Шәкәрім поэзиясындағы адамгершілік құндылықтар


Шәкәрім поэзиясындағы адамгершілік құндылықтар
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Қазіргі кездегі әлемдік даму жаһанданудың аясында аса зор қарқынмен жүруде. Әлемдегі елдер мен халықтар бұл бағытта өздерінің айқын тұжырымдамаларын ұстанып, жаһандану арнасында жұтылып кетпеудің қамын ойластыруда. Бүгінгі таңда ұлттық оқшаулықпен күн көру мүмкін емес, шама келгенше ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, адамзат баласы жинақтаған ақыл-ой қазыналарынан еркін сусындап, заман талабына сай ілгерілеуді мақсат ету керек.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына кіру талабын қойып отыр. Бұл бағытта көптеген шаруалар істелуде. Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдаулары мен басқа да маңызды жарық көрген құжаттарда бәсекеге қабілеттілік мәселелері әр қырынан қойылып келеді. Президент азаматтардың бойындағы еңбекке деген көзқарасты жетілдіру, еңбек етуді өмірдің басты ұстанымы қылу мәселесін көтереді. Бұл талап - Еңбекті қоғамдық идеологияның маңызды факторы ретінде ұсынуымен құнды. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: баршаға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында: «Бүгінде еңбек - ХХІ ғасыр жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында, - алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс», - деп атап көрсеткен Елбасымыз қоғамда кеңестік кезеңнен бері етектен тартып келе жатқан әлеуметтік масылдыққа қарсы тегеурінді тосқауыл ретінде «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын ұсынады. Әлеуметтік жаңғыру саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіс екенімізді басым түрде айтады [1] .
Бағдарламалық мақаласында Қазақстан Президенті ел дамуының маңызды факторы ретінде еңбекке деген саналы көзқарас орнатып, әр азамат өз еңбегіне сүйенетіндей өмір сүру керектігі туралы идеология ұсынды. Еңбекті сүю дегеніміз - әркім өзі ұнатқан, қолынан келетін мамандығын жақсы игеріп, тиімді маман болуы, өз орнында еңбек етіп, бақытты сол еңбектен табуы. Абай атамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан» [2, 54] - дегеніндей, анық та орнықты принциппен өмір сүру.
Адам болу, адал еңбекті нәсіп ету, имандылық жолымен өмір сүру, ғылым-білімге ұмтылу - жастарды тәрбиелеуде басты бағдар болуы керек екені баршаға түсінікті. Бұл мақсатты орындау үшін оның қоғам мүшелерінің, әсіресе жастарының қандай болу керектігі туралы ұлы Абай мен Шәкәрімдей ұлы ойшылдардың көзқарас-тұжырымдарының тұрғысынан қараудың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, Шәкәрім поэзиясындағы адамгершілік құндылықтар жүйесін әдеби-теориялық тұрғыдан байыптап, ақын шығармаларын тақырыптық-мазмұндық, идеялық-көркемдік талдау арқылы, оларды бүгінгі жастар тәрбиесіне пайдалану маңызын ашу дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігін танытады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі: Ш. Құдайбердиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы ақын ақталғаннан бері біршама еңбектер жазылып келеді. Әсіресе, ақынның ағартушылық позициясы, адамгершілік қасиеттерді жырлауы біршама зерттелуде. Шәкәрімнің жаңа заман адамына қояр талабы, адамның толыққанды қоғам мүшесі болуы, оның өз мүмкіндіктерін жан-жақты ашуы мәселелері бүгінгі күн үшін де өзекті болып табылады. Аталмыш еңбектердегі Шәкәрімнің ақындық, азаматтық, ойшылдық қызметі әр түрлі қырынан пайымдалып, қазіргі әдебиеттану ғылымында шәкәрімтанудың арналы ағысын құрайды.
Шәкәрім Құдайбердиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы Қ. Мұхамедханов, М. Мағауин, Х. Сүйіншәлиев, М. Базарбаев, Р. Нұрғалиев, С. Қирабаев, Ш. Сәтбаева, Ш. Елеукенов, Б. Әбдіғазиев, Е. Жармұхамбетов, М. Мырзахметұлы, Т. Жұртбаев, Б. Сапар-Әлі, Р. Сейсенбаев, Т. Кәкішев, С. Қарамендин, Қ. Шаяхметұлы, Б. Әбдіғазиұлы, Т. Шаңбай, А. Тілеуханова, т. б көптеген әдебиеттанушы ғалымдар ғылыми еңбектер жазып, шәкірімтану ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. Аталған ғылыми-зерттеу еңбектерде Шәкәрім поэзиясындағы адамгершілік мәселелері көптеген ғылыми проблемалар контексінде қарастырылып келеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысымызда Шәкәрім Құдайбердиев шығармаларындағы адамгершілік құндылықтардың жырлануын қарастырып, оны ғылыми тұрғыдан пайымдауды, бүгінгі күн үшін де өзекті болып отырған жастар тәрбиесіне пайдалануға ұсынуды мақсат тұттық. Бұл мақсатқа жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:
- Шәкәрім өлеңдеріндегі адами құндылықтар, адамгершілік қасиеттер, жаңа заман жастарының бейнесі тұжырымдарын әдеби-рухани тұрғыдан пайымдау;
- Шәкірім ой-пікірлерінің ұлы Абай идеяларымен сабақтастығын, оны дамытудағы еңбегін бағалап, ақындық позициясын ашып көрсету;
- Ақын көзқарастарының жалпыадамзаттық, ұлттық, халықтық тәрбиемен байланысына назар аудару;
- Ақын көзқарастарын қазіргі өмір талабымен сабақтастырып, білім беру мен тәрбиелеу процесінде пайдалануды ұсыну.
Зерттеудің теориялық және методологиялық негіздері: Әдебиеттану ғылымының бүгінгі таңдағы жетістіктері, ондағы іргелі ғылыми еңбектер дипломдық жұмыстың негізгі методологиялық әрі теориялық негізі болып табылады. Қаламгерлер шығармашылығының идеялық табиғаты, эстетикалық мәні, суреткерлік ізденістері, рухани мұраның табиғаты, шеберлік жетістіктері жөнінде қазақ әдебиеттану ғылымы тарихында іргелі еңбектер мол. Зерттеу жұмысында осы мәселелермен ғылыми негізде айналысқан қазақ ғалымдарының еңбектері - қазақ әдебиеттануының ғылыми-теориялық базасын кеңейткен зерттеулері басшылыққа алынды. З. Қабдолов, С. Қирабаев, З. Ахметов, Р. Нұрғалиев, М. Мағауин, Қ. Мұхамедханов, Б. Әбдіғазыұлы, Ш. Елеукенов, Ж. Ысмағұлов, Б. Майтанов, Т. Кәкішев, А. Ісімақова, С. Негимов, т. б. белгілі ғалым-мамандар еңбектерінде адамтану мәселесі, кейіпкердің жан дүниесі мен психологиясын ашудағы көркемдік тәсілдер, психологиялық талдаудың көрнекті түрлері, бейнені танудың және оның әлемін ашудың қыр-сыры және жазушылық, шеберлік өнерге қатысты көптеген ғылыми тұжырымдар мен ой-пікірлер жан-жақты қарастырылған. Сондай-ақ, орыс және шетел ғалымдарының іргелі еңбектері пайдаланылып, тиісті тұстарда сілтеме жасалды.
Шәкәрім шығармаларындағы адамгершілік мәселелер, жалпыадамзаттық құндылықтар, «ар ілімі» мәселесі философиялық-эстетикалық категориялар аясында қарастырылып, суреткердің суреткерлік шеберлігі мен көркемдік стиліне назар аударылды, зерттеу нысаны ретінде алынған мәселелерді қарастыру барысында жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы әдістер басшылыққа алынды.
Зерттеу нысаны: Зерттеу жұмысының негізгі нысаны ретінде Шәкәрімнің поэзиялық шығармалары алынды. Ақын шығармаларының идеялық деңгейі мен көркемдік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда пайымдаған әлімдік және қазақ ғалымдарының ой-тұжырымдары пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Шәкәрімнің поэзиялық шығармаларындағы адам концепциясы тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан қарастырылып отыр:
- Шәкәрім өлеңдеріндегі адами құндылықтар, адамгершілік қасиеттер, жаңа заман жастарының бейнесі тұжырымдары әдеби-рухани тұрғыдан пайымдалды;
- Шәкәрім дүниетанымының әлем ойшылдарымен рухани сабақтастығы, әсіресе ұлы Абай дәстүрін жалғастырудағы орны басты нысанаға алынды;
- Ақын көзқарастарының жалпыадамзаттық, ұлттық, халықтық тәрбиемен байланысына назар аударылды;
- Ақын көзқарастары қазіргі өмір талабымен сабақтастырылып, білім беру мен тәрбиелеу процесінде пайдаланудың тиімділігі қарастырылды;
Зерттеу әдістері. Зерттеуде әдеби-тарихи, жүйелі-сипаттамалық, баяндау, жинақтау әдістері қолданылды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: Толыққанды тұлға мәселесі - Шәкәрімнің рухани-ақындық қазынасының концептуалдық маңызды саласы болып саналады.
- «Ар ілімі» - ақынның суреткерлік-ойшылдық дүниетанымының негізі болып табылады;
- Шәкәрім - Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі ретінде оның ағартушылық-гуманистік ой-тұжырымдарын дамытушы, қазақ мәдениетіндегі ақын, ойшыл ізбасары;
- Ақынның жаңа заман адамының қандай болу керек екендігі туралы ойлары бүгінгі күн үшін де өте маңызды;
- Ақын шығармаларын білім мекемелерінде оқыту мен жастар тәрбиесіне тиімді пайдалану - халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет ете алады.
Абай мен Шәкәрім шығармашылығы туралы талай еңбектер жазылды, Біздің мақсатымыз - Шәкәрімнің поэзиясындағы адам концепциясын, жаңа заман адамының бейнесін қарастыру. Сөйтіп, ақын армандаған жан-жақты дамыған, ой-санасы таза, көкірегі алғыр жастарды тәрбиелеп шығару үшін оқу орындарында, қоғамдық орындарда, отбасында Шәкәрімнің көркем тұжырымдары мен көзқарастарын пайдалануды ұсыну.
Дипломдық жұмысымыз екі тараудан тұрады. Бірінші тарауы Шәкәрім поэзиясының рухани-адамгершілік мәселелеріне арналып, көркем әдебиеттегі адамның көркемдік концепциясы, Шәкәрім көзқарасының Абаймен үндестігі, ақын дүниетанымындағы философиялық, діни көзқарастар жүйесі қарастырылған. Екінші тарауда Шәкәрімнің адамгершілік позициясының тірегі «Ар ілімінің» мәні, Шәкәрім шығармаларындағы адамгершілік-имандылық мәселелері қарастырылып, ақын шығармаларындағы адам концепциясының бәсекеге қабілеттілік талаптары тұрғысынан маңызы зерделенеді. Бұл екі бөлім бірімен-бірі жүйелі байланыста болып, тақырыпты ашып береді ғой деп ойлаймыз.
1. Шәкәрім поэзиясының рухани-адамгершілік арналары
1. 1 Көркем әдебиеттегі адамның көркемдік концепциясы
Адам қашан да мәдениеттің басты құндылығы болып есептеледі. Адам табиғаты, оның тіршіліктегі мәні туралы ойшылдар ежелден бері мәселе көтеріп, соған жауап беруге талпынып келеді. Олардың бірі адам табиғатын күнәмен байланыстыра қарастырса, енді бірі адамның саналылық сипатынан іздейді, сондай-ақ кейбірі оның әлеуметтік мәніне басым назар аударады. Ілкіде мифология, одан кейін дін бұл мәселеге жауап беруге тырысты. Халық аңыздары адамның мәнін образды-символдық құралдармен бейнелесе, философтар бұл мәселені мәдени-танымдық тұрғыдан қарастыруда. Олардың қай-қайсысы да адамтануға қызмет етеді.
Жаңа дәуірдің басы - Қайта өрлеу дәуірінде ғылыми білімдердің дамуы мен табиғатты бағындыру әрекеттерінің салдарынан дүниетаным өзгеріп, ойшылдардың алдында «Адамға не тәуелді?» деген сұрақ тұрды. Бұл сұрақтың жауабы да тосын болды: адамға қоршаған дүние де, оның өзі де тәуелді болып шықты. Бұл жаңалық адам табиғатын танудың маңыздылығын ашып көрсетіп, мәдениеттанудың өзекті мәселесіне айналды.
Қайта өрлеу дәуірінің философтары адамның қайсыбір сипатын алдыңғы орынға шығара отырып, оны әр түрлі тұрғыдан қарастырды: ақыл-ойлық және сезімдік бастаулар, индивидуальды және қоғамдық болмыс, саналы және санасыз (көзсіз) әрекет т. б. Осы проблемаларды шешу барысында бірнеше негізгі бағыттар пайда болды. Сөйтіп, адамның өмірдегі мәні туралы түрлі позициялардың қай-қайсысы да маңызды әрі негіздемелі болғанымен, олардың біржақтылығын барлығына ортақ кемшілігі ретінде көрсетуге болады.
Ғылымнан өзге рухани мәдениет, оның ішінде әдебиет пен өнер дүниетанудың қуатты құралы болып табылады. Оның образдық табиғаты ғылымға қарағанда адам мен дүние туралы толығырақ түсінік беруге қабілетті болып келеді. Әлемдік әдебиет тарихында көптеген ақындар мен жазушылар дүниедегі адамның орнын түрліше айшықтап, мүмкіндігінше ашып көрсетіп келеді. Адамның өмір кезеңдері, ерлігі мен ездігі, асқақтығы мен жасықтығы, махаббаты мен зұлымдығы, сұлулығы мен сұрықсыздығы, өрлігі мен аярлығы, жасампаздығы мен пасықтығы т. б. туралы әдебиеттегі сандаған образдық бейнелер адам туралы көркемдік тұрғыдан жан-жақты пайымдауға мүмкіндік береді.
Жаңа антропоцентристік өркениеттің қалыптасуымен адамның өзіндік санасына деген қажеттілік пайда бола бастады. Осы кезеңнен бастап адам рухын паш еткен әдеби туындылар дүниеге келді. Мысалы, Европа елдеріндегі ертеден келе жатқан Фауст туралы аңыздар халықтың адам қайраты мен еркіндігі туралы арманын бейнелеп келген болса, кейін осы тұлғаға байланысты көптеген шығармалар туды. Солардың ішінде осы кейіпкердің образын бейнелеудегі әдеби тенденцияның шыңы И. В. Гетенің «Фауст» трагедиясы болып табылады.
Т. Большакова Гетенің «Фауст» трагедиясындағы адам концепциясы туралы еңбегінде былай деп жазады: «Фауст образында автор Қайта өрлеу дәуіріндегі барлық философиялық проблемаларды біріктіріп, бұл образ дәуірдің негізгі тенденциялары - ғылыми білімдерін тарату мен танымалдандыру болып табылатын философиялық ізденісінің символына айналды. Гете дәуірдің өзекті мәселелерін жинақтап, бір ғана тұлғаның - Фаустың мысалында қарастырды. Гете «кезбе сюжетті» пайдаланды, алайда кейіпкер тағдырымен жинақталған және кең көлемдегі адам тағдырын көрсетіп, заманәуи философиялық мазмұнмен байытты» [3] .
Гете «Фауст» трагедиясында симолдық мәндегі «қозғалыс - адам тіршілігіндегі бірден-бір тіршілік ету құралы, қозғалыстың тоқтауы - кері кету мен дағдарысқа әкеп соғады» деген соны тоқтам ұсынады. Гете өз шығармасында адамға деген сенімді, ақыл-ой дамуының шексіз мүмкіндіктерін бекітеді. Күресті адамды жетілуге ұмтылдыратын мәңгілік сынақ болып табылатын өмірдің заңдылығы ретінде бейнелейді.
Адам концепциясы - әдебиеттануда көптен бері зерделеніп келе жатқан, көркем шығармашылықтың идеялық-тақырыптық болмысының бір қыры болып табылатын әмбебап феномен. Қазақ әдебиетінде кейіпкер табиғатынан туындап жататын характерлерді сомдаудың тақырыптық нысаны, идеялық бағдары мен көркем жинақталуы сан алуан адам бейнелерін дүниеге әкелсе, өз заманы мен қоғамына сәйкес адам концепциясы суреткерлік мақсатқа сай тұжырымдалып, белгілі бір көркем көзқарас-пайымдар жасақталып келеді, олардың адам бойындағы рухани құндылықтардың мәнін ашудағы ролі зор деп білеміз.
Ұлттық әдебиетімізде адамның жан әлеміне, рухани даму болмысына жете үңіліп, тұлғаны дамыту жолдарын қарастыруға ерекше мән берген ойшыл ақындардың бірі - Шәкәрім Құдайбердиев. Ол - әдебиетіміздегі Абайдан кейінгі адам концепциясын жетілдіре түскен, жастардың болашағына үлкен үміт артып, өнеге ұсынған ойшылдардың бірі.
«Шәкәрім Қазан төңкерісінен бұрын сыншыл реалист ақын ретінде қалыптасты, ой өрісі, идеялық мақсат-мұраттары жағынан демократтық-халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытты өмірінің соңына дейін ұстанды. Шәкәрім шығармашылық қызметтің бірнеше саласында - поэзияда, прозада, аудармада, трактат жазуда, журналистикада үлкен мұра қалдырды», - деп жазады ақынның ақталғаннан кейін жарық көрген алғашқы көлемді еңбегіне ьжазған алғысөздерінде белгілі ақын ӘбділдаТәжібаев пен әдебиеттанушы ғалым Шәмсиябану Сәтбаева [4, 7] .
Шәкәрім өмірінің біраз жайы өз шығармаларында, әсіресе, «Мұтылғанның өмірі» деген поэмасында жазылған:
Бесімде оқу білсін деп,
Ата-анам берді сабаққа.
Жеті жаста жетім боп
Түскендей болддым абаққа.
Ардақты кенже жетім деп,
Әлпештеді мені көп,
Надандыққа болдым сеп
Қақпай ешкім қабаққа . . . [5] -
деп бастайды ақын осы өлеңін. Ақын «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресінде» былай деп жазады: «Мен пақыр өз әкем өлген соң ұлық атамыз хажы марқұмның тәрбиесінде қалсам да, бұрыннан ауылымыз, қыстауымыз бөлек болғанда, хажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау қылып, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім. Әйтсе де, түркі танып, орысша хат танып қалдым [6, 9] .
Ақын ғылым-білімнің қадірін кештеу болса да терең түсініп, өз бетімен оқып-үйреніп, рухани қазыналарға көп үңілген. Өз елінің сөз мұрасына қоса, басқа жұрт асылдарын меңгерген Шәкәрім Абай мектебінен өтеді, оның ақыл-кеңесімен өлеңдер шығара бастайды, поэмалар жазады. Оның жетімдік, жоқшылық көрмей, сауатты да сергек болып өсуіне ұлы Абай қамқорлығында болуы қатты ықпал еткен. Шәкәрім Абай аясында саналы, талантты ақын болып қалыптасты. Ол Абайдың көзі тірісінде-ақ оның данышпан ақын екендігін алғаш танып, өлең арнады:
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышщпан жан табалық
Ал, енді олай болса, кімді алалық,
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық.
Шын іздесек - табармыз шыны ғалым,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!
Ол қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектесті, жастарды ғылым-білім, өнер-өнегеге баулыды. Қырық жасқа таянған шағында ол поэзиямен бірыңғай шұғылданып, «Қазақ айнасындағы» көптеген өлеңдерін шығарды, поэмалар жазды, олардың көпшілігі әлеуметтік, гуманистік, ағартушылық арнадағы туындылар еді.
Ш. Құдайбердиевтің бай әдеби мұрасының басым көпшілігі - поэзиялық шығармалары. Сөз өнерінің осы байырғы түрі - поэзияда, ең алдымен, адам өмірінің қат-қабат қыры мен сыры, қуар берер қуаныш пен қартайтар қайғысы, алға тартар арманы мен жетелер үміті, сәулелі серпін туғызар мұрат-мақсаттары - баршасы көркем бояуларымен, сан қилы ою-өрнегімен көрініс тауып отырады. Шәкәрімнің поэзиялық шығармаларының мазмұны да бай, түрі де мол. Егер тақырыптық және жанрлық мазмұн тұрғысынан қарасақ, Шәкәрімнің поэзиясында азаматтық лирика да, философиялық лирика да, махаббат лирикасы да, табиғат лирикасы да, ода, элегия, сонет, тарихи баллада, халық өлеңдері түрінде жазылғын шығармалар да кездеседі. Ақынның қазақтың өлең жүйесіне қосқан жаңалықтары да мол.
Дүниенің барлық көріністерін, адам өміріндегі сан алуан құбылыстарды бүкіл болмасымен, барлық жүйе-сезімімен қабылдай білген ақынның түйсігінде шек жоқ. Ол жердің сырын, желдің үнін, құстың әнін, адамның арман-қиялымен, мұңымен бірге түсінді. Оқырмандар оның өлең ырғақтарынан өзінің жан дүниесінің ырғағын таниды. Бұл - ақындықтың ең қымбат қасиеті болса керек.
Өмір бойы бір рет жалған сөйлеп көрмеген ақын: «Не істеуіміз керек? - дегенді түсіндіру үшін көбінесе: «Не істеуім керек?» деген сұраққа жауап іздеді. Соған жауап берді. Олар өзінің жырларымен жақсылық пен жамандықтың тегін танытты, сұлулықтың, әділдіктің не нәрселермен, қандай құбылыстармен жарасқанда көрік табатын тектерін көрсетті. «Бақыт деген не, бақытсыздықты қалай түсінеміз, бақыттылықтан неге бақытсыздық туады?» деген сұрақтардың бәрін өз өмірі арқылы баяндады. Адам өміріне араласар, адам тағдырына сан түрлі қозғау салар неше алуан себептер бар екенін біз Шәкәрімнің өмірі мен шығармаларынан көреміз. Ол адамдарды жырыман жалған жарықтарға алданбауға, болмашыны, бұлдыр мен сылдырды малданбауға үйретеді.
Шәкәрімнің жаңа заман адамына қояр талабының негізін оның өз бойынан іздеуге болады. Ол арнайы оқу орынын бітірмесе, де Абайдың бастамасымен, үлгі-өнегесімен өз бетімен іздену нәтижесінде сол кездегі қазақ қоғамындағы білімді адамдардың бірі болған. Ол түрік, араб, парсы тілдерімен қатар орыс тілін де жетік білген, классикалық шығыс поэзиясын, орыс және Европа әдебиетінің озық үлгілерін терең түсініп оқумен қатар, дін тарихы мен философия саласынан берқатар еңбектерді оқыған.
Шәкәрім билікке де араласып, болыс болып та көреді. Ол туралы белгілі ғалым М. Мағауин: «Құнанбай әулетінің дәстүрі бойынша ел ішінде де билік құрып көреді, бұл кезде өнер жолына біржола ден қойған, дұшпаны көбейіп, тынысы тарылған Абайға сүйеніп, демесін болады. Алайда, көп ұзамай-ақ болыстықтың бар «қызығын» басқа інілеріне қалдырып, өзінің шын мұраты - сөз патшалығын жаулауға бет қояды» [7, 7] .
Шәкәрімнің адамдық санасы мен ақындық көзқарасына қазақ қоғамындағы тұрмыс-салт ерекшеліктері, ел ішіндегі оқиғалармен қатар, орыс империясы шегіндегі езілген ұлттар үміт артқан Ресейдегі 1905 жылғы алғашқы орыс революциясының жеңіліске ұшырауы ерекше әсер еткен. Ол оқу, іздену аймағын кеңейте түсіп, адам өмірінің мәні, тіршілік пен тағдыр туралы ойланып, көптеген сұрақтарға жауап іздейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz