Түсіндірмелі салалас сөйлем құрмалас сөйлемнің бір түрі ретінде


Жоспар
- Құрмалас сөйлем синтаксисі және оның қолданыстағы көріністері мен құрылысына қарай түрлеріҚұрмалас сөйлем синтаксисінің зерттеулердегі сипаттамасыҚазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлемнің ішкі бөліністері
- Күрделі құрмалас сөйлемдердің түрлері мен жасалу жолдарыКөп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер, жасалу ерекшеліктеріКөп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер және оның түрлеріКөп басыңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер, өзіндік белгілеріАралас құрмалас сөйлемдер, жасалу ерекшеліктері
Кіріспе
Жұмыстың өзектілігі . Синтаксистің басты объектілерінің бірі - құрмалас сөйлем. Сондықтан да сөйлем синтаксисін, әдетте, жай сөйлем және құрмалас сөйлем синтаксисі деп екі топқа бөледі. Сөйлем деп аталатын бір бірлікке топтастырылғанымен, әрқайсысының өзіне тән белгілері болады. Алдымен, олар құрылымдық жағынан ерекшеленеді. Жай сөйлем - бір ғана ойды білдіріп, тиянақталған интонациямен айтылатын синтаксистік бірлік. Құрмалас сөйлем синтаксисінің негізгі объектісі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесіп, бір бүтінге айналуы, сол арқылы күрделі ойды білдіру жолдары мен тәсілдері болады. Құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесіп, құрмалас сөйлем болуын және құрмалас сөйлемнің түрлерін, жасалу жолдарын тексереді.
Құрмалас сөйлем жай сөйлемдерден құралады дегенге қарап, оны кез келген жай сөйлемдердің кездейсоқ тіркесе салған тобы деп түсінуге тағы да болмайды. Құрмалас сөйлем компоненттері бір-бірімен органикалық байланыста, берік бірлікте тұратын және біріне-бірі бағынышта өзара шарттас болып келетін күрделі мағыналық бір бүтін болып табылады.
Жай сөйлемнен кіші тілдік құрылымның ешқайсысы да құрмалас сөйлемге дербес компонент бола алмайды. Бірақ құрмаласқа енген әрбір жай сөйлемдерді мағыналық қатынастары бар сөйлемдер деп ұғыну керек. Өйткені күрделі ойды білдіру үшін тіркесетін сөйлемдер өзара мағыналық бірлікте болғанда ғана тіркесе алады. Мұның өзі басты фактор болуға тиіс. Әдеттегі жай сөйлемдерге қарағанда, негізгі бір айырмашылығы - осы [1, 233] . Құрмалас сыңарларының дербес жай сөйлемдерден ерекшелігін М. Балақаев былай түсіндіреді: «Құрмалас сөйлем мағыналық және тұлғалық жақтарынан алғанда жалпы алғанда, тұтас бір бүтін болғанымен, ол жеке сөйлемдерден құралады. Алайда сол жеке сөйлемдер құрмаластың қарамағында мағыналық және интонациялық тиянақсыз қалыпқа түседі. Әдеттегі жай сөйлемдерге қарағанда негізгі бір айырмашылығы -осы [2, 219] .
Ендігі бір мәселе жай сөйлемдердің барлығы құрмалас сөйлем компоненті бола ма деген сұрақ төңірегінде топтасады. Құрмалас сөйлемге байланысты туындап жүрген қиындықтардың көпшілігі осы мәселеге қатысты екендігіне шүбә жоқ. Өйткені ортақ бастауышты сөйлем, «әр компоненттің субъект-предикаттық қатынасқа негізделуі» не оны саралай қолдану сияқты тіл біліміндегі тартысты мәселелердің барлығы осыған қатысты.
Егер құрмалас сөйлемді кемінде екі жай сөйлемнің салаласа не сабақтаса байланысуы деген қағидаға сүйенсек, құрмалас құрамындағы атаулы сөйлемдер де, бөлшектелген сөйлемдер де, осы секілді күрделенген сөйлемдер мен телінбе компонентті құрылымдар да сол талапқа жауап береді. Егер күрделенген сөйлемдердің бір компонентінде субъект-предикаттық қатынасы бар, екіншісі жартылай предикаттық қатынасқа құрылғандықтан, құрмалас сөйлемдер аясында қарастыруға келмейтін тілдік құрылым деп танитын болсақ, жоғарыда аталған сөйлемдерді сол деңгейде қарастырған жөн сияқты. Өйткені құрмалас сөйлемге тән деп саналатын «әр компоненттің субъект-предикаттық» қатынасының болмауы бұл мәселеге байыппен қарауды талап етеді [3, 40] .
Құрмалас сөйлемнің компоненті мен әдеттегі дербес жай сөйлемдердің арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Тіліміздегі субъект-предикаттық қатынасқа негізделмеген немесе жартылай предикаттық қатынастағы деп танылатын сөйлемдердің бәрі бірдей компонент бола алмайды. Осының бәрі құрмалас сөйлемнің грамматикалық табиғаты саналады. Сондай-ақ құрмалас сөйлемдердің жай сөйлемдерінің саны мен олардың байланысу тәсілдеріне қарай екіқұрамды, көпқұрамды болып жіктелуі, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері жұмыстың өзектілігі болып табылады.
Жұмыстың мақсат, міндеттері. Көп құрамды құрмалас сөйлемнің ғылым ретінде даму, қалыптасу жолы, құрылымдық түрлері мен олардың өзіндік ерекшеліктерін ашу - диплом жұмысының мақсаты болса, көп құрамды құрмалас сөйлемнің түрлерінің өзіндік белгілері мен олардың зерттелуін өзіндік белгілеріне қарай ғалымдардың көзқарастарын топтастыру; екі құрамды құрмаластардың зерттелуін, ғылыми көзқарастардың қалыптасуын нақтылау; көпқұрамды құрмаластардың түрлерінің ғалымдар еңбектерінде зерттелу деңгейін анықтау, ғылыми пікірлердің қалыптасуын таразылау, көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің аралас құрмалас, көпқұрамды салалас, көп бағыныңқылы сабақтас, көп басыңқылы сабақтас, тек бағыныңқылы сабақтас сияқты түрлерінің өзіндік белгілері мен жасалу жолдары, мағыналық қатынастарын анықтау сияқты жұмыстар зерттеудің міндеттері саналады.
Тақырыптың маңыздылығы . Қазіргі қазақ тіліндегі көп құрамды құрмалас сөйлемдердің жасалуы, мағыналық, тұлғалық сипаттары тіл білімінде жеткілікті зерттелінгенімен, көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің қазақ тіліндегі зерттелу деңгейі мен олардың мағыналық, құрылымдық түрлерінің өзіндік ерекшеліктерін арнайы қарастыруды қажет ететін мәселердің бірі екендігі анық. Сол себепті де жұмыстың жаңалығы - арнайы зерттеуді қажет ететін көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің құрылымдық-семантикалық сипаты мен олардың құрылымдық түрлері, соның ішінде көп басыңқылы құрмалас сөйлем мен аралас құрмалас сөйлемнің синтаксисінде кездесетін ұқсастықтар мен айырмашылықтарының ара жігін ажырату болып табылады.
Зерттеудің практикалық, теориялық мәні. Құрмалас сөйлем синтаксисінің теориясы міндетті түрде ғалымдардың ғылыми көзқарастарын саралаумен ажыратылады. Осы себепті де осындай көпқұрамды құрмалас сөйлемдер туралы жұмыстар құрмалас сөйлем синтаксисінің теориясына қосар үлесі мол, ал тілдік деректері практикалық мәнін толықтырады.
Жұмыстың құрылымы . Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды бөлімдерден тұрады.
- Құрмалас сөйлем синтаксисі және оның қолданыстағы көріністері мен құрылысына қарай түрлеріҚұрмалас сөйлем синтаксисінің зерттеулердегі сипаттамасы
«Құрау, құрылыс» мәнін беретін «құрмалас» атауының қазақ тіл білімінде танылып, ұғымына сай жадымызда қалыптасып қабылданып кетуі алғашы тілтанымпаз А. Байтұрсынұлы есімімен тікелей байланысты. Ғалымның жалпы сөйлем жүйесіне аса көңіл аударып, «Сөйлегенде, жазғанда кім де болса ойын айтады. Ойын айтуға тиісті сөздерді алады да, олардың басын құрап, біріне-бірінің қырын келтіріп, қиындастыратынын» сөйлемнің қай түріне болсын бағыттаған [4, 368] . Ол сөйлем ішіндегі сөздердің ғана емес, құрамы кең сөйлем түрінің ішкі құрылымдарының да «қиындасуын» қалаған. Осыдан келіп құрмалас сөйлем түрлерін ажыратқан: «Қиысулы құрмаластағы сөйлемдер тең болса, салалас құрмалас деп аталады. Тең болмай, бірінен-бірі кем болып қиысса, онда қиысулы құрмалас сабақтас делініп аталады» [4, 302] . Ғалымның одан әpi саралауларынан осы екі сөйлем түрінің мағыналық топтастырылуға бағынғандығын байқаймыз. Мұнда 6ip ерекше көңіл бөлетін жайттар бар. Біздің байымдауымызша, біріншіден, қазіргі әдеби тіліміздегідей құрмалас сөйлемдерді мағыналық саралау алғашқы зерттеуші ілімінде болды. Екіншіден, оның салалас құрмаласқа тән топтауларын тек салаластық, сабақтас құрмаласқа тән топтауларын тек сабақтастық деп тану, таныту дұрыс бола қоймайды. Мәселен, ғалым «Олар көше алмайды, өйткені көлігі жоқ» сынды сөйлем түрін сабақтастың «себеп пысықтауышының бағыныңқысы» деп атайды. Қазipгi талауымызда мұндай байланысудағы түзілім салалас құрмалас қатарында. Оның дұрыстығына еш күмән келтірмесек те, танылған құрмалас түрлерінің қай-қайсысы да бірыңғай атаудағы топтамаларына бірігеді. Сол себептен қарсылықты салалас, я болмаса қарсылықты бағыныңқылы сабақтас т. с. с. болып кете береді.
Қазіргі қазақ, тіл білімінде көп сыңарлы құрмалас сөйлемдер жеке айтылмағанымен, оның ішкі түрлері (көп құрамды салалас, көп бағыныңқылы сабақтас, көп басыңқылы сабақтас, аралас) әр кезең әдебиеттерінде көрсетіліп жүрді. А. Байтұрсынұлы мұндай сөйлемдер түрін «орамды немесе өрнекті» деп атаған. Рас, қазіргі үрдісте «сөйлеудің» мұндай түрлерін күрделі синтаксистік тұтастық, тарапынан танытсақ, деген де пікіp бар [18, 210-213] . Бірақ, бұл бірліктің де жеке сөйлемнен, сөйлемдер тізбегінен [19, 244] болатынын ескеріп, ғалым еңбегінде мысалдарды көп сыңарлы құрмаластардың түзілуіндегі алғашқы жол деп таныдық.
Мысалға негіз болған алғашқы синтаксистік құрылымдар аралас құрмалас сөйлемге жақын. Олар тиянақсыз тұлға түрінде басталып, соңынан тиянақты тұлғaлы алты компонентті ерткен. Оның бес компоненті салалас сөйлем тобын құрап, соңғысы жай сөйлем түріне негізделген. Бұған сүйенсек, орамды сейлемдердің құрамында сабақтаса және салаласа байланысу да және олардағы тиянақсыз форма соңғы сыңармен тек сатылы түрде ғана грамматикалық, байланысқа түскен. Оның үстіне сөйлем компоненттерінің бipi сабақтас құрмалас болса, екіншісі -салаластың көп компонентті түрі де, үшіншісі жай сөйлем түріне бағынған. Бұдан қазақ; тіл білімінде құ рмалас сөйлемнің құрамындағы компоненттердің салаласу және бағыныңқылық, сипатқа тән белгілері алғаш А. Байтұрсынұлының еңбектерінен көрінгенін байқау қиын емес. Eңбектeгi екінші және үшінші мысалдар қазіргі жарыспалы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемнің өлшемше жауап берген де, төртінші мысалы сатылы бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдей болып түзілген. Ғалым мұндай сөйлемдерге «Ойды ұзын айтып, орағытып келіп білдіретін, ұзын айтқанда, ой дәуірлеген бетімен барып қайтатын сөйлеудің түрлері) - деп анықтама берген [4, 310] .
Құрмалас сөйлем синтаксисінің тексерілуі 1930-1940 жылдар аралығында барынша жетілдірілі А. Байтұрсынұлы ұсынуындағы «қиысулы құрмаластың» салалас және сабақтас болуы «IV жылдық тілдік кітабында» да сақталган. Еңбекте «Сөз құрылысы жағынан да, мағына жағынан да бip-бipiмен үйлесімді болып, айыруға келмейтін болса, не бірнеше сөйлемдер бipігin келсе қиысулы құрмалас деп аталады» [20, 36] болып келгенімен, «Тіл құралда» баяндалғандай мағыналық топтастыру жоқ. Бұған оқу құралыныц колемі де сай емес, әрі оның оқу бағдарламасына сәйкестендірілгендігі деп түсінген жөн. Оқу құралдарын, оқулықтарды бағдарламаға сәйкестендіру 1935 жылдан кейін қолға алынды. Мәселен, 1936 жылы шыққан бағдарлама жобасында VII класс үшін ұсынылған «Синтаксистің программында» құрмалас сөйлем 32 сағат көлемінде қамтылған. Құрмалас сөйлемнің салалас және сабақтас түрлері тұжырымдалып, алдыңғысының үш түрлі ерекшелігіне көңіл аударылған: «1) алғашқы сөйлемнің баяндауышының ішінде көмекші «еді» болады; 2) алғашқы сөйлемдердің баяндауыштары өткен шақ көсемшеде болады; 3) салаластардың түр-түрi; а) ыңғайлас салалас; б) ереуіл салалас; с) талғама салалас; д) себеп-салдар салалас; е) шарт-жағдай салалас» [21, 20] . Мұндағы екінші жолмен берілген сілтеме онан кейінгі шыққан әр жылдардағы оқулыққа, монографиялық еңбектерге арқау болып, сабактас болып танылуға тиісті сөйлем салалас болып түсіндірілді. Бірақ мұнда да, жоғарыда айтқанымыздай, мағыналық жіктеу алдыңғы орында түрады.
Аталған бағдарлама сабақтас құрмаластың да ерекшелігін аша алды. «Сабақтас сөйлемнің ішінде басыңқы сөйлем болады да, оның бір мүшесіне жетек айқындауыш есебінде бағыныңқы сөйлем болады: а) бастауыш бағыныңқы, б) баяндауыш бағыныңқы, с) себептес бағыныңқы, ж) іліктес бағыныңқы, д) жақтас бағыныңқы, е) жанас бағыныңқы, г) қабыс бағыныңқы» [21, 23] деп түрлі мағыналық топтаулар алғашқы А. Байтұрсынұлы түзген саралаулармен де сәйкесіп, жаңа бағытта да жүйеленіп берілді. Кейіннен бұлардың барлығы қабылданып кетпесе де, біразының (септес, іліктес) әлі күнге дейін пайдалануда екенін айтқан жөн.
Бағдарламаны түзуші Қ. Жұбановтың құрмалас сөйлемге қатысты пікірлері Ж. Жолаевқа жауап хатында біршама тиянақталды. «Қазақ емлесі мен грамматикасының кейбір мәселелері» атауындағы хаттың үшінші бөлімінде құрмалас сөйлемнің (ғалым пікірінше, күрделі сөйлем) түрлерін сабақтас, салалас деп таныта отырып, салаластың ерекшелігін мысалдық деректермен дұрыс шешті. Ал сабақтастың бір жасалуы ретінде «ішін жарып ақтарғанда, өзі бір сөйлем болатынына» сүйеніп, «Жұрт мақтайтын жырау - осы» сынды сөйлемді келтірді [5, 235] . Ғалымның құрылымдық жіктеудегі мұндай пікірі, әсіресе сабақтас құрмаласқа бағытгалған пікірі 1937 жылы «Ауыл мүғалімі» журналынан жарық көрген «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан» атты мақаласында да сақталған. Ғалым осы мақаласында сөйлемді басқа бір жағынан, анығырақ айтқанда «сазы» жағынан да топтастырады. Ғалым пікірінше, «Жалаң сөйлем, жайылма сөйлем, сабақтас сөйлем т. т. әрқайсысы хабар сазды да, леп сазды да, сұрау сазды да бола береді. Мүше құрылысына қарай жіктеу мен дауыс құрылысына қарай топтастырудың екеуі бір сөйлемнің басына сыймастай нәрселер емес, бұл тек бір нәрсенің өзіне екі түрлі өлшеуішпен өлшегендік ғана» [5, 218] . Мұндай топтастыру қазіргі тіл білімінде жай сөйлемдік талдауларда кең өріс алуда, ал құрмалас сөйлемдік құрылымдарды беруде, неге екені белгісіз, көп сүйене бермейміз. Алайда, құрмалас сөйлемдерді функциялық қызметіне қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты деп топтастыру қажет-ақ [22, 216] .
Орта мектептерге оқулық жазу С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, М. Балақаев тараптарынан да болды. 1938 жылы ересектер мектебіне арналған «Қазақ тілінің грамматикасында» М. Балақаев құрмалас сөйлем компонентгерінің сандық құрамы мен оның жай сөйлемдік үлгілерден құралатынына қатысты жақсы ой өрбітеді. Ғалым тұжырымдауынша, «Кейде жалаң сөйлем мен жалаң сөйлем, кейде жалаң сөйлем мен жайылма сөйлем, кейде жайылма сөйлем мен жайылма сөйлем бірігіп бір күрделі сөйлем болып айтылады» [23, 95] .
Құрмалас сөйлемге қатысты әрі мағыналық, әрі құрылыстық жағынан тың тұжырымдар С. Аманжолов пен Н. Сауранбаевтың авторлығындағы орталау және орта мектептерге арналған грамматикада қозғалды. Авторлар: «Күрделі ой жеке, дара жай сөйлемнің шеңберіне сыймайды. Ал адамның ойы көбінесе күрделі түрде айтылуды керек қылады» - дей отырып, ондай құрылымдардың салалас, сабақтас, аралас болып келетіндігін көрсетеді. Құрылыстық жақтан сөйлем түрлерінің көп бағыныңқылы да болатыны алғаш осы еңбекте үсьшылған. Тіпті, олар бірыңғай және сатылы бағыныңқылы сабақтас болып жіктелген: «Әлденеше жай сөйлемдер салаласып құрмаласады» деп, оның көп құрамдылығын да алға тартады. Мұның үстіне құрмалас түрлерінің - салалас және сабақтас - мағыналық топтастырылуы да, біршама дұрыс түсіндірілген. Мәселен, салаластың құрылымдық жағынан жалғаулықты және жалғаулықсыз болатыны, оның алғашқысының қарсылас, үдетпелі, талғаулы, кезектес, бейтараптық болып саралануына негіз болған да, сабақтастардың он түрге топтастырылуын оның бағыныңқы мағынасына сүйеніп негізделген де - осы еңбек [14, 53-71] . Әйтпегенде бәрімізге мәлім болғандай, алдыңғы оқу құралдарында сабақтас құрмаластың мағыналық белгілері (егер солай атай алсақ) сөйлем мүшелерінің атауы негізінде (бастауыш бағыныңқылы, анықтауыш бағыныңқылы т. с. с. ) шешіліп келді. Жоғарыдағыдай мағыналық топтастырудың алғаш рет ұсынылғанын ескерсек, олардың кейбірінің тілден көрініс таппағанын түсіністікпен қабылдаймыз. Мәселен, салаласқа қатысты үдетпелі, бейтараптық түрлері, сабақтасқа қатысты нұсқаулы, іргелес, аялы, сілтеулі түрлері тек атаулық негізде, әрі мағыналық топтастыруда күні бүгінге дейін қолданылуда.
Жалпы, құрмалас түрлерінің үш түрмен көрінетіндігі 1940 жылғы бағдарламада бекіп, онан кейінгі уақытта күн тәртібінен түскен жоқ [24, 16] . Мәселен, мектептен кейінгі оқыту сатысы болып табылатын педагогикалық училищелерде де оқу бағдарламалары, түрлі тапсырмалар ұсынылды, онда да құрмалас түрлерін салалас және сабақтас деп жіктеу болды. «Салалас сөйлемдердің мағынаға қарай түр-түрге бөлінуі жалғаулықтың бар жоғына байланысты емес, - деп түсіндіре отырып, С. Жиенбаев оның мағыналық түрлері ретінде, - тіркесті, қарсылас, үдетпелі, жалғаулы, себепті болып беске бөлінетінін» көрсетті [25, 14] . Ал құрмалас сөйлемдерге қатысты берілген тапсырмаларда мынадай тұжырымдар бар: «Сөйлемдерді төрт түрге бөліп атаңыз: жай сөйлем, салалас құрмалас сөйлем, сабақтас құрмалас сөйлем, аралас құрмалас сөйлем» [25, 29] . 1942 жылы педучилищенің қазақ тілі бағдарламалары құрмалас сөйлемге қатысты мағыналық та, құрамдық та жіктеулерге көңіл бөлді. Әсіресе, «Құрмалас сөйлемдердің аралас келетінін; жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің аралас келетінін; сабақтас, салаластардың аралас келетінін; төл сөз аралас келетінін» баса көрсетті [26, 18] . Бұл аралас құрмалас сөйлемнің құрылыс материалы бола алатын құрылымдарды көрсету еді. Мұндай бағдарламалар жүйесі оқу орнына сай оқулықтар түзуге әкелді. Бүл қатарға Р. Бегалиевтің оқытушыларға көмекші құрал ретінде ұсынылған «Құрмалас сөйлем» атты еңбегін жатқызуға болады. Сабақтастарды топтастыру сөйлем мүшелерінің қызметіне үйлестірілген, себебі ол бағдарламада солай берілген-тін. Тек шартты бағыныңқылы сабақтас деп бөлу бар, «оның негізгі белгісін сүрауында емес, мағынасының шарт болуында» деп түсіндіреді. Ал бағыныңқы сыңардың көсемше тұлғасымен келуі салаластың ыңғайынан табылған, бүл да бағдарламаның ұстанымдарынан деп ұққан жөн. Ғалым: «Салаластардың басты белгісі сол, бұлардың ішіне енген жай сөйлемдер өз алдына тиянақты болып келеді де, тек мағына жағынан байланысады» - деп [27, 4], оларды жалғаулықты және жалғаулықсыз болады деп көрсетеді. Оның алғашқысын түрлі жалғаулықтардың нәтижесінен ыңғайлас, талғаулы, қарсылас, себеп-салдар мәнін беретінін аңғартады. Әдістемеші-ғалым аралас құрмалас сөйлем «түрінің құрылысында салалас пен сабақтастардан принцип түрінде өзгешелік жоқ», - дей тұра, оған қатысты үш сыңарлы және бес сыңарлы мысалдар келтірілген [27, 9] . Тіпті, олардың бір-біріне тигізген мағыналық қатынасын көрсеткен [27, 27] .
Педагогикалық училищелерге арналған грамматикалық оқулық 1948 жылы да шықты. Бұл оқулық авторының бірі - Ғ. Бегалиев. Тегі, екінші автор Н. Сауранбаевтың әсері тисе керек, жалғаулықсыз салаластардың жанына іргелес атауы ілестіріліп, олардың жай сөйлемдік бөліктері мезгілдес және қарсы мәнде ғана емес, ыңғайлас, шарттас, амалдас болып, жалпы саны беске жеткізілген. Ал жалғаулықты түрінде жоғарыда белгіленгендігінен айтарлықтай айырмашылық жоқ: тек ыңғайлас атауы мезгілдес болып алмастырылған. Оқулықта сабақтас құрмаласты топтастыруда бірсыпыра өзгешелік бар: олар көсемше бағыныңқылы; есімше бағыныңқылы; шартты бағыныңқылы; төл сөзді сабақтас болып жіктелген [28, 212] . Мағыналық топтастырулар, негізінен, үш топқа жинақталған: 1) шарт бағыныңқылы; 2) қарсылықты бағыныңқылы; 3) пысықтауыш бағыныңқылы, соңғысы өз ішінде төртке сараланады [28, 219] . Оқулықта көңіл аударатын - «Құрмалас сөйлемдердің құрылысы» атты тақырып. Авторлар: «Құрмалас сөйлемдер екі жай сөйлемнен ғана құралмайды, үш-төрт жай сөйлемнен де құралады» - деп, бүл тараптан аралас құрмалас сөйлемдік және көп бағыныңқылы сабақтастық мысалдарды келтіреді [28, 228] .
Педагогикалық училище студенттері үшін 1960, 1967, 1982 жылдары Ғ. Әбуханов атымен де оқулықтар жарияланды. Оқулықта құрмалас сөйлем түрлері мағыналық топтастырылуға, оның ішінде сабақтастық құрылымдар да бар, бағындырылған. «Құрмалас сөйлемдер компоненттерінің мағыналық қарым-қатынасына, өзара грамматикалық байланысу тәсілдеріне қарай негізгі үлкен екі топқа жіктеледі: 1) салалас құрмалас сөйлемдер; 2) сабақтас құрмалас сөйлемдер. Сонымен қатар құрмалас сөйлемге енген жай сөйлемдердің байланысу тәсіліне қарай құрмаластың аралас құрмалас сөйлемдер деп аталатын үшінші бір тобы да бар» дегенді алға тартады автор [11, 253] . Және үшінші түрдің түрлі ерекшеліктерге (ішкі сыңарлардың орын алмасуы; төл сөзді сөйлемдердің қатысуы; шылаулардың араласуы; т. с. с. ) бай екеніне көңіл аудартады.
Міне, алғашқы оқыту баспалдақтарында (мектеп, училище) құрмалас сөйлем синтаксисі төңірегінде жоғарыдағыдай талдаулар болды. Әрине, олардың жалпы түсіндіруінде қазіргі талдамдарға жауап бермейтін пайымдаулар болған шығар, бірақ олардың өзінің пайдасы болғандығы шындық. Оны біздер қазір де ұмытпақ емеспіз, болашақта да пайдалануға жаратамыз.
Құрмалас сөйлемдік тұжырымдардың әбден «пісіп жетілуі» бір кезеңнің ісі емес, сонымен қатар оның мән-мағынасы, қасиет-ерекшелігі мектеп, училище құралдарымен толыға алмайды. Оның енді бір сатысы жоғары оқу орындарына арналған оқулықтармен, мақалалармен, жеке ғылыми еңбектермен дамып көрініс табады. Бұл, екінші жағынан, сол пәннің, ілімнің шынайы ғылыми жолда көрінуіне де әсер етеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz