Фразеологиялық тіркестердің мағына белгісі


Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 57 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Тіл мен халық - біртұтас. Тіліне қарай ұлтын тану - ежелгі дағды. Ұлттық ерекшеліктің бастысы да-тіл. Халқымыздың ұлттық санасын, сапалық белгілерін айқындай түсетін неше түрлі әдет-ғұрып, салт-сана, мінез-құлық, қасиет-қалыбы тілдік танымында тікелей көрініс тапқан. Өмірдің барлық саласын қамтитын ішкі мазмұн байлығымен көзге түсетін, тілімзге бейнелі де мәнерлі рең үстейтін, күрделі құрылым-құрылысы бар фразеологизмдер - ана тіліміздің өзіндік ерекшеліктерін көрсететін тұлғалар. Олар тіл элементтері ішінде өзінің ұлттық нақышы мен көзге түседі. Фразеологизмдер сөйлеу тілінде де, жазу тілінде де көп қолданылатын тілдік материал. Фразеологиялық тіркестер қай қайсысы болмасын бәрі де алғаш халықтың сөйлеу тілі негізінде қолданылған. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай болады.

Тіл - ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық құбылыс. Тілдің лексикасында қаралатын лексикалық бірліктерден (жеке сөздерден) басқа тіл бірліктерінің тұрақты сөз тіркестері деп аталатын күрделі түрі қалыптасқан. Бұларды тіл білімінің фразеология саласы зерттейді. Фразеология термині (грек. phrasis cөйлемше және logos сөз, ілім сөздерінен шыққан) қазіргі тіл білімінде екі мағынада қолданылады. Бірінші, тілдің фразеологиялық құрамын зерттейтін саласы, екінші, белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы дегенді білдіреді. Фразеологизм тұрақты тіркестер - екі немесе бірнеше сөздердің тіркесуі арқылы тұтас бір мағына білдіретін сөз тіркестері. Фразеологизм - тіл-тілдегі фразеологиялық жүйенің қазіргі қалпын, тарихи қалыптасуы мен даму жолын зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Фразеологияның қазақ тіл білімінде өзіндік зерттелу жолы, қалыптасқан жүйелі көзқарастары бар. Қазақ тілінің басқа элементтерімен біте қайнасып келе жатқан фразеологизмдерді оқып, танымайынша тіл байлығын, тіл ерекшелігін толық түсіну мүмкін емес.

Кез келген елдің фразеологиясы - аса құнды лингвистикалық мұра. Мұнда сол халықтың дүниетанымы, ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, сенімі, қиялы және тарихы бар. Қазақ халқы даналығын, дүниетанымын, көзқарасын тіліне сыйғыза білген, сөзді үнеммен дәл де нақты қолдануды дағды еткен. Осы орайда өзінің образдылығымен, экспрессивті-эмоционалды бояуымен көзге түсетін фразеологизмдерді қолдануды ұрпақтан-ұрпаққа мұра еткен.

Фразеология - тұрақты сөз тіркестерінің жүйесін зерттейтін тіл туралы ғылымның бір саласы. Фразеология - соңғы жылдары дамып, қалыптаса бастаған жаңа линвистикалық пән. Фразеология өз алдына бөлек лингвистикалық пән ретінде еліміздегі фразеологизмдерді құрылысына, мағыналық ерекшелігіне қарай жіктеп, топтастырады және жасалу жолдарын, даму заңдылықтарын зерттейді. Сонымен қатар ол бір тілден екінші бір тілге аудару техникасын жетілдіреді, жаңа фразеологизмдердің қалыптасуы мен баю жолын аңғартады. Лингвистикалық пәндер сөйлемді дұрыс құрып, қалай жазуды, тыныс белгілерін қоюды оқытып үйретеді. Ал тілдік тәсілдерді өткір, нақтылы, дәл және мәнерлі қолдану, жалпы тіл мәдениетін арттыру сияқты мәселелер стилистиканың үлесіне тиеді. Стилистика үшін фразеологизмдердің мәнерлеу тәсілі ретінде маңызы зор. Сондықтан стилистика тұрақты сөз тіркестерінің тіліміздегі атқаратын қызметіне, оның қолдану заңдылықтарына баса көңіл бөледі.

Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің жасалу жолдары, түрлері, топтастырылуы жайындағы негізгі пікірлер қазақ фразеологиясы ғылымының негізін салушы І. Кеңесбаев пен К. Ахановтың еңбектерінде берілгені белгілі. Фразеологизмдердің құрылымдық, семантикалық табиғатын, стилистикалық қызметін, мақал-мәтелдерге қатысын жан-жақты түсінуде М. М. Копыленко, А. Қайдаров, А. Байталиев, С. Төлекова, Р. Жайсақова, Х. Қожахметова, М. Жақыпбеков, Р. Сарсенбаев т. б. зерттеулерінің мәні зор. Соңғы кездерде қазақ фразеологиясы тек теориялық тұрғыда емес, сонымен бірге тәжірибелік қолданыс тұрғысында да зерттеліп келе жатқаны байқалады. Бірақ бұл зерттеулердің қай-қайсысында болсын негізінен әдеби тілдегі тұрақты сөз тіркестері талданған. Тұрақты сөз тіркестерінің мәселелері қазіргі таңда тіл ғылымында актуалды проблемелердың бірі есебінде зерттеліп жүр. Өйткені, фразеология - тіл мәдениетін арттырып, шеберлікке үйрететін сөз өнерінің асылы. Фразеологизмдердің морфологиялық құрылысын, синтаксистік қызметін, семантикалық категориясын анықтап, мағыналық жағынан топтастыру, яғни олардың табиғатын ашу бүгінгі күн талабы болып отыр. Жұмысымыздың өзекті мәселесі де осыдан келіп шығады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Фразеологиялық бірліктердің мағыналык құрылымын, грамматикалық сипатын, қалыптасу және турлену, жасалу жүйесін қарастыру. Фразеологиянын негізгі зертгеу нысаны - фразеологиялык бірліктер, бұлардың - мәні мен мазмұны, ішкі мағыналық кұрылымы ерекше талданып, фразеологиялық бірліктердің мағыналық құрылымының ерекшелігі - бағалауыштық, модальдік қызметінің болуында.

Фразеологизмдердің сөз табына қатысының грамматикалық, лексика-семантикалық сипатын ашу мақсатында зерттеу жұмысы алдына төмендегідей міндеттер қояды:

- Фразеологизмдерді мағына белгісі жағынан талдау;

- Фразеологизмдерді күрделі сөздерден айыру мәселесін саралау;

- Фразеологизмдерді лексика-семантикалық топтарға жіктеу, әр мағыналық топқа сипаттама беру.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Қазақ тіл білімінің І. Кеңесбаев, С. Аманжолов, К. Аханов, Ә. Болғанбаев, А. Қайдаров, Х. Қожахметова, С. Сәтенова, Б. Қалиев, Г. Смағұлова сынды ғалымдардың ғылыми еңбектері мен тұжырымдары басшылыққа алынды. Зерттеу жұмысындағы тілдік деректер ретінде «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», «Лингвистикалық сөздік», «Омонимдер сөздігі», «Абай тілі сөздігі», көркем әдебиет туындылары пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу барысында алға қойған мақсат-міндеттерді шешу үшін мынандай әдістер басшылыққа алынады: жүйелік талдау, салыстыру, статистикалық сипаттама, бағалау, қорыту әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының ғылымилығы мен жаңашылдығы . Зерттеудің жаңалығы қазақ тіліндегі фразеологизмдердің жеке зерттеу нысаны болуымен қатар, олардың сөз таптарына қатысына байланысты:

  • фразеологизмдер алдымен адамдардың ой-сезімін, ара қатынасын, өмір тануын білдіреді;

- фразеологизмдердің мәдени-танымдық аспектіде зерттелуі;

  • фразеологизмдердің образдылық қасиеті мен экспрессивті қызметі; фразеологиялық сөз тіркестерінің функционалдық жақтан жеке сөздерге эквивалент болуы;

- фразеологиялық оралымдардың сыңарлары сөз түрлендіруші формаларға ие болатындығы.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы.

Қазақ тіліндегі фразеологизмдерді теориялық тұрғыдан қарастырудың нәтижелері тіліміздегі фразеологизмдерді сөз табына қатысты жіктеп, олардың семантикалық категорияларын, мағыналық топтарын ажыратып, саралауға септігін тигізеді. Зерттеу нәтижелерін қазақ тіл білімінің лексикология және фразеология, грамматика салалары бойынша жүргізілетін практикалық сабақтарда пайдалануға болады. Сондай-ақ, зерттеудің нәтижелері, қорытындысы, тұжырымдары жоғары оқу орындарында арнаулы семинар және студенттердің ғылыми ізденіс, курстық жұмыстарында қолданыс таба алады.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І. ҚАЗАҚ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ЖАЙ-КҮЙІ

  1. Қазақ тілі білімінде фразеологизмдердің зерттелуі және кезеңдерге бөлу

Отандық тіл білімінде фразеологизмдердің басты белгілерін анықтауда әр түрлі пікірлер бар. Ғалымдардың бір тобы басты белгі бөлек бітімділік пен тіркес тиянақтылық десе, қайсыбір ғалымдар бұлардың қатарына бейнелілікті, тіркесуші сөздердің толығымен немесе жартылай ауыс мәнде жұмсалуын, лексемдердің тіркесімділігін, толықтай немесе жартылай түрдегі мағыналық тұтастықты, лексикалық мағынада категориалдық қасиеттің болуын, мағынада тұрақтылық және оның лексика-грамматикалық тәсілдер арқылы берілуі, эмоционалды-экспрессивтілік сияқты көптеген қасиеттерді фразеологизмдерді басқа тілдік бөлшектерден ерекшелеп, даралап тұратын белгілер деп санайды. Бұл аталған қасиеттердің бәрі де тұтас бір ұлт тілі фразеологизмдерінің бойынан табылуы әбден мүмкін.

«Фразеология» термині кең мағынада алғанда, белгілі бір тілдегі тұрақты сөз тіркестерінің барлық түрлерінің жиынтығы деген ұғымды білдіреді. Фразеология - сөйлемше және ұғым, білім деген сөздерінен шыққан. Тілімізде қолданылатын жеке сөздермен бірге көптеген ерекше қалыптасқан сөз тіркестері және сөйлемшелер бар. Ол сөз тіркестерінің екі не одан да көп компоненттері болады, бірақ сөз тіркестері семантикалық бірлікте болып, тұтас бір ұғымды білдіреді. Мысалы: көз бояу, жүрегінің түгі бар, т. б. Мұндай тұрақты сөз тіркестерінің мағынасы ғасырлар бойы қалыптасып, ел аузында көп айтылып, жалпы халыққа түсінікті болып кеткен. Мағынасы жалпыға белгілі, грамматикалық байланысы жағынан бір бүтін болып, қолданылуы дәстүрге айналған тұрақты сөз тіркестерін тіл білімінде фразеологиялық орам немесе фразеологизмдер деп атайды. Фразеологизмдердің өзіне тән негізгі қасиеттері:

1. Дайын тілдік единица ретінде жұмсалады;

2. Жалпыға бірдей танылған қолдану заңы болады;

3. Мағына бірлігі сақталады;

4. Екі сөзден кем болмайды.

Фразеологизмнің қай-қайсысы болмасын бәрі де ең алғаш халықтық сөйлеу тілі негізінде қалыптасқан. Сондықтан олар ө мірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай келеді. Фразеологизмдер алдымен адамдардың ой-сезімін, ара қатынасын, өмір тануын білдіреді. Қазақ тілі фразеологизмдерінің біразы өткір сықаққа құрылған. Ол қасиет, әсіресе жағымсыз образдарды сипаттайтын идиом, мақал-мәтелдерде баса сезіледі. Мысалы: «түйе үстінен сирақ үйту», «жүн қырыққан», «ит екеш итке де бір сүйек қарыздар», т. б.

Фразеологияны зерттеу арқылы тек тілдің өткенін, түп-тамырын ғана емес, сол тілді қолданушы халықтың мәдениетінің тереңін білуге болады.

Қазақ тіл білімінде фразеология мәселелері XX ғасырдың 40-жылдарынан зерттеушілер назарына ілігіп, тілдік тұрғыдан зерттеу объектісіне айналды. Дегенмен, қазақ тілінің сұлулығы мен өткірлігіне, образдылығына ерекше назар аудару бұдан ертерек басталған еді.

Фразеологияны дербес пән ретінде қарастыру туралы ой тастап, түркі тілдес халықтар тіл білімінде осы мәселеге байланысты зерттеудің тууына игі әсер еткен, қазақ фразеологиясының мәселесімен шұғылданып, арнайы зерттеу жүргізген, сол жайында еңбек жазған І. Кеңесбаев болды. Академик І. Кеңесбаев фразеологизмдерді танып білуде мағына тұтастығы, тіркес тиянақтылығы, қолдану тиянақтылығы сияқты «үш белгіге немесе үш критерийге сүйене отырып, бүкіл қазақ тілі құрамындағы құбылыстарды ең негізгі үлен арнаға бөлді. Оның біріншісі - фразеологиялық түйдектер, екіншісі - фразеологиялық тіркестер деп аталады. Фразеологиялық тіркестер өз ішінен екіге бөлінеді: а) түйін тіркес; ә) түйіс тіркес» деп тұжырымдады. [1, 591] .

Қазақ фразеологиясы өзінің алғашқы бастауын С. Аманжолов еңбегінен алады. Ғалым «Қазақ әдеби тілінің қысқаша курсы» атты еңбегінде сөйлем мүшелерін талдау барысында, баяндауыштардың құрамында келетін «идиомдық баяндауыштарды» қарастыра отырып, «Жалпы тұрақты тіркестерді екіге бөлуге болады: 1) Образды бейнелі құрама (идиомдық тіркес) Табаныңды жалтырат. Аузымен орақ орды . . . 2) Бейнесіз құрама (фразеологиялық тіркес) Ұрысқанын елең қылмады. Ол қырт етпеді. . . . деп жазады. Кейінгі зерттеу жұмыстарында да осы ғылыми ой толықтырыла түседі [2, 115] .

Бейнелі фразеологиялық бірліктер - мағыналық. тұлға. Заттық ұғымдық жағынан біртұтас болып жымдасып, тұтастыққа. тұрақтылыққа жеткен, даяр қалпында жұмсалып, тіркес тиянақтылығы сақталатын, экспрессиялық-эмоциялық мән туғыза алатын номинативтік атаулар. Мысалы: алты аласы, бес бересі жоқ, ауэына су тамызу, жатқан жыланның қүйрығын басу, мұрнынан шаншылу, жағына пышақ жаныгандай, аузын арандай ашу, аузын аша алмады, аузынан ақ май ағызды, аузына қақпақ болды, аузына құм құйылды, аузынан дүр шашты, ащы тері төгілді, аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ, аяғын аспаннан келтірді, аягына шаң жұқпады, аяғына отырғызбады, аяғы аяғына жұқпады, аяғына тұсау болды, әйелі ұл тапқандай қуанды, әрбір ханның тұсында бір сұрқылтай, әңгіме бұзау емізер, әңгір таяқ ойнатты, әр азғынға бір заяал, әркімнің қолы өз аузына жақын, әр сақққа жүгіртті, әрі итеріп, бері жығып т. б.

І. Кеңесбаев пен Ғ. Мұсабаев жазған «Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика» оқулығында фразеологиялық бірліктерді фразалық тіркестер деп атап, оларды идиомдар мен фразаларға бөледі, әрқайсысының ғылыми анықтамасын көрсетіп, ерекшелігі мен мағыналық құрылымындағы өзіндік белгілерін тілдік деректермен талдайды. «Идиома да, фраза да - белгілі сөз тізбектері: идиома тобындағы сөздер өзінің жеке тұрғандағы негізгі мағынасынан айрылып қалады да, өзара жымдасып, бір ғана лексикалық ұғым береді» - делініп, олардың грамматикалық, лексикалық, семантикалық ерекшеліктері қарастырылады [3, 205] .

Фразеологизмдер тіл байлығынан ерекше орын алатындықтан қазақ тіл білімінде олардың мән-жайын айқындау проблемалары да аса қажетті мәселеге айналды. Бұл салада академик І. Кеңесбаевтың зерттеулері, әсіресе, 1977 жылы шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» тіл білімінің зор табысы болып саналады. Бұл еңбекте қазақ тілінде алғаш рет лебізде қолданатын тұрақты тіркестер алфавиттік негізде жүйеленіп, басылып шықты. Фразеологиялық сөздікте 10 мыңнан аса фразеологизмдер қамтылған. Автор сөздік соңында «Қазақ тіліндегі фразеологизмдер туралы» деп аталатын бөлімінде қазақ фразеологиясының бірқатар теориялық мәселесі жайында кең талдау жасайды. Онда фразеологизмнің сөз бен мақал-мәтелдерге қатысы, фразеологизмдердің түрлері, стильдік ерекшеліктері, дыбыстық үйлесімділігі, фразеологиялық синонимдер, фразеологизмдерге ұйтқы сөздер, параллель фразеологизмдер тағы да басқа қазақ тілінің бай фактілерін негізге алып, өзге де ғалымдардың шалымды топшылауларын ескере отырып, фразеологизмдер өз алдына терезесі тең «лингвистика саласы» екенін баса атағанымыз мақұл» деп жазады [1, 590] .

«Язык киргизов (казахов) плавен и красноречив, они остроумны и часто находчивы в вопросах и ответах, иногда даже удивительно ловки, и всяки, даже самый необразованный киргиз (казах) владеет языком в той силе, в какой мы это в Европе замечаем только у французов и у русских» [4, 90] . Қазақ сөз өнеріне осылай таңданған ұлы ғалым В. В. Радлов XIX ғасырдың 70-жылдарында-ақ сөз маржанын жинап, бастырып шығарған. В. В. Радловтың «Түркі сөздігінде» 7500-ден аса фразалық тіркестер кездеседі екен.

Ал қазақ мақал-мәтелдеріне ден қойып жинап бастырған В. В. Катаринский мен П. М. Мелиоранский еді. Қазақ мақалдарын қағаз бетіне түсірушілердің алғашқылары Ш. Уәлиханов пен И. Н. Березин. А. Диваев пен И. Ибрагимовтың жинастырған мақал-мәтелдері Ташкентте 1889 жылы шығарылды.

Фразеологизмдерге идиома, фраза, мақал-мәтелдер жатады. Сонымен бірге қалыптасқан тиянақты фразеологиялық топқа жататын сөздердің бір саласы - қос сөздер. Қазақ тіліндегі қос сөздер форма жағынан да, семантика жағынан да түрлі-түрлі болып келеді. Қос сөздер әдетте екі сөзді болады. Құрамында үш сөз бар қос сөздер сирек кездеседі. Қос сөздердің сыртқы белгілері: А) дефис арқылы жазылады: «тәлім-тәрбие», «бала-шаға», «үйме-жүйме», т. б. ; ә) үтір: «ұзын арқан, кең тұсау», «ару, ардагер», «тебінгіден тер жауып, қабырғадан қан жауып» т. б. ; б) қос сөздер қатарына даусыз енгізілуге тиісті «үлде мен бүлде» сияқты тізбектер «мен» жалғаулығымен туғандықтан сызықшаны да, үтірді де керек етпейді. Үтірмен бөліп жазылған қос сөздерді «күрделі қос сөздер» деп атауға болады. Қос сөздердің фразеологизмге ұқсастық белгілері көп.

Бұдан кейінгі кездерде А. Баржаксиннің құрастыруымен 1923 жылы «Бір мың мақал» атты жинақ шықты. 1941 жылы «Қаһарлы сөз қамал бұзады» кітабы жарияланды. Ө. Тұрманжановтың «Қазақтың қанатты сөздері» 1960 жылы шықты. Бұл жинақтардың мақсаты - қазақ сөз маржанын көпшілікке ұсыну, көрсету еді. Мұнда мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер жайлы теориялық мәселелер қозғалмады, бірақ осы жұмыстармен-ақ тілдің шырыны мен сөлі таусылмайтын дәмді элементтеріне көңіл аударып, ден қою басталып еді.

Қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді арнайы теориялық тұрғыдан зерттеу ХХ ғасырдың ортасынан баталып, бүгінгі күнге дейін зерттеушілер назарына ілігіп, зерттеу обьектісіне айналып, әлі толастамай келеді. Осы уақыттағы зерттеулерді шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болды:

1. XX ғасырдың ортасы - 40-50 жылдар қазақ фразеологиясын теориялық жағынан зерттеудің алғашқы кезеңі.

2. 60-70 жылдар қазақ фразеологизмдерін классификациялау, жеке авторлар еңбектеріндегі фразеологизмдер жайы.

3. 80-ші жылдар - фразеологизмдерді жан-жақты зерттеу. Қазақ фразеологизмдерінің өзге тілге аударылуы мен басқа тілдегі фразеологизмдердің қазақ тілінде берілуі жайлы.

4. XX ғасырдың соңғы он жылы 1990-2000 ж. фразеологизмдерді этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу және салғастырмалы фразеология.

Қазақ фразеологиясын тілдік тұрғыдан зерттеуге алғашкы кезеңде ұлттық тіл білімін қалыптастырудағы аса көрнекті тілші ғалымдардың дені түгел назар аударған еді. Қазақ филологиясының тілші- ғалымдары Н. Сауранбаев, I. Кеңесбаев, С. Аманжолов, Ғ. Мұсабаев, К. Аханов, Р. Сәрсенбаевтар фразеологизмдердің теориялық-практикалық мәселелері бойынша алғаш тұжырым жасаушылар болды.

Қазақ фразеологиясының мәселесімен шұғылданып, арнайы зерттеу жүргізген, сол жайында еңбек жазған I. Кеңесбаев болса, С. Аманжолов фразеологиялық тіркестердің сөйлем мүшесіне қатысы жайлы, Н. Сауранбаев фразеологияға не жатады? дегенге көңіл аударды. «Қазіргі қазақ тілінің оқулығына» (1954ж. ) фразеология бөлімін енгізген Ғ. Мұсабаев та фразеологиялық ерекшеліктерге көп көңіл бөлген. [6, 99] .

К. Аханов өзінің «Тіл біліміне кіріспе» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралының лексикология тарауында қазақ тілі фразеологиясына В. В. Виноградовтың классификациясы бойынша жіктеу берсе, Р. Сәрсенбаев тұрақты тіркестердің бір түріне жататын мақал-мәтелдердің тілдік ерекшеліктеріне тоқталды. [7, 299] .

Екінші кезеңнің 70-жылдарында фразеологизмдерді өзге құбылыстардан айыру жөнінде А. Байтелиев канидатгық диссертация қорғап, Ә. Кайдаров пен Р. Жайсақова, А. Елешова сияқты ғалымдар қазақ фразеологизмдерін классификациялау мәселесіне көніл аударды.

Екінші кезеңнің тағы бір ерекшелігі 70-жылдардың аяғында қазақ фразеологизмдерінің өзге тілдерде берілуі және өзге тілдердегі шығармаларды қазақ тіліне аударғандағы фразеологизмдердің берілу жайына тілші-ғалымдар назар аудара бастады. Сондай-ақ осы жылдары қазақ және орыс тіліндегі фразеологизмдерді салыстыра зерттеу жайы қолға алана бастады, соның нәтижесінде көптеген зерттеулер мен мақалалар жарияланды. I. Кеңесбаевтің көп жылдық еңбегінің нәтижесі - он мыңнан аса фразаны қамтыған «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (1977 ж. ) шықты.

Үшінші кезең - қазақ фразеологиясын жан-жақты зерттеу кезеңі. 80-жылдардың алдыңғы кезеңдеріндегі жұмыстардың заңды жалғасы болады. Қазақ фразеологизмдерін өзге тілдердегі тұрақты тіркестермен салыстыра зерттеу, аударма мәселесі осы кезеңнен басталады. Ж. Қонақбаева антоним фразеологизмдерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде салыстыра зерттесе [9], Д. Алтайбаева фразеологизмдердің аудармадағы берілу жолдарына (калька жолымен, дәл баламасы арқылы берілуіне) назар аударды [10] . Ал, А. Тажмұратованың зерттеу жұмысы орыс және қазақ фразеологизмдерінің тіл аралық қолдану ерекшеліктеріне арналған. Осы жылдарда қазақ фразеологиясын зерттеуде М. М. Копыленко мен З. Д. Попованың жаңа әдісін (семемный анализ) қолдану тәжірибелері болды. Р. М. Таева мен Ф. Р. Ахметжанованың ғылыми еңбектерінде фразеологизмдердің семантикалық табиғатына талдау жасағанда, сол әдісті - компоненттердің денотатив және конотатив мағынасын айқындау әдісін пайдаланған.

Үшінші кезенде қазақ-орыс фразеологизмдерін салыстыра зерттеу нәтижесінде «Қазақша-орысша фразеологиялык сөздік» жасалды. Бұл кезендегі тағы бір ерекшелік - тұрақты тіркестің тарихи қалпын (диахронды зерттеу) зерттеуге көңіл аударылды.

Қазақ фразеологиясын зерттеудің, төртінші кезеңі - 90-жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін. Бұл кезенде тіл білімінің осы саласында жан-жақты әрі өте көп ізденістер болып жатыр. Фразеологизмдердің этимологиясына көңіл аударылып, олардың шығу төркініне талдау жасалынды. Фразеологизмдердің этимологиясы мен жасалу көздерімен тығыз байланыста жатқан этнопсихологиялық және мәдени-танымдық аспектідегі зерттелуі кейінгі онжылдықта академик Ә. Қайдаров пен оның шәкірттерінің еңбектерінде көрініс табуда.

С. Сәтенова қазақ тілінде мал шаруашылығына байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің табиғатын зерттесе [11], Ш. Сейітова өсімдікке байланысты тұрақты тіркестерге этнолингвистикалық сипаттама береді [12], ал Қ. Ғабитханұлы наным-сенімге байланысты тұрақты тіркестерге [13], талдау жасайды, Б. Уызбаева соматикалық етістік фразеологизмдерді [14] зерттейді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сын есім компонентті фразеологизмдер
Фразеологизмдердің зерттелуі
Қазақ тілі мен əдебиеті
Тұрақты тіркестерді аударудағы лингвомәдени аспект
Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің аударма тіліндегі көріністері
ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ СТИЛИСТИКАЛЫҚ ҚОЛДАНЫСТАРЫ
Фразеологизм және оның зерттелуі. Қазақтың би-шешендерінің тіліндегі фразеологизмнің қолданылуы
Фразеологизмдердің еркін сөз тіркестерінен айырмашылығы
Тұрақты архетиптер фразеологиялық фразеологизмдер формалар
Aғылшын және қазақ тілдерінің лексико - семантикалық фрaзеологизмдерін салыстырмалы талдау
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz