Неотектоникалық қозғалыстарды зерттеу әдістері


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 340 бет
Таңдаулыға:   

Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университеті

С. А. Құсайынов, Д. М. Боранқұлова, Р. Т. Бексейітова

НЕОТЕКТОНИКА

Оқулық

Алматы

«Қазақ университеті»

2010

Ғылыми редакторы:

Пікір жазған:

С. А. Құсайынов

Д. М. Боранқұлова

«Неотектоника». Оқулық. - Алматы: Қазақ университеті, 2010. - *** бет.

ISBN

Бұл кітапта неотектоника туралы жалпы түсінік, неотектоникалық қозғалыстардың түрлері, олардың жіктемесі неотектоникалық қозғалыстардың зерттеу әдістері, олардың табиғаты және ерекшеліктері қарастырылған. Неотектоникалық карталарды құрастыру әдістері және Қазақстан аумағындағы неотектоникалық қозғалыстардың қысқаша сипаттамасы берілген. Қазіргі тектоникалық қозғалыстарға байланысты бүгінгі таңда жиі болып жатқан жерсілкіну құбылыстары, олардың географиялық таралу заңдылықтары сипатталған. Неотектоникалық мәліметтердің практикалық мәселелерде қолданылуы және литосфералық тақталар тектоникасы (Жаңа жаһандық тектоникасы) туралы қысқаша мәліметтер кітаптың соңында келтірілген. Неотектоника және геоморфологияға қатысты жаңа қолданыста пайдаланылған аталымдардың орысша-қазақша сөзтізбегі енгізілді.

Бұл еңбек жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттерге, оқытушыларға және ғылыми қызметкерлерге арналған.

КІРІСПЕ

Бүгінгі таңда жер қыртысы дамылсыз қозғалыста болатындығы ешбір дау туғызбайтын ақиқат. Тау жыныс қабаттарының, соның ішінде жас шөгінділердің әр түрлі масштабта және әр түрлі иілімделіп қатпарлануы немесе геологиялық массивтердің тектоникалық жыртылу жігі бойымен тік бағытта немесе горизонталь бағытта ығысып орын ауысуы біздің планетамыздың жаңа тектоникалық даму кезеңінде де жалғасып жатқандығын дәлелдейді.

Әльпілік тау түзілу процесі және оның жалғасы болып табылатын неотектоникалық даму кезеңі әлі де аяқталған жоқ. Бұған дәлел - қазіргі кездегі жойқын жерсілкіну құбылыстары. Бедер пішіндерінің қалыптасуын қамтамасыз еткен тектоникалық процестерді саралайтын геотектоника ғылымының тарауын - неотектоника дейміз. Ғалымдардың көпшілігі неотеконикалық қозғалыстардың басталу уақыты көбінесе олигоцен-төрттік кезеңдермен ғана шектеледі деп тұжырымдайды. Тау жыныстарының қатпарлануы, айырылып-ажырауы, жылжып өзгеруі, вулканизм және жерсілкіну құбылыстары литосфералық тақталар тектоникасы немесе «Жаңа жаһандық тектоникасы» тұрғысынан түсіндіреді.

Кітап кіріспеден, он екі тараудан және қорытыныдыдан тұрады. Бірінші тарауда геотектоника және оның тарауы неотеконика туралы түсініктер, неотектониканың даму тарихы туралы және тектоносфера туралы мәліметтер, тектоникалық және неотектоникалық қозғалыстардың негізгі типтері және неотектониканың даму тарихы туралы мәліметтер пайымдалған. Екінші тарауда неотектоникалық зерттеулердің геологиялық, геоморфологиялық, құрылымдық-геоморфологиялық, геофизикалық, кешендік және т. б. әдістері сипатталған. Еңбектің үшінші тарауында неотектоникалық қозғалыстардың табиғаты және негізгі ерекшеліктері, сейсмикалық қозғалыстар және жер сілкіну процесінің геологиялық табиғаты айтылса, литосфералық тақталар тектоникасы концепциясы туралы ақпарат төртінші тарауда келтірілген. Кітаптың бесінші және алтыншы тарауларында неотектоникалық қозғалыстардың көрініс беруіндегі қатпарлы және айырылымды дислокациялардың, сонымен қатар олардың бедер түзудегі рөлі көрсетілген. Жер қыртысының материктік типтік құрылымдары мен кайнозойлық вулканизм әрекеті кітаптың жетінші және сегізінші тарауларында берілген. Неотектоникалық қозғалыстарды графикалық тұрғысынан бейнелеу және Қазақстан аумағындағы неотектоникалық қозғалыстарды картографиялық тұрғыдан рәсімдеу мәселелері оқулықтың тоғызыншы және оныншы тарауларында көрсетілген. Антропогендік неотектоника және неотектоникалық мәліметтерді практикалық тұрғысынан қолдану жолдары кітаптың он бірінші және он екінші тарауларында баяндалған.

Бұл кітаптың негізгі тарауларын профессор С. А. Құсайынов пен оқытушы Д. М. Боранқұлованың жинақтаған материалдары негізінде жазған профессор С. А. Құсайынов. Д. М. Боранқұлова кейбір неотектоникалық қозғалыстарды зерттеу әдістері мен геоақпараттық жүйелер туралы мәліметтерді қосып жазды. Сонымен қатар Д. М. Боранқұлова осы еңбекті дайындауда компьютерлік теру және өңдеу жұмыстарын жүргізді.

Кітапты жазу барысында геологияның неотектоника саласындағы әлемдік ғылым мен білімнің жетістіктерін қазақшалау арқылы біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесін негізгі мақсат етіп қойдық. Бұл оқулық қазақ тілін мемлекеттік тіл тұғырына орнықтырып биіктету және тектоника және неотектоника ғылым салаларында қазақ ғылыми тілін қалыптастыру мақсатында жазылған еңбек. Мемлекеттік тілде жазылған бұл еңбек жас оқырмандардың жаратылыстану ғылымына, соның ішінде геология және неотектоника салаларына деген ынта-ықыласының арта түсуіне өз септігін тигізеді деп үміттенеміз. Кітапқа енген ғылыми терминдер мен ұғымдар және әртүрлі сөзтіркестер мүмкіндігінше жеңілдетіліп мейлінше қарапайым түрде берілген. Қазақ тілінің ойды оралымды беруге икемділігін, оның геология ғылым саласында қолданылып жүрген терминдермен ұғым-түсініктердің бояуы мен мән-мағынасын дәл беруге мейлінше қабілетті тіл екендігінің, сөздік қорының бай екендігін осы еңбекті жазу барысында тағы бір аңғардық.

Бұрыннан қалыптасып қалған және жиі қолданылатын көптеген халықаралық терминдер мен ұғымдар сол қалпында, яки қазақшаға аударылмаған күйде енгізілді. Сонымен қатар, қазіргі кезде геологиялық ғылым саласында жасанды түрде аударылған мазмұнсыз терминдер де көбейіп бара жатыр. Мысалы, геологияда «плита» деген термин бар. Соны сөзбе-сөз аударып «тақта» деп айтып жүр. Ал, кәдімгі тақтаның орташа қалыңдығы шамамен 9-10 см деп алатын болсақ, геологиялық плитаның қалыңдығы 5 км-ден ондаған километрге дейін жетеді. Сондықтан кейбір қазақ геологтарының пікірі бойынша, бұл терминді геологияда тақта деп айтсақ ғылыми тұрғыдан да, логикалық тұрғыдан да мүлдем келмейтін сияқты. Мұндай терминнің қазақ тіліндегі сәтті баламасын табу-болашақтың ісі. Мұнай мен газ барлау жұмыстарында «тұзды қабат» деген ұғым бар. Көптеген еңбектерде орыстың «соляной купол» деген түсінігін қазақ тіліндегі құжаттарда «тұзды күмбез» деп қолданылып жүр. Бірақ бұл термин тұздың табиғи болмысына және ұғымның түсінігіне сай келмейді. Қазақтың «күмбез» дегеніміз, ол адам қолынан жасалған сәулеттік құрылыстың атауы. Ал, табиғаттағы тұзды қабатқа қарасақ, біреуі созылып жатыр, біреуі жалпақ, үшіншісі қисайып қалған, мұның бәрі табиғаттың алуан түрлі бітім-болмысы. Міне осындай санаға сиятын, пәнге және табиғи процесіне тұз қабатының сай келетін сәтті ұғым «тұзды шоқат» термині қолайлы келетін сияқты. Келешекте, бірер жылдардың төңірегінде сондай мағыналы теңеулерімізді жинақтап ғылыми тілдің қорын арттыру мақсатында халықтық байлықтан қол үзбеу керек.

Геология ғылымы-бүкіл өндірістің тамыры. Ол мемлекеттің дамуына, әсіресе Қазақстан елінің алға басуына үлкен әсер ететін ғылым. Ал, неотектоника геология саласының бірі бола тұра, жердің қыртысын, оның сілкінуі мен құрылысын және оларға байланысты пайдалы қазбаларын зерттейтін ғылым. Осы мәселелердің бәрін мүмкіншілігіміз келгенше пән ретінде бір жүйеге келтіруге тырысып, бар жиған-тергенізімді оқырмандарға ұсынып отырмыз. Бұл еңбек неотектоника саласындағы көп жылдар бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жазылды. Сонымен қатар, қазіргі талаптарға сай көптеген қажетті ғылыми мәліметтерді Қазақстан аумағындағы неотектоникаға қатысты жаңа құжаттарды жинақтаумен және қорытындылаумен ғана шектеліп қалмай, шет елдерде-орыс, ағылшын, неміс және қытай тілдерінде жарық көрген әдебиеттердегі мәліметтерді авторлардың өздері қазақшаға аударып, сараптау сүзгісінен және ой елегінен өткізіп, қайта өңдеп қолданды.

Авторлар осы еңбектің редакторы Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Н. С. Сейітовке, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетіндегі әріптестерімізге, атап айтқанда: доценттер Л. К. Веселоваға, Н. Н. Керімбайға, Ә. Ғ. Көшімге, аға оқутышылар М. Ж. Иманғалиеваға, Ғ. С. Алиасқаровқа, Ү. Қ. Қожахметоваға, Р. О. Тұраповаға бағалы пікірлерін қосқаны үшін және магистранттар С. Бексейітоваға, Р. Жұмабаеваға өздерінің магистранттық диссертациясын жазу барысында біраз аударма материалдарды жинауға қатысқаны үшін алғыс айтып, ризашылығын білдіреді.

І ТАРАУ

Неотектоника туралы жалпы түсінік

«Геотектоника» және оның «неотектоника» деген тарауы

«Геотектоника» және оның «неотектоника» деген тарауы

Геотектоника (грекше «geо» - жер + «tektonike» - құрылыс) геологияның саласы ретінде, жер қыртысының құрылысын және оның құрылымының даму тарихын зерттейді. Жер қыртысы өзінің дамуында жоғарғы мантиямен, астеносферамен және жердің әртүрлі деңгейдегі басқа да қабаттарымен өзара байланысты. Геотектоника негізінен алғанда планетамыздың сыртқы қабаттарының, яғни жер қыртысы мен жоғарғы мантияның құрылымдық элементтерін, олардың уақыт пен кеңістіктегі қозғалыстарын және геологиялық даму тарихын анықтайды.

Тектоникалық құрылымы дегеніміз жер қыртысының қандай-да бір өңіріндегі, оның геологиялық құрылысын анықтайтын және нақтылы тектоникалық режим белгілермен сипатталатын құрылымдық пішіндер жиынтығы. Ал, тектоникалық қозғалыстар - жер қыртысы мен жоғарғы мантия өңірлеріне тән геологиялық денелердің құрылыс ерекшеліктерін өзгертетін әр түрлі қозғалыстар жиынтығы.

Геотектоника тектоникалық құрылымдарды ғана емес, сонымен қатар оларды құрайтын тектоникалық қозғалыстарды зерттейтін ғылым. Басқаша айтқанда, геотектоника Жердің дамуына байланысты жер қыртысы мен жоғарғы мантияның (тектоносфераның) құрылымдық ерекшеліктерін, олардың қозғалысы мен деформациясын зерттейді.

Қазіргі кезде геотектониканы жеке тарауларға немесе ғылымы пәндерге жіктеу бірлігі жоқ. Шет елдерде геотектоника динамикалық геологияның құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ресейде геотектоника өзара тығыз байланысты төменгі тарауларға ажыратылады: аймақтық геотектоника, морфологиялық геотектоника немесе құрылымдық геология, тарихи геотектоника және геодинамика мен теориялық геотектониканы бір тарауға қосатын жалпы геотектоника.

Қазіргі бедердің негізгі кейпін қалыптастырған тектоникалық процестерді жаңа тектоника (новейшая тектоника) деген терминді алғашқы рет С. С. Шульц ұсынған (С. С. Шульц, 1939) . Кейін геологиялық ғылыми терминологиясына неоген және төрттік кезеңде орын алған қозғалыстарды белгілеу үшін «неотектоника» атты термині енгізілді (В. А. Обручев, 1948) .

В. Е. Хаин неотектониканы жер қыртысы дамуының жаңа кезеңін зерттейтін тарихи геотектониканың тарауы деп санаған. Н. И. Николаев неотектониканы геотектониканың жаңа бағыты ретінде қарастырған. Сонымен, неотектоника (грекше «neos» - жаңа + «tektonike» - құрылыс) - соңғы кайнозойда (~35-40*10 5 ﴿ жыл ﴿ етек алған және қазіргі уақытқа дейін жалғасып жатқан тектоникалық қозғалыстардың барлық типтерін қамтитын, Жердің дамуындағы динамикалық процестерді, олардың пайда болуын және түрлі құрылымдық пішіндер түрінде көрініс беруін, сондай-ақ олардың түзілу механизмін зерттейтін геотектониканың жаңа бағыты. Неотектоника шамамен соңғы кайнозойдың 35-40 млн. аралығында тектоникалық қозғалыстардың көрінісін зерттейді. Соның өзінде жаңа қозғалыстардың ең жоғарғы қарқындылығы соңғы 5-10 млн. жылдарға сәйкес келеді. Бұл сандардың мағынасын терең түсіну үшін Жердің 4, 5 млрд. ж. геологиялық тарихы бар екенін еске алу жеткілікті.

Шет елдік геологтардың қолданып жүрген «recend tectonik», «rezende Tectonik », «tektonique recente», «quaternaire tectonik», «diluviale Tectonik», «jungste Tectonik», «lebendige Tectonik» және т. б. терминдер негізінен қазіргі заманғы, төрттік немесе плиоцен-төрттік кезеңдер қозғалыстарын білдіреді. Қазіргі уақытта олар, «тірі тектоника» (lebendige tectonik) деген терминмен алмасады [В. Г. Трифонов, 1988 ] .

Неотектоника ғылыми пән ретінде төменгі ерекшеліктерімен ажыратылады. Біріншіден, неотектоникалық кезеңнің, әсіресе оның соңғы сатысы - кейінгі плейстоцен мен голоцен дәуіріндегі қозғалыстарының жер бетіндегі көріністері, яғни бет-бедерінде және құрылымдық пішіндер кескіндерінде айқын көрініп тұратындығы. Неотектоникалық қозғалыстар ежелгі қозғалыстармен салыстырғанда анағұрлым дәлірек зерттелініп, өлшеніп нақты белгіленуі мүмкін, сондықтан олар кейінгі процестермен үстемеленіп бұрмаланбаған. Екіншіден, сейсмикалық және геофизикалық өрістер жер бетінің жаңа тектоникасын, жер қойнауының қазіргі құрылысы мен өзгерісін салыстыруға, сондай-ақ литосфераның неотектоникалық дамуының үш өлшемді моделін құрастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, тектоникалық қозғалыстардың олигоцен-төрттік, кейінгі төрттік және қазіргі заманғы көріністерін тұтастай зерттеу, тектоникалық процестердің нәтижелерін кәдімгі геологиялық масштабын уақыттың шынайы масштабымен салыстыруға және осы процестердің алуан түрлі бағытын анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан, неотектоника қазіргі теориялар мен тұжырымдамаларды құрастыру мен тексерудің үшін эксперименттік негізі рөлін атқарады. Сонымен қатар, неотектоника құрал-жабдық әдістерді пайдалану арқылы қазіргі қозғалыстарды зерттеуге және оларды сандық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Арнайы геодинамикалық полигондарда әр түрлі аспаптық бақылаулар, тектоникалық қозғалыстардың табиғатын танып білуге және оларды болжауды қамтамасыз етеді [Н. И. Николаев, 1988] .

Қарастырылған ерекшеліктеріне сүйене отырып неотектоника Жер туралы ғылым салаларының өте маңызды және келешегі зор тарауы екендігін мәлімдейміз. «Неотектоника» және «жаңа тектоника» терминдері этимологиясының ұқсастығына байланысты, олар синоним ретінде қарастырылады.

Неотектоника ғылымының зерттеу нысандары

Неотектоника ғылымының ақпарат көздері мен зерттеу нысаны алуан түрлі және олар тікелей және жанама зерттейтін нысандарға бөлінеді. Неотектониканың тікелей зерттейтін нысандарына әр түрлі аспаптық әдістер арқылы анықталатын тектоникалық қозғалыстардың өздері жатады, сондай-ақ жаңа шөгінділердің заттық құрамы мен әр реттегі құрылымдық пішіндері жатады. Шөгінді тау жыныстар өздерінің жинақталу барысында тектоникалық жағдайларын көрсететін көптеген белгілерге ие. Тектоникалық қозғалыстардың болмысын шөгінділердің қалыңдығы, олардың құрылымы мен бітім ерекшеліктері, кеңістіктегі таралуы және т. б. белгілері бойынша білуге болады. Неотектоникалық қозғалыстарды зерттеуде шөгінділердің фациалдық өзгерістері мен формацияларды белгілеу өте маңызды. Тау жыныстардың кеңістікте астасуын және әр реттегі геологиялық құрылымдарды саралау неотектоникалық қозғалыстар туралы аса қажетті мәліметтерді алуға көмектеседі.

Тектоникалық процестер әрекетінен тау жыныс қабаттарында деформациялар пайда болады. Қысым салдарынан қабаттар иіліп әр түрлі қатпарларды түзеді. Қуатты кернеу күштері әсерінен тау жыныс қабаттары опырымалы деформация жағдайларында өздерінің беріктік шегіне жеткен кезде өз тұтастығынан айырылған қабаттарда пайда болатын көптеген жарықтар мен жарықшақтар жүйесі неотектоникалық зерттеулерде өте маңызды. Олар кернеу өрістерін және қозғалыстардың генезисін анықтауда ерекше рөл атқарады. Неотектоника жай геологиялық құрылымдардан басқа неотектониканың тікелей зерттеу нысандарына күрделі құрылымдық пішіндер жатады, мысалы, жер бетінде созыла сағаланатын таулы жоталар және таулы жүйелер түрінде көрініс берген кең ауқымды қатпарлық белдемдер мен қатпарлы жүйелер. Олар жыртылу жігі бойымен ығысқан тектоникалық жарылымдармен қосарласа жүреді. Неотектониканы танып білу үшін терең тектоникалық жарылымдардың жікті белдемдерінде және олардың қазіргі бедер пішіндерінде көрініс беруінің маңызы зор. Айырылымды дислокациялар шөгінді және магмалық тау жыныстарды қиып өтетін геологиялық жүйелерді түзеді.

Ерекше зерттеу нысандар қатарына тік, горизонталь және ротациялық ығыспаларға ұшыраған жер қыртысының ірі-ірі блоктары, континетттер мен мұхиттар, сондай-ақ «Жаңа жаһандық тектоника» концепциясы негізінде қалыптасқан литосфералық тақталар тектоникасы туралы қозғаластар жатады [Н. И. Николаев, 1988 ] .

Неотектоника туралы мәліметтерді жанама ақпарат көздер арқылы да алуға болады. Жер қойнауын зерттейтін кез-келген ғылым нәтижелері неотектоника жөнінде тиісті мәліметтерді бере алады. Мәселен, неотектоникалық процестер Жердің бет-бедерінде көрініс береді, ал жер бедерін зерттейтін ғылым - геоморфология . Сондай-ақ гидрологиялық, гидрохимиялық және геофизикалық процестердің өзгерілу режимі неотектоникалық қозғалыстарды зерттеуде біршама маңызды рөл атқарады.

Неотектоника жөніндегі көптеген материалдарды археологиялық мәліметтерді және антропогендік шөгінділерді зерттеу барысында да алуға болады. Әр түрлі ғылым салаларынан алынған деректер негізінде тектоникалық қозғалыстарға қатысты мәліметтер жүйесі құралады. Бұл деректер тағайындалған белгілері бойынша жинақталып, сарапталынады және картаға түсіріледі. Арнайы құрылған карталар өз алдына неотектоника мен геодинамика туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін жаңа зерттеу нысаны болып табылады. Сондықтан, неотектониканың зерттеу нысандар жиынтығы күрделі және түрлі ғылым салаларының әдістерін байланыстыратын жүйелі түрде қолданымды талап етеді.

Неотектоникалық кезеңнің сипаттамасы

Неотектоникалық кезең (олигоцен-плейстоцен аралығында) ғаламдық геодинамикалық жағдайларда сапалы түрде өзгерілуімен сипатталатын белсенді тектоникалық процестердің жалпы планетарлық тұрғыдан көрініс берген, кейінгі кайнозойға сәйкес келген Жердің геологиялық дамуындағы соңғы кезеңі. Тектоникалық процестердің белсенділігі литосфераның құрылымдық планының күрделенуіне, яғни қозғалмалы және платформалық өңірлерді қамтитын геосинклиндердің азаюында, ірі-ірі орогендік белдемдерінің түзілуінде, жақпарлы блоктардың қозғалыстарында көрініс берді. Тектоникалық белсенділігі биік-биік тау құрылыстарының пайда болуына, жер қыртысы және жоғарғы мантияның, геофизикалық және кернеу өрістерінің өзгеруіне, континенттер мен мұхиттардың контурларының қазіргі кейпіне келуіне, әлемдік орта мұхиттық жоталар жүйесінің дамуына, шеткі теңіздер және терең мұхиттық науалар мен шұңғымалардың қалыптасуына, жер бедер амплитудасының артуына, Жердің геоид морфологиясының қайта өзгеруіне әсер еткен.

Неотектоникалық кезең жер қыртысының қайталанбас дамуының жаңа бейнесін көрсетеді. Неотектоникалық қозғалыстар ежелгі дәуірдегі тектоникалық қозғалыстарға (тербелмелі, қатпарлы, жақпарлы, вулканизм, жер сілкіну және т. б. ) ұқсағанымен, олар жаңа жағдайда түгелімен қайталануы мүмкін емес, өйткені жаңа тектоникалық кезең жер қыртысының ірі-ірі бөлкітері құрылымдарының түбегейлі өзгерілуімен және эндогендік режимінің ауысуымен сипатталады. Неотектоникалық қозғалыстар литосфера құрылысының және Жердің бет-бедер пішіндерінің өзгеруіне әкеледі. Сонымен қатар, бір эндогендік режимнен екіншісіне өткенде, жер қыртысы қозғалыстарының жалғасымдылық (унаследованность) белгілерінің сақталып қалуы байқалады.

Жаңа тектоникалық кезеңде қарқынды қозғалыстар тек эоцен мен олигоцен арасында ғана емес, сондай-ақ олигоценнің соңында, миоценнің басында, миоценнің екінші жартысында - плиоценнің екінші жартысында, плейстоценде және голоценде жүретіндігін көрсетеді. Бұл қозғалыстардың көрінісі құрылымдық пішіндерінің қалыптасуымен шектелмей, сонымен қатар геофизикалық құрылысының өзгерісінде және жер бетінің барлық табиғатының өзгерілуінде, яғни бедердің, литосфераның, шөгінділену процестерінің, климаттың және одан туындаған мұздық, органикалық әлем, жалпы географиялық белдемділігінің өзгеруіне себеп болды. Табиғаттың осылайша жалпылама ауысуы эоценнің соңында - олигоценнің басында пайда болды және климаттың айтарлықтай салқындануына және антарктикалық мұз жамылғысының дамуына, мұхит температурасының өзгеруіне әкеліп соқтырды. Жердің геоид морфологиясының деформациялануы, оның жаңа тұрақты гравитациялық тепе-теңдікке бейімделуі де осы уақыт аралығына тәуелді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Неотектоника
Тік және көлденең бағыттағы қозғалыстардың арақатынасы
Қазіргі заманғы тектоникалық қозғалыстар
Геотектоникалық қозғалыстар және тербелмелі қозғалыстар
Іле Fлатауының неотектоникалық қозғалыстарының сипаттамасы
Зайсан ойпаңының неотектоникасы
ЖАҢА ТЕКТОНИКАЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР
Литосфералық тақталар тектоникасы
Жер бедерінің тегістелу механизмі
ТЕКТОНИКАЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz