Саяси әлеуметтанудың саясаттану ғылымымен байланысы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 33 бет
Таңдаулыға:   
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ФИЛОСОФИЯ ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ

ӘЛЕУМЕТТАНУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС КАФЕДРАСЫ

Әлеуметтану пәні

ДӘРІС САБАҚТАРЫ БОЙЫНША ӘДІСТЕМЕЛІК
НҰСҚАУЛАР

Алматы, 2020

Әлеуметтану пәні
ДӘРІС САБАҚТАРЫ БОЙЫНША ӘДІСТЕМЕЛІКНҰСҚАУЛАР

1. Әлеуметтану ғылым ретінде
Әлеуметтанудың объектісі және пәні. Әлеуметтанудағы әлеуметтік түсінігі.
1. Әлеуметтанулық теориялардың құрылымы. Теориялық және қолданбалы социология. Макро және микро социология.
2. Әлеуметтанудағы теориялық және эмпирикалық мәселесі.
3. Әлеуметтік заңдар және адамдардың әлеуметтік қызметі. Әлеуметтік заңдардың түрлері.
Социология өоғам туралы ғылым. Оны қоғамдық ңылым ретінде негізін қалаған француз ғалымы Огюст Конт ( 1798-1857). Социология философиядан бөлінгенімен қоғамның біртұтастығы, оны дамытатын қозғаушы күштер мен тағы басқа проблемаларды да қарастырды. Оның ішінде қоғам өмірінің барлық жақтарын мемлекет, саясат, құқық,
"Әлеуметтану" термині екі сөзден құралған: латынның socіetas - қоғам және гректің logos - сөз, түсінік, ілім деген сөздерінен. Демек, этимологиялық тұрғыдан алғанда әлеуметтану "қоғам туралы ғылым" немесе "қоғам туралы ілім" дегенді білдіреді. Бірақ бұл біршама абстрактілі ой, өйткені адамзат қоғамы өзінің заңды көріністерімен көптеген қоғамдық ғылымдардың пәні болып табылады. Сондықтан да әлеуметтану пәнін қандай да бір басқа қоғамдық ғылым пәнінен бөлек қарауға болмайды. Ол үшін ең алдымен әлеуметтанудың объектісі мен пәнінің ара жігін ажыратып алған жөн.
Ғылыми таным объектісіне зерттеу қызметі бағытталатынның бәрі, оған объективті шынайылық ретіндегі қарсы тұратын нәрсенің бәрі жатады. Нақты ғылымның зерттеу объектісі туралы әңгіме болғанда объективті шынайылықтың қандай да бір бөлігі тұтас зерттелмейді, сол ғылымның ерекшелігімен анықталатын жағынан бастап қана зерттеледі. Объективті шынайылықтың нақты бөлігінің басқа жақтары бұл жағдайда қосалқы нәрсе ретінде немесе берілген объектінің міндетті шарты ретінде қарастырылады.
Кез келген ғылымның пәні объективті дүниенің жай ғана бір құбылысы немесе процесі емес, оның зерделенетін объектісінің дамуы мен қызмет етуінің басқа ғылым емес, тек қана осы ғылым үшін ерекшеленген белгілі бір заңдылықтарын бөліп қарауға мүмкіндік беретін теориялық абстрактілеу нәтижесі болып табылады. Мұндай абстрактілеу (зерделенетін объектінің үлгісін жасау) әлеуметтік шынайылылықтың әллеуметтанушы қызметі бағытталған "бөлігін", "саласын", "қырларын" анықтайды.
Жоғарыда аталған анықтамаларға жасалған қысқаша шолу барлық көзқарастардың макро не микроәлеуметтанушылық парадигмалармен арақатынаста болатынын көрсетеді. Макро-теоретиктер қоғамның ғаламдық заңдарын ашып көрсетуге талпына отырып қоғамның, мәдениеттің, әлеуметтік институттардың, әлеуметтік жүйелер мен құрылымдардың, ғаламдық әлеуметтік процестердің ұғымдарын пайдаланады. Микротеоретиктер қоғам туралы философияшыл болудан бас тарта отырып, жалпы жеке адамдардың түрлі әлеуметтік жағдайлардағы мінез-құлқын, олардың әрекеттерінің себеп-салдарын, жеке тұлғалар арасындағы өзара әрекет механизмдерін және басқа да нақты мәселелерді зерделеумен шұғылданады.
Осыдан барып әлеуметтануды анықтаған кезде бір-бірінен мүлде бөлек екі көзқарас келіп шығады: бірі - оның пәнін қоғамдық организмнің тұтастығы, әлеуметтік ұйымдар мен жүйелер туралы ғылым ретінде анықтау болса, екіншісі - әлеуметтік процестер мен бұқаралық мінез-құлықтар туралы ғылым ретінде анықтау. Бірінші көзқараста әлеуметтану демографиялық, экономикалық және саяси ғылымдармен ұштасса, екіншісінде әлеуметтік психологиямен ұштасады.
Макроәлеуметтанудың дамуы қазіргі заманғы теориялық әлеуметтанудың қалыптасуына, ал микроәлеуметтанудың дамуы эмпирикалық (қолданбалы) әлеуметтанудың қалыптасуына алып келді деген түсінік бар. Мұндай баға негізсіз емес, бірақ оны толық мәніндегі ақиқат нәрсе деп мойындауға болмайды. Макроәлеуметтануда да, микроәлеуметтануда да теориялық және эмпирикалық деңгей бар. Макроәлеуметтанушылар (Э.Дюркгейм, М.Вебер, Ф.Теннис, П.Сорокин, т.б.) эмпирикалық әлеуметанушылық зерттеулермен белсене айналысқан, ал микроәлеуметтанушылар (мысалы, американ әлеуметтану мектебінің өкілдері) маңызды әлеуметтану - шылық теориялардың негізін қалаған.
Қазіргі микро және макроәлеуметтанудың жақындасуы оның объектісі мен пәнін қазіргі заман тұрғысынан түсіну үшін аса маңызды. Бұл жақындасу макротеоретиктер де, микротеоретиктер де материяның әлеуметтік нысанының алғашқы "клеткасы" болатынын және қоғамды да, нақты адамдардың мінез-құлқын да әлеуметтанушылық талдау ісін содан бастау қажеттігін мойындауда бір-бірімен үндес екендігінен көрінеді.
Теориялық білім - теориялық білімнің әлеуметтанушылық теориялары, болжамдары, типологиялары және т.б. нысандары.
Эмпирикалық білім - эмпирикалық білімнің статистикалық мәліметтері, фактілері, жіктелуі және басқа да нысандары.
Егер де әлеуметтануды "теориялық" және "эмпирикалық" деп бөлу білімнің деңгейімен (теориялық және эмпирикалық) байланысты болса, әлеуметтануды "іргелі" және "қолданбалы" деп бөлу - әлеуметтанудың өзінің ғылыми немесе қолданбалы бағдарларына байланысты. Эмпирикалық зерттеу іргелі әлеуметтанудың да, қолданбалы әлеуметтанудың да шеңберінде жүргізілуі мүмкін. Егер оның мақсаты - теория жасау болса, онда ол іргелі әлеуметтануға жатады. Егер де оның мақсаты - тәжірибелік ұсынымдар жасау болса, онда ол қолданбалы әлеуметтануға жатады. Алатын білімнің деңгейіне қарай эмпирикалық зерттеу шешетін есебінің сипаты бойынша қолданбалы болуы мүмкін. Бұл теориялық зерттеулерге қатысты. Сөйтіп қолданбалы зерттеулер ерекше деңгей жасамайды. Бұл эмпирикалық және теориялық зерттеулердің өзі, бірақ қолданбалы бағытта болады.Әлеуметтану заңдары жалпы әлеуметтану және жеке әлеуметтану болып бөлінеді. Бөлу өлшемдері ретінде заңдармен бейнеленетін объектінің көлемі алынады: қоғам тұтас жүйе немесе қоғамның ішкі жүйесі, оның құрамдас бөлігі ретінде бейнеленеді, пәрмені шағын топтарға, белгілі бір әлеуметтік стратаға, әлеуметтік топқа немесе тапқа және тұтас қоғамға қолданылатын заңдар бар. Жалпы әлеуметтану заңдары - өздігінен дамитын әлеуметтік жүйе ретінде бүкіл қоғамның маңызды байланыстарын көрсететін заңдар. Жеке әлеуметтану заңдары қоғамның құрамдас бөліктерінің маңызды байланыстарын, олардың ішкі дамуы мен қызмет атқаруын, сондай-ақ тұтас әлеуметтік организм ретінде қоғаммен байланысын көрсететін заңдар болып табылады.
Қолданылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиет:
1. Әбдікерова, Г.О. Әлеуметтану, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 132б.
2. Биекенов К.Ү. Әлеуметтану тарихы, Алматы, 2010, 214б.
3. Нұрбекова Ж.А. Отандық әлеуметтану тарихы, Алматы, 2012, 112б.
4. Маулшариф М. Әлеуметтану, Алматы, 2010, 115б.
5. Добреньков В.И. Социология: Краткий курс Добреньков В.И., Кравченко А.И.. М.: Инфра-М., 2008- 231с.
Қосымша әдебиет:
1. Кравченко А.И. Общая социология: учебное пособие для вузов - М.: Юнити, 2007.- 479с.
2. Кравченко А.И. Социология: Учебник для студентов несоциологических специальночтей, естественно-научных и гуманитарных вузов. Кравченко А.И., Анурин В.Ф.- СПб и др. Питер, 2008 -431с.
1. Нурбекова, Ж.А. Социология управления : Учеб.-метод. пособие для студентов гуманит. фак. вузов; КазНУ им. аль-Фараби.- Алматы: Қазақ ун-ті, 2003.- 51, [3] с.

2.ДӘРІС. ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ ТАРИХИ КЕЗЕҢДЕРІ.
1. О.Конт - әлеуметтанудың негізін салушы. Оның қоғамның даму кезеңдерін қарастыруы. Әлеуметтік статика және динамика концепциясы.
2. О. Конттың көзқарастарының Г.Спенсер, Г.Тард, Э.Дюркгейм және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жалғастырылуы.
3. М.Вебер социологиясы.
4. Әлеуметтанудағы құрылымдық-функционализм (Т.Парсонс, Р.Мертон).
5. Қазақстандағы социологиялық ойлардың дамуының кезеңдері мен бағыттары.
Әлеуметтанудың негізін қалаушы О.Конт әлеуметтану пәнін жалпыға ортақ келісім негізін құрайтын тұтас алынған қоғам деп түсінді. Бұл келісім өз кезегінде адамзат тарихының және адамның өз табиғатының бірлігіне сүйенеді. О.Конт оң әлеуметтанушылық білімді табиғи-физикалық процестерге ұқсатып құрды. Әлеуметтануды әлеуметтік физика деп түсіну, оның пәндік саласын әлеуметтік статикаға және әлеуметтік динамика бөлу осыдан келіп шыққан.
Ағылшын философы әрі ғалымы Г.Спенсер әлеуметтануды әлеуметтік институттардың табиғи эволюциясы нәтижесінде ондағы жіктелу тұтасумен ұштасатын әлеуметтік организм ретіндегі қоғам туралы ғылым деп білді.
Неміс кәсіби әлеуметтануының атасы Ф.Теннис әлеуметтанудың өзі жасаған тұжырымдамасы шеңберінде теориялық және қолданбалы әлеуметтанумен қатар салыстырмалы оқу пәні ретінде эмпирикалық әлеуметтануды бөліп қарайды. Ол индуктивтік әдіске сүйенеді және жалпы ұстанымдар ретінде теориялық әлеуметтану ұғымдарын пайдаланады. Ф.Теннистің ойынша, әлеуметтану пәнін әлеуметтіліктің, қоғамдастықтың барлық түрлері және олардың негізін адамдардың өзара әрекеті құрайды.
Француз әлеуметтану мектебінің негізін қалаушы Э.Дюркгейм үшін дербес және ерекшеленген ғылым ретіндегі әлеуметтанудың пәні әлеуметтік фактілерді зерделеу болды, оларды "заттар ретінде", қоғамдық тұтастықты нығайтатын наным, ұжымдық сана жүйесіне қатысты функционалдылық көзқарасы тұрғысынан түсіндірілуге тиіс нәрсе ретінде қарастыру қажет.
Неміс әлеуметтанушысы М.Вебердің көзқарасы бойынша, әлеуметтану пәнін анықтау әлеуметтік мінез-құлықты түсінумен тығыз байланысты. М.Вебер үшін әлеуметтану пәні дегеніміз әлеуметтік іс-әрекеттердің мән-мағынасының, әлеуметтік қарым-қатынастар мәнінің және олардың әрекет субъектісіне арналған құрылымдарының тұтас жиынтығы. Бұл позитивтік-баяндаушы емес, түсінікті әлеуметтану болуға тиіс.
Әлеуметтану пәні туралы американ әлеуметтанушысы П.Сорокиннің түсініктері қызықты. Ол барлық ғылымдарды үш топқа - объективті нақты өмірдің органикалық бөлігін зерделеумен шұғылданатын ғылымдарға, органикалық емес бөлігі және "органика үстілік" немесе әлеуметтік мәдени бөлігін зерделейтін ғылымдарға бөледі. Объективті шынайылықтағы органикалықтан тыс феномендер саласын адамның ментальдік, ойлау қызметінде көрініс табатын әлеуметтік феномендер құрайды. Бұл салаға тіл, ғылым мен техника, дін, философия, өнер, құқық, этика, адамдардың әдет-ғұрыптары мен мінез-құлықтары жатады. Әлеуметтану ғылымдардың үшінші тобына кіреді және органикалықтан тыс феномендер үшін ортақ нәрселерді зерделейді. Сонымен әлеуметтану барлық категориядағы әлеуметтік феномендер, сондай-ақ оларды біріктіретін қарым-қатынастар мен өзара байланыстар туралы жалпы ғылым болып табылады.
Американ әлеуметтануының классигі Т.Парсонс әлеуметтануды мінез-құлықтардың өзара іс-әрекеттері мен атқаратын рөлдерінен - құндылықтардың жалпы иерархиясына бағытталған өзара іс-қимылдардан тұратын, мәдени үлгілер, ережелер мен мәртебелердің институциялануына негізделетін құрылымдарға сүйенетін, әлеуметтік жүйелерді зерделейтін ғылым деп біледі.
Символикалық интеракционизмнің негізін қалаушы Дж. Г.Мид әлеуметтану жануарлардың мінез-құлқынан принципті түрде өзгеше болатын адам мінез-құлқының механизмін түсінуге тырысуы тиіс деп есептейді. Әлеуметтік өзара әрекет механизмін оның барлық деңгейлері мен мән-мағынасы бойынша барабар түсіну міндетін жеке тұлғаның ішкі дүниесі мен оған себепші болатын факторларды түсінген жағдайда ғана шешуге болады. А.Шюцтің пайымдауы бойынша, әлеуметтану пәні "интерсубъективтіліктің", яғни жеке адамдар бірін-бірі қалай түсінетіндігінің, дүние туралы жалпы қабылдау мен жалпы түсінік қалай қалыптасатындығының проблемасы болып табылады. Шюцтің интерсубъективтілікті талдаулары кәдуілгі білімнің әлеуметтанушылық іргетасын - феноменалдық әлеуметтанудың бүгінгі таңдағы неғұрлым толық жасалған тұжырымдамаларының бірінің іргетасын қалады.
Қазақстанда әлеуметтану көзқарастарының қалыптасу негіздері
Қазақстандағы әлеуметтік ой қалыптасуының қазақ халқының қоғамдық және әлеуметтік болмысының, дүниетанымының, әлеуметтік құндылықтар жүйелерінің айрықша нысандарына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік және әлеуметтік-саяси ілімдер қалыптасуының объективті шарттары мынадай факторлар болды:
1) рухани көтерілу - мәдениет, тарих, жаратылыстану, әдебиет өркендеді, сондай-ақ халықтың саяси және әлеуметтік санасы сапалық жаңа деңгейге көтерілгені атап өтілді;
2) әлеуметтік-саяси даму - Қазақ - стан - дағы патшалық отаршылдық саясат әкімшілік, сот нормалары арқылы қоғамдық құрылымның дәстүрлік нысанының өзгеруіне әкеп соқты.
ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанның қоғамдық ойында қазақ ағартушылығы қалыптасты, оның жарқын өкілдері Шоқан Уәлиханов (1835-65), Абай Құнанбаев (1845-1904), Ыбырай Алтынсарин (1841-89) болды. Қазақ ағартушылығының философиялық мұрасы Қазақстан ғылымында кеңінен зерттелген, онда қазақ ағарту ісінің екі кезеңі қарастырылады:
1. Классикалық кезең - Ш.Уәлихановтан, А.Құнанбаевтан және Ы.Алтынсариннен бастау алады;
1. Дамыған ағарту ісі кезеңі. Оның өкілдері: М.Сералин, С.Торайғыров (1893-1920), С.Дөнентаев.
Әлеуметтанудың біршама бой көтеруі ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында "хрущевтік жылымық" дейтін кезеңде ғана атап өтілді. 1962 жылы Кеңестік әлеуметтанушылар қауымдастығы құрылды, ол әлеуметтанудың ресми институттануын білдіретін еді. Мәскеу және Ленинград университеттерінің философия факультеттерінде әлеуметтану лабораториялары құрыла бастады (Ю.В.Арутюнян және В.А.Ядов), 1960 жылы КСРО ҒА Философия институтында әлеуметтану бөлімі ашылды, оны Г.В.Осипов басқарды. 1968 жылы Нақты әлеуметтік зерттеулер институты және оның басқа қалалардағы бөлімдері жұмысын бастады. Қазақстанда 1964 жылы ҚазКСР ҒА Құқық философиясы институтының жанындағы қылмыстың әлеуметтік-психологиялық проблемаларын зерделеу жөніндегі топ ұйымдастырылды, оны заң ғылымдарының кандидаты У.Жекенбаев басқарды. Топ қылмыс әлеуметтануы саласындағы проблемалармен шұғылданды. Ғылыми өмірдегі маңызды оқиға КСРО-ға Батыстың көрнекті ғалымдары Р.Аронның, Р.Мертонның, Т.Парсонстың келуі болды (1958-64).
1970-ші жылдары Қазақстанда мына бағыттар бойынша бірнеше әлеуметтанулық топтары құрылып, жұмыс істеді:
* ұлттық қатынастардың дамуын басқару проблемаларын зерделеу жөніндегі топ (1970), жетекшісі - М.М.Сужиков;
* ғылыми-техникалық революцияның (ҒТР) рухани-идеологиялық салдарларын зерделеу жөніндегі топ (1974), жетекшісі - В.А.Черняк;
* Қазақ политехникалық институты жанындағы өнеркәсіптік әлеуметтану лабораториясы (1975), жетекшісі - М.Б. Батырбеков.
Осы даму кезеңінде әлеуметтану маркстік әдістеме шеңберінде белгілі бір тәжірибе жинақтады. Осы жылдарда қазақстандық авторлардың - С.Н.Соскин, А.А.Рогачев, У.М.Ысқақов, А.Ш.Алтаев, Н.А.Аитов сияқты ғалымдардың әлеуметтанулық зерттеулерінің нәтижелері бойынша алғашқы ғылыми еңбектері, социалистік қоғамның, еңбек ұжымының, қала мен ауылдың әлеуметтік құрылымы проблемаларын зерделеуге әлеуметтанушылық зерттеулер әдістерін қолдану жөніндегі әр түрлі әдістемелік ұсынымдары жарыққа шықты. Л.А.Байдельдиновтің, Ө.К.Шеденовтің, Д.А.Дорждың және т.б. еңбектерінде әлеуметтану ғылымының қолданбалы жақтары қарастырылды. Әлеуметтанудағы жеке тұлғаның проблемалары Ғ.Ғ.Ақмамбетовтің, Т.М.Дәуітовтің және т.б. еңбектерінде қаралған.
Қаз КСР Ғылым академиясының жанындағы әлеуметтану секциясы жұмыс істеген қысқа мерзім ішінде әлеуметтануға арналған зерттеулердің тұтас сериялары жүргізілді, олардың нәтижелері В.А.Сапрыкиннің, В.А.Черняктің, Т.С.Сәрсенбаевтің және т.б. монографияларында көрсетілген. Бұл жұмыстардың құндылығы әлеуметтану зерттеулерінжасағанында. Зерттеушілер бір мезгілде әлеуметтануға арналған зерттеулердің бірнеше әдістерін қолданған. В.А.Черняк өзінің әлеуметтанулық зерттеулерінің материалдары негізінде атеизм әлеуметтануының негізін салушы болды, оның зерттеулерінің әдістемесі мыналарды қамтыды: 1) халықтың мәдениеті мен тұрмысын іріктеп тексеру; 2) құдайға мінәжат ету орындарына еніп бақылау; 3) әлеуметтік ақпаратты айқындау, белгілеу жөніндегі іс-шаралар кешені, оның ішінде, біздің көзқарасымызша, фокус топтық зерттеу; 4) құжаттарды - қолжазба материалдарды, мұрағат көздерін, мерзімді баспасөзді зерделеу; 5) қоғамдық пікірді зерделеу. Аталмыш зерттеулер көпфакторлы сапалық және сандық сипаттамаларымен ерекшеленді, бұл қазіргі заманғы жаппай қолданылатын сауалнама жүргізу әдістерімен салыстырғанда өзіне назар аудартады. Алайда әлемдік әлеуметтану практикасынан, атап айтқанда, американдық зерттеу әдістерінен бойды аулақ ұстау ғалымдарды зерттеулерге өте сақтықпен қарауға және жүргізетін зерттеулеріне маркстік дәйектеме келтіруге мәжбүр етті, бұл зерттеулердің сандық әдістерін, олардың инструментарийлерін жасауға және мәліметтерді өңдеуге қиындық туғызды.
Бұл кезеңде Қазақстан ғылымында қоғамның әлеуметтік құрылымын зерделеудің әдіснамалық негіздері қаланды, ол 90-шы жылдары әлеуметтану ғылымы шеңберінде одан әрі дами түсті.
Жоғары оқу орындарындағы әлеуметтанудың қалыптасуы мен дамуында 1996 жылы әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор К.Ғабдуллинаның жетекшілігімен құрылған "Әлеумет - тану - шылар академиясы" әлеуметтану орталығы үлкен рөл атқарды.
Қазақстандық әлеуметтанудың дамуы мен қалыптасуына Нариман Әбдірахманұлы Аитов ерекше үлес қосты. Ол ондаған ғылыми еңбектер, алғашқы жаңа буын оқулықтарын жазған. А.Ә.Аитовтың жаңа еңбектерінің бірі - "Тең емес адамдардың теңдігі" маркстік және қазіргі заманғы әдіснаманың өзіндік ара жігін ашушы болды.
Қолданылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиет:
1. Әбдікерова, Г.О. Әлеуметтану, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 132б.
Әбдірайымова Г.С. Жастар социологиясы, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 166б.
2. Биекенов К.Ү. Әлеуметтану тарихы, Алматы, 2010, 214б.
3. Нұрбекова Ж.А. Отандық әлеуметтану тарихы, Алматы, 2012, 112б.
4. Маулшариф М. Әлеуметтану, Алматы, 2010, 115б.

Қосымша әдебиет:
1. Бачинин В.А. История западной социологии. Учебник. СПб.: Лань, 2002. - 383
2. Голенкова З.Т. История социологической мысли в странах Центральной и Восточной Европы. М., РУДН, 2003. - 235 с.
3. Гофман А.Б. 7 лекций по истории социологии. М.: Университет: Высшая школа, 2003. - 237 с.
4. Кравченко А.И. История зарубежной социологии. М.: Культура: Академический проект, 2005. - 701 с.

3.Дәріс. Қоғам әлеуметтік жүйе ретінде.
1. Әлеуметтанудағы жүйелік талдау түсінігі.Әлеуметтанудағы қоғам және жүйе түсінігі.
2. Әлеуметтік құрылым және әлеуметтік жүйе түсінігі. Әлеуметтік құрылымның негізгі элементтері.
3. Қоғамға әлеуметтік жүйе ретінде категориялық талдау: әлеуметтік қауымдастық, әлеуметтік ұйым, әлеуметтік институт.
4. Социеталды және әлеуметтік жүйе түсінігі.

Қоғам ұғымы, әлеуметтанудың басты категорияларының бірі болып табылады.
Қоғамның анықтамасын бермес бұрын "табиғат" пен "қоғам" сияқты кең ұғымдарды шектеу, олардың ара жігін айқындап алу қажет. Бұл әлеуметтік-философиялық проблеманың дұрыс шешілуінің әлеуметтану үшін басты, әдістемелік маңызы бар.
Біз, әдетте, адам, қоғам - табиғаттың бір бөлігі деп жиі айтамыз және оның негізі бар. Бұл жерде "табиғат" ұғымы бүкіл дүниенің, барлық шынайылықтың (органикалық және бейорга - никалық дүниенің, адамның, қоғамның) табиғи бірлігін білдіретін аса кең мағынасында қолданылады. "Қоғам - табиғаттың бір бөлігі" деген тезис мына бір фактіні растайды: адам, демек қоғам да табиғаттан пайда болады; адам - басқа жанды тіршілік иелерімен ортақ қасиеттері көп және табиғат заңдарына бағынатын биологиялық тіршілік иесі; адам баласы тірі табиғат дамуының жоғары сатысы болып табылады; қоғам табиғи ортамен органикалық байланыста және тығыз қарым-қатынаста болады және табиғаттан тыс және одан қол үзіп өмір сүре де алмайды, дами да алмайды; табиғат та, қоғам да өз дамуында ортақ іргелі заңдарға бағынады және т.с.с.
Қоғам тұтас жүйе ретінде мынадай ішкі жүйелерден тұрады: экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық. Бұлардың әрқайсысын өз кезегінде жүйе ретінде қарастыруға болады. Бұл ішкі жүйелерді әлеуметтік жүйенің өзінен ажыратып қарау үшін оларды социетальдық деп атайды. Бұл жүйелер арасындағы өзара қарым-қатынаста себеп-салдар байланыстары басты рөл атқарады. Мұның өзі осы жүйелердің әрқайсысы өз бетінше өмір сүрмей, басқа жүйелермен себеп-салдарлық тәуелділікте болатынын білдіреді. Бұл жүйелердің барлығы иерархияланған құрылымды білдіреді, яғни олар тізбектелген тәртіппен субординация, бағыныøтылық арақатынаста болады. Сөйтіп, бұл жүйелердің алдыңғылары кейінгілеріне анықтаушы ықпал етеді, ал олар өз кезегінде алдыңғысына кері ықпал жасайды.
Әлеуметтік байланыстардың сипаты мен түрі алдыңғы қатарға шыққан жағдайда қоғам әлеуметтік жүйе ретінде мынадай ішкі жүйелерді қамтиды: әлеуметтік қауымдастықтар, әлеуметтік топтар, әлеуметтік институттар мен ұйымдар, әлеуметтік рөлдер, нормалар және құндылықтар. Олардың әрқайсысы бұл жерде де өзінің ішкі жүйелері бар айтарлықтай күрделі әлеуметтік жүйелерді білдіреді.
Материалды қорыту деңгейі бойынша қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде зерттеудің өзара байланысты үш қыры бар:
а) "жалпы қоғамды" зерттеу, яғни қоғамның жалпылама, әмбебап қасиеттерін, байланыстары мен ахуалдарын (әлеуметтік философиямен тығыз байланыста және оның жетекші рөлімен бірге) бөліп көрсету;
ә) қоғамдардың нақты-тарихи түрлерін, өркениеттің даму сатыларын зерттеу;
б) жеке нақты қоғамды, яғни нақты өмір сүретін елдер мен халықтар қоғамдарын зерттеу.
Әлеуметтік қауымдастықтар теңсіздігі жүйесін сипаттау үшін әлеуметтануда "әлеуметтік стратификация" ұғымы пайдаланылады. "Стратификация" терминінің өзі әлеуметтануға геологиядан келген. Ағылшын тілінде "strata" немесе "stratum" сөзі алғашында геологиялық қабат деген, ал "stratіfісatіon" сөзі қабатталу, қатталу деген ұғымды білдірген. Әлеуметтанушылар әлеуметтік теңсіздікті белсенді түрде зерттей бастаған кезде осы терминді алған, сөйтіп ол жаңа мағынаға, қоғамды белгілі бір топтарға бөлу мағынасына ие болған. Қоғамда әртүрлі құрылым болатындықтан, ондағы адамдар түрлі негіздер бойынша жіктеліп отыратын болған.
Қолданылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиет:
1. Әженов М.С. Қоғамның әлеуметтік құрылымы: Алматы: Қазақ ун-ті, 2002
2. Әбдірайымова Г.С. Жастар социологиясы, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 166б.
3. Биекенов К.Ү. Әлеуметтану тарихы, Алматы, 2010, 214б.
4. Маулшариф М. Әлеуметтану, Алматы, 2010, 115б.
Қосымша әдебиет:
1. Кравченко А.И.Социология: Хрестоматия для вузов-М.; Екатеринбург: Академический проект: Деловая книга, 2010.-734с.
2. Волков Ю.Г. Социология. Учебник для студентов узов; Под ред. В.И. Добренькова.2-е издание. - М.: Социально-гуманитарное издание.; Рн Д: Феникс,2007-572 с.
3. Горелов А.А. Социология в вопросах и ответах. - М.: Эксмо, 2009.-316 с.
4. Добреньков В.И. Социология: Краткий курс Добреньков В.И., Кравченко А.И.. М.: Инфра-М., 2008- 231с.

МОДУЛЬ 2. АРНАЙЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТЕОРИЯЛАР.
4 ДӘРІС. ТҰЛҒА ӘЛЕУМЕТТАНУЫ.
1. Тұлға әлеуметтік қарым-қатынастың объектісі және субъектісі ретінде. Адам, индивид, тұлға. Тұлға құрылымы.
2. Тұлға әлеуметтенуі түсінігі. Әлеуметтену процесіндегі макро және микро ортаның арақатынасы.
3. Тұлғаның қайта әлеуметтенуі түсінігі.
4. Әлеуметтенудің дұрыс жүрмеуі. Адамдардың девиантты мінез-құлығын анықтау мәселесі.
Әлеуметтік өзара іс-қимылдар мен қарым-қатынастардың ұйытқысы жеке тұлға болып табылады. Адам тұлғасын зерделегенде оның көріністерін мынадай деңгейлерге бөлу қалыптасқан:
- табиғи деңгей - адамның өзінде бар және оған басқа адамдардың ықпалынсыз дамитын деңгей;
- биологиялық деңгей - шығу тегі бойынша ортақ болуы, бүл орайда адамның жануармен ұқсас болуы міндетті емес;
- мұрагерлік деңгей - ата-аналарының тектік қорының негізінде тіршілік етіп дамитын деңгей; ол биологиялық (бірақ биологиялықтың бәрі мұрагерлік емес);
- әлеуметтік деңгей - адамның әлеуметтену, басқа адамдармен араласуы мен өзара іс-қимылы барысындағы деңгей.
Әлеуметтік көрініс кең мағынасында үш құрамдас бөліктен тұрады [9]:
- өзіндік әлеуметтік - өзінің әлеуметтік рөлдерін қалыпты атқаруға қажет деген белгілер жиынтығы;
- ерекшеленген мәдени - автоматты түрде сақталатын, жеке адамның ажырамас белгісіне айналған және басқалардың оны тәрбиелі деп санауына мүмкіндік беретін әдептілік мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жиынтығы;
- ізгі - адамдағы әдеп нормаларын ең жоғары талаптар ретінде сақтауға байланысты әлеуметтік және мәдени бастамалардың жарқын көрінісі.
Бұлайша тәптіштеу "адам", "жеке адам" және "тұлға" ұғымдары - ның аражігін ажырату үшін қажет. "Адам" ұғымы жалпыға ортақ, ол барлық адамдарға тән сапалар мен қасиеттерді сипаттау үшін пайдаланылады. Бұл ұғым дүниеде өзіне ғана тән тіршілік ету тәсілімен басқа барлық материалдық жүйелерден өзгеше адам әулеті, адамзат сияқты ерекше тарихи дамушы қауымдастықтың бар екенін көрсетеді. Осынау тіршілік ету тәсілінің арқасында адам тарих дамуының барлық сатысында, жер шарының барлық нүктелерінде адам баласы болып қалады, онтологиялық мәртебесін сақтайды.
Бірақ адамзат өз бетінше өмір сүрмейді. Өмір сүретін де, әрекет ететін де нақты адамдар. Адамзаттың жеке өкілдерінің өмір сүруі жеке адам деген ұғыммен көрсетіледі. Жеке адам - адамзаттың жеке дара өкілі, оның барлық әлеуметтік және психологиялық белгілерінің: ақыл-ойының, ерік-жігерінің, қажеттіліктерінің, мүдделер және т.б. иесі. "Жеке адам" ұғымы бұл арада "нақты адам" мағынасында қолданылады. Адамның жеке басының және тарихи дамуының түрлі деңгейлеріндегі нақты-тарихи даму ерекшеліктерін көрсету үшін "жеке адам" ұғымымен қатар "тұлға" ұғымы пайдаланылады. Тұлға - жеке адам дамуының нәтижесі, оның барлық адамдық қасиеттерінің неғұрлым толық жүзеге асуы.Тұлға бірқатар гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Философия тұлғаны дүниеде қызмет ету, таным және шығармашылық субъектісі ретінде қарастырады. Психология тұлғаны психикалық процестердің, қасиеттердің және қарым-қатынастардың: темпераменттің, мінездің, қабілеттің, ерік-жігердің және т.б. орнықты тұтастығы ретінде зерттейді. Әлеуметтану көзқарасы тұлғаның әлеуметтік-типтік белгісін бөліп қарайды.
Әлеуметтану проблемаларының бірі тұлғаны құрылымдық талдау болып табылады. Тұлғаның әлеуметтік құрылымы жеке адамның әр алуан қызметі барысында, өзі кіретін қауымдастықтар мен бірлестіктердің ықпалымен қалыптасатын және қызмет атқаратын объективті және субъективті қасиеттерінің жиынтығын қамтиды. Тұлғаның құрылымында мыналар бөліп қаралады:
1) өмір салты мен еңбек, қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық, отбасылық-тұрмыстық сияқты қызметтерде көрінетін әлеуметтік сапаларды жүзеге асыру тәсілі;
2) тұлғаның объективті әлеуметтік қажеттіліктері. Тұлға - қоғамның органикалық бөлігі, сондықтан оның құрылымы негізінде қоғамдық қажеттіліктер орын алады. Басқаша айтқанда, тұлғаның құрылымы қоғамдық тіршілік иесі ретінде адамның дамуын анықтайтын объективті заңдылықтармен айқындалады. Тұлға бұл қажеттіліктерді ұғынуы да, ұғынбауы да мүмкін, бірақ та ол қажеттіліктер тіршілік етуін, өмір сүруін тоқтатпайды және тұлғаның мінез-құлқына айқындық енгізіп отырады;
3) шығармашылық қызметке қабілеттілік, білім, дағды жатады. Қалыптасқан тұлғаны қалыптасудың бастапқы сатысындағы жеке адамнан айырып көрсететін де оның дәл осы шығармашылық қабілеттері;
4) қоғамның мәдени құндылықтарын игеру дәрежесі, яғни тұлғаның рухани жан дүниесі;
5) тұлға басшылыққа алатын ізгілік нормалары мен принциптері. Сенімдер - адам мінез-құлқының басты бағытын анықтайтын ең терең принциптер. Сенімдер тұлғаның тұлғалық құрылымының өзегін құрайтын объективті қажеттіліктерді сезінуімен байланысты.
Әлеуметтануды бірінші кезекте ортақ мәселе қызықтыратын болғандықтан, жеке адамға қатысты әлеуметтанудың түбегейлі проблемаларының бірі - әлеуметтену процесі болып табылады. "Әлеуметтену" ұғымы жалпылама түрде жеке адамның әлеуметтік топ пен жалпы қоғамға тән мәдениет ұғымына кіретін және жеке адамның қоғамдық қарым-қатынастардың белсенді субъектісі ретінде қызмет атқаруына мүмкіндік беретін белгілі бір білім, норма, құндылық, ұстаным, мінез үлгілері жүйелерін меңгеруі процесін сипаттайды.
Әлеуметтенуден бейімделуді (жаңа шарттарға үйренудің уақыт бойынша шектелген процесі), оқытуды (жаңа білім алу), тәрбиені (әлеуметтендірудің агенттері мен институттарының жеке адамның рухани аясы мен мінез-құлқына мақсатты түрде ықпал етуі), есеюді (адамның 10 жастан 20 жасқа дейінгі кезеңде әлеуметтік психологиялық қалыптасуы) және ержетуді (адам организмінің жеткіншектік және жастық шағындағы нығаюының физикалық-физиологиялық процесі) ажырата білу қажет.
Әлеуметтену процесі негізгі өмір тізбектері деп аталатын сатылардан өтеді. Бұл балалық, жастық, ересектік және қарттық шақ. Әлеуметтену процесін нәтижеге жетуі немесе аяқталуы бойынша балалық пен жастық кезеңдерді қамтитын бастапқы, немесе ерте әлеуметтенуге және басқа екі кезеңді қамтитын жалғасқан әлеуметтенуге бөлуге болады. Өмір тізбектері әлеуметтік рөлдердің алмасуымен, жаңа мәртебеге ие болумен, зиянды әдеттерден, айналасындағылардан, достық байланыстардан бас тартумен, өмір салтын өзгертумен байланысты. Ескі құндылықтарды, нормаларды, рөлдер мен мінез-құлық ережелерін ұмыту кері әлеуметтену деп аталады.Содан кейінгі ескі құндылықтардың орнына жаңа құндылықтарға, нормаларға, рөлдер мен мінез-құлық ережелеріне үйрену қайта әлеуметтену деп аталады.
Әлеуметтенудің мәні адамды өз қоғамының мүшесі етіп қалыптастыратындығында. Кез келген қоғам өзінің әлеуметтік, мәдени, діни, этикалық мұраттарына барынша сай келетін адамның белгілі бір типін қалыптастыруға тырысып келген және тырысады. Алайда бұл мұраттардың мазмұны тарихи дәстүрлерге, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуға, қоғамдық және саяси құрылымға қарай әр түрлі болады. Дей тұрғанмен, қазіргі заманда қоғамның толыққанды мүшесінің мұраты көп, жалпы немесе әр түрлі қауымдастықтар үшін азды-көпті үйлесетін сипаттамасы бар екенін айтуға болады. Соған сәйкес әлеуметтену процесі де әр түрлі қоғамдарда белгілі бір ерекшеліктерді сақтай отырып, әмбебап және үйлесімді сипаттамаға ие болады, бұл ғаламдық, жалпы планеталық және жалпы әлемдік тенденциялармен (кенттену мен ақпарат - тандырудан экологиялық және демографиялық үрдістерге дейін) байланысты.
Қолданылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиет:
1. Абдикерова, Г.О. Қазіргі қоғамдағы тұлға. Алматы, Қазақ университеті, 2012, 124б.
2. Абдикерова, Г.О. Тұлғаның саяси әлеуметтенуіАлматы: Қазақ ун-ті, 2002
3. Әбдірайымова Г.С. Жастар социологиясы, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 166б.
4. Биекенов К.Ү. Әлеуметтану тарихы, Алматы, 2010, 214б.
5. Маулшариф М. Әлеуметтану, Алматы, 2010, 115б.
Қосымша әдебиет:
1. Горшков, М.К. Прикладная социология : Учеб. пособие для вузов - М.: [ЦСП], 2003.- 309, [1] с.
2. Мельникова, И. В. Экономическая социология : (Учеб. пособие М-во образования и науки РК, Семипалат. гос. ун-т им. Шакарима.- Семипалатинск: Тенгри, 2001.- 62 с.
3. Добреньков В.И., Кравченко А.И. Фундаментальная социология М.,2003.

5 Дәріс. Саясиәлеуметтануы.
1. Саяси әлеуметтанудың зерттеу объектісі, пәні.
2. Саяси әлеуметтанудың саясаттану ғылымымен байланысы.
3. Саяси әлеуметтену, негізгі агенттері, кезеңдері.

Саясат (грекше polіtіka - мемлекеттік және қоғамдық істер) - қоғамның ұйымдасқан және реттеуші-бақылаушылық ортасы, басқа салалар жүйесіндегі біршама автономды және негізгі экономикалық, идеологиялық, құқықтық, мәдени шаралар.
Саясат екі негізгі қызметі бар табиғи-тарихи процестің маңызды факторы: қоғамның жалпылама ұйымдастырушылық бастамасы және оның нақты реттеуші-бақылаушылық саласы немесе жүйесі ретінде; өмірдегі іс-әрекетті, адамдар қатынасын, қоғамдық топтарды, таптарды, ұлттарды, халықтар мен елдерді бағыттаушы қызметінде. Қоғамдағы саясаттың рөлі оның үш ерекшелігімен негізделген: әмбебаптылығымен, бәрін қамтушылық сипатымен, іс жүзінде қоғам өмірінің барлық жағына ықпал ету қабілетімен, яғни мемлекеттен басталып адам мінезінің жеке белгілерімен аяқталады; ішіне кіре алу қабілеті, яғни шексіз түрде кіре алу мүмкіндігі мен оның нәтижесі; атрибуттылығы, яғни саяси емес және қоғамдық құбылыстармен, қатынастармен және салалармен үйлесе алу қабілеті.Саясат - жеке адамдардың өмір сүру саласын нормалар, мораль, дәстүр, әдет-ғұрып негізінде реттеу мен қалыптастыру мүмкін болатын даму сатысында пайда болатын әлеуметтік өмірді реттеудің ерекше бір түрі. Ол қоғамдастықтың бүтіндігін сақтау және қызмет етуі үшін жалпылама айыптау мен ұялту арқылы емес, ерекше құралдармен іске асырылатын күш көрсету, қинау т.б. арқылы талап етіледі. Саясатпен байланысты мәселелердің барлығы білім саласын, ғылымдар кешенін өзіне қамтиды. Саяси әлеуметтану әлеуметтанудың бір саласы ретінде, саяси саланың қоғамның басқа салаларымен, саяси институттардың басқа әлеуметтік институтармен қарым-қатынасын, мемлекет, саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, қозғалыс-тармен т.б. тікелей байланысты мәселелерді зерттейді.
Макроәлеуметтану деңгейі өз назарын ірі көлемді саяси құбылыстар мен процестерге, саяси құрылымдар мен саяси институттарға шоғырландырады және жалпы ғылыми, жалпы әлеуметтанушы әдістерді (диалектиканың, құрылымдық функциона - лизм - нің жүйелі амалы, т.б.) қолдануымен ерекшеленеді.
Микроәлеуметтану деңгейі эмпирикалық зерттеулерге арқа сүйеуші күнделікті саяси өмірге, жеке адамдар мен топтардың саяси мінез-құлқына бихевеоризм, этноәдіснама, әлеуметтік айырбас және т.б. тұрғысынан бет бұруды меңзейді.
Саясаттың негізгі сәті ретінде таптар, ұлттық қоғамдар, басқа да әлеуметтік топтар мен мемлекеттер арасындағы саяси билігі бойынша қатынастар алға шығады. Бұл қатынастар нақтылы құбылыс ретінде саясаттың негізгі мазмұнын құрайды және оның айналасында қоғамда болып жататын саяси процестердің өзге де элементтері топтасып, дамиды және бірін-бірі ауыстырады.
"Саясат" әлеуметтік субъектілер арасындағы саяси билік бойынша қатынастарды бейнелейді. Осыған байланысты қоғамның нақтылы саяси өмірін зерттейтін саяси әлеуметтану саяси қатынастар әлеуметтануы ретінде көрініс береді, оның көлеңкесі арқылы саяси құбылыстардың байланыстары мен өзара әрекеттесулерінің алуан түрлілігі қарастырылады.
"Саяси әлеуметтану", "саяси қатынастар әлеуметтануы" және "саясат әлеуметтануы" ұғымдарының өзара айырмашылықтары бар. Соңғысы әлеуметтанушы білім саласының мәртебесін анықтау үшін аса кең ұғым болып табылады. Бұл жәйт саясаттың қоғамның өмір сүру саласының барлық саласына, мысалы экономика саласына қатыса алуымен байланысты. Бұл жерде "саяси әлеуметтану" ұғымын пайдаланған дұрыс деп есептелінеді, өйткені мұндай жағдайда әлеуметтанушы білім тек саяси салаға қатысты болады.
Саяси қатынастар әлеуметтануына билік үшін күрес пен қоғамдық өмірде орнығып қалған нысандарды іске асыруды түсіндіруші және құбылыстардың объективті алғышарттары мен олардың қоғам өміріне әсеріне назар аударушы әлеуметтанудың оңашаланған бөлігі жатады. Саяси әлеуметтану әлеуметтік-саяси қатынастардың теориялық негізін құрайды. Саяси қатынастар әлеуметтануы ұғымын ғылыми айналымға Ю.Хохфельд енгізді. Ол оны "саясат әлеуметтануы" және "саяси әлеуметтанудың" синонимі ретінде түсінді.
Бұлай түсіну қазіргі заманғы әлеуметтану ғылымында жалпылама қалыптасқан. Сонымен, саяси әлеуметтану немесе саясат әлеуметтануы дегеніміз - саяси институттар мен процестерді әлеуметтік құбылыс, қоғамдық қатынастардың бір бөлігі ретінде, басқа да әлеуметтік процестермен өзара әрекеттесудің факторы ретінде зерттейтін әлеуметтану ғылымының (білімнің) саласы.
Қолданылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиет:
1. Абдикерова, Г.О. Тұлғаның саяси әлеуметтенуі, Алматы: Қазақ ун-ті, 2002
2. Әбдікерова, Г.О. Әлеуметтану, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 132б.
3. Биекенов К.Ү. Әлеуметтану тарихы, Алматы, 2010, 214б.
4. Маулшариф М. Әлеуметтану, Алматы, 2010, 115б.
Қосымша әдебиет:
1. Бурдье П. Социология политики. Пер. с фр., М., 1993.
2. Добреньков В.И., Кравченко А.И. Фундаментальная социология М.,2003.

6 Дәріс. Девиантты мінез құлық әлеуметтануы
1. Теріс мінез-құлық ғылымдардың зерттеу пәні ретінде. Девиантты және делинквентті ұғымдар.
2. Ч. Ломброзо мен У. Шелдонның девиантты мінез-құлық концепциялары.
3. Э.Дюркгеймнің аномия теориясы. Р. Мертонның девиацияны зертеуі.
4. Қоғамдағы бақылауды зерттеу мен оның әдістері.
Әлеуметтенудегі девиантты мінез-құлық тұжырымдамасын қалыптастырған француз әлеументтанушысы Эмиль Дюркгейм. Ол әлеуметтік девиацияны түсіндіру үшін аномия тұжырымдамасын ұсынды. Аномия термині француз тілінен аударғанда ұжымның, заңның болмауы. Ал, Роберт Мертон мінез-құлық ауытқушылығының себебін қоғамның мәдени мақсаттары мен оған жетудің әлеуметтік мақұлданған жолдарының арасындағы үйлеспеушілік деп түсіндіреді.
Девиантты мінез-құлықтың сыртқы физикалық жағдайларына климаттық, геофизикалық, экологиялық факторларды енгіземіз. Мысалы, шу, геомагниттік, өзгеріс, таршылық, т.б жағдайлар үрей туғызып агрессивті және басқа да қажетсіз мінез-құлықтың көрінуінің бір себебі болады. Сонымен бірге әлеуметтік орта әсерлері де өз ықпалын тигізеді:
:: қоғамдық үрдістер (әлеуметтік-экономикалық жағдай, мемлекеттік саясат, салт дәстүр, бұқаралық ақпарат құралдары, т.б.);
:: тұлға бар әлеуметтік топ мінездемесі (этникалық құрылым, әлеуметтік мәртебе, референтті топ,);
:: микроәлеуметтік орта (отбасының өмір стилі және деңгейлері, отбасындағы өзара қарым-қатынас типі, отбасындағы тәрбие стилі, достар, басқа да маңызды адамдар).
Девиация бірнеше типтен тұрады: девиантты, делинквентті және криминалды мінез-құлық. Девиантты мінез-құлық - әлеуметтік нормалар мен ережелерге сәйкес келмейтін мінез-құлықты айтады. Ол ауытқыған мінез-құлықтың бір түрі. Кейбір әдебиеттерде бұл типті антидисциплиналық деп те атайды.
Девиантты мінез-құлықтың көрсеткіштеріне: агрессия, демонстрация, оқудан, еңбектен бет бұру, үйден кету, алкоголизм, наркомания, қоғамға жат қылықтар, жыныстық жат мінез-құлық, суицид т.б. жатады.
Девиацияның екінші түрі - делинквентті мінез-құлық. Ол заң бұзушылықпен ерекшелінеді. Оның мынадай типтері бар:
1. Агрессивті-зорлаушылық мінез-құлық. Бұл жеке тұлғаға көрсетілетін дөрекілік, төбелес, күйдіріп-жандыру сияқты жағымсыз іс-әрекеттерде көрініс береді.
2. Ашкөздік мінез-құлық (корыстное поведение): майда ұрлықтар, қорқытып-үркіту, автокөлік ұрлау т.б. жалпы материалдық пайдакүнемдікке байланысты жат мінез-құлық.
3. Наша сату және тарату.
Криминалды мінез-құлық заң бұзушылық болып табылады. Балалар сот үкімі арқылы жасаған қылмысының ауырлығына байланысты жазаланады.
Девиацияның негативті формалары әлеуметтік патология болып табылады: алкоголизм, токсикомания, нашақорлық, жезөкшелік, суицид, заң бұзушылық және қылмыскерлік. Олар жалпы қоғамға, айналадағы адамдарға және ең бірінші өздеріне үлкен зиян келтіреді.
Девиацияны зерттеуші көптеген ғалымдар девиантты мінез-құлықтың пайда болу факторларын түрліше түсіндіреді. Біріншілері оларды екі үлкен топқа ішкі және сыртқы факторлар деп бөлсе, екіншілері оларды бөлмей:
:: жанұяда берекенің болмауы;
:: ата-ананың ерекше қамқарлығы;
:: тәрбие берудегі кемшіліктер;
:: өмірде кездесетін қиыншылықтар мен күйзелістерді жеңе алмау;
:: өмірлік дағдының болмауы, айналысындағы адамдармен, құрбыларымен жарасымды қатынасқа түсе алмауы;
:: сырттан келген қысымға төтеп бере алмау, өз бетінше шешім қабылдай алмау, сынаушылық ойды дамыта алмау;
:: психоактивті заттарды жиі пайдалануы;
:: агрессиялық жарнаманың ықпалды болуы;
:: мектептерде психологиялық көмек көрсету қызметінің нашар дамуы;
:: балалар мен жасөспірімдердің бос уақытының проблемалары,- деп көрсетсе, үшіншілері оларды негізгі бес факторға бөліп қарастырады.
Қоғамдық ғылымдардың негiзгi категорияларының бiрi - әлеуметтік ауытқу. С.И.Ожеговтың түсiндiрмелi сөздiгiнде ауытқу ''қандай да бiр дұрыс емес мінез-құлық'' ретiнде көрсетiлсе, Оксфорд сөздiгi ауытқуды ''ерекшелiк, шетке бұрылу'' деп түсiндiредi. Отандық әлеуметтанушылар (этиктер) ауытқу немесе девиантты мінез-құлықты саралай келе, оған ''iс-әрекет, мiнез-құлық үлгiсiнен және нормасынан жағымсыз ауытқудан көрiнетiн рухани жамандықтың ерекше бiр түрi'' деген анықтама бередi. Осы әлеуметтiк құбылыстың пайда болу себептерiн түсiндiру үшiн көптеген сұрақтарға, оның iшiнде ''норма'' категориясының мәнi (әлеуметтiк норма) және одан ауытқу жайлы сұрақтарға жауап iздеуге тура келедi. Әлеуметтiк норма - әлеуметтiк бақылау мен басқарудың құралы ролiн атқаратын әлеуметтiк практиканың қажеттi және тұрақты элементi.
Р.Мертон және Э.Дюркгейм енгiзген ''аномия'' түсiнiгiн (ескi нормалар мен құндылықтардың қазiргi қатынастарға сәйкес келмей, ал жаңаларының әлi орнықпаған кезiндегi қоғамның жағдайы) қолдана отырып, ауытқыған мінез-құлықтардың себебiн қоғам тудырған мақсаттар арасындағы келiспеушiлiктер деп есептейдi.
Девиантты мінез-құлықты екі үлкен категорияға бөлуге болады. Біріншіден, ол нақты немесе жасырын психопатологияның болуын білдіретін психикалық денсаулық нормаларынан ауытқыған мінез-құлық. Екіншіден, бұл қандай да бір әлеуметтік және мәдени, әсіресе, құқықтық нормаларды бұзатын антиәлеуметтік мінез-құлық. Мұндай қылықтар салыстырмалы түрде мәнсіз болса, оларды құқықбұзушылық деп атайды, ал егер салмақты және қылмыстық тәртіп бойынша жазаланса - қылмыс болып табылады.Дегенмен әлеуметтiк ауытқулар қоғам үшiн әр түрлi мағына беруi мүмкiн. Әлеуметтiк прогрессивтiлiгi және пайдалылығы жөнiнен ауытқуды позитивтi (жағымды), негативтi (жағымсыз) деп бөлуге болады. Позитивтi ауытқулар жүйенiң прогрессивтi дамуы, оның ұйымдастыру дәрежесiн көтеру, мінез-құлықтардың ескiрген, консервативтi стандарттарын жеңу құралы қызметiн атқарады. Оған әлеуметтiк шығармашылықты (ғылыми, техникалық, көркемдiк, қоғамдық-саяси) жатқызуға болады. Негативтi ауытқу - әлеуметтiк патология. Оған соғыс, дiни, нәсiлдiк, ұлттық және т.б. жағдайдағы барлық мүмкiн қайшылықтар, құқықбұзушылық (оның iшiнде қылмыс, өзiн-өзi өлтiру, нашақорлық, маскүнемдiк, жезөкшелiк, т.б.) жатады.
Сонымен, ауытқыған мінез-құлықтар қоғамда екі түрлі мәнге ие: бір жағынан қоғамның тұрақтылығына қауіп төндірсе, екінші жағынан - осы тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Қолданылатын әдебиеттер:
Негізгі әдебиет:
1. Әбдікерова, Г.О. Әлеуметтану, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 132б.
Әбдірайымова Г.С. Жастар социологиясы, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 166б.
2. Джаманбалаева Ш.Е. Социология девиантного поеведения, Алматы
3. Джаманбалаева Ш.Е. Общество и подросток: социологический аспект девиантного поведения, Алматы
4. Маулшариф М. Әлеуметтану, Алматы, 2010, 115б.
Қосымша әдебиет:
1. Горшков, М.К. Прикладная социология : Учеб. пособие для вузов ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Социология ғылым ретінде
Саясаттану ғылым ретінде. Саясаттанудың басқа қоғамдық ғылымдармен байланысы
Студентерге қазіргі қоғамның келбетін, әлеуметтік бейнесін, құрылымын түсіндіру
Саяси әлеуметтану
Мектептегі білім және тәрбие беру жүйесінің негізі – жас ерекшелігі физиологиясы
Әлеуметтану ғылымының тарихы
Әлеуметтану пәнінен дәрістер
Әлеуметтану туралы түсінік оның ғылыми маңызы
Әлеуметтанудың атқаратын қызметі
Әлеуметтанудың құрылымы мен қызметі
Пәндер