Көшпелілердің дәстүрлі әскери өнері өте күрделі өнер



Жұмыс түрі:  Реферат
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   
Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық универститеті

Реферат

Тақырыбы: Ұлы дала аумағындағы әскери өнердің қалыптасуы мен даму эволюциясы.
Орындаған: Құдайбергенова Жанерке
Қабылдаған : Калдыбаева Сафура Сапаргалиевна
Пәні: Ұлы Дала тарихы
Мамандығы:Психология - 6B03102

2020-2021 оқу жылы
1.Далалық әскери жүйе және көшпелілердің әскери өнерінің спецификалық ерекшелігі
Көшпелілердің дәстүрлі әскери өнері - сақ, ғұн, түркі, түркі-моңғол, қазақ, т.б. халықтардың ежелден келе жатқан әскери тәсілдерінің жиынтығы. Көшпелілер қоғамындағы мифтік түсінік бойынша, хан әлем кіндігі саналып, оған бағынған ру-тайпалар оң қанат пен сол қанатқа бөлінген. Мысалы, Түрік қағандығының әскері оң қанат (телес) пен сол қанатты (тардуш), оғыздарда бұзықтар оң қанатты, үш оқтар сол қанатты құраған. Шыңғыс хан әскерлері де жоңғарлар (сол қанат) мен барұңғарлардан (оң қанат) тұрған. Қ.Жалаири еңбегінде Ресей ішіндегі Қасым хандығында да рулар осылай екі топқа бөлінгендігі айтылады. Егер мемлекеттің осы екі бөлігі жеке мемлекетке бөлініп кетсе, жаңа мемлекет өз ішінде екі қанатқа бөлінген. Айталық, Шыңғыс хан империясынан бөлініп шыққан Жошы ұлысында (Алтын Орда) халықтың оң және сол қанаттарға бөлінуі сақталып қалды. Әр қанатқа кіретін рулар әрқайсысы мың немесе түмен (он мың) әскер шығаруға міндетті болды да, ол әскерлер оң немесе сол қанат әскерлері деп аталды. Екі қанаттың әскерлерінен таңдаулы жауынгерлер іріктелініп алынып, хан жасағы құралды. Ол (кешіктер, хебтегулдер, т.б.), негізінен, әскербасылардың балаларынан тұрып, мәртебесі басқа әскерлерден жоғары болады (қ. Кешік). Әскерлер үш негізгі жікке: соғысатын әскерге, басқару қызметіне (хан, кеңесшілер, дін қызметкерлері, сот, т.б.), шаруашылықпен айналысатын бөлікке жіктелді. Әскери бөлікте - жауынгерлер, батырлар, сардарлар, басқару қызметінде - абыздар, білімпаздар, шаруашылық бөлігінде - малшылар, қолөнершілер, саудагерлер қызмет атқарды. Ұрыс алдында сап түзеуді қазақтар шеп құру деп атаған. Шеп құрғанда әскер оң және сол қанатқа бөлінген. Олардың алдында жаудың бағытын барлайтын қарауыл топ жүріп отырды. Әскердің арт жағында орналасқан ханды хан жасағы қорғады. Хан жасағын тосқауылшы бөлік деп атады. Ең артта әскердің қосалқы аттары, құрал-жабдықтар тиелген арбалар, малшы, қызметшілер, яғни әскердің шаруашылық бөлігі немесе салықшы тобы еріп жүрген. Көшпелілер әскерінің сандық құрылымы ондық жүйеге негізделген. Әскердің ең төм. бөлігі ондық, олардан жүздік, мыңдық, түмен (он мың әскер) құралған. Он түмен әскерді "ту" (лек) деп атаған. Әскердің ондық жүйесі түркі халықтарында ежелгі заманнан 19 ғасырға дейін сақталып келді. Мыңбасылар мен түменбасылар түркіше бек, моңғолша - ноян, арабша - әмір деп аталып, әкімш. билікке де (уәлаят, ұлыс басшылары) тағайындалған. Олардың ішінен бас қолбасшы бекітіліп, оған беглер бегі (араб. әмір әл-умара) лауазымы берілген. Әдетте, әскери-әкімш. билікті қатар ұстаған адамдардың саны 12 адам болған. Мыс., Шыңғыс хан, Құбылай хан және Әмір Темір тұсында 12 жоғары дәрежелі ноян басқарған. Дәрежелеріне қарай онбасы, жүзбасыларына байрақ, ал, мыңбасы мен түменбасыларына ту беріліп, әскер саны байрақпен, тумен есептелетін болған. Байраққа аттың құйрығы мен түсті мата бау жекелей не қосарланып тағылған. Белгінің қосарлануы дәреженің өскендігін білдірген. 17 - 18 ғасырларда дәреже белгілері киім арқылы көрсетіліп, байрақтар қолданыстан шығып қалды; қ. Жыға. Көшпелілер ерте заманнан бастап әскерлерін қолданатын қару түріне қарай бөлген. Әр қару түрінен тұтас мыңдық, түмендер құралған. Көшпелілердің соғыс тактикасында алыстан атысу ерекше рөл атқарғандықтан әскердің маңызды бөлігі садақшылар саналған. Садақшылардың ішіндегі ең мергендерінен "мергендер тобы" құрылған. Оларға жаудың қолбасыларын, басты батырларын жою жүктелді. Көшпелі халықтардың әскері тек қару түріне ғана емес, жарақ түріне қарай да бөлінеді. Мыс., өзі де аты да сауыт киіп, бес қаруын асынған ауыр атты әскер көшпелілерде өте ерте заманнан (сарматтарда, массагеттерде) белгілі. Көне түркілердің осындай әскерлерін қытайлар жылнамаларында "фула" (бөрілер) деп атаған. Оған қоса біркелкі кіреуке немесе берен сауыт киген, жеңіл жарақтанған әскерлер де болған. Көшпелі халықтар әскер бөліктерін мінген аттарының түсімен де айырған. Мыс., Шыңғыс ханның кешіктері кілең қара түсті арғымақтар мінген, ал Ақсақ Темірдің жеке гвардиясы да біркелкі атқа мініп, сауыттарына жолбарыс терілерін жапқан. Әскердің сырт киімінің (шапан) түсі де айыру белгісі болып, жауынгерлер біркелкі киім киген. Өмірі ат үстінде өтетіндіктен көшпелілердің басты күші - атты әскер. Бірақ жауынгерлер ат үстінде ғана емес, жаяу соғысу әдістеріне де машықтандырылған. Елді жау шапқан кезде тұрақты кәсіби әскерлермен бірге халық жасақтары да құрылған. Жорыққа шыққан кезде ұрысты алдын ала болжайтын көріпкелдер, жауырыншылар, құмалақшылар ұстаған. Шеру кезінде әскердің жауынгерлік рухын көтеру үшін керней, сырнай, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл ойнайтын музыканттар тобы да болған. Шайқас басталарда олар бас қолбасшының маңында, ал шеру кезінде қосынның алдында жүрген. Көшпелілердің шекара қорғайтын, қала күзететін, елшілік, жаушылық қызметтерді атқаратын тұрақты әскері болған. Оларға бөлінетін азық "улафа", ал аттарына берілетін жем "алафа" деп аталған. Жауынгерлердің ақшалай жалақысы "нафак" делінген. Кейіннен қазақтар "алафаны" - алапа, "нафаканы" нәпақа атап кеткен. Нәпақаның алғашқы мағынасы өзгеріп, күнделікті қаржы, күнкөріс мағынасында қолданыла бастаған. Майдан алдында атақты жауынгерлердің жекпе-жегін өткізу ерте замандағы барлық халықтардың әскери күштеріне ортақ дәстүр. Батырлар жекпе-жегін өткізу қазақтарда 19 ғасырға дейін сақталып келді. Жекпе-жекке шығу батырлардың жауынгерлік борышы еді. Жеңген батыр қарсыласының атын, қару-жарағын олжалаған. Батыры өлген жақ оның денесін жауға бермеуге тырысып, "сүйекке шапқан", яғни батырдың денесін бермей алып қалу ерлікке саналған. Жорыққа шыққанда көшпелілер әскерді бірнеше топқа бөліп, алдын ала белгіленген жерде тосыннан жиналған. Бұл көп әскердің қалай, қайдан келгенін байқатпай, жау жағын қапыда қалдыру айласы еді. 1838 жылы Кенесары Ақмола бекінісін аларда осы әдісті қолданған. Айқас кезінде жау жағы басым бола бастаса - көшпелілер әскері, жан-жаққа шашыла шегініп, белгіленген жерде жиналып, кенеттен шабуылды қайта бастаған. Тактик. мақсатқа қарай әскер санын көп етіп көрсету үшін аттарға киіндірілген қуыршақтар да отырғызылған. Ашық далада жау әскерімен кездескенде соғысты, әдетте, жеңіл қаруланған садақшылар бастаған. Алыстан атыс жүргізу арқылы олар дұшпан жауынгерлерін, аттарын шығынға ұшыратуға, шебін бұзуға, сөйтіп қоян-қолтық айқасты жеңілдетуге тырысқан. Мұндай әдісті моңғолдар "тулучма", қазақтар "толғама" деп атаған. Осыдан кейін айқасқа шайқастың тағдырын шешетін ауыр қарулылар, қылышкерлер, айбалташылар, шоқпаршылар бірнеше қосынға бөлініп кезек-кезегімен кіргізілген. Шегінуді олар жаудың әскер шебін бұзып, қозғалтуға мәжбүр ету үшін, немесе жауды бекінген қамалынан шығару үшін, соңынан ілестіріп, жасырын тұрған негізгі күштің үстінен түсіру немесе қайта шабуылға шығу мақсатында қатарын жинап алу үшін қолданған. Соғыс кезінде барлау жұмыстарына көп көңіл бөлінген. Жолдарға күзетші қойылып, алдын ала шолғыншылар жіберілген. Төбелердің үстіне орналасқан қарауылдар жау жақындағанда "ұран-оттар" жағып хабар беріп отырған. Көшпелілердің садақ ату шеберлігі отырықшы халықтарды қатты таңдандырған. Гректер, парсылар өз балаларын садақ атуға үйрету үшін сақтарға жіберіп отырған. Қытай тарихшылары: "Ғұндардың ойынға жараған баласы садақпен ұсақ аң, құс атып жаттығады", - деп жазады. Араб тарихшылары: "Түркілер садақты атпен шауып келе жатып алға да, артқа да, оңға да, солға да, жоғары да, төмен де ата береді. Араб-харидтер бір оқты садағына салғанша, олар он оқты атып үлгереді. Түркінің 4 көзі бар - екеуі алдында, екеуі артында", - деген мағлұмат береді. Қазақ батырлары да "оғын жүзіктің көзінен өткізетін", "құралайды көзге атқан" садақкерлер болған. Найза қолданудың да көптеген түрлері, тәсілдері бар. "Шаншу" - жоғарыдан төмен найза салу, "түйреу" - найзаны алға қарай сұғу, "Найза тіреу" - қолды қозғалтпай аттың күшін пайдалану. Еуропа рыцарлары өз турнирлерінде, қазақ батырлары жекпе-жекте мұндай тәсілдерді жиі қолданған. Ал жалпылама шайқастарда Олжабай батыр, Наурызбай батыр (Кенесарының інісі), т.б. қарсыласының денесіне найза тигізбей, киімінен іліп алып аттан түсіру тәсілін жиі қолданған. Қылыш, семсер қолданудың "бауырын жаза шабу", "қиялай тарту", т.б. түрлері бар. Салмағы ауыр шоқпар, гүрзілермен айқасу үлкен күш, әдіс-айла керек еткен. Ауыр болғандықтан шоқпарды көбіне айналдырып, үйіріп ұрған. Өйткені, шоқпарды жоғарыдан төмен сілтегеннен кейін, қайта көтеру қиын болатын. Айбалта 18 ғасырдан бастап қолданыстан шықты. Ерте заманда көшпелілер тосын жау шабуылынан қорғану үшін арбаларды бір-біріне тіркеп, дөңгелете бекініс жасаған (қ. Күрен). Жаугершілік уақытта қазақ ауылдары да осылай "алқақотан отырған" Соғыс кезінде көшпелілердің әскери лагерлері осы әдіспен құрылып, кейде сыртынан топырақ үйіліп, бекініс жасалған. Шабуыл кезінде көшпелілер арбалардан жылжымалы бекініс жасап, жауға тойтарыс берген. Қорғанудың тағы бір түрі табиғи бекіністерді (тау қойнаулары, үңгірлер, шатқалдар, т.б.) пайдалану. 1643 жылы Андасай бойында жоңғар әскеріне қарсы Жәңгір хан осы әдісті қолданған. Бұдан басқа тастан, балшықтан тұрақты соғылған, сыртынан ор қазылып, су жіберілген бекініс, қамалдар да болған. Көшпелілердің соғыс тәжірбиесінде қамал алудың көптеген әдіс-тәсілдері бар. Соның бірі қамалға өрт қою. Ол үшін жебелердің ұшына майлы шүберек байлап, оны тұтатып атқан. Ақмола бекінісін алу кезінде Кенесары сарбаздары осындай отты жебелерді пайдаланған. Тас қамалды алу үшін жер астынан үңгір жол қазу да көшпелілерде жиі қолданылған. Қамал шетіндегі орларға топырақ салынған қаптар тастап, ішке кіретін жол салған, қамал қабырғаларына шығу үшін арқан сатылар жасалған. Ашық майданда шайқасудан гөрі қамал бұзу күрделі болғандықтан, қамал алу және оған алғашқы болып кіру батырлар үшін аса мәртебе, құрметті дәреже саналған. Шаған бойындағы шайқаста жау қамалын бұзғаны үшін Қабанбай батыр "Дарабоз" атанған, ал Көкалажар қамалын алғаны үшін Иман батырды Кенесары "Аяке" деп атаған. Көшпелілердің дәстүрлі әскери өнері өте күрделі өнер. Оны дамытуға көшпелі халықтардың бәрі де үлес қосты. Соның ішінде қазақ халқын құраған ру-тайпалар осы өнерді жетік меңгерген.
2.Антикалық аңыздар соғыс өнеріне қатысты далалықтардың жинаған мол тәжірибесі мен дәстүрі, дала заңдары.
Б.з.д. І мыңжылдықта Хуанхэ өзенінің (Қытайдағы ең үлкен екі өзеннің бірі-ред.) орта ағысынан Дунайға дейінгі Ұлы дала кеңістігінде жер бетіндегі ең озық әскери мектептердің бірі қалыптаса бастады. Сол даланың төсінде өмір сүрген сақтардың, ғұндардың, түркілердің тікелей ұрпағы ретінде қазақ халқының далалық әскери мектептің дәстүрін жалғастырушы мұрагер болып табылатыны тарихи заңдылық. Сондықтан да, әрбір тарихи кезең қазақтың ұлы қолбасшыларын шыңдаған мектептің жеке-жеке сыныбы, әскери шеберлікті жетілдіре түскен сатысы сияқты. Екінші дүниежүзілік соғыста ел қорғаған немесе күні кеше ғана өзге елдерде жауынгерлік борышын атқарып, нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ сарбаздарының бойында сақ дәуірінен келе жатқан ата-бабаларымыздың жауынгерлік рухы болды. Б. Момышұлы өзінің Соғыс психологиясы деген кітабында: Отан соғысынан басталған қазақ халқының әскери тарихының негізі ежелгі замандарда өткен ұрыстардан бастау алды, - деп жайдан-жай айтпаған. Ғасырлар бойы қалыптасқан бабаларымыздың әскери ерлік рухы, қолбасшылық дарыны жоғалмай осы күнге дейін жетіп отыр.Қазіргі таңда экономикада болсын, әскери күші жағынан болсын көш ілгері озып кеткен батыс елдерінің тарихшылары көбінесе адамзат тарихындағы барлық жетістіктерді тек өздеріне ғана телитіні байқалады. Ал Еуразияның Ұлы даласында өмір сүрген көшпелі халықтардың адамзат қазынасына қосқан үлесі көп жағдайда еленбей қалады. Бабаларымыздың айбынды жорықтарын, ерлікке толы шайқастарын батыс тарихшылары қаныпезерліктен, соғысқұмарлықтан туындаған, тек олжа үшін ғана болған дүниелер ретінде сипаттайды. Ұлы дала перзенттері адамзат қазынасына теңдесі жоқ материалдық және рухани мәдениеттің үлгілерін жасап қалдырды. Ешкімге ұқсамайтын еркін адамның дүние танымы мен философиясын қалыптастырды. Оның бәрін бүгінде бүкіл адамзат баласы өз игілігіне жаратып отыр. Әсіресе, соғыс өнеріне қатысты далалықтардың жинаған мол тәжірибесі мен дәстүрін, заңдарын дүние жүзіндегі барлық елдердің қарулы күштері қабылдап, өзінің әскери жарғыларына енгізді десек артық айтқандық емес. Ғалымдардың есептеуі бойынша, соңғы 3 мың жылдың тек 250-300 жылы ғана біршама бейбіт өтіпті. Соған қарағанда, әсери іс пен соғыс өнері қоғамның дамуына әсер ететін басты факторлардың бірі болып табылады. Далалық әскери жүйе қола ғасыры кезінде - адамдар жылқыны қолға үйретіп, Еуразия кеңістігін игере бастаған кезеңнен бастап, от қару пайда болып, жаппай тарағанша үстемдік етті. Егер далалық әсери жүйені б.з.д. І мыңжылдықта қалыптаса бастады деп есептейтін болсақ, онда қазақтың қолбасшылық мектебінің алғашқы сатысы сақ заманынан басталатыны заңдылық. Оған тарих куә. Сақтар жарты әлемді жаулаған парсы патшалары Кир мен Дарийдің әскерін талқандап, ұлы қолбасшы Александр Македонскийдің әскерін тоқтатқан. Сол кезде сақ қолбасшыларының қандай ұрыс тәсілін қолданғанын және сақтардың жауынгерлігі туралы б.з.д. ІV ғасырда өмір сүрген тарихтың атасы атанған Геродот тәптіштеп тұрып өзінің Тарих деген еңбегінде жазып қалдырған. Сақтар әлемдегі ең маңызды өнерді игерген, олар еліне келген жауды талқандамай қоймайды, - деп біздің бабаларымыздың әскери өнеріне үлкен баға берген. Сонымен қатар Геродот сақтардың жауынгерлік мектебінен көрші елдердің патшалары да өткені туралы айтады. Ол Мидия патшасы Киаксар өз балаларына ат мініп, садақ таруды үйрету үшін арнайы сақ жауынгерлерін жалдаған деп көрсеткен. Сақтардың жауынгерлік-қолбасшылық мектебінің көрші елдерге ықпалы антикалық аңыздардан да көрінеді. Мысалы, грек аңыздарында дене бітімі белуарынан жоғары адам, ал төменгі бөлігі ат болып келетін кентавр деген бейне бар.
Ежелгі бұл аңыздарда Геракл сияқты батырлар да, Тесей сияқты патшалар да Хирон атты кентаврдың әскери мектебінен өтіп, тәлім-тәрбие алуы далалық әскери мектептің қаншалықты озық және қаншалықты ықпалды болғанын айқындайды. Қазақ қолбасшылық мектептің қалыптасуының келесі сатысы б.з.д. ІV-ІІІ-ғасырда сарматтар мен ғұндардың әскери өнерімен, далалық әскери жүйенің дамуымен тығыз байланысты болды. Сарматтар бүкіл әскери іс пен соғыс өнеріне әсер еткен үлкен жаңалық әкелді. Олар Парфия (б.з.д. шамамен 250 жылдары пайда болған ежелгі мемлекет-ред.) және Ұлы Рим империясының тұрақты әскерімен соғыста жинаған тәжірибенің негізінде әскери іс пен ұрыс жүргізу өнерін жетілдіріп, жау шебін жарып өтетін ауыр қаруланған атты әскерді - катафрактариді пайдаланды. Бұл жаппай салт атты жауынгердің қолданған қаруына үлкен өзгерістер енгізіп, әскер басқару мен ұрыс жүргізудің түбегейлі жаңа қағидаларын қалыптастырды. Ал Орталық Азияда пайда болған Ғұн мемлекеті бірнеше ғасыр бойы қытай империясының экспансиясын тежеп қана қоймай, қытай императоры У-дидің әскерін ойсырата жеңіп, Хань империясына қырық жыл бойы алым-салық төлетті. Бұл да тікелей ғұндардың жетілген әскери жүйесінің нәтижесі. Әсіресе, Мөде шаньюй (Ғұндардың жоғарғы билеушісін қытай авторлары шаньюй деп атайды-ред.) тұсында ғұндарда әскер басқарудың ондық жүйесі қалыптасты және қолбасының бұйрығын сөзсіз орындау сияқты қатаң әскери тәртіп енгізілді. Сонымен қатар ғұндардың тұсында Орталық Азия көшпелілерінің ең жақсы көретін қаруы - садақ жетіле түсті. Қатаң тәртіпке бағынған, темір қарумен және алыс қашықтықтан қолданатын күрделі садақпен қаруланған ғұндар қытай әскеріне дес бермей, ашық ұрыста үнемі жеңіп, басым түсіп отырды. Сол себептен де қытай императоры У-ди өз әскерін ғұн әскерінің үлгісімен қайта жасақтап әсери реформа жүргізді. Б.з. І-ІV ғасырында ғұндардың батысқа қоныс аударуы нәтижесінде сарматтар мен ғұндар қалыптастырған екі әскери жүйе бір арнаға тоғысты. Осының нәтижесінде бүкіл Европада Еділ бастаған ғұн әскеріне төтеп беретін бір де бір күш табылмады. Кейінгі ғасырларда да ғұн мен сарматтардың әскери жүйелерінің тәжірибесін Ұлы даланың ұлы қолбасшылары ұзақ уақыт қолданды. Ғалымдар қолбасшылық өнердің одан кейінгі даму кезеңін түркі-моңғол дәуірімен байланыстырады. Өкінішке қарай, бұл мәселеде олардың арасында ауызбіршілік жоқ сияқты көрінеді.
Түркілер ғұндардың ұрпағы ретінде өздеріне дейін жиналған соғыс өнерінің бай тәжірибесін дамытып қана қоймай, жаңа соғыс доктринасын жасап шығарды. Соның нәтижесінде Түркілер Еуразияның Ұлы даласында өмір сүрген барлық тайпаларды біріктірген ең күшті қағанат құрып, Еуразияның этникалық, саяси-экономикалық жағдайына тікелей әсер етті. Түркі қағанаты көп уақытқа дейін шығысында Қытайды тәуелді етіп, батысында Иран мен Византияны өзіне мүдделі қылды. Бұл да түркілердің әскери ісі мен соғыс өнерінің, қолбасшылық мектебінің озық үлгісінің дәлелі болып табылады. Ұлы дала көшпелілерінің соғыс өнерін жетік меңгергені сондай, олардың қолбасшылық мектебі тағы да халықаралық деңгейге шықты. Әсіресе, Х-ХІІ ғасырларда қыпшақтан шыққан қолбасшылар барлық көрші елдерде әскери қызмет атқарып, соғыс өнерін қаншалықты жетік игергенін көрсетті. Қытай императоры, Грузия патшалары, Рим папасы, орыс княздері, Хорезм шахтары түгел қыпшақтардан тұратын ұлан ұстаса, Мысыр елінде Мәмлүк сұлтаны Бейбарыс қарапайым сарбаздан биліктің шырқау шыңына дейін жетті. Жалпы сол кездегі түркілердің әскери ісі мен соғыс өнері, қолбасшылық дарынына байланысты мәліметтерді түркі жазбаларынан, араб-парсы деректерінен көптеп табуға болады. Ұлы дала қолбасшылары алдына жан салмайтын, соғыс өнерінің нағыз маманы екені Шыңғысхан дәуірінде көрінді. Шыңғысхан әскери іске қатысты өзіне дейін жиналған тәжірибені жетілдіріп оның негізгі қағидаларын Ұлы Жасақ заңдар жинағына енгізді. Егер бұған дейін соғысқа қатысты іс-әрекеттің бәрі әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің негізінде реттелсе, енді ол сол дәстүрлердің негізінде жасалған заңдық, құқықтық нормаларға құрылатын болды. Ұжымдық жауапкершілік, антқа адал болу, опасыздық жасамау, бұйрықты сөзсіз орындау, әскери борышты орындауға сақадай сай болу, жорық үстінде жан-жаққа барлаушылар мен шолғыншыларды аттандыру сияқты тағы басқа ұстанымдардың Шыңғысхан заңдар жинағында орын алуы қолбасшылық мектептің дамуына ғана емес, сонымен қатар бүкіл дүниежүзі қарулы күштерінің құрылымы мен жарғыларына, соғыс жүргізу тәсіліне үлкен әсерін тигізді. - Қазақ хандығы дәуірі кезіндегі жаугершілік заман тарих сахнасына көзсіз батырлар мен даңқты қолбасшылардың үлкен бір шоғырын әкелді.
Хандық дәуір өтіп, қазақ халқының басынан бақ кетсе де өздеріне кезеңген отқарудың қаһарынан бұқпаған қазақ қолбасшылары заманауи қарумен қаруланған жауға қарсы жаңа соғыс тәсілдерін тауып, айбынын асырып отырды. Мысалы Ш. Уәлиханов қазақтың батырларын тек ұрыс ісін білетін адам ғана емес, сонымен бірге жаудың мінез-құлқын жіті танитын психолог ретінде де көрсетеді. Бірде, атақты қорама мылтықпен қаруланған қалмақ мергені үңгірдің аузында бекініп алып бірнеше қазақ батырын жер қаптырады. Қалмаққа қарсы шығуға енді ешкімнің жүрегі дауаламай тұрған кезде Елшібек деген батыр жорға атын ойнақтатып, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қытай халқының мәдениеті мен ғылымы
Хұндар айбынды жауынгерлер
РУХАНИ МӘДЕНИЕТ ТИПТЕРІ
Қазақ жауынгерлік қару-жарақ жүйелеу дәстүрі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері
САҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ПОЛИМОРФТЫҚ БЕЙНЕЛЕР
Алматы қаласы музейлеріндегі ат әбзелдері мен қару-жарақ қоры коллекциялары
ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ ӨНЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Көшпелілер мәдениеті аясындағы қазақтың ұлттық мәдениетінің қалыптасуы
Қазақ мәдениеті аясындағы қазақтың ұлттық мәдениетінің қалыптасуы
Пәндер