Қазақ газетінің зерттелуі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 71 бет
Таңдаулыға:   
ДӘРІС КЕШЕНІ

№1 дәріс
Дәріс тақырыбы: Ұлттық журналистиканың бастау көзі
Дәріс мақсаты: Қазақ журналистиканың тарихымен, оның қоғамдағы орны және ықпалы жөнінде танысу, игеру.
Дәріс жоспары:
1. Орхон, Енисей, Талас өзендері бойынан табылған тас бітіктер
2. Білге қаған (683-734) тас жазулары.
3. Күлтегін (684-731) тас жазулары.
4. Тоныкөк тас жазулары.

Ұлттық журналистиканың ілкі белгісі ежелгі түрік руна алфавитімен бәдізделген Орхон , Енисей , Талас өзендері бойынан табылған тас бітіктерден көрініс тапқан. Мұндай ескерткіштер қатарына ғылыми ортада белгілі болған Білге қаған (683-734), Күлтегін (684-731), Тоныкөк , Күлі Чор, Мойын Чор, қар Чор, т.б. жәдігерлердегі сюжеттер мен оқиғалар желісі, образдар бейнесі мен жер-су атауларына байланысты суреттеулерден публицистік белгілердің нышанын, ақпарат таратудың көшпелілерге ғана тән ерекшеліктерін аңғаруға болады. Ежелгі көшпелі төрүктер ақпаратты тасқа басу арқылы сол дәуір шежіресін айнаға түскендей болашақ ұрпақтың мәңгі есінде қалдыруды көздеген.
Орхон ескерткіштерінің ішіндегі мазмұны мен көлемі жағынан өзгеше саналатын жазба - Күлтегінге арналған ескерткіш. Жазбада өмірде болған тарихи оқиға баяндалады. Құтлығ қаған (Ілтеріс) тұсында түркі мемлекетінің күш - қуаты артып, ерекше қарқынмен дамыған. Ол 682 жылы қайтыс болғаннан кейін, балалары Могилян мен Күлтегін жас болып, таққа туысы Мочжо (Қапаған) отырады. 716 жылы Қапаған дүниеден қайтқан соң, таққа Білге қаған отырады. Дәл осы кезде Білге түркі мемлекетінің күш - қуатын арттыруға көп еңбек сіңіреді. 731 жылы түркінің атақты қолбасшысы Күлтегін дүниеден өтеді. Інісін өмірлік есте қалдыру мақсатында Білге қаған Кошо - Цайдам ойпатындағы Қараболғасун ескі қорғанның солтүстігіндегі Эрдени - цзу пұтқанасы маңында Күлтегін тас жазуын орнатқызады. Оны жазған Иоллығ тегін атты жазбагер.
Бұл ескерткішті тұңғыш тапқан орыс ғалымы - Н.М.Ядринцев. 1890 жылы Г. Гейкель бастаған фин - угор қоғамы, 1901 жылы В.В. Радлов бастаған Орыс Ғылым академиясының экспедициялары ескерткіш орнатылған жерге барып, жазуды тексеріп қайтқан.
1902 жылы Учжоудағы ағылшын консулы К.Кэмпбелл Күлтегін жазбасына қатысты бірсыпыра зерттеу жүргізген. 1909 жылы француз саяхатшысы Ля Кост, 1912 жылы В.Л. Котвич, 1958 жылы чех археологы Л. Иисль қарастырады. Жалпы бұл жазуды дат оқымыстысы Вильгельм Томсен, әйгілі ғалым В. В. Радлов, кейін С.Е. Малов өз тілдеріне аударады. Түпнұсқаны зерттеуде В. Бартольд, С.Г.Кляшторный, т.б. ғылымдар зор еңбек сіңірді. Көне түркі жазбаларын қазақшаға аударуда зерттеу ісінде Ғұбайдолла Айдаров, Құлмат Өмірәлиев, Мырзатай Жолдасбеков еңбектері зор. Кейінгі жылдары ақындар Қадыр Мырза Әли, Темірхан Медетбек Күлтегін жазбасының еркін поэтикалық аудармасын жасады.
Күлтегін ескерткішінің биіктігі - 3,15 м, ені - 1,24 м, қалыңдығы - 0,41 м. Ескерткіштің жоғары жағы бес бұрышты. Оның қырларында айдаһардың суреттері мен қаған таңбалары бейнеленген. Екінші жағанда ескерткіштің орнатылған күні - 1 тамыз, 732 жыл деп жазылған.
Күлтегін ескерткішіндегі жазу екі бөліктен тұрады. Ол негізгі беттегі 40 жол жазу - үлкен жазу (КТҮ) деп, ал сол жақ бетіндегі 13 жол жазу - кіші жазу (КТК) деп аталады.
Ғұлама М.О. Әуезов: Мұнда батырдың жас шағынан бастап өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжеттік құрлысына ұқсастық бар, - деген ой білдірген.
Ал академик Ә.Х. Марғұлан болса: Өткен дәуірдің жыршылары қандай ерлік жырын жырласа да, оның бәрі материалистік негізге тіреліп, болған тарихи уақиғаны, тарихи фактілерді жырлаған, - деп жазады.
Көне жазба ескерткішінің ішінде осындай нақтылы фактілерге негізделген Күлтегін тарихи жәдігерінің үлкен жазуы 428 өлең жолынан, бір - бірінен толық дербес тұрған алты хикаядан, яғни алты оқиғадан құралған. Бірінші хикая - түрік халқының ұла ата - бабалары туралы, екінші хикая - түріктерді тамғаштардың бағындырып алғаны жөнінде, үшінші хикая - Елтеріс қағанды сипаттауға арналғаан, төртінші хикая - Қапаған қаған туралы, бесінші хикая - Білге қағанды жыр еткен, алтыншы хикая - Күлтегін туралы жыр.
Профессор Б.Кенжебаевтың: Қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес, кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық көрсететын әдебиет нұсқалары болуы ықтимал, - деген тұжырымдары ежелгі түркі дәуірінде туған ғажайып ескерткіштерге де қатысты айтылса керек.
Көне түрік жазбаларын зерттеп, зерделеу ісіне үлес қосқан, профессор М. Жолдасбеков: Қазақ әдебиетінің басы, нәр алар қайнар көзі қайсы, қайдан басталады дейтін сүрақ қазақ филологтарын көптен толғантып келе жатқан мәлім. Бүл сүрақ замандар бойы жасалған халықтық мәдениетіміздің бастауын танып, оның кейінгі қалыптасу жолдары мен заңдылықтарын анық та айқын байқау, сөйтіп, оларды бүгінгі әдебиетіміздің өзіндік, үлттық белгілерін айқындауға жүмсау талабынан туып отыр, - деген пікір білдірген.
Күлтегін жазбасы тарихи түрғыдан да, әдеби шығарма ретінде де зерттеліп жүр. Ескерткішті публицистикаға жақындататын - жазбада көне түріктердің қоғамдық - саяси өмірі туралы нақты дерек , дәйектердің келтірілуі дер едік. Жырдың бастауындағы жолдарға назар аударайық: Биікте көк тәңірі , Төменде қара жер жаралғанда , Екеуінің арасында адам баласы жаралған . Адам баласы үстіне ата - теһм Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып түркі халқының ел - жүртын Қалыптастырған , иелік еткен.
Шын мәнінде де Бумын қаған да, Істемі қаған да өмірде болған адамдар. Олар - түрік мемлекетін алғаш қүрған елбасылар. Түрік тарихын зерттеуші С.Г. Кляшторный: Түркі мемлекетінің негізін қалаған адам 551 жылы қаған атанғын алған Бумын деп есептеледі, - десе, филология ғылымдарының докторы Т.Жұртбай : Барша түркі жүртын бостандыққа бастаған Бумын қағанды ақ киізге орап, арбаның үстіне көтеріп отырғызып, хан сайлады. Сол күннен бастап исі түркінің қамын ойлап, намысын қорғаған Бумын қағанды Елхан - бүкіл елдің ханы деп жариялады. Бас - басына бытырап жүрген түркі тайпаларының басы бір тудың астына бірігіп, тарихта әйгілі болған түркі қағанатын қүрды. Сонымен Күлтегін жазбасы түрік қағанаты мемлекетінің болғандығы, оның алғашқы ханы Бумын болғандығы туралы нақты деректі жеткізіп отыр. Ғасырларды аттап өтіп бізге жеткен тағы бір есім - Істемі. Естеми қаған кезінде түркі мемлекеті күшейіп , бүрынғыдан да қанатын кеңге жайған. Естемидің әскері 555 жылы Батыс теңізіне жетті, мүны Каспий емес, Арал теңізі деп түсінген дүрыс, өйткені Фирдоуси Естеми билеген елдің шекарасын Шыңнан ( Қытайдан) Жайхүнның (Әмударияның) жағасына дейін және Гүлзарүнның ( Сырдария) арғы бетіндегі Шаш ( Ташкент) қаласына дейін деп анық көрсеткен. Қарап отырсақ, сонау ерте замандардың өзінде қазіргі Қазақстан мемлекетінің батыл да күшті болып қалыптаса бастағандығын аңғарар едік. өйтіп, түркілер бір жарым жылдың ішінде қазіргі Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Хорезмді өзіне бағындырып алды.
Күлтегін жазбасындағы назар аударатын жайт - сол уақытта жаугершілік заман болғандығын, Төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бейбіт еткендігін, Ілгері - Қадырқан қойнауына дейін, кері - темір қақпаға дейін жайлағандығын аңғарамыз. Осындағы Қадырқан қойнауы, Темір қақпа сол кездегі жер аттары.
Тағы бір публицистикалық сарын Бектері халқының ымырасыздығынан табғаш халқының алдауына сенгендігінен, - Арбаына көнгендігінен... түркі мемлекетінің ыдырағандығы туралы тұтас көрініс. Бұл да тарихи шындық. Көршілес Қытай мемлекетіне бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды. Ол заман да өтті.Осы тасқа қашалған рух пен пафосқа толы өршіл сөздер - бүгінгі ұрпақты бабалар қателіктерімен тәрбиелеп тұр, сабақ болатындай саяси ахуалды баян етіп тұр.
Публицистикадағы факт терминінің баламасына оқиға деген түйіндер айтылып жүр. Күлтегін жазбасындағы публицистикалық белгілердің бірі - осы оқиғалар дер едік. Жазбада бірнеше оқиға бірінен кейін бірі хронологиялақ нақтылықпен жалғасын тауып отырады. Онда Бумын қаған, Естеми қаған, Елтеріс қаған, Білге қаған, Күлтегін ерліктері уақыттық жағынан кезек - кезегімен, өмірдегі билік құру уақытымен кезеңдестіріліп баяндалады.
Жазба ескерткіштегі тағы бір назар аударарлық тұс - өмірде болған Күлтегін батырдың ерлігінің дәріптелуі.
Түркі халқы үшін Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым. Інім Күлтегінмен бірге, Екі шадпен бірге Өліп - тіріліп ұлғайттым... ... Терістікте оғуз халқына қарсы , Шығыста - қытай , татабы халқына қарсы Түстікте - табғашқа қарсы Көп қолмен он екі жорық жасадым , - деген жолдарда түркі халқының басына күн туғанда , Күлтегін сияқты ердің жауға қарсы аттанғандығы, кімдермен, қанша жасында, қандай ат мініп айқасқанына дейін дәлме - дәл көрсетіледі. Күлтегін шайқастары оның жасы өскен сайын, шын мәнінде күшейіп, әрі қарай жалғаса береді. Бұл баяндардан байқайтынымыз - Күлтегін батырдың өмірде болған адам екендігі, сол кезде өмір сүрген халықтардың нақты аттары, жер - су аттары жиі кездеседі. Күлтегін шайқастары бейлеленетін тұстар - нағыз публицистикалық сарынды байқатады. Тарихи деректерге қарағанда, Күлтегін 684 жылы туап, 731 жылы өлген. Бауырының қазасына қабырғасы сөгілген Білге қаған табғаш (қытай) қағанының зергер бәдізшісі Шоң Сеңүнді алдыртып, мәңгі есте қалдыру үшін құлыптасқа түркі елінің тарихын, Күлтегіннің ерлігін ойып жаздырды. Негізгі тексті баяндаушы - баба жырау Иоллығ тегін. Ал жерлеу рәсіміне тегіс қағанынан Мақраш таңбашы, Оғуз Білге таңбашы, Қырғыз қағанынан Тардуш ынаншы Чур, т.б. қатысқандығы жырда көрсетілген. Күлтегін қазіргі Моңғолиядағы Орхон өзенінен 40 шақырымдай жердегі Қараболғасун қаласы қасындағы төбеге жерленді, сол жерде бабалар тарихынан сыр шертетін тас ескерткіш бой көтерді.
Публицистикада - ой , идея басты рөл атқаратындығы белгілі . Күлтегін ескерткішінде ғасырлар бойы нұр шашып тұрған негізгі жәуһар ой, идея - түркі халқын ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыру, ата - баба дәстүрін берік ұстау болса керек.
Түйіндей келгенде, Күлтегін жазбасы - VI- VII ғасырлардағы түркі қағанатының қоғамдық- саяси өмірін, жаугершілік замандағы ел басқарған хандар мен қол бастаған батырлар хақындағы, шындық деректерге сүйенген, елдің тұрмыс - тіршілігін, әдет - ғұрпын дәл бейнелеп берген өлмес ескерткіш. Шындық өмірді, ақиқат болмысты көрсеткен жазба - көркем шығарма, тарихи жәдігер болумен қатар, қазақ публицистикасының да қайнар бастауының бірі деп батыл тұжырым жасауға болады.
Орхон жазба ескерткішінің ішіндегі бізге жеткен үлкен қазынаның бірі - Тоныкөк жыры. Күлтегін жырының авторы Иоллығ тегін болса, Тоныкөк жырының авторы - Білге Тоныкөктің өзі деген жорамал бар. Тоныкөк - Білге қағанның қайын атасы және әйгілі әскери маман. Ол жас кезінде 13 жыл Жүнгоның (Қытайдың) астанасында тұрып тәрбие алғаан. Ол осы ескерткішті 716 жылы өз қолымен жазған. Тоныкөк қайтыс болған соң бұл ескерткіш оның моласының басына қойылды... .
Тоныкөктың Қытай елінде өскендігі жырдың алғашқы жолдарында - ақ көзге ұрып тұр: Білге Тоныкөк - мен өзім табғаш елінде тәрбиелендім, өстім, Тарихшы Ма- Шаңшудың айтуынша, осы Тоныкөк Алтайдағы Қара Ертісті мекен еткен қарлақ елінің Сабек тайпасынан шыққан адам Тоныкөк Елтеріс, Қапаған, Білге қағандардың ақылшысы, Күлтегін батырдың батагөйі болған.көп жасаған дана қарт. Тоныкөк Білге 716 жылы Күлтегінге қолбасшылықты аманатқа тапсырғанда 70 жаста болатын. Ал 727 жылы қытай императоры елші жіберіп, жылына 100 мыңдай тай жібек беруді ұсынған келісімінің тұсында ғұлама Білге билікке қатысқан. Демек, дала абызы 646 жылы туып, тоқсан жас жасаған. Сонда, жеті жүз жігітті ерткен ұлығ шад Құтлықтың сарбаздарына қосылып, ақыл иесі, сөз иесі өзі болып , Елтерісті қаған сайлаған кезде отыз алты жаста екен [63,1196.].
Күш - қайраты бойындағы сол шағын Тоныкөк жыршы былайша көрсетеді: Елтеріс қаған [өзінің] ақылды, [үзеңгілес] жолдасы [бар] үшін алып болғаны үшін, - Табғачка [қарсы] он жеті [жолы] соғысты, Қытайға [қарсы] бес [жолы] соғысты, Оғузға [қарсы] бес [жолы] соғысты . Сондағы ақылшысы(50) тағы мен - ау едім, қолбасшысы тағы мен едім.
Елтеріс қағанға, Түрк Бөгү қағанға, түрк [Білге қағанғғға, түрк] Қапаған мен Білге Тоңуқуқ ақылшы серігі мен болдым...
...Тәңір жарылқасын! Бұл Түрк елінің үстіне жарақты жау келтірмедім, [жал - құйрығы] түйілген атты шапқыздым (жауға ел үстіне ат ойнақтатқызбадым - жазбаның дәл осы жолдарында ескерткіш авторы Тоныкөктің қандай адам болғандығы нақты тарихи деректермен баяндалады.
Жырдың басты қаһдрманы Тоныкөк - хандардың ақылшысы, дана адам ғана емес, бүкіл түркі елінің тағдырын ойлайтын абыз қарт, жасында қолына қару алып жауға шапқан батыр да, қалың түркі еліне жол көрсеткен жолбасшы, қол бастаған қолбасшы.
Тоныкөк ескерткіші Күлтегін жырымен бір мезгілде жазылғаннан кейін болу керек, жазылу стилі, композициялық құрылымы, баяндау тәсілі, сөз қолдану ерекшеліктері, түрік тіліне тән екпінді пафосы жағынан ұқсас. Көлемі - 313 өлең жолынан тұрады. Құлыптаста 62 руналық жазу жолына сыйып тұр. Филология ғылымдарының докторы, профессор Н. Келімбетовтің пікірінше жырдың жалпы оқиға желісін он төрт топтамаға бөлуге болады. Әр топтама: оқиғаның басталуы, оқиға желісінің өрістеуі және қорытындыдан тұрады.
Бірінші топтамада түркі халқының табғаштарға бағынышты болып қалу тарихы, екіншіден - аман қалған түріктердің бас қосып, бірігуі ; үшіншіде - сол біріккен халықты басқаратын қаған сайлаудың қиын болғандығы, төртіншіде - Елтерісті қаған етіп жариялағаны, ел ішіндегі тыныштыққа сырттан қатер төне бастағаны; бесіншіде - оғыздардан тыңшы келіп, олар елін шапақ болып жатқаны; алтыншыда - түркі халқының жауларымен күрестің қиындығы және осы қиындықты жеңудегі Тоныкөктің рөлі; жетіншіде - оғыздармен болған соғыс туралы; сегізінші топтамадан бастап, он үшіншісіне дейін түркілердің түрлі тайпалармен жүргізген қиян - кескі соғыстары жыр етіп баяндалады.
Тоныкөк жырының ең соңғы - он төртінші топтамасы бүкіл жырдың қортындысы сияқты. Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін жүргізген соғыстарын атап - атап айтады да, соның бәрінде түркілердің жеңіске жеткенін, сол жеңістердің өзінен - өзі келмегені, оған Тоныкөк өзінің ақыл - кеңесімен, ерлік істерімен қыруар үлес қосқаны сөз зергерлеріне ғана тән зор шеберлікпен суретиеледі.
Тоныкөк жазбасының өзіндік ерекшелігі ретінде мына жайтты айтпай кету мүмкін емес. Оқиғалар тізбесі,жойқын шабуылдар мен түркі мемлекеттігін сақтап қалу жолындағы жанталас урыстар басты кейіпкер Тоныкөктің атынан баяндалғанмен, мунда - түркі халқы бастан кешірген қанкешті күндер мен жанкешті жылдар көрініс табады. Түрк Білге қаған еліне [арнап] жаздырдым. Мен Білге Тоныккөк, - деген жолдар да Білге Тоныкөк өз атын тарихта қалдыруды емес, түркі халқының тарихын келешек урпаққа жазып қалдыруды мансуқ тұтқан. Елтеріс қаған таққа отырғаннан кейінгі әлсіздеу түркі мемлекетінің ахуалы мына жолдарда сайрап тур: Ақылшы серігі, атақты серігі мен болдым. (Елтеріс қағанның - Б.Ж.) Шуғай Қуз бен Қарақумды жерлеп (қоныстап) отырар едік. Халықтың тамағы тоқ еді. [Бірақ] жауымыз төңірегімізде айналып ушқан жыртқыш қус сияқты еді[де],біз жемтіксияқты едік. Осылайша [қысыл - таяң жағдайда] отырып, тіршілік жасадық.
Әскері аз, бытыраңқы түркі елі тізе қосып жауға бірігіп аттануы керек болды. Әйтпесе, төрт бурышты жайлаған басқа халықтар түркі халқын мүлдем жойып жіберу қаупін туғызды.Яғни сол көне дәуірлердегі ең басты мақсат - түркі мемлекеттігін қалай да сақтап қалу еді. Тоныкөк жазбасының да - негізгі көтерген қоғамдық - әлеуметтік мәселесі де, түпқазық, алтын арқау жемісі де осы.
Күлтегін жырындағы Білге қағанның таққа отыру баяны. Білге қағаан мен Күлтегін батырдың Көк Түрік мемлекетін күшейту жолында жүргізген жорықтары баянындағы, Түрік халқы үшін түнде уйықтамадым, күндіз отырмадым, - деген жолдар Тоныкөк жазбасында да кездеседі: Сонда түн уйықтамадым , күндіз отырмадым . Елін, жерін сүюдің ең айқын көрінісі осы болар. Ал түнде уйықтамадым, күндіз отырмадым деген үндеу сөзде қуатты публицистикалық үн бар. Ол сонау терең ғасырлар қойнауынан урпаққа жеткен жігерлі, намысты, жалынды сөз.Сол сөздің күшімен, айбынымен түркі тектес халықтар бүгінгі территориялық тутастығ.ын, мемлекеттігін сақтап келе жатқандығы - түрік рухынан өшпес бейнесі бола алады.
Тағы бір жерде сол кездегі бабалардың елін, жерін қорғау үшін талай - талай белден асып, әскері аз болса да, жаудан ақыл - айласын асырып, қапыда қалдырып, күшпен емес ақыл - парасатпен жеңіске жеткендіктері баяндалады:
Ол сөзін естіп қол (әскер) жүргіздім.Аптынжысты жолсыз (жермен) астым. Ертіс суын өткелсіз жерден өттік. Түн қаттық. Болчыға таң ата жеттік. Тіл келтірді (әкелді). Сөзі мынау: Жарыс жазығында он түмен әскер жиылды , - дер . Ол сөзін естып бекер: Көтерілейік, қайталы. Ару уят жақсы (босқа қырылғаннан таза уят көп артық) - деді. Мен былай дедім: мен Білге Тоныкөк, Алтынжысты аса келдік, Ертіс суын кеше келдік. Келген [кісі] алып! - дедім. Түймеді (түсінбеді, өкіліме түспеді).
Тәңрі, Умай, Үйық жер - су жар берді емес пе, неге қашамыз? көп [екен] деп неге қорқамыз, аз дейік. Неге басынады? (неге басылып қаламыз ?) тиелік! - дедім . Тидік (тиіп бердік). Бытыраттық (быт - шыт қылып қуып жібердік). Осы үзіндіде де түрк жауынгерлерінің көп қиындықты бастан кешіп, өз рухтарын Ару уят жақсы, көп деп қорықпа, аз деп басынба деген сияқты қанатты сөздермен көтеріп, қалың жауды қақырата жеңгендігін қазір де көріп отырғандай елестейді. Бул - көне жазбаның сенімді де сергек тілге суарылып, шын өмірде болған оқиғалардан бастау алғандығының дәлелі.
Қазақ публицистикасының туу арналары - осы жалынды леплен тасқа қашалып жазылған Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерінде жатыр деуге толық құқымыз бар. Кеңес дәуірінде бұндай ғылыми байламдарды айту - басын қатерге тігумен бірдей еді. Қазақ публицистикасының зерттелуіне бүкіл ғұмырын арнаған, профессор Т.С.Амандосов та өз еңбектерінде бұл мәселеге жанамалап болса да соқпай кеткен жоқ. Ертеректе жазған Қазақ публицистикасын зерттеу туралы атты мақаласында: Арғы тамырын көне дәуірден бастаған қазақ публицистикасы (XIX ғасырдың екінші жартысында демократиялық бағытта қалыптаса бастады, - деп жазыпты. Арғы тамырын көне дәуірден бастаған, - дегенде профессор Амандосовтың ойы да осы жазбаларға бағытталған болса керек. Сол мақаланың соңына таман Баяндалған пікірімізді қорыта келгенде қазақ публицистикасын зерттеу жан - жақта қолға алуына тиісті. Мұны қолға алғанда бұл зерттеулер мынадай бағытта жүргізілуі керек:
Көне түркі ескерткіштеріндегі жер - су аттары, ру - тайпа аттары мен өмірде болған тарихи тұлғалы адамдардың аттары аталуының өзі - бұл мұраларды публицистикалық жазбаларға жақындата түседі. Ескерткіштегі аталатын Алтын йыш - Алтай тауы, Ертіс угуз - Ертіс өзені, Кем - Енисей өзені, Інчу угуз - Сырдария, Селеңе - Селенгі өзені, Бұқара, Қадырқан, Қара көл, Өркен, Өтукен т.б. жер - су аттары, оғуз, түргеш, апараварлар, арғу, уйғыр усын, түрк, қырғыз, қарлұқ, ізгіл, қыпшақ т.б. ру тайпалары мен унут - тибет , қытай, тоқар халықтарының аттары кездесуі көне замандарда тасқа қашалғаан мұралардағы публицистикалық элементтерді молайта түседі. Бумын қаған , Ілтеріс қаған, Білге қаған, Бүгі қаған, Ечим қаған, Озмыс тегін сияқты түркі мемлекеті қағандарының, үш түркі қағанының кеңесшісі Тоныкөктің, әскер қолбасшысы Күлтегіннің, Түргес тайпасының бегі Күлі-Чордың, Түркі бегі Есбараның, сондай-ақ, Тінесі, Тоқра- Сүміг, Иамтар, Күлбілге, Оғузбілге, Ынанчы- Чор, т.б. өмірде болған кісі аттарының аталуы да көне түркі ескерткіштерінің бүгінгі қазақ публицистикасына бастау болғандығын айғақтайды.
Жалпы көлемі-13 руналық жазу жолына сыйып тұрған ескерткіште көне түркі мемлекетінің саясаты, экономикасы, мемлекет басқару құрылымы, басқа халықтармен қарым - қатынасы, геосаяси бағдарлары қамтылған.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштері жөнінде не білесіз?.
2. Сына жазулары қай ғасырға жатады?
3. Сөздік құрастыру.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
Пайдаланылған әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5

№ 2 Дәріс
Дәріс тақырыбы: Қазақ мерзімді баспасөзінің пайда болуы және қазақ тіліндегі алғашқы газеттер.
Дәріс мақсаты: Қазақ мерзімді баспасөзінің пайда болуы және қазақ тіліндегі алғашқы газеттер туралы білімгерлерге жете түсіндіріп, олардың маңыздылығын жеткізу.
Дәріс жоспары:
1. Тәржіман газетінің шығу тарихы, қазақ баспасөзіндегі орны.
2. Исмаилбей Гаспиринскийдің түрік мәдениетін дамытудағы еңбегі.

Тәржіман газеті 1883 жылғы көкек айының 10-күнінен бастап 1918 жылдың ортасына дейін Қырымның Бақшасарай қаласында шығып тұрды. Бұл мерзімді баспасөз - ресей патшалығьіна қараған төрүк тілдес ұлт пен ұлыстардың арасында тұңғыш жарық көрген ізашар газет болуымен құнды. Басылымның редакторы әрі шығарушысы - әйгілі журналист, жазушы, ғалым, көп қырлы талант иесі Ысмайылбек Ғәспрәлі (Исмаилбей Гаспиринский). Ол Тәржіманды өзі түзген араб графикасындағы әліпбиі негізінде Тілде, істе, пікірде бірлік! ұранымен күллі түрік жұртына ортақ рухани пәрменді құрал деңгейіне көтеруді көздейді. Бұл алдына қойған мақсатына Ысмайылбек Ғәспрәлі жетті. Тәржіман газетінің географиялық таралу аймағы Ресейге қараған түрік халықтарын былай қойғанда, Түркия, Египет, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Қытай, Мрнғолия, Франция, Алмания мемлекеттерін қамтыды. Сондай-ақ, Сол елдердің бәрінде газет өзінің меншікті тілшілерін ұстады. Мәселен, Мәскеу, петербор, Қазан, Уфа, Орынбор, Павлодар, Алматы, Ташкент, Түркістан, Аштархан, Бақы, т.б. қалаларда Тәржіманның арнаулы тілшілері қызмет етті. Газет редакторының өзі де түрік тілдес елдерді жиі-жиі аралап, қызмет бабымен іс-сапарға шығып, қандастарының саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени тұрмыс-тіршілігін, шаруашылық қаракетін көзімен көріп, алған әсері мен көңілге түйген ойын боямасыз баяндап отырды.
Үлкен ойшыл Шәкәрім қажы Алдында өткен, тәрбиесін көрген Абайдан соңғы ұстазым - Тәржіман газетінің иесі Ысмайылбек Ғәспрәлі десем қателеспеген болар едім. Анықтық үшін сол кісінің газетін оқып, бек көп пайдаландым. Алла тағала екі дүниеде мақсатына жеткізсін. Әумин!,-деп аузынан тастамаса, ана тілін түрлеген А. Байтұрсынов ағынан жарыла: ...Сол күннен бастап өршіп көбейген Россия мұсылмандары арасында бас-аяғы мыңға жуықтәртібі бастауыш мектептің бәрінің үлгісі Гаспиринский мектебі еді. Бұл күнде төте оқу үшін шығарылған неше түрлі әліппе болса, бәрі де үлгіні Гаспиринский шығарған әліппеден алған еді. Бұл күнде он мыңға жуық мұғалімдердің бас ұстазы, жолбасшысы Гаспиринский оқушылары еді... ,-десе, М. Сералин
Гаспиринскийдің жамбасы жерге тиген 1914 жылғы қыркүйекте естіген қаралы хабарды естігенде: Россия мұсылмандары бірін-бірі танымай, өздерінің де кім екендіктерін біле алмай ыдырап жатқан, не дүниядан, не ғылымнан, не һөнерден құралақан бір халық еді. Бұлардың ел екендігін, жұрт екендігін есіне салған біздің мұсылман дүниясынан басқа дүния барлығын көрсеткен, ол басқа дүниядағы білім-өнердің түбі біздің мұсылман бабаларымыздың қолынан шыққандығын білдірткен , он жыл оқып, бір жыл дұрыс хат жаза білмейтұғын елді бір жылда жазу танытуға мүмкін екендігін үйреткен, тілсіз жұрт дүнияда тіршілік ете алмайды деп, жұрттың өз тілінің өзіне қадірлі екендігін аңдатқан марқұм Ысмағұлбек Гаспиринский еді. Тілсіз жұрт-жансыз жұрт секілді екендігін аңғардық. Біз бұрын жансыз, өлі кеуде едік. Гаспиринский бізге жан бітірді, өлі денеге рух кіргізді. - деп жазды (Жуырда орны толмастай өлім. Айқап журналы, 1914,№17)
Ысмағұлбек Гаспиринский талантының бір қыры көп тілі білгендігі. Барша төрүк тілдерімен біргше ол араб, парсы, орыс, француз тілдерін жетік меңгерген жан. Сондықтан да ол Тәржіман бетінде ғаламның алуан тілдерінен аударып, жедел жариялап отырған не түрлі жаңалық хабарлар бірінің баспасөзге қолы енді жеткен, бірінің қолы мүлдем жетпеген төрүк қандастарының қай-қайсысына да орасан зор көмек, шын мәнінде көз бен құлақ болды. Дәстүрлі қалыптасқан бұрынғы жүйелеу бойынша қазан төңкерісіне дейін төрүк халықтарының баспасөз тарихында Тәржіманнан басқа 33 жыл үзбей шығып түрған басылым болған емес. Жалпы газеттің ғүмыры 35 жылға созылып, 35 жыл тынбастан түрік жұртына адал қызмет етті, сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы: "Төрт-бес жылдың ішінде шығып тоқтаған бәм осы күнде шығып түрған түрліше газет-журналдардың бәрі "Тәржіманның" балалары",-деп әділ бағасын берген еді. Демек, түрік халықтарының баспасөз саласындағы ілкі тәжірибесі, алғашкы мектебі - "Тәржіман" болғанына бұл дәйексөз куәлік беріп отыр.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Тәржіман газеті қайда, не үшін шықты?
2. И. Гәспірәлінің еңбегіне тоқталыңыз?

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
Пайдаланылған әдебиеттер: 2, 3, 5, 8

№ 3 Дәріс
Дәріс тақырыбы: Қазақ публицистикасының көшбасшылары
Дәріс мақсаты: Мамандығы аясында, студенттердің пән тақырыбына сәйкес тереңдей зерттеуге бағыттау.
Дәріс жоспары:
1. Ш.Уәлихановтың хат, мақала, ғылыми мақалалары мен жолсапар очерктері.
2. Ы.Алтынсариннің мақалалары мен очерктері және этнографиялық мақалалары.
3. А. Құнанбайүлының еңбек. білім, тәлім-тербне такырыбына арналған өлеңдеріндегі публицистикалық элементтер мен қара сөздері.

1. Қазақ публицистикасының алғашқы үлгілері қатарында Ш.Уәлихановтың хат, мақала, ғылыми мақалалары мен жолсапар очерктері екіншіден, Ы.Алтынсариннің кезінде "Оренбургский листок" газетінде жарияланған мақалалары мен очерктері және этнографиялық мақалалары, үшіншіден, А. Құнанбайұлының еңбек, білім, тәлім-тәрбие тақырыбына
арналған өлеңдеріндегі публицистикалық элементтер мен қара сөздері жатады.
Қазақ публицистикасының тарихы туралы толғанатын болсақ, қазақ жазба әдебиеті мен жазба публицистикасының қатар туып, қалыптасқандығына куә боламыз. Қазақ баспасөзінің тарихын түңғыш зерттеуші, профессор Х.Н. Бекхожин өз еңбегінде қазақ публицистикасының негізін салушылар ретінде Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Қүнанбаев есімдерін атайды. Зерттеуші М.И. Фетисов Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерін қазақ демократиялық публицистикасының алғашқы үлгілері ретінде баға береді.
Шоқан Уәлиханов өзінің публицистикалық мақалалары мен очерктерінде өзі өмір сүрген тұстағы қоғамдық маңызы зор мәселелерді қозғады. Мәселен, Шоқан Сот реформасы атты мақаласында 1864 жылы қазақ елін билеу және онда сот жүргізуге патша өкіметінің жасаған өзгерістеріне қарсылық білдіріп, батыл сынға алады.
Шоқан Сахарадағы мұсылманшылық туралы мақаласында әйел теңдігі мәселесін көтерді, Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары атты әйгілі публицистикалық шығармасында дін тақырыбын, Қазақтардың қонысы туралы мақаласында патша өкіметінің жерді бөліске салудағы теңсіздігін жазды. Оның Ф.М. Достоевскийге, А.Н. Майковке жазған хаттары да - қазақ эпистолярлық публицистикасының тамаша үгілері. Оңтүстік сибирьлік тайпалар тарихы жөнінде, Абылай, Қырғыздар туралы публицистикалық мақалаларының тарихи танымдық маңызы зор. Ал Жоңғария еңбектері деген шығармасы - қазақ жолжазбаларының алғашқы үлгілерінің бірі. Шоқан бүл шығармасын 1860 жылы Петербургте жазып, 1861 жылы А.Н. Бекетовтің редакциясымен шығып тұрған Орыс география қоғамының запискаларында тұңғыш рет жариялады.
Шоқан орыс әліпбиін қабылдау идеясын, қазақ тіліне тән дыбыстарды қосымша таңбалау қажеттігін қазақ зиялылары ішінде бірінші айтқан Шоқан болатын.
2. Қазақ жазба публицистикасының атасы болып саналатын қаламгердің бірі - Ыбырай Алтынсарин. Алтынсариннің Қазақ хрестоматиясы әрі оқулық, әрі көпшілікке арналған публицистика және көркем әдебиет шығармаларының жинағы, халыққа әртүрлі білім беретін энциклопедиясының ролін атқарды - деп жазды профессор X. Бекхожин. Алтынсарин публицистикасы ағартушылық функцияны атқарды. Ыбырай өзінің 1862 жылғы бір хатында: Қазақ халқы қарапайым, өнері жоқ халық. Бірақ біз қарапайымдылықтың өзінен де көп жақсылық табамыз. Қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық. Мәселе оны ағартуда болып отыр, - деп жазды. Дәл осы ойлар оның көп публицистикалық шығармаларының алтын арқауы болды. Оның алғашқы публицистикалық мақалалары Оренбургский листок газетінде басылды. Алтынсарин көтерген ауқымды қоғамдық мәселелердің бірі - отырықшылыққа үндеу болатын. Бірақ ол қазақ халқының көшпелі тұрмысқа негізделген салтын бірден жойып жіберуге қарсы болды. Ол түбінде, бірте - бірте отырықшылық саясатының қажеттілігін көпшілікке түсіндіруге тырысты. Әрбір халық прогресті жолмен дами отырып, ақыр аяғында көшпелі салтпен отырықшылыққа айналуға тиіс, - деген тұжырымы Ыбырай - публицист ойларының өміршеңдігін көрсететін дәлел. Қазақ даласындағы ашаршылық жайында деген мақаласында, жұт болып, аштық жайлаған қазақ халқының аянышты халін суреттей келіп, публицист патша үкіметінің отаршылдық саясатына ашық қарсы шыққан кезі де болды. В. Катаринскийге жазған хатында, шұрайлы жерлерді тартып алып, күштеп отырықшылыққа енгізу саясатын әшкерлеп: Осындай ерсі жобаларды оқығанда және естігенде салың суға кетеді. Сондықтан қолайсыздау істеп отырғанымды біле тұрсам да, өзімнің оған қарсы екендігімді білдіруге бел байладым, - деп патша саясатына ашына ашық қарсылық білдіреді. Жалпы Ыбырай публицистикасына тән қасиеттердің бірі - батылдық, өткірлік деген ойдамыз.
Ыбырайдың Қыпшақ Сейітқүл деген шығармасы - нағыз жазба публицистикасының алғашқы үлгілерінің бірі. Оған себеп кейіпкер ретінде тарихта болған адам алынған. Сонымен бірге оқиғаның болған уақыты да нақты көрсетіледі. Сейітқұл, құрметті Тілеу Сейдалин сұлтанның айтуы бойынша 1830 жылдар да өтіпті - міс. Сол данышпан кісінің ақылымен егінді әдет еткен халық Қабырға суының бойында әлі көп, - деп шындыққа құрған оқиға екендігін дәлелдейді автор. Аптынсарин шығармасындағы Қыпшақ Сейітқұлдың ұрпақтары қазіргі күнде де Қабырға өзенінің бойында, Қостанай облысы Аманкелді ауданында егін шаруашылығымен айналысып келеді. Публицистиканың күш - қуаты, онда айтылған ойдың өміршеңдігіне - бұл да бір дәлел болса керек.
3. Батыс және Шығыс мәдениетінің қайнарынан қанып ішкен ғұлама Абай шығармалары да - қазақтың жазба публицистикасының көрнекті үлгілері болғандығы айқындалған. Абай өзінің туындыларында оқу - ағарту, философия, педагогика, әдебиет пен өнер, мораль жөнінде және қоғамдық өмірдің проблемалық мәселелері жөнінде сөз қозғады. Күлембайға, Назарға, Көжекбайға, Интернатта оқып жүр, Ғылым таппай мақтанба, Заман ақыр жастары, Қайғы шығар ілімнен, Қатыны мен Масақбай, Күйісбайға, Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, т.б. көптеген өлеңдерінде өз заманындағы адамдар бейнесін жасай отырып, сол кездегі қазақ қоғамының жамандығынан жиренеді, жақсылығына үйренеді. Қоғамдық маңызы зор бай, идеяларды әсіресе жастар санасына сіңіруге тырысты. , Стиль, идеялық мазмұны жағынан алғанда Абайдың қарасөздері - нағыз публицистикалық шығарма , - деп айқын көрсетіпті профессор X. Бекхожин. халыққа ұқсамайды. Бірімізді - біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала да бар, дүниенің бас - аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді - біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістетерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін - бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма? , - деп қынжылады, қазақ бойындағы келеңсіз қасиеттерді сынға алады, оны қоғамның дерті ретінде сылып алып тастауды көздейді, санасында сәулесі бар жастардың намыс отын жанып, жарықжолға, жарқын болашаққа сүйрейді. Міне - Абай публицистикасының негізгі желісі осылайша өріледі. Абайдың қара сөздері қоғамдық, азаматтық ойларға толы. Бұл қазақ публицистикасының тамаша бастама үлгісі болып табылады. Абай қара сөздері ойға, түйіндеу, топшылауларға молынан қаныққан. Мұңда Абайдың өзгеге ұқсамайтын өз үні, өршіл публицистің өз идеялары бар.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Шоқан Уәлихановтың Сот реформасы , Сахарадағы мұсылманшылық туралы, Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары, Қазақтардың қонысы туралы, Оңтүстік сибирлік тайпалар тарихы жөнінде, Абылай, Қырғыздар туралы, Жоңғария еңбектері публицистикалық мақалаларын конспектілеу

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
Пайдаланылған әдебиеттер: 1, 2, 3, 10

№ 4 Дәріс
Дәріс тақырыбы: Түркістан уалаяты газеті (1870-1882 жылдар)
Дәріс мақсаты: Біз үшін баспасөз тарихының қашанда маңызы орасан. Ал бүгінгі таңда тарихсыз болашақты елестету екіталай. Міне осы жөнінде студенттерге оның маңыздылығын түсіндіру.
Дәріс жоспары:
1. Газеттің шығу тарихы, алғышарттары.
2. Газеттің мақсат-міндеті, бағыт-бағдары.
3. Газеттің публицистиканың алғашқы жанрларын қалыптастырудағы
ролі.

Қазақстанда публицистиканың қалыптасу кезеңі 1870 жылы Ташкентте "Түркістан уалаятының газеті" шығуымен тұспа-тұс келеді. Өйткені, ғалым Т. Қожакеевтің айтуынша, "Түркістан уалаятының газеті" - қазақ топырағында туып, қазақ сахарасына алғаш тараған түңғыш газет еді. Патша өкіметі өз бұйрық- жарлықтарын қазақ тілінде жергілікті халық өкілдеріне жеткізу үшін қазақша газет шығаруды қажет етті. Сондай-ақ сол кездегі қазақ оқырмандарының ұлттық талаптарының бірі ана тілінде газет шығару мәселесі болатын. Газетті шығарушы басында генерал-губернатордың тілмашы Ибрагимов, ал кейін генерал- губернатор канцеляриясының тілмашы Чанышев болды... ."ТУГ" Түркістан генерал-губернаторлығына қарайтын Жетісу, Сырдарияға ғана емес, Ақмола, Омбы, Семей, Көкшетау, Қызылжар, Қарқаралы уездеріне де тараған. Айына 4 рет шығарылатын газеттің 2-уі - өзбек, 2-уі қазақ тілінде басылған.
Газеттің редакторы - Шаһмардан Мирасұлы Ибрагимов, ұлты -башқүрт, білімді, орыс тілін жетік меңгерген адам болған. Ол Шоқан Уәлихановпен таныс, тіпті жақын дос болған деген деректер бар. Омбыда кадет корпусында оқыған. Шаһмардан Ибрагимов газет ісіне басшылық жасаумен бірге, қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жинақтап, басылымның бейресми бөлімінде ондаған ғылыми мақалалары жариялады.
Газеттің мақсат-міндеті, бағыт-бағдары орыс тілінде шыққан "Түркестанские ведомости" басылымының алғашқы нөмірінде айырықша көрініс тапты. Онда былай деп жазылған: "Біздің пайымдауымызша Түркістан өлкесінің қазіргі әкімшілігінің міндеті мынандай: орыс үкіметіне бағынған халықтарды екінші мәрте жеңу. Бірақ оларды қара күшпен емес, ақыл-оймен және рухани басымдылықпен жеңіп шығу. Сонымен патша өкіметінің отаршылдық саясатының түпкі мақсаты жергілікті халықтың санасында өзгеріс жасауға бағытталды. Сол үшін де қазақ халқына түсінікті тілде газет шығару қолға алынған болатын.
Газеттегі саясат тақырыбы - Ресей патшалығындағы мәселелерді қамтып отырды. Патша өкіметінің жарлық, бұйрықтары жергілікті тілге аударылып, басылып отырды Газет материалдарында XIX ғасырдың екінші ширегіндегі саяси ахуал, сол кезде өмір сүрген нақты шенді адамдар есімдері көрсетіліп түрған. Мұның өзі ертеде жарияланған хабар-ошардың жылдар өте келе публицистикалық деректілігінің құнды бола түсетіндігінің айғағы.
Қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірбаяндық деректері, қызмет жолы, ағартушылық қызметі, оның зираты хақында мағлұмат беретін тұңғыш тарихи портреттік очерктің алғашқы нүсқалары да осы газет бетінде басылды. Әйгілі хан тұқымы, полковник Тезек төренің дүниеден қайтқаны туралы да хабар жарияланды (ТУГ. 1878, 1 сентябрь, №23).
Түркістан уалаятының газетіндегі жарияланымдар: "Мәлім-нама", "Әр түрлі хабар", "Телеграф", "Ығламнама", "Орыс газетінде жазыпты", 'Газеттерде жазыпты" деген айдарлармен орыс баспасөзінің кейбір жаңалықтары жүйелі түрде аударма түрінде көшіріліп, беріліп түрған. "Ыстанбол хабары", "Газеттен алған сөз", "Ығлам" айдарлары да сондай сипатта болды.
Түркістан өлкесіндегі ішкі жаңалықтарға да баса назар аударылып отырды. Оларда қазақ елді мекендеріндегі түтін саны, әлеуметтік ахуал туралы нақты деректер де кездеседі. "Түркістан уалаятының газетінің" басты өзгешелігі - негізінен ақпараттардан тұратын газет. Сондықтан алғашқы қазақ газетінде ақпараттық публицистиканың түрлі пішіндері қалыптасты. Очерк, сұхбат, шағын мақалалардың өзі өте сирек кездеседі. Негізінен Түркістан губерниясының жаңалықтары, губернаторлар, генерал-лейтенант Колпаковскийдің, генерал- адъютант фон Кауфманның іссапармен қайда барғаны жөнінде әр түрлі айдарлармен қысқа есептер, авторсыз, редакциялық заметкалар жиі беріліп тұрған.
"Біздің газетті алып түрған бір адам өзінің жолаушы жүргенде басынан өткенін газетке жазып шығармақ болып біздерге жазып жіберіпті" (ТУГ. 1875, №20). "Жазып жіберген кісі - Ташкенттік Мірмұхамет деген" (ТУГ. 1875, №20) - деп авторы да айқын көрсетіледі. Мұнан шығатын қорытынды "Түркістан уалаятының газеті" бетіндегі әлгі жолжазба публицистиканың жолсапар очеркі жанрының алғашқы көріністерінің бірі ретінде атауға болады.
Басылымда діни тақырыпқа да назар аударылып тұрған. Мысалы, "Мұсылманның оразасы біздің есеп бойынша өткен октябрьдің жиырмасыншы, жұма күні басталған болса керек. Мейрам он тоғызыншы ноябрьде жексембі күні болады" (ТУГ. 1872, 4 декабрь, №21), - деген шағын хабарда көпшілікті имандылыққа шақырған. Ал 1874 жылғы бір нөмірде Рамазан айына Ташкенттегі мұсылман жұртының әзірлігі айтылған (ТУГ. 1874, 12 ноябрь, №20). Қазақ тілінде шыққан алғашқы газетте қазақ әдебиетінің көрнекі өкілдері туралы, олардың шығармалары туралы да мағлұматтар жолығады. Әдеби нұсқалардың жариялануы алғашқы қазақ газетінің әдебиет насихатшысы болғандығына айқын дәлел бола алады.
"Орыс газеттері жазыпты" деген айдармен 1872 жылғы газет нөмірлерінде Ресейде шығатын басылымдарға шолу жасалып тұрған. Бұл алғашқы қазақ газетіндегі - публицистиканың шолу жанрыңың туып, қалыптасқандығына айғақ бола алады.
"Түркістан уалаятының газетінің" бетінде публицистиканың жанрлары түңғыш рет қалыптаса бастады. Заметка, есеп, фельетон, мақала, корреспонденция, хат, шолу, жолсапар очеркі, портреттік очерк, гылыми-танымдық очерк сияқты жанрлар алғаш осы газет бетінде көрініс тапты. Қазақ баспасөзіндегі жарнаманың алғашқы нұсқалары да осы газетте жарық көрді.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. ТУГ қандай мақалалар жарияланды?
2. ТУГ еңбек еткен арыстар?

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
Негізгі әдебиеттер: 2, 3, 8, 12.

№5 дәріс
Дәріс тақырыбы: Дала уалаяты газеті ( 1888-1902)
Дәріс мақсаты: Пән аясында студенттердің тереңдей зерттеуге бағыттау.
Дәріс жоспары:
1. Газеттің шығу тарихы, алғышарттары.
2. Газеттің мақсат-міндеті, бағыт-бағдары.
3. Газеттің публицистиканың алғашқы жанрларын ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мерзімді басылымдар жазба деректердің басқа түрлерінен тек өзіне ғана тән сипаттарымен ерекшеленуі
ҚАЗАҚ КӨСЕМСӨЗІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Ұлттық баспасөз ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының дерек көзі
Қазақ газеті және Серке - қазақтың тұңғыш бейресми газеттер
Аудандық газетті электрондық түрде шығару
Қозы Көрпеш - Баян сұлу жырының Шөже орындаған нұсқасы
Алаш ұранды Сарыарқа газеті
ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
М.Сералин шығармашылығы туралы
Шығыс Қазақстан облыстық газетінің қалыптасу, даму кезеңдері (1931 – 2004 жж.)
Пәндер