің нағыз өзі". Байқап отырғанымыздай Голощекин 1926 -- 1927 жылдардағы шабындық және егістік жерлерді бөлу науқанын "Кіші Қазан" деп атады. Бұл тек 1926 -- 1927 жылдарда жүргізілген, бірақ сәтсіз аяқталған, жартыкеш науқан ғана болып шықты. Ол науқан қазақ ауылына елеулі әлеуметтік өзгерістер әкелген жоқ. Голощекиннің "Кіші Қазаны" -- шабындық және егістік жерлерді қайта бөлуі сәтсіз аяқталды. Оны біз мына ресми мәліметтен де айқын көреміз: "Қайта бөлуді өткізу бірқатар қиыншылықтарға кездесті: жерлерді есепке алу жүргізілмеді -- олар көзбен, доңғалақтардың айналымымен, адамдардың және аттардың адымдарымен, арқанмен және т.с.с өлшенді; байлар оған қарсыласып, әр түрлі өсек-аяңдар таратты, уәкілдерді және жасырылған жайылымдарды көрсеткен кедейлерді соққыға жығып тастаудың бірқатар жағдайлары болды; Қосшы одағы жалпы алғанда қайта бөлуге қатысуда жеткілікті белсенділік көрсете қоймады, қайта бөлу төңірегіне кедейлер бұқарасын жеткілікті топтастыра алмады. Болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестер қажетті белсенділік таныта алмады, қайта бөлу ауылдық кеңес аппаратында таптық бағыттың бұрмалануы орын алғанын анықтады. Кейбір ауылдық кеңестер төрағалары осыған байланысты орындарынан алынды".
"Кіші Қазан" науқанын дұрыс жүргізе алмаған Голощекин қолындағы билікті пайдаланып, халықты қырғынға ұшырататын жаңа, тікелей күшпен тәркілеу бағытын ұстай бастады. Бұл "Кіші Қазаннан" да қатерлі бағыт еді. Қазақ ауылына алапат аштық апаты жақындап келе жатты.
Отырықшыландыру, тәркілеу: мәні, барысы және салдарлары. 1927 ж. ақпанда БОАК төралқасы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім қабылдады. Голощекин Қазақстандағы егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыру мақсатын бірінші кезекке қоюға тырысты. Бұл, сөз жоқ, Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков сияқты қайраткерлердің заңды қарсылығын тудырды. Бірақ бұл бағытқа дем беріп отырған мәскеулік үкімет басшылары Голощекинді қолдаумен болды. Сол 1927 ж. қарашада өткен V Бүкілқазақстандық партия конференциясы Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттарды жаппай жерге орналастыру қажеттігі жөнінде қаулы қабылдады. Ол қаулыны БОАК өзінің 1927 ж. 12 желтоқсандағы қаулысында толық мақұлдады. Соның нәтижесінде Қазақстан үкіметі 1928 ж. 4 наурызда "ҚАССР-де жерге орналастыру тәртібі және жерді пайдалануды ретке келтіру туралы" арнайы қаулы қабылдады. Бұл қаулы қабылданғанға дейінгі жерге орналастыру екі кезеңмен жүргізілген еді. Ол туралы айта келе, белгілі тарихшы Т.Омарбеков біріншісі -- дайындық кезеңі, екіншісі -- оны жүзеге асыру кезеңі деп атайды. Төмендегі кестеде 1927 -- 1928 жылдары жерге орналастырудың жоспары берілген.
Мұрағаттық құжаттардан алынған бұл мәліметтен бірлестіктер санының аздығына қарамастан, ең алдымен орыс қожалықтарының санын арттыруды көздегенін байқаймыз. Мұнымен қатар, БОАК-тың 1928 жылғы 29 наурыздағы қаулысында қазақтардың белгіленген мөлшерден артық жерлерін кесіп алу көрсетілді. Осылайша Кеңес үкіметінің қазақ жерін отарлауы басталды. Бұдан кейін қабылданған шешімдер мен қаулылар патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатының қайта тіріліп, кеңестік заманда жаңа бағытта жүргенін байқатады. Ол негізінен, интернационализм -- барлық ұлттар мен халықтар теңдігі идеясын бетке ұстай отырып іске асырылды. Іс жүзінде ол орыстардың ғана мүддесін қорғап, қолдаған жалған интернационализм саясаты еді.
1927 ж. қарашада өткен VІ жалпықазақстандық партия конференциясы байлардан мал мен мүлкінің бір бөлігін алуға мүмкіндік беру қажет деп есептеді. Кешікпей, желтоқсан айында, тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Ал келесі 1928 ж. 27 тамызда "Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы" және 13 қыркүйекте "Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы" деп аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылықтың мал-мүлкін тәркілеу белгіленді. Малмен қоса, бау-бақша, ауылшаруашылық құралдары -- соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркілеуге жатқызылды. 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың туыстарының қолымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды бір-біріне айдап салу, өзара қырқыстыру әрекеті тереңдей түсті. Сөйтіп, дүние-мүлкін талан-таражға салу, өндіріс құралы мен негізгі тіршілік көзінен айыру қолға алынды. Дәстүрлі шаруашылық құрылымының күйреуі барысында басты күнкөріс құралы -- малдан айырылған қазақтар әлеуметтік-экономикалық күйзеліске, жаппай қайыршылыққа бет бұрды.
Голощекиннің саясаты. Голощекин жалпы Одақ көлемінде және Қазақстанда қалыптасқан өзіне қолайлы жағдайларды ұтымды пайдалана отырып, өз қарсыластарымен күрес барысында түрлі әдістерге барды. Солардың бірі ескі (салыстырмалы түрде -- М.Қ.) революцияға дейінгі, анығырақ айтқанда, алаштық интеллигенцияға қоғамдық саяси күрестің түрлі құйтырқыларынан хабарсыз жас ұлттық интеллигенцияның келесі буынын қарсы қою болатын. Бұл әдісті 20-шы жылдардың басында жоғары билікке енді ғана араласа бастаған қазақ интеллигенттері өзара билік үшін күресте қолдана бастаған. Егер деректердің көрсетуіне сенсек, осы мезгілде толып жатқан түрлі топтар (меңдешевшілдер, сейфуллиншілдер, сәдуақасовшылдар т.б.) біріне-бірі алашордалықтармен байланыста болды сияқты айып таққан. Олардың арасында кезінде билікке қарсы әрекеттер жасаған алаштық интеллигенцияны ғайбаттап, жаңа өкіметтің Қазақстандағы өкілдеріне жағынып, қызмет бөлісуді көздегендер де бар еді. Басқаша айтқанда, ескі патшалық тәртіп тұсындағы болыстық үшін талас, енді жаңа жағдайда өзге сипат алды, рулық бөлудің орнын таптық бөлу басты. Тек ұлттық тұтастық негізде ғана шешілуі мүмкін жалпыұлттық міндеттер тағы да кейін шегерілді. Аға буын интеллигенцияның ескі империялық тәртіпке қарсы күресі өзіне тиесілі бағасын алу емес, тіптен оның бұл күресте жиған тәжірибесі де керексіз боп табылды.
Билікте жүрген интеллигенцияның өзара бақастықта саяси күрестен аласталған алаштық интеллигенциямен байланысты көлденең тартуы, түптеп келгенде, оның өзіне бәле болып жабысқанын сезбей қалды, ал қоғамдық-саяси күресте оның тәжірибелі қарсыластары қазақ зиялыларының бұл кемшілігін үлкен шеберлікпен пайдалана білді. РКП(б) Қазақ обкомының жауапты хатшылары Коростелев пен Нанейшвили түрлі топтар арасында тепе-теңдікті сақтау саясатын ұстанды. Дегенмен әр түрлі айлақорлықпен қазақ интеллигенциясын түрлі топтарға бөліп тастап, оларды өзара қырқыстырып қоюда ерекше "табысқа жеткен", әрине, Голощекин еді. Ол қазақ интеллигенттерін ескі, яғни алаштық және жаңа, яғни кеңестік интеллигенция деп бөліп, соңғысын оңшыл және солшыл деп тағы да жіктеді.
Халықтың тарихи жолынан хабарсыздық түрлі надандықтарға жол ашатыны мәлім. Мұндай кемшілік мемлекеттік қызметте бірнеше есе үлкейіп, қоғамдық дамуға аса зор кеселін тигізетіндігі де белгілі. Осы ойдың шындығын Голощекин қызметінен анық байқауға болады. Қазақ халқының тарихынан, ғасыр басындағы отарлық езгідегі ауыр халінен, рухани талап-тілегінен мақұрым Голощекин, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған қазақ интеллигенциясының тарихи орнын тура, байсалды түсініп, баға беруге өресі жетпеді, тар, қарабайыр таптық, партиялық түсінік деңгейінде қалды.
Кешегі тіс технигі, жүрдім-бардым алған білімі бар, феодалдық-тоталитарлық жүйенің еркімен бүтін бір халықтың сорына "сеньорлық" таққа отырған Голощекин мемлекеттік қайраткерге де, ұлы ғалымға да, қатардағы азаматқа да, ортақ ШЫНДЫҚ деген ұғым бар екендігін, ал ол шындыққа топырақ шашқанға, халықтың, кәдімгі бұқара еңбекші халықтың қарғысы жаумай қоймайтындығы хақында ойламаса керек. Ал ол шындық тұрғысынан келгенде, өзі ғайбаттап отырған интеллигенцияның патша билігі тұсында да, кеңес билігі тұсында да қымсына-қымсына еркіндік, теңдік, ағайындық сияқты қарапайым, түсінікті және табиғи талаптан өзге қойған ештемесі жоқ екендігін түсіне алмады. Кешегі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтар қойған мәселелер кеңестік билік орнағаннан кейін де сынаптай бұзылып, қардай еріп кеткен жоқ-тын. Олай болса Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов сияқты қайраткерлердің өмірге келіп, ұлттық мүддені жалау етіп, саяси күреске араласуы қоғамдық талаптан туған табиғи құбылыс болатын. Голощекин мен оның серіктері бұл құбылыстың да түп-тамырына тереңдеп бара қойған жоқ, олай ету көп күшті, төзімділікті, уақытты қажет ететіндігі белгілі. Сондықтан да олар "ең төте және жеңіл" жолды таңдап алды, ал ұлттық еркіндік пен теңдік мәселесін тағы да қойған ұлттық интеллигенцияның келесі, жаңа буынын "Алашордашылар" деп жариялады.
Голощекин мен оның еркін іске асырушылар қазақ ұлтшылдарын жазалауда орталықтағы әріптестерінен кем түскен жоқ, тіптен шет аймақтарға тән белсенділікпен асып түсіп жатты. Мәселен, құрамында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов бар 20 адам алдымен ату жазасына кесіліп, соңынан бұл үкім 10 жылдық концлагерьге ауыстырылды. М.Жұмабаев, Е.Омаров және басқа 7 адам 10 жылдық, ал қалған 15 адам 5 және 3 жылдық мерзімге концлагерьге қамалды. Кесілгендердің біразы лагерьдегі ауыр жағдайға байланысты аман-есен орала алған жоқ.
Голощекин алаштық интеллигенция ғана емес, өзі сенімсіз деп тапқан аппаратта жүрген қайраткерлермен күресін Қазақстаннан біржола кеткенге дейін тоқтатқан жоқ. Мәселен, осы мезгілде қызметтен босатылып астанадан аласталғандардың арасында Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков және басқа көптеген қайраткерлер бар еді. Бұлардың біразы өмірін қайғылы аяқтады.
Бұл айтылғандар сталиндік биліктің Голощекин қолымен қазақ интеллигенциясына жасаған қиянатының үзік көрінісі ғана. Тек интеллигенция ғана емес, бүкіл ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қоғамдағы гендер мәселесі: Отандық білім беру аясында
АКАДЕМИК С. ҚАСҚАБАСОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГТІК МЕКТЕБІ
GEOGEBRA БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ АРҚЫЛЫ ФИЗИКА ПӘНІНЕН ҚОЗҒАЛЫС ГРАФИКТЕРІН КӨРНЕКІЛЕУ ӘДІСТЕМЕСІ
Болашақ мұғалімдердің қыз баласын тәрбиелеуде даярлау мәселесі
Болашақ мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің зерттеушілік құзыреттілігін lesson study әдістемесі арқылы дамыту механизмі
ШЕТ ТІЛІН ОҚЫТУДА ЕРТЕГІЛЕР МЕН ЖҰМБАҚТАР АРҚЫЛЫ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІСТЕРІ
Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының тарихи музейлері
Қайта тәрбиелеу және өзін-өзі тәрбиелеудің әдісі мен мәні
Жоғары сынып білім алушыларының салық мәдениетін қалыптастырудың педагогикалық шарттары
Қазақ халқының ұлттық киімдері - киім үлгілері
Пәндер