Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   
4-ТАРАУ. ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТАНЫМ ӘДІСНАМАСЫ

4.1. Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері.

Кез-келген әдіснамалық мәселелерді шешу белгілі бір гносеологиялық
ұстанымдар негізінде қаралған бастапқы әдіснамалық тұжырымда жүзеге асады.
Адамның танымдық іс-әрекетінің жалпы заңдылықтарын, оның даму заңдарын
қалыптастыру философия ғылымының мәселесі. Білімді философиялық,
аксиологиялық түсіну философияға тән және ол ғылыми білім туралы
түсініктердің қалыптасуына шешуші ықпал етеді.
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері. Педагогика әдіснамасы
жалпы әдіснама ғылымы мен қоғам дамуының үдрісінн талдаудан туындайды,
теориялық талдау және синтез, сонымен қатар, педагогика, психология,
әлеуметтану, кибернетика және басқару теориясының зерттеу нәтижелерін,
қисынды жалпылау әдістерін қолданады. Педагогика әдіснамасы зерттеушінің
ғылыми жұмысына бағытталған басшылыққа қызмет етеді. Сонымен бірге,
педагогика әдіснамасының басты міндеттерінің бірі зерттеу жұмысын
әдіснамалық негіздеу болып табылады. Ғылымда әдіснамалық негіздің келесі
түрлерін бөліп қарастырады:
• ғылымның философиялық негізі (әлемнің философиялық бейнесі,
философиялық – дүниетанымдық, қисынды – гносеологиялық, құндылықты –
нормативті ұстанымдар, философияда құрастырылған теориялар мен
категориялар);
• теориялық негіз (ғылымның белгілі бір саласының тұжырымдамалық
идеялары);
• әдіснамалық негіз (зерттеудің әдіснамалық құрал-жабдығы, ғылымилық
идеалы мен нормалары);
• қисынды негіз (формалды және диалектикалық қисын заңдары, дәлел және
аргумент ережесі);
• эмпирикалық негіз (ғылыми айғақтар, эксперимент нәтижелері,
тәжірибелік-ізденушілік жұмыс).
Бұл негіздер біріккен түрде ғылыми зерттеудің теориялық-әдіснамалық
базасын құрады және оны негіздеу қызметін атқарады. Педагогика және білім
беру саласында философиялық негіздердің маңызы зор. Философиялық негізге
ғылыми ізденістің теориялық негіздері, педагогиканың тұжырымдамалық ойлары
мен ұстанымдары сүйенеді.
Әдіснамалық негізде автордың дүниетанымдық және зерттеушілік
тұжырымдамасы сипатталады, зерттеу құбылыстарын талдауға объективті, ғылыми
тұрғыдан келуді қамтамасыз етеді, сонымен қатар, білім беру теориясы мен
тәжірибесіне қажетті одан шығатын қорытынды мен ұсыныстар, алынған
нәтижелердің ғылыми құндылығы. Әдінамалық негізді тиімді анықтау үшін
әдіснамалық түсіндіру жүзеге асырылады. Зерттеушілер зерттеудің әдіснамалық
және теориялық негіздерін анықтау барысында педагогика әдіснамасы қорына,
педагогикалық ойларға, тұжырымдамалар мен теорияларға сүйенеді, олардың
зерттеу болжамы негізінде ғылыми теория құру мен педагогикалық дәлелдерді
ашу мен түсіндіру үшін қажетті және жеткілікті болып табылады.
Қазіргі уақытта педагогикалық зерттеулерге, білім жүйесі
мекемелеріндегі тәжірибелік –эксперименттік жұмысқа ерекше көңіл бөлінуде.
Зерттеуші–педагогтің, педагогикалық ұжымның, эксперименттік алаңдардың
ғылыми ізденісінің бағдарламалары мен әдістемелері жазылып даярлануда.
Нақты мәселенің зерттелу жұмысының тәжірибесі жинақталуда. Ғалымдардың
іргелі еңбектерінде (Л. В. Занков, Ю. К. Бабанский, М. Н. Скаткин, Я.
Скалкова, В. И. Загвязинский, В. И. Журавлев, В. М. Полонский және т.б.)
педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі кеңінен берілген.
Дегенмен, осы уақытқа дейін ХХ ғасырдың екінші жартысында жан-жақты
зерттелген, семинарларда талқыланғанмен де зерттеушінің әдіснамалық
мәдениетіне енетін біліктіліктің мазмұны нақтыланбаған. Ғылыми-
педагогикалық зерттеудің бағыттарын, тұжырымдамасын, әдістемесін анықтайтын
ұғымдық-түсініктік терминологиялық аппараты жеткілікті деңгейде
зерделенбеген.
Осы бағыттағы жетістіктерге қарамастан, бүгінгі күні жас зерттеушілер
де, тіпті тәжірибелі ғылыми қызметкерлер де зерттеудің ғылыми аппаратын
тұтасымен, сондай-ақ, оның жеке бөліктерін құрастыруда қиналатыны
байқалады. Әсіресе, зерттеудің әдіснамалық негіздерін анықтау мәселесіне
келгенде ізденушілердің көпшілігі бұның құрамына не кіретінін іздестіріп,
тек зерттеудің ғылыми аппаратын үлгілерден алып жазып қоюмен шектелетін
жәйттер де кездеседі. Ғылыми-зерттеу практикасында зерттеушілер осы
әдіснамалық негізді біз жасаймыз деген пікірде болады да, солай жазады да.
Ал шын мәнінде, зерттеуші зерттеудің әдіснамалық негізін тек анықтайды.
Демек, әдіснамалық негізді әдебиеттен қарастырып өз тақырыбының мәніне,
мазмұнына сай таңдап алады. Әдіснамалық негіздің құрылымына, біздің
пайымдауымызша, педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізінің алғашқы
құрамдас бөлігі өз зерттеу пәнінің – философиялық заңдар, ұғымдардың және
материалистік диалектиканың ұстанымдары мен әдістеріне қатысын ойластырады.
Әдіснамалық негіздердің келесі бөліктеріне әдіснамалық тұғырлар,
әдіснамалық ұстанымдар, зерттеудің тұжырымдамалық негізіне алынатын
зерттеудің логикасы (зерттеудің ғылыми аппараты, зерттеудің түсініктік
аппараты, зерттеудің өлшемдік аппараты) енеді. Әрине, зерттеудің
әдіснамалық тұғырлары мен ұстанымдары зерттеудің ғылыми аппаратының
құрамына да кіреді. Әдіснамалық тұғыр мен әдіснамалық ұстанымды бөліп
көрсету себебіміз ізденушінің назарын ерекше аудару мақсатында болып отыр.
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізі бағытындағы ізденістерде
зерттеудің логикасы, зерттеу әдістері, нәтижелері, зерттеу сапасын бағалау
мәселелері қарастырылып жүр. Ал енді әдіснамалық тұғырлар туралы білімдер
жиынтығы әдіснамашы ғалымдардың еңбектерінде, түрлі ғылыми басылымдар,
ғылыми-практикалық конференциялар, әдіснамалық семинарлар, интернет-
конференциялар, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар
материалдарында көрініс тапқан.
Әдіснамалық тұғырлардың құрылымы мен мазмұны Педагогика әдіснамасы
(2013 ж.) атты оқу құралында ашып көрсетілген. Зерттеудің әдіснамалық
негізін сызба түрінде жобаласақ, төмендегідей үлгі шығады (8-сурет.
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздерінің құрамы).
Сонымен, әдіснамалық тұғырлар дегеніміз – қайсыбір педагогикалық
мәселені зерттеудегі қолданылатын ұстанымдар, әдістер, тәсілдер жиынтығы.
Әдіснамалық ұстанымдар деп педагогикалық жүйелерді зерттей отырып,
өзгерткенде негізге алынатын қағидаларды айтады. Ғылыми-педагогикалық
зерттеуді ұйымдастыру ұстанымдары – жүргізілетін ғылыми зерттеулерге
қойылатын жалпы талаптар, жетекші идея, түпкі қағида. Ғылыми әдебиеттерде
жалпы ғылымилық ұстанымдар қатарына объективтілікті, ғылымилықты,
жүйелілікті, тарихилықты, сабақтастықты және т. б. жатқызады. Демек, тұғыр
ұстанымға қарағанда кең ұғым. Бұл тұғырлар мен ұстанымдар барлық ғылымға
тән. Сондықтан, педагогикада аталмыш тұғырлар мен ұстанымдарды зерттелетін
объектілердің мәніне сай қолданып, ізденушілер өз зерттеулерін
ұйымдастырады. Нақты тұғыр бірнеше ұстанымдар арқылы іске аспақ. Бұл ретте
әдіснама негізінен ғылыми әрекеттің логикасына қатысты түсіндіріледі.
Әдіснама – педагогика ғылымының жасалу зертханасы, сол әдіснама арқылы
зерттеудің қазіргі талапқа сай екендігі көрсетіледі және ғылыми
қызметкерлердің кәсіби деңгейі бағаланады. Зерттеушілерге біз 2007 жылы
Тұран баспасынан жарық көрген Введение в методологию и методику
педагогического исследования атты оқу құралындағы әдіснамалық тұғырлар,
әдіснамалық ұстанымдар, зерттеу логикасы, зерттеу әдістемесі туралы
мысалдармен тереңдетіле берілген әдіснамалық білім мазмұнын ұсынамыз.
Сонымен, зерттеудің әдіснамалық негізін анықтау үшін әдіснамалық
негіздеме жасау қажет. Оның мазмұнына: ізденушінің тұжырымдамасының
философиялық негіздері, педагогикалық мәселелерге сын көзқарас, зерттеу
тұжырымдамасының ғылыми негіздері (мәселені тарихи-логикалық талдау,
зерттеу пәнін диалектикалық жүйелі-құрылымдық талдау, оның сипаттамасын
тұтастық тұғырдан қарастыру, зерттелетін педагогикалық құбылыстың дамуының
негізі болатын жетекші қайшылықтарды анықтау, осы үрдіске тән заңды
байланыстарды ашу әдіснамасына сипаттама), осы педагогикалық тұжырымдама
негізіндегі түрлі ғылыми қағидаларды талдау енеді.
Осыдан біз педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздемесінің келесі
логикалық тізбесін-алгоритмін қарастырамыз:
• педагогикалық дәйектерді, құбылыстарды және үдерістерді зерттеуге
қажет нақты әдіснамалық тұғырларды анықтау;
• әдіснамалық ұстанымдарды нақтылау;
• зерттеу мәселелеріне тарихи-логикалық талдау жасау;
• зерттеу пәнін сипаттауға тұтастық тұғырды пайдалану.

8- сурет - Зерттеудің әдіснамалық негіздерінің құрамы
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізі оның теориялық базасымен
тығыз байланыста беріледі. Сондықтан да, бұл ретте педагогика әдіснамасының
педагогикалық теорияның негіздері мен құрылымы, педагогикалық болмысты
бейнелейтін білімдерді жасаудың ұстанымдары, тұғырлары және тәсілдері
туралы білімдер жүйесі, сондай-ақ, осындай білімдерді алу мен зерттеу
жұмысының бағдарламасын, логикасын және әдістерін, сапасын бағалауды
негіздеуге бағытталған әрекетінің жүйесі екендігі басшылыққа алынады.
Соңғы уақытта педагогикадан жазылған ғылыми еңбектердің сапасын
бағалауға арналған басылымдарда олардың әдіснамалық сараптамасына
сипаттамалар берілген. Ғалымдардың анықтауы бойынша, әдіснамалық
сараптамалар казіргі ғылыми тұжырымдамаларда қалыптасқан ғылымның даму
жағдайынан туындайтын, зерттеу жұмысының нысанасын, ғылыми ізденістің
негізгі бағыттарын, зерттеудің тірек ұстанымдарын белгілеуге мүмкіндік
туғызады. Сондықтан, әдіснамалық сараптама зерттеу мәселесінің өзектілігін,
оның тақырыбын, нысанасы мен пәні негіздеуде, яғни мамандығына сәйкес өз
зерттеуінің зерттеудің мәселелік кеңістігіндегі орнын табу кезеңінде
қажет. Бұл жағдайда әдіснамалық негіз зерттеу тақырыбының өзектілігін
негіздеудегі жауапкершілікті көтереді, яғни философиялық әдіснама,
педагогикалық әдіснаманың, сонымен қатар барлық зерттеу үрдісіндегі
зерттеудің міндеттері шешу ұстанымдарының, әдіснамалық тәсілдерінің өте
айқын емес көрінісі болып қалады. Келтірілген ойлардан кейін педагогикалық
зерттеудің әдіснамалық негізін құрастырудың қисынды тізбегі туындайды:
мәселенің өзектілігі – тақырып – нысана – пән – мақсат – болжам –міндеттер
– жетекші идея – әдіснамалық негіз.
Әдіснамалық негіз өзіне зерттеу құбылысын талдауға объективті ыңғай
тауып, одан шығатын білім берудің теориясы мен практикасына ұсыныстар мен
қортындылар жасап, алынған нәтиженің ғылыми құндылығы мен дәлелділігі
шынайы ғылыммен қамтамасыз ететін автордың зерттеу тұжырымдамасы мен
көзқарас сипаттамасын енгізеді.
Әдіснамалық негізді жеткілікті анықтау үшін әдістамалық дәлелдеу
жүргізіледі. Ю.К. Бабанскийдің пайымдауы бойынша, дидактикалық зерттеудің
әдістамалық дәлелденуі автордың тұжырымдамасының қоғамдық-саяси негізінен,
қабылданған педагогикалық мәселелерге сыни көзқарастан, зерттеу
тұжырымдамасының философиялық негізін ашудан (мәселені тарихи-қисынды
талдауы, зерттеу пәнінің диалектикалық жүйелі-құрылымдық талдау, оның
сипаттамасына тұтастай жақындау жолдары, осы аталған педагогикалық
құбылыстардың даму көзі болып табылатын жетекші қарама-қайшылықтарды
айқындау, зерттеліп жатқан педагогикалық құбылыстар мен үрдістерге қатысты
заңды байланыстарды айқындаудың әдістамалық сипаттамасынан), аталған
педагогикалық тұжырымдаманың (әлеуметтік, психологиялық, физиологиялық,
кибернетикалық және т. б. ) негізінде жатқан аралас ғылымдар деректерінен
тұруы керек, Осыдан барып, педагогикалык зерттеудің әдістнамалық дәлелілен
қисынды тізбек шығады: педагогикалық (тарихи-педагогикалық) факторға,
құбылыстар мен үдерістерді зерттеуге нақты әдіснамалық тәсілдерді анықтау
сияқты қорытынды шығады: әдіснамалық үрдістерді нақтылау; зерттеу
мәселесіне сыни көзқарас; зерттеу мәселесінің (генезисі және даму
эволюциясы) тарихи қисынды талдауы; зерттеу пәнінің жүйелі-құрылымдық
талдануы (зерттеу пәнінің ғылым мен білім беру жүйесіндегі орнын, маңызын,
құрылымын, мазмұнын
анықтау, яғни жүйелі тұғыр бұл бірлікті ғылымның өзі тұратын бөлшектері
мен элементтерді талдау арқылы, осы аталған байланыс жүйесінде олардың
атқарған кызметі мен элементтері (құрылымы) арасындағы байланысы
арқылы ашылады; зерттеу пәнінің сипаттамасына тұтастық тұғыр. Тұтастық
ұғымы жүйелі және жинақы ұғымдарымен тығыз байланысты. Тұтастық – нысананың
ортадан және оның ішкі бірлігінен бүтін шығуын көрсететін философиялық
тәртіптегі ұғым. Тұтастық нысананы өз бөлшектерінің өзара байланысы аркылы
құрылған жаңа қасиеттерді қамтамасыз етіп, зерттеу үдерісінің дамуын
көрсететін зерттеу құбылысының ішкі қайшылықтарын ашуды, олардың
жетістіктері мен заңдылықтарына сүйене отырып, зерттеу жүйесін
педагогикамен аралас ғылымдар көзқарасы бойынша қарастыруда, жүйені
басқаруда көптеген жан-жақты амалдармен қамтамасыз етеді.
Педагогикалық зерттеу үдерісінде айқындалған заңды байланыстар (яғни,
зерттеу құбылысындағы байланыстардың арнайы талдауы: әмбебап, заңды, себеп-
салдар, қызметтік) мүмкін нәтиженің жоғары жетістіктері негізінде
заңдылықтарды ескере отырып, жаңа жүйені дайындап шығару мүмкіндік
туғызады. Көп кездерде педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық негізі
теориялық негіз бен дерек көздерімен тығыз өзара байланысымен сипатталады.
Педагогикалық зерттеудің теориялық негіздері – педагогикалық факт,
педагогикалық теория, педагогикалық заңдылық. Теория – педагогикалық
құбылыстардың, кез-келген әдіснаманың негізі болады және сол әдістеменің
көмегімен табылған фактілер арқасында кеңейеді. Теория – таным үдерісінің
нәтижесі, ал әдіснама болса осы танымға жету мен оны құру тәсілі болып
табылады. Бұл – теориялық және практикалық ғылыми-танымдық іс-әрекетті
ұйымдастыру мен құрастырудың негізі мен тәсілдер жүйесі. Таным теориясы
тұтас танымдық іс-әрекет үдерісін және оның мазмұндық негізін зерттейді.
Әдіснама шынайы және практикалық түрде тиімді білімге жетудің әдістері мен
жолдарына көп көңіл бөледі, осы білімді дамытудың тәсілдерін іздестіреді.
Педагогикалық зерттеудің теориялық негізі туралы білім көптеген оқу
құралдарының Идея, жетекші ой және болжам зерттеудің теориялық ядросы
деген тармақшаларында беріліп жүр. Зерттеуші болашақтағы нәтижеге қол
жеткізу үшін қандай жолмен жүру керек, ненің көмегімен жоспарланған нәтиже
алынатынын тек болжам жасау арқылы пайымдай алады.Алдын ала жобалау
мақсатында магистрант әуелі өзінің санасында болжамды қалыптастырып алады.
Логикалық тұрғыдан қолданыстағы теория түсіндіріп бере алмайтын ғылыми
фактілерді талдаудан жетекші идеяға, одан кейін болжамға айналатын
объектіні қайта жаңартып құруға қажет жаңа ой жүйесіне қарай ұмтылысты
қозғалыс басталып, іске асырылады. Осыған орай ғылыми факт туралы мәселеге
оралу керек болады. Бірақ, факт құбылыс емес. Факт дегеніміз – көптеген
құбылыстардың және байланыстардың көрінісі. Демек, педагогикалық факт орта
жағдайлары мен тұлға дамуы факторлары арасындағы белгіленген көп рет
қайталанған және тіркелген байланыстарды атауға болады. Фактілердің
жиналуына қарай іске асырылуының жетекші идеясы бар жаңа теорияға
қажеттілік туындайды. Идеяның тууы және оның іске асуы болжам түріндегі
теориялық ядроны құрайды. Бастапқы фактілерді талдап және бағалап алғаннан
кейін нақты зерттеудің теориялық тұжырымдамасының негізгі қағидалары
бөлініп көрсетіледі. Бұндай теориялық тұжырымдаманың негізіне барынша
тексерілген, бірақ бұл зерттеуде тексерілмейтін қағидаттар алынады. Мысалы,
денсаулық мектебін құру немесе реабилитациялық-балалық орталығын құру
идеясы туралы сөз болғанда, ең жоғары адами құндылық ретіндегі денсаулық
жайлы бастапқы қағидалар алынады.
Енді осы бастапқы қағиданы бірнеше рет елегіштен өткізіп, қағиданың
келешекте керек, яғни өзімізге ұнайтын қалпын ойша елестетіп көру қажет.
Осы әрекеттің шарттары, тетіктері, құралдары іздестіріледі. Мұнда, қайта
жаңғыртып құру идеясы өмірге келеді. Сонымен, бастапқы ұстанымды жаңарту
тізбегі былайша көрініс табады: бастапқы факт (объектінің өзекті хал-жайы)
– негізі теориялық қағидалар (тұжырымдамалық платформа) – идея – құралдар –
ой – болжам (идеяны, ойдша жүзеге асыру) – жаңа қажет факт (объектінің
қажет, ұнамды жай-күйі). Әрине, бұл сатылар баламалы, басқаша да құрылуы
мүмкін. Зерттеуші үнемі теориялық және эмпирикалық талдауға қайта-қайта
оралып отырады. Осының ішінде ең бастысы – болжам. Егер ол
зерттелетінбайланыстардың, олардың ішкі байланыстарын қамтыса, онда болжам
теориялық сипатқа ие болады. Айталық, дидактикада және педагогикалық
психологияда соңғы жылдары ұстанымдық деңгейде жаңа болжамдар жасалды:
оқытудағы теориялық жалпылаудың жетекші рөлі (Д.Б. Эльконин,
В.В. Давыдов), мектепте адами мәдениеттің барлық элементтерін меңгеру
қажеттігі (И.Я. Лернер) туралы болжамдар.
Ал тәрбие теориясы мен әдістемесінде жаңа болжамдар жасау күрделірек.
Бұл жерде бұрынғы болжамдардың жаңа негізде қайта жасалуы турасында айтуға
болады. Мысалы, тәрбие жүйесі ретіндегі ұжым (Л.И. Новикова, В.А.
Караковский және т.б.), жеке тұлға тәрбиесінің құралы ұжымдық шығармашылық
әрекет (И.П. Иванов және т.б.), мектеп пен ортаның бірлігін талап ететін
кең көлемді әлеуметтік (Л.И. Новикова, В.Г. Бочарова және т.б.).
Сонымен, зерттеудің теориялық платформасыны құрамына ұғымдық-
терминологиялық жүйе, теориялар (зерттелетін мәселенің теориясы),
тұжырымдамалар, ұстанымдар, тұғырлар және т.б. енеді.

Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Ғылымдағы әдіснамалық негіздің түрлерін сипаттаңыз.
2. Ғылыми-зерттеу практикасында зерттеушілер “осы әдіснамалық негізді
біз жасаймыз” деген пікірге өз көзқарасыңызды білдіріңіз.
3. Зерттеудің әдінамалық негіздерін тиімді анықтау алгоритмін сызба
түрінде көрсетіңіз.
4. Зерттеудің теориялық негіздерінің құрамын сипаттаңыз.
5. Өз зерттеуіңіздің әдіснамалық және теориялық негіздері туралы
ойыңызды жүйелеңіз.

4.2. Педагогикалық зерттеудің логикасы және ғылыми аппараты

Зерттеудің логикасы педагогикалық зерттеу тақырыбының көкейкестілігін
негіздеуден басталады. Педагогикалық зерттеудің ғылыми аппаратына кіріспе
бөлім ретінде енетін оның тақырыбының көкейкестілігінің негіздемесі 2-3 бет
көлеміндегі мәтіннен тұрады. Негіздеме мазмұнының анық құрылымы бар.
Негіздеменің құрылымындағы кілтті түсініктерді ойлана отырып талдағанда,
негіздемеде зерттеу тақырыбына қатысты әлемнің және Қазақстанның білім беру
жүйесінің жалпы сипаттамасын, зерттеу мәселесінің зерделену дәрежесін,
практикадағы осы мәселелерді шешу деңгейлерін, мәселенің негізіндегі қарама-
қайшылықтарды, сондай-ақ, зерттеу тақырыбының өзін нақты көруге болады.
Зерттеу тақырыбының көкейкестілігі ғылым мен практикада оның
нәтижелерін пайдаланушылардың қажеттілігінің маңызды сипаттамасы болып
табылады. ХХ ғасырдың 70-жылдары КСРО Педагогика Ғылымдары академиясында
ғылым мен практиканың өзекті мәселелерін қамтитын зерттеулерді ұйымдастыру
мақсатында Үйлестіру кеңесі өз қызметін жасады.
Зерттеудің көкейкестілігін ғылыми қауымдастық бұрын зерделенбеген (“ақ
таңдақтар”) тақырып бойынша орындалғанда ғана мойындайды. 70-90 жылдары
зерттеу тақырыбының өзектілігінің басты белгісі оның ізденуші қызмет ететін
мекеменің (ұйымның) ғылыми-зерттеу жұмысының жоспарына немесе ғылыми-
зерттеу жұмысының мемлекеттік жоспарына енгізілуі еді. 2003-2005 жылдары Ы.
Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында педагогика саласындағы
зерттеулер тақырыбына елеулі өзгерістер жасаумен. Ғылыми-әдістемелік
үйлестіру орталығы айналысты. Бірақ, әртүрлі ғылыми бағыттардың аясындағы,
сондай-ақ кейбір ғылыми жетекшілердің тақырыптағы өзгеріспен
келіспеушілігінен білім беру жүйесін жаңартудың көкейкесті мәселелері
бойынша ғылыми мектептер құру идеясын әрі қарай іске асыру мүмкін болмай,
ақырында Ғылыми-әдістемелік үйлестіру орталығы таратылды. Өкінішке орай,
тақырыптардың қайталануы, кішігірім тақырыптардың орын алуы, бір ғалымның
әртүрлі тақырыптарға жетекшілік етуі қажетті мәселелерді терең ойластыруға
кері әсерін тигізіп отырғаны баршамызға мәлім. Сондықтан да, қазіргі
уақытта тақырыптың ғылыми-зерттеу жұмысының жоспарына тән болу белгісі
өзінің өзектілігін жойды деуге болады. Мысалы, 2006 жылы майда Міржақып
Дулатовтың педагогикалық идеяларын жүйелеуге арналған екі диссертация
қорғалды (Алматы, Шымкент). Бұл жұмыстардың деңгейлері жоғары. Әрине, біз
бір тақырыптың өзін әртүрлі әдіснамалық тұғырлар тұрғысынан зерттеуге
болатынын жоққа шығармаймыз. Дегенмен екеуінің дерекнама базасы ортақ
болғандықтан, ізденушілердің ұқсас қорытындыларға келуі ықтимал.
Зерттеу тақырыбының негіздемесін ашып көрсететін “көкейкестілік”,
“зерттеудің көкейкестілігі”, “зерттеудің көкейкестілігін бағалаудың
өлшемдері”, “көкейкестілікті анықтайтын әдістер” және т. б. түсініктер бар.
Көкейкесті деген сөз: 1) осы сәтке өте маңызды; көкейкесті тақырып; 2)
“Болмыста көрініс табатын, өмір сүруші” деген мағынаны білдіреді.
Педагогикалық әдебиетте зерттеудің көкейкестілігі – ғылыми
зерттеулердің сапасын бағалау өлшемі. Ол қазіргі уақыттағы ғылым және
практиканың ұсыныстары мен ғылыми идеяларға, практикалық нұсқауларға деген
сұраныс арасындағы алшақтық дәрежесін көрсетеді. Көкейкестілік өлшемі оқыту
және тәрбиелеудің теориясы мен практикасын ары қарай дамыту мәселесін
зерделеп, шешудің қажеттігі мен уақытысын нұсқайды, қоғамдық қажеттіліктер
мен оны қанағаттандыратын құралдар арасындағы қайшылықтарды сипаттайды.
Әдіснамашылар ғылыми бағыттың өзектілігін дәлелдемелердің күрделі жүйесіне
мұқтаж емес деп есептейді. Ғылымтануда бағыт – даму жолы; ғылыми ағым,
топ, ғылыми мектеп; ортақ мақсатпен, дүниетанымының бірлігімен, зерттеу
әдісімен біріккен жұмыстар тобы. Ғылымтанушылардың пікірінше, ғылыми
бағыттың құрылымдық бірліктеріне кешенді мәселелері: тақырыптар және ғылыми
сұрақтар жатады. Кешенді мәселе – бір мақсаттағы мәселелер жиынтығы; мәселе
– қоғамда шешімін табу қажеттілігі бар сәйкессіздіктен туындаған, күрделі
теориялық және практикалық міндеттер жиынтығы.
Негізінен алдымен сәйкессіздік, содан соң мәселе анықталады, ал
мәселеге жауап ретінде тақырып құрастырылады. Зерттеу тақырыбында мәселені
шешуге мүмкіндік жасайтын жаңа білім көрініс табады. Зерттеу тақырыбы, оның
өзектілігі, мәселесі өзара тығыз байланысты (1-кесте қараңыз).
“Негіздеме” сөзінің өзі ғылымда “негіз”, “негізділігі” деген
түсініктермен қатар қолданылады. “Негіздер” – бір нәрсенің бастапқы,
негізгі қағидалары, “негізділігі” – белгілі бір құбылыстарды жіктеуде қажет
болатын мәнді белгі, немесе – негізділігі дегеніміз – бір нәрсені негіздеу,
дәйек, терең ғылыми негіздеме.

1-кесте. Зерттеудің тақырыбының, өзектілігінің және мәселесінің
өзара байланысы

Зерттеу тақырыбы Зерттеудің Зерттеудің мәселесі
өзектілігі
Мәселені шешуге Жаңа мазмұнға, жаңа • зерттеу нәтижесінде жаңа білім
бағытталған жаңа нормаға немесе алу арқылы қазіргі нормаларға
білім әрекеттің жаңа қажеттіліктер сәйкестендіріледі,
тәсіліне • экспериментте сынақтан өткен,
қажеттілікті практикаға ендірілген әрекет
негіздейді. тәсілі арқылы қазіргі нормалар мен
қажеттіліктер сәйкестендіріледі,
• зерттеуде алынған жаңа білім,
жаңа әрекет тәсілі арқылы қазіргі
норма мен әрекет тәсілі арасындағы
сәйкессіздік көрінеді.

Сәйкессіздіктің үш типі зерттеу өзектілігінен орын алады.

Ғалымдар тақырыптың көкейкестілігін негіздеуге ерекше көңіл аударады
және тақырыптың ғылыми және практикалық көкейкестілігін бөліп қарастырады.
Олардың пайымдауынша, тақырыпты зерделеу практиканың мағыналы сұраныстарына
жауап береді, ал алынған нәтижелер ғылымдағы “ақ таңдақтардың” орнын
толтырады. Дегенмен, өзекті тақырыпқа орындалған зерттеу шынайы жаңа ғылыми
нәтижелердің алынғанының кепілі бола алмайды. Ғалымдардың пікірінше,
тақырып бойынша зерттеу жүргізу барысында алынған нәтижелер өзекті болмауы
да мүмкін, әсіресе, бұл ретте жетілдірілген әдістеме қолданылып, түпнұсқалы
эксперимент қойылса, ақпараттың соңғы жаңа ағымы пайдаланылса да, нәтиже
өзекті болмауы мүмкін.
Демек, зерттеудің көкейкестілігін одан ары ойластыру қажет. Бұл
жағдайда біз В. М. Полонскийдің тұжырымдамасының бағытын ұстанамыз. Ғалым
ғылыми зерттеудің бұл бөлігіне мынандай анықтама береді: Зерттеудің
көкейкестілігі – ғылыми идеялар мен практикалық ұсыныстарға (белгілі бір
қажеттілікті қанағаттандыру үшін) сұраныс пен қазіргі уақыттағы ғылым мен
практиканың бере алатын тұжырымдары арасындағы алшақтық дәрежесін
сипаттайтын ғылыми зерттеулер сапасын бағалау өлшемі. Оның тұжырымдауынша,
көкейкестілік өлшемі үнемі қозғалыста, дамиды, уақытқа, нақты шарттар мен
айрықша жағдайларға тәуелді болып келеді. Тақырып бүгін көкейкесті, ертең
ол соншалықты өзектілігін жоғалтып алуы мүмкін, ауыл мектебі үшін маңызды
мәселе қала мектебі үшін қатардағы сұраққа жатуы да ықтимал; педагогикалық
қызметін жаңа бастаған мұғалімді ойландыратын мәселелер тәжірибелі, жоғары
білікті педагогқа мәнді болмай шығуы да заңды. Көкейкесті зерттеулер
халыққа білім беру жүйесінің даму деңгейімен, еліміздің экономикасымен,
оның ғылыми әлеуетімен, осы тарихи сәтте алға қойылатын және шешілетін
міндеттермен тығыз байланысты. Ғалым В.М. Полонский ғылыми айналымға
зерттеулердің көкейкестілігін бағалау өлшемі түсінігін ендірді.
Зерттеулердің көкейкестілігін бағалау өлшемі – ғылыми-педагогикалық
зерттеулердің жоспарланған немесе алынған белгілілер тізімі.
Диссертациялық зерттеу көкейкестілігінің параметрі білім беру теориясы
мен практикасын дамыту үшін зерттелетін мәселенің шешімінің қажеттілігі мен
дер кезінде орындалуын көрсетеді, қоғамдық қажеттіліктер (ғылыми идеялар
мен практикалық ұсыныстар) мен оларды қанағаттандыру мақсатында бүгінгі
күні ғылым мен практиканың ұсынатын құралдары арасындағы қайшылықты
сипаттайды. Іргелі зерттеулердің көкейкестілігін бағалау өлшемдеріне
тақырыптың теориялық маңыздылығы, мәселенің ғылымда зерделену дәрежесі,
күтілетін нәтиженің осы саладағы теориялық пайымдауларға сәйкестігі жатады.
Қолданбалы зерттеудің көкейкестілігінің өлшемдері: тақырыптың зерттелуіне
практикалық қажеттілік, мәселенің практикадағы шешімі, нәтижені ендіруден
күтілетін әлеуметтік және экономикалық тиімділік. Зерттеу тақырыбының
өзектілігін бағалау мәселесімен айналысатындардан өзгеше тақырыпты
негіздеудің логикасын белгілі әдіснамашы В. В. Краевский ұсынды (9-сурет).

9-сурет. Зерттеу тақырыбының көкейкестілігін негіздеудің логикалық
тізбегі

Іргелі зерттеулердің көкейкестілігін бағалау өлшемдеріне: тақырыптың
теориялық маңыздылығы, мәселенің ғылымда зерделену дәрежесі, күтілетін
нәтиженің осы саладағы теориялық пайымдауларға сәйкестігі жатады.
Қолданбалы зерттеудің көкейкестілігінің өлшемдері: тақырыптың зерттелуіне
практикалық қажеттілік, мәселенің практикадағы шешімі, нәтижені ендіруден
күтілетін әлеуметтік және экономикалық тиімділік.
Сонымен, зерттеу тақырыбының көкейкестілігінің құрамында
өзектендірудің келесі әрекеттері көрініс табады: объективті дүниенің жүйесі
ретіндегі зерттеу нысанасын бөліп көрсету; сәйкессіздіктерді, қарама-
қайшылықтарды, мәселелерді айқындау; зерттеу тақырыбын нақтылау, зерттеу
көкейкестілігін анықтау.
Зерттеу тақырыбының көкейкестілігі: объективтік дүние жүйесі ретінде
зерттеудің объектісін анықтау; зерттеудің пәнін тұрақтату; мәселені,
қайшылықты, келіспеушілікті құрылымдау; зерттеудің тақырыбын нақтылау;
зерттеу көкейкестілігін негіздеу. Зерттеу үдерісі: зерттеу болжамы;
зерттеу мақсаты; зерттеу міндеттері; зерттеу әдістері; мазмұны;
зерттеудің құрылымы; зерттеу нәтижелері; зерттеудің ғылыми жаңалығы;
зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы; сараптама.
Зерттеу тақырыбындағы мәселе шешімі қалтқысыз табылуы қажет, өте
күрделі де қоғамдық маңызға ие болған мәселелермен ұштасқан әлеуметтік
тапсырыс нақты тақырыптың негіздемесін талап етеді. Зерттеу тақырыбын
құрастыра отырып, біз мынадай сұраққа жауап береміз: келешекте айналысатын
мәселеміз қалай аталады? тақырыпта бұрынғы білімнен жаңа білімге қарай
қандай қозғалыс көрініс табады, яғни, бір жағынан тақырып қандай кең
ұғымдармен және мәселелермен сәйкестендіріледі, ал басқа жағынан – қандай
жаңа танымдық және практикалық материалды меңгеру жоспарланған еді?
Тақырыпты дұрыс таңдау көп жағдайда оның орындалу сапасы мен нәтижесін
анықтайды. Зерттеудің кез келген тақырыбы белгілі бір ғылыми бағытта
орындалады. Ғылыми бағыт негізінде ғылым немесе ғылым кешені түсіндіріледі,
техникалық, биологиялық, тарихи, педагогикалық және т. б. салаларда зерттеу
жүргізіледі. Зерттеудің ғылыми аппараты мен логикасының құрылымы:
– зерттеушінің алғашқы қадамы – зерттеудің нысаналық саласын таңдау, яғни
шешімін табуға тиісті маңызды мәселелер жинақталған болмыс саласын таңдау
(біздің мысалымызда педагогикалық зерттеулер). Зерттеу нысанасын таңдау
мынандай себептерге байланысты жүргізіледі: оның маңыздылығы, шешілмеген
мәселелердің болуы, жаңалығы және өміршеңдігі. Сондай-ақ, зерттеу нысанасын
таңдауға ықпал ететін субъективтік себептер де бар: зерттеушінің білімі,
өмірлік және кәсіби тәжірибесі, икемділігі, қызығушылығы, зерттеу
нысанасының практикалық әрекеттің бағыттарымен, ғылыми ұжыммен, ғылыми
жетекшімен байланысы;
– келесі қадам – зерттеудің тақырыбы мен мәселесін анықтау. Тақырып
мәселені қамтуы керек, кезекті тақырыпты анықтау мен нақтылауда зерттеу
мәселесін көрсету қажет. Мәселе – бұл белгіліден белгісізге, нақты білім
туралы білім іздеуге көпір. Мәселені шешу сұраққа жауаптан былайша
ажыратылады: мәселе қазіргі бар білімде орын алмайды және ғылыми ақпаратты
қайта жаңарта құрумен алынбайды. Мәселенің мәні - анықталған дәйектер мен
оларды теориялық ойластыру арасындағы, дәйектерді түрліше түсіндіру
арасындағы қайшылықтарды ашу. Кез келген ғылыми мәселеде мәселелерді
қанағаттанарлық тұрғыдан шешудің жолдарын, құралдары мен әдістерін білмеу
арасындағы қайшылықты туындатпау өзекті бола түспеген. Мәселенің көздері
педагогикалық практикадағы қиындықтар, шешілмеген жағдаяттар болып
табылады.
Ғылыми зерттеудің тақырыбы анықталған мәселенің құрамдас бөлігі болып
табылады және көптеген сұрақтардың шешімін табу үшін зерттеу қисыны
анықталады. Ғылыми мәселе ғылымның дамуы мен практиканың жағдайының
арасындағы қайшылықтарды талдау негізінде қалыпқа түсіріледі. Ғылыми
мәселелер қарастырылатын жеке тақырыптардың мақсатын, нысаналары мен
зерттеудің соңғы нәтижесін жалпы түрде анықтайды. Тақырып ғылыми зерттеуде
белгілі мәселенің құрамды бөлігі болып табылады, біршама сұрақтарды шешуге
арналады. Ғылыми мәселе қайшылықты талдау арқылы ғылым мен практика
аясында құрылады: ғылыми және диссертациялық жұмыстың тақырыбын дұрыс
таңдауда сол зерттеген мәселеге байланысты барлық әдебиеттерді,
диссертацияларды, авторефераттарды оқып, шетел әдебиеттерімен танысып,
зерделеуге тура келеді; анықталған ғылыми мәселе ғылыми зерттеудің нақты
тақырыбында өз көрінісін табады; тақырыпты таңдаудың басты кезеңі
тақырыптың негіздемесі түріндегі құжатта көрініс табады; жұмыстың атауы
қойылатын мәселенің мазмұнынан және соңғы нәтижеден құрылады және зерттеу
объектісінен көрінеді; зерттеу көздерін оқу және ой елегінен өткізу қажет.
Ғылыми жұмыстың тақырып мазмұнына байланысты маңызды мына сұрақтарға
жауап беру қажет: Зерттеу тақырыбыңыз? Не зерттеледі? Не үшін зерттеледі?
Зерттеудің тақырыбы нені көрсетеді? Мына ұғымдардың айырмашылығын
түсіндіріңіз: мәселе, сұрақ, аспекті, мәселелік жағдаят. Зерттеушілер үшін
мәтінсөзді конспектілеп ой елегінен өткізу керек. Зерттеу тақырыбыңыздың
дұрыс таңдалғанын келесі матрица көмегімен тексеріңіз: тақырыптың ғылыми
бағытқа сәйкестілігі; әлеуметтік сұраныстың жасалуына, тақырыптың ғылым
мен практика сұранысына бағыттылығы; тақырыпты құруға негіз болған
мәселелер; зерттеу тақырыбындағы нысана мен пәннің ашықтығы; зерттеу
тақырыбының соңғы нәтижеге тұрақтауы.
Сонымен, зерттеу тақырыбы зерттеу мәселесінің белгілі бір қырларының,
яғни аспектілерінің анық, қысқа берілуін талап етеді. Тақырып сол қоғамның
объективті талаптарына, сұраныстарына жауап бере алатындай болуы керек.
Ғылыми немесе диссертациялық жұмыстың тақырыбын таңдау үшін басты
көрсеткіштер мыналар:
– зерттеу сұрақтары бойынша әдебиеттер мен тәжірибелік көрсеткіштермен
танысу;
– осы мәселе бойынша қорғалған диссертациялар тізімін қарау және олардың
республикалық және шет елдік кітапханалардағы сақталған авторефераттарын
оқып-зерттеу;
– ғылымның басқа да саласындағы соңғы зерттеу жұмысының нәтижелерімен
танысу;
– зерттеу жұмыстарында пайдаланылатын әдістермен танысып, оларға өз бағасын
беру;
– жинақталған материалдарды талдау және қорытындылау;
– зерттеу тақырыбы, оның өзектілігі, мақсаты мен болжамы, нәтижесі бойынша
жетекшісінен немесе осы салада зерттеу жұмысымен айналысатын мамандардан
кеңес алу;
– педагогика ғылымының дамуы қажеттілігіне және практикасына деген
сұраныстарға негізделініп дайындалатын ғылыми мәселелердің өзектілігіне
тиянақты, жүйелі талдау жүргізу керек.
Мәселені таңдау оқу-тәрбие жұмысына қажеттілігіне, адам тәрбиелеудегі
қоғамның перспективалық талабына, педагогика ғылымының жалпы және жеке
салаларының дамуына және зерттелмеген тың мәселелерді ескеруге байланысты.
Ғылым саласында және жеке зерттеулерде де, келешекпен сабақтастық
заңдылықтары сақталуы тиіс. Мәселені анықтау зерттеу логикасын іске
асырады. Зерттелетін мәселе нәтижелі болу үшін педагогикада және онымен
шектес ғылым салаларында зерттелетін мәселе белгілі деңгейде зерттелген
болуы тиіс. Практика мен өмірдің қажеттілігін, бұрынғы зерттеушілердің
зерттеулерін талдау, нақты зерттеу мақсатын қою, мәселені анықтауға
көмектеседі. Мәселенің құндылығын практика анықтайды.
Мәселе – ғылым мен практикадағы сәйкессіздік туралы нақты білім,
шешімін табуды керек ететін сұрақтарға жауап іздеу бағыты. Айқындалған
ғылыми мәселе өзінің көрінісін нақты бір ғылыми тақырыптан табады.
Тақырыпты таңдау үдерісінің негізгі сатылары тақырыптың өзектілігін
дәлелдеу барысында көрінеді. Зерттеу тақырыбын дәлелдеу жорамалданған
зерттеудің ғылыми дәлелді өзектілігінен тұрады, сонымен қатар мынадай жалпы
қисынды – мазмұндық алгоритммен қарастырылады: мәселенің маңыздылығы –
әлеуметтік сұраныс – тәжірибенің сұранысы – ғылымның сұранысы – мәселенің
зерттеліп, дайындалуы – зерттеу идеясы – зерттеу стратегиясы – зерттеу
тактикасы.
Жұмыстың тақырыбы оның негізгі мәселесінің мазмұнын көрсетеді және
онда соңғы нәтижелер мен зерттеу нысанасы көрініс табады. Зерттеу тақырыбы
айқындығы, нақтылығы, сыйымдылығы, ықшамдылығы, құрылымдылығы
(байланыстылығы мен тақырыптылығы, яғни бірлік және мазмұндық тұтастығы),
мәнерлілігіне сай талаптар негізінде құрастырылады. Зерттеу тақырыбының
(бөлімдері, параграфтары) мазмұнына және алынған тақырыпқа сай келмеуі
ғылыми қателік болып есептелінеді. Тақырып өз сипаттамасында зерттеуші
ізденісінің соңғы нәтижесін көрсетіп тұруы керек.
Зерттеу нысанасы – адамның әлеуметтік субъект ретіндегі объективті
және теориялық қызметінің бөлігі. Зерттеу пәні анық бір мақсатпен белгілі
жағдайдағы зерттеу үдерісінде нысананың адамға қатысты жанама қасиеттерінің
жиынтығы мен нысананың байланысын зерттеу нысанасының элементі болып
табылады. Соңғы нәтижеге жету жолдары зерттеудің негізгі пәніне жататын
нақты пайда күтілетін, жорамалдап айтылған нұсқаулардан тұрады.
Тақырып нақтыланып құрылымданған соң, зерттеу нысанасын таңдау кезегі
келеді. Нысанаға педагогикалық үдеріс, педагогикалық болмыстың бір саласы
немесе қайшылықтарымен көрінген қандай да педагогикалық қатынас алынуы
мүмкін. Танымдық үдеріс баспалдағының бірі – нысананы белгілеу. Зерттеу
пәні – нысана бөлшегі, бір тарапты, яғни бұл түбегейлі зерттеуді қажет
еткен нысананың теориялық не практикалық тұрғыдан өте маңызды
сапа–қасиеттері, қырлары мен сырлары.
Педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізудің маңызды шарты –
оның нысанасы мен пәнін белгілеп алу, өйткені бұл оның өмірде жасалуының
көрсеткіші, зерттеушінің нысананың мәнін терең зерттеуі мен зерттеу
үдерісінде алға жылжуының деңгейі. Көбінесе ізденушілер зерттеу нысанасын
оның базасымен немесе барлық элементі бұл жұмыста зерттеуді қажет етпейтін
айтарлықтай кең саламен ауыстырып алып жатады.
Көптеген ғалымдардың пікірінше (В.В.Краевский, С.Я.Виленский),
зерттеудің нысанасы мен пәнін тұжырымдау ғылыми аппараты мен логикасы
белгілі бір жүйеге сәйкес іске асырылады. Зерттеудің нысанасын айқындау
ғылымға педагогикалық шындықтың түрлілігін ескеруге, нақты соңғы нәтижеге
бағытталуға, нысананың негізгі қырларын бөліп алуға, бірден дұрыс бағыт
алуға көмектеседі. Бұл - зерттеудегі өте маңызды қадам, өйткені күш-қуатты
үнемдеуге, өз ғылыми-зерттеу қызметінің өзекті сәттеріне ой-өрісін
шоғырландыруға мүмкіндік туады. Сонда нысана зерттеуге қажетті ақпаратты
іздеу көзі, ғылыми ізденіс өрісі ретінде қызмет атқарады.
Зерттеу объектісі – іздену аймағы. Мұндай объектілерге педагогикалық
жүйе, құбылыс, үдеріс (тәрбиелеу, білім беру, даму, жеке тұлғаны
қалыптастыру, ұжым) жатады. Зерттеу пәні – зерттеліп отырған құбылыстың
таралу үдерісі, элементі, байланысы, қатынастардың жиынтығы. Нысан мен
пәнді анықтауда педагогикалық-психологиялық зерттеулерде қиындықтар жиі
туады. Зерттеу объектісін анықтау дегеніміз – зерттеуде ненің қарастырылып
жатқанын білу. Дегенмен, объекті туралы жаңа білімді барлық қырлары және
көріністері тұрғысынан алу мүмкін емес, сондықтан, зерттеудің пәнін анықтау
қажет, яғни объектінің қалай қарастырылып, ондағы қандай қатынастардың
болатынын оның қандай қасиеттер, қырлар, қызметтерді ашып көрсететінін
белгілеу болып есептеледі.
Пән – нысанадан кесіп алынған бөлік емес, ол қарастырудың тәсілі
немесе аспектісі, мысалы, оқулық, ғылыми негіздеме, тұлғалық тәжірибе
қалыптастыру және т. б. Объектіні барлығы иемденеді, ал пән зерттеушінің
жеке иелігінде, оның объектіні өзіндік көре білуі маңызды. Ол мақсатты
түрде зерттеу пәнін қарастырады, объектінің жаңа білім алуға қажетті
бөлігін бөліп қарастырады. Зерттеушінің, оның балаларының, немерелері мен
шөберелерінің бүкіл өмірі, мысалы, мектеп оқулығы туралы жаңа білім алуға
жетпеген болар еді. Өйткені оқулық туралы толық жаңа білім, яғни оқулықтың
мүмкін болатын қызметтері оның әдістемелік, дидактикалық, тәрбиелік,
эстетикалық, психологиялық, полиграфиялық, экономикалық, гигиеналық, және
т. б. барлық қырларынан қарастырылуы мүмкін емес. Тағы бұны барлық пәндерге
және оқудың барлық жолдарына қатысты қарастыру қажет. Мұндай жұмысқа бір
адамның күші жетпейді. Тіпті оған үлкен ғылыми ұжым да үлгермейді, себебі
ол шексіз. Пәнді анықтай отырып, біз соңғы нәтижеге (осы кезеңдегі)
жетуге мүмкіндік аламыз.
Осындай жұмыстың бірінде мектеп оқулығы студенттер білімін жүйелеу
құралы, екінші бір жұмыста студенттерінің ақыл-ойының даму құралы есебінде
қарастырылады. Сонымен, кез келген оқулық туралы барлық білімдер пәннің
айналасына топтастырылады, нысананы пәнде көрсетілген қырынан ғана
қарастырады. Зерттеу пәнін жазып көрсету – нысананың ғылымдағы бар
сипаттамасы мен міндеттерді есепке алудың нәтижесі ретінде көрініс табады.
Зерттеудің нысаны мен пәнін анықтаудағы келесі қадам – оның ғылыми
аппаратының кез келген құрамдас бөлігін түсіну арқылы алынатын ғылыми
білімге қатынасын айқындау, мұнда пән жаңа білім алынуға тиісті зерттеу
нысанының аспектісін көрсететінін естен шығармау керек. Зерттеу нысаны мен
пәнін әдіснамалық рефлексия тұрғысынан қарайтын болсақ, зерттеу нысанын
айқындай отырып, не қарастырылады? деген сұраққа жауап беру қажет. Ал пән
қарастырылатын аспектіні білдіреді, нысанның қалай зерттелетіні, оның
қандай қасиеттері, қызметі мен қандай қатынастары зерделенетіні туралы
түсінік береді. Пәннің дәл анықтамасы ізденушіге нысана туралы барлық
жаңалықты қамтуға мүмкіндік береді.
Ғалымдардың пайымдауынша, зерттеу пәнінің анықтамасы ғылымда бар
нысананың эмпирикалық сипаттамасы, басқа да зерттеу сипаттамалары туралы
барлық мүмкіндіктерді, міндеттерді ескерудің нәтижесі деген сөз. Мысалы,
оқыту барысында оқу материалын өзгерту нысанасының пәні: мектеп оқулығының
мазмұнын құрайтын оқу материалын дидактикалық тиімділік тұрғысынан өзгерту
тұғырлары. Нысана бұл жерде: оқу материалын түгелдей өзгерту емес, өзгерту
тұғырымен шектеледі; кез келген оқу материалын емес, оқулықтың мазмұнының
құрамдас бөліктерін; белгілі бір тәсілмен, белгілі бір шеңберде өзгерту
туралы.
Әдіснамашылардың зерттеу нысаны мен пәнін анықтау туралы ғылыми
жұмыстарының нәтижелерін түйіндей отырып, ғылыми аппараттың осындай
құрамдас бөліктерін тұжырымдауда кандай қиындықтар мен қателіктерге
кезігетінін анықтадық, педагогикалық зерттеу пәні мен нысанының әдіснамалық
сипаттамасы туралы бағдар-талаптар белгіледік.
Ізденушіге төмендегілерді есте ұстау қажет:
–нысана шексіз кең түрде емес, объективті шынайылық шеңберінде аталуы
тиіс;
–нысана кұрамына маңызды элемент ретінде пән кіруі тиіс, ол нысананың
басқа құрамдас бөліктерімен тікелей байланыста болуы керек;
–нысана белгілі бір білімдер жүйесі арқылы көрінетін педагогикалық
шынайылықты сипаттауы керек. Сондықтан нысанады анықтағанда оны белгілі бір
ғылыми ұстаным тұрғысынан бағалау қажет. Нысананы бұлайша түсіну
педагогикалық тұжырымдамаларды дұрыс түсінуге, уақыт талабына сай
үдемелілік жақтарды көре білуге көмектеседі;
–зерттеу нысанасын анықтау – мәнді де мазмұнды ғылыми әрекет, ол
зерттеушіні пәннің ғылымдағы орны мен қызметін анықтауға бағыттайды;
–зерттеу пәні – нысананың бір жағы, бөлігі ғана емес, сол арқылы нысан
көрінетін, есік болуы тиіс;
–зерттеу пәнін анықтай отырып, зерттеуші сол саты арқылы соңғы
нәтижеге келуге мүмкіндік алады;
–нысана мен пәннің өзара қатынасын былайша сипаттауға болады: нысана
объективті, ал пән субъективті;
–пән – нысананың үлгісі (моделі);
–пәннің анықтамасы егер жұмыс белгіленген пәнге сәйкес анықталса,
зерттеуші тарапынан белгіленген анықтамаға сәйкес аяқталған зерттеудің
толықтығы туралы шағымды болдырмайды;
–зерттеудің нысаны мен пәнін анықтау зерттеушінің оның мәніне терең
бойлауы мен зерттеу үдерісінде алға жылжуының көрсеткіші болып қызмет
етеді;
–нысана педагогикалық шынайлықты сипаттайды, белгілі білім жүйесіндегі
көрінісі арқылы берілген;
–зерттеу пәні нысанаға қарағанда тар ұғым. Ол нысананың бір бөлігі,
бір жағы элементі болып табылады;
Нысана туралы білімнің даму сипатына қарай бұдан кейін таным пәніне
айналатын оның жаңа қырлары ашылады. Зерттеу нысанасы мен пәнін
тұжырымдаудағы қиындықтар:
–кейде жекелеген зерттеудің нысанасы өзінің ауқымы жағынан бүкіл
педагогиканың зерттеу нысанасымен сәйкес келіп жатады: ЖОО-ғы педагогикалық
үдеріс; оқушыларды педагогикалық мекемелерде тәрбиелеу саласы;
педагогикалық таным әдістері;
–кейде зерттеу нысанасы мен пәні арасында алшақтық байқалады. Олар әр
түрлі ғылым саласына қарай бөлініп, жұмыстың біртұтастығы мен танымдық
сипатына, баяндаудың қисыны мен алынған білімнің жүйелілігіне нұқсан
келеді.
Кейде автор пәннің анықтамасына оның әдіснамалық сипаттамасын береді.
Енді біз ғылыми жұмыстың келесі кезеңін, яғни мақсатын қарастырамыз.
Зерттеудің мақсаты белгілі тетігі түрлі әрекеттің жүйесі ретінде
көрініс табады мақсаты – құралы – нәтижесі. Мақсат – сезінілген бейне,
пайдалы нәтиже, ол міндетті түрде саналы қызмет негізінде орындалуы тиіс.
Мақсатқа жетушілік – адам әрекетінің маңызды қасиеті. Мақсатқа жетуден
бұрын, адам өзіне болашақта қажет ойша бейнені жасайды, шынайылықтан ойша
алдыға шығады. Педагогикалық мақсат – педагогикалық шынайылықтың көрінісі
мен нақты үдерістер жаңаруының әлеуетті резервтері мен білім беру идеалын
қатар қою негізінде құралған болжам жасау нәтижесі (яғни, дамыған еркін
шығармашылық сипаттағы сау-саламат адамның мұраты туралы әңгіме болып
отыр). Сөйтіп, зерттеудің тақырыбынан оның мақсатына қойылатын талаптар
туындайды.
Зерттеудің мақсаты: зерттеліп отырған мәселенің себеп-салдар
байланыстарын және заңдылықтарын айқындау, теориясы мен әдістемесін ұсыну.
Болжам – бұл шынайылығы әлі дәлелденуі қажет теориялық негізі бар
болжамдар жиынтығы. Болжам – (грек сөзі негіз, негіздеу) фактілер тобына,
фактілерге алдын ала түсінік беру немесе әртүрлі эмпирикалық білімдерді
біртұтас байланыстыру. Болжам шынайы емес, ықтимал білім. Оның шынайылығы
мен шынайы еместігі әлі анықталмаған. Болжамның шынайылығы немесе шынайы
емес екендігін анықтау – таным үдерісінің міндеті.
Зерттеудің болжамы – нәтиженің алыну жолын көрсететін ғылыми құрылған
жоба. Ол танымдық іс-әрекетті қабылдауды, ғылыми негіздемесі бар,
дәлелденген жобаның, қайсыбір құбылыстардың себептерін дұрыс, дәлелсіз
түсіндіруді білдіреді. Ғылыми болжам зерделенген аумақтағы фактілердің
шегінен тыс шыға отырып, оларды түсіндіріп қана қоймай, сонымен қатар
жобалау қызметін атқарады. Болжам – бұл ішкі қисынға тәуелді ететін және
зерттеудің тұтас үдерісін ұйымдастыратын басты әдіснамалық құрал.
Ізденушілердің зерттеу әрекеттерінің практикасында болжамның үш
құрылымдық тұрпаты орын алады. Сол себепті де ғалымдар болжамды мына жүйе
бойынша жасаған жөн деп санайды: „Егер. . . ,онда. . . ,өйткені. . . ”
Бұл тізбек болжамның түсіндірілетін, сипатталатын, жобаланатын
қызметтерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Зерттеудің болжамы: педагогика
ғылымындағы өзекті мәселенің теориялық және практикалық жағын талдау
негізінде шешімін алдын ала болжау. Зерттеуші болжамында жаңаны алдын ала
көре алатындай қасиет болуы керек. Зерттеу болжамы егер. . . , онда. . . ,
өйткені. .. деген ұғымдармен байланысып құрылады. Жоғарыдағы ғылыми
жұмыстың құраушылары бір-бірімен тығыз байланыста болуы қажет. Зерттеудің .
ғылыми аппараты дұрыс құрылмаған жағдайда нақты ғылыми дәлелді нәтиже
алынбайды.
Зерттеудің жетекші идеясы мәселе дұрыс қойылған болса, онда оның басты
бағыты белгіленіп тұр деген сөз. Қойылған мәселені шешу үшін бірнеше жыл
зерттеу жүргізу қажет пе? - деген сұрақ тууы заңдылық. Мәселені шешу, оның
идеясымен және зерттеуімен анықталады. Жетекші идея зерттеудің ең басты
мәселесі. Кейде жетекші идея тек бір қырынан ғана зерттелініп, оған қайшы
құбылыстар мен үдерістер ескерілмей қалады. Сондықтан жетекші идеяны,
қойылған мақсатқа байланысты жан-жақты талдау қажет. Жетекші идея мен
зерттеудің жалпы бағыты – зерттеудің басты үйлестірілімі, оның даралығын
сипаттайды. Ғылымның дамуына ықпал ететін іргелі зерттеулер мен маңызды
идеялар. Идеялар ғылымның алтын қоры десек те болады.
Педагогикалық зерттеуде шындыққа жету үшін, болатын нәрсені ойда
түйіндеп, оны іске асыру жолдары мен алынатын нәтижелері болжанады. Болжам
– ғылыми зерттеудің тірек көзі. Болжам құра білу өте күрделі. Болжам
жетекші идеямен бірге туындайды және мәселенің мәнін түсіну барысында
дамиды. Алғашқы жұмыс болжамы уақытша бар фактіні жүйеге келтіру үшін
қолданылады. Ал, ғылыми немесе шынайы болжам ауқымды материал
жинақталғаннан кейін жасалады, ол логикалық тұрғыдан қорыту, кейбір
түзетулер арқылы ғылыми теорияға айналады. Алғашқы жұмыс болжамы мен ғылыми
болжам арасындағы ерекшелік салыстырмалы нәрсе. Қарапайым тұспалдан
болжамның ерекшелігі тұжырымдалады. Бұлар – ұсынылған болжамның фактіге
сәйкес келуі, оны тексеруге болатындығы, ауқымды құбылыстарға қолдануға
болатындығы, мүмкіндігінше қарапайым болуы. Болжам екі немесе үш бөліктен
тұрады: бірінші - кейбір қағидаларды ұсыну, онан кейін оны логикалық және
практикалық жағынан дәлелдеу.
Өзінің Ғылыми зерттеудің әдіснамасы атты кітабында Г.И. Рузавин
болжамды болжам таңдаудағы эвристикалық қағидаларды, ғылыми болжамға
қойылатын талапты, оның қисынды құрылымын ғылыми таным ретінде ашып
қарастырады. Ғылыми зерттеу үрдісінде, (Н.К. Гончаров, М.А. Данилов, В.И.
Загвязинский, Э.И. Моносзон, Я. Скалкова және басқалар) болжамның
құрылымына қолданатын әдістерінде, жалпы педагогиканың әдіснамасына
арналған жұмыстарда ғылыми болжамның мәселелері қозғалады
(С.И.Архангельский, А.Д. Ботвинников, В.И. Журавлев, В.В. Краевский, А.Т.
Куракин, Б.Т. Лихачев, Л.И. Новикова). Жаңадан бастаған ізденушілерге көмек
ретінде ғылыми пікірсайыстық мәнге ие болжам туралы мақалаларда (Г.Х.
Валеев, А.Ф. Закирова, А.В. Клименюк, Ш.И. Ганелин, М.Н. Скаткин, Г.Т.
Хайруллин жэне басқалар), сондай-ақ, Г.В. Воробьев пен В.И.Загвязинский
және басқалардың жұмыстарында болжамның нақты мәселелері берілген. Ғалымдар
болжамның түрлері, ғылыми жұмыстардағы оның рөлі, басқа бөліктермен
қатынасы, болжамды құрастыру, оларға қойылатын талаптар сияқты қағидаларды
жасайды.
Дегенмен, бұл мәселе толығымен зерттелмеген. Әйтсе де, КСРО ПҒА жалпы
педагогика ғылыми зерттеу институтында жасалған С.У.Наушабаеваның Болжам
дидактикалық зерттеудегі ғылыми білімді дамыту тәсілі ретінде атты
кандидаттық диссертациясындағы жағымды жайтты белгілеуге болады. Ол
дидактикалық зерттеуде болжамды жасауда белгілі бір нақтылықты енгізді.
Ғалым өз зерттеуінде болжамды болжанған мәселенің эксперименталды тексеруін
алға жылжытудан құралған ғылыми білімді дамытудың тәсілі ретінде
карастырды, болжамды нақтылы болжау түрінде зерделеуге ұмтылады.
С.У. Наушабаева болжамды эксперименттік және теориялық тексерудің жүзеге
асуының ерекшеліктерін және осы үрдістің дидактикалық зерттеулердің
ақиқаттылығы мен сенімділігіне әсер етуін зерделеу мақсатында дидактика
бойынша 150 диссертацияны талдаған. Нәтижесінде, дидактикадағы ғылыми
болжамды қанағаттандыру талаптары, болжамның тәжірибелік және теориялық
тексеру әдістері, болжамның құрылымы анықталды, сонымен қатар тәжірибені
тексеру кезінде жіберілетін қателер және оларды туындататын сілтемелерді
жою жолдары белгіленді. Автордың ойынша, педагогиканың әдіснамасында болжам
зерттеудің қисынды құрылымының элементі ретінде қарастырылады. Болжамды
педагогикалық құбылыстардың заңдылық байланысы және ғылыми болжаудың
сипаттамасы деп түсінеді. Педагогикалық зерттеуде болжам ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тәжірибиелі эксперимент жұмыстары оларды ұйымдастыру және жүргізу
Педагогиканың шығуы және дамуы
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУДІҢ ƏДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ƏДІСТЕРІ
ПЕДАГОГИКАНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ ҚОРЫ
Педагогика ғылымының ерекшелігі
Жеке тұлғаның қалыптасу философиялық негізі
Оқушыларын оқыту, тәрбиелеу үрдісі үстінде психикалық процестері мен танымдық қасиеттерін халық дидактикалық тұрғыдан меңгертіп дамыту
Ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістері жайлы мәлімет
Педагогикалық зерттеудің теориялық әдістері
Пәндер