Қазақ мақал - мәтелдерінің табиғаты


Қазақ мақал-мәтелдерінің табиғаты
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Жер бетін мекендеген халықтар мен ұлыс-тайпалардың қай-қайсысының да ғасырлар бойы сұрыпталған інжу-маржандай астарлы да асыл, ұлағатты да өнегелі даналық сөз үлгілері барлығы хақ. Атадан балаға мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа екшеліп, іріктеліп, сұрыпталып жетіп отырған осындай асыл қазыналардың бірі - мақал-мәтелдер. Олар қысқа да нұсқа, бейнелі, мағынасы терең, шымыр логикаға (ойға) құрылады да, тыңдаушы көкейіне бірден қона кетеді. Ұлттық болмысымызды танытатын бай мұраларымыздың бірі - мақал-мәтелдерді жан-жақты зерттеп танып-білуге, олардың мән-маңызын бағалауға бағытталған терең зерттеулердің қажеттілігі даусыз. Ұлтымыздың мәдени дүниесін танытатын мақал-мәтелдердің тілдік табиғатын тану үшін кешенді, жүйелі түрде жаңа бағыттағы зерттеу жұмысын жүргізудің қажеттілігі қазіргі таңдағы тіл ғылымының мақсат-мұраты тілдік құбылыстардың сырын тану жолында күрделі де кешенді үрдісті дамытумен тығыз байланысты. Осыған байланысты тіл білімінің тылсым құпиясы басқа да ғылым салаларымен (антропология, психология, философия, логика, мифология, этнография, т. б. ) тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде танылып, ашылып отыр. Өйткені ұлттық мәдениет, болмыс, діл мен дін сияқты ұғымдарды тоғыстыратын ұлттық тілдің табиғатын тілдің өзінің ішкі заңдылықтары негізінде ғана танып-білу жеткіліксіз.
Жұмыстың өзектілігін арттыра түсетін тағы бір фактор - қазақ мақал-мәтелдерінің жасалуындағы уәждік негіздердің этнолингвистикалық бағытта зерттелуі. Екіншіден‚ мақал-мәтелдердің прагматикалық қырын анықтаумен байланысты олардың таңбалық қызметін тану бұл таңбалардың тұрпат межесі мен мазмұн межесінің арасындағы қатынасты білуді ұсынады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Дипломдық жұмыстың басты мақсаты - мақал-мәтелдерді тек қана семантикалық аспектіде қарастыру олардың табиғатын ашып‚ тереңірек тануда жеткіліксіз болуы мүмкін. Сол себепті мақал-мәтелдердің танымдық қырын анықтауда олардың құрылымдық ерекшеліктерін қарастырудың да айрықша мәні бар. Осы орайда‚ мақал-мәтелдердің мағынасын түсіну үшін олардың жасалуына негіз болған уәждерді білу маңызды. Себебі бұл тілдік оралымдардың пресуппозициясы мен астарлы мағынасын түсіну дегеніміз - ол адамда болуға тиісті аялық білімнің деңгейіне келіп тіреледі. Қазіргі қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің прагма-когнитивтік аспектісін анықтау арқылы олардың тіл жүйесіндегі алатын орнын белгілеу‚ сонымен бірге мақал-мәтелдердің тілдік табиғатын зерттеу негізінде олардың құрылымында ұлттық болмыс мазмұнын қалыптастыратын тетіктерді анықтау жұмыстың негізгі мақсаты болып табылады.
Аталған мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттер қойылды:
- Мақал-мәтел қолданысының когнитивтік мәнін анықтау;
- Қазақ паремияларындағы ұлттық ділдің көрінісін анықтау;
- Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің жасалуына негіз болған этнолингвистикалық уәждерді айқындау;
- Төрт түлікке қатысты мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық сипаттамасын тану;
- Табиғат құбылыстары туралы мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық сипаттамасын тану;
- Адамның түрлі қасиеттері туралы мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық сипаттамасын анықтау;
- Қазақ мақал-мәтелдерінің прагматикалық аспектісі.
Зерттеудің нысаны. Мақал-мәтелдер. Құраст. Адамбаев Б. - Алматы: Ғылым, 1996. - 464 б. Қазақтың мақал-мәтелдері. Құраст. Тұрманжанов Ө. - Алматы: Жазушы, 1980. - 352 б. Қазақ мақал-мәтелдері. Казахские пословицы и поговорки. Құрастырып, аударған Аққозин М. - Алматы: Қазақстан, 1990. - 228 б. Ақылдың көзі. Мақал-мәтелдер. Құраст. Саттаров Қ. -Алматы: Жазушы, 1990 - 160 б. Осы аталған мақал-мәтелдер жинақтарын, сондай-ақ Б. Майлин, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Д. Исабековтің, М. Мағауиннің белгілі шығармаларынан теріліп алынған мақал-мәтелдерді жұмысымыздың негізігі нысанына алып, зерттеу жұмыстарын жүргіздік.
Бітіру жұмысын жазудың теориялық негіздерінің (практикалық базасы) сипттамасы. Тіл білімінің бүгінгі таңдағы жетістіктері, ондағы іргелі ғылыми еңбектер дипломдық жұмыстың негізгі методологиялық әрі теориялық негізі болып табылады. Лингвистикадағы жаңа ғылыми бағыттар, соның негізінде қалыптасқан антропоцентрлік парадигма, адамды тіл арқылы және керісінше, тілді адам арқылы анықтау болып табылатын тіл біліміндегі бағыттар, когнитивтік лингвистика жөнінде тіл білімі ғылымында жаңадан жазылған іргелі еңбектер мол. Зерттеу жұмысында осы мәселелермен ғылыми негізде айналысқан қазақ ғалымдарының еңбектері - қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық базасын кеңейіткен зерттеулері басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмысымыздың теориялық-әдіснамалық негіздері ретінде: А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Р. Сыздық, Ә. Қайдаров, Е. Жанпейісов, Г. Гиздатов, Қ. Жаманбаева, Ж. Манкеева, Э. Сүлейменова, Б. Нұрдәулетова, А. Салқынбай, Э. Оразалиева, Б. Момынова, П. Т. Глаголевский, А. А. Потебня, А. И. Оссовецкий, В. Л. Архангельский, С. И. Ожегов, А. В. Кунин және тағы басқа да отандық, орыс және шетел ғалымдарының еңбектері жұмысымыздың тақырыбын ашуға септігін тигізді.
Қазақ мақал-мәтелдерінің тілдік мәні мен танымдық мәнін ашу аясында қазақ мақал-мәтелдерінің жасалуындағы уәждік негіздердің этнолингвистикалық бағытта зерттелуі қарастырылды.
Зерттеу нысаны ретінде алынған мәселелерді қарастыру барысында жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы әдістер басшылыққа алынды.
Мақал-мәтелдердің прагматикалық қырын анықтаумен байланысты олардың таңбалық қызметін танылды.
Таңбалардың тұрпат межесі мен мазмұн межесінің арасындағы қатынас зерделенді.
Дипломдық жұмыста қол жеткізген нәтижелерді, ой-тұжырымдарды қазақ тілінен арнаулы орта, жоғары мектептер үшін оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда, сол сияқты жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде паремиология, этнолингвистика, прагмалингвистика, когнитивтік лингвистика, гендерлік лингвистика, лингвомәдениеттану, тіл мәдениеті, когнитивті лингвистика сияқты жаңа ғылыми бағыттар бойынша оқытылатын арнайы курстарда теориялық материал ретінде пайдалануға болады. Зерттеу барысында жинақталған тілдік материалдарды өзге тілді дәрісханаларда қазақ тілін үйрету сабақтарында лингводидактикалық, танымдық сипаттағы иллюстративтік материал ретінде, сөздіктер құрастырғанда тілдік дерек ретінде қолдануға болады.
Дипломдық жұмыс екі тараудан тұрады. Бірінші тарау мақал-мәтел қолданысының когнитивтік мәніне: қазақ паремияларындағы ұлттық ділдің көрінісіне, қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің жасалуына негіз болған этнолингвистикалық уәждерге, әр түрлі мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық сипаттамаларына, екінші тарау қазақ мақал-мәтелдерінің прагматикалық аспектісіне: қазақ паремияларының логика-семиотикалық табиғатына, мақал-мәтелдердің мәтіндік мағынасы мен қолданысына, мақал-мәтелдердің құрылымдық-тұрпаттық межесіне, варианттылығына, мақал мен мәтелдің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына арналды.
Бұл екі бөлім бірімен-бірі жүйелі байланыста болып, тақырыпты ашып береді ғой деп ойлаймыз.
- МАҚАЛ-МӘТЕЛ ҚОЛДАНЫСЫНЫҢ КОГНИТИВТІК МӘНІҚазақ паремияларындағы ұлттық ділдің көрінісі
ХХІ ғасырда жаңа теориялық танымдық әдістемеге сәйкес тілді «өз ішінде және өзі үшін» қарастыратын имманентті зерттеу жеткіліксіз болып табылды да, оны ой-санамен, мәдениетпен және адамның тұрмысымен, танымымен, пәлсапасымен, дінімен, ділімен тығыз байланыста қарастыру қажеттілігі туды. Осы қажеттілік лингвистикадағы жаңа ғылыми бағыттың және соның негізінде қалыптасқан антропоцентрлік парадигманың дамуын талап етті. Демек, бұл тілді зерттеу үрдісін объектіден субъектіге аудару, яғни адамды тіл арқылы және керісінше, тілді адам арқылы анықтау болып табылады. Бұл, бір қарағанда, тіл білімі зерттеулерінің дамуы барысында жаңа бағытқа қатысты туған жаңа көзқарас сияқты көрінгенімен, оның бастау көзі тереңде екенін тіл ғылымындағы лингвистикалық мектептердің өмірге әкелген еңбектерінен көруге болады. Нақтырақ айтқанда, Қазан лигвистикалық мектебінің негізгі жетістіктерінің бірі - ассоциативті психологиялық негізде айқындалатын теориялық тұжырымдар болып табылады. Осы жаңа құрылымдық лингвистиканың көрнекті өкілі Бодуэн де Куртенэнің өзі кез келген тілдік бірлікті зерттеуде оның сыртқы (дыбыстық) және ішкі (психикалық) жақтарының байланысына ерекше көңіл бөледі. Ішкі жақтағы психикалық мазмұнды ол семасиологиялық құрылыммен, ал оның көрінісін морфологиямен байланыстырады да, былай деп анықтайды: «Язык существует только в индивидуальных мозгах, только в душах, только в психике индивидов или особей, составляющих данное языковое общество» [1, 85] . Тіл мен ойлау, тіл мен таным бірлігінің өзіндік ерекше қасиеттерін тіл білімінің дәстүрлі тілдік саласы шеңберінде зерттеу мүмкін емес. Оған қажет ғылыми парадигма - когнитивтік лингвистика, онымен сабақтас этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистика, т. б. байланысуы қажет. Тіл біліміндегі «когнитивтік лингвистика» деген термин ХХ ғасырдың 80-жылдары М. Бирвиштің еңбегінде сөз болған. Әйтсе де, тілдік құбылысты когнитивтік тұрғыдан зерттеудің жалпы үрдісі 60-70 жылдары американдық Н. Хомский, Дж. Лакофф, т. б. ғалымдардың еңбектерінде айтылған болатын. Негізінде бұл бағыт өз бастауын В. Гумбольдттің лингвистикалық философияға қатысты зерттеулерінен алады деген тұжырым бүгінгі күнгі лингвистика ғылымында әбден орнықты. Аталмыш жаңа лингвистикалық теорияның шын мәніндегі концептуалдық қағидаларының негізделуі соңғы жылдары қарқынды зерттелу үстінде. Когнитивтік ғылымның негізгі ерекшеліктеріне, зерттеу нысанына, бағыттары мен ұғымдарына алғаш рет көңіл бөлген шетелдік ғалымдар болатын. Дж. Миллер когнитивтік лингвистиканы «ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында дүниеге келген ақпараттар теориясының симпозиумы» деп бағаласа, 1960 жылы Гарвард университетінде американдық профессор Дж. Бруннер Дж. Миллермен бірге когнитивтік зерттеу орталығын ашады. Аталған орталық когнитивтік лингвистика ғылымының негізін қалауға айтарлықтай үлес қосады. ХХ ғасырдың ортасында когнитивтік лингвистика қазіргі антропоцентрлік парадигмадағы негізгі ілім ретінде қарастырылады. Осы бағытта көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Осының нәтижесінде Еуропада ХХ ғасырдың соңына қарай когнитивтік ғылымның теориялық бағыттары жетіліп, тамырын тереңнен тартып, терең зерттеліп, қанатын кеңге жая түсті. Осы тұста Дж. Лакофф, Р. Лангакер, Т. А. Дейк, Дж. Хэйман, Л. Витгенштейн, Г. Н. Кент сияқты шетелдік ғалымдардың когнитология саласына қатысты зерттеу еңбектері жарық көреді. Зерттеушілер танымдық ғылымдар аясында тілдің «әлемнің тілдік бейнесін» сипаттаудағы қызметіне айрықша назар аударады. Когнитивтік лингвистиканың өзектілігі мен оның күрделі мәселелерін шешу ресейлік ғалымдардың да назарынан тыс қалған емес. Орыс тілі білімінде когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселелері Ю. А. Сорокин, Е. С. Яковлева, Е. С. Кубрякова, В. Н. Телия, А. Вежбицкая, А. П. Бабушкин, Н. Д. Арутюнова, Ю. Н. Караулов, В. А. Маслова сияқты зерттеушілердің еңбектерінде көрініс табады. Бұл еңбектерден танымдық ғылымдар ішінде тілдің атқаратын қызметінің жоғары екендігін көруге болады. Жалпы тіл біліміндегі ғылымдар арасындағы интеграция үдерісінің негізінде туындаған когнитивтік лингвистика ғылымы соңғы жылдары қазақ тіл білімін зерттеуші ғалымдардың да назарын өзіне аударуда. Әрине, қазақ когнитивтік лингвистикасының бастауында А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжоловтар тұр. Дегенмен, қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистикаға қатысты зерттеулер соңғы он-он бес жылдықта ғана мықтап қолға алына бастады. Академик Ә. Қайдардың этнолингвистика саласына қатысты ойлары қазақ тіл біліміндегі жаңа ғылыми бағыттардың қалыптасуына негіз болды. Бұл салаға сонымен қатар Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, Г. Гиздатов, Қ. Жаманбаева, Ж. Манкеева, Б. Нұрдәулетова, Э. Сүлейменова, А. Салқынбай, т. б. ғалымдардың ерекше көңіл бөліп, зерттеу нысанына айналдырғандарын атап өтуге болады. Қазақ тіл білімінде «когнитив» терминінің қазақша баламасы «таным» деп қолданылып жүр. Ол - бүгінгі күні ғылыми айналымда жүрген танымдық тіл білімінің термині. Танымның негізгі мақсаты - ғаламдағы құбылыстардың ішкі және сыртқы табиғатын адам санасы мен таным білігі жеткенше жетік меңгеру, соны суреттеу және оның қорытындысы ретінде адам баласы іс-әрекеттерінде, көрген, білген, түйсінген, таныған дүниесін өмірде өз қажетіне жарату. Осындағы танымдық әрекетті концептінің көмегімен (көрген, білгенін концептілік талдау негізінде) адам баласы өз игілігіне жарата отырып, тілдің негізінде дүниенің қарабайыр бейнесінен бастап, дүниенің концептуалды бейнесі аралығындағы ақпаратпен таныс болу мүмкіндігіне ие болады. Танымдық әрекетпен айналысушы ғалымдардың пікірінше, әлемдік тіл білімінде ғалам бейнесін когнитивті тәсілдердің көмегімен зерттеудің мүмкіндігі мол екендігін айтады. «Діл» (менталитет) сөзі бізге Батыс елдерінен келген. 1991 жылы жарық көрген «Қазіргі Батыс философиясы» сөздігінде бұл сөзге былайша түсінік беріледі - «менталитет» латыншадан аударғанда (mens-ақыл, ойлау, ойлаудың бейнесі, жанның қатпары) бейсаналылықты қосқандағы ұжымдық және жеке сананың терең деңгейі дегенді білдіреді. Менталитет жеке және әлеуметтік топтардың іс-әрекет, ойлау, сезіну және дүниені белгілі бір бейнеде қабылдау бағыты дайындығының жиынтығы» делінген [2, 171] . Кейбір Ресей зерттеушілері менталитетті әлеуметтік факторлардың әсері негізінде қалыптасқан стереотиптер жүйесі мен мінез-құлықтағы және сезімдік-эмоциялық реакциядағы, ойлаудағы иерархиялық тұрғыдағы өзара бағынышты басыңқы құндылықтардың көрінісі деп анықтап отыр [3, 20] . Қазіргі әлеуметтік философияда менталитет ұғымының әлеуметтік топтар мен ұлттардың ойлау бейнесінде, іс-қимылы мен мінез-құлықтарында кездесетін стереотиптерге, құндылықтарды қабылдау ерекшеліктеріне, өмір сүру салты мен дәстүріне байланысты көптеген құнды ойлар айтылуда. Менталитет - рухани болмыс тарихының сығымдалған және тұрақты негізде қордаланған, жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың дүниетанымында орын алатын ерекше көрініс. Оны қалыптастыруда мәдениеттің, өнердің, діннің, философияның, ұлттық салт-дәстүрдің, қоршаған ортаның, тұрмыстың, қоғамдағы әлеуметтік ортаның, саясат пен идеологияның, экономикалық қатынастардың маңызы зор. Менталитетті зерттеуге Қазақстандық философтар да өз үлестерін қосуда. Кейбір ғалымдар «менталитет» пен «діл» ұғымдарының арасында айырмашылық бар екенін көрсетіп, мағынасы мен мазмұны жағынан өзгешеліктер тауып жатса [4, 36], кейбір ғалымдар бұл екі ұғымның мағынасы жағынан тең екенін алға тартады [5, 68] . Мұндай талпыныстар мен ізденістердің маңыздылығы түсінікті, өйткені ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыруда мұндай ұғымдардың маңызы зор. Дегенмен де, менталитет терминінің діл ұғымына қарағанда өзгешелігі, оның философиялық сөздікке кіріп, философиялық категория ретінде көпшілік тарапынан мойындалуы және ғылыми зерттеулер айналасында өзінің орнын табуы болып отыр. Қазақ философиясы - халқымыздың дүниетанымын, рухани болмысын, ділін жан-жақты түсінудегі методологиялық тұғыр. Өз кезегінде қазақ философиясының табиғатын ашу ұлт менталитетін зерттеумен тікелей байланысты. Қазақ менталитетін тану арқылы ұлттық философияның даму деңгейін, оның өміршеңдігі мен практикалық маңызын айқындай аламыз. Басқаша айтқанда, қазақ менталитетін зерттеу ұлттық философияны абстаркты нақты адам өміріне «еш қатысы жоқ» гносеологиялық сөз саптаулардан құтқарып, оны бүгінгі нақты өмірдің рухани сұраныстарына айналдыруға мүмкіндік туғызады. Қазақ философиясы туралы сөз еткенде айналып өтуге болмайтын мәселе - даналық мәселесі. Ол - ұлт менталитетінің даму ерекшелігінің рухани негізі. Даналық - қазақ халқының рухани өмірінде ерекше орын алады. Оның іздері мәдениет пен дәстүрде, дүниетанымдық ұстанымдар мен көзқарастарда сайрап жатыр. Онда даналық - тұтас феномендік тұрғыда орын алған. Оның тұтастығы адам мен табиғат, қоғам мен адам, адам мен адам арасындағы қатынастарда көрініс тапқан. Даналықтың тұтастығы білім мен адамгершіліктің, ақыл, қайрат, жүректің бірлігі, олардың бір-бірімен астарласуы арқылы берілген. Оған дәлел, тұтастықтың бір көрінісі ретінде адам мен табиғат арасындағы қатынасты қарастырайық.
Қазақ - қашан да табиғатпен етене өскен халық. Ол өзін табиғатқа ешқашан қарсы қоймаған. Өзін табиғаттың «бел баласымын» деп санаған. Ол табиғаттың сұлулығына бас иген, ойға өрнек, тілге тиек етіп, мақал - мәтелдерге, ән-жырға қосқан. Мәселен, Адамгершілікке арналған үш сауап бар: шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап. Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады. Су аққан жерінен бір ағар, Алпыс күн тасыған су, алты күнде қайтар. Жайлауы жақсының әр бұтасының түбі - бір кесек ет. Ағаштың түбі - бір, тынысы мың деген мақал-мәтелдерден табиғатпен гармониялық қатынас орнату - даналық белгісі екенін көреміз. Сонымен қатар, табиғатқа тек шаруашылық тұрғысынан қарамай, моральдық, этикалық және эстетикалық тұрғыдан қараудың өзі осы даналықтың көрінісі, осындай тұтастық тұрғысынан табиғатпен араласудың нәтижесінде олардың рухани дүниесі, ойлау жүйесі, түсінігі, танымдық ұғымдары мен ментальдық болмысы қалыптасқандығын көреміз. Даналықтың іздерін қазақ халқының рухани дүниесін құрайтын фольклор, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, дидактикалық толғаулар, салт-дәстүрлерден кездестіруге болады. Соның бірі - жеті аталық дәстүр. Бұл дәстүр ұлттың қандық тазалығын сақтап қана қоймайды, сонымен бірге ұрпақ, ата-баба арасындағы өзіндік байланысты да қамтамасыз етеді. Айналып келгенде, бұлардың барлығы тектілікті қалыптастырады. Тектілік бар жерде даналық, ментальдық тұтастық бар. Тексіз менталитет желмен ұшқан қаңбақ секілді. Содан да болар, қазақтың «тегіңе тартсаң, тозбайсың» дейтіні. Дүниенің паремиологиялық бейнесінде жеті аталық дәстүр, тектілік мақал-мәтелдерден байқалады. Жеті атасын білмеген - жетімдіктің белгісі, Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер, Алтыға дейін бала ерке, алпыстан кейін шал ерке, Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі - тал, бірі - ділің жүректегі; Жетімнің қарны жетеу, Жақсы әке жаман балаға қырық жылдық ризық, Жерінен ауғанға жеті жыл қоныс жоқ деген сияқты мақал-мәтелдер рулық қоғамда қалыптасқан ата-салтты танытады. Кез келген ұлттың өзіндік ойлау жүйесі, дүниені бейнелеу тәсілі бар. Ойлау жүйесінде сол ұлттың рухани ерекшелігі, тыныс-тіршілігі, сезімі, дүниетанымы, адамдардың өзара қатынасы, құндылықтарды түсінуі мен қабылдау түрлері өрнектеледі. Ұлттық ойлау жүйесінің рухани негіздеріне тәңірлікті, шаманизмді, суфизмді, исламды, шешендік сөз өнерін, фольклорды, мақал-мәтелдерді, салт-дәстүрді, даналық білімді, философияны жатқызуға болады. Бұл аталған рухани негіздер ұлттық ойлаудың қалыптасуы мен дамуына өзіндік әсерін тигізді, қазақ халқы менталитетінің ішкі болмысын айқындады. Ұлттық ойлауға тән қасиет - оның үнемі даму, жаңғыру, өзгеру үстінде болатындығы. Ол үнемі дамып отырмаса, онда қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістер мен құбылыстарды бейнелеу мүмкін болмас еді. Сондықтан да ұлттық ойлаудың өлшемі - даму. Ол - ұлттық ойлаудың өмір сүру тәсілі, ішкі энергиясы, қозғаушы күші, бағыт-бағдарын айқындаушы. Мәселен, кешегі көшпенділік өркениет шеңберінде қалыптасқан кейбір ұғымдар мен түсініктер ұлттық ойлау жүйесінде бүгінге дейін өз қызметін атқаруда. Сонымен бірге қоғамдық қатынастардың өзгеруінің нәтижесінде жаңа ұғымдар пайда болуда.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz