Халық прозасында жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесі



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 108 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ЕУРАЗИЯ ГУМАНИТАРЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Ақбота...

ХАЛЫҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

5В011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы


Нұр-Сұлтан, 2021

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ЕУРАЗИЯ ГУМАНИТАРЛЫҚ ИНСТИТУТЫ
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОРЫС ФИЛОЛОГИЯСЫ КАФЕДРАСЫ

Қорғауға жіберілді
____ ____________ 2021 ж.

Кафедра меңгерушісі ____________ Л.Н.Дәуренбекова

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

Тақырыбы: Халық прозасында жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесі

Мамандығы: 5В011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті


Орындаған: ___________________ Ақбота..

Ғылыми жетекші: ____________________ Еркінбай Ұ. О.
ф.ғ.д., профессор

Нұр-Сұлтан, 2021

МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 3-9
1 ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТЕОРИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘДЕБИЕТТЕ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ
Жалпыадамзаттық құндылықтар гуманитарлық ғылым салаларының зерттеу объектісі ретінде. 10-23
Халық прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың бастаулары 24-40
1 КЕЙІНГІ КЕЗЕҢДЕРДЕГІ ХАЛЫҚ ПРОЗАСЫ:КӨРКЕМДІК-ЭСТЕТИКАЛЫҚ ІЗДЕНІСТЕР МЕН ДҮНИЕТАНЫМДЫҚ ТЕОРИЯ
2 Әдебиеттегі тәуелсіздік құндылықтар ұғымы 41-75
Жаңа дәуір әдебиетіндегі құндылықтар жүйесі 76-94
1 ХАЛЫҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР БАЙЛАНЫСЫ
Қазақ әңгімесіндегі ұлт болмысы құндылықтар мәселесі (дағдарысы контексінде). 95-122
Жастар прозасындағы құндылықтардың көркемдік трансформациялануы 123-146
ҚОРЫТЫНДЫ 147-154
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 155-163

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әр дәуірдің өзіндік үстем құндылықтары болады. Әсіресе, ірі тарихи оқиғалардың қоғамдағы құндылықтар жүйесін өзгертіп, жаңа мәдени бағдарлар ұсынатыны белгілі. Ширек ғасыр бұрын егемендігін алған еліміздің руханиятында да аталмыш үрдістер айқын аңғарылады. Соңғы ширек ғасырда әдеби-мәдени құндылықтарға деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, заманауи ұлттық парадигма қалыптасып үлгерді. Тәуелсіздік алғаннан кейін жүзеге асқан аталмыш тарихи-әлеуметтік өзгерістер қаламгерлеріміздің дүниетанымына әсер етіп, замандастың көркем образы арқылы бейнелене бастады. Әдебиетімізге жаңа көркемдік арналар қосылып, әлемдік үрдістердің белгілері көбейе түсті. Қоғам, сана өзгерген тұста әдебиет те, оларға қойылар талап та, оны таныту шаралары да жаңартылуы заңдылық. Ал мұның бәрі қазіргі әдебиеттегі құндылықтар жүйесін ғылыми тұрғыдан сараптау қажеттілігін көрсетеді.
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасы қазіргі қоғамның шынайы келбетін, замандастарымыздың болмыс-бітімін дәл таныта алуымен ғана емес, өткен тарихқа ұлттық мүдде тұрғысынан әділ баға бере алуымен де құнды. Тоталитарлық жүйе тұсында айтылмай келген ақиқаттар әдебиеттің нысанына айналып, халықтың өзіне тән даралығы көркемдік санада қайта жаңғырды.
Сондай-ақ бүгінгі прозада әлемдік әдеби-мәдени үрдістердің белгілері байқалып отыр, қаламгерлер батыл эксперименттерге баруда. Белгілі бір шеңбердің аясында ғана ойлайтын әрі бүтін бітімі толыққанды ашыла қоймайтын кейіпкерлердің орнына ендігі ретте жан дүниесі мейлінше күрделі әрі басқаға ұқсай бермейтін өзгеше тұрпатты кейіпкер тұлғасы қалыптасты. Бұл сөз өнерінің аксиологиялық сипатының өзгергенін білдіреді. Қазіргі проза өткенді бағамдап, жаңаны сараптау жолымен дамып келеді әрі оның өзегінде тәуелсіздік, ел құндылықтары тұр деуге болады.
Дипломдық жұмыста аталмыш мәселелер арнайы зерделеніп, көркем туындылардағы жалпыадамзаттық құндылықтар талдау нысанына алынды. Көркем мәтінді аксиологиялық тұрғыдан талдау, халық прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың өзіндік даралығын айқындау зерттеу жұмысының басты мақсаттарының бірі болды. Сонымен бірге мәселеге объективті түрде баға беру үшін тақырыптық-идеялық тұрғыдан да шығармалардың әртүрлі болуына назар аударылды.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ әдебиеті - әлем әдебиетінің ажырамас бөлшегі. Халық прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды ғылыми тұрғыда талдау, біріншіден, әлемдік мәдени кеңістіктегі қазақ әдебиетінің өзіндік орнын анықтауға мүмкіндік берсе, екіншіден, ұлттың бірегейлігін, мәдени даралығын тану үшін де маңызды болып отыр. Қазақ әдебиеттану ғылымының көркем шығарманы құндылықтық-аксиологиялық тұрғыдан қарастыру тәжірибесі аз. Бұл көркем мәтінді мәдениеттану, философия, әлеуметтану, психология ғылымдарымен ұштастыра отырып бағалау қажеттігін туғызады. Ғылыми интеграциялық үдерістер күшейген қазіргі тұста прозалық шығармаларға пәнаралық негізде талдау жасау жаңа арнамен дамып отырған қазақ әдебиетінің беталысын бағамдау үшін ғана емес, әдебиет тарихы туралы тұшымды тұжырымдар жасап, болашағын болжау үшін де маңызды.
Зерттеудің нысаны ретінде кейінгі жылдар аралығында жарық көрген прозалық туындылар алынды. Прозаның барлық жанрларын түгел қамту мүмкін болмағандықтан, тек роман, повесть, әңгіме сынды сүйекті жанрлары таңдалды. Дипломдық жұмыста Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің Соңғы парыз, Б.Нұржекеұлының Әй, дүние-ай романдары, Т.Әбдікұлының Парасат майданы повесі мен М.Мағауиннің Салахад-диннің үкімі, Т.Шапайдың Айна сарай, Н.Ораздың Қайыршының жұлдызы, Д.Рамазанның Көш, М.Омарованың Жол үстінде, А.Мырзахметтің Жыртылған күнделік, А.Мантаеваның Жауһар, Ә.Байболдың Жиын әңгімелері жан-жақты талданады және өзге де роман, повесть, әңгімелерге шолу жасалып, бүгінгі қазақ прозасының көркемдік-аксиологиялық сипатына баға берілді.
Зерттеу пәні ретінде қазіргі қазақ прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың көркемдік бейнеленуі алынды.
Зерттеудің мақсаты: халық прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды жан-жақты талдап, жаңа әдеби-мәдени үрдістер аясында пайда болған тақырыптар мен идеялық-көркемдік мәселелерді зерделеу;
Аталған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:
жалпыадамзаттық құндылықтардың гуманитарлық ғылым салалары ішіндегі рөлін айқындау;
халық прозасындағы құндылықтардың генезисін анықтау;
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасындағы көркемдік- эстетикалық ізденістерге құндылықтық өзгерістердің ықпалын анықтау;
қазақ қаламгерлері шығармаларындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың сипатталу ерекшеліктерін анықтау;
құндылықтық дағдарыстардың қазіргі қазақ әңгімелеріндегі көрінісін зерделеу;
қазақ прозасының даму үрдістерін аксиологиялық тұрғыдан ашып беру.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Жұмысты жазу барысында қазақ әдебиеттану ғылымы мен философия, мәдениеттану

ғылымдарында маңызды зерттеулер жүргізген отандық ғалымдармен бірге шетелдік зерттеушілердің теориялық еңбектері басшылыққа алынды. Соның ішінде, атап айтсақ, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғали, Б.Майтанов, Г.Пірәлі, Г.Орда, Ә.Нысанбаев, Т.Ғабитов, З.Сәрсенбаева, С.Нұрмұратов, Б.Сатершинов, Р.Инглехарт, Дж.Фихтер, Т.Орал, К.Клакхон, С.Шварц, Г.Хофстед сынды ғалымдардың теориялық ой-пікірлері мен негізгі тұжырымдамалары пайдаланылды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары шығарған Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамзаттық құндылықтар (2014) және
Құндылықтар және құндылықтар психологиясы (2013, түрік тілінде) атты ұжымдық монографиялар мен З.Сәрсенбаеваның (Этнос және құндылықтар, 2018), Т.Ғабитовтің (Қазақ мәдениетінің рухани кеңістігі, 2013), С.Нұрмұратовтың (Рухани құндылықтар әлемі: Әлеуметтік философиялық талдау, 2000) еңбектері ғылыми-зерттеу жұмысымыздың бағыт-бағдарын айқындауда негіз болып саналады.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
қазіргі қазақ прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтар (тұңғыш рет) пәнаралық негізде, мәдени-аксиологиялық және әдеби-эстетикалық аспектілерде қарастырылды;
халық прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың генезисі айқындалды;
қазіргі қазақ прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың өзіндік ерекшеліктері анықталды; бұл өз кезегінде қазақ ұлтының бірегейлігін тануға жол ашады;
ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтардың арақатынасы ғылыми тұрғыдан зерделенді.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Диплом жұмысында қазіргі халық прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың өзіндік ерекшеліктері жөніндегі құнды пікірлер бір жүйеге топтастырылды. Соның нәтижесінде бүгінгі әдебиеттің беталысы бағамдалып, қазақ ұлтының өзіндік даралығын танытатын құндылықтар жүйесі айқындалды. Зерттеу жұмысы қазіргі қазақ прозасы мен құндылықтар туралы болашақта жүргізілетін ғылыми ізденістер үшін соны деректер беруімен бағалы.
Зерттеудің практикалық мәні. Жұмыс нәтижесін жоғары оқу орындары студенттеріне қазіргі әдебиет пәні бойынша оқылатын арнайы семинар сабақтарында пайдалануға болады. Сондай-ақ зерттеу нәтижелерін студенттері мен магистранттарға қажетті теориялық, практикалық көмекші құрал ретінде ұсынуға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. Зерттеу нәтижелері бойынша қорғауға мынадай тұжырымдар ұсынылады:

қазақ прозасындағы жалпыадамзаттыық құндылықтардың бастаулары ежелгі халықтық проза үлгілеріне барып тіреледі;
ұлттық құндылықтар - жалпыадамзаттық құндылықтардың локальді түрлері;
тарихи роман жанры ұлттық құндылықтарды танытуда басымдыққа
ие;
қазақтың дәстүрлі тұрмысын арқау ет кен тарихи жанрдағы
туындыларда этикалық, әлеуметтік, діни құндылықтар үстем болса, заманауи тақырыптағы шығармаларда экономикалық, танымдық құндылықтар биік қойылады;
қазіргі халық прозасы қазақ халқының бүгінгі мультимәдени жаһаннан төл даралығын, тарихи-мәдени һәм концептуалдық бірегейлігін іздеп жатқанын, сондай-ақ әлемдік әдеби үрдістерге етене кірігіп, тәжірибе жинау мен толысу үстінде екендігін көрсетеді; аталмыш үрдіс өз кезегінде дәстүрлі және маргиналды мәдени типтегі кейіпкер болмысын қалыптастырды;
қазіргі халық прозасында тәуелсіздік, қанағат, еркіндік құндылықтарына айрықша көп мән берілген.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың жалпы көлемі - 162 бет.

1 ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТЕОРИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘДЕБИЕТТЕ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ

Жалпыадамзаттық құндылықтар гуманитарлық ғылым салаларының зерттеу объектісі ретінде

Ақпараттық-білім қоғамы әлемнің мәдени бет-бейнесін айтарлықтай құбылтып жіберді. Жаһандық рухани тенденциялар жекелеген ұлттардың өзіне тән даралық болмысына айрықша ықпал етіп жатқан қазіргі кезеңде құндылықтар жүйесінің табиғатын тану, олардың беталысын бағамдап, ғылыми сараптамалық тұжырымдар жасау мәселесі күн санап өз маңызын арттыра түсуде.
Жалпы, әлемдегі кез келген саланың өзі белгілі бір құндылықтарды іздеуден, танудан, талдаудан туған секілді. Мысалы, ақиқатқа ұмтылудан ғылым қалыптасса, әсемдікке ұмтылу өз кезегінде өнер түрлерінің тууына түрткі болды. Ал жақсылық пен жамандықтың аражігін айыру арқылы адамдарда мораль қалыптасты. Әділдік іздеуден құқықтық, юриспруденциялық құндылықтар орнықты. Құндылықтардың табиғатын тұтастай философияның арнаулы саласы саналатын аксиология қарастырғанымен, жекелеген ғылымдардың құндылықтарға қатысы жоқ дей алмаймыз. Мысалы, әдебиеттану ғылымы рухани-эстетикалық құндылықтарды арқау еткен сөз өнерінің өзіндік ерекшеліктерін сарапқа салады. Әдебиет үшін әуелгі құндылықтар - әсемдік, сұлулық, көркемдік, жарасымдылық; сөзбен салынған сурет, оның адам жанынан әсері.
Құндылық - гуманитарлық ғылым салаларының ортақ нысаны. Оның табиғатын терең танып білу үшін пәлсапа, психология, әлеуметтану, дінтану, мәдениеттану, антропология, этнография т.б. сынды ғылымдардың құндылықтарға деген қатынасын зерделеу керек. Өйткені аталмыш салалардың бәрі өзара тығыз байланысты әрі құндылықтарды әр қырынан танып білуге мүмкіндік береді. Екі мыңыншы жылдарға дейін Қазақстанда құндылықтар жүйесін, негізінен, философия ғылымының өкілдері зерттеп келді. Өйткені құндылықтардың табиғатын танып, өзіне тән ерекшеліктерін ашумен айналысатын аксиология философия ғылымының ажырамас бөлшегі саналады. Тарихтың қай кезеңінде де құндылықтар жөніндегі пайымдаулардың ойшылдар тарапынан айтылып келгенін ескерсек, бұл құбылысты заңдылық деп қабылдар едік. Құндылықтар жүйесі жөніндегі пікірлердің қайнар бастауы ежелгі дәуірлерде жатқанын атап өткен жөн. Ежелгі Антикалық философияда да, көне Шығыс философиясында да сұлулық, қайырымдылық, жақсылық пен жамандық, әділет, ақиқат, әсемдік сынды ұғымдар туралы әртүрлі көзқарастардың болғаны белгілі. Дегенмен, аксиология терминін алғаш рет қолданған - Э.Гартман. Батыс философиясының тарихында натуралистік психологизм (Мейнонг, Перри, Дьюи), трансцендентализм (Виндельбандт, Риккерт), персоналды

онтологизм (Шелер, Гартман), мәдени-тарихи релятивизм (Ницше, Дильтей), социологизм (Вебер, Парсонс, Толкотт) сынды бірқатар аксиологиялық теориялар болды.
Ғылымдар арасындағы интеграциялық қатынастардың мейлінше күшейген ХХІ ғасырда құндылықтар жүйесі тек философия ғылымында ғана емес, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың бәріне дерлік ортақ нысана, өзекті тақырыпқа айналды. Қоғамдық қатынастар мен адами ресурстардың табиғатын тереңірек танып білу үшін құндылықтар жүйесін осылай кешенді түрде зерделеу қажеттілігі күн санап өз маңызын арттырып отыр. Бүгінде философия, психология, әлеуметтану, саясаттану, экономика, мәдениеттану, педагогика, эстетика, әдебиеттану және лингвистика ғылымдары үшін құндылықтар жүйесінің сырына үңіліп, қасиетін тану міндеті алғы қатарға шықты деуге болады. Бұл мәселенің филологиялық ғылымдарда да ерекше қарқынмен зерттелуін халықтың бүтін бітімі оның тілі мен әдебиетінен ғана тұтастай танылатынымен түсіндірген жөн. Сонымен бірге, егемендігін алып, өткенін саралай бастаған кез келген ұлт үшін ең әуелгі мақсұт құндылығын түгендеу болмақ. Бұл жөнінде фольклоршы-ғалым С.Қасқабасов: Әлемдік тәжірибеге қарасақ, бодандықта көп болып, тәуелсіздікке жеткен мемлекеттер өз өмірінің алғашқы 20-30 жылында тарихи сананы, тарихи жадты қайтаруға, өзінің ұлттық болмысын нығайтуға күш салады, - дейді. [1] Қазақтың ұлттық ой- санасына зер салған ғалым А.Қасабек те өз зерттеулерінде аталмыш мәселенің өзектілігіне баса назар аударады. Ұлттық руханияттың құндылық болмысы атты мақаласында ол былай дейді: Әлемдегі халықтардың, ұлттардың, нәсілдердің бәріне тән жалпыадамзаттық құндылықтарымен қатар, әр халықтың өзіне тән тарихи қалыптасқан рухани, мәдени байлықтарын, адамгершілік қасиеттерін, яғни өзіндік құндылықтарды жандандыру, солардың негізінде жаңа белеске көтерілу бүгінгі таңның талабына айналуда. Сондықтан да белгілі бір жағдайға байланысты қазақ халқының тоқыраған философиялық және тарихи құндылықтарын терең зерттеу, олардың ішкі мәнін айқындау, жалпыадамзаттық өркениет аясындағы даму бағыттарын зерделеу - қоғамдық ғылымдардың алдында тұрған басты мәселелердің бірі [2, 115]. Осы тұрғыдан алғанда, әдебиеттану ғылымының алдында да халықтық сананың қайнаркөзі болып саналатын көркем сөз өнеріндегі құндылықтар жүйесіне талдау жасау міндеті тұр. Өйткені қоғамдағы құндылықтар жүйесіне, оның өткеніне, бүгінгі беталысы мен болашақтағы ықтимал бейнесіне баға беру үшін тек қана әлеуметтік сауалнамалар мен социо-аксиологиялық теорияларға сүйенген зерттеулер ғана емес, халықтың ішкі болмысын дәл әрі кең диапазонда татытатын көркем мәтіндер негізінде де зерттеу жасау, бір жағынан, тың ғылыми тұжырымдарға жол ашса, екінші жағынан, әдебиеттану ғылымының да аясын кеңейтеді.

Адами құндылықтарға қатысты зерттеулерді саралағанымызда олардың үш түрлі негізінің бар екеніне көз жеткіздік. Мәдениеттанушы, профессор К.Клакхон өзінің Мәдениетті зерделеу атты еңбегінде Адами құндылықтар дегеніміз - индивидтің не топтың танымдық, сезімдік немесе әрекеттік (ерекшелеген - біз. - Н.Х.) таңдау жасауына итермелейтін анық я анық емес концепциялары, - деген тұжырым жасайды [10, 395]. Мұндай пікірлерді біз басқа да зерттеушілердің еңбектерінен кезіктірдік [11]. Дегенмен, жалпыадамзаттық құндылықтар деген ұғымның жоқ екенін, не болмаса олардың батыстық сипатқа ие екендігін айтатын ғалымдар да жоқ емес. Мысалы, этнолингвист, мәдениеттанушы Әділ Ахметов
жалпыадамзаттық құндылықтар деген терминнің өзіне қарсы. Ол еуразиялық өркениет төңірегіндегі ізденістерінде бұл ойын ашық білдіреді. Ғалым әлемнің ноосфералық дәуірге аяқ басып келе жатқанын, өркениет көші біртіндеп Еуразиялық кеңістікке - қазіргі Қазақстан мен Ресей территориясына ауып келе жатқанын тарихи салыстырмалы әдіс арқылы баяндай келе: ...ноосфералық дәуірде жеке және топтық (командалық) арман-мұраттар мен шындықтың тең құқылы феномені бой көтереді. Ал қазір жалпыадамзаттық құндылықтар, жаһандық армандар жөнінде сөз қылу әлі ертерек. Өйткені, алдағы 500 жыл аумағында адамзат жоғарыда аталған доминанттар қақтығысының аясында өмір сүретін болады. Өйткені, қазір де бір шындықтың басы ашық. Мәселен, бүгінгі таңдағы жалпыадамзаттық құндылықтар деген ұғым, шын мәнінде, алтын миллиардтың агрессивті технологиялар арқылы бүкіл әлем мен адам санасын жасандылықпен улап кіргізген құндылықтары, - деп ой қорытады [12, 202]. Осы тақылеттес пікірді Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Ф.И.Гиреноктің сұхбатынан кезіктірдік. Философ-ғалым тіпті ондай ұғымның жоқ екенін алға тартады. В.Б.Румянцевке берген сұхбатында ол: Мен үшін бұл мәселе әлдеқашан өз шешімін тауып қойған. Біреулердің әлі де аталмыш мәселені шеше алмай жүргеніне таңғаламын. Ешқандай жалпыадамзаттық құндылық жоқ, болған емес және болмайды да, - деп кесіп айтады [13].
Жалпыадамзаттық құндылықтардың уақыт пен орын талғамайтынын, қандайда бір мәдени кеңістікпен шектеліп қалмайтынын және адамзат түпсанасы мен психологиясына тән табиғи қасиеттер негізінде қалыптасқанын ескерер болсақ, жоғарыда келтірілген пікірлермен келісу қиын болар еді. Біздіңше, жалпыадамзаттық құндылықтарды белгілі бір саяси- қаржылық алпауыттардың еншісіне салып қоюға болмайды. Өйткені оның мазмұнын әділет, шапқат (мейірім), сұлулық, достық, ізгілік т.б. сынды рухани құндылықтар мен күллі адам баласына бағалы саналатын материалдық игіліктер құрайды. Қазіргі әлемдегі батыстық үстемдіктің белгілі бір деңгейде құндылықтар жүйесіне ықпал-әсері бар десек те, бұл жалпыадамзаттық құндылықтардың мазмұнына өзгеріс енгізе алмайтынын баса айтуымыз керек. Өйткені, аталмыш мәселе өмір сүріп отырған заманымызда ғана емес, біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде де ақыл-ой алыптарының назарына ілігіп, арнаулы еңбектердің жазылуына түрткі болған. Бұл құндылықтар әлемінің ежелгі дәуірлерден бері өзекті тақырыптардың қатарында болғанын көрсетеді. Мысалы, Аристотель өзінің
Үлкен этика атты еңбегінде жалпыадамзаттық құндылықтар жөнінде жазады. Ол Пифагордың, Сократ пен Платонның игілік, құндылық туралы айтқандарын сын тезіне алып, қарсы шығады әрі өзінің көзқарастарын әртүрлі дәйектермен бекітеді. Аристотель: Игіліктердің кейбіреуі құнды, басқалары - мақтаулы заттардың, үшіншілері - мүмкіндіктердің қатарына жатады. Құндылар деп мен құдайдан тарайтын ең қадірлі игілікті айтамын, мысалы, жанды, ақылды, бұлар - бастапқы алғашқы принцип деуге болатын нәрселер. Құнды - бұл сыйлы, ондай нәрселерді бәрі де құрметтейді. Ізгіліктің әсерімен адам абыройлы болады, сондықтан да ол - құндылық, - дейді [14, 253]. Аталған трактатында Аристотель игіліктерді жанға қатысты, тәнге қатысты және жанға да, тәнге де қатысы жоқ игіліктер деп бөледі. Жанға қатысты игілік түрін ең жоғарғы игіліктер санатына қосып, өз ойын былайша өрбітеді: Жанға қатысты игіліктер екі жаққа бөлінеді - ақыл иесіне және ақылдан ада жаққа. Ақылға ие жағына ақылдылық, көрегендік, даналық, үйрету қабілеті, ес және сол сияқты қабілеттер тән; ақылдан ада жағына ізгіліктер деп аталатындар: қанағат, әділдік, ерлік және басқа да ұнамды мінез-құлық түрлері жатады, - дейді [14, 257]. Жоғарыда келтірілген пікірлерін ол өз ұлына арнап жазған өсиет кітабы - Никомах этикасы атты еңбегінде дамыта түседі [15, 53-295].
Ежелгі дәуірдің ойшылдарынан бастау алған әртүрлі жіктеулерді бүгінгі аксиология ғылымындағы классификациялар толықтыра түседі. Сонымен бірге құндылықтар теориясына жанама салалалардың да атаулы мәселені айналып өтпейтінін байқауға болады. Мысалы, қазіргі педагогикада құндылықтардың мынадай түрлері аталынады.
Құндылықтар биопсихологиялық (денсаулық) және рухани реттілікте болады. Құндылықтар рухани мәдениет түрлеріне қарай адамгершілік (өмірдің мәні және бақыт, қайырымдылық, жауапкершілік, ұят, ар, абырой), эстетикалық (әсемдік, маңыздылық), діни (сенім), ғылыми (ақиқат), саяси (бейбітшілік, әділеттілік, демократия), құқықтық (заң және құқық тәртібі) болып жіктеледі [8, 6]. Әйтсе де, құндылықтардың жіктелуі біркелкі емес. Ол - заңды құбылыс. Біз ХХ және ХХІ ғасырдағы аксиологиялық зерттеулерге шолу жасағанымызда, олардың кең таралған 50-ден астам классификациясының бар екеніне көз жеткіздік. Солардың ішіндегі ең белгілілері - М.Рокич, Г.Хофстед, Ш.Щварц, Г.Олпорт сынды ғалымдардың жіктеулері. Аталған авторларды құндылықтар теориясына айтулы жаңалықтар әкелген, ғылыми негізін қалыптастырып, болашағына болжам жасаған ғалымдар деп айтуға болады. Мысалы, Рокич құндылықтарды мақсаттық (terminal) және құралдық (instrumental) деп екіге бөліп, жалпы саны 36 құндылықты тізбектеп шығады. Ол: Адамның өмірде қол жеткізуді қалайтын жағдайы (еркіндік, отбасындағы сенім т.б.) мақсаттық, ал сол мақсаттық құндылықтарға жету үшін жасалатын әрекеттері құралдық құндылықтарды қалыптастырады, - дейді [16, 9]. Мильтон Рокич құралдық құндылықтарға қарағанда абстрактілі, әмбебап және өзгермейтін қалыпқа ие мақсаттық құндылықтардың адамның қалаулы құндылықтары болып саналатынын, ал құралдық құндылықтар болса, мақсаттық құндылықтарға қарағанда әлдеқайда нақты және құбылмалы болып келетінін, аталған екі құндылық түрінің арасындағы айырмашылықты бөліп жару қиынға соғатынын жазады. М.Рокич мақсаттық құндылықтарды жеке тұлғалық және қоғамдық деп, ал құралдық құндылықтарды моральдік және біліктілік деп екіге бөліп қарастырады. Өзіне деген құрмет, қоғамда мойындалу сияқты құндылықтар жеке тұлғалық, ал бейбітшілік пен теңдік қоғамдық құндылықтар санатына қосылады. Өз кезегінде, адамдарда жеке тұлғалық құндылықтардың басым түсуі қоғамдық құндылықтардың мәнін азайтса, керісінше, қоғамдық құндылықтар үстем болған жағдайда жеке бастың құндылығы мәнін кемітеді (толығырақ бірінші кестеде).

1-кесте.
Мильтон Рокичтің құндылықтар жіктемесі
Мақсаттық құндылықтар
Құралдық құндылықтар
Жайлы өмір
Көңіл тыныштығы
Өршілдік
Дүниетаным кеңдігі
Қызықты ғұмыр
Шынайы махаббат
Қиялдау
Тәуелсіздік
Табысқа ұмтылу сезімі
Ұлттық қауіпсіздік
Қабілеттілік
Интеллект
Бейбіт өмір
Рақат
Позитивтілік
Логика
Сұлу өмір
Құтқару
Тазалық
Жанашырлық
Теңдік
Өз-өзіне құрмет
Батылдық
Тіл алғыштық
Отбасы қауіпсіздігі
Қоғамда мойындалу
Кешірімділік
Кішіпейілділік
Еркіндік
Шынайы достық
Пайдалылық
Жауапкершілік
Бақыт
Даналық
Шыншылдық
Өз-өзін бақылау

Құндылықтардың статикалық әрі динамикалық қалпы, екі қыры бар. Зерттеушілердің дәл осы тұста пікір қайшылығына тап болатыны осыдан болар деп ойлаймыз. Дегенмен, көптеген ғалымдардың пікірлері олардың өзгермелі болатынын көрсетеді. Құндылықтар жүйесінің өзгеруіне қоғамдық факторлар, әлеуметтік-саяси, психологиялық факторлар әсер етеді. Этникалық қазақтардың құндылықтарын ғылыми талдау нысанына алған С.Нұрмұратов: Құндылықтар, ол - өте үлкен әлем. Олар өзгеруі, дамып бір түрден екінші түрге ауысуы, трансформацияға ұшырауы, жойылып кетіп, жаңасы пайда болуы мүмкін, - дейді [20]. Ал Ә.Рымғазықызы құндылықтарды адамның жер бетінде өмір сүруінің мәні мен маңызын анықтайтынын тілге тиек етіп: Ұлттық құндылықтардың өзгеру процесі өте көп уақытты қажет етеді. Құндылықтар бағыты жасалуы, жойылуы, сыналуы, өзгеруі немесе жаңа маңызға ие болуы мүмкін, - деп ой қорытады [20]. Осы орайда, жоғарыда есімдері аталған ғалымдардың құндылықтардың жойылып кетуі мүмкін деген пікірімен келісе алмаймыз. Біздің ойымызша, құндылықтар белгілі бір деңгейде мәнін өзгертіп я болмаса қоғамдық өмірде маңызын азайтуы мүмкін, алайда біржолата жойылып кетуі мүмкін емес. Өйткені жалпыадамзаттық құндылықтар адамзат атаулыға ортақ, бір ауыздан мойындалған, күллі адам баласы үшін қымбат бірліктер болып есептеледі. Тек олардың жекелеген мәдени-географиялық кеңістіктерде өзіндік ерекшеліктері болуы ықтимал. Дегенмен құндылықтардың динамикалық қасиетіне қарағанда, статикалық қасиетінің күшті екендігінде талас жоқ. Кейбір отандық ғалымдар кей құндылықтардың тіпті динамикалық қасиетінің болмайтынын айталы. Мысалы, Г.Смағұлова эстетикалық құндылықтарды осындай қасиетке ие деп санайды. Лингвист-ғалым Г.Смағұлова өз зерттеуінде былай дейді:
Әдетте, адам өмірінде құндылықтар әртүрлі. Мәселен, моральдік (адалдық пен әділеттілік), діни (мойынсұнушылық, төзімділік), әлеуметтік (қайырымдылық), сезімдік (махаббат, достық), эстетикалық (сұлулық, әсемділік, үйлесімділік) т.б. Бірақ құндылықтар әлемі әрдайым өзгеріп отырады. Оған, әсіресе, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер себепші болады. Себебі, адамдардың өмір сүру ерекшеліктері және олардың жеке және топтық көзқарастары құндылықтардың әлсіреуі мен күшеюіне әкеледі.
Алайда, аталған және аталмаған құндылықтар арасында эстетикалық құндылықтар көп жағдайда өз деңгейін сақтап қалатын сияқты. Өйткені, өзге құндылықтар өзгермелі болса, сұлулық, әдемілік, үйлесімділік қашанда адамдардың мәңгі құштарлығына арқау болатын конкретті дүние. Мысалы, ақша, мансап бірде бар, бірде жоқ дүние болса, эстетикалық ләззат сыйлайтын әсем табиғат көрінісі, адамның сұлулығы т.б. үйлесімді әдемі зат, сұлу бейне әркез адамдардың көз алдында [21, 312]. Ғалымның бұл пікірін қисынды деп санаймыз. Әдебиеттің қалыбына салсақ, бұл пікірдің өзектілігі арта түседі. Себебі, әдебиет ең алдымен эстетикалық функция атқарады. Танымдық, тәрбиелік қызметінен бұрын оның оқырманға эстетикалық әсер сыйлайтыны, адам жанын сұлулыққа құштар қып, жан әлемін үйлесімділікке баулитыны белгілі [22, 80] Алайда, біз сөз етіп отырған әдебиеттің өзінде сұлулық әр кезде әркелкі көрінуі мүмкін. Әсіресе, ол көбіне-көп сол халықтың мәдени, ұлттық даралығына (идентификациясына) байлаулы. Бір ұлттың сұлулық туралы ұғымының қалыптасуына оның ғасырлар бойғы тұрмыс-тынысы мен табиғи- географиялық ерекшеліктерінің айрықша зор ықпалы болатыны заңды. Әдебиет те сол халықтың мәдени кодында сақтаулы сұлулық ұғымын ашып беруге қызмет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетіндегі сұлулық деп танылған дүние басқа ел әдебиетінде мүлдем басқа құбылыспен салғастырылып берілуі кәдік. Бұл жайлы М.Жұмабаев Алқа атты әдеби манифесінде орынды пікір білдіреді: Қазақтың мұрнын тесіп зере салуы Еуропа көзінде сұлулық емес, тағылық деп саналады ғой. Яки Еуропаның күн батқандағы суретті аузынан суы құрып мақтауы қазақтың өз әдебиетінде жоқ қой, - дейді ақын [23, 55]. Сұлулықтың, жалпы эстетикалық құндылықтардың басқа құндылықтармен салыстырғанда біршама тұрақты болатыны жасырын емес. Алайда, ол әртүрлі сипатта көрініс табуы мүмкін екенін осыдан аңғаруға болады. Осы тұрғыдан алғанда, жалпыадамзаттық құндылықтар ұлттар мен халықтардың бәріне бірдей ортақ болып саналғанмен, олардың өмірге көзқарасына, парадигмасына қарай әртүрлі сипатта көрінетінін ескеруге тиіспіз. Бір жағынан, дәл осы қасиеті құндылықтардың бірегейлік дейтін бүгінгі жаһандану дәуірінде айрықша маңызды тақырыптың мәнін ашуға жол ашатынын қаперге алған жөн.
Әр дәуірдің өз биік құндылығы бар. Құндылықтарды уақыт пен мекенге бағынбайтын абсолютті игіліктер дегенімізбен, олар қоғам ыңғайына қарай әр кезеңде әрқилы көрінеді: маңызы біресе артып, біресе азайып отырады. Бұл жалпыадамзаттық құндылықтардың жойылып кететінін білдірмесе керек. Қоғам бар жерде құндылықтар жүйесі де қатар жүретіні табиғи заңдылық. Аксиология ғылымының көрнекті маманы Ш.Шварц құндылықтардың негізгі алты ерекшелігін атап өтеді. Олар:
1. Құндылықтар - өзара тығыз қатынастағы сенімдер жүйесі. Өз күшіне енген кезде олар адам жанын ыстық сезімге бөлейді. Қандайда қауіп төнген жағдайда тәуелсіздік аса маңызды құндылық болып саналатын адамның ашуын туғызады. Оны қорғай алар қауқары болмаса, торығуға бет алады да, әйтпегенде өзін бақытты сезінеді.
2. Құндылықтар белгілі бір әрекетке жігерлендіретін қалаулы мақсаттармен сабақтас болады. Әлеуметтік тәртіп, әділет, өзгелерге пайдалы болу құндылық болып саналатын адамдар аталмыш мақсаттарға жету жолында жан аямайды.
3. Құндылықтар белгілі бір әрекеттер мен жағдайларға бағынышты болмайды. Мысалы, тіл алғыштық пен адалдық құндылықтары жұмыс орнында, мектепте, бизнес не саясатта, достар мен бөгде адамдар арасында да маңызды болуы мүмкін. Бұл ерекшелік құндылықтарды әдеттегі нақты әрекет, ситуация, объектілермен қатысы бар нормалар мен көзқарастар жүйесінен айырады.
4. Құндылықтар стандарт немесе критерий ретінде қызмет етеді. Құндылықтар саясатта, адамдар арасында, оқиғалар мен түрлі жағдайларда таңдау жасау мен бағалау деңгейін белгілейді. Адамдар ненің жақсы, ненің жаман екенін, дұрыс пен бұрысты, құпталған іс пен тыйым салынған істі жалпыадамзаттық құндылықтарға сүйене отырып шешеді. Алайда күнделікті тұрмыстағы шешімдерімізге тигізер әсері жағынан олар үнемі саналы түрде бола бермейді.
5. Құндылықтар өзара маңыздылығына қарай реттеледі. Адамдардың құндылықтары олардың индивидуалдық қасиеттерімен реттеледі. Олар жетістікке көп мән бере ме, әлде адалдыққа ма, жаңашылдыққа ма, дәстүршілдікке ме? Аталған иерархиялық ерекшелік те құндылықтарды нормалар мен көзқарастардан айырады.
6. Кейбір құндылықтар әрекет етуге жетекшілік етеді. Кез келген қатынас не мінез-құлықтың бірнеше құндылыққа әсері бар [17, 3-4].
Жоғарыда келтірілген пікірлер легі құндылықтардың өзіндік ерекшеліктерін ашып береді. Жалпыадамзаттық құндылықтардың жеке тұлға мен қоғам алдындағы рөлі жайында аз-кем тоқталдық. Расында да, құндылықтардың қоғамдық жүйені реттеуші, демократиялық игіліктерге жету жолындағы қызметі орасан деп ойлаймыз. Мысалы, достық, қайырымдылық, қонақжайлылық сынды жалпыадамзаттық құндылықтар тұтас қоғамның жақсаруына сеп болатыны анық. Егер біз құндылықтар жүйесінің осы қырына үңілетін болсақ, еріксіз олардың функциясы жөнінде сөз қозғауға мәжбүр боламыз. Құндылықтардың өзіндік қызметі туралы
түрлі пікірлер бар. (Рокич, Хофстед, Шварц т.б.).
Қорыта келгенде, құндылықтар бүгінгі таңда философиялық, психологиялық, педагогикалық, лингвистикалық, антропологиялық және экономикалық аспектілерде қарастырылып отыр. Әдебиеттану ғылымының аясында құндылықтардың табиғатын ашу міндеті бүгінгі гуманитарлық ғылымдар үшін өзекті болып саналады. Құндылық дегеніміз - белгілі бір заттың не құбылыстың маңыздылығы әрі пайдалылығы. Аталған екі қасиеті құндылықты қалыптастырады.
Құндылықтарды жіктеуге қатысты да бірізділіктің жоқ екенін, әртүрлі пікірлердің бар екенін жоғарыда тілге тиек еттік. Біз құндылықтарды мақсаттық және құралдық деп жіктеген М.Рокичтің тұжырымдарына арқа сүйейміз. Сондай-ақ құндылықтардың мынадай негізгі түрлері бар деп есептейміз. Олар: эстетикалық, этикалық, экономикалық, діни, саяси, әлеуметтік және танымдық құндылықтар. М.Рокич көрсеткен 36 түрлі құндылық аталған негізгі бастаулардан тарайды. Мысалы, әсемдік,
сұлулық, жарасымдылық құндылықтары эстетикалық құндылықтар санатына кіреді. Құндылықтарды қарапайым түрде материалдық және рухани деп те жіктеуге болады. Материалдық құндылықтарға экономикалық, ал рухани құндылықтарға эстетикалық, этикалық, діни құндылықтар жатады. Сонымен бірге аталған жіктеулерден тыс ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар деп жіктеу тәжірибесі бар. Біздің ойымызша, бұлардың арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ, шартты ұғымдар саналады. Ұлттық құндылықтар дегеніміздің өзі жалпыадамзаттық құндылықтардың мәдени-географиялық кеңістіктегі ерекшелігі деп есептейміз. Осыдан ұлттың дәстүр-салты, өзіне тән бірегейлігі мәселесі туындайды.
Құндылықтардың табиғаты олардың антропогенді екенін көрсетеді. Адам бар жерде қоғамның болатыны секілді, қоғам бар кезде оның өзіндік құндылықтар жүйесі де қалыптанатынын заңдылық деуге болады. Олар индивидуалдық, ұжымдық және қоғамдық сипатта өмір сүреді. Құндылықтардың негізгі үш қайнар көзі бар. Олар - таным, сезім және әрекет. Бұлар - адам болмысының үш тұғыры әрі өзара тығыз қатынастар жүйесіне ие. Индивидтің бойындағы құндылықтар бастапқы кезеңде қоғамдық нормалар негізінде бейсаналы түрде қалыптасады. Өйткені ол - әлеуметтік жаратылыс. Жеке тұлғаның бойында бір мезетте бірнеше жалпыадамзаттық құндылық қатар өмір сүреді. Алайда дүниетанымдық тұрғыдан жеке тұлғаның құндылықтық бағдары бірдей бола бермейді. Жекелеген адамдардан қоғам құралады десек, әлеуметтік жүйе үшін де құндылықтардың алар орны орасан. Өйткені құндылықтар қоғамдық нормалар мен мәдени жүйелердің негізін қалыптастырады.
Құндылықтар жүйесі ұрпақтан ұрпаққа қоғамға отбасы, білім беру жүйесі, БАҚ және әдебиет пен өнер салалары арқылы, сондай-ақ кітапханалар арқылы ауысады, таралады. Қоғамдағы құндылықтар жүйесінің өзгеруіне саяси-әлеуметтік факторлардың тигізер ықпалы өте зор. Бұдан шығатыны, қоғамдық-саяси факторлар аксиологиялық приоритеттерді туғызады. Мысалы, Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауы өз кезегінде қоғамда ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға түрткі болды. Ендігі ретте дәстүр, дін мен тіл мәселесі өзекті бола түсті. Сондықтан да біз соңғы ширек ғасырда қазақ қоғамында қайта жаңғырып жатқан ұлттық құндылықтарды тәулсіздік құндылықтары деп атаймыз. Атауы өзгеше болғанымен, бұларды жалпыадамзаттық құндылықтардан бөле- жара қарауға болмайды. Құндылықтардың статикалық және динамикалық қасиеті бар десек, олардың өзгеруіне ықпал етіп отырған басты факторлар - нарық қоғамы мен постмодерн дәуірі алдымызға тосқан талап-тілектер.

Халық прозасындағы жалпыадамзаттық құндылықтардың
бастаулары

Сөз өнерінің қазақтың құндылықтар жүйесінің қалыптануына тигізген ықпалы орасан. Қазіргі Қазақстан территориясында еуропалық- университеттік, классикалық философия болмағанымен, өзгеге ұқсамайтын әрі сөздің күші мен киесіне сүйенген дара далалық философия үстем болғаны тарихтан белгілі. Ауыз әдебиеті мұраларының 100 томға жүк болуы әлемнің бірде-бір елінде кездеспейтін ғаламат құбылыс. Әдебиеттің, сөз өнерінің қазақ даласындағы құндылықтар жүйесін қалыптастырушы әрі қоғамдық қатынастарды реттеуші басты фактор болғанын осыдан-ақ аңғара аламыз. Сонымен бірге, аксиология ғылымында элита, зиялы қауым құндылықтардың бет-бейнесін танытушы, қайта жасаушы әрі оның жақсаруына серпін беруші басты топ ретінде сипатталады. Қазақ әдебиетінің тарихына көз салсақ, қауым елдің рухани-мәдени болмысын бүтіндейтін зиялылар сөз ұстаған шеберлер болғанына куә боламыз. Сондықтан да, қазақ халқының құндылықтар жүйесін зерделегенде оның әдебиетіне зер салмай шынайы байлам жасау қиынға соғады.
Қазақ әдебиетінің тарихы тереңде десек, оның поэзиясы ғана емес, прозасы да терең тарихи сабақтастыққа ие деген сөз. Ол ғасырлар бойы халықтың танымдық, тәрбиелік, утилитарлық һәм эстетикалық сұранысын қанағаттандырып келді. Сондай-ақ, әдебиеттің өткеніне үңілгенде, біз діни- нанымдық, құқықтық, моральдық-этикалық т.б. құндылықтар төңірегінде де тұщымды тұжырым жасауға мүмкіндік аламыз.
Әдебиеттің арғы атасы - фольклор. Әдебиет өзінің түп бастауын фольклордан алады. Біз жалпыадамзаттық құндылықтардың қазақ әдебиетіндегі, қазақ прозасындағы бастауларын анықтау үшін ең алдымен қазақтың бай фольклорына, ауыз әдебиетінің үлгілеріне көз салуға тиіспіз. Фольклордың утилитарлық сипаты басым дегенімізбен, оның да бойында белгілі бір деңгейде әдебиеттің функциясын атқаратын қасиет-нышандар көп кездесті. Ауыз әдебиеті үлгілерінің поэзиялық және прозалық жанрда ел арасына таралғаны белгілі. Қазақ прозасының алғашқы үлгілері оның байырғы халық прозасына барып тіреледі. Ғалым С.Қасқабасов өзінің
Қазақтың халық прозасы деп аталатын еңбегінде халық прозасын екіге - аңыздық және ертегілік проза деп бөліп, осы екі жанрдың өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Олар бір-бірінен өзіндік қасиеттерімен дараланады. Біріншіден, аңыздық проза тыңдаушы мен айтушыларында еш күдік туғызбайды, оған ел сенеді, ал ертегілік прозада ойдан шығарылған қиялдан туған жайттар көп екенін халық жақсы түсінеді; екіншіден, дүниеге ең алдымен аңыздық прозаның сюжеттері мен жанрлары келеді, одан соң бұл сюжеттер мен жанрлар ел арасында ауызша айтылуының арқасында бірте-бірте толығып, өсіп, ертегілік проза түріне ауысады. Басқаша айтқанда, аңыздық проза дәуір (стадия) жағынан ертегілерге қарағанда
көнелеу; үшіншіден, композициясы мен тіл кестесі, яғни жалпы көркемдігі жағынан аңыздық проза ертегілерден гөрі төмендеу болады; төртіншіден, аңыздық прозаның негізгі қызметі танымдық, табиғаттың тылсым сырларын түсіндіру және халық тарихынан мағлұмат беру, ал ертегілік прозаның басты функциясы - эстетикалық және тәрбиелік қызмет, - деп ой қорытады [24, 258]. Аңыздық прозаның (миф, хикая, әңгіме, аңыз, әпсана-хикаят) Қазығұрт тауы, Жайық пен Еділ, Қара мерген, Жетіқарақшы, Жезтырнақ, Албасты, жалғыз көзді дәу жайындағы хикаялар т.б. әртүрлі үлгілері мен ертегілік прозаның (Мүшел, Хайуандардың жыл басына таласуы, Үркер, Алтын айдар, Үш қыз, Ер Төстік,
Аяз би т.б.) үлгілері қазақтың ауызша фольклорында маңызды орынға ие. Өйткені, қара сөз түріндегі фольклор өзінің көнелігі, ұшқырлығы, ғажайып сипаты жағынан поэзиялық үлгілерден кем емес, қайта көп жағдайда басым түсіп жатады [24, 3].
Ертедегі аңыз-әңгімелер мен мифтер адамзаттың балаң санасының жемісі екені айқын. Бүгінгі дәуір адамы үшін оның бәрі шындыққа жанаспайтын қиялдың жемісі боп есептелгенімен, ертедегі қазақ даласында үстем болған құндылықтар жүйесін танып білуде халықтық проза үлгілерінің таптырмас құрал бола алатынын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, сол дәуірдің адамдары оған қалтқысыз сенгені де жасырын емес. Себебі, аңыздық проза мен ертегілік проза үлгілері жалпыадамзаттық құндылық болып саналатын игіліктерді аңсаудан туындағаны белгілі. Әсіре бейнелеулер мен литоталық детальдардың көптеп ұшырасуы және үнемі жақсылық пен батырлықтың биік қойылуы осыны аңғартса керек. Мысалы,
Жануарлардың жыл басына таласуы атты ертегіде ең кішкентай жануар
- тышқанның бәрінен оқ бойы оза шығып, жыл басы атануы әсерлі баяндалады. Мұны халықтың әлсізге деген мейірімінің, тілектестігінің көрінісіне балауға әбден болады. Халықтың арман-аңсарынан туындаған осы секілді сюжеттік желілерді біз қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерінен жиі кездестіреміз. Мәселен, Аяз би ертегісін алайық. Аталған ертегінің идеялық жүгі ауыр. Адамзаттық құндылық болып есептелетін қарапайымдылықты ту еткен. Бас кейіпкердің әлеуметтік сатының ең төменгі деңгейінен ең жоғарғы дәрежесіне көтерілуі де тегін емес. Бас кейіпкер атының Жаман болуы және ертегінің ә дегеннен дүниедегі ең жаман үш нәрсені (шөп, құс, адам) іздеп жолға шығуы оқырманды елтіп әкетеді. Ақылымен елден асқан тұлға болуы ақыл құндылығын одан әрі биіктете түседі. Жаманның өз жарына: Атамыз Адам бейіштен қуылып, шығып бара жатқанда, тәңірі: Е, Адам, бейіш сенің үшін жаратылып еді, шайтанның азғыруымен шығып барасың, енді бейіштен қалағаныңды алып кет, - деген еді. Сонда Адам: Тәңірі! Сенің қандай затыңның қадірлі екенін қайдан білейін? - деген соң: Адамзатқа пайдалы үш затым бар, біреуі - қыдыр, біреуі - бақыт, біреуі - ақыл, осының бірін ал, - деген екен тәңірі. Сонда адам ақылды алыпты. Ақыл тұрмаған жерде біз де тұра

алмаймыз, - деп, қыдыр да, бақыт та ақылға табынған екен, - деп айтуында мән бар [25, 17]. Аяз би новеллалық ертегісінде тек қана қарапайымдылық пен ақыл, қанағат пен шүкіршілік мадақталып қоймайды, сонымен бірге адамзаттың жауы болып саналатын күншілдік, қызғаншақтық, надандық, тәкаппарлық пен ашкөздік сынды кесірлі ғадеттер сынға алынып, кішіпейілділік, парасаттылық пен қайырымдылыққа үлкен мән беріледі. Ертегінің соңғы түйінінде Жаманның баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының маңдайшасына іліп қойып, кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, ілулі тұрған жаман тымағы мен тонына қарап: Әй, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл! - деп көңіл басуында ізгі жолдан тайқымау идеясы айқын аңғарылады. Ертегі басындағы Жаманның хан сайланып, елдің басы болған кезде де Жақсы айдарын иемденбеуі атақ пен мансаптың адам қасиетінің көрсеткіші бола алмайтынының айғағы болса керек [25, 22]. Қазақ ертегілерінің, жалпы, халықтық прозаның қай үлгісі болсын, адамзатты ұшпаққа шығарған құндылықтарды ұлықтап, адамның дәрежесін хайуаннан да төменге түсіретін зиянды, кесапатты қылықтар мен ғадеттерден аулақ болуға үндейтіні жасырын емес. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Қазақтың халық прозасында халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесі, құндылықтар жүйесінің тұтасқан көрінісі анық аңғарылады. Біздің ауызша тараған халық прозасын қазақ әдебиетінің классикалық проза жанрының арғы атасы, бастау көзі деп айтуға толық құқымыз бар. Бұл бір жағынан, көшпелі дала мәдениетінің талабы болатын. Әдебиеттанушы С.Асылбекұлы өзінің Қазақ повесі деп аталатын зерттеу монографиясында қазақ прозасының архетиптеріне шолу жасай отырып мынадай пікір білдіреді: ...бұрынғы заманғы ертегішілер, әңгімешілер ең алғашқы халық прозашылары еді, олардың қазіргі әріптестерінен басты айырмашылықтары өз туындыларын ауызша шығаратындықтарында және сол туындылардың ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізілетіндігінде болатын [26, 10]. Көшпенділік мен отырықшылықтың екеуін де өмірінің өрнегіне айналдыра білген біртұтас қазақ этносының аталмыш ауызша әдеби мұралары ұлтты ұйыстырып, рухани бағдар ғана беріп қойған жоқ. Ауызша мұралар халықтың құқықтық, этикалық, әлеуметтік және эстетикалық, тіпті діни құндылықтарының да қалыптасуына негіз болды. Бұл өз кезегінде халықтың ойлау жүйесіне де айтарлықтай ықпал етті деуге негіз бар.

Қазақ прозасының қайнаркөздерінің бірі ретінде біз адамзаттың екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің мұраларын қарастырамыз. Өйткені, ол тек ойшыл-философ қана емес, сонымен бірге көркем сөздің шебері, белгілі ақын әрі әдебиеттанушы болғаны мәлім. Әл-Фарабидің Қайырымды қала тұрғындары деп аталатын философиялық-ғылыми трактатында көркем прозаның кейбір нышандары көрініс табады. Оның үстіне, бұл еңбегінде ғалым жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесіне сараптама жасап, мәдениет пен өркениет туралы ойларын ортаға салады. Бақытқа жетуге көмектесетін еркін әрекет - тамаша әрекет, - дейді әл-Фараби аталмыш еңбегінде, - Мұны туғызатын әдет-ғұрып - қайырымдылық. Қайырымдылық дегеніміз-оның өзі белгілеген, бірақ бақытқа жету мақсатынан туған жақсылық. Бақытқа жетуге бөгет жасайтын әрекет жаман әрекет немесе сұмпайы әрекет болмақ. Бұл әрекетті туғызатын әдет-ғұрып - кемшілік, кесепат, пасықтық [32, 38]. Әл-Фараби бұл ойын дамыта келіп: ...бір-біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нәрселердің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестіктері арқылы ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәрежесіне жете алады, - дейді де, адамзат қоғамдарын толық мәніндегі қоғамдар және толық емес мәндегі қоғамдар деп жіктейді [32, 44]. Әл-Фараби сонымен бірге кемелдікке ең алдымен қалалық мәдениет өкілдерінің жететінін жазады [32, 45]. Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тәуелсіздік кезеңіндегі прозаның қалыптасуы мен дамуы
Қазақ прозасының зерттелуі
Жазушы Қуандық Түменбайдың шығармашылығы
Қазіргі қазақ поэзиясының зерттелуі
Қазақ прозасы және тарихи тақырып
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы
қазіргі жастар тәрбиесінің гуманистік сипаты және ж.баласағұнның рухани құндылықтар жүйесімен үндестігі
Жазушының шығармаларынан ұлттық танымның ашылу ерекшелігіне зер салу
Жаяу қазақ - жартылай қазақ
Саяси процестер жүйесіндегі ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін зерттеу
Пәндер