Дидактикалық ойындардың ерекшеліктері



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе

Қазақ халқы өзінің қоршаған дүниесінің қыры мен сырын егжей- тегжей білуді баланың санасына ойын арқылы жастайынан сіңіре білуді көздеген.
Ойын - бала табиғатымен егіз. Өйткені, бала отбасымен және қоршаған ортамен тығыз араласа отырып, ана тілін үйренеді. Ойын - дүниеге қарай ашылған үлкен жарық - деп В.А. Сухомлинский айтқандай, ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы жоқ және олай болуы мүмкін емес. Ойын - дүниеге ашылған үлкен жарық терезе іспеттес, ол арқылы баланың рухани байлығы жасампаз өмірмен ұштасып айналадағы дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз - ұшқын, білуге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты. Ойын - баланың өмір танымының алғашқы қадамы. Қандай ойын түрі болмасын, дидактикалық па, шығармашылық па, қимылды ма, сюжетті ме, әлде драмалық болсын баланың ой өрісін дамытады, сөздік қорын молайтады, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады, қиялдау, ойлау, есте сақтау қабілеттерін жетілдіреді. Орыс педагогы В. А. Сухомлинский: "Ойын - баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады, ойынсыз ақыл- ойдың қалыптасуы мүмкін де емес" десе, ғалым Е.А. Покровский өзінің балалардың ойындарына арналған еңбегінде әрбір халықтың ойын туралы түсінігіне сипаттама береді. Мысалы: Ежелгі гректерде "ойын" түсінігі балалардың қимылы деген ұғымды білдіреді, ал еврей халқында "ойын" сөзі қуаныш, шаттық сезімдерін сипаттайды - деп, барлық халықтың ойын түсінігінің түп-тамырының сабақтасып жатқандығы туралы тұжырым жасайды. Ойын - таным процесін дамытудың негізі болғандықтан әрбір тәрбиеші оқыту мен тәрбие берудің мазмұнын үнемі ойын элементтерімен толықтырып отыру керек. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде ойынды дұрыс колдану үшін тәрбиешіге ойындардың мазмұны мен өткізілу әдістемесін жете білу, әрбір тақырыпқа байланысты болуы міндетті болып табылады.
Сонымен қатар, баланың шығармашылық дамуында маңызы өте зор. Ойын мәнін балалық шақтан есейген шаққа өтетін көпір ретінде сипаттауға болады.
Ойын - бала қызығушылығына негізделген оқыту тәсілдерінің бірі. Мектеп жасына дейінгі балалардың ойын баласы екенін ескере келе, дидактикалық ойындардың жүйелі қолданылуы жақсы нәтиже береді. Дидактикалық ойындарды пайдалану мәселесі педагогикалық теорияда кеңінен қарастырылған. Педагогикалық процесте ойын балалар іс-әрекетінің басқа да түрлерімен, бәрінен бұрын еңбекпен, ойын үстіндегі оқытумен өзара тығыз байланыста болады. Қоғамның болашақ азаматын өсіру үшін отбасы, қоғамдық орындар, қоршаған ортаның тигізер ықпалы ұшан-теңіз. Ойын мектеп жасына дейінгі балалардың ең басты іс-әрекеті болып табылады. Атап айтқанда, ойын арқылы балалар өмірді таниды, ойын оларды үлкен өмірге дайындайды.
Курстық жұмыстың мақсаты: Дидактикалық ойындардың балалардың оқу-танымдық әрекетін дамытудағы ерекшеліктері.

Курстық жұмыстың міндеттері:
- Дидактикалық ойынның түрлерімен, ерекшеліктерімен, мазмұнымен таныстыру.
-Дидактикалық ойындардың қатысымен өтілетін ұйымдастырылған оқу іс- әрекетінің маңызын, мазмұнын ашу.
Тақырыптың өзектілігі: Жас ұрпаққа саналы білім беруге оқу материалдарын толық меңгерту мақсатында оқытудың жаңа технологиясының бірі - балаларға оқу материалдарын ойын арқылы оқыту технологиясын пайдалану. Тәрбие құралдарының басқа түрлері сияқты ойынның да білімділік, тәрбиелік мүмкіндіктерін балалардың жас ерекшеліктеріне, сабақ мазмұнына жақсы үйлестіре отырып қолдану. Ойынды пайдалану методикасын, ойын түрлерін таңдап- талдауға қойылатын талаптарды жете білу.
Болжам: Балаға белгілі бір білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс қөзқарас қалыптастыру, жағдайларды обьективті түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйрету. Дидактикалық ойындарды ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде пайдаланғанда арнайы мақсат көздеп, нақты міндеттерді шешу.
Ғылыми- теориялық негіздер: Ойын әрекетінің бала психикасының дамуында шешуші қызмет атқаратындығы Ж. Аймауытов, Т. Тәжібаев,
М. Жұмабаев, С. Торайғыров, Ш. Құдайбердіұлы сияқты қоғам қайраткерлерінің бізге мұра болып қалған еңбектерінде айрықша орын алады. Балалардың ойлауын дамыту туралы М. Жұмабаевтың еңбегінде ойлау - жанның өте бір қиын терең ісі, жас балаға ойлау тым ауыр, сондықтан тәрбиеші ойната отырып ойлантуға, жүйелі сөйлеуге ұмтылдыру қажет. Ойнай жүріп балалар қоршаған орта жайлы білімдерін толықтырады, дербес шешім қабылдауға дағдыланады, ойлау барысында ұтқырлық пен тапқырлық танытады. Бала ойын үстінде дүниетанудағы өз мүмкіншілігін сезінумен қатар, айналасындағы адамдар олардың әрекетіне көңіл аударады, заттың ішкі мазмұнын білгісі келеді. Қазақ халқының өмір тәжірибесінде баланың әр алуан ойын түрлері олардың қимыл - қозғалыстарын, ептілігі мен бейімділігін, танымы мен пайымын дамытып, өрістетіп отырады деп санаған. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев өзінің халқына арналған ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН атты Жолдауының І бөлімінде Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек, - деп айтқан. Елбасымыздың мақсатын жүзеге асыру барысында сапалы білімге қол жеткізу жұмыстары мектепке дәйінгі кезеңнен бастау алуы керек.
Күтілетін нәтижелер: Мектепке дейінгі шақта жетекші іс-әрекет дидактикалық ойын болып есептелінуі, қазіргі баланың өзінің көп уақытын ойынмен алданып, үлкендердің еңбек әрекетіне аз емес немесе мүлдем араласпауына байланысты емес.
Дидактикалық ойындар баланың психикасында сапалы өзгерістер туғызады: онда мектеп жетекші болатын оқу әрекетінің негіздері қаланады.
Оқу іс-әрекетінде дидактикалық ойын элементтерін қолдану немесе оқу іс- әрекетін толықтай ойын түрінде өткізу тәрбиешіден аса білік пен шеберлікті, шығармашылық ізденісті қажет етеді. Сондықтан, оларды оқу мазмұнындағы ойындарға үлкен жауапкершілік және сақтықпен қаратуды талап етеді. Бұдан шығатын қорытынды - мақсаты дұрыс таңдалып, сауатты түрде ұйымдастырылған ойын ғана баланың логикалық қабілетінің, білімінің дамуына жағдай жасайды.

II.Негізгі бөлім

2.1. Мектеп жасына дейінгі ересек жастағы балалардың өміріндегі, тәрбиелеудегі, оқытудағы дидактикалық ойынның маңызы.
Мемлекетіміздің егемендік алуы әр қоғам мүшесінің ұлттық сана-сезімінің жоғарылауын талап етеді. Соның ішінде, күн тәртібіне қойылған мәселелердің бірі - болашақ ұрпақты ұлттық сана рухында тәрбиелеу. Сондықтан, ұлттық мәдениетті дамыту мәселелері күн өткен сайын көкейкесті болуда. Ойын - жас ұрпақтың дүниетанымы, мәдениетінің бір бөлігі және рухани байлығымыздың бір саласы екені анық.
Ойын - үнемі даму құбылысы. Ойынға үйрету мен тәлім-тәрбие жұмыстарында ойынды пайдалану балалардың ой-өрісін, дене дамуын қалыптастыруға көмектеседі. Ойын сонымен қатар, тарихи құбылыс болып та табылады.
Ойындар - өзінің болмысы, мазмұны жағынан тарих түкпіріне жетелейтін бірден-бір сара жол. Ол адамзат тарихымен тікелей байланысты және үнемі даму үстінде болады. Сондықтан, ол адамның барлық іс-әрекетінің дамуында да өте маңызды орын алады. Ойын адамның еңбек әрекетінен туындап, адам қиялының нәтижесі бола отырып, қоғамдық экономикалық формацияның өзгеруіне өз әсерін тигізеді, ойын мен ойыншық адам мәдениетінің ең бір қызықты құбылысы болып есептелінеді. Бұл тақырыпқа байланысты зерттеулер халық ойындарын ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқанын халық естелігі айқын көрсетеді. Сол себепті ойындарға ғылыми талдау жасау ісі - қазіргі балаларға танымдық және тәрбиелік маңызы бар екендігін дәлелдейді. [15]
Ойын - бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы құбылыстар мен заттарды ойын арқылы түсініп ұғынады. Белгілі психолог Е.А.Аркиннің айтуынша, ойын және ойыншық балалар өмірін сипаттайтын бірден-бір жалпы ұғым: Балақай өсімдік сияқты өз ішінен өсіп жетіледі. Және бұл үрдіс қатал түрде әр жеке баланың өзіне ғана тән. Бала тіршілігінің негізгі заңдарының бірі осындай. Кезінде К. Д. Ушинский, В. А. Сухомлинскийлер балабақша тәрбиеленушісі - балалар үшін оларды тәрбиелейтіндей орта туғызу, жағдай жасау керектігін атап көрсеткен болатын.
Заман өзгерген сайын адам баласының басынан өткендері баланың ойынында көрініс табатынына ешкім де шек келтірмес. Ең бастысы - ойын барысында баланы жан-жақты ойлануға, өзгелердің пікірімен санасуға, ортақ тіл табысып, тез арада шешім қабылдауға, ойынды шыншыл ойнауға, адал болуға, жалған сөйлемеуге, жанашарлыққа, кешірімді болуға баулу қажет. Тәрбиеші балалардың физиологиялық, психологиялық ерекшеліктерін есте ұстап, ұлттық қозғалыс ойындарын балабақша өмірінде жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастыра білгені жөн. Ойын жас ерешеліктеріне сай келмесе, кері әсерін тигізуі мүмкін. Сонымен қатар, ойындар баланың белсенділігін арттырып, тәртібіне де оң әсерін тигізеді, өзіне де баға бере алады.
Әрбір ойын - балалардың адамгершілік жолындағы бір көтерілер баспалдағы секілді. Өсіп-дамып келе жатқан балалардың бойында алуан түрлі қасиеттер байқалады. Осы қасиеттерді бала бойынан дер кезінде байқап, оған оң баға беру, дамып келе жатқан мінезін дұрыс жолға сала білу, ол - әрбір тәрбиешінің міндеті. Осы тұста Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма? деген сөз ойға оралады. Баланың бірінші әрекеті - ойын. Сол себепті де бала бойындағы жағымды қасиеттерді дамыту барысында балабақшада ойынның атқарар рөлі өте жоғары.
Оқу мен тәрбиеге байланысты жұмыстарды үйлестіруде іздестіру барысында С.Т. Шацкий қазірге дейін маңызын жоймаған мынадай пікір айтқан еді: Біздің қолымызда күш пен қаржы болғандықтан, біз тек арнаулы мектеп ғимараттарындағы емес, одан тыс жерлердегі педагогикалық үрдістерді зерттеуіміз керек. Балалардың ойын әрекетін ұйымдастыруды қалай жақсартуға болады? Бұл мәселе педагогикалық үрдісте қандай орын алады? деген сұрақтарына жауап іздеп көрелік.
Ойын әрекеті балалардың бағалы өмірінің алғашқы күнінен бастап - ақ маңызды орын алады. Алайда жақсы, дұрыс ұйымдастырылған ойын ғана тиісті, қалағаныңдай нәтиже бере алады. Ойын балабақша тәрбиешілерінің бірден-бір көмекшісі болуы керек. Дидактика термині гректің дидактос, яғни үйрететін деген сөзден шыққан. Дидактикалық құралдар оқу міндеттеріне сай арнайы әзірленеді.
К. Д. Ушинский мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшеліктерін ескере, былай деп жазады: Бала - табиғатты, көрнекілікті аса қажетсінеді. Балаға өзіне белгісіз бес сөзді жалаң үйрете бастасаңыз, көп уақытты зая кетіріп, босқа қиналасыз. Ал енді жиырма сөзді суреттермен байланыстыра үйретсеңіз, бала оны лезде қағып алады. Сіз балаға қарапайым ғана ойыңызды қанша түсіндірсеңіз де, оңай ұға қоймайды. Дәл сол ойды күрделі суреттер көрсете баяндасаңыз, ол сізді тез түсінеді. Дидактикалық ойын - оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл-ойын дамытып, таным түсініктерін ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту - мектеп жасына дейінгі кезеңнің негізгі ерекшелігі. Білімді меңгеру және оны бекіту үшін, дағды мен әдет қалыптастыруда балаға қайталау және жаттығу қажет. Егер баланың ойлауы образды, эмоциялық әсерде болса, ол соғұрлым жақсы нәтиже береді, сондай-ақ білім қызғылықты әрекетпен байланысты болса, баланың іс- әрекетімен іштей қабысып жатса, ондай білімді бала дұрыс меңгереді. Бала әрбір затты ұстап, дәмін татып, сан рет байқап көреді. Осы уақытқа дейін адам өзін қоршаған ортаның тылсым тіршілігін тануға әрекет жасаған. Ал айнала дүниені танып - білудің, белсенді іс-әрекеттің алғашқы түрі - заттық іс- әрекет болып табылады. Нәресте заттық іс-әрекеттен бірте-бірте ойын әрекетіне ауысады. Барлық адам өзінің тұлға ретінде даму ерекшелігінде ойын іс- әрекетін бастан кешіреді.
Сәбилік кезеңнен бастап бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы заттар мен құбылыстарды ойын арқылы түсініп ұғынады. Тек көру, сипап-сезу, байқап-тану арқылы емес, тікелей араласып, іс- әрекетке көшу, нақты қарым-қатынас барысында біледі. Осылайша, ойын адамның өмір танымында шешуші мәнге ие болады. Баланың таным түсінігі, іс-әрекеті ойыннан басталып, оның негізі болашақ өмірінде оқу, еңбек іс-әрекетімен жалғастырылады. Жеке тұлғаның дамуындағы ойынның әсерін ерте заманның өзінде-ақ атақты ғұлама ойшылдар, философтар, педагог-психолог ғалымдар көріп, байқап, оны іске асыру жолдарын ұсынған. Балалар тәрбиесінде ойындардың алатын орны жайлы қазақ арасынан тұңғыш еңбек жазғандардың бірі - педагог Н.С.Құлжанова болды: Ойын - бала үшін еліктеу, инстинкт, күнделікті негізгі іс- әрекет және өмірі - деп дәлелдеген. Н.C. Құлжанованың айтуы бойынша: Ойынды әдептілік, тәрбиелік мақсатқа пайдалану - баланың болашақ өміріне түзу жол салу, үлкендерге еліктеу және өмірдің талаптарына сай бейімдеу - деп түсіндірген. Баланың тәрбиесіндегі мектепке дейінгі мекемелердің, әсіресе дидактикалық ойындар арқылы баланың математикалық қабілеттерін оятудың әсерін Ресей ғалымдары Т.В. Лодкина, А.И. Захаров,
В.С. Мухина, А.М. Леушина, Е.И. Щербакова, Е.О. Смирновалар атап көрсеткен. Ойын арқылы балада бір нәрсе жасауға тырысу, бірге ойнау, бір нәрсемен шұғылдану, ортақ мақсат қою және оны жүзеге асыру ісіне өздері қатысуға талпыныс пайда болады. Мұның бәрі де баланың жеке басының қоғамдық бағытын анықтайды, оның өмірге белсенді ұстанымын бірте-бірте қалыптастырады. Дидактикалық ойын баланың қоршаған дүние туралы түсінігін кеңейтіп және оны бекітіп, нақтылай түседі. Бала бақылау, оқыған кітап, естіген ертегі арқылы айналасын таниды. Олардың түсінігі алғашқы кезде айқын болмайды. Тәрбиеші баланың түсінігін дидактикалық ойындар арқылы нақтылап, дамытып, саналы түрде түсінуін өрістетеді. Мысалы, бір заттың түсін атаңдар? Бояудың қандай түрін білесіңдер? Үй жануарларының үшеуін атаңдар. Бала дидактикалық ойын арқылы әр затқа байланысты жаңа білімді меңгеріп, түсінігін тиянақтайды. [2]
Әрбір дидактикалық ойын баланы ойлай білуге баулып, сөздік қорын өсіреді, ақыл-ой қызметін қалыптастырады. Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады. Дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған іс-әрекет балаларға көңілді әрі жеңіл келеді. Сондықтан, дидактикалық ойынды іріктеп алуға нақтылы ұйымдастырылған іс-әрекеттің мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескертуге ерекше назар аударған жөн. Ойын - айналадағы дүниені танудың тәсілі. Ол балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймай, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. Педагогикада дидактикалық ойындарға былай анықтама беріледі: дидактикалық ойындар дегеніміз - балаларға белгілі бір білім беріп, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатын көздейтін іс-әрекет.
Дидактикалық ойын - ересек жастағы балаларға мейлінше тән оқыту формасы болып табылады. Оның арғы тегі ойынды өлеңмен, қимылмен ұштастыру негізінде көп нәрсеге үйрететін ойындарды жасаған халық педагогикасында жатыр. Мысалы: Сиқырлы қалпақтың сырын ашайық ойынында ересек топтарда тәрбиеші балаларды зат туралы айта білуге үйрету, олардың жүйелі сөйлеу қабілетін дамыту міндетін алға қояды. Ойын міндеті - қалпақтың астында не бар екенін білу. Дидактикалық ойынның нәтижесі - қандай жолмен болса да ұту емес, балалардың білімді игеру, ақыл-ой қызметін дамытуда, өзара қарым-қатынас жасауда жеткен жетістіктерінің көрсеткіші. Дидактикалық ойындар топ бөлмесінде, аулада, залда, орманда өткізіледі. Дидактикалық ойынның орталығы - ойыншықтар мен ойын құралдары. [15]
Әрбір топта дидактикалық тұрғыдан жабдықталған қуыршақ, оның күнделікті тұтынуына керекті барлық заттардың комплектілері болу керек. Үстел үсті ойындарға лото, домино, тақырыптық ойындар (Қайда не өседі?, Бұл қай кезде болады?, Бұл кімге керек? т.б.), пазылдар, леголар, қимыл белсенділігін, ептілікті талап ететін ойындар (Ұшатын қалпақтар, Қаздың балапаны, Нысанаға тигіз т.б.) типтес ойындар жатады. Ересек топтағы балалар үшін қағазға басылған үстел үстінде ойнатылатын ойындар қызықтырақ болады. Оларда табиғат құбылыстары, көліктің алуан түрлері (кім не мінеді? немен жүреді? немен жүзеді? немен ұшады?) бейнеленген, ертегілердің кейіпкерлері қимыл көрсетеді.
Ойын - бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы құбылыстар мен заттарды ойын арқылы түсініп ұғынады. [10]
Қорыта айтқанда, ойын оқу үрдісінде оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория бола алады. Сол сияқты ойынды балалар тәрбиешілер бірлескен оқу әрекетінің өзара байланыста болатын технологиясы ретінде қарастыруға болады.
Тәрбиеші - ұйымдастырушы, ақыл-кеңесші, ойын барысында болатын даулы мәселені шешетін әділ төреші. Ең бастысы - баланың досы. Дидактикалық ойындар балаларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады, олардың ойлау қабілеттерін, ізденімпаздылығын арттырады, сөздік қорын молайтуға көмектеседі, сабақта дидактикалық ойындарды пайдалануда балаларды әдептілікке, адамгершілікке, қамқорлыққа, қайырымдылыққа тәрбиелейді. Балалардың пәнге деген белсенділігі артады және бағдарламалық материалдарды қажет деңгейде меңгеруге ықпал етеді. Казіргі заманда балабақшаларда дәстүрлі білім беру үрдісіне сан - қилы дамыту жұмыстарын белсенді еңгізу, баланың жан - жақты болу, зейінін, есінде сақтау қабілетін және т.б. психикалық қызметінің дамуына зор үлес қосу, педагогикалық ұжымның ең маңызды мақсаты.

2.2. Дидактикалық ойындардың ерекшеліктері.
Дидактикалық ойындардың өзіне тән ерекшеліктері бар: бір жағынан - ойында ойындық әрекет негізге алынған, оның көмегімен жеке тұлғаның белгілі бір сапалары: зейін, байқағыштық, ес, ойлау, ізденімпаздық, белсенділік қалыптасады. Екінші жағынан - ойын сабақта белгілі бір дидактикалық міндетті, жаңа материалды оқып-үйрену, өткенді қайталау, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, білімді іс жүзінде пайдалану міндеттерін шешуді көздейді. Дидактикалық ойындар балалардың ойын әрекетіне тән құрылымды элементтерінің бірі: ойын негізі төрт қағида бойынша жүзеге асады - мотив, мақсат, ойын іс - әрекеті, нәтиже. Дидактикалық ойындарда балалардың алдына қандай да бір мақсаттар мен міндеттер қойылады, оларды шешу үшін назарды жұмылдыру, ерікті зейін қою, ой - күшін жұмсау, ережені ой елегінен өткізе білу, іс-әрекеттердің жүйелілігі, қиыншылықтарды жою керек болады. Олар мектеп жасына дейінгі балалардың түйсіну және қабылдау қабілетін дамытуға, ұғымдарын қалыптастыруға, білім меңгеруіне көмектеседі. Ойынды тәрбиеші баланың ойлау іс-әрекетін жандандыруға арналған әдістемелік тәсіл ретінде қолданады. Жаңа тақырыпты түсіндіру, оны пысықтау үшін, өткен тақырыпты еске түсіріп, қайталау үшін дидактикалық ойындарды пайдалану қажет. Ойындардың мазмұны қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру, геометриялық пішіндерді ажырата білу, санауды үйрету, 10 көлеміндегі сан туралы түсініктерін дамыту, шартты өлшеуіштің көмегімен өлшемдерді жүргізу, көзбен қабылдау, шамалау қабілетін жеткізу, кеңістікті бағдарлай білу дағдыларын қалыптастыру, затты тең екі бөлікке бөлу деген мәселелерге назар аударады. Ойын - мектеп жасына дейінгі кезден басталып адаммен өмір бойы ілесіп жүретін ерекше қызмет түрі. Ойын - балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құралы. Дидактикалық ойындар баланың психикасында сапалы өзгерістер тудырады: бала зейінінің, жадының қалыптасуына, ойлау, қиялдау қабілетінің дамуына әсер етеді.
Ойлау - шығармашылық және таным әрекетінің негізі болып табылады. Баланың танымын алғашқы күннен бастап дамыту құралы да, баланың бойында оқу мен білімнің, тәрбиенің негізін қалыптастыратын да ойын әрекеті. Ойын барысында баланың көңіл - күйін, зейінін, әрекеттерін бақылау, белсенділігін арттыру, тапқырлыққа баулу, ойлануға, талдау жасауға үйренуі, танымдылық, шығармашалық қабілеттерін шыңдау тәрбиешіге байланысты. Бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі ширай түседі. Ойындарды сабақта қолдану сабақтың әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады, сабақтың сапасын арттырады. Балабақшада осындай дидактикалық ойындарды жүйелі түрде қолдану арқылы баланың: ақыл-ойын жүйелеу, ойлау қабілеттерін жетілдіру, дәлдікке үйрету, шындыққа тәрбиелеу, логикалық қабілеттерін дамытуға болады. Дидактикалық ойындардың оқу іс-әрекетінен тыс уақытта ұйымдастыру, баланың математикалық түсінігін кеңейтеді, тереңдетеді, ойын бекітеді. Дидактикалық ойындар негізінен оқыту барысында жан-жақты, бағыт-бағдар беріп отырады. Яғни, балалардың өй өрісін дамытуда маңызды рөл атқарады. Мектепке дейінгі ересек жастағы балаларға әрбір ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің тақырыбына сәйкес ойын әдіс-тәсіліне үлкен мән беріледі, сонда ғана оқу іс-әрекет балаларға пайдалы, қызықты болады. Мектеп жасына дейінгі бала күн сайын жаңа құбылыстармен заттармен кезігеді, айнала өмірді бақылап, өздігінен түсініп, қорытынды жасағысы келеді. Бірақ тәрбиешінің басшылығынсыз, өздігінен игерген білімі мен түсініктері жүйесіз, кейде таяз, қате болады. Сол себептен тәрбиешінің міндеті баланың білім қорының бірізді молаюына, бірте-бірте, ретпен, жүйелі жинақталуына көмектесу болып табылады. Баланың түйсік, қабылдау, ес, қиял, ой және тіл сияқты танымдық психикалық үрдістерін дамыту ақыл-ой тәрбиесінің басты міндеттерінің бірі. Дидактикалық ойын - оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл-ойын дамытып, таным түсініктерін ажыратудағы әдістердің бірі. Дидактикалық ойындар баланың ынтасын ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне аударуға, көңіл қойғызуға, қабылдауын жеңілдетуге, білімді толық игеруге көмектеседі, сабаққа эмоциялық бояу береді. Ойынды балалар өмірін ұйымдастырудың формасы ретінде пайдалана отырып алдымен солардың ортақ мүддесін бағыттап және дамытып отыру, балалар ұжымын топтастыруға күш салу керек. А.С. Макаренко ойынның балалар өмірін ұйымдастырудағы рөлін жоғары бағалай келіп, тәрбиешінің рөлі туралы былай деп жазды: Мен де педагог ретінде олармен аздап ойнауға тиіспін. Егер мен тек қана үйретіп, талап етіп, айтқанымды істетіп тұрсам, онда мен, бәлкім, пайдалы, бірақ жақындығы жоқ бөгде күш қана боламын. Мен міндетті түрде аздап ойнауға тиіспін және мен өзімнің барлық әріптестерімнен осыны талап еттім. [2]
Ойынды басқара жүріп, тәрбиеші баланың жеке басының барлық жағына: оның санасына, сезіміне, ерік-жігеріне, мінез-құлқына ықпал жасайды. Ойынды негізінен ақыл-ой, адамгершілік, логикалық ойлау, эстетикалық және дене мүшелерінің дұрыс қалыптастыру мақсаттары үшін пайдаланады. Мазмұны ойлай білуге құрылған ойын процесінде балалардың білімі мен түсінігі айқындалып, тереңдей түседі. Бала өзінің түсінгендігін ойын әрекетінде көрсетеді. Балалар бәрін білуге құштар, сұрақ көп қояды. Тәрбиешінің бала мәселесін қайтармай сол сұрақтарға толық жауап қайтаруы, ойын кезіндегі әңгімелеріне құлақ түріп, дұрыс сөйлеуге, әдептілікке үйретуі, өзара түсінісулеріне, келісуіне көмектесуі керек. Демек, ойын балалардың алған білімдері туралы түсініктерін баянды етіп қана қоймайды, сонымен бірге, өзінше бір белсенді танымдық іс-әрекет формасы болып табылады.
Ойыншық - шынайы заттардың нақты бейнесі, балаларды қызықтырарлық түрде оқытуға және ойнауға арналған арнайы зат: идеалогиялық әсер ету мен тәрбиелеудің негізгі құралы. Жас ерекшелігіне байланысты ойыншықтарды және балаларды негізгі міндеттеріне байланысты оларды ақыл-ой, ерік-жігер және эстетикалық тәрбиелеуге, денесінің дамуына және ермек-ойыншықтар деп бөлуге болады. Балалардың ақыл-ойын дамытатын ойыншықтардың ішінде дидактикалық ойыншықтар үлкен орын алады. Олар ақылын, ойлауын, тілін дамытып, білім, дағды мен іскерлік жайлы бірқатар түсінік береді. Олармен ойнай отырып, бала заттарды тануды, айыруды, заттың түсін, көлемі мен пішінін атап, сандармен, цифрлармен танысып, ұсақ бөлшектерді тұтас бір затқа жинап, оларды қайта бөлшектеуді үйренеді. Олардың ішінде халық
арасында кеңінен қолданылатын мынадай ойыншықтар бар: бір түсті шеңберлерден тұратын конусты қамалдар (1.5-3ж) , түрлі -түстілері (3-7 ж) ,
әртүрлі бір-бірінің ішінен шығатын - бөшкелер, жұмыртқалар, шарлар (1,5-5ж), матрешкалар (1,5-6ж). Балаларға берілген дидактикалық ойыншықтардың қай жасқа нақты берілгенін көрсету мүмкін емес, өйткені олойыншықтармен әр түрлі деңгейдегі ойындар ойналуы мүмкін. Жиналатын дидактикалық ойыншықтар балалар үшін ең бірінші өзіндік конструкторлар. Бұралатын бөлшектері бар ағаш ойыншықтар 4,5 - 5 жастағы балаларға арналған. [3]
Дидактикалық ойындардың сапалылығы:
Олардың сабақтың әр кезеңіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын тәриешінің жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдарды алдын-ала дайындап алуына, ойын үрдісіне балаларды белсенді қатыстыруына байланысты болады. Дидактикалық ойындар балаларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады, олардың ойлау қабілеттерін, ізденімпаздылығын арттырады, сөздік қорын молайтуға көмектеседі, оқу іс-әрекетінде дидактикалық ойындарды пайдалану ересек балалардың белсенділігін арттырады, бағдарламалық материалдарды қажет деңгейде меңгеруге ықпал етеді. Балалар ойын барысында өздерін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық қасиеттері байқалады. Сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психологикалық түсінікпен сезім әрекетіне сүйенеді. Ойын үстінде бала қуаныш пен реніш сезімдерін сезінеді. Нидерланд оқымыстысы Иохан Хейзинганың Ойнаушы адам деген кең тараған еңбегінде: Ойын - адамзат әрекетінің жан-жақты қамтылған әдісі, адамзат тіршілігінің универсал категориясы,- делінген. Ойын өмір сүру әдісі емес, бірақ адам әрекетінің құрамды негізі. Ақылды адам дегеніміз, ең алдымен, ойнайтын адам, -дейді. Атақты француз ғалымы Луи де Брайль Ең қарапайым мәселені қозғайтын ойындардың өзінде ғылыми жұмысқа ұқсас жалпы элементтер көп кездеседі, - дейді. Міне, сондықтан адамдарды жасына қарамастан ойын өзіне тартып тұрады. Берілген ойындарды қолдану іс-әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психо-физиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет. Дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Қандай ойын түрі болмасын тапсырмалар беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Ойынның құндылығы - олар эмоционалдық түрде белсендіруге, бір сөздікке, өзара әрекет жасауға, бірлесіп ойнауға мүмкіндік туғызады. Ойынның дидактикалық мазмұны балалардың алдына проблемалық міндет пен ситуацияны қоюда ерекшеленеді. Мұндай ойындар білімді нақты жағдайда ұштастыра байланыс есептерін тағайындауды талап етеді. Олардың қарапайым математикалық түсінігін қалыптастыру үшін де, тілін дамытып, грамматикалық құрылысты білдіру үшін де, айналадағы дүниені таныстыру үшін де, ойын әдістері қолданылады. Әрқашанда ойынның басшы рөлін тәрбиеші атқарып отырады. Ойын барысында балалардың еркін қарым - қатынас жасай алуын, сұрақтардың жауабын тілектеспен тыңдай алуын қарастырып отырады. Ойыншықтарды, керекті құралдарды салыстырмалы түрде, үйлесімді және балалардың үнемі талдау жасай алуына, өз қорытындыларын жасай алуға және дұрыс тиімді таңдай алуға болатындай етіп жағдай жасау. Баланың жеке-дара келу үрдістеріне келетін болсақ, олар ақыл- ой дамуының әр түрлі дәрежелері мен ерекшеліктерін біз білеміз. Сұраққа жауапты бірі тез табады, екіншісі ұзақ ойланады, бірі білімді тез меңгереді, екіншісі баяу қабылдайды. Тәрбиеші жұмысын балалардың осындай жеке-дара ерекшеліктерін ескеріп, ұйымдастырады. Біз тәрбиешілер аталған дидактикалық үрдістерге жеке көңіл бөлсек, оқыту ісінде жақсы нәтижелерге жете аламыз. [16]
Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады.
Ойындардың тиімділігі көп жағдайда тәрбиешінің көңіл-күйіне де байланысты болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет. Мектеп жасына дейінгі ересек балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатынын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Дидактикалық ойын балаға білім берудегі әсер етудегі ең негізгі бір түрі, өйткені, ойын - балалардың негізгі іс-әрекеті. Дидактикалық ойындар арқылы сезімталдық және ақыл-ой қабілеттерін, байқағыштықты тәрбиелеу, ауызша талдау жасау, өз ойын жүйелі жеткізе білу, әңгімелеу, заттарды салыстыру, заттарды негізгі ұқсас белгілеріне сай жинақтау, жіктеу, пікір және ой қорытындысын жасауға дағдыландырамыз. Ойынды жүргізу балалардың өздеріне жүктеледі. Дидактикалық ойындар балалар үшін өзіне тән жүру барысы, мақсаты, маңызы бар әрекет. Ойын ережесі балалардың түсінуіне оңай, қарапайым, әрі қысқа болуы керек. Және ойынның мазмұны, ережесі балаларға дұрыс түсіндіріліп, балалардың қызығушылығын арттырып, зейін қойып тыңдай білуге баулуы керек. Оның үстіне дидактикалық материалдармен көрнекіліктерге жеке көңіл бөліну керек. Балалардың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, оқу іс-әрекетке деген ынтасын арттыруда дидактикалық ойындарды пайдалану оң нәтижесін береді. [8]
Дидактикалық ойындарды оқу іс-әрекетінің әр алуан буындарына енгізу:
Түрткі ретіндегі дидактикалық ойындар
Материалды игеруге даярлық кезінде пайдаланылатын дидактикалық ойындар
Материалды пысықтау кезінде пайдаланылатын дидактикалық ойындар
Игерілген материалды қайталау кезінде қолданылатын дидактикалық ойындар.
Есептік дидактикалық ойындар.
Дидактикалық ойындарға қойылатын талаптар:
1. Әрбір дидактикалық ойындар баланың ақыл-ойын дамытуға пайдалы моральдық қасиетті бекітерлік жаттығулар болуға тиіс;
2. Дидактикалық ойын тиісті міндетті орындау барысында түрлі қиындықты жеңе отырып, ақыл-ой жұмсауды керек ететін қызғылықты да тартымды болуы тиіс;
3. Дидактикалық ойын шешуін іздеп табарлықтай қызғылықты жайлармен ұштасып жатқаны жөн.
Дидактикалық ойынды ұйымдастыру формаларына қойылатын талаптар: (ұжымдық, топтық және даралық таңдау ) ең алдымен балалардың ойлауының даму деңгейін, коммуникативтік іскерліктерді (оқу, жазу), қарым-қатынас іскерлігін қалыптастыру деңгейін нақты есепке алу негізінде анықталады. 5-6 жасар балаларға тән көрнекті-әрекеттік және көрнекті-бейнелік ойлаудың даму ерекшеліктеріне сүйене отырып, мен топтық немесе дара ойындарды пайдалану тиімді деп есептеймін. Мұндай жағдайда тәрбиеші әрбір бала арқылы ойынның мақсатын жүзеге асыруды қамтамасыз ете алады. Ол үшін ойынға қатынасушыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды.Бұл тапсырмалар жазылған карточкалар, сюжетті суреттер, жинақтар, тағы басқа болуы мүмкін: ойынды ұйымдастыру формасына, оның түріне байланысты.
Ойынның құралдарына қойылатын талаптар: ойынның мақсаты, мазмұны және формасы арқылы анықталады. Бұл жағдайда ойынға қатысты әрбір зат (ойыншықтар, материалдар т.с.с) балаларға жақсы таныс болуы керек. Қызыға ойнаған ойын баланың ақылын өсіреді, құмарлығын арттырып қойылған міндетті жөндеп орындауға ұмтылдырады. Дидактикалық ойындардың маңыздылығы да осында - балалардың ынта-ықыласын есепке ала отырып, оқуды қызықты етіп, білім, білік, дағдыны қалыптастыру.
Дидактикалық ойын ойнау барысындағы баланың танымдық әрекетін, қызығушылығын дамытуда қойылатын талаптар:
а) балаларға өзінің қабілетін көрсете білуге мүмкіндік беру;
ә) баланы басқалармен жарыса білуге қалыптастыру;
б) ойын барасында балаға жаңа білім, білік, дағдылардың қайнар көзіне жету;
в) баланың ойын барысында жеткен оның жаңа алған білім, білік, дағдыларымен сәйкес келетіндігі. Дидактикалық ойында балалар әр нәрсеге жақсы зейін қояды және көбірек есіне сақтайды. Ойын үстінде алға қойған мақсатты шұғыл және оңай жүзеге асырады. Ойын шарттарының өзі баладан заттарға, айналатын көріністер мен сюжетке зейін тоқтатуды талап етеді. Егер бала ойын талабына зейін қойғысы келмесе, ойын шарттарын есте ұстамаса, онда оны құрдастары ойыннан шеттетуі ықтимал. Құрбыларымен қарым -қатынас жасау қажеттігі баланы мақсатты түрде зейін қойып, есте сақтауға түрткі болады. Ойын мақсатсыз, бос ермек емес. Мақсаткерлік, ерік-күшін бағындыра білу - жеке басты дамытуға қажетті қасиет.
Осы таңда дүние танымдылықты және сыни ойлау қабілетін қалыптастыруда, математикалық модельдеу идеяларын сезінуде, математикалық сауаттылық жалпы әлемдік сауаттылық ретінде меңгеруде математикалық білім мен біліктіліктің алар орны ерекше. [5]

2.3 Дидактикалық ойын түрлері
Дидактикалық ойындар үш топқа бөлінеді:
1. Заттық дидактикалық ойындар - дидактикалық ойыншықтармен және түрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады.
2. Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар - Лото, Домино және тағы басқа.
3. Сөздік дидактикалық ойындар.
Заттық дидактикалық ойындар. Ойыншықтармен ойнатылатын дидактикалық ойындар кіші топтардан бастап ойнатылады. Мұнда балалар ойыншықтарды қолымен ұстап, көзімен көріп, сипап-сезу арқылы ойнайды. Немесе ойыншық заттарды сипаттауға болады. Мысалы: Доп домалақ. Ол күнге ұқсайды. Доппен біз қызықты ойындар ойнаймыз т.б. Киім түрлерімен ойнатылатын дидактикалық ойындар: Киімдерді балалармен таныстырумен қатар киіну дағдыларын қалыптастыруға үйретеміз. Мысалы: Қуыршақты серуенге шығарайық до ойната отырып киімдерді ретімен киіну және жыл мезгіліне сай киінуге үйретеміз. Заттық ыдыстарды қолдану арқылы жүргізіледі: ыдыстарды қолдана отырып жеке және жалпы атауын айта білуге балаларды үйретеміз. Сонымен қатар, Қуыршаққа тамақ дайындаймыз ойынын ойната отырып ыдыстарды қолданудың әдістерін үйретеміз. Мысалы: қасықты оң қолға ұстаймыз, тарелкені екі қолмен ұстаймыз т.б. Заттық жеміс-жидектерді қолдану: Заттық жеміс - жидектерді қолдана отырып балалармен бірнеше ойындар өткізуге болады. Мысалы: Ғажайып дорба ойынын алатын болсақ, онда жемістер мен көкеністерді сипап-сезу арқылы оның пішінін анықтау, түсін анықтау және атын атауға үйретуге болады. Заттық үй жануарларын қолдану арқылы: Заттық үй жануарларды қолдана отырып балалардың зейінін, есте сақтау қабілетін дамытамыз. Мысалы: Үй және жабай аңдарды ажырат до ойыны арқылы заттық үй жануарларын қолдануға болады. Мұнда балалар жануарларды ажыратып, өз орындарына қолымен ұстап орналастырады. Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар. Үстел - үсті дидактикалық ойындары таңертеңгілік балаларды қабылдау кезінде ойнатылады. Балалардың есте сақтау қабілеті таңертеңгілік уақытта жақсы қабылдайды. Сондықтан заттардың атын жаттау немесе жалғасын табу, құрастыру, орнын табуға байланысты ойын түрлері ойнатылады.
Сөздік ойындар. Суреттер арқылы: суреттермен ойналатын дидактикалық ойындар барлық білім беру саласы бойынша ойнатылады. Суреттер арқылы балалар сөйлем құрастыруға үйренеді. Белегілері бойынша ажыратады. Жалпы атауын айтып үйренеді. Мысалы: до Суретте қай жыл мезгілі бейнеленген? суреттерін алатын болсақ балалар оған қарай отырып өз ойларын білдіреді.
Сонымен қатар, ойынның мынадай түрлері болады:
Ойын - саяхаттар
Ойын - тапсырмалар
Ойын - болжамдар (Не болар еді...?)
Ойын - жұмбақтар
Ойын - әңгіме (Диалог- ойындар)
Ойын - саяхаттар. Ертегіге негізделіп, оны дамыта отырып, ғажайыптарға сенуге үйретеді. Ойын-саяхаттарда шынайы фактімен, іс жүзінде болған оқиғаларды көрсетеді. Бұл ойындардың мақсаты - алған әсерді күшейту, балалардың назарын оларға байқатпай жанындағы заттарға аударту. Бұл ойындар балалардың бойындағы байқағыштық, көру қасиеттерін дамыта отырып берілген ойынның тапсырмасын ой елегінен өткізіп, қиындықты жеңе білуге және белгілі бір нәтижеге жетуге дағдыландырады. Саяхат-ойындар әрқашан әсерлі болып келеді. Сол себептен де, балалардың сюжеттік ойынға деген қызығушылықтарын арттырады. Яғни, ойынның ережесін игеруге және нәтижеге жетуге: тапсырманы шешуге, қандай да бір нәрсені танып-білуге үйретеді. Бұл ойындардағы тәрбиешінің атқаратын рөлі өте маңызды. Тәрбиеші балалармен ойнай жүріп, балалардың тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауабы дайын болуы керек. Саяхат-ойындарда балалардың таным процестерін дамытуда көптеген әдіс-тәсілдер қолданылады: тапсырманың құрылымы, маршрут құру, кезең бойынша тапсырмаларды орындау, әуендер қосу, жұмбақтар, тосын сыйларды қолдану, тапсырманың нәтижесіне қуану. Саяхат- ойындары ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Дидактикалық ойын
Бастауыш сыныпта математика сабағында дидакикалық ойындарды пайдаланудың әдістемелік жүйесі
Қазақ тілі сабағында дидактикалық ойындарды пайдалану
Балаларды субъект етіп қалыптастырудағы дидактикалық ойынның тиімділігі
Бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділіктерін арттырудағы ұлттық ойындардың маңызы
Ойындарды қолданудың теориялық негіздері
Қазақ тілі пәнінде дидактикалық ойындарды қолданудың әдістемесі
Оқыту кезінде оқушылардың білімін қалыптастыруда дидактикалық ойындарды пайдалану
Бастауыш сыныптың оқыту процесі
Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық белсенділігін қалыптастыруда халық ертегілерінің тәрбиелік мәні
Пәндер