Таным деңгейлері мен әдістері



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Республикасының білім және ғылым
министрлігі
Е.А Букетов атындағы Қарағанды университеті

РЕФЕРАТ

Кафедра:Философия және психология факультеті
Тақырыбы:Танымжәне шығармашылық

Тобы:ПО-21
Орындаған: Нургалиева А.С
Тексерген: Уксукбаева. М. Т

Қарағанды 2021
ЖОСПАР:
І. Кіріспе.
ІІ. Негізгі бөлім. Таным және шығармашылық.
1. Таным дегеніміз не?
2. Танымның практикалық табиғаты.
3. Таным кұрылымы.
4. Танымдағы ақиқат мәселесі.
5. Таным деңгейлері мен әдістері.
6. Диалектика және метафизика.
ІІІ. Қорытынды.
ІV. Пайдаланған әдебиеттер.

Кіріспе

Ақыл парасат, сана - сезім иесі ретінде адамның ең басты қасиеттерінің бірі -- өзін қоршаған ортаны танып - білуге деген ерекше ұмтылыс. Адам айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үнілнді, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарын біледі, өзінің орнын, басқа адамдармен қарым - қатынасын белгілейді.
Басқаша айтқанда, таным барысында адам өзін қоршаған ортаны игереді, ол туралы білім кеңейіп, тереңдей түседі; адамның заттар мен құбылыстар туралы жалпы мәлімет ішкі мәнге қарай ұмтылып, жүйелі, шынайы білімге айналады. Ендеше, танымды адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы деп есептеуге болады.
Философиядағы тиянақты идеалистік ағым жалпы алғанда дүниені танып - білуге болатындығын мойындайды.
Диалектикалық материализмнің таным теориясының метафизикалық материализмінің таным теориясының ең басты екі айырмашылығы бар: ол, біріншіден, таным теориясына практика жайындағы ілімнің енгізілуі, екіншіден, таным теориясына диалектиканың қолданылуы.
Диалектикалық материализмнің таным теориясы қоғамдық практиканың негізінде дамитын және шындықты қоғам мүдделері үшін практикада қайта құру мақсатын көздейтін таным процесінің заңдылықтарын зерттейді.
Сонымен диалектикалық материализм таным процесінде бейнелеу принципін басшылыққа алады. Ал бейнелеу дегеніміз айнаның бетінен шағылысқан көру емес, оған механикалық тұрғыдан да қарауға болмайды. Бейнелеу - таным - білуге тиіс объекті мен танушы субъектінің арасындағы күрделі қарым - қатынас процесі.
Сөйтіп, танымның субъектісі деп жеке адамдарды, таптар мен әлеуметтік топтарды, кең мағынада алғанда, тұтас тарихи нақтылы қоғамды айтуға болады. Сонда - ақ, субъект өз болмысын, өзінің ішкі дүниесін таным объектісі ретінде қарай алады. Табиғатты, қоғамдық қатынайтарды таным объектісі ретінде қарастыру қажет. Олар субъектінің өндірістік, әлеуметтік және ғылыми қызметі арқылы таным объектісіне айлады. Бақаша айтқанда, таным объектісі дегеніміз материалдық және рухани дүниенің қоғаммен практикалық және теориялық тұрғыдан қарым - қатынасқа түсетін, нақты тарихи іс -- әрекет барысында субъекті игерген бөлігі.
Таным объектілері адамның практикалық қызметімен тығыз байланысты және әрқашан соған тәуелді болады. Таным процесінің негізінде адамның объективті дүниеге тигізетін белсенді әсері жатады. Себебі таным адамның объективті құбылыстарымен байланысына, оларға тигізетін әсеріне және оларды өзгертугіне байланысты дамып отырады. Осы тұрғыдан алғанда, таным дүниенің белсенді әрі нысаналы бейнеленуі деп қарастыруға болады. Қоғамдық практика таным процесінің қозғаушы күші болып табылады. Ол өмір сүру, іс -- әрекет жасау барысында адамдардың алдына ұнемі шешуін талап ететін проблемалармен міндеттер қойып отырады.
1.Таным дегеніміз не?

Біз ең бірінші, Дүние қалай құрылған?, деген сұраққа жауап беруге тырыстық. Енді уақыт екінші үлкен сұраққа жауап беруді талап етеді. Осы өзімен-өзі өмір сүріп жатқан Дүниені адам танып-біле ала ма? Әрине, біз бұл сұраққа оң жауап қайтарамыз. Тек болмыс шеңберіндегі заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу арқылы ғана адам оны ерікті түрде шығармашылық жолмен қайта өзгерте алады. Бізді айнала қоршаған екінші табиғат - неше түрлі машиналар мен механизмдер, электр стансалары, байланыс жүйелері т.с.с. - адамның дүниетаным мүмкіндігі, рух құдіретінің шынайы көріністері.
Таным деп біз адамның айнала қоршаған ортаны зерттеудегі ерекше рухани іс-әрекетін айтамыз. Ол әркашанда даму үрдісінде. Егерде көне замандағы адам найзағай жарқылдап, күн күркіреген кезде зэресі кетіп, оны аспан Құдайының іс-әрекетіне теңестірген болса, қазіргі уақытта оның физикалық сырын 8-9 сыныптарда оқитын әрбір оқушы айта алады.
Адамзаттың мыңдаған жылдарға созылған тарихы танымның өте күрделі көпдеңгейлі құбылыс екенін мойындайды. Миллиондаған адамдардың дүниетану әрекетінің негізінде әртүрлі жырақтар мен бұлақтардан қосылған өзен арнасы сияқты, қоғамдық мағынасы зор таным үрдісі қалыптасады. Алайда жеке адамның санасында қалыптасқан кейбір түсініктер жалған болуы, я болмаса, кейбіреулері өз заманының арнасынан шығып, бүгінгі өмірдің сұранысын тудырмауы да мүмкін. Сондықтан нақтылы тарихи қоғамның сұранысына байланысты табиғи таңдауға ұқсас үрдістердің негізінде жеке адамның санасындағы ойлар қоғамның рухани байлығына айналады. Ол үшін адамдар өз білімдерімен бір-бірімен бөлісуі қажет. Ол, негізінен алғанда, университтердің мінбелері, басылып жарық көрген мақалалар мен кітаптар арқылы, олардың мазмұнын сынау, тиімді және тиімсіз жақтарын қоғамдық санаға көрсету т.с.с. жолдармен жүріп отырады.
Қайсыбір тіршілік сияқты, адам да айнала қоршаған ортаның шеңберінде өмір сүреді. Алайда оның өмір сүру тәсілі басқа тіршіліктерден мүлде өзгеше. Егерде қайсыбір жануар өзінің дене кұрылысы мүмкіндігіне сай айнала қоршаған ортаға бейімделген, дүниедегі сан алуан құбылыстардың ішінде тек өз тіршілігіне тікелей, я болмаса жанама қатысы бар заттар мен құбылыстарды ғана сезініп, тек соған сәйкес өмір сүретін болса, адам дүниеге өз санасы арқылы универсалды, яғни жан-жақты қарай алады. Сонымен қатар айнала қоршаған орта нақтылы тарихи өмір сүріп жатқан адамдардың таным мүмкіндіктері мен оны игеру деңгейінен әрқашанда асып түседі. Олай болса, ол адамдардың Дүниені зерттеп игеру жолындағы шексіз мүмкіндіктерін тудырады.
Дүниетанудағы негізгі мақсат - зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу, яғни оларды білу. Білім -әрқашанда шындықтың идеалдық бейнесі, өйткені бірдемені білу дегеніміз - сол жөнінде идеалдық түсініктің болуы. Олай болса, танымды күрделі үрдіс, ал білімді белгілі бір нәтиже ретінде қарауымыз керек.
Тарихи ғылыми білім дүниеге келместен бұрын, күнбе-күнгі өмір тәжірибесінен пайда болған қарапайым күнбе-күнгі білім дүниеге келеді. Ол адамның кәсіби танымдық іс-әрекетінен емес, күнбе-күнгі өмірдің қажеттіліктерінен (аң аулау, балық үстау, еңбек күралдарын жасау, үй салу, бала тәрбиелеу, жеміс-жидек жинау т.с.с.) пайда болады. Оған күнбе-күнгі өмір тәжірибесінен қорытылған халық даналығын көрсететін мақал-мәтелдерді, адамгершілік нормаларды, әдет-ғұрыптарды т.с.с. жатқызуға болар еді. Осындай өмірлік білімнің негізінде адамдар айнала қоршаған ортаны бағдарлай алатын дәрежеге жетеді. Ал ғылыми білімге келер болсақ, ол арнаулы білімді меңгеру мен оны шығармашылық жолмен дамытудың негізінде пайда болады. Оның қайнар көзі бертінде, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуінен басталады.
Жүре келе, ғылыми зерттеудің тақырыбына байланысты білімнің әртүрлі салалары пайда болады. Табиғатты зерттеудің барысында астрономия, механика, физика, химия, геология, биология т.с.с. ғылымдардың негіздері қаланады. Олардың басын біріктіріп, жаратылыстану ғылымдары дейміз. Адам мен қоғамды зерттейтін білім салалары гуманитарлық, қоғамдық пәндерді тудырды. Оларға философия, психология, саясаттану, мәдениеттану т.с.с. пәндер жатады. Гуманитарлық білімдердің ерекшеліктері -олардың мазмұнында нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтардың мүдделері мен мақсат-мұраттарының бейнеленуі. Сондықтан белгілі бір қоғам өміріндегі құбылысқа әрбір әлеуметтік топ өзіндік баға беруі мүмкін. Сонымен қатар бұл пәндердің бәрінің басын бірік-тіретін құндылықтарға келер болсақ, олар - адамды сүю, ізгілік, жақсылық, жетілгендік, әсемдік, әділеттілік, еркіндік, теңдік т.с.с.
Гуманитарлық білім саласында көркемдіктануды ерекше алып қарауға болады. Оған әдебиет, поэзия, қылқалам, әуен т.с.с. өнер саласындағы туындыларды зерттеуді жатқызамыз.Сонымен қатар бүгінгі адамзаттың рухани-адамгершілік дағдарысқа түсуіне байланысты, дінтану мәселелері ерекше өзекті болып отыр.
Дүниетану - өте күрделі қүбылыс, ол үшін адам барлық жан-тәнінің мүмкіндіктерін пайдаланады. Нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан қоғамдағы құндылықтар, солардың негізінде қалытасатын қоғамдық қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейі т.с.с. таным үрдісінде өз орнын алады.
Олай болса, дүниетану негізінде жатқан негізгі қүбылысты анықтамай болмайды, сонда ғана оның терең мэнін ашуға болады. Сана, pyx болмысының өзегі білімде болғаннан кейін, мыңдаған жылдардың шеңберінде ойшылдар танымның негізін адамның санасынан көрді: таным үрдісін дамытатын ақыл-ой жаттығуы, жетілуі, шығармашылық ізденіс, білімге деген құштарлық, туа біткен табиғи дарын т.с.с. Әрине, аталған факторлардың танымдағы орнын терістеуге болмайды. Бірақ олардың негізінде толыққанды таным теориясын жасау мүмкін емес. Ол үшін біз адамның басқа тіршіліктерден бөлек, тек өзіне ғана тән өмір сүру тәсілін анықтауымыз керек. Ал, оның өзі бізді адамның таза табиғатқа қанағаттанбай, оны қайта құру, өзгерту іс-әрекетіне әкеліп тірейді. Оны философия тілінде практика дейді.

2.Танымның практикалық табиғаты

Практика (practikos - грек сөзі, белсенділік, іс-әрекет) ұғымы айнала қоршаған ортаны өзгертудегі адамның саналы, мақсатқа лайықты іс-әрекетін бейнелейді. Әрине, адам да қайсыбір тіршілік секілді, айнала қоршаған ортасыз өмір сүре алмайды. Қайсыбір жануар өзінің дене құрылысы, табиғатына байланысты айнала қоршаған ортаның шеңберінде өзінің орнын тауып өмір сүреді. Ол тек қана өз тіршілігіне тікелей, я болмаса жанама қатысы бар заттар мен қүбылыстарды ғана сезініп, қабылдай алады. Яғни оның мүмкіндіктері әрқашанда шектелген. Ал адамға келер болсақ, ол қоршаған ортамен универсалды, жан-жақты қатынасқа түседі. Айнала қоршаған орта нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан адамның игеру мүмкіндігінен әрқашанда басым болғаннан кейін, адамның шексіз дүниетану мүмкіндігін тудырып, оның жаңа күш-қабілеттерін оятады.
Білімнің шынайы мән-мағынасы оның өмірге еніп, қоғамның материалдық және рухани жақтарын жетілдіруде емес пе? Танымның негізгі мақсат-мүраты тек қана білімді жетілдіру ғана емес, сонымен қатар қоғам мен адамның өне бойы өзгерістегі материалдық және рухани қажеттіліктерін өтеуде болса керек.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, ғылымның қайнар көзінің өзі осы адамзат практикасының қажеттіліктерінен шыққанын байқауға болады. Мысалы, көне заманда көшпенділер аспандағы жұлдыздар мен планеталарға қарап, көш жолдарын анықтай бастады. Көне Мысыр мен Қытайда суармалы егін егу қажеттілігі үлкен каналдарды қазып тартуға мәжбүр етті, ал ол үшін жер бетіндегі кеңістікті зерттеу қажет болды. Соның нәтижесінде геометрия мен математиканың негіздері жасала басталды.
Қазіргі адамзат практикасына келер болсақ, оның қажеттіліктері де ғылымның дамуының негізінде жатқаны сөзсіз. Мысалы, АҚШ Невада штатында жақында орасан зор синхрофазатронды іске қосты. Ол осы мемлекетке 6 млрд. долларға түсті. Осыншама қаражат бірнеше аса дарынды физиктердің білімқүмарлығы үшін жүмсалды деп ойлау тым түрпайы болар еді. Ресей, басқа да ірі мемлекеттер де ядролық физика саласын зерттеуге біршама қомақты қаражат жұмсауда. Ал оның негізгі себебі адамзат практикасынан шығатын энергияның жаңа көздерін ашу қажеттігінде жатқаны сөзсіз. Өйткені органикалық шектелген энергия ресурстары (мұнай, газ, таскөмір) жылдан-жылга азайып, қазірдің өзінде алаңдатушылық тудырып отырғаны ешкімге де құпия емес. Сонымен жаңа энергия көздерін ашу, оны игерудің арзан да қауіпсіз технологияларын жасау - бүгінгі таңдағы ғылымның негізгі мақсат-мұраттарының біреуіне айналып отыр. XX ғ. соңғы ширегінде дүниеге келген эволюциялық химияның да алдындағы зор мақсат -күн сәулесін электр тогына айналдырудың арзан технологиясын жасау, судың фотолизін жасап, су тегін практикалық түрде шексіз де таза энергия көзіне айналдыру т.с.с.
Бүгінгі таңдағы ең алдыңғы қатарлы ғылым саласы - биологияға келер болсақ, мұндағы ғалымдардың алдына қойған мақсат-мұраттары да бүгінгі адамзат практикасымен тығыз байланысты екенін байқаймыз. Генетикамен байланысты микро-биологиялық зерттеулер тіршілікті клондық, яғни бейжыныстық жолмен тудыру, өмірдің ең терең сырларын ашу - қазіргі адамзатқа ауадай қажет нәрселер. Өйткені тек осы зерттеулердің негізінде болашақта тұқым қуу механизміндегі жиі кездесетін ауытқуларды емдеуге, сонымен қатар мол өнім беретін жаңа өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тудыруға, олай болса, жер бетіндегі аштыққа үшыраған халықтарға тиімді көмек беруге жол ашылады.
Енді ғарышты зерттеу мәселелеріне келер болсақ, олардың да адамзат практикасымен байланысты екенін байқауға болады. Мысалы, ғарыштағы орналасқан байланыс жүйелері арқылы теңізде апат болған кемені тез арада тауып алып, көмек көрсетуге болады. Бүгінгі жер бетін толығынан шырмаған ақпарат жүйелері: интернетті өмірге енгізу, әртүрлі құрлықтармен телефондық байланыс жүйесін орнату т.с.с. ғарыштағы жасанды серіктерсіз мүмкін болмас еді.
Жоғарыда келтірілген деректерді тағы да жалғастыра беруге болар еді. Бұлардың бәрі де таным үрдісінің әрқашанда адамзат практикасымен байланысты екенін көрсетеді. Дүниетаным адамзаттың ерекше рухани іс-әрекеті болғанымен, оның терең табиғаты практикада, оның әлеуметтік-тарихи мән-мағынасында жатқаны сөзсіз.

3. Таным кұрылымы

Таным - өте күрделі үрдіс, оған адамның бүкіл жан дүниесі түйсіктері, ақыл-ойы, ыркы, сезім тебіреністері, ішкі көкей көзі (интуиция) - бәрі де өзара бір-бірімен байланысты түрде қатысады. Шынайы таным үрдісінде оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Дегенмен де танымды жете түсіну үшін біз теориялық деңгейде оларды бір-бірінен ажыратып қарастыруымызға болады. Осы тұрғыдан келгенде, біз сезімдік танымнан бастауымыз қажет сияқты.
Сезімдік танымның негізгі формалары түйсіктер, қабылдау жэне елестету болып табылады. Айнала қоршаған Дүниемен адам өз түйсіктері арқылы байланысты. Адам белгілі бір затты көріп, оның жылы-суықтығын, жұмсақ-қаттылығын, ащы-тәттілігін т.с.с. анықтай алады. Әрине, түйсіктерді толығынан айнала қоршаған ортадағы физикалық құбылыстармен теңеуге, сонымен қатар ажыратуға болмайды. Кең түрде алғанда, түйсіктер бізді дүниемен байланыстыратын, сол жөнінде деректер беретін бейнелеудің ерекше түріне жатады. Олар, әрине, қоғамдық-тарихи дамудың нәтижесі, адамзат практикасымен тығыз байланысты.
Адамның түйсіктері бір-бірімен байланысты, олар өзара бір-бірін толықтырып, сәйкестендіріп отырады. Соның нәтижесінде адам дүниені қабылдауға мүмкіндік алады. Затты қабылдау дегеніміз оның ащы-тұщылығын, түрлі түстілігін т.с.с. қасиеттерін бөлек-бөлек ажырату емес, оның біртұтас бейнесін тудыру болып табылады. Сонымен қатар ерекше ескеретін нәрсе - адам қабылдаған заттың барлық қасиеттерін бірдей бейнелей алмайды. Ол заттың тек оған қажетті жақтарын ерекше белгілейді. Мысалы, егер көктемде біз алқызыл апорт алмасын көрсек, оның біртұтас бейнесінің ішінде оның хош иісіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені біздің оны жегіміз келеді. Егерде осы ахуал күзде болып, жаңа ғана он алма жеп, сол апортты көрсек, оны қабылдағанда оның түсіне, әсем жақтары мен формасына ерекше көңіл бөлеміз, яғни оны жейтін тамақ емес, эстетикалық зат ретінде қабылдап, ләззат аламыз. Әр адам дүниедегі заттарды өз жасына, өмірден алған тәжірибесіне, білімі мен кәсіби іс-әрекетіне, тіпті мінез-құлқына байланысты сана-сезіміндегі қалыптасқан категорияларды (үғым-дарды) пайдаланып қабылдайды. Мысалы, жеңіл машинамен әуестенетін адамның санасында неше түрлі солар жөнінде ақпараттар бар. Егер ол бұрын көрмеген машинаның жаңа моделін көшеде байқаса, оның жанына келіп, бұрынғы білімдерін пайдаланып, бір минуттан кейін сол көлік жөнінде белгілі бір пікірге келеді, яғни ол оны игереді. Ал басқа адам ол машинаға көңіл де аудармауы мүмкін. Музейге қойылған мәрмәрдан жасалған жас әйелдің дене бітімінен бір адам асқан сұлулықты, жетілгендікті көрсе, екінші надан адам оны нәпсілік тұрғыдан қабылдауы мүмкін.
Енді елестетуге келер болсақ, оның санаға тіпті жақындығы байқалады. Өйткені көзге елестетін зат, я құбылыс көз алдыңда жоқ, бірақ сіз оны елестете аласыз. Мысалы, жақсы көретін досыңызды, я болмаса ауылдағы туысыңызды дәл қазір жаныңызда болмағанмен көзге елестетуге болады.
Адамның сана-сезімінің тағы да бір керемет ерекшелігі -өткендегіні есте сақтау. Физиологиялық түрғыдан келгенде, ол адам жүйкесінің өткендегі болғанды ақпарат ретінде сақтау қасиеті болып табылады. Оның негізгі екі түрін көрсетуге болады. Біріншісі сезімдік бейне болса, екіншісі - сөздік-ұғымдық түрі.
Сонымен сезімдік таным бізге заттардың айнадағыдай бейнесін бермейді, оның қалыптасуына адамның қажеттілігі мен мүддесі, мақсат-мұраты мен идеалдары, неше түрлі сезім толқындары, қысқасы, бүкіл жан дүниесі қатысады.
Енді абстрактіліқ ойлау формаларына келер болсақ, онда ең бірінші ұғымдарды атап өтуіміз қажет. Ұғымдарда заттар мен құбылыстардың адамға деген жалпы, мәнді, қажетті жақтары бейнеленеді. Уақытында көркем түрде Г.Гегель ұғымды табиғаттың жаны деген болатын. Өйткені қайсыбір ұғым мазмұнына заттың біршама мәнді қасиеттері кіріп, оның көлемін сондай қасиеттері бар көп заттар кұрайды. Ұғымдар, бір жағынан, дүниедегі заттар мен құбылыстардың бізге керек сан алуан қасиеттерінің бар екенін және олардың бір-бірімен байланыстарының байлығын бейнелесе, екінші жағынан, адамның танымдағы белсенділігі мен нәтижелілігін, ой мен білімнің құнарлы күшін көрсетсе керек.
Жалпы алғанда, ойлау дегеніміз ұғымдарды ретімен байланыстырып, белгілі бір пікірге келу, пайымдау болып табылады. Мысалы, адам - ойлай алатын пенде десек, оның негізгі қасиеттерінің бірін көрсетеміз.
Бірнеше бір-бірімен байланысты пікірлерді салыстырып, белгілі бір қорытындыға келуге болады. Мысалы:
Адам ойлай алады;
Нұрлан - адам;
Нұрлан ойлай алады.
Алғашқы екі пікірді қорытудан үшінші пікір пайда болды. Сонымен адам ойланған кезде белгілі бір зат жөніндегі сезімдік деректерді ұғыммен қамтуға тырысады. Соның нәтижесінде сезімдік әртүрліліктің бірлігі анықталады, яғни зат жөнінде жаңа білім пайда болады. Егер сезімдік деректер әралуандықты көрсетсе, ұғым олардың бірлігін алға тартады. Мұны біз ғылыми тілде категориалдық (ұғымдық) синтез (біріктіру) дейміз. Кейбір әдебиет беттерінде оны дискурсивтік ойлау әдістері дейді.
Сонымен қатар адам таным қабілеттерінің бірі ретінде интеллект деген ұғымды келтіруге болады. Ол адамның ең жоғарғы, бүкіл Дүниені біртұтас ретінде қамтуға бағытталған, яғни философиялық дәрежеге көтерілген ойлау қабілеті болып есептеледі.
Енді интуиция (көкей көз) мәселесіне келер болсақ, ол -тікелей шындыққа жету, оның ақиқаттығын анық та айқын көру, ешқандай дәлелдеуді талап етпеу. Мәселенің қиындығы сол саған ашылған шындықты басқаға жеткізу болса керек. Ол үшін оны тағы да ой елегінен өткізу қажет. Ал мұның өзі интуиция адамның бүкіл сана-сезімімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Қайсыбір көкей көз арқылы берілген шындық сол мәселемен талай күндер, я
жылдар бойы айналысқан, оның бүкіл жан-тәнін баурап алған адамға келеді. Ал оның өзі сол мәселенің шешілуі тіпті адамның саналы түрде ғана емес, сонымен қатар бисаналық жолмен жүріп шешілгенінің көрінісі емес пе?
Таным үрдісі адамның ырқымен (воля) де тығыз байланысты екенін байқаймыз. Ол адамды таным жолында белгілі бір мақсаттарға, нәтижеге жеткізуге көмектеседі. Адам өз ырқы арқылы бүкіл күш-жігерін жинақтап, оны зерттеуге ұмтылдырады. Алайда ырық әрқашанда сананың ең алдымен моральдық құндылықтардың бақылауында болуы қажет. Ол әсіресе бүгінгі таңдағы жаратылыстану ғылымдарында қажетті. Өйткені адам дүниеге тереңдеген сайын табиғаттың орасан зор күштерімен кез болып, ар-ұжданы дамымаған ғалымды сол күштерді өз мүддесіне жаратуға бағытталған пейілі мен іс-әрекетін тудыруы ғажап емес. Мұндай жағдайда, ол адамзатты үлкен қайғы-қасіретке, тіпті бұрын-соңды болмаған апатқа әкелуі мүмкін. Көне Грек елінде өз атын тарихта қалдыруды армандаған, бірақ қолынан ұлы іс келмейтін Герострат деген кісі Артемида құдайына арналған ғажап кесенені жағып жіберген екен. Сол сияқты бүгінгі уақытта ғылым саласында қызмет етіп жатқан геростраттар жок деп кім айта алар екен?
Таным үрдісінде аса бағаланатын нәрсе - ол адамның таланттылығы. Біріншіден, ол адамға берілген табиғи дарынмен тығыз байланысты екенін байқауға болады. Егер біреу көркемөнерге жақын болса, екінші - математика, физикаға, үшінші -тілдерді игеруге ынтық болуы мүмкін. Адамдардың бұл қабілеттері белгілі бір әлеуметтік жағдайларды жасау, сонымен қатар түлғаның қажымас еңбегінің арқасында талантқа, яғни шығармашылық қабілетіне айналуы мүмкін. Кері жағдайда, адам табиғи дарынын таланттық деңгейге көтере алмай, оны сөндіріп алуы да ғажап емес.
Танымның негізгі мақсаты - акиқатқа жету, соның нәтижесінде ғана оны практикалық өмірде пайдалануға жол ашылады.

4. Танымдағы ақиқат мәселесі

Практикамен тығыз байланысты келесі мәселе - дүниетану жолындағы ашылған білімнің ақиқаттығы. Әңгіменің қиындығы мынада: қайсыбір білімнің екі жағы бар. Біріншісі - адамның биологиялық табиғаты, яғни оның түйсіктері, жүйке мен ми ерекшеліктері, сонымен қатар нақтылы-тарихи жағдайдағы қоғам құрылымы, оның мәдени ерекшеліктері, ғылыми акпаратты өңдеп,пайдалану тәсілдерімен байланысты. Екіншісі, танымда бейнеленетін объективтік шындықтың өз қасиеттері мен ерекшеліктерін анықтау болмақ. Танымның осы екі жағы бір-бірімен өте тығыз байланыста екені сөзсіз. Олай болса, біздің білім мазмұнының қай жақтары жеке адам, я болмаса адамзатқа тәуелсіз түрде зерттеліп жатқан заттың шынайы қасиеттеріне сәйкес келеді? Бұл сұрақ білім ақиқаттығы мәселесінің өзегін құрайды.
Әрине, жалпы түрде алғанда өзімен-өзі өмір сүріп жатқан шынайы білім дүниеде жоқ. Ол - адам, әлеуметтік топ, я болмаса жалпы қоғамның білімі. Ол бітімі жағынан субъективті. Сонымен қатар онда дүниедегі зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі бізге тәуелсіз мәндік жағы ашылады. Осы түрғыдан алғанда, ақиқат деп дүниедегі заттар мен құбылыстардың адамның сана-сында сәйкес бейнеленуін айтамыз.
Сонымен қатар біз мына нәрсені ұмыт қалдырмауымыз керек. Дүниені зерттеуде адамзат шегіне жеткен ақиқатқа ешқашанда жете алмайды, өйткені ол - шексіз үрдіс. Сондықтан да ақиқат жөніндегі ілімде оның объективтік, салыстырмалы, абсолютті, прагматистік, когеренттік т.с.с. жақтары ерекше бөлініп алынып талданады.
Объективтік ақиқат деп адам, я болмаса адамзатқа тәуелсіз, яғни заттың өзіндік қасиеттерін бейнелейтін білім мазмұнын айтамыз. Мысалы, айдың жерді айналып тұрғаны - объективтік ақиқат. Біз қандай әрекет жасасақ та, оны тоқтата алмаймыз, ол бізге тәуелсіз түрде өмір сүріп, жерді айналып тұр.
Абсолютті ақиқат деп дүние жөніндегі толық сарқылып шегіне жеткен білімді айтуға болады. Алайда Дүниенің іш және сырт жағына да шексіздігі бізді абсолюттік ақиқатқа жеткізбейді. Сонымен қатар дүниені зерттеу жолындағы алынған объективті ақиқаттар бір-бірімен қосыла келе, бізді абсолюттік ақиқатқа жақындата түседі. Оны шексіз үрдіс деп те айтуға болар еді.
Негізінен, адамзат қолы жеткен білім әрқашанда салыстырмалы десек те болғаны, өйткені ол оның нақтылы тарихи қалыптасқан іс-әрекетімен, яғни сол заманның практикасымен шектелген. Мысалы, соңғы уақытқа дейін Марс планетасында су болды ма, я жоқ па деген сұраққа жауап бере алмадық. Өйткені ол жөніндегі болжамдарды тексеретін дәрежеге жеткен жоқ едік. Енді, тек 2004 жылы ғана американ ғалымдары Марсқа жіберген ғылыми аппараттар арқылы онда өткен шақта су болғанын дәлелдейтін деректер алды. Олай болса, бұрын осы планетада өмір формаларының болғаны сөзсіз, өйткені су бар жерде өмір де дүниеге келеді.Мүмкін, вирустар, я болмаса кейбір бактериялар болған болар. Бұл болжам техникалық құралдар дами келе тексерілетіні сөзсіз. Екінші жағынан, дүниеге келген әр ұрпақтың білімінде ақиқатпен қатар әрқашанда жаңылу болатынын да ескеруіміз қажет. Келесі ұрпақ оның біршамасын тексеріп түзетсе де, ғылымды дамыту жолында ақиқатпен қатар жаңылу да болуы мүмкін. Осы тұрғыдан жаңылуды жалғаннан ажыратуымыз қажет. Егер ғылыми танымның қиындықтары кейбір жағдайда зерттеушіні ақиқаттан алшақтатып, жаңылуға әкелсе, жалғандық өтірік айтып адамды саналы түрде қисық жолға түсірумен тең, дер едік.
Когеренттік ақиқатқа келер болсақ, ол - ғылымда ашылған жаңа деректердің негізінде жасалған белгілі бір тұжырымдардың бұрынғы өмір сүріп жатқан теорияға сәйкес келуі. Егерде жаңа ашылған ғылыми жаңалықтарды ескі теорияның шеңберінде түсіне алмасақ, яғни олар бір-біріне когерентті болмаса, онда ғылымның сол саласында дағдарыс басталып, жаңа ізденістерге жол ашылады.
Батыс философиясында прагматистік (pragma - іс, іс-әрекет) ақиқат деген де ұғым бар. Егер белгілі бір тұжырымды, я болмаса көзқарасты басшылыққа алып, жақсы, өзімізге пайдалы нәтижелерге жетсек, онда оны прагматистік ақиқатқа жатқызамыз, - дейді осы ағымның өкілдері.
Ақиқат мәселесін талдай келе, оның әрқашанда нақтылығын ұмыт кылмаған жөн. Дүниеде абстрактіліқ, барлық жағдай мен уақытта пайдалануға болатын ортақ ақиқат жоқ. Бұл жөнінде Гегель былай әңгімелейді: адам өлтірген жас жігітті дарға асуға, алаңға, әкеле жатыр. Алаңға жиналған халық оған тас лақтырып, неше түрлі қарғыс сөздер айтуда. Осы кезде алаңда тұрған бір қыздың аузынан: Шіркін, қандай сүлу жігіт еді, - деген сөздер шығып кеткенде, басқалар оған жекіп: Қылмыскер қалай сұлу болады, сен не шатып тұрсың, - десе, екіншілер: Қазіргі жастар бұзылған, -деген терең пікір айтады. Бұл, әрине, мәселеге абстрактіліқ тұрғыдан қарау деген сөз. Өйткені аланда тұрғандардың арасында ешкім де сол жігіттің адам өлтіруге қалай барғанын, мүмкін, оны байқамай, я болмаса кездейсоқ жағдайда жасағанын білмейді.
Енді философия тарихында кең орын алып, осы уақытқа дейін талданып келе жатқан ақиқат пен сенім мәселесіне көшейік. Өз уақытында Ибн-Рошд: Белгілі бір нәрсе жөнінде екі қарама-қарсы тұрған ақиқат айту мүмкін емес, ол - біреу, олай болса, ақыл-ой таразысынан өтуі қажет, - деген пікір айтқан болатын. Ф.Аквинскийге келер болсақ, ол, керісінше, сенім ақиқаты білім ақиқатынан жоғары, өйткені ол - Құдайдың аяны деген пікір ұстады. Бүгінгі таңда бұл мәселе ғылым және мораль мәселесіне айналды. Өйткені адамзаттың әрі қарай өрлеуі моральдық құндылықтарға сәйкес келетін ғылым нәтижелерімен тығыз байланысты екенін баса айтуымыз қажет. Басқаша жағдайда, ғылым өз мән-мағынасын жойып, адамға қарсы тұрған зұлымдық күшке айналып кетуі мүмкін. Осы арада қазіргі ғылымды талдауға уақыт келген сияқты.
5. Таным деңгейлері мен әдістері

Кең түрде алғанда, гректің methodos деген сөзі жол деген мағына береді. Әр нәрсені жасағанда, адам оны белгілі бір үлгілер, тәсілдерге сүйене отырып істейді. Мысалы, бүгінгі саясатта батыс елдерінде алғаш пайда болған пиар-технологиялар қолданылуда. Педагогика саласында әр пәнді қалай үйрету керегі жөнінде неше-түрлі әдістер шығарылған. Мұндай мысалдарды шексіз көбейте беруге болар еді. Сол сияқты ғылыми салада да неше түрлі әдістер жасалып, нәтижелі қолданылады.
Танымдағы сезімдік және ақыл-ой сатылары ғылымда зерттеудің екі деңгейін құрайды. Олар - эмпирикалық жэне теориялық білім. Олар, әрине, бір-бірімен өте тығыз байланысты.
Қайсыбір зерттеу эмпирикалық сатыдан, яғни ғылыми деректерді жинаудан басталады. Ол үшін зерттелетін зат (объект), я болмаса құбылысты (феномен) бақылау қажет. Аса назар аударатын нәрсе - ғылымдағы бақылаудың ерекшелігі, өйткені ол tabula rasa - таза такта емес. Таным субъектісі (ғалым, я болмаса ғылыми қауымдастық) зерттелетін объект жөнінде белгілі бір пікір, түжырым, идеяға ұқсайтын көзқараспен мақсатқа лайықты бақылауға кіріседі. Тәжірибелік таным барысында ғылыми деректер жиналып, салыстырылып, белгілі бір жүйеге келтіріледі.
Әрі қарай ғылым теориялық деңгейге - тәжірибелік білімді үгым, тұжырым, заң т.с.с. ғылыми кұралдар арқылы өңдеуге көтеріледі. Теориялық таным арқылы біз зерттелетін заттың ішкі тұрақты байланыстары мен заңдылықтарын аша аламыз.
Енді теориялық білімнің құрылымына келер болсак, оларға проблема (мэселе), гипотеза (болжау), теория, заңды жатқызуға болады.
Таным үрдісінде белгілі бір сатыда тежеу, түсініксіз, адамды абыржуға әкелетін ахуал пайда болады. Осы сәтте проблема дүниеге келеді. Оны шешпейінше, адамнан тыныштық кетеді.
Сондықтан кейбіреулер проблеманы - білмейтінімізді білу дейді. Мұндай ахуалдың пайда болуының негізінде сан алуан қайшылықтар жатыр. Ол белгілі бір құбылыс жөнінде екі әртүрлі пікірдің ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ғылыми-таным кезеңдері мен деңгейлері – схема. Акселерация және жеке тұлғаның әлеуметтік жетілу мәселесі – сараптама
Ғылыми танымның эмпирикалық және теориялық деңгейлерінің бірлігі
Таным мәселелері
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУДІҢ ƏДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ƏДІСТЕРІ
Ғылымтану деңгейлері мен әдістері
Ғылыми таным
Қазіргі ғылымның жалпы сипаты: нақты әдістер мен нақты теорияларның жаңа деңгейі
Педагогикалық зерттеудің эмпирикалық әдістері
Ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістері жайлы мәлімет
Ғылыми – педагогикалық зерттеу әдістері жайлы ақпарат
Пәндер