Топырақ органикалық заттың көздері


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасы
Топырақтану курсы бойынша
ҚЫСҚАША ДӘРІСТЕР ЖИЫНЫ
1 -Дәріс
КІРІСПЕ: КУРСТЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ, ТОПЫРАҚТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚЫСҚАША ДАМУ ТАРИХЫ
Топырақтану - топырақ және оның құрылымы, құрамы, қасиеттері және географиялық таралу заңдылықтары, түзілуі, табиғаттағы орны, экологиясы, тиімді пайдалануы мен жақсарту жолдарын зерттейтін ғылым.
Топырақтану ғылымының қалыптасуы орыстың аса дарынды табиғаттанушы ғалымы В. В. Докучаевтың (1846-1903) есімімен тығыз байланысты. В. В. Докучаевтан кейін оның еңбегін көптеген талантты шәкірттері жалғастырды. Генетикалық топырақтану ХХ ғасырдың басында табиғаттанудың жаңа бір саласы ретінде қалыптасты. Генетикалық деген түсінік "генезис", яғни топырақтың пайда болуы, дамуы деген ұғымды білдіреді.
Топырақ туралы түсінік . Қазақ халқы жерді - ана, егістікті - асыраушы деп айтады, өйткені адамзат қажетті азықты, жеңіл өнеркәсіп үшін шикізатты өсімдік және жануарлар көмегімен топырақ арқылы алады. Жер бетінде топырақ нағыз асыраушы болу үшін, оны терең білу қажет, оның құнарлығын кемітпей, үздіксіз арттыра отырып пайдалану керек. Сондықтан бұл мәселелерді шешу жолдарын адам баласы үнемі іздестіріп келеді.
Адам баласы ең алғаш жерді егіншілікке пайдалана бастағанда, топырақ туралы түсінік болмаған, топырақ жер деген ұғым ретінде қалыптасқан. Бұл жай түсінік бірнеше мыңдаған жылдар қажетке жараған, өйткені адамзаттың алдында соңғы жүзжылдықта туған проблемалар ол кезде жоқ еді. Соңғы ғасырларда ашаршылықтың кейбір аймақтарда орын алуы, жердің жетіспеуі, эрозия, құрғақтану, топырақтардың құнарлылығының азаюы, т. б. Осы мәселелерді шешу үшін топыраққа назар аударыла басталды.
ХІХ ғасырдың орта кезеңінде агроном, агрогеолог, агрохимиктердің еңбектерінде топырақ туралы алғашқы түсініктер жазыла бастады. Олар топырақтың жоғары қабатының құрамындағы органикалық және минералдық қалдықтарға көңіл бөліп, топырақ деген жердің тек жыртылған, өсімдіктердің тамырлары жайылған қабаты деп есептеді. Топырақ дегеніміз не деген сұраққа берілген осындай анықтама, В. В. Докучаевтың ғылымға жаңа бағыт әкелген кезеңге дейін өріс алып келді.
1879 жылы Санкт-Петербургте болған табиғат зерттеушілері қоғамының геология және минералогия бөлімінің мәжілісінде В. В. Докучаев баяндама жасап, топыраққа бірнеше жаңа анықтама берді. Кейін бұл пікірлер әрі қарай дамытылып, жетілдіріле түсті.
Қазіргі түсінік бойынша топырақ - жер бетінің майда ұнтақталған құнарлы қабаты, тірі және өлі табиғатқа тән бірнеше сипаттары мен қасиеттері бар ерекше құрылым. Топырақтың негізгі қасиеті - құнарлығы деп, оның өсімдіктерді барлық қоректік заттармен және ылғалмен қамтамасыз етуін айтады. Табиғаттың жоғарғы туындысы - адам топырақ құнарын өсімдіктер мен жануарлар дүниелері арқылы өз мұқтажына пайдаланды. Өсімдіктер құнарлы топырақ қабатынан тамыр жүйелері арқылы қоректік заттарды алып, суды бойына сіңіріп, жапырақтарында түскен күн сәулесі мен ауадағы көмір қышқыл газы арқылы жүретін фотосинтез нәтижесінде денесіне өте мол органикалық, биофильді минералдық заттар жинап, едәуір энергияны шоғырландырады. Осы энергиялар, яғни органикалық және органо-минералдық қосылыстар бүкіл жан-жануарлар, адамзат тіршілігі үшін өмір өзегі болып табылды. Топырақ - асыраушы ана, күш-қуаттың қайнар бұлағы, тіршіліктің тірегі, ауылшаруашылығы өндірісінің негізгі өндіргіш күші. Егіншілік, малшаруашылығының өркендеуі топырақ құнарлылығына тікелей тәуелді. Ескеретін жай, топырақтың басқа өндіргіш күштерден (машиналар, станоктар, т. б. ) айырмашылығы сол, оны дұрыс күтіп, баптап, пайдаланса, ол қоғам үшін үздіксіз құнарын беріп халықты асырайды, машиналар сияқты моральдық және физикалық жағынан азып-тозып істен шықпайды. Баршаға белгілі табиғат қорлары сарқылмайтын және сарқылатын болып екіге бөлінеді. Сарқылмайтын қорларға, мысалы ғарыш, климат қорлары жатады. Сарқылатын қорлар өзінше екіге бөлінеді: қалпына келетін және қалпына келмейтін қорлар. Қалпына келмейтін қорлар қатарына мұнай, көмір, т. б. кендер, ал қалпына келетіндер қатарына өсімдіктер, жануарлар, су қорлары және топырақтар жатады. (Банников, 1977) Бірақта топырақты қайтып қалпына келетіндерге қосқанға келісу қиын. Мысалы, биыл орылған шөп келесі жылы қайта шығады, тіпті бір жылдың ішінде кейбір өсімдіктерден бірнеше өнім алуға болады. Кесілген ағаш қалпына келу үшін бірнеше жыл керек, мал төлінің жетілуі үшін екі-төрт жыл керек. Құнарлы қабаты бір себептерден шойылып кеткен топырақтардың қалпына келуі үшін өте ұзақ уақыт керек. Табиғи жағдайда топырақтың түзілуі ұзаққа созылатын құбылыс. Мәселең, қалыңдығы 20 см жыртылатын топырақ қабаты түзілуі үшін табиғи жағдайлардың өзгешеліктеріне қарай 3-7 мың жыл уақыт керек.
Құнарлы қабаты түгелдей жойылған топырақтар болжамды уақыттарда өз-өзінен қалпына келмейді. Сондықтан да адам өзінің тыныс-тіршілігінде топырақтың құнарлы қабатын су және жел эрозиясынан, басқа да экологиялық апаттардан қорғай отырып, топырақ құнарын жылма-жыл арттыру және жақсарту шараларын іске асыруы қажет.
Топырақтың табиғаттағы орны мен маңызы . Топырақ планетарлық қабаттардың (литосфера, атмосфера, гидросфера) шекарасында жайғасып, солардың бір-бірінің арақатынасынан дамып, геосфераның ерекше қабығы педосфераны, яғни Жердің топырақ жамылғысын түзеді. Сонымен бірге топырақ жер шарының тіршілік дамыған аймағы - биосфераның негізгі компоненті. Топырақтың табиғаттағы рөлі өте зор. Ол жер бетінде тіршіліктің дамуына қолайлы орта. Топырақ - өзі тіршіліктің туындысы бола тұрып, сол тіршіліктің өмір сүруінің де негізі. Топырақ арқылы жер бетінде заттардың үздіксіз үлкен геологиялық және кіші биологиялық айналымы өтеді. Биологиялық кіші зат айналымы кезінде, ең алдымен, аналық тау жынысынан кейін топырақтан өсімдіктермен қоректік элементтер алынады. Олардан суға ерімейтін күрделі органикалық қосылыстар түзіледі. Әр жылы өсімдіктерден қурап түскен органикалық қалдықтардан қоректік элементтер бірге түсіп, топыраққа қайтып оралады. Биологиялық кіші зат айналымның негізгі нәтижесі - қоректік элементтердің топырақтың жоғары тамырлы қабатында шоғырлануы, құнарлы топырақтың түзілуі. Ал геологиялық үлкен заттар айналымы жер қойнауындағы және жер бетіндегі тау жыныстарының өзгеруі мен қозғалуын қамтиды. Құрылық пен теңіз арасындағы геологиялық үлкен зат айналымы нәтижесінде борпылдақ үгілу қабаты құралады, топырақтың түзілу процесінің негізі қаланады. Жер бетіндегі осы екі айналымның арасындағы байланыс топырақ арқылы өтеді.
Топырақтың тағы бір функциясы - ол ауа және су сферасының химиялық құрамдарын реттейді. Фотосинтез арқылы өсімдіктер көмір қышқыл газын сіңіреді де көміртегі тотығынан құралатын органикалық қосылыстар синтезін өткізеді. Жапырақтары мен тамырлары СО2 көміртегі тотығын және судан келетін сутегін пайдаланып, атмосфераға еркін молекулалы оттегін О2 бөліп шығарады. Жалпы топырақ арқылы жер бетінде бүкіл биосфералық құбылыстар реттеледі. Топырақ - адамзат үшін өлшемі жоқ, баға жетпейтін байлық және құрлықтағы биоценоздар тіршілігінің негізі.
Адамның тіршілігі үшін ең қажетті ауа, су, тамақ. Ауасыз адам 2-5 минут, сусыз 5-7 күн, тамақсыз 30-35 күн ғана өмір сүре алады. Осы маңызды заттардың бәріде топырақта.
Топырақтану ғылымы, оның даму тарихы. Топырақтану ғылымының негізін қалаған орыстың дарынды табиғаттанушы ғалымы В. В. Докучаев (1846-1903) болды. Докучаевқа дейін топырақ агрономия мен геологияның бір саласы ретінде зерттеліп келді. Сондықтан алдымен В. В. Докучаевке дейінгі топырақты зерттеуге байланысты көзқарастарға қысқаша тоқталып өтейік. Ескеретін жағдай топырақтану ғылымының әлемдегі және Ресейдегі тарихы М. А. Глазовская оқулығы (1981) бойынша келтірілді.
Батыс Еуропалық агромәденихимиктер мен агрогеологтардың топырақ туралы зерттеулері. Адам баласының әр түрлі құрылыстар салып, егін егіп, өнім алған жер бетіндегі тіршілігі мыңдаған жылдарға созылғаны мәлім. Алайда топырақ туралы ғылыми түсінік көпке дейін қалыптаса қойған жоқ. Егіншілікпен адам баласы ондаған ғасыр айналысып келгенімен тек XVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бас кезінде ғана егіншілік туралы ғылым агрономия дүниеге келді. Бұл кез дүние жүзінде феодалдық өндірістік қатынастың капиталистік өндірістік қатынаспен ауысу кезеңі еді.
Ғылыми агрономиямен алғаш айналысқан Алмания табиғи зерттеушілері болды. ХІХ ғасырдың басында кейбір жүргізген тәжірибе жұмыстарына сүйене отырып, неміс ғалымы А. Тэер өсімдіктердің органикалық заттармен қоректенуі теориясын ұсынды. Осыған байланысты ірі химиктер И. Берцелиус, К. Шпренгель т. б. топырақтың қара шіріндісі - гумуспен айналысты. Олар топырақ шіріндісінің күрделі екенін және органикалық заттардың бірнеше топтарынан тұрып, әр түрлі химиялық құрамы мен қасиеттерімен ерекшеленетінін анықтады (Д. С. Орлов, 1974) .
Алайда кейінгі зерттеулер гумус қоректік қасиеттерге ие болғанымен, негізгі мәселе тек қана гумуста емес екенін көрсетті. Сонымен А. Тэердің өсімдіктердің органикалық қоректену теориясы енді өсімдіктердің минералдық қоректену теориясымен алмасты. Соңғы теорияның авторы неміс оқымыстысы Ю. Либих болатын. 1840 жылы оның "Химияны егіншілік пен физиологияда пайдалану" деген еңбегі жарық көрді. Осыдан кейін бұл теорияны қолдаушылар көбейіп, агромәденихимия егіншілікке қарай бет бұрды. Көптеген ауылшаруашылығы тәжірибе станцияларында тыңайтқыштардың өсімдіктерге тигізер пайдасы жөнінде тәжірибелер өріс алып, оның әсерлері анықталды. Топырақтың жыртылған қабатындағы азот, фосфор, калий мөлшерлері анықталды. Топырақтанудың алғашқы бұл бағытын негіздеушілер батыстың ірі оқымыстылары А. Тэер, Ю. Либих (неміс химиктері), М. Бертолло, Ж. Бусенго (француз химиктері) болды. Бұлар топырақ өсімдіктер тамырлары тарайтын орта, ол минералдық және органикалық заттардың қосындысынан тұрады деп пайымдады. Топырақ қабатын олар тек жыртылған қабатпен шектеді. Топырақтарды олар сапасы жағынан жақсыға, ортаға, жаманға, бидайға, сұлыға, картопке т. б. жарамды деп бөлді.
Осы кездерде жоғарыда айтылған бағытқа байланыссыз агрономия мен топырақтанудың геология бағыты да өріс алды. Оның негізін қалаушылар немістің геолог оқымыстылары Ф. Фаллу, Ф. Рихтгофен еді. Олар топырақ деген түсінікке жер бетінің үгілу қабатын жатқызды. Мұны орманшылар қолдай кетті. Әсіресе қоштаушылардың бірі неміс оқымыстысы, профессор Е. Раманн болды. Ол Алманияда орман топырақтануын дамытты. Алғашында топырақты тек геологиялық дене деп келген бұлар кейінірек топырақ құрамындағы органикалық заттарды, топырақтың агрономиялық қасиеттерін зерттеуді қолға алды. Сонымен топырақтанудың агрогеологиялық бағыты қалыптасты. Бұл бағыт тек Батыс Еуропада ғана емес, сонымен қатар терістік Америка, Австралия, Жаңа Зеландияда т. б. өріс алды.
Топырақтану ғылымының Ресейде (В. В. Докучаевке дейін) дамуы . 1765 жылы Петербургта егіншілік және экономика салаларымен шұғылданатын Ресейдің алғашқы ауылшаруашылығы қауымы - Ерікті экономикалық қоғам ұйымдастырылды. Оның құрамында негізінен табиғат зерттеушілері мен экономистер болатын.
Орыс қара топырағы тек Ресейді ғана асырап қойған жоқ, сонымен қатар онда өсірілетін астық, бидай Еуропамен байланыстыратын негізгі сауда көзі болды.
Қара топырақтың пайда болуы жөніндегі алғашқы дұрыс болжам айтқан орыстың ұлы ғалымы М. В. Ломоносов (1763) . Ол "Жер қабаттары туралы" атты кітабында: "Қара топырақтың пайда болуы, минералды емес, табиғи екі патшалықтан - өсімдіктер мен жануарлардан пайда болғанын барлықтарымыз мойындаймыз" деп жазды. В. В. Докучаев бір ғасырдан кейін осыны ғылыми негізге алды. Қара топырақтар туралы XVІІІ ғасырда профессорлар М. А. Афонин, И. М. Комовтар да жазды. Бірақ олар қара топырақтардың пайда болуымен шұғылданған жоқ.
Ерікті экономикалық қоғамның бағдарламасында әр түрлі топырақтардың агрономиялық қасиеттері туралы мәліметтер сұрақ-жауап ретінде жиналды. Сұрақтар әр губерниялар мен уездерде қанша жер өңделуде, оның құнарлылығы, құрамы қалай деген мағынада болатын.
Ерікті экономикалық қоғаммен қатар топырақ туралы мәліметтерді мемлекеттік мүлік министрлігінің ауылшаруашылығы Департамент есепшілері жинады. Осы материалдарды жинастырып, 1851 жылы К. С. Веселовский Ресейдің Еуропалық бөлігі топырағының сызба-нұсқа түріндегі картасын жасады. Ал 1879 жылы В. И. Чаславскийдің дәл осы территорияның топырағына арналған жаңа толықтырылған картасы жарық көрді. Шаруа мен диқаншылардан салық жинау мақсатында құрастырылған бұл карта ғылыми тұрғыда негізделмеген, бір жүйеге келтірілмеген еді.
Осы кезде Петербургтің орман институтының профессоры П. А. Костычев (1845-1895) топырақтанудан алғашқы оқулық жазды (1886) . Батыс Еуропаның агромәденихимиялық, агрогеологиялық топырақтанушыларының көзқарасына қарағанда П. А. Костычев топырақ қасиеттерін өсімдіктер мен микроорганизмдер өмірімен тікелей байланыстырды. Ол орыс қаратопырағын зерттеуге үлкен үлес қосып, 1886 жылы «Ресейдің қаратопырақты облыстарың еңбегін шығарып, онда қаратопырақтағы топырақ шіріндісінің түзілуі, оның топырақ құрылымына әсері мен осы топырақтардың құнарын сақтап, ұлғайтудың шараларын ұсынды.
П. А. Костычев топырақтануды тек агрономиялық қана емес, сонымен қатар оны биологиялық ғылымға да жатқызды. В. В. Докучаевтың ең жақын шәкірті Н. М. Сибирцев П. А. Костычевті топырақтанудың ғылыми негізін салушылардың бірі деп бағалаған.
В. В. Докучаев - ғылыми топырақтану мен ландшафтар туралы ілімнің негізін қалаушы . ХІХ ғасырдың көптеген табиғаттанушы-саяхатшылардың (Б. С. Паллас - табиғатшы, Э. И. Эйхвальд - палеонтолог, Ф. И. Рупрехт - геоботаник) қаратопыраққа біршама көңіл аударып, оның пайда болуы туралы өздерінің болжамдарын (мұхиттардан, батпақтардан, жербеті өсімдіктерінің әсерлерінен) айтқандарымен, қаратопырақтардың шын мәнісінде пайда болуы, олардың таралуы мен қасиеттері, көп жыл бойы бидай егісіне пайдаланудан топырақ құнарының азаю себептері осы ғасырдың 80-жылдарына шейін белгісіз болып келді. Міне осы мәселелерді шешу үшін Ерікті экономикалық қоғам 1876 жылы арнайы қаратопырақ жөнінде комиссия құрды. Комиссия жұмысына Петербург университетінің геология және минералогия кафедрасында қызмет істейтін жас геолог В. В. Докучаев шақырылды. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Өйткені ол бұрында Ерікті экономикалың қоғамының Петербург табиғат зерттеушілер мен минерологтар қоғамдарының белсенді мүшесі болып, осы қоғамның қаржыларымен экспедиция ұйымдастырып, топырақтануға жақын мәселелермен, дәлірек айтсақ, төрттік дәуірдің шөгінділерімен, өзен арналарымен, сай-салалардың құрылысы және пайда болуы мәселелерімен шұғылданған.
Мұнда келген соң В. В. Докучаев қаратопырақ жөніндегі комиссиясының қаратопырақтың геология-географиялық және физика-химиялық зерттеу бағдарламасын жасады. 1877-1878 жылдары далалық геология-географиялық зерттеу жұмыстары В. В. Докучаевтың басқаруымен жүргізілді. Қаратопырақты облыстарға, негізінен ат көліктерін пайдаланып, мыңдаған шақырымдық маршруттар жасалды. Бірнеше жүздеген топырақ және геологиялық шұңқырлардың сипаттамасы жасалды, жер бедері, өсімдіктері туралы да мағлұматтар жиналды. Физика-химиялық талдауға әр жердің топырақтары мен тау жыныстарының үлгілері алынды.
Егер далалық жұмыстар 1877-1878 жылдары жүргізілсе, одан кейінгі 1879-1881 жылдары химия-аналитикалық және ғылыми-өңдеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен 1883 жылы В. В. Докучаевтың тарихта топырақтану жөніндегі әлемге әйгілі «Орыстың қаратопырағы» деген ғылыми еңбегі шықты. Бұл туралы В. В. Докучаевтың шәкірті, аса дарынды ғалым геохимик В. И. Вернадский (1904) кезінде былай деген: «Топырақтану ғылымының дамуы үшін қаратопырақ, кальцит - кристаллографияның, бақа - физиологияның, ал бензол - органикалық химияның дамуына еткен ролін атқарды. Бұл еңбектерінің нәтижесінде Докучаев тек қаратопырақтың пайда болуы ғана емес, сонымен қатар оның қасиеттерін, кеңістіктегі өзгерістерін, таралу заңдылықтарын анықтай келіп, жалпы топырақ туралы жаңа түсінікке келді. Топырақты зерттеудің ерекше жаңа топырақ-географиялық салыстармалы зерттеу әдісін ұсынды. Докучаев топырақтың табиғаттың ерекше табиғи, әрі тарихи денесі екенін анықтады. Топырақтың өте күрделі құрылымы бар дене екенін, ол өзін түзген тау жыныстардан морфологиялық көрінісі және химиялық құрамы жағынан жақсы ажыратылатынын, оның қалыңдығы тек жыртылған қабатпен шектелмейтінін көрсетті. Нағыз қаратопырақтарда топырақтың қара шіріндісіне боялған А қабаты 0-40 (60) см жетіп, өтпелі В қабаты, біршама топырақ қара шіріндісі бар және жоғарғы қара шіріндіге бай қабаттан жолақтанып төмен жылжыған қара қошқыл «тілдерің және бозғыл тартқан әк қосындылары бар. Оның тереңдігі 40-60 см- 80-100 см-ге шейін, одан төмен топырақ түзуші аналық жыныс -С қабатына өтеді. Докучаев қаратопырақтар тек дала зонасында шектелемейтінін анықтады. Бұл зонада қаратопырақ қабаттарының қалыңдығы климаттың және жер бедерінің өзгеруіне байланысты әр түрлі ауытқулары болғанымен жалпы қаратопырақ пішіні сақталатынын дәлелдеді. Қаратопырақтың қара шіріндісінің мөлшерімен осы қабаттың қалыңдығының өзгеруі терістіктен оңтүстікке қарай жылжыған сайын, климаттың құрғақтана бастағаныны байланысты азаятындығы - заңды құбылыс екендігін көрсетті. Бұл еңбегінде Докучаев қаратопырақ зонасы мысалында үлкен теориялық тұжырымдар жасады. Топырақты жер бетінің жоғары көпжылдық топырақ түзуші факторларының үздіксіз әрекеттері нәтижесінде пайда болған дене деп қарады.
Топырақ түзуші факторларға ол: климат, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, топырақ түзуші аналық жынысты, жер бедерін және аймақтың геологиялық жасын жатқызды. Бұл факторлардың табиғаттың заңдылығына, яғни топырақ түзуші факторлардың үйлесімді сәйкестігіне байланысты өзгеретінін дәлелдеді.
Одан кейінгі жылдары В. В. Докучаев шәкірттері Н. М. Сибирцев, К. Д. Глинка, П. В. Отоцкиймен бірге Ресейдің көптеген губернияларында топырақ зерттеу жұмыстарын жемісті жалғастырды.
1888 жылы Ерікті экономикалық қоғам жанынан В. В. Докучаевтың басқаруымен арнайы Топырақ комиссиясы құрылды. Бұл комиссия жұмысына тек ғалымдар ғана емес, топырақтануға қатысы бар басқа мекемелер қызметкерлер де тартылды. Комиссия алдымен Ресейдің Еуропалық бөлігінің топырақ картасын жасады. 1889 жылы Топырақтану комиссиясы "Топырақтану" журналын шығарды. Ол журнал күні бүгінге дейін Ресей Ғылым академиясының ТМД елдерінде осы саладағы жалғыз журнал.
1891 жылы Ресейдің қаратопырақты зонасының негізгі жерінде қатты құрғақшылық болды. В. В. Докучаев "Біздің далаларымыздың бұрынғысы мен қазіргісі" деген классикалық еңбегінде Ресей диқаншыларының егіншілікті дұрыс жүргізбей, топырақты тоздырғаны жайлы сөз болады. Егістіктерді ауыстырып екпей, бір жерге бір дақылды қайталап еге бергені, ылғал сақтау шараларын қолданбау, ол үшін орманды ағаш жүйелерін тиімді пайдаланбағаны жайында да айтылады (В. В. Докучаев, 1951) .
1892-1895 жылдары В. В. Докучаев Ново-Александр ауылшаруашылық институтында (қазір ол Польша жерінде) директор болып қызмет атқарып, ауыл шаруашылығы жүйесіне дұрыс білім беруге біршама үлес қосты. Институтта әлемде бірінші болып топырақтану кафедрасын ұйымдастырды. Кафедраны В. В. Докучаевтың шәкірті Н. М. Сибирцев (1860-1900) басқарды. Ол 1900 жылы Докучаевтың топырақ жайындағы идеяларын жүйелі етіп баяндаған алғашқы "Топырақтану" оқулығының авторы болды,
1898-1900 жылдары Докучаев Кавказ тауларының топырақтарын, Түркістан, Каспийдің шығысын, тіпті Қарақұмдағы Чарджау аймағындағы Репетек құмдарын, гипсті топырақтарды зерттеді. Докучаевтың бұл әр түрлі аймақтарды зерттеуі оның топырақтану жайындағы ілімінің аясын кеңейте түсті. Бұл топырақтың, жалпы ландшафтардың көлденең және тік зоналық заңдарын негіздеуге мүмкіндік берді. Оның осы кездердегі негізгі еңбегі «Табиғат зоналығы туралы ілім, көлденең және тік белдеулік зоналары" (Докучаев, 1899) . Сондай-ақ оның Жердің терістік жарты шарының сызба-нұсқалық топырақ картасы Парижде өткізілген Әлемдік көрмеде (1900) көрсетіліп, дипломға ие болды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz