Ғ.Мүсірепов туралы


КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Мәңгілік тақырыптардың бірі - әйел мәселесі қоғамдық ғылымдардың ішінде, негізінен, қазақ әдебиеттануында көркем шығармалардағы әйел бейнесіне қатысты зерттеулерде кездеседі. Мысалы, Ғабит Мүсірепов өз творчествосында жігерлі де ақылды, сұлу да адал, мейірімді да қайсар, өршіл де күрескер, белгілі бір мүдде жолында өз жанын пида етуге бар, өр рухты да ер мінезді, мәрт те нәзік, бір сөзбен айтқанда суреткер мұраты болып келетін - қаһарман әйелдер туралы үзбей жазған суреткер. Шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен еңбегімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен және сүйіспеншілігімен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына ақ сүті арқылы, бесік жыры мен туған тілі арқылы сіңіре білген әйел-аналар аз емес. Осымен байланысты ұлттың болмыс-бітімі, дүниеге көзқарасы мен рухани-мәдени құндылықтарына сәйкес әйелдің өзіндік табиғатын, қоғамдағы, отбасындағы әлеуметтік қызметімен сабақтас анықтау мәселесін ұлттық таным қорында тіл арқылы жинақталған әйел бейнесі арқылы дәлелдеудің мәні ерекше. Оның өміршеңдік сипатына сәйкес қазіргі қазақ қоғамындағы «қазақ әйелі» бейнесінің даму динамикасын, жаңару үрдісін анықтау зерттеу жұмысының негізгі ұстанымы болып табылады, әрі оның өзектілігін де айқындайды.
Зерттеу нысаны. Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы қазақ әйелі образының жасалуы, сонымен қатар оның қоғамдағы орны мен рөлі туралы деректерді зерделеу. Ғ. Мүсіреповтің әңгіме, пьеса, роман жанрларында қазақ әйелі образын жасаудағы шеберлігін нақты мысалдар арқылы көрсету.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері . Қазақ әйелінің қоғам өміріндегі, ұлттық мәдениеттегі рөлі мен орнын оны сипаттайтын ерекшеліктерді айқындау және оны Ғ. Мүсірепов шығармаларындағы әйел образдары арқылы көрсету, түсіндіру. Аталған мақсатты орындауда алға қойылатын міндеттер:
- ұлттық болмысымызда қалыптасқан әйел-кие, әйел-ана, әйел-сұлулық, әйел-өмір сыйлаушы, әйел-дана сияқты ұғымдарымызды әйел-ер ана, әйел-еңбеккер, қуатты ана бейнелерімен нақтылап дәлелдеу;
- осы көркем образдар арқылы қазақ әйелінің ерлік, батырлық, жағымды істерін халыққа терең таныту;
- зерттеу мазмұнында талданған ассоциациялар мен бағалау - қазақ әйелінің сезімдік, әлеуметтік, психологиялық, мәдени дәйегін ұлттық сананың кілтін ашатын тілдік құралдары арқылы айқындау.
Жұмыстың дереккөздері. Ғ. Мүсіреповтің қаламынан туған көркем туындылар, түсіндірме сөздіктер, мерзімді баспасөзден алынған деректер.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Зерттеудің негізгі жаңалығы - «қазақ әйелі» образының көркем шығармаларда суреттелуін, соның негізінде анықталған мына жайларды зерттеудің жаңалығы және нәтижелері деп санаймыз:
- «қазақ әйелі» бейнесінің аясына кіретін сөздер, көркем мәтіндер, мақал-мәтелдердің мағыналары айқындалып, олардың этномазмұндық мәнін ашу арқылы қазақ әйелінің бейнесі көрсетілді;
- ассоциативтік тәжірибе әдісін қолдану арқылы қазіргі ұрпақ санасындағы «қазақ әйелі» туралы қалыптасқан ұғым-түсініктер, ұлттық стереотиптер анықталды.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеудің нәтижелері мен пайымдаулары қазақ тіл біліміндегі “қазақ әйелі” образының көркем шығармада қолданылуына байланысты зерттеулердің ғылыми-теориялық негіздерін нақтылай түсуге белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосады. Зерттеу барысында талдау жасалынған Ғ. Мүсірепов туындыларын қазақ қоғамындағы әйелдің алатын орны мен маңызын түсіндіру үшін пайдалануға болады.
Зерттеудің нәтижелерін қазақ әдебиетінің тарихындағы талдауға қатысты арнайы курстарды жүргізуде, «Ғабиттану» пәнін оқыту тәжірибесінде қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- қазақ әйелінің ойлау қабілеті, зейін зерде ерекшелігі, дүниетанымы, парасатпайым деңгейінің, мінезінің, еңбекқорлық, төзімділік, махаббат, сұлулық т. б. қасиеттерінің тілдік көрінісі;
- «қазақ әйелі» бейнесі - ұрпақтан ұрпаққа беріліп, сақталған ұлттық таным ақпаратының санада қалыптасқан мән-мазмұны, қызметі;
− тілде, жадта бұрыннан сақталған ақпаратты қабылдау, тану, өңдеу арқылы жаңа сапада жаңғырту « қазақ әйелі» бейнесінің қазіргі қазақ қоғамындағы мәнін таным мен мәдениет сабақтастығын дәлелдейді.
Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Сипаттама, тарихи-салыстырмалы, сараптама әдістері пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе, үш тарау, бірнеше тараушадан, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен тұрады.
І ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІНІҢ ҚОҒАМ ӨМІРІНДЕГІ, ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ РӨЛІ МЕН ОРНЫ
Қазақтың еншісіне тиген байтақ даламызды қай бұрышын алсақ та, әйел-анаға арнап тұрғызылған ғажайып кесене, әсем мұнара, өшпес ескерткіштер, тіпті тұтас қаланың атын көптеп кездестіруге болады. Ғалым А. Сейдімбек: «Сырдария бойындағы Көккесене, Бикем мұнара, Сырлытам, Сарысу бойындағы Белең-ана, Болған-ана, Жұбан-ана, Арал түбіндегі Бегім ана күмбездері, мұнаралары, мазарлары ғажайып сырлы сымбатымен күні бүгінге дейін қайран қалдырады. Жеке ескерткіштер былай тұрсын, жұмыр жердің орта ғасырлық талғам-түсінігінде тұтас бір қаланың әйел атымен аталғаны дүние жүзінде сирек кездесетін құбылыс. Бұл ретте қазақ даласында Қатын дала, Қырыққыз қала, Баршынкент сияқты қалалардың болғаны таң қалдырады. Мұндағы Баршын сұлу әйгілі Алпамыстың жұбайы, Қаршымбайдың қызы, Оғыз еліне сөзі жүрген жеті арудың бірі болған» деп жазады [1, 402 б. ] .
Біздіңше, әйелден әлдеқайда күш-қуаты, қайраты мол еркектің ойына келіп, қолына алмаған сауапты іске заты нәзік болғанымен, намысы күшті әйелдің қиындықтан тайсалмай баруы ел-жұртты ерекше таңқалдырғаны анық. Сол себепті кез-келген қиын-қыстау кезеңде жол таба білетін әйелдерге деген айрықша құрметін халық осылайша білдірген тәрізді. Ертеректе халқымыз ел билеген ерлерге лайықты өмірлік серік бола білген ақылы мен сұлулығы асқан әйелдерді «хатун-қатын» деп атағаны белгілі, оған көне түркі жазба ескерткіштеріндегі мысалдар куә.
Әйелдерге байланысты топонимдерге қатысты аңыздар арқылы бүкіл қазақ дәстүрлі қоғамындағы гендерлік қатынастар туралы ой түюге, қоғамдағы әйел орнының қаншалықты жоғары деңгейде болғандығын, әйел ақылының, парасатының, мінез тектілігінің қаншалықты бағаланғанын байқауға болады.
А. Сейдімбектің пікірінше: «Қазақ халқының әйел-ананы қадірлеп, тіптен культке айналдырғаны соншалық, тұтас руларды әйел есімімен атаған. Мәселен, Домалақ ене, Дәулетбике, Алтын, Мәукеш, Айбике, Нұрбике, Ұлдай - міне, мұның бәрі де ру атына айналған әйел есімдері . . . Тіптен, қазақ руларының елдігін танытар ұрандарының әйел-ана есімімен аталатыны да ғажап қой. Мәселен, Арғыннан тарайтын Сүйіндік руының ұраны - Жолбике , Қаракесек руының ұраны - Қарқабат , Найманның бір бұтағы Қызылайлардың ұраны - Қызай » [1, 400 б. ] .
Тілімізде киелі мәнді, яғни айрықша құрметтелетін ата-баба аруақтарын кие тұту белгісі ретіндегі ұрандар сақталу себебі, ел басына күн туған, қиын-қыстау кезеңде, ел үшін, жер үшін кескілескен шайқастарда ата-бабасының, сол рудан шыққан батырлардың, билердің, жыраулардың атын ұран етіп шақырып, солардан медет сұраған. Солардың ішінде ру, халық рухын көтерер, елдікке бастап, желеп жебейтін әйел есімдері аз кездеспейді.
Түріктер айдаһар немесе қасқырдың (түп ана) суретін салған ту көтеріп, аруақты, рудың қамқоршы рухын шақырады екен. Ежелгі заманда оның әйел-ана болғандығы туралы ғылыми еңбектерде айтылады. Одан кейінгі «ресми қазақ» дәуірінде де көп рулардың ұрандарының аналарының аты болуы осыдан шығады. Осындай әйел атымен аталатын ұрандардың түп негізіне назар аударып көрейік:
Сонау Абылай хан заманында үш жүз ру қазақ жиналып бас қосқан бір жиында әр ру өзі еншілеген ұранын айқайлап жеткізіп, мына жиынға тік көтеріліп келген бүкіл қазақтың тұтастығынан белгі берді.
- Абақ! Абақ! Абақ!- деп Үйсіндер дуылдады.
- Ақжол! Ақжол! - деп Арғын қосылды.
- Бақтияр, Домалақ ене!- Дулат күркіреді. Белгілі зерттеуші С. Қондыбай: «Дей-түрік далалық мәдени-эстетикалық кеңістікте Ұран-тәңіриенің не тотемдік түп-бабаның есімі болып, кейін оның кейпі үндіевропалықтарға (гректегі Уран) да ауысқан. Ал үндіирандықтар Ұраннан (Варунадан) және өздерінің осы типтес тәңірлері болып есептелген Митрадан тұратын екі тәңірлік түсініктерді қалыптастырған» - дей келе, орыстардың «ура», немістердің «hurra» сөзі де осы «ұран» сөзінен шыққанын, ал аталған сөздің өзі түркілік праформалардың ішінде «ұрық» пен «ана» сөздерінің бірігуі болып табылатыны, яғни «Ұрықана» - «Ұрана» екпінмен айтылғанда «Ұран» сөзіне айналғаны туралы болжам айтады [2, 3 б. ] .
. . . Олай болса, Жалпы Керейдің он екі болыс болып отырған үлкен бір тармағы Абақ-Керей деп аталады. Абақ ол - әйел аты. Ондаған руларды бастаған әйелдің аты.
Жиырма болысқа жақындаған Қаракесек руларының ұраны - Қарқабат екен. Біржан сал Сарамен айтысқанда сол Қарқабатқа сыйынады ғой. Бәріңіздің құлағыңызда бар сөз - «Сал Біржан салды айғайға Қарқабаттап » демей ме? Сол Қарқабат әйел!
Айбике, Нұрбике, Сүйімбике, Қызбике, Бике, Күңгөне деп әйел атымен аталатын ондаған елдер бар. Бәрі де кемі бір руды бастаған әйел аты. Осы бес болыс Керейдің талай руы осы әйелдердің аттарымен аталмай ма? [2, 182 б. ] .
Сонымен бірге қазақ әйелдерінің арасында елі үшін жауға да қарсы тұра алатын, қиын сәттерде ақылгөйлік таныта алатын аруларымыз да аз емес. Сондай аруларымыздың бірі атақты Төле бидің келіні Данагүл туралы халық арасында тараған аңызға назар аударсақ.
Төле би жесір дауын шешіп, ұзақ жолдан ауылына қайтып келе жатып, Бөген өзененінен өте бергенде бір топ қыз-келіншекті байқап қалады. Жақындағанда жаңағы топтағылар аттарынан түсып, Төле би мен қасындағы кісілерге ізет қылып, тұрып қалады. Төле бт бұларға:
− Аттарыңнан түсіп, бізді тосып қалдыңдар, қандай шаруаларың бар еді? - деп сұрайды.
− Ешқандай шаруамыз жоқ, анамыз айтатын еді, үлкеннің алдын кесіп өтпе, оларға ізетпен сәлем бер деп. Сіздерді байқап қалдық та, алдарыңыздан өтпей, сый-құрмет көрсетіп тұрғанымыз . . . - деп, құрбылары арасынан бір қыз ізетпен сыпайы жауап береді.
Төле би қыздың жауабына қатты риза болып, аты-жөнін біледі. Алакөз дегеннің қызы, аты - Данагүл екен. Төле би іштей: «Атың даналы болса, ақылың саналы болар түбі» депе ойланған бойда ілгері жүріп кетеді.
Аттың басын қыздың ауылына бұрып, Төле би қасындағы серіктерімен тура Алакөздің үйіне келіп түседі.
Қараша үйдің иесі Алакөз - байдың жылқышысы екен. Жалма-жан көршіден бір қойды қарызға алып сойып, барын дастарқанға жайып салып, есі кете құрмет көрсетеді.
Осы мезетте «Алакөздің үйіне бір топ серіктерімен әйгілі Төле би келіп түсті» дегенді естіген бай биге сәлем берейін деп, қараша үйге кіріп келеді.
− Сегіз қанат ақ үйім тұрғанда, жылқышының қара лашығына келіп түскеніңіз қалай? Мен сіздерді өз үйіме алып кетуге келіп тұрмын. Тай соямын, қымыз сапырамын, - дейді бай. Сонда Төле би:
− Сіздей байлардың үйіне түсіп жүрміз ғой. Бір жолы Алакөз сияқты кедейлердің үйін көргеніміз жөн болар, - деп, байға байсалды жауап береді.
Ет пісіп, тамақ тартылады. Төле би еттің құйқасын қасқалап кеседі де, бір құлағын, тілін таңдайымен Данагүлге беріп, тілек айтады:
− Шырағым, құлақ бергенім, балдай тәтті балам бол дегенім. Тіл мен таңдай бергенім іштегі құпиямды тауып отыратын шешен бол дегенім, - депті.
Данагүл:
− Рахмет, ата, тілегіңіз қабыл болсын, - деп, сабырлы тіл қатады.
Бата беріліп, дастархан жиналады. Төле би мен Алакөз құдалыққа келісіп, той ырымдарын жасап, Данагүл Төле биге келін болып түседі. Данагүл өзінің әдептілігімен бүкіл ауылға ұнайды. Атасы билікпен ел аралап кеткенде, Данагүл ел ішінде жұртқа бас-көз болып жүреді.
Бірде Төле би жолаушылап келе жатқанда бір топ қарақшының қолына түсіп, тоналады. Бұған би саспай тұрып:
− Сіздерге біздің жанымыз керек пе, жоқ әлде малымыз керек пе? Егер жан керек болса, бізді көп қинамай-ақ өлтіріңдер, егер маламыз керек болса, мәмлеге келейік. Бізде мал бар, алдарыңа әкеп берейік, босататын болсаңдар ауылға хат жазып берейін, - дейді.
Қарақшыға мал керек. Үйге жазған хатында Төле би: «Кенже ұлыма құда түстім. Соған 40 құнан атан, 20 бура, 8 ақ бас атанымды осы барған адамнан айдатып жіберіңдер. Және оң босағамда тығулы жатқан алтынымды, сол босағамда жатқан күмісімді қоса беріп жіберіңдер» деген екен. Хатты оқыған Данагүл жұмбақтың шешімін айтады:
− Атам қарақшының қолына түскен екен. 40 құнан атаны - 40 мықты жігіт, 20 бура дегені - 20 палуан, 8 ақ бас атаны - 8 ақсақал кісіні балам мен келінім ертіп келсін дегені, - дейді. Алтыны - баласы, күмісі - келіні мен, - деп атасын құтқарудың қамын ойлайды.
Сөйтіп жолға шығып, қарақшылардың бекінісіне жақындай бергенде, Данагүл қасындағы екі қарақшыға:
− Сіздер озып барып, хабар беріңіздер, біз малды жаяу жүріп кешке қарай жетеміз, - дейді.
Екі қарақшы шауып барып, «Мал келе жатыр» деп хабарлайды, «Мол олжаға кенелдік» дегендей қарақшылар аттарын қоя беріп, өздері алаңсыз жата береді.
Ел жатқан шамада 40 жігіт, 20 палуанымен сау етіп, қарақшыларды сойылдап, байлап қолға түсіреді. Сонда Төле би қарақшыларға:
− Келер кезек, өмір - біреу, кезек - екеу деген осы. Кеше мені тұтқындап едіңдер, бүгін сендер қолға түстіңдер, дүние кезек дегені осы . . . Сендер біреудің бермесін тартып аласыңдар, адал еңбек етпейсіңдер. Шөл далада қаңғып, қатын-бала жоқ, ит қорлықта күн өткізіп жүрсіңдер. Ұрлық түбі - қорлық. Мен сендерге өмір сыйлаймын. Мен Төле би деген билеріңмін. Тілімді алсаңдар, тәубәға келіңдер. Мына мағынасыз тірлікті қойыңдар, ұрпақ өсіріңдер, мал-жанды болыңдар, егіс егіп, күн көреміз десеңдер, мен көмектесемін, - дейді.
Осылай кешірім жасап отырған адамды бірінші рет көрген қарақшылар таң-тамаша болып, үнсіз қалады. Түндей түнеріп жатқан қарақшылардың басшысы Төле бидің алдына келіп, тізесін бүгіп, бас иеді.
Сөйтіп, келіні Данагүлдің ақылдылығы мен тапқырлығы арқасында Төле би қарақшылардан аман-есен босанып шығады [3, 4 б. ] .
Осындай дана аруларымыздың бірі, Шыңғыс ханның ұрпағы Көшім ханның жұбайы Сүзге ханша да өз халқын жау қолынан аман алып қалған.
Ресейдің отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық күресте Көшім хан орыстардың Сібірді және Солтүстік Қазақстан аймағын жаулауына жол бермей, тойтарыс жасауы нәтижесінде жүз жылға дейін шегіндірген. Сөйтіп Ресей патшалығы ХҮІІ ғасырдың басында ғана Ертіс өзенінің бойымен Зайсанға жете алған. Алғаш 1582 жылы атаман Ермак бастаған жаулаушы отрядтың қаруларына, зеңбіректеріне төтеп бере алмай, басы Көшім хан болып, ел-жерді тастап кетпек болады. Түпкі ойы - қайтып оралу. Бірақ, бұл мақсатына жета алмай, казактан қашамын деп, өз елінің жалтақ ағайындары қолынан қаза табады. Көшім ханның орыс отаршылдарына қарсы 15-20 жылға созылған қарсылығының екінші бір түйіні ханның сүйікті жұбайы Сүзге ханшаға қатысты. Сүзге ханша ақылдылығына қоса, көрікті келбетімен де ханның сүйіктісі болып, құрметке бөленгені анық.
Елінің басына қайғылы қара тұман орнап, жау шапқан тұста Сүзге қаланы бекініске айналдыруды қызу қолға алады. Қала сыртынан неше қабат ор қаздырып, оны Ертістің суық суымен толтырады. Бірнеше күнге жетерлік азық-түлікпен қамтамасыз етудің де жайы алдын-ала жасалады. Алайда, мұның бәрі ұзаққа жетпесі де айқын еді. Қоршауда қалғандарын да жұртшылық сезеді. Осының бәрін сезген Сүзге ханша айла жасамаққа кіріседі. Ендігі жерде, әсіресе бір өзі үшін қан төгіске жол бермеу үшін, халықты аман сақтау үшін ұрысты бастаушы атаман Иван Грозаның алдына тілек қояды. Қалған қала халқы мен аздаған жауынгерлерді қырмасын деп өтінеді. Жау жағы оған келіседі. Бірақ Сүзге ханшаны қалада қалуын талап етеді. Сүзге ханша мұны қабыл алып, қиын да болса талаптарына келіседі.
Сүзге ханша өзін қолдайтындардың қарсылығына қарамастан, олардың түгелдей қаладан кетулерін талап етіп, бұйрық береді. Сөйтіп халқының тұп-тұтас кемеге мініп, Ертіс бойымен жүзіп кеткенін көріп тұрып, елімен ақырғы рет қоштасып тұрғанын өзі де сезбей қалады . . .
Енді отряд тобы ханшаның ізіне түседі. Сүзге ханша халқының кезекті қорлықтан құтқарғанына риза болып, өзі жау қолына тірі түспеуге бекінеді. Сүзгенің өлігін тапқанда казактар да бей-жай қалмаған. Атаманның өзі өкініште қалып, ханшаны арулап қоюға бұйрық береді. Ханшаны Ертістің биік шоқысы басында 100 жылдық қарағай түбіне жерлейді. Бұдан соң отряд тұрақтамай, қаланы өртеп, қайтып кетеді . . . [4, 13 б. ] .
Әйел - ана. Әйел - ақылгөй. Әйел - қайраткер. Әйел − өмірдің өзегі. Осындай адал қасиеттерінің арқасында әйел адамға деген құрмет бағзы замандардан бері жалғасын тауып келеді.
Еріне адал жар, баласына ардақты ана болумен бірге еліне қамқор болған аналарымыз жаһанға жар салмайақ өзінің шынайы болмысын, нәзік те төзімді жаратылысын сақтай отырып, бір ұрпақтан келесі ұрпаққа ана тілін, төл мәдениетін, өнерін табыстап отырды. Қазақ әйелі перзентіне уыз сүтімен туған тілінің қадірін сіңірсе, тал бесікке сүйене отырып айтылған бесік жырымен халқының бойындағы асыл қасиетін дарытып отырғаны белгілі. Ал халықтық қасиетті ұрпақ бойына дарытуда әйел-ананың құдіретті күшімен байдың дәулеті де, ханның жарлығы да, батырдың найзасы да өрелесе алмайды [1, 401 б. ] .
1. 1 Көркем мәтіндегі «қазақ әйелі» концептісі.
Жер бетіндегі бар тіршіліктің бастау көзі, қамқоршысы мен ұйытқысы − Ана. Дана халқымыз “Алып анадан туады” дегендей, халықтың көсемі мен шебер тілді шешені, қол бастайтын батыры мен кемел ойлы ақыны, дара туған ғалымы мен данасы барлығы да ананың перзенті.
Әйел − сұлулықтың, нәзік сезімнің, даналықтың, киеліліктің, ақылдылықтың символы.
Жаңа ғасырда ерекше қарқын алған жаһандану үдерісінің жағымды, игі әсерлерімен қатар жағымсыз ықпалы жөніндегі пікірталас толастамай отырғаны мәлім. Әсіресе ұлттық болмысты табиғи қалпында сақтауға деген құлшыныс пен ұмтылысты бәсеңдетуде ізін қалдырмай кетпейтін аталған үдерістің кейбір кері әсерлерін кемітуге өзге құбылыстармен бірге халықтың тіліндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктерге айрықша назар аудартатын антропоөзектік бағыт қарсы тұруда.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz