Сөздің грамматикалық мағынасы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 83 бет
Таңдаулыға:   
Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы пәнінен дәрістер тезисі

1-дәріс: Морфология және сөздің грамматикалық сипаттары

1. Грамматика және морфология
2. Сөздің грамматикалық мағынасы
3. Грамматикалық мағынаны білдіретін тілдік бірліктер
4. Нөлдік қосымша арқылы грамматикалық мағынаның берілуі
5. Грамматикалық мағынаның жұрнақтар арқылы берілуі
6. Көмекшілер арқылы грамматикалық мағынаның берілуі
7. Сөздің грамматикалық тұлғасы
8. Грамматикалық категория

1. Морфология - грамматиканың бір бөлімі. Грамматика - тілдің грамматикалық құрылысын зерттейтін ғылым. Тіл сөздік қор мен грамматикалық құрылыстан тұрады. Сөздік қор сөздерден яғни лексемалардан тұрады. Адам ойды білдіру үшін ойын жеткізуге қажет сөздерді қолданады, бірақ жеке сөздер байланысты ойды білдіре алмайды. Байланысты ойды білдіру үшін, грамматикалық құрылыс бойынша бір-бірімен байланысады. Сөздерді бір-бірімен байланыстыратын тілде түрлі-түрлі грамматикалық бірліктер бар, грамматикалық құрылыста қалыптасқан түрлі әдістер бар. Осындай грамматикалық құрылысты зерттейтін ғылым грамматика деп аталады. Грамматика термині гректің дұрыс жазу өнері деген мағына беретін сөзінен шыққан. Сонымен бірге грамматика тіл білімі ғылымының бір саласы болып саналады.
Грамматиканың заңдылықтары сөйлемде көрінеді, сөйлем мәтінде іске асады. Осымен байланысты тіл білімінде мәтінді зерттейтін мәтін тіл білімі (лингвистика текста) деген бөлім бар. Рас, қазақ тіл білімінде бұл мәселе енді ғана зерттеле бастады. Ал мәтін сөйлемдер мен сөз тіркестерінен құралады. Сөйлем мен сөз тіркестерін грамматиканың синтаксис саласы зерттейді. Сөйлем, сөз тіркестері бір-бірімен байланысты сөз тіркестерінен құралады. Сөздерді бір-бірімен байланыстыратын заңдылықтарды грамматиканың морфология саласы зерттейді. Морфология көне грек тілінің форма және ілім деген сөздерінен шыққан. Демек, морфология деп тілдің морфологиялық құрылысын, яғни сөздің грамматикалық түрлену сипатын зерттейтін ғылым аталады. А.Ысқақов морфологияны сөз және оның грамматикалық формалары туралы ілім деп атаған. Орыс тіл білімінде В.В.Виноградовтан кейін морфологияны грамматикалық сөз туралы ілім деп атау да жиі кездеседі.
Сонда морфология сөз атаулының байланысты ойды білдіру үшін сөздіктегі қалпымен бірге түрлі-түрлі тұлғада қолданылуын қарастырады. Мысалы, сөз таптарының әрқайсысы (зат есім, сын есім, етістік т.б.) сөйлем ішінде түбір тұлғасымен бірге өздеріне тән қосымшалармен түрленіп қолданылады. Ал сөздердің осындай түрленіп қолданылуының қалыптасқан заңдылықтары бар. Осы заңдылықтарды морфология зерттейді. Сонымен бірге, тілде түрленбей қолданылатын сөздер тобы да бар. Олар: еліктеуіш, одағайлар. Морфология сөздердің түрлену заңдылықтарымен бірге түрлі тұлғалардың қандай мақсатпен түрленетінін, қолданылатынын да зерттейді. Бұдан шығатын қорытынды - грамматика деп сөйлемнің, сөз тіркесінің, сөздің түрленуінің қандай заңдылықтар бойынша жүзеге асатынын зерттейтін ғылымды айтамыз.
Грамматиканың ерекшеліктерін оның басқа салаларымен (фонетикамен, лексикология) салыстыру арқылы анықтауға болады.
Сөздің грамматикалық сипатының өзіндік белгілері бар, ол белгілерге міндеттілік және қарама-қарсылық қасиеттері жатады. Грамматиканың міндеттілік белгісіне грамматикалық бірліктердің мағыналық қасиеті жатады. Сөйлемнің белгілі бір мағынада берілуі оны құрауға қатысатын тілдік бірліктердің мағыналарының болуына байланысты. Мысалы, зат есімнің сандылық мәні зат есім сөздердің бәрінде бар, сынның сапасы шырай көрсеткіштері арқылы беріледі, т.б. Грамматикалық құбылыстың қарама-қарсылық қасиеті ондағы тілдік бірліктердің бір-бірімен қарама-қарсысы жоқ ешбір жеке дара бірліктің болмауымен көрінеді. Мысалы, септіктің әр түрін бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы олардың өзіндік ерекшеліктерін анықтауға болады. Осындай қасиет барлық грамматикалық көрсеткіштердің бәріне ортақ.
Сөздің грамматикалық қасиеті сөздің сыртқы тұлғасы арқылы да, оның мағынасы арқылы да көрінеді. Сөздің грамматикалық мағынасы, ол мағынаны білдіретін көрсеткіштері сөздің мағыналық топтарына байланысты болғандықтан, сөздер сөз таптарына жіктеледі де, бұл морфологияның мәселесіне жатады. Сонымен бірге, әр сөз табының ішкі мағыналық топтары, олардың өздеріне тән грамматикалық категориялары және олардың көрсеткіштері мен мағыналары да морфологияның нысанына жатады.
Грамматиканың екі бөлімі бар: морфология және синтаксис. Бұл екі сала бір-бірімен өте тығыз байланысты. Морфология сөздің грамматикалық сипатын зерттегенде, оның жеке сөзге қатысын емес, сөздердің белгілі бір топтарына қатысын зерттеп, ол грамматикалық сипаттың байланысты ойды білдіруде сөйлемде қандай қызмет атқаратынын анықтайды. Сөздің грамматикалық сипатына сөздердің қолданыста түрленуі жатады. Сөздің түрленуі сөйлемдегі сөздерді байланыстыру қызметін атқарады. Бұл морфология мен синтаксистің тығыз байланыстылығын дәлелдейді. Мәселен, атау септіктегі сөз сөйлемде баяндауышпен байланысады (Ол келді.). Ілік септіктегі сөз сөйлемде тәуелдік жалғаулы сөзбен байланысады (Менің кітабым). 1-жақтағы бастауыш 1-жақтағы баяндауышпен байланысады (Мен оқыдым) т.б.
Демек, заңдылықтары бойынша түрленген сөздердің бәрін сөз тіркесін, сөйлем, мәтін жасаушы, байланысты ойды білдіруші де қарауға болады. ал, синтаксис сөз тіркесін, сөйлемді зерттейтін болғандықтан, ол сөз тіркесін, сөйлем құрайтын бірліктермен яғни морфологиямен тікелей байланысты. Солай бола тұрса да, яғни морфология мен синтаксис байланысты бола тұра, олар бірінен-бірі зерттеу нысаны арқылы ажыратылады. Өйткені, бұл екеуінің зерттеу нысандары басқа-басқа. Морфологияның зерттеу нысаны - сөздердің түрлену заңдылықтары, синтаксистің зерттеу нысаны - сөз тіркесі, сөйлем. Сондықтан да морфология мен синтаксис грамматиканың әрі өзара байланысты, әрі өзіндік зерттеу нысандары бар екі түрлі саласы болады.
2. Грамматикалық мағына сөздің лексикалық мағынасымен бірге, оған қосыла жүріп, байланысты ойды білдіруде қызмет атқарады. Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының мынадай айырмашылықтары бар:
1. Сөздің лексикалық мағынасы түбір сөздер арқылы беріледі (қағаз, күн, ай, жүзік, он бес т.б.), ал грамматикалық мағына түрлі грамматикалық көрсеткіштер арқылы беріледі (қағаз+дар, күн+ді, ай+ға, кел+ген т.б.). бұдан шығатын қорытынды: 1) грамматикалық мағына сөйлемде лексикалық мағынаның үстіне қосылады; 2) грамматикалық мағына лексикалық мағынасыз өздігінен жеке тұрып қолданылмайды; 3) грамматикалық мағынаны білдіретін тілде арнайы тілдік бірліктер бар; 4) лексикалық мағына нақты, шындық өмірге қатысты, ал грамматикалық мағына абстрактылы, дерексіз. Сондықтан лексикалық мағына жеке әр сөзге қатысты болса, грамматикалық мағына үлкен мағыналық топқа қатысты; 5) сөйлемде қандай сөз болмасын бір лексикалық мағынада ғана қолданылады, грамматикалық мағына бір сөзде бірнешеу бола береді; 6) сөз сөйлемде де, сөйлемнен тыс, мысалы сөздікте де қолданылатын болса, грамматикалық мағына сөйлемде, мәтінде ғана қолданылады; 7) грамматикалық мағына сөйлемде жеке түрде емес, көптеп қолданылады. Яғни, сөйлемдегі сөз бір лексикалық мағынада қолданылса, ол сөздің құрамында бірнеше грамматикалық мағына болуы заңды құбылысқа жатады.
Сонымен грамматикалық мағына деп сөйлемдегі сөздің лексикалық мағынасына үстеліп, лексикалық мағынаны айқындайтын немесе сөздің сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасын білдіретін мағыналар аталады. Сөздің грамматикалық мағыналары түрліше беріледі. Түбір сөздер де, түрлі грамматикалық көрсеткіштер де грамматикалық мағынаны білдіре алады. Демек, грамматикалық мағынасы бар сөзде ол грамматикалық мағынаны білдіретін көрсеткіштер де болады.
Грамматикалық мағыналардың бәрі бірдей емес. Олардың ерекшеліктеріне қарай қазақ тілінде жалпы грамматикалық мағына және жеке грамматикалық мағына деп бөлу бар. Жалпы грамматикалық мағына сөз табындағы нақты лексикалық мағыналардың жалпылануы арқылы пайда болатындықтан, бір сөз табының барлық сөздеріне түгелдей қатысты болады. яғни жалпы грамматикалық мағына оның қаншама сөзді қамтуына, қаншама сөзге тарауына яғни қанша сөзбен қолданылуына байланысты. Жалпы грамматикалық мағынаны кейде сөзтабылық мағына деп атау да осыған байланысты. Бір сөзбен айтқанда, жалпы грамматикалық мағына бір сөз табына тән барлық сөздерге ортақ жалпы мағына , сондықтанда ол сөздерді таптастырудың бір белгісі (принципі) ретінде аталады. Жалпы грамматикалық мағына - сөйлемдегі сөз атаулының құрамында үнемі болатын, басқа грамматикалық мағыналармен бірге жарыса, қабаттаса жүретін, қолданылу аясы кең мағына.
Жеке грамматикалық мағына сөйлемдегі сөздердің басқа сөздермен қандай грамматикалық қатынасқа түсуіне байланысты бір сөйлемде қолданылса,, екінші сөйлемде кездеспеуі мүмкін. Демек, жеке грамматикалық яғни категориялық грамматикалық мағынаның қолданылу аясы жалпы грамматикалық мағынадан әлдеқайда тар. Мысалы, Дауға Қаздауысты Қазыбек келіпті. Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жетіп қонайық. Осы екі сөйлемдегі сөздерде кейбір грамматикалық мағыналар қайталанып отырса, кейбір грамматикалық мағыналар бірінде бар, бірінде жоқ. Олар төмендегідей: екі сөйлемде де жалпы зат атауы, қимыл атаулары қолданылған, бағыт мағынасы екі сөйлемдегі сөздерде де бар. Бірақ мына грамматикалық мағыналар бір сөйлемдегі сөздерде ғана бар: 1) бұрынғы өткен шақ мағынасы, 2) салыстырмалы шырай мағынасы, 3) бұйрық мағынасы, 4) көпше 2-жақ мағынасы, 5) жалпы мезгіл мағынасы, 6) қимылдың сыны, 7) көпше 1-жақ мағынасы.
Бұл салыстыру грамматикалық мағыналардың әр сөйлемде қолданылуы міндетті емес екенін дәлелдейді. Әр грамматикалық категорияның өзіндік мағынасымен бірге ішкі мағыналық құрылысы болады. Ол мағыналардың сөйлемде қолданылу, қолданылмауына және ол сөздің сөйлемдегі басқа сөздермен қандай қарым-қатынасқа түсуіне байланысты. Демек, қандай грамматикалық мағынаның сөйлемдегі сөзде қолданылуы сөз табына да қатысты. Жоғарыда айтылғандардан сөйлемде грамматикалық мағыналар не арқылы, қандай тәсілдер арқылы беріледі деген сұрақ туындайды.
3. Тілде қандай мағына болмасын тілдік бірліктер арқылы беріледі, ешбір тілдік бірліксіз берілетін мағына болмайды. Тілдегі әр түрлі грамматикалық мағынаны білдіретін тілдік бірліктер де, грамматикалық мағынаның берілу жолдары мен тәсілдері де түрліше болып келеді. Олар - 1)қосымша арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, 2)көмекші бірліктер арқылы грамматикалық мағынаның берілуі.
Қазақ тілінде грамматикалық мағынаны білдіретін қосымшалар мыналар: 1) жалғау, 2) нөлдік қосымша, 3) грамматикалық жұрнақ.
Грамматикалық мағынаны білдіретін бұл қосымшалар - тілдің грамматикалық құрылысында ертеден қалыптасып, әбден орныққан қосымшалар. Олардың қолданылу аясы, сөз таптарына қатысы, сөзден алатын орны, беретін, білдіретін мағыналары да алуан түрлі, ұқсастықтары да жоқ емес. Сондықтан оларға жеке-жеке тоқталу керек.
1) Грамматикалық мағына беретін жалғаулар 4 түрлі: көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғаулары.
Көптік жалғау - зат есімнің сандылық категориясының көптік мағынасын білдіретін жалғау. Осыған байланысты ол тек зат есім сөздермен және заттық мағынадағы басқа сөз таптарының сөздерімен қолданылады. Мысалы, кітаптар, мектептер, жануарлар; біздер, сендер; жақсылар, үлкендер; келгендер,баратындар; т.б. Көптік жалғау грамматикалық болжалдық мағынаны да білдіреді: алтыларда келермін, жасы он сегіздерде; ертеңдер келер, биылдар бітіреді т.б.
Тәуелдік жалғау меншіктілік, тәуелдік мағынаны білдіреді. сондықтан ол зат есім және зат есім мағынасындағы сөздермен 3 жақта, анайы, сыпайы, жекеше, көпше түрде қолданылады. Бұлардың әрқайсысының тұлғалары бар. Мысалы, менің туысым, біздің ауылымыз, менің үлкенім, біздің күтеріміз т.б. Сөздің тәуелдік жалғауларымен түрлену жүйесін тәуелдену парадигмасы, кейде морфологиялық парадигма деп те атайды.
Септік жалғау - зат есім және есім сөздердің сөйлемдегі басқа сөздермен өзара қарым-қатынасын білдіретін грамматикалық мағыналы жалғау. Қазақ тілінде 7 септік бар. Олардың әрқайсысының бірнеше жалғаулары бар және олар бірнеше грамматикалық мағыналарды білдіреді. Яғни септік жалғаулары - әр түрлі мағынаны білдіретін, грамматикалық мағына құрамы күрделі жалғаулар. Сөзге қандай жалғаулардың жалғанғанына және олардың сұрақтарына қарай сөздің қай септікте тұрғаны анықталады. Сөздің септік жалғаулары арқылы түрленуі септік парадигмасы деп аталады.
Жіктік жалғау - қимыл-әрекеттің, істің жақтық мағына арқылы кімге қатысты екенін білдіретін қосымша. Осымен байланысты, жіктік жалғауы баяндауышқа жалғанып, істің иесі бастауышпен оны байланыстырады. Бұл жалғау негізінен етістікке жалғанғанымен, баяндауыш қызметіндегі басқа сөз таптарына да жалғана береді. Жіктік жалғаулары жалғанған сөзіне жақ мағыналарын, жекешелік көпшелік мағынаны, анайылық, сыпайылық мағыналарын үстейді. Бұл мағыналар жіктік жалғау жүйесінде әр түрлі қосымшалар арқылы беріледі. Жіктік жалғаулардың сөзді түрлендіру жүйесі жіктік жалғау парадигмасы деп аталады.
4. Тілдегі грамматикалық мағыналар нөлдік тұлғалар арқылы да беріледі деп есептеледі. Сөзді түрлендіру парадигмаларының ішінде грамматикалық мағынасы бар, бірақ көрсеткіші жоқ яғни парадигманың дыбыстық құрамнан тұратын көрсеткіші жоқ мүшелер бар. Мысалы, атау септіктің, жіктік жалғау парадигмасының 3-жағы, сондай-ақ бұйрық райдың жікті жалғауының 2-жақ жекеше түрінің нақтылы қосымшалары жоқ. Бірақ қосымшалары жоқ болса да, сол қосымшаның жоқтығы олардың атау септік, 2-жақ, 3-жақ екенін білдіреді. Олар ешқашан басқа мағыналармен шатастырылмайды. Сондықтан мұндай грамматикалық мағыналар нөлдік тұлға арқылы берілген деп есептеледі. Септік жалғауларының ішінде тек атау септігі ғана емес, қолданыста басқа септіктердің грамматикалық мағыналары да нөлдік тұлғада беріле алатыны бар. Бұрын олар септік жалғауының түсірілуі, жасырын тұруы деген тәрізді терминдермен аталып келді.
Сонымен, нөлдік жалғауы - грамматикалық жүйеден кең орын алатын, әр түрлі грамматикалық мағынаны білдіретін тілдік бірлік.
5. Тілде грамматикалық мағынаны білдіретін жұрнақтар бар. Сөз таптары тұрғысынан келгенде, грамматикалық жұрнақтар етістіктерге қатысты. Грамматикалық жұрнақтардың мағыналары әр түрлі.
Етістіктің болымсыздық мағынасын білдіретін жұрнақтар. Етістік болымды мағынада да, болымсыз мағынада да қолданылады. Болымды мағына нөлдік тұлға арқылы, болымсыз мағына - ма,-ме, - ба,-бе, -па, -пе жұрнақтары арқылы беріледі. Болымсыздық мағына жұрнақтары түбірге тікелей жалғанады.
Шақ мағынасын білдіретін грамматикалық жұрнақтар. -а, -е, -й (осы шақ); -атын, -етін, -йтын, -йтін (өткен шақ, келер шақ); -ды, -ді, -ты, -ті (жедел өткен шақ); -ған, -ген, -қан, -кен (өткен шақ); -ып, -іп, -п (бұрынғы өткен шақ); -мақ. - мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек (мақсатты келер шақ); -ар, -ер, -р (болжалды келер шақ); -у (қимыл атауы); есімше жұрнақтары (әрі етістік, әрі есім мағынасын білдіреді); көсемше жұрнақтары (қимылдың белгісін білдіреді); -ғай, -гей, -қай, -кей (қалау рай); -са, -се (шартты рай). Тілде грамматикалық мағынаны білдіретін нөлдік грамматикалық жұрнақтар бар. олар да әр түрлі: 1) сөздің ешбір көрсеткішсіз-ақ қай сөз табына жататынын ажыратуға болады. Бұл ерекшелік те сөздің грамматикалық қасиеті болғандықтан, ол сөзтабылық мағына нөлдік жұрнақ арқылы берілген деп есептеледі; 2) етістіктің рай, шақ мағыналарының бәрі белгілі көрсеткіштер арқылы беріледі де, ол қимылдың кімге қатысты екені жіктік жалғаулары арқылы білдіріледі. Сөйтіп, рай, шақ мағынасындағы етістік үш морфемадан құралады: түбір етістік; рай, шақ көрсеткіштері; жіктік жалғауы. Бұйрық райда бұл үштік жүйе бұзылады. Бұйрық райдағы етістік екі морфемадан ғана тұрады: түбір етістік және жіктік жалғау. Мұның себебі бұйрық рай мағынасын нөлдік жұрнақ білдіреді (алыңдар - 2-жақ көпше, ескеріңіз - 2-жақ сыпайы, болсын - 3-жақ); 3) отыр, тұр, жүр етістіктері арқылы берілетін нақ осы шақ мағынасы осы сөздердің нөлдік жұрнақ арқылы беріледі.
6. Көмекшілер - тілдің дамуында лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық мағынаға көшкен тілдік бірліктер. Олар алуан түрлі грамматикалық мағыналарды білдіретін болып қалыптасқан.
1) Шылаулар - толық мағыналы сөздермен қолданылып, оларды бір-бірімен байланыстырып, оларға түрлі грамматикалық мағыналар үстейтін тілдік бірліктер. Шылаулар жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер болып бөліне отырып, әрқайсысы грамматикалық мағыналарына, қызметіне қарай іштей бірнешеге түрге жіктеледі.
2) Көмекші есімдер септіктің мекендік мәнін анықтайды (ел іші, үйдің сырты, ауылдың маңы т.б.).
3) Көмекші етістіктердің саны да, білдіретін мағыналары да өте көп. Мысалы, кей көмекші етістіктер шақ, рай мағыналарын білдірсе (келсе екен, келгей еді, келіп жүр т.б.), кейбіреуі қимылдың қалай жасалғанын білдіреді (айта салды, итеріп жіберді, жығыла жаздады т.б.) т.б.
4) Модаль сөздер сөйлемде айтылатын ойға сөйлеушінің көзқарасын, пікірін білдіреді. мысалы, келуі мүмкін, бәлкім келер, кетсе керек, білетін болар, айту қажет, естіген сияқты, т.б.
5) Күшейткіш көмекшілер - сындық белгі мағынасының өте жоғары екенін білдіретін тілдік бірліктер. Мысалы, өте қалың, тым биік, аса сезімтал, ең жүйрік, т.б.
6) Күшейткіш буындар - сын есім сөздердің сындық белгі мағынасына күшейту мәнін қосатын тілдік бірліктер. Қап-қара, ұп-ұзын, әппақ, жап-жасыл, біп-биік, т.б.
Көмекшілердің ешқайсысы жеке дербес сөз ретінде қолданылмайды, олар сөйлемде толық лексикалық мағыналы сөздерге тіркесіп, түрлі грамматикалық мағына қосады.
Қазақ тілінде сөз таптарына қатысты жалпы грамматикалық мағына белгілі топтағы сөздердің ортақ мағынасына сүйену арқылы белгіленіп,, сөзтабылық грамматикалық мағына анықталған. Бұл қазақ тіл білімінде семантикалық тәсіл деп аталып жүр. Грамматикалық мағынаның қосымшалар арқылы берілуі синтетикалық тәсілге жатады. Ал грамматикалық мағынаның көмекші бірліктер арқылы берілуі аналитикалық тәсілге жатады деп есептеледі.
Көмекші сөздердің өзіндік ерекшеліктері мынадай:
1) көмекші бірліктер сөзге екі түрлі жалғанады: біреулері соңынан тіркеседі (шылаулар, көмекші есімдер мен көмекші етістіктер және модаль сөздер); дербес сөздің алдынан тіркеседі (күшейткіш көмекшілер, күшейткіш буындар);
2) көмекшілердің көпшілігі - грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін тілдік бірліктер: көмекші етістіктер етістік категорияларына, көмекші есімдер мен септеулік шылаулар септік категориясына, модаль сөздер модальдік категориясына, күшейткіш көмекшілер мен күшейткіш буындар сын есімнің шырай категориясына қатысты болады.
3) жалғаулық, демеулік шылаулар ешбір категорияға жатпайды.
7. Сөйлем, мәнмәтін (контекст) және мәтін байланысты оймен тікелей қатысты. Сөз жеке тұрып, байланысты ойды білдірмейтіні белгілі болды. Байланысты ойды білдіру үшін сөз сөйлемдегі басқа сөздермен түрлі қарым-қатынасқа түсіп, ол қарым-қатысты білдіретін грамматикалық тілдік бірліктермен қолданылып, тұлғасын түрлендіреді.
Тілде сөз тұлғасын түрлендіретін парадигмалар көп, олар түрлі сөз таптарына қатысты және бір сөз табының өзінде олар әртүрлі. Мәселен, зат есімнің, етістіктің әрқайсысының бірнеше сөз түрлендіруші парадигмалары бар. Олай болса, сөздердің тұлғасының қалай түрленуі сол сөздің қай сөз табына қатысына, қай сөз табының парадигмасы бойынша түрленуіне байланысты. Демек, сөйлемде сөз тұлғасының түрленуінің белгілі заңдылығы бар, сөзтұлға қалай болса, солай, кездейсоқ түрленбейді. Тілде әбден қалыптасқан сөздерді түрлендіру парадигмалары бар, сөздер сөйлемде сол парадигмалар бойынша ғана түрленеді. Ол парадигмалар әр сөз табының грамматикалық категорияларымен тікелей байланысты. Әр категорияның өз парадигмалары бар. Ал категориялар сөз таптарына тән. Сонда парадигмалар да осы арқылы сөз таптарымен байланысты болады. Парадигмалар категорияға қатысты болғандықтан, ол арқылы түрленген сөзтұлғалар да категорияға қатысты болады. Олай болса, категорияға қатысты болғандықтан, сөзтұлғалар да сөз таптарына қатысты болып шығады.
Сөзтұлға атаулының бәрі сөйлемде ғана қызмет атқарады, сөйлемде ғана қолданылады. Сөйлемсіз сөзтұлға жасалмайды. Сөйтіп, сөздің грамматикалық тұлғасы (формасы) деп сөздің сөйлемде категориялардың көрсеткіштерімен түрленіп, грамматикалық мағынада қолданылған түрін айтады. Бұдан шығатын қорытынды:
сөзтұлға сөйлемде ғана қолданылады;
әр сөз табының өз сөзтұлғалары болады және олар әр түрлі;
сөзтұлға грамматикалық категорияларға тікелей байланысты;
грамматикалық категориялар сөз табына қатысты болғандықтан, сөзтұлғалар да сөз табына қатысты;
сөйлемде сөз бір грамматикалық тұлғада да, бірнеше грамматикалық тұлғада да қолданыла береді;
сөздің грамматикалық тұлғасын категориялардың тұлғасы түрлендіреді;
грамматикалық сөзтұлға белгілі бір грамматикалық мағынаны білдіруі шарт. Ол грамматикалық мағына кейде грамматикалық категорияға қатысты болмауы да мүмкін, мысалы, қимыл атау, есімше, көсемшелер категориялар емес, етістіктің түрлері болып есептеледі. Бірақ олардың тұлғасымен түрленген сөздер грамматикалық сөзтұлға саналады;
грамматикалық сөзтұлға екі түрлі болады: синтетикалық сөзтұлға және аналитикалық сөзтұлға.
8. Грамматикадағы негізгі мәселеге грамматикалық категория жатады. Грамматикалық категория деп бір тектес жүйелі грамматикалық мағыналардан тұратын және оларды білдіретін арнайы грамматикалық көрсеткіштері бар тілдік құбылыс аталады. Грамматикалық категориялар морфологиялық және синтаксистік болып бөлінеді. Морфологиялық категория - грамматикалық мағына мен оны білдіретін көрсеткіштердің бұлжымас бірлігі. Сондықтан грамматикалық категорияның мағыналары бір-бірімен байланыста талданады және ол мағыналарды білдіретін көрсеткіштер де бір-бірімен салыстырыла талданады, зерттеледі, оқытылады. Мысалы, тәуелдік категориясы меншіктілік мағына мен оны білдіретін көрсеткіштердің жиынтығы. Септік және шақ, жақ категориялары да сондай. Сондықтан да грамматикалық категориялар екі жақты құбылыс болып есептеледі, олар: мағына және тілдік көрсеткіш.
Грамматикалық категория бір тектес, бір-бірімен байланысты бірнеше мағынаны қамтиды. Мысалы, қимылдың өту сипаты категориясы қимылдың жасалу сипатын білдіреді, бұл - категорияның негізгі мағынасы (жалпы семантикасы), осы негізгі мағына іштей бірнеше мағынадан тұрады (семалар). Атап айтқанда, қимылдың тез жасалуы (тартып қалды), қимылдың немқұрайды жасалуы (айта салды), қимылдың қайталануы (келе берді), қимылдың жасалуға жақындап, бірақ жасалмай қалуы (құлай жаздады), қимылдың орындалуын тілеу мағынасы (келе гөр), қимылдың жасалу үстінде екенін (өсіп келеді, өсіп барады) т.б. Бұлар - осы категорияның ішкі мағыналық тармақтары, ішкі мағыналық ерекшеліктері көп категориялардың бірі - осы өту сипаты категориясы.
Грамматикалық категориялардың мағыналық құрамы әр түрлі. ең мағыналық құрамы аз категориялар екі мағыналық құрамнан тұрады. Оларға зат есімнің сандылық категориясы мен етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясы жатады. Грамматикалық категориялардың құрамына сай олардың өзіндік көрсеткіштері болады.
Грамматикалық категория сөз таптарына қатысты, әйтсе де барлық сөз таптарының грамматикалық категориясы бар деуге болмайды. Демек, грамматикалық категория сөз табының міндетті белгісі емес. Грамматикалық категориялары бар сөз таптарының өзінде олардың саны бірдей емес.
Грамматикалық категориялар туралы мына заңдылықтарды білу керек: 1) категорияның өзіндік грамматикалық мағынасы болуы керек; 2) категорияның мағынасын білдіретін ең кемі екі көрсеткіші болу керек, яғни сөздің грамматикалық категорияның екі тұлғасында қолданылу мүмкіндігі болу керек; 3) сөздің құрамында тек бір категорияның көрсеткіші болуы міндетті емес, сөйлемдегі сөздің құрамында бірнеше категорияның көрсеткіші бола береді (үйлерге); 4) сөйлемдегі бір сөзде бір грамматикалық категорияның екі көрсеткіші қатар қолданылмайды; 5) сөз сөйлемде ең кемі бір грамматикалық категорияның тұлғасында қолданылады; 6) грамматикалық категория сөз табына қатысты, сөз табынан тыс морфологиялық категория жоқ; 7) грамматикалық категория бір сөз табына ғана қатысты, бірнеше сөз табына қатысты категория жоқ; 8) сөз табының грамматикалық категориясы болуы да, болмауы да мүмкін.

Әдебиеттер:
1. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. А., 1972, 4-7 бб.
2. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998, 14-16 бб.
3. Қалыбаева А., Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі. А., 1986, 3-7, 84-91 бб.
4. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттар. А., 1975, 47-53 бб.
5. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А., 3-40 бб.

2-дәріс: Сөз құрамы және сөз таптары

1. Қазақ тіл біліміндегі сөз таптары туралы мәселенің қарастырылуы
2. Тілдегі сөздерді үш топқа бөлу
3. Сөздерді жеке сөз таптарына топтастыру
4. Сөздің морфологиялық құрылымы
5. Морфологиялық талдау

1. Тілдің байлығы - сөздер алуан түрлі, олар тек мағынасы жағынан ғана емес, грамматикалық құрамы, атқаратын қызметі жағынан да түрлі-түрлі. тілдегі сөздердің бұл ерекшелігін ғалымдар ерте байқаған. Сонымен байланысты тілдегі сөздерді топтастыру мәселесі туындаған.
Тілдегі сөздерді топтастыру мәселесі тіл білімі ғылымында алғашқы грамматикалардан басталған. Аристотельдің сөздерді есім және етістік деп бөлгені белгілі. Содан бері ғылым дамып, әр тілдің грамматикаларында сөздердің топтары анықталып, барған сайын нақтыланып келеді. Бір тілдің өзінде сөздер әр заманда әр түрлі топтастырылып отырғаны белгілі. Мәселен, 1914 жылы баспадан шыққан А.Байтұрсыновтың Тіл - құрал атты оқулығында сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер деп екі үлкен топқа бөлген. Атауыш сөздерге: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік деген бес сөз табын жатқызған. Ал, шылау сөздерге үстеу, демеу, жалғаулық, одағай сөздерді жатқызады. Бұл қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулық екені белгілі. Ғалым осы оқулықтың 1915 жылғы басылымында сөз таптары туралы пікіріне бірсыпыра өзгерістер енгізген. Мұнда сөздер бұрынғыдай екі топқа емес, бірден 9 топқа бөлген: зат есім, сын есім, сан есім есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғаулықтар, одағай.
Қ.Жұбанов тілдегі сөздерді басқаша топтастырады. Ғалым сөз атаулыны мүшелі, мүшесіз деп екі топқа бөліп, мүшелі сөздерді түбір және шылау деп бөледі де, мүшесіз сөзге одағайды жатқызады. Ал түбір сөздерді зат есім, сын есім, сан есім, мезгіл, мекен есім (қазіргі үстеу), орынбасар (қазіргі есімдік),етістік деп жіктейді. Демек, осы 6 сөз табына шылау мен одағайды қосқанда, ғалым 8 сөз табын таныған. Мұндағы ғалымның шылауларды бөлшектемей бір сөз табы ретінде шылау деп атауы ғылымда орнықты да, ал мезгіл-мекен есім, орынбасар есім деген терминдері орныға алмады. Бірақ, осы кезеңдерден соң қазақ тілінде мынадай сөз таптары танылды: 1. Зат есім. 2. Сын есім. 3. Сан есім. 4. Есімдік. 5. Етістік. 6. Үстеу. 7. Шылау. 8. Одағай. Бұл сөз таптарын А.Байтұрсынов белгілеген. Тек, ол шылауды екіге бөліп (жалғаулық, демеулік) көрсеткендіктен, 9 сөз табы болып шыққан. Ос сегіз сөз табы қазақ тілі грамматикаларында 1952 жылға дейін қолданылып келді. 1952 жылы А.Ысқақов бұған еліктеуіш сөздерді қосты. Сөйтіп, қазірге дейін қазақ тілінде 9 сөз табы аталып жүр. Дегенмен, 2002 жылы жарық көрген академиялық Қазақ грамматикасында модаль сөздер өзіндік ерекшеліктері бар сөздер тобы ретінде сөз табы қатарына қосылған. Сонымен, бұл кітапта 10 сөз табы аталады.
Бұдан байқалатыны - сөздерді таптастыру мәселесі әр дәуірде әр түрлі шешіліп, әр кезеңде ғалымдардың ол жөніндегі пікірлері әр түрлі болған. Мұндай көзқарастардың алуан түрлі болу себептерін Н.Оралбай былай дәлелдейді: 1. Қазақ тілі - бай тіл, оның сөздік қоры алуан түрлі және ол сөздердің даму дәрежесі де ерекшелікке толы. Тіл - даму үстіндегі құбылыс, сондықтан ол түрлі өзгерістерге ұшырап отырады. Ол өзгерістер сөздің лексикалық мағынасына да, грамматикалық мағынасына да қатысты. Лексикалық өзгерістер сөздің көп мағыналылығы мен омонимдігіне қатысты болса, грамматикалық өзгерістер нәтижесінде тілде түрлі грамматикалық қызмет атқаратын көмекші сөздер пайда болған. Бұл жағдайдың бәрі сөздерді таптастыруды қиындатады.
Ғылым, оның ішінде тіл білімі де үнемі дамып отырады. Бұл сөздерді таптастыру теориясына да қатысты. Ғылым дамыған сайын сөздерді таптастыру теориясы да айқындалып, ол теорияның ғылыми негізі қаланып, сөздерді ғылыми негізде таптастыру жүзеге асады.
Бұл жағдайлардың бәрі тәжірибеде сөздерді таптастырудағы өзгерістерді туғызады. Сондықтан қазақ тілінде сөз таптарының танылуында әр кезеңде болған өзгерістердің өзіндік себептері бар. Қазақ тіл білімінде сөздерді таптастыру теориясын, сөздерді таптастыру мәселесін ғылыми түрде зерттеген А.Ысқақов. бұл мәселеде С.Исаевтың да ғылыми пікірлері бар.
Сонымен, қазақ тіл білімінде сөздерді таптастырудың екі жолы бар: 1) сөздерді 3 топқа бөлу, 2) сөздерді жеке сөз таптарына бөлу. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталу қажет.
2. Сөздерді 3 топқа бөлудің басы алғаш рет 2 топқа бөліп қараған (атауыш сөздер, шылаулар) А.Байтұрсыновтың пікірінен басталатыны жоғарыда айтылды. Сөздерді бұл тұрғыда топтастыру олардың мағыналық ерекшелігіне, атқаратын лексикалық, грамматикалық қызметтеріне негізделген. Сөздерді бұлай топтастыру тек қазақ тіліне ғана тән құбылыс емес. Мысалы, 2004 жылы шыққан Современный русский язык атты оқу құралында (Д.Э.Розенталь, И.Б.Голуб, М.А.Теленкова) самостоятельные и служебные части речи деп бөліп, одан басқа модаль сөздер, одағай және еліктеуіш сөздер топтары бар деп есептеп және олардың әрқайсысына қысқаша анықтама берген.
Демек, сөздердің бір-бірінен ерекшелігін ашу үшін қолданылып жүрген сөздерді топтастырудың бұл түрі ғылыми негізі бар, тәжірибеде өзін ақтаған, сондықтан ол ХХІ ғасырда да сақталып отыр. Сондықтан бұл топтастыруды артық санайтын кейбір қазақ тілшілеріне қосылуға болмайды. Өйткені бұл топтастыруда тілдегі сөздердің жалпы ерекшеліктері ашылады,соған байланысты сөздің ойды білдіретін лексикалық мағыналы топтары анықталады, олардың сөйлемдегі ойды білдірудегі қызметі белгіленеді, сондай-ақ ол белгілері жоқ атауыш сөздерге қызмет ететін сөздер бары, көмекшілер бары анықталады. Осы екі топтың да қызметін атқармайтын, тіпті сөйлемге қатыспайтын ерекше топтың бары осы топтастыруда ашылады. Бұдан тілдегі сөздердің жалпы ұқсастықтарымен бірге айырмашылықтары болатыны байқалады.
1) Атауыш сөздер - лексикалық мағынасы бар сөздер. Олардың негізгі белгілері төмендегідей:
1. Атауыш сөздердің бәрі лексикалық мағыналы сөздер, олар: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеуіш сөздер.
2. Атауыш сөздер лексикалық сөздер болғандықтан, олар сөйлемдегі ойды білдіру үшін, сөйлемді құрауға қатысады.
3. Атауыш сөздер сөйлемді құраушы негізгі сөздер болғандықтан, олар сөйлем мүшесі болады.
4.Атауыш сөздерсіз ойды жеткізу мүмкін емес.
5. Бұл топтағы сөздердің мағыналарының бәрі шындық өмірді суреттеуге қатысты. Оны әр сөз табының мағынасынан көруге болады.
6. Атауыш сөздер сөйлемнен тыс та қолданылады, мәселен түрлі сөздіктерде қолданылады, атауыш сөздерді жеке атағанда да мағынасы түсінікті болады.
Міне осы белгілер атауыш сөздердің бәріне тән ортақ белгілер. Басқа сөздер тобында бұл белгілер жоқ.
2) Көмекші сөздер грамматикалық даму нәтижесінде лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық қызметке көшкен сөздер тобы. Олар сөйлем мүшесі қызметін атқармайды. Дербес сөзден бөлек жазылғанымен, сөйлем мүшесі қызметін атқармайды. Көмекші сөздер толық мағыналы сөздерге тіркесіп, оларға түрлі грамматикалық мағына қосады, кейде туынды сөз жасайды.
Қазақ тілінде көмекшілер сөз табына қатысына қарай екіге бөлінеді: белгілі сөз табына қатысты көмекшілер және сөз табына қатысы жоқ көмекшілер. Сөз табына қатысты көмекшілер: көмекші есімдер, көмекші етістіктер, септеулік шылаулар, күшейткіш сөз және буын көмекшілер. Сөз табына қатыссыз көмекшілерге жалғаулық және демеулік шылаулар жатады.
Көмекшілердің атауыш сөздерден мынадай айырмашылықтары бар:
1. Атауыш сөздердің ешбір белгілері көмекші сөздерде жоқ, көмекші сөздердің лексикалық мағынасы жоқ, сөйлем мүшесі болмайды, т.б.
2. Көмекші сөздер грамматикалық мағынаны білдіреді, қызметі жағынан олар грамматикалық қосымшалармен бір типтес.
3. Көмекшілердің грамматикалық категориялар мағынасын білдіретін көрсеткіштер қызметін атқарады.
4. Көмекшілер дербес сөздерге тіркесіп қана қолданылады.
5. Көмекшілер сөйлемде сөзді грамматикалық категориялардың сөзтұлғасына көшіреді.
6. Көмекшілер грамматикалық категориялардың аналитикалық тұлғасын жасайды.
7. Көмекшілер жеке қолданылмайды.
3) Сөз атаулыны үлкен үш топқа бөліп қарастыру әр топтың бір-бірінен үлкен айырмашылығын көрсетуді көздеген. Осы мақсатпен одағай сөздер басқа сөздерден бөлініп алынып, сөздердің жеке тобы ретінде беріліп жүр. Өйткені одағайлар - сөздердің ешбір тобына ұқсамайтын ерекше сөздер. Айталық, атауыш сөздердің әрқайсысының да лексикалық мағыналары бар, сөйлемде әр түрлі тұлғада қолданылып, сөйлем мүшесі қызметін атқарады. Көмекші сөздердің лексикалық мағынасы жоқ, өздігінен сөйлем мүшесі қызметін атқармайды, т.б. Ал одағайлар жоғарыдағы сөздердің ешқайсысының қызметін атқармайды. Сөйлемдегі айтылған ойды білдіруге қатыспайды, грамматикалық көрсеткіштерді қабылдамайды, грамматикалық мағыналарды білдіруге де қатыспайды, сөйлем мүшесі бола алмайды.
Одағайлардың мағынасы да сыртқы дүниені суреттемейді, адамның көңіл-күйін, әр түрлі сезіміне байланысты дыбыстық ишараттарды білдіреді де, сөйлемнен тыс тұрады. Осындай ерекшеліктері арқылы олар тілдегі басқа сөздерден бөлектеніп тұрады. Сонымен, сөздерді осылай үш топқа бөлудің де өзіндік мәні бар екен.
3. Тілдегі сөздерді жеке сөз таптарына таптастыру да тіл білімінде танылған, ертеден келе жатқан, ғылыми негізі бар мәселе.
Ғылымда сөздерді таптастыруда негіз болатын үш ұстаным (принцип) қалыптасқан, олар: 1) сөз табының ортақ семантикалық мағынасы; 2) сөздердің морфологиялық, грамматикалық белгілері; 3) сөздердің сөйлем ішіндегі синтаксистік қызметі. Осыларға жеке тоқталайық.
1) Сөздерді таптастыруда бір сөз табына кіретін сөздердің бәрінің ортақ мағынасы, ортақ семантикасы есепке алынады. Мәселен, зат есімге жататын сөздердің бәрі заттық ұғымды білдіреді, мұндай мағынасы жоқ сөздер зат есімге жатпайды. Заттық мағына, заттық ұғым - зат есім сөздерді бәріне ортақ жалпы мағына. Бұл жалпы мағына - бүкіл осы бір сөз табына жататын сөздердің бәрінен абстракцияланып алынған жалпы грамматикалық мағына. Ол мағына - сат есім сөздердің әрқайсысына тән лексикалық мағынадан мүлде бөлек мағына. Семантикалық ұстаным барлық сөз табына қатысты. Сондықтан бұл ұстаным сөздерді таптастыруда негізгі ұстаным болып есептеледі.
2) Сөздерді таптастыруда екінші орында олардың морфологиялық, грамматикалық белгілері тұрады. Морфология - тілдегі сөздердің түрлену жүйесін зерттейтін ғылым. Ал, сөздер тілде қалыптасқан заңдылықтар бойынша түрленеді. Морфологиялық түрлену сөздердің белгілі бір топтарына қатысты. Мысалы, зат есімге тән қосымшалар сын есімге жалғанбайды, сын есімге тән қосымшалар етістіктерге жалғанбайды, т.с.с. Сондықтан сөздерді таптастыруда олардың белгілі бір тобының бірдей түрленуі ескеріледі. Демек, сөздерді таптастыруда әр топтағы сөздердің өзіне тән түрлену ерекшелігі ескеріледі. Әрине, сөздер тобының ішінде түрленбейтіндері де бар (еліктеуіш, үстеу, одағай т.б.). Бірақ, олардың осы түрленбеу қасиетінің өзі олардың қалыптасқан, заңды грамматикалық белгісі, сипаты болып есептеледі.
3) Сөздерді таптастыруда олардың тағы бір негізгі ұстанымдарының бірі синтаксистік қызметтері саналады. Сөздердің морфологиялық түрленуі олардың өзара байланысуы үшін қажет. Ал синтаксистік байланыс, қатынас сөйлемдегі байланысты ойдың дұрыс берілуін анықтайды. Осыған байланысты сөздердің сөйлемдегі синтаксистік қызметі қалыптасқан. Әр сөзтұлғаның сөйлемдегі атқаратын синтаксистік қызметі бар. Демек, сөз таптарын анықтауда сөздердің синтаксистік қызметі де ескеріледі. Яғни зат есімнің сөйлемде бастауыш не толықтауыш болуы, сын есімнің анықтауыш болуы, етістіктің баяндауыш болуы т.б. сөздерді таптастырғанда ескеріледі. Әрине, сөз таптарының белгілі бір топтары белгілі бір жағдайда өзінің негізгі синтаксистік қызметінен басқа да қызметтерді атқара беруі мүмкін. Бұл ерекшелік олардың екінші орындағы қосалқы қызметтері, сөйлем құрылымынан, ондағы ойдың берілу ерекшелігінен туындаған уақытша қызметтері болып табылады.
Сөйтіп, осындай үш негізгі ұстанымды басшылыққа алу барысында қазақ тіліндегі сөздер қазіргі кезде 9 сөз табына топтастырылған. 2002 жылғы Қазақ грамматикасында модаль сөздерді өз алдына сөз табына жатқызып 10 сөз табы бар көрсеткен. Н.Оралбай бұл топтастырудың дұрыс болмайтынына мынадай уәж айтады: Модаль сөздер аналитикалық форманттың құрамында модальдік категорияның көрсеткіші болғандықтан,олар қосымшалар сияқты грамматикалық қосымшалар қатарында қалады және оларды саны аз. Сондықтан модаль сөздер жеке сөз таптарының қатарына қосылмайды..
4. Сөздің морфологиялық құрылымы - морфологияның маңызды мәселелерінің бірі, өйткені қазақ тілінде сөздер әр түрлі құрамда қолданылады, кейде сөздердің өте күрделі құрамда қолданылуы да кездесе береді. Әдетте сөйлемдегі сөз бірнеше мағыналы бөлшектерден тұрады. Ол мағыналы бөлшектер морфемалар деп аталады. Морфема деп сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналы бөлшегі аталады (жабыр+қама, жоқ+ты, із+де, бар+ды, бақ+па). Осы бес сөзде бес лексикалық мағынасы бар сөз, бес лексикалық мағынасы жоқ сөз бар. Осымен байланысты алғашқы бес сөзді негізгі морфема, соңғысын көмекші морфема деп атайды.
Негізгі морфема деп әрі қарай бөлшектеуге келмейтін лексикалық мағынасы бар морфема аталады (ат, ақ, бөл, соқ, шал т.б.).
Көмекші морфемалар деп өздігінен жеке қолданылмайтын, сөйлемде сөздің құрамында ғана қолданылып, оған түрлі мағыналар үстейтін морфемалар аталады. Бұның екі түрі бар: 1) қосымшалар, 2) көмекші сөздер. Қосымшалардың өзі екіге бөлінеді: 1) грамматикалық мағыналы қосымшалар, 2) сөзжасамдық қосымшалар.
Грамматикалық мағыналы қосымшалар деп грамматикалық қосымшалардың мағынасын білдіретін, грамматикалық категориялардың көрсеткіші саналатын қосымшалар аталады. Бұлар іштей екіге бөлінеді: 1) жалғаулар, грамматикалық жұрнақтар.
Жалғауларға сандылық, тәуелдік, септік, жітік категориялардың жалғаулары жатады.
Грамматикалық жұрнақтар рай, шақ, болымды-болымсыздық категорияларының жұрнақтары жатады.
Көмекші морфеманың екінші түрі - көмекші сөздер. Көмекші сөздердің түрлері туралы жоғарыда айтылды. Бұл жерде көмекші сөздердің түрлері емес, көмекші сөздердің грамматикалық категориялары сөз болады.
Тілімізде көмекші сөздер мына категорияларда қызмет етеді: септік категориясы, шырай категориясы, етістіктің болымдылық-болымсыздық, шақ, рай, модальдық, қимылдың өту сипаты категориялары. Бұлардың басым көпшіліктері бұрынғы ғылыми еңбектерде, оқулықтарда, атап айтқанда Қазақ тілі. Морфология. (А.Ысқақов) оқулығында берілген. Бірақ қамтылмағандары да бар. Мысалы, ғылымда соңғы кездері ғана зерттеліп, дәлелденген кейбір категориялардың мағынасын білдіретін, категория көрсеткіші саналатын көмекші сөздер анықталып отыр. Олар - септік категориясының аналитикалық формасын жасайтын көмекші есім және септеулік шылаулар. Бұлар жөнінде кейінірек айтылады.
5. Морфологиядан сөзжасамның жеке сала болып бөлініп шығуы морфологиялық талдаудың ерекшеліктерін анықтауды қажет етеді.
Сөздердің екі түрлі топтастырылуына байланысты морфологиялық талдауда алдымен сөздердің үш үлкен топтың қайсысына жататынын анықтау қажет. Ол үшін, біріншіден, сөздің лексикалық мағынасына мән беру керек. Егер сөз мағыналы сөз болса, атауыш сөз болғаны. Екіншіден, сөзге сұрақ қою қажет.Өйткені лексикалық мағыналы сөз қалайда бір сұрақтың жауабы болып, сол арқылы бір сөз табының құрамына енеді.
Сөздердің екінші тобы - көмекші сөздерді де ажырата білу морфологиялық талдаудың еншісінде. Бұнда басты ескерілетін ерекшелік - олардың мағынасының болмайтындығы, сұраққа жауап бермейтіні және белгілі бір сөз табына телулі болып, соған тіркесе қолданылатыны. Сонымен бірге, олардың қай сөз табына қатыстылығын, түрлерін, грамматикалық-категориялық мағыналарын ажырату да осы талдаудың құзырында.
Сөздердің үшінші тобы - одағай. Оларды ажырата білу де морфологиялық талдауға жатады. Мұнда басты ескерілетін нәрсе - олардың мағынасы, сөйлемдегі орны, сөйлем құрамынан тыс қолданылуы.
Морфологияның барлық мәселелері сөз таптарымен байланысты болғандықтан, морфологиялық талдаудың негізгі нысаны да сөз таптары болады. Сөйлемдегі сөз таптарын анықтау үшін әр сөзді сөздерді таптастырудың үш ұстанымы бойынша тексеру қажет (семантикалық, грамматикалық, синтаксистік).
Сөйлемдегі сөздің қай сөз табы екені анықталған соң, сөз құрамындағы морфемаларды талдау қажет. сөздің морфемдік құрамын білу сөздің грамматикалық табиғатын ашуға көмектеседі.
Сөз құрамына морфемдік талдау жасауда сөзжасам мәселесіне де соқпай өту мүмкін емес. Себебі талдау кезінде лексикалық мағыналы сөздердің қандай жолдармен жасалғанын да көрсетуге тура келеді. өйткені түбір сөздер дара да, күрделі де, туынды бола береді және олар сөзжасамдық тәсілдер арқылы сөз табылық қасиеттерін өзгертіп отырады, соған сай грамматикалық тұлғалармен түрленеді. Осы ерекшеліктердің бәрін ажырату морфологияның нысанына жатады.
Сөйлемдегі сөз атаулының бәрі белгілі бір грамматикалық категориялардың тұлғаларында қолданылады (сөйлемнен тыс одағайлардан басқасы). Сондықтан сөйлем құрамындағы сөздерді талдау олардың қай категорияның тұлғасындағы сөз екенін анықтаудан басталғаны дұрыс. Мұны сөздің құрамындағы грамматикалық категорияның көрсеткіші білдіреді. Олар қай категорияның көрсеткіші болса, сол категорияның грамматикалық мағынасын білдіреді.
Грамматикалық категориялардың көрсеткіштері қосымша да, көмекші сөздер де болатындықтан, сөздің грамматикалық тұлғасы синтетикалық та, аналитикалық та болады. Олай болса, сөздің синтетикалық, аналитикалық тұлғасын ажырату да морфологиялық талдауға жатады.
Сөйлемде қолданылған сөздің құрамы көбіне өте күрделі болып келеді, бұл қазақ тілінің жалғамалы тілдер тобына жатуымен ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сөздің лексикалық мағынасы
Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкестігі
Грамматикалық нөлдік форма және оның тілдік жүйедегі түрі
Грамматикалық мағына және оның түрлері
Қазақ тілінің семантикасы: лексикалық, грамматикалық мағыналар
Сөзжасамдық тәсілдерін қарастыру
Тіл біліміндегі морфология саласындағы грамматикалық мағына және сөзжасамның тәсілдері
Қазақ тіліндегі сөз мағынасының даму ерекшеліктері
Қазіргі қазақ тіліндегі қатысымдық тұлғалар
Септік категориясының мағыналары
Пәндер