Соғыстан кейінгі жылдарда Кеңестер мемлекетінде идеология саласында бірталай саяси қуғын - қудалау болып отді



Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 17 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар
1. Кіріспе
1. Негізгі бөлім
1. Соғыстан кейінгі жылдағы Қазақстандағы ауыр ахуал.
2. Қоғамдық өмірдегі адам құқығын шектеуге бағытталған партиялық бақылаудың күшеюі.
3. Н.Хрущевтың жылымығы жылдарындағы Қазақстан.
4. Ауыл шаруашылығын әміршіл-әкімшіл әдістермен көтеруге бағытталған шаралар.

Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан еңбекшілері бейбіт құрылысқа қайта оралды. Экономиканы бейбітшілік жағдайға бейімдеп қайта құру еңбекшілердің қоғамдық-саяси белсенділігі жағдайында жүргізілді. 1945 жылы қазан айында Алматыда Республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғары Кеңесінің мерекелік сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу мен Ленинградтың делегациялары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының озаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам ордендермен және медальдармен наградталды.
1946 жылы 18 наурызда қабылданған төртінші бесжылдыққа арналған жоспар бойынша соғыстан бүлінген аудандарды қалпына келтіру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының соғыстан бұрынғы дәрежесіне жетіп, одан едәуір асып түсу міндеті белгіленді. Сонымен бірге онда Қазақстан экономикасын өрге бастауға үлкен мән берілді.
Республикада ауыр индустрияны жедел дамыту, сондай-ақ, жеңіл және тоқыма өнеркәсібін одан әрі өркендету көзделді. Тұрғын үй құрылысын және қалалар мен жұмысшылардың тұрақты аудандарында мәдени-тұрмыстық орындар жүйесін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету негізінде республика еңбекшілерінің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін одан әрі көтеру көзделді. Қазақстанға бөлінген күрделі қаржы көлемі одақ бойынша үшiншi орынға шықты. Мұнда күрделі қаржы кәсіпорындарды қалпына келтіруден гөрі бұрынғыларын кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар салуға бағытталды. Төртінші бесжылдықта бүкіл елде өнеркәсіп өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өсетін болып белгіленсе, Қазақстанда ол 2,2 есеге арту көзделді. Бесжылдық қорытындысында Қазақстан өнеркәсібінің жалпы өнімі 1940 жылмен салыстырғанда 2,3 есе, оның ішінде көмір шығару 2,5, мүнай-1,5, газ-1,9, электр қуатын өндіру 4,1 есе артты.
Соғыстан кейінгі кезеңде ауыл шаруашылығы артелінің жарғысын бұзушыларға қарсы күрес күшейді. 1946-1947 жылдары колхоздарға қарыздар болып келген мекемелер мен ұйымдардан 214 млн. сом ақша, 540 мың гектар жер қайтарылды. Осы жылдарда ұсақ колхоздарды iрiлендiру шаралары iске асырылып, республикада соғысқа дейiнгi 6400 колхоздан 1950 жылғы қаңтарда 3670 колхоз қалды, олардың жалпы саны 2 есеге жуық қысқарды.
Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалык базасы нығайтылды. Төртінші бесжылдықтың аяғына қарай Қазақстан шаруашылықтарында 50 683 трактор, 16 мыңнан астам комбайн, ондаған мың автомашина, шөп шабатын және басқа машиналар істеді. Бұлардың басым көпшілігі ескі, моральдық жағынан да тозып, ескірген техника болатын. Ауыл-селода механизаторлар қатары өсіп, МТС қызметкерлерінің жыл сайынғы орташа саны 10 мың адамға көбейді.
1948 жылы республикада ауылдар мен селоларды жаппай электрлендіру жорығы басталды. Сөйтіп, төртінші бесжылдық тұсында 752 колхоз, 317 МТС, 164 совхоз және 193 селолық аудан орталықтары электрленді. Селолық электр станцияларының қуаты 1945 жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсті.
Республикада төртінші бесжылдықта егіс көлемі бір миллион гектардан аса ұлғайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы артты. 1950 жылы астықтың жалпы түсiмi 47 654 центнерге жетіп, соғыстан бұрынғы дәрежесінен 89 пайыз асып түсті. Ірі қара малдың, қой мен жылқының жаңа түқымдары өсіп жетілді. Атап айтқанда, қазақтың ақ бас сиыры, алатау сиыры, қазақтың биязы жүнді қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа түқым алынды. Малдың жалпы саны өсті: ірі қара-27, қой мен ешкі - 70, жылқы - 71 пайыз көбейіп, шошқа - 2,7 есе артты. Дегенмен ауыл шарушылығын өркендетуде елеулі қиыншылықтар мен кемшіліктер болғанын да айтуымыз керек. Бұл кезде республиканың мал шаруашылығы мейілінше ауыр жағдайда еді. 1951 жылы бар болғаны 4,5 миллион ірі қара (1928 ж. 6,5 млн. болған), 1,5 млн. жылқы (3,5 млн.), 127 мың түйе (1 млн.) болды. Тек қой саны бойынша, олардың тез өсетіндігі есебінен, 1928 жылдың дәрежесіне жақындады. 1928 жылы 18566 мың қой болса, 1951 жылы қой мен ешкінің саны 18036 мың басқа жетті.
1946 жылы қуаңшылық болып, астық шықпай, халық азық-түлік тапшылығының зардабын шекті. Колхоз, совхоз, МТС-тардағы техника ескірген, еңбек өнімділігі төмен еді. Ауыл шаруашылығының әртүрлі жарғысын бұзушылық етек алды. Колхоздардың меншігі талан-таражға түсті. Колхозшыларға еңбек күнге өнім бөлінбеді. Олардың еңбекке ынталылығы төмен болды. Осыған байланысты әкімшіл-әміршіл жүйе қатал саясат жүргізіп, село түрғындарын мәжбүрлікте ұстады. Олардың саяси құқықтары аяқ асты етіліп, туған жерлерінен кетуіне тыйым салынды. Еңбек ақы төлеуде теңгермешілік орын алды. Колхоздарда, совхоздарда өндірілген астықтың тұқымдық қордан басқасы мемлекетке дайындық қорына алынды. Колхозшылардың, совхоз жұмысшыларының жеке шаруашылықтарынан ет, сүт, жүн дайындау жүргізілді. Ауыл-селодағы мұндай ауыр жағдайды өзгерту мәселесіне 50-жылдардың орта шеніне дейін көңіл бөлінген жоқ. Сайып келгенде, өнеркәсіпті қалпына келтіру, оны жаңа деңгейге көтеру ауыл-селоны қанау есебінен іске асты.
Халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында республика жазушылары шығармаларының басым көпшілігі Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналды. Ғ. Мүсіреповтың "Қазақ солдаты", Ә. Нүрпейісовтың "Курляндиясы"сияқты соғыс тақырыбына жазылған еңбектерде қазақстандық жауынгерлердің жоғарғы адамгершілік қасиеті, жеңіс жолындағы күресте көрсеткен ерлігі баяндалды. Еңбек тақырыбына жазылған С. Мүқановтың "Сырдария", Ғ. Мұстафиннің "Миллионер", Р. Слановтың "Кең өріс" сияқты туындыларында колхозшы шаруалардың өмірі көрсетілді.
Осы жылдарда М. Әуезовтің "Абай жолы", С. Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов" сияқты көптеген тарихи шығармалар жарық көрді. "Абай" қойылымы үшін Қазақ Академиялық драма театрының ұжымы КСРО мемлекеттік сыйлығын алды.
Музыка мәдениеті өрлеу жолына шықты. М. Төлебаевтің "Біржан-Сара", А. Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абай", Е. Брусиловскийдің "Дудар-ай", Қ. Қожамияровтың ұйғыр тіліндегі "Назугум"опералары сол жылдарда дүниеге келді. "Біржан-Сара" операсына КСРО мемелекеттік сыйлығы берілді.
1946 жылы республикада Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне көрнекті ғалым, академик Қ. И. Сәтбаев сайланды. Осы жылдарда Ақтөбе, Гурьев, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент екi жылдық мұғалімдер институттары жоғары бiлiм беретiн педагогикалық институттар болып қайта құрылды.
Жалпыға бірдей жетіжылдық білім беру туралы Заң одан әрі жүзеге асырылды. 1952 жылдың аяғында Қазақстанда жалпыға білім беретін 9 мыңдай мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орны жұмыс істеді, бұларда 1,5 млн. адам оқыды. Алайда, мектептердiң материалдық жағдайы онша болған жоқ. Олардың көпшiлігiнiң ғимараты болмады. Сондықтан оларға ғимарат салу, мектептердің ескірген, тозған үйлерін жөндеуге халықтың, село мен қала еңбекшілерінің тарапынан үлкен көмек көрсетілді. Сонымен бірге олар клуб, кітапханаларға да жәрдемдесті. Кітап қорларын толықтыру үшін кітап, радиоқабылдағыш, т.б. мәдени құралдарды жинап берді.
Алайда, бұл кезде Казақстанның мәдениеті, әдебиеті, ғылымның одан әрі дамуына ХХ ғ. 50-ші жылдардың басында өзінің шырқауына жеткен тоталитарлық социализм идеологиясы кері әсерін тигізді. Әсіресе БКбП Орталық Комитетінің "Звезда" және "Ленинград" журналдары туралы 1946 ж. 14 тамыз қаулысы басқаша ойлайтын адамдарды қудалаудың жаңа науқанын ашып берді. Қазақстан партия комитеттері де өз жұмысын осы қаулының ағымына құрды. Республика Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 ж. наурызда өткен пленумы төменгi партия ұйымдарынан Қазақстан тарихын жазудағы, әдебиет пен өнердегі саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауға қарсы большевиктік сынды кеңінен өрістетіп, БКбП Орталық Комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі қаулыларын сөзсіз орындауды талап етті.
Бұл кезде Орталықта "Ленинградтық іс", "Дәрігерлердің ісі" қолдан жасалып жатқан кезде Қазақстанда "Бекмахановтың ісі" ұйымдастырылды. Ол іс бойынша Е. Бекмахановтың 1947 жылы шыққан "XIX ғасырдың 20-40 жж. Қазақстан" деген монографиясында буржуазияшыл-ұлтшыл концепциялар дамытылған және оның саяси-идеалық зияны бар деп табылды. 1950 ж. "Правда" газеті "Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін" деген мақаласында оның кітабын айыптады. Осыдан кейін тарих ғылымдарының докторы Е. Бекмаханов Ғылым академисынан шығарылды, ал 1952 ж. 4 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғары сотының алқасы оны 25 жылға соттады. Тек Сталин өлгеннен кейін ғана Е.Бекмахановты айыптау жөніндегі іс қайта қаралып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан жабылып, 1954 жылы түрмеден босап шықты.
40 жылдардың аяғы-50 жылдардың басында "Бекмахановтың ісі" жалғыз болмады. Республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары А. Жұбанов, Х. Жұмалиев, Б. Сүлейменов, Е. Смаилов және т. б. нақақтан тағылған саяси айыптармен жазаланды. Ә. Әбішев, Қ. Аманжолов, Қ. Бекқожин, С. Бегалин және басқа белгілі ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп дәлелсіз айыпталды.
Сөйтіп, соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстанда пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамдағы жаңа өзгерістер әміршіл-әкімшіл жұйенің қудалауымен тұншықтырылып тасталды.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары бұрынғы КСРО, оның ішінде Қазақ КСР-ның ауыл шаруашылығы ауыр жағдайда болды. Елдің астық қажеттігін егіншілік аудандары өтей алмады, мал басы өспеді.
Мұның себептер:
-соғыс ауыл шаруашылығына ауыр зиян тигізді;
-ауыл шаруашылығындағы өндірістік қатынастардың ескіру: колхоздарда егіс алаңы, мал колхозшылардың қауымдық меншігі деп айтылғанымен олар ол меншіктің иесі емес еді. Иесіз меншік өспеді, оны талан-таражға салу оңай болды;
--ауыл шаруашылық өнімдерін мемлекет міндетті түрде алуға байланысты қалыптасқан жүйе өзін ақтамады. Ол өндірушінің мүдделілігін тудырмады.
Мемлекетте партия мен үкіметтің орталық және жергілікті орындары бұл ауыр халден шығу үшін бірнеше шара қолданды. Мәселен, осы жылдары колхоздарды ірілендіру шарасы жүргізілді, колхоздарды совхоздарға айналдыру шарасын жүзеге асырды. Дегенмен, бұл шаралар күткен нәтижеге жеткізбеді. Ауыл шаруашылығындағы ауыр жағдайдан шығудың жолы өндірістік қатынастарды жетілдіруді қажет етті.
Екінші дүние жүз соғысы Кеңес Одағы халықтарының жеңісімен аяқталуы Қазақстан халық бұқарасының рухани зор өрлеуін туғызды. Соғыста Кеңес Одағының халық шаруашылығы зиян шекті. Кеңес халықтарының энтузиязмының арқасында бүлінген халық шаруашылығын 50-інші жылдардың басында қалпына келтірді.
Қазақстан Кеңес Одағының бүлінген шаруашылығын қалпына келтіруге белсене қатысты.
Соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстан экономикасы, әсіресе, өнеркәсіп саласы дамыды. Қазақстан еңбекшілері бесінші бес жылдықта (1951-1955 жж.) өнеркәсіпті дамытуда едәуір табыстарға қол жеткізді. Ос жылдары 200-ге жуық жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылды. Осы жылдары Қазақстанда энергетика, металлургия, кен рудасы, көмір, химия, машина жасау салалары дамыды. Түсті металлургия республика экономикасының жетекші саласына айналды. Елдегі ең ірі құрылыстардың бірі Қарағанды металлургиялық заводы (Қазақстан магниткасы) құрылысы басталды.
Қарағандыда оннан астам шахта іске қосылды.
Алматы, Ақтөбе, Петропавл, Қарағанды қалаларындағы машина жасау заводтары жаңа станок жабдықтар жасайтын болды. Өнеркәсіп орындарында өндіріс процессін автоматтандыруда, механикаландыруда елеулі табыстарға қол жетті.
Соғыстан кейінгі жылдарда Кеңестер мемлекетінде идеология саласында бірталай саяси қуғын-қудалау болып отді. Қазақстанда бүдан шетте қалған жоқ.
1943 жылы Қазақстан ғалымдары соғыс жылдарында орталықтан эвакуация болып келген ірі кеңес ғалымдарымен бірлесіп Қазақ ССР тарихы атты іргелі еңбектің бірінші томын шығарды. Кеңес Одағы республикалапының ішінен бірінші болып Қазақстанның тарихы жазылды. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Кеңес Одағының идеологиялық өміріндегі айтулы оқыға болды. Бұл еңбекті оқушы қауым, ғылыми көпшілік зор қуанышпен қарсы алды. Еңбек Сталиндік сыйлыққа ұсынылады. Еңбекке сыйлық беру мәселесін талқылағанда бұл еңбек орыстарға қарсы жазылған деген пікір айтылды. Еңбекте патша үкіметінің Қазақстанда жүргізген саясатының отаршылдық сипаты туралы, бұл саясатқа қарсы күрескен Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың ұлт-азаттық сипаты, прогрессивтік ролі туралы екі мәселе бұл еңбекті кінәлауға негіз болады. Бұл екі қорытындының авторы белгілі қазақ ғалымы Е.Бекмаханов еді. Сондықтан оның жазған Қазақстан ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында деген монографиясы сынға ұшырайды. Оның бұл еңбегі талқыланып буржуазияшыл-ұлтшылдық тұрғысынан жазылған деген қорытынды жасалады. Е.Бекмаханов қуғынға ұшырайды. Осы кезде Қазақстан тарихнамасында Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылғаны туралы, оның прогрессивтік маңызы туралы, Кенесары қозғалысының монархистік, реакциялық сипаты туралы концепция орын алады.
Қазақ халқының өткен тарихы, мұрасына байланысты әдеби еңбек жазған ұлы жазушы М.Әуезов, ұлы ғалым Қ.Сатпаев т.б. зиялы қауымның өкілдері қудаланды.
Идеология саласындағы аталмыш және басқадай бұрмалаушылықтар коммунистік партия ұстанған таптық саясаттың жемісі еді.
1953 жылғы 5 наурызда Коммунистік партия мен Кеңес Одағының басында 30 жылдан астам отырған И. В. Сталин қайтыс болды. Сталин өлгеннен кейін елде демократиялық қайта құру процесі қарқынды жүре бастады. Демократиялық өзгерістердің ықпалымен Кеңес өкіметі шамадан тыс орталықтандыруды босаңсытуға және одақтас республикалардың шаруашылық, саяси-мәдени құрылыс саласындағы құқықтарын кеңейтуге бағытталған кейбір шараларды жүзеге асыруға мәжбүр болды. Бұл кезде Қазақстанның бюджет құқықтары кеңейтіліп, оның көлемі едәуір өсті. Атап айтқанда, 1951-1955 жж. өнеркәсіпке жұмсалған қаржының жалпы көлемі 1941-1950 жж. салыстырғанда 2,3 есе артты. Ал 1956 жылдан бастап табыстың кейбір түрлері бойынша республикалық бюджеттерге қаржы бұрынғыдан да көбірек бөліне бастады. Қазақстан бюджетінің шығыс көлемі - 1953-1960 жылдарда 7 еседен аса ұлғайды: 434, 9 млн. сомнан 3 млрд. 53 млн. сомға дейін жетті.
1954-1956 жылдарда одақтық министрліктерден республика қарамағына 144 ірі кәсіпорны, ал 1959 ж. түсті металлургияның барлық 29 кәсіпорындары берілді. Мұның нәтижесінде одақтық-республикалық өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2 еседен артық ұлғайды. Түсті металлургия, қара металлургия мен химия өнеркәсібі кәсіпорындарын салу, байланыс, қала және село құрылысы, геология және жер қойнауындағы қорларды қорғау министрліктері басқада одақтық министрліктер, одақтық-республикалық болып қайта құрылды. Су шаруашылығы министрлігі қалпына келтірілді. Республикадағы министрліктердің құқықтары бұрынғыға қарағанда едәуір өсті. Оларды құру кезінде Қазақстан үкіметі шаруашылықтың ерекшеліктерін, жұмыс көлемін және өркендеу келешегін ескеретін болды. Сонымен бірге одақтас республикалар жалпы одақтық сипаттағы мәселелерді шешуге бұрынғыдан гөрі белсене қатыса бастады. Одақтас республикалардың экономикалық және мәдени өркендеуіне байланысты ұсыныстарын талқылау үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі әр республиканың өкілдігі болатын Экономикалық комиссия құрды.
Жергілікті Кеңестердің шаруашылық және мәдени құрылыс істерінде, оның ішінде халыққа білім беру, сауда, коммуналдық-түрмыстық қызмет көрсету саласындағы құқықтары кеңейтілді. Кеңестерге жергілікті өнеркәсіп өндірісін жоспарлау және олардың өнімін бөлу, тұрғын үй салуды ұйымдастыру, қаржы-бюджет мәселелерін шешуде үлкен міндеттер жүктелді.
Одақтас республикалар құқықтарының кеңеюіне байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің заң шығару қызметінің белсенділігі артты, оның республикадағы шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылысқа іс жүзінде басшылық етудегі рөлі әжептәуір өсті. Сессияда қаралатын мәселелердің шеңбері кеңейді.
Жоғарғы Кеңестің тұрақты комиссияларының белсенділігі артты. Олардың саны 3-тен 8-ге дейін жетті. Өнеркәсіп және транспорт, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру, сауда және қоғамдық тамақтандыру, халыққа білім беру және мәдениет жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылды. Олардың құрамына енгізілген депутаттардың саны 35-тен 167-ге дейін өсті. Мұндай өзгерістер мемлекет басына Н. С. Хрущевтің келуімен байланысты еді. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін билікке ие болған ол партия органдары мен ұйымдарының шаруашылық жұмысқа, басқару ісіне араласуына тоқтау салып, олардың қоғамдық істердегі рөлін біраз әлсіретті.
Одақтас республикалардың құқықтарын кеңейту, кеңестердің шаруашылық-ұйымдастыру рөлі мен жауапкершілігін арттыру олардың елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартуға қосатын үлесін біраз өсiрдi. Бұл кезде халық шаруашылығының басты саласы өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударылды. Соның нәтижесінде бесінші бесжылдық 1951-1955 жж. ішінде 200-ге жуық жаңа кәсіпорын салынып, пайдалануға берілді. Сомасы 3218 млн. сом болатын негізгі қорлар іске қосылды, мұның өзі бұдан бұрынғы бесжылдықтағыдан 2,5 есе көп еді. Бұл жылдары республикада Өскемен қорғасын зауыты мен оттегі станциясы, Зыряновск қорғасын комбинатының байыту фабрикасы, Балқаш шаңсорғыш фабрикасы пайдалануға берілді. Зыряновск қорғасын комбинатында қорғасын-мырыш концентратын, ал Балқаш мыс қорыту зауытында тазартылған мыс өндіру жолға қойылды. Жезқазғанда 5 қуатты шахта және байыту фабрикасы іске қосылды. Шымкент қорғасын зауыты өндіріс процесі тоқтатылмастан түбегейлі түрде қайта құрылды. Республика түсті металлургиясының бесжылдық ішіндегі жалпы өнімі 2,1 есе өсті. Еліміздегі ең ірі өнеркәсіп объектілердің бірі - Қарағанды металлургия зауытының (Қазақстан магниткасы) құрылысы басталды. Ферросплав өндіру артып, олардың әрбір түрін шығару ұлғайды.
Ал алтыншы бесжылдық кезінде республикада ірі пайдалы кен орындарының игерілуіне байланысты бесжылдық жоспарды ауыр өнеркәсіптің, әсіресе, электр қуаты мен отынды көп қажет ететін салалары үшін кәсіпорындар жүйесін жасау, қара және түсті металлургияның жаңа кәсіпорындарын, электр станцияларын салу, өнеркәсіптің басқа салаларын одан әрі өркендету міндеті қойылды. Бұл міндеттерді іске асыру барысында республиканың көптеген өндіріс орталықтарында ірі индустриялық кәсіпорындар салынды. Павлодарда алюминий, ферросплав және комбайн зауыттарын, прокат жабдықтары машина жасау зауытын, Жамбылда химия зауытын, Семей мен Шымкентте жаңа цемент зауыттарын салу қолға алынды. Қарағанды металлургия зауытында 2 домна пеші мен табақ қаңылтыр станын әзірлеу және пайдалану жоспарланды. Міне, осындай игі істердің арқасында 1960 ж. Қазақстанда 1950 ж. 17,3 млн. тоннаның орнына 32,3 млн. тонна көмір, 2,6 млрд. квтсағат орнына 10,6 млрд. квтсағат электр қуаты өндірілді. Дегенмен осы кезде электр қуатының желілері мен оны бөлу жүйелерінің құрылысы күрт артта қалды, мұның өзі республиканы электрлендірудің тиімділігін едәуір төмендетті.
50-ші жылдардың екінші жартысында Казақстанда бүкіл еліміздегі сияқты өнеркәсіпте ғылыми-техникалық прогреске бетбұрыс кезең болды. Өндіріс жүйесін электрлендіру, кешенді механикаландыру және автоматтандыру, мол өнімді ең жаңа станоктарды, машиналар мен аппараттарды енгізу, өндіріс технологиясын үнемі жетілдіріп отыру, отын қуатын бейбіт мақсаттарға қолдану негізінде өнеркәсіптің барлық салаларында техниканы жетілдіру қарқынын арттыруға айырықша көңіл бөлінді. Еңбекші бұқараны, әсіресе жұмысшыларды шаруашылық құрылысын басқару ісіне кеңінен тартуға, өндіріске жаңа техника мен озық технологияны енгізуге бағытталған маңызды шараларды жүзеге асыру басталды.
Соның арқасында 50-ші жылдардың екінші жартысы өндіріс техникасы мен технологиясының одан әрі жедел дамыған кезі болды. Кен рудалары кәсіпорындарына өзі тиеп, өзі алып барып түсіріп беретін, елімізде жасалған жоғары өнімді механикалық жүйелер мен бұрғылау машиналары енгізілді. Мұның өзі руда өндіруді түгелдей дерлік механикаландыруға мүмкіндік берді. Түсті металлургияда енді жеке агрегаттар мен тораптар ғана емес, технологиялық процестер, тұтас цехтар жүйелі автоматтандырылды.
Шымкент пресс-автоматтар зауыты әртүрлі 20-дан астам машина, соның ішінде шындағыш машиналар, қуатты жаныштағыш престер шығыруды игерді. Алматы ауыр машина жасау зауытының сым созу станы, Өскемен конденсатор зауытының вольтті конденсаторларының жаңа сериялары елімізден шалғай жерлерде де белгілі болды. Шахталарға, көмір комбинаттарына көмір және топырақ тиейтін машиналар, электровоздар келіп түсті, кен қазатын комбайндардың саны көбейді, ленталық конвейерлер енгізілді. Қарағанды көмір алқабы көмір өндіруде еңбекті көп қажет ететін жұмыстарды механикаландыру жөнінде елімізде алдыңғы орындардың біріне шықты. Көмір табу, оны қопару, күреу, шығару, жол вагондарына тиеу тәрізді жұмыстар түрінің бәрі механикаландырылды. Бірқатар шахталарда механизмдерді шалғайдан автоматты түрде басқару тәсілі қолданылды.
Өндіріс процестерін автоматты түрде басқару мен бақылау ісі мұнай кәсіпшіліктерінде де қолданыла бастады. Еңбек процестерін энергиямен жабдықтау едәуір ұлғайды. Бір жұмысшыға шаққанда электр қуатын тұтыну 1941 жылға дейінгі деңгеймен салыстырғанда көмір өнеркәсібінде - 3,6 есе, химияда 13,8 есе артты.
Көлік жүйесіне де да көптеген техникалық жаңалықтар енді. Паравоздардың орнына сұйық отынмен жүретін локомотивтар келді. Тұңғыш тепловоздар 1957 жылы Қарағанды темір жолының Ерейментау депосында пайда болды, ал келесі жылы тепловоздар республиканың 3,5 мың км астам темір жолын қамтып, олар барлық жүк айналымының 40,5 пайызын тасыды.
Алтыншы бесжылдықта Қазақстан жұмысшыларының ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақcтандағы Гулаг жүйесі
Кеңес Одағында тоталитарлық жүйенің қалыптасуы
Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі
Қазақ КСР
ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы Оңтүстік өлке зиялыларының тарихы
Сталиндік репрессия және қазақ зиялылары
Нацистік Германия мен сталиндік Кеңес одағындағы тоталитарлық жүйелердің қалыптасу және даму тарихы
Қазақ зиялылары естеліктеріндегі тоталитарлық қоғам мәселесі
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихы мәселелерін зерттеу
Соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстанда білімнің, ғылымның мәдениеттің қалыптасуы мен даму үрдісін қарастыру
Пәндер